«Қостанай таңының» кітапханасы ТҰмарымыз – ТҮркістан баһадүр бабалар туралы баян



бет8/13
Дата25.12.2016
өлшемі3,2 Mb.
#4856
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

ҚАЗЫБЕК БИ
Қазыбек биге бір адам: «Кім жақын, не қымбат, не қиын?» деген үш сұраққа жауап беріңізші деп қиылып отырып алыпты. Сонда Қазыбек былай деп жауап қайтарған екен:
Тату болса, ағайын жақын,

Ақылшы болса, апайың жақын.

Бауырмал болса, інің жақын.

Алдыңа тартқан адал асын

Қимас жақын қарындасың,

Сыбайлас болса, нағашың жақын.
Адал болса, досың жақын

Еркелейтін немерең жақын.

Өз ұрпағың шөберең жақын.

Жан серігің жас кезіңнен

Бәрінен де әйелің жақын.
Алтын ұяң Отан қымбат,

Құт-берекең атаң қымбат.

Аймалайтын анаң қымбат,

Мейірімді апаң қымбат.

Асқар тауың әкең қымбат.

Туып-өскен елің қымбат.

Ұят пенен ар қымбат.

Өзің сүйген жар қымбат.
Арадан шыққан жау қиын,

Таусылмайтын дау қиын.

Шанышқылаған сөз қиын,

Дәл осындай жағдайда

Пана болмас өз үйің.
Жазылмаса дерт қиын,

Іске аспаған серт қиын.

Ақылыңнан адасып,

Өзің түскен өрт қиын.

Не істеріңді біле алмай,

Ашиды сонда бас, миың.

Әкімбек қажы ҚАБДЕНҰЛЫ


Түркістанға сапар
1999 жылы 26-27 тамыз аралығында Қостанай облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев басқарған, құрамында ардагерлер, шығармашылық және басқа да зиялы қауым өкілдері бар салихалы делегация құрамында мен, Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы іс-сапарда болып, ұлы Түркістандағы бабалар рухына тағзым етіп қайттым. Сапар басы Сайрам қаласынан басталды. Бұл қалада Ахмет Иасауидің әкесі Ибраһим, шешесі Қарашаш жерленген. Екеуіне де үлкен кесене салынған. Әуелі Ибраһим бабаның рухына қара қойдан құрбан шалып, Құран бағыштадық. Қарашаш ананың кесенесіне келіп, рухына дұға бағыштадық. Дүниеге ұлы перзент әкелген екеуінің де есімдерін халық мәңгілік ұмытар емес. Екеуіне де мінәжат етіп келіп жатқан халықта есеп жоқ. Осыдан кейін Ордабасы ауданына келдік. Ордабасыда 1726 жылы үш жүздің хандары, билері, батырлары бас қосып, елді бірлікке, ынтымаққа шақырып, монғолдарға қарсы күресу үшін үш жүздің әскери қолбасшысы етіп Әбілқайырды сайлаған жер. Осы бас қосудан кейін 1729 жылы Қазақ әскері монғолдарды жеңіп, Аңырақайда той жасаған. Ордабасыда осы жеңіске арнап арнайы қорық құрылған, оның көлемі 1130 га. Биіктігі 28 метр мұнара қойылып, оның үш бетіне Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің сөздері жазылған. Төле би: «Бірлік, еркіндік пен теңдік болмай, елдік болмайды». Қазыбек би: «Сөз атасы – бірлік, анасы – шындық». Әйтеке би: «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, Батыр болсаң жауға найзаң тисін».

Осыдан кейін Отырар ауданына жол түсті. Осы ауданда атақты ғұлама Әл-Фараби бабамыздың туған жері – Отырар қаласы бар. Ауданның орталығы Шәуілдір селосы. Осы селодағы мемлекеттік-археологиялық қорық-мұражайын араладық. Тарихта аты қалып, заты өшкен Отырар қаласының орнын көрдік. Мұнда 40 жылдан астам уақыттан бері қазба жұмыстары жүріп жатыр екен. Қазба жұмыстарының арқасында бұл жерден көптеген тарихи мағлұматтар алынған. Көне ескерткіштер, құрал-саймандар, алтын-күміс теңгелер табылған. Жалпы, ескі қаланың аумағы бірнеше гектар жерді алып жатыр. Бұл инемен құдық қазғандай жұмысты әрі жалғастыру үшін жүздеген жылдар керек екені байқалады. Біз көрген хан сарайының ішінен табылған, кірпішпен көмкерілген 14 метрлік құдық жұрттың бәрін таң қалдырды.

Осы Отырар ауданының жерінде Арыстан баб Әулиеге салынған кесене бар. Арыстан баб Түркі халқына Ислам дінін таратуда көп еңбек сіңірген үлкен қайраткер. Халық аузында:

«Сайрамда бар сансыз бап,

Түркістанда түмен баб,

Отырарда отыз баб,

Ең үлкені Арыстан баб», – деген жыр жолдары бар.

Халық арасында:

«Арыстан бабқа түне,

Қожа Ахметтен тіле», деген қасиетті сөздер жиі айтылады.



Сол күні Шәуілдірден шығып Арыстан бабтың басына келіп құрбан шалып, дұға оқыдық. Арыстан бабтың кесенесі ертеде ірі діни орталық болған. Кесене XII ғасырда салынып, 1909 жылы соңғы рет күрделі жөндеуден өткен. Шырақшы Арыстан баб ғимаратының салынуы жайлы мынандай аңыз-әңгіме айтты: «Әмір Темір Қожа Ахмет Иасауидің кесенесін салуды бастайды. Құрылыстың қабырғалары көтеріліп болған кезде, түнде алып жасыл өгіз келіп, қабырғаларды сүзіп құлата берген. Бір күні Әмір – Темірге түсінде бір шал аян беріп, «ең алдымен Ахмет Иасауидің ұстазы Арыстан бабқа кесене тұрғыз, содан кейін оның шәкіртіне тұрғызуға болады, дейді. Әмір Темір шалдың айтқанын орындайды.

Арыстан бабтың кесенесінен жүз елу метр жерде Құрбан ата кесенесі бар екен. Құрбан ата Қоңырат руынан шыққан Әулие адам. Өзбекәлі Жәнібековтің аталары. Ол кісіге кесенені Өзбекәлі көзі тірісінде салдырған екен. Өзі қайтыс боларда өсиет айтып денесін Алматыдан әкеліп осы Құрбан ата кесенесінің жанына жерлеуді сұрапты. Балалары, туыстары өсиетін орындап, Өзбекәлі Жәнібековті осы жерге жерлеген екен. Мемлекет қаржы бөліп, басына үлкен кесене орнатыпты. Ол кісінің де басына барып дұға оқыдық. Сол күні Шәуілдірге қайтып келіп, сонда қондық.

Біздер, 11 адам, Мағауия Жүнісов, Асылхан Мүсәпіров, Қуаныш Шамшиев, Қайырбай Ибраев, Арыстанбай Ахметов, Мырзатай Шайсұлтанұлы, Белгібай Шахметов, Жандарбек Сейтов, Қасым және Бәйдібек ауданында тұратын жазушы Еркінбек Тұрысов, және мен, Әбунасыр деген жігіттің, руы Қоңырат, аудандық қазына банкінің меңгерушісі, үйіне қондық. Үйі кең, 12 бөлмелі екен. Жақсы демалып, келесі күні Түркістанға жүріп кеттік.

Түркістан түркі тілдес халықтардың ата-жұрты. Оның іргетасының қаланғанына 1500 жыл толуын ЮНЕСКО шешімімен 2000 жылы, Дүниежүзілік деңгейде атап өту көзделіп отыр екен.

Қазір Қожа Ахмет Иасауидің кесенесін қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. 1956 жылы кесенені жөндеу кезінде Совет Үкіметінің шешімімен, кесененің жанына жерленген хандарымыздың, батырларымыздың, билеріміздің құлыптастары мен сүйектері бұзылып, қиратылып, кәбірлері тегістеліп кеткен. Арада біраз жыл өткеннен кейін олардың кейбіреулерінің есімдері анықталды, ал көбісінің есімдері әлі күнге дейін құпия күйінде белгісіз қалуда.

Кезінде Ахмет Иасауи кесенесі жанына Қостанай, Торғай өңірлерінен Арғын Саржетім Карабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлы, Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек, Сүгірұлы Мешітбай, Сомжүрек Мерген (Теңізбай) Бабасұлы жерленгені белгілі.



Биыл Қожа Ахмет Иасауи Кесенесінің көрхана бөлмесін жөндеп, құлыптастары табылған адамдарды сонда жерлеп, аттарын қабырғаға жазып іліп қойған.

Онда 84 адамның есімдері жазылған. Сол тізімде екі атамыз Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлы мен Мерген (Теңізбай) Бабасұлы жоқ болатын. Біздің осы сапарымызға себепші болған да осы жағдай. Бұған дейін мемлекеттік хатшы Ә. Кекілбаевқа, Мәдениет министрі А.Сәрсенбаевқа, облыс әкімі Шөкеевтің атынан бірнеше хат жолдап, аталарымыздың аттары жазылды деген жауап алып, енді осы сапарда сол жазуды көрсек деп жүрегіміз лүпілдеп, Түркістанға келдік.

Міне, көліктерімізден түсіп, Түркістан қаласының қысқаша аман-саулығынан кейін, атақты ғимаратқа қарай бәріміз де лап қойдық. Құран оқып, садақамызды тастап, құрбандыққа қой шалғаннан кейін, Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің қызметкерлері Мавзолейдің тарихын әңгімелей жөнелді. Биіктігі 38 метр, ені 46,5 м, ұзындығы 62,5 м, 38 бөлмеден тұратын алып ғимарат. Не төбеге, не төменге, не қабырғаға қарарыңды білмей сасқалақтайсың. Бәрі ғажап. Бір шегесіз осындай күмбезді салған шеберлердің ісіне тәнті боласың.

Міне кесенеге қойылған атақты ұлы бабаларымыздың аты-жөндері жазылған тақтаға да келдік. Бірден іздеп тапқанымыз Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлы, Мерген (Теңізбай) Бабасұлы. Аттары жазылып № 83-84 болып тіркеліпті. Көрген бойда, қуанған да, қорыққан да бірдей деген рас екен, көзімізден жас парлап, Таз руыннан 6 адам: Асылхан, Қуаныш, Қайырбай, Әкімбек, Белгібай, Мырзатай бір-бірімізді құшақтап, қуанышымыз қойынымызға сыймай жатыр. Бұны көріп тұрған делегацияның басқа мүшелері де көздеріне жас алып, ата-баба аруағына беріктік, оларды құрмет тұтып, соған сыйынған ұрпақтың сезімі бәріміздің де жан-дүниемізге әсер етті, деп жатыр.

Атамыздың аты алғашқы тізімге ілікпей, үнжорғамыз түсіп, өзімізді кінәлі санап жүрген біздер енді төбеміз көкке екі елі жетпей, бізден бақытты, бізден артық адам жоқтай сезініп, кесененің ішінде өзіміздің үйде жүргендей, кеудемізді керіп, алшаң басып қуанып қалдық. Екі езуіміз жиылмай, күле береміз. Бақыт деген осылай аяқ астынан келеді деген рас екен. Сол кезде кесененің ішінде бізден бақытты адам жоқ еді. Құдайдың құдыреті, бабаларымыздың, аруағының күші біздерді осылай лезде бақыт құшағына енгізді. Сол шексіз қуанышымызды дәл айтуға, әттең не керек, тіл жетпейді. Облыс әкімі Шөкеев Өмірзақ біздерді құшақтап, құттықтады, ақын Ақылбек Шаяхмет Қожа Ахмет кесенесіне арналған өлеңін оқыды, жаңа шыққан кітабін мавзолейдің директорына сыйға тартты. Нағыз салтанатты мәжіліс жүріп жатқандай, барлық делегация мүшелері мәре-сәре, қуанбаған жан қалған жоқ. Айналайын, қасиетті бабаларым, рухтарыңа мың тағзым!

Біздің сапарымыз аяқталуға жақын. Енді Бәйдібек ауданына, ондағы Бәйдібек баба мен Домалақ ана кесенелерін көріп, зиярат етпекшіміз. Бұл ауданның орталығы, Шаян селосы. Бізді екі күннен бері жол бастап, елді, жерді таныстырып келе жатқан жазушы, 72 жастағы Еркінбек Тұрысов пен облыс әкімі Шөкеев Өмірзақтың әке-шешесі осында тұрады. Ең бірінші Өмірзақтың үйіне келіп, шешесі Тұрсынмен амандасып, баласының жоғары қызметке тұруымен құттықтап, үйге кірдік. Осы үйден қонағасы ішіп, бата бергеннен кейін, сапарымызды одан әрі қарай жалғастырып, Домалақ ана кесенесіне келдік, Бәйдібек Қарашаұлы қазақ елінің бүтіндігі мен бірлігін сақтауға қатынасқан батыр, ірі тұлға екен. Ұлы жүздегі Үйсін руының атасы. Ал, Домалақ ана (Нұрила) осы кісінің үшінші әйелі. Бұл кісі өзінің ақылдылығы, адамгершілігі арқасында кезінде бүкіл Үйсін руының, сый-құрметіне бөленген әулие ана. Домалақ анаға биыл маусым айында үлкен кесене орнатылған екен. Алыстан қарағанда әппақ, сәукелелі келіншек болып көрініп тұрады. Ғимараттың бас мердігері, сәулетші Сайын Назарбеков, Бәйдібектің кесенесін тұрғызған сәулетші Ғабит Садырбаев екен. Кесененің жанына келген соң, қара қойды құрбан етіп шалып, дұға оқыдық. Содан кейін Кіші Бадам өзенінің бойына салынған жазушы Еркінбек Тұрысов ақсақалдың үйінен қонағасы ішіп, дем алдық. Өзенге суға түстік. Тұрысов ескерткіш сыйлық деп барлығымызға өзінің кітаптарын сыйлады. Осымен екі күндік сапар аяқталып, Шымкентке, аэропортқа бет алдық.

Ұлы бабалар рухына тағзым ету сапары өте мазмұнды, әсерлі де қызықты өтті. Шымкенттік ағайындарды Қостанайға келіп қонақ болуға шақырдық. Олар шақыруды қуана құп алды. Сонымен ұлы бабаларымыз Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлы, Қошқарұлы Жәнібек, Сүгірұлы Мешітбай, Бабасұлы Мерген (Теңізбай) аталарымыздың аруақтары ұрпақтарыңызды желеп-жебеп жата беріңіздер, деп тілек айтып, елге оралдық.

28.08.1999 ж.


Түркістанға екінші сапар
2000 жылдың 10 шілдесінде Түркістан қаласына екінші рет барудың сәті түсті. Бұл жолы Қостанай Көкшетау Астана поезымен бардым. Астанадан Ақмола Түркістан поезі жүреді екен. Соған мініп Түркістанға 12 шілдеде сағат екі жарымда келдік. Бұл сапарда менімен бірге немерем Ғани Нұрқанұлы барды. Негізгі мақсатымыз Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне жерленген Өтейұлы Бекбауылының есімін осында жерленген батыр, би, қасиетті адамдардың, тізіміне кіргізіп, мрамор тақтаға жаздыру.

Бұл кісі заманында батыр болып қазақ елін жаудан қорғаған. Қайтыс болғаннан кейін денесін осы Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне әкеліп жерлеген. Бірақ басына қойылған көк тастың сақталмалуына байланысты аты тізімге кірмеген. Осы шаруамен Бекбаулының туыстары Жүнісов Мағауия, Хұсайнов Аңсаған, Жапаров Кәрбоз, Жақыпов Аманқұл және мен, немерем Ғанимен Түркістанға сапар шектік.



Астанадан Түркістанға дейін 27 сағат жол жүріп келдік. Бізді Мақсат деген жігіт, анасы Ділдақұл екеуі қарсы алып үйлеріне әкелді. Сол күні Қожа Ахмет Иасауи музейінің директоры Темірхан Рыскелдиев қарсы алып, Бекбаулы Өтейұлының аты тізімге кіргенін хабарлады. Менің Түркістанға екінші келуімнің себебі, Кәрбоз Жапаров бұрын Түркістанға бабалардың аттарын жаздыруға барып келдің, ол жермен жақсы таныссың, бізбен бірге жол бастап барып келіңіз, деген соң шыққанмын. Музейдің директоры Темірхан мені танып, амандасқаннан кейін, ертең сағат 11-де кездесуге уәде берді. Осыдан кейін біз уақытты үнемдеу үшін, Арыстан баб әулиенің басына барып түнеуге ниет еттік. Арыстан бабқа құрбан шалуға бір қой сатып алып (4500 теңге), кешкі сағат 10-да келіп, басына дұға оқып, құрбан шалып, Ақшам, Жашиық намаздарын оқып, сол жерде тұратын Қоңырат руының бір үйіне қондық. Олар қойды сойып, қонағасы беріп, біздерді жақсы қарсы алды.Таңертең сағат 6-да Арыстан бабтың кесенесіне барып,Таң намазын оқыдық. Ол жақта күн 7.00 де шығады екен. Намаздан кейін Арыстан баб кесенесінің жанындағы Қонырат руының зиратына бардық. Онда Құрбан атаның кесенесіне келіп, садақа беріп, дұға оқыдық. Осы кесененің жанында, Өзбекәлі Жәнібековтың кесенесі бар екен, соған кіріп, құран бағыштадық. Ертеңіне Кәрбоз екеуіміз Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің директоры Темірханмен кездесіп, ата дәстүр бойынша, үстіне шапан жаптық. Содан кейін делегацияның барлық мүшелері кесенені аралауды бастадық. Ең алдымен аталарымыздың сүйегі жатқан бөлмеге барып, садақа беріп, құран оқыдық. Кесененің директоры Темірхан Рыскелдиев көрхана бөлмесін қалай жасағаны, сүйектердің қалай жерленгені туралы айтты. Қабырғаға жазылған хан, батыр, әулие адамдардың аттарын көрдік. Көрхананың дәлізінде жазылған, осында жерленген – 18 хан (Шамамен 1598-1860 жылдар), 18 батыр (1780-1898 жылдары), 30 адам би, болыс, сұлтан, датқалар барлығы 127 адамның тізімі жазылған. Қожа Ахмет Иасауи кесенесі «Әзірет сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы, деп аталады екен. Қожа Ахмет Иасауи кесенесінен бөлек жерде музей үйі және Қожа Ахмет Иасауидің 63 жыл жер астында өмір сүрген орны «қилует» бар. Содан кейін шығыс моншасы үйі де музей ретінде сақталған. Былтыр барғанда әлі жөндеу жұмыстары басталмаған Рабия Сұлтан Бегімнің (Ұлыкпектің қызы, Әбілхайыр ханның әйелі) кесенесі жөнделіп біткен. Жалпы қалада Түркістанның 1500 жылдығына дайындық қызу жүріп жатыр. Барлық жерде асфальт төсеу, құрылыс жұмыстары, көшелерін көріктендіру қолға алынған. Халқының саны 150 мыңнан асатын Түркістан қаласы еңбекқорлығымен көзге түсті. Қалада ондаған базар, жүздеген дүкен, ресторандар, қонақ үйлер бар екен. Соның ішінде ерекше көзге түскені Қазақ-Түрік Университеті. Барған жұмысымыз сәтті аяқталғаннан кейін музейдің директорына және бізді қарсы алып, күткен үй иелеріне алғысымызды айтып, поезбен елге оралдық.
Түркістанға үшінші сапар
2001 жылдын 22 маусымында Қасиетті Түркістан қаласына үшінші сапарым басталды. Бұл жолғы барудың мәнісі Қырықмылтық Шобан Жаманқұлұлын Қожа Ахмет Иасауи кесенесіндегі тізімге жаздыру.

Бұл сапарды ұйымдастырған қырықмылтық руының зиялы азаматтары, Шобан Жаманқұлұлының туыстары: Мырзағали Қабдоллаұлы, Бақытжан Қайдарұлы Кәрімов, Емберген Бекбергенұлы және Зейнолла Жаңбыршинов. Бұдан бұрын мен Қостанай облысының делегациясының құрамында 1999 жылы Түркістанға барып, осында жерленген ұлы бабаларымыз Саржетім Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлы мен Сомжүрек Мерген (Теңізбай) Бабасұлдарына және "2000 жылы Бекбаулы Өтейұлының аруағына зиярат етіп, құрбан шалып, аттарын мрамор тақтаға жаздырып қайтқанбыз. Бірінші жолы самолетпен, екінші жолы поезбен, бұл жолы жеңіл автокөлікпен жолға шықтық. Маршрутымыз: Әулиекөл Арқалық Ұлытау Жезғазған Қызылорда Жаңақорған Түркістан. Барлығы екі күнде 1500 км жол жүрдік. Шыққан күні Қызылорданың Жаңақорған ауданына келіп қондық. Онда Мырзағали Қабдоллаұлының күйеу баласы Нәбиев Амангелді тұрады екен. Әйелі Айзада Мырзакеңнің жиені. Ол кісілер малын сойып, моншасын жағып, бізді өте жақсы қарсы алды. Жақсы дем алдық, шаршағанымыз басылды. Осы арадан Түркістан қаласы 100 шақырым жерде. Ертеңіне бізді Аманкелді мен Айзада өздері бастап, Түркістанға алып келді. Барған бетте Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің директоры Темірхан Рыскелдиевке соғып, кесенені аралауға бірден кірісіп кеттік. Темірхан мені бірден танып, өзінің ағасындай қарсы алып, жол көрсетуге Мұзафар қажыны қосып берді. Біз ең алдымен бабаларымыз Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлы, Жәнібек Қошқарұлы, Мешітбай Сүгірұлы, Мерген (Теңізбай) Бабасұлы, Әлібек Құдайбердіұлы, Бекбаулы Өтейұлы және Шобан Жаманқұл ұлдарына арнап құрбан шалдық. Содан кейін кесенеге кіріп бабалар жатқан көрханаға, Абылайханға, Қожа Ахмет Иассауи жерленген бөлмелерге кіріп, дұға бағыштадық. Қожа Ахмет Иассауи кесенесін аралап, көріп шыққаннан кейін, кесененің директоры Темірхан Рыскелдиев кітабын сыйға тартты.



Сол күні Арыстан бабтың кесенесіне барып, зиярат жасадық. Сол түні түнде Амангелдінің үйіне, Жаңақорғанға қайтып келіп қондық. Ертеңіне Қызылорда Жезғазған Жаңаарқа Қарағанды Көкшетау Қостанайлатып үйге келдік. Жолда Сарыкөлге соғып, Ембергенің кұдасы Амангелдінің үйінен қонағасы іштік. Елге келгеннен соң Шобан Жаманқұлұлының туыстары бабаларына Ас береміз деп шешті, оны 28.07.2001 жылы Әулиекөлде беруге келісті. Сол күні Әмит Ишан мешітінде салтанатты жиын болды. Жиынды Бақытжан Кәрімов басқарып жүргізді. Сағындық Досмағанбетов Шобан баба туралы баяндама жасады. Соңында Ас беріліп, шапан жауып, ат мінгізіп, кілем үлестіріп, сыйлы қонақтарға құрмет көрсетілді. Осындай Ас 5.08.2001 жылы Сарыкөлде Әлібек Құдайбердіұлына, 18.08.2007 жылы Обағанда Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлына ұрпақтары берді. Бұл Астың ерекшелігі Қарабалуаның немересі Жазы биге кесене салынып, жанына үлкен қара тас қойылып, оған осы жерде «Бабаларымыз Қарабалуан (Жанұзақ) пен Жазы биге ұрпақтары Ас берді», деп жазылды. Бұл оқиғалардың бәріде тарихи есте қалатын үлкен жұмыстар. Бабалардың есімі елге қайта оралып, ұрпақтарына Отанды сүюдің, бабалардың рухын ардақтаудың үлгісін көрсетті. Тегі мықты ұрпақтың өзі де мықты болады. Осыны ұрпақтарымыз түсініп, мақтан тұтсын. Барлығы келер ұрпаққа арнап істеліп жатқан жұмыстар. Олар бұны қалай қабылдайды, ол болашақтың ісі. Тек ендігі тілек еліміз тыныш, ұрпақтарымыз аман болсын!

Серікбай ШАЙМАҒАНБЕТОВ


Өткеніңді тани біл...

немесе қасиетті Түркістан сапарынан туған сырлар
... Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы тарихтың толқынында өзінің ұлттық «МЕН» дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр. Бірақ бұл мүмкіндік қана, ал бұл шындық тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет...

Н.Ә. Назарбаев – Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті.
Ел тарихын жете тануға, орта ғасырлар, одан әрі кезеңде өмір сүрген ұлы ойшылдарымыз бен ғалымдарымызды, дінге сенім мен кезінде шын мәнінде әулиелік, көріпкелдік қасиеттерімен дүйім елге қадірі асқан тұлғаларды танып-білуге шектеу қойған коммунистік идеология келмеске кетіп, егемендіктің нәтижесінде өз ардақтыларымызды, киелілерімізді ұлықтауға қол жеткізгенімізге тәубе дейміз. Ежелгі тарихқа тереңдемей-ақ, зердесі ашық адамға бүткіл түркі әлемінің өсіп-өну, өркендеу жолында ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ, оның ҰЛЫ ДАЛАСЫНЫҢ орны ерекше екендігі тарихтан аян. Өткен IX-XVIII ғасырлар арасында түркі тілдес халықтардың саяси-рухани орталығы есебінде ұлт мәдениетінің, әдебиетінің, ғылымы мен білімінің, діни танымының дамуында Тараз-Түркістан аймағының өркениеттің ордасы болғаны, сол төңіректе иісі түркі халқының бетке шығар қаймақтай тұлғаларының топтасқаны әйгілі, олардың қалдырған іздері әрісі 300 жылдан астам, берісі 70 жылғы рухани езгіге қарамастан даламызда сайрап жатыр. Солардың бірегейі, түркі тілдес халықтар үшін Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-нан кейін екінші тұлға болып есептелетін сопы, ақын, ойшыл Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың (XI-XII ғ.ғ.) Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласындағы ескерткіш кесенесі мен оның ұстазы Арыстан баба әулиенің Отырар ауданында орналасқан мазары. Оларды түркі тектес халықтардың құрмет тұтатындығы сондай, бұл орындарға зиярат етуді кіші қажылық деп санайды.

Кіші қажылық сапары қалыптасқан жол, немесе үрдіс бойынша ең бірінші Қожа Ахмет Яссауидің атасы – Махмұт атаның бейітіне, одан кейін әкесі Ибраһим атаның және анасы Қарашаш ананың басына дұға оқудан басталады екен. Бұл үш мазар да Шымкент қаласының іргесіндегі Сайрам кентінде орналасқан.

Осы арада айта кететін бір жай – жергілікті діни өкілдерінің айтуынша, жалпы Қазақстан бойынша басына көктас, немесе белгі орнағаны бар, орнамағаны бар барлығы 400-дің үстінде әулие-әнбиелер, тарихи тұлғалар белгілі. Солардың көпшілігінің тәндері осы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елді мекендерде пайыз тапса, тек Сайрамның өзінде ғана 100-ге жуығы жатыр. Сол жердегі қай мазарда болмасын оқылған дұғаның ішінде «Сайрамдағы сансыз бабтарға» деп бағышталып отыратынын аңғардым. Солардың ішінде молшылыққа, жолдың болуына, бәле-жаладан, түрлі дерттен сақтауға т.б. игі-жақсылықтарға себепші болатын бірқатар әулие аталардың бастарына да тәу етіліп, дұға бағышталады.

Сайрамның тұрғындары негізінен өзбек ағайындар болып келеді, кентке кіргеннен бастап қай қуысына бұрылсаң да өзбек халқына тән ұзыннан-ұзақ саман кірпіштен соққан дуалдар, көше бойы сылдырап ағып жатқан арықтар. Махалла мен орамдарда тірі жан көрінбейді, тек аула сыпырып жатқан ұзын шараварлы бірен-саран әйелдер ғана назарға ілігеді. Тіпті басына дұға оқуға барған әулие-әнбиелердің қай-қайсысының да аты-жөні өзі қазақ бола тұра өзбекше жазылған. Мұның өзінен өзбек ағайындардың біздің қазаққа қарағанда ділінің мықтылығы ма деп қаласың, біздер өткен аталарымыздың аттарын сақтамақ түгілі өз аты-жөндеріміздің өзін орысшаға аударып алдық қой!

Осыдан кейін сапар Қожа Ахмет Яссауидің рухани, діни ұстазы Арыстан бабтың Шымкенттен 160 шақырымда Отырар ауданының орталығы Шәуілдір кентінің іргесіндегі Қоғам ауылында орналасқан кесенесіне бет алады. Шәуілдір атының өзі Шәміл және Дүр атты бір-біріне ғашық болған жігіт пен қыз атынан шыққан деседі жергілікті тұрғындар.

Бұл арада жалпы Шәуілдір топырағында дүниеге келген түлектер туралы бірер сөз келтірген жөн деп ойлаймын. Бұл Шәуілдір қазақтың маңдайына біткен, ұлт мақтанышына айналған сазгер Шәмші Қалдаяқов, еліміздің саусақпен санап алардай ғалым-дәрігерлерінің ішіндегі ірі тұлғасы Мұхтар Әлиев, кеңестік идеологияның нағыз қылышынан қан тамған кезінде ірі саяси қайраткер бола жүріп, елдің тарихы мен тағдырына жанашырлықпен қарап, басын бәйгеге тіккен, жастарды ұлттың қадыр-қасиетін тануға тәрбиелеген, ұлтымыздың біртуар азаматы Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың кіндік қандары тамған мекен.

Өзбекәлі ағамыздың мәңгі тыныстап жатқан жері Арыстан баба кесенесінің аумағында. Қазақтың өткен тарихы, болашағы үшін жан қияр еңбегі мен қадіріне сай ағамызға елінің тұрғызған еңселі мазары баба кесенесімен табиғи да, тарихи да кірігіп тұрғандай.

Халық аузындағы аңызға сүйенсек Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз сахаба-шәкірттерін жинап алып:

– Бағзы бір уақыт өткенде дүниеге менің ісімді, ойымды жалғастыратын сары бала келеді, сол балаға мына құрманың сүйегі аманат. Соны сол балаға беруге қайсың даярсың, – дегенде көпшіліктің ішінен тек Арыстан баба ғана шығыпты.

Арада 400 жыл уақыт өтсе керек. Яссыға келген бір сапарында Арыстан бабадан бір бала:

– Ата, аманатым қайда, – деп сұраса керек. Үнемі дайын ұстап жүрген Арыстан баба құрманың сүйегін суырып алып берген екен. Сонда Ахмет 7 жаста (бағзы біреулері 11 жаста) екен дейді.

Арыстан бабаны Қожа Ахмет Яссауи ерекше пір тұтқан. Оған дәлел – ол өзінің «Диуани хикмети» кітабында Арыстан бабаның ізгілік, адамгершілік, ғұламалық қасиеттерін баяндауға құрылған жыр арнаған. Мұнда өз ұстазының биік те абзал сипаттарын жырлап қана қоймай, жалпы ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынас мәселелерін жан-жақты сөз етеді. Оның айтқан ақылдары мен үлгі-өсиеттерін зор ілтипатпен еске ала отырып, ұстазының рухани тазалығын, адалдығы мен шыншылдығын өзгелерге үлгі тұта сөйлейді. Жоғарыда аталған кітаптың 60- хикметінде:

Өлер шақта Арыстан бабамды мен бір көрсем,

Балалықпен білмедім деп жаным берсем.

Әр басқан іздерін көзге сүрсем,

Көкіректегі шерлерім кетер ме екен ? – деп қасірет шегеді.

(Хазірет сұлтан Ахмет Иасауи «Хикмет», «Жалын» баспасы, 2002 жыл).

Кешегі кеңес дәуірінде әншейін бір қорымға айналған, аумағы ат шаптырым болатын зираттың ортасында Арыстан баба кесенесі ерекше тұлғаланады. Жергілікті халықтың айтуынша кесенеге мал қамап, қой қораға айналдырған кез де болыпты. Құрылыстың кереметтілігі, сапалылығы сол, соншама уақыт қорлыққа салынса да бәлендей шетінемеген, яки опырылған жерлері байқалмайды, ал кейбір кемсін жерлерге егемендік алғаннан бергі уақыт ішінде шеберлер біліктілікпен бұрынғы әрі мен нақыштарын, құлаған ағаш тіреулерін алғашқыдай өрнектерімен қалпына қайта келтірген.

Жалпы кесене басы тазаланып, жаяу адамдар үшін тас жолдар төселіп, көлеңкеде демалып отыратын орындарға дейін ойластырылған. Соңғы бір-екі жылда атқарылған шаруаға жатса керек, осы кесене аумағына Әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыс қабірлерінің топырағы салынған құтыларды (капсулаларды) көміп, бастарына уақытша көктас орнатыпты. Уақытша деп отырғаным, халықтың айтуынша, ол кісілерге де арналып үлкен кесенелер салынбақ.

Кесенеден онша қашық емес үлкен алаңда алтындатқан күмбездері түстік жерден мен мұндалаған, бір мезгілде мың адам намазға жығыла алатын үлкен мешіт құрылысы биылғы жылдың ораза айты қарсаңына аяқталып, айт намазы сонда оқылмақшы екен. Жаңа заманғы құрылыс материалдарынан салынып жатқан ірі, әрі мейлінше сәулетті мешіт құрылысы сол төңіректі ерекше абаттандырып, заманауи көрік беріп тұр.

Автобустармен топтала келгендерді есептемегенде күн сайын 100-120 адамға дейін жиналатын кесене басына қонақ үй тұрғызылған, оған сыймаса, жаз айларына лайықтап қосымша киіз үйлер тігілген. Оның сыртында сол жердегі 5-6 үй тұрғындары да заман талабына сай икемделіп, тәу етіп келушілерге құрбандыққа шалатын сойыс малдарын дайындап, орын жетпеген жағдайда жатын орындарына шейін масахана құрып, әзірлеп қойыпты.

Ұстаз рухына тағзым еткеннен кейін жолсапар қасиетті Түркістан шаһарына – Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне тірелмек.

Қожа Ахмет Яссауидің негізгі аты Ахмет, есімінің алдындағы «қожа» мұсылман дінін таратып, уағыздаушылық қызметіне орай берілген атау, ал соңындағы «Яссауи» оның қай жерден шыққандығын, яғни ежелгі Яссы қаласынан екендігін айғақтайды. Бірақ нақтылық үшін айтса, ол қала Ахметтің туған жері емес, жастайынан жетім қалып, ағайын-туыстарының қолына келіп, бала кезінен өскен жері. Негізгі туған жері – жоғарыда аталған Сайрам кенті. Өзі хикметінде айтып кеткеніндей бұл жарық дүниенің қызығынан бас тартып, Мұхаммед пайғамбардың жасында жер асты қылуетіне өз еркімен түсіп, сол жерде тағы да 63 жыл жасаса керек.

Түркістанның басындағы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі туралы кем айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Сондықтан да мен оның бүге-шігесіне тоқталғым келмейді. Күні бүгінге кішігірім ауыл орнындай ауқымды алып жатқан кесене кешені тек діни ұстанымдағы емес, мәдени, тарихи-танымдық нысан ретінде еліміздің және шет елдің зиярат етушілері мен туристері үшін де лайықталып, тас жолдар, тротуарлар төселіп, гүлзар жасалып, барлық қызмет түрлері ойластырылған. Кесене кешеніне қарайтын жер асты қылуеті, ежелгі монша, т.б. 4-5 нысандар тегіс тәртіпке келтіріліп, оның әрқайсысында түсініктеме берушілер (гидтер) қызмет жасап жүр. Еңселі де, айбарлы, соғыс пен бейбітшілік замандарының, тылсымға толы талай ғасырлардың куәсі болған мазардың кіре берісінен-ақ адамды ерекше сезім билейтіні хақ.

Сәулетті мазардың ішін аралап жүргенде мені айрықша толқынысқа түсірген бір жағдай – Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың мұражайына арналып бір бөлме жасақталғаны болды. Жоғарыда айтқанымдай кеңестік замандағы коммунистік идеологияның сеңі сөгілмей тұрған сонау 70-жылдардың өзінде сірескен атеист шенеуніктерге бар жан-тәнімен, білім мен біліктілігін, беделін де аямай осы кесенені тек діни тұрғыдағы нысан емес, Орта ғасыр мәдениетінің озық үлгісі, өркениеттің бір белгісі ретінде сақтау керектігін дәлелдеп, қызғыштай қорып, оның басын тәртіптеу, қайта қалпына келтіру (реставрация) жұмыстарын жүргізуге көндірген бірден-бір тұлға осы Өзбекәлі ағамыз еді. Кесене ішінен орын бөлінгені қазақтың маңдайы кере қарыс азаматының еңбегінің жанғаны, лайықты бағаланғаны деп білдім. Аруағыңнан айналайын ағатай-ай, шырылдап жүріп қазақтың ұлттық құндылықтарын, тарихи, рухани байлықтарын, тіпті намысын да қорғау жолында қаншама теперіш көріп, талқыға түскеніңді біреу біліп, біреу білмес!

Кесене кешеніне кіре беріс аллея бойына кешеннің ертеңгі, болашақ жоспары да көрнекі түрде ілініпті. Ол бойынша таяу арадағы жылдар ішінде кешен әлемдік деңгейдегі ірі ғылыми-танымдық, мәдени-саяси, сауда және өнер, туризм орталығына айналып, аумағы екі-үш есеге дейін өспек.

Кесене басына діни жолмен зиярат етушілердің есінде ұстайтын бір жай – сол жердегі діни адамдардың кеңесі бойынша Қожа Ахмет Яссауидан тілейді, Арыстан бабқа түнейді деген ұстаным. Ел ішіндегі аңызға сүйенсек, сол аманат құрманы алған бала Ахмет аузына салып дәнін сорады да, Арыстан бабаға қабығын қайырып берсе керек. Сонда Арыстан баба:

– Мен 400 жыл уақыт әдейі сақтап жүргенде, маған дәнінен бір түйір бұйырмағаны ма, – десе керек.

Сонда бала Ахмет:

– Ата, құрманың дәні менде, мәні сізде, – депті.

Яғни, зиярат етіп келушілер менен тілесе, сіздің басыңызға түнейді дегенді солай тұспалдап келтіріпті деседі.

Кіші қажылық сапары осы қасиетті орындарға зиярат еткеннен кейін жүзеге асқан болып есептелсе де, жұмыр басты адами пенде ретінде келушілердің қызығушылығын туғызатын екі орын бар.

Біріншісі – Шымкент қаласынан 15-20 шақырымдай жерде атақты Қазығұрт тауының төңірегіндегі «Ғайып ерен, қырық шілтен» тауы. Бұл Алпамыс батыр хиссасында келтірілетін, бала көре алмай жүргенде жалбарынып осы тауға келіп түнеп, соның шарапатымен шешесінің бойына Алпамыс бітетін орын.

Қазығұрт тауына келсек, аңыз бойынша жер үстін топан су басқанда Нұх пайғамбарға жіберілген кеме тоқтаған тау. Шамамен теңіз деңгейінен 1 шақырымдай ғана биіктікте. Сол төңіректе Қаратау сілемдерінің бұдан да биігірек шоқылары болғанымен бұл таудың киелілігі шығар, халық аузындағы:

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол киелі болмаса неге қалған, – деген тіркестер тегін болмаса керек.

Кезінде Асанқайғы абыз да ел мен жерді аралап жүріп осы киелі өлке жайлы:

– Алланың мейірімі түсіп, шапағатын шашқан тау екен. Нұх пайғамбардың кемесі қалып, бар қасиет бойынан табылған тау екен. Жемісі көп, жері көп – жер төресі мұнда екен, жігіті көп, ері көп – ел төресі мұнда екен, – деп толғаныпты.

«Ғайып ерен, қырық шілтен» тауы да көпшіліктің зиярат ететін орнының бірі. Оның ең ғажабы – тау баурайында табиғаттың ба, әлде ерекше бір тылсым күштен бе, биіктігі 6-7 метрдей болатын жартас тігінен қақ айрылған да, арасында ені 30-35 см-дей болатын жарық (жік) пайда болған. Жарықтың өне бойына ұзындығы 7-8 метрдей. Халық арасында әртүрлі атау алған бұл жарықтың бір аты: «алланың таразысы». Табиғаттың кереметтігі ғой, сол жарықтың қайтадан кірігіп кетпеуі үшін әдейі қойғандай жартастың жоғарғы жағынан тақтайша тас сына сияқты (есебі фиксатор) кіріп тұр. Оны символикалы түрде «жастық» деп атайды екен. Ортасынан екі бөлінген жартастың сол жағын «ана», оң жағын «ата» депті. Яғни, келуші (әрине, қызығушылық танытып, немесе өзіне-өзі сенімді болса) осы «ата» мен «ананың» арасынан жаратылғаны сияқты екі тастың ортасындағы тар жарықтан өтуі керек. Көзбен қарағанда мүмкін емес сияқты болғанымен, сол тар жерден өтетін де, өте алмайтындар да бар. Сенім бойынша, егер алдындағы екі бабаның басына тәу етіп рухани тазарып келген адам болса (немесе жалпы күнәдан пәк таза адам), бұл жерден қиналмай өтіп кетеді, ал күнәсі көп міскінді тас қысып өткізбесе керек.

Сонымен қатар бұл жерде жоғарыда айтқанымыздай символика түрінде «ананың емшегі», «ананың жатыры», «атаның қолтығы», «дастархан» аталатын сұлбалар, төрт түлік малдың бейнелері орын алған. Ал олардың бәрін адам қашап, аталуына сай тиісті формалар беріп, рет-ретімен орналастырды деудің қисыны жоқ, шын мәніндегі табиғаттың желмен, сумен, уақытпен өңдеп жасаған, оларды бір жерге топтастырған ғажайыбы деп қабылдау қажет.

Екінші бір ғажап – Түркістан шаһарынан терістік – батысқа қарай 60 шақырым жерде Қаратау сілемдері қойнауларының бірінде жоңғар шапқыншылығы заманында өмір сүрген Үкаш ата кесенесі бар. Бұл кісі туралы халық арасында мынандай аңыз тараған.

Жоңғарлар үшін өте қауіпті болып саналған Үкаш ата мейлінше ержүрек, батыр, сонымен қатар атса оқ, шапса қылыш өтпейтін, суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын ерекше қасиетті кісі болса керек. Қайткен күйде де одан құтылудың жолын іздеген жау жағы Үкаш атаны өлтірген адамға қисапсыз байлық береміз деп жария салады. Әртүрлі адамдар талпынғанымен, ештеңе шығара алмайды. Содан бір кәрі кемпір «мен өлтіремін» шықса керек. Ол батырға тікелей шықпай, әйелі арқылы әрекет жасайды. Жыл бойы сол үйге күтуші болып жалданып, әйелдің сеніміне әбден кіріп, Үкаш атаның ұрымтал кезеңін біліп алады. Өз әйелі тарапынан қастандық келе қоймас деген батыр оған: «Менің ең осал кезім таң намазы мен ақшам намазына тұрғанда. Оған бұйыған кезімде денем балқып тұрады», – деп айтып қалса керек. Ол хабар құлағына тиген кемпір дереу баскесер жалдап, Үкаш ата бұлақ басында намазда тұрған жерінде ту сыртынан келіп қылышпен басын шаптырса керек. Сонда Үкаш атаның шабылған басы ұшып барып келесі бір қырдың басындағы (қашықтығы шамамен 500-600 метрдей болады) құдыққа түскен де, жер асты арқылы Меккеден шығыпты. Бассыз дене қан шапшыған бойы 33 қадам жер жүріп барып құлапты. Міне сол жерде Үкаш атаға орнатылған кесене тұр. Дене көмілген қабірдің ұзындығын қан төгілген 33 қадамға сай ұзын етіп үйген.

Ата басына дұға бағыштап шыққасын жол бір қыр асып, жоғарыда айтылған Үкаш ата құдығына әкеледі. Құдыққа тасталатын шелекті байлаған жіптің ұзындығымен шамалағанда тереңдігі 30 құлаштай болады-ау деп жобаладым. Бұл да бір табиғаттың ғажайыбы дерсің, әйтпесе елсіз мекиен далада тау-тасты тесіп кім, қандай күш құдық қазып шығармақ!

Құдық хикметі де пендешілікке сын ретінде қабылданады. Яғни құдыққа шелек салғанмен әркімге бірдей су іліне бермейді, кейбіреулеріне шамалы, кейбіреулеріне орта шелектей су шықса, бәз біреуге тас қиыршықтары, немесе салған шелегі бос, майысып мыж-мыж болып шығатындар баршылық. Бұл да шелек тастаған адамның рухани тазалығына, несібесіне сын деп түсіндіріледі. Расында да, қатарынан жеті рет шелек тастаған Талдықорған жағынан келген бір жас әйелге бір тамшы да су ілінбей, көңілі пәс, қапаланып кеткенін көзім көрді. Оның есесіне бір салғанда орта шелек су алып шыққанның балаша қуанып, мәз болғанының куәсі болдым.

Шелекке ілігіп шыққан суды ең бірінші шелек тастаған адам ішеді екен. Маған іліккен орта шелектей судан ішіп, қалғанын ыдысқа құйып алдым. Құдық суы, әдетте, мұздай болады, ал мына су жылылау көрінді. «Бұл қалай?», – деген төңіректе әңгіме қозғағанымда, сол жерде құдық туралы тың дерек айтылды.

Бұдан бір-екі жыл бұрын құдықтың түбінде қалып қойған шелек, арқан т.б. заттардан тазалау мақсатында жергілікті тұрғындардың ішінен батыл бір жігіт шығып беліне арқан байлап құдыққа түсіпті. Оның айтуынша құдықтың аузы әдеттегідей тік емес, жартастар сияқты қисық, бұралаң екен. Құдықтың ең түбі үлкен үңгір қуыс болып, шелек түсетін тұста ұшы үшкірленген (конус тәріздес) үлкен жартас тұрса керек. Осы жартастан 4-5 қадам жерде жер асты суы бар. Төбеден түскен шелек алдымен жартастың ұшар басына тиіп (шелектің майысып шығу себебі), содан кез-келген бағытқа ұшуы мүмкін, егер су жақ бетке түссе, су ілігеді (онда да оған дейін жетсе), егер басқа жаққа қарай ұшса тас, әйтпесе басқа бір зат ілігеді, не құрғақ күйінде шығады. Міне, бар сыр осында болса керек, дегенмен де шелектің қалай қарай түсуі адамның ниеті, пиғылы, несібесіне қарай екендігін де мойындау қажет сияқты.

Атаның аруағы мен көптің батасы үшін жергілікті екі кәсіпкер азамат құдық басына кірпіштен киіз үй тәріздес дөңгелек қорғаныш орнатып, келген адамдарға күйдірген күн, жауын-шашыннан пана жасапты.

Жалпы бұл жерде айта кететін бір жай, қайсыбір кесене, мазардың бәрінің басында бұлақ көзі атып жатыр. Кесенелер ерекше күтімде, жан-жағы сыпырылған, таза, гүлзар егілген. Зиярат етушілерге ыңғайлы болу үшін сол жерде ас әзірлейтін, тамақ ішетін арнайы үй салынып, немесе ашық аспан астында, ағаштардың көлеңкесінде столдар мен сәкілер орнатылған. Дәрет алу, намазханалар ойластырылып, түнеушілерге жататын орын да қарастырылған.

Осыған байланысты өз тарихымызға, заманында болған әулие-әнбиелерге деген тұрғылықты халықтың құрметпен қарағанындай жергілікті билік өкілдерінің де шын жанашыр көзқарастарына арнайы тоқтала кету қажет деп есептеймін. Облыс көлемінде халық зиярат етуші орындардың бәрі де арнайы есепке алынып, оларға есеп-шот ашылып, мемлекеттік тұрғыдағы бағдарламалар жасалып, соның аясында шарапатты да, сауабы мол жұмыстар жүргізіліп отыр екен. Халықтан түскен садақа, яки басқа да түрдегі түсімдердің бәрі де мазар бастарындағы темір жәшіктерге салынып, болашақта соның дамуына жұмсалмақшы. Ірі көлемде арнайы қаражат аударамын деушілерге шот нөмірі де көрсетіліп тұр. Халық зиярат ететін орындардың бәрінде де ыждаһатты түрде ресми бақылаумен қатар, соншалықты қамқорлық, аялаған алақан табын сезесің де еріксіз тәнті боласың. Ел билігінің басындағы жергілікті басшылардың ісіне ризашылықтан: «Алланың рахметі жаусын! Елдің, халықтың ақ батасы мен ыстық ықыласына бөлене беріңіздер!», – деген тілек тілге оралып тұрады.

Осы арада ойтүрткі есебінде мына бір мәселелерді оқырман ортаға салғым келеді. Жол үстінде ой қуып отырып: «Апырмай, осы тап мынандай көпшілік болмағанмен басына халық түнеп, зиярат ететін, ел сыйлап, шеті кешегі Яссауи бабамыздың кесенесінде мәйіттері жатқан атақтыларымыз бен ардақтыларымыз бізде де бар емес пе! Неге оларға діни тұрғыда, немесе, көне ескерткіш, тарихи тұлғалар ретінде қарап, тиісті қамқорлық жасап, бүкіл халықтың игілігіне айналдырмасқа, – деген пікір мазалады. Расында да, облыстан «Мәдени мұра» шеңберінде арнайы қор ашып, тіпті арнайы мемлекеттік бағдарламаға енгізіп, «діни» деп шошитындай болса қазіргі үрдіске сай туристік маршруттар атын «жамылып» болса да, сондай орындарды неге назарға алмасқа. Мысалы, бір ғана Науырзым ауданында ұйымдастырылмақшы «Науырзым мемлекеттік қорығы» туристік мемлекеттік бағдарламаны негізге ала отырып, сол төңіректегі бастарына халық түнеп жүрген Түркебай, Қоянат ана, Абыз, Мешітбай, Оспанқожа, Шобан аталарымыз, немесе Әулиекөл ауданының Дүзбай елді мекенінің тұсындағы орман ішінде жатқан Марал ишан атамыздың ұрпақтарының зираты (тұтастай сол әулеттің пантеоны деуге болады) сияқты т.б. тарихи құндылықтарымызды неге тиісінше бағаламасқа. Осы аталғандардың өздері бас-басына атаулы бағдарламаға татитын да, оны көтере алатын да нысандар екендігіне көпшілік келісер деп ойлаймын.

Тарихымызды насихаттаудағы енді бір үлгі ететін шаруа – Шудан бастап Түркістанға шейінгі елді мекендерге бірнеше шақырым кіре және шыға берістегі жол бойына қазақтың ұлыларының, ғұламаларының, Елбасының, жалпы шығыс ойшылдарының жер, ел, ұлт, ұрпақ, тәрбие туралы ең бір жан тебірентерлік те, жан сүйсінтерлік те ұлағатты сөздері жазылған, қазақы оюмен өрнектелген тақталар жолдың екі бетін бір жағынан көркейтіп тұр, екінші жағынан есті адамға ой салып тұр.

Сөз соңында ұлан-байтақ еліміздің түстігі мен терістігі, шығысы мен батысы көре білген, іздей білген адамға тарихи тұлғаларға бай екендігі мақтаныш сезімін тудыратынын атап өткім келеді. Басы Қарағандыдан бастап тек жол бойындағы Шет, Ағадыр, Балқаш, Шу, Қордай, Меркі кенттері, Тараз шаһары, Бауыржан Момышұлы, Түлкібас аудандары сияқты қазақтың киелі жерлері мен ондағы тарихи тұлғаларды ұлықтап шықса әрбір азаматқа артық емес деп ойлаймын. Шу кентінен шыға көңіліңді аспандататын, иығына қар жамылған асқар Алатаудың келбеті қандай, жол бойы тұнған мәуелі жеміс-жидегі қандай! Тараздың қақ ортасындағы алаңда Бәйдібек бабамыздың тұлғасы адамды жігерлендіріп, арқа бітіргендей! Өзің туған еліңнің «МЕН» – дігіңді, елдігіңді, тұлға екендігіңді сездіретіндей жерлері барына тәуба дегің келеді! Лайым, қазақ еліміздің еңсесі Алатауымыздай биік болсын, оны мекендеген халқымыз аман-саулықта болып, өз тарихымызды жете біліп, болашағымызды болжай білелік!


Оңтүстік Қазақстан,

31 шілде-2 тамыз 2010 жыл.




Сәлім МЕҢДІБАЙ

Каталог: wp-content -> uploads -> 2014
2014 -> Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж
2014 -> Қазақ тілі мен латын тілі кафедрасы Қазақ Әдебиеті пәні бойынша әдістемелік өҢдеу мамандығы: Фельдшер Мейірбике ісі Стамотология Курс: І семестрі: ІІ
2014 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев
2014 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2014 -> «Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев
2014 -> 3-деңгейлерге: а/берілген сөздерді аударыңдар
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет