«Өлке тарихын мектепте оқыту әдістемесі»



бет6/9
Дата01.05.2018
өлшемі5,34 Mb.
#40345
1   2   3   4   5   6   7   8   9

Жоңғарлармен соғыс. Бірде бәсеңдеп, бірде өршіген қазақ-жоңғар соғыстары екі жүз жылдан астам уақытқа созылды. Біздің өлкемізде бірнеше қанды шайқастар болған. 1702-1703 жылдары қазақ жасақтары бірмезгілде Жоңғарияға және Еділ қалмақтарына шабуыл жасады. Олар негізгі соққыны Жоғарғы Ертістің бойында берген. Қоңтәжіге Тобылдан жіберілген елші күнделігінде былай деп жазады: “Қазақ ордасынан қоңтәжінің үргесіне қашып келгендердің мәліметінше, төрт мыңнан астам қазақтар Ертіс өзенінің бойына, екі мыңнан астамы Астраханға, Аюкеге қарай, қалғандары Ямыш көліне қарай бет алып кетті...” - делінген.

1713 жылы жоңғар әскері қарсы шабуылға шығуға дайындалды. Тіпті олар Ямышев қорғанын қоршап та алды. 1717 жылы Аягөз өзенінің бойында, орманды жерде шешуші үлкен шайқас болды. Ұлы апат жылдары әскерді ұйымдастыруда керемет шеберлік көрсеткен, шайқастарда алдыңғы қатарда болған біздің жерлесіміз Қабанбай батыр.

1752-1754 жылдары қазақ әскерлері жоңғарларды Тарбағатай жотасының оңтүстігі мен солтүстігінен тықсыра қуып, Балқаш, Іле және Қаратал өзені бойындағы жоңғарларды ығыстырды. Оңтүстік жасақтың қолбасшысы Қабанбай батыр, Қаракөл, Нарын, Ұржар, Қатынсу, Алакөл, Барлықты жоңғарлардан босатып, солтүстік жасақ Бөгенбай батыр әскерімен кездесті. Баспан-Базар, Шорға, Маңырақтағы шайқастан кейін, Зайсан, Марқакөл, Күршім жерлері азат етілді.

Әлсіреген жоңғар хандығы қазақтардан жеңіліс тапқаннан кейін, ішкі алауыздықтан бытырап бара жатқан әскеріне Цин императоры соққы береді. Алғашқыда өз халқына, сосын қытайлықтарға опасыздық жасаған жоңғардың соңғы ханы Әмірсана Жоңғариядағы билігін нығайтпақ болып, өзінің бұрыңғы жауы Абылай ханнан көмек сұрайды. Абылай бұл іске араласа бастағанда, Цин империясының әскері қазақтарға шабуыл жасайды.

1756 жылдан 1757 жылға дейін Абылай сұлтан Цин әскерімен соғысады. Қарқаралы тауының Жарлы өзені бойындағы Шаған Оба ауданында қазақтар жеңіліс табады. 1756 жылдың аяғына қарай әскери қимылдар Жоңғар территориясында болады. 1757 жылы жазда Тарбағатайдың солтүстік тарамында қытай әскері мен Абылай хан жасағының арасында соңғы шайқас өтеді.

Жер мәселесі шешілмеген күрделі жағдайда қалды. Қазақтар Ертіс,Іле, Тарбағатайтағы жайылымдарды қайтармақ болды. Қытайлар бұрын Жоңғарияға қараған жерлердің барлығынан дәмелі еді. 50-жылдардың аяғында бұл мәселе дипломатиялық жолмен шешілді.Қытай үкіметі 1767 жылы Тарбағатай және Іле аудандарына қазақтардың көшіп қонуына, рұқсат етіп, жерді жалға берді.

3. Қазақ батырлары-Шығыс Қазақстан тумалары. Атақты қазақ батыры азан шақырып қойған есімі – Ерасыл (1681-1791ж.ж.). Халық кейін оны Қаракерей Қабанбай деп атап кеткен. Ол қатардағы сарбаздан бүкіл қазақ мойындаған қазақ әскерінің бас қолбасшысы дейінгі жолдан өтті. 1718 жылы Жауғашар батырмен бірге Аягөздегі шайқасқа қатысты. Осы шайқаста асқан батырлығымен көзге түскендіктен оны Қабанбай батыр деп атап кеткен. Қабанбай қазақ жасақтарына қолбасшылық жасап, 1725 жылы Алакөлде, 1728 жылы Шұбартеңіз, осы жылы болған Бұланты, 1730 жылғы Аңырақай шайқастарында жауды жеңеді.

Біздің өңірде болған екі ірі шайқаста да жеңіске жеткен. 1735 жылы Шаған шайқасында ақбоз атымен жау әскеріне баса-көктеп кіріп, жеңіспен оралғанда Абылай хан: “Батыр! Сен - менің қайтуды білмейтін алмас қылышымсың. Сен бүгін өзіңді өшпес даңққа бөледің. Бүгіннен бастап сенің атың бүкіл қазақтың жауға қарсы күресіндегі ұранына айналады. Саған енді – Дарабоз (теңдесі жоқ, бірінші) деген жаңа есім беремін”- дейді. 1755 жылы болған Шорға шайқасының нәтижесінде Жоңғарға қараған Тарбағатай өңірін қазақтар иемденді.

Қабанбай Батырдың замандасы ретінде Бекжан батырды (1709-1730 ж.ж.) айтуға болады. Ол 1709 жылы Матай руынан шыққан, Құттымбет батырдың отбасында дүниеге келген. Бір шайқастан кейін ерлік жасаған Бекжанды Қабанбай әскердің алдына шығарып: “Найманның ақсары ұлы” деп еркелеткен. Бұл есімді ол өмір бойы алып жүрді. Бекжанның әскери қолы жоңғарлармен шайқаста жеңіске жетіп отырған. Бекжан батыр бүгінгі Қосағаш жағында таулы Алтай жерінде қаза тапқан.

Бүгінгі Күршім ауданының жерін Барақ батыр қолы жаудан азат еткен. Барақ 1702 жылы туған. 16 жастағы бозбала кезінен-ақ жорыққа қатыса бастаған. Бұл жарты ғасырға созылған ұзақ сонар шайқастың басы болатын. Халық оны Көкжарлы көкжал Барақ деп атаған. Ол өзінің ерекше батырлығымен, ержүректігімен, қайтпас қайсарлығымен, алпауыт күшімен көзге түскен. Шамамен 1769 немесе 1770 жылдары қырғызға жасалған жорық кезінде Шу бойында Шыңғожа батырмен бірге қаза тапқан.



Қабанбай батырдың жанында оның үзеңгілес серігі, немере інісі Дәулетбай батыр (1702-1762 ж.ж.) да болған. Оның ұрпақтары Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданының жерін бүгін де мекендейді. Қабанбай батыр ауырып жатқан кезінде өзінің осы інісіне өз қолымен жауынгерлік қылышын табыс етіп тұрып: “Халықты басқар, жауыңнан сақтан, оларға менің жоғымды білдірме” - деген екен. Дәулетбай бастаған қазақ жасағы біздің аймақты жоңғарлардан босатуға үлкен үлес қосқан.
Сұрақтар мен тапсырмалар:

  1. XV ғасырдағы Шығыс Қазақстандағы саяси жағдайды сипаттаңыз.

  2. Карта бойынша XV-XVI ғасырлардағы ойрат иеліктерін анықтаңыз.

  3. Шығыс Қазақстан аумағында қандай ірі шайқастар болған және олар қандай маңызға ие?

  4. Сіз тұрып жатқан өңірде жоңғар соғыстары кезеңінде қандай оқиғалардың болғанын біліңіз? Қандай деректер оны дәлелдейді?

  5. Сіз тұратын елді мекенде батырларды есте сақтау үшін қандай шаралар жасалынған?

Әдебиеттер:

  1. Семипалатинску 285 лет. - Семипалатинск, 2003. - 93 с.

  2. Бралинова Д.И., Зарифова М.А., Каримов М.К., Мусабалина Г.Т. Шығыс Қазақстан тарихы ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейін. ШҚО жалпы білім беретін мектептерінің 8-9 сыныптарына арналған бағдарлама. – Семей, 2014. - 23 б.

  3. Бралинова Д.И., Зарифова М.А., Каримов М.К., Мусабалина Г.Т. История Восточного Казахстана с древнейших времен до современности. Программа для 8-9 классов общеобразовательных школ ВКО. – Семей, 2014. – 23 с.

  4. Зарифова М.А., Бралинова Д.И. Изучение истории Восточного Казахстана с древнейших времен до современности: Методическое пособие в помощь учителю истории. – Семей, 2014. - 226 с.

  5. Шығыс Қазақстан тарихы. I б. Шығыс Қазақстан ежелгі дәуірден XIX ғ. соңына дейін. 8 с. арналған оқу құралы. – Семей, 2012. - 84 б.

  6. История Восточного Казахстана. Ч. I. История Восточного Казахстана с древнейших времен до конца XIX в. Учебное пособие для 8-х кл. – Семей, 2012. - 94 с.

  7. Бралинова Д.И., Зарифова М.А. Шығыс Қазақстан тарихы. I б. Шығыс Қазақстан ежелгі дәуірден XX ғ. соңына дейін. 8 с. aрналған жұмыс дәптері. – Семей, 2012. - 58 б.

  8. Бралинова Д.И., Зарифова М.А. История Восточного Казахстана. Ч.1. История Восточного Казахстана с древнейших времен до конца XIX в. Рабочая тетрадь для 8-х кл.– Семей, 2012. - 58 с.

  9. История Восточного Казахстана. Ч.1. История Восточного Казахстана с древнейших времен до конца XIX в. Хрестоматия для 8-х кл. – Семей, 2012. - 224 с.

  10. Арсланова Ф.Х. «Очерки по средневековой археологии Верхнего Прииртышья //Материалы и исследования по археологии Казахстана. – Том. 3. – Астана, 2012. – 403 с. Имеется электронный ресурс.

  11. Артыкбаев Ж. Среднее Прииртышье в контексте проблем истории Евразийских степей (Этноисторический и этноархеологический опыт исследования) 1 том. - Павлодар, 2007. - 267с. Имеется электронный ресурс.

  12. Ахинжанов С.М. Кыпчаки в истории средневекового Казахстана. - А-Ата, 1989.; 2-е изд., исп.: - Алматы, 1995. - 296 с. Имеется электронный ресурс.

  13. Бичурин Н. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. Т.1-3. - М. - Л., 1950-1953.; 2-изд.: - Алматы, 1998. Имеется электронный ресурс.

  14. История Казахстана в русских источниках XVI-XX вв. В 10 томах. – Алматы, 2005 – 2008. Имеется электронный ресурс.

  15. Кадырбаев А.Ш. Казахстан в эпоху Чингис-хана и его преемников XII- XIVвека. – Алма-Ата, 1992. - 100 с. Имеется электронный ресурс.

  16. Карпини П. История Монгалов, именуемых нами Татарами. // Путешествие в восточные страны Плано Карпини и Гильома де Рубрука. - Алматы, 1993. – 248 с. С. 20-74. Имеется электронный ресурс.

  17. Кумеков Б.Е. Государство кимаков IX-XI вв. по арабским источникам. - Алма-Ата, 1972. - 158 с. Имеется электронный ресурс.

  18. Пищулина К.А. Юго-Восточный Казахстан в середине XIV-начале XVI веков (Вопросы политической и социально-экономической истории). – Алма-Ата, 1977. - 289 с. Имеется электронный ресурс.

  19. Рубрук Г. Путешествие в восточные страны. // Путешествие в восточные страны Плано Карпини и Гильома де Рубрука. - Алматы, 1993. – 248 с. С. 75-173. Имеется электронный ресурс.


Тақырып 6.Ертіс қамалдар шебінің салынуы Тақырыпты оқутыдың әдістемесі.

Мақсаты: келесі сұрақтарды ашу: Ертіс бойында қандай қамалдар қашан және қай жерге салынды? Олар қандай мақсатпен салынды. Тақырыпты игерудің әдістемесі.

1. Шығыс Қазақстан Ресей империясының стратегиялық жоспарында.

2. И.Д. Бухгольц экспедициясы

3. Қамалдар құрылысы.

3. Алғашқы коменданттар.

1. Шығыс Қазақстан Ресей империясының стратегиялық жоспарында. Ертіс қамалдар шебінің салынуының тарихы Қазақстанның Ресей империясына қосылуымен және қазақ-орыс қатынастарының дамуымен тығыз байланысты. XVI ғ орыс мемлекеті тарапынан қазақ даласына қатысты қызығушылық бірнеше себептерге, ең алдымен елдің экономикалық дамуына байланысты туындады. Мемлекеттің нығаюы мен орталықтануына орай сауда-саттықты дамытудың, табиғи байлық және Азияның алып елдерімен байланыс орнату қажеттілігі арта түсті.

Ресейдің осы аймақта орнығуы Үндістан бағытындағы Азия құрлығына тереңдей еніп, экономикалық байланыс орнатуға тиімді екенін I Петр жақсы түсінді. XVIII ғасырдың басындағы Солтүстік соғыс барысындағы қиын жағдайларға қарамастан I Петр осы аймаққа экспедициялар жасақтады. Оның біреуі кнәз Бекович-Черкасский бастаған (1716 ж.) экспедиция сәтсіздікке ұшырайды. Осы бағыттағы, ілгерілеудің нақты жолы – Ертіс өзені екені байқалды. Бұл жолдың таңдалуына себеп болған, орыс кәсіпкерлерінің, саудагерлерінің, елшілік адамдарының барған жерлерінен қайтқанда, Ертістің арғы жағындағы Азия елдері туралы көргендерін айтып келулері болды.

Ертістен жоғары қарай орыс жасақтарының жылжуы жоңғарлардың қарсылығын тудырды. Шекара шебінде орыс пен жоңғар арасында қақтығыстар басталды. 1713 жылы Сібір губернаторы кнәз Матвей Гагарин Ом мен Ертіс өзендерінің қосылған жерінен қоршалған бірнеше пунктер салу жоспарын I Петрге ұсынды.

Гагариннің мәліметін алғаннан кейін және аталған жоспардың пйдасын бағалай келе I Петр 1714 жылы 22 мамырда “Құм алтыны” бар жерлерді алу үшін подполковник Иван Дмитриевич Бухгольц бастаған экспедицияны жасақтау туралы жарғыға” қол қойды. И.Д.Бухгольцқа толық тапсырмалар I Петрдің “Қалмақ жеріне жорық туралы” жарғысында берілді. Осылай 1714-1720 жылдары құрылысы жалғасқан Ертіс шебінің құрылысы басталды.



2. И.Д. Бухгольц экспедициясы. I Петрдың бұйрығы бойынша И.Д.Бухгольц Тобольскіге келіп экспедицияға қызу дайындала бастады. Қауырт жағдайда кемелер керуені жасақталып және жабдықталып, Том, Түмен, Тар қалаларынан адамдар жинақталды. Экспедиция құрамында тұтқын болған швед офицерлері де көп болды. Олардың арасында құрылысты, артиллерия ісін және минералдарды айыра білетіндер де болды. Олардың тәжірибелері мен білімін пайдалану көзделді. Бухгольц жасақтарының жылжуы жоңғарлар тарапынан күдік туғызбау үшін қоңтәжі Цебан-Рабданға алдын-ала Сібір губерниясының арнайы өкілдері-Василий Чередов пен Т.Этигер жіберілді.

Барлық талпыныстарға қарамастан экспедиция келесі жылы ғана жасақталып, 1715 жылы 27 шілдеде 3000 адамнан, зеңбіректерден және 60 кемеден тұратын Бухгольц жасағы Ертістің жоғарғы жағындағы Жәміш (Ямышев) көліне 1 қазанда ат басын тіреді. Бұл жер ертеден бері жергілікті халық пен сібір татарлары арасындағы айырбас сауда орталығы болған. Осы жерде Бухгольц қамал салуды бастады. Бастапқыда құрылысты швед офицері Каландер басқарып құрылыс сәтті жүріп жатты.

Бірақ, 1716 жылы ақпан айында қалмақтар өз иеліктеріндегі құрылысқа наразылық білдірді. Цебан-Рабданның інісі бұл жерде орыстардың қамал салуға құқықтары жоқтығын жариялап Бухгольцқа кетуді бұйырды. Бухгольц оны ескермегеннен кейін, ол 10 ақпанның түнінде 10 мыңдық әскерімен шабуыл жасады.

12 сағаттық шайқастан кейін көшпенділер шабуылы тойтарылады, алайда қалмақтар кетпей, қамалды қоршауға алады. Орыс қамалы қоршалып, одан ешкім шығарылмай, азық-түлік келетін жол кесіледі. Бухгольцқа азық-түлікпен және 20000 рубльмен көмекке шыққан 700 адамдық жасақ талқандалады. Осы уақытта қамалдың өзінде аурудан күніне 20-30 адам сібір күйдіргісінен және цингадан қырылып жатты.

Ары қарай шыдау мүмкін болмағаннан кейін Бухгольц тірі қалған 700 әскерімен 28 сәуірде қамалды тастап шығуға мәжбүр болып, Тобольскіге қарай шегінді. Бухгольц Тобольскіге жетпей Омбы өзенінің жағасында Сібір губерниясының кнәзі Гагариннің рұқсатымен Омбы бекінісінің негізін қалады. Жаңадан салынған қамалға Бухгольц өзінің барлық жасағын тастап, басқаруды майор И.Л. Вельяминов-Зерновқа тапсырады.

3. Қамалдар құрылысы. Ойраттармен қатынастың өршуіне байланысты Ертіс бойындағы қамалдар салу үшін аздаған бірақ жақсы жасақталған ұтқыр топтарды жіберу көзделді. 1716 жылы Сібір драгун полкінің подполковнигі Федор Матигоров Ямышев көліндегі бекіністі қалпына келтірді. Швед офицері Каландердің сызбалры бойынша бекініс қайта салынды. Ямышев көліне орнығу Ертіс шебіне қамал, форпост және бекіністер салуда септігін тигізді.

1717 жылы бояр ұлы Иван Свиерскийдің басшылығындағы жасақ Омбы және Ямышев бекіністерінің арасындағы жарты жолда Железинск бекінісін салды. Осы жылы Тарадан шыққан казак жүзбасы В.Чередовтың жасағы Колбасинск (Қалабалғасұн) және Долон бекіністерінің негізін қалады.



Одан әрі қозғалған В.Чередов Семипалатинск қамалын салуға орын таңдап алды. Ертіспен жүзген Василий Чередов 1718 жылы ертеректе Доржинкит қаласы болған жерде Семипалатинск қамалының негізін қалады. Сонымен қатар, Ертіс бойындағы үлкен қала туралы Михаил патшаның 1716 жылғы грамотасында да жазылған. Орыс зерттеушілері бұқар үлгісінде салынған, әдемі палаталары (сарай, ғибадатхана түріндегі ғимараттар) бар қаланы баяндаған. Қала жоңғарлардың ішкі қақтығыстары салдарынан жойылып кеткен.

1718 жылдың жазында Сібір әкімшілігі Петербордан бұйрық күтпей Прокофий Ступин бастаған солдат, казак және артиллериядан тұратын үлкен экспедиция жіберді. М.Гагарин П.Ступинға ойраттармен қақтығысқа түспеуге және олар шабуыл жасаған жағдайда “оларға қастық ойымыз жоқ” деп көндіруді тапсырған. 1718 жылы П.Ступин экспедициясы Семипалатинск немесе “Семиполатная” қамалының негізін қалады. Келесі жылы олар Ертістің жоғарғы жағында Уба өзені бойында Убинск қамалын салды.


Редуттар жанжағынан 20 қадамдай болатын шаршы түрінде (40 метрден сәл артық), бұрыштарында бастион түріндегі шағын биіктіктер бар. Бекіністің қоршауы мылтық атуға ыңғайлы жасаған. Сырт жағынан кеудеге дейін биіктіктегі топырақ үйіндісі бар, оның түбінде қазылған ор болды. Контр-эскарптың ар жағында қатарласқан айырлар мен қысқа бағаналар шаншылып қойылған. Мұнарада маңайды бақылап отыратын бақылаушының орны болды. Редуттың ішінде болды: офицер бөлмелері — 3, солдат казармасы — 6, азық-түлік қамбасы — 5, атқора — 4, мылтық дәрісі жер қоймасы — 7, редуттан тыс, өзен жағасынан алыс емес болса — монша орналасты.
1719 жылы I Петр Ертістің жоғарғы жағына Иван Михайлович Лихарев бастаған экспедиция жібереді. 1720 жылы И.М. Лихарев жасағы Ертіспен жоғары өрлей Зайсан көліне жетеді. Ол қайтар жолында, өзінің сөзімен айтқанда «Ертіс, Алтай тауларынан жазыққа шыққан жерінде» қамал салуды ұйғарады. Осы жерде 367 адамдық гарнизон тастап жаңа қамалдың коменданты етіп подполковник П.Ступинді тағайындайды. 1720 жылы инженер-капитан Легранждың жоспары бойынша Усть-Каменной қамалын салуды бастайды. Бұл Ертістегі ең шеткі оңтүстік қамал болды.

Осылай ұзындығы 930 верст болатын Ертіс әскери шебі құрылды. Ертістің оң жағалауының ортаңғы және жоғарғы ағысында бес қамал салынды: Омбы, Железинск, Ямышев, Семипалатинск және Усть-Каменогорск. Колбасинск қамалы тұрғындар тапшылығынан қаңырап қалды, Убинск форпостқа айналды, ал Долон қамалы артық деп есептеліп, 1722 жылы жойылды.

Ертіс әскери шебіндегі қамалдармен байланыс жасау үшін жеті форпост салынды. Форпостар мен қамалдар сол уақыттың әскери-инженерлік ғылымына сай салынды. Олардың қорғандары ағаштан салынып, сыртынан ор қазылып қоршалды. Бұрыштарында артиллериядан оқ жаудыру үшін бастиондар орналасты. Қару–жарақ зеңбіректерден, фольконеттерден және гаубицалардан тұрды. Бастапқыда Ертіс әскери шебінің бақылау орталығы Ямышев қамалы болды. 1763 жылы Ертіс әскери шебін басқару Омбы қаласына көшті.

4. Алғашқы коменданттар. Коменданттар жергілікті әкімшілік ретінде қамал өмірінде ерекше орын алды. Оларға әртүрлі жалпы азаматтық және арнайы әскери басқару міндеттері жүктелді. Олар әскердің жағдайы, қару-жарақ, қамал қорғандарын қадағалау, қызметтегі адамдарды басқару мәселелерімен айналысты. Шекара маңында көшіп жүрген бодандардан салық жинауды қадағалады. Коменданттардың маңызды жұмысына қамалды сақтау мен оны мықтылығын жақсарту болды. Усть-Каменагорск қаласының коменданты Эристов 1797 жылға дейін осы мәселемен Семипалатинск дистанциясын басқарған және әскери топограф міндетін атқарған И.Г.Андреевпен жиі кездескен. Коменданттар қазақ рулары және басқа да “азия халықтарымен” сауда байланысын дамытудағы орыс өкіметінің мүддесін қорғады. Сібір губерниялык әкімшілігі қамал коменданттарына әртүрлі нұсқаулар жіберіп отырды. Өкімет бұйрықтарының бірінде (XVIIIғ. 60-ж.ж.) шекара шебіндегі билікке жаңа саудагерлердің қонақжайлылығын жасау үшін олармен жақсы қатынаста болуға нұсқау берілді.

Коменданттарға әртүрлі әлеуметтік сатыдағы тұрғындарды және көршілес елдерден келген қашқындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі жүктелді. Бұл әсіресе Қытайдың Жоңғарияны талқандауынан кейін Ресей жеріне манжулардан қашқан ойраттар мен алтайлықтардың орыс өкіметінен көмек сұрауына байланысты, өте күрделі мәселеге айналған болатын. Осылай, “Усть-Каменагорск қамалында шоқынған ересектерге айына бір шерік қажетті ұн, жасөспірімдерге соның жартысын, ал жол жүру кезінде күніне үш копейка берілді. Кейбір қамалдарда шоқынбаған ересек қашқындарға азық-түліктен басқа 1 копейка, 10 жастан бастап бір ақша, шоқынған ересектер мен балаларға күніне үш ақша берілді...” Ертіс қамалдары коменданттарының қызметінің маңызды бөлігі барлау ақпараттарын жинақтау болды.

1744 жылы қамал коменданттары жинақтаған әртүрлі мәліметтер, Жоңғариямен шектесетін шекарада тұрақты бөлімшелерді орналастыру жоспарын жасауға көмегін тигізді. Осылай, Ертіс пен Тобольск шебінде орналасқан әскери басқарманың ұсынған ресми құжаттарында “Қалдан-Сереннің Ертіске мұз қатқаннан кейін Тобольск және Жоғарғы Ертіс қамалдары маңындағы форпостарға шабуыл жасайтынын мәлімдеген”. Жаудың бетін қайтаратын әскердің қозғалысына байланысты, Ертіс бойында орналасқан қамалдардың коменданттарына әскерге қажетті азық-түлікті тездетіп дайындауға бұйрық берілген. Қиын халықаралық жағдайларда өзінің кішігірім шеніне қарамастан оларға дипломат міндеттерін атқаруға тура келді.

1721 жылы 20 мамырда Семипалатинск қаласының бірінші коменданты майор И.М.Вельяминов-Зернов Сібір губернаторы А.М. Черкасскийге жазған хатында қоңтәжі Цебан-Рабданнан келген Иван Чередов және екі елші олардың Ресей қоластына кіруді және Цин империясынан қорғауды сұрағаны туралы хабарлайды.

XVIII ғасырдың ортасынан бастап Тобольск және Томск горнизондық мектептерге түсе алмаған әскерилердің балаларын қадағалау коменданттардың мойнына жүктелді.

Сұрақтар мен тапсырмалар

.Осы параграфты зерттей отырып, Ертіс шебіндегі қамал құрылысы туралы қандай жаңа мәліметтер алдыңыз?

2. Патша өкіметіні жіберген экспедиция Ертіс бойында қандай қиыншылықтарға тап болды?

3. Форпостардың құрылысын сипаттап беріңіз?

4. Қамал коменданттары қандай міндеттер атқарды?

Әдебиеттер:


  1. Семипалатинску 285 лет. - Семипалатинск, 2003. - 93 с.

  2. Бралинова Д.И., Зарифова М.А., Каримов М.К., Мусабалина Г.Т. Шығыс Қазақстан тарихы ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейін. ШҚО жалпы білім беретін мектептерінің 8-9 сыныптарына арналған бағдарлама. – Семей, 2014. - 23 б.

  3. Бралинова Д.И., Зарифова М.А., Каримов М.К., Мусабалина Г.Т. История Восточного Казахстана с древнейших времен до современности. Программа для 8-9 классов общеобразовательных школ ВКО. – Семей, 2014. – 23 с.

  4. Зарифова М.А., Бралинова Д.И. Изучение истории Восточного Казахстана с древнейших времен до современности: Методическое пособие в помощь учителю истории. – Семей, 2014. - 226 с.

  5. Шығыс Қазақстан тарихы. I б. Шығыс Қазақстан ежелгі дәуірден XIX ғ. соңына дейін. 8 с. арналған оқу құралы. – Семей, 2012. - 84 б.

  6. История Восточного Казахстана. Ч. I. История Восточного Казахстана с древнейших времен до конца XIX в. Учебное пособие для 8-х кл. – Семей, 2012. - 94 с.

  7. Бралинова Д.И., Зарифова М.А. Шығыс Қазақстан тарихы. I б. Шығыс Қазақстан ежелгі дәуірден XX ғ. соңына дейін. 8 с. aрналған жұмыс дәптері. – Семей, 2012. - 58 б.

  8. Бралинова Д.И., Зарифова М.А. История Восточного Казахстана. Ч.1. История Восточного Казахстана с древнейших времен до конца XIX в. Рабочая тетрадь для 8-х кл.– Семей, 2012. - 58 с.

  9. История Восточного Казахстана. Ч.1. История Восточного Казахстана с древнейших времен до конца XIX в. Хрестоматия для 8-х кл. – Семей, 2012. - 224 с.


Тақырып 7.Шығыс Қазақстан Ресей империясының әкімшілік-территориялық жүйесінде. Тақырыпты оқыту әдістемесі.
Мақсаты: келесі сұрақтарды ашу:Қазақстан қашан Ресей бодандығын қабылдады? Ресей империясының құрамына кіргеннен кейін Шығыс Қазақстанда қандай өзгерістер орын алды? “Сібір қырғыздарының жарғысы” қашан қабылданды? Қазақстанда қандай әкімшілік-территориялық өзгерістер енгізілді? XIX ғ. 60-80 жылдары Қазақстанда жүргізілген әкімшілік реформалар қандай мақсатты көздеді? Тақырыпты игерудің әдістемесі.

  1. XIX ғасырдың реформа кезеңіндегі Шығыс Қазақстан.

  2. Губернаторлар және қала басшылары.


1. XIX ғасырдың реформа кезеңіндегі Шығыс Қазақстан. XIX ғ. I-жартысында Қазақстан тарихында бетбұрысты кезең болды. Патша өкіметінің белсенді саясаты Даланың жаңа территорияларын Ресей империясының құрамына қосумен байланысты болды. Осы аймақтарда ары қарай орнығу мақсатымен патша өкіметі бірнеше әкімшілік реформалар жүргізді. Оның ең алғашқылары билеудің ерте формаларын жоюға бағытталды.

1822 жылы I Александр қабылдаған “Сібір қырғыздарының жарғысы” бойынша орталығы Тобольск болған Батыс-Сібір генерал-губернаторлығы құрылды. Генерал-губернаторлықты құрамында Тобольск, Том және Омбы облыстары кірді. Орта жүз территориясы Сібір қырғыздарының облысы деп өзгертіліп Омбы облысының құрамына енгізілді. 1839 жылы генерал-гебернаторлықтың орталығы Омбыға ауыстырылды.



Жарғы бойыншы Сібір қырғыздарының облысы ішкі және сыртқы округтарға бөлінді. Омбы, Петропавловск, Семипалатинск, Усть-Каменогорск қалаларына жақын орналасқан аймақтардағы қазақтар ішкі округтер құрамына кірді. Сыртқы округқа Ертістің арғы жағында көшіп жүрген қазақтар кірді. 1822-1831 жылдар аралығында: Қарқаралы, Көкшетау (1824), Баянауыл (1826), Аягөз (1831), Ақмола (1832), Үш-Бұлақ (1833), Аман-Қарағай (1834) округтары құрылды. 40-50 жылдары Көкпекті, Құсмұрын, Алатау округтары ашылды. Ішкі округтар: Омск, Петропавловск, Семипалатинск және Усть-Каменогорск 1822 жылы құрылды. Округтарды аға сұлтандар басқарды. Сонымен қатар, әкімшілік, полиция және сот шоғырланған округтік приказдар (қазақша «дуан») құрылды. “Жарғы” бойынша аға сұлтан лауазымына тек қана беделді, өкімет сенімін алған Шыңғыс тұқымдары ғана үміттенді. Мұндай жағдай қазақтарды қанағаттандырмады. Осылай, Баянауыл округы құрылғанда аға сұлтан лауазымына Бопы Тәтенов тағайындалды. Алайда бұған Шоң би бастаған қазақтар наразы болып округтің ашылу салтанатында халық екі жікке бөлінді. Округ ашылды, алайда аға сұлтан лауазымына ешкім сайланбады. Екі айдан кейін аға сұлтан лауазымына Шоң Едігенов биді тағайындау туралы хат келді. Ол қарасүйектен шыққан ең бірінші аға-сұлтан болды. 1849 жылы өзінің қызметтік бабын асыра сілтегені үшін майор Құсбек Таукинді қызметінен алып тастағаннан кейін аға сұлтан лауазымына Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы сайланды. 1846 жылдың өзінде оған болашақ болыс билеушісі ретінде бірінші офицерлік шен беріліп, 342 рубль 85,5 копейка жалақы төленіп тұрды.

1838 жылдың сәуір айында император I Николай “Сібір қырғыздарын жекелей басқару жөніндегі аса жоғары бекітілген ережеге” қол қойды. Осыған орай, Батыс-Сібір генерал-губернаторлығының әкімшілік-территориялық бөлінуі кезінде өзгерістер болды. Омбы облысы таратылып Тобольск губерниясына қосылды. Семей және Өскемен Том губерниясының Бийск уезіне қаратылды.

Ертістің оң жағалауына өткен қазақ руларын басқаруды оңтайландыру үшін 1854 жылы 9 мамырда «Семей облысын басқару туралы ереже» қабылданды. Том губерниясының территориясында жаңа құрылған Семей облысының құрамына енген Семей ішкі округы құрылды. Жарғы бойынша 1854 жылы 29 мамырда Том губерниясының жартысы мен Ертіс пен Балқаш көл аралығындағы далалық жерлерде Семей облысы құрылды. Оның құрамына Көкпекті, Аягөз ішкі округтарының әскери қоныстары, Семей, Өскемен, Бұқтырма бекіністері, Ертістің оң жағалауында көшіп жүрген қазақтардың жерлері енді. 1854 жылы 1 қазанда облыстың салтанатты ашылуы өтті. Қала думасы, сот, елтаңба белгіленді.

Семей қаласының бірінші әскери губернаторы болып полковник Петр Спиридонов тағайындалды. 1867-68 жылдары патша үкіметі Қазақстан территориясыда қазақтар «жаңа низам» деп атаған жаңа әкімшілік реформа жүргізді. Үш генерал губернаторлық құрылды. 1868 жылы реформа бойынша Семей облысы бұрынғыдай Батыс-Сібір губернаторлықтың құрамында қалды, ал 1891 жылы Дала генерал губернаторлығына қосылды. Оның әкімшілік орталығы Омбы қаласы болды. Семей облысының құрамына Қарқаралы, Павлодар, Зайсан, Өскемен, Семей уездері кірді.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет