Мазмұны М. Тынышбаев: №2370 тергеу ісі бойынша жауапқа тартылған Мұхамеджан Тынышбаевтан



бет8/10
Дата25.01.2017
өлшемі1,73 Mb.
#7935
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

«1931 жылы 10 қыркүйек күні айыпкер Халел Досмұхамедовтен алынған қосымша тергеудің хаттамасы.

Берілген сұраққа қайтаратын жауабым төмендегідей: Үмбетбаев Алдабергенді 22-жылдан білемін. Онымен Ташкент қаласында таныстым. Қазақ тілінен дәріс беретін маман ретінде әңгімелестік. Бөкейханов оған қандай мақсатпен, қандай тапсырма бергенін мен білмеймін. Үмбетбаевтің ұйымға ешқандай қатысы жоқ. Ал Заки Валидовті кім ертіп келгені есімде емес. Ермековпен арадағы араздығымыз 29-жылы орын алды. Ордабаевтің айтуынша, мені семейлік топ ГПУ-дің тыңшысы деп санайды екен. Бұл өсек Сәрсенов Дәлелден тарады. Мұны маған Селебаев пен Ордабаевтің біреуі жеткізді. Сондықтан да мен өзімнің ренішімді Ермековке білдірдім. Ол: Сендердің Ташкентте жасырын ұйымдарың бар екен, сол туралы айт. Ал сені ГПУ-дің тыңшысы деген сөзді бірінші рет естіп тұрмын – деді. Мен: Бізде ұйым болды, бірақ оны ұмыту керек, сондықтан да ол туралы саған ештеңеде айтпаймын – дедім».
хххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх
М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовтің беттесуі.

«Айыпталушы Тынышбаев пен Досмұхамедовтің беттесуінің хаттамасы:

Тынышбаевқа сұрақ: Досмұхамедов пен Ермековтің араздығына не себеп болды?

Жауап: 28-29 жылдары біздің достарымыз Дулатов, Байтұрсынов және басқалар тұтқындалғанда Досмұхамедов: бұған Орынбордағы контрреволюциялық ұйым мен «Алашорданың» Семейдегі бөлімшесі кінәлі – деді, ал Ермеков: бұған Ташкент тобы кінәлі – деп есептеді. Екеуінің бас араздығы осыдан барып туындады.

Досмұхамедовке сұрақ: Бұл туралы сіз не айтасыз?

Жауап: Ермековпен екі арадағы түсініспеушілік 29-жылы ол ауырып жатқан кезде туды. Әрі таныс, әрі дәрігер ретінде оның көңілін сұрай бардым. «Мені семейліктер ГПУ-дің тыңшысы деп өсек таратыпты. Оны таратқан Сәрсенов. Семейліктер мені аңдуын неге тоқтатпайды?» дедім сабырлы қалыппен. Ермеков: Мұндай сөзді бірінші рет естіп тұрғанын және мұның арандату екенін, семейліктердің мені аңдымайтынын, оған Байтұрсыновтың да, Ташкенттік топтың да жазығы жоқтығын, өзіне беймағлұм ташкенттік топ туралы баяндап беруімді өтінді. Мен: Ташкенттік топ туралы оған ештеңе де айтпаймын, оны еске алудың қажеті жоқ, ұмыту керек – дедім. Бұл 29-жылдың желтоқсан айы болса керек. Ермеков: маған сенімсіздік көрсеттің деп ренжіді. Ермековтің төсек тартып ауырып жатқанын ескеріп, тынышсыздандырмас үшін дауысымды бәсеңсітіп, оны жұбата сөйлеп, бұл тақырыпты енді қозғамайық деп келістік. Арада аз уақыт өткен соң Ермековпен арадағы болған бұл жайды Тынышбаевқа айттым. Әңгіме барысында екеуміз де: «Бұған пәлендей мән берудің қажеті шамалы, ол мәселе өзінің маңызын жойды» дегенге тоқтадық. Мен туралы өсек таратқандары жаныма батқандығын айттым. Тынышбаев мені тыныштыққа шақырды. Сонымен әңгіме аяқталды (Досмұхамедовтің қолы).

Тынышбаевқа сұрақ: Бұл араздықтың негізгі себебін сіз қалай түсіндіресіз?

Жауап: Екеуінің қасында тұрмағандықтан да Досмұхамедов пен Ермековтің арасындағы айтыстың неден туындағанын мен нақты білмеймін. Соған дейін де және одан кейін де Байтұрсыновтардың тұтқындалғанына Досмұхамедов орынборлықтарды, ал Ермеков пен семейліктер ташкенттіктерді кінәлі санады. Мен екеуін де сабырға шақырдым. Бұдан кейінгі Досмұхамедов пен Ермековтің арасындағы қарым-қатынастың қалай қалыптасқанын мен білмеймін. Досмұхамедовті ГПУ-дің тыңшысы десіп жүрді жұрт. Бірақ екеуінің ауызынан мұндай сөзді естігемін жоқ (Тынышбаевтің қолы).

Досмұхамедовтің Тынышбаевқа сұрағы: Мені мен Ермековтің арасындағы айтыс қай уақытта болды деп есептейсің?

Жауап: Оны Ермеков қана нақты көрсете алады. Менің ойымша 1929 жылдың басында, қаңтар не ақпан айында өткен шығар деп ойлаймын.

Досмұхамедовтің түсініктемесі: Тынышбаев айтыстың өткен уақыты мен мен туралы өсектің тараған кезін дәл айта алмай отыр. Екі арадағы сөз қағыстыру 29-жылдың желтоқсан айында өтті, өйткені осыдан кейін Ермеков операция жасатуға кетті де, 1930-жылдың қаңтар айында, мен Москваға емделуге жүрердің алдына қайтып келді. Мен Москвадан 30-жылдың сәуір айының басында қайттым. Тынышбаевті мен қаңтар, ақпан айларында емес, маусымның соңында бір-ақ рет көргенім есімде. Содан кейін көріп отырғаным осы. Мәскеуден оралғаннан кейін тұтқындалғандар туралы әңгімелескен емеспін. Өйткені Байтұрсынов 29-жылдың мамыр айында тұтқындалды. Демек одан ерте бұл тақырыпта сөз болуы мүмкін емес. Тынышбаев уақытын шатастырып отыр. Ермековпен 29-жылдың тамыз, қыркүйек айында кездестік. Байтұрсыновтың тұтқындалуының себептері жөніндегі болжамдарымызды айттық. Мен: Дулатов, Байтұрсынов және басқа да адамдар ұйымдастырған орынборлық топты ГПУ әшкерелепті – дедім. Ермеков: Ташкентте болған кезінде тұтқындалғандардың тізімін көргендігін айтты. Ал Байтұрсынов 24-жылы ғана Ташкентте болған еді. Орынборда да ешқандай құпия ұйым болған емес. Айналып келгенде, Байтұрсыновты университеттің ашылған кезінде сөйлеген сөзі үшін жауапқа тартқан шығар дестік. Тынышбаев осыны жаңылыстырып отыр (Досмұхамедовтің қолы).

Тынышбаевтің сөзі: Досмұхамедов пен Ермековтің арасында болған жайдың мерзімі жөнінде жаңылысып айтқанымды, оның Байтұрсыновты тұтқындаудан бұрын өткенін ескерте кетемін. Оқиға жыл аяғында өткен. Әйтеуір қыс кезінде өткені есімде қалыпты (Досмұхамедов пен Тынышбаевтің қолы қойылған).

Досмұхамедов пен Тынышбаевқа сұрақ: Орынбор мен Ташкентте астыртын ұйымның болғандығын Ермеков білді ме?

Досмұхамедовтің жауабы: Ташкенттегі ұйым туралы Ермеков соңғы уақытта, Қызылордадан Ташкенттке ауысқан кезінде ғана, шамамен 25-26 жылдары ғана білген сияқты. Ұзынқұлақтан естіп, білді ме, одан хабарсызбын, менен ол туралы айтып беруді сұрағанда, қашан естігені туралы айтқан жоқ. Орынбордағы ұйым туралы білді ме, жоқ па, ол жөнінде ештеңе дей алмаймын. Менімен сөйлескен кезде ол Орынборда ешқандай ұйым жоқ деп сендіріп отыратын (Досмұхамедовтің қолы).

Тынышбаевтің жауабы: 29-жылы мен Ташкентте Ермековпен әңгімелескен емеспін (Қолы). 14 қыркүйек 31 жыл».


хххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх
«Халел Досмұхамедов пен Жаһанша Досмұхамедовтың тергеудегі беттесуі. 1931-жылдың 15-қыркүйегі.

Х. Досмұхамедовке сұрақ: 1921-22 жылдардағы Ташкентте құрылған сіздердің астыртын ұйымдарыңызға Жаһанша Досмұхамедовтің мүше болғандығын растай аласыз ба және ол бұл ұйымда қандай міндет атқарды?



Жауап: Ешкімде қолхат жазып шақырған жоқ. Ол шешімді Мұхамеджан қабылдады. Оған Тынышбаев, Жаһанша Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Мырзағазы Есполов, Кәрім Жәленов қатысты. Олар Түркістандағы және Қазақ өлкесіндегі жағдайларды талқылады, соның ішінде Әнуар пашаның осында келуі мен Бұқарадағы оқиғалар сөз болды. Крондштаттағы көтерліс туралы да хабарланды. Сонымен қатар Орынбордағы Байтұрсынов басқарған ұйым мәселесінен хабарсыз екендігі айтылды. Содан кейін күнделікті тіршіліктің ауыртпашылығына тоқталып, Түркістанда ұйым құру туралы ұсыныс жасалды. Өзара сұрақтар қойып, пікір алыстық. Дінше Әділов: ұлттар туралы Үндеудің (1917 жылғы ма, жоқ 1919 жылғы ма? – Т.Ж.) шартын пайдаланып Тәуелсіз Түркістан Халық Республикасын жариялау туралы ұсыныс айтты. Кеңес соттары жергілікті тұрғындарды барлық жерде қысып жатыр. Сондықтан да жиналыс ашып, еркін-саяси партия құру қажет. Қалалық кеңес үкіметі өзінің саясатын өзгертуге ықпал жасау керек – деді.

Отырыста біз осы мәселелерді талқыладық. Еркін саяси мүмкіндік беретін үйірме құрудың мүмкіндігі туралы алып қашпа сөздер қалада кең таралды. Біз осы мүмкіндікті пайдалануға ұмтылдық және өзара пікір алысатын ұйым құруға уағдаластық. Айтылған мәселелерді Тынышбаев екеумізге қағазға түсіруді ұсынды. Біз оны Жаһанша Досмұхамедовке көрсеттік. Сіздердің бағдарлама деп жүргендеріңіз осы. Бағдарламаның бір данасын Әділевке беріп, пікірін білдіру үшін және өздерінің ұйымдарының мақсатын білдіру үшін оны Байтұрсыновқа жіберуді өтіндік. Аз уақыттан кейін: барлық жағдайды Биахмет Сәсеновтен ұғысыңдар – деп Байтұрсынов Әділев арқылы бізге сәлем айтыпты. Сондай-ақ Байтұрсынов: Сендердің ұйымдарыңды және бағдарламаларыңды, сондай-ақ оған қатысқан мүшелеріңді біз мойындамаймыз – деген сәлем айтыпты. Осы жауаптан кейін біз өзіміздің үйірмеміздің жұмысын кейінге қалдырдық. Тек күнделікті оқиғалар туралы пікір алысып жүрдік. Ақпан айында Түркістандағы жағдай туралы толық баяндалған мәліметті Омаров Уәлихан арқылы Орынборға жолдадық. Жағдайдың қиындап кетуіне байланысты ол мәлімет тиісті жерге жетпей қалды.

Біздің барлық мақсатымыз: Кеңес өкіметі еркін партия құруға, жеке бағыт ұстануға мүмкіндік бере ме, жоқ па, ондай болған жағдайда бұқаралықтар Кеңес өкіметі жағына шыға ма деген мәселені білу еді. Сол мақсатпен Бірімжановты жіберуді ұйғардық. Ол бастартқандықтан да бұл мәселе нәтижесіз қалды. Өтегенов Садықты кімнің жібергені белгісіз . Біз оған күдікпен қарадық. Ақылды, беделді болғандықтан да ... баруға үгіттедік. Біздің басты бағытымыз мынау еді: Қазақстан жағырапиялық жағынан біртұтас мемлекет ретінде басқарылуы тиіс. Барлық жоғарғы лауазымдар сайланып қойылуы керек. Егерде Кеңес өкіметі саяси еркіндік жариялап, еркін партия құруға мүмкіндік берсе, оларға да осы талапты қою керек дестік. Бұл бағдарламаға Тынышбаев екеуміз қандай үлес қоссақ, Жаһанша Досмұхамедов те сондай дәрежеде белсене қатысты. Ұйым құрылымы мен бағытына қарсы болды ма, жоқ па, есімде қалмапты. Алайда өзара пікір таласы болғаны анық. Алайда кеңес үкіметінің халық соттары халық ішінен сайланып қойылуы тиіс дестік. Тәуелсіз халық республикасы жарияланады деген лақап рас болса, бұл әбден мүмкін жайт еді.

Жаһанша Досмұхамедовтің жауабы: Халел Досмұхамедовтың сөзінде жалғыз-ақ шындық бар. Ол жоғарыда айтылған келеңсіз отырыс қана. Бірімжановты Бұқараға жіберу туралы сөз болғанда мен ашулана жауап бердім: Жалғыз башқұрт (Валидов –Т.Ж.) жалпақ Түркістанның халқын бостандыққа жеткізе алмайды. Оның үстіне ешқашанда қолына мылтық ұстап көрмеген, сөз сатқан өзбектердің күшімен Түркістанды жаулап ала алмайды. Ол халықты адастырады. Олардың ісі сөзсіз сәтсіздікке ұшырайды. Тек жазықсыз адамдарды құрбандыққа ұшыратады. Сондықтан да олармен байланыс жасаудың да, сол үшін топ құрудың да қажеті жоқ, тек сіздердікі сияқты төтенше мекемелердің назарын аударады – дедім.



Осыдан кейін Халел: «Егер Жаһанша қарсы болса, онда бұл ұйымды құрылмады деп есептеу керек. Одан да бұрынғы «Алашорда» тұсындағы саясатқа көшейік. Қоқан автономиясы кеңес өкіметі жағына шықсын. Оларға саяси қылмысқа саяси айып тағылмасын. Кешірім жасалсын»деді. Мен: 17-жылдың ортасында қабылданған ескі бағдарламамызды қайтадан жаңғыртуға түбірімен қарсы болдым. ... Мурзин Әзиз бұған қарсы шығып: Тынышбаев екеуің Орынбордағы қазақ құрылтайы қабылдаған Алаш партиясының бағдарламасын қабылдамадыңдар десті. Мен ондай бағдарламның есімде жоқ екенін және орындаудан бас тартатынымды айттым. Алайда жолдастарымның қысымымен жобаны екі-үш күнде жазып бітіріп, «Ақжолға» (газет – Т.Ж.) бердім. Ол жобаны өзгертті ме, жоқ па, білмеймін. Ол жоба Бұқараға жіберілді ме, жоқ па, одан да хабарсызбын. Жоба Байтұрсыновқа және басқа адамдарға жіберілді ме, одан да хабарсызбын. Ешқандай жауапхат алғаным жоқ, ешқандай мәлімдемеге қол қойғаным жоқ. Заки Валидовтің Ташкентке келгенін білгенім жоқ. Оны менен жасырған болу керек. «Түркістан Халық Республикасы жарияланды» деп түн ортасында мені ұйқыдан тұрғызып айтса да сенбес едім. Бұған кеңес өкіметі де, компартия да келісе қоймайтын. Ташкенттегі қазақ зиялыларының мәжілістеріне қатысқан емеспін. Өйткені мен ол кезде Түркістан атқару комитетінің тапсыруымен Прежевальскіге іссапармен кеткем. Халел Досмұхамедовтің Өтегеновті қалай үгіттеп көндіргені туралы ешқандай мағлұматым жоқ.

Халел Досмұхамедовтің қарсы жауабы: бұл оқиғаның тым ертеректе өтуіне байланысты кейбір жайларды ұмытып, не шатастырып алуым мүмкін. Жаһанша Досмұхамедовтің, жалпы «Алашорданың» батыс бөлімшесінің Заки Валидовке қарсы екені бұрыннан маған мәлім. Мәселен Заки Валидовтің Бұқараға келуіне байланысты емес, Әнуар пашаға қатысты еді. Ол туралы Жаһанша Досмұхамедовке мен ештеңе айтқаным жоқ. Оған Қашқынбаев түсіндірген шығар деп ойладым. Түркістан халық республикасын жариялау туралы Ташкентке келген комиссар Орджоникидзе айтты деген сыбыс бар. Біз халықтық республика жариялаудың алғышарттары пісіп-жетілген жоқ деп есептедік. Көп мәселелер бізде қарапайым жолмен шешілді. Сондықтан да Жаһаншаның біраз мәселеден хабарсыз болуы мүмкін.

Жаһанша Досмұхамедовтың қарсы жауабы: Әділов пен «Ақ жолдың» қасында жолықтым. Мұндай мекемелерге мен жолай бермеймін. Оны Бұқараға жұмсады ма, жоқ па, хабарсызбын. Жалпы қазақ зиялыларымен араласуды жаратпаймын. Олардан ешқандай тапсырма алғаным жоқ, өзім де ешкімге тапсырма бергем жоқ. Мұны Халел Досмұхамедов те растай алады. Осыдан кейін қандай да бір ұйымға мүше болуым мүмкін бе?

Халел Досмұхамедовпен қатты сөзге келіп қалғандықтан да, жиырма екінші жылдан бастап, жиырма тоғызыншы жылға дейін ешқандай байланыс жасағам жоқ. Тек бір рет Алматыда аңға шыққан кезде кездесіп қалдым. Орынбордағы ұйым туралы ешкім маған ештеңе айтқан жоқ. Сондықтан да менің жолым олармен бөлінген екен деп ойладым. Сондықтан да Халел Досмұхамедовтың көрсетінділері мен үшін жаңалық болып есептеледі.

Халел Досмұхамедовтың қарсы жауабы: Жаһанша Досмұхамедовтың біздің ұйымымызға қандай ықпалы тигенін ашып айта алмаймын. Өйткені екеуміздің қатты сөзге келісіп қалып, жиырма тоғызыншы жылдың аяғына дейін араласпағанымыз рас.



Сұрақ-жауап алған: Попов».

хххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх
«Халел Досмұхамедовтың 31 қыркүйек күнгі жауабының хаттамасы:

1922 жылдың көктемінде Омаров Уәлихан Ташкенттен Семейге кетті. Біздің Ташкенттегі ұйымымыздың беделі төмен болғандықтан да, сондай-ақ Әнуар паша мен Заки Валидовпен қандай қарым-қатынас жасауымыз туралы Семейдегі Әлихан Бөкейхановқа Уәлихан арқылы хат жолдадық. Бұл мәселе туралы Байтұрсынов қанағаттанарлық жауап бермегендіктен де, Бөкейхановты сол кезде өтуге тиісті қазақ зиялыларының мәжілісіне шақыруды көздедік. Жиналыс өтпей қалды, сондықтан да Омаров Уәлиханды пайдаланып Бөкейхановқа хат беріп жібердік. Хаттың мазмұны нақты есімде жоқ. Ұзынырғасы: қалыптасқан жағдайды түсіндіре келіп: біз не істейміз, сіз не айтасыз дегенге саяды. Бөкейхановты өзіміздің көсеміміз санағандықтан да, осы хатты жаздық. Біздің ұйымның ішінен тұтқындалғандар туралы мәлімет бердік. Хатқа мен, Жаһанша Досмұхамедов, Тынышбаев үшеуміз қол қойдық. Кейін білгеніміздей хат Бөкейхановқа тапсырылмапты. Ол туралы 24 жылы Орынборда кездескенде айтты. Омаров Уәлихан хаттың мазмұнын білмеуі мүмкін. Өйткені оның ұйымға тікелей қатысы жоқ, тек сенімді, көмек көрсете алатын адамның қатарында болды. Бұл арада басты жауапкершілік Жаһанша Досмұхамедов, Тынышбаев үшеумізде. Жаһаншаның жауапкершілігі Тынышбаев пен менен кем болған жоқ. Қожамқұловты Әділевтің сырттай таныстыруы арқылы білемін. Омаров Уәлихан біздің ұйымға мүше болған жоқ. Ол біздің үйірмені жолбике деп қарады. Менің алдыңғы көрсетіндіме бар қосарым осы (Халел Досмұхамедовтің қолы қойылған)».
ххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх
Иса Қашқынбаев пен Уәлитхан (Уәлихан) Омаровтың екеуара жауаптасуы (Тыңшының жазбасы).

«Қашқынбаев: Уәлихан, 1921 жылы саған Әлихан Бөкейхановқа арналған бағдарламаны бергенде, Уәлихан, сен сақтық жасамаған сияқтысың. Ол (зады Дінше Әділевтің көрсетіндісін айтып отырса керек – Т.Ж.): сен Әлиханға арнап бір құжаттарды берді деп түсініктеме беріпті. Ең бастысы бердің бе, жоқ па, бізге айтқан жоқсың ғой.

Омаров: Маған ешқандай бағдарлама берілген жоқ. Тынышбаевтің, Досмұхамедовтың қолы қойылған хат болды. Әлиханның ауылдан менен бұрын кетіп қалғанын білген соң хаттың көзін жойдым. Хат туралы Сәтбаевтан басқа ешкімге айтқамын жоқ. Оның мазмұнын Сәтбаев білмейтін. Сен айтып отырған мұндай өсектің тарағаны рас. Менің ойымша мұның бәрін таратып жүрген Әділев немесе Әшімбаев (? –).

Қашқынбаев: Валидовтің үйірмесіне Омаров 1922 жылға дейін мүше болған жоқ. Тек көктемге қарай Тынышбаевқа танысып шығу тапсырылды...».



хххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх

«СССР ОГПУ-і коллегиясының тергеу жөніндегі ерекше өкілі Поповқа тұтқын Халел Досмұхамедовтен өтініш

Осы жылдың 25 қазаны күні маған: кеңес өкіметіне қарсы жасаған әр түрлі қылмыстары үшін деген желеумен 58 баптың 7, 10, 11 тармақтары және 59 баптың 3 тармағы бойынша айып тағылды. Маған тағылан осы айыптардың ішінде мен төменде көрсетілген жайларды ғана мойындаймын: 1) 1922 жылы кеңес өкіметіне қарсы құпия ұйымға қатысып, жұмыс істедім. 2) Сол 22 жылы Ташкент қаласына жасырын келген Заки Валидовпен кездестім, содан бастап 24-жылдың ортасына дейін пікір алысып тұрдым. Өзімнің қызмет барысымда буржуазиялық ұлтшыл демократиялық идеологияны басшылыққа алдым. Маған тағылған қалған айыптарды мен мойындамаймын. 24-жылдан кейін мен кеңес өкіметіне қарсы ешқандай да құпия немесе ашық ұйымға, үйірмеге, тағы да басқадай алқаға қатысқамын жоқ. Өзімнің буржуазиядық идеологиямды кеңестік талаптарға саналы түрде бағындырдым. Бар білгенімді және өзімнің барлық іс-әрекетім бұрынғы тергеуге берген жауаптарымда, соның ішінде 31-жылдың 14 қыркүйегінде берген жауабымда толық қамтылған.

Соны тағы да қайталаймын: 1) «Алаштықтармен» 24-жылдың қыркүйегінен бастап барлық байланысымды үздім және олардың Қазақстандағы қылмысты әрекетеріне ешқандайда қатысым жоқ. 2) «Алқаға» қатысқамын жоқ. Білетінімнің барлығын тергеу кезінде хабарлағамын. 3) Мен Қазақстанда 28-жылдың күзінен бастап тұрамын. Тек 26-жылдың жазында ғана Қызылорда қаласында 2,5 ай тұрдым. Негізінен 28-жылға дейін Ташкентте болдым. Қазақстан үкіметінің жүргізген шараларына кедергі келтірген емеспін. Қазақстан үкіметінің шараларын бұзатындай ешқандай қастандыққа ешқашанда барған емеспін. 4) Мен жер жөніндегі мәселелерден мүлдем мақұрыммын. Бұрынғы «алашордашылар» да бұл жөнінде менімен ақылдаспайтын. Олардың бұл мәселе туралы менімен санаспауының өзі де тегін емес. 5) Байларды тәргілеуге қарсы еш жерде ешқандай үгіт жүргізген емеспін. Жер және тәргілеу туралы пікірімді 14 қыркүйек күнгі көрсетінімде жазғанмын. Ташкентте де, Алматыда да оқушылар мен оқытушылардың арасында бұл бағытта ешқандай үгіт жүргізбедім. Бір сөзбен айтқанда 24-жылдан бастап тұтқындалғанға дейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай да қылмысты әрекетке қатысқан емеспін.

Ал жала жапқандармен бетпе-бет кездестіру ұйымдастыруыңызды өтінемін. Олардың өтіріктерін әшкерелеп бере аламын. Тынышбаевтің ісіне қатысты тергеу кезіндегі беттесу соны растайды. Тынышбаев менің үстімнен ешқандай көрсетінді жасамағанын айтты. Поповтың қолымен жазылған қоғамдық актілерді (тергеудің сұрақ-жауаптары болуы керек – Т.Ж.) маған көрсеткен жоқ. Тынышбаев та 1922-1930 жылдардың аралығында қандайда бір ұйым болған-мыс деген пікірден бас тартты. Ұйым мүшелерінің тізімі мен оның құрылымы сызылған кестеге байланысты мұның жалған екендігін қатаң түрде талап ете мәлімдеймін. Тынышбаев сызды-мыс делінетін кесте қиялдың ғана жемісі (Айта кетейік, бұл кестені сызған Дінмұхамед Әділев болатын. Бұл – алаштың екі көсемін бір-біріне қарсы қою үшін тергеуші Поповтың қолымен жасалып отырған, жоғарыда аталып өткен қитұрқы арандату «актісі» болса керек – Т.Ж.). Олардың арасында ешқашанда ешқандай ұлтшылдыққа қатысы болмаған адамдар жүр. Мысалы, тізімдегі Қасымов деген адамды көрген емеспін. Мұндай адамдар тізімде көп сияқты. Менің көзімше тергеуші Поповтың «Тынышбаев жасады-мыс» деген көрсетіндісі мүлдем өтірік. Демек Тынышбаевтің атынан жасалған өзге көрсетінділер де жалған. Сондықтан да Тынышбаевпен және өзге де адамдармен бетпе-бет кездестіруді талап етемін. Мен олардың көрсетінділерінің жалған екендігін әшкерелей аламын...

Мен айыптаушының деректерді қайдан алғанын түсіне алмай тұрмын. Жауап алған кезде тергеу орындарының жаңсақ жазғанына енді еш күмәнім жоқ. Егерде тергеу дұрыс жүргізілсін десеңіздер, онда маған Тынышбаевтің және басқалардың өз қолымен жазған көрсетіндісін оқытыңыздар. 1922-1924 жылдар арасындағы кеңес өкіметіне қарсы бағытталған әрекеттерімді мойындаймын. Ал 24-30 жылдардың арасында кеңеске қарсы белсенді түрде күресті деген өмірде болмаған ұйымның болуға мүмкін емес қылмыстарын мойындамаймын.

Осыған қосымша мынаны мәлімдеймін: мен кеңес өкіметіне қарсы ұйымдастырған астыртын жұмыстарыма қатты өкініш білдіремін. Бұл өкімет бұрын қанауда болған ұлттар үшін бірден-бір лайықты өкімет. Егерде маған мүмкіндік берілсе, онда осы өкіметтің көркеюіне бар кұшімді жұмсаймын. Мен бұл сенімге түрмеде емес, одан көп бұрын келген болатынмын.

Бұған қосымша айтарым: астық жинау, колхоз бен совхоздардың етке мал өткізу науқанына қарсы ешқандай үгіт жұмыстарын жүргізгемін жоқ. Шаруашылықтарды коллективтендіруге теріс қарағаным рас. Қазір бұл шараны еңбекшілерді аштықтан, қорлықтан құтылдыратын ең пәрменді шара ретінде толық қостаймын. Мен бұл пікірімді Әлімхан Ермековке айтқанмын. Мүмкін есіне түсірер.

Досмұхамедовтің қорытынды сөзі дұрыс жазылды. (Қолы). 26 қазан 31 жыл».

ххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх

Екінші нұсқасы да сақталған.
«ОГПУ-дің ерекше өкілі Поповқа тұтқын Досмұхамедов Халелден Мәлімдеме.

Осы жылдың 25 қазан күні маған Қылмысты істер кодексінің 58 бабының 7, 10 және 11, 59 баптың 3 тармақтары бойынша кеңес өкіметіне қарсы бағытталған түрлі қылмыс бойынша айыптар тағылды. Тағылған айыптардың ішінен мен өзімді төмендігі айтылғандарды:

1.1922 жылы өзімнің алдына кеңес өкіметіне қарсы астыртын әрекеттер жасау туралы үйірме құрмақшы болғанымды.

2. Сол 1922 жылы Ташкентке келген Заки Влилдовпен кездесіп, онымен әңгімелескенімді,

3. 24-жылдың ортасына дейін жұмыс барысында өзімнің ұлтшыл-буржуазияшыл идеологияны жүргізгенімді – ғана мойындаймын.

24-жылдан кейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай ұйымға, үйірмеге және басқа да шараларға қатысқамын жоқ. Жасырын да, ашық та кеңеске қарсы шыққамын жоқ. Өзімнің ұлтшылдық иедологияммен саналы түрде күрестім. Бұл туралы 31-жылдың 14 қыркүйек күнгі берген түсініктемемде хабарлаған болатынмын. Тағы да қайталап көрсетмін:

1.24-жылдың қыркүйегінен баста барлық алашордалықтармен байланысымды үзгемін, олардың Қазақстандағы әрекеттеріне еш қатысым жоқ.

2. „Алқа” үйірмесіне қатысқамын жоқ. Ол туралы білгендерімді бұрын айтқанмын.

3. Қазақстанда 28-жылдың күзіненбастап. тұрамын. Тек 26-жылдың жазында ғана 2,5 ай ғана Қызылордада болдым. 28-жылға дейін Ташкентте тұрдым.

Қазақстан өкіметінің шараларына араласқан емеспін және оған кедергі келтіретіндей рекет жасаған емеспін.

4. Жер жөніндегі мәселеден түсінігім шамалы. Жер жөнінде және оған қатысты мәселелер туралы алашордашылардың ешқайсысы маған хабарласқан емес.

5. Байларды тәргілеуге қарсы ешқандай рекет жүргізгемін жоқ. Жер және байларды тәргілу туралы көзқарасымды 31 жылға 14 қыркүйектегі түсініктемемде көрсеткемін.Ташкентте де, Алматыда да оқытушылар мен шәкірттердің арасында ондай іс жүргізгемін жоқ. Бір сөзбен айқанда:

24-жылдан кейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай рекет жасағамын жоқ. Маған әр қалай жала жаба бермес үшін олармен бетпе-бет кездесу ұйымдастыруды талап етемін. 31-жылдың 25-қазанында беттесуден бас тартқанда және Тынышбаевтің көрсетіндісімен танысқан соң соған көзім жетті. Менің берген жауаптарымды жазып отырған тергеуші Попов мен айтпаған бірнеше оқиғаларды жанынан қосқан. Маған көрсеткен ұйым мүшелерінің тізімі мен сызылған кестеге байланысты еш нәрсе білмейтінімді, 24-жылдан кейін ондайға қатыспағанымды қатаң ескертемін. Тынышбаевтің жасаған кестесі (мұны сызған Тынышбаев емес, Д.Әділев болатын. Оны айыпкердің өз қолымен жазып бергендігі туралы түсініктемесі іске тігілген. Бұл арада тергеуші алаштың екі көсемін бір-біріне қарама-қарсы қойып, арандатуға ұмтылған – Т.Ж.) ертегі сияқты. Мысалы Қасымовтың ұлтшылдарға еш қатысы жоқ. Тізімді толық оқығамын жоқ, бірақ маған көрсетілгендердің көпшілігі қате жазылған. Менің қатысуыммен Попов оқып берген Тынышбаевтің көрсетіндісі жалған. Тынышбаевтің өзге көрсетінділері де өтірік жазылған деп ойлаймын. Сондықтан да олардың жаңылыс жауаптарына орай Тынышбаевпен және өзге де куәлармен бетпе-бет кездестіруді өтінемін. 22-24 жылдар аралығынан басқа 24-жылдан баста 31-жылдың 25 қазанына дейін Тынышбаев көрсеткендей кеңес өкіметіне қарсы ешқандай рекет . істеген емеспін. Ол үшін өзімді-өзім жазғырамын.

Каталог: repository -> history -> 24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар
24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> Құнанбайдың тірі кезінде болған уақиғалар болатын
24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> Батыс Алашорда Тарихы орал 2011 Пікір жазғандар: М.Қ.Қойгелдиев
24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> Мағжанға Сәбиттен
24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> Абай мектетебі
24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> 2 том: тез үшін. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет