Лекция№1. Археология ғылымы және оның қалыптасуы Археология ғылымының ерекшеліктері



бет7/10
Дата25.04.2022
өлшемі474,5 Kb.
#140726
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
Археология лекция жинақтары
Теминология науки (2), №14 лекция, 5 сынып КТЖ матема 5сагат 2022-2023, 348801, 348800, ҚОРЫТЫНДЫ МОНИТОРИНГ, 10-апта Жоғары мектеп педагогикасы
МЕРЗІМДЕЛУ


Орта тас (Мезолит) – 10 – 6 мыңжылдық аралықтары.
Әдебиеттер

Изыскания по мезолиту и неолиту СССР. – М., 1983.


Каменный век на территории СССР. – М., 1970.
Красковский В.И. Памятники палеолита и мезолита Северо-Западного Причерноморья. – Киев, 1978.
Матюшин Г.Н. Мезолит Южного Урала. – М., 1976.
Мезолит СССР. Серия: Археология СССР. В.20 т. – М., 1989.
Старков В.Ф. Мезолит и неолит лесного Зауралья. – М., 1980.
Таймағамбетов Ж.К., Байгунаков Д.С. Қазақстанның тас ғасыры. – Алматы, 2008.
Формозов А.А. Проблема этнокультурной истории каменного века на территории европейской части СССР. – М., 1977.
Хотинский Н.А. Голоцен Северной Евразии. – М., 1977.

Лекция №16-17 Әлем және Қазақстандағы жанатас



  1. Жанатас сипаттамасы

  2. Қазақстандағы жанатас аймақтары

  3. Жаңатас қоныстары мен молаларының мүлкі

  4. Жаңатас өнер ескерткіштері

Тас ғасырының соңында мұздықтар ерiп, Солтүстiк Еуропа мен Азияның көптеген жерлерi мұз құрсауынан босады. Қазiргi жер қыртыстары мен өсiмдiк дүниесiнiң (ормандар, орманды далалар, далалар) қалыптасып, мамонт секiлдi тас дәуiрi аңдарының жойылуы да осы тұста жүрдi. Төменгi тас дәуірі өткеннен соңғы уақытта адамдар садақ пен жебенi, бiрқатар қозғалыс көлiктерiн (қайық, шаңғы, шана), аң аулап, балық ұстайтын құралдардың жаңа түрлерiн ойлап тауып, балшықтан ыдыс жасауды, мата тоқып, киiм тiгудi үйрендi. Тас ғасырының соңында оңтүстiк аудандардың тұрғындары алдымен бақташылық пен егiншiлiкке өту арқылы прогресивтi өндiрушi шаруашылықтың қалыптасуына негiз салды.


Тас ғасырының шарықтау шағы жаңа тас (неолит) кезінде өттi. Неолит дәуiрiнде әртүрлi аймақтардағы шаруашылық дамуы, жергілікті табиғат жағдайына байланысты әркелкi жүргенi байқалады. Еуразия жерінде жаңа тас дәуірі б.з.д. VІІ – VІ мыңжылдықтардан басталады. Оның аяқталуы да әртүрлі табиғи-климаттық аймақтарда әртүрлі уақытта жүрді. Керамиканың пайда болған уақыты жаңа тас дәуірінің басы болып есептеледі. Дегенмен, бұл ақиқат шартты сипатта болды. Жаңа тастың басында Орта Азия мен Еуразия кеңістігінің кейбір аймақтары (Кавказдың күнгей беті, Украина мен Молдова жерінде) шаруашылығында түбегейлi өзгерiстер қарқын алды. Айтылған жерлерде егiншiлiк пен бақташылық алдынғы қатарға шықты. Неолиттiк егiн шаруашылығының кейбiр белгiлерi Қара теңiз жағалаулары мен Молдованың бiрсыпыра аудандарында да анықталған. Жануарлардың кейбір түрін қолға үйрету секілді өндiрушi шаруашылық саласының қалыптасуына байланысты мал жүнiнен жiп иiру меңгерiлдi. Тоқыма iсiнiң жолға қойылуы киiм, қапшықтар, дорбалар тiгетiн және балық аулайтын аулар тоқитын жаңа шикiзаттар бердi. Қазбалардан табылған тастан, балшықтан, сүйектен жасалған жiп иiретiн ұршықтардың бастары тоқыма кәсiбiнiң неолиттен бастап кең қанат жайғандығын бiлдiредi.
Неолитте тас өңдеу техникасында бірсыпыра өзгерістер болды. Тас балта, шот балта, қашаулар көбіне, ағаш өңдеуге негізделген үлкен де салмақты құралдар көп таралды. Сонымен қатар тас құралдардың орта тас кезінде көп таралған түрлері де қолданыстан қалған жоқ. Әсіресе, тас өңдеудің микролиттік және шақпа (отжимной ретушь) әдістері жалғасын тапты. Шақпа әдістер арқылы жебенің, найзаның ұштары мен пышақ, тескіштер жасалды. Пышақ, қанжар, найзаның ұштарына тіс салу арқылы құрама қарулар жасау тәсілі де дамыды. Балта, шот секілді шапқыш құралдарды тесу, жылтырату әдісі пайда болды. Сапталған балталар мен шоттар ағаштан үй салу мен қайықтар жасауды көп жеңілдетті. Шақпақ тастар негізгі шикізат көзіне айналды.
Балшықтан ыдыс жасау адамзат өміріндегі аса маңызды жетістіктердің бірі болды. Адамдар бұның алдындағы уақытта ағаштың қабығынан жасалған ыдыстарды, тоқыма кәрзеңкелерді пайдаланған деген пікір бар. Балшықтан күйдіріліп жасалған ыдыстардың ойлап табылуы асты пісіріп жеуге мүмкіндік берді. Өз кезегінде піскен ет жеп, піскен ас ішу адам денсаулығының күшеюіне және өмір сүру мүмкіндігінің артуына зор үлес қосты. Алғашқы балшық ыдыстар түбі сүйірленіп келген, бүйірі томпақ, бір сөзбен айтқанда, бас жағын кесіп тастаған жұмыртқаға ұқсас болды. Алғашқыда ыдыс жасаудың қарапайым жапсырма және орама әдістері қолданылды. Біріншісі – матадан арнайы тігілген пішінқапқа құм толтырып, оның сыртына арнайы дайындалған балшықты жапсырып, ол кепкеннен соң пішінқаптағы құмды төгіп, матаны босатып алу арқылы жасалды. Екіншісі – кеспе тәріздес етіп есілген ұзын балшықты бірінің үстіне бірін шеңберлеп жатқызып, орау арқылы жасаған. Алғашқы ыдыстар барынша тұрпайы да шала күйдірілген еді. Солай бола тұрса да, ыдыстардың ойлап табылуы адамдардың ілгеріге қарай жасалған сәтті қадамы саналады.
Мата тоқу тәсілін адамның игеруі неолиттің келесі жарқын жаңалығы. Алғашқыда жіпті өсімдік (кендір мен қалақай) талшықтары мен жапырақтарынан дайындаған. Жануарларды қолға үйрету олардың жүнінен жіп иіруді игеруді жеделдетті. Тоқыма кәсібінің алғашқы тәжірибелері матадан киім, әртүрлі қапшықтар, сөмкелер, балық аулайтын аулар жасайтын маталар берді. Мекенжайлар мен жерлеу қабірлерінен көп кездесетін тас пен балшықтан жасалған, ортасы тесік дөңгелек ұршықбастар тоқыма кәсібінің неолит кезінде жаппай таралғандығын куәландырады.
Неолиттік адамдар керамика, тоқыма секілді табиғатқа тән емес жаңа материалдар жасап, шаруашылықтың иемденуші түрінен (аңшылық, терімшілік және балық аулау), оның өндіруші түріне (егіншілік пен бақташылық) жаппай өте бастады.
Жаңа тас дәуірінде табиғат жағдайы мен географиялық жер жағдайына қарай даму деңгейі жағынан ерекшеленетін екі үлкен шаруашылық аймақ қалыптасты. Құрлықтың бір бөлігінде өндіруші шаруашылыққа негізделген мәдениеттер қалыптасса, екінші бөлігінде әлі де болса, иемденуші шаруашылық өзінің артықшылығын жоғалтпаған мәдени қауымдастықтар өмір сүріп жатты. Неолиттік мәдениеттердің өзіндік нұсқалары шоғырланған шаруашылық өзінің артықшылығын жоғалтпаған мәдени қауымдастықтар өмір сүріп жатты. Неолиттік мәдениеттердің өзіндік нұсқалары шоғырланған бірсыпыра аймақтарды бөліп қарауға болады. Олар: а) Ресейдің еуропалық бөлігінің оңтүстігі (Қырым, далалы және орманды дала аудандар); ә) Кавказ бен оның күнгей беті; б) Орта Азияның оңтүстігі; Солтүстік Орта Азия мен Қазақстан; в) Ресейдің еуропалық бөлігінің орманды жазығы; Орал мен Батыс Сібір; г) Байкал маңы мен Шығыс Сібір; ғ) Якутия мен Солтүстік- Шығыс Азия; д) Қиыр Шығыс. Осы аймақтардың әрқайсысында тас құралдарды жасау, шаруашылық бағыты, дәстүрі, ыдыс жасау және оны өрнектеу нақышы жағынан ерекшеленетін адамдар ұжымдары өмір сүріп жатты.
Неолиттiк тайпалардың Орта Азияны мекендеген бiр бөлiгi Еуразия құрлығында барлығынан бұрын б. з. д. 6-мыңжылдықта ерте егiншiлiк кәсіпке көшкен. Осы тайпалар қалдырған ескерткiштердiң кешенi олардың iшiндегi бiршама жүйелі зерттелген қоныстың атымен Жейтүн (б.з.д. VІ мың.) мәдениетi деп аталған. Ерте егiншiлiкпен айналысқан жейтүн мәдениетiнiң ескерткiштерi Қарақұм мен Копет-Даг тау сiлемi бөктерiндегi жiңiшке жолақта шоғырланған. Қазіргі кезде жейтүн мәдениетінің бірнеше ондаған қоныстары белгілі. Ашхабатың солтүстiгiнде 30 км жерде кiшiгiрiм төбенiң үстiнде орналасқан жейтүн қонысы 50-ге жуық бiр бөлмелi үйлерден тұрады. 5-6 адамға шақталып салынған 30 шаршы метрден тұратын үйлер ішіне сабан қосқан балшық домбаздармен соғылған. Онда жүргiзiлген қазба жұмыстары жейтүндіктердің үй салу кәсiбiн неолиттiң басында үйренгендiгiн көрсеттi. Бір әулетті құраған қоныс тұрғындары шамамен, 180 жаннан тұрған. Осы мәдениет ескерткіштерін көп жылдан бері үздіксіз зерттеген әйгілі археолог В.М. Массон тас дәуірі археологиясына үлкен үлес қосты.
Қоныстан табылған еңбек құралдары – ұсақ тас қырғыштар, кескiштер, тескiштер және орақтардың тiстерi. VІІ мыңжылдықтың соңында Таяу Шығыста пайда болған балшық ыдыстар жейтүннің ең ерте қабаттарынан кездеседі. Орама әдіспен жасалған балшық ыдыстар отырықшылық сипатта. Олардың қатарында астық сақтау үшiн пайдаланылған үлкен құмыралар көп. Кейбiр ыдыстары толқынды көз алдыңа елестететiн өрнектермен безендiрiлген. Кейбір ыдыстарға қызыл бояумен өрнек салынған. Қоныстан қолға үйретілген иттің және сирек жағдайда қой мен ешкінің сүйектері кездеседі.
Жейтүн мәдениетi қонысын Орта Азия мен Таяу Шығыстың көне мәдениеттерiмен салыстыру барысында оның Алдыңғы Азияның ерте егiншiлiк мәдениетiнiң қатарына жатып, ерте егіншілік ойкуменнің солтүстік-шығыстағы шеткі ауданы болып есептелді. Олар арнайы суғару жүйелерiн салмады. Егiншiлiкте өзен суларының көктемгi табиғи толысын пайдаланды. Қоныстан табылған құралдардың басым көпшілігін орта тас дәуірі дәстүрінде жасалған микролиттік құралдар, әсіресе, шақпақ тастардан өткір тістерді құрап жасалған орақтар, пышақтар, қырғыш және тескіштер құрайды. Құрастырмалы құралдардың тісі ретінде сегмент, үшбұрыш, трапеция тәріздес геометриялық нысандағы микролиттер пайдаланылған. Сондай-ақ тастан дәнүгіткіштер, тас кетпендер, балталар, төстер мен келілер жасалды.
Ежелгі егіншілер тұрмыста астық пен азық сақтайтын үлкен хумдарды пайдаланған. Олардың кейбіреулері қызыл және қоңырқай түске боялып, үстінен өсімдік нақышындағы өрнектерімен безендірілген. Жейтүн материалдары ішінде балшықтан жасалған әйелдер мен аңдардың бейнелері тастан, балшықтан жасалған ойын құмалақтары, Үнді жағалауларынан келген каура ұлутастары жиі кездеседі.
Жейтүндіктердің мәйітті қолы мен аяғын бауырына жиып, бір жамбасымен жатқызып, үстінен жоса (охра) сепкен жерлеулері белгілі. Дәнді дақылдардан арпа мен бидай еккендігін, жануарлардан ешкі мен итті ұстағанын білдіретін мол мәліметтер жиналған. Жейтүн мәдениеті өзімен көршілес жатқан Месопотамиялық загрос, хасун секілді ерте егіншілік мәдениеттермен тығыз байланыста дамығандығы анықталған.
Оңтүстік Түрікменияның б.з.д. VІ мыңжылдыққа жататын жейтүн мәдениетін Алдыңғы Азияның ерте егіншілік мәдениетінің жергілікті нұсқасы деуге келеді.
5 - 4-мыңжылдықтарда Орта Азияның едәуiр бөлiгi мен Қазақстанда Арал теңiзi аймағында балық пен аң аулауды кәсiп еткен тайпалар мекендедi. Олардың iшiндегi едәуiр жақсы зерттелгенi б.з.д. 4-мыңжылдықта қалыптасқан Кельтеминар мәдениетi ескерткiштерi. Осы мәдениеттен қалған ескерткiштердiң ең iрiлерi Жамбасқала 4, Жебелi, Сексеуiлдi тұрақтары Сырдарияның төменгi ағысы мен Арал теңiзiнiң маңында орналасқан. Кельтиминарлықтар ағаш пен қамыстан салынып, төбесі конус тәріздендіріп жабылған үлкен әулеттік баспаналарда тұрған. Осындай баспаналардың өлшемі 300 ден 580 шаршы метрге дейін жетеді. Бір баспанада тұрған әр отбасына тиесілі жеке ошақтар кездеседі.
Әдетте осындай ошақтардың айналасынан ыдыс сынықтары мен тұрмысттық қалдықтар жиі кездеседі. Баспананың қақ ортасында орналасқан үлкен ошақтың орны бөлек. Оның астындағы отқа күйген жер қабатының тереңдігі 0,5 м дейін жетеді. Бұл от үздіксіз жанып тұрған ғұрыптық ошақтар деп есептеледі. Олай болса осындай ошақты отқа табыну ғұрпының ертедегі белгісі деп айтуға болады. Мұнда микролиттік құралдар сирек кездеседі. Геометриялық формадағы ұсақ қыстырма тастар жоқ деуге болады. Шаруашылықтың аңшылық пен балық аулау түрлері жақсы дамыған. Олар қабан, бұғы және суда жүзетін құстарды аулаған. Сонымен қатар, жайын мен шортанның сүйектері де табылған. Кельтеминардың бастапқы кезеңінде түбі жұмыр, кесіп салған өрнегі бар ыдыстар басым болса, соңғы кезеңінде түбі тегіс, сыртында өрнегі жоқ ыдыстар көбейеді. Кельтеминар мәдениетін зерттеу олардың өзін қоршаған көрші мәдениеттермен тығыз байланыста болғанын байқатады.
Жаңа тас дәуірінің өнері бізге негізінен тасқа салынған суреттер түрінде жеткен. Бірсыпыра өңірде адамның, жануарлардың және қайықтың бейнелері нүктелеп соғу тәсілімен қашалған. Көбіне аңдар мен жануарлардың бейнесін бояумен салу дәстүрі жиі кездеседі. Сонымен қатар, сүйектен және ағаштан жонылған мүсіндер де табылған.
Қазақстанның басқа аудандарында жаңа тас ескерткiштерi өте аз зерттелген. Дегенмен, бүгiнге дейiн белгiлi болған 600 ден астам неолит және энеолит дәуiрлерiнiң ескерткiштерi Қазақстанның жаңа тас дәуiрi тайпаларының Еуразия кеңiстiгiндегi неолиттiк мәдени топтардың қалыптасуына үлкен үлес қосқанын бiлдiредi. Өздерiнiң қандай жерге орналасқанына қарай неолиттiк тұрақтар: бұлақтық, көлдiк, өзендiк және үңгiрлiк болып үш түрге бөлiнедi. Өзендiк және көлдiк тұрақтарда еңбек құралдары едәуiр көп табылады. Бұндай белгiлер алғашқы адамдардың ондай тұрақтарда ұзақ уақыт, немесе тұрақты мекендегенiн бiлдiредi. Қазақстанның далалық аймақтарында бұлақтық тұрақтар көп таралған. Олар-көбiне кезбе аңшылардың уақытша тұрған жерлерi. Үңгiрдегi тұрақтар көбiне таулы аймақтарда. Неолиттiк үңгiр тұрақтары Қазақстанда жақсы зерттелген.
Олардың iшiндегi жан-жақты зерттелгендерi Қараүңгiр, Устьнарым, Сексеуiл, Иманбұрлық, Кiшiкраснояр, Пеньки 1,2 т.б. тұрақтары.
Ақмола облысының Атбасар ауданында шоғырланған жаңа тас кезеңінің біртоп ескерткіштері археологияда Атбасар мәдениеті деген атпен белгілі. Мәдениеттің таралу аймағы: далалық аймақта Есіл алабы мен қазақтың ұсақ шоқылырының солтүстік-батыс бөлігі аралығы. Жергілікті мезолиттік тайпалар негізінде б.з.д. ҮІІ –ҮІ мыңжылдықтарда қалыптасқан осы мәдениеттің 200-ге жуық тұрақтары белгілі. Солардың 20-сы қазылған. Мәдениеттің елеулі ескерткіштері қатарында Винаградовка ІІ, Тельман І, Явленка, Жабай-Покровка ІІІ т.т. айтуға болады. Ірі өзендердің көне арналарының жағасында орналасқан атбасарлық тұрақтар жердің бетіне салынған жеңіл үйлер түрінде. Аумағы 25 шаршы метрді алатын дөңгелек және төртбұрыш үй орындары белгілі. Мәдениеттің қыш ыдыстары жарты жұмыртқа тәріздес, сиымдылыңы 1-5 л. құмыралар. Олардың сыртындағы өрнектері тарақпен салынған штамп түрінде. Дегенмен, ыдыс қалдықтары мардымсыз және жекелеген. Жануарлардың сүйектері өте сирек кездеседі. Ол да болса, кейінгі кезеңдегі мекенжайлардан табылған. Олар жылқының, ірі қараның сүйектері. Аз мөлшерде болса кездесетін сүйек қалдықтары Солтүстік Қазақстанда өндіруші шаруашылықтың б.з.д. ІІІ мыңжылдықтың басында қалыптаса бастағанын білдіреді.
Осы мәдениетке жататын жерлеу ескерткіштері ғылымға осы күнге дейін белгісіз. Дегенмен, кейбір мекенжайлардың (Виноградовка, Тельман т.б.) маңынан тереңдігі 1м, диаметрі 1,5 м келетін шұңқырлар табылған. Олардың түбінен кальциленген қоспалы күл қабаты сақталған. Мамандардың болжауынша бұлар қола дәуірінде кеңінен қолданылған мәйітті өртеп күлін жерлеу дәстүрінің алғашқы жерлеулеріне ұқсас.
Атбасармен көрші жатқан өңір, Торғай даласының көне жылғаларын жағалай Маханжар мәдениетінің ескерткіштерінің басым көпшілігі орналасқан. Солардың арасында мәдени қыртысы жақсы сақталған және едәуір жеткілікті зерттелгендері: Тұзды көл, Дүзбай 1-4, Сор 2, Бестамақ, Амангелді т.т. Тобыл өңірінде тек Алқау 2 тұрағы белгілі. Тұрақтарда жүргізілген қазбалардың мәліметтеріне қарағанда маханжар тұрғындарының үйлері жартылай жертөле түрінде болса керек. Қыш ыдыстары, қабырғасы жұқа, ернеуі аздап тартылған, түп жағы сүйір. Өрнектері тісті немесе тарақ тәріздес нәрсемен салынған. Нақыштары тігінен және көлденеңіне салынған қатар толқындар түрінде. Тас құралдардың ішінде қыстырма тістер көп кездеседі. Құрал жасайтын шикізат ретінде бұл кезеңде жергілікті материалдар пайдаланылған. Маханжарлықтар тас өңдеудің жаңа тәсілдерін меңгергендігі анық. Мәдени қабаттан табылған ортасы тесік ұршықбас олардың тасты тесуді меңгергендігін ғана емес, жіп иіруді білгендігін көрсетеді. Тас тесетін бұрғылар Дүзбай 2 және Бестамақ 7 тұрақтарынан табылған.
Неолит тас дәуірінің аяқталып, адамзат тарихындағы жаңа дәуірдің басталуына алып келді. Бұл өндіруші шаруашылықтың қалыптасып, жер бетіне таралу уақыты еді. Неолитте металл өндірудің алғышарттары қалыптасты. Балшықтан жасалған ыдыстардың пайда болуы адамдардың шаруашылық мүмкіндігін арттырды. Тоқымашылықтың игерілуі де қоғам өмірінде аз орын алмады. Адамдардың қоршаған орта туралы түсінігі артты. Рулық құрылыс қарқынды дамыды.
Жаңа тас өнері белгілі бір дәрежеде тарихи-мәдени құбылыс болды. Ол өз заманына сай жоғары дамыған және әр алуан. Неолиттік өнер ыдыстардың сыртына салынған өрнектер, ұсақ мүсіндер (жануарлар, құстар және адамдардың денелері) және петроглифтер түрінде белгілі. Өзендер мен көлдердің күнгей бетіндегі биік жартастарда ғылымда петрогифтер (тасқа салынған суреттер) аталған суреттер галереялары қалыптасқан.
Тасқа салған суреттер неолиттік аңшылар мен балықшылар мекендеген аймақтардың барлығында дерлік кездеседі. Петроглифтер кешені Кавказда, Орта Азия мен Қазақстанда, Орал мен Сібірде, Қиыр шығыста ашылып, зерттелген. Тасқа салынған суреттерде осы күнгі Солтүстік-Шығыс Еуропа, Украйна, Кавказ, Орта Азия, Қазақстан, Орал, Сібір, Алтай, Шығыс Сібір, Амур мен Солтүстік-Шығыс Азия жерлерін мекендеген неолиттік тұрғындардың тарихи дамуының ерекшеліктері көрініс тапқан. Осы өңірлердің әрқайсысында петроглифтер өзіндік ерекшеліктерге ие. Азия құрлығының солтүстік-шығыс аймағынан табылған петроглифте ежелгі аңшылардың теңіз аңын аулау көрінісі суреттелген. Сібірдің тайгалық және орманды-дала аймағының петроглифтері неолиттік өзіндік ерекше өңірді құрайды. Солардың қатарына Шишкино деревнясының маңындағы әйгілі бейнелер мен Ленаның бойындағы Суруктах-Хая табыну орны, Ангарадағы тасаралда орналасқан сызбалар, Усть-Писаная деревнясы түбіндегі тастағы таңбалар жатады. Сібірлік тайганың неолиттік аңшылары негізінен жануарларды бейнелеген. Солардың ішінде аңшылықтың негізгі нысаны болған тайганың тағысы бұғыларды көп салған. Жануарлардың ерекше белгілерін сондай ыждағаттықпен нақ салуға тырысқанын айтып кету керек. Сібірлік тайганың петроглифтеріне өзінің тақырыбы мен техникалық орындалуы жағынан Ресейдің солтүстік еуропалық бөлігінің тасқа салған суреттері жақын. Петроглифтердің екі үлкен тобы Онега көлінің көптеген орындары мен Ақ теңіздің жағалауларында орналасқан. Онега жағалауларындағы бейнелеу өнерінің елеулі ескерткіштері болып Бесов Нос және Пери Нос тас мүйісіндегі суреттер саналады. Бесов Нос жартасында бұғылар, аң басты антропоморфты денелер, шаңғымен келе жатқан адамдар, суда жүзген құстар ішінде ұзын да сымбаты иілген мойынды аққулар ерекше көрінеді, аң аулау көрінісі, балықтар секілді бейнелер сақталған. Неолиттік суреттердің үлкен шоғырлары Ақтеңіздің жағалауларында, Выг-Бесов төменгі ағысындағы Следки мен Залавругада ашылған. Бесовадағы Следкиде 300 ден көп бейнелер белгілі. Онда тюлендер, аққулар, жалаңаш табанның іздері, шаңғы киген адамдар қуап бара жатқан бұғылар табыны т. т. бейнеленген. Залавругта бұғылар, қайықтар, шаңғышылар тобы, теңіз аңдарын аулау көрінісі қашап салынған.
Орта Азия, Қазақстан, Алтай мен Туваның петроглифтері ерекше топты құрайды. Қазақстандағы тасқа салған суреттер ішінде аса маңыздылары Қаратау, Ешкіөлмес, Тамғалы тауларындағы және Қырғызстандағы Шайтантас петроглифтер кешендері. Монғолия мен Байқалдың арғыбетіндегі петроглифтер өздерінің сюжеті жағынан Қазақстандық кешендерге өте ұқсас. Бұл жерлерді мекендеген неолиттік тұрғындардың негізгі бейнелеу нысандары тауешкі мен арқарлар, сдақ пен жебе ұстаған аңшылар болды.
Кавказдың петроглифтері де үлкен қызығушылық туғызады. Солардың ішенде едәуір құндылары - Қобстандағы Абшерон жартаралынан табылған тасқа салынған бейнелер. Мұнда Мезолиттен орта ғасырға дейінгі аралықта салынған алуантүрлі суреттер кешені шоғырланған. Солардың көпшілігі палеолит дәуіріне жатады. Онда үйірлі жылқылар, бұқалар, билеп жатқан адамдар жіне садақшылар бейнеленген. Жануарлардың мен солярлық таңбалар үлкен тобы Дағыстандағы – Чинна-Хитта, Чувал-Хварабнохо, Харитани шатқалдарында да белгілі.
Неолит дәуірінде бейнелеудің екі негізгі әдісі: қызыл жосамен (охра) және тастың бетіне салынатын нысанның контурын қашап түсәру әдістері қолданылған. Осы әдістердің екіншісі мейлінше жиі кездеседі. Бейнелер әдетте үшкір таспен қашап салынған. Осындай әдіспен аңдардың көзін, аузын және құлақтарын бедерлеп келтірген. Кейде аңдардың қаңқалары мен іш құрылыстарын да қашап салатын болған. Бейнелерді қашап салу техникасында барлық жерлерде бірдей ортақ әдіс қолданылған. Неолиттік бейнелерде ортақ пропорция сақталмаған.
Пероглифтер салынған жартастар неолиттік тайпалар үшін киелі және табыну орны саналса керек. Онда бейнелер рулық мерекелер кезінде салынған. Рулық мерекелер мен ата бабалар мен жануарлардың әруағына, рухына табыну шаралары таңбалы жартастардың астында өткізілген. Мерекелер кезінде табыну рәсімдері өткізіліп, аңыздар құрастырылатын. Жартастарға бейнелер салу осындай мерекенің құрамдас бөлігі болған. Ол кезде адамдар қоршаған ортаға деген өзінің түсініктерін тасқа қашап салған. Солтүстіктің, Оралдың және Сібірдің неолиттік ескерткіштерінде бұғы немесе оның басы, жылан, аю және адам бейнеленген мүсіндер жиі кездеседі. Мейлінше шынайы ондай мүсіндер ағаштан, тастан және балшық пен сүйектен әртүрлі нақышта жасалған. Жануарлардың мүсіндерімен слыстырғанда адамдардаң бейнесі мейлінше нобайлы, оларда жыныстық белгі секілді жекелеген бөліктерді ерекшелеп көрсету орын алған.
Неолиттік өнердің тағы бір бөлігі өрнектер (безендіру) болып табылады. Безендіру өнері неолитте өзінің көркею шағына жетті. Батырып салынған түрлі өрнектер жалпақ сүйектер мен қанжарлардың саптарына түсірілген. Неолит дәуірі ыдыстарының сырдындағы тамаша өрнектер оның қайсыбір мәдениетке тиесілігін білдіретін белгіс де болған. Неолиттік өрнектер өзінің мазмүны мен безендіру нақышы жағынан алуан түрлі. Ыдыстардың сыртын безендіруде нүктелер, қисық сызықтар, бұрышты түзу сызықтар, тырнап салу, батырып салу секілді безендірудің алуан түрлі тәсілдері қолданылған.
Неолит тас ғасырын аяқтап, адам баласын жаңа дәуір босағасына дейін алып келді. Жаңа тас өндіруші шаруашылықтың пайда болып, оның жер бетіне тарала бастаған уақыт болды. Шаруашылықтың өндіруші саласымен тікелей қатысты металлургияның пайда болуына алғышарт жасалды.
Тас өңдеу тәсілі өзінің ең жоғарғы деңгейіне жетті. Бұдан кейінгі тас өңдеу тәсіліне қосылған жаңалықтар шын мәнінде оның мазмұнын өзгерте алған жоқ. Адамдардаң шаруашылық мүмкіндіктерін кеңейткен балшық ыдыстар пайда болды. Ыдыстар ас пісіру, ас ішу үшін ғана пайдаланылып қоймай, азықты сақтау және түрлі бір жерден екінші жерге тасмалдау үшін де қолданылды. Адамзат тоқыма ісін меңгерді. Тоқылған матадан ыңғайлы киім тігіліп, матаны шаруашылық саласында да тиімді пайдаланды.
Қоршаған орта, аспан денелері, табиғаттың кейбір құбылыстары жайлы түсініктер қалыптасты. Рулық құрылыс шарықтау шегіне жетіп, оның ыдырауының алғы шарттары пайда бола бастады. Баспана салу, үй ішіне ошақ құрып суықтан қорғану, өмір сүру мүмкіндігін жеңілдету оң нәтижелер берді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет