Мазмұндамалар жинағЫ Құрастырған: Исмадиярова Гүлшахар Бердиярқызы Алматы 2012



бет4/4
Дата04.01.2017
өлшемі0,93 Mb.
#6337
түріМазмұндама
1   2   3   4

БАТЫР МЕН ЖЕЗТЫРНАҚ

(ертегі)

Ерте, ерте, ертеде қалың елге жау шауыпты. Жаудан кек алмақ болып, жас жігіт жорыққа аттаныпты. Жігіт алғашқыда талай-талай қырлардан өтіпті. Көлбей аққан өзендерді артқа тастапты. Таулы, тасты жерлерді де қиялай шауып басыпты.

Жаудың жеріне жетіп, оларды жермен-жексен етіпті. Жігіт батыр атаныпты. Мерейі тасып, еліне қайтыпты. Қайтар жолда қалың қамысы өскен нулы жерге ат басын тіреп, азын-аулақ демалыпты.

Сол кезде аспаннан түсті ме, қалың қамыс арасынан шықты ма, бір сұлу қыз батырды көріп, жақындай түсіпті. Батыр дала төсіндегі қызғалдақ гүлдердің бір шоғын жинап, сұлу қызға ұсыныпты.

Сұлу қыз инабатты қылығымен батырдың ұсынған гүлдерін қолына алады. Бірақ саусақтарын көрсетпейді. Жеңі ұзын көйлегінен саусақтарын шығармаған күйі батырға жақындай түседі.

Батыр балалық шағында атасы мен әжесінен көптеген әңгімелерді есітіп, құлағына құйып өскен болатын. Жезтырнақтар лезде сұлу қызға, бірде ақ сақалды қарияға немесе арлан қасқырға айнала алатындығы есіне түседі. Саусағын көрсетпегені – оның жезтырнақ, мыстан кемпір екендігінің дәлелі деп ұғынады жас батыр.

Батыр артқа сәл ғана шегініп, сұлу қызға айбарлы тілмен үн қатады:

–Сен сұлу қыз кейпіндегі жезтырнақсың. Көзіме көрінбе. Сен нағыз аяр мыстансың. Жоғал, – дейді.

– Батыр, қатты кетпе. Мен саған ыстық су, тәтті тамағыңды әзірлеп берейін, – деп сұлу қыз сызыла тіл қатады.

Батыр иілмейді. Тұлпарына қарғып мініп, бәлелі, жалалы жерден тез арада аттанып, еліне қарай бет алады. Күн жүреді. Түн жүреді. Батыр бір кезде қалың, ну орманға кезігеді. Орманның ішіне кіре бергенде қарсы алдынан ақ сақалды, еңсегей бойлы қария жолығады.

Үлкенге ізет көрсету салтымен, батыр тұлпардан түсіп:

– Ассалаумағалейкүм, ата, – деп сәлем береді.

– Уағалейкүмассалам, – деп қария жауап қатады.

Батырмен сәлемдескенде қария саусағын көрсетпейді. Ұзын жеңді көйлегінің ішіне жасырған саусақтарын батырдың көзінен таса ұстайды. Батырдың көңіліне күдік кіреді. Қарияның жезтырнақ екенін жүрегі сезеді. Сөйтеді де:

– Сен және де маған жолықтың ба? Жауды жеңіп, ата-анаммен аман-есен қауышуды ниет етіп ем. Жолымды кес-кестеме, жауыз жезтырнақ, – деп батыр тұлпарына бір-ақ қарғып мінеді. Елін бетке алады. Өзенді, көлді, таулы, тасты жерлерден желіп өтіп кетеді.

Елдің шетіне аяқ басым-ау деген кезде батырдың қарсы алдынан дәу арлан қасқыр шыға келеді. Батырға ұмтылады. Тұлпардың үстінен құлатпақ болады. Батыр жанындағы үлкен шоқпарын жуан жұдырығына қысып алады. Мықтап ұстаған бойы қасқырдың қақ маңдайына соғады.

Қатты соққыдан қасқыр шалажансар күйге түседі. Сәлден соң, мерттіккен қасқыр ақ сақалды қарияға, одан соң сұлу қызға, кейін жезтырнақ мыстан кемпірге айналып, сеспей қатады.

Батыр тұлпарына мініп, еліне таң ата жетеді. Қарсы алдынан ата-анасы, туған-туыстары, бауырлары шығып, ел-жұрты батырмен қуана қауышады. Жауды, жезтырнақты жеңіп келген батырдың ерлігіне қалың халқы дән риза болды. (370 сөз)

Мазмұндау жоспары:

Батыр жігіттің жорығы.

Сұлу қызға кезігу.

Батырдың күдігі.

Ұзын жеңді қария.

Арлан қасқырмен арпалыс.

Жезтырнақты жеңуі.

Елімен қауышқан батыр.

Тірек сөздер: аяр мыстан, ассалаумағалейкүм, уағалейкүмассалам,

ну орман, жезтырнақ.



ЗЕҢГІ АТАНЫҢ АШУЫ

(аңыз)

Қара малдың иесі – қасиетті Зеңгі ата бір дүйім елдің малын бағып жүріпті. Сиыр, өгізше, тана, бұзау Зеңгі атаның айдауына көніп, мамыражай жайылып, өсіп-өніп көбейе беріпті.

Қара малдың жайын әбден білген Зеңгі ата мал бағып жүргенде, өзгелердей айт-шулемей-ақ, жайылымда беймарал отырады екен. Сиырдың өздері Зеңгі атаның маңынан ұзамай, емін-еркін шөп жұлып, қарнын тойдырыпты.

«Ел ішінде ала да, құла да болады» демекші, Зеңгі атаның малды баға білу шеберлігін көре алмайтын біреу шығыпты. Ол ел басшыларының біріне:

–Зеңгі ата, қартайды. Мал баға алмайды. Сиырларды бір жерге үйіріп, ертелі-кеш қамап отырады, – деп кінә тағыпты. – Сиырларды маған тапсырыңыз, басеке, – депті құрдай жорғалап.

Сөзге еріп, өлшемей-пішпей, тез шешімге келген ел басшыларының бірі:

– Олай болса, Зеңгі атаны істен дереу босатыңдар, қартайса, демалсын. – Сиырларды енді сен бақ, – депті.

Зеңгі ата қараптан-қарап, кінәлі болғанына кейіпті. Ашуланбағанда қайтсін! Өмір бойы қара малдың тілеуін тілеп, жай-күйін бір адамдай білгеніне күмәні жоқ-ты.

Біреудің ала жібін аттап баспаған Зеңгі ата ашуын сап тыйды да:

– Баққан малыңа оқалақ тигір, – деп бір ауыз сөз айтыпты.

Зеңгі атаға жала жауып, бір елдің малын алдына салып, айдап келе жатқан мал сол кезде жан-жаққа бытырай қашыпты.

Күн сайын малына ие бола алмай, әбден әбігерге түскен шағымшыл жан, бақташылықты өз еркімен тастап кетіпті.

– Зеңгі ата – сиырлардың пірі, иесі, – деп ел-жұртқа жариялапты, абыройын биіктетіпті.

Содан бері Зеңгі атаның ренжіп, кейіген шағы – мамыр айында сиырларға оқалақ тиіп, табындағы мал бейжай күйге түседі екен. (330 сөз)

Мазмұндау жоспары:

Қара малдың иесі – Зеңгі ата.

Зеңгі атаның мал бағу шеберлігі.

Зеңгі атаны кінәлау.

Зеңгі атаның ашулануы.

Ел басшыларының Зеңгі атадан кешірім сұрауы.


Тірек сөздер: беймарал, қара малдың пірі, оқалақ тигір.

КӨКПАРҒА БАРҒАНДА

Үлкен тасжолдың оң жағында ашық алаңқай жер бар. Осы жерде жыл сайын көкпар өтеді. Қызығы көпті дүрліктірген көкпарды ауыл адамдары біраз уақытқа дейін ауыздан-ауызға жеткізіп, айтып жүреді. Атамның көкпар десе, көңілі әрқашанда көтеріліп-ақ қалады. Міндетті түрде көкпарға барады. Мені де өзімен бірге ертіп барады. Жанынан бір елі тастамайды.

Көкпар болатын күні ертелеп үйден шықтық. Көкпарсай біздің ауылдан едәуір ұзақ. Оған жеткенше жол бойын тамашаладық. Жан-жақтың бәрі жасыл желек. Көз тойдырады.

Көкпарсайда көкпар. Атамның көкпарға қосатын атын өзінің шәкірті Дүйсенбек мінді. Алғашқы салымға шыққанымен, мәреге көкпарды тастай алмады. Тіпті, салым салуға ойға алмағандай. Менің түсінігімше, атының етін қыздырып жүргендей. Өзінің де, атының да бойын үйреткісі келгендей.

Түске жақын ғана Дүйсенбек екі салым салды. Астындағы көкпар аты – Торыкөк өз бабына әбден келіпті. Ойнақшып, тыпыршып, салаң қағып, жер тарпиды.

– Әлібек, – деді атам маған. – Қазір ең үлкен салым салынады. Жеңіл машина тігілмек.

– Ата, біздің ат салса жақсы болар еді.

– Бұйырғаны болар, балам, – деп атам тіп-тіке, жантаймай отырған күйде.

– Ата, сіз неге үнемі тіп-тіке отырасыз? – дедім атамды жаңа ғана көріп, білгендей. Атамның дастархан басында да жантайып, жанбастап жатқанын көрмеппін.

– Ол көкпардың арқасы. Жас кезімде көкпарды жақсы көрдім. Көкпарға көп қатыстым. Талай рет салым салдым. Төңірекке атым мәлім Қуатбек палуан атандым. Қашанда қараптан-қарап отырсам да, тұлпардың үстіндегідей сезіндім. Содан болар бойымды тік ұстап, еңсемді көтеріп отыруды жаным да, тәнім де қалайды. Молдасоқынып, тіп-тіке дастархан басында отыру қаныма сіңген әдет, – деді атам көкпардағы додадан көзін бір алмай.

Торыкөк көкпардан сол жолы ең үлкен бәйгені ала алмады. Шәкірті Дүйсенбек те ренішті көңілін жасырмады.

–Өз қолыммен салымды басқа біреуге өңгеріп жібергенімді қарасаңшы! – деді намыстана.

– Еш оқасы жоқ. «Бап шаба ма, бақ шаба ма?» деген. Бұл көкпарда шіркін! Бірде олай, бірде бұлай. Бұйырмаған да.

– Қуатбек аға, қателік менен болды. Көкпарды тақымға сала бергенімде епшілдік таныта алмадым, – деді Дүйсенбек ынты-шынтымен күйіне.

Торыкөк те бастапқыдай ойнақши қойған жоқ. Қос жанарынан от шашқан нұры да жарқ-жұрқ етпеді. Әлденеге жайсызданып, қатты-қатты шыңғыра, кісіней жөнелді.

– Жануар-ай, тілің жоқ-ау. Әйтпесе, бұл да сезінеді. Қарасаңшы, үлкен салымды сала алмағанын түйсінгендей кісінеуін. Жануардың есті болып жаратылғанын айтамын да.

Көкпар аяқталды. Ел-жұрт жан-жаққа тарай бастады. Таңертеңнен бері қарақұрым болып жиналғандардан селдірген бірер тобы ғана қалды. (350 сөз)

Мазмұндау жоспары:

Көкпарға жол тарту.

Алғашқы салым.

Әлібек пен атасы.

Дүйсенбектің реніші.

Торыкөктің естияр қасиеті.

Тірек сөздер: көкпар, молдасоқынып, дода, қарақұрым.



ҚОЛҒАНАТ

Үй ішінде барометр ілулі тұр. Ол жауын-шашынның, жайма-шуақтың, боранның, қардың қашан болатынын, алдын ала болжайды. Бірақ Ерланның атасы оған сирек қарайды.

– Менің өз барометрім бар, – дейді ол аяғын уқалап. – Осы аяғым қақсаса, ауа райы өзгереді дей бер.

Ерланның атасының оң аяғы соғыста жараланған. Үлкен сандықта «Қызыл жұлдыз» ордені, медальдары сақтаулы. Мереке күндері кеудесіне жарқыратып салып алады.

Ерлан қалыңдау киініп, сыртқа шықты. Есік алдында аспанға қызыға қарап біраз тұрды. Қар жауа бастапты. Суық жел бетті қарып барады. Қойма ішінен балтаны тауып алды. Ағаштың біреуін алып, балтаны сілтеп қалды. Жарылмады. Балтаны ағаштан суырмақ боп біраз әуреге түсті. Бір-екі рет сол ағашты балталап көрді. Болмады. Оны тастады да, басқасын алды. Бұл жіңішке әрі жалпақтау екен. Балтаны ағаштың дәл ортасынан көздеп сілтеп қалды. Ағаш екіге бөлінді. Екіге бөлінгенді төртке бөлді. Сондағы байқағаны қисық ағаштан гөрі түзу ағаш оңай жарылады екен. Осылайша ағаш жаруға машықтанып қалды. Жарылған ағаштарын бір шетке жинады.

Атасы оң аяғы қақсаған соң жаюлы тұрған төсекке жата салған еді. Көзі ілініп кетіпті. Бір уақытта оянса, күн кешкіріп қалыпты. Үйде Ерлан да жоқ, отын да жоқ. Белін ұстап, орнынан тұрып, терезе алдына барып еді, қорадан тарсылдаған дыбыс шықты.

– Жаным-ау, мынау Ерланның өзі ғой. Азаматым-ай! – деп мейірлене де, мақтана да қарады.

Ерлан болса, жан-жағына қарамайды. Пальтосын шешкен. Қолында балта. Ағашты дөңке үстіне асықпай қояды. Төбесінен асыра балтаны төмен сілтейді. Жалпақ ағаш қа бөлінеді. Ерланның тағы да түзу ағашты таңдап іздестіріп жүргеніне атасы мырс етті.

– Пайымды болатын түрі бар, – деді іштей.

– Ата, – деді Ерлан терезеден қарап тұрған атасын байқап қалып, – Отын дайын.

Ол жарылған ағашты құшағына толтыра үйге кіргізді. Пеш алдына қойып:

– Жаға беріңіз, – деді терлеген маңдайын сүртіп. Аузынан будақ-будақ бу шығады.

Атасы пешке от жақты. Әп-сәтте үй іші жылына бастады. Пеш үстіне қойылған сүт те пісті.

– Ата, сүт ішемін, – деді сәлден соң Ерлан. Сүтке нан турап, тамсана ішті.

Қас қарая әкесі мен шешесі үйге келді. Жылы үй олардың көңілдерін көтерді.

–Отынды Ерлан жарды. Қолғанат болды деген осы, – деп атасы Ерланды жанына шақырып, тарамыс қолымен арқасынан қақты. Әкесі мен шешесі риза пейілмен қарады. (329 сөз)

Мазмұндау жоспары:

Ерланның атасының аяғы барометр

Отын жарудың әдісі

Атасының мейірлене қарауы

Қолғанат болды деген осы

Риза пейіл.

Тірек сөздер: барометр, орден, медаль, қолғанат.

МЕНІҢ ІНІМ

Біздің ауыл мақта өсіреді. Ерте көктемде көбелек қанаты секілді жайқала өседі. Қоңыр күзде жұлдызша қауашақтардан ұлпа қардай ашылған көрінісі көрген жанды рахатқа бөлейді. Бейне бір шалқыған аппақ теңіз дерсің. Содан соң осынау ақ мақта алқабында «көгілдір кемелер» «ақ алтынды» болат қораптарына төкпей–шашпай жинап жатады.

– Берік – деймін, оның көгілдір дәптеріне қолымды созып, – Шынымен мақташы болмақпысың? Оның еңбегі ауыр ғой? Бірақ Берік:

– Аға, шын сөзім бұл. Күні ертең мақташы боламын папам сияқты.

Мен жасы кіші Беріктің еркін тақырыпқа арнап жазған тырнақалды еңбегіне көз жүгіртіп, қиялына ерік берген едім. Дәптер бетінің ортасына «Мақташы боламын» деп бас тақырыбын нақты етіп жазыпты. Содан соң өзінің балаң ойларын ақ қағазға түсіруге көп еңбек төккені байқалып тұр.

«Атам соғыс кезінде елін қорғаймын деп туған жерге келе алмады. Жау оғынан қайтыс болды. Соғысқа дейін ауылда мақта өсірумен шұғылданыпты. Жақсы еңбегі үшін сол кезде газетке де мақтап шығарған. Ол газетті папам сақтап қойған. Сұраған кезімде үнемі көрсетіп, әңгіме айтып береді. Атам соғыста болмағанда қолымнан жетектеп жүрер еді. Талай түндер бойы жалықпай ертегі айтар еді. Соғысты жек көремін», – деп жазыпты.Бұл шығармасының бастапқы бөлігі. «Айналайын, – дедім толғаныспен, – көңілің таза, ойың айқын екен», – деп арқасынан қақтым.

Мен бұдан соң үйге берілген тапсырмасын орындауына кедергі болмайын деп, тысқа шығуға беттедім.

– Аға, – деді Берік менің кетуге ыңғайланған бағытыма назар салмастан, – үлкен болған соң инженер боламын. Сөйтіп, ауылға келіп, үлкендерге көмектесем.

Мен үнсіз сыртқа шықтым. Берік стол үстіне үңілген күйде. Бәлкім, өзі қалайтын мамандығы төңірегінде тәтті ойларға батып, балалық шақтың қайталанбас айшықты мезетін бастан кешіп отырған болар. Мүмкін папасының мехнаты да рахаты көп еңбегіне риза болып, мерейі тасып, көкірегі алып-ұшып отыр ма?!

Әйтеуір, мен бір жаңалық ашқандай күйде едім. Берік інім мақташылықты жанымен сүйіп анық шешімге келген екен және болашақ мамандығы жайлы толық біледі екен. Бұл мен үшін қуанышты күн болды. Күні ертең оның «Кім болам?» деген сауалға: «Мен мақташы болам, ақ мақтадан тау тұрғызатындардың бірі мен болам!» – деп көзі жайнап, жауап беретіндігіне күмәнім қалмады.

Берік жазып отыр. Ақ мақта. Мақташы еңбегі. Аппақ ойлар. (373 сөз)

Мазмұндау жоспары:

Ауылдағы мақта терім

«Мақташы боламын»

Атаның жолын қуу

Арманындағы мамандық

Тірек сөздер: көгілдір кемелер, ақ алтын, болат қорап.

АЛДАР КӨСЕНІҢ ҚЫСҚЫ САПАРЫ

Қайсар ерте көктемнен бастап-ақ, қысқы маусымға әзірлене бастады. Құрғап қалған, көктемеген ағаштарды құлатты. Балтамен шапты. Майдалады. Пеш аузына лайықтап ұсақ бұталарды сындырды. Ала жаздай бір тынбады. Күзге салым тындырған ісі де қысқа отын әзірлеу ісімен жалғасты. Сол аралықта үй іргесіне қауын екті. Піскен қауынды рахаттана жеді. Артылғандарынан қауынқақ жасап, қыста азық болар деп едәуірін жинап алды.

Қаладағы Алдаркөсемен де үнемі хабарласып тұрды. Ұялы телефон деген жақсы болды. Кез-кезген уақытта сөйлесе береді. Сондағы Қайсардың байқағаны – Алдар қалада тұрып, әркез компьютермен ойнайды екен. Ағылшын курсына баруды әдетке айналдырыпты. Ыстық күндері ақысын төлеп, мұздай, мөп-мөлдір суға толтырылған ғажайып бассейнге шомылып, есі шыққанша жүзіп, көңілді жүруді әдет етіпті.

Қайсар ойланды. Алдар қысқа дайындалмайды ма деп. Жаз бойы сауық-сайран салған шегірткеше қыста дірдек қақпай ма деп.

Қыс та жетіп келді. Жер-дүниені боратып, әп-сәтте айналаны аппақ омбы қарға көмді. Қайсар Алдаркөсемен сөйлескісі келді. Сөйлесті де. Қайсар Алдаркөсенің қысқы демалыста Ресей еліне баратынын бір–ақ білді.

– Оу, мен ауылда жаз бойы терлеп-тепшіп отын жинадым. Қыста жаурамайын деп. Сен болсаң, жаз бойы өз жағдайыңды жасап, тіл сындырдың, шомылдың, қыдырдың. Енді қақаған қыс та саған шопақ құрлы емес. Құлақ үсіп, адам тірідей қататын қыстың қырық күн шілдесінде қардың Отаны – Ресей жеріне аяқ баспақсың. Ойпырмай, не еткен керемет!

– Бұның не кереметі бар? – деді Алдаркөсе Қайсардың таңырқай сөйлегеніне түсіне алмай.

– Кереметі сол, сені, Алдаркөсені жұрт қу, өтірікші, алдамшы дейді. Бұл бекер екен. Орыстың ұлы ақыны Иван Крыловқа айта бар. Ендігіде өтірік мысал өлеңдер жазбасын. «Инелік пен құмырсқа» атты әйгілі мысалын айтамын да. Ала жаздай сайрандаған инелік қыстыгүні құмырсқаға келіп, жылы үйге кіргізуін сұранбай ма? Сонда құмырсқа маңғазданып, «Ала жаздай ән салып, би билеп, сайрандай бер!» деп, жақтырмаған кейіппен сөйлемей ме?!

– Е-е, ол заман өткен Қайсар, – деді Алдар.

– Заманның өзгергеніне көз жетті деген осы да, – деді де Қайсар ұялы телефонын төс қалтасына сүңгіте салды.

Сөйтті де, пештің аузын ашып, үй ішін одан сайын жылыта түсу үшін, бір құшақ құрғақ отынды үсті-үстіне лақтыра берді. (311 сөз)

Мазмұндау жоспары:

Қайсардың қысқы маусымға әзірленуі

Қаладағы Алдардың өмірі

Қайсардың таңырқауы

Алдаркөсенің қысқы сапары

Инелік пен құмырсқа

Тірек сөздер: күзге салым, қауын қақ, компьютер, бассейн,

ұялы телефон.

НАРТӘУЕКЕЛ

Жанаттың әкесі Әубәкір Оспанұлы соғысқа қатысқан. Ол кезде атасы жап-жас аға сержант еді. Бірде оны әскери басшы шақырып алды да:

– Аға сержант Оспанұлы, жергілікті жағдайды жақсы білесің ғой. Орманның оң қапталында үлкен жол бар. Соның арғы жағында неміс фашистері бекініп алған. Жау әскерлерінің ендігі бет алысын білу қажет. Сол үшін «тіл» алып келу өте маңызды.

– Түсіндім, жолдас комбат.

– Алайда тәуекелге бел бууға болмайды. Сақтықпен әрекет еткейсің, – деп, комбат сөзін аяқтады.

Күн ұясына батқан кезде он шақты жауынгер мен аға сержант «тіл» алып келуге аттанды. Үнсіз жүріп отырып, үлкен жолдың бойына да келіп қалыпты. Қылқанды ағаш орманы бірте-бірте сирей бастады. Енді одан әрі қарай жүрудің реті жоқ. Жау әскерлері байқап қалуы мүмкін. Сондықтан үлкен жолдың түйіскен тұсына жақын келіп, жау әскерлерінің жүрер бағытын аңдымақ болды.

Түн де аяқталып, бірте-бірте шығыс беткей ағара бастады. Жаудың әскерлері машинаға мініп, үлкен жолдан өтіп жатты.

Аға сержант барлаушыларына лезде қарап, автоматқа қол салмауға белгі жасады. Мінеки, жаудың ең соңғы бір топ әскері де жолдың түйіскен тұсына келді. Бірақ олар ілгері жылжыған жоқ. Қайта жайбарақат күйде автоматтарын бір жерге қойып, емін-еркін жайғасты. Жау әскерлерінің саны да он шақты еді. Аға сержант барлаушылармен біраз уақыт «тіл» алудың жолын ойластыра бастады. Бірлі-жарым неміс солдаты шетке шықса, екі барлаушы тап беріп, даусын шығармай тұтқындауға бел буды. Бірақ неміс солдатының бірде-біреуі қас қылғандай шетке шыққан жоқ.

Уақыт болса өтіп жатыр. Осылай ағаш арасында жата берсе өзге неміс солдаттары да келіп қалуы ғажап емес. Аға сержант осы орайда бір шешімге келді. Қолына граната алды. Жанындағы барлаушылар да командирдің іс–әрекетін қас–қабағына қарап, айтпай-ақ түсінді.

– Қолдарыңды көтеріңдер! Хенде хох! – деп, сержант бар жау әскерлеріне тап берді.

– Сендер қоршауда қалдыңдар. Атысудың пайдасы жоқ! – деді. Бейқам отырған жаудың құты қашып, зәрелері ұшты. Біреулері қолдарын көтерді, біреулері «Гитлер капут» деп, тілі күрмеле жауап қатты.

Батальон командирінің тапсырмасы ойдағыдай орындалды. Он неміс әскерін тұтқындап, өздерінің әскери бөлімі орналасқан жерге түгел, аман-сау оралды.

Батальон командиріне болған жайды аға сержант толық баяндап берді.

–Жарайсың, аға сержант Оспанұлы! – деді комбат шексіз ризашылығын білдіріп. – Әскери тапсырманы ойдағыдай орындағаның үшін алғыс жариялап, үкімет наградасына ұсынамын.

– Кеңес Одағына қызмет етуге әзірмін, – деді аға сержант комбатқа қарап.

– Рақмет, – деді тағы да комбат аға сержанттың иығынан қағып.

– Бірақ тәуекел етудің қажеті жоқ. «Сақтықта қорлық жоқ» деген.

– «Тәуекел түбі – қайық, өтесің де шығасың» дейді біздің халқымыз.

– Түсінемін, түсінемін, – деді комбат.

«Ал шынын айтсам, сол жағдайда барлаушыларға осы қасиет ерекше қажет еді» дейтін атасы Жанатқа соғыс жолдарын еске ала отырып. Сөйтетін де, «Тәуекелсіз іс бітпес» деп, өз ойының дұрыстығына еш шүбә келтірмейтін. (400 сөз)

Мазмұндау жоспары:

Жау әскерлерінің бет алысын білу

«Тіл» алуға аттану

Аға сержанттың бір шешімге келуі

Батальон командирінің шексіз ризашылығы

Тәуекелсіз іс бітпес

Тірек сөздер: комбат, батальон, генерал, сержант, командир, награда, автомат, граната, солдат, фашист, машина.

ЕКІ БОЗТОРҒАЙ

Ерте, ерте, ертеде кең далада екі бозторғай балапаны жұмыртқаны жарып шығып, дүниеге келіпті. Сайын дала төсінде көктен себелеген күн нұры олардың бойына қуат беріп, тезірек өсуіне жәрдем етіпті. Қос бозторғай балапанының түр–түсі бірдей болғанымен, мінездері ұқсамапты. Екеуі бірге ойнап, бірге ән шырқап жүргенімен, жиі-жиі шекісіп қалады екен. Ұрыс-жанжалды үнемі бірінші бастағанына қарамай, енелері «пысық» деп, мінезі шадыр балапанын жақсы көріпті. Бір жаққа бармақ болса, қасына соны ертіп, момын балапанын ұяда қалдырып кетеді екен.

Көктем шығып, ағаштар жаңа-жаңа бүр жара бастағаннан-ақ, құс біткен алуан түрлі әнге басыпты. Айналадағы тіршілік иелері бұлбұлдың жүрек тебірентер әдемі әуеніне тәнті болыпты. Таудың биігіне ұя салып, жер бетін зеңгір көктен шолып, қалақтап жүретін бүркіттің саңқылдаған батыл даусынан бойларына күш жинапты. Айыр құйрық қарлығаштың тамылжыта салған әнін естіген құстардың бір-біріне деген мейірі арта түсіпті.

Бірде ән салу кезіндегі өз дегенінен қайтпайтын бозторғайға тиіпті. Ол әркімге бір еліктеп, бірде бұлбұлға, бірде қарлығаштың даусына ұқсас әуенге басты. Бұл ән әуені құстарды зеріктірді. Ұнамаған әнді тыңдауға дәті жетпеген соң олардың әрқайсысы жан-жаққа ұшып кетті. Бұлбұл саялы, шешек атқан бау-бақшаға, бүркіт басын аппақ қар басқан тау шыңына, қарлығаш елді мекендегі үйдің іргесіне салған ұясына қарай бет алды.

Осы мезетте кең далада шырылдай жөнелген дауыс естілді. Әсем бұлбұл да, қыран бүркіт те, аппақ төс қарлығаш та нәзік, мұңды, сағынышқа толы ән ырғағына елітіп, ұзаққа ұшпай, бетегелі дала топырағына қонбасқа лажы қалмапты.

– Апыр-ай, мынау не еткен ғажап ән! Даланың мөлдір шығы, жұпар иісті шөбі, таңғы саф ауасы тұнық әуенмен тербеліп, көкірегімді кеңітті-ау! – депті бұлбұл тамсана.

– Бұл момын бозторғай ғой. Әнеки, бір орында қалықтап шырылдауын қарашы! Шіркін, дауысының мың құбылуын! – депті бүркіт өткір көзін көкке қадай.

– Туған жерге, оның жасыл жусаны мен ақ селеуіне, қанат қаққан алқызыл көбелегі мен хош иісті гүліне үздіккен сағынышын әуелетіп салған әнінен байқап тұрмын, – депті ақ тамақ қарлығаш.

Әлдиге бөлеген ән де аяқталды. Бозторғай жерге түсті.

– Бозторғай, – деді бүркіт, – әуелетіп салған әнді қайдан үйренгенсің?

– Маған ән салуды туған далам, оның таңғы тыныс-тіршілігі, жұлдызды түндері мен сыбдыр қаққан құрығы үйретті. Осы алтын бесігімде ешкімге еліктемей өстім.

– Шынында да өз тілінде әдемі сайрағанға не жетсін! Еліктеуден туған әуен көмейден шыққанымен, өзге жүрекке жетпейді, – деп, бұлбұл сазды әуенмен үн қатты.

– Ол рас, – деді қарлығаш та. Міне, табиғатында адал, момын бозторғай туралы ертегі осындай. Ал бірбеткей бозторғай туралы білгілерің келсе, ол өзінің анаған да, мынаған да ұқсасам деген шәлкем-шалыс мінезіне әлі күнге дейін өкініп жүрген көрінеді. Өйткені ол бүркіт те, бұлбұл да, қарлығаш та бола алған жоқ. Бозторғайдың да ғажайып қасиетін жоғалтып алған-ды. (395 сөз)

Мазмұндау жоспары:

Қос бозторғайдың өсуі

Құстардың ән салуды үйренуі

Бірбеткей бозторғайдың ән салуы

Момын бозторғайдың әні

Әнге берілген баға

Тірек сөздер: мінезі шадыр, саф ауа, шәлкем-шалыс.



ҚОЯННЫҢ ҚҰЛАҒЫ НЕГЕ ҰЗЫН?

Ертегі

Ерте, ерте, ертеде қоян орман патшалығында достарын туған күніне шақырмақ болыпты. Түрлі ағаш жапырақтары мен көз нұрын алатын гүлдермен үй ішін безендіріпті. Жан-жаққа тараған жұпар иіс қоянның қиялына қанат бітірді.

Үнемі ұялып жүретін кірпі, іші-баурыңа кіретін түлкі, сөзге шорқақ болса да салмақты қасқыр, маңғаздана тіл қататын аюдың да келетін уақыты болып қалды. Қоян әзірлеген дастарханына жылдам көз жүгіртті де, туған күніне арнап тіккен көйлегін киіп алды. Өзінше ән айтып, айна алдында біраз уақыт тұрды.

Сәлден соң сыртқа есік жай ғана ашылғандай болды.

– Туған күнің құтты болсын, ақ қоян, – деп тікенек кірпі кірпігін кере қоянды құшақтап, арнап әкелген шырша жаңғақтарын ұсынды.

– Үйің қандай жылы, көйлегің де өзіңе құйып қойғандай жарасымды, – деп түлкі де үйге сөйлей кірді.

– Бауырым қоян, туған күніңмен. Әрқашан жүзіңнен күлкі таймасын. Саған әрдайым тілектес досыңмын, – деп қасқыр кітапша мен бір топ қалампыр гүлдерін ұсынды. Қоян риза көңілмен достарын дастархан басына шақырды.

– Аю неге кешікті? – деп төртеуі бір-біріне қарады.

– Үйі алыс қой, – деді кірпі.

– Жайбасар аюдың әдеті осы емес пе? – деді түлкі ернін жалап. Қасқыр үндемеді. Тыңдап отырғандай рай танытты.

Аз-кем уақыттан соң есіктің сыртында тықыр естілді. Аю екен. Кешіккеніне кешірім сұрады. Қоянға арнап бал әкеліпті.

Бәрі де дастархан басына жайғасып тағамдардан дәм татты, қоянға ақ тілектерін білдірді. Көңілдері көтеріліп, орманды жаңғырта ән шырқады.

Аю да қоянға денсаулық тілеп, жанына шақырды.

– Енді сен бір жасқа үлкейдің, туған күніңмен, – деп құлағынан тартқылады. Қоянның құлағын тартқаны соншалық, айна алдына барған қоян өз көзіне өзі сенбей қалды. Құлағы лезде қамыстай қалқайып, ұзарып кетіпті. Содан бері қоянның құлағы ұзын дейді. (247 сөз)

Мазмұндау жоспары:

Туған күніне қоянның дайындығы

Қоянның достарының келуі

Қоянға айтылған ақ тілектер

Қоянның құлағы неге ұзын?

Тірек сөздер: жүзіңнен күлкі таймасын, рай танытты.



МАЗМҰНЫ беті

Кіріспе––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––3

Алғы сөз–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 5

5-сынып

Сары самаурынның шайы––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 6

Қош бол, балабақша––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––6

Сыныптастар––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––7

Жарасымды сәт––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––8

6-сынып

Болашақ батырлыр––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 9

Іздену––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 10

Әліппемен қоштасқан күн–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 10

Екі сауысқан––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 11

Шиі піскен шақ––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 12

Бір тостақ жиде––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 13

Көшеттер–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 14

Анар бағы––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––15

Ақ бата–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 16



7-сынып

Қайырымды әпке––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––17

Мәдинаның атасы––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 18

Қадір түні––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––19

Қарлығаштар қайтқанда–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 19

Мақталы ауылда–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––21

Әңгелек––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––22

Көкөніс–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 23

Бұлбұл мен емен–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––24

8-сынып

Бейтаныс бала–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 25

Жаздың аппақ таңы––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 26

Қысқы кеш––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 27

Күн мен Ай–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––28

Алғашқы қар––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––29

Сәлемдеме––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––30

Бағдаршам––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––31

Ауыл салты–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––32

Сыбаға–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––33

Жаңа етік–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––34

Ақтөс––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––36



9-сынып

Темекі жапырағы (ертегі)–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––37

Көк бөрі мен Ит (мысал)––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– ––38 Батыр мен жезтырнақ (ертегі)––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 39

Зеңгі атаның ашуы (аңыз)–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––41

Көкпарға барғанда–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––42

Қолғанат––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 43

Менің інім––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––44

Алдар көсенің қысқы сапары–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 45

Нартәуекел––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 46

Екі бозторғай––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––– 48

Қоянның құлағы неге ұзын?(ертегі)–––––––––––––––––––––––––––––––––––49

5 – 9-СЫНЫПТАРҒА АРНАЛҒАН

МАЗМҰНДАМАЛАР ЖИНАҒЫ

Құрастырған: Исмадиярова Гүлшахар Бердиярқызы

Компьютерде беттеген: Досанова Назира Жақыпқызы

Пішіні 60х90

Шартты баспа табағы 3,8

Таралымы 1000 дана



Тапсырыс №65

«Эврика» компьютерлік орталығында басылды.
Каталог: uploads -> doc
doc -> Тақырыбы: Ғарышты игеру (аудандық семинар)
doc -> Ғарыш әлеміне саяхат
doc -> Сабақ тақырыбы: Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романы Сабақ мақсаты: ҚР «Білім туралы»
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет