Олимпиадаға сапалы дайындау – ОҚушылардың зияткерлік әлеуетін қолдаудың тиімді жолы качественная подготовка к олимпиаде-эффективный способ поддержки интеллектуального потенциала учащихся



бет3/4
Дата25.04.2020
өлшемі33,87 Kb.
#64706
1   2   3   4
Байланысты:
Олимпиада ұлттық зияткерлік элита қалыптастырудың тиімді жолы (1) апайға

ANNOTATION

The article describes the tasks of subject Olympiads held on a permanent basis in Kazakhstan. The analysis and generalization of various Olympiads that are held in the Republic is carried out in our Republic. There is a systematic approach to work with gifted children, and the lack of specific programs. The absence of special organizations that monitor the quality of subject Olympiads, analyzes the results of final certification, also negatively affects the quality of the Olympiad. As they say, talented young people in ordinary schools, especially children with disabilities, are ignored during the Olympics.

Noting the best practices of some schools in preparing for the Olympics, Kazakhstan noted the current issues of preparing the Olympic reserve in the secondary education system.


Білім - адам баласының үлкен еңбекпен қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі. Күнделікті өмірді, ғылымды, саясатты, ара қатынасты, өндірісті, өзін қоршаған табиғи және қоғамдық қатынасты тану барысында жинақталған әлеуметтік тәжірибесі адамзаттың жадында білім болып жинақталады. Осы жинақтаған тәжірибесін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, болашаққа жол сілтеу арқылы адамзат бүгінгі өркениетке жетті. Сондықтан да тәжірибемен бөлісуді өркениетті саяси әлеуметтенудің қозғаушы күші деуге болады. Түрлі ғылым салаларының көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан қазіргі заманда білімнің терең сырына баланы ерте жастан бейімдеу – елдің ертеңгі деңгейіне жоспарлы дайындық. Жасында алған білімін тасқа басқан таңбаға балаған халқымыздың білім берудегі ұстанымы бүгінде еш маңызын жойған жоқ. Адам жадының таза жас кезінде алған білімі логикалық ойлау формасын дамытып, ғылымға деген сүйіспеншілігін қалыптастырады, болашаққа бағдарын айқындауға мүмкіндік береді.

Қазіргі білім беру жүйесіндегі ғылым мен білім бәсекесінің алғашқы әрі маңызды баспалдағы – мектеп қабырғасындағы пән олимпиадалары мен жоба жарыстары. Аталмыш шаралар – оқушыны білімге тартып, ғылымға икемдер алғашқы саты, бала санасына ғылымның алғашқы ізденістерін қалыптастырып, болашақта ғылымға баулитын, ғылымға қызығатын жастарды қалыптастыратын ең үлкен жүйелі бәсеке. Әлемнің дамыған мемлекеттерінің баршасында өте жоғары деңгейде жолға қойылған, кейде әлемдік білім сапасын, орта білімнің деңгейін, жоғары білімнің өресін бағалайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Білім берудегі негізгі міндеттер – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіпке үйретуге бағытталған біліммен қамтамасыз ету. Білім беру оқытумен қатар оқушының өз бетімен жалықпай іздену негізінде жүзеге асырылады. Мұғалім оқыта отырып, білім алушыны әлеуметтендіріп, танымын, білімін, дағдысын, дүниеге деген көзқарасын нық қалыптастыруға ықпал ету керек. Оқушылардың адамгершілік, интеллектуалды, мәдени дамуының жоғары болуы кәсіптік біліктілігіндегі жоғары деңгейге қол жеткізуге ықпал етеді. Білімді, біліктіліктің арттырудың жолдары тек ақпараттармен қаруландырып, құр білім берумен ғана шектелмейтінін ескеру керекпіз.

Пән олимпиадаларының мақсаты – студенттердің алған білім саласы бойынша интеллектуалдық, логикалық ойлау шеберліктерін арттырып, жүйріктік, тапқырлық т.б. қасиеттері тұрғысынан дағдыларын шыңдау. Жастардың бойындағы дарындылық, білімділік сынды озық қасиеттерін насихаттап, көпшілікке таныту, жастардың жеке кәсіби әлеуетін, шығармашылық қабілеттерін шыңдау. Студенттердің толыққанды жеке тұлға ретіндегі ұстанымын орнықтыру. Ойдан-ой қозғап, бәсекеге төтеп бере алған ұтқыр шешімдерімен таңқалдыратын нағыз таланттарды дайындау.

Оқушылар зияткерлік әлеуетін дамытудағы пәндік олимпиадалар талантты оқушыларды анықтауда маңызды рөл атқаратынын атап өту керек. Бұндай жарыстардың мақсаты – оқушылардың интеллектуалды дамуы үшін өз ақыл-ойы мен шығармашылық қабілеттерін одан әрі жетілдіруге бағыт беру, шабыттандыру, олардың әлемнің кең көрінісіне қосылуына ынталандыру. Барлық жерде, соның ішінде ойын-жарыстарда не оқу керектігін, қандай мәселеге назар аударған дұрыстығын түсіну маңызды.

Нақты оқу орындарының профильді іс-шараларында олимпиаданың мақсаттары мен миссиялары ретінде «неғұрлым интеллектуалды дамыған оқушыларды анықтау» немесе «балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, зияткерлік әлеуетін ашу және жаңа таланттарды анықтау» көрсетілген [1;21]. Қазіргі жастардың ой-өрісін шыңдап, зияткерлік әлеуетін қолдау, елдің зияткерлік элитасының іргетасын қалау, жастармен жұмыс жасау арқылы олардың интеллектісін және шығармашылық қабілетін дамыту – пән олимпиадасының маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.

Олимпиадаға қатысушының шығармашылық әлеуетін дамытуды зерттеген Ресей ғалымы Е.В.Рыбак: «Шығармашылық – көп қырлы және әлі зерттеуді қажет ететін қабілет» – дейді. Зерттеушілер дәл осы процесс жердегі бүкіл дүниені қалпына келтіруге және өзін-өзі сақтауға ықпал етеді деп санайды. Ол жаңарту және жетілдіру сияқты процестермен тығыз байланысты. Ғылыми классикада тұлғаның шығармашылық дамуы туралы мәселе жеткілікті түрде зерттелген. С.Л.Рубинштейн, Ю.К.Бабанский, Г.С.Альтшуллер, А.Н.Лук, Ю.А.Самарин, В.А.Кан-Калик, Н.Д.Никандров және т. б. ғалымдардың еңбегі соның дәлелі [1;24].



Көптеген зерттеушілер тұлғаның шығармашылық даму деңгейіне баса назар аударады. Жалпыланған модель төмендегідей критерийлерді көрсетеді:

  • Креативті деңгей – шығармашылық өнімнің барлық өлшемдеріне жауап бермейтін, шешімі жоқ өлшемдерге күтпеген жерден жауап табылатын қабілет;

  • Репродуктивті-шығармашылық (формальды) деңгей – шығармашылық өнімде жаңалық элементтері көрінеді, бірақ шын мәнінде ол жаңалық белгілі бір форманың өзгертілген түрі;

  • Ашылулар деңгейі (инсайт) – мақсатты түрде шығармашылық өнім жасауда жаңа идея ұсыну;

  • Нақ шығармашылық деңгей – шығармашылықтың барлық өлшемдеріне жауап беретін өнімнің пайда болуы.

Ғалымдар оқушының шығармашылық дамуы үшін аталмыш құзыреттіліктердің болуын маңызды деп санайды.

  • Құндылықты бағалау (өмірдің мақсаты мен мәнін ұғыну);

  • Жеке өзін-өзі жетілдіру құзыреттілігі (физикалық, рухани және интеллектуалды өзін-өзі дамыту, эмоциялық өзін-өзі реттеу және өзін-өзі қолдау тәсілдерін меңгеру);

  • Танымдық құзыреттілік және ақпараттық құзыреттілік (қажетті ақпаратты өз бетінше іздеу, талдау және іріктеу, ұйымдастыру, қайта құру, сақтау және беру);

  • Жалпы мәдени және коммуникативтік құзыреттілік [4, 31-32].

Пәндік олимпиада – балалар мен жастардың зияткерлік-шығармашылық қызметі саласындағы сынақ, жарыс. Оған жоғары зияткерлік әлеуеті бар оқушылар қатысады. Бәсекеге қабілетті күресте үздіктер анықталады. Олимпиададағы жеңіс – оқушы үшін өзінің интеллектуалдығын және дарындылығын растаудағы маңызды қадам. Оқушы осы жеңіске жету үшін көп тер төгеді, көп еңбек етеді. Сондықтанда психологиялық тұрғыдан баланы терең танудың маңызы зор. Егер оқушының жеке ерекшеліктері мен қызығушылығын ескерместен, баланың білімін арттыратын тапсырмаларды шамадан тыс жүктей берсе, зияткерлік дамудың кері жағы – «зияткерлік дағдарыс» пайда болуы мүмкін. Сол себептен де мектеп оқушыларының өз бағытын бірден өзгертіп, олимпиадаға басқа пәннен қатысуға қызығушылық білдіруі жиі байқалып отырады. Кейде интеллект дамуының белгілі бір (жоғары, өте жоғары) деңгейіне жеткен кезде оқушы бойында шығармашылық қабілеті болмашы ғана деңгейге көтеріледі, демек жоғары интеллектуалдық деңгейі бар тұлға жоғары шығармашылық әлеуетке ие бола алуы да, ие бола алмауы да мүмкін деген пікір де айтылады [2;49-65]. Сонымен қатар олимпиадаға қатысушы оқушының басқа пәндерден «нашар баға» аламын немесе тапсырмаларды уақытында орындай алмай қаламын деген ойы қорқыныш пен үрей туғызуы мүмкін. Алайда олимпиаданың бірегей даму ортасы ретінде білім алушылардың интеллектуалды қалыптасуы үшін зор әлеуетке ие екенін мойындау керек. Бір бейінді пәндік олимпиадалар (химиялық, математикалық және т.б.) тар ауқымды мамандану шеңберінде оқушылардың зияткерлік дамуына ықпал етеді, олардың кәсіби бағытын айқындайды, таңдаған бағытын тануға мүмкіндік береді. Көпбейінді олимпиадалар тар ауқымды мамандану олимпиадаларына қарағанда, қатысушылардан ақыл-ойдың зияткерлік сапа ретінде кеңдігін талап етеді және одан да көп интеллектуалды шиеленіс туғызады. Оқушыларды дайындау барысында, олимпиадалық тапсырмаларды әзірлеу кезінде педагогтардың да зияткерлік әлеуетінің де қарқынды дамуы маңызды. Себебі мұғалімнің шығармашылық әлеуетті, ғылыми және кәсіби эрудицияны барынша пайдалана білуі, пәнаралық байланыстарды орната алуы, сыни талдау жасай алуы оқушылардың зияткерлік қабілеттерін арттыруға ықпал етеді.

Заманауи түсінікте интеллектіні таным процесін жүзеге асыру және мәселелерді тиімді шешу қабілеті ретінде қарастырылады, мысалы, жаңа өмір сүру ортасына түскенде интеллект өз функциясын атқарады. Интеллект ұғымын ойлау категориясымен, адамның білім алу және мәдени дамуының жалпы деңгейімен немесе оқуға қабілеттілікпен алмастыруға болмайды. Интеллект – адамның рационалды, креативті, проблемалық, жан-жақты, кешенді, мақсатты, кумулятивті ойлау қабілеті [1;22].

Оқушылардың жоғары зияткерлік қабілеттерінің белгілері ретінде мынадай ерекшеліктерді көрсетуге болады:


  1. танымдық белсенділік;

  2. зейінділік;

  3. есте сақтау;

  4. логикалық жұмыстағы дербес, ерекше ойлау қабілеттілігі.

Қазіргі психологиялық ғылым контекстінің тар мағынасында «интеллект» концептісі зияткерлік, адамгершілік, көшбасшылық, ұйымдастырушылық, шығармашылық, ықпал ету және дамуы сияқты әлеует түрлерін қарастырады. Мысалы, Б.Г.Ананьев зияткерлік әлеуетке адам дамуы әлеуетінің жалпы жиынтығында ерекше орын береді. Ол интеллектуалдық әлеуетті адамның нақты зияткерлік мүмкіндіктері, оның әрекет етуге дайындығын, сондай-ақ «іске асырылмайтын зияткерлік қасиеттер, зияткерлік резервтер» деп қарастырады [2;23].

Пәндік олимпиадалардың білім алушының әлеуметтенуіне де ықпал ете алатын әлеуеттері бар екені айтылу керек. Пәндік олимпиада өзіне ғана тән бірқатар функцияларды орындайды. Бұл функциялар:

  • білім беруді жеке тұлғаның сұраныстарын қайта бағдарлайды, оның жеке тұлғаға айналуына көмектеседі;

  • өзіне шығармашылық тәсілдің негізі болып табылатын жүйелі ойлаудың ғылыми формаларын қалыптастырады;

  • білім алушылардың теориялық қабілетіне сай оқыту процесін қайта бағдарлап, ол арқылы тиімді шешім қабылдап үйренуге дайындайды [1;35].

Егер пән олимпиадасына қатысатын оқушылармен сапалы және жүйелі дайындық жүргізілсе, баланың білім алуға деген құштарлығы еселеніп, оқушының алғырлығы арта түсетіні ғылымда дәлелденіп келеді. Сапалы әрі жүйелі дайындық – тек баланың ғылымға ғана көзқарасын қалыптастырып қоймай, болашаққа деген үмітін оятып, өзіне деген сенімін нығайтып, биік мақсаттар қоя алатын тұлға тәрбиелеуде қажетті дағдыларды қалыптастырады. Ғылыммен тұрақты айналысу арқылы білімін арттыру дағдысын қалыптастырған олимпиада жеңімпаздарынан болашақ қазақ ғылымына ертеңгі үлес қосатын тұлғалардың қалыптасатыны шүбәсіз. Әр түрлі деңгейдегі пәндік олимпиадалар оқушылар мен студенттердің зияткерлік әлеуетін дамыту және көрсету үшін бірегей орта болып саналады деген қорытынды жасауға болады. Олимпиада орта ретінде тек фактор ғана емес, сонымен қатар тұлғаның даму шарты, әлеуметтік қызмет пен қарым-қатынас өрісі. Олимпиада – ұлттың зияткерлік элитасын қалыптастырудың тиімді жолдарының бірі. Алайда, әр түрлі олимпиадаларды өткізудің соңғы мақсаты – жас дарындарды анықтау, неғұрлым оқушыны мүмкіндігінше ертерек интеллектуалдық қызметке тарту. Бірақ, өкінішке орай, сол жолда қандай жұмыс дұрыс, қандай жұмыс қате орындалып жатқандығын қазіргі таңда Қазақстанда ешкім тексеріп, статистикасын жасап, тиімді жолдарын көрсетіп жатқан жоқ.

Еліміздегі пән олимпиадасына дайындауда қазіргі таңдағы орта білім жүйесінде орын алып жүрген кемшіліктер жоқ емес. Біріншіден, бүгінде пән олимпиадаларына қатардағы орта мектептердің баса мән бермеуі, елдегі дарынды балаларға арналған мектептер мен санаулы сапалы білім беріп жүрген лицей-гимназия оқушыларының негізгі жүлделерді иемденуі ойымызға дәлел болады. Қатардағы орта мектептерден жүлде алған оқушылардың саны саусақпен санарлық.

Екіншіден, шәкірттерді бейінді пәніне дайындау барысында ұстаздар тарапынан үлкен қателік бой алып жатады. Мұғалім өз пәнінен белсенді санайтын оқушыны олимпиадаға дайындауға тырысады. Жалпы үлгерімі жақсы, ғылымға бейім бұл оқушыға екінші пән оқытушысының да көзі түседі. Екі мұғалімнің арасындағы таласқа ұласқан бұл әрекет оқушының өзіне таңдау қалдырмайды. Мұғалімді оқушының болашағынан гөрі, қайтсе де олимпиададан орын әкелуі көбірек қызықтырады. Мұғалімге санат дәрежесін (категориясын) көтеру үшін оқушысының олимпиададан жетістігі қажет. Мұғалімнің жетістігі үшін оқушының болашағына бағдар беретін жолы көмескіленеді. Оқушы өзі ұнатқан жанына жақын пәнмен айналыспайды, мұғалімнің бағыттауымен басқа пәннің жетегімен кетеді. Орта мектеп бітіріп, мамандық таңдау кезінде бұл оқушы қатты қиналады. Ұлттық бірыңғай тестілеуден өткенде бірнеше жыл білім мен тәжірибе жинаған пәнді таңдау керек пе немесе өзі ұнататын мамандықты таңдап басқа пәнге дайындалуды керек пе деген мәселе алдынан шығады.

Үшіншіден, дарынды оқушылармен жұмыс жасау жүйесі жасалмаған, оны қадағалап бағдарлама жасайтын арнайы сарапшылар да жоқ. Тек олимпиадаға қатысушы санын толтырып, орын алушылардың санын арттыруға назар көп бөлінеді. Жоғарыда ескерткеніміздей, оқушының ол салаға қызығушылығы бар ма, жоқ па ешкім онымен санаспайды. Осындай олқылықтардың кесірінен білім олимпиадалары өз нәтижесін қажетті деңгейде көрсете аламайды. Қызығушылығы жоқ пәнге жүйелі дайындалмаған баланың әр жарыста талабы мұқалып, меселі қайтады. Нәтижесінде пән олимпиадалары олар үшін алынбайтын қамал немесе тек мұғалімнің көңілі үшін барған еш мағынасы жоқ жиынға айналады.

Төртіншіден, білім жарысына дайындық барысында жай тапсырма орындатудан басқа пәннің теориялық мазмұнына баса мән беру керек деп ойлаймыз. Ол үшін әр мектепте мамандандырылған арнайы зертханалар ашылса, арнайы ғылыми институттарға экскурсия жасалып, өзекті ғылыми теориялық мәселелермен олардың шешімімен танысып отыруға мүмкіндіктер жасалу керек [3;121-123]. Пәннің ерекшелігіне қарай лабораториялық тәжірибелердің де маңызы зор. Алған теориялық білімін өмірде пайдалана білу оқушының ғылымға деген ықыласын артырады. Ал мұндай бастама ғылымға талпынуға, жеңіске талмай жетуге апарар бірден бір жол.

Бесіншіден, оқушының ұлттық генетикасы ескерілмеген жағдайда оның дарыны мен қабілеті толығымен ашыла коюы екіталай деген ғылыми пікірге назар аудару керек [4;52]. Зияткер ұрпақ тәрбиелеу үшін ұлтқа ден сүйіспеншілік пен ұлтжандылықты қалыптастыру маңызды. «Жастар – біздің болашағымыз» дейтін болсақ, сол жастарымызды ұлтын сүйетін ұлтжанды, Отанын сүйетін патриот, жоғары адамгершілік иесі, ұлттық рухы биік парасатты азамат етіп тәрбиелеу, әлеуметтендіру, заман талабына сай етіп тәрбиелеу – біздің өмірлік парызымыз.

Алтыншыдан, олимпиадаға дайындайтын мұғалімдерге қосымша оқыту курстары тұрақты ұйымдастырып, біліктілігін арттыратын лабораториялар құру қажет. Қазақ тіліндегі әдістемелік құралдардың тапшылығын да ескеру керек.

Алтыншыдан, оқушы мен бірге мұғалімдерді ынталандыру үшін марапаттауларды назардан тыс қалдырмаған дұрыс.

Халықаралық олимпиадаларда жоғары көрсеткіш көрсетіп жүрген Білім-инновация лицейлерінің тәжірибелерін республикаға таратудың маңызы бар деп ойлаймыз. Бұл лицейлердегі ең басты ерекшелік 7-11 сынып оқушыларынан тұратын олимпиадалық резервті қалыптастырады. Жоғары сынып оқушылары төменгі сынып оқушыларын олимпиадаға дайындайды, өз тәжірибелерімен бөліседі. Яғни олимпиадаға қатысушы үйрете отырып, үйренеді. Бұл үрдіс жылдан-жылға жалғасын таба береді. Олимпиадалық топтың аға буыны саналатын түлектер белгілі бір жетістікке қол жеткізген соң, өз тарапынан да оқушыларға қолдау көрсетеді, арнайы степедиялар тағайындауы да мүмкін. Бұл үрдістің сақталуына ұйытқы болатын, ұйымдастыратын – сол пәннің олимпиадаға дайындайтын мұғалімі. Сонымен қатар бұл лицейлердің ерекшелігі олимпиадаға қатысатын оқушылармен түрлі іс-шараларды жиі ұйымдастыруы, мотивация беретін арнайы жұмыстар жасауы. Олимпиадаға дайындайтын мұғалімнің аптасына бір күнді арнайы белгілеп, сабақтан тыс уақытты өз шәкірттерімен өткізуінің де маңызы зор.

Байқап отырсақ, жоғарыдағы көрініс дарынды балаларды анықтап, олардың мүмкіндігін ғылым саласында байқауға саламыз. Еш кедергісіз тек табанды дайындық пен жүйелі оқытудың мәселесіне ғана назар аударылады. Бірақ қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі мүгедек балалардың да интеллектуалды – шығармашылық қабілетінің сайысқа түсетінін ұмытпаған жөн. Олимпиада, Сурдолимпиада және Паралимпиада ойындарының қағидалары зияткерлік сайыстарда да қолданылады. Шектеулі қабілеті, баланың мүгедектігі жеке тұлғаның интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетінің көрінуіне шектеу болып табылмайды. Мұндай оқушылар мен студенттер үшін әлеуметтік жұмыс бойынша қашықтықтан, сырттай байқау - олимпиадалары өткізілуі мүмкін [5;78]. Қашықтықтан өткізілетін олимпиадаларының жүйесі жалпы қабілеті жоғары балаларға өзінің зияткерлік әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді және осындай балалардың жақсы әлеуметтенуіне ықпал етеді. Байқағандарыңыздай, тек қабілеті жоғары, талантты балалардың әлеуметтенуіне көп көңіл бөлдік. Ал қабілеті ашылмаған, мұғалім назарынан тыс қалған, таланттылардың көлеңкесінде қалып қойған оқушыларымызды қашан танымақпыз деген де сұрақ келеді ойымызға. Осындай мәселелерді шешу жолында қашықтықтан өткізілетін олимпиадаларда жоғарыда аталған оқушылар мен студенттерге бағын сынап көруге әбден болады деген ойдамыз. Шығармашылыққа, әлеуметтендіруге баулуда бізге бұл олимпиаданың мүмкіндіктерін қайта қарап, дамыту керек деген ойдамыз. Қоғам алдында тек білімді ғана емес, өзінің дербестігі мен жауапкершілігін сезінетін, қоғамдық сана-сезімі оянған, парасаты мен ар-ожданы биік, іскер, қабілетті, шығармашыл, нарық жағдайында бәсекелестікпен еңбек ете білетін, әрбір жұмыстың пайдалы көзін тауып, өзінің таңдаған мамандығына деген білімділігін, біліктілігін көрсете білетін азамат тәрбиелеу қазіргі қоғамның талабы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет