ПОӘК 042-18-28 16/03-2014. № басылым



бет2/7
Дата19.04.2018
өлшемі1,78 Mb.
#40229
1   2   3   4   5   6   7

1. Метафора тәсілі арқылы атаудың ауысуы белгіленетін заттардың тұлға, түс, қимыл ерекшелігінің ұқсастығына негізделеді. Белгілердің ұқсастығына қарай бір заттың не құбылыстың басқа бір заттың не құбылыстың атауы мен аталуының негізінде сөз мағынасының ауысуы метафора деп аталады. Мысалы, Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі (Абай) деген сөйлемдегі кілт сөзі «ашатын құрал» дегенді емес, «шешуші» деген мағынаны білдіреді. Бұл мағына – кілт өзінің номинативті мағынасы (ашатын құрал) негізінде жасалға туынды мағына. Мәселенің кілті деген сөз тіркесіндегі кілт сөзінің мағынасы да осы аталған мағынамен барабар.

Метафора - әр түрлі тілдердің бәрінде де бар құбылыс. Қырғыз тілі мен қазақ тілінде бел анатомиялық атау ғана емес, сонымен бірге «асу» (арқа, жон), «таяныш, сүйеніш» деген мағыналарда да қолданылады. Бел – таудың кез келген тұсы емес, оның арғы бетке асып түсуге, өтуге қолайлы, анатомиялық белге ұқсас тұсы. Бұл сөздің «таяныш, сүйеніш» деген мағынасы «адам денесінің жоғарғы бөлегі тірелетін таяныш» мағынасындағы анатомиялық «белмен» ассоциация жасаудан туған.

Тіл-тілде сөз мағыналарының ауысу тәсілдерінің ішінде өте жиі кездесетін және ең бастысы – метафора тәсілі. Метафора құбылысының сөздің мағынасынан орын тепкені және әбден үйреншікті болып кеткені соншалық, метафораның негізінде туған қосымша мағынаның көп жағдайда туынды,

келтірінді мағына екені бірден аңғарыла бермейді. Метафораның негізінде туған келтірінді мағына, әдетте, сөздің туынды мағынасы ретінде қалыптасып орнығып кетеді. Мұндайда метафораның негізінде туған мағына сөздің сөздіктегі мағыналық мазмұнына еніп, оның туынды мағыналарының біір ретінде қаралады. Мысалы, істің төркіні, сөздің төркіні дегендердегі төркін мен қыздың төркіні дегендегі төркін сөзін салыстырсақ, соңғы мысалда бұл сөз «қыздың ата-анасы, туған-туыстары» дегенді білдіреді де, алдыңғы мысалдарда «түп негізі, тегі, сыры, мәнісі» дегенді білдіреді. Сонда, бұл мағына (түп негізі, тегі) төркін сөзінің негізгі мағынасымен іштей байланысты туған қосымша туынды мағына болып саналады да, осы сөздің қалыптасқан, орнықты лексикалық мағыналарының бірі ретінде ұғынылады. Осы туынды мағынасында оны бүкіл халық қолданады.

Метафора көркем сөз стилінде бейнелеуші, мәнерлеуші тәсіл ретінде ерекше қызмет атқарады. Бірақ жеке ақын-жазушылардың тіліндегі метафоралардың барлығы бірдей жалпы халықтық сипатқа ие бола бермейді. Жазушылар кейде сөздерді айрықша мәнерлеп, көркемдеп айту мақсатымен дағдылы қалпынан басқаша етіп тіркестіреді де, соның нәтижесінде сөз әр түрлі реңкке ие болады. Ондай реңк жалпыхалықтық сипатқа ие болғанда ғана, мағына ретінде ұғынылады; сөздің сөздіктегі мағыналық мазмұнына енеді. Ал, егер ол жалпыхалықтық сипат ала алмаса, онда жазушының сөз қолдану ерекшелігінің бірі ретінде ғана ұғынылады. Ондай реңкті дербес мағына деп есептеуге де болмайды, оны тек қолданыс деп түсіну қажет.

2. Метонимия. Бір заттың немесе құбылыстың атауының екінші затқа не құбылысқа олардың өз ара іргелестігі, шектестігі негізінде атау болып ауысуы және осыған орай, сөздің ауыспалы мағынада жұмсалуы метонимия деп аталады. Мысалы, Үйі мәз боп, қой сойды, сүйіншіге шапқанға (Абай) деген сөйлемдегі үйі деген сөз өзінің негізгі мағынасы – «баспана» дегенді емес, «бір үйдің адамдары, үй іші, жанұя» дегенді білдірсе, Дәрі қосқан аяқты ішкеннен соң, Әзім барып жығылды шалқасынан (Абай) деген сөйлемде аяқ сөзі «ыдыс» дегенді емес, «сусын, сұйық» деген мағынаны білдіреді.

Егер таза класс деген мен тәртіпті класс деген сөз тіркестерін бір-бірімен салыстырсақ, соңғы сөз тіркесіндегі класс сөзінің «бір класта оқитын оқушылар» дегенді білдіретіні бірден аңғарылады. Сондай-ақ, орыс тіліндегі светлая аудитория – способная аудитория деген сөз тіркестерін салыстыру арқылы соңғы тіркестегі аудитория сөзінің «бір аудиторияда отырған адамдар» дегенді аңғаратынын байқаймыз. Орыс тіліндегі бумага, қазақ тіліндегі қағаз сөздері «жазу жазатын материал» дегенмен бірге «құжат» дегенді де білдіреді. Ал дастарқанды мақтан ету дегендегі дастарқан сөзінің

беретін мағынасы – «столға жабылған шүберек» емес, оның үстіндегі «тағам», «тағамның молдығы».

Кейбір ғалымдар орыс тіліндегі прием, выбор, перевод, набор тәрізді зат есімдерді (етістіктен жасалған) іс процесі мен қорытындының іргелестігі, шектестігінің негізінде пайда болған деп, бұларды да метонимияның бір түріне жатқызады (А.А.Реформатский. Введение в языковедение. М., 1967, с.81-82). Мұндай мысалдарды қазақ тілінен де кездестіруге болады. Мысалы, 1. Көрмегенге көсеу таң; 2. Бел шойырылып, бүйірге шаншу тиіп, ұйықтатты ма аяғым, жатқанымда (Сұлтанмахмұт) деген сөйлемдердегі көсеу, шаншу деген сөздер – іс-әрекеттің, қимылдың атаулары емес, заттардың атаулары. Бұлар іс-әрекет, қимыл атауларынан (етістіктен) зат атаулары (зат есімдер) болып қалыптасқан. Сондай-ақ, жамау, шашу, қашау, бөгеу, ою, қыстау, жабу, бояу деген сөздер де әрі қимыл, іс-әрекеттің атаулары, әрі іс-әрекеттің нәтижесі – зат атаулары болып саналады.

Кейбір заттар мен бұйымдар алғаш рет қай жерде өндірілсе, сол жердің атымен аталған. Кашемир Индиядағы қаланың атына байланысты аталса, тюль Орталық Франциядағы Туль деген қаланың атынан, каленкор Индиядағы Калькутта деген қаланың атынан алынған. Каракуль деген елтірі Бұхарадағы Каракуль деп аталатын алқаптың атымен аталған. Француз тіліндегі бұл елтірінің аты – astrancan – Астрахань қаласының атауынан пайда болған. Бастон деген матаның аты Америкадағы қаланың атымен аталған. Шампан деген атау Париж қаласының оңтүстігіндегі Шампань аталған провинциясының ескіше атауынан пайда болған.

Бірсыпыра заттардың кісі аттарымен байланысты аталу құбылысы да кездеседі. Мысалы, киімнің макинтош деген аты да киімнің осы түрін шығарған кісінің атынан алынған. Әскери киімнің аты – френч осы әскери форманы енгізген Форенч деген генералдың атымен аталған.

Синекдоха. Бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны, үлкеннің орнына кішіні қолданудың негізінде сөз мағынасының ауысуы синекдоха деп аталады. Егер бүтіннің орнына бөлшек, жалпының орнына жалқы қолданылатын болса, онда сөз мағынасы кеңиді. Мысалы, кейде Семьяңда неше адам бар? – деудің орнына басың нешеу? дейміз. Бұл арада бас сөзі бөлшек ретінде (адамның дене мүшесі) бүтіннің орнына (адам) қолданылып тұр. Кейде мал дегеннің орнына тұяқ (бөлшек ретінде) сөзі қолданылады. Мысалы, төрт-бес тұяғымыз бар дегендегі тұяқ сөзі малдың тұяғы деген тіркестегі өзінің негізгі мағынасынан алшақтап, басқа бір мағынаны - «мал» дегенді білдіреді.

Квас деген сөз алғашында жалпы «ашытылған азық-түлік» дегенді білдіріп, кең мағынада қолданылса, қазір синекдоха тәсілі бойынша мағынасы

тарылып, «сусынның арнаулы бір түрін» ғана білдіреді. Орыс тіліндегі «борода» - «сақал» дегенді ғана білдірмейді, сонымен бірге кейде «сақалды адам» деген мағынада да қолданылады. Мысалы, Эй, борода! а как проехать отсюда к Плюшкину (Гоголь).



Артымыздан келіп қол жетті, Аз жетпеді, мол жетті (Махамбет) деген сөйлемдегі қол сөзі әскер деген мағынаны білдірсе (бүтіннің орнына бөлшек қолданылған). Бұлаңдап үкі тағынып, бұралып ән шырқап жүр (М.Ә.) деген сөйлемдегі үкі сөзі қауырсын, қанат дегенді білдіреді (мұнда бүтін бөлшектің орнына қолданылған).

4. Қызмет бірлігі бойынша аталу. Метафора құбылысында заттардың тұлға, түр-түс ұқсастығы негізге алынса, функционалды ауысуда заттар мен құбылыстардың атқаратын қызметінің бірлігі немесе ұқсастығы негізге алынады. Бұл ретте аталған заттар тұлға, түр-түс т.б. жағынан мүлдем басқа-басқа болуы мүмкін, ең бастысы – олардың қызметінде бірлік немесе ұқсастық болса болғаны. Мысалы, осы күнгі қаламның қызметін алғашқыда құстың қауырсыны атқарған. Орыс тіліндегі перо қауырсын бұл күнде темір қаламұштың аты болып ауысты. Қазір темір қаламұштың орыс тілінде перо сөзімен аталуы бұл екеуінің қаламұш пен қауырсынның атқаратын қызметінің бірлігі.

Сөз ауыспалы, келтірінді мағынада қолданылу арқылы мағыналық жақтан түрленіп, өзгеріп отырады. Ауыспалы, келтірінді мағынада қолданылған сөздерде астарлы, бейне, тартымды образ жатады. Сөздерді келтірінді мағынада, бейнелі түрде қолдана білудің көркем шығарма тілінде маңызы зор. Сөздің ауыспалы мағынада қолданылуға икемділігі оның мәнерлеуші, бейнелеуші қасиетін көрсететін белгі болып саналады. Көркем туындыларда тілдің лексикасындағы көптеген сөздердің келтірінді, образды мағыналары суреттеудің ең ұтымды құралы ретінде пайдаланылады.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

1. Сөз мағынасы өзгеруінің сыртқы себептері қандай?

2. Сөз мағынасы ауысуының тілішілік себептері қандай?

3. Сөз мағынасының ауысуындағы метафораның орны қандай?

4. Метонимиялану арқылы сөз мағынасының өзгеруін көрсетіңіз.

5. Синекдоханың тілдік табиғатына сипаттама беріңіз.

6. Қызмет бірлігі бойынша аталудың сөз мағынасының ауысуында алатын орны қандай?

7. Көркем әдебиет тілінде сөздің ауыспалы мағынада қолданылуы қандай қызмет атқарады?

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. А.: Санат, 1993.

2. И.В. Арнольд. Лексикология современного англиского языка. М., 1959.

3. А.А.Реформатский. Введение в языковедение. М., 1967.

№3 Дәріс тақырыбы: Көп мағыналылық.Омонимдер.

Жоспары:

1. Лексикалық мағыналардың түрлері: тура (номинативті) мағына фразеологиялық байлаулы мағына,синтаксистік шартты мағына

2. Сөз мағыналары н затпен, құбылыспен байланысу сипатына қарай, функциялық- стильдік реңктеріне қарай топтастыру.

3. Сөздердің мағыналық қатысына қарай жіктелуі

4. Омонимдердің көп мағыналы сөздерден айырмашылығы. Омонимдердің жасалу жолдары. Омонимдердің типтері.

Тіл-тілдің сөздік құрамында бір емес, бірнеше лексикалық мағыналары бар сөздері жиі ұшырасады. Сөздің лексикалық мағыналарының әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері боады. 1. Ананың сүті-бал, баланың тілі-бал (мақал) 2. Сүйемін туған тілімді- анам тілін. Бесікте жатқанымда-ақ берген білім (С. Торайғыров). 1-мысалда ана деген сөз шеше деген мағынаны білдірсе, 2- мысалда басқа мағына туған дегенді білдіреді. Ана деген сөздіңң әр түрлі мағыналары бір-бірінен семантикалық әр тектестік жағынан ғана емес, қолданылуы, басқа сөздермен тіркесіп жұмсалуы жағынан да ажыратылады.

Сонымен, сөз негізгі мағынасынан басқа туынды мағыналарға ин болып, әр түрлі мағыналарда қолдануға икем болады. Әр түрлі мағынасы бар сөз полисемантизмді (көп мағыналы) сөз деп аталады. Ал жалпы көп мағыналылық полисемия деп аталады.

Сөздің көп мағыналылығы- негізінде сөздік қордағы сөздерге тән қасиет. Себебі бұлар- ұзақ жылдар бойы өмір сүріп, тілде жаңа сөз, тың мағыналар жасауға ұйытқы болып келе жатқан байырғы тума сөздер. Соның нәтижесінде сөздік қордағы сөздер сан жағынан да, сапа жағынан да қарыштап дамып тұрақтанып әбден қалыптасқан. Сондықтан да бұлар көп мағыналы болып кездеседі.

Сөздің негізгі мағынасы белгілі бір шындыққа байланысты жалпы тарихи практиканың негізінде жасалады. Сөздің туынды қосымша мағыналары тілдік фактілердің негізінде ойлау қабілетінде сүйеніп қолданудан кейін шығады. Өмірдегі танылған әрбір ұғым жаңа атаумен атауды керек етеді. Ең алғашында бір сөз бір ғана ұғымды я құбылысты білдіргені үшін жұмсалған болса, кейіннен ол әлденеше ұғымды білдіру үшін қолданылады. Бұған, біріншіден, адам баласының өмір заңдылығын терең тануы, білуі, сезінуі арқылы әсер еткен болса, екіншіден, оның мағына жағынан қорланып дамуына, оның алғашқы тура мағынасы негіз болған. Мәселен, адамзат пен жан-жануарлардың көру мүшесін көз деп атайды. Сонымен қатар иненің көзі, есктің көзі, терезенің көзі,

ПОӘК 042-18-28.1.14/03-2014.

____№ ___басылым

____ беттің ____ беті

күннің көзі, бұлақтың көзі деп те қолданамыз. Түптеп келгенде осылардың көбеюіне семантикалық жағынан байып көбеюіне себеп болған сөздің ең алғашқы атауыш мағынасы екендігі даусыз

Бүгінде академик В.В Виноградовтың сөздік лексикалық мағыналарына жасаған классификация кең түрде қолданылып жүр. В. В Виноградов сөздердің лексикалық мағыналарының 3 түрлі типін көрсетеді. Оның біріншісі - тура немесе номинативті мағына, екіншісі- фразеологиялық байлаулы мағына, үшіншісі- синтаксистік шартты мағына. Сөздің лексикалық мағыналарының осы аталған түрлерін бір-бірінен ажырата білудің сөздерге мағыналық жақтан талдау жасау жұмысында, әсіресе лексикографиялық жұмыста маңызы айрықша зор.

1. Сөздің тура немесе номинативті мағынасы. Тілдегі көптеген зеттар мен құбылыстардың және олардың әр түрлі белгілерінің бейнесімен тікелей байланысты лексикалық мағынасы тура мағына немесе номианивті мағына деп аталады. Сөздер өзінің номиеативті мағынасында аталатын заттар мен құбылыстарға жанама түрде емес, тікелей бағытталады. Тура немесе ноимнативті мағынада қолданылған сөздердің басқа сһөздермен байланыстары мен қатынастары сол сөздер арқылы белгіленетін шындық болмыстағы құбылыстардың арасындағы байланыстар мен қатынастарға сәйкес келеді. Номинативтік мағынасы бар сөздердің басқа сөздермен байланыстары мен қатынастары заттық- логикалық тұрғыдан айқындалып белгіленеді. Сондықтан да сөздердің тура немесе ноимнативті мағынасында басқа сөздермен ғана шектеліп қоймайды. Сөз номинативті мағынасында алуан түрлі сөздермен қарым-қатынасқа түсіп, олармен емін-еркін тіркесе алады. Сөйтіп, оның басқа сөздермен тіркесіп жұмсалу мүмкіндігі мол болады. Мысалы, оқу деген етістік кітап деген сөзбен де, жақсы және тағы басқа сөздермен тіркесіп қолдана береді. Сөздің тура немесе номинативті мағынасында көптеген сөздермен қарым-қатынасқа түсіп, олармен емін-еркінтіркесе алу қабілеті ескеріліп, номинативті мағына кейде еркін мағына деп аталады.

Бір сөзде бірнеше номинативті мағына болуы мүмкін. Алайда соның ішінде біреуі негізгі болады да, қалғандары туынды болады. Академик В.в Виноградов мұндағы мағыналарды номинативті туынды мағыналар деп атайды. Мысалы, қазақ тілінде аяқ деген сөз негізгі нминантивті мағынасында ( Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ Абай) дене мүшесін білдіреді. Ал жұмыстың аяғы, жиналыстың аяғы т.б осы тәріздес тіркестерде «соң» деген мағынаны білдіреді. Бұл соңғы мағынада- аяқ деген сөздің номинантивті туынды мағынасы.

2. Фразеологиялық байлаулы мағына.

Сөздің тұрақты сөз тіркестерінде көрінетін лексикалық мағынасы фразеологиялық байлаулы мағына деп аталады. Фразеологиялық байлаулы

ПОӘК 042-18-28.1.14/03-2013.

____№ ___басылым

____ беттің ____ беті

мағынаның табиғаты сөздердің тура немесе номинативті мағынасынан басқаша болады. Сөз өзінің номинативті мағынасында заттар мен құбылыстарға тікелей бағытталып көптеген сөздермекн тіркесіп жұмсалуға икем болса, фразеологиялық байлаулы мағынасында тек белгілі бір сөздермен ғана тіркесіп, санаулы ғана тұрақты сөз тіркестерінің құрамында қолданылады. Мысалы, су деген сөздің су құю, су тасу, сумен жуу, су төгу деген сөз тіркестеріндегі мағынасы - номинативті мағына. Су деген сөз номинативті мағынада басқа да сөздермен емін-еркін тіркесе алады. Ал су жаңа немесе судай жаңа деген тұрақты сөз тіркестерінің құрамындағы су, судай деген сөздердің «өте тіпті» деген мағынасы- фразеологиялық байлаулы мағына. Сөздің лексикалық мағыналарының айрықша бір түрі фразеологиялық байлаулы мағына белгілі бір тұрақты сөз тіркестеріне телініп, соған маталып байланады. Лексикалық мағынаның бұл түрінің фразеологиялық «байлаулы мағына» деген терминімен аталуында тағы да мынадай мән бар: бұл мағына сөздердің еркін тіркесінде емес, фразеологиялық оралым деп аталатынн тұрақты тіркестерінде ғана көріне алады.

Екіншіден, фразеологиялық байлаулы мағынасы оныменмағынасы жағынан мәндес келетін сөзбен алмастырып айтуға мүмкіндік болғанымен, ол мағына синонимдік қатарлардың жасалуына негіз бола алмайды. Фразеологиялық байлаулы мағынасы бар сөзді басқа сөзбен алмастырып айту мағынаның қандай мағына екенін айқындау үшін ғана қажет.

3. Синтаксистік шартты мағына

Сөз жеке дара куйінде емес, әдетте, сөйлемде қолданылады. Сөз сөйлемде қолдану ыңғайыа қарай дағдылы мағынасынан өзгеше, басқа бір мағынаға ие болуы мүмкін. Сөздің сөйлемде белгілі бір синтаксистік қызмет атқаруына байланысты туған лексикалық мағынасы синтаксистік шартты мағына деп аталады. Мысалы, қазақ тілінде түлкі деген сөз негізінен номинативті мағынасынан басқа мағына- «қу, алаяқ» деген мағынаны білдіреді. Орыс тілінде голова дегенсөз «бас» деген сөз номинативті мағынасымен бірге «өте ақылды адам» деген мағынаны да білдіреді. Қазақ тіліндегі түлкі орыс тіліндегі голова деген сөздердің соңғы мағыналары- синтаксистік шартты мағыналар.

Полисемия құбылысын және сөздердің лексикалық мағыналарының жоғарыда аталған түрлерін жете білудің сөз мағыналарының типтерін ажырата білуде, әсіресе әртүрлі сөздерді жасауда үлкен мәні бар. Тіл білімінің тарихында бұл құбылысты теріс түсіндірушілер, қате пікірді уағыздаушылар болды. Мысалы, Н. Я Марр мен оны жақтаушылар және кейбір шетел ғалымдары(француз ғалымы Леви-Брюль) полисемия құбылыс тілдердің көне дәуірлердің қалдығы деп есептеді.




ПОӘК 042-18-28.1.14/03-2014.

____№ ___басылым

____ беттің ____ беті

Тілдің лексикалық байлығы ондағы сөздердің санының молдығымен ғана өлшенбейді, сонымен бірге ондағы сөздердің мағыналық аясының кендігі, әр түрлі ауыспалы, бейнелі мағыналарда қолдпнылу мүмкіндігінің молдығымен де өлшенеді. Түрлі тілдердегі полисемантизмді сөздер осындай қасиеттерге ие сөздер ретінде қаралады.

Тіл-тілдің лексикасында дыбысталу бірдей де, мағынасы әр басқа сөздер бар. Мысалы: біз, мен деген жіктеу есімдігінің көпше түрі (Мысалы Той тойласаң, біз тойлайық аясында алтын тоңның) Бір нәрсені тесіп, жіпті немесе тарамысты өткізу үшін жасалған құрал. (Мысалы: Өткірдің жүзі, Кестенің бізі Өрнегін сендей сала алмас (Абай)

Дыбысталуы бірдей, бірақ мағыналары басқа-басқа сөзде омонимдер деп аталады. Бұларды бір-бірінен ажырату проблемасы тіл білімінде өте-мөте күрделі мәселе. Сөздіктерді жасауда бірде-бір лексикограф полисемия мен омонимияны бір-бірінен ажырату проблемасына соқпай өте алмайды. Алайда полисемия мен омонимияны бір-бірінен ажырату проблемасы барлық омонимдердің күллсіне бірдей қатысты емес. Мысалы: «ауаны ішке тартып, сыртқа шығарып тұратын дене мүшесі» деген мағына өкпе сөзі мен «наз реніш» деген мағынасындағы өкпе сөзінің омонимдес екендігі ебір күмән тудырмайды. Басқа ашық-айқын омонимдес сөздер болатын, бұлар полисемия сөздерден оңай ажыратылалы.

Полисемия мен омонимияны бір-бірінен ажыратуда мағыналарының арасында семантикалық байланыстарының жойылуы немесе жоқтығы кейде негізгі критерий бола алмай қалуы мүмкін.

Кейбір омонимдер сөз тудырудың лексикалық-семантикалық тәсілі арқылы пайда болады. Тілдік даму барысында көп мағыналардың арасындағы семантикалық байланыс үзіліп, осының нәтижесінде әр басқа екі сөз- омонимдес сөздер жасалуы мүмкін. Көп мағыналы сөздердің мағыналары арасындағы семантикалық байланыстарының жойылуы нәтижесінде әр басқа сөздердің жасалу тәсілі сөз тудырдың лексикалық- семантикалық тәсілі деп аталады.

Тіл-тілдегі бірсыпыра омонимдер сөздердің әр түрлі фонетикалық өзгерістерге ұшырап, дыбысталуы жағынан сәйкес келуі нәтижесінде пайда болады. Омонимдерінің пайда болу жолын айқындауда ерте замандағы жазба нұсқалар мен туыстас тілдердегі көне формалар бағалы материалдар бере алады. Мысалы: ер деген сөздердің (атқа салатын «ер» деген мағынада) ертерек кездегі дыбысталуы, көне түрі екендігін байқауға болады. В.В Радлов ер деген сөздердің шағатай тіліндегі түбір қалпы Егер деген туынды түрі –егерле екенін көрсетеді. Бұл сөз ұйғыр тілінде егер түрінде айтылады. Ер сөзінің көне формасы қазақ тілінің оңтүстік диалектісінде сақталған.

ПОӘК 042-18-28.1.14/03-2014.

____№ ___басылым

____ беттің ____ беті

Омонимдер сөздердің түбіріне (негізіне) омонимдес аффикстердің жалғануы арқылы жасалады. Түбір сөздерден жасалған омонимдер туынды омонимдер деп аталады. Қазақ тілінде омонимдер тудыратын аффикстер мыналар:

а) есімдіктердің –с (-ыс,-іс) аффиксі мен етістіктердің (орт. етістіктердің) –с (-ыс, -іс) аффиксі. Бұл омонимдес аффикстердің бір ғана түбір сөзге жалғануынан омонимдес, туынды екі сөз- зат( есім мен етістік (орт. етіс) жасалады. Мысалы: айт-ыс, 1 (з.е) «Садақ пен баланың айтысы» дейтін арқаға мәлім айтыс. (М. Әуезов). Айт-ыс 2 (етістік) Біздің Сәдекеңмен айтысар шамамыз қайсы. Әншейін бір жалғыз ауыз сөздердің тұсында болымсыз тосқауын айтқаным ғой. Айтысты жеңді дейтін сөз емес. (М. Әуезов)

ә) есімдіктердің –қ (-к, -ық,-ік) аффиксі мен етістіктердің –қ (-к, ық, -ік) аффиксі. Бұл омонимдес аффикстердің бір ғана түбірге жалғануынан әр басқа екі сөз, яғни туынды омонимдер жасалады. Мысалы; қыз деген түбір етістікке аталған омонимдес аффикстердің жалғануынан әрі сын есім сөз . Мысалы: Осы жайында өзі таңырқай түсіп, қызығып та қарайды (М. Әуезов ) Бір ған жап деген түбір етістік омонимдес 3 сөздің жасалуына ұйытқы болған: жабық 1 (з.е), 2 (сын есім), 3 (етістік) Жылқыны үйір үшеуі де түбір мен омонимдес аффикстердің қосындысынан жасалған.

Кейбір омонимдер кірме сөздер мен төл сөздердің дыбысталуы жағнан сәйкес келуі нәтижесінде жасалады. Мұндайда әдетте, кірме сөз дыбыстық өзгерістерге ұшырап, қабылдаушы тілдегі төл сөзбен дыбысталуы жағынан бірдей келеді. Мысалы: орыс тілінен енген гирь деген сөз қазақша айтылуында кір болып өзгеріп, лас деген мағынаны білдіреді. Кір деген төл сөзбен бір омонимдік қатар құрайды. Орыс тілінің волость деген сөзі қазақша болыс болып өзгеріп, «көмктес» деген мағынадағы болыс деген сөзбен дыбысталуы жағынан сәйкес келсе, «ат айдаушы» деген мағынадағы кучер деген сөзі көшір түрінде айтылып, 1 Бір жерден екінші жерге ауыстыру 2. «Жазылғанды қайталап жазу» деген мағынадағы көшір деген төл сөзбен дыбысталу жағынан сәйкес келіп, омонимдер жасалған.

Омонимдік қатарға енетін сөздердің өзгеру, түрлену жүйелерінің бір-біріне қаншалықты дәрежеде сәйкес келуіне қарай омонимдер лексикалық омонимдер, лексика-грамматикалық және де аралас омонимдер болып топталады. Енді осылардың әрқайсысына тоқталайық.

1. Лексикалық омонимдер. Омонимдердің бұл түрінде омонимдік қатарды құрастырушы сыңарлар бір ғана сөз табына қатысты болады да, қалай түрленсе де, ол сыңарлар барлық формаларында бір-бірімен сәйкес келеді.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

1. Полисемия дегеніміз не?

ПОӘК 042-18-28.1.14/03-2014.

____№ ___басылым

____ беттің ____ беті

2. Фразеологиялық байлаулы мағына дегеніміз не?

3. Сөздің тура және номинативті мағынасы?

4. Омонимдер мен көп мағыналы сөздердің айырмашылығы

Пайданылған әдебиеттер:

1. І.Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев «Қазіргі қазақ тілі» Алматы.1962

2. Ә. Болғанбаев «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы» Алматы. 1988

3. К. Аханов «Тіл білімінің негіздері» Алматы. Санат 1993

4. К. Аханов «Қазақ тілі лексикологиясының мәселелері» Алматы. 1955

№4 Дәріс тақырыбы: Синонимдер. Антонимдер.

Жоспары: Синонимдердің айырым белгілері. Синонимдік қатар және доминант. Синонимдердің мағыналық, контекстік, стильдік реңктері. Синонимдердің жасалу жолдары. Антонимдердің ерекшеліктері, жасалу жолдары. Табу. Эвфелизм. Дисфелизм.

Мазмұны: Сөздің дыбысталуы мен мағынасы жағынан салыстырып қарағанда, синоним антонимдерге қарама–қарсы тұрған лексикалық –сементикалық тілдік құбылыстар. Омонимдер ұғымы басқа дыбысталуы бірдей бірнеше сөздер тобын білдірсе, синонимдер, керісінше, ұғымы бір, әр түрлі дыбысталып айтылатын сөздер тобын қамтиды. Синонимдер бір ғана ұғымды білдіретіндіктен, олар тек қана бір сөз тобына қатысты болады. Синонимдер мен омонимдер тек бір қатарға енген сөздердің сан мөлшері жағынан да ала–құла. Қазақ тілінде омонимдік қатарға енетін сөздің саны не бары 4–5–тен аспайды. Ал синонимдік қатардағы сөздердің саны кейде қырықтан да асып жығылды. Синонимдер мынадай белгілеріне қарай топтастырылады:



  • Сөздің дыбысталуында аз да болса, тұлғалық өзгешелігі болуы қажет.

  • Сөздер бір ғана ұғымды білдіруі керек.

  • Сөздер бір ғана сөз тобына қатысты болуға тиіс.

Бұл үш белгі – сөздерді синоним деп танудағы басты шарт. Сонымен қатар бір сөз тобынан болған синонимдер бірыңғай грамматикалық тұлғада келуі мен констексте бірін–бірі алмастыруға болғанда, бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқаруы синонимдердің қосымша белгілерін көрсетеді.

Дыбысталуы әр басқа болғанымен, мағынасы жақын сөздер синонимдер делінеді.

Синонимдер сөздердің жалпы мағыналық бірлестігіне қарай топтастырылады. Яғни сөздер бір ғана ақиқат шындықты көрсетіп, бір ғана ұғымды білдіретіндіктен, олар синоним деп танылады. Синонимдік қатардың мағыналық негізі сөздерді өзара жақындатып салыстыру үшін ғана емес, сонымен қатар оларды бір–біріне қарсы қойып ерекшелеуге де негіз болады. Синонимдер бір ғана ұғымды білдіреді дегенмен олардың мағынасы нақ бірдей,

ПОӘК 042-18-28.1.14/03-2014.

____№ ___басылым

____ беттің ____ беті

әр уақытта олардың мағынасы тепе–тең болып тұрады деген сыңаржақ ұғым тумаса керек. Сөз бен сөздің мағыналық байланысы алыс та, жақын да, тікелей де, жанама түрде де бола береді. Мысалы: семірту –иемдену – майлану – тойыну – жуандау – толу – қоңдану дегендер жан –жануарлардың арық күйден семіз күйге айналғанын білдіретіндіктен, синоним деп танимыз. Бұларды да мағыналық жақындығына қарай екі жікке бөліп қарауға келеді:

а) Адамға қатысты синонимдер (жуандау–толу);

ә) Басқа да жануарларға байланысты айтылатын синонимдер (иемдену–майлану–тойыну–қоңдану).

Ал семіру сөзі екі топқа да ортақ болып айтыла береді. Синоним болып жұмсалатын мәндес сөздер тобын синонимдік қатар немесе синонимдік ұя деп атайды. Синонимдік қатарға енген сөздердің ішінен бір сөз сол сөздерді мағына жағынан ұйымдастыра ұйытқы болатын тірек (ұйытқы) сөз деп таңдалынып алынады. Мұны тіл білімінде доминант деп атап жүр. Доминант сөз мәндес сөздерді мағыналық жағынан ғана топтастырмайды, сонымен бірге синонимдік қатарды алфавит жүйесіне келтіру үшін де үлкен мәнді қызмет атқарады. Доминант сөзді дұрыс анықтап белгіліп алмай синонимдерді тәртіпке келтіру мүмкін емес. Сондықтан синоним сөздігін жасауда доминант сөзді іріктеп, сұрыптап алуға айрықша көңіл бөлінеді. Доминант сөзге синонимдік қатардағы сөздердің ішіндегі мағына жағынан ең айқын, стильдік мәні жағынан бейтарап, жалпы халыққа соншалықты танымал дегендерді ғана таңдалынып алынады.

Синонимдердің мағыналарын ажыратқанда мынадай мәселелерге көңіл аударылады:



  • Синонимдік қатарға енген сөздер мағына жағынан бір–бірінен сәл жоғары не сәл төмен дәрежеде болуы мүмкін. Синонимдер градация жолымен өзгеріп отырады. Мәселен, аяз сөзіне қарағанда оның синонимдік сыңары үскірік сөзінің мағыналы салмағы күштірек екендігін сезуге болады.

  • Синонимнің біреуінің мағынасы екіншісінен кеңірек болады. Мәселен, соғыс деген сөздің мағынасы ұрыс деген сөзден кең, ұстаз дегеннің мағынасы мұғалімнен кең.

  • Синонимдер бір–бірінен мағыналарының аз–көбіне қарай да ажыратылуы мүмкін. Мәселен, ат деген сөз көп мағыналы да, ал оның сыңары ныспы деген сөз бір мағыналы.

  • Синонимдер мағыналарының деректі және дерексіз болып келуіне қарай ажыратылады. Мәселен, маңдай–пешене, іш–құрсақ, бала–перзент, дегендердің алдыңғылары деректі де соңғылары дерексіз.



ПОӘК 042-18-28.1.14/03-2014.

____№ ___басылым

____ беттің ____ беті

  • Синонимдер бір–бірінен ауыспалы мағынада қолдану – қолданбауына

қарай да ерекшеленеді. Мәселен, көмей мен көмекей дегендердің алғашқысы пештің көмейі, тоғанның көмейі деп ауыстырылып айтуға келгенімен, соңғысы тек адамға ғана арнайы жұмсалады да, өзге заттарға бұрып айтуға келмейді.

  • Синонимдер өзді – өзінен туындатып, өзі туғызуға қабілетті, я қабілетсіз болып келуіне қарай өзгешеленеді. Мәселен, сапар мен жол тәрізді синонимнің алғашқысынан бір сапар, ұзақ сапар, сапар шегу деген бірлі–жарым тіркесті сөздер ғана кездеседі. Ал оның жол деген сыңары тіліміздегі сөз тудырудың барлық амалдары арқылы жаңа сөз жасауға соншалықты қабілетті екендігін байқатады. Мысалы: жолай, жолаушы, жолдас, жолдама, жолақ, жолдау, жол–жөнекей, жол соқты, жол аяқ т.б.

Синонимдер стильдік мәні неше алуан функционалдық стильде қолданылуымен тығыз байланысты. Тіліміздегі синонимдердің мынадай стильдік реңктері байқалады.

  • Қадір тұтып сыйлағандықты білдіретін реңктер. Мәселен, есім деген сөз ат сөзінен қадірлірек, перзент бала сөзінен, қаза өлім сөзінен құрметтілеу.

  • Салтанат құру мәніндегі көтеріңкі реңктер. Жүлде бәйге сөзінен асқақ, мерекелеу, тойлау сөзінен көтеріңкі айтылады.

  • Поэтикалық реңктер. Асқар деген сөз биік деген сөзге қарағанда поэтикалық стильде көбірек ұшырасады. Қол әскер сөзінен мәртебе атақ сөзінен поэзияда жиі қолданылады.

  • Дөрекілік мәндегі реңктер бір қатардағы синонимдердің біреуі бейтарап, екіншісі сыпайы, үшіншілері тұрпайы мәнді білдіріп, ала–құла реңкті тудырып отырады. Мәселен, сықпыт деген сөздің стильдік мәні бет деген доминант деген сөзбен салыстырғанда дөркілеу, шолжың ерке деген сөзден, шойнақ ақсақ деген сөзден белгілі контексте дөрекілеу болып жұмсалады.

  • Кекесін–мысқыл мәндегі реңктер. Қожандау орынсыз кісілік көрсеткенде, тұштаңдау орынсыз жеңілтектеніп, оғаш қимыл көрсеткенде кекесін мәнді білдіреді.

  • Менсінбеушілік, кеміту мәніндегі реңктер. Бұт артар көлік орнына, еркек кіндік ер–азамат дегеннің орнына шүйке бас әйел дегеннің орнына кемітіп айтыла береді.

Синонимдердің жасалу жолдары. Тілдегі синонимдер әр түрлі жолдармен пайда болады. Қазақ тіліндегі синонимдердің келіп шығуының мынадай жолдары бар:

  • Синонимдер көп мағыналы сөздердің есебінен жасалған. Мысалы: көз–жанар, көз–әйнек, көз – бұлақ – бастау – қайнар, арту – асу – озу, арту –көбею – молаю т.б.

  • Синонимдер сөз тудыру тәсілі арқылы пайда болған:

ПОӘК 042-18-28.1.14/03-201ң.

____№ ___басылым

____ беттің ____ беті

а) аффикстер арқылы: ауыздық–сулық, басшы–жетекші, сүтті–құнарлы, т.б.

ә) біріктіру арқылы: ақсақал–отағасы, еңбекақы–жолақы, доғабас–айылбас т.б.

б) қосарлану арқылы: жоқ–жітік, кедей–кепшік, олқын–толқын–аумалы–төкпелі т.б

в) тіркесу арқылы: иіс су–иіс май, көк ет–бауыр ет, т.б.

г) омонимдер арқылы: тартпа–суырма, тартпа–төс, айыл–алдыңғы айыл, т.б.

3. Синонимдер кірме сөздер арқылы пайда болған:

а) араб сөздері арқылы: азамат (ғәзәмәт) – жігіт; тағдыр (тәғдир)– жазмыш; отан (уәтан) – ел, туған жер т.б.

ә) парсы сөздері арқылы: батыр (бәһадар) – ер; дихан (деһан) – егінші; шәкірт (шагерд) – оқушы, т.б.

б) монғол сөздері арқылы: аймақ (аймат) – өңір–атырап–төңірек–маңай, жасақ (жасаг) – әскер, қол, талқы (талқын) – сарап т.б.

в) орыс сөздері арқылы: бөтелке (бутылка) – шыны, шөлмек, кір (гиря) –таразы, рет (ряд) – мәртебе т.б.

4. Синонимдер диалектілер есебінен жасалған. Диалектілік синонимдер әдеби тілдегі сөздермен мағынамасы мәндес келуіне байланысты екі топқа бөлінеді:

а) сыртқы тұлғасы бөтен, бірақ әйтеуір бір сөзбен мағынасы үйлес келетін сөздер. Мысалы: аданас–атомас, ағайындас; атайман–өте, тым, аса; башалау–саламау, жіктеу, жекелеу т.б.

ә) сыртқы тұлғасы таныс, бірақ білдіретін сөздері басқа сөздер: Мысалы: астана–табалдырық; жар–қабырға; жедел–ерегіс, жанжал т.б.

5. Синонимдер фразалық тіркестердің есебінен көбейген. Мысалы: ат ұстар–ұл, еркек бала; ауыз бастырық–пара; қара халық–бұқара, еңбекші, еті тірі–пысық т.б.

6. Синонимдер табу мен эвфелизмдердің есесінен молайған. Мысалы: әулие–шешек, ит–құс–қасқар; жасыл–жай; қолды болу–ұрлану, жоғалу т.б.

Антонимдер. Антонимдер дүниедегі заттардың, құбылыстардың сын–сапасын, артық–кем қасиетін, мөлшер–көлемін салыстырып, бір–біріне қарама–қарсы қоюдан шығады. Мысалы: Кейі сараң, кейі мырза, кейі қапа, кейі ырза, барша жұртты сынадың (С.Сейфуллин). Мұны әлділер әділет деп қуанса, әлсіздер қиянат деп қынжылады (Ә. Сәрсенбаев).

Антонимдер өзара алшақ қарама–қарсы ұғымды білдіретіндіктен, бұлардың әр сөз тобына қатысты нақ бірдей емес, ала–құла. Бір сөз тобы антонимге соншама бай да, енді біреулері соншама кедей, не болмаса, тіптен



ПОӘК 042-18-28.1.14/03-2014.

____№ ___басылым

____ беттің ____ беті

кездеспеуі де ғажап емес. Қазақ тілінде антонимдер көбіне–көп сын есімдерден болады, онан соң етістіктерде, зат есімдерде, үстеулерде азды–көпті кездеседі. Ал қалған сөз топтарынан антонимдар тым тапшы. Сын есімге тән антонимдердің мынадай түрлері бар:

а) түбір күйінде кездесетін: ауыр–жеңіл, кең–тар, ыстық–суық, үлкен–кіші, қалың–жұқа т.б.

ә) туынды түбір күйінде кездесетіндері: ашық–жасырын, орнықты–шалағай, олақ–іскер, оңқай–солақай, жүрдек–шабан, түзу–қисық т.б.

Қазақ тілінде сындық мағынадағы туынды антонимдер көбінесе –лы, –лі, –ды, –ді, –ты, –ті жұрнақтары арқылы антонимнің жағымды сыңарларын, ал –сыз, –сіз жұрнақтары жағымсыз мағынадағы сыңарларын жасайды. Мысалы:

Ер жігіт бірде малды, бірде малсыз.

Арғымақ бірде жалды, бірде жалсыз.

Куәлі істі куә табар,

Куәсіз істі күман табар.

Сол сияқты сын есімнің –ғы, –гі, –қы, –кі жұрнақтары арқылы да туында антонимдер жасала береді. Мысалы: бастапқы–соңғы, бұрынғы–қазіргі, үйдегі–түздегі т.б.

Етістікке тән мынадай антонимдер бар:

а) түбір күйінде кездесетіндері: озу–қалу, кету–келу, қону–ұшу, шашу–жинау т.б.

ә) туынды түбір күйінде кездесетіндері: қартаю–жасару, жоғарылау–төмендеу, ақтау–қаралау, баю–кедейлену, жаңару–ескіру т.б.

Зат есімге тән антонимдерде негізгі және туынды түбір ретінде кездеседі:

а) түбір күйінде кездесетіндері: өтірік–шын, пайда–зиян, бай–кедей, қыс–жаз, күн–түн т.б.

ә) туынды түбір күйінде кездесетіндері: аласы–бересі, байлық–жоқтық, жеңіс–жеңіліс т.б.

Үстеуге қатысты антонимдер: ерте–кеш, ілгері–кейін, жоғары–төмен, алыс–жақын т.б.

Есімдікке қатысты: анау–мынау, әне–міне, осы–сол тәрізді, бірен–саран антонимдар ғана ұшырасады.

Бір сөз әр мағынасында әр түрлі сөздермен антонимдес болуы мүмкін. Мысалы, ашық деген сөз бір мағынасында жасырын (жасырын жұмыс, іс) деген сөзбен антонимдес те, ал екінші мағынасында жабық деген сөзбен антонимдес. Қалың деген сөз ыңғайына қарай жұқа деген сөзбен де (қалың қар – жұқа қар), сирек деген сөзбен де (қалың шаш – сирек шаш) антонимдес болады. Мұнан полисемия құбылысының синонимия құбылысымен ғана емес, сонымен қатар антономия құбылысымен де ұштасып жататындынын көруге болады.

ПОӘК 042-18-28.1.14/03-2014.

____№ ___басылым

____ беттің ____ беті

Табу. Табу (полинезейге tabu – тыйым сөз) – ескі әдетке, діни сенімге, ырымшылдыққа байланысты сөздерді айтуға тыйым салу.

Ерте замандарда адамдар әр түрлі қате түсінік, теріс ұғымның дінге сенушіліктің салдарынан кейбір заттардың аттарын тікелей атауға тыйым салып, оларды басқаша атайтын болған. Бұл құбылысы әдетте табу деп аталады.

Қазақтың ескі әдет–ғүрпы бойынша келін болып түскен қыз күйеуінің туған – туыстарын өз атымен атамайтын болған. Солардың әрқайсысына лайықтап (жолына, жасының үлкен–кішісіне қарай) өз тұсынан басқадай ат қоюға мәжбүр еткен. Мәселен, қызға қаракөз, бикеш, шырайлым, еркежан десе, ұлға мырза жігіт, төре жігіт, шырақ, тектелес, би аға делінген. Жасы үлкен адамдардың аты басқа зат атауларымен аттас болып келсе, онда келін оларға да басқаша жаңа ат ойлап табатын болған. Мәселен, Жылқыбай болса мінгіш деп, Қойшыбай болса – азбан деп, Бүркітбай болса – үлкен құс деп атайтын болған.

Қазақ тіліндегі табудың еңбегі бір түрлері табиғаттың дүлей күшімен, адамды опат қылатын ауру аттарымен қаскүнем жыртқыш аң – жәндіктермен тікелей байланысты шыққан. Мәселен, революцияға дейінгі қазақ аулында жай түсті десек, «адамға қырсығы тиюі мүмкін» деген наным бойынша оны жасыл деп атайтын болған. Шешек ауруының атын атасақ «жұғады», «жабысады» деген сенімге байланысты атын тура атамай, әулие, қорасан, мейман, қонақ деп өзгеше атаған. Жыланды да атын атасақ, «келіп шағады» деп үрейленіп, оны түйме, қамшы, ұзын құрт деп айтқызған.

Эвфемизм – кейбір нәрсенің не құбылыстың атын тікелей айту дөрекілеу, қолайсыздау болып көрінгенде, олар басқа сыпайы, майда сөздермен ауыстырылып айтылуы. Қазақ тілінде эвфелизм тәсілімен сөз алмастырудың мынадай жолдары бар:



  • Ауру аттарын алмастырады. Науқас адамның көзінше аурудың нақ өзін атамай, оның жеңілірек түрін айту дәстүрі бар. Мәселен, туберкулез немесе құрт ауру деудің орнына өкпе ауруы, рак немесе қылтамақ деудің орнына жаман ауру деп мағынасы қатты тиетін сөздерді жұмсақ сөздермен алмастырып қолданады.

  • Адамның дене мүшесіндегі кем–кетік атаулары алмастырылады. Мәселен, ауру, жарымжан, мүгедек адамды дімкәс деген сөзбен, саңырау, керең деген сөзді құлағының мүкісі бар, құлағы тосаң, сараң естиді деген сөздермен алмастырып айта беруге болады.

  • Мағынасы айтушы мен тыңдаушыға бірдей соншама жағымсыз, дөрекі сөздер алмастырылады. Мәселен, нәжіс, қи, несеп, дайрақ, үлкен дәрет, кіші



ПОӘК 042-18-28.1.14/03-2014.

____№ ___басылым

____ беттің ____ беті

дәрет, дәрет сындыру, ұлы жарақ дегендердің бәрі де белгілі контексте сыпайы мән туғызады.



  • Үйлену мен тұрмыс құруға байланысты сөздері алмастырылады. Мәселен, тұрмыс құру, тұрмысқа шығу, баласын құтты орынға қондыру, баласын аяқтандыру тәрізді сөздер үйленуге байланысты айтылады.

  • Қоғам өміріндегі адамдардың бір–бірінің жағымсыз қарым –қатынастарына қатысты сөздер алмастырылады. Мәселен, аузы жеңіл, қолының жымысқысы бар, қосып айтады, жасы ұлғаю, жаяу почта, сымсыз телефон т.б. дегендер сыпайылық мәнде айтылады. Эвфемизмдер ойды бейнелеп, көркем түрде жеткізудің негізгі бір тәсілі. Сондықтан алдағы уақытта да сан түрлі эвфемизмдер туып қалыптасатындығына ешбір шек келтіруге болмайды.

Дисфемизм. Күнделікті қарым–қатынаста мағынасы жағымсыз тұрпайы сөздерді жағымды сөздермен алмастырып қолданатындығымыз сияқты тілде әдепті сөзді әдепсіз (дөрекі) сөздермен ауыстырып айта беру әдеті болады. Мұндай құбылысты тіл білімінде дисфемизм немесе какофелизм деп атайды. Дисфемизм – мағынасы жағынан эвфемизмге қарама–қарсы құбылыс. Ол кеміту, қорлау, іске жаратпау, ұғымын тудырады. Мысалы: боқ мұрын бала, боқтан өзгені сөз қылды, боғымен жасты баламен ойнады т.б.

Белгілі контексте жөнінен дұрыс жұмсалған сөзді мағынасы неғұрлым дөрекілеу сөзбен алмастыру – сөзді ауыспалы мағынада (троп) қолданудың бір жолы. Мысалы: Бұт арттары мен шаңырақ салаларын жауға берді. (Қ. Оразалин). Жеңілетініңді білетін болсаң, сен бес қырт атанар ма едің? (М. Әуезов) осындағы бұт артар дегеніміз, көлігі орнына жұмсалып отыр. Сол арқылы сан қилы жағымсыз эмоциялық мән тудырған. [1, 48-50 беттер]



Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

  • Синоним және синонимдік қатар дегеніміз не?

  • Синоним мен омонимнің өзіндік ерекшеліктері.

  • Синонимдер мен антонимдердің пайда болу жолдары.

  • Табу, эвфемизм, дисфемизм дегеніміз не?

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Болғанбайұлы Ә. Қалиұлы С. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. – А: Санат, 1997

2.Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. А, 1962

3.Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – А, 2002

№5 Дәріс тақырыбы: Қазіргі қазақ тілі лекцикасының шығу арналары.

Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет