«Қостанай таңының» кітапханасы ТҰмарымыз – ТҮркістан баһадүр бабалар туралы баян



бет7/13
Дата25.12.2016
өлшемі3,2 Mb.
#4856
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13

Мадияр Жауғаштыұлы
... М.Дулатұлының жетінші атасы Мадияр Жауғаштыұлының тағдыр-талайы туралы түйінді сөздер әлі толық айтыла қойған жоқ.

Есімі бір тайпаның шеңберінен шығып, елдік деңгейге дәуірлене тараған, ұлтының талайы мен тағдырында таңдайға бал жаққандай таңдандырарлық өнеге тастап, жасын жарқылындай ағып түскен ірі тұлға Мадияр Жауғаштыұлын бүгінде еске алатын ұрпағы бар екендігі және де ондай мүмкіндіктің тәуелсіздіктің арқасында туып отырғандығы көңілге айырықша медет. Даңқты баба Қаратау бойында 1655 жылы дүниеге келіпті. Оның ер жетіп, есейген шағы қазақ даласындағы қилы да қиын кезеңмен тұспалдас. Қалмақ ханы Сыбан-Раптан билік құрып, оңтүстік өлкемізді жаулай бастағанда, қазақ халқының Жоңғар басқыншыларына қарсы қырғын соғысы осы Мадияр бабамыздың ат жалын тартып мінген кезеңіне сайма-сай келді. Жүрегінің түгі бар ол 1712 жылға дейін-ақ інілерінің батыр балалары Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлы, Жәнібек Қошқарұлы, өз балалары Ақбай, Айтқұл, Абыз, Бозды соңына ертіп, басқа да қазақ қосындары қатарында жоңғарларды ел шекарасынан асыра қуып, елін-жерін қорғаған ерлерінің, дуалы ауыз билерінің бірі болғаны тарихтан әмбеге мәлім.

Ол 1723 жылы «Ақтабан шұбырындыда» халқын жаудан аман алып шығып, әуелі Ұлытауға қоныс аударып, одан кейін Торғай өңіріне көшіп келіп, өмірінің соңына дейін Сарықопа, Қызбел бойын тұрақты мекен етеді. 1726 жылы Ордабасыда үш жүздің бас қосқан жиынына қатысқан Мадияр Жауғаштыұлы 1735 жылы қартайып, өз ажалынан қайтыс болады. Ол кісінің денесін қасиетті Түркістанға інісінің баласы Қарабалуан Алдиярұлы апарып жерлеген. Басына белгі құлпытас қойған. Көнекөз қарттардың айтуынша, Мадиярдың көктасы 1950 жылдардың басына дейін сақталып тұрыпты. Елуінші жылдары кіші қажылық етіп Түркістанға барған молла Байқасов Әубәкір деген кісі Мадиярдың басындағы сол белгіні көріп, жазуын оқып, дұға қылып, елге көрген-білгенін нақпа-нақ айтып келгенінің куәсі болғандар жетерлік. Жетпісінші жылдарға дейін сол әңгіме желісі бір үзілмей келген-тін. Шет-пұшпағын біздің де құлағымыз шалып қалғаны бар. Мадияр бабамыз әкесі Жауғаштының үш ұлының үлкені әрі ел сыйлайтын намысшыл ағасы болғандықтан соңынан ерген бауырларына еншілерін беріп, әрқайсысы бөлек шыққаннан кейін де оларға шынайы қамқор бола білген. Бәрінің қыс қыстауы, жаз жайлауы етене боп, солардың қарашаңырағы атанып, көзінен әсте таса қылмайды екен.

Бір жылы немере ағасы Баубекұлы Шағыр қайтыс болады. Шағырдың жесірі Қаратөлке асқан ақылымен көптің көзіне түскен әйел екен. Бірінші айттырған күйеуі Үсен үйленбей дүниеден өтеді де, қалың малы төленіп қойған жесірді екінші ұл Шағырға қосады. Шағырдан Жәдік, Тоқан деген екі бала қалады. Шағырдың шешесі Қаратөлкені ұлы Құлқайға қосқысы келмейді. Ал Мадияр бабамыз жеңгесінің жай адам еместігін байқап, одан батыр ұл туатынын сезіп, оны өз ауылына көшіріп алады. Әмеңгерлік заңы бойынша ел жайлауға көшіп, жер аяғы кеңіген соң той жасап, жеңгесін әйелдікке алуды жоспарлап та қояды.

Содан жаз шыға Мадияр бірінші болып жайлауға көшеді. Одан кейін інілері Алдияр, Құдиярдың ауылдары жылжуы тиіс еді. Алайда олардың көші сырғақсып, күн еңкейгенге дейін кешігеді. Мұның сырын білмек боп Мадияр би ойдағы ауылға адам жіберсе, мәнісі былай екен. Бас-көз жоқ, інісі Алдияр жеңгесі Қаратөлкеге үйленіп алыпты. Содан Мадияр би санын бір ұрып: «Таз мұңдар-ай, батыр туатын әйел еді, өзім алам деп жүр едім, алып қойған екен ғой», – депті өкінішпен. Сол жолы Мадияр бидің дуалы аузынан күйінішпен шыққан «Таз» деген сөз бір рудың атын өзгертіп, Алдияр содан былай қарай Таз атанып кетіпті. Қазір тоқал арғындардың ішінде «Таз» деген үлкен ру бар. Әлгі қос ғашық Алдияр мен Қаратөлкеден Жанұзақ, Өмірзақ деген ұлдар туған. Ал Жанұзақ кейін Қарабалуан деген атпен бүкіл қазаққа танылады. Талантты жазушы І.Есенберлиннің «Көшпенділерінде» жоңғар қонтайшысына қарсы Телікөлдегі шайқасқа аты шулы батырлар Тайжігіт, Тасболат, Сырымбет, Жанатай, Сеңгірбай, Малайсары, Оразымбеттермен қатар Жанұзақ (Қарабалуан) бабамыздың қатысып, ерлік көрсеткені туралы (І.Есенберлин, «Жанталас», Алматы, 1976 ж., 227 бет.) жан-жақты баяндалған.

Қарабалуанға қатысты тағы бір дерек мынадай. Абылай ханның жоңғарлармен келесі бір шайқасы баяндалған тұста: «Өзі (Абылай хан – Қ.Ә.) Сағымбай, Қанан, Жанұзақ секілді ерлерімен, жорыққа алғашқы аттанған он жеті жасар Жанай деген баласымен шептің дәл ортасында болды», – деп Қарабалуанның (Жанұзақ) соны бір ерлігінен хабардар етеді (Сонда, 239 бет). Ел аузында: «Қарабалуан, Жәнібек, Қаздауысты Қазыбек, Өлі де болса тірісің, өз атамның бірісің, Сыйынғанда пірімсің», – деген аталы сөздің әлі күнге жаңғырығып, жалындап естілуі тегін емес шығар.

Жас кезімізде жеңгелеріміз ботадай боздап, босана алмай жатқанында: «Қарабалуан! Жәнібек!» деп сыйынып, құдіретті бір күштен жәрдем тілегінін көрдік. Ал Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Тілек бата» деген өлеңінде: «Қарабалуан, Жәнібек! Қаз дауысты Қазыбек! Жетім қалған халқыңа, Тұлға болып артыңа, Кім тиянақ қазық ед»? – депті (Ахмет Байтұрсынұлы, шығармалары, Алматы, 1989, 32-бет). Мадияр би өзінің көріпкелдік қасиетімен осыны сезген болуы керек. Мадияр інісінің бұл қылығына ренжімейді. Қайта інісін жайлауға көшіріп алып үлкен той жасап, жас отауға батасын береді. Алдияр қайтыс болғаннан кейін Қарабалуанды бауырына салады. Ол кезде Қарабалуанның аты Жанұзақ болатын. Жанұзақ Мадиярдың қозысын бағысып, шаруасына көмектесіп жүреді. Бір күні Мадияр бидің үйіне көп атты адамдар топырлай келіп түседі. Бұлар әр ауылдың беделді ақсақалдары еді. Келген шаруалары, жақында кіші жүзде өтетін үлкен астың әу-жайын ақылдасып, сараламақ ниетте еді.

Қонақ күткен үйге Жанұзақ кенеттен жүгіріп кіреді. Не болғанын түсінбей, аң-таң қалған Мадияр Жанұзаққа абдырай қарайды. Сонда демі буылып алқынған Жанұзақ: «Жаңа қозыларыма «қара қабан» шапты, соны қуып едім, ол қашып осы үйге кіріп кетті», – дейді. Пәлі, неткен болжам! Төбеден жай түсіретіндей көріпкелдік. Жанұзақтың жай адам емес екенін сезіп, жүрегі қылп ете қалады. «Қасиет қонған-ау осыған» деп қызынады. Әй-шай жоқ: «бізбен бірге асқа барасың» деп өзімен бірге ілестіре кетеді. Үш жүздің жақсы-жайсаңы жиналған асқа баратын күн де жетіп, ертеңіне ұланасыр ойын-той басталып та кетеді.

Асқа барған тоқал арғындар аламан ат бейгесінде ешкімге дес бермейді. Және де ойынның басқа да түрлерінен де жүлделерді шетінен қалпақпен ұрып алғандай болады. Ең қызықты бәсекеде кіші жүздің түйе балуанын ешкім тізе бүктіре алмай қатты қорланады. Тіпті тәуекел етіп белдесуге шықпай, үрпиісіп үркеді. Сондай бір сын сағат туып қалғанда Мадияр би айқай салып: «Ей, арғын баласы, ел намысын қорғайтын бір ұлды анамыз таппағаны ма, уа, қайсың барсың?!» – деген екен ышқына. Сол кезде 15-16 жастағы Жанұзақ «Ата, батаңызды беріңіз, мен бармын», – дейді жұтқыншағын ойната жалындап, тізерлеген қалпымен. Тосылып қалған Мадияр би: «Уай, балам, қандай қабілетің бар еді»,– дейді еріксіз елпек қағып. Сонда беті-жүзі балбыраған бала Жанұзақ: «Қу тобылғыны бұрағанымда майын шығаратын едім»,– дейді бұла күшін қайда қоярын білмей, қос бүйіріне толқи түсіп. Ойға қалған Мадияр ақ батасын беріп, Жанұзақты түйе балуанмен күресуге шығарады. Түйе балуан баланы көзіне ілмей, салған бетте белінен ұстап сығымдап, бөденедей лақтырады, бірақ Жанұзақ құламай табанымен дік ете түседі.

Түйе балуан Жанұзақты үш рет жұлқи лақтырып, дегеніне көндіре алмай, амалсыздан кезегін береді. Сол-ақ екен тарпынған Жанұзақ еңгезердей түйе балуанды басынан асырып, үйіріп-үйіріп жерге солқ еткізіп қақырата ұрады. Шыдасын ба, тәйір-ай, таудай түйе балуанның болаттай берік ортан жілігі морт сыныпты. Түсі қарауытып кеткен Мадияр мына Жанұзақтың қимылына разы болып қуанып, «сен бұдан былай Қарабалуансың, Қарабалуаным!» деп бөркін аспанға атып айқай салады. Содан бастап Жанұзақ Қарабалуан атанып тарихта мәңгілікке аты қалады.

Мадияр 1735 жылы дүниеден өткенде, жоғарыда айтқанымыздай, ағасын қасиетті Түркістанға Қарабалуан өзі апарып жерлейді. Халқы Қарабалуанды Мадияр бидің орнына би сайлайды. Қарабалуан 1749 жылы қайтыс болды. Оның сүйегін інісі Шақшақ Жәнібек атасы Мадиярдың қасына Түркістанға жерлейді, өзіне де сол жерден орын белгілеп кетеді. Қасиетті Түркістанда Иасауи кесенесі қабырғасында жерленген Қарабалуан Алдиярұлы, Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы, Мешітбай Сүгірұлы, Мерген (Теңізбай) Бабасұлы, Бекбаулы Өтейұлы – бәрі де Мадияр бидің туыстары, немере балалары. Баршасының да есімдері ескерткіш тақтаға қашалып жазылған. Осы бабалардың Түркістанда жерленуінің негізгі соқталы себебі, онда ағалары Мадияр бидің мәңгілік тыныс алғандығына да байланысты шығар деген ой келеді. Мұндай киелі орынға бетбұру ерен рухтық бастаушы күшке тәуелді болатыны тағы ақиқат. Сондай-ақ Иасауи кесенесі қабырғасында, Мадияр бидің рухы төңірегінде тағы басқа да аталарымыздың жатуы әбден мүмкін-ау! Оны анықтау – болашақтың парызы.

Торғайдың тоқал арғындарынан алғашқы болып Түркістанда жерленген Мадияр Жауғаштыұлы екендігін ешбір шүбәсіз айта аламыз. Сондықтан Иасауи кесенесіндегі тақтаға жазылған жоғарыдағы аталарымыздың қатарында Мадияр Жауғаштыұлының аты тұруы тарихи әділеттілік болар еді. Мадияр баба туралы кейінгі ұрпағы өте аз біледі. Себебі жазба деректің болмауымен қатар, кешегі алмағайып заманда бабамыздың небір құйма құлақ шежіре ұрпақтары «халық жауы» аталып, айдалып атылды. Мадияр атын атау мен соның ұрпағымын деудің өзі қорқынышты түстей еді, сол себепті кейінгі буын жадында ештеңе қалып жарытпаған. Әрине, бұл өкінішті. Дегенмен, сағымдай бұлдырап алыстан талықсып жеткен кейбір естіп білген деректер дәтке қуат секілді. Бұл тұста М.Дулатовтың өзінің өзекжарды өткір көсемсөздері мен мақалаларын «Мадияр» деген бүркеншік атпен жазып, халықтық мүддені ұлтжандылықпен қызғыштай қорығаны аян.

Бабамыз кейінгі ұрпағына он атадан әрі болмаса, беріде қыз алыспауды өсиет еткен дейді. «Әкеден – бала, немере, шөбере, шөпшек. Бұлар – үй-іші туған бауырың, бесінші мен алтыншы ұрпақ – туыс-ағайын ауылың, жетінші ұрпақ ұраны – бір қауымың, сегіз бен тоғызыншы ұрпақ – жауға бөгет қорғаның, оныншы ұрпақ – ортаймас орманың, Ұрпағыңа қорғаныңды құлатпа, орманыңды отама, біріңнен бірің он атасыз қыз алма, туысқандығыңды жоғалтпа», – деп өсиет етіпті.

Мадияр баба ұрпағы, баба өсиетін ұстанып келеді. Бөлтірік, Шағыр, Ерменнен тарайтынын жоғарыда баяндадық. Бөлтіріктен тарайтын Қараман ата ұрпағы ілгері заманда момындық танытып көрші қыпшақ рулары Қаз, Қарамойындардан кейістік көріп, қонысы тарылып қиналған кездерінде, Ұлытау бойынан қозғалып келе жатқан би бабамыз, туысқандарының жағдайымен танысып, қанатының астына алып, өзімен ерте жүріп, Мұқыр өзені бойына, малға-жанға жайлы жер, Садырбай, Ұзынқоға, Өтеміс, Жалпаққоға төңірегіне, «Нулы жер, сулы жерде мал қалады, Мал сақталса жан қалады», – деп қоныстандырған екен. Қыз беріп, қыз алысып туыстық танытып, жақындасқан екен. «Ей, бауырларым, – депті Мадияр баба жиналған көпке, – Бөлтірік, Шағыр бір ананың баласы, Қараман, сен аға баласы асылы, мен інінің нәсілі, жер-су ежелден, Алланың пендеге берген несібі, мен ілгері жылжиын, сен осы нулы да сулы жерде мал сақта, ұрпақ өсір», – деп інілері Шымболат, Өтей ұрпақтарын ертіп Сарықопа, Қоңыраулы бойына қоныс тепкен екен. Бабамыз маңайындағы өзге Арғын ата ұрпақтарымен де, әсіресе, Сүгір, Тағышыларымен татулық сақтай отырып, ілік-жұрағаттықты жалғастырған. Бір мысал. Тағышы руының зерделі, ақылгөй, құйма құлақ қарты Байғоныс Мұхамеджанов, аталары Өтеулі ақынға дарыған өлеңнің бір арнасы Мадиярдан келгенін мойындапты-мыс дегенін ел іші айтып жүреді. Сөйтсе Өтеулі ақынның шешесі Мадиярдың тәуірлерінің бірі Дүзбай байдың қызы болса керек.

Ол заманда атадан қалған малды ұлдарына еншіге бөлетін дәстүр бар, әділ билік болмаса арты бітіспес дауға, ағайын араздасып жауға айналатын жағдайлар кездеседі. Әгәрки, билік әділ болса, екі жағы да орынды шешімге тоқтаған ғой. Сондай оқиғаның бірі Әйдеркеден тарайтын таз Бабастың алты баласының арасында болыпты. Бабастың алты баласының төртеуі жауынгер, қолынан да, жолынын да келетін болса керек, жан-жақтан мал тартып, әкесінен мұраға мыңғырған көп түлік қалып, оны бағып-күтетін екі туысқанына бергісі келмей, арты дауға ұласып, билікке, жүгініске түседі. Сол кезде Мадияр би Тоқал арғындардың төбе биі екен, сол кісіні шақырады. Үлкейіп қалған кезі болса да ағайын араздығын жауласуға жібермей татуластыратын билік айту керек екенін біліп ықыласпен барады. Жер мойыны қашық – 200 шақырым. Сонда Мадияр би жағдайға қанығып алып былай деген екен: «Ей, ағайындар, мал баққанға бітер, мал тапқандікі емес, шығынсыз өсіріп баққандікі. Мен малды теңдей екіге бөлем, бір бөлігін табушы сен төртеуің иелен, енді бір бөлігін бағушы сен екеуің иелен». Осы билік Торғай арғындарына жөн-жоба болып қалса керек. Торғай елінде «Мадиярға билік айтпа басыңа кесір, Өтейге байлық айтпа малыңа кесір», – деген мақал бар. Мақалдың өмірден алып айтылғанын ескерсек, көзі тірісінде Мадияр бабамыз әділ билігімен бүкіл Торғай еліне мәлім болған.

Сан өліп, сан тірілген Мадияр баба ұрпағы қазіргі таңда мәуелі бәйтеректей жапырақ жайған. Кешегі зұлмат заман бір атаның ұрпағын түбірімен құрытып жіберуге шақ қалды. Міржақып атамыздың жақын туысы, пікірлес рухтасы Әбәйділда Бекжанов атамыз қызыл империя саясатының қазақ халқына жасаған озбырлығына төзбей, қарулы көтеріліске шығады. Ырғыз, Созақ, Жетісу көтерілісшілерімен бір мақсатта болған Батпаққара бойындағы қарулы қол аяусыз жазаланады, басшысы Әбәйділда «халық жауы» атанып атылады. Өкініштісі сол, күні бүгінге дейін Батпаққара көтерілісі, оның көсемі Әбәйділда атамыздың тарихи тағдыры зерттелінбей, ақтаңдақ күйінде жатыр. Жасыратыны жоқ, оның күрескерлік әділ бағасын алуына Міржақыптың «сенімсіздігі» де кері әсерін тигізгені айдай анық.

Міржақып ақталғанға дейін оның жақын ағайындарының басына үйірілген қара бұлт әсте сейіліп, ыдырамай-ақ қойып еді. Бертіннің өзінде ашық қоқан-лоққы көрсетілмесе де жасырын жасыту бүркемеленіп істеліп, жан сыздататын. Кезінде жоғары лауазымды қызметтер атқарған Едірес Сейіловке жазықсыз жала жабылып, партиядан қуылып, жұмысынан тентіретіп жіберілген.

Тағы бір сұрықсыз мысал мынадай еді. Міржақыптың туысқаны Шәймерден Ғаппасұлы Нақыпов Қазақ КСР Баға комитетінің төрағасы болды, бірақ еліне маңайлай алмай қойды. Себебі домалақ арыздан, жалалы өсектен сескенді. Оның атасы Нақып қажы болған, Мадиярдың жақсысы еді. Сондай-ақ Айтқұлдың Байжұмыр тармағынан тарайтын Міржақыптың жақын туыстары қалың орыс ішіне бас сауғалап сіңіп кетіп, ілдалдап аман қалды. Әйтеуір, көңілге бір демеуі – Міржақыптың әкесі Дулатпен кіндіктес Ниязбек атаның ұрпағы Смайылдың Нұржанының Боранбайы көп жылдар колхоз басқарып, Ленин орденін омырауына тағып еңбегі еленді. Қазір осы атаның Өтеулі, Ниязбек ұрпақтары өсіп-өніп бақуатты өмір сүріп жатыр. Сонымен бірге айтыскер ақын Сәрінжіп Дайыров, бақилық болған сөз зергері Таңатхан Сәтбаевтың да елге сіңірген еңбегі айрықша зор.

Жоғарыда айтқанымыздай, осыншама адамдардың қиянат-зәбір шегуіне ата-тегінің Мадияр ұрпағы болуы жеткілікті еді. Ел ішінде «Алашорда ауылы» атануы да олардың тағдырына қанды қиянаттар әкелгені туралы ойлағанда, төбе шаш тік тұрады. Кейбірі атылып, асылды немесе итжеккенге айдалды. Қатардағы жұмысшы Құсайын Жанбаев деген кісі 1948 жылы ерекше табысы үшін Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынылғанда, «сүзгіден» Мадияр, Алашорда деген анықтауыштар қылаң етіп, дайын несібеден құралақан қалғанын білеміз. Мадияр баба ұрпақтарының қызыл құрсаушыларының бодандық пен зұлымдық тепкісінен еңсесін көтере алмай қалғандығының ащы ақиқаты осындай еді.

Тіпті ескерусіз жай бір жағдаяттардан да жан күйзелтетін жайсыздық іздеу дағдыға айналғандай еді. 1965 жылы венгер антрополог ғалымы Тибор Тот мадиярлар этносының түзілу тарихын зерттеп, Мәскеуден Алматыға, содан Республика Ғылым академиясының сілтеуімен ғалым Сейітбек Нұрханов екеуі Қызбелге келгені бар. Сонда елдің ақсақалдары Тибор Тоттың Мадияр екенінен сескеніп, өздерінше сақтанып, бір пәлеге ұшырармыз деп, онымен жүздесуден ат-тондарын ала қашқан-тын. Әйтпеген күнде Тибор Тот пен Қоңыр Мандоки Иштван сияқты зиялылары бар Венгриядағы мадиярлармен әлдеқашан жақсы қарым-қатынас жасалып, барыс-келіс мығым орнығатын еді, мықты өркениетті туыс тауып, келешек ұрпақ мызғымас байланыс орнатар еді. Бұл мақсатқа кешеңдеу болса да қол жетті-ау, әйтеуір. Соңғы кезде Мажарстан мадиярларымен байланыс жанданып, берік орныға бастағаны қуантады. Дунай мен Торғай арасындағы рухани байланыс өмірге тың жаңалықтарын сыйлауда.

Өмірден Мадиярдың алтыншы ұрпағы болып келетін Бесей, Игісінұлы Қозғанбек деген шешен өткен. Қозғанбектің әділ билігі мен ділмар шешендік толғауы «Сөз тапқанға қолқа жоқ» кітабында да («Жазушы», 1988, 366-368 б.б.) келтірілген, бірақ мыңның біріндей ғана көлемде. Міржақып атамыз: «Қазақ даласының ділмар-шешендерін көп көріп, көп тыңдадым, не керек, Қозекеңдей ойы асыл, сөзі сұлу некен-саяқ, қаусырма жақ қызыл тілдіде, ондай жүйрікті көрмедім», – деп тегін тамсанбаған ғой. Бұдан жетпіс жылдай бұрын тамаша ақын, діндар, Міржақыптың туған жиені, Амангелді ауданының мақтанышы Файзолла Сатыбалдыұлының: «Әділ сөз қалмас құптаусыз, Қиянат кетпес тоқтаусыз. Күндердің күні болғанда, Міржақып қалмас жоқтаусыз», – деген көрегендігін еске алсақ, мерейленіп әрі шоқтықтанамыз. Біртуар тұлғаның ақталғанын көрдік, Алаш көсемдерінің қатарында аты алтын әріппен жазылғанының куәсіміз.

Сөз түйінінде, енді қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде жатқан, жаны жаннатта болғыр Мадияр бабамыздың есімін сондағы тағзым тақтасына алтын әріппен мәңгі өшпестей етіп жазып қалдыруды бүгінгі ұрпақтары мақсат етіп отырғанын тағы да тиянақтай түскіміз келеді. Соған тиісті орындардың, атап айтқанда, Әзірет-Сұлтан мұражайы қызметкерлерінің жүрек жылуы мен аялы қамқорлығы, әсілі, ұлтжандылығы мен азаматтығы аса қажет-ақ. Міне, қалың ұрпақтың үкілі үміті осыған саяды.


* * *

Тарих үні өктем, алауы мәңгілік маздақ. Оның тылсымы шексіз, сабағы жұмбақ болған сайын, ынтызар ете түседі өзіне. Ынтықтық ырыс еселейді, өмір құбылысының қатпарынан сыр түйгізеді. Бір сұрақтың бір жауабы болары анық. Мәңгілікке тұйықталған дәнеңе жоқ. Тек, қыбын тапса, кілтін ашса, бәрі алақандағыдай анық. Ештеңе де себепсіз, салдарсыз санаға салмақ салмайды. Сарсытқан ой тарихтың бір елеусіз мезетінде ақылдың білте шамын тұтатары кәміл. Уақыт керек дерсіз бәріне. Құба-құп. Бірақ жадтық өлшем тек уақытпен ғана безбенделмейді екен. Ұрпақ ауысқан сайын рухтық ерік-жігер, сілкініс пен талпыныс, ізденіс пен ізет, тауқымет пен таупиықты тырбану – бәрі-бәрі ғасырлар бойы шешімін таппаған бір күдікті сәтімен сейілтіп жібереріне адамзат баласы имандай сенеді. Сәттік сезіну, оймен түйсіну, соған негізделген сараптама «бір жоқты бір жоққа» тапқызғандай етеді. Ғылыми, әпсаналық тұжырымдар да осындай «қас-қағымдық» жаңалық ашу сипатын діттеп беретіндей.

Маздақ! Рух маздағы. Көнеден, ХVІІ ғасырдың орта шенінен бастау алып, келесі ғасырдың отызыншы жылдары, яғни Қаратау бойында 1655 жылы дүниеге келіп, 1735 жылы қартайып, өз ажалынан қайтыс болған Мадияр Жауғаштұлының денесін қасиетті Түркістанға інісінің баласы Қарабалуан Алдиярұлы апарып жерлегені бірқыдыру тарихи деректерден көрініс беріп, нақтыланғанын – тәуелсіздік жылдарының жемісіне жатқызуға әбден болады. Мадияр Жауғаштыұлы алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының жетінші атасы. Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы қырғын соғысы осы Мадияр бабамыздың ат жалын тартып мінген кезеңіне сайма-сай келеді. Жүрегінің түгі бар ол 1712 жылға дейін-ақ інілерінің батыр балалары Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлы, Жәнібек Қошқарұлы, өз балалары Ақбай, Айтқұл, Абыз, Бозды соңына ертіп, басқа да қазақ қосындары қатарында жоңғарларды ел шекарасынан асыра қуып, елін-жерін қорғаған ерлерінің, дуалы ауыз билерінің бірі болғаны тарихтан әмбеге аян. Әріден қозғасақ, І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында баяндалатын Қарабалуанның көзсіз ерліктерінен-ақ Мадияр бидің ықпалын аңғару қиын емес. Тарихтың сәттілік арнасы дегенде, осы деректерге де ден қойылғаны анық.

Былтырғы жылдың аяғына тәман қазақ халқының біртуар перзенті Мадияр би Жауғаштыұлының «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайына қарасты Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне жерленген тұлғалардың тізіміне енгізілгені туралы жағымды жаңалыққа кенелген едік. Жуырда осы оқиғаға байланысты би ұрпақтары Қостанай облысынан Түркістанға арнайы барып, аталарының басына зиярат етіп, ас беріп құрмет көрсетіп қайтты. Қамысты ауданының әкімі Бақберген Өтеулин бастаған имандылықты ту еткендер қатарында Торғай мешітінің бас имамы Шоқан Ғазизұлы, арқалықтық кәсіпкерлер Құрманғазы Жанділдин мен Рамазан Құсайынов, дәрігер Бәйгерей Балғаұлы, астаналық Төлеухан Қасымбекұлы, т.б. болды. Олар жиналғандар алдында ел қорғаны, батыр әрі би Мадияр бабаларының ерлігі, ол туып өскен елдің бүгінгі тыныс-тіршілігі хақында тереңнен әңгіме өрбітті.

Мұражайға Қостанай облысына, оның ішінде Торғай өлкесіне қатысты тарихи-танымдық кітаптармен қатар ұрпақтары атынан ескерткіш хат тапсырылды. Онда: «Орнықты Отан үшін орасан сый, Тұтамдай жерің үшін жаныңды қи! Киелі Түркістанда жай тауыпты, Қаһарынан жау ыққан – Мадияр би!» – деп терең мәнді бір шумақ өрілген екен.

Өз кезегінде түркістандықтар да қонақтарына ыстық ілтипат көрсетіп, тәуелсіздіктің арқасында мүмкін етіліп отырған мұндай имандылық іс-шарасының мол тағылымды, зор тәрбиелік мәні барын баса насихаттап, тарих маздағының ұрпақ жүрегінің жалынына ұласып, мәңгілікке алаулай береріне масаттанып, мақтаныш сезіміне жан балқытты.

Иә, Мадияр бидің рухани маздағы жалындасын, шалқысын, бейбіт өмірдің аспанында жасампаздық жалауы қалқысын! Оның Міржақыптай төте ұрпақтары жиырмасыншы ғасырдың ұлттық мүдде жоқтаушысы болса, қанға біткен сондай өрлік, кейінгі жаңа буынның да өрісті күресіне, қазақ тағдырына қатысты қарымдылығына қуат, дем берсінші.

Астана.­


ІІ БӨЛІМ

ТҰМАРЫМЫЗ – ТҮРКІСТАН

Рухани астана туралы ой-толғамдар

Бабалар аманаты


ТӨЛЕ БИ
Төле өмір сүрген заман қазақ халқы басынан небір қиын кезеңдерді өткерген тұс еді. Осы кезде ол әрдайым халқының қасынан табылып, көк найзаның ұшымен де, қызыл тілдің күшімен де туған даласын жатжұрттық басқыншылардан қорғауға белсене қатысқан.

Ел арасында Төле би айтты дейтін шешендік сөз үлгілерінің бір төркіні былай болып келеді. 1740 жылы қалмақ билеушісі Қалдан Цереннің қолшоқпарлары Ұлы жүздің ханы Жолбарысты өлтіреді. Төле би бастаған ел Ташкенттен қуылады. Жау жағы Ташкентке Қоқым манапты өкімдікке тағайындайды. Бұл кезде Сыр бойы қалаларының біразы жоңғарлардың қол астында қалады. Осы тұста Күлтөбенің басында үлкен жиын ашылып, оған ел басылары түгел жиналады. Сонда Қарабек батыр: «Жауға тізе бүгуден басқа амал жоқ» деген пікір айтады. Қарабекке ашуланған Төле би:

Атадан ұл туса игі,

Ата жолын қуса игі,

Өзіне келер ұятын,

Өзі біліп тұрса игі,

Жаудан бұққан немені,

Ортасынан қуса игі, – деп шырық бұзғандарды жиыннан қудырып жібереді. Содан соң айналасындағыларға қарап:

Уа, көсіле шабар жерің бар,

Ту көтерген ерің бар,

Қол боларлық елің бар,

Атадан қалған сара жолың бар.

Құлдық ұрсаң дұшпанға,

Арылмайтын сорың бар...

Құлдық ұрсаң дұшпанға,

Еркек болып туды деп,

Мына сені кім айтар? – деп толғайды. Төленің осы төрелік сөзін өзгелер түгел құп алып, жауға қарсы күш біріктіріпті деседі.


ӘЙТЕКЕ БИ
Бір аңызда Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек ертеректе өлген бір кісінің құнын даулап Кіші жүзге келеді. Дау бірнеше күнге созылып, екі жақ келісе алмайды. Бір күні есік жақта отырған бір жігіт:

Асқар тау, сенде мін бар – асу бермейсің,

Тасқын су сенде мін бар – өткел бермейсің.

Билер, сендерде бір мін бар – басқаға сөз бермейсің, – деп орнынан тұрып кетеді.

– Шақыршы, анау қара жігітті, – дейді Қазыбек. Жігітті шақырып келген соң:

– Шырағым, қай баласың, аты-жөнің кім? – дейді билер.

Әкемді сұрасаңыз – жетесіз,

Шешемді сұрасаңыз – некесіз.

Туа салған бір баламын,

Тегімді сұрап не етесіз? – дейді жігіт.

– Балам, сөзің жетті, енді төрелігін айтып, осы дауға өзің ие бола ғой, – дейді Төле би.

Сонда қара жігіт түрегеп тұрып:

– Алты атасын арқалап жүргенді сіздерден көрдім, жеті атасын жетектеп жүргенді сіздерден көрдім. Ескіріп кеткен дау екен. Құр қайтсаңыздар, ағалық назаларыңызға қалармын. Ердің құны жүз қара ғой. Кіші жүз санын жүзге толтырып тайынша, торпақ берсін, соған разы болыңдар, – дейді.



Екі жағы да осы төрелікке тоқтап, разыласып тарайды. Бұл – Әйтекенің жігіт шағында айтқан бір төрелігі екен.

Каталог: wp-content -> uploads -> 2014
2014 -> Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж
2014 -> Қазақ тілі мен латын тілі кафедрасы Қазақ Әдебиеті пәні бойынша әдістемелік өҢдеу мамандығы: Фельдшер Мейірбике ісі Стамотология Курс: І семестрі: ІІ
2014 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев
2014 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2014 -> «Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев
2014 -> 3-деңгейлерге: а/берілген сөздерді аударыңдар
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет