Комиссар єаббасов



бет8/55
Дата22.12.2021
өлшемі3,8 Mb.
#380
түріБағдарламасы
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   55

ҮШІНШІ КАРТИНА



Сергиополь. Сабыржан штабы. Бұрынғы Рақымбай байдың үйі. Төрде терезе алдында жазу столы. Диван, орындықтар. Қабырғада карта. Перде ашылғанда Сабыржан жазу жазып отырады. Сыртта музыка. Солдаттар әні естіледі. Сабыржан терезені ашып қарайды, өлеңдетіп бара жатқан солдаттар.

Сабыржан. Азамат соғысы... Жау жағадан, бөрі етектен... Азаматтық борышымды адал ақтап, адамшыл арымды таза сақтап, халық үшін күресте құрбан болсам... Кейінгі ұрпақ алғысын айтпаса да, қарғысын айтпайтын болса... арман жоқ...

Ашулы Әлімқан кіреді.

Әлімқан. Уа, Сабыржан қарағым, сен Ғарапшаның баласы емеспін, халық баласымын деуші ең...

Сабыржан. Ия, Әлеке, болыстар бой бермей кетті ме?

Әлімқан. Жаролланы жағасынан сүйрегендей етіп алып келіп едім...

Сабыржан. Ия?

Әлімқан. Мұнда келген соң күшейіп алды мүлде. Мен Сабыржанның алдына бармаймын, Ғаббас тұқымынан танитыным Мұқаметша дейді.

Сабыржан. Мен оны бас бергелі шақырыппын ба?

Әлімқан. Ағаң ара түсіп алып қалды. Жаролланың жығылған жағасын көтеріп отырған ағаң Мұқаметша. Ағайынның азары болса да, безері жоқ. Біз үшін туған ағаңнан безбессің. Халықтың баласымын деуші едің деп жатқаным, сол, Сабыржан.

Сабыржан. Мен туысым үшін күресіп жүргенім жоқ. Революция жолындағы күресте кім де кім бізді жақтаса – сол туыс, сол туған. Кім де кім халық ісіне қарсы шықса, сол дұшпан, сол жау. Туарлықта туғандық жоқ. Жаролла болысты алып келіңіз. Қасыңызға солдат алыңыз.

Әлімқан. Алдыңнан өтейін дегенім ғой. Мұқаметшаны сыйлағаным болмаса, Жаролланың иманын айтқызбай ма, Әлімқан. Енді көрейін оны.

Кетеді.

Сабыржан. Аға араға түседі, ағайын аяққа оралады...

Жазуға отырады. Аздан соң Шалтай кіреді.

Шалтай. Жолдас комиссар, мен келдім.

Сабыржан. /жазуын аяқтап/. Шалтай, сенің жүгің бәрінен де ауыр болып тұр.

Шалтай. Жүк ауырын нар көтереді. Нар тәуекел. Мен дайынмын, жолдас комиссар.

Сабыржан. Сен тез Семейге жет. Семейге баратыныңды өзіңнен басқа жан білмесін.

Шалтай. Атамаңыз, жан сезбейді.

Сабыржан. Бержақта «Заречная слободка», орта жақта Тінібай мешітінің түбінде паромшы Олжабай тұрады.

Шалтай. Білем, білем...

Сабыржан. Семейдің бар қайықшысы сол Олжекеңнің қолында. Ақтың әскерінің Ертістен бері өтуін бөгесін. Егер сен барғанша өтіп кетпесе өздері біледі. /Пакет беріп/. Мынау Олжабай арқылы Ерғали Нұржановқа тапсырылсын. Нұржанов Семейдегі ең сенімді адам. Коммунист. Жау қолына түсіп қалмаса, жай жатпаған болар.

Шалтай. Алла қосса, жанымды салам ғой, жолдас комиссар.

Сабыржан. Ең мықты атты мін. Бекет жолымен жүрме. Даламен кет. Суыт жүр. Сақ бол. Жолың болсын, аман-сау орал!

Шалтай. Айтқаныңыз келсін. Көріскенше күн жақсы, жолдас комиссар... Сабыржан аға!

Сабыржан. Жолың болсын, Шалтай бауырым!

Амандасып Шалтай кетеді.

Аздан соң ашулы Мұқаметша кіреді.

Мұқаметша. Көп жасаған білмейді, көп көрген біледі, дейді халық. Сенің жасың кіші болса да көп көрдің, көп жүрдің. Жиһангер соғысында болдың, Кавказ, Мәскеу, Петербор бәрін араладың. Қазан қаласының түрмесінде де отырдың. Сібірді аралап Семейге келдің. Тілегіміз оң болып, аман-есен туған жеріңе жеттің...

Сабыржан. Сіз тіпті ұзаққа кеттіңіз ғой.

Мұқаметша. Ұзаққа кетпейін. Ұзақ жүріп ел-жұрт, ағайыннан алшақтап кеткеніңді айтайын деп отырмын. Жау болса атаман жау шығар, Сасықбайдың Рақымбайы мен Жароллалар не үшін күйеді. Адасса ақыл айтып, жөнге салуға болмай ма?

Сабыржан /орнынан тұрып/. Ағайын, қарындас, ел деп отырғаныңыз солар ма еді.

Мұқаметша. Анау Әлімқан Жаролланы алқымынан алып ауылынан әкеліп отыр...

Сабыржан. Жаролланы мен шақырттым, сіз неге ара түсесіз.

Мұқаметша. Әлімқанның Жаролланың жағасынан алуы масқара емес пе...

Сабыржан. Әлекең дұрыс істеген.

Мұқаметша. Сондай жауыздық бола ма екен. Ел не дейді...

Сабыржан. Ел не десін. Кім қас, кім дос екенін халық жақсы біледі.

Мұқаметша. Олардың не қастығын көріп едің. Сен Қазан түрмесінде жатқанда, мені большевиктің ағасы деп жауып қойғанда Рақымбай босаттырды емес пе. Жақсылыққа жақсылық деген қайда.

Сабыржан. Жауыздықтарын да жақсылық дейсіз бе. Сізді менің туысым деп тұтқынға алуы әділеттік емес. Біз онда ешкімге қарсы күрескен жоқпыз ғой.

Мұқаметша. Олай демеймін. Жақсылыққа жақсылық - әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі, демей ме. Әкеміз өлгенде сен бір-ақ жаста едің. Атамыз бен атасы сыйлас Жаролланың жақсылығын ұмыта алмаймын. Әкеміздің жылын бергенде мал-дүниесін аямаған ағайын Жаролла болатын...

Айғыз кіреді.

Мұқаметша. Айғыз, сен кішкене аялдай тұршы. Біздің өзара әңгімеміз бар еді.

Айғыз. Мұқаметша, сен немене сонша өзара деп, мені өзге дегің келе ме? Сабыржанның сен ағасы болсаң, мен анасының орнына анамын деп жүрмін. Әлде қатын деп қақпайлағың келе ме. Менен жасырын сырларың болса кетейін.

Сабыржан. Айғыз апа, сізден жасыратын сыр жоқ. Отырыңыз.

Айғыз. Сабыржанға серік болуға жараған Айғыз, сыр сақтауға да жарайды. /Мұқаметшаға/ Сен немене менің бетімнен қағасың...

Мұқаметша. Айғызбен айтысып жататын жайым жоқ. Ендеше мен кеттім. Кейін сөйлесерміз, Сабыржан.

Айғыз. Мен-ақ кетейін. /Мұқаметшаға/ Адамның бетінен алады дейсің. Мен ашынған Айғызбын. Ар-намысыма тиген адамның бетінен алып, айтысуға да жараймын. Керек болса алысуға да барамын.

Мұқаметша. Құдай қатынмен жағаластырмасын.

Айғыз. Е, сүйтіп жөніңе кет. Бірақ, қатын дегендеріңді қойыңдаршы.

Мұқаметша. Қатынды қатын демегенде, әке деймізбе енді!

Сабыржан. /сөзін бөліп/. Ашуларыңызды басыңыздар. Сөзіміз ағайын арасындағы әңгіме емес. Елге ортақ мәселе. Олай болса біздің әңгімеге Айғыз апайда ортақ. /Мұқаметшаға/ Сіз Жаролла мен Рақымбайдың жақсылығын айтқыңыз келді. Оларға арашашы болмақсыңыз...

Айғыз. Бетім-ау, ол жауыздар жақсылық дегенді білетін бе еді.

Сабырнжан /Мұқаметшаға/. Әне көрдіңіз бе.

Мұқаметша. Айғыз айта береді. Рақымбайдан, Айғыз сен де аулақ болмайтынсың... ел біледі ғой.

Айғыз. Не дедің. Рас ел біледі... Еріккен бай бір кезде мені ермек етпек болған, өзінше оңай олжа көрген... Сонда Айғыз Рақымбайға ермек болды демекпісің. Жоқ, Рақымбайды қан базарда халық алдында масқара, қарабет қылған Айғыз болатын...

Сабыржан. Сабыр етіңіздер. Қазір ондай әңгіменің уақыты емес. Халық тағдыры тарихтың таразысында тұр. Қара бастың қамын ойлау – халық мақсатына жат нәрсе. Осы ойларыңызда болсын. Айғыз апайдың айтқаны дұрыс. /Мұқаметшаға/ Сіз олардың жақсылығын көріп едім дейсің. Жеке басқа еткен жақсылықты халық ісіне айырбастауға болмайды. Революция ісі – халық ісі. Оған істеген жамандыққа ешбір жақсылық жасау жол емес. Ол ел алдында кешпес күнә. Менің жеке басыма арналған жамандығын кешуге батылым барар еді. Олардың не қастығын көріп едің дейсіз. Қас қастығын көрсетіп істемейді. Ғинаш пен Рақымбайды, Жаролланы ағайын деуге қайтіп аузыңыз барады. Желкемізден жасырынып келіп пышақ салғалы жатқанда қолға түсті емес пе. Ел дейсіз. Ел солар ма екен... Революция күресі ағайын арасының әрекет, араздығы емес. Мен бұны сізге талай айтқам.

Мұқаметша. Ағайын адасса жолға салуға болады. Бас салып жау деген сұмдық емес пе.

Сабыржан. Жауды жау дейміз. Жау аяған жаралы. Аямаймыз аға. Революцияның әділ заңы бар.

Мұқаметша. Ел бүлінбесін, безбесін деймін.

Сабыржан. Елді бүлдіреті де, қолынан келсе бездіруге әрекет жасайтын да, жаңағы өзіңіз ара түсіп отырғандар. Сіз мені інім, туысым деп жаныңыз ашып маған ермеңіз. Менің ұстаған жолымды шын әділет жолы деп кәміл сенсеңіз ғана еріңіз. Мен өмірімді сол жолға бағыштағам. Ол жол – Ленин жолы. Жау әлі де өшкенін жандырып, өлгенін тірілтпекке әрекет жасайды. Бірақ, өлген әкеміз Ғарапша марқұмның қайта тіріліп келмейтіндігіне шүбәңіз болмаса, кешегі ескі өмірдің қайта оралмайтынына солай сеніңіз!

Мұқаметша. Әкем марқұмның аруағын қозғадың ба енді!

Сабыржан. Революция бүкіл ғаламды қозғайды!

Мұқаметша кетеді.

Айғыз. Сабыржан қарағым, жөнін тауып ағаңмен табыс. О кісі де ойланар. Ақылды адам ғой. Әйтпесе өз туысың, қайда барар дейсің. Мұқаметша халыққа абыройы бар адам ғой...

Сабыржан. Мақсатымыз бір болып, бір жолдан табылса, туыс та, аға да, дос та. Болмаса әркімнің еркі білсін. Мен ағайынның айтқанына еріп, ауқымында жүре алмаймын. Алған бетімнен қайта алмаймын, Айғыз апа.

Айғыз кетеді. Әлімқан келеді.

Сабыржан. Жаролланы әкелдіңіз ғой.

Әлімқан. Әкелдім, әкелдім. Ол тұра тұрсын. «Жаңбыр жарғақтыны ұрады» деп, ауылдың бір кедейі жылап тұр.

Сабыржан. Ия, неге?

Әлімқан. Әлі қырсығы арылмаған сорлыны қан қақсатып қойыпты.

Сабыржан. Кім?

Әлімқан. Астындағы жалғыз шолағын аударып алыпты.

Сабыржан. Келсін, Әлеке, білейік.

Әлімқан. /есіктен шақырады/. Кел, жүр бері, ой сорлы. Жеңіл тулақ желге ұшар деп...

Шаруа кіреді.

Сабыржан. Келіңіз, келіңіз.

Шаруа. Қарағым, Сабыржан, мына Әлімқан айтқан шығар... мен өзім мына... Найман, оның ішінде...

Әлімқан. /сөзін бөліп/. Сөз бұйдалап тұратын уақыт емес, ердің құнын айтқалы тұрмысың. Жеті атаңнан қозғамай-ақ, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтпаймысың. Арызыңды айтсаңшы тәйірі.

Шаруа. Арызым... Сіздің солдаттар атымды аударып алып ... жалғыз бұт артарым еді, қарағым.

Сабыржан. Атыңыз қайтарылады.

Шаруа. Е, бәсе, рахмет... Кедейді сор жақтайды деп...

Сабыржан. Оны істеп жүрген бейбақтар жазасын тартады. Біз өмір бойы кедейлік соңынан қалмай келе жатқан сордан, аяқ, қолын шырмаған тордан азат ету үшін күресеміз.

Әлімқан. Түсіндің бе? Жаролла, Құмарлардың тепкісіне тоятын уақыттарың жетті ғой. Өн жорғаларың түсе бермей, еңселеріңді көтеріңдерші сендер де бір...

Шаруа. Ежелгі жуан ата еңсеңді көтертуші ме еді.

Сабыржан. Олардың дәурені өткен. Заман сіздердікі. Енді жер де, мал-дүние байлығына да ие сіздер боласыздар.

Шаруа. Әй, шырағым-ай, ежелгі ірге тепкен ата қонысын, құдай берген дәулетін бізге билетуші ме еді...

Әлімқан. /кекеп/. Билетуші ме еді. Сулы шидем басқандай бөксеңді көтере алмай, кер кете берсең, Жароллалар билетпек түгіл, өзіңді бітеудей жұтып қояр.

Шаруа. Көңілге қонымды да, орынды да сөз, қарағым. Есеміз кетіп жүргенін сезбейді дейсің бе.

Сабыржан. Сезіп тұрмыз деу аз, серпілу керек. Еш бір бай өз қолынан есе бермейді.

Шаруа. Түсінем, түсінем...

Сабыржан. Түсінсеңіз ауыл-ауылға біздің адамдар кетті. Соларға сіздер жәрдем етулеріңіз керек. Жаралының ер-азаматы атқа мініп, жан таласқан жауды жоюға майданға шықсын. Жау сіздерге жау. Жароллалар сол жаудың тілегін тілейтін адамдар.

Әлімқан. Торпақтың тырандағаны шөп қораға дейін дегендей, сен атыңа мініп Аякөзден шыққан соң, қазіргі екпініңнен айрылып қалып жүрме.

Шаруа. Астапралла, мына Әлімқан не дейді, тәйір-ау.

Сабыржан. Әлекең сізді ширатып, шыңдап жатыр ғой...

Әлімқан. Менің саған батыра айтқаным- сен елге батыл айтсын деймін.

Шаруа. Айтқандарыңның бәрі де аталы сөз. Ал, Сабыржан, қарағым, дән ризамын, сау бол, жолың болсын!

Сабыржан. Ренжімеңіз. Сау болыңыз.

Шаруа. Неге ренжимін.

Әлімқан. Қазір мен барам, бара бер.

Шаруа кетеді.

Әлімқан. /Сабыржанға/. Әлгі ала аяқты шақырайын.

Сабыржан. Шақырыңыз.

Әлімқан есіктен: «кір», «кір» деп Жаролланы шақырады. Жаролла кіреді.

Жаролла. Ассалаумағалейкум!

Әлімқан. /кекеп/. Уағалайкем ассалам!

Жаролла. Сабыржан, мұсылман адам бос үйге кірсе де сәлем береді. Кешегі марқұм Ғарабшаның қара шаңырағын ұмыта аламыз ба. Аруақ сыйлаймыз да. Жарықтық атамыз бен де сыйлас, тірі жанға зияны жоқ адам еді, иманды болғыр...

Әлімқан. /кекеп, өз-өзіне/. Ой, иманды болғыр-ай десеңші.

Сабыржан. Сіз бұдан отыз жыл бұрын марқұм болған кісіге көңіл айтуға келмеген шығарсыз.

Жаролла. Олай деме, Сабыржан, ата-бабамыздың аруағын ұмыта алмаймыз.

Сабыржан. Сіз ғафу етіңіз. Қазір шежіре шертетін уақыт емес.

Жаролла. Мен доспын деп келіп отырмын, аруақты ауызға ала келіп отырмын.

Әлімқан. Әруақ, әруақ деп немене түсіңнен шошынғансың ба.

Жаролла. Әлімқан, сен аузыңа ие бол. Ақымақ артын ойламайды, тереңге найза бойламайды, атаң ақымақ болмаса бураменен ойнамайды деген. Теңіңді тауып сөйле!

Әлімқан. Ақпан мен қаңтардағы бурадай бұрқылдайтын замандарыңның өткенін білем, жарлының жазының жеткенін білмей отырған бұл ақымақ па? Жоқ мен ақымақ па?

Жаролла. Сабыржан, біз ақ патша тағынан түскенде, ақ түйенің қарны жарылды, қазаққа бостандық күні туды демедік пе...

Сабыржан. Олай болса, мына ақ патшаның заманын қайта орнатам деп аласұрып жатқан ақ бандыларға қалай қарайсыз?

Жаролла. Жолы болмасын иттердің.

Сабыржан. Олай болса Доңғасаров болыс екеуіңіз мінуге жарамды жүз ат сайлап бересіз, бір деңіз, екінші, біздің әскерге қосылам деген жігіттерге кедергі жасамайсыңдар.

Әлімқан. Міне, шын достық осы ғой. Сөз жүйесін жаңа тапты.

Жаролла. /сасыңқырап/. Ер-азаматтың еркі өздеріңде. Ал, ат-көлік жағын ел-жұртпен ақылдасып көрейік.

Сабыржан. Жүз атты сіздер елден жинамайсыздар. Өзіңіз жиырма бес ат, Доңғасардың үш үйі жиырма бес аттан өз жылқыларыңыздан бересіздер. Аттарыңыз кейін қайтарылады. Шығын болса құнын төлейміз.

Жаролла. Сабыржан...

Сабыржан. Мен ресми түрде бұйрық жазам. Совет үкіметінің бұйрығы деп түсініңіз. Орындауға міндеттісіңіздер. Мына Әлекең бастаған адамдар барады.

Жаролла. Мынау тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айрылғанның кебі болды ғой, Сабыржан-ау.

Әлімқан. Сіз тез өзгереді екенсіз. Жаңа бурамын деп, енді ешкі боп... тіпті ешкімнің де тоқалы болып...

Күледі.


Сабыржан. Ал, солай болсын. Үш күн уақыт берем.

Жаролла. /баяу қозғалып тұрады/. Е... Түсінікті... қош.

Жаролла кетеді.

Сабыржан. Сіз де ертең ертемен аттаныңыз. Қасыңызға он бес солдат алыңыз.

Әлімқан. Мен аттанбағанда кім аттанады.

Жетекеев кіреді.

Жетекеев /честь беріп/. Жолдас комиссар, сіздің бұйрығыңыз бойынша барлық солдат қаланың сыртында окоп қазуға кірісті. Алматыдан келе жатқан әскерді Шыңғожа бекетінен қарсы алуға бес кісі аттанды. Бастығы Ахметжан.

Сабыржан. Жақсы. /стол үстіне картаны жайып/. Қорғаныс шебі мынау... ескі зиратты ең күшті бекініс дейік. Жау мына жақтан шабуыл жасайды. Мынау Битен тауы.

Жетекеев. Битен тауына зеңбірек орнатылады.

Сабыржан. Жаудың үлкен сыбағасын сол Битен беруі керек. Әрбір көшеден оқ ататын бекініс орнын белгілеу қажет. Әрбір қорадан, әрбір үйден оқ жаудыруға әзір болу керек. Шіркеу мұнарасына пулемет орнатылсын.

Жетекеев. Несін айтасың... Бірақ...

Сабыржан. Е... қызыл командир «Бірақ» дейді. Немене бірақ... Петр бірінші шіркеудің қоңырауларын жұлып алып пушка құйғызудан тартынбағанда, біз шіркеудің мұнарасына шығудан қорқуымыз керек пе.

Далада дабыр-дабыр айқай естіледі. Сыртта терезе алдына бір жақтан асып-сасып: «тез, тез... срошной, срошной» деп Апошка келіп қалады. Екінші жақтан оған қарсы мылтығын кезеп сақшы шығады.

Сақшы. Бұл не айғай?

Апошка. Ағама келем. Сабыржан ағама... Асығыс ойбай. Срошной... сен немене, пошом зря...

Сабыржан. Бұл не айғай?

Терезеден қарайды.

Сақшы. Жолдас комиссар, Апошка сұранып тұр.

Апошка. Асығыспын, Сабыржан аға, товарищ совдеп... тығыз, тығыз!

Сабыржан /сақшыға/. Жібер.

Есіктеп Апошка кіреді.

Апошка. Е... бәсе, сәлеметсіздер ме... Опаздал қалып, асығып жүрмін. /Сабыржанға честь беріп/ Ваше высоко /сасып қалып/ астапралла... жо... жо... алжасып әшебайт етіп... жолдас... мен мағлұм Ахметшәріп Қотырашевич Тышқамбаев... Апошка.

Сабыржан. Сеен бізге честь бермей-ақ қой. Ақтарға жасаған жағымпаз сұрқиялығыңды өткізгің келе ме?

Апошка. Апыр-ай комиссар... жолдас... ай... за што пошом зря... сүрінбес тұяқ бола ма... ала сапыран, шым-шытырықта шатассам шатасқан шығармын... ашибайт етіп...

Әлімқан. /кекеп/. Ой ант атқан ай.

Жетекеев. Бұлар солай ашибайт етеді.

Апшка. Адам түгіл ат да адасады. Прошайт етіп... нетіңіздер енді.

Жетекеев. Философиясының түрін қара...

Сабыржан. Алыпсатар әкеңнен қалғанды картаға ұттырып, ақырында қатыныңды картаға салған азғын едің...

Апошка. Правильно... дұрыс айтасыз... парт болмай қалды ғой... Мені солдатқа принимайттаңыздар... көрсетейін мен оларға...

Жетекеев. Совет үкіметін қорғайтын солдат боларсың, ә!

Апошка. Сынаңыздар, сынаңыздар. Апошка да тегін такой-сәкой емес...

Жетекеев. Несін сынаймыз. Келбет келмей сын сұрама. Сының да, сырың да мәлім, Апошка. Босқа уақытты алма!

Апошка. Ой божемой... келбет... келбет... за што... сен Жетекейдің баласы. Жолдас Сабыржан, комиссар... мен бәрін де біліп, тауып келіп тұрмын. Сенген солдаттарыңыз... әне атысып, шабысып, қызға таласып қырылысып жатыр. Ініңіз Самат.

Сабыржан. Не сандырақтап тұрсың...

Апошка. Маған сенбейсіңдер... пошом зря. Қазақ орыстар... Ана Шляпиннің баласы... қызды зорлап... мені атам деп... әлісіп жатыр. Апошка өтірік айтушы ма еді. Көрерсіздер. Самат інің де қырғынның ішінде...

Әлімқан. Есің дұрыс па сенің?

Жетекеев. Сен немене өзің...

Апошка. Есің... немене, немене, Апошка штоли... өлісіп жатыр... убивайт етіп, поштовой конторда.

Сабыржан. /Жетекеевке/. Асқат, сен тез баршы.

Асқат асығыс кетеді.

Әлімқан. Тегін емес. Мына сайтан қайдағы бір пәлені шатып тұр ғой.

Апошка. /Сабыржанға/. Сенбейсіз маған, көрерсіздер. Оллаһи ендігі өлген болар. Апошка болса кругом шмонайттап, қолыма мылтық тисе козрайттар едім... міне енді.

Сабыржан. Бар, басты қатыр ма!

Апошка. Не ақ, не қызыл емес, көди-сөди болған Апошка шорт-ай, сорлы-ай... шоқынып кетейін бүйткенше.

Кетеді. Сыртта айғай-шу естіледі.

Жетекеев келеді.

Жетекеев. Антон Шляпин... Лиза атылып өлген.

Сабыржан. Атылып өлген?

Жетекеев. Қалай болғаны мәлімсіз. Волков тексеріп жатыр дейді.

Сабыржан. «Дейді»... Мен өзің барып тексер дедім, бар! Самат тұтқынға алынсын!

Жетекеев. Саматты... қалайша?

Сабыржан. Иә, саматты, менің інімді. Ревтрибунал тексереді. Халықты, солдаттарды шулатпаңдар. Айтқан бұйрықты орындаңыз. Барыңыз!

Асқат кетеді.

Әлімқан. Жазықсыз жан, күнәсіз қан төгіліп, жаның күйіп, қабағың қатып тұр, қарағым, сақтық пен сабырды жолдас қыл, Сабыржан.

Сабыржан. Солай Әлеке. Бұл қандай жауыздық ісі екен... Әлеке. Сіз осы маңда болыңыз.

Әлімқан. Мақұл, қарағым.

Сабыржан. Бұл не. Жаудың ісі ме? Жоқ әлде, жастық... албырттық... қызғаншақтық кесірі ме...

Кирилл кіреді.

Кирилл. /честь беріп/. Ғафу етіңіз, жолдас комисса, ауыр қайғыға душар болдым. Көрмей жүрген өлім емес... махаббат жолы бір басқа екен... бақытым да сол ғана деуші ем... Қайран Лиза...

Сабыржан. /тұнжыраған ойда/. Ауыр қаза... Жұмбақ оқиға. /Сергіп/ Почта-телеграфта, басқа жердің бәрінде сақшыны күшейтуді, сенімді адамдар қоюды саған әдейі тапсырғаным қайда?

Кирилл. Окоп қазу кезек күттірмейтін жұмыс деп бәрін де жұмысқа айдадық қой...

Сабыржан. Ол дәлел емес. Осы үшін жауап бересің.

Кирилл. Бұл жөнінде мен кінәлі, жолдас комиссар. Анау Антон Шляпин марқұм алаңғасар... Шатақсыз жүрмейтін бір сорлы еді. Осының бәрі сол марқұмнан болды ма деймін... Өткен іс өтті. Өлген қайтып келмейді. Мен өз кінәм үшін қандай жазаға бұйырсаңыз да дайынмын.

Сабыржан. Кінәлі адам табылады. Адал қан сұраусыз кетпейді. Мұнда сыр бар. Жасырын жаудың әрекеті бар.

Кирилл. Солай да болар-ау, жолдас комиссар... Рұқсат етіңіз, жолдас комиссар.

Кетуге ыңғайланады.

Сабыржан /ойланып/. Жоқ, жолдас Литвинов. Кетпейсің. Қазір Самат Ғаббасовтан бірге жауап аламыз.

Кирилл. Басқа бір адамды белгілесеңіз екен, жолдас комиссар. Саматтан, сіздің ініңізден жауап алу... арым шыдамайды...

Сабыржан. Жоқ, мен солай шештім...

Мәкіш кіреді.

Мәкіш. Үйде шыдап отыра алмадым. Лиза қандай аяулы қыз еді. Кімнен болды екен! Кириллға да оңай тимей тұр ғой...

Кирилл. Рахмет, Мәкіш жеңгей... амал не...

Мәкіш. Үміт үзуге болмайтын сияқты. Әдейі лазаретке бардым. Лизаның тамыры соғады дейді дәрігер.

Кирилл. /салқ етіп/. Не дейсіз?!

Сабыржан. Ия, дәрігер не дейді, есі кіреді дей ме, Мәкіш?

Мәкіш. Есі кіруі мүмкін дейді. Укол беріп жатыр, ешкімді жуытпайды. Маған зорға жауап берді. Тегі операция жасайды-ау деймін. Жанын салып жатыр байғұс. Аман қалса игі еді, сорлы...

Сабыржан. Тілге келсе мына шытырман жұмбақ шешілер еді...

Кирилл. А... иә, иә... тілге келсе игі еді.

Медсестра келеді.

Медсестра /Сабыржанға қағаз береді/. Сізге Жетекеев жіберді.

Сабыржан. /оқып/. Лиза аз ғана есін жиып, «Кирилл» деген бір ауыз сөзді зорға айтып талып кетті. Мен қасындамын.

Кирилл. /үрейленіп атып тұрып/. Ой, Лиза, жаным-ай, я құдай...

Шыға жөнеледі.

Мәкіш. Қайтсін енді. Қуанған да бір, қорыққан да бір. Үкідей ұшты ғой байғұс.

Медсестра. «Кирилл» деген бір ауыз сөзге зорға тілі келді.

Сабыржан. Жетекеев қасынан кетпесін. Басқа кісі кіргізбеңдер.

Медсестра. Жақсы, Сабыржан аға.

Кетеді.

Мәкіш. Сабыржан-ау, Саматтың не жазығы бар еді.

Сабыржан. Мәкіш, жазықсыз жан нахақ күймейді. Менің Саматқа, ініме жаным ашымайды дейсің бе. Аяймын. Бірақ, шын жазалы болса...

Мәкіш. Сабыржан, мен бәрін де білем. Рахаттан безіп, көрген бейнет, ауыр іс... Жаныңды шүперекке түйіп, ел үшін еткен еңбегің жанып, ақыры қайырлы болса, екен. Ана жалғыз ұлың, Байсұңқарың бақытты болып, ер жетіп, ел танығанын көретін күн болса... Әйтеуір ақыры қайырлы болса екен.

Сабыржан. Жаңа көктемнің жас төлдері солар. Олар біздің келешегіміз... Мәкіш, мен революцияның солдатының бірі болғаныма, Ленин партиясының сапында болғаныма, өзімді шын бақытты санаймын. Біз бақыттымыз! Алдағы жаңа өмірдің жарқын бейнесі, нұрлы дүние көз алдымда, көңілімде сайрап тұр. Сонда, сол күнде Сабыржан маузер орнына қолына қалам алып, жаңа өмірдің жаршысы болады, Мәкіш... сен келіп ауыр ойларды жеңілдетіп жібердің. Мәкіш... Енді үйге бар.

Мәкіш. Мен үйге барамын ғой... Не ұйқы жоқ, таң атқалы оразаңды да ашқан жоқсың...

Сабыржан. Кәзір мен де барам... кәзір... кәзір...

Шығарып салады.

Адал жар, ардақты ана, сүйікті сәби нәресте... сендерден аяулы не бар екен өмірде...

Жетекеев келеді.

Сабыржан. Лиза тілге келді ме?

Жетекеев. «Кирилл... жау...», - деді де тағы талып кетті.

Сабыржан. Кирилл сонда ғой?

Жетекеев. Жоқ, жолдас комиссар.

Асығыс бір солдат кіреді.

Солдат /честь беріп/. Жолдас комиссар, Ғинаш түрмеден қашқан.

Сабыржан. Тез Кирилл Литвиновты іздеуге кірісіңдер!

Солдаттар честь беріп кетеді.

Кирилл Литвинов... Алаяқ жау болды ма... Алматыдан арнап жіберген еді ғой... Ғинаш дұшпан қашқан. Ол да Кирилл Литвиновтың ісі. Ұсталсын Литвинов!
Ш ы м ы л д ы қ.


Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Арман да, арман, шын арман
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> «алаш» баспасы
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   55




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет