Кіріспе. Зерттеудің көкейтестілігі



бет1/3
Дата11.01.2017
өлшемі0,72 Mb.
#6718
  1   2   3
Кіріспе.

Зерттеудің көкейтестілігі. Білім беру проблемаларына байланысты мектептердің оқу жұмыстарын дұрыс жолға қою әр уақытта шешімін табуды керек ететін мәселе. Бүгінгі күннің талабы – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Мектеп - әлеуметтік мәселелердің ішіндегі ең өзектісі, ерекше мән беретін білім ордалары. Мектептерге көңіл бөлу, оларға жәрдем беру арқылы болашағымызды бәсекелестікке лайықты тәрбиелеп, білім беріп дамытамыз, «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деп ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы орынды айтқанын қазір қазақ зиялылары ғана емес, бізбен отандас өзге ұлт өкілдері, солардың озық ойлы, білімді азаматтары да толық мақұлдайды. Халқымыздың да ұлы мұраты жастарға халықаралық деңгейде білім беру, ол мұратқа жетудің алғашқы баспалдағы мектепте өркен жаяды.

Қазақстан Республикасының сапалы білім беру жүйесі еліміздің экономикасын тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі және мемлекеттің дамуының өзегі болып есептеледі. Сондықтан сапалы білім беру, оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытуда мектеп педагогикалық ұжымы мен отбасының рөлі үлкен.

Нағыз ұстаздар өз мамандығына байланысты ғылыми-теориялық мәселелерді қойған талаптарға сай меңгеруі тиіс. Педагогикалық ғылым жетістіктері мен озық педагогикалық тәжірибені заман талабына сай меңгеру – шәкірттерге білім мен тәрбие берудің негізгі көзі. Қазіргі кезеңде ғылымның соңғы табыстарына сәйкес мектеп өмірінде жүзеге асырылатын ең басты мәселелер:

- Ұлттық мектеп, ұлттық мамандарды дайындау;

- Өмір талабына байланысты оқыту;

- Компьютерді меңгеру;

- Дүниежүзілік тәжірибені игеру. т.б.

Педагогикалық процесте озық тәжірибені кеңінен қолданудың маңызы зор. Өйткені терең білім мен тәрбие беру, педагогикалық озық тәжірибені зерттеу, жинақтау және таратудың нәтижесі, ұстаздардың шығармашылық ісінің жемісі. КСРО – ға әйгілі, тәжірибелі ресейлік жаңашыл ұстаздар В.Ф.Шаталов, Ш.А.Амоношвили, И.П.Иванов, қазақстандық А.Ысқақов, Е.О.Очкур, А.Момынова, Р.Сейдахметова, т.б. көптеп атауға болады.

Мектеп басшысы тәрбие процесін ұйымдастырушы болса, сынып жетекшісі, пән оқытушылары – тәрбие процесін жүргізуші, іске асырушы болып табылады. Сынып жетекшісі тәрбие процесін ұйымдастыруда өте маңызды да жауапты міндеттерді атқарады. Олар сыныптағы оқу-тәрбие жұмыстарының ұйымдастырушысы, шәкірттердің, ата-аналардың ақылшысы, қамқоршысы.

Сынып жетекшісінің шәкірттердің ата-аналарымен қызметі де үлкен ізденісті талап ететін тақырып. Ата –аналарға шәкірттердің оқу жұмыстары, тәрбиесін мәлімдей отырып, ата-аналармен бірлесіп сол кемшіліктерді жоюға атсалысады.

“Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында” орта білім берудің мақсаты жылдам өзгеріп дүние жағдайларында алынған терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін- өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру деп көрсетеді. Мектеп оқушыларының осы тұлғалық қасиеттерін дамытудағы отбасының ролі үлкен, сондықтан, ата-ана – мектеп – оқушы ынтымағын арттыру, еңбектерін бірлікте басты мақсатқа жұмылдыру тақырыбы зерттеу жұмысымыздың көкейтестілігін айқындап, зерттеу тақырыбын «Мектеп педагогикалық ұжымының оқушы отбасымен байланыс орнатудың психологиялық-педагогикалық негіздері» деп алуымызға себепші болды.



Зерттеу мақсаты: Мектеп оқушыларының тұлғалық қасиеттерін дамытудағы педагогикалық ұжым мен отбасы ынтымақтастығы және бірлескен іс-әрекеттеріне талдау жасау.

Зерттеу міндеттері:

  • оқушыларының тұлғалық қасиеттерін дамытудағы отбасының қазіргі кезеңдегі ролін анықтау;

  • мектепте оқу-тәрбие жұмыстарын жетілдірудің мәнін айқындау

  • тәрбие жұмысын жоспарлау мен ұйымдастыруда сынып жетекшісінің жұмыс мазмұнына талдама жасау.

Зерттеу нысаны: Мектептегі оқу-тәрбие процесі.

Зерттеу пәні: Мектеп оқушыларының тұлғалық қасиеттерін дамытудағы отбасының ролі.

Диплом жұмысы кіріспеден, 2 тараудан, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.



І тарау. Мектеп педагогикалық ұжымының оқушы отбасымен байланыс орнатудың психологиялық-педагогикалық негіздері.

1.1. Орта мектептерде оқушыларға тәрбие және білім беру мәселелері.

Қазіргі заманғы мектеп көпнұсқалы және өзін-өзі басқару тәсілімен жұмыс жасауда. Білім беру жүйесінде ізгілендіру процесі жүруде, мұнда оқушы тұлғасын алдыңғы қатарға шығару, оның талаптарын қанағаттандыру, жеке қабілеті мен дарынын, тұлғалық сапалық қасиеттерін дамыту үрдісі болып саналады.

Л.И.Рувинский, В.А.Кан-Калик және басқа педагог-ғалымдардың зерттеу мәліметтері бойынша шығармашылық тұрғыдан педагогикалық міндеттер үш топқа бөлінеді:

1.Стратегиялық (грек- қандай да болса мақсатқа жетудің басшылық өнері) міндеттерді шешу ұзақ уақытты талап етеді.

2.Тактикалық (грек- мақсатқа жетудің жолдары мен әдістері) міндеттер жүйесі арқылы стратегиялық міндеттер анықталады.

3.Оперативтік ( латын- тез іс-қимыл арқылы шешу) міндеттер – бұл іс-әрекеттерді тікелей орындау, яғни тактикалық міндеттерден оперативтік міндеттерге көшіп, мәселелерді балалардың қатысуымен тез шешу. Педагогикалық міндеттерді орындау барысында негізгі мақсат-жас ұрпаққа тәрбие және білім беруді естен шығармау, соны орындау.

Оңтайланған педагогикалық жүйе мәнін көрсететін білім беру үрдісінің ұйымдастырылуы ынтымақтасу педагогикасы идеясын жүзеге асырады. Бұл мектептегі басты қиындықтың бірі – мұғалім мен оқушы қарым-қатынасында кездесетін қиыншылықты жояды. Оқыту үрдісі тек психологиялық жағынан ғана емес, сыныптағы дәстүрлі сабақ жүйесін айрықшалап ұйымдастырылуы да өзгеріске ұшырады. Оқыту үрдісін өзгертуде ғылыми көзқарастарға ерекше мән беріледі. Мектеп мұғалімдері пайдаланатын технологиялар негізіне ақыл-ойдың дамуын сатылы қалыптастыру, проблемалық оқыту, дамыта оқыту сияқты психологиялық – дидактикалық теориялар т.б. жатады.

Мектеп жағдайын ескеріп, ғалымдар оқу үрдісіне айырмаланған оқыту, бейімдеп оқыту, ойын технологиялары, белсенді ізденіс оқыту технологияларын шығарып, оқыту үрдісіне енгізуде мектеп жағдайында қалыптасқан әлеуметтік ортаның ерекшелігі, демографиялық, материалдық-техникалық, мәдени т.б. айғақтар ерекшелігіне бейімдеп оқыту жүйесін құру мәселесін қойды. Бейімделу ішкі – сыртқы орта жағдайына икемделу үрдісі болып табылады. Жеке адамның жаңа әлеуметтік орта жағдайына белсенді бейімделуін, топ пен оған кіретін жеке адам мақсаты мен құндылық бағдарының жақындасуын білдіреді.

Мектепте қалыптасқан озық дәстүрлердің тәрбиелік және білім беру мүмкіндігін пайдалану, оқушыны ауылдағы әлеуметтік – оқу ортасын өзгертуге қатысушы ретінде дамыту, оның жеке тұлғасының парасаттылығының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Білім беру бағдарламасын жасаудағы жасампаз бейімдеу қимылдары – кәсібиліктің маңызды көрсеткіші. Мұғалім жергілікті жер мен өндірістің ерекшелігіне қарай, өз оқушыларының жеке ерекшеліктері мен мүдделеріне сай бағдарламаны түзетіп, икемдеп отырады. Оқыту мазмұнын өзгерте отырып, түрлі пәндер бойынша практикалық жұмыстар енгізе отырып, нақты жергілікті материалды, балалардың икемділігін шеберлікпен ұйымдастыра отырып, ол оқушыларды өз танымдық тәжірибесін пысықтауға итермелейді.

Ал, жалпы алғанда мектептердегі балалардың өзара қарым-қатынастарының шектеулігі сабақ түрлерін байытуды, оқыту әдістерін түрлендіруді талап етеді.

Оқушы дамуына әсер ететін негізгі әдістер ішінара іздеу, оқу диалогы, проблемелық оқыту әдістері т.б. болып табылады.

Ішінара іздеу сабағында мұғалім баланың әр қадамын назарға алып, оның жас ерекшеліктерін ескеріп отырады. Ішінара іздеу эвристикалық әңгімеде жүзеге асады, мұғалім проблемалық сұрақ қояды, оқушы талқыланатын сұрақтарды ой елегінен енгізіп, жауап береді. Мектеп мұғалімдері оқу диалогын өз тәжірибелерінде сәтті қолданады.

Диалог – оқу материалының мазмұнына негізделеді. Бірақ мұндай диалог сөздерін жоспарлау сабақ басталмастан бұрын өтеді де, ол оқушының тапсырманы игеру дәрежесіне немесе дайындығына бағытталуы керек. Себебі, жоспарланған диалог мәтіні мұғалімге белгілі болғанымен, оқушыларға белгісіз болады. Диалог сабақтарда оқушылар мұғаліммен тең дәрежеде әңгімелесе алады. Сондықтан оқу мазмұны ол үшін маңызды, ол өзіне керекті сұрақты өзі қояды, іштей өзімен - өзі диалог құрады.

Проблемалық оқыту әдісі де маңызды. Сабақты түсіндіру проблема қоюға алмастырылады. Мұғалім басты проблеманы қояды, оны шешуде балалар алдына жеке проблемалар қою арқылы қарама – қарсы шешу жолдарын көрсетеді, көзқарас күресін тәжірибе көмегімен дәлелдемелер арқылы көрсетеді.

Мектепте сондай-ақ ойын әдістері амалдары мен түрлері (рөлдік ойындар, іскерлік ойындар), қалыпты емес сабақтар (саяхат сабақ, аукцион сабақ, театр сабақ) өткізіледі. Ойын кезінде бала қимыл субъектісі. Демек, ол ойын нәтижесін көздейді. Бастауыш сынып оқушылары рөлдік ойындар ойнағанды ұнатады. Костюм мен модельдері бар рөлдік ойындар оқу үрдісін белсенді ететін маңызды дидактикалық құрал болып табылады.

Сонымен қатар, “Ертегі” әдістемелік амалын мұғалімдер бастауыш сыныпта кеңінен қолданады. Яғни ертегіден үзінділер, кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынастарды пайдалану балалардың тілдік қорын молайтуға, сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға ықпалын тигізеді. Ал, ойын үлгілерін жаңа білімді меңгерту, білімін пысықтау, білігі мен дағдысын бақылау үшін қолдануға болады. Бастауыш сынып балаларының қиялы мен ойлауы ұшқыр болады. Қиын тақырыптарды олар ойын арқылы да игереді. Оқу мақсаты мұндай сабақтарда сәтті жүзеге асады.

Сөйтіп, орта мектеп үшін өзекті мәселені шешудің бір нұсқасы – оқушыларды олардың жеке таным қабілетіне және мүмкіндігіне сәйкес оқыту, ал бұл – айырмалап оқыту технологиясы жүйесіне жатады. Бұл бағдарламалар оқушы қабілетіне қарай бейімделген.

Біз оқыту үрдісін мектеп оқушысын бейімдеп оқыту жүйесі деп қараймыз, ол оқушының жеке тәжірибе мен танымдық күшін қамтамасыз етуге арналған.

Жалпы орта мектепте бала тұлғасының қалыптасуына ықпал ететін негізгі әлеуметтік – экономикалық және мәдени – тұрмыстық ахуалы. Осыған байланысты орта мектеп мұғалімінің негізгі мақсаты - өмір сүру қажеттілігіне сенімділігі бар баланың жеке тұлғасын қалыптастыру. Оқушының туған жеріне адалдығын сақтап, қоршаған ортаға белсенді араласып, жалпы мәдени дамытып, білімге деген ынтасын арттыру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, болашақта үлкен ортаға бейімделуге қабілетті тұлғаны қалыптастыру болып табылады.

Сынып жетекшісінің тәрбиелік қызметінің жүйесі бар. Ол жан-жақты оқу-тәрбиесінің мақсаты мен міндеттерінен туындайтын, өзара байланысты оқу-тәрбие шараларының жиынтығы, сынып жетекшісінің оқушылармен жүргізетін барлық жұмысының бағыттарын (саяси-идеялық, адамгершілік, дене, эстетикалық, еңбек тәрбиесі, т.б.) қамтиды.

Оқушыларды жан-жаақты тәрбиелеу үшін сынып жетекшісі оларды зерттеп білу қажет. Оларды зерттеп білу, сынып жетекшісінің өз қызметін ойдағыдай атқарудың басты шарты. Сынып жетекшісі балалар туралы мынандай мәліметтерді білуі қажет:

-оқушының денсаулығы;

-отбасындағы тұрмыс жағдайы;

-ішкі жан дүниесі, рухани байлығы;

-мінез-құлқы, темпераменті, қабілеті, еркі, зейіні, т.б.

-ата-ана, үлкендермен, құрбыларымен қарым-қатынасы;

-әдептілігі, адамгершілігі;

-еңбекшілдігі;

-интеллектуалдығы;

-саяси сауаттыллығы;

Эстетикалық талғамы.

Осы айтылғанның бәрін сынып жетекшісі педагогикалық зерттеу әдісін қолдана отырып жинақтайды.(бақылау, әңгімелесу, эксперимент, т.б.)

Сынып жетекшісі тек шәкірттермен қызметтес болмай, сонымен бірге жалпы ұстаздармен де қызметтес болғаны дұрыс. Мұндай жағдайда бала туралы пікір алмасады, дұрыс мәлімет жинақтауға болады. Сынып жетекшісінің мақсаты- бала тәрбиесі мен білімін жетілдіру, іске асыру, ұйымдық қызмет атқару.

Сынып жетекшісінің шәкірттердің ата-аналарымен қызметі де үлкен ізденісті талап ететін тақырып. Сынып жеткшісі отбасымен жиі қарым-қатынас жасаушы тұлға. Ата-аналарға шәкірттердің оқу жұмыстары, тәрбиесін мәлімдей отырып, ата-аналармен бірлесіп сол кемшіліктерді жоюға атсалысады. Ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың түрлері көп; отбасына барып тұру, жағдайын білу, ата-аналармен сөйлесу, пікір алмасу, педагогикалық тұрғыда сауаттандыру, сұрақ-жауап кештерін өткізу, т.б.

Сонымен сынып жеткшісі- мектеп басшыларының қызмет жобаларын іске асыратын белгілі тұлға. Ол шәкірттермен, ұстаздармен, ата-аналармен, жұртшылықпен қызметтес бола тұрып, сол қызметті ұйымдастырады. Соны атқару барысында мына мәселелерді қарайды.



  • ұйымдық;

  • саяси-тәрбиелік;

  • талдау-қорытындылау;

  • үйлестірушілік, хабарлаушылық;

  • психологиялық;

  • дем беруші, тежеуші, реттеуші;

  • шығармашылық импровизация, т.б.

Сынып жетекшісінің қызметінің мазмұны сынып ұжымын ұйымдастыруымен байланысты. Осыған орай сынып ұжымын топтастырудың жолдары, оның үш кезеңі, мақсаты, қос ықпалы бар екенін еске түсірген жөн. Сынып жетекшісі шәкірттердің білім сапасын арттыруына көмектеседі. Оқу еңбегіне саналы жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді, күнделікті тәртіпке үйретеді, оқуда өзара жолдастық көмек ұйымдастырады, өз сыныбының ұстаздарымен тұрақты байланыс және ынтымақтастық жасауға шақырады.

Сынып жетекшісі өз жұмысын жоспар арқылы іске асырады. Оның өзіндік үлгі құрылымдары болады:

А) Сыныптың қысқаша сипаттамасы, шәкірттер жайында жалпы мәліметтер;

Б) Сынып ұжымының қызметінің негізгі бағыттары мен түрлері;

В) Тәрбие міндеттері;

Г) Сыныпта дәріс беретін ұстаздармен қызмет;

Д) Ата-аналармен жұмыс, жұртшылықпен ынтымақтастық, сыныптан, мектептен тыс мекемелермен байланыс;

Жоспар әр түрлі болуы мүмкін. Бірақ негізгі мәселелер жоғарыда көрсетілген құрылымдардың төңірегінде болуы тиіс. Сынып жетекшісінің жоспары әр түрлі болуы мүмкін. Бірақ жоспарда сынып, ұлт, жас, дербес, т.б. ерекшеліктерді ескеріп, шәкірттердің өздерін соған жұмылдырып, істелген істің нәтижесін күнделікке жазып, қорытынды шығарып отырғаны дұрыс.

Мектеп басшылары тәрбие процесін жүргізуші, іске асырушылар болып табылады.

Олар шәәкірттермен, ұстаздармен, ата-аналармен, жұртшылықпен қызметтес бола тұрып, сол қызметті ұйымдастырады.

Мектеп тәрбиеге байланысты барлық қоғамдық күштерді ұйымдастыру және біріктіру рөлін атқарады. Ол ішкі тәрбие процесін басқарып қана қоймайды, сонымен бірге шағын аудандарда, ата-аналардың жұмыс істейтін кейбір еңбек ұжымдарында жүргізілетін тәрбие жұмысының мақсатқа бағыттылығын қамтамасыз етеді. Осы тұрғыдан мектеп – балалармен тәрбие жұмысын ұйымдастырудың, баланың дамуында және қалыптасуында әр түрлі факторлардың ықпалын үйлестіріп, біріктірудің орталығы.

Мектеп іс-әрекетінің ең бастысы – тәрбие түрлерінің (адамгершілік, ұлттық, отансүйгіштік, дене, еңбек, эстетикалық, т.б.) байланыстылығын күшейту. Осының нәтижесінде олардың кешенді түрде мақсаттары және міндеттері жүзеге асады.

Мектеп басшылығымен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының формалары көптеп саналады. Мәселен:


  • ата-аналар және олардың белсенділермен жұмысы;

  • бастауыш сыннып мұғалімдерімен қатар сынып жетекшілерінің отбасымен жұмысы;

  • мектептен, сыныптан тыс тәрбие жұмыстары,

  • еңбек ұжымдарымен және жұртшылықпен балалар тәрбиесіне байланысты жұмыстар: түрлі іс-шаралар, ата-аналарды педагогикалық тұрғыда сауаттандыру, т.б.

Осы жұмыстардың барлығына мектеп ұжымы басшылық жасайды, көмектеседі, тиісті мамандармен, ұйымдармен бірігіп іске асыруды қамтамасыз етеді.

Бала тәрбиесінде қоғамдық тәрбие институтарының алатын орны ерекше. Олардың ынтымақтасып істейтін жұмыстарының негізгі бағыттары:



  • педагогикалық ұжым, ата-аналар комитеті, үлкен кеңес мүшелері, кәсіпорын басшылары, шағын аудандағы жұртшылық бірігіп, тәрбие жұмысының жоспарын жасап, оны басшылыққа алады;

  • мектеп, кәсіпорындағы және шағын аудандағы жұртшылық тәрбие жұмысыны бірігіп зерттейді, нәтижесін арнайы мекткп, отбасы, жұртшылық талқысына салып шешім қабылдайды, іске асырады;

  • мектеп ата-аналарды және жұртшылық өкілдерін үнемі балалармен

жұмыс істеуге даярлау үшін, оларды психологиялық-педагогикалық біліммен қаруландыруды, тәрбие жұмысына барлық жұртшылықты қатыстырады, әсіресі жаңашыл мамандарды, өндіріс озаттарын, спорт, өнер салаларындағы адамжарды, соғыс, еңбек ардагерлерімен кездесу ұйымдастырып, олардың тәжірибесін кеңінен пайдаланады, жалпы басшылық жасап, тәрбие жұмысын басқарады.

Мектеп – отбасының, жұртшылықтың ынтымақтастығына тікелей басшылық ететін бірдін бір орган. Ынтымақтастықпен жұмысты жүргізудің формалары көп. Біз тек солардың бірнешеуін ғана атап өтейік. Олар:

- ата-аналар жиналысы;

- мұғалімдердің оқушылардың үйіне барып, тұрмыс-тіршілігімен танысу;

- педагогикалық насихат, ата-аналарға педагогикалық білім беру, т.б.

Осы жұмыстарды ойдағыдай жүргізу үшін мектеп жанындағы үлкен кеңестің жұмысына дұрыс басшылық жасау, кеңес беру керек. Ол аудан, ауыл көлеміне жүргізілетін жұмыс.

Бала тәрбиесіне ықпал ететін көптеген орта бар. Олар: отбасы, мектеп, аула, дос-жарандар, көрші, ағайын-туыстар, еңбек ұжымдары, жұртшылық, тағы басқалар. Қысқасы бала тәрбиесінде мектептің, отбасының, жұртшылықтың, еңбек ұжымдарының бірікке тәрбие жұмысы қажет. Осыны ұйымдастыратын – мектеп ұстаздары.

Олар сол жұртшылықты педагогикалық тұрғыдан сауаттандырып, жалпы тәрбие жұмыстарына жұртшылықты жұмылдырып, педагогикалық тұрғыдан сауатты басшылық жасауы тиіс.




1.2 Мектеп оқушыларының тұлғалық қасиеттерін дамытудың педагогикалық – психологиялық негіздері.

Психология ғылымының соңғы жетістіктері тұрғысынан қарағанда, мектеп оқушысының жеке тұлғасын, қалыптастыру өзекті мәселенің біріне айналды.

Баланың жеке тұлғасын дамыту ісінде тәрбие институттары ішінде мектепке ең күрделі міндеттер артылады. Алайда, ол мектепте жеке тұлғаның дамуын оқу қызметіндегі бірінші кезектегі міндет деп танығанда ғана іске асады.

Соңғы психологиялық-педагогикалық зерттеулер осы күрделі міндетті шешу мектепте, ең алдымен, оның бастауыш буынында, оқу мазмұны мен әдістерін түбегейлі өзгертумен байланысты екендігіне көз жеткізеді. (Ш.Амонашвили, В.Давыдов, Л.3анков, В.Репкин, Д.Эльконин және т.б.)

Бастауыш мектептегі оқытудың жаңа экспериментгік жүйелері шеңберінде мектеп оқушысы жеке тұлғасының мотивациялық қажеттілік саласында елеулі өзгерістерді айқындайтын фактілер жинақтала бастады. Сөйтіп оқу және тәрбие арасындағы байланысты айқындайтын педагогикалық тәжірибе пайда болды. Бұл оқушының жеке тұлғасы дамуының заңдылықтарын зерттеу міндетін толық мөлшерінде қоюға мүмкіндік туғызды, Осы міндетті шешумен 70-90 жылдары ғалымдар ұжымы айналысты. Ол оқу материалы мазмұнын талдау және жинақтау ұстанымы негізінде бастауыш мектепте оқу қызметін, қалыптастыру шеңберінде жүзеге асты (Д.Эльконин, В.Давыдов тұжырымдамасы).

Бұл эксперимент, біріншіден, зерттеудің тұтастығын талап етті. Сол себептен оқушы тұлғасының дамуын, сынып ұжымын және оларды біріктіретін оқу қызметін зерттеу міндеті бірге қамтылды. Екіншіден зерттеу эксперименттік-генетикалық болды. Баланың жеке тұлғасы мектепте болған кезең бойы оқу қызметіне кіріскен сәттен аяқталған дейін зерттелді. Бұл дамудың психологиялық механизмдерін, бір жастан келесіге ауысу кезіндегі өзгерістерді айқындап баяндауға мүмкіндік берді.

Жеке тұлғаның оқудың екі амалындағы даму нұсқаларын салыстырып талдау көзделді: біріншісі, білім берудің бұқаралық жүйесінде қалыптасқан және қарапайым дағдылар мен ептіліктерді қалыптастыруға (бағытталады; екіншісі, оқу пәндерінің мазмұны теориялық ұғымдар жүйесіне негізделеді. Мектеп оқушылары ұғымдардың пайда болуын оқу үрдісінің орталық буынын құрайтын ортақ ұжымдық жұмыс барысында оқып үйренеді.

Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде бастауыш мектепте бала тұлғасының мотивациялық құрылымында түбегейлі өзгерістер болатыны анықталды. Олар балалардың танымдық мүдделерінің жедел қалыптасуы негізінде оқу қызметі мотивтерінің қайта құрылуынан басталады. Олар бастауыш мектеп жасының аяғына таман жинақталып қалыптасады да, баланың әр түрлі оқу материалына көзқарасы, арқылы айқындалып қызығуын қанағаттандыратын көздерді өз бетімен іздеуге жетелейді. Яғни, оқу-танымдық мотивтер оқуда ғана емес, оқушы тіршілігінің бүкіл жүйесінде жетекші орын алады. Өйткені, осы мүдделер ортақ ұжымдық қызмет барысында пайда болады, оларды бала толық қоғамдық форма-сы - топтық құндылық бағдары ретінде ұғынады.

Дамыта оқыту теориясы шеңберінде де әр түрлі мәселелер бойынша қатар зерттеулер жүргізілді. Олар - бастауыш сыныптарда дамыта оқытуды теориялық және әдістемелік қамтамасыз ету (В.Репкин), оқу барысында жеке тұлғаның дамуы (А.Дусавицкий), оқу барысындағы қатынас түрлері (Г.Цукерман), оқу қызметінің қалыптасу деңгейіне баға беру (Г.Репкина, Е.Заика) және т.б.

1995-1996 жылдары В.Репкиннің басшылығымен мектептерде арнайы тексеру жүргізілді. Тексеру мектептегі оқу жылының аяғында конин-Давыдовтың жүйесі бойынша оқу қызметінің қалыптасу деңгейінің негізгі көрсеткіштерін белгілеп, олар тұжырымдаманы және мектеп-зертхана жағдайындағы жүйесін өзірлеу кезіндегі көрсеткіштерімен, сонымен қатар қазіргі мектепте іске асырылатын өзге оқыту жүйелерін сипаттайтын деректермен салыстыруды көздеген. Нәтижесі мынадай болды. Тексерілген сыныптардың 80 пайызында мұғалімдер дамыта оқыту жүйесі жобасын жүзеге асыруды қамтамасыз еткен. Оқу қызметінің қалыптасуы, оқушылардың интеллектуалды дамуы, сондай-ақ оқу ұжым мен жеке тұлғаның даму көрсеткіштері мектеп-зертхана жағдайында тіркелген көрсеткіштермен бірдей болған. Бұл дамыта оқыту жүйесі жобасының шынайылығын дәлелдейді. Сонымен қатар, зерттеу осы жүйені игеруге байланысты кейбір мәселені айқындап берді. Мұғалімдердің, көбі 80 пайыаға дейін) жүйе жобасының негізін құрайтын педагогикалық қызметті жүзеге асыру барысында, әсіресе, ұйымдастыру-коммуникациялық деңгейінде кездесетін елеулі қиындықтарға ұшырасқан.

Алынған нәтижелерге теориялық талдау А. Дусавицкийдің "Жеке тұлғаны оқу барысында дамыту" еңбегінде жасалған. Талдау бастауыш мектепте оқуды ұйымдастыру әдісі және бала тұлғасын дамыту арасындағы байланыстың психологиялық механизмдерін айқындауға мүмкіндік берді. Қазіргі жағдайда бастауыш мектеп кезеңі - қоршаған ортаға деген субъективтік эгоцентристік көзқарастың объективтік (танымдық, өнегелік) қөзқарасқа ауысуына ең қолайлы мезгіл екендігі көрсетілді. Алайда, бұл оқу мазмұны мен оқыту әдістерін түбегейлі өзгерту жағдайында мүмкін болады.

Балалар қарым-қатынасында алуан түрлі тұлғааралық байланыстар құрудың өзгермелі үрдісі бала тұлғасы сана-сезімінің дамуына ықпал егеді: алдымен, оқудағы жетістіктерін дәл бағалауға қатысты, екіншіден жеке тұлғаның моралдік қасиеттеріне байланысты. Қарым-қатынас барысында белгілі жұмысты атқаруға орай қасиеттер емес, баланың тұлғасы, оның адамгершілігі үлкен маңызға ие болады.

Сөйтіп бастауыш мектеп жасында келесі кезеңдерге өтуді қамтамасыз ететін тұлғалық әлеует қалыптасады. Орта және жоғары сыныптарда жеке тұлғаның тұрақты құрылымы қалыптасатынын зерттеулер байқатты. Оның негізін тіршіліктің саналы мотиві ретінде айқындалатын идеал құрайды. Оқушылардың өмір туралы анық түсінігі қалыптасады, бұл мамандығын саналы түрде таңдауды қамтамасыз етеді. Оқу мерзімі бойы сынып ұжымы құрбылар үшін негізгі референттік топ нағыз тәрбие ортасы болып қалады.

Ал жоғары сынып оқушылары - әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан күрделі қауымдастықтың жиынтығы. Бұлардың күрделілігі - олардың тұрақсыздығы, өздерінің іс-әрекеттеріне сын көзбен қарамауы, басқалардың, әсіресе мұғалімнің іс-әрекеттерін әр уақытта сынауында. Мұғалімнің жасөспірімдердің сеніміне кіруі оңай емес. Мұғалімді төмендегідей қасиетіне қарап құрметтейді, сыйлайды:

1)әділдігі;

2) сабақты қызықты өткізуі;

3) көңіл бөлгіштігі;

4) талап етушілігі;

5) бірсөзділігі;

6) тапқырлығы.

Осы келтірілген алты қасиеттің біреуі мұғалімнің бойында болса, жасөспірім ол мұғалімге сенім артады. Бірақ егер де мұғалім балаға бір әділетсіздікті көрсетсе немесе бір рет оның көңілін қалдырса, онда ол алғашқы көзқарасын өзгертеді. Себебі жасөспірім айтқан сөзге беріктікті, тұрақтылықты қалайды да, мұғалімнің іс-әрекетіне түпкілікті баға бере алмайды. Осыған қарап айтарымыз-мұғалімнің жасөспірімнің сеніміне кіруі қандай оңай болса, оның сенімінен шығып кетуі одан да тез. Сондықтан мұғалім қиын бір жағдаятқа тап болғанда одан ұтымды шығып кетудің жолын қарастырғаны жөн.

Мұғалімнің көп жағдайда оқушыға қойған талабы оқушының көңілінен шықпауы мүмкін. Жоғары сынып оқушылары өзін-өзі тәрбиелеу дәрежесіне көтеріліп, жолдас-жоралармен жаңа қатынасқа көшеді. Осы жерде олар қате жіберуі де мүмкін. Соған көмектесу керек. Олардың ғылыми дүниетанымы, азаматтық, көзқарасы қалыптаса бастайды, кәсіптік бағдар алуға мұқтаж болады. Сондықтан оқытушы, ата-ана жоғары сыныптағы балаларының ерекшеліктерін біліп, олармен ересектермен катынаста болғандай тең жағдайда сырласып, мамандық таңдау, алғашқы махаббат, т.б. туралы ашық сөйлесу керек. Осы жағдайдың өзінде жетекші рөлді балалардың өздеріне беруді ұмытпай, көрсетілген бағыттарда педагогикалық тұрғыда көмектесу қажет.

В.Давыдов оқу қызметінің құрылымында оқу қажеттілігі, мотивтер, міндеттер, әрекеттер мен операциялар секілді бөліктерді атап көрсетеді. "Мектептің бірінші сыныбына келген балаларда оқу қызметінің біртұтас құрылымы болмайды. Қолайлы жағдайда ол мектеп қабырғасында бірнеше жыл ішінде, әсіресе, бастауыш сыныптарда қалыптасады - дейді ғалым. Бастауыш мектепте оқу қызметтің негізгі және жекеше түрі болып табылады. Оны атқару барысында оқушылардың бойында жаңа психикалық құбылыстардың дамуына негіз қалайтын және ең алдымен, заттардың пайда болу және даму заңдылықтарын ашуға бағытталған теориялық ойлау негізі дамиды "Педагогика ғылымы теориялық жағынан іргелілік сипатта болса, тәрбие мен оқытудың теориясын іске асыру жағынан қолданбалы сипат алады.

Тұлғаның құрылымдық компоненттері үш бөліктен тұрады. Біріншіден, оның ақыл-ойын дамыту арқылы санасын жетілдіру, екіншіден азаматтық өркениетті тұлғаның біртіндеп сіңіру, үшіншіден, жеке тұлғаны іс-әрскетке ендіру арқылы өзін-өзі тәрбиелеуге белсене қатыстыру. Тұлғаны тәрбиелеп жетілдіруде осы үш компонент тығыз бірлікте қызмет етеді.

Әлеуметтік көзқарас тұрғысынан қарағанда, тәрбиеге қоғамдық бақылау және түзету енгізетін, жастарды мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар арқылы басқарып бағыттайтын, қоғамның қазіргі және болашақ өміріне мақсаттылықпен даярлау ісі деп қараймыз. Тәрбие ісі адамның қабілетін қоршаған ортада және оның санасында қалыптастыруды мақсат ететін болғандықтан, ол психологиялық процесс.

Жеке басты қалыптастыруда ұзақ мерзімді педагогикалық әсер туғызатын әдістер тиімді деп саналады. Оған ұзақ мерзімді жаттықтыру ісі, оқыту әдістерінің жүйесі, тәрбиешінің жеке басының үлгісі енеді Бұл мәселе жөнінде (мәселе жеке бастың үлгісі туралы болып отыр) қазіргі кезде жиі айтылып жүрген педагогикалық авантюризмнің ғылыми негізсіздігін, оның тіпті педагогиканы жетік білмейтін тәрбие ісінде мамандығы шамалы адамдардың өзінше ойлап тапқан «жаңалығы» деп қарауымыз керск, себебі идеалсыз жеке бастың қалыптасуы мүмкін емес.Оқушы үшін шынайы ұстаз- педагог идеал болуы керек.

Сендіру - жеке тұлғаның санасын қалыптастыратын тәрбиенің ең маңызды әдісі. Әсіресе бұл әдісті талдауда Н.К.Крупская ерекше еңбек етті. Еңбекті ұйымдастыруда, әр түрлі қоғамдық-саяси және мәдени-көпшілік жұмыстарға деген балалардың сана-сезімін олардың әлеуметтік көзқарасынан бөліп алып қарауға болмайды. Осы негізде Н.К.Крупская балалардың өмірі мен еңбегін ұйымдастыру ісін олардың адамгершілік жолындағы даму ісімен, қоғамға пайдалы іске саналы түрде қатынасуымен тығыз байланыста қарастырды. Н.К.Крупская «балалармен тек құрғақ сөйлесу керек емес, олардың істеп отырған ісіне сенімін арттыру керек» дейді.

Мектептегі оқу – тәрбие процесі оқушыларды эстетикалық және физиологиялық жағынан, адамгершілік-имандылық тұрғысынан тәрбиелеп қалыптастырудың маңызын аша көрсетіп, олардың мінез-құлқын осы заман талабына сәйкес жетілдіруге деген сенімін арттырады. Оны іске асырудың маңызды құралы ретінде оқу ісінде, жекелеме және ұжымдық түсіндірмелі әңгіме түрінде, кештер мен конференцияларда, саяси хабарлар мен пікір таластарда кеңінен қолданады. Бұл істердің бәріндсе сендіру әдістерінің нәтижелі болуы оның мазмұнына және эмоционалдық сезімге құрылуына байланысты болмақ.

Жағымды үлгі-өнеге арқылы тәрбиелеу әдісі жеке бастың қалыптасып дамуы үшін тәрбие ісіндс зор рөл атқарады.

Бір данышпан жеке бастың рухани дамуы үшін үш жағдай - үлкен мақсат, үлкен кедергілер және үлкен өнеге керек деген екен.

Бастауыш сынып оқушсы үлкендердің іс-әрекетіне еліктей отырып, оны саналылықпен және моральдық сеніммен ерекше қабылдап, өзінше «қайталайды». Оқушылар басқаның аса жоғары мұратты іс-әрекетін байқап, бақылай отырып ерлік, еңбек сүйгіштік, саналылық дегендсрдің мазмұны мен мәнін ой елегінен өткізіп, өзінше тебіреніп барып қабылдайды. Басқаның іс-әрекетіне өзінше баға беретін болады. Баланың басқаға еліктеуі оны көшіре салу емес, өміргс өзінше баға беріп, сана-сезімінде сыннан өткізу арқылы басқаның адамгершілік сезімі мен көзқарасына сын көзімен қарап. Өзінше түсініп, өзінше қабылдайды деп қараймыз.

Бұл жағдайда бастауыш сынып оқушылары өзін-өзі тәрбиелеуге жауапкершілік сезіммен қарай бастайтын болды. Осы тұрғыдан қарағанда бастауыш сынып оқушыларының өзіне жақын адамдардың жеке үлгісін зор сеніммен қабылдап, оны өзінің рухани қажетіне үлгі етіп жаратуы тәрбиедегі ең маңызды іс болып саналады. Басқаның жеке бас үлгісін жастарга өнеге еткенде, келтіріліп отырған мысалға қоғамдық тұрғыдан талдау жасап, ол іс-әрекет несімен құнды, неліктен оны үлгі етеміз дегенді саналы түрде талдау арқылы қабылдау керек.

Жаттықтыру әдісі жеке басты іс-әрекетке, тәртіптілікке қалыптастыруда аса маңызды рол атқаратып тәрбие әдісінің бір түрі. Әсіресе мәдениетті, жақсы мінез-құлықты оқушының бойына дарытып, әдет, дағдыға айналдыру үшін жаттықтыру, қайталап үйрету үлкен рол атқарады. А.С.Макаренко тәрбие ісінде оқушыларды практикалық іс-тәжірибемен байыту, олардың мінез-құлқына мәдениеттік дағды мен әдетті сіңіру аса қажет деп санады.Ол «Мінез-құлқымыз саналы болуы керек бірақ одан тәрбие ісінде үнемі саналылыққа ғана сүйену керек деген ұғым тумайды. Нағыз этикалық мінез-құлық нормасы саналылықтан әдет дағдыға, іс -тәжірибеге сіңісіп, мүлде дағдылы әрекетке айналғанда ғана шынайы мәдениетті азамат тәрбиелейміз. Сондықтан да балалардын бойында жақсы әдет дағдыларды мықтап орын алуы үшін оны үнемі жаттықтыру керек дейді.

Сонымен «жаттықтыру әдісі дегеніміз оқушьшың бойына қажетті жағымды іс-әрекетті, мінез-құлықты әлденеше рет қайталату арқылы жаттықтырып сіңіру, оны қалыпты мінез-құлық дағдысына біртіндсп айналдырып қалыптастыру».

Осы әдіс арқылы оқушының бойына мәдениетті мінез-құлық дағдыларын сіңіруде тәрбие құралы ретінде оқу жұмысында да, әр түрлі сыныптан тыс қоғамдық жұмыстарды атқаруда да еңбекке, мәдени-көпшілік, саяси тәрбие, спорт жұмыстарына араласуда, сондай-ақ сөйлеген сөз, жүріс-тұрыс, әңгіме, баяндама т.б. іс-тәжірибеде қолданып жаттықтыру, іске асыру арқылы жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, баланың оқу-тәрбие процесіне байланысты меқтепте істейтін іс-әрксеттерінің бәрі жаттықтыру арқылы іске асырылады. Жаттықтыру тәрбиенің жалпы әдісі ретінде баланы саяси қоғамдық, адамгершілік, дене және эстетикалық жағынан дамыту міндеттерін шешуде қолданылады. Әсіресе, бұл әдісті баланы адамгсршілікке тәрбиелеуде кеңінен қолдану қажет. Ол баланы үстел басында отыруға, жүріп-тұруға, жолдастарымен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретуден бастап, принципшілдікке, адалдыққа, Отан сүюшілікке, ерлікке саналы тәртіпке үйрету сияқты жоғары моральдық қасиеттерді олардың бойына сіңіругс деиін қолданылатын әдіс.

Жаттықтыру дене тәрбиесінің көркемдік – эстетикалық қабілетті дамытудың негізгі әдісі болып саналады.

Баланың бойында әдет-дағдыны немесе іс-әрекетті мінез-құлық дағдысы етіп қалыптастыруда жаттықтырудың педагогикалық негізі жөнінде К.Д.Ушинскии де көптеген пікірлер айтқан болатын. Ол жаттықтырудың іс-әрекет, қимыл үстінде "адам психологиясынан алатын орнын айқындай келе жаттықтыруды іске асырудың төмендегідей тәсілдерін ұсынады:

а) балалардың алдына белгілі бір іс-әрекет жасауға ынталылық туғызатындай міндет қою;

ә) сол іс-әрекетті шешуге қажетті білімді алдын ала меңгерту;

б) оқушыға іс-әрекет кезіндс іске асырылатын әрекетті алдын- ала қайталап жасатып үйрету;

в) кейін ол іс- әрекетті әлденеше қайталатып жаттықтыру, қалыпты-

дағдыға айналдыру;

г) оқушылардан жаттығуды жетілдіре түсуді талап ету

е) іс-әрекет үстіндсгі адамның мінез-құлқының үнемі бағытталуда болатынын ескерту.

Оқушылардың мінез- құлқын бақылау, оған талап қою әдісі. Бала ойынға алданып, теледидардан қызық кино, концерт көріп, спорт жарыстарына қатысып, үй тапсырмасын орындамауы мүмкін. Сондықтан баланың мектептен тыс уақыттағы мінез-құлқын бақылаудың немесе оны еңбектің бір түрінен екінші түріне ауыстырудың тәлімдік маңызы зор. Талап қою дегеніміз баланың іс-әрекетін белгілі бір бағытқа бейімдеу. Талап қою - баланың жауапкершілік сезімін ояту. Бұл әдісті іске асырудың құралы - мұғалімнің сұрауы, орынды нұсқау беруі. Оның ерекшелігі баланың тез іс-әрекет етуіне, оның мінез-құлқын өзі реттеп тәртіпке келтіруге үйретеді. Ол көбінесе мұғалім мен оқушының ара қатынасы дұрыс, бірін-бірі түсінген, дұрыс талап қоюды, мінез-құлқын белгілі нормалар мен ережелерді орындауға ынталандыруды көздейтін әдіс. Сондай-ақ ол белгілі тапсырмалар мен талаптарды орындауға бағытталады. Ал оны орындатудың құралы: күнделікті баланың мінсз-кұлқын, іс-әрекетін, жұмысын бақылау, тапсырмалардың орындалу барысы туралы әңгімелесу, баланың тәрбиеші алдында есеп беруі немесе сыныптас жолдастары алдында есеп беруі арқылы іске асырылады. Бақылау баланың іс-әрекетін бақылай отырып, бағыт-бағдар беруге бейімделе жүргізіледі.

Баланы бір іс-әрекеттен екінші іс-әрекет түріне ауыстырудың психологиялық-педаогикалық негізі басқаша. Кей бала үнемі бір іспен шұғылданғанды жақсы көреді. Мысалы, детективтік әдебиетті көп оқу, денсаулыққа зиянды ойындарға әуес болуы немесе үзілісте балалық мінездерді көбірек күйттеу т.б. Бала жақсы көретін іске тиым салу үнемі тәрбиелік нәтиже бере бермейді. Ондай жағдайда баланы еңбектің екінші түрімен айналыстыруға тура келеді. Бала өзі үйренген істен екінші іс түріне ауыспайды. Алғашқыда мұғалімге риза болмай, қарсылық білдіруі де мүмкін. Ондайда балаға екінші іс-әрекеттің пайдалы жағын жайлап түсіпдіріп, ол істі істеуге оқушының ынтасын біртіндсп туғызу керек.

Тәрбиенің жеке тұлғаны қалыптастыратын маңызды әдістерінің бірі-ынталандыру.

А.С. Макаренко “Жазалау- адам мінезінің (характерінің) берік болуына мүмкіндік туғызады, баланы өзінің іс -әрекетіне жауапкершілікпен қарауға, оның еркі мен адамгершілік орнын қалыптастыратын тәрбиелеуге ықпал етеді”-деді.

Мадақтау әдісі дегеніміз - тәрбиешінің баланың қарама-қарсы жазалау баланың іс-әрскеті мен мінез-құлқындағы жағымсыз жағдайларды көріп, оның қоғамдық мінез-құлық нормалары мен ережелеріне сай келмейтіндігіне тәрбиешінің көзқарас, пікірін білдіруі.

Мадақтау мен жазалау әдісінің психологиялық негізі баланың ішкі жан дүниесінің күйініш яки сүйініш сезімімен байланысты. Бұл сезім баланы өзінің іс-әрекетіне талдау жасауға, өзіне-өзінің баға беруіне итермелеп отырады. Сонымен бірге теріс іс-әрекеттен бойын тежеуге үйретеді. Олай болса, жазалау я мадақтау әдісі оқушыларда адамгершілік сана-сезімнің оянуына, дамуына ықпал етеді, өзінс-өзі талап қоя білугс үйретеді. Мадақтаудың әдісі: мұғалімнің оңаша мақтауы, алғыс жариялауы, жолдастарының алдында алғыс жариялауы, мектеп дирекциясының бұйрығымен алғыс жариялау, т.б. сыйлықтар беру, мақтау грамотасымен, алтын, күміс медалімен марапаттау. Онан басқа мектептің Құрмет кітабына жазу, Құрмет тақтасына фотосуретін қою т.б.

Мадақтау әдісін баланың жас ерекшеліктеріне қарай лайықты қолдану керек. Төменгі сыныпта мадактау жиірек қолданылады. Мысалы, бала партада түзу отырғанда, қолын дұрыс көтергенде, сабақ үстінде тыныш отырғанда, т.б. Ал жоғары сыныптарда баланың іс-әрекетінің күрделі түрлері мадақталады. Мысалы, бала үнемі үй тапсырмасын орындап келеді, көрнекі құрал жасайды, еңбекке белсене қатысады, т.б. Әрине мадақтауды жиі қолдануға болмайды. Ол оқушыны дандайсытуы мүмкін. Мадақтау әдісін жеке оқушыға да, бүкіл сынып ұжымына да қолдануға болады.

Жалпы адамның жағымды жағын көре білудің, жақсы істерді үлгі етудің тәлімдік мәні зор. Осы мақсатпен - кейде мектептін қабырға газетінде «Біздің мектептегі іс-әрекеттер» деген айдармен мақала ұйымдастыру орынды (немесе «Олардың ісі - басқаларға үлгі» т.б.)

Тәрбиенің әдіс-тәсілімдерін қорыта келе айтарымыз барлық әдісті тиісті жерінде орынды қолдану, оларды бір-бірімен байланысты деп қарау ғана жеке басты қалыптастыруда нәтиже береді. Оның бәрі оқу-тәрбие жүйесінде тиісті орнымен жұмсалғанда ғана нәтижелі болып шығатынын ескеру керек. Тәрбие әдістерін кешенді түрде орынды қолданғанда ғана тәрбие ісі жемісті болмақ.

Бала тәрбие үрдісінің объектісі ретінде сырттан үлкендердің, қоғам-ұйымдардың және түрлі сананың, табиғат пен әлеуметтік ортаның сын сезініп, белгілі әлеуметтік тәжірибені және ақпаратты игереді.

Бала объективті тәрбие үрдісінің мүшесі ретінде әлеуметтік жүйеге еніп белгілі тәуелділікке түседі. Соның барысында балалардың дағдылары қалыптасып, іс-әрекеті, санасы, дүние туралы түсінігі қаланып, тұлғаның психикалық қасиеті мен ойлауы дамиды. Сөйтіп бала қоғам өмір мен өндіріске қатынасатын мүшеге айналады.

Бала тәрбие үрдісінің субъектісі ретінде табиғи күш пен қабілеттері негізінде алғашқы қажеттіліктер мен түрткілерге және қызығуына байланысты дамиды. Оның қабілеті мен қажеттіліктерінің қалыптасу мүмкіндігі мол, өйткені ол әлеуметтік орта және тәрбиемен тығыз байланысты. Баланың жеке басының қалыптасуы тек ішкі заңдылықтармен шектелмейді, сол сияқты әлеуметтік жағдайдың ықпалынан да оның түрлі қыры, мысалы, дарыны, қызығуының дамуы немесе дамымауы мүмкін. Бала тәрбие субъектісі ретінде біртіндеп қалыптасып, азаматтық түлға, ол өз түрткісі мен іс-қылығының әсері арқылы қоғамдық сананы, түсінікті, идеяларды саналы түрде таңдап, оны бойы сіңіреді. Біртіндеп даралық қасиетті, қажеттілікті, өмірлік ұстанымды түрлі ықпалды, саналы қарым-қатынасты, өзара әрекеттесуді талдауды үйренеді.

Тәрбиелік ұжымда және қоғамдық ұйымдарда немесе бірлестіктері әр оқушы қоғамдық өмірдің түрлі қырын, мәселен, экономикалық жағын игереді. Бала еңбек ету барысында адамдардың қоғамдық меншікке болатынын түсінеді. Еңбек ұжымы арқылы адам қоғамдық қатынастардың белсенді мүшесіне айналады. Оқушылар нарықтық мәселелер жайлы, мысалы, жалға беру және алуан экономикалық мәселелердің түр- қырларымен танысады. Нарықтық қатынастың тәжірибелік жағын түсіндіріп баланың ұжымдық тәрбиесі мен еңбекке шығармашылық қатынасын нығайтады. Бастауыш сынып оқушыларына (7-10 жасар) "Балдырған сатысындағы "Бизнес" бағыты арқылы нарықтық қатынастардың алғашқы түсініктерін өздерінің өндірген заттары арқылы тәжірибе жүзінде іске асыруға болады. Кішігірім бизнес жасауға, нарықтың мәнін түсінуі өздері өндірген заттар туралы, өзін-өзі қаржыландыру (қолөнер, мектеп жанындағы тәжірибе учаскесі) жайлы түрлі мәселелік жағдайлар тудырып, оны тәжірибе жүзінде жүзеге асыруға жаттықтыру белгіленеді.

Балалар ұжымын ерікті оқушылар қоғамы арқылы мектептегі өзін- өзі басқару жұмысына қатыстырып, бейбітшілік үшін күресуге, мектепті сайлау жұмыстарына, мерекелер мен фестиваль жұмыстарын үйымдастыруға қатыстыру арқылы ел жандылыққа баулып, азаматтық тәрбие беруге болады.

Бастауыш сыныпта ұлттық ерлік дәстүрлерді насихаттап, оқушыларды Отан алдындағы борышын орындауға, Отанын қорғауға, денсаулығын нығайтып, денесін шынықтыруға, табиғатпен үйлесімділікке келуге, әскери бөлімдермен және шекарашылармен байланыс орнатып оқушылардың азаматтық тәрбиесін "Ерлік" бағыты бойынша жетілдіру көзделеді. "Балдырған" сатысының оқушыларымен түрлі жарыстар ұйымдастырып, олардың тәндік саулығын нығайтуға да болады.

Оқушылар ұйымының әлеуметтік қыры. Ұжымдағы балалардың бойында әлеуметтік әділеттілікті сақтау, келісімге келу, азаматтық, ізгі жауапкершілік, өз ықтиярымен іс атқаруға даярлығы тәрізді сипат қаланады. Мектеп ұжымының әр мүшесі өзін әлеуметтік өмірді жетілдіруге тиістімін деп сезінуі қажет. Ұжым мүшелері әрқайсысының отбасы туралы, оның мұқтаждары мен қатынастары, істері жайлы біліп, біріне моралдік көмек көрсетеді. Оқушылар бірлестіктерінде балалардың дарындылығы мен қабілеттері дамиды. Оқушылар ұжым арқылы әлеуметтік жақсылықтарға қол жеткізеді, ұжым мен жеке тұлға арасындағы байланыстың мәнін түсінеді. "Балдырған" сатысындағы "Іздер бағытында қоғамдық әлеуметтік өзгеріс, нарықтық қатынас, ғылми техникалық жетістіктің алғашқы элементтерін игеру (мультимедия компьютерлік ойындардың бағдарламасын жасау, шығармашылық ізденіске түсу), өмірлік құндылықтарды игеру, жеке бастың қасиеттерін дамытуды көздейді.

Оқушылар ұйымында балалардың морал мен адамгершіліктің қоғамдық құбылыс ретіндегі түсініктері жетіледі. Ұжымдық еңбекті ұйымдастыру барысындағы бір-біріне тәуелділікті, достық қатынасты, қоғамдық моралге бой ұсынуды, бір-бірінің, өзінің, ұжымның және қоғам алдындағы жауапкершілігін саналы түсінеді.

Жоғарыда келтірілген ғалым педагог- психологтардың талдауларын басшылыққа ала отырып, бастауыш сынып оқушыларының тұлғалық қасиеттерін дамытудың педагогикалық психологиялық негізін келесі № 1 сызба арқылы көрсетуімізге болады:


№ 1 сызба

Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін

дамытудың педагогикалық- психологиялық негізі




Педагогикалық жақтары Психологиялық жақтары

1. Сана – сезімін жетілдіруге 1. Оқушы тұлғасының дамуы

2. Адамзаттық өркениетті сіңіру. 2. Қарапайым дағдылар, ептіліктердің

3. Өзін -өзі тәрбиелеуге қатыстыру қалыптасуы

4. Оқыту әдістерінің жүйесі 3. Оқу- танымдық мотивтерінің

5. Тәрбие әдістері: сендіру, 4. Моральдық қасиеттері.

жаттықтыру, ынталандыру, 5 Тұлғалық әлеуеті.

жағымды үлгі өнеге көрсету 6. Танымдық өнегелік

мадақтау 7. Табиғи күш пен қабілеттерінің

6. Адамгершілік сезімін дамыту дамуы.

Бастауыш сынып оқушыларының тұлғалық қасиеттерін дамытуда отбасы тәрбиесінің ролі ерекше мәнге ие. Осыған орай, біз келесі тақырыпта отбасы тәрбиесінің факторы туралы мәселелерді қарастырамыз.




Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет