Оқу жұмыс бағдарламасы (syllabus)


-шы тақырып. Қазақстандағы «Қайта құру» саясатының сипаты



бет8/54
Дата20.04.2022
өлшемі0,84 Mb.
#139987
түріЖұмыс бағдарламасы
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   54
Байланысты:
УМК каз 2021
EF SET Certificate, гульмира арай-1, Дарина тех
6-шы тақырып. Қазақстандағы «Қайта құру» саясатының сипаты


1980-ші жылдардың ортасында Кеңес Одағы экономикалық, әлеуметтік және саяси терең дағдарыстарға тап болды. Қоғамды барлық жағынан оның экономикалық және рухани негізін, әлеуметтік өмірін, саяси құрылымын жаңарту қажеттілігі туындады. Сонымен қатар Кеңестер Одағының құрамындағы ұлттық республикаларда Мәскеудің озбырлық саясатына қарсы наразылықта өрши түсті. Бұл әсіресе Балтық жағалауында орналасқан Эстония, Латвия және Литва елдерінде анық байқала бастады. Орталықтың жүргізіп отырған «интернационализм» саясатының шын мәнінде ұсақ ұлттарды, олардың тілі мен мәдениетін құртуға бағытталғаны сынға алынды. Кеңес өкіметі қанша жерден демогогиялық ұрандарды жамылсада, орталықтың тек орыс ұлтының қамын ойлайтыны белгілі болды.
1985 жылы наурызда К.У.Черненко қайтыс болғаннан кейін, КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы қызметіне М.С. Горбачев сайланды. Орталық Комитеттің 1985 жылы сәуірдегі Пленумында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету мәселесіне сәйкес эконмикалық құрылымды ғылыми-техникалық прогресс негізінде қайта құру бағыты жарияланды. Бұл кезең жеті жылға созылды, ол тарихта «қайта құру» кезеңі деп аталды. Бұл қайта құру бағыты 1986 жылғы КОКП-ның ХХVІІ съезінде мақұлданды. Сонымен партия елді жаңару бағытына бастауға міндет алды. Қайта құру ешқандай бағдарламасыз, ғылыми айқындамасыз жүргізілді. Бұл бағыттың қияли болжамдары көп болды. Қайта құру бағыты алғашқы кезден бастап сәтсіздікке ұшырай бастады. Бұған Мәскеуде В.В. Гришин, Ленинградта Г.В. Романов, Қазақстанда Д.А. Қонаев, Әзірбайжанда Г. Әлиев сияқты басшылар кінәлі деп шешілді. Қайта құру бағыты мемлекетті сол кезде алғышарты қалыптасқан аса ірі дағдарыстан құтқара алмады. Қоғамдағы жағдай күннен-күнге қиындай берді. «Қайта құру» тұжырымдамасы ұлт мәселесін де одан әрі шиеленістіре түсті. Қазақстанда Одақтың барлық жерлеріндегі сияқты басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық, рушылдық, жершілдік және тағы басқа көптеген келеңсіз құбылыстар кеңінен орын алды. Бұл жылдары ұлт саясатында, әлеуметтік-экономикалық және кадр мәселелерінде көптеген ауытқушылыққа жол берілді. Жалпы барлық кеңес қоғамы үшін бұл кезде қоғамдық ойдың мәні өзгеріп, сөз бен істің арасында алшақтық, қайшылық кең өріс алды. Кадр мәселелерін шешу партия комитеттерінің тек бірінші басшыларының айтуымен, солардың таңдауымен жүретін болды. Коммунистік партия ұлтсыздандыру, аз халықтарды мәңгүртке айналдыру, одан кейін орыстандыру саясатын ашық жүргізген еді.
Ал қазақ елі болса тоталитарлық қоғамдағы өзгерістерге үлкен үмітпен қарады. Отаршылық бұғаудан босайтынына сенді. Алайда 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғалары қоғамдық өмірдің барлық жақтарын демократияландыру идеясы сол күйінше қиял болып қалғандығын көрсетті. М.С.Горбачев бастап КОКП ОК жария қылған «қайта құрудың» шеткері өлкелерге, аз ұлттарға арналмағаны белгілі болды.
1986 жылдан бастап Мәскеуде республика басшылығының атына, Қазақстан КП ОК-нің 1-хатшысы Д.А. Қонаевтың жеке басына қарсы сындар айтыла бастады. Бәрі де билік басындағылардың ауыстырылуының қажеттілігін түсінді, алайда бұл демократиялық жолмен іске асады деп күтілді.1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Компартиясының ОК Пленумында Д.А. Қонаев қызметінен босатылды. Қазақстанға жаңа басшылыққа, сол кезде Грузия Компартиясы ОК-нің екінші хатшысы болып істеген Г.В. Колбин тағайындалды. Сонымен, тоталитарлық режимнің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрімен Қазақстанды кім басқару керектігі туралы мәселе шешілді. Бірақ ол республиканың ұлттық мүддесімен санаспағандықтан бұл шешім батыл қарсылыққа тап болды.
1986 жылы 17 желтоқсан күні таңертең Алматыда жастар бұл қабылданған шешімге қарсы екендігін білдіріп, бейбіт шеруге шықты. екі күнге созылған бұл оқиға тарихқа «1986 жылғы алматыда болған Желтоқсан оқиғасы» деген атпен енді. Студент және жұмысшы қазақ жастары әрбір ұлтты өз көсемі, өз басшысы басқару керек екендігін айтып, пленумның шешімін өзгертуді талап етті. 17-18 желтоқсандағы қайғылы оқиғалардың барысында бірнеше адам қаза тауып, көптеген адамдар жарақат алды. Бейбіт шеруді қуып тарату жөніндегі хабар бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді, Республиканың көптеген қалаларында жастардың осындай бас көтеруі болды, олар да қатал басып жаншылды. 900-дей адам әкімшілік жазаға тартылып, тек Алматының өзінде 264 адам жоғары оқу орындарынан шығарылды. Оқиғаға қатысқан 319 адам жұмыстан қуылды. 52 адам партиядан және 758 адам комсомол қатарынан шығарылды. 1400-ге жуық адам комсомолдық және партиялық сөгіс алды. Ішкі істер органдарына 1200 адам, транспорттық және медициналық мекемелерден 300-ден астам адам қызметтен шығарылды. 12 жоғары оқу орындарының ректорлары орнынан босатылды. 8500 адам ұсталып, 99 адам сотталды, солардың ішінде Қ. Рысқұлбеков пен М. Әбдіқұлов ату жазасына кесілді. Желтоқсандағы бас көтеруге тікелей себеп, бұрын республикаға беймәлім партия қызметкері Г.В. Колбиннің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалуы ғана емес еді. Қазақстанда ұлттық, саяси, әлеуметтік және экономикалық түйінді мәселелер қордаланып қалған болатын.
Көтеріліс “Бұрқасын-86” арнайы оперативті операциясы бойынша басылды. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы ұлтшылдық сипатта емес, отаршылдыққа қарсы ұйымдастырылған ұлттық қозғалыс болды. Бұл желтоқсан оқиғасының басты тарихи себебі болды. Әрі бұл оқиға қазақ тарихында ұлттық сана-сезімнің оянуының айқын көрінісі болды. Оны басуға Орталықтан арнайы әскер бөлімдері әкелiнді. Қатысқан көтерісшілер саны - 5000. 2400-і тұтқындалды. Осы оқиға кезінде Чехославакия, Польша, Венгрия, АҚШ қоғам қайраткерлері КСРО Жоғарғы Кеңесіне арнайы хат жолдаған. Олар ескерусіз қалды. Бұл оқиғаға баға беру жөнінде Комиссия құрылған. Онда: М. Шаханов, Қ. Мырзалиев, Т. Бурабаев, И. Тасмағамбетов т.б. болды. 1989 жылы Г.В. Колбин Халықтық Бақылау Комитеті төрағасы болып сайланды да, І хатшылыққа Н. Назарбаев тағайындалды.
Қазіргі уақытта 1986 жылғы көтеріліске қатысқандардың көпшілігі ақталды. Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының ұлттық сана-сезімінің жаңғыруына әсер етті, қазақ халқының ұлттық ар-намыс туралы түсініктерін күрт өзгертті. 1987 жылдың соңында Мәскеуде М.С. Горбачевтың «қайта құру» саясатының екіжүзділігі, демократия заңдылықтарына қарсы жүргізіліп жатқан істері туралы Борис Елциннің пікірлері орын ала бастады. Осы кезеңде әсіресе КОКП-ның төрешілдік-тоталитарлық дәстүрлері сыналды, сонымен бірге құқықтық реформаларды жүргізу қажеттілігі айтылды. Ресейдің орталық өлкелерінде, Кеңес Одағының батысындағы республикаларда репрессия құрбандарын ақтау өріс алды. Осы үрдіс біртіндеп Қазақстанды да қамти бастады.
1987 жылы «Мемлекеттік кәсіпорындар туралы» Заң қабылданды, соған сәйкес мемлекеттік кәсіпорындар шаруашылық есепке көшті, өз шығынын өзі өтеп, өзін-өзі қаржыландыратын болды. Кейбір ірі кәсіпорындарға сыртқы нарыққа шығуға рұқсат етілді. Сол жылы «Жеке еңбек қызметі туралы» Заң қабылданды.
ХІХ Бүкілодақтық партия конференциясынан кейін (1988 жылдың жазы) саяси реформалар басталды. Реформа жаңа өкілетті және атқару биліктері жүйесін өмірге әкелді: халық депутаттарының съезі, КСРО президенті, КСРО Жоғарғы Кеңесі. 1990 жылы өткізілген КСРО халық депутаттарының үшінші съезінде КСРО-ның бірінші және ең соңғы президенті болып М.С. Горбачев сайланды. 1988-1991 жж. КСРО-ның сыртқы саясатында да түбегейлі өзгерістер орын алды.
1988 жылғы шілде-тамыз айларында өткен Бүкілодақтық ХІХ партия конференциясында Кеңес қоғамының саяси жүйесіне реформа жүргізу қажеттігі атап көрсетілді. Онда ең басты мәселе- халық депутаттары Кеңестерінің толыққанды өкіметін барлық жерлерде қайтадан қалпына келтіру көзделді. Конференцияның шешімдеріне сәйкес қысқа уақыт ішінде ең жоғарғы мемлекет органдарын қайта құру жоспарланды. Ол 1988 ж. 1 желтоқсанда қабылданған “КСРО Конституциясына қосымша өзгерістер енгізу туралы” және “КСРО Халық депутаттарын сайлау” жөніндегі заңдарда өзінің шынайы көрінісін тапты. Жаңа тәртіпке сәйкес 1990 жылғы наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне сайлау ұйымшылдықпен өтті. Онда Қазақстан партия Орталық Комитетінің Бірінші Хатшысы Н.Ә. Назарбаев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Кейін орталықтағыдай президенттік қызмет орны енгізілді. Сөйтіп. 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Н.Ә. Назарбаевты республиканың тұңғыш президенті етіп сайлады. Осы кезеңде Қазақ қоғамында жаңа серпіліс жасалды.
1990 жылы Қазақстанда “Азат” азаматтық қозғалысы қалыптасты. Мақсаты-Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін заң алдында барлық азаматтардың кең құқығын, әлеуметтік әділеттілікті қорғау болды. Одан басқа республикада “Алаш”, “Желтоқсан” сияқты саяси қозғалыстар болды. 1991 ж. қазанда Қазақстан конгресі партиясы құрылды. Жетекшілері: О. Сүлейменов пен М. Шаханов. Сондай-ақ, республикада тұратын бірқатар коммунистер бұрынғы Қазақстан Коммунистік партиясының қызметін қайтадан қалпына келтіруге әрекет жасады. Осы кезде Солдат аналар комитеті, Қазақстан мұсылман әйелдерінің лигасы, “Айша”, “Ақ отау” және Іскер әйелдер ассоциациясы құрылды. Барлық саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың алдында тек демократиялық жолмен, Конституция талабына сай қызмет ету мақсаты қойылды. Республикада 1991 ж. барлығы 120-дан астам дербес қоғамдық негізде бірлестіктер жұмыс істеді.
Бұл 1980-жылдардың екінші жартсында қоғамды қайта құру барысында Қазақстан өмірінде қоғамдық-саяси және демократиялық қатынастардың кең өріс ала бастағанын көрсетеді.
Қорыта айтқанда, Кеңестер Одағы тарихында айрықша орын алған тоқырау және жаңару бағыты жылдарында Қазақстан экономикалық дағдарысқа ұшырап, ол барлық өмір салаларында көрініс тапты. Негізгі доминанттар:
1. Ғылыми-техникалық прогресс жетістіктері өнеркәсіп орындарына толық енгізілмеді және арнайы маманданған қызметкерлер даярланбады.
2. Өнеркәсіп тиімділігін арттыру жолындағы инновациялық ізденістер басшылық тарапынан қолдау тапқан жоқ.
3. Аграрлық сектор орталықтан директивалық жолмен басқарылды, жергілікті басқару органдарына толық жетекшілік ету құқы берілмеді.
Қорыта келгенде, ХХ ғасырдың 70-80 жылдары қоғамдық-саяси өмірдегі және әлеуметтік-экономикалық дамудағы теріс құбылыстар одан әрі өсіп, қоғамдағы қайшылықтар мейілінше шиеленісе түсті. 1985 жылдан басталған қоғамдық-экономикалық өмірді қайта құру, горбачевтік социализмді «жаңарту» әрекеттері ешқандай оң нәтиже бермеді, КСРО-ны төніп келе жатқан терең дағдарыстан құтқара алмады және құтқара да алмайтын еді. Керісінше, кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйе тоқырауға ұшырап, қоғамның барлық салаларын қамтыған дағдарыс одан әрі тереңдей түсті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   54




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет