НҰСҚаулар бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары



Дата02.07.2018
өлшемі58,76 Kb.
#45943
ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ
ТАПСЫРМАЛАРДЫ ОРЫНДАУҒА АРНАЛҒАН ӘДІСТЕМЕЛІК НҰСҚАУЛАР
Бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары
1. Диалект сөзді табыңыз

А) Нағашы

В) Құдаша

С) Бөле


D) Абысын

Е) Құдағай

Дұрыс жауабы: Е) Құдағай

Қазақ тілі. 5-сынып. Авторлары: Г. Қосымова, Ж. Дәулетбекова. Алматы «Атамұра» 2015 ж. 82-бет.

Диалект сөздер – белгілі бір жердегі (аймақ, облыс, аудан) тұрғындардың сөйлеу тілінде ғана қолданылатын сөздер. Диалект сөздер жалпыхалықтық болып есептелмейді. Өйткені олардың әдеби тілде баламалары болады. Мысалы, әдеби тілдегі тәртіп сөзі Орал облысында нұсқау, бұйрық деген мағынада қолданылады; әдеби тілдегі шалбар сөзі Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында сым деп айтылады; әдеби тілдегі қабырға сөзі Ақтөбе облысында жар дегенді білдіреді; әдеби тілдегі жұмыртқа сөзін Оңтүстік Қазақстан облысында тұқым деп атайды.

Диалект сөздер түрліше болып келеді. Мысалы: тыңла-тыңда, құдағай-құдағи, бережақ-берешек, келулі-келді т.б.


2. Бірыңғай жуан дауыстылар қатысқан сөзді белгілеңіз

А) Халықтікі

В) Геология

С) Дәмхана

D) Сайыпқыран

Е) Сәнқой

Дұрыс жауабы: D) Сайыпқыран

Қазақ тілі. 5-сынып. Авторлары: Г. Қосымова, Ж. Дәулетбекова. Алматы «Атамұра» 2015 ж. 105-бет.

Тілдің қатысына қарай дауысты дыбыстар жуан және жіңішке болып бөлінеді.

Тіл кейін шегініп, үсті дөңестену арқылы жасалған дауысты дыбыстарды жуан дауыстылар дейміз. Жуан дауысты дыбыстар мыналар: а,о,ұ,ы,у.

3. Тұйық буынды сөздер қатарын анықтаңыз.

А) Екі, үш, бес

В) Доп, ұн, бұлт

С) Сөз, қалам, бас

D) Өрт, ұл, ант

Е) Қол, ас, сан

Дұрыс жауабы: D) Өрт, ұл, ант

Қазақ тілі. 5-сынып. Авторлары: Г. Қосымова, Ж. Дәулетбекова. Алматы «Атамұра» 2015 ж. 137-бет.

Қазақ тілінде буынның үш түрі бар. Олар: 1) ашық буын, 2) тұйық буын, 3) бітеу буын.

Дауыстыдан басталып, дауыссызға аяқталған буынды тұйық буын деп атаймыз: ат, аз, ақ, өрт, ұл, ант т.б.


4. Түбір сөзді анықтаңыз.

А) Даналық

В) Дана

С) Балтала



D) Байлық

Е) Тапқыр

Дұрыс жауабы: В) Дана

Қазақ тілі 6-сынып. Авторлары: С.Исаев, К.Назарғалиева, Ж.Дәулетбекова Алматы «Атамұра» 2011ж. 36-бет.

Сөздің бастапқы мағыналы бөлшегін түбір дейді. Мысалы: жолдастық, сауыншылар, мектептердің деген сөздердің түбірлері – жол, сау, мектеп.
5. Еліктеуіш сөз қатысқан сөйлемді белгілеңіз.

А) Бұрыштан жалт етіп, орысша киінген бір жас жігіт шыға келді.

В) Жымың қаққан аспандағы Ай сұлу.

С) Торы ат ауыздығын қарш-қарш шайнайды.

D) Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең.

Е) Жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасады.

Дұрыс жауабы: С) Торы ат ауыздығын қарш-қарш шайнайды.

Қазақ тілі 6-сынып. Авторлары: С.Исаев, К.Назарғалиева, Ж.Дәулетбекова Алматы «Атамұра» 2015ж.



Еліктеу сөздер мағынасы жағынан айналадағы әр түрлі дыбысқа және жеке қимылға, іс-әрекетке еліктеуді білдіруіне байланысты еліктеуіш сөздер және бейнелеуіш сөздер болып екіге бөлінеді.

Табиғатта заттардың қозғалуы, бір-бірімен қақтығысуы, соғылуы сияқты алуан түрлі қимыл, амал-әрекеттердің нәтижесінде әр түрлі дыбыстар пайда болады. Оларды біз құлақпен естиміз. Сол дыбыстарға еліктеу арқылы пайда болған сөздер еліктеуіш сөздер деп аталады. Мысалы: тарс-тұрс, сарт, саңқ.

6. Көңіл күй одағайлары және -ақ,-ай,-ау шылауларының қатысуымен жасалатын сөйлемді анықтаңыз

А) Лепті сөйлем

В) Бұйрықты сөйлем

С) Сұраулы сөйлем

D) Риторикалық сөйлем

Е) Жайылма сөйлем

Дұрыс жауабы: А) Лепті сөйлем

Қазақ тілі 8-сынып. Авторлары: С.Аманжолов, А. Аманжолов, Г.Қосымова Алматы «Мектеп» 2012 ж.

Айтушының түрлі көңіл күйін білдіру мақсатымен айтылған сөйлемді лепті сөйлем дейміз.

Лепті сөйлемдер мынадай жолдармен жасалады:

1. Сөйлемнің етістік формалары арқылы жасалады. Мысалы: Жетіп келмесі бар ма!

2. Сөйлемде -ақ, -ау, -ай, ғой шылауларының қатысымен жасалады. Мысалы: Аты ат-ақ екен!

3. Көңіл күйді білдіретін одағай сөздердің қатысуымен жасалады. Мысалы: Па, шіркіннің сөзі!

4. Көтеріңкі дауыс ырғағы (интонация) арқылы жасалады. Мысалы: Жау жойылды! Жау жойылды!


7. Тұрақты сөз тіркесін табыңыз

А) Кілт бұрылу

В) Желдей есу

С) Өмір сүру

D) Қара ала

Е) Түрегеп тұр

Дұрыс жауабы: В) Желдей есу.

Қазақ тілі. 5-сынып. Авторлары: Г. Қосымова, Ж. Дәулетбекова. Алматы «Атамұра» 2015 ж. 51-бет.

Екі немесе бірнеше сөздің тіркесуі арқылы жасалғанмен, бір ғана мағынаны білдіретін тіркестер тұрақты тіркестер немесе фразеологизмдер деп аталады.

Тұрақты тіркестерге тән белгілер:

1. Тұрақты тіркес құрамындағы сөздердің мағынасы фразеологизмнің мағынасымен сәйкес келмейді. Ол сөздер тұтасып барып бір мағына білдіреді. Мысалы: тас бауыр – мейірімсіз, су жүрек – қорқақ.

2. Тұрақты тіркесті құрайтын сөздер бұрыннан қалыптасқан жүйемен айтылады. Олардың сыңарларының орнын ауыстыруға болмайды. Мысалы: Тайға таңба басқандай.

3. Тұрақты тіркестер бір ғана сұраққа жауап береді де, сөйлемде бір ғана сөйлем мүшесі қызметін атқарады.

Тұрақты тіркестер – ойды көркемдеп, әсерлі жеткізудің құралы


8. Бірге жазылатын қатарды табыңыз.

А) Еш кім, еш адам

В) Кей бала, кей адам

С) Еш нәрсе, еш жер

D) Еш қашан, әр кім

Е) Бір неше, бір үміт

Дұрыс жауабы: D) Ешқашан, әркім.

Қазақ тілі 6-сынып. Авторлары: С.Исаев, К.Назарғалиева, Ж.Дәулетбекова Алматы «Атамұра» 2015 ж.

Белгісіздік, болымсыздық мәндегі ешкім, ештеңе, қайсыбіреу, әлдекім, әрқайсысы, әркім, ешқашан, кейбір, әрбіреу, әлдеқашан т.б. есімдіктер бірге жазылады.
9. Зат есімнен жасалған тура толықтауышы бар сөйлемді көрсетіңіз

А) Құнды сөз құнарлы ойдан шығады.

В) Түсінудің өзі де – адамның үлкен еңбегі.

С) Басқа адамды түсіну оңай емес.

D) Қазақстанда әр түрлі ұлт өкілдері тұрады.

Е) Түстен кейін теңіз жағасына бардық.

Дұрыс жауабы: С) Басқа адамды түсіну оңай емес.

Қазақ тілі 8-сынып. Авторлары: С.Аманжолов, А. Аманжолов, Г.Қосымова Алматы «Мектеп» 2012ж.



Толықтауыш деп баяндауыш білдіретін амал-әрекетті, іс-оқиғаны заттық мағына жағынан толықтыру үшін жұмсалатын сөйлем мүшесін айтамыз.

Тура толықтауыш табыс септігінен жасалады. Табыс септігі бірде ашық, бірде жасырын тұрады. Мысалы: Жаман – сыйлағанды (нені?) білмес. Оқушылар емтихан (нені?) тапсырды.


10. Қатыстық сын есімнен жасалған баяндауышты анықтаңыз

А) Бетегеден биікпін,

Жусаннан аласамын.

В) Ғылым жолы – сара жол.

С) Өзен тауымен көрікті,

Өріс малымен көрікті.

D) Дос елдерге жарық та, жылу да ортақ,

Алыптардың даңқы мен атағы ортақ.

Е) Маған тоғайдағының бәрі қызық.

Дұрыс жауабы: С) Өзен тауымен көрікті,

Өріс малымен көрікті.

Қазақ тілі 7-сынып. Авторлары: С.Исаев, Г.Қосымова Алматы «Атамұра» 2012ж. 52-бет.

Заттың сынын, сипатын, сапасын, көлемін, түр-түсін білдіріп, қандай? қай? деген сұрақтарға жауап беретін сөз табы сын есім деп аталады. Мысалы: жақсы, таза, тар.

Мағынасына қарай сын есім сапалық сын есім және қатыстық сын есім болып екіге бөлінеді.

Сапалық сын есім – негізгі түбір сын есімнің өзінен жасалып, заттың сынын, түр-түсін тікелей анықтайды. Мысалы: қызғылт, көкшіл, жап-жасыл, ащы, жақсы.

Қатыстық сын есім – басқа сөз табынан жасалады. Заттың сын-сипатын, әр түрлі белгісін басқа сөз табының қатысы арқылы білдіретін сын есім. Мысалы: аттылы, сазды, орманды, былтырғы, білгір, жігерлі, көргіш, мінезді, жүгіргіш, отты.


11. Дара бастауыш қызметіндегі сан есімді табыңыз.

А) Үбілтек өсімдігі жер бетіне сегіз жылда бір шығады екен.

В) Ғарышқа ұшатын зымырандардың ұзындығы – тоқсан метр.

С) Он бес жұп биші шыр көбелек айнала жөнелді.

D) Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.

Е) Базардан төрт-бес келі картоп алғалы барды.

Дұрыс жауабы: D) Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.

Қазақ тілі 8-сынып. Авторлары: С.Аманжолов, А. Аманжолов, Г.Қосымова Алматы «Мектеп» 2012 ж.

Бастауыш сөйлемде атау септігінде тұрып, іс-оқиғаның иесін білдіреді. Кім? не? деген сұрақтарға жауап береді. Толық бір мағыналы сөзден жасалған бастауышты дара бастауыш дейміз. Бұл сөйлемде төртеу деген сан есім заттанып, кім? деген сұраққа жауап беріп, бастауыш қызметін атқарады.
12. Оңаша тәуелденген сілтеу есімдігін анықтаңыз.

А) Соныңыз

В) Соларың

С) Солары

D) Соларыңыз

Е) Соларымыз

Дұрыс жауабы: А) Соныңыз

Қазақ тілі 7-сынып. Авторлары: С.Исаев, Г.Қосымова Алматы «Атамұра» 2012 ж. 52-бет.

Сілтеу есімдіктері зат есімнің орнына жүріп, зат есімдерше тәуелденеді және септеледі.

Сілтеу есімдіктерінің тәуелдену үлгісі:






Сол




Сол

Оңаша

І. соным

ІІ. соның

соныңыз

ІІІ. сонысы



Ортақ

І. сонымыз

соларымыз

ІІ. соларың

соларыңыз

ІІІ. солары

13. Көмекші етістікті белгілеңіз.

А) Дауыстап оқыды.

В) Сылқ-сылқ күлді.

С) Жаутаңдап қарады.

D) Жалт-жұлт етеді.

Е) Жылдам жүгірді.

Дұрыс жауабы: D) Жалт-жұлт етеді.

Қазақ тілі 6-сынып. Авторлары: С.Исаев, К.Назарғалиева, Ж.Дәулетбекова Алматы «Атамұра» 2015 ж.

Өз алдына жеке тұрып сөйлем мүшесі бола алмайтын, толық мағынасы жоқ, тек негізгі етістіктермен, есім сөздермен тіркесіп қана қолданылатын етістіктер көмекші етістіктер деп аталады. Лексикалық мағынасынан бүтіндей айырылып қалған көмекші етістіктер: е (еді, екен, емес), жазда, ет, де (деп, десе, деген, дер).


14. Септік жалғауының көнеленуі арқылы жасалған үстеуді анықтаңыз

А) Ақшалай

В) Кішірек

С) Бұлақтайын

D) Тездеу

Е) Бірге


Дұрыс жауабы: Е) Бірге.

Қазақ тілі 6-сынып. Авторлары: С.Исаев, К.Назарғалиева, Ж.Дәулетбекова Алматы «Атамұра» 2015 ж.

Түбірмен сіңісіп, көнелену арқылы үстеу жасайтын септік жалғаулары:

1) Барыс септіктің көнеленуімен қалыптасқан үстеулер: бірге (жүр), босқа (жүрме), зорға (көтерді), текке (ұрысты), т.б.

2) Жатыс септіктің көнеленуімен қалыптасқан үстеулер: баяғыда (болыпты), аңдаусызда (сөйлеп қалды), қапыда (қалды), т.б.

3) Шығыс септіктің көнеленуімен қалыптасқан үстеулер: шалқасынан (құлады), кеңінен (әңгімелесті), шетінен (біледі), тосыннан (сөйледі), т.б.

4) Көмектес септіктің көнеленуімен қалыптасқан үстеулер: жөнімен (айт), кезекпен (бар), шынымен (ойлады), ретімен (жүрді) т.б.
15. Шылауы бар сөйлемді көрсетіңіз.

А) Қар майдай еріп бітіп, күн жылынған.

В) Аман шеткері қалған Шолпанды көрді.

С) – Сөз жоқ! – деп қостап қойды Тоқабай.

D) Жылжып жылдар өтіп, жау жеңіліп, ел есін жиды.

Е) Жолбарыс бір топ адаммен түнделетіп аттанған-ды.

Дұрыс жауабы: Е) Жолбарыс бір топ адаммен түнделетіп аттанған-ды.

Қазақ тілі 6-сынып. Авторлары: С.Исаев, К.Назарғалиева, Ж.Дәулетбекова Алматы «Атамұра» 2015 ж.

Шылау дегеніміз – сөздер мен сөздерді, сөйлемдер мен сөйлемдерді байланыстыратын және өзі тіркескен сөзге қосымша мағына беретін сөз табы.

1. Шылаудың толық лексикалық мағынасы болмайды.

2. Сөйлем ішінде шылау сөйлем мүшесі бола алмайды.

3. Шылаулар сөз бен сөзді не сөйлем мен сөйлемді байланыстырады және толық мағыналы сөздің жетегінде оған қосымша мән үстей қолданылады.

4. Шылаулар түрленбейді

Шылаулар – лексикалық мағынасынан айырылу нәтижесінде пайда болған сөздер.

Шылау сөздер білдіретін мәні мен сөйлемде атқаратын қызметіне қарай

септеулік шылау, жалғаулық шылау, демеулік шылау болып үшке бөлінеді.
16. Бірыңғай есімді сөз тіркестерін анықтаңыз

А) Жеңіске жету, жөн сөйлеу.

В) Сары балапан, екі жолдас.

С) Сырыңды айтпайды, үндемей көмектеседі.

D) Қаладан қашық, бағалай білді.

Е) Оқиғаны баян етті, айыбыңды ашпайды.

Дұрыс жауабы: В) Сары балапан, екі жолдас.

Қазақ тілі 7-сынып. Авторлары: С.Исаев, Г.Қосымова Алматы «Атамұра» 2012ж. 130-бет.

Сөйлемде кем дегенде екі толық мағыналы, құрамындағы сөзі екіншісіне сабақтаса (бағына) байланысқан сөздер тізбегін сөз тіркесі дейміз.

Сөз тіркесінің басыңқы сыңары зат есім, сын есім, сан есім, есімдік болса, ол есімді сөз тіркесі деп аталады. Мысалы: мынау хатты.


17. Баяндауыштың жасалу жолын көрсетіңіз.

Күздігүні жерді жыртып тастауға уақыттары болмайтын.

А) Жедел өткен шақ

В) Көсемше

С) Ырықсыз етіс

D) Есімше

Е) Тұйық етістік

Дұрыс жауабы: D) Есімше.

Қазақ тілі 8-сынып. Авторлары: С.Аманжолов, А. Аманжолов, Г.Қосымова Алматы «Мектеп» 2012 ж.

Баяндауыш сөйлемдегі бастауыштың іс-әрекетін, қимылын, жай-күйін, оқиғаның қай шақта болғанын білдіреді. Баяндауыш сөйлемді аяқтап, ойды тиянақтайды. Бұл сөйлемде баяндауыш есімше тұлғасында.

Қазақ тілі 6-сынып. Авторлары. С.Исаев, К.Назарғалиева, Ж.Дәулетбекова Алматы «Атамұра» 2015 ж.

Есімше етістіктің ерекше түрі.

Жұрнақтары:

1. -қан, -кен, -ған, -ген. Мысалы: айтқан, көрсеткен, жүргізген, жазған;

2. -ар, -ер, -р және болымсыз етістіктен кейін -с жұрнақтары қосылу арқылы болжалды келер шақ есімше жасалады.

3. -мақ, -мек,-бақ, -бек, -пақ, -пек. Мысалы: барар, көрер, сөйлер, бермес;

4. -атын, -етін, -йтын, -йтін. Мысалы: баратын, көретін.


18. Сөйлем түрін анықтаңыз.

Келісіп пішкен тон келте болмас.

А) Атаулы сөйлем

В) Бұйрықты сөйлем

С) Жақсыз сөйлем

D) Толымсыз сөйлем

Е) Жайылма сөйлем

Дұрыс жауабы: Е) Жайылма сөйлем.

Қазақ тілі 8-сынып. Авторлары: С.Аманжолов, А. Аманжолов, Г.Қосымова Алматы «Мектеп» 2012 ж.

Тұрлаусыз мүше қатысқан жай сөйлемді жайылма сөйлем дейміз.
19. Қыстырма сөздер қатарын көрсетіңіз.

А) Бәсе, сонымен, па, шіркін!

В) Екіншіден, бәсе, әрине.

С) Меніңше, қысқасы, уа!

D) Әрине, сөз жоқ, алақай.

Е) Мүмкін, бәрекелді, сөз жоқ.

Дұрыс жауабы: В) Екіншіден, бәсе, әрине.

Қазақ тілі. 8-сынып. Авторлары: С.Аманжолов, А. Аманжолов, Г.Қосымова Алматы «Мектеп» 2012 ж.

Қыстырма сөздер сөйлеушінің көзқарасын – күмәндылықты, мақұлдауды, өкінішті, ренішті, сондай-ақ ойдың кімнің тарапынан екендігін білдіру үшін қолданылады.

Қыстырма ретінде жұмсалатын сөздер: әрине, сөз жоқ, бәсе, шынында, мүмкін, сірә, сонымен, сөйтіп, біріншіден және т.б.

20. Сөздің ауыспалы мағынасын табыңыз

А) Торлама кестең әдемі-ақ.

В) Шілтерлі кестені торлап тоқыпты.

С) Жігіттің иығында торланып тігілген қоржын.

D) Қулық торы шырмап алды.

Е) Торлама қауынның ғажап иісі аңқиды.

Дұрыс жауабы: D) Қулық торы шырмап алды.

Қазақ тілі. 5-сынып. Авторлары: Г. Қосымова, Ж. Дәулетбекова. Алматы «Атамұра» 2015 ж. 20-бет.

Сөздің тура мағынасының негізінде туып, өрбіген, жалпы көпшілікке түсінікті ауыспалы мағыналары да болады. Лексикалық мағынаның бұл түрін туынды мағына деп атайды.

Мысалы: көз – адамның немесе жан-жануарлардың көру мүшесі (бастапқы мағынасы)

Күннің көзі, бұлақтың көзі (ауыспалы мағына)

Тіл – адамның баста орналасқан дене мүшесі (тура мағына)

Ана тілі, орыс тілі (ауыспалы мағына)



Күту – тосу, аялдау (тура мағынасы). Сонымен бірге бұл сөздің «сыйлау, құрметтеу» деген ауыспалы мағынасы бар (қонақ күту).

Сөздің ауыспалы мағынасы бір заттың негізгі атауыш мағынасын екінші бір затқа атау етіп ауыстырып қолданудан барып туады.



Бір немесе бірнеше дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары
1. Күрделі сөз(-дер)ді белгілеңіз

A) Бес оқушы.

B) Менің жасым.

C) Балалар бақшасы.

D) Өз атым.

E) Әр бала.

F) Мойын омыртқа.

G) Сәтті қадам.

H) Жиырма шақты.

Дұрыс жауабы: C) Балалар бақшасы, F) Мойын омыртқа, H) Жиырма шақты. Сөздер құрамы жағынан дара және күрделі болып екіге бөлінеді. Екі немесе одан да көп түбірден құралған сөздерді күрделі сөз дейді. Күрделі сөздер жасалу жолына қарай 4 түрлі болады: 1) біріккен сөздер; 2) қос сөздер; 3) қысқарған сөздер; 4) тіркесті сөздер.

С) Балалар бақшасы – тіркесті сөз, бір ғана Не? сұрағына жауап беретін, екі сөзбен берілген бір ғана мекеме атауы; F) Мойын омыртқа – тіркесті сөз, бір ғана Не? сұрағына жауап беретін екі сөзбен берілген сүйек, мүше атауы; Н) Жиырма шақты – Қанша? сұрағына жауап беретін күрделі сан есім. Өзге жауаптар күрделі сөз бола алмайды.

Қазақ тілі 6-сынып. С.Исаев, К.Назарғалиева, Ж.Дәулетбекова, Алматы: «Атамұра» 2015 ж. Қазақ тілі. 6-сынып. А.Қасымбек, А. Шыныбаева. Астана: «Арман-ПВ» 2015 ж.


2. Қатыстық сын есім(-дер)ді табыңыз

A) Қызғылт

B) Жақсырақ

C) Қымбаттырақ

D) Сұрша

E) Ұзынша

F) Өнерлі

G) Жап-жасыл

H) Иманды

Дұрыс жауабы: F) Өнерлі, H) Иманды. Мағынасына қарай сын есім сапалық және қатыстық сын есім болып 2-ге бөлінеді. Заттың сын-сипатын, әр түрлі белгісін басқа сөз табының қатысы арқылы білдіретін сын есімді қатыстық сын есім дейміз. Мысалы: аттылы – атқа мінген жігіт екені, жігерлі – бойында ерік-жігері бар адам екені көрінетін, ат, жігер зат есімдеріне -лы, -лі сын есім тудыратын жұрнақтар арқылы жасалған қатыстық сын есімдер. Өзге жауаптар қатыстық сын есім бола алмайды. Олардың түбірлері – сын есімнен болып тұрғандықтан, олар – сапалық сын есімдер.

Қазақ тілі 6-сынып. С.Исаев, К.Назарғалиева, Ж.Дәулетбекова, Алматы: «Атамұра» 2015 ж. 109-бет. Қазақ тілі. 6-сынып. А.Қасымбек, А. Шыныбаева, Астана: «Арман-ПВ» 2015 ж. 76-бет.
3. Тұрақты тіркес қатысқан сөйлем(-дер)ді табыңыз.

А) Тапсырған жұмысқа ат үсті қарауға болмайды.

В) Көрмес – түйені де көрмес.

С) Кәріге құрмет көрсет.

D) Қайрат бұл түнді кірпік ілместен өткізді.

E) Баласы анасының айтқанын бұлжытпай орындады.

F) Ақыл жастан шығады.

G) Түн салқын, ай жарық.

H) Білімді адам жерде қалмас.

Дұрыс жауабы: А) Тапсырған жұмысқа ат үсті қарауға болмайды.

D) Қайрат бұл түнді кірпік ілместен өткізді. Екі немесе бірнеше сөздің тіркесуі арқылы жасалғанмен, бір ғана мағынаны білдіретін тіркестер тұрақты тіркестер немесе фразеологизмдер деп аталады. Тұрақты тіркестер құрамындағы сөздердің мағынасын емес, біртұтас ауыспалы мағына білдіреді. Мысалы: «ат үсті қарау» деген тұрақты тіркес «жеңіл-желпі қарау» деген, «кірпік ілместен» деген тұрақты тіркес «ұйықтамастан» деген ауыспалы мағынаны білдіреді. Олардың сыңарларының орнын ауыстыруға болмайды. Тұрақты тіркестер бір ғана сұраққа жауап береді де, сөйлемде бір ғана сөйлем мүшесі қызметін атқарады. Тұрақты тіркестер – ойды көркемдеп, әсерлі жеткізудің құралы.

Қазақ тілі. 5-сынып. Авторлары: Г. Қосымова, Ж. Дәулетбекова. Алматы «Атамұра» 2015 ж. 51-бет.


4. Термин сөз(-дер)ді белгілеңіз.

А) Ұзақ жол

В) Жаяу жүру

С) Жай сөйлем

D) Ыстық су

E) Қызыл кірпіш

F) Қара өлең

G) Дұрыс тәрбие

H) Жолдас-жора

Дұрыс жауабы: С) Жай сөйлем, F) Қара өлең. Термин сөздер – ғылым салаларына қатысты сөздер, олар ғылыми ұғымға анықтама береді, ауыспалы мағынада қолданылмайды. Мысалы: «жай сөйлем» – тіл білімі ғылымының термині, «қара өлең» – әдебиеттану ғылымының термині.

Қазақ тілі. 5-сынып. Авторлары: Г. Қосымова, Ж. Дәулетбекова. Алматы «Атамұра» 2015 ж.
5. Бірыңғай езулік дауыстылардан тұрған қатарды көрсетіңіз

А) Қоғамдық

В) Жергілікті

С) Тазалық

D) Үнемдеу

E) Орманшы

F) Ұсталық

G) Жолдастар

H) Егінші

Дұрыс жауабы: В) Жергілікті, С) Тазалық, H) Егінші. Дауысты дыбыстар еріннің қатысына қарай еріндік, езулік дыбыстар болып екіге бөлінеді. Езулік дауысты дыбыстар еріннің кейін тартылып, езудің жиырылуы арқылы жасалады. Олар: а, ә, е, э, ы, і, и. Бұл сөздер (жергілікті, тазалық, егінші) бірыңғай езулік дауысты дыбыстардан құралған. Өзге жауаптардағы сөздерде еріндік дауыстылар кездеседі.

Қазақ тілі. 5-сынып. Авторлары: Г. Қосымова, Ж. Дәулетбекова. Алматы «Атамұра» 2015 ж. 108-бет.

6. Тасымалданбайтын сөзі бар сөйлемді табыңыз

А) Жығылған күреске тоймас.

В) Туған жерді қадірле.

С) Ашынғанның тілі ащы.

D) Диқаншының наны тәтті.

E) Айлалы батыр алдырмас.

F) Ең жақсы сыйлық – кітап.

G) Жігіт жүрегіне сенеді.

H) Бірлік түбі – тірлік.

Дұрыс жауабы: С) Ашынғанның тілі ащы. F) Ең жақсы сыйлық – кітап. “Ашынғанның”, “ащы” деген сөздердегі (а-шынғанның, а-щы) “а” жалаң буыны тасымалданбайды. “Ең” – бір буынды сөз, бір буынды сөздерді тасымалдауға болмайды.

Қазақ тілі. 5-сынып. Авторлары: Г.Қосымова, Ж.Дәулетбекова. Алматы “Атамұра” 2015 ж.


7. Жұрнақ жалғанған сөздер қатарын белгілеңіз.

А) Үйге, қаладан

В) Қалашық, доптар

С) Мектебім, ағасы

D) Тарақ, күрек

E) Егінші, құлын

F) Кітапхана, дәрігер

G) Жеміс, дәптер

H) Жарқыра, ойна

Дұрыс жауабы: D) Тарақ, күрек, F) Кітапхана, дәрігер, Н) Жарқыра, ойна. “Тара-қ, күре-к”, “кітап-хана, дәрі-гер”, “жарқ-ыра, ойын-а” сөздері жұрнақ жалғанған сөздер қатары болып табылады. Өзге жауаптар жұрнақ жалғанған қатар бола алмайды, өйткені жұрнақ жауаптағы екі сөздің біреуіне ғана жалғанған немесе сөздерге жұрнақ емес, жалғау жалғанған.

Қазақ тілі 6-сынып. Авторлары. С.Исаев, К.Назарғалиева, Ж.Дәулетбекова Алматы «Атамұра» 2015 ж.
8. Дерексіз зат есім қатысқан қатарды белгілеңіз.

А) Мектеп, қалам

В) Достық, адалдық

С) Қайың, терек

D) Бүршік, тамыр

E) Көше, машина

F) Түйе, құлыншақ

G) Қуаныш, сезім

H) Терезе, көйлек

Дұрыс жауабы: В) Достық, адалдық. G) Қуаныш, сезім. Бұл жауаптағы сөздер – көзге көрінбегенмен, адамның ойлауы нәтижесінде ғана танылатын құбылыс, ұғым атауы болатын дерексіз зат есімдер. Өзге жауаптағы сөздер қолмен ұстап, көзбен көруге, нақтылы тануға болатын деректі зат есімдерге жатады.

Қазақ тілі 6-сынып. Авторлары. С.Исаев, К.Назарғалиева, Ж.Дәулетбекова Алматы «Атамұра» 2015 ж.
9. Баяндауышы сын есімнен болған сөйлемді табыңыз

А) Көгілдір өзен жай ғана ағып жатыр.

В) Жақсыдан қашпа, жаманға баспа.

С) Олар сайдың тасындай өткір жігіттер.

D) Адам тастай қатты, гүлдей нәзік.

E) Ағаш үйдің іші өте көрікті.

F) Бес жердегі бес – жиырма бес.

G) Еріншектің ертеңі бітпейді.

H) Үлкен бастар, кіші қостар.

Дұрыс жауабы: D) Адам тастай қатты, гүлдей нәзік. Е) Ағаш үйдің іші өте көрікті. Бұл сөйлемдерде сын есім сөйлем соңында келіп, сөйлемді аяқтап, ойды тиянақтап, бастауышпен қиыса байланысып, баяндауыш қызметін атқарып тұр.

Қазақ тілі 7-сынып. Авторлары: С.Исаев, Г.Қосымова Алматы «Атамұра» 2012 ж.
10. Анықтауышы есімдіктен болған сөйлемді белгілеңіз

А) Ермек ешкімнің сұрағына жауап бермеді.

В) Барлық халық бейбітшілікті сүйеді.

С) Анасы баласына сүйсіне қарады.

D) Ешқашан ешкімді жамандама.

E) Туыстарының ешқайсысы ат ізін салмады.

F) Осы ізбен жүріп отырып, сонау сайды аралап шықты.

G) Мен кеше саған жолыға алмадым.

H) Олар ешқайда бұрылмастан үйге қайтты.

Дұрыс жауабы: А) Ермек ешкімнің сұрағына жауап бермеді. В) Барлық халық бейбітшілікті сүйеді. F) Осы ізбен жүріп отырып, сонау сайды аралап шықты. Бұл сөйлемдерде ілік септігі тұлағасындағы “ешкімнің” деген болымсыздық есімдігі “кімнің?” деген сұраққа жауап беріп, “барлық” жалпылау есімдігі мен “осы, сонау” сілтеу есімдіктері “қай?” деген сұраққа жауап беріп, тіркескен сөзін анықтап, сөйлемде анықтауыш қызметінде жұмсалған.

Қазақ тілі 7-сынып. Авторлары: С.Исаев, Г.Қосымова Алматы «Атамұра» 2012 ж.

Бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары


  1. «Ата жұрты бұқара,

Өз қолында болмаса,

Қанша жақсы болса да,

Қайратты туған ер ғаріп» шумағының кімнің шығармасынан алынғандығын табыңыз.

A) Жиенбет жыраудан

B) Үмбетей жыраудан

C) Шалкиіз жыраудан

D) Қазтуған жыраудан

E) Асан қайғыдан

Дұрыс жауабы: E) Асан қайғыдан. Үзінді Асан қайғының «Бұл заманда не ғаріп» толғауынан алынған. Сондықтан басқа жауаптар дұрыс бола алмайды.

Қазақ әдебиеті хрестоматиясы, 9-сынып, Ұ.Асыл, Т.Жұмажанова, Ғ.Бейсенбаев, Алматы «Мектеп» 2013 жыл.




  1. Қ.Аманжоловтың поэмасын табыңыз.

A) «Ескендір»

B) «Медғат-Қасым»

C) «Батыр Баян»

D) «Ақын өлімі туралы аңыз»

E) «Әзім әңгімесі»

Дұрыс жауабы: D) «Ақын өлімі туралы аңыз».



Шығарма  Ұлы Отан соғысының майданында  жаудың қоршауында қалып  қойып, ерлікпен қаза  тапқан Қасымның жақын досы, жас ақын Абдолла Жұмағалиев туралы. Басқа жауаптар дұрыс бола алмайды. Өйткені «Ескендір», «Әзім әңгімесі» поэмаларының авторы Абай Құнанбайұлы болса, «Медғат-Қасым» поэмасын Мағауия Абайұлы жазған. Ал «Батыр Баян» поэмасының авторы М.Жұмабаев.

Қазақ әдебиеті, 11-сынып (ЖМБ), Р.Бердібай, Р.Нұрғали, Б.Ыбырайым,

Ж. Дәдебаев, Қ.Мәдібай, Алматы «Мектеп» 2015 жыл, 161-бет.


  1. Шығармадағы кейіпкерлер Бақтығұл, Тектіғұл, Сәт, Сәлмен образдары М.Әуезовтің қай шығармасында кездесетінін белгілеңіз.

A) «Қыр әңгімелері»

B) «Адамдық негізі-әйел»

C) «Қорғансыздың күні»

D) «Қараш-қараш оқиғасы»

E) «Үйлену»

Дұрыс жауабы: D) «Қараш-қараш оқиғасы». Шығарма 1927 жылы жазылған. Шығарманың кейіпкерлері: Бақтығұл – еркіндікті аңсаған намысшыл қазақ. Інісі үшін кек алғысы келді. Тектіғұл – Бақтығұлдың інісі. Қатша –Бақтығұлдың әйелі. Сәлмен – Қозыбақ ауылында тұрған бай. Сәт – Сәлменнің ағасы, болыс. Жарасбай – Бақтығұл үміт етіп көмек сұраған адам. 

Басқа жауаптар дұрыс бола алмайды. «Қыр әңгімелері» шығармасында жалпы қазақи өмірді, қазақтың қырдағы өмірін, тұрмыс-тіршілігі мен табиғи аясын суреттеуге мән берілген. «Адамдық негізі – әйел» атты мақаласында автор әйелдің қоғам өмірінде атқарар рөлін дәлелдеп, ашып танытады. «Қорғансыздың күні» әңгімесінің негізгі кейіпкерлері – Ғазиза деген панасыз жетім қыз бен Ақан сияқты қара ниет ауыл әкімі. «Үйлену» шығармасында әке әміріне көнбей, көңіл сүйген жігітімен қашып кеткен қыз хикаясына тоқталады.

Қазақ әдебиеті, 11-сынып (ҚҒМ), З.Қабдолов, С.Қирабаев, Х.Әдібаев, Алматы «Мектеп» 2015 ж.




  1. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасында Кебек кімге келіп болашағына бал аштыратынын анықтаңыз.

A) Қорқыт ата

B) Бердібай ата

C) Жәміш әке

D) Асан қайғы

E) Нысан абыз

Дұрыс жауабы: E) Нысан абыз.

М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасында Кебек батыр Нысан абызға барып, болашағына бал аштырады. Басқа жауаптар дұрыс бола алмайды. Қорқыт ата – VIII ғасырда өмір сүрген атақты ақын, асқан күйші. Асан қайғы XV ғасырда өмір сүрген, өз заманының асқан ақылгөйі.

Қазақ әдебиеті, 11-сынып (ЖМБ), Р.Бердібай, Р.Нұрғали, Б.Ыбырайым,

Ж. Дәдебаев, Қ.Мәдібай, Алматы «Мектеп» 2015 жыл, 102-бет.
5. Ғабит Мүсіреповтің роман жанрының қалыптасуына үлес қосқан шығармасын белгілеңіз.

A) «Жат қолында»

B) «Қарағанды»

C) «Ботагөз»

D) «Сырдария»

E) «Шығанақ»

Дұрыс жауабы: A) «Жат қолында».

«Оянған өлкенің» заңды жалғасы болып табылатын “Жат қолында” романы 1984 жылы жарық көрді. Бұл кітапты өз алдына дербес шығарма деуге де болады. Басқа жауаптар дұрыс бола алмайды. Өйткені «Қарағанды», «Шығанақ» романдарының авторы Ғ.Мұстафин. Ал «Ботагөз», «Сырдария» романдарын жазған С.Мұқанов.

Қазақ әдебиеті, 11-сынып (ЖМБ), Р.Бердібай, Р.Нұрғали, Б.Ыбырайым,

Ж. Дәдебаев, Қ.Мәдібай, Алматы «Мектеп» 2015 жыл, 140-бет.
6. Т. Ахтановтың романын анықтаңыз.

A) «Өмір мен өлім»

B) «Шығанақ»

C) «Боран»

D) «Сырдария»

E) «Адасқандар»



Т.Ахтановтың «Боран» атты романы 1966 жылы жарық көрді. Басқа жауаптар дұрыс бола алмайды. Себебі «Өмір мен өлім» шығармасының авторы Б.Бұлқышев, ал «Шығанақ» романын Ғ.Мұстафин жазды. «Сырдария» мен «Адасқандар» романының авторы С.Мұқанов.

Қазақ әдебиеті, 11-сынып (ЖМБ), Р.Бердібай, Р.Нұрғали, Б.Ыбырайым,

Ж. Дәдебаев, Қ.Мәдібай, Алматы «Мектеп» 2015 жыл, 205-бет.

Дұрыс жауабы: C) «Боран».


7. Бөрідей жұрт ұсылып,

Айғаймен жаға жыртысып,

Өкірген үнін өшіртіп, жылаған көзден жас өрер, – деген үзінді алынған жырды белгілеңіз.

A) «Алып-Ер Тұңғаны жоқтау»

B) «Оғыз қаған жыры»

C) «Күлтегін» жыры

D) «Қорқыт ата кітабы»

E) «Тоныкөк» жыры

Дұрыс жауабы: A) «Алып-Ер Тұңғаны жоқтау»

Үзінді «Алып-Ер Тұңғаны жоқтау» жырынан алынғандықтан, басқа жауаптар дұрыс бола алмайды.

Қазақ әдебиеті, 8-сынып , С.Мақпырұлы, Г.Құрманбай, А. Қыраубайқызы, Алматы «Мектеп» 2012 ж.
8. Шешендік сөздің жалғасын табыңыз.

Асқар таудың өлгені – ...

A) Басын мұнар шалғаны

B) Еңкейіп барып батқаны

C) Аязда мұз боп қатқаны

D) Қар астында жатқаны

E) Бір Алланың қақпаны

Дұрыс жауабы: A) Басын мұнар шалғаны.

Үзінді Жиренше шешеннің сөзінен алынған.



Ағын судың өлгені,
Алты ай қыста қатқаны.
Асқар таудың өлгені,
Басын бұлттың жапқаны.
Ай мен күннің өлгені,
Еңкейіп барып батқаны.
Қара жердің өлгені
Қар астында жатқаны.
Ажал деген атқан оқ,
Бір алланың қақпаны.
Дүниеде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді.

Қазақ әдебиеті, хрестоматия, 9-сынып, Т. Ақшолақов, Т.Жұмажанова, С.Қалиев, С.Дүйсебаев, Алматы «Мектеп» 2013 жыл, 78-бет.


9. «Алпамыс батыр» жырындағы кейіпкерді белгілеңіз.

A) Құлтай

B) Қаршыға

C) Төлеген

D) Сансызбай

E) Бекежан

Дұрыс жауабы: A) Құлтай

Құлтай – Алпамыстың әкесі Байбөрінің туысқаны.

Басқа жауаптар дұрыс бола алмайды. Тест жауаптарында берілген Қаршыға, Төлеген, Сансызбай, Бекежан – «Қыз Жібек» лиро-эпостық жырының кейіпкерлері.

Қазақ әдебиеті, 6-сынып , К. Ісләмжанұлы, Б. Әрінова, Р. Батал, Е. Арын Алматы «Атамұра» 2015 жыл, 21-бет.


10. Бұқар жыраудың ел бірлігі тақырыбына арналған толғауын белгілеңіз.

A) «Кәрілік»

B) «Айналасын жер тұтқан»

C) «Асқар таудың өлгені»

D) «Керей, қайда барасың?»

E) «Қалданменен ұрысып»

Дұрыс жауабы: D) «Керей, қайда барасың?». Бұл өлеңінде ел бірлігін сақтау мәселесін сөз етеді. Қазақ әдебиеті, 9-сынып, Т. Ақшолақов, Т. Жұмажанова,

С. Қалиев, С. Дүйсебаев.

Алматы «Мектеп» 2013 жыл, 59-бет.

Басқа жауаптар дұрыс бола алмайды. Өйткені «Кәрілік» өлеңінде адамның жасы туралы сипатталса, «Айналасын жер тұтқан», «Асқар таудың өлгені» толғаулары өмір туралы философиялық мәнде жазылған. Ал «Қалданменен ұрысып» өлеңінде Абылай ханның батырлық бейнесін ашады.


11. Дулат Бабатайұлының қожа-молдаларды сынаған өлеңін көрсетіңіз.

A) «Ешенге»

B) «Топ жарған»

C) «Жарлының жары берік-ті»

D) «Қалықтаған сұңқар ем»

E) «Ақтан жас»

Дұрыс жауабы: A) «Ешенге»

Бұл өлеңінде Ешен сияқты өзін әулие көрсетіп, бірақ дін жолын теріс жүргізетін молданың іс-әрекетін сынға алады.Басқа жауаптар дұрыс жауап бола алмайды. «Ақтан жас» өлеңінің авторы Дулат Бабатайұлы болғанымен, бұл шығармасында ақын Ақтанға арнау арқылы жалпы жасқа деген тілек-арманын жеткізеді. Ал «Жарлының жары берік-ті» және «Қалықтаған сұңқар ем» өлеңдерінің авторы Шортанбай Қанайұлы.

Қазақ әдебиеті, 9-сынып, Т. Ақшолақов, Т. Жұмажанова, С. Қалиев, С. Дүйсебаев, Алматы «Мектеп» 2013 жыл,175-бет.


12. А. Құнанбайұлының өлеңін табыңыз.

A) «Білектей арқасында өрген бұрым»

B) «Жарлау»

C) «Шәкірттерге»

D) «Ақ сәуле»

E) «Қалиға»

Дұрыс жауабы: A) «Білектей арқасында өрген бұрым».

Басқа жауаптар дұрыс бола алмайды. Себебі «Жарлау», «Шәкірттерге», «Ақ сәуле»өлеңдерінің авторы С.Торайғыров. Ал «Қалиға» өлеңін Ж.Жабаев жазған.

Қазақ әдебиеті, 9-сынып , Т. Ақшолақов, Т. Жұмажанова, С.Қалиев, С.Дүйсебаев, Алматы «Мектеп» 2013 жыл, 235-бет.

13. Ә. Найманбаевтың арнау өлеңін анықтаңыз.

A) «Бараққа»

B) «Би Темірге»

C) «Дүтбайға»

D) «Жасболат болысқа»

E) «Мақпал»

Дұрыс жауабы: D) «Жасболат болысқа».

Басқа жауаптар дұрыс бола алмайды. Себебі «Бараққа» өлеңін жазған Д.Бабатайұлы. «Би Темірге» толғауының авторы Шалкиіз жырау. «Дүтбайға» өлеңі Абай Құнанбайұлының арнау өлеңі. Ал «Мақпал» - Әсет Найманбаевтың әні.

Қазақ әдебиеті, 10-сынып (ЖМБ), Қ.Алпысбаев, Б.Әбдіғазиұлы, Б.Сманов, Ж. Сәметова, Алматы «Мектеп» 2014 жыл


14. Ш. Құдайбердіұлының ақындық өнер, сөз тазалығы жайлы өлеңін белгілеңіз.

A) «Жастарға»

B) «Дүние мен өмір»

C) «Талап пен ақыл»

D) «Кәрілік туралы»

E) «Ескі ақындық»

Дұрыс жауабы: E) «Ескі ақындық»

Ақын «Ескі ақындық» деген өлеңінде халық мұрасын, ауыз әдебиетін, жыраулар поэзиясын аса жоғары бағалайды. Басқа жауаптар дұрыс бола алмайды. «Жастарға» өлеңінде ақын жастарға білім мен ғылым үйренудің шексіз пайдасын түсіндірсе, «Дүние мен өмір» өлеңінде өмірді қайтсе мәнді етуге болатыны жайлы сөз етеді. Ал «Талап пен ақыл» өлеңінде кемел адамға қажетті жекелеген қасиеттерді санамалап, жастарға ғибратты бағыт сілтейді. «Кәрілік туралы» өлеңінде жастық шақ пен кәріліктің арасындағы адам өмірінің заңды тізбегін көрсетеді.

Қазақ әдебиеті, 10-сынып (ҚГБ), С. Қирабаев, Ұ.Асыл, К. Құрманбай, Алматы «Мектеп» 2014 жыл, 170-бет.


15. Сәкеннің халықты өнер-білім үйретуге шақырған өлеңін анықтаңыз.

A) «Қырдан»

B) «Тұлпарым»

C) «Қамыққан көңілге»

D) «Кел, жігіттер»

E) «Қазақ сабағы»

Дұрыс жауабы: E) «Қазақ сабағы»

Басқа жауаптар дұрыс бола алмайды.  «Кел, жігіттер» атты өлеңі Кеңес дәуіріндегі азаматтық, саяси лириканың басы болып табылады. Бұл өлеңде ақын патша өкіметінің құлағанына қуана отырып, еңбекші халықты бостандық таңының атуымен құттықтады, өзі оны қарсы алуға аттанады. «Тұлпарым», «Қамаудан», «Сағындым», «Қамыққан көңілге», т.б. өлеңдерінде Сәкен күрес шындығының сұсты келбетін аша отырып, сол жолда шыныққан күрескер тұлғасын бейнеледі. 

Қазақ әдебиеті, 11-сынып (ЖМБ), Р.Нұрғали, Қ.Байтанасова, Ж.Аймұхамбет, Қ.Алпысбаев, Алматы «Жазушы» 2015 жыл, 132-бет.
16. І.Жансүгіровтің өлеңін белгілеңіз.

A) «Гималай»

B) «Құлагер»

C) «Сыр сандық»

D) «Көкшетау»

E) «Жайлауға көшу»

Дұрыс жауабы: A) «Гималай».

Басқа жауаптар дұрыс жауап бола алмайды. «Құлагер» өлеңінің авторы Ақан сері Қорамсаұлы. «Сыр сандық», «Жайлауға көшу» өлеңдері мен «Көкшетау» поэмасының авторы Сәкен Сейфуллин.

Қазақ әдебиеті, 11-сынып (ҚГБ), З.Қабдолов, С.Қирабаев, Х.Әдібаев, Алматы «Мектеп» 2015жыл, 114-бет.
17. Бейімбет Майлиннің шын есімін анықтаңыз.

A) Бекмұрат

B) Баймұрат

C) Бимағанбет

D) Беркімбек

E) Бекмағамбет

Дұрыс жауабы: C) Бимағанбет

Бейімбет (Бимағамбет) Жармағамбетұлы Майлин 1894 жылы бұрынғы Торғай облысы, Қостанай уезі, Дамбар болысындағы Ақтөбе деген жерде қазіргі Қостанай облысы, Таран ауданы, Майлин кеңшарында туған.

Қазақ әдебиеті, 11-сынып (ҚГБ), З.Қабдолов, С.Қирабаев, Х.Әдібаев, Алматы «Мектеп» 2015жыл, 99-бет.


18. «Аққан жасы сел болған,

Етегі толып, көл болған» өлең жолдарында құбылтудың қандай түрі қатысқандығын табыңыз.

A) Мегзеу

B) Келемеждеу

C) Кішірейту

D) Мысқыл

E) Әсірелеу

Дұрыс жауабы: E) Әсірелеу

Әсірелеу – өмірде кездесетін әртүрлі құбылыстарды немесе белгілі бір нәрсені шамадан тыс асырып айту тәсілі.

Қазақ әдебиеті, 9-сынып, Т. Ақшолақов, Т. Жұмажанова, С. Қалиев, С. Дүйсебаев, Алматы «Мектеп» 2013 жыл, 396-бет.
19. Ж.Молдағалиев шығармашылығының алғашқы жылдарында қандай тақырыптар жырланғандығын көрсетіңіз.

A) Экология мәселесі

B) Жеңіске деген сенім

C) Білім, ғылым

D) Егіншілік, аңшылық

E) Сөз өнері

Дұрыс жауабы: B) Жеңіске деген сенім

Ақын 1940 жылдан 1947 жылға дейін әскер қатарында болып, Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысқан. Алғашқы шығармаларында Отанға деген ерекше махаббат, халықты ерлікке шақыру, жеңіске деген үлкен сенім жатты. Осы ерекшеліктер Жұбан Молдағалиевтің 1949 жылғы "Жеңіс жырлары" кітабында анық байқалады.

Қазақ әдебиеті, 11-сынып (ҚГБ), З.Қабдолов, С.Қирабаев, Х.Әдібаев, Алматы «Мектеп» 2015жыл, 226-бет.
20. Ахмет Байтұрсынов 1913-1918 жылдар аралығында редактор болған газет атауы.

A) «Айқап»

B) «Ана тілі»

C) «Ақжол»

D) «Қазақ»

E) «Еңбекші»

Дұрыс жауабы: D) «Қазақ»

«Қазақ» газеті – 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым. «Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырушы, редакторы – Ахмет Байтұрсынұлы, оның өкілетті өкілі М.Дулатұлы болды. Басқа жауаптар дұрыс бола алмайды. "Айқап"  қоғамдық-саяси және әдеби журнал. 1911-1915 жылы Троицк қаласында басында айына бір рет, кейіннен айына екі рет шығып тұрған. Алғашқы редакторы – М.Сералин. «Ақжол» – Қазақстанның қоғамдық-саяси ойының және мәдени-ағарту ісінің дамуына ықпал еткен газет. 1920 - 25 жылдары Ташкентте,  1925 - 26 жылдары Шымкентте шығарылды. Алғашқы редакторы – С.Қожанов.

Қазақ әдебиеті, 11-сынып (ЖМБ), Р.Бердібай, Р.Нұрғали, Б.Ыбырайым,

Ж. Дәдебаев, Қ.Мәдібай, Алматы «Мектеп» 2015 жыл, 10-бет.

Бір немесе бірнеше дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары
1. Тайбуырылды баптаған Қобыланды батырдың сүйген жарын табыңыз

A) Қарлыға

B) Құртқа

C) Назым


D) Айман

E) Баян


F) Қыз Жібек

G) Шолпан

H) Қаракөзайым

Дұрыс жауабы: В) Құртқа. Басқа жауаптар дұрыс бола алмайды. Бұл тест тапсырмасында «Қобыланды батыр» жырына қатысты 2 кейіпкер бар: Қарлыға мен Құртқа. Бірақ Тайбурылды баптаған, Қобыландының сүйген жары – Құртқа ғана. Назым – «Қамбар батыр» жырының кейіпкері, Айман мен Шолпан – «Айман-Шолпан» жырының бас кейіпкерлері; Баян – «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың» бас кейіпкері, Қыз Жібек – «Қыз Жібек жырының» бас кейіпкері. Қаракөзайым – «Алпамыс батыр» жырының кейіпкері.

Қазақ әдебиеті, 6-сынып, Алматы, «Атамұра» 2015 жыл, 8-12-беттер.
2. Ғ. Мүсіреповтің драмалық шығармасын табыңыз.

A) «Қыз Жібек»

B) «Қазақ солдаты»

C) «Ашынған ана»

D) «Қос Шалқар»

E) «Еңлік-Кебек»

F) «Ұлпан»

G) «Ақан сері-Ақтоқты»

H) «Қанапия-Шарбану»

Дұрыс жауабы: A) «Қыз Жібек», G) «Ақан сері-Ақтоқты».

«Қыз Жібек» пьесасы 1934 жылы жазылып, 1935 жылы өңделіп, жеке кітап болып басылып шыққан. «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясы 1945 жылы жазылған. Басқа жауаптар дұрыс бола алмайды. «Ашынған ана», «Қос Шалқар» – Ғ.Мүсіреповтің әңгімелері болса, «Қазақ солдаты», «Ұлпан» – романдары. Ал «Еңлік-Кебек» драмалық шығарма болғанмен, оның авторы М.Әуезов те, «Қанапия-Шәрбану» пьесасының авторы – Ж.Аймауытов.

Қазақ әдебиеті (ҚГБ), З.Қабдолов, С.Қирабаев, Х.Әдібаев, т.б.11-сынып, Алматы, «Мектеп» 2015 ж.165-168-беттер.


3. Лиро-эпостық жыр(-лар)ды табыңыз.

A) «Толағай»

B) «Жүсіп хан»

C) «Ер Тарғын»

D) «Қобыланды батыр»

E) «Қыз Жібек»

F) «Алпамыс батыр»

G) «Қамбар батыр»

H) «Алып ер Тұңға»

Дұрыс жауабы: E) «Қыз Жібек».

«Қыз Жібек» жыры лиро-эпостық жырға жатады. Басқа жауаптар дұрыс жауап бола алмайды. «Толағай» – аңыз әңгіме негізінде жазылған әдеби ертегі, авторы Ә.Тәжібаев. «Жүсіп хан» ертегі поэма үлгісінде жазылған М.Жұмабаевтың шығармасы. «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр» жырлары эпостық жырларға жатады. «Алып ер Тұңға» дастаны ежелгі дәуір әдебиеті мұрасына жатады, жоқтау үлгісінде жазылған дастан.

Қазақ әдебиеті, Т.Ақшолақов, Т.Жұмажанова т.б. 9-сынып, Алматы «Мектеп» 2013 жыл, 44-бет.


4. Шәкәрім поэмаларын табыңыз

A) «Медғат-Қасым»

B) «Ескендір»

C) «Айсұлу-Нартайлақ»

D) «Масғұт»

E) «Батыр Баян»

F) «Сұлушаш»

G) «Ләйлі-Мәжнүн»

H) «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»

Дұрыс жауабы: C) «Айсұлу-Нартайлақ», G) «Ләйлі-Мәжнүн». Қалған жауаптар дұрыс бола алмайды. Өйткені «Медғат-Қасым» поэмасының авторы Мағауия Абайұлы болса, «Ескендір», «Масғұт» поэмаларын Абай Құнанбайұлы жазған. «Батыр Баян» поэмасының авторы М.Жұмабаев. «Сұлушаш» поэмасын С.Мұқанов жазған. Ал «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры халық ауыз әдебиетінің лиро-эпостық жыр түріне жатады.

Қазақ әдебиеті, Қ.Алпысбаев, т.б. 10-сынып, Алматы «Мектеп» 2014 ж. 96-бет.
5. Дулат Бабатайұлының өлең(-дер)ін табыңыз.

A) «Абайдың суретіне»

B) «Артықша туған азамат»

C) «Анаңнан асыл бар ма?!»

D) «Аягөз, қайда барасың?!»

E) «Еділ бол да , Жайық бол»

F) «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы»

G) «Жетісу суреттері»

H) «Әр нәрсенің парқы бар»

Дұрыс жауабы: C) «Анаңнан асыл бар ма?!», D) «Аягөз, қайда барасың?!». Қалған жауаптар дұрыс бола алмайды. «Абайдың суретіне», «Артықша туған азамат» өлеңдерінің авторы Ж.Жабаев. «Еділ бол да, Жайық бол» толғауының авторы Асан қайғы. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңінің авторы Абай Құнанбайұлы. «Жетісу суреттері» өлеңін І.Жансүгіров жазған. «Әр нәрсенің парқы бар» өлеңі Базар жыраудың шығармасы.

Қазақ әдебиеті, Қ.Алпысбаев, т.б. 10-сынып, Алматы «Мектеп» 2014 ж. 96-бет.
6. М. Мақатаевтың өлең(-дер)ін табыңыз.

A) «Қайырлы түн»

B) «Оюлар»

C) «Қара өлең »

D) «Үш бақытым»

E) «Домбыра»

F) «Менің Республикам»

G) «Қазағым менің»

H) «Ар-ұят туралы»

Дұрыс жауабы: A) «Қайырлы түн», C) «Қара өлең», D) «Үш бақытым». Басқа жауаптар дұрыс бола алмайды. «Оюлар» өлеңінің авторы Ф.Оңғарсынова, ал «Домбыра» өлеңін І.Жансүгіров жазған. «Менің Республикам» өлеңінің авторы С.Мәуленов. «Қазағым» өлеңін К.Ахметова жазған. «Ар-ұят туралы» өлеңінің авторы Ж.Молдағалиев.

Қазақ әдебиеті, К.Ісләмжанұлы, т.б. 6-сынып, Алматы, «Атамұра» 2015 жыл, 184-186-беттер.

7. Абай өлең(-дер)ін белгілеңіз.

A) «Кеңесбайға»

B) «Бараққа»

C) «Мәз болады болысың»

D) «Залым төреге»

E) «Малға достың мұңы жоқ»

F) «Әй, жігіттер»

G) «Жастарға»

H) «Насихат»

Дұрыс жауабы: C) «Мәз болады болысың», E) «Малға достың мұңы жоқ». Басқа жауаптар дұрыс бола алмайды. Себебі «Кеңесбайға», «Бараққа» өлеңдерінің авторы Д.Бабатайұлы. Ал «Залым төреге», «Әй, жігіттер»

өлеңдерін Ы.Алтынсарин жазған. «Насихат» өлеңінің авторы Ш.Құдайбердіұлы.

Қазақ әдебиеті, Қ.Алпысбаев, т.б. 10-сынып, Алматы «Мектеп» 2014 ж. 96-бет.
8. Біржан салдың өлең(-дер)ін табыңыз.

A) «Айтбай»

B) «Гәкку»

C) «Шалқыма»

D) «Гауһар қыз»

E) «Қос алқа»

F) «Желдірме»

G) «Ләйлім шырақ»

H) «Қос перне»

Дұрыс жауабы: A) «Айтбай», G) «Ләйлім шырақ». Басқа жауаптар дұрыс бола алмайды. Себебі «Гәкку», «Шалқыма» туындыларын Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы жазған болса, «Гауһар қыз» өлеңінің авторы Жаяу Мұса Байжанұлы. Ал «Қос алқа», «Желдірме», «Қос перне» өлеңдерін Балуан Шолақ Баймырзаұлы жазған.

Қазақ әдебиеті, Қ.Алпысбаев, т.б. 10-сынып, Алматы «Мектеп» 2014 ж. 192-бет.

9. Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» поэмасындағы кейіпкер(-лер)ді табыңыз.

A) Еңлік

B) Тоқтамыс

C) Кебек

D) Көкенай

E) Матай

F) Баян


G) Әнет баба

H) Нысан абыз

Дұрыс жауабы: D) Көкенай, G) Әнет баба.

Бұл тест тапсырмасында «Қалқаман-Мамыр» поэмасына қатысты 2 кейіпкер бар: Көкенай және Әнет баба. Басқа жауаптар дұрыс бола алмайды. Себебі Еңлік, Тоқтамыс, Кебек, Нысан абыз «Еңлік-Кебек» поэмасының кейіпкерлері болып табылса, Матай осы поэмада аталатын ру аты. Ал Баян – М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасының кейіпкері.

Қазақ әдебиеті, С.Мақпырұлы, т.б. 8-сынып, Алматы «Мектеп» 2016 ж. 101-112-беттер.

10. І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын құрайтын романдарды табыңыз.

A) «Ботагөз»

B) «Алмас қылыш»

C) «Абай жолы »

D) «Ғашықтар»

E) «Жанталас»

F) «Алтын құс»

G) «Ақ Жайық»

H) «Қаһар»

Дұрыс жауабы: B) «Алмас қылыш», E) «Жанталас», H) «Қаһар».

І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында бес ғасырлық оқиға, яғни, XV-XIX ғасыр аралығындағы Қазақ хандығы өмір сүрген кезең суреттеледі.

Басқа жауаптар дұрыс бола алмайды. Өйткені «Ботагөз» романын С.Мұқанов жазса, «Абай жолы» романының авторы М.Әуезов. Ал «Ғашықтар», «Алтын құс» романдарының авторы І.Есенберлин болғанымен, бұл шығармалар «Көшпенділер» трилогиясын құрайтын романға жатпайды. Ал «Ақ Жайық» романының авторы Хамза Есенжанов.

Қазақ әдебиеті (ҚГБ), З.Қабдолов, С.Қирабаев, Х.Әдібаев, т.б.11-сынып, Алматы, «Мектеп» 2015 ж.




Каталог: upload -> iblock
iblock -> Сабақтың тақырыбы: «Әліппенің атасы»
iblock -> М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат
iblock -> Өзі де, сөзі де бөлек дара тұлға Ауызша журнал: Талғампаз өнер иесі
iblock -> №4 қалалық кітапхана Құрастырған
iblock -> Аты-жөні Марапаттау кезіндегі қызметі
iblock -> Абай Құнанбаев- қазақ жазба әдебиетінің
iblock -> Абай Құнанбаев қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Мақсаты
iblock -> Составитель: библиограф цгб
iblock -> Сабақтың тақырыбы: Шортанбай Қанайұлы
iblock -> Сабақтың тақырыбы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет