Іsbn 9965-412-71-5 Иманғазинов М., 2009 кiрiспе а нтика


Гестия – (римдіктерде – Веста)



бет8/20
Дата31.12.2019
өлшемі1,83 Mb.
#54076
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   20

Гестия – (римдіктерде – Веста) ежелгі гректердің отбасы құдайы есебінде қадір тұтатын тәңір әйелдердің бірі. Ежелгі түркілер Ұмай ананы отбасының берекесін сақтайтын, қасиетті ана тұрғысында қараса, элладалықтар да әр отбасы болып құралған ерлi – зайыптылар Гестияны шаңырақтың қамқоршысы деп, оған арнап, құрбандық шалатын болған.

Сонымен қатар, бейбiтшiлiк пен тыныштықтың иесi ретiнде мемлекет немесе қала бір үлкен отбасы ұғымында қабылданып, өкiмет орындарының ғимаратында, қалалық басқару орталығының үйлерiнде Гестияға үшін бөлме, орын арнайтын. Сол сыйынатын орындарда халық Гестияға тәу етiп, бас иетiндiктен, Грекияда Гестияға зәулiм храмдар мен ғибадатханалар салынбаған. Бұл мемлекеттік ошақ - азаматтық бейбітшілік пен берекенің белгісі, символы болған.

Егер грек алыс сапарға, бөтен елге аттанса, өзiмен бiрге шет жерде өз отанының құдайы желеп – жебеп жүреді деген ниетпен Гестияға арналған сыйынатын орыннан от тұтатып алатын болған. Екіншіден, өзінің отбасына аман-есен және ешкімге көз тастамай, ақ-пәк күйінде өз үйіне оралуы қажет деген ой әрдайым ойында болуы керек. Өйткені, от табиғаттың ең таза бөлшегінің бірі ретінде қарастырылған. Отқа табыну әр халықта бар десек, гректердің басым бөлігі отты отбасының иесі Гестиямен байланыстырған. От арқылы жақсылықты, берекелікті жасауға болады деп түсінген. Бұған дейін айтып кеткеніміздей, көне грек аңызында, Зевстің қатал әмірі бойынша, құдайларды місе тұтпайтын адамдарға отты бермей қырғынға ұшырату мақсатын көздегендігіне қарамастан Гефестің көрігінен от ұрлаған Прометей туралы сөз еткенбіз. Яғни, Прометей адамзатқа тіршіліктің ең маңыздысы от екендігін, ал от болса, отбасы тәңіриесі Гестия арқылы қалған дүниенің өзі келетіндігін көре аламыз.

Айталық, элладалық қаһарман Мелеагр туралы мифінде, оның дүниеге келгеннен кейін жеті күн өткен соң, тағдыр құдайлары мойралар отбасындағы жарық сәуле шашып, жанып тұрған шырақтың жанып бітуімен Мелеагрдың өмірі де өшетінін болжап береді. Бұны білген шешесі отты сөндіріп, шырақты тығып тастайды. Бірақ өзінің туған ағаларының өліміне жалғыз баласы Мелеагр себепкер болған-дықтан, ашуға мінген Алфея шырақты қобдидан алып, тұтатады. Шырақ жанып біте сала, Мелеагрдың да өмірі таусылады. Сөйтіп отбасының жалғыз ұлының өлімі отбасының құрып-бітуіне әкеліп соқтырады.

Қазақ халқында “түтін түтету”, “отбасын құру” мағынасында қолданылса, “түтіні құрыды”, “отбасының жоқ болуы, тұқымы тұздай құруы” мағынасында қолданылған. Жоғарыдағы Мелеагрдың өлуі – шырақтың, яғни оттың өшуі бүкіл бір отбасының құруы деген мағына беретінінен екі халықтың ортақ ұғымы екенін аңғару қиын емес.

Оттың ертедегі халықтың ой-ұғымындағы тіршілік, тіпті адам жанының сақтаушысы ретінде де әдебиеттерде жиі көрініс табады. Мысал ретінде Жүсіпбек Аймауытовтың “Ақбілек” романын алсақ, шығарманың бір эпизодында от – “тіршіліктің көзі, бастауы” мағынасында көрінген. Жапан далада жалғыз қалған Ақбілекке көзі от болып жанған қасқырлар келіп, оны ажал аузына апарып, жақындатады. Ажалмен арпалысқан Ақбілек сөніп бара жатқан шоқты қайта жандырады, оны лаулатып, өмірін сақтап қалады: “От сөніп қалса, Ақбілектің өмірі де сөнетін еді. Отты тапқан адамның анасынан айналсаң болмас па?” Ақбілек қасқырларды маңына жолатпау үшін отты таң атқанша жандырып, “Лаула отым, лаула. Мазда отым, мазда!” – деп жалбарынды. Ақбілек жағып отырған от – өзінің өмірінің оты. Оның ойында “От өшіп қала ма?” деген қорқынышты үрей бар секілді. Сондықтан от анасынан оттың өшпеуін тілеп, табынған Ақбілектің өмірі ғана емес, психикасы да отқа тәуелді.

Романдағы от Ақбілектің түсінігінше, жаны бар, көзге көрінбейтін абстракт күш иесі, тіпті “от Ана” деп жалбарынуының өзі, оны “құдайдай” көріп, одан күш-қуат алады.

От тек адам тіршілігінің, болмысының, тұрмысының түрлендіруші ғана емес, сонымен бірге тазалаушы да аластушы. Мәселен, европалық саяхатшы Земарх скифтердің патшасының қабылдауына кірмек болғанда, оның ой-пиғылы таза екендігін білдіру мақсатында оны отпен аластайды. Яғни, мемлекет – үй, шаңырақ мағынасында болғандықтан, бөтен елден келген мейман, осы елге деген көңіл-пейілі ақ екендігін паш ету үшін, жоғарыдағы жоралғы-рәсімдерден өтеді. Бұл рәсім орта ғасырларға дейін өз жалғасын тапқан.

Ал парсы әдебиетінің ортағасырлық ескерткіші Фирдоусидің “Шахнамесінде” Кей Кавус шах өзінің ұлы Саявушты тексермек болып, екі оттың ортасынан өтуді бұйырады. Өгей шешесі Судабаның жалған жаласынан Саявуш оттан аман өтіп, аман-есен отбасына оралады.

Қазақ халқының салт-дәстүріндегі отқа табыну ұғымы ертеден қалыптасқан. Отқа табынуды шамандықтың бір қалдығы ретінде қарастырған атақты ғалым Шоқан Уалиханов былай деп жазып кеткен: “көшпелілердің отқа табынуы ертеден-ақ дәлелденген. Отқа табыну ертедегі ирандықтар мен ертедегі көшпелілер арасында бірдей пайда болып, бірдей әрқайсысы өзінше дамыған.

Шамандық салттың ішінде отқа табыну өз күшінде. Қазақтар отты әулие санайды, осы әулие атаулармен мұсылман тақуаларын да атайды.

Сонымен бірге жаңа түскен келіннің жұмсақ, биязы болуын тілеп, отқа май құйып, еңкейтіп, тағзым еткізеді; жас нәресте дүниеге келгенде, баланы отқа жақындатып, жалбарынады; отта тазалаушылық қасиет бар деп, аластайды. Отпен анттасып, өшіп қалған от болса да, оған түкіртпейді. Халық отқа табынып, ал бақсылар болса, жын – перілермен қоса, мұсылмандардың періштелерін де шақырып, Алланы мадақтайды. Осылай екі дінді араластыра табыну, ешқандай қайшылыққа жатпаған, қазақтар екеуін де қосып ұстаған” дейді, өзінің “Қазақтардағы шамандықтың қалдығы” атты мақаласында.

Демек, қазақтардың пәле-жаладан сақтану үшін екі оттың ортасынан өтуі, қылмысты адамды отпен аластау, жазалау, жын-перілерден сақтау, періштелерді шақыру, жаңа түскен келінді отқа май құйып қарсы алу және тағы басқа ырымдар зорастризм сарқыншағы десек те, оның қазақ әдебиетінде көптеп кездесуі де ойлантарлық жайт. Мәселен, оттың тұрмыста, ауызекі сөзде, мақал-мәтелдерде жиі ұшырасады. Айталық, “Берместің асы піспес, қазаны оттан түспес”, “Оттың шаласы жаман, сөздің аласы жаман”, “От пен су – тілсіз жау”, “Бір адамның жаққан отына он адам жылынады”, “Орынсыз ашу- от шашу”, “Өтірік деген дұшпан бар, отқа сүйреп салады” және тағы басқа.

От ұғымына байланысты фольклорда және әдеби мұраларда тұрақты сөз тіркестер түрінде кездеседі. Мысалы, “Жүрегінде оты бар”, Жанып тұрған өрт”, “От көзді”, “Отқа түсті”, “Отпен ойнау”, “Отқа салды” және тағы басқа тіркестер кездеседі.

Көріп отырғанымыздай, халық ұғымында фольклор мен әдебиетте “От” бейнесі жиі қолданыс тауып, бірде дүлей, бірде жойқын күш иесі, бірде жоқ қылатын арбаушы образында, бірде өмір беретін құдай есебінде кездеседі.

Бұларды мейілінше толық көрсетіп отыруымыздың басты себебі, Гестия образының отбасы, отқа байланысты жиі кезігетін персонаж болғандығынан, сонымен бірге, элладалықтар от ұғымын Гестиямен байланыстырса, ежелгі түркілер де отты отбасы тәңіриесі Ұмаймен байланыстыруында үлкен ұқсастық бар екендігін айқындау. Шоқан Уәлиханов: “қазақ арасында отқа табыну бүгінге дейін бар дей келіп – монғолдар сияқты, қазақтар да отты әулие тұтқан. Сол үшін де отты – “от ана” деп атап, оның әр түрлі пәле-жала, қауіп-қатерден сақтайтын киелі күшіне сенген” – дейді.

Тағы бір қосар жайт – грек тарихшысы Геродоттың Гестия жөніндегі берген дерегі де көңіл қоярлық: “Сонымен, өмірге қажеттінің бәрі скифтерде бар. Скиф салты мынадай. Скифтер келесі құдайларға табынады. Ең алдымен, Гестияға, одан кейін Зевс және Геяға (Гея, олардың ойынша, Зевстің жұбайы), солардан кейін Аполлон мен Аспан Афродитасын, Геракл мен Аресті пір тұтады. Бұл құдайларды барлық скифтер мойындайды, ал патшалық скифтер тағы Посейдонға да құрбандық шалады. Скиф тілінде Гестияны Табити, Зевсті (менің ойымша, дұрыс) – Папа, Геяны - Апи, Аполлонды – Гойтосир, аспан Афродитасын – Аргимпаса, Посейдонды – Фагимасад деп атайды. Скифтер Арестан басқа құдайларына мүсін, мехраб, ғибадатхана салмайды. Олар оған сондай құрылыс салады” делінсе, академик Б.Н. Граковтың мына пікірі де ойлантарлық:

“Табити – гректердің Гестиясына ұқсас, яғни патшаның ошақ иесі” (Граков, 83-б.) демек, Табити –табыну отқа табынуды, от тәңірін білдіреді. Отпен аластау, оттан секіру, жеті шырақ жағу, отты су құйып өшірмеу туралы дәстүрлік салтты біз әлі де ұмытқанамыз жоқ. Табити – табыну ” дейді.

Ал мұндағы от дегеніміз – архетип. Басқаша айтар болсақ, архетип табиғаттың сыртқы бейнелерінің адам санасы мен жанында мыңдаған жылдар бойы көрініс болып қалыптасу негізінде дами келе, кейін адамзаттың ой-жүйесінде шындық болып табылған. Содан кейін ғана оттың – бүкіл адамзат баласының тіршілігінің қайнар көзі болуымен қатар, от архетипінің терең мәні мен адам өмірінде алатын маңызы халықтың діни нанымында ғана емес фольклоры мен әдебиетінде көрініс табуы заңды да. Ал Гестияның негізгі атрибутының от болуы осыдан шықса керек.

Гестия халық арасындағы аңыз-әфсаналарында жиі кездесетін аңыздық образ. Гомер “Илиада” поэмасында Гестияға арнап гимн де жазған.

Гестия өзіне жалбарынушылардың және шет жұрттан келгендердiң қамқоршы – жебеушiсi. Ол пенделік өмірдің тәттісін тәрк етеді. Жанұя құрып, бала сүю мүмкіндігі бола тұрып, оны қаперіне ілмей, адамзат игілігіне қызмет ету жолын қалап, Зевстiң рұқсаты бойынша тұрмысқа шықпайды. Құдайлар арасындағы алпауыттар Посейдон мен Аполлон Гестияның көркіне ғашық болып, үйленбек ниеттерін білдіргенде, олардың бәрінен де бас тартады.

Гестия көбiне биiк, талдырмаш бойлы, ұзын киiм киген, басындағы орамалын маңдайына түсiңкiрей байлап, қолына құрбандық тостағанын ұстаған қыз бейнесiнде суреттеледi.



Арес (римдіктерде – Марс) – Зевс пен Гераның ұлы. Алғашында боран соғып, табиғаттың қолайсыз ауа – райын тудырып, астан – кестен етер зор күш иесi ретiнде көзге түседi. Жер өңдеушiлерге жайсыз тигенi үшiн, Алоэяның ұлдары Оте мен Эфиальт Арестiң аяқ – қолын байлап, мыс бөшкеде 13 ай ұстайды, тек әбден сiлесi қатып, өлермен болғанда құдай хабаршысы Гермес босатып алады. Жер өңдеуге соғыстың тигiзер залалы мол, сондықтан кейiнiрек Арес сол соғыс пен жаугершiлiктiң құдайы болып суреттеледi.

Гректің атақты тарихшысы Герадоттың мәлімдеуінше, скифтердің пір тұтар құдайларының бірі Арес болса керек. “Скифтер Арестен басқаларына мінәжатхана, храм, сарай салмайды” (Гередот. “Тарих”. ІV-кітап, 50-бап) дегеніне қарағанда Арес скифтер үшін құдіретті құдай. Оның белгісі ретінде скифтердің мифологиясындағы арғы ата шежіресіне үңілеміз: “Скиф, сақ, ғұн деген атпен дүние тарихына енген көшпелелердің өздерінің шығу тарихы туралы аңыз айғақтары осы үш қауымда үш түрлі таратылғанымен де олардың түп кіндігі бір тамырға кеп байланады”- дейді, профессор Тұрсын Жұртбаев өзінің “Дулыға” атты еңбегінде. “Ол құдіреттің аты – Тәңір. Көк тәңірі Шығыстағы хұн, оңтүстіктегі сақ, батыстағы скиф жұрты Көк тәңіріне құлшылық етіп, тасаттық жасап, ас бергені айдай ақиқат”.

“Тарғытай бабамыз қайдан жаралған, тұқымы қалай таралған, олар кімдер? Гередот абыз былай дейді:

“Скифтердің айтуы бойынша, олардың халқы – ең жас халық. Оның шығу тегін былай таратады: әлі жан аяғы баспаған осынау елсіз мекеннің алғашы иесі Тарғытай деген адам екен. Скифтердің айтуынша, оның әкесі Зевс (Көк –Тәңірі деп ұғыңыз – Т.Ж.), шешесі Борисфен өзеннен жаралған қыз екен. (Мен бұған, әрине, олардың нандырып баққанына қарамастан, сенбеймін - Герадот). Тарғытайдың таралу тамыры осылай, ал оның өзінің үш ұлы болыпты: Липоксайс, Арпоксайс, және ең кенжесі Колаксайс. Олардың патшалық еткен тұсында скиф жеріне аспаннан алтын бұйымдар – соқа, мойынтұрық, алдаспан (айбалта) және тостаған түсіпті. Бұл заттарды ең бірінші үлкен ағасы көріпті. Оны алу үшін жақындай бергені сол екен, алтын бұйымдар жалын шашып, жолатпапты. Сонон соң ол шегініп кетеді де ортаншысы ұмтылады, онда да алтын заттар алаулап, жолатпапты. Өстіп, алтын бұйымдардың өрт буы екеуін жанына маңайлатпапты, ал ең кеже ұлы келгенде алтын заттардың жалыны өшіп, суып сала беріпті, сөйтіп, үшінші ұлы алтын қару – жарақты өзінің үйіне алып келіпті. Сондықтан да екі үлкен ағасы патшалықтың тағын кенже іні-леріне беріпті. Сонымен, олардың айтуынша, Липоксайстан скифтер-дің ауқат, ортаншы ұлдан – катиар мен траспи, ал кенже ұлдан – паралаттар тайпасы тарапты. Бұлардың барлығы бірігіп, өздерін сколаттар, яғни, патша тұқымынан тарғандар деп атайды. Элладалықтар бұларды скифтер дейді”.

Мұндағы дерекке көңіл қоюымыздың басты себебі – Көк Тәңірден түскен асыл бұйымдардың ішінде қару-жарақтың скифтерге бұйыруы. Ал осы уақыттан кейін скифтердің қастер тұтатын бұйымының бірі семсер екендігі және сол семсердің Арестікі екендігін көрсету еді.

Ареске келетін болсақ, “Дулыға” атты еңбектегі Геродоттың жазбаларына үңілеміз: “Гередот ғұламаның таратып берген үш ұлы – Липоксай, Арпақсай мен Қолақсайлар – Тарғытайдың тақ мұрагерлері. Ең кенже ұл Қолақсай әкесінің тағына ие болған да, қалған екеуі енші алып, өз беттерінше ел құраған. Атам заманнан бергі тәңірге табынған жұрттың мұрагерлік дәстүрі солай. Тарихшылар скифтерді: отырықшы-егінші скифтер, көшпелі скифтер, тақ мұрагері – патшалық скиф деп үшке бөледі.

Енді, Гередоттың аңызындағы аспаннан түскен төрт затты алайықшы: тостаған – құттың белгісі, бұл барлық көшпеліге ортақ нысана ретінде сіңіп қалған. Барлық қазба жұмыстарындағы заттай айғақтар соны дәлелдейді. Хұндардың да, сақтардың да, скифтердің де қабірлерінен табақ, тостаған, құты табылған. Түркі дәуірлеріндегі балбалдардың бәрінде қолына тостаған ұстаған адамның бедері қашалған. Белінде қанжар бейнеленген. Екінші аспаннан түскен зат – қанжар, ақинақ. Бұл хұндардың да қасиетті қаруы. Әйгілі Еділдің – Аттиланың ақинақ қылышы туралы аңыз бүкіл Еуропа еліне тараған. Бақташы бұзауының аяғы өрістен қанап келгенін көріп, қанның ізімен жүріп отырып, ұшы жерден шығып жатқан Арестің найзағайдан жаралған болат қылышын көреді. Оны Еділге әкеп береді. Сөйтіп, батыр бабасының қасиетті семсеріне ие болған Еділ бүкіл Еуропаны жаулап алады. Гередот Арестің бұл семсерінің атын “ақинақ” еді деп баяндады. Ақинақ-көне түркі тілінде де, қазіргі түркі тілдес халықтардың арасында да қасиетті семсердің аты. Кейін мұсылман діні енген соң, мұны “пайғамбардың зұлпықары” деп атады. Ер қаруы – бес қарудың бірі – қындағы кездік, қанжар, қазіргіше айтсақ, бәкі, алдаспан, наркескен, ақинақ, ақберен, ақболат, алмас қылыш – мұның барлығы көшпелі жұрттың аңыз-дастандарындағы батырларға мұраға қалған семсердің аттары. Атадан балаға қаруды мұра етіп қалдыр-ғанда, оны ашық ұстамайды, жерге, тастың үңгіріне, ескі жұрттағы ошақтың орнына, қазанның түбіне көміп тастайды және қылыштың жүзін жерге қаратып жасырған. Мұның барлығы Еділдің ақинақ семсерін тауып алған бақташы туралы аңыздың ықпалы. Оның жүзі әлдеқалай себеппен ашылып қалып, адамды жазым етпес үшін және кездейсоқ біреудің тауып алмас үшін жасалған сақтық”.

Яғни, мифологиядағы Көк Тәңірі аспаннан жіберген қару Арестікі болса, оның қасиеті хундарда, көк түріктерде әр түрлі айтылса да, сол халықтардың оны ерекше пір тұтатындықтарын аңғарамыз.

Жалпы, ежелгі түркі елдерінің өз бостандығы мен еркіндік сүйгіш қасиеттерінің бәрі де өздерін жаудан сақтап қалатын, дұшпанына аттанған тұста өздерінің басты сенері – қару-жарағы болса керек. Осы ұғымға байланысты қару-жарақ төңірегіндегі мифтік сюжеттердің, тотемдік көзқарастардың қалыптасуы заңды да. Этнограф – ғалым Қойшығара Салғараұлының төмендегі пікіріне көңіл қойсақ, “түрікше скид (т) сөзi ски-эски-иски және т-ты жұрнағынан құралып “пышақты адам” деген мағынаны бiлдiредi. Мұның сыртында скиф атауының Ассирия құжаттарындағы б.ж.с.д VІІ ғасырдағы Asquz-Iskuz-Ишгуз атауынан шығатынын да есте ұстаған жөн”, – дейдi.

Ал “Оғыз-наме” жырына көңіл қойсақ онда да қару-жарақ турасындағы сюжетке кезігеміз, ол аздай сол қарулардың таңғажайып күйде көк аспаннан түсетіндігінің күәсі боламыз.

Оғыз батыр екі қызға үйленген. Біріншісі – көгілдір сәуледен жартылған қыз болса, екіншісі – аралдағы ағаштың қуысынан жаратылған қыз. Осы екі әйелінен – Күн, Ай, Жұлдыз, Көк, Тау, Теңіз деген алты ұлдан оғыз тайпалары тарайды. Осы алты ұлы да Көк Тәңірінің құдіреттілігімен, олар жерден алтын садақ пен үш күміс оқ табуы, мұны түсінде Ұлық Түріктің көруі, оны жорып беруі де қаруға байланысты шыққан миф.

Мифологиядағы қару-жарақтың көрінуі – көне европалық түсінікте, соның ішінде көне гректерде әскери билікті мегзесе, оның басында тұрған соғыс құдайы - Арес, ал ежелгі римдіктерде – Марс тұрады. Арестің жүрген жері мен пайдаланған қарудың өзі соғыс өртін тұтандырып немесе басқа да кикілжіңнің пайда болуына әкеліп соқтырады. Сол үшін де гректер оны аса қадір тұтапайды. Оның себебі – қасында үнемі қолдап-қоршап өшпенділік пен кекшілдіктің тәңіриесі Эрида мен өлілер патшалығының иесі Аид (Гадес) жүреді. Бір аңыздарда Эрида Арестің қарындасы ретінде көрінеді. Эрида түрлі халықтар мен мемлекет арасындағы араздықты ұлғайтып, соғыс өртін тұтандыруға ұмтылса, Аид қантөгісті көргісі келіп, көптеген өлгендердің жанын өз патшалығына әкетуге асығады.

Ал Арестің қасындағы Афродитаның жүруі таңданарлық, өйткені сезім мен махаббат рухын алып жүрген тәңіриесінің қанқұйлы құдайдың тілекшісі болуы, бір қарағанда мүмкін емес сияқты. Екінші жағынан қарағанда, Афродита өз ауына түскен махаббат иелері өз таңдауын қолына түсіргенше жанкешті күй кешіп, өлермендікке барып, кейде бір-біріне қару жұмсап, мерт ететіні де аз емес. Осы түсінікке байланысты, Арестің серігі, көңілдес жары болып, оған некеден тыс Фобос (үрей), Деймос (қорқыныш), Гармония атты қызды дүниеге келтіреді. Арес пен Афродитаның бұл қарым-қатынасын сезіп жүрген некелі күйеуі құдіретті Гефест олар ұйықтап жатқан тұста, екеуіне темір тор құрып, таң атқанда Олимп құдайларын сол маңға шақырып, әбден мазақ етіп, масқара қылады.

Әдеби дәстүр бойынша, гректер Гомердiң салған сара жолымен жүрiп, Арестi көбiне қанқұйлы, мейiрiмсiз, жеккөрiнiштi кейiпте көредi, тiптi өз әкесi Зевске де сол мiнез – құлқын ұшқындатады, өйткенi соғыс тұсында ол үшiн кiмнiң ақ, кiмнiң қара екенiн ажыратқысы келмейдi. Оның пайда болуы дауыл соққанмен бiрдей. Арестің жантүршiгерлiк даусы шыққан тұста екi жақта соғысып жатқандардың зәре – құттары қашып, көз алдыларында он мың адамның айқай – сүреңі естiлiп жатқандай елестейдi. Гомердің “Илиада” поэмасында Афина-Палладаның құдіреттілігі арқасында Диомедтің найзасы Арестi оңдырмай жаралайды. Осы тұста Арестің жан айқайы шығады. Осы поэмада Арестiң пайда болуы – жауынгерлердiң делебесi қозып, бiр – бiрiне өлермендiкпен ұмтылады. Осыдан – ақ “Илиада” поэмасында оған буырқанған, қанқұйлы, қырып – жойғыш, қабырға қиратқыш эпитетiн таңуы тегін болмаса керек.

Арестiң Афродита екеуінен туған Фобос (үрей) және Деймос (қорқыныш) атты ұлдары ұрыс – шайқастарда бiрге жүрiп, жан – жақтарына үрей, қорқыныш тудырады.

Грекияның барлық аймағында iшiнде тек Лаконияда немесе Спартада жаугершiлiкпен аты шыққан спартандықтар ғана Арестi құдай есебiнде аса қадiрлейдi.



Гефест (римдіктерде – Вулкан) – Зевс пен Гераның ұлдары. Алғашында жер астынан атылып жатқан от құдайы ретiнде танылса, бiрте – бiрте от – жалынмен темiр қыздырып, түрлi бұйым, құрал жасайтын ұстахана, шеберхана иелерiнiң қамқоршысы, құдайы ретiнде көрiнедi. Т.Әсемқұловтың пікірінше, “Ер Төстіктегі” Жылан-Бапыхан қазақтардың темір өнері, жалпы металлургияның иесі, пірі, жебеушісі саналады. Ерте кездерде өмір сүрген қазақтардың арғы ата-бабалары отты құдіреттің, яғни тәңірдің берген сыйы деп аса құрмет тұтса, теміршілік өнерді де сол тұрғыда қарастырып, оның иесі бар деген сенім ұялаған”.

Ал қазақ халқының ежелгі кен қорыту өнерін арнайы зерттеген академик Қ.И.Сатпаев “бір кездерде Жезқазған, Қызыл-еспе, Қарқаралы, Ақшатау маңдарында мыс ерітіп, қалайы құйылғанын, сәндік-сұлулыққа арнап әр түрлі тұрмыстық заттар: балта, балға, қылыш, жебе, қанжар, семсер, сырға, алқа, білезік, ер-тұрман жасалғанын” айтады.

Жалпы, қазақ жұртындағы емшілік, дуалау, бақсылық өнер ерте заманнан атадан балаға ауысып келе жатқан дәстүр болса, оның өзі отқа табынумен өте тығыз байланысты. Дертке ұшыраған, ауру адамдарды емдеуді көбіне отты, күлді, түрлі шөптерді пайдаланса, мұнда от иесінің үлкен орын алтындығын айта кеткен жөн. Қазақтың ұсталық өнерінің пірі – Дәуіт пайғамбар болса, көне заманада Дәуіттің атын атап, оған табынған сөздер мен өлең жолдары халық ішінде сақталған. Профессор Бекмұрат Уахатов төмендегі пікірі осы ойымызды қуаттайды: “Тегінде бақсы жырлары – ислам дінінен арғы ескі дәуірлерде туып, біздің заманымызға көп өзгеріспен жеткен ескілікті белгілердің бірі. Мұны аспанға (тәңірге) табыну, жер үстінің күштісі деп отқа табыну заманынан келе жатқан бақсылардың кеселді емдеу шартынан-ақ көруге болады. Ауруды ошақтың ішінен арлы-берлі үш рет еңбектетіп өткізу, жеті қуыршақ жасатып, жеті білтелі шырақ жағу – баяғы аталар аруағы кәміл бір жүйесіндегі ұғым екені даусыз.
Аспаннан көмір түсірген,

Оқ жақпай темір пісірген.

Тау көрігі бақылдап,

Балға түсті шақылдап,

Ер Дәуіт пірім сен қолда,
– дегендегі аспаннан көмір түсіріп, оқ жақпай темір пісіру секілді әрекеттер осыны көрсетеді. Ал, Дәуіт пайғамбар – бұл ұсталықтың пірі саналған, ол көрік басып, балға соғумен-ақ өзінің отқа табыну дәуірінде туғандығын дәлелдеп тұр” – дейді.

“Қазақтарда металмен (темірмен), өндірістік үрдіспен және қол өнер кәсіпшілігімен Жезқазған қаласы, Оңтүстік Қазақстан облы-сындағы Алтынтөбе мен Зертас және тағы басқа топонимдер (атаулар жиынтығы), Көпұста, Ерші, Зергер, Бес ұста секілді, т.б. рулардың атаулары байланысты болған. Қазақтар мен Орта Азия халықтарының аңыздарына қарағанда тұңғыш ұста әрі зергер, сондай-ақ 40 шебердің дем берушісі мұсылмандық аңыздардың мәдени қаһарманы Дәуіт Пайғамбар (Інжілдік пайғамбар Давид) болған. Осы есімге металл, соның ішінде алтын мен күміс өндірудің басталуы, сондай-ақ металл өңдеу ғана емес, кәсіпшіліктің басқа да барлық түрлерін (ағаш, сүйек, тері, былғары, жүн, т.б.) өңдеудің пайда болуы тікелей байланысты қаралады. Оның қолы отқа күймеген, балға мен қысқышты пайдаланбай-ақ темірді қамырша илейтін болған.

Оның рухы кейде өзі аттас жасыл шегіртке – дәуіттен де көрініс табатын. Осы шымыр жәндік халықтың сенімінше жыланды бағындыратын тәкаппар күшке ие. Қазақтардың арасынада тараған аңыздардың бірінде қарлығаштың балапандарының ұясына тақап қалған жыланды байқаған дәуіт шегірткені іліп әкелгені, ал оның жылан көзін қалай ойып түсіргені жөнінде айтылған. Содан бері қазақтар дәуіт деп аталаған жасыл шегірткені қарлығаштың пірі деп танитын болған”- деген пікірдің өзі, Дәуіт атауының кең таралғандығының белгісі.

Ал грек аңыздарына келсек, Гомер поэмасында Гефест “екi қолынан бал тамған шебер”, яғни кез–келген темiрден жасалған көрнектi бұйым немесе әдемі зат Гефестiң қолынан шыққан (Ахиллдың адам қызығар, оқ өтпес қалқаны немесе Олимптегі құдайлардың сарайы, Гераның билік еткенде отыратын, алтыннан соғылған патша тағы және т.б. ) деп суреттеледi. Зевске үшкір найзағай оты мен оғын жасап, Гераклге қару соққан да сол Гефест.

Гефесттің ұстаханасы қасиетті орын, онда оның құдіретті қолынан шыққан қару-жарақтар, құрал-саймандар, бұйымдар мен асыл заттар тек қарапайым адамдарға арналмаған, ол сонымен бірге құдайлардың қажетіне қарай жасаған дүниелері мәңгілік, еш тозбайтын мүлік деп есептелген. Соған орай оның ұстаханасы ұлы қасиеттерге толы деген ой қалыптасқан.

Ал “қазақтар арасында ұста басқа қасиеттерге қоса жанындағы адамдарға жайлы, ал ашу үстінде кесірлі ықпал етуге қабілетті жоғары психикалық энергетикаға (тылсым күшке) ие деген пікір бар. Сол себепті шебердің мінез-құлқына байланысты бірқатар жоралғылар бар. Айталық, оның ниеті түзу, ренішке бой алдырмауы, кек сақтамауы, сезім жетегіне ермеуі, қызбалыққа салынбауы, адам бойындағы әлсіздіктен құлан таза арылуы тиіс болған. Өйтпеген жағдайда оның дұшпандары ғана емес, жақын туыстары да бақытсыздыққа ұшырауы немесе ауру-сырқауға шалдығуы мүмкін деп есептеледі. Ұстаның экстрасенсорикасы (тылсым күш қуаты) жұмыс орны саналатын шеберхана - дүкенде айрықша байқалатын болғандықтан, мұнда ой-пікір мен сезім пәктігі, ниет тазалығы айырықша назарда болуы тиіс делінеді.

Қазақтардың санасынада шеберхана аса қасиетті орын деп саналады. Мұнда келушілердің өсек-аяң айтуына, дауыс көтеруіне тыйым салынатын. Өйтпеген жағдайда аузы қисайып қалады деп ескертіледі. Жерде жатқан төс, тері-терсек және түрлі аспаптардан аттап өткен жағдайда аяқ қақсайды делінеді. Ауру-сырқаудан аулақ болу үшін шеберханаға жақын маңда дәрет сындыруға рұқсат етілмеді. Тегінде шеберханаға жуынып-шайынып келу ұсынылады.

Қазақтар темір-терсекке кейде үрейлене, кейде сүйсіне қарай келіп, оның шипалы және қорғаушы қасиеттеріне деген сенімдері қалыптасқан. Айталық, жын-шайтаннан қорғану үшін бесіктің астына балға, қайла тектес аспаптар тастайтын болған. Ал қырғыздар отқа қыздырылған темір қысқышты пайдаланып бас ауруын емдеген. Бұл тұста аспаптардың сиқырмен қатар, темірдің қорғаушы және үрей тудырушы сипаттары кәдеге асқан. Сірә, темір қатты зат ретінде қасиетті саналатын қазан іспеттес бұйымдардың сиқырлы мәнін күшейте түсетін болар. Қазақтардың салт-дәстүрінде күнгі-бүгінге дейін үрей себеп болған ауруларды, қант ауруын, энурезді қыздырылған темірмен қайнатылған суды ішкізіп емдеу тәсілі сақталып келген. Бұл суды үш күн, күніне үш дүркін ішу қажет болатын. Ұсталар мен зергерлер кәсіпшілік ережелерін сақтамай дертке шалдыққан кезде де өздерін осылай емдеген”.

Қазақ халқының көнеден келе жатқан салт-дәстүрлері, ырымдары секілді көне гректер Гефесттің тек атына ғана емес, темір, қола, жез, мәрмір тас, ағаштан жасалған заттар мен бұйымдарға Гефестің көмегімен жасалған дүние деп аса құрметпен қарап, ұзақ жылдар ұстап, сол затты және дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруы, екі халыққа да ортақ түсінік екенін айта кеткен жөн.

Қазақ аңыздарында ұсталар мен зергерлердің пірі Дәуіт Пайғамбардың (Інжілдік пайғамбар Давид) түс-тұрпаты, жүріс-тұрысы айқын көрсетілмесе, ал грек аңызындағы Гефесттің өн бойындағы кем-кетігі, бет-бейнесі анық бейнеленеді. Сол айтылған бейнелердің неліктен сондай екендігі де грек аңыздарында ашық суреттелді. Мәселен, Гефесттің бойындағы ерекшеленетiн бiр белгi – аяғының ақсақтығы. Бұл кемiстiгi ежелгі гректердiң өзiне де беймәлiм болып көрiнедi. Сондықтан болар, Гефестiң аяғының ақсастығы жөнiнде халық арасында әр түрлi алып қашпа әңгiмелер айтылады. Мәселен, “Илиада” поэмасында Зевс пен Гераның арасында дау – дамай туған тұста, Гефест араларына түсiп, шешесiне жақтасқаны үшiн, ашуға мiнген Зевс ұлын аспан әлемiнен жерге лақтырады, нәтижесiнде Гефест Лемнос аралына түсiп, аяғын зақымдайды. Аспан әлемінен таңғажайып жағдайда түскен Гефесттi Лемнос аралында тұратын тұрғындар аса қадiр тұтып, сөнген жанартаудың етегiнде “от құдайына” арнап ғибадатхана салады. Осыдан болар оған “Лемнос құдайы” эпитетi таңылады.

Басқа аңыздарда, Гефест Герадан туғанда ақсақ, етi сүйегiне жабысқан арық, әлжуаз болып дүниеге келеді. Iштен шыққан баласының бейшара кейiпiне налыған Гера, жаңа туған нәрестесiн Олимп тауынан итерiп жiбергенде, буырқанған көк теңiзге құлап түседi. Шырқыраған баланың дауысын естiген теңiз құдайлары нерейдалар Гефестi аялы алақандарына салып, аман – есен ер жеткiзiп, темiрден түйiн түйер өнерiне баулиды. Өсiп – өркендеген жас жiгiт, шешесiнiң өзiне iстеген залалын ұмыта алмай, көңiлiне кек байланады. Көп ұзамай ойына алған жоспарын iске асыру мақсатында өз қолынан Гераға арнап алтын орындық тақ жасап, сыйлық етiп, шешесiне ұсынады. Гефестiң тартуына риза болған Гера алтын орындыққа жайғасып алып, жан-жағына тәкаппарлана, масайрап қарайды. Ендi бiраздан кейiн одан қалай тұрарын бiлмей әбден дал болып, бейшара күйге түседі. Тек тарту иесi келiп, көзге көрiнбейтiн тұзақты шешiп, Гераны босатқаннан кейiн, кегі қайтқан Гефест Олимп тауында мәңгілік қалуына мүмкiндiк алады.

Бiздің заманымызда Гефестiң ақсақтығы жөнiнде аңыздар арқылы емес, нақты ежелгі гректердiң күнделiктi тұрмыс–тiршiлiгі мен дүниетанымдары арқылы түсiнiк алуға болады. Бiрiншiден, теңселе басқан ақсақтығын оттың бiрде жалындап, бiрде баяу жанатын қасиетiне баласа, екiншiден - гректердiң ұста құдайының бойындағы кемдiгiн ұсталықпен айналысатындар көбiне аяқтары кем болып, жер өңдеу, әскери қызмет немесе басқа да кәсiппен айналыса алмайтындықтарынан солай бейнеленсе керек-тi.

Гефесттi ұзын сақалды, алдына жеңiл алжапқыш байлаған, басына қалпақ (әдетте, осы кәсiппен айналысатындар басына қалпақ киіп жүреді) киген адам ретiнде бейнеленедi.

Бойындағы кемдiгi мен қарапайым кәсiппен айналысатыны, құдайлардың бас қосуындағы той – томалақта ақсаңдап жүрiп құдайлар тостағанына тiл үйiрер сусын нектар-амброзия құйып, “гомерикалық” күлкi мен мазаққа айналғанына қарамастан, тәңіриелердің iшiндегi ең әсем де сұлу, махаббат құдайы Афродитаға үйленедi. Осыдан – ақ Гефестiң әр жасаған бұйымының көрнектi де көз тартар көрiктi болатыны соның белгiсi болса керек–тi, тағы бiр аңызда Гефестiң әйелi әсемдiктiң символындай Хариттердiң бiрi грация Аглая болған деседі.



Каталог: wp-content -> uploads -> 2018
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Сабақтың мақсаты: а/ Оқушылардың сөздік қорын молайту. Білім, білік дағдыларын қалыптастыру
2018 -> Сабақтың тақырыбы: Физика-табиғат туралы ғылым
2018 -> Сабақ мақсаты Тұздар гидролизін түсіну және тұздардың суда ерігенде қандай процестер жүретінін анықтау
2018 -> Сабақтың мақсаты: Білімділік: Көміртек және оның қосылыстары туралымәлімет алады
2018 -> 5В011700- Қазақ тілі мен әдебиет мамандығы бойынша 3-курс студенттердің элективті пәндер каталогы 2017-2018 оқу жылы
2018 -> Сабақтың тақырыбы Салынған циклдер. Мақсаты Қайталау операторлары туралы білімнің кеңеюі
2018 -> Сабақ тақырыбы: Теңдеулер жүйесін қолданып есептер шығару Мерзімі
2018 -> Даулетиярова Зауре Ермаханқызы А. Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тараз қаласы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   20




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет