Мен, Құл Қожа Ахмет Яссауи – алпыс үште кірдім жерге «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»



бет3/4
Дата25.12.2016
өлшемі0,68 Mb.
#4778
1   2   3   4

Имам әл-Бұхаридан 92(131):

Нәби (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жесір әйел мен пақыр міскіндерге көмек қолын созған кісі Аллаһ жолында күресушілерге және күндіз аузы берік болып, түнде намаз оқитын кісілердей», – деген.


65 - Хикметтен

Тастан қатты, тасты сүзген хабарсыздар,

Ақырет ісін артқа тастап дүние іздер.

Аят, хадис баян етсем қатты сөйлер,

Сырты адам, іштері шайтан болар.
Абай айтады:

Ел бұзылса құрады шайтан өрмек,

Періште төменшектеп, қайғы жемек.

Өзімнің иттігімнен болды демей,

Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.

Тасты біз қатты нәрсе деп ойлаймыз. Яссауи түсінігінде ақыретті ойламай тек бүгінгі күнін көйттеп кеткендер тастан да қатты түр алады екен. Дүние табу жолында олар тастан да қатты, олар тасты сүзе алады. Абайдың түсінігінде олар ортасында тіпті періштелер өздері не істерін білмей сасып қалатын секілді.


70 - Хикметтен

Ей, муминдер, тағат қылып сүйенбеңіз,

Аманат қой, әзіз жанға иланбаңыз.

Арамдықпен жиған малға алданбаңыз,

Малдарыңды Қарыш атты жылан қылар...

Ей мұсылмандар, дейді Яссауи бабамыз!

Барлық парызымды орындай алмасам да, азды-көпті ғибадатым бар ғой деп сеніп қалмаңдар.

Аллаға деген жүрегім адал, ниетіме берер деп қапы қалмаңдар.

Азды-көпті тағат қылдым деп Алланың кеңшілігінен дәметіп, ертеңіме соның пайдасы тиер деп опық жеп қалмаңдар. Бұл ескертелер Қожа Ахметтің біздерді сақтандыруы.

Ойланып қарасақ біз де сондай жайбарақаттардың бірі екенбіз.

Мерзімді күні жан – Алла аманаты, иесіне кетер.

Сол уақытты біздің өзіміз Алла алдында тірлікте істеген ісіміз үшін ғана жауап беретін боламыз.

Сол кезде Жаратушы алдында жауап таба алмай қалмас па екенбіз?..

Бұл хикметтегі Қарыш атты жылан туралы түсінік іздегенімізде хадистерден төбе шашыңды тік тұрғызар нәрсеге кезіктік. Арам жолмен мал жинап, оларды арамдықпен пайдаланғандардың көр ішіндегі жағдайы тым қиын секілді. Барлық арамнан жиған малдары көр ішінде Қарыш атты айдаһарға айналып, маса, шаян, құрт, құмырсқаға айналып өз иесін тамағына айналдыра бастайды екен.


78 - Хикметтен

Шариғатта мұраты сол – жолға кірмек,

Тарихатта мұраты сол – нәпсіден кешпек,

Хакиқатта – әзіз жанды пида етпек,

Жаннан кешпей, ғишқ шарабын ішіп болмас.

Адам аталу, азамат аталу адам біткеннің басты мұраты. Ал шариғат жолын орындау – барлық мұсылман міндеті. Адал адам атанып елге сүйікті болсаң, бес парызыңды атқарып мұсылман атансаң сенен шариғаттың талап етері де сол. Осындай көпшіліктің ішінен кейбір ғұламалар шариғат жолынан тарихат жолына өтеді екен.

«Тарихаттың мұраты – нәпсіден кешпек».

Жай адамдар үшін, біздер үшін бұл ауыр жаза болып та көрінер. Өйткені өмірден алар адамзат қызығының бәрінен баз кеше өмір сүру мағынасыздау тірлік болып көрінуі де мүмкін. Бірақ нағыз мұсылмандар бұл кезеңде өз нәпсісін санамен тежей алар сезімге ие болып үлгеретін секілді. Орынсыз шашпалық жасамау, жаман ойларға батпау, жаман сөздерді сөйлемеу, өзгеге зияны тиер сөздер мен істерден аулақ болу, тән сұранысындағы нәпсі қажеттерін шектей алу, дұние-мүлік, бақ пен тақ секілді барлық құмарлықтан ада болу ... міне тарихат дәрежесіндегі адам болмысы.

Дін жолындағы адамның ең жоғары түсінігі ол пенденің өз өмірін, өз жанын Алла тағала жолына толық бағыттаған, ғишқ шарабын мейілінше қанып іше алатын кезеңі болса керек. Қожа Ахмет бабамыздың «ғишқ шарабын ішіп болмас» деген сөзін біз білетін шарап екен деп күнәға батып қалмаңыздар. Кез-келген шарап адамның қанын қыздыру үшін, сол сәтте өзінің арман-мақсатына жақындай түскендей сезімде болу үшін ішілетін болса керек. Ал бабамыздың ғишқ шарабы деп отырғаны – пенденің өз санасымен жеткен Аллаға деген тойымсыз махаббаты! Сондай адам Алласын сағынып зікір салған кезде Аллаға деген сағыныштан пайда болған көз жасын тоқтата да алмай қалатын болса керек. Біз куә болған бір уақиға мүмкін соның дәлелі болар...

...Мен осы жолдарды жазып отырғанда кіші қажылық сапар кезінде Меккенің әл-Харам мешітінде кездескен бір уақиға еске түсе кеткені...

...Қонақ үйіміз әл-Харам мешітінің жанында болатын. Бізді бұл сапарға бастап барған Бейбіт қажы Сапаралы деген жігіт еді. Рахмет азаматқа, сол жігіт өзінің беделін пайдаланып, Қазақстанның он бес азаматын Саудия патшасының қаржысымен кіші қажылық сапарға бастап барып, біздерге сол ел тарапынан ерекше қамқорлық жасалған болатын. Қонақүйіміз Меккеде де, Мединеде де тура әл-Харам мешіттерінің жанында болды. Біздерді үйіне қонаққа шақырған шейх өз үйінде отырып біздерге бір ақыл айтты (Мекке мен Медине мешіттерінің қызметіне жауапты кісі. Сауд патшасының дін жөніндегі орынбасарының орынбасары, атын ұмытыппын). Меккеге күнде келіп жатырған жоқсыңдар деді, ол. Бос уақыттарыңды ұқыпты жұмсаңдар. Мешітке барып бұ дүниеден өтіп кеткен бабаларың үшін зиярат жасауға болады дегені мен үшін бағалы кеңес болды. Содан бастан әр түнде, жолдастарым ұйқыда жатқанда, мен бабаларымның біріне арнап Қағбаны жеті айналып шығып, бір шетке барып отыратынмын. Сол сапарда әке-шешем Назарбек пен Жаңылдыққа, үлкен әкем Айдарбеккке, бабам Мәтіге арнап зиярат жасап үлгердім. Бір түні 4-5 әйел менен алыс емес орналасып алып, өздерінің тілінде біраз шуласып алды да, бәрі бірдей еңіреп жыласын келіп. Құдай бар, өтірік жылап отырмаған секілді. Содан соң тоқтайды. Әңгіме айтысып, біраз күле сөйлесіп отырады да қайта бастайды. Мен олардың сол әрекеттеріне түсіне алмай кеткенмін. Қожа Ахмет бабамыздың хикметтерін оқи отырып, мен енді сол уақиғаның ғишқ дәрежесіне жеткендердің, Алласына деген тойымсыз махаббат сезіміне бөлене алатындардың әрекеті болар ма деген ойға батып отырмын.

Мен сол кіші қажылық сапарда шексіздік атты түсініксіз құбылыстың мәнін түсінгендей едім. Күні-түні, айлап-апталап, жылдар бойы, мың жылдар бойы Меккеге, Қағбаға шұбырып жатқан халық. Түнгі сағат төртте ме, күндізгі сағат төртте ме, бәрібір шұбырған зиярат етушілер. Шұбырған халықтың мың жылдарға созылған, шексіздікке ұмтылған қозғалысы...

Діндар адамның өмірінің бұл кезеңі о кісінің ең бақытты шағы болатын болар.
Не амал ол, ермін деп дағуа қылмақ,

Намазды жұрт көзінде түрге салмақ.

Өзі білмей, бұл мағынаға нәпсін ұрмақ,

Сүңгуір болмай, інжу, гауһар алып болмас.

Қожа Ахмет атамыз жазған бұ шумақ барлығымызға да түсінікті болар. Ішінен біраз адамдар өздерін де танып отырған болар деп ойлаймыз.
79 - Хикметтен

Хаққа ғашық дәруштері көкке ұшад,

Бұл әлемді мекен етпес, жаны азат.

Нәпсі өлі, көңілі тірі, періште зат,

Мүндай болмай, сырдан хабар алып болмас.

Хикметтің бұл шумағына біз Шәһкәрім атамыздың еңбегінен түсінік іздегіміз келіп отыр.


Шаһкәрім Құдайбердіұлынан

Өлім маған өмірден мың есе артық,

Жарға құрбан болуға жан жараса.

Дозақ отын күл қылып сөндіремін,

Жаралы жүрегімнен қан тараса.

Ғашық, жар деген сөздерді ғұламалар көп пайдаланған. Бірақ олардың о сөздерге берер мағынасы біздердің күнделікті тірліміздегі түсініктен өзгешелеу. Шаһкәрім «жарға құрбан болуға жан жараса» десе, Қожа Ахмет бабамыз:

Ғашық құлдар Хақ жадын айтпай жүрмес,

Хақиқаттық бұл дүниеге құмар қылмас,

Шын ғашықтар дүниеліктен сірәда алмас,

Мен-дағы бұл дүнині қойғым келер – деп,

өзінен мың жыл кейінгілермен үндес жатады. Екі дана да ғашықтық, жар деген сөздер мағынасын тек қана Алла тағалаға бағыштайды.
81 - Хикметтен

Шариғаттың майданына өзін салмай,

Тарихаттың гүл-бағында шабыттанбай,

Хакиқаттың дариясынан гауһар алмай,

Мағрифаттың әдебін біліп болмас.

Яссауи бабамыз мағрифат әдебінде өмір сүру бақытына ие болған секілді.

Шариғат ережелерін оқып, біліп алып, білгенін елге таратып, былайша айтқанда шариғат майданына түсіп, жетісе-жетісе тарихат дәрежелі таққа отырса...

Тарихаттың гүл-бағында кісі өзінің шынайы сезімімен Алласына деген махаббатына бөлене алса...

...Бісміллә деп баян етейін хикмет айтып,

Талибтерге інжу, гауһар шаштым, міне... деп басталар осы «Диуани Хикмет» атты еңбек арман етіп отырған, Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың шашып кеткен інжу-гауһарларын тере алса...

Осы армандарды тура өзімізге арнап айтсақ, осыларды іске асыра алсақ... Алла тағаланың рахымынан дәметуге болатын болар...

Тағы да бір рет қайталап айтуға ерінбелікші...

Алла тағала бізге жерде өмір сүру үшін бар болғаны 0,002 жыл (аспан өлшемімен) уақыт береді.

Дозақта азап шегу мерзімі 70000 жыл болса керек.

Салыстырып қарауға тұратын деректер...

Бірден қортынды шығаруға тұратын нәрсе...


83 - Хикметтен

Мүнкәр-Нәкір кіріп сауал сұрар болса,

Аға-іні бәрі жиылып қойып қайтса,

Жеті қадам басқан соң, хабар келсе,

Мүңкәр-Нәкір кіріп сауал сұрайды екен.

Адам денесін жерге тапсырған жақындары жеті қадам ұзаған сәтте о дүниелік пендеден алғашқы жауап алатын періште «Мүнкәр-Нәкір кіріп сауал сұрар...»...

Бәріміз де барамыз...

Бәріміз де жауапталамыз...

Бәріміз де күнәліміз...
Бақытты ғой, елде бір патша болса,

Әділ болып, бір мүминді қазы қылса,

Сол қазы барша елді разы қылса,

Разылықтан ұжмақ үйін алады екен.

Ел бақыты елді басқарған әділ патша қолында болады екен. Қожа Ахмет Яссауи секілді, одан мың жыл өткенде Шаһкәрім, өмірінің соңғы жылдарын сопылық жолға түсіп, оқшаулана өмір сүрген философ ақын, өз ойын былайша білдіреді:
Шаһкәрім Құдайбердіұлы

Айла, күш – айуандықтың ең жаманы,

Боқты боқпен жуғанмен ел түзелмес.

Ар түзейтін бір ғалым табылмаса,

Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес.
Құр айтқанмен қолынан түк келмейді,

Ақ жүректі таза адам болса кем-кес.

Қас түзеймін деп жүріп көз шығарып,

«Қалмақ ойын» ойнаумен ештеңе өнбес.


Тату тұрса, адамға дүние кең,

Еңбек ет, жер жеткілік береді кен.

Адамның адал ұлы болам десең,

Алдыменен өзіңнің нәпсіңді жең.

Шаһкәрім Құдайбердіұлының түсінігінде өте дәл көре білген жер бетінде болып жатқан суреттер бар.

Айла, күш – алдау, арбау, зорлау, қорлау, алдап алу, тартып алу – бұлар аюандықтың ең жаманы дейді.

Сондай зұлымдықтарды «ар түзейтін бір ғалым ғана» түзетуі мүмкін екен, түзетемін деп боқты боқпен жуғаннан ештеңе өнбек емес. Біздердің қазіргі әрекеттеріміз Шаһкәрім ойшыл айтқандай «боқты боқпен жуғандай» әрекеттер.

Бұ заманда діннен хабары жоқ кісілер дін мәселелерін шешіп жатады...

Зорлап дінге кіргізіп жатады...

Дін қызметкерлері дінді елді рухани тазартудың құралы деп емес, өзін байлыққа жеткізу құралы деп бағалайды...

Яссаудың да Шаһкәрімнің де айтары бір ақыл:

«Адамның адал ұлы болам десең,

Алдыменен өзіңнің нәпсіңді жең».

Біздің заманымызда әзірге өмір сүру – нәпсінің барлық сорақы сұраныстарын орындау ғана болып тұрған секілді. Теледидар атты адамға тәрбие беретін басты ұстазымыз жас балаларға жетпістен асқан біздердің көрмек түгілі ойымызға келмеген сорақылықтарды көрсетуде. «Боқты боқпен жуу» деген сол болар, асылы...


84 - Хикметтен

Уа, дариға, өтті өмірім ғапылдықпен,

Сен кешіргін күнәмді рахметпен,

Құл Қожа Ахмет, саған қайтты қасіретпен,

Өз-өзіне өзі қайтіп күйеді екен.

Адам білген сайын, таныған сайын өз өмірін зерделеген сайын бұ тірлікте жіберген қателерін өзі жіпке тізе бастайды ғой. Бабамыз сондай бір кезде өкіне «Құл Қожа Ахмет, саған қайтты қасіретпен» деп, Алласының алдында «Уа, дариға, өтті өмірім ғапылдықпен» деп, өзі сүрген өміріне, Алласына деген құлшылығына риза бола алмайтынын білдіріп, кешірім өтінеді.



86 - Хикметтен

Ғашықтары түнде жылап сәрі тұрар,

Сыр шарабын ішкен ғашық сырды жабар,

Әркім сөксе, бәлки тепсе, қолын өбер,

Ондай жаран қуат нәрін алады екен.
«Таспен ұрғанды – аспен ұр» қағидасы әу баста жалпы қазақтардан таралған философия болса керек. Осыған ұқсас мақалдар мен мәтелдер басқа елдерде де кездесіп жатады. Бірақ мақалды тәжрибе жүзінде пайдаланатын тек қана біздің халқымыз екен. Осы хакметтерді оқып отырып біз халқымыздың көптеген әдеттері мен ақыл сөздерінің хикметтер мен хадистер мағынасына үндесіп жататынына көңіл толтырасың.

Софылардың бір қасиеті – адамдарды дәруіштікке үндеуден жалықпайды. Бірақ бір адам Құдайға ғашық болам деп тіршілік мәселесін ұмытуға болмайтын болар.

Астық өсіру қажет ле? Қажет.

Ұрпақ өсіру қажет пе? Қажет.

Ғылыммен айналысу қажет пе? Қажет.

Ел тұрмысына қамқорлық қажет пе? Қажет

Тізе берсе қажеттер көп.

Тек қана билік басындағылар аспан өлшемімен есептегенде жерде өмір сүрер 0,002 жылына қажет нәрселерге барлық білігі мен іскерлігін жұмсап, о дүниенің мәңгілік атты өлшеммен өлшенетінін ұмытып кетпесе...

...Дозақ мезгілі 1 трилион 312 млрд күн дейді...
95 - Хикметтен

Хақ зікірін жан-жүректен шығармасаң,

Үш жүз алпыс тамырларың тебірентпесең,

Төрт жүз қырық төрт сүйектерің күл қылмасаң,

Жалғаншы ғой, хаққа ғашық болғаны жоқ.

Зікір салу бұ заманда ешкімнің қолынан келе қояр ма екен. Біз зікір деп Ахмет бабаның түсінігіндегі, Аллаға деген махаббатың мен сағынышың аузыңнан емес, жүрегіңнен шықпаса, қан тамырларың тебіреніп, сүйектерің езіле жаздап тұрмаса, ол зікір емес жалғаншы. Ол Хаққа ғашықтық емес.

Ғашық емес, Сүйгеніне жан бермесе,

Диқан емес, кетпен шауып нан бермесе,

Мұнда жылап, ақыретте жан бермесе,

Жолда қалған Құдай исін алғаны жоқ.

Бұл хикмет сөздерінде түсініксіз ештеңе жоқ секілді. Тек қана бұл хикметте ерекше риза боларымыз өзіміздің діни қызметкер емес шаруашылық қызметкері екенімізді ойлап «диқан емес, кетпен шауып нан бермесе» деген жолдар. Барлық адам дін жолына түсіп, Алладан басқаның бәрін ұмыт қалдырса жер бетіндегі тіршілік атты күрделі жаратылыс қалай болмақ деген сұрақ туындап жатады. Ахмет Яссауи осы бір ауыз сөз арқылы әркім өз пешенесіне жазғанын дұрыс атқарса дейді. Құдай жолын қудың ба, жан пида етерлік ғишқ деңгейіне жет, қолыңа кетпен ұстадың ба елді нанмен қамтамасыз ет деп тұр.

Ел билігі қолыңа тиді ме, елді қамқорла,

Қазан билігі қолыңа тиді ме нәпсіңе сақ бол.

Осылар қолыңнан келмесе жолда қаласың, Құдай жолына жақындай алмайсың дейді.

Бұлар туралы Абай данышпан да талай ойланған тәрізді.

Ынталы жүрек, шын көңілден басқасы, Хаққа жол емес... Жүректің ақыл суаты, Махаббат қылса Тәңірі үшін – деп, барлық уақытта шын көңілмен, таза махаббатпен ойлаған мақсатыңа жете аласың дейді.


Абайдан:

Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі Хаққа жол емес.

Дененің барша қуаты

Өнерге салар бар күшін.

Жүректің ақыл суаты,

Махаббат қылса Тәңірі үшін.
97 - Хикметтен

Тәлибпін деп айтады, олла-біллә наинсап,

Некесізге қарайды көздерінде жоқ ынсап,

Кісі малын жеп жүрер, содан ділі емес саф,

Арыстан бабам сөздерін есітіңіз тәбәрәк.
Тәлибпін деп айтады, көңілінде жоқ зәрдей нұр,

Шын тәлибті сұрасаң іші, тысы гауһар дүр,

Хаққа аян сырлары, жемістері таза нұр,

Арыстан бабам сөздерін есітіңіз тәбәрік.


Ақыр заман үмбеттері нақыштайды үйлерін,

Нәпсі зауқына беріліп бұзар, әр дем, күйлерін.

Кербезденіп, сәнденіп, парпаздайды бойларын,

Арыстан бабам сөздерін есітіңіз тәбәрік.


Абайдан:

Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,

Бір сөзімен тұрса екен, жаны – күйсе.
Осы сөдерімен Яссауи да, Абай да адам көңілдеріне, пиғылдарына таза шынайылықты талап етеді. Барлық істелінген шаруа да, табынарлық сенім де шынайы істелсе екен дейді.

Тәлибпін деп жария етіп алып...

Тәлибтік түгіл адамгершілік атты адами қасиеттердің біріне жауап іздемейтіндерге;

«Кербезденіп, сәнденіп, парпаздайды бойларын» болып жүретіндерге;

«Ақыр заман үмбеттері нақыштайды үйлерін, Нәпсі зауқына беріліп бұзар, әр дем, күйлерін» дәрежесіне жететіндерге үлгі ұсынады.

Шын тәлибті сұрасаң іші, тысы гауһар дүр,

Хаққа аян сырлары, жемістері таза нұр...
97 - Хикметтен

Ақыр заман үмбеттері дүние фәни білмейді...

Жақсы жолдан тайқысып, жаман жолға ауысқан...

Иман, исламын алып өлмейін деп күліскен...

Уақыты жетсе Әзірейіл аманатты бергін дер...
Құл қожа Ахмет, сөзіңді надандарға айтпағын,

Сөзді айтып наданға көк тиынға сатпағын.

Аштан өлсең нәмәртке ешбір міндет артпағын,

Арыстан бабам сөздерін есітіңіз тәбәрік.


Құрметті орынға жайғасып ап, арақ-шарапты сапыра ішіп, жылы-жұмсаққа кеңірдектен тоя жеп, еңбекшілердің бір айлық жалақысын карта ойынының бір көніне салып жіберіп, көңілдері тасыған шақта діндарларды келеке етіп кеңкілдескендерді біз талай көргенбіз. Олар да өздерінің іс-қимылын, мінез-құлқын ақтап аларлық талай мысалдарды алға тартатын.

Адамгершілік қасиет, ұлттық намыс, өз басын сыйлау секілді кез-келген пендені кісілік дәрежеде ұстап тұрар қасиеттерді қастерлемейтіндерге де бір күні, Алла аманаты жанды сұрап, Әзірейіл періште де көрінбек. Біздер уайымдамағанмен ертеңгі күні үмбеттерімнің күні не болады деп Мұхамбет пайғамбар талай күнін жылаумен, Алласына жалынумен өткізген дейді. Біз пақырларға осыны түсіндіру үшін Қожа Ахмет Яссауи алпыс үш жасында жер астына түсіп кетіп, «Диуани Хикметін» жазған. Айтылып жатырған үгіт аз емес секілді. Бірақ қабылдануы қиын болып тұр.

Қожа Ахмет бабамыздың надандардан торыққандығы соншалық, оларға тіпті үгіп айтпағын, сөзіңді көк тиынға сатпағын деуге дейін барады.

Бабамыз бұл хикметінде қолында наны, қалтасында қаражаты бар нәмәрт жандар қасында аштан өліп кетсең оларға өкпелеме деп, олардан да түңілгендігін білдіріпті.


99 - Хикметтен

Кіріп көрсең қараңғылық, жоқ қой шырақ,

Іші толы қасірет болар, отты фирақ.

Ол күні кім береді саған жарық,

Нақ қиямет таңы атқанша жатпақ керек.
Құл Қожа Ахмет, тәубе қылғын өлмес бұрын,

Қызыл жүзің көрде жатып солмас бұрын.

Жылан, шаян көр ішіне толмас бұрын,

Қаза келсе риза болып тұрмақ керек.

Адам ғұмыры «бес күндік тірлік», «қамшы сабындай қысқа» деген теңеулермен қате түсіндіріліп келген секілді.

Адам ғұмырын біз өз түсінігімізде жобалап көрелік.



  • Алла құдіретімен ана құрсағына түскен соң, Алла саған аманатқа жан береді екен. Туады екенсің.

  • Бұйрықты күніңді жер бетінде өткізген соң Алла тағала аманатқа берген жанын қайтып алады. Өледі екенсің.

  • Өлген кісіні қабірге салады.

  • Мүңкір-Нәкір алғашқы жауап алады.

  • Егер сен осы жауапта қиямет күні туғанда, Ұлы Жаратушы алдында жұмаққа баратын болсаң, саған қиямет күніне дейін жағдай жасалады.

  • Қиямет күні жауапталып не жұмаққа, не тамұққа жолдама аласың.

  • Жұмаққа кетсең – ол мәңгілік.

  • Тамұққа кетсең 70000 жыл тозақ отында азап шегесің. Алла рахымы түссе жазаңды өтеп болып, сен де басқалар қатарына қосыласың.

Ойлап қарасақ адам тәнінің ғұмыры «көзді ашып-жұмғанша» болғанмен, жанының ғұмыры мәңгілік екен.

Бабамыз ертеңгі күннің келеріне толық сенеді. Бізді содан сақтандырады.

Қиямет таңы атқанша қанша жыл?

Тозаққа түсіп қалсаң қанша жыл?

Әр күнде жүз мың күнә жамаймын дейді бабамыз. Олай болса о жаққа асығу да қажет пе деп қаласың. Өйткені Абай да:


Абайдан:

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөз айырмас, демеп пе еді.

Қожа Ахмет Яссауи күніне жүз мың күнә жамағанда біздің жағдайымыз нешік?..


Шаһкәрім Құдайбердіұлынан

Ел мінезін білдің ғой,

Талай-ақ бірге жүрдің ғой.

Итпен бірге ит болып,

Күнәсіне кірдің ғой.
Енді есіңді жисаңшы,

Манар тауға сыйсаңшы.

Аласұрып аптықпай,

Бұл жалғанды қисаңшы.


Неменені қимайсың,

Нәпсіні неге тыймайсың?

Өзіңді кімге сыйлатып,

Өзің кімді сыйлайсың?


Жан аяспас кісің жоқ,

Арманда қалар ісің жоқ.

Енді жүрер жалғанда,

Қарасам, сенде пішін жоқ.


Жалындамай сөне қал,

Алла ісіне көне қал.

Бәрінің дәмін таттың ғой,

У ішкендей өле қал.


101 - Хикметтен

Жаннан артық көрген жан аналар,

Жүзі ай, көзі шолпан еркетайлар,

Бойларын еш көрмеген бөгде адамдар,

Кәпірлерге кіріптар болды көргін.
Бәле көп қой, мұндай бірақ. Бәле жоқ қой,

Телміртіп кәпір бізді айырып тұр ғой,

Ажал жетіп көрге кірмек дұрыс-ақ қой,

Осылай деп айқай-шуды салды көргін.


– Әнеке, осы жолдарды Хикметке өзің қосып жібергеннен саумысың? Мұсылман қауымының соншама азып, бір-бірімен жауласып, өз патшаларына ит өлімін бұйыртып, елін тоз-тоз етіп жатқан заманды Ахмет Яссауи қалай болжап білмек? Әсіресе, «ажал жетіп көрге кірмек дұрыс-ақ қой» деген ойдан қауіптеніп отырмын.

– Сайын мырза, мен шамам келгенінші бір мысқал ой да, бір түйір сөзде қоспауға ант еткен кісімін. Бәрі де өз ойы, өз сөзі...


Біл, бұларды қараңғылық басты тұман,

Бізге азап қылды, бұл күн, Қыдыр Ұған,

Кәпір жиып алып шықты шат-шадыман,

Мұсылмандар зар илеп қалды көргін.


О баста Алла бізге қылды тақсыр,

Бізден өтіп мұнша қате қылдық, тақсыр,

Соның үшін, жас балалар тұтқын боп тұр,

Пейілімізден бізге жапа салды, көргін.


...Қадір білмес нақұрысқа орын тиді,

Ғалым, дәруіш, жақсылар қор болды, көргін.


Нәкәс, қарау, дінсіз құлдар болды хакім,

Менмендік шектен шығып болды залам.

Халық ішінде қор болды дәруіш, ғалым,

Қорғаушысы халықтың кәпір болды, көргін.


Жолдан шығып шариғатты тұтпадық пәк-таза ғып,

Дін қалып, аты мұсылман болды, көргін.


...Діннен безген қараулардың қапері жоқ,

Дүние малын жиып ешбір тояры жоқ...


Бұл хикметтің әр жолын оқи отырып өз заманың мен өз замандастарыңды айнытпай танып, тіпті бет-бейнелерімен елестете бастайды екенсің. Данышпан бабамыздың біздің заманды өз көзімен көріп отырғандығына таң қалуға болар.

Немесе, бабамыз өз заманын суреттеп отыр да, тек қана өте шыққан мың жыл адам мен заман мінезіне еш өзгеріс әкеле алмағаны ма, әлде?..

Бұл жолдар Америка секілді зорлықшыл елдердің әлсіздерге, мұсылман елдеріне, басқалардың табиғат байлығына бола жасалып жатқан зорлығы мен қорлығына бола жазылған шумақтар секілді.
Қалай дегенмен мұсылман елдері бас бостандығына қауіп төнген зауал заманға тап болды...

Діндар кісілер осындайда «бұл Алланың жіберіп жатқан сыны» дейтін еді. Соған да келістік делік.

Олай болса заманы қауіп төндірген екен мұсылмандар біріге түсу қажет емес пе?..

Жоқ, олар бірікпек түгілі, бір-біріне қару көтеріп жатыр.

Мұсылман дінінің мыңдаған жылдық тәрбиесі шетелдік бүлікші берген, не уәде еткен нәрсеге сатылып кете бере ме?

Сонда «діні үшін, елі үшін» жан пида етуге даяр мұсылмандарымыз өз еліне, өз патшасына қарсы қару алып, неге өзара қырғын соғысқа қатынасып жатыр?

Сонда кейбір мұсылмандарымыздың мұсылмандығы жасанды сенім болғаны ма?..

Шет елдің байлары мұсылман жастарына азғантай сағызын шайнатып діні мен ділін ұмыттыра салатыны қалай?..

Бір заманда ағылшындар айна мен тарақ беріп, бүкіл қара нәсіл африкалықтарды құл етіп сатып жіберіп еді. Бұл да соның бір түрі болған ма?.

Мың жыл мұсылманша тәрбиеленген, Құран менен хадистерден нәр алған, хикметтер мен сопылар сөзінен дәм татқан мұсылман қауымының бір кездегі Африканың діні де жоқ, дамбалы да жоқ жабайы тайпалардан рухани тәрбиесінің артықшылығы қайда сонда?

Мен бұл сұрақты Әнуарбек мырза Сізге емес Қожа Ахмет бабамызға қойып отырмын...

Жауап ала алмайтыным өкінішті-ақ.



Абайдан:

Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ,

Оларға жөн арамның сөзін ұқпақ.

Қас маңғаз, малға бөккен кісімсініп,

Әсте жоқ кеселді істен биттей қорықпақ.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2012
2012 -> Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова жоспар
2012 -> Әлия Молдағұлова Нұрмұхамедқызы (шын есімі Ілия) Қаһарман қазақ қызы
2012 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2012 -> Альберт эйнштейн
2012 -> Л. Г. Матвеенкова
2012 -> Абылай хан
2012 -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
2012 -> Ыбырай Алтынсарин Мақсаты: ақынның өмірі мен
2012 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2012 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет