Мойынның клиникалық анатомиясы Жалпы деректер


Сатылы – омыртқалық үшбұрыш



бет10/33
Дата27.05.2020
өлшемі68,04 Kb.
#71269
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   33
Байланысты:
мойын кітап

Сатылы – омыртқалық үшбұрыш (trigonum scaleno-vertebrale) мойында ең тереңде төс-бұғана-емізіктік аймақтың төменгі – медиалды бөлігінде жатады. Бұл аралықты басқаша «бұғана асты және омыртқалық артериялардың үшбұрышы» деп те атайды, шынында бұл жерде аталған қантамырлардың бастапқы бөлімдері өтеді. Бұл аралықтың өте тереңде жататындығы сондай тіпті оны ашу үшін бұғана мен бірінші қабырғаның медиалды бөліктерін сүйек қабығының астынан алып тастауға тура келеді. Үшбұрыштың шекаралары: латералды жағынан – алдыңғы сатылы бұлшықеттің ішкі қыры, медиалды жағынан – мойын омыртқалары және оның бетінде орналасқан мойынның ұзын бұлшықеттері, төменнен – плевра күмбезі. Үшбұрыштың жоғарғы ұшы болып VІ мойын омыртқаның көлденең өсіндісіндегі алдыңғы төмпешік есептеледі (ұйқы төмпешігі). Қажет жағдайда жалпы ұйқы артериясын осы төмпешікке саусақпен басып қысуға өте қолайлы.

Плевраның күмбезі үстімен бұғана асты артериясының бірінші (ішкі) бөлімі өтеді. Бұл артерия оң жақта оң жақ төс-бұғаналық буынның артында өтетін иық-бас бағанасынан (truncus brachiocevalicus), ал сол жақта – тура аорта доғасынан бөлініп шығады.

Үшбұрышта орналасатындар: бұғана асты артериясының бастапқы (бірінші-ішкі) бөлімі және осы жерден тарамдалатын оның үш тармағы, сол жақта кеуделік лимфа түтігінің доғасы, ал оң жақта – оң жақ лимфа түтігінің доғасы, сондай-ақ симпатикалық бағана, оның түйіндері мен нервтері. Бұлардың бәрі бесінші фасция және оның жапырақшаларымен жабылған. Бұғана асты артериясынан бірінші бөлімде үш тармақ бөлінеді:

1) омыртқалық артерия (a.vertebralis),

2) қалқанша – мойын сабауы (tr.thyrocervicalis), ол өз кезегінде төрт бұтаққа бөлінеді: a.thyroidea inf., a.cervicalis superficialis, a.cervicalis ascendens және a.suprascapularis.

3) үшіншісі – ішкі кеуделік артерия (a.thoracica interna). Омыртқалық артерия қанмен миды, қалқанша – мойын сабауы – қалқанша безді және мойын мен жауырын бұлшықеттерін, ал ішкі кеуделік артерия-кеуде қуысы ішкі бетімен түседі.

Бұғана асты артериясының артында клиникалық тұрғыдан өте маңызды симпатикалық бағананың жұлдыз тәрізді түйіні жатады. Бұл түйінді табу үшін бұғана асты артериясының үстінен доға жасап артқы жағына өтетін бұғана асты симпатикалық ілмекті табу қажет, осы ілмек жұлдыз тәрізді түйінді толық жауып тұрады. Бұл жағдайлардың бәрі осы аймақта хирургиялық операция кезінде, әсіресе жұлдыз тәрізді түйінді алып тастау әрекетінде, айтарлықтай қиындықтар туғызатыны түсінікті болса керек.

Омыртқалық артерия (a.vertebralis) бұғана асты артериядан сатылы-омыртқалық үшбұрыш аумағында артерияның басталатын жерінен 25 мм (оң жақта) және 35 мм (сол жақта) аралықта бөлініп шығады. Омыртқалық артерияның ұзына бойында 3 бөлімін ажыратады: біріншісі – оның басталған жерінен VІ (кейде V) мойын омыртқаның көлденең өсіндісінің тесігіне кіргенге дейінгі, екіншісі – VІ омыртқадан бастап, одан жоғары орналасқан мойын омыртқалардың көлденең тесіктері мен көлденеңаралық бұлшықеттерден құралған сүйек – бұлшықеттік өзектегі бөлімі; үшінші – артерияның екінші мойын омыртқаның көлденең өсіндісінің тесігінен шығып, атланттық (бірінші мойын омыртқаның) жоғарғы бетіндегі жылғаға орналасып, одан соң артқа және бүйірге қарай томпаятын доға жасағанға дейінгі бөлімі. Бұдан әрі екі артерия да алға және жоғары көтеріліп, атлант – шүйделік байламды және мидың қатты қабығын тесіп өтеді де, үлкен шүйделік тесік арқылы бассүйек ішіне кіріп, бір-бірімен сопақша ми мен көпір шекарасында қосылып, негізгі артерияны (a.basilaris) құрайды. Бұл артерия жұлынның жоғарғы бөлімдерін, сопақша миды, көпірді, ортаңғы миды, көру төмпесінің ауқымды бөлігін, гипоталамусты, үлкен мидың самай бөлігін т.б. қанмен қамтамасыз етеді. Негізгі артерия көпір жылғасында орналасып, оның алдыңғы шекарасында екіге бөлініп, мидың артқы артерияларын (a.cerebralis post.) береді.

Омыртқалық артерия алғашқы бөлімінде сатылық алдыңғы аралықтағы ағзалардың: төменгі қалқанша артерияның, ішкі мойындырық венасының, жауырын-тіласты бұлшықетінің, аздап жалпы ұйқы артериясының және кезбе нервтің астында, тереңірек орналасады. Омыртқалық артерияны іздеп табуға бағдар ретінде VІ мойын омыртқаның көлденең өсіндісіндегі ұйқы төмпешігін қолдануға болады. Артерияның бірінші бөлімдегі ұзындығы сол жақта 27 мм, диаметрі 4,5 мм, ал оң жақта – ұзындығы 33 мм, диаметрі 5,5мм. Омыртқалық вена бұл бөлімде артерияны алдынан жауып тұрады, VІ омыртқаның тесігіне жақындағанда сыртқа қарай ығысады, ал сүйектік өзекте тағы да артерияның алдында орналасады. Тамырлық буда мен одан латералды жататын иық нерв өрімінің арасында шелмай қабаты бар. Иық өрімінің медиалды бөлігінен жіңішке нервтік тармақтар шығады, олар омыртқалық тамырларды көлденең қиып өтіп, симпатикалық бағанаға бағытталады. Омыртқалық тамырларды ептеп тартып көрсе, тура жаңағыдай жіңішке тармақ иық өрімінен шығып, жұлдыз тәрізді түйінге кіреді. 25% жуық жағдайда аралық мойын түйіні кездеседі, ол екі аяқшамен омыртқалық артерияның шығатын жерін қоршап жатады да, төменгі (немесе жұлдыз тәрізді) түйінге тармақтар береді. Сонымен қатар, артерия мен венаға ІІІ-VІІІ жұлын нервтерінен тармақтар келеді. Қорыта келгенде, омыртқалық қантамырлары нерв тармақтарының шеңберінде орналасқан, ал тамырлар сүйек-бұлшықеттік өзектің ішімен өткенде, олардың қатарында жұлдыз тәрізді түйіннен бөлінген омыртқалық нерв қоса жүреді.

Кеуде түтігі. Кеуде қуысының артқы көкірекаралық бөлімінен мойынға өтіп, сол жақ сатылы-омыртқалық үшбұрышта VІ мойын омыртқаның деңгейінде доға жасайды. Түтіктің доғасы омыртқа бағанасынан сол жаққа және алға қарай ығысып, жалпы ұйқы артериясы мен бұғана асты артериясының арасымен өтеді де, артында омыртқалық артерияны, алдында ішкі мойындырық венасын қалдырып, төмен қарай иіледі де, бір немесе бірнеше тармақ жасап, веналық бұрышқа (Пирогов бұрышына) құйылады, кей жағдайда оның тармақтары ішкі мойындырық венасына және бұғана асты венасына қосылады. Құйылар алдында кеуде түтігі кеңейген қойнауша (sinus) жасайды. Бұл түтік аяқтардан, жамбас, іш қуысы ағзаларынан, кеуденің сол жақ бөлігінен, сол қолдан және бас пен мойынның сол жақ жартысынан лимфаны алып келеді.

Оң жақ веналық бұрышқа доға жасай келе оң жақ лимфалық түтік келіп құйылады. Бұл лимфалық түтік бас пен мойынның оң жақ жартысынан, оң қолдан, кеуденің оң бөлігінен және қабырғасынан, оң өкпеден, жүрек пен өңештің оң жақ жартысынан, кеңірдектің төменгі бөлігінен лимфа жинайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   33




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет