Мазмұны М. Тынышбаев: №2370 тергеу ісі бойынша жауапқа тартылған Мұхамеджан Тынышбаевтан



бет3/10
Дата25.01.2017
өлшемі1,73 Mb.
#7935
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Ғаббасовтан қарызға ақша алғанда мен қайдағы бір ұйымның бар екенін, Ғаббасов ол ақшаны сол ұйымнан алғанын білгемін жоқ, бұл жөнінде ол хат та жазған жоқ, ауызша да айтпады. Егерде ол ақшаны таныстарынан жинаса, оны да маған айтқан емес. Мен өзімнің жеке танысым ретінде тек қана Ғаббасовтан ғана қарыз сұрадым, алған ақша үшін мен тек қана Ғаббасовтың өзіне қарыздармын деп ойладым.

Сәрсенбаев (Сәрсенбин - Т.Ж.) Жәкеннің көрсетуіндегі «Алқа» әдеби үйірмесінің платформасы туралы Мағжан Жұмабаевқа жазған хатқа келетін болсам, оның айтқаны шындыққа жатпайды. «Алқаның» бағдарламасын және оған қоса жіберілген Жұмабаевтің хатын мен Семейде жүргенде алдым. Екеуі бір конверттің ішіне салынған. Ол туралы алдын-ала хат жазысқан емеспін. «Алқаның» бағдарламасында заңға қарсы келетін ештеңе де байқамадым. Жұмысшылар комитетінің нұсқауымен ол хатты ВКП(б) Семей губкомының үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі және «Қазақ тілі» газетінің редакторы Тоқжігітовке тапсырдым. «Алқаның» бағдарламасы сонда қалды. Ал Жұмабаевқа: «Алқаны» негізінен қолдаймын және әдебиетшілердің үйірмесін құру үшін қазақ жазушыларын жинап, ресми тіркеу керек – деген мағынада жауап бердім. Хаттың толық мазмұны есімде қалмапты. Мен ол бағдарламаны бар ниетіммен қолдадым.

Жұмабаевтің мені неге «ол бағдарламады қостамады және шикі деп есептеді» - деп айтқанын түсінбедім (Зады Мұхтарды «астыртын ұйымға қатысқан» деген айыптан құтқарғысы келген болса керек. Бұл қалыпты әрі түсінікті жағдай – Т.Ж.). Ұлтшылдық көзқарас менде болды және ол менің шығармаларымда да орын алды. Мен оны жасырмаймын. Ал менің ондай көңіл-күйім астыртын ұйымның бағдарламасы бола алмайды. Университетте оқып жүрген кезімде маркстік ілімнің теоретиктерінен және өнертанушы ғалымдардан дәріс тыңдаған тұста менің әлеуметтік танымым мен өнерге, әдебиетке, оның қоғамнан алатын орнына деген көзқарасым біртіндеп өзгере берді.

«Ақ жол» газетіне менің қатысым аз, тек бір-ақ рет «Кім кінәлі» атты әңгімемді жариялады. Мен негізінен «Шолпан» журналында қызмет істедім.

Мен 1921 жылдың аяғында «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып тағайындалдым. Бірақ орнығып істегемін жоқ. Барлық жұмысты Байділдин жүргізді. Іс жүзіндегі редактор сол болды, қызметкерлерді де өзі жұмысқа алды. Газетте сондай сұрықсыз, әдеби тұрғыдан алғанда ешқандай сын көтермейтін дүмбілез мақалалар жарияланып жатты. Онымен ешқандай да принципті әңгіме болған жоқ, мен оған газеттің техникалық тұрғыдан нашарлап кеткенін, газетті өзінің ойы таяз, мән-мағынасыз шұбалаңқы мақалаларымен толтыра беретінін сынадым. Орнығып жұмыс істемегендіктен де өзімнің редакциядағы қызметтен кететінімді мәлімдедім.

Ұлтшылдық туралы мәселеге келсем, оның (Байділдиннің – Т.Ж.) мені жазғыратындай ешқандай айғағы жоқ, болуы да мүмкін емес. Өйткені оның өзі барып тұрған ұлтшыл болатын. Газетте жүргенде ұлтшылдық туралы онымен пікір алысатындай қажеттілік туған жоқ. Қазақ қызметкерлерінің мәжілісі 1921 жылы ІІ кеңес құрылтайынан кейін өтті. Құрылтай өткен залға барлық қазақ комунистері жиналды. Семейден сайланған өкілдердің тапсыруы бойынша Садуақасовты ақтап алу туралы мәселе қойдым. Семейге барған кезінде губернияны Қазақстанға қосу барысында жүргізген саясаты мен көрсеткен мінезі үшін ұлтшыл ретінде айып тағылды Бірақ оның бұл ұлтшылдығы Семей губерниясындағы отаршылдық өктемдіктің жанында жай ғана көлеңке сияқты еді, қазақ тұрғындарымен ешқашан санасып жұмыс істелген жоқ. Жиналыста отаршылдықпен күрес туралы мәселені өз басым күн тәртібіне қойғамын жоқ.

Байділдин өзін партияның жолына түскен адам ретінде көрсетуге тырысқаннан бастап барлық жерде мені өзінің сыни нысанасы етіп таңдап алды. Әсіресе баспасөз бетінде қатты белсенділік көрсетті. Өзінің сөздерінде шешендікке салып, тұрпайы марксизмді жамылып, жала жабуға көшті. Ол тіпті: «Қаракөз» пьесасына силықты Садуақасовтың жең ұшынан жалғасуымен алды – деп те жазды. Ал нағында силық арнайы құрылған сынақ комиссияның шешімімен берілді. Мұны Байділдиннің өзі де жақсы біледі. Ал баспасөзде дерексіз жала жабылды. Мұндай жаланы ол өзінің қызметтегі беделін өсіру үшін пайдалануға тырысты, газеттер мен журналдардың үстінен қарайтын оның жалғыз өзі екендігін көрсетіп қалуға ұмтылды.

Байділдиннің «Алқа» туралы берген көрсетіндісі дұрыс, әдеби үйірмені принципті түрде қолдағанымды бұрынғы түсінігімде жазған болатынмын. Мен Жұмабаевқа бір-ақ рет хат жаздым, астыртын ұйым туралы ештеңе естігемін жоқ.

Партияның Х съезіне арналып Байтұрсынов жасаған ұлтшылдардың көзқарасын білдіретін баяндама туралы ештеңе де білмеймін, Байділдин маған ешқандай мәлімет берген жоқ. Байділдиннің көрсетіндісіндегі: мен және басқалар «Алашорданың» тапсырмасымен коммунист атанды – деуі шындыққа жатпайды. Өйткені бұрынғы алашордашылардың бізге ешқандай ықпалы болған емес. Мен партияға губкомның қызметкері Кожевник пен ...дің кеңесімен және кепілдік беруімен өттім. Менің партияға өтуім соған дейін Колчакқа қарсы жүргізген астыртын жұмысыммен тікелей жалғасып жатты.

Ұлттық белгісіне орай Шығыс өлкелік партия комитетін құру туралы ұсынысы жөнінде ештеңе білмеймін. Орынборда өткен өлкелік комитеттің кеңейтілген мәжілісінде Рысқұловтың сөйлеген сөзін естідім. Алайда онда Күншығыс коммунистік партиясын құру туралы мәселе көтерілген жоқ. Ол мәселе жөнінде өз басым жарыссөзге шыққамын жоқ.

Қалған сұрақтар бойынша бұрынғы берілген жауаптарымды мақұлдаймын. Қазақ ұлтшылдарының ұйымына мүше болған емеспін және ұлтшылдық бағдарлама менде болған емес. Ғылыми марксизмді және кеңес құрылысын оқығаннан кейін артта қалған елдер үшін кеңес жүйесі бірден-бір ынталы құрылым екеніне көзім жетті. Менің көзқарасым түбірімен өзгерді, педагогикалық және оқытушылық қызметім тек маркстік көзқарасқа негізделді.

Хаттама маған оқылып берді (Әуезов. Қолы).

Жауап алған Попов».

P.S

Тергеудің бұл хаттамасы машинкаға басылған. Бұл өте сирек кездесетін жай. Осымен мазмұндас тағы бір көрсетінді бар.

----------------


«ПП ОГПУ-дiң (Бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың өкiлеттi өкiлдiгiнiң – Т.Ж.) iстерi жөнiндегi прокурор Столбов жолдасқа және ОСО -ның (ерекше тергеу бөлiмiнiң) тергеушiсi Попов жолдасқа

Тұтқын Әуезов Мұхтардан

Мәлiмдеме:

Алматы қаласындағы өкiлеттi уәкiлдiктiң (полпредства) жанындағы түрмеде қамауда жатқаннан бергi уақыттың iшiнде сұрақ - жауап алуға мен бiр –ақ рет шақырылдым. Бұл сұрақ - жауапттың кезiнде Попов жолдас менiң жекелеген адамдардың көрсетуi бойынша тұтқындалғанымды, менiң қандай әрекеттерiм үшiн ұсталғаным бұдан кейiнгi тергеу барысында нақты көрсетiледi, деп мәлiмдеген едi. Ташкенттегi тергеушi де менiң қандайда бiр нақты айыбымды ашып көрсетпеп едi. Қазақстанның 10 жылдық мерекесiне орай өткен салтанатты мәжiлiстегi Голощекин жолдастың жасалған баяндамасында келтiрiлген Байдiлдин мен Аймауытовтың куәлiгiне орай түсiнiк беруге шақыруын өтiнiп Попов жолдастың атына жазған арызым да ескерiлмей, аяқсыз қалды. Байдiлдин болса осы көрсетуiнде маған қарсы ойдан шығарылған қисынсыз бiрнеше айып тағыпты. Ол бiр кезде баспасөз беттерi арқылы маған қарсы ашық түрде жапқан жаласы мен көкмылжың көкезу көпiрмесiн (насквозь демагогическую травлю) түрмедегi көрсетiндiлерiнде одан әрi жалғастырып отыр.

Оның әдебиет туралы мақалаларының барлығы тек қана бiр – ақ мақсатпен – партияда жоқ әдебиетшiлердiң, оның iшiнде менiң есебiмнен өзiне саяси бедел жинау үшiн жазылды. Ол қысылып - қымтырылмастан – ақ, менiң «Қаракөз» атты пьесамның сыйлық алуы Сәдуақасовтың тамыр – таныстарының арқасы деп жала жапқан болатын, шын мәнiнде бұл сыйлықты құрамында Жандосов, Майлин, тағы да басқа комиссия мүшелерi бар комиссия берiп едi.

Ол өзiнiң баспасөзде жарияланған арандатуларында мен туралы күйсегенi сондай, мен тек қана ақша үшiн жазады дегенге дейiн барды, сөйте тұра бiрде – бiр нақты деректi келтiрмейдi, әншейiн, партияда жоқ Әуезов туралы не айтса да жарасады дегендi желеу етiп, сол сыпыра жамандап, жаттанды тұжырымдар жасайды.

Тiптi баспасөз бетiнде маған қарсы ешқандай негiзсiзден негiзсiз шабуыл жасап, қуғындаған адамның өзi әшкереленiп, қара бет болғаннан кейiн, әрине, қиялына ерiк бередi, өзiнiң iс – әрекетiн Ақтау үшiн жалғыз–ақ жол қалғанын бiледi, ол – өзi қуғынға ұшыратқан адамдардың үстiнен жала жабу, қаралау, контрреволюционер едi – мiс, қазақ буржуазиясының көсемi едi – мiс деп кiнә тағу деп түсiнетiнi анық.

Маған қаратыла қолданылған мұндай теңеулердiң әдiлетсiз әрi оған мүлдем сенуге болмайтынын мен өте жақсы бiлемiн. Өйткенi мен ешқашанда контрреволюционер болғамын да жоқ, болмаймын да. Менiң идеологиялық тұрғыдан алғанда ұстамсыз жазылған шығармаларым болды, алайда контрреволюционер болатындай, кеңес құрылысын жоққа шығаратындай дәрежеде жазылған бiр шығармамды бiр адам көрсетiп берсiншi. Ал менiң 1928 жылдан басталған оқытушылық және ғылыми – зерттеу жұмысымның негiзi толықтай қалыптасқан маркстiк бағытқа құылды.

Қандайда бiр нақты саяси қылмыс жасағаным туралы күдiк те, ол туралы жүргiзiлiп жатқан тергеу iсi де менi бұған сендiре алмады. Менiң үстiмнен тергеу жүргiзуге тек қана Байдiлдиннiң ойдан шығарған жаласы жеткiлiктi болады деп ойламаймын. Сондай–ақ, 1921 жылғы Бүкiлқазақстандық II съездiң тұсында тек қана қазақ қызметкерлерiнiң басын қосқан мәжiлiстi өткiздi деген мен туралы айтылған Аймауытовтың сөзi де (Голощекин жолдастың жоғарыда көрсетiлген сөзiнде келтiрiлген), жауабы да шұғыл түрде анықтауды қажет етедi.

Тергеу iсiнiң аяқталып келе жатқанына және менiң тұтқындалуыма себепшi болған нақты әрекетiм туралы бiр ауыз сөз естiмеуiме, сондай – ақ түрмеде осыншама ұзақ уақыт қамауда отыруыма байланысты менi сұрақ - жауапқа шақырып, менi жазаға тартқан оқиғаның мәнiсiн көрсетуiңiздi сұраймын. Мұхтар Әуезов».

P.S

Бұл мәлімдеме алдыңғы тергеудің машинкаға басылған өтініштің бірінші нұсқасы, не сәл өңдғлгғн көшірмесі болуы керек. Сондықтан да жеке көрсептінді есебінде пайланылды.

-------


ӘЛІМХАН ЕРМЕКОВ
ПП ОГПУ–дің Қазақстандағы өкілінің 1930 жылы 22 қыркүйек күні тергеу ісін толтырған. І томның 427-443 беттері қарындашпен, ал 444-448 беттері машинкаға басылған.
Ф.Әлихановтың көрсетіндісі: «3 қазан, 1930 жыл. Жауап алған Волохов. Ермековті мен 1924-жылдан білемін. Сол жылы ол Қарқаралыдан Семейдегі Мемлекеттік жоспарлау мекемесіне қызметке ауысып келісімен өзінің ұлтшылдық бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Губерниялық мекемелердің сеніміне кіріп, бедел жинаған соң, ол ең алдымен қазақ мәдени орталығы дегенді жоспарлап, құрылыс сала бастады. Бұл құрылыстар оның өзі туып-өскен Қарқаралыда салынатын болып шықты. Губерния қызметкерлеріне, оның ішінде Досовқа беделінің өтетінін біліп аппараттағы қазақтарға үнемі биік деңгейде болыңдар деп ұран тастайтын. Ол биыл бірнеше қазақты Семейге шақырып, Ұранқаев, Спанов, Әбішев басқаратын ірі шаруашылықтарға орналастырды. Кеңес немесе шаруашылық мекемелеріндегі қызметкерлердің, тіпті партиялық мәселелер жөнінде де өзара келіспей қалған істері Ермековтің алдында шешілетін, «бітістіру», «орналастыру» соның мойнында еді.

1925-жылдың басында ғой деймін, Ермеков Мемлекеттік жоспарлау мекемесіндегі Тоқтабаевтің шақыруымен Қызылордаға кетті, ол сонда төрағаның орынбасарлығына тағайындалды.

1926 жылы Қызылордаға барғанда Ермековте болдым. Онда маған Ермеков: Бөкейхановты Жер жөніндегі Халық комиссариятына жұмысқа шақыру жоспары жүзеге асуға жақын. Қалыптасқан саяси жадай қиын, сондықтан да тәжірибелі мамандардың барлығы Түркістанға кетті. Семейдегі Ғаббасовты Қызылордаға шақыру керек – деді. Профессор Швецов Ермековтің үйінде тұрды ғой деймін. Аз уақыттан соң Ермеков Семейдегі Ғаббасовты шұғыл түрде тәжірибелі маман есебінде Мемелекеттік жоспарлау бөліміне қызметке келуге шақырған хат жолдады. Ал Ермековтің өзі барлық қаражат жүйелері тоғысқан Қазақ аул шаруашылығы банкісіне ауысып, Қазақстанның банкі жүйесіне әсер етпек болды. Ермеков дегеніне жетіп, банкке белсенді ықпал жасады. Оны Ақмоланың аул шаруашылығы банкісіне Қозыбағаровты тағайындап, Петропавловскіге бару үшін жол ақысына 500 сом бөлдіруінен байқау қиын емес. Ақмола партия ұйымы қарсылық білдіріп, ойлары жүзеге аспай қалды.

2). Қозыбағаров қаржыға байланысты істі жүргізді. Семейден Ақмоладағы Ауыл шаруашылығы банкісіне Жанғазинді ауыстырды. Жанғазин бай тұқымынан болса да, оған барынша қолдау көрсетті. Біраз уақыттан соң Ермеков Ташкентке жоғары оқу орнына оқытушылыққа ауысты. 27-жылдың шілдесінде Ермековті мен таба алмадым. Қызылордаға келген Ғаббасов Ермековтің Ташкентке көшкенін айтты. Қызылордаға келгенде маған: қазақ жастарының сауатын ашу үшін түпкілікті орналасуға бекінгенін айтты. Ермеков Семейден келген байлардың балаларын тартты. 28-жылы ол Алматыға – ҚазГУ-ге ауысты. Мен 1929 жылдың шілде айында Алматыға ауыстым. Оны 29-жылдың қазан айында қызым баспамен ауырып жатқанда көрдім. Қызымның ауырып жатқанын біліп, көңілін сұрауға келіпті. Содан кейін мен оны қаңтар, ақпан айларында көрдім. Қарқаралы округінен шақыру келіпті: онда тәргілу басталыпты: бұл бейбастық. Тәргілеуге ұшыраған туыстарыма көмектесемін. Тәргілеу – ауылдағы қараңғы қазақтарды уәдемен тойдырудан басқа ештеңе емес, бұған келісуге болмайды. Қаншама адам зардап шегеді –легенді айтты. Содан кейін өлкелік сьезде … профессор …ковичтің (аты нақты танылмады) жасаған баяндамасын өте салмақсыз деп сынады…

Мұратбековті бұрыннан білемін. Ол Өскеменнің найманы болатын. 1922 жылы ГПУ-інің рұқсатымен Семейге келді, соңынан қайтадан Қытайға қашып кетті. Омарбеков туралы Мамырбаевтің қасында, не басқа бір жерде айтқан болуым керек. Маусым айының ортасында бейтаныс адам қой шаруашылығы мекемесін сұрады. Пролетар көшесіндегі кеңсені көрсеттім. Ол Жұманов пен Әлібековке жолығамын деді. Шумаков – дәріхана басқармасында, Әлібеков – Мәскеуде екенін айттым. Ол: қытайдағы Мұратбеков хат жазып, шақырып жатыр. Соған ГПУ-ден рұқсат алуға көмектесуге іздедім деді. Мен бұл туралы Мамырбаев Төлеген мен Марсековке айттым. Мамырбаев мұны білетін сияқты көрінді. Мамырбаевтің қандайда бір хат немесе хабар алғанын білмеймін. Мұратбековтің ұлы Жиһанша Қызылордада тұрады. Оның әкесімен кездескісі келетін болуы мүмкін. Ермеков: Мұратбековтің Тарбағатай аймағындағы қазақтардың қозғалысынан жақсы мағлұмдар екенін білемін, кеңес беруге дайынмын. Бірақ қытайға хат жаза алмайсың. Ол Еуропа емес. Исаев Голощекиннің оң қолы. Мал шаруашылығының нашарлауы соның мойнында. Исаевтің ең оңды ісі – Қазакстанда азық-түліктің сатылуын қамтамасыз етті – деген сияқты пікір білдірді.

Алматыда нағашысы Наурызбаев Әшім деген болды. Ол Смағұловтың үйіне тоқтайтын. Менімен кездескенде Күдері тәтесінің тәргіленгенін айтты. Хакімжан Мамырбаевты Алматыға көшіп келіп, өз қарауында қызмет істеуге шақырды. Ермековтің ҚазГУ-дегі азарту саласындағы әрекетіне келетін болсақ, ол шәкірттердің алдына бедел жинауға барын салатын, сөзге өте ықтиятты дайындалып, өзінің ойын нәзік әрі емеуірінмен сөйлейтін.

Ермеков орыс интнлигенциясымен бәсекелес болатын. ҚазГУ-де ол өзінің қызметкерлерін қорғаштаумен болды. Ол өзінің әйеліне: сендерді қалай жақтырмаймын десеңші – деп айтып отыратын. Ермековтің өзінің айтуынша, ол ректор Аспендияровпен өте жақсы болатын. Мен өзім ешқашанда қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық ұйымына қатысқан емеспін. Өзім Ермековтің ықпалына түскен емеспін. Ұйым мүшелері маған белгілі емес…”.
ххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх

1930 жылғы 3 қазан.

Ә.Ермековтің жауабы:» УОО ПП ОГПУ-дің өкілі Поповтың түсіндіруіне қарағанда, маған айып ретінде тағылған 57 бап пен 58 баптың 7-тармағы бойынша мен кеңес өкіметіне қарсы әрекетім үшін емес, Фазыл Әлихановтың көрсетуімен кеңес саясатын теріс түсіндіруге тырысқандығым үшін жауапқа тартылған екенмін. Мен бұл жөнінде ОГПУ-дің өкіліне берген бірінші жауабымда айтқанмын. Енді келіп соның көрсетіндісінің үзіндісін алға тарта отырып, айыптау баптарын өзгертпек. Онда: Халық комиссариятының әлеуметтік мәдениет бөлімінің кеңесшімі Барлыбаевқа ет дайындау жоспарын кеміту туралы кеңес беріппін. Барлыбаевпен мен Шомбалов Мәжиттің үйінде кездейсоқ кездестім. Өкінішке орай, Әлиханов пен Барлыбаевтің үй-ішімен дастархандас болдым. Мен оларды сал боп ауырып жатқан Шомбаловтың семьясымен бірге қонаққа шақырдым. Әлихановтар жауап ретінде бізді шақырды. Адамға тән осалдық жасап біраз ішімдік іштік. Тек Шомбалов қана сырқатын сылтауратып бас тартты. Көтеріңкі көңіл-күй үстінде қонақтарымның көңілін табу үшін қоғамдық сипаттағы сөздерді де айтсам керек. Әлихановтың мал шаруашылығына сіңірген ерен еңбегін асыра мақтап, ет жоспарын орындап қана қоймай, мал басын сақтау да керек дегенді айттым. Сол бір мылжың сөздердің саяси астар алғанына таңмын. Барлыбаевтің бұл сөзінде не мән-мағына бар? Бұл жөнінде мынаны айтқым келеді. Әлиханов түрмеден шыққанша менімен бір камерада отырды. Сонда: Барлыбаев неге ұсталмады? Оның «Алашордадағы» қызметі бәріне белгілі емес пе. Мен кез-келген адамды, Барлыбаевты да аунатып түсіре аламын, бізбен байланысы бар десем жетіп жатыр – деп соңын қалжыңға айналдырды. Оның Барлыбаевқа қарсы айтылған бұл әзілінің астарына мән бермеппін».

хххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх


1930 жылғы 3 қазан күнгі жауабы да сол мазмұндас. Ә.Ермеков өзінің жауабын бұдан әрі былай жалғастырады:

Ә.Ермеков: «Семей губерниясындағы қазақ қызметкерлерінің арасындағы топшылдық маған бұрыннан белгілі болатын. Әлихановтың көрсетіндісіндегі түсініспеушілікті ОГПУ-дің коллегиясына 1930 Қазақстанда социалистік құрылыстың нығаюына жол ашатынын болжай алмадым. 1930 жылдың 3 қазан күні жолдаған мәлімдемеде көрсетіп, Әлихановты беттесуге шақырғанмын. Өкінішке орай ол өтінішім қанағаттандырылмады. Әлихановтың куәлігі осынша сенімге ие болғандықтан да Шомбалов пен Барлыбаевты куәлікке тартуды сұраймын. Осы бір кездейсоқ тіршіліктің соңы осыншасма ушығып кеткенінің өзі Әлихановтың көрсетіндісінің абсурд екендігіне дәлел. Әлиханов «Ет өткізу одағының» инструкторы, жоспарлау және үкімет мекемелеріне сөзі өтетіндей оның аппараттағы орыны қандай? Әлиханов жеңілтек адам. Санасыздың сандырағын осы күнге дейін түсінбеймін. Таныстардың барлығы маған оның тақыс, өзінше қулығы бар, өз кінәсін өзгеге көтертіп күн көретін адам екенін айтқан. Егерде менің көрсетіндім күдік тудырса, онда ОГПУ тергеушілері бұл инцидентті анықтап тергесін. Мен Барлыбаев пен оған қай уақытта, қандай нұсқау бердім, оны қалай жүзеге асырды, соны дәлелдесін.



Мен қазір революцияның ұлы авторымен (көсемі – Т.Ж.) жүздескен тірі куәнің бірімін. Сондықтан да революццияның асқақ атын жамылған осындай адамдарды жек көремін. Мені: теоретик ретінде Ленинді оппортунист деп айтты – деген әлдекімнің көрсетуі жалпы қисынға келетінін мойындаймын. Әлемдік пролетариат пен езілген халықтардың ұлы көсемін көріп, тілдесу бақытына ие болған адаммын. Ол өзінің: патриархарлық, рулық даму сатысында кенжелеп қалған ұлттардың капитализмге соқпай социализмге бірден өту мүмкіндігі туралы формуласын жариялаған 20-жылғы Коминтерннің екінші құрылтайының салтанатты ашылуына мейман ретінде мен де қатыстым. Оның делегаттарға солшылдық дерті туралы айтқан атақты сөзін ерекше құрметпен еске аламын. 20-жылы оның өзі төрағалық еткен мәжілісте жасаған баяндамасында: казак тұрғындары арасындағы жалдамалы батырақтардан ауыл шаруашылық коммунасын құрып, жерінен айырылмаған шаруаларды ауыл шаруашылық машиналарымен қамтамасыз ету туралы айтып тұрып, маған көзі түсіп кеткенде қолын мен жаққа сермеп тұрып: қазақтарға ауыл шаруашылық коммунасын құруға әлі ерте – дегенінде қатты шамырқанып кеттім, алдыңғы ұсынысымның жайшылық екенін түсіндім. Артта қалған халықтардың өкіліне қалай көңіл бөліп, қандай жауапкершілікпен қарайтынына сонда көзім жетті.

Әлі есімде, Астарахань облысындағы қазақтар көп тұратын жағалауды Қазақстанның құрамына беру туралы үлкен даулы мәселе қызу талқыланды. Патша үкіметі қазақтарды теңізге жібермеу үшін олардан бұл жерді тартып алып, он верстка сияқты түрлі экономикалық шектеу қойып, казактарды қоныстандырған болатын. Міне, осыған байланысты Астрахан губерниясының НКВД-ның өкілі, Азық-түлік халық комиссариятының қамтамасыз ету орталығы, владимирліктер мені жан-жақтан қыспаққа алып, бүкілодақтық маңызы бар деп әр нәрсені сылтауратып, сан-саққа жүгіртіп, табандап тұрып алды. В.И.Ленин ықыласпен тыңдап отырды да маған: Астрахан губерниясы сияқты Қазақстан да одақтың бір бөлігі. Қазақтар басым тұратын жердегі шаруашылыққа көмектесуді де, азық-түлікпен қамдауды да одақ мойнына алады – деді. Реплика жасаған кезімде Закурский мені жағамнан алып, қабырғаға тірей итергенде Владимир Ильич маған араша түсті. Астрахан губерниялық атқару комитетінің төрағасы мен НКВД өкілі губерниядағы тұрғындардың ара қатынасын көрсететін нақты статистикалық есептің жоқтығын айтты. Бұған: халықтың арақатынасын білу үшін онда барудың да, статистикалық есептің де керегі жоқ. Москваны мысалға алыңыз. Мұнда қай халықтың қанша өкілі бар екенін ешкімде білмейді. Бірақ бәрі де қамтамасыз етіледі – деді. Маған қол ала жүгіргендерді бүгін еске алу күлкілі, болмашыны сөз еткендей көрінгенімен де, В.Лениннің бейнесі мен өзім көрген осы бір өмірлік шындық маған ұмытпас әсер қалдырды. Ленин туралы жоғарыда мен айтты деген адамның қияли сөзіне ойланғансып, солай дедім бе, жоқ па деп еске түсіруге тырысудың, жауап берудің өзі күлкі тудырады. Тек айтарым, бүгінгі оппозициядағылардың көзқарасын ешқашанда бөліскен емеспін».

ххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх


«15/ХІ-1930 жыл. Мен өзімнің көрсетінділерімде ертеректе өтіп кеткен оқиғаларды қамтитын болғандықтан да, жылдардың реті мен кейбір көріністердің орыны ауысып кетуі мүмкін екенін ескертемін.

1919 жылы ақпан төңкерісінен кейін мен Семей губерниясының земство басқармасының мүшесі болып қызмет істедім. Тікелей жер бөлімін басқардым, бұдан басқа маған оқу-ағарту саласына жетекшілік ету жүктелді. Бұл әскерилердің – колчаковшылар мен атамановшылардың билеп тұрған кезі болатын. Жазалау отрядтары, зорлық-зомбылық, дала-әскери соты жаппай орын алған еді. Жұмысшылармен, шаруалармен бірге сорлы қазақ елі де майдан даласына тән террорды, езгіні, басынуды бастарынан кешті. Губерниялық, уездік жер басқармаларының мүшелерін, «Алаштың» орталық кеңесін тұтқындау күн өткен сайын жиілей берді. Олардың кейбіреулері әскери-дала сотына беріліп, дарға асылуға дейін жаза қолданылды. «Алашорданың» мүшесі Ақбаев «большевиктердің төңкерісіне көмектесу үшін қару жасырғаны үшін» ату жазасына кесілді. Омбыда келісім жүргізіп жатқан кезінде «Алашорданың» төрағасы Бөкейхановтың өзі де тұтқынға алынды. Жергілікті газеттерде губерниялық жер басқармасының мүшелерін большевиктерге бүйректері бұрады деп әшкерелеп жатты (Семейде шығып тұрған «Речь» газетін қараңыз).

Ақырында он алтыншы жылғы көтеріліс кезінде Жизақ қаласы тұрғындарының бірін қалдырмай қырып-жойғаны үшін «Жизақтық» деп атанып кеткен Колчак диктатурасының әскери министрі Иванов–Ринов тек «Алаш» автономиясы мәселесін көтергені үшін ғана қазақ (сол кездегіше айтсақ қырғыз) зиялыларының бірін қалдырмай қырып тастау туралы жобасын ұсынды, ол: ақсақалдарды медальмен, шен-шекпенмен жарылқай отырып та қыр елін билеуге болады – деп ойлады. «Алашорданың» қызметінде де қиыспайтын қайшылықтар толып жатты. Мысалы, сол кезде Колчакқа «Батыс Алашорданың ақсақалы» атағын беру түралы ұсыныс та жасалды. Бұл жөнінде: «Алашорданы» – «Ералашорда» деп атаған Сібір үкіметінің пікірі шындыққа келетін.

Колчактың жанталасы, өлім алдындағы ант мезгілі басталды. Біз, земство қызметкерлері, ұлттық кадрлар осындай от пен судың сынағынан тәжірибе ала отырып қазақ төңкерісі тұсындағы ұстанымдарымызға, Сібірде төңкеріс жасаған эсэршіл чех-словак әскеріне іш тартқан әрекеттерімізге сын көзбен қарауымыз керектігін түсіндік. Террор барған сайын күшейе түсті, бұдан әрі қалада қалу өмірімізге қауіп төндірді. Семейдегі төңкерістен бірнеше күн бұрын далалық әскерлер шегіне қалған жағдайда көзі құртылуға тиісті адамдардың тізімі тұрғындарға таратылды. Тізімнің ішінде біздің де атымыз бар екен-мыс. Сондықтан да мәжілісте: қызыл армия келгенше қырға шығып кету керек, ал Семейдегі төңкеріс басылғаннан кейін қалаға қайтып оралу керек – деп шештік. Бірақ Семейге қайтып келу де қиын болатын. Өйткені: қазан төңкерісіне деген теріс ұстаным, чех-словак эсэрлерінің әскеріне көрсетілген көмек, құрылтай Мәжілісін қолдау (Ресей ұлтшылдарының үкіметі – Т.Ж.) «Алашорданың» бетіне шіркеу түсірген болатын. Соған қарамастан: ешкім де Қазақстаннан тыс жерге кетпесін, ешкімде шекара асып шет елге өтпесін, Бөкейхановтан басқаларының барлығы Семейге қайтып келсін – деп ұйғарым жасадық.

Каталог: repository -> history -> 24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар
24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> Құнанбайдың тірі кезінде болған уақиғалар болатын
24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> Батыс Алашорда Тарихы орал 2011 Пікір жазғандар: М.Қ.Қойгелдиев
24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> Мағжанға Сәбиттен
24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> Абай мектетебі
24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> 2 том: тез үшін. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет