Лекция №1 Тақырыбы


Берілмеген азықтармен уланулар



бет10/51
Дата07.02.2022
өлшемі2,3 Mb.
#88739
түріЛекция
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   51
Байланысты:
кож лекция

Берілмеген азықтармен уланулар

Кей кезде тіпті жоғарғы сапалы мал азықтарын дұрыстап дайындамағанда немесе уақытында белгілі бір мөлшерде дұрыстап бермегенде малдардың арасында өте ауыр түрде жүретін уланулар кездеседі. Сондай уланулардың бірнеше мысалдарына тоқталайық.


Мақта күнжарасы – Хлопчатниковый жмых. Көптеген ауылшаруашылық өнімдерін өндірісте өңдегенде олардан қалатын қалдықтары (сірне суы, күнжара, сықпа, болжыр және т.б.) малдарға қосымша азық ретінде жиі пайдаланылады. Олардың көбінің құрамында улы заттар болатындықтан олар малдардың улануларының бірден-бір себептері болатынын естен шығармау керек. Міне, сондай қалдықтардың қатарына мақтаның күнжарасы да жатады. Ол мақта дәнінен май алғанда қалатын қалдық, малдарға жемнің орнына беруге болатын қосымша азық. Оның құрамында белок, май, витаминдер бар. Онда сонымен қатар бояғыш улы зат – гликозид госсипол болады. Малдың жемінің құрамына 0,2 % госсиполы бар мақта күнжарасын 10 % мөлшерінде қосқанда малдарда улану байқалатын көрінеді. Кейде төлдердің аналық малдардың сүті арқылы уланулары да кездеседі. Госсиполдың малдың организмінде жинақталып барып әсер ететін кумулятивті қасиеті де бар. Сол себепті тәжірибе жүзінде мақта күнжарасымен малды ұзақ уақыт азықтандыруға болмайды.
М ақта күнжарасын бергеннен кейін уланудың клиникалық белгілері не келесі күні бірден немесе 10-30 күн өткеннен кейін де білінуі мүмкін.
Госсиполдың әсер ету механизмі. Госсипол торшаларға, қан тамырларының қабырғаларына және жүйке жүйесіне әсер ететін улы зат. Қосымша азық ретінде малдарға беретін мақта күнжарасында госсиполдың мөлшері 0,01 %-дан аспауы керек.
Госсипол өзі тиген жерін қатты тітіркендіреді, ол жерде қабыну процесі пайда болады, кейде тіпті өлі еттендіруі де мүмкін. Оның организмге жалпы әсері ол қанға сіңгеннен кейін байқалады. Паренхиматозды ағзаларға, әсіресе жүрек етіне қатты әсер етеді, жарақаттайды. Қандағы эритроциттерді ерітеді, гемолиз құбылысы пайда болады. Ағзалардың жарақаттануы госсиполдың қан тамырларының қабырғаларының өткізгіштік қабілетін арттырудың салдарынан асқына түседі. Серозды-геморрагиялық қабыну процесі орын алады. Қабынған жерлері қанталап, ісінеді.
Госсипол липоидтарда жақсы еритіндіктен нерв ұлпаларында көп шоғырланады. Соның салдарынан уланған малдарда қозу, әлсіреу процестері алма кезек жүріп тұрады. Улану мал рационында витаминдер, минералды тұздар, әсіресе кальций тұздары, жетіспегенде жиі байқалады. Ірі малдарда госсиполға сезімталдығы жағынан шошқалар бірінші орында, одан кейін жылқылар жиі уланады. Ал қойлар мен ірі қара малдары оларға қарағанда төзімдірек келеді. Бұл жерде күйіс қайыратын малдардың алдыңғы қарыншақтарының маңызы болса керек.
Өлекседегі өзгерістер. Терінің шелінде, астыңғы жақ сүйектерінің арасында; мойынның, кеуденің тұстарында іркіліп жинақталған сұйық жалқаяқ – инфильтрат. Өкпелер қызарып, ісінген. Лимфа түйіндері ұлғайған, қанталап, қабынған. Жүректің көлемі ұлғайған, эпикардтың астында, эндокардта қанталағандық байқалады. Плевра мен құрсақ қуысында қан аралас мөлдір сұйық зат жинақталған. Ас қорыту жүйесінің ағзалары қанталап, қабынған. Бауыр жұмсарған, бобыраған, балшық түстес. Өт қабы өтке толы. Бүйректер үлкейген, ісінген, қабығының астында қанталағандық байқалады. Қуық ісінген, қанталаған.
Клиникалық белгілері. Уланған мал тынышсызданады, бұлшық еттері дірілдеп, қатты қозады. Күйіс қайыратын малдардың месқарыны кебеді, аузынан сілекей ағады, жиі-жиі нәжіс, зәр бөлінеді. Бұлшық еттердің дірілдеп, кейіннен тартылуы малдың бас жағынан басталады да, бірте-бірте барлық денесіне тарайды. Ірі қара малы уланғанда жабырқаңқы, ауық-ауық іші кебеді, ішектердің жирылуы күшейеді, қан аралас іші өтеді. Жүректің соғысы әлсіз, тахикардия, жүрек қызметінің жеткіліксіздігінің белгілері анықталады. Дем алысы жиілеп, қиындай түседі.
Лабораториялық зерттеулердің нәтижесінде қанда лейкоцитоз, эритропения, гемоглобин азайған; зәрде белок, гемоглобин анықталады.
Жылқыларда гастроэнтериттің клиникалық белгілері анықталады. Шаншу құбылысы пайда болады. Өкпелері ісінген кезде демікпе байқалады.
Шошқалар құсады; ауыз, мұрын қуыстарынан көпіршікті ақпа бөлінеді. Мал қозады, қан аралас іші өтеді; дем алысы жиілеп, қиындай түседі. Уланған мал көбінесе өкпелердің ісінуінен және жүрек қызметінің нашарлауынан өлім-жітімге ұшырауы мүмкін.
Уланудың ауыр жағдайында барлық малдарда жүйке жүйесінің реттеушілік қызметі бұзылады, қан аралас іші өтеді, ісінеді, сары аурудың белгілері анықталады.
Уланудың барысы жылқылар мен шошқаларда жіті түрде, ал күйіс қайыратын малдарда созылмалы түрде кездеседі.
Улануға нақтылы диагноз қою үшін уланған малға байланысты анамнезді толық, дұрыс жинай білу керек. Клиникалық белгілері, өлекседегі өзгерістер, лабораториялық зерттеулердің нәтижесі, рациондағы госсиполдың мөлшерін анықтау жақсы көмектеседі.
Емі. Ең алдымен рационнан мақтаның күнжарасын алу керек. Уланған малдың ас қорыту жүйесін тазалау әдістерін мүмкіндігінше жан-жақты пайдаланады. Ол үшін асқазанды, алдыңғы қарыншақтарды зонд арқылы марганец қышқыл калий ерітіндісімен (1:4000) жуады, іш өткізетін майлы ерітінділерді береді, соданың ерітіндісімен терең клизма жасайды, зәрдің бөлінуін жақсартатын – калий ацетатын, темисалды, диуретинді, меркузалды қолданады. Венаның ішіне физиологиялық ерітіндіні, глюкозаны, кофеинді, спирттің ерітіндісін жібереді. Сіңіргіш, іштің өтуін тиатын, уланудың белгілеріне қарсы әсер ететін дәрілік заттарды тағайындайды.
Сақтандыру шаралары. Жалпы мақтаның күнжарасын төлдерге, сүт беретін және буаз малдарға бермеген дұрыс. Ересек малдарды ұзақ уақыт азықтандыруға болмайды. 2-3 айдан кейін 3-4 жұмадай үзіліс жасап отыру керек. Ұсыныстарда көрсетілген әртүрлі малдарды азықтандыру мөлшерінің сақталуын қадағалап отырған жөн. Мұндай азықты көп қолданатын шаруашылықтарда оларды усыздандыру шараларын ұйымдастыру керек. Ол үшін күнжараны малға берер алдында қайнатады да, оған 10 % арпа ұнын қосып, ол қосындыны 1 сағаттың ішінде малға беріп үлгеру керек. Сондай-ақ көмірқышқыл кальций (бор) немесе темірдің тұздарын араластырып беруге болады. Бұл тұздармен госсипол реакцияласып ерімейтін тұздар түзіледі. Ондай тұздар организмге сіңбейді. Олай болса госсипол бейтараптанады. Госсиполды сілтілерді қосып та усыздандыруға болады. Ол үшін 2 % сөндірілген известь, 1 % сілті және 2,5 % күлді араластырып ерітінді жасайды. Бұл ерітіндіні күнжараға құйып бір тәулікке қояды. Содан кейін екі рет сумен жуады да, суын төгіп тастап, күнжараны рационға қосады.
Ал күнжараны күкірт қышқыл мыршпен араластырса (0,5 г 1 кг күнжараға), онда госсиполдың эритроциттерді ерітетін гемолиздік қасиеті жойылатын көрінеді.
Жалпы мақтаның күнжарасымен малды уланудан сақтандыру үшін малдың рационын әртүрлі азықтармен толық қамтамасыз ету керек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   51




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет