Лекция№1. Археология ғылымы және оның қалыптасуы Археология ғылымының ерекшеліктері



бет9/10
Дата25.04.2022
өлшемі474,5 Kb.
#140726
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
Археология лекция жинақтары
Теминология науки (2), №14 лекция, 5 сынып КТЖ матема 5сагат 2022-2023, 348801, 348800, ҚОРЫТЫНДЫ МОНИТОРИНГ, 10-апта Жоғары мектеп педагогикасы
Андрон мәдениетi б.з.д. 2 – мыңжылдықта Шығыс Орал мен Батыс Сiбiр аралығында қалыптасты. Оның негiзгi таралу аймағы батыста Орал тауынан, шығыста Енисейге, солтүстiкте Тайгадан, оңтүстiкте Тянь-Шань тауларына дейiнгi Орта Азия мен Қазақстан жерiн алып жатыр.
К.А. Ақышев ескерткіштердің шоғырлануы мен материалдық мәдениетінің дамуына қарай Андрон мәдениетінің үш ірі орталығын бөліп көрсетті. Солардың алғашқысы – Минусин қазан шұңқыры, Алтай және Шығыс Қазақстанды қамтитын Шығыс немесе Сібірлік орталық. Осы тарихи-мәдени орталыққа тән андрон мәдениеті Калба және Нарымдық мыс пен қалайы алынған кен орындары қойнауында дамыды. Осы кен орындарын кезінде С.С. Черников зерттеп, сипаттаған.
Андрон мәдениетінің екінші орталығын Ақышев орталық немесе Қазақстандық деп атаған. Қазақстан жерін тұтасымен қамтитын орталықтың шекарасы ретінде: солтүстікте Степняк – Бурабай – Имантау – Жақсы және Жалғызтау қырқаларымен; оңтүстігі Бетбақдаланың солтүстігі; батыста Торғай ойпаты; Шығысы Шыңғыс тау қыраттарына дейінгі аралық көрсетіледі. Бұл орталық Орталық Қазақстандағы мыс және қалайы кен көздері негізінде дамыған.
Оңтүстік Орал, Тобыл және Батыс Қазақстанды қамтыған үшінші батыс немесе оралдық орталықта андрон мәдениеті жергілікті мыс кендері негізінде дамыған.
Андрон мәдениетін кезеңдерге бөлу және мерзімдеу мәселесі қола дәуірін зерттеудегі аса күрделі мәселелердің бірі. Андрон мәдениетінің ескерткіштерін алғаш зерттеушілер М.Т.Грязнов пен С.А.Теплоухов еді. 1927 жыл Батыс Қазақстан территориясынан андрон мәдениетінің бірнеше зираттарын қазған М.П.Грязнов далалық қола дәуірінің хронологиялық үш кезеңнен: алдынғы, ортаңғы және соңғы кезеңдерін саралап берді.
Кейіннен 1948 ж. К.В.Сальников андрон мәдениетіне хронологиялық топтама жасады; оны бірінің орнын бірі басқан үш кезеңге бөліп, оларға шартты түрде мынадай аттар берді: Федоров кезеңі – б.э. дейінгі ХҮІІІ-ХҮІ ғасырлар, Алакөл кезеңі б.э. дейінгі ХҮ-ХІІ ғасырлар, Замараев кезеңі – б.э. дейінгі ХІІ-ҮІІІ ғасырлар. Андронов мәдениетін К.В.Сальниковтың кезеңдерге бөлуі тарих ғылымында дұрыс деп танылды және далалық қола дәуірінің ескерткіштерін зерттегенде осы мәдениеттің тараған аудандарының бәріне қолданылды.
Қазақстанның андрон мәдениетіне кезеңдеу мен мерзімге бөлу мәселесіне елеулі үлес қосқан Ә.Х.Марғұлан, Қ.А.Ақышев, А.Г.Максимова, С.С.Черников, А.М.Оразбаев т.б. ғалымдар. Қазақстанның қола ғасырын зерттеуге (кезеңдеу мен мерзімдеу) тың идеялар енгізіп, соңғы материалдар негізінде түйіндеуге үлес қосушылардың қатарында Ткачев А.А., Евдокимов В.В., Варфоломеев В.В. т.б. ғалымдар бар.
Андронов мәдениетінің этникалық тегі туралы ғалымдар арасында бірнеше болжам бар. Зерттеушілердің көпшілігі Андронов мәдениеті неолит пен энеолит дәуірлерінде Қазақстан даласының солтүстік аймағы мен Орал сыртынан Батыс Сібірге дейінгі аралықты жайлаған мәдениеті мен шыққан тегі жағынан туыс тайпаларының табиғи дамуының негізінде қалыптасқан деп есептейді.
Андрондықтардың жерлеу ескерткiштерi мен қоныстары салыстырмалы түрде жақсы зерттелген. Олардың зираттары қабiр үстiне үйiлген кiшкене үйiндiлер мен тас қоршаулардан тұрады. Сондықтан көпшiлiк жағдайда оларды iздеп табу қиынға түседi. Жерлеу қабiрлерiнде кейде қазылған шұңқырдың қабырғалары ағаштардан өрiлiп, үстi де ағашпен жабылады. Кейбiр жағдайда тастардан қаланады. Үсті жалпақ таспен жабылған, қабырғалары тігінен қойылған тастардан жасалған тас жәшіктер де кездеседі. Мәдениет өкілдері өлген кiсiнi аяғын бауырына бүгiп, жерлеу жиi кездессе, Ерте кезеңде мәйітті өртеп күлiн жерлеу ғұрпы да болған. Жерлеу заттары тастан жасалған жебенiң ұштары, қола қарулар мен еңбек құралдары, алтын мен күмiстен жасалган сырғалар да жиi кездеседi. Соғыс арбасы қоса көмiлген қабiрлер де табылған.
Қоныстары егiн егуге қолайлы өзен жағалауларына жақын орналасқан. Ерте кезеңдегi қоныстар қорғаныс дуалдарымен нығайтылған. Үйлерi жартылай жертөле түрiнде және жер бетiне салынған үлкен көп жанұялық баспана түрiнде. Осындай үйлерден тұратын үлкен мекенжайлар табылған.
Андрондықтардың негiзгi шаруашылығы мал өсiру болған. Негiзгi малдары қой, ешкi, сиыр және жылқы. Жылқыны мiнiс көлiгi ретiнде пайдалануды игерген. Металл өндiру кәсiбi Орал, Орта Азия, Қазақстан және таулы Алтай жерлерiндегi кен көздерi негiзiнде жүрген. Андрондықтар кен жыныстарын алған орындардың iшiндегi әйгiлiлерiнiң бiрi Қазақстандағы Еленовский руднигi. Олар сондай – ақ алтын да өндiрдi. Қоладан жасалған пышақ, қанжар, дүмi шығыңқы балта, найза мен орақтар, бiздер кең таралған.
Андрондық ыдыстар құты тәрiздес, түптерi тегiс. Оларда балшықтан ыдыс жасаудың ерте дәуiрдегi қарапайым екi тәсiлi қолданылды. Бiрiншi тәсiл бойынша әбден иiнiн қандырып илеп, кеспе тәрiздi етiп жасаған балшықты бiрiнiң үстiне бiрiн қаттап орап, болашақ ыдыстың тұрпатын келтiргеннен кейiн сыртын жылтыратқан – мұны орама әдiс деймiз. Екiншi тәсiл бойынша алдымен қажеттi ыдыстың нысанын (формасын) матадан тiгiп алып, оның iшiн құммен толтырған. Сосын балшықты оның сыртынан жапсырып, болашақ ыдысты жасаған. Ыдыс арнайы жағдайда кептiрiлгеннен кейiн iшiндегi құмын төгiп, матасын алып тастаған – мұны жапсырма әдiс деймiз. Ыдыстардың сырты жақсылап өңделгеннен кейiн оны арнайы қалыпта күйдiрдi. Ыдыстар сыртынан геометриялық және толқын тәрiздес өрнектермен безендiрiлдi.
Сынтасты және Арқайым қалашықтарын ашып, зерттеу Еуразия даласының ежелгi дәуiрi жайлы ғылымға елеулi өзгерiстер әкелетiн тың мәлiметтер бердi.
Б.з.д. ІІ мың. Оңтүстік Орал өңірін мекендеген Анрон тайпаларынан қалған тамаша ескерткіш Арқайым мекенжайы. Ол Үлкен Қарағанды мен Өтеген өзендерінің құйылған жерінде орналасқан. Қырық жылдан бері қарай зерттеліп келе жатқан мекенжай өзінің топографиялық құрылымы жағынан онда алғашқы қала (протогород) үлгісі қалыптаса бастағанын білдіреді. Қалашықтың жобасы дөңгелек келген, 3-5 м келетін сыртқы қорғаныс құрылысы тереңдігі мен ені 1,5 м. ормен қоршалған. Жалпы көлемі 20 га, оның 8 га бөлігінде қазба жүргізілген. Ішкі жағында орналасқан жетпіс шақты үйдің 30 қазылған. Қазбадан қоладан жасалған еңбек құралдары, қару жарақтар, әшекей бұйымдары және сапасы мен көлемі жағынан, өрнегі мен нақышына қарай алуан түрлі ыдыстар табылған. Археологиялық материалдар кешені Арқайымдықтардың мал және егін шаруашылығымен қатар айналысқанын білдіреді. Арқайымдықтар пайдаланған құрылыс материалдары мен ыдыстары Қима, Абашев, Петров және Алакөл мәдениеттері материалдарымен өте ұқсас. Арқайым тұрғындарының этникалық тегінде әртүрлі тайпалардың үлесі барлығын осыдан байқаймыз. Арқайым ғылым үшін өзінің алғашқы протогород болғандығымен, көлемі мен құрылымы жағынан аса маңызды материалдар беруде. Қазақстан жерi Андрон тарихи – мәдени қауымдастығының негiзгi орталықтарының бiрi болды. Археологиялық материалдардың көрсетуiне қарағанда Қазақстан жерiн мекендеген андрондықтар негiзiнен отырықшы егiншiлiк кәсiппен айналысқан. Олардың мекенжайлары өзен жағалауларындағы биiк алаптарда орналасқан. Тұрғын үй ретiнде қора-қопсы, қоймалары жалғастырыла салынған үлкен патриархалды жартылай жертөлелер пайдаланылды.
Андрондық тұрғындардың басқа мәдени-тарихи қауымдастықтардан этнографиялық басты айрмашылығы олардың жерлеу ғұрпы, геометриялық өрнегi бар ыдыстары мен металлдан жасалған бұйымдарының тек өздерiне ғана тән ерекшелiктерiнен байқалады.
Қазақстандық андрондықтар тiк бұрышты, дөңгелек, сопақ келген әртүрлi тас қоршаулар үйлесiнен тұратын жерлеу құрылыстарын салған. Өлген тайпаластарын тас жәшiктерге немесе тiк бұрышты етiп қазылған жер қабiрлерге аяқ – қолын бауырына бүгiп, бiр жамбасымен жатқызған. Оларда мәйiттi өртеу ғұрпы да кездеседi. Андрондықтардың қоладан жасалған бұйымдары мен қыш ыдыстарының жақсы сапасы олардың мәдени деңгейiнiң жоғары болғандығын көрсетедi.
Таралу аймағы мен өзiндiк ерекше белгiлерiне қарай Қазақстан жерiндегi андрон мәдениетi үш кезеңге бөлiнедi: ерте кезең – б.з.д. 17 – 16 ғасырлардағы Петров мәдениетi; орта кезең – б.з.д. 15 – 12 ғасырлардағы Алакөл, Атасу, Федоров, Нұра мәдениеттерi; соңғы кезең – б.з.д. 11 – 9 ғасырлардағы Алексеев, Замараев, Сарығары, Беғазы – Дәндiбай мәдениеттерi. Қола дәуірінің соңғы кезінде Орталық Қазақстанды мекендеген тайпалар Оңтүстік Орал (Замараев мәдениеті), Алтай мен Енисейдің (қарасұрық мәдениеті) туысқан тайпаларымен өзара тығыз байланыста дамыған. Бір-бірінен шалғайда жатқан осы аудандардың материалдық мәдениетін сипаттайтын керамикалық заттары, қола қарулары, түрмыстық заттары мен әшекей бұйымдарының өзара жақын болуы ежелгі тайпалардың мәдени және экономикалық байланысының тығыз болғанын білдіреді.
Қазақстанның кейінгі қола ғасыры ескерткіштерінің ішінде елеулі орын алатыны Кент-мекенжайы. Қола ғасырының соңғы кезеңіне жататын Кент мекенжайы б.з.д. 12-10 ғасырлары аралығымен мерзімделеді. Орталық Қазақстандағы бұл қоныстың аумағы 150 000 шаршы метр. Кент пен Алат, Алат І, Алат ІІ мекенжайларын Қызылкеніш өзені мен жіңішке арна бөліп жатыр. Олардың бір мезгілде өмір сүргенін ескеріп, жалпы аумағын қосып есептегенде 300 000шаршы метрді құрайды. Қоныстың тұрғындары егіншілік пен бақташылықа негізделген кешенді сипатта болған. Мекенжайды қазу кезінде алынған заттай деректер Кент тұрғындарының Сарарқаның барлық тайпалары секілді төрт түлік мал түрлерін (ірі-қара, ұсақ мал) қатар өсіріп, ақбөкен, құлан, марал, қасқыр, қабан, бұғы, қарсақ, архарлар мен ірі құстарды аулағандығын көрсеғтеді. Табындағы жылқы мен қой үлесінің басымдығы жылжымалы бақташылықтың үлесінің артқанын аңғартады. Бірнеше кіші гірім мекенжайлардан құралған шағын ауданның орталығы болған Кент өзінің өлшемі, үй-жайларының саны мен бірқатар белгілері онда алғашқы қаланың қалыптаса бастағандығын білдіреді. Кент тұрғындарының шалғайдағы тайпалармен өзара қатынаста болғанын растайтын дәйектер табылды. Кентік мекенжайлар мен олардың жерлеулерінен алынған керамикалық ыдыстар ішінде Намазга ҮІ-ға жататын шарықта жасалған, қарасұрықтық және түгіскендік үлгілер де кездеседі.
Б.з.д. 2 – мыңжылдықтың соңы мен 1 – мыңжылдықтың басында андрон тайпаларының экономикалық тұрмысы мен мәдениетiнде айтарлықтай өзгерiстер болды. Бұл өзгерiс қоғамның әуелi жайлауда, кейiннен көшiп жүрiп мал өсiруге бейiмделген жаңа шаруашылыққа ауысуымен байланысты. Археологиялық материалдардың көрсетуiне қарағанда қола дәуiрiнiң соңғы кезеңiнде (б.з.д. 12 – 8 ғғ.) шаруашылық пен мәдениеттегi андрондық дәстүрлердiң орнына темiр ғасырына тән қоғамның жаңа экономикалық үлгiсi мен материалдық мәдениеттiң прогрессивтi нысандары қалыптасты.
Хакасск – Минусинск қазаншұңқыры мен оған жақын аймақтарда б.з.д. 2 – мыңжылдықтың соңында Қарасұрық археологиялық мәдениетi қалыптасты. Дамыған қола ғасырына жататын бұл мәдениеттiң археологиялық заттары ерекше және андрондықтардiкiне өте ұқсас. Ол, әсiресе, қыш ыдыстар мен қола бұйымдардан айқын көрiнедi. Қарасұрық қабiрлерiнiң ыдыстары бомбаға ұқсас: аса үлкен емес мойны тiк, бүйiрлерi шар тәрiздес, түбi жұмыр. Олардың сыртында кесiп және басып салынған үшбұрыш және ромба тәрiздес өрнектері болады.
Әдебиеттер
Құрманқұлов Ж.Қ., Байқонақов Д.С. Қазақстанның қола дәуірі. – А.,2008.
Максименков Г.А. Андроновская культура на Енисее. – Л., 1978.
Лекция №20-21 Әлем және Қазақстандағы ертетемір

  1. Әлем және Қазақстандағы ертетемірдің зерттелуі дәуірнамасы

  2. Орталық Қазақстан ертетемірі, Тасмола мәдениеті

  3. Шығыс Қазақстанның ертетемірі, Майемер, Берел, Кұлажорға ескерткіштері

Бірінші мың жылдықтың басында адамдар темiрден еңбек құралдарын жасай бастады. Қоладан металлдың жаңа түрiне ауысу екi – үш жүз жылдықты қамтыды. Металды игеру барлық жерлерде бiрдей, бiр мезгiлде жүзеге асқан жоқ. Кейбiр халықтар темiрдi б.з.д. Х ғасырда пайдалана бастаса, басқаларының қолы темiрге б.з.д. ҮП – Ү1 ғғ. ғана жеттi. Шығыс Еуразия кеңiстiгiн (Оңтүстiк Ресейді, Украинаны, Кавказды, Орта Азия мен Қазақстанды, Сiбiр, Алтай және Қиыр Шығысты) мекендеген халықтар темiрдi б.з.д. ҮШ –ҮП ғғ. толық меңгердi. Темiр адамдарға едәуiр ертерек уақытта да белгiлi болған. Жекелеген халықтар оны б.з.д. екінші, тiптi үшінші мың жылдықтың өзiнде бiлген. Алғаш темiрмен Египет пен Месопотамияның тұрғындары таныс болды. Бiрақ темiрдi алудың әдiстерi игерiлмегендiктен одан тек әшекей бұйымдарын ғана жасай алды. Темiр жер бетiнде мыс немесе алтын секiлдi кесек күйiнде кездеспейтiндiктен алғашқыда ежелгi адамдар метеориттiк, таза темiрдi қолданса керек. Жер бетiнде темiр мыспен салыстырғанда көп болғанымен оны рудадан бөлiп алу жолы белгiсiз болды. Темiрдi игермес бұрын адамдар түстi металдарды балқытуды меңгеруi тиiс едi. Мысты балқыту үшiн аса жоғары температура қажет емес. Ол 1100 градуста балқиды, ал темiрдi рудадан балқыту арқылы бөлiп алу үшiн қызуды 1530 градусқа көтеру қажет. Ондай жоғары температура алу арнайы пеште (домна) ғана iске асады. Сондықтан да темiр өндiру кәсiбi ежелгi ұсталарды өндiрiсте сапалық өзерiстерге қадам басуына итермеледi.


Б.з.д. 1 – мың жылдықпен бiздiң заманыздың басында Украинадан басталып Едiл өңiрiн, Жайық арқылы Қазақстан мен Оңтүстiк Сiбiрге дейiнгi аймақта шартты түрде Скиф – Сiбiр әлемi (Ресей ғалымдарының көзқарасы бойынша) деп аталған археологиялық мәдениет қалыптасты. Өз мәдениетiнiң ескерткiштерiн қалдырған кейбiр тайпалардың бiр қатарының аттары бізге жазба деректер бойынша жеткен – скифтер, сақтар, сарматтар, ғұндар; ендi бiр қатарының аттары белгiсiз, олар заттай және рухани мәдениетiнiң ескерткiштерiн ғана қалтырған. Осы ұлан – ғайыр жердiң археологиялық заттарының басым көпшiлiгi бiр – бiрiне өте ұқсас. Оны жебенiң қоладан жасалған ұштарынан, қанжарларынан, тұрмыстық заттары мен әшекей бұйымдарының бiртектестiгiнен байқаймiз. Бұндай ұқсастықтың негiзгi себебi бар. Оны осы аймаққа жаппай тараған малшылық пен кетпендi егiншiлiктiң жалпыға бiрдей ортақтығынан көремiз. Олардың материалдық мәдениетi ғана жақын емес, сонымен қатар жергiлiктi еуропа тектес нәсiлдер мен индо – ирандық нәсiлдердiң қосындысынан тұратын этникалық тегi де бiр едi. Ерте темiр ғасырының ежелгi халықтары мен тайпаларының мәдени жетістіктері көршiлес Греция, Рим, Парсы, Қытай секiлдi алдынғы қатарлы дамыған елдермен өзара тығыз мәдени байланыста қалыптасып дамыды.
Осынау үлкен жерді мекендеген шаруашылығы мен өнері, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі жағынан өзара туысқан тайпалар бірлестіктері антикалық авторлардың жазбаларында скифтер деп жинақтаушы атпен атаған. Соның ішінде Орта Азия мен Сібір жерлеріндегі тайпаларды Азиялық скифтер деп көрсеткен. Ал оның құрамында массагеттер, исседондар, аримаспылар, агрипейлер, дахтар т.б. көптеген тайпалар болғаны да айтылады. Ал Ахеменид әулетінің патшаларының бірі І Даридің бұйыруымен Бехистун жартасына қашап жазылған жазуда Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген тайпаларды (скифтерді) сақтар деп атаған. Бұл жайында б.з. алғашқы ғасырында өмір сүрген ежелгі Рим оқымыстысы Плиней (әкесі): «Яксарттың арғы бетінде скиф тайпалары өмір сүреді, парсылар оларды сақтар деп атайды ... скиф халқының санында шек жоқ ... олардың ішіндегі әйгілілері сақтар, массагеттер, дайлар, исседондар ... аримаспылар» деп жазған.
Б.з.д. 1 – мыңжылдықтың екiншi жартысында далалы аймақтарды мекендеген тайпалар алғашқы қауымдық қоғамның ыдырап, соғыстың күшейген жағдайында ру – тайпалардың әскери – саяси одаққа бiрiккен күрделi дәуiрiн басынан өткiздi.
Еуроазия даласындағы скифтер мен сақтардан қалған археологиялық ескерткiштерде екі ғасырға жуық уақыт аралығында жүргiзiлiп келе жатқан зерттеу жұмыстары ғылым үшін мол мәлiмет берді. Сол мәліметтерді хронологиялық және территориялық жағынан топтастыра отырып, Батыста Қырым мен Қара теңiз жағалауларынан бастап, Шығыста Алтай мен Оңтүстiк Сiбiрге дейiнгi ұлан – байтақ жердi қамтыған ұлы мәдениетiнiң үш орталығы болған деп айтуға болады: алғашқысы - Сiбiр мен Алтай жерi; сосын - Қазақстан территориясы мен Орта Азия; соңғысы – Кавказ, Қырым мен Қара теңiздiң солтүстiк жағалаулары;
Сақ тайпаларының материалдық мәдениеті, шаруашылығы мен тұрмыс тіршілігі, әлеуметтік құрылымы жайлы жазба деректер көп ештеңе айтпайды. Осындай мәліметтерді олардың археологиялық ескерткіштерін зерттеу арқылы ғана аламыз. Сақ тайпаларының материалдық мәдениеті жерлеу ескерткіштері материалдары негізінде зерттелген. Олар Жетісуда: Қарашоқы, Қарғалы 1 (б.з.д.ҮІІІ-ҮІІ ғғ.); Жуантөбе 1, Қадырбай 3 (б.з.д. ҮІІ-ҮІ және ІҮ-ІІІ ғғ.); Бесшатыр және Есік (б.з.д. Ү – ІҮ ғғ.) т.т.; Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал маңында Түгіскен мен Ұйғарақ (б.з.д. ҮІІ-Ү ғғ.); Шығыс Қазақстанда Шілікті (б.з.д. ҮІІІ-ҮІ ғғ.); Берел (б.з.д. Ү-ІҮ ғғ.); Орталық Қазақстанда Тасмола (б.з.д.ҮІІ-ІІІ ғғ.) қорымдары.
Жетісу сақ мәдениетінің үлкен орталықтарының бірі болғанын Бесшатыр мен Есік қорымында жүргізілген археологиялық зерттеулер қорытындысы анық көрсетеді. Осы ескерткіштерде 50-70 жылдары аралығында зерттеу жүргізген Жетісу археологиялық экспедициясы (жет. К.А. Ақышев) ғылым үшін аса маңызды материалдар жинады. Алматыға жақын жердегі Желшалғыр тауының етегінде, Іле өзенінің оң жағалауында орналасқан Бесшатыр қорымы 31 обадан тұрады. Олардың 21- і тас, қалғандары қиыршық тас пен топырақ араласқан үйінділерден түзілген. Үйінділерінің өлшеміне қарай қорым үлкен, орташа және кіші обалар болып үшке бөлінген. Үлкен обалардың көлденең өлшемі – 45 – 105 м, биіктігі – 6 – 17 м; орташаларының көлденең өлшемі – 25 – 38 м, биіктігі – 5 – 6 м; кішкенелері – 6 – 18 м, - 0,8 – 2 м.
Ежелгі заманның өзінде көпшілігі тоналған қорымның әрбір обасы үлкен тарихи құндылық болып табылады. Зерттеу қорытындылары сақ қоғамының сол кездегі даму деңгейі, құрылыс салу дәстүрінің жетістіктері жайлы үлкен мағұлмат берді. Үйінді, оның астындағы бөренелер мен қамыстан тұрғызылған жерлеу үйі, тас қабырғалар мен қоршаулар, жер асты жолдарынан, кейбіреулері айнала қоршай орналасқан меңгірлер топтарынан тұратын үлкен обалар біртұтас сәулеткерлік құрылыс болып табылады.
Сақ мәдени қауымдастығының шаруашылық–экономикалық, мәдени-әлеуметтік даму деңгейін зерттеуде аса маңызды мәліметтер берген Есік обасында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесі болды. Мұнда көлденең өлшемі 60 м, биіктігі 6 м обаның астында орналасқан екі жерлеу қабірі анықталды. Үйіндінің қақ орта тұсында болған жерлеу қабірі толығымен тоналған. Оның оңтүстік шетінде 15 м жердегі екінші жерлеу толығымен аман сақталған.
Шығыс Қазақстан облысындағы Шілікті жазығында сақталған сақ патшалары қорымы ХХ ғ. басынан бері бірнеше дүркін қазылды. С.С. Черников зерттеуі кезінде диаметрі 20-200 м, биіктігі 2-10 метрлік 51 оба анықталған. Зерттеу барысында жердің астына және жердің бетіне бөренелерден салынып, үстінен тас және топырақ аралас үйінділер тұрғызылған күрделі жерлеу құрылыстары ашылды. Қабірлердің бірінен табылған 40 пен 50 жастың арасындағы ер кісі мен 50 мен 60 жастың арасындағы әйел адамның мәйіті табылған. Бұлардың да анасы мен баласының денесі болуы мүмкін. Қабірлерден табылған бес жүзден астам аңдар мен құстардың алтыннан жасалған кішкене мүсіншелері мен қазбаның толық мәліметі С.С. Черниковтің «Загатка золотого кургана» атты кітабында жарияланған.
2003 ж. жүргізілген зерттеулер Шілікті жазығында орналасқан сақ обаларының саны 220, олардың ішінде патшалар мен ақсүйектерге тәндері 48 оба екендігі анықталды. Қазбаға алғаш іліккен № 2 – обаның диаметрі 75, биіктігі 6 м. Сол кездің өзінде тонауға ұшыраған жерлеу құрылысы қатты бүлінген, жерленген кісінің сүйектері бей-берекет шашылған. Дегенмен тонаудан аман қалған алтыннан жасалған ұсақ бұйымдардың жалпы саны 4303 данадан тұрады. Олар: бұғы, арқар, барыс, қасқыр сияқты аңдар мен жабайы жануарлардың, бүркіттің құйма мүсіндері. Табылған заттар б.з.д. ІХ-ҮІІІ ғғ. мерзімделеді.
Қазақстандық Алтайда орналасқан Берел патша қорымын зерттеу осы ескерткiштердi қалдырған тұрғындардың Пазырық сақтарымен туысқан тайпалар болғанын көрсететiн мол материал бердi. Тас обаның астынан қазылған терең шұңқырдың ішіне салынған қима тағанның бір шетіне қойылған ағаш табытқа жерленген сақ батыры мен оның анасының денесi шыққан. Олардың анасы мен баласы екендігі молекуларлы-генетикалық әдіс бойынша анықталды. Антропологиялық зерттеулер барысында еркектің қабырға, омыртқа, ұзын сүйектері бірнеше дүркін сынып, қайта біткендігі анықталған. Марқұмның басына операция жасалған. Осындай белгілері мен жанына қойылған қарулары ер кісінің тірі кезінде қол бастап, талай шайқасқа қатысқан батыр болғандығын білдіреді. Өкінішке орай, жерлеу сол заманның өзінде тоналған. Тонаудан қалған заттардың қатарында қолдан жапсырып жасалған құмыра, ағаш стол мен ағаш күрек бар. Ол баста мәңгiлiк тоңға негiзделiп жасалған қабірдің құрылымы тонау қуысы арқылы кірген ауадан бұзылған. Сондықтан да жерленген мәйіттердің жұмсақ еттері сақталмаған. Марқұмдар жерленген қиматағанның солтүстік шетіне 13 сәйгүлiк жерленген. Олар екі қатар етіп: астынғы қатарда 7 жылқы, оның үстінен 6 жылқы жатқызылған. Жылқылардың асты мен үстіне қайыңның қабығы мен курил шәйінің жапырағы екі қатар етіп төселген. Жерлеудің осы бөлігі тонауға ұшырамағандықтан оның мұздыққа негізделген қалпы бұзылмаған. Сондықтан да жерленген жануарлардың денесі тоңға қатқан күйінде бізге жеткен. Жылқылар ер-тұрман, құйысқан, жүген секілді ат әбзелдерімен жасақталған. Жылқылардың бірінің басына алтын жапырақтан жасалған маска кигізілген. Ат әбзелдері мысық тұқымдас жыртқыштар, бұғы, құстар, таутекелер мен арқарлар бейнесінде ағаштан ойып жасалған нақыштармен безендірілген. Нақыштар сыртынан алтын жапырақшалармен қапталған. Қазбадан шыққан заттарды зерттеуге қатысқан ондаған мамандық салаларының ғалымдары жерленген мәйiттер мен олардың өмiрiн сан қырынан көрсететiн қорытындылар жасауда. Мысалы, археологтармен қатар жұмыс iстеген тоң зерттеушiлер мәңгілік мұздыққа негіздеп жасалған жерлеудің арқасында жерленген адам, онымен бірге көмілген жылқылар, қарулар, тұрмыстық заттар бізге дейін сол бастапқы қалпында жетуінің себептеріне көз жеткізді. Өкінішке орай, тонау кезінде бұзылған мәңгілік тоңдық жүйенің салдарынан жерленген кісілердің денесі бастапқы қалпында сақталмаған. Осының салдарынан ғылым үшін аса маңызды генетикалық зерттеу амалдары дәрменсіз қалды. Тоң қалпы бұзылмаған бөліктегі 13 жылқының сол күйінде жеткен денесіндегі жеке таңбалар мен олардың ас қазанында қалған шөп құрамы және аттардың ер-тұрмандары мен әбзелдері, ағаштан жасалып, сыртынан алтын жапырақтармен қапталған түрлі өрнектер сақтардың саяси-әлеуметтік тіршілігі мен мәдени жетістіктері жайлы құнды мәліметтер айтады.
Орталық Қазақстанды мекендеген сақ тайпаларынан қалған археологиялық ескерткіштер кешені ғылымда тасмола мәдениеті деген атпен белгілі. Мәдениеттің ерекшеленетін белгісі «мұртты қорғандар» деп аталатын жерлеу құрылыстары. Бұл қабір үстіне салынған кешен үлкен өлшемдегі негізгі обадан, оның шығыс шетіндегі кіші обадан және оның екі шетінен шығысқа қарай созылған ені 1,5-2 м., ұзындығы 20-200 м, етіп қаланған тас тізбектерден тұрады. Жартылай доға түріндегі тізбектердің бас пен аяқ жағында қорған тәріздес кішкене үйінділер де жиі кездеседі. Негізгі обаның астындағы қабірге марқұм мен түрлі заттар қойылады. Ал кіші обаның астында жерлеу болмайды. Әдетте оның астына жылқының мүшесінің кейбір бөліктері (басы, басқа сүйектері), қыш ыдыс, кейде екі ыдыс қойылады. Мұртты қорғандардың түрлі варианттары таралған. Мысалы, кіші обалары екеу, шығыс және оңтүстік шетінде орналасқан немесе негізгі обаның үстінен түскен түрлері де кездеседі.
Мерзімделуі жағынан тасмола мәдениеті екі: б.з.д. ҮІІ-ҮІ ғғ. және б.з.д. Ү-ІІІ ғғ. жататын кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең жерлеу заттарының белгілі бір құрамымен ерекшеленеді. Олар қоладан жасалған жебенің ұштары (екі қанатты сыртқа қарай шығып тұрған қуыс ұңғылы және үш қанатты тұтас сапты), сабының басы жұмыр қанжарлар (акинак), түрлі ауыздықты жүгендер және қола айналар.
Тасмола мәдениетінің жерлеулері Тасмола, Қарамұрын, Нұрманбет обалары. Жерлеу заттарының ішінде құмтастан жасалған сопақша немесе дөңгелек келген, кішкене аяғы бар құрбандық табақшалары да кездеседі. Жерлеу заттарының ең көп таралған түрі құмыра ыдыстар. Олардың барлығы да қолдан жапсыру әдісімен жасалған. Сүйектен, қоладан және алтыннан жасалған жануарлардың мүсіндері мен бедерлі бейнелері де табылған. Алтын жапырақтармен қапталған барыс, арыстан секілді жыртқыш аңдардың да бейнелері кездеседі. Жерлеу заттарының ішінде көптеп кездесетін қару түрі- жебенің ұштары. Олар ұңғысы қуыс екі қанатты және ұңғысы тұтас үш қанатты түрде кездеседі. Қарамұрын І қорымындағы обалардың бірінен ішінде 46 жебесі бар былғарыдан тігілген қорамса шыққан. Жебелер қорамсаға үш қатар етіп салыныпты. Жебелердің сабы- 60 см болғаны анықталды. Жебенің ұштарының қоладан жасалғаны – 42, сүйектен - 3, ағаштан жасалғаны - 1. Қарудың басқа түрі – қола акинактар жекелеген жағдайда кездеседі. Б.з.д. ҮІ ғ. мерзімделетін сондай қанжарлардың бірі Нұрманбет ІҮ қорымындағы обалардың бірінен табылған.
Антропологиялық зерттеу қорытындылары Қазақстанның ежелгі тұрғындарының еуропойдтық нәсілі Шығыстан енген моңғолтектес нәсілдердің ықпалымен аздап өзгеріске ұшыраған. Мамандардың мәлімдеуінше б.з.д. І – мыңжылдықта Қазақстанның тұрғындарында 20% -ға дейін моңғолтектес элемент болған.
Сол кезеңде әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамудың жоғары сатысына көтерілген далалық тайпалар әлемдік тарихта елеулі із қалдырды.

МЕРЗІМДЕЛУ


Б.з.д. YII-III ғғ - Қазақстан мен Орта Азияның ерте көшпелі тайпалары.
Б.з.д. Y-II ғғ - Берел патша қорымы.
Б.з.д. ҮІІ – «аң нақышы» деген аталған өнер түрінің таралу аймағы.
Б.з.д. YІ - ІІІ ғғ. Тасмола мәдениеті ескерткіштерінің мерзімделуі.
Б.э.д. ҮП – IҮ ғғ.
Б.з.д. Ш – б.з. IҮ ғғ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет