Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»



бет38/56
Дата22.05.2018
өлшемі6,79 Mb.
#40605
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   56

Ана ұлылығы


http://www.adebiet.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=7591&Itemid=23&limit=1&limitstart


  Осы көктемде біздің үйде семья тағдырын жаңа арнаға салған үлкен жаңалық туды. Біз Есмағи екеуміз шешелі болдық. Аты Бейіс. Біздің үй осы кісінің қолына көшерде де әкемнің естілігін байқаймын. Ол кісі онға жақындап қалған мені, алты жастағы інім Есмағиды қасына отырғызды да:

- Міне көрмейсің бе, үй болса азып барады. Маған колхоз жұмысы да олқы соқпас. Ал үй ішіндік отын-су, тамақ пісіру, кір-қоңдарыңды жуу секілді шаруаны, сендер қарсы болмасаңдар, бір әйелге тапсырғым келеді,- деді. Және ол кісінің қақ-соқта жұмысы жоқ, момын, ісіне тыңғылықты, әрі біздерге дұрыс қарайтын, кеудемізден итерін, кет әрі демейтін адам екенін ескертті.

        Әкем бекер айтпапты. Сол жылғы көктемнен бастап отыз жыл бойына бар-жоқты, ыстық-суықты әкеммен бірге бөліскен, бізге ана орнына ана бола білген, әрі Еркебұлан атты іні тауып берген Бейіс, шынында да, сондай адам болып шықты.

        Біз тегі әке сөзіне қарсы болмасақ керек. Сол күннің ертеңіне көрпе-жастық, шымылдық, алаша, текемет, ыдыс-аяқ, самауырын секілді дүние артылған кішкене арба кішкене үйіміздің алдына келіп тоқтады. Біз сөйтіп сордан құтылдық. Үйімізге тазалық, тәртіп келді. Бөлме іші ақталып, еден мен терезе шынылары жуылды. Әйнектерге қызыл ала сисадан шілтертер ұсталды. Бұрын құрым жапқандай қарауытып тұратын қара пеш енді ақ шаңқай түрге түсті.

       Үй еңсесі көтеріліп, самаладай жарық болып жүре берді. Ең бастысы Есмағи екеуміз көп айлар бойы уысымыздан шығып кеткен, зарықтырған алақан жылылығын сезіндік. Көйлегіміздің жағасы тазарды. Бейіс көп сөйлемейтін, қойылған сұраққа «бар» немесе «жоқ» - деп жауап беретін кісі. Бізді еркелететін еді, бетімізден сүйетін еді деп те айта алмаймын. Сырт көзге салқын да сабырлы. Бірақ жылылығы ішінде, жүрегінің тереңінде болатын. Бала жүрегі ол жылылықты әу баста-ақ аңғарған-ды.

        ...Бір ересек бала мені жығып салып, асығымды тартып алды. Бет-аузым қан-қан, жылап үйге келдім. Сондағы өгей шешемнің жағдайын көрсең. Мені жетектеп алды да, жаңағы баланың үйіне барды. Тентектің құлағын бұрап, шапалақпен тартып-тартып жіберді.

-        Жетім деп, жақтаушысы жоқ деп басынбақсыңдар ма?! Басындырмаймын. Бұдан былай әлімжеттік жасасаң тура сирағыңды қырқамын, - деді. Содан кейін үйге келе жатып: «Ондай сойқанға жолағаныңның соңы осы болсын. Жылағаныңды көрмейін мен енді»,- деп маған ұрысты.

Өгей шешем қанша ұрысса да көңіліме алған жоқпын. Бала жүрегі тамыршы секілді. Жек көріп ұрсу бар, жақсы көріп ұрсу бар.- Бірден айырады. Мен де солай. Кектенбеген, ренжімеген себебім, өгей болса да, Бейістң үлкен жүрегін, маған деген махаббатын, жан ашырлығын сезіндім. Бейіс құдды өз анам секілді. Өз анам болып, жаны ашып ұрсып келе жатқандай болып кетті.

Маған ана болған сол отыз жылдың ішінде өмірдің не тауқыметін тартпадық. Не қиындықты бастан кешірмедік. Қандай бір қиямет кезеңде де Бейіс бізге деген жаңағы бір ішкі жылылығынан айнып көрген емес. Арып-ашып, таусылған, мойып жасыған күнін де көрмедім.

 Жаратылысында сондай нәзік, ашаң болса да, ауыртпалықтын бәрін әкеммен бірдей жүріп көтеріскен еді. Балапанына жемді құсып берер көгершіндей таршылық кезеңде өз сыбағасын аузынан жырып бізге бергенін ұмыта алармын ба сірә да.

Әлі есімде: сол жылы жаз ортасында біздің үй ішке көшті. Түменде біздің ағайындар бар. Соларды сағалап кеткен болсақ керек. Пәлен жерде бақыр бар. Барсаң бақыр түгіл, сапты аяқ та жоқ дегендей, ағайынсырап барған біздің онда да қарық болғанымыз шамалы. Бірақ бір жақсысы, әйтеуір, жұмыс табылды. Әкем мен шешем, тағы бір елдес ағайындар қалың орман ішінен күрке қалқайтып, құрылыстық қарағай кесті. Ақысына не алатындарын білмеймін, әйтеуір, екі ай бойы қара көжеден басқа түк көргеніміз жоқ. Нан дегенің түсімізге де енбеген. Августің аяғында ол жақта қара бидай орылады. Қара бидайы орылып алынған сондай егістіктен масақ теріп Бейістің нан пісіргені бар. Екі айдан бері нан сағынған Есмағи екеуміз төңіректеп от басынан шыкпаймыз. Таба жаппайдағы нан иісі бұрқырап біздің сілекейімізді шұбыртады.

        Біз шайға бас қойдық. Бейіс буын бұрқыратып үстіңгі табаны көтерді де, қып-қызыл болып күреңіте піскен бір таба нанды қолына алып қақ бөлді. Сөйтті де бір жарты таба нанды: «Ертеден қара кешке көретінің бейнет, үздігіп кетерсің, жеп ал!» - деп әкем алдына тастайды. Ал қалған жартысын тағы да қақ бөліп: «Нан бетін ұмытқандарыңа екі ай болды ғой, мә, жеңдер», - деп Есмағи екеуміздің алдымызға қойды. Есімді біліп қалған мен: «Өзіңе қайда?» - дедім.

- Мен тағы да барып масақ терем. Тағы да нан пісірем. Сонда жеймін,- деді менің өгей шешем.

Осыдан кейін қалайша оны өгей шеше демексің? Тумаған деп аузың барып қалайша айта алмақсың?! Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді дегендей, бұл ұлы оқиғаны - әйел ұлылығын, ана ұлылығын қайтіп ұмыта алмақсың?!




Перзент парызы


http://www.adebiet.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=7591&Itemid=23&limit=1&limitstart

       Өгей бала мен өгей ана арасын жалғастырған осы оқиға ма, әлде күнделікті күйкі тірліктің қарым-қатынасындағы жадыңда қала бермейтін ұлы жүректің сен деп соққан лүпілі, аялы алақанның жылуы ма, мен әйтеуір тумаса да туғандай болған анамды таптым. 1962 жылы Бейіс дүние салғанға дейін сол балалық махаббатымнан айнып көрген жоқпын.

         Мен кейін университетте оқып жүрген кезімде елді сағынатын едім. Сондай сағыныш тұңғиығына тереңірек бойлап: «Ал нені сағынасың, ал кімді сағынасың?» - деп көңіл көзіне ой жүгіртсем, балалық шағым өткен сары белдерді, шоқ-шоқ болып өсетін қайыңды орман мен тана көз мөлдір көлдерді, өңі салқын болса да алақаны жылы өгей шешем - Бейісті сағынатын едім. Оқу бітірген соң семья құрып, Қарағандыда қызмет істеген кезімде де, кейін «Болашаққа жол» романын жазып бітірген соң Алматыға ауысқанымда да шешемді жиі-жиі шақырып алып жүрдім. Үнемі қасы мен қабағына қарайтынмын. Жаным әмәнда сол кісінің үстінде. «Көңілінен шықпай, бабын таппай қалған жоқсың ба?» - деп жұбайым Бағдатқа шұқшиған кездерім де бар. Шешемнің табиғатында өкпешіл адам емес екенін, неге болса да төзгіштігін, көнтерлілігін бес саусағымдай білемін. Неге болсын ақыл көзімен қарайтын сабырлы Бағдатымнын ибалы, қызметшіл келіні ретінде енесін шашаусыз күтетініне де көзім жетеді. Біле тұра, көзім жете тұра ойлаған жерінен шықпай қалдық па деген күдік баурайтын да, бәйек болатынмын. Бәлкім, мен тумағандығымды осы мазасыздығыммен аңғартып алар ма екенмін?!

        Туған анаң туралы дәп осылай шыр-пыр болып жатпауың да мүмкін ғой. Бейіс онымды ұната бермейді.

- Шырағым, бәрі де бар. Күтімім де жақсы. Алаң болмай жұмысыңды істе,- дейтін.

       Өстіп жүргенде шешемніц ауылға қайтар уағы болады. Бейіс жауабы келте: Ауылдағы қарғаларды сағындым. Еркебұлан ол кезде жаңа ғана үйленген-ді. Балалы-шағалы бола қоймаған кезі. Шешемнің «ауылдағы қарғалар» деп отырғаны өзінен тумаған Есмағидың балалары. Мен бұл сөздің құр көлгірсу емес екенін түсінемін. Жас кезінде, қайратының бар, дер шағында мүмкін жетім біздерді алаламағанда, енді өз қолы өз аузына жеткен ересек балаларының қолына қараған кезінде немерелерін қайдан алаласын.

      Есмағидың тұңғыш қызы Зейнеш пен одан кейінгісі Зейнеп туа осы кісінің бауырында. Сағынатын жөні сол.

     Сөйтіп, шешеміздің ауылға аттанар кезі болады. Келіні Бағдат Бейіске айтпай көйлек-көншек секілді әлде бір сыйлықтар дайындайды оған. Айтпайтыны - шешеміз біліп қалса, өлердей қарсылық білдіреді.

- Шығынданып қайтерсіңдер. Ауысқан бірдемелерің болса, ана қарғаларыңа жұмсаңдар,-дер еді.

        1960 жыл февралінің бас кезінде ауылдан хабар келді: «Шешең әл үстінде. Қайтсең де жет!» Мен барып самолетке билет алдым да, бір түнді Қызылжарда өткізіп келер күнгі бесінде ауылға келдім. Үйге кіріп келсем, толы жан екен. Төргі бөлмеде оң кабырғада темір кереует болатын. Сонда беті орамалмен жабулы бір кісі жатыр. Оның Бейіс екенін мен бірден аңғардым.

        Қам көңіл жұрттың күбірлей сөйлегеніне, шешем бетіндегі орамалға қарап мен әуелі ол кісіні жүріп кеткен екен ғой деп шошынып қалып едім, «балаң келді ғой», - деп дүр ете түскен жұрт шуылы әсер етті ме, төсекте жатқан кісінің салдырап қалған қу сүйек қолы қимылдап бетіндегі шүберекті сырғытты. Жоқ, тірі екен. Таянып келіп үңіле бердім. Әуелі көргенім өңменіңнен өтер шарадай үлкен көз. Әуелі естігенім, баяғы жан тәсілімін қыларда анам айтқан таныс сөз: «шыбыным...». Содан кейін тың сөз «...келдің бе?!» Шешемнің көзі жұмылып кетті. Байқасам, нұрға, жылылыққа, мейірге толы жүрегінің терең түкпірінен жарып шыққан көз жасы әжім айғыздаған бетіне мөлдір жол салып домалап бара жатыр екен. Бұл бейнет пен қасіретке толы осынау бір жиырма тоғыз жылдың ішінде өгей шешемнің жылағанын тұңғыш көруім еді. Осыдан кейін тіл қатпады. Жұмған көзін де ашқан жоқ. Сұлық бір күйде қозғалыссыз жатты да қойды.

        Жаңа ғана көзі ілініп еді, шаршап қалар, қасында тұра берме. Былай шық, мына жұртпен амандас. Бейіс дем алсын,- деді әкем.

        Ауру жәйін сұрастырсам, осыдан үш-төрт күн бұрын қан құсқан. Содан кейін әлсіреп қалыпты.

       Бір кереметі ертеңіне талайдан бері төсекте қимылсыз жатқан шешем басын көтерді. Белін мата белбеумен қатты буып, ертеңгі шайға келіп отырды. «Қалайсың?» - дегендерге: «Бүгін жақсымын»,- деп жауап берді.

         Мен аудан орталығынан дәрігер шақырттым. Ол Бейістің көптен бері көкірек ауруымен ауыратынын, екі өкпесінің де сау еместігін айтты.

-        Ал егер Алматыға алып кетсем қайтеді?

        Дәрігерлер бірден құптады.

-        Жеткізе алсаң, тамаша болады. Өйткені бұл кісі өмірі дәрі ішпеген, дәріге еті үйренбеген адам. Тез сауығады. болдым. Басында өзі де келісімін беріп еді. Мен облыс орталығы - Қызылжардан санитарлық самолет шақыртып қойған кезде, әлде біреу азғырды ма, ол кісі «Алматыңа бармай-ақ қойсам қайтеді?» - дегенді айтты. Мен бұл дүдамалдықтың негізін бірден түсіндім де:

-        Балаңның қуаты жетеді, Бейіс, далада қалып қоям деп қорықпа. Жаман айтпай жақсы жоқ, егерде олай-бұлай болып кетсең, сүйегінді осы араға алып келем, - дедім төтесінен.

         Байқасам, күдік үстінен дөп түсіппін. Шешем бірден көнді. Сөйтіп, мен Бейісті Алматыға алып келдім. (Шешем біздің үйге ес біліп, есейіп қалған кезімізде келгендіктен бе, мен де, Есмағи да ол кісінің атын атайтынбыз.)

Жолда әуелі Қызылжарға дейін самолетті көтере алмай қиналғанымен, кейін Алматыға дейін поездың ауасы тарлығынан мазасы кеткенімен, аман-есен үйге жетіп, февральдің орта кезінде өгей шешемді республикалық туберкулез институтына орналастырдым.

       Мен әлдеқашан ашылған Американы қайта ашам деп арам тер болмай-ақ қояйын. Бірақ қайталап айтса көптік етпес бір шындық: адам өзі өскен ортасымен мықты. Суда жүйткіген балықты сыртқа шығарып тастасаң, пұшайман. Аспанда қалықтаған қыранды қанатын қырқып жерге жіберсең, пұшайман. Адам да солай.

        Бейіс дәрі ішпеген болса, аурухана бетін де көрмеген жан ғой. Біз Бағдат екеуміз соны ескеріп, шешеміз ішқұса болмасын деп күніне бір рет, кей күндері екі рет барып, қасында ұзақ отырып кетіп жүрдік.

        Бейісті Алматыға алып келгенімнің бірден-бір дұрыс жол екеніне екі жарым айдан кейін көзім анық жетті. 1961 жылдың май қарсаңында егер ауылдан біреу болмаса, біреу келіп шешемді көрсе, танымай қалуы да мүмкін еді. Осы уақыттың ішінде ол аппақ манардай болып толығып, сауығып кетті. Қүні-түні буындыратын жөтел де жоқ. Апталаса қара судан басқа нәр татпайтын шешеміз әкелген тамағыңды сыпыра соғатын болды. Емші дәрігерлерінің де, өзінің де, біздің де көкірегімізді қуаныш кернеді.

          Емші дәрігер айтады: -Мамаңның беті бері қарады. Бірақ сауығып кеткен жоқ әлі. Туберкулез - айлап, жылдап жатып емделуді тілейтін науқас. Бұл кісі әлі де екі-үш ай осында болады. Содан кейін бес-алты айға мына қала іргесіндегі «Каменское плато» санаториіне жібереміз. Сонда емделеді.

        Біз Бағдат екеуміз дәрігер сөзін қуана қарсы аламыз. Шешемізге жеткенше асығамыз. Бірақ Бейіс қуана бермейтін секілді.

-        Иә, дәрігер маған да айтқан-ды,- дейді де қояды.

        Осы кезде ол кісінің көңіл күйінен басқа бір өзгерісті байқағандаймын. Мен бара қалсам, шешемнің үнемі терезеге қарап, әлдеқайда алысқа көз тігіп отыратынын көремін.

      Мені көріп далаға қуана шыққанымен, әңгімеміз жалғаспайды. Үзіліп қала береді. Мен сол тұста Бейістің менің сезіме құлақ қоя бермейтінін, көңілі басқада отыратынын аңғарамын. Осы бір ала көңілділіктің аяғына көктемнің құлпыра көктеп, өрік ағашы аппақ гүлге оранған тамаша бір күні (сол кезде институттың көк шалғыны құлпырған саялы кең ауласында өрік ағашы да көп болатын) нүкте қойылды: шешем сол аулада орынбаспайда отырғанымызда маған оқыс бұрылды да:

-        Балам, саған енді өлсем аруағым разы. Мен жазылдым ғой. Ана қарғаларды сағындым. Ауылға қайтаршы! - деді.

          Амал жоқ, Бейіс ауылға аттанды. Кетерде емдеуші дәрігері: Салқын тиіп қалмасын, ауыр жұмыс істемеңіз. бойыңды күтіңіз. Сіз әлі түгелдей айығып болған жоқсыз,- деп ескертті.

          Ауылға барған соң ауыр жұмыс істемеу, бой куту қайда. Өмір бақи еңбекпен, бейнетпен көзі ашылған адам қарап отыра алар ма?! Екі жаз, бір жарым қысты араға салып 1962 жылдың январінде елу тоғызға қараған шағында менің өгей шешем дүниеден өтті.

      Тағы да: «Шешең әл үстінде, тез жет!» - деген шұғыл хабар келді. Мен тағы да шұғыл қамданып араға бір күн салып бесін кезінде ауылыма келдім. Келсем, әкем бастаған ауыл адамдары шешемді жерлеп келіп отыр екен.

-        Неге маған қаратпадыңдар? - болса керек алғашқы сөзім.

-        Қашан келеріңді білмедік. Бүгін күн жұма. Мәйітті ертеңге қалдыруға болмады.

-        Ендеше хабарды неге кеш бердіңдер? Мен ауыл арасында жүрген адам емеспін ғой.

        Мен, сөйтіп, өгей десең де туған анамдай болып кеткен үлкен жүректі қадірлі, қасиетті жан иесіне топырақ сала алмай қалдым.

* * *


         Мен Алматыға қайтып келем. Жол бойы жегідей жеген ой: Бұл кісі мен ұшқан ұяға отыз жыл қазық болды. Бақты, қақты. Шаршасам жебеді. Сүрінсем демеді. Бойындағы бар қызу-қайратын менің жолыма бағыштады. Ең қызық кезін, жастық шағын маған арнады. Өссе екен, адам болса екен деп армандады. Ал мен өстім. Ал мен адам болдым. Ал сонда менің жолымда бар ғұмырын сарып еткен осы кісіге мен не жақсылық көрсеттім? Не қызметім өтті? Рас, шеше қызметі сатулы емес. Түбінде қайтарып алармын деп қарызға берген жоқ ол өмірін. Білем мен оны. Бірақ тумаса да туғандай болған ана алдындағы, қызметі өткен аяулы жан иесі алдындағы парыз-қарызың қайда? Халық ұғымында ананың ақ сүті анаңды үш мәрте жаяу арқалап Мекеге апарсаң ғана өтеледі деген бар. Ал тумаған ана ақ сүтін бермесе де туған анаңдай болып еңбек етсе, бағып, қағып сені қияға қондырса, ондай адамның еңбегі Мекеге тоғыз рет арқалап апарсаң да өтелмеуі мүмкін ғой. Өтелмейтін себебі, жаңағы еңбектің сатулы еместігінде.

         Менің жасым ұлғайып, араға жылдар түсіп, Бейіс менен алыстаған сайын өгей шеше ұлылығы айқындала түскендей болады.

         Әлі есімде мен Қарағандыда тұрған кезімде Бейісті сол калаға алып келдім. Алып келер алдында аудан орталығы Пресновкадан паспорт алу, ал паспорт алу үшін ол кісінің суретке түсуі керек болды. Паспорттық суретке түсу үшін тағы бір шарт бар екен: еркек болсын, әйел болсын суретке жалаң бас түсуге тиісті екен.

        Мен Бейіске осы шартты түсіндірдім. Жаулығын алуды өтіндім. Ательеде фотограф, үшеуміз-ақ болсақ та шешем жаулығын алғысы келмеді. Үгіттеуге тура келді.

        Ұялатындай қайын ата, қайын аға дегендердің жоқтығы айтылды. Шешем жаулығын шешті. Дайын тұрған аппарат сырт етті. Осы бір қабақ қағыста шешемнің қара терге шомылып жүре бергенін байқадым.

           Бұл не? Баласынан, әлде қайдағы бір фотографтан ұялып, қысылғаны ма сонда? Жоқ, менен де, одан да емес, өзінің арынан ұялғаны. Адамшылығынан, кісілігінен қысылғаны. «Бұл ұят болады», - дегеннің ар жағында ұяты барға қаншама тежеу, шектеулер жатыр.

            Егер екі-үш ай бойы нан дәмін ұмытқан біздерге Бейіс аузынан жырып өз үлесін беріп жатса, өгей шеше мейірімін ар билемеді деп кім айта алады?! Әу баста екі баламен қалған менің әкем мен күйеуі өліп, бір баламен қалған менің өгей шешем уағада байласқанда екеу ара:

-        Менің екі қарғам бар, сыртқа теппейсің.

-      Әрнне, сыртқа теппеймін.

-        Сол қарғаларды өз балаңдай көресің. Алаламайсың!

-        Әрине, алаламаймын,- деген секілді анттасу диалогі болуы ықтимал ғой. Ал сондай анттасу диалогі болды десек, сол ант жолы менің өгей шешемнің келешектегі іс-харакетін, мінез-құлқын, бізге деген пейілін анықтап бермеді деп те айта алмайсың ғой. Өз өмірін ар мен адамшылық белдеуіне байлаған мұндай адамдар біреу үшін тау қопару керек деп түсінсе, қопарады.

        Ары, ұяты үшін отқа да түседі, суға да түседі. Ал өзіне қатер төнген шақта біреуден жәрдем күтіп жаутаңдамайды. Қызметім өтіп еді ғой деп салық салмайды.

       Өлім таянғанға дейін шешемнің маған телеграмма бергізбегенін мен осылай түсінемін. Менің өгей шешем - ардың құлы. Адамшылықтың, кісіліктің құрбаны.

Ал осы құрбандыққа мен немен жауап беруім керек. - Шынымды айтсам, бұл сауалға күні бүгін де жауап таппай қиналамын. Жалғыз-ақ сол 1962 жылдың аяқ кезінде жазылғаи өгей шеше жайындағы «Мезгіл» хикаясы сол сұраққа жауап тапсам ба деген ізденістен туған туынды екенін айтқым келеді. Басында өзі де келісімін беріп еді. Мен облыс орталығы - Қызылжардан санитарлық самолет шақыртып қойған кезде, әлде біреу азғырды ма, ол кісі «Алматыңа бармай-ақ қойсам қайтеді?» - дегенді айтты. Мен бұл дүдамалдықтың негізін бірден түсіндім де:

-        Балаңның қуаты жетеді, Бейіс, далада қалып қоям деп қорықпа. Жаман айтпай жақсы жоқ, егерде олай-бұлай болып кетсең, сүйегінді осы араға алып келем, - дедім төтесінен.

         Байқасам, күдік үстінен дөп түсіппін. Шешем бірден көнді. Сөйтіп, мен Бейісті Алматыға алып келдім. (Шешем біздің үйге ес біліп, есейіп қалған кезімізде келгендіктен бе, мен де, Есмағи да ол кісінің атын атайтынбыз








Каталог: upload -> Book
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Өмірді бағалап үйренейік балалар суицидін алдын-алу бойынша ата-аналарғА, педагогтерге арналған қҰрал алматы
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Рухани-адамгершілік білімге байланысты әндер


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   56




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет