Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»


Шыңғыс Айтматов Ерте келген тырналар(повесінен үзінділер)



бет36/56
Дата22.05.2018
өлшемі6,79 Mb.
#40605
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   56

Шыңғыс Айтматов

Ерте келген тырналар(повесінен үзінділер)


http://www.adebiet.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=6915&Itemid=23

Жаздың маужыраған тымық кешінде әбден шырынына толып, пісіп тұрған түз шөбінің ию-қию иісі мұрын жарып барады. Жол жиегіндегі арықтарда құрбақалар құрылдайды. Аттар керосин толы күбілерді ауырлап келе ме, аяқ алыстары манағыдай ширақ емес. Сұлтанмұраттың көзіне ұйқы үйіріле бастады. Шаршап қалыпты. Бүгінгідей не қызықтың бәрін көріп базар соқты болғанда шаршамағанда қашан шаршайды. Шіркін-ай, мына арбаның үстінде екі аяқты емін-еркін созып тастап, қисайып алатындай жер болар ма еді. Ұйқысы құрығыр шыдатар емес. Әкесінің иығына басын сүйеп, шырт ұйқыға кетті. Ойлы-қырлы жерлерге келгенде ғана басын бір көтеріп ап, қайтадан ұйқы соғады. Көзін жұмар алдында, дүниеде әкеңнің бары қандай жақсы еді деп рахаттана ойлап қояды. Әйтпесе, мынадай алпамса иыққа маңдайыңды сүйеп маужырап отыратын тәтті ұйқы қайда? Арбалары тасырлап-түсірлеп тартып келеді, аттардың тұяқ дыбысы да дүңк-дүңк етіп қатты шығады. Сұлтанмұрат қанша жүргендерімен еш хабары жоқ, бір уақыттарда арбаның тоқтап тұрғанын сезді. Шиқылдаған доңғалақтардың да үні өшті. Әкесі оны қолына көтеріп ап, бір жаққа алып келеді.

- Қалай-қалай өсіп кеткенсің. Тіпті көтертпейтін түрің бар ғой!- деп күбірлейді ол, бауырына қыса түсіп. Сосын оны бір мая шөпке әкеп жатқызып, үстіне бешпетін жапты:

-  Сен ұйықтай бер. Мен аттардың арқасын босатып отқа жіберіп келейін. Тәтті ұйқының құшағындағы Сұлтанмұрат соның ешқайсысына да көзін ашқан жоқ. Бірақ, ішінен: «шіркін-ай, дүниеде әкең болғаны қандай жақсы еді» деп ойлап жатты. Сосын бір уақыттарда әкесі кеп, аяғындағы бәтеңкесін шешіп алғанда барып бір оянып кетті. Бәтеңкесі, шынында да аяғын қысып тастапты. Әкесі оны қайдан біле қойды екен? Өне бойы бір мігірсіз жылжып жатқан жылы ағыстың майда толқыны аймалағандай, қайтадан мамыражай ұйқыға шомды. Оған биік өскен кек шалғынның үстінде жел лебінен теңіздегідей жал-жал толқын көтеріліп, тербеліп жатқандай боп көрінді. Ол өзін сәл жасыл толқында құлаштай жүзіп, асыр салып ойнап жүр екем деп ойлайды; сол бір теңіздей толқып, белуардан аса биік боп ескен ну шалғынға сонау шырқау аспан терінен үнсіз зулап қайта-қайта жұлдыз ағып түсіп жатыр екен дейді. Біресе ана жерге, біресе мына жерге шаншыла құлап жатқан жарық жұлдыздар бұл қасына жүгіріп барғанша лып етіп сөніп қала берді. Сұлтанмұрат әлгінің бәрі өңі емес түсі екенін ұйықтап жатып та біліп жатты. Бірақ көзін ашуға балдай тәтті үйқыны қимады. Түн ортасы ауа күн салқындайын деді. Ысырыла-ысырыла әкесінің қойнынан бір-ақ шықты; ұйқыдағы әкесі оны құшақтай ап, бауырына басып қысып-қысып қояды. Айдалада ашық аспан астында, үлкен жолдың үстінде әкелі-балалы екеуі айқара құшақтасып ұйқы соқты. Жылы үй, жұмсақ төсектегі тыныш ұйқы бұндай ұйқыдан садаға кетпес пе




ДОСТЫҚ


  Абайла, құлап кетпе!- деп қойды тағы да. Ал, ол ләм-мим үндеген жоқ. Тек күлімдей береді. Со-нысымен-ақ бұған айтар жауабын айтып тұр. Қайдағы бір хат жазып, оған жауап күтіп, азапқа түсіп жүрген бұл неткен есуас еді! Қыз қолын созғаңда, бұл ып-ыстық алақанына жабыса кетті. Бәлен жыл бірге оқығанда, оның қолының осынша ыстық, осынша аялы, осынша сезімтал екенін білмепті. «Мен, міне, келдім,- дейді әлгі қол,- өте ризамын! Қуанып тұрғанымды көрмейсің бе?» Ол қыздың бетіне тесіле қарады. Сөйтсе - аумаған өзі! Соңғы кезде о да бұл құсап атымен өзгеріп, өсіп кетіпті; арыған, көзі де аурудан жаңа тұрған адамның көзіндей жалт-жұлт етеді. Ол ұзақ уақыт ойлай-ойлай бұған ұқсап кетіпті; өліп-өшіп сүйгендіктен екеуі бір-бірінен айнымай қапты. Бұрынғысынан да ыстық көрінді көзіне. Бет ажарынан екеуінің ашылғалы тұрған жарқын уақыты жарқырайды. Қас қағым ғана сәтте бұл бәрін түсініп үлгерді.

- Мен сені ауырып қалды ма деп қорқып ем,- дейді бұл даусы дірілдеп. Мырзагүл жауап берген жоқ. Қалтасынан:

- Мә!- деп бір түйіншек ап берді,- Бұл саған! - Сосын бөгелмей жүріп кетті. Бұл артынан осы бір жібекпен қайыған орамалды қанша рет алып қарады десеңізші. Қалтасынан суырып ап, бір қарап, қайта жасырып қояды. Дәптердің бір бетіндей шағын орамалдың шетіне кесте төгіп, гүлдердің, жапырақтардың суреті салыныпты, ал бір шетіне қызыл жіппен екі үлкен, бір кішкене өріп тігіліпті. «8. Э. М.» Бұл «Сұлтанмұрат және Мырзагүл» деген жазу. Оның өлеңдетіп жазған көш құлаш хатына жазған жауабы бұлар соғысқа дейін оқыған латын алфавитіндегі осы бір үш әріп болды. Сұлтанмұрат ат қораға қуанып қойнына сыймай көңілді оралды. Бұл өзгелерге айтуға болмайтын, тек өзіне ғана арналған, тек бұның бір басына ғана кеп қонған үлкен бақыт екенін ұғып тұр. Бірақ, балаларға бүгінгі жолығысы туралы айтып, қалтасындағы кестелі орамалды көрсеткісі келеді-ақ... Жұмысы да өніп жүре берді. Балалар суаттан кейін аттарын тазалап, алдарына шелек-шелек сұлы қойып жатыр. Ол да іске шұғыл кірісті. Тығыншықтай-тығыншықтай ойнақы аттардың жұп-жұмыр сауырларын тез-тез сипап өтіп, сұлыға жүгірді. Шақтап, қайта тіккен солдат гимнастер- қасының төс қалтасындағы кестелі орамал көкірегін шоқ боп күйдіріп барады. Әрі қуанып, әрі қобалжып жүр. Қуанатыны - Мырзагүл де бұны сүйетін боп шықты. Қобалжитыны - бұл бұрын бастан кешіріп көрмеген жаңа дәуреннің басы ғана... Сосын ат қораның сыртындағы маяға жоңышқа алуға барды. Бұл ара сондай жым-жырт, күн шуағы мол төгіліп, құрғаған шептің иісі мұрын жара аңқып тұр. Ол қалтасындағы орамалды тағы бір көргісі кеп кетті. Орамалды ап, ұзақ қарап, оның бөлекше жұпар иісіне елтіп тұрды. Баяғыда мектепте ол Мырзагүлдің шашынан бір тәтті иіс аңғарғандай болып еді. Сөйтсе, мына орамалға да сіңіп қалған сол иіс. Жападан-жалғыз өз қызығымен өзі боп отыр еді, кенет қолындағы орамалды біреу жұлып алды. Жалт қараса - Анатай!

-   Е, е, сен одан орамал ап үлгердің бе! Сұлтанмұрат қып-қызыл боп кетті.

-  Бер өзіме!

-  Тоқтай тұр. Бір иіскеп алайын.

-   Мен саған бер деп тұрмын ғой.

-   Айқайлама, қайтып бермей, ауруыма дәрі қылады деп тұрсың ба?

-  Бол енді!

-  Ендеше, қаттырақ айқайла. Ел-жұртқа мынау менің қыздан алған орамалымды тартып алды деп айт.

Анатай сөйдеді де, орамалды өз қалтасына салып алды. Әрі қарай не болғанын Сұлтанмұраттың өзі де білмейді. Көз алдынан мұны мазақтап күліп тұрған Анатайдың жексұрын сықпыты бір жалт етті, сосын ол бар күшін сап тұмсықтың астынан жұдырықпен бір қонжитсын кеп, артынша-ақ дәл ішінен тиген қатты тепкіден анадай жерге ұшып кеткенін бір-ақ білді. Маяның түбіне домалап тұрып, арсыз Анатайдың сазайын тартқызғалы қайта атылды. Сол екі ортада балалар да келіп қалды. Үшеулеп бұл екеуін ажырата бастады, жалынып жүр, жалпайьш жүр, қолдарын жібермей жабысып жүр, сонда да бұлар араша бермей бір-біріне тұра-тұра ұмтылады. «Бер! Бер деймін!»- дейді Сұлтанмұрат қанына қарайып. Не орамалды қайтарып алуы керек, не осы арада өлу керек. Басқаны білмейді. Анатай мығым күшті болатын, аспай-саспай дәлдеп ұрады. Ал әділет Сұлтанмұрат жағында. Сондықтан да ол басқа, көзге қарамай төпеп жүр. Анатай оны қайта-қайта қалпақтай ұшырып түсіреді.Соңғы жығылғанда шаншулы тұрған айырдың қасына барып құлады. Сәл-ақ екен, айырға жабыса кетті. Қос қолдап ұстап ап, Анатайға тұра ұмтылды. Балалар шу ете қалды.

- Тоқта!

- Тоқта деймін!

- Ес бар ма өзіңде!

Анатай ырс-ырс етіп алдында тұр. Құтылып кетер жер іздеп жан-жағына жалтақ-жалтақ карап қояды. Бірақ құтыла алар түрі жоқ. Бір жағында - мая шөп, бір жағында -ат қораның қабырғасы. Соны көрген Сұлтанмұрат қаһарына шындап мінді.

-  Тез қайтып бер!- деді ол Анатайға.- Әйтпесе, менен жақсылық күтпе!

- Мә, ала ғой,- деді Анатай бәрін аяқ астында әзілге айналдырғысы кеп,- Ақымақ! Қалжыңға түсінбейді! - Орамалды лақтырып жіберді. Сұлтанмұрат оны төс қалтасына салып қойды. Қатерлі сәт өтті. Балалар «уһ!» деп бір-бір күрсінді. Сұлтанмұрат  аяқ-қолы дірілдеп басы айналып бара жатқанын сонда барып аңғарды. Еріні даладай боп қанап, қан түкіріп маяның тасасына барып, шөп үстіне құлай кетті. Шалқасынан жатып, есін жиды... Кешке қарай Анатай екеуі татуласа қоймаса да, ортақ істі қамы үшін ымыраға келуге мәжбүр болды. Бірақ, іштеп қыжып тараған жоқ, ойламаған жерде жаға жыртысқандарына іштей қысылып та тұр. Бірақ, Сұлтанмұрат бір қиын  сыннан сәтті өткенін өзі де сезіп еді. Егер жаңағы жерде бас сауғалап қалса, бұл өзін-өзі өлердей жек көріп кетер еді. Ондай ынжық адам десантқа командир боп кімді көктетеді'

Сөйтіп жүріп аттарды суатқа апаратын сәтті есінен шығармайды. Мырзагүлмен анадағыдай өткел басында тағы бір жолыққысы келеді. Суат басына күн сайын сол дәмемен барса да, орайы бір түспеді, ұзақ күтіп тұруға уақыт жоқ. Сұлтанмұрат асығып кетіп қалады. Сондықтан да ол екеуінің арасында әлі де болса айтылмаған сыр қалып қойғандай, кете-кеткенше Мырзагүлді бір көре алмас па екем деп күйзеледі. Ол Мырзагүлдің де сағынып жүргенін жақсы біледі. Оны ана жолы алғаш кездескенде-ақ аңғарған. Бірақ, Мырзагүл оны өзі іздеп келеді деген ой ешқашан ойына кіріп көрген жоқ. Қыз намысы ондайға жол бермейді. Ол орамал сыйлап, айтарын айтты, ендігінің бәрі жігіттің мойнында...Әрине, сол кездейсоқ бақытсыздық болмағаңда, кетер алдында іздеп барып, жолығатын еді. Ақсайға аттанар қарсанда олар аттарын ең соңғы рет суатқа апармақшы боп жиналды. Ат суарып болғасын Сұлтанмұрат өткел басында Мырзагүлді тосып қалмақшы еді. Бірақ, бұлар ат қораның қақпасынан шықпай жатып, бригадир Шекіш қарсы жолықты. Қабағы түсіп кеткен. Жирен сақалы ұйпа-тұйпа, бөркі  көзіне мініп апты.

-  Қайда барасыңдар?

-  Ат суаруға.

- Тоқтай тұрыңдар. Сен, Анатай, үйіңе бар. Анаң ауырып қапты. Бар, тез бар. Аттан түс. Қалғандарың жылдамырақ ат суарып қайтыңдар. Мен сендерді осы арада күте тұрам. Сұлтанмұрат өзенге қарай жылқыларды дүркірете қуып келе жатып, жол жаққа қарап қояды - Мырзагүл көрінбейді. Мектептен шығатын уақыты әлі бола қойған жоқ. Әлгі Шекіш шал болса, жан алқымдарынан алып, діңкілдеп тұр. Не боп қалды екен? Ол тап болмағанда, Мырзагүлді тосып қалып қояр еді. Өткел басында анадағыдай тағы кездесер еді... Қораға қайтып кеп, аттарын орын-орындарына жайғастырған соң, Шекіш бригадир төртеуін оңашаға шақырып алды.

- Әңгіме бар,- деп бір күңк етті. Сосын бәрін отырғызды. Арқаларын дуалға тіреп, жүрелей кетісті. Председатель Тінәлиев жұртпен түрегеп тұрып сөйлескенді жақсы көреді, бригадир Шекіш, керісінше, орнығып, кең отырып сөйлескенді ұнатады. Шалдың аты шал ғой. Міне, бұлар жайғасып кеп отырып алды, ал Шекіш болса ұйпа-тұйпа жирен сақалын қайта-қайта уыстай береді.

- Жігіттер, сендер енді естияр азаматсыңдар. Өмірдің ащысын ерте татып отырсыңдар. Ыстық-суықты осы бастан көре бастадыңдар. Талайларыңа мынандай қысталаң кез тап болғасын амал қайсы? Бүгін ауылға тағы да қара қағаз келді - Анатайдың әкесі Сатарқұл майданда қаза тауыпты.Сендер енді бала емессіңдер. Біреулеріңнің басыңа іс түскеңде қалғандарың таяныш болыңдар. Қазір сонда барыңдар. Көңіл айта келген жұртты қол қусырып қабыл алыңдар. Анатайдың қасына барып бала құсап барқылдап жылап жүрмеңдер, кәдімгі еркектер секілді «ой, бауырымдап» құшақтасып көрісіндер. Кәне, маған еріндер... Олар үркердей боп иіріліп, ауылдың шет жағында тұратын Анатайдың үйіне келе жатыр. Жан-жақтан үйір-үйір жұрт солай қарай шұбыра бастапты. Ауа райы қырық құбылып тұр. Күн бұлт арасынан бір шығып, бір жоғалады; терістіктен тірсегіңді қауып шолақ ызғар еседі. Сұлтанмұрат әрі қорқып, әрі Анатайды аяп келеді. Қазір бірер минуттан кейін лап ете қалған кездейсоқ өрт құсап, бүкіл ауылдың төбе-құйқасын шымырлатып, ащы айқай, ойбайлаған жылау естіледі; мынау ата таудың бауырында туып-өскен тағы бір еркек кіндік кескен атамекеніне алыс сапардан оралмай қалады, еңді қайтып оны бұл ауылдан ешкім көрмейді... «Әкем қайтіп жүр екен. Әлі күнге ешқандай хаты да, хабары да жоқ. Анам байғұс үрейден есі ауып кетуге айналды. Тек мынандай қара жүзді өлімнен аулақ қылғай!» Бұлар аулаға кіре бергенде, Анатайдың үйінен құлақ жара ащы айқай шықты; ауладағы, сырттағы, жан-жақтан ағылып келе жатқан жұрт, үйден шыққан жылауға қосылып, жаппай еңкілдей бастады. Шекіштің соңында келе жатқан десантшылар да, әлгінде ғана бригадир үйреткендей қып, өкіріп жылап қоя берді.-        Қайран ата, Сатарқұл, енді қайтып көрмейміз бе шынымен, алтын басың қай жерлерде қалды екен? Мынандай ауыр аза үстінде Анатайдың әкесі Сатарқұл бұлардың бәріне де әке боп кетті; ол шыннан да алтын басты азамат екен, осынша жұрттың қабырғасын қайыстырған тегін адам бола ма! Ердің қадірі азасында білінеді... Бағзыдан бақиға дейін солай бола бермекші!

- Қайран ата, Сатарқұл, енді қайтып көрмейміз бе шынымен, алтын басың қай жерлерде қалды екен?

Осылай деп дауыс қып келе жатқан десантшылар Шекіштің соңынан қалың жұртты қақ жарып өтіп, аулаға кіре бергенде, есік алдында тұрған Анатайды көрді. Қасірет кісіні кішірейтіп жіберетін болса керек. Бұлардың ішіндегі ең үлкен, ең күштісі алпамсадай Анатай мүсәпір бала құсап қалыпты. Тас төбеден лап ете қалған батпан қайғыдан бұғанасы мүжіліп жүнжіп кеткен Анатай жетім құлындай сыз қабырғаны бауырлай құшақтап, балаша еңкілдеп жылап тұр.  Бет-аузы дорбадай боп ісіп кеткен. Қасында іні-қарындастары қосыла бақырып жатыр. Достары жанына барды. Оларды көріп, Анатай тапа-тал түсте тап болған мына бақытсыздығына шағынып, бұрынғыдан бетер өкіре жөнелді. Қоршар тұрған жолдастары оны жұбатардай сөз таба алмай, аяқтарымен жер шұқып, бастары салбырап кетіпті. Мұндайда ешкім ешқандай көмек тигізе алмайды екен. Сұлтанмұрат тап осы тұрған бойында автоматын асынып, қан майданға қойып кетіп, айқай салып жауға тиіп, Анатайдың әкесінің, жан досының әкесінің, осы ауылдың талай үйін азаға бөктіріп, жоқ болған шейіт ерлердің кегін ап, қаптағайлаған қалың фашистерді жусандай жусатып, баудай түсірер еді, шіркін... Автомат жоқ қой! Десанттың командирі болғандықтан Сұлтанмұрат басу айтты:

- Жылама, Анатай. Амалың қайсы. Еркінбек пен Құбат- құлдың көкесі де қаза тапты. Өзің білесің. Менің әкемнен де көптен бері хабар жоқ. Соғыс деген соғыс қой. Өзің түсінесің. Сен бізге айт, Анатай, не керек болса да, көмектесеміз. Сен өзің айтшы, біз сенің қайғыңды қайткенде жеңілейте аламыз... Бірақ, Анатай, қабырғаға жабысып ап, екі иығы бүлкіл-деп ештене айта алмады. Әлгі сөздер оны жұбата қоймады, қайта онсыз да қасіретті көкірегін онан сайын әлем-жәлем қып тілгілей түсті; көз жасынан демі бітіп, көгеріп кетті. Сұлтанмұрат жүгіріп барып бір ожау су әкеліп берді. Осы сәттен бастап ол мұнда болып жатқан іске өзін жауапкер санады. Ол бүйтіп тұра бермей көмектесу керек екенін ұқты. Төртеулеп жүріп өзеннен су әкелді, отын жарды, от жағып, самауыр қойды, келген жұртты қарсы алып, кеткен жұртты шығарып салды, ақсақалдарды қолтықтарынан демеп, аттарынан түсірді... Халық деген үсті-үстіне келіп жатыр. Біреулері көңіл айта кірсе, екіншілері қаралы үйге қайыр қылмақ, қолғабыс бермек. Ал, десантшылар күні бойына Анатайдың үйінің ауласынан кеткен жоқ. Сұлтанмұрат, әсіресе ішінде Мырзагүл де бар, жетінші кластың қыздарын ертіп Іңкамал апай келгенде қатты күйзелді. Іңкамал апай Анатайды құшақтап ап, еңкілдеп жылап жіберді. Оны көріп тұрып көзіңе жас алмау мүмкін емес екен. Атақты балгер әйелдің мұғалиманың баласы туралы айтқан жорамалының орындалар түрі көрінбейді. «Әлдебір сұмдықты жүрегі сезген ана Анатайды көрген соң көңілін тежей алмай, көз жасына ерік берді. Мұғалималарын қоршап тұрған қыздар да жылап қоя берді, ал Мырзагүл басын төмен салып, үнсіз жылап тұр. Мүмкін оның да ойына әкесі мен ағасы түскен шығар. Бұған бір рет те көз салған жоқ. Осынау қайғылы көзінің өзінде ол соншалықты сұлу еді. Бұл оны әрі аяп, әрі сүйсініп тұр. Қасына  жетіп барып, құшақтап ап, қосыла жылағысы кеп кетті:

Әй, Мырзагүл бикеш-ау,

Қос кептерміз көкте бірге қалқыған,

Қос бұлбұлмыз өңіміз бір шалқыған...

Аулада күңіренте оқыған дұғаның даусы естілді. Жұрттың бәрі алдына жазмыштың кітабын жайып парақтап тұрғаңдай алақандарын көкке көтеріп, бұдан мыңдаған жылдар бұрын алыс Арабстаннан келген сазды да салтанатты дұға сөздерін, бұл жолы ғазауат соғыста шейіт кеткен Сатарқұлға, Анатайдың әкесіне бағышталған туу менен өлудің алмағайып арасы - өмірдің фәнилігі жайлы жүрекке жақын, құлаққа тосын сөздерді үн-түнсіз тыңдап қалды. Сұлтанмұрат сол дұғаның үстінде алақанын жайып тұрып та Мырзагүлге қарап қояды. Жұртпен бірге балғын қыз, балауса сұлу Мырзагүл тұңғиық ойдың құшағында қатты тебіреніп тұр. Бірақ, бұған әлі бір қараған жоқ. Сол бір ауыз тілге келмеген қалпы ауладан шығып кетті; есікке жете беріп, бұрылып қарап, бұған басын изеді. Әй, Мырзагүлжан-ай, Мырзагүл бикеш-ай...Марқұм Сатарқұлдың үйіндегі жылау да басылайын деді. Қайғыға көңдіккендіктің көңілсіз тыныштығы орнап келеді. Жылау деген басқа-көзге төпеп жетіп келген көзсіз жау - ажалға мойынсұнбаған ашу, қарсылық; ал кісінің жанын жегідей жейтін жендет ойлар көңілге сол болары болып қойған қара жүзді ажалдың озбырлығына көнгеннен кейін оралады ғой. Басы салбырап қабырғаға сүйеніп Анатай отыр. Сұлтанмұрат оған қараған сайын бұрынғыдан бетер күйзеле түседі. Асау да ор, батыл да ор Анатай қайғыға тапталып бөсік боп қапты. Одан да жылағаны, киімін лақтырып, шашын жұлып тулағаны дұрыс еді. Сұлтанмұрат оны мынау қасіреттің қапас құшағынан қалай ажыратып алудың амалын таба алмай басы қатып отыр. Бірақ, оған жалғыз еместігін, қасында ол үшін қасық қанын қиюға әзір жан жолдасы бар екендігін қалай да ұқтыру қажет. - Анатай, сыртқа шығайықшы. Менің сенімен оңаша сөзім бар,- деді Сұлтанмұрат. Анатай орнынан тұрды да, олар үйдің бұрышынан әрі айналды. 

-        Сен, Анатай, ойлап қалма,- деп бастады Сұлтанмұрат, қапелімде сөз таба алмай,- Мен деген... Егер қаласаң, анадағы орамалды саған берейін... Анатай еріксіз жымиды.

-        Сұлтан, саған не болған? Қажет емес,- деді ол,- Ол сенікі. Оны ешқашан қолыңнан шығарма. Мен тек... Менің сондағы қылығым үшін кешірім сұраймын. Мен енді ешқашан өйтуші болмаймын, Сұлтан. Маған ештеңе қажет емес... Менің әкем, ол... Біз сағына күтіп жүргенде...- Одан әрі көмейіне лықсып келген жасты тыя алмай, еңкілдеп жылап жіберді. Енді екеуі өздері туып-өскен қатыгез кезең мен өз мойындарына түскен қайсар тағдырдың алдында қасқайып қарап тұрып бірге жылады. (adebiet kz)




Каталог: upload -> Book
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Өмірді бағалап үйренейік балалар суицидін алдын-алу бойынша ата-аналарғА, педагогтерге арналған қҰрал алматы
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Рухани-адамгершілік білімге байланысты әндер


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   56




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет