Публицистикалық шығармашылық негіздері


«Қазақ» газетіндегі публицистика



бет12/25
Дата31.12.2019
өлшемі2,01 Mb.
#53907
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   25

«Қазақ» газетіндегі публицистика
ХХ ғасыр басындағы қазақтың оқыған азаматтары газет-журнал шығаруға басты назар аударды. Патшалық Ресейдің отаршылдық саясатынан құтылудың, ұлт бостандығы үшін күресудің бірден-бір жолы – баспасөз бетінде халыққа сөз айтып, елдің санасында сілкініс туғызу арқылы қазақ азаматтығына қол жеткізу деп білді. Бұл үшін өзге дамыған елдер тәжірибесін үлгі ретінде ұсынды. Мәселен, Ахмет Байтұрсыновтың мына пікірі соның дәлелі: “Халыққа газеттің осындай пайдалы қызметтері бар екендігін білген жұрттар газетті киетін киімі, ішетін тамағы, үстіндегі үйінен соңғы керек нәрсеге санайды. Газеттің пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі. Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халық болса, соғұрлым газет-журналдары көп. Оны мынадан байқауға болады.

1909 жылғы санаққа қарағанда Америкада шығатын газет һәм журналдың есімі жиырма бір мың төрт жүз отыз бес, Францияда сегіз мың тоғыз жүз қырық, Германияда сегіз мың, Италияда үш мың бір жүз жиырма, Россияда екі мың елу сегіз екен. …Бізде құр алақан болғанымыз жоқ. “Айқап” журналы шықты. Бұл бұрынғыдан гөрі, бір адым болса да ілгері басқанымыздың белгісі. Бірақ бір адым ілгері басып, сол күйімен тұрып қалсақ, онымен алысқа ұзай алмаймыз” /Қ. 1913, №1/.

Бұл сол кездегі зиялылардың бәрін де терең толғантқан мәселе болды. Сол себепті әр жерде газет шығару ісі қолға алына бастады. “Егер бүкіл ХІХ ғасырдың бойында небәры 70-80 кітап шығарылған болса, ХХ ғасырдың алғашқы 17 жылының ішінде (1900-1917), толық емес мәлімет бойынша, қазақ тілінде 200-ден астам кітап шығарылған. Революциядан бұрын қазақ тілінде барлығы 14 газет, бір журнал шыққан (Астын сызған біз – Б.Ж.) [40,111]. “Револциядан бұрын қазақ тілінде шыққан газет-журналдар сан жағынан көп болмаға-нымен (14-15), олардың беттерінде елдің тарихы, шаруашылық жағдайлары, мәдени өмірі мен ғалымдар, жазушылар туралы көптеген құнды мақалалар басылды” [149, 6 б.].

Төңкеріске дейінгі қазақ тұрмыс-тіршілігінің айнасына айналған газет-журналдардың қай-қайсысы да белгілі-бір дәрежеде қоғам өміріндегі маңызды мәселелерді қамтыды. Ол басылымдардың әрқайсысы жеке зерттеу нысанасына айналып, бүгінгі көзқарас тұрғысынан өз бағасын алатын күн туды. Төңкеріске дейін шыққан басылымдар библиографиясын жасап, кейбір газеттердегі мәтіндерді көшіріп қайта бастыру ісіне бүкіл ғұмырын арнаған, зерттеуші ғалым Ү.Сұхбанбердина революциядан бұрынғы баспасөздің сандық көрсеткіші туралы былай дейді: “Революциядан бұрын қазақ тілінде 14 газет, бір журнал шыққан. Олар: “Түркістан уалаятының газеті”, (1870-1882), “Дала уалаятының газеті” (1888-1902), “Серке” (1907), “Қазақ газеті” (1907), “Дала” (жылы белгісіз), “Қазақстан” (1911-1913), “Ешім даласы” (1913), “Қазақ” (1913-1918), “Айқап” (1911-1915), “Алаш” (1916-1917), “Бірлік туы” (1917), “Сарыарқа” (1917), “Ұран” (1917), “Үш жүз” (1917), “Тіршілік” (1917)” [149,6].

Ғасыр басындағы оқығандардың баспасөз туралы, оның рөлі хақындағы ойлары да бір-біріне ұқсас. Мұның өзі – олардың алға бір ғана мақсат қойғандығынан да болар. “Мерзімді баспасөз бізде қашан туғаны белгілі. Әр жұрттың, әр мемлекеттің мәдениет майданында ілгері-кейінгінің қатасыз бір өлшеуіші – баспасөз болады. Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті…” [161] – деп жазды ұлт көсемдерінің бірі Міржақып Дулатов. Міне осы ойлардың бәрі жиылып кеп қазақ зиялыларының нағыз ұлттық басылым “Қазақты” шығаруына түрткі болды. Жоғарыда аталған 15 басылымның ішіндегі қазақ публицистикасының дамуын сапалық тұрғыдан жаңа белеске көтерген де осы “Қазақ” газеті еді. “Қазақ” газеті “Айқапта” шала піскен мәселелерді дұрыстап пісірді. Сонымен қатар “Қазақпен” қазақтың тілі туды. Таза қазақ тілінде шыққан баспасөз “Қазақ” газеті ғана болды…” [162, 53 б.].

“Қазақ” газеті 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап 1918 жылдың 16 қыркүйегіне дейін Орынборда шығып тұрған, ұлттық баспасөздің, әдебиет пен мәдениеттің дамуына үлкен ықпал еткен басылым еді. Оның редакторы – Ахмет Байтұрсынов, шығарушысы – Мұстафа Оразаев болды. Газетте Бөкейханов, Дулатов, Шәкәрім, С.Дөнентаев, М.Шоқаев, М.Жұмабаев, Б.Майлин, тағы басқа қазақ қаламгерлерінің публицистикалық, көркем шығармалары жарық көрді. Сол кездегі қазақ саяси өмірі мен қоғамдық ойының белсенді өкілдері ұлттық басылым төңірегіне тоғысуы – кездейсоқ жағдай емес еді. Оларды бірлесе қимылдауға, қосылып іс-әрекет жасауға итермелеген – ғасыр басындағы қазақ жеріндегі қоғамдық-саяси ахуал, елдің ауыр халі болғандығына көзіміз енді жетіп отыр.

Демек, “Қазақ” газеті – сол кезеңнің шындық шежіресі, өмірлік айнасы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар, қалың көпшілікке жол сілтеген, ұлттық сана-сезімді оятуға үлес қосып, болашаққа бағыт-бағдар берген қоғамдық ойдың өлшемі еді.

Бұл басылымның қазақ халқының ұлттық даму жолындағы маңызды ролі жайында көптеген пікірлер бар. Солардың ішінде де газет туралы сол кезеңдегі ел зиялыларының нақты тұжырымдарға құрылған ойлары ерекше әсер қалдырады. Мәселен, Алаштың ардақты азаматтарының бірі – Смағұл Сәдуақасов өзінің “Қазақ әдебиеті” атты тарихи-талдау очеркінде: “… Айқаптан” кейін 1918 жылы қазақ әдебиетінің мақтанышы болған “Қазақ” газеті шықты. Бір ғажабы, “Айқап” мұсылман мектептерінде оқитын әдебиетші жастардың белсене қатысуымен, күш-жігерімен шығып тұрса, “Қазақ” газеті орыс мектебінде оқитындардың күш-жігерімен шықты” [159] – деген пікір айтыпты.

Ал Мұхтар Әуезов Ташкентте шыққан “Шолпан” журналында 1923 жылы жарияланған “Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі” атты тарихи-әдеби сын мақаласында былай деп жазыпты: “Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын – “Қазақ” газеті. “Қазақ” газетінің мезгілі әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген мезгілімен тұстас. Ол уақыт қазақ жұрты 1905 жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытына келеді.

Сондықтан бұл уақыттағы іс пен сөзде тығыз қамның, асығудың ретінде бұдан өзгенің бәрін қоя тұрып, бір саясат әңгімесіне жұмылдырудың, жалғыз соған ғана үңілудің қал-пында өтті… “Қазақ” газетінің бетіндегі бағыт пен тұтынған жол да осы ретпен жүрді. Жазылған ұсақ өлеңдер, әңгімелер, барлық мақалалардың бәрі де қазақты ұйқыдан ояту, сергіту, күшін біріктіру, оқығандарын түзу жолға салу, соларға басшы болу, қазақ ісіне көзқұлақ болуға арналған. Бұл тұтынған жолда “Қазақ” газеті өз міндетін атқарады…” [163].

1923 жылы “Ақ жол” газетінде жарық көрген “Ахаңның елу жылдық тойы” деген мақаласында М.Әуезов “Қазақ” газеті мен оның редакторы А.Байтұрсынов жөнінде салиқалы ой сабақтайды. “Қазақ” газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ахаңның бұл істеген қызметі – қазақтың ұзынырға тарихымен жалғасып кететін қызмет. Істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш” [152].

“Ақжолда” шыққан жоғарыдағы мақаласында, халыққа ой салып, шуақты күндей шапағатын төккен басылымның сол кездегі ролін Әуезов дәл көрсете білген. Қалың көпшілікке баспасөз органының ықпалының аса зор болғандығын Мұхаң былай бағалайды:

“…Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған “Қазақ” газеті болатын” [152].

Бұл келтірілген үзінділер – “Қазақ” газетінің тарихтағы алатын орнын дәлме-дәл анықтай түседі.

Ғасыр басындағы қоғам қайраткері, біртуар тұлға Халел Досмұхамедұлы Біріккен мемлекеттік саяси басқарма тергеу-шілеріне 1930 жылы 14 сентябрьде берген жауабында “Қазақ” газетінің шығу тарихын, қандай бағыт ұстанғанын, қоғамдағы алатын орнын айқын көрсетеді: “…Появилась в Оренбурге газета “Казах”, во главе которой стали А.Байтұрсынов и М.Дулатов. Газета выступила с определенной национально-демократической программой, сумела вокруг себя сплотить значительную часть учительства и учащихся татарских медресе Галия и Хусаиния и др. в гор. Оренбурге и Уфе; выпускала значительное количество брошюр, книжек культурно-просве-тительского характера. Значительная часть интеллигенции со средним и высшим образованием примкнула к “Казаху”. Букейханов стал одним из главных руководителей “Казаха”, принял платформу “Казаха”, хотя активно не имел возможности участвовать. Т.О. возник центр, объединивший и руководивший тем слоем казахского населения, который был разбужен 1-ой русской революцией. Газета давала руководя-щие статьи по политической жизни казахов, открывала дикуссии и была объединителем тогдашней политической мысли” [164]. Міне бұл – “Қазақ” газетінің бүкіл қазақ халқының саяси орталығы болғандығын дәлелдейтін айғақ. Сол кезде өзге жұрт өкілдері “киргиз” деп өз атымызбен де атамай, кемсіте қарайтын кезде ұлт намысын қозғайтын мұндай мінбер елдігіміздің қалыптасуы үшін де қажет еді. Басылымның негізгі мақсат – міндетін газетті шығарушылар алғашқы нөмірдегі беташар мақалада-ақ көрсетіп берді: “Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін “Қазақ” қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы” /Қ. 1913, №1/. “Қазақ” газетін шығарушы азаматтардың қазаққа азаттық әперудегі тура жол ретінде - публицистикалық қызметті таңдағандығы осы алғашқы беташар мақаладан-ақ көрініп тұр.

Губернатор, генерал-лейтенант Сухомлиновтің “Қазақ” газетін шығаруға рұқсат беру жөніндегі Ресейдің баспасөз жөніндегі бас басқармасына жолдаған шешімінде “Қазақ” газетінің қамтитын мәселелері мен тақырыптары анық белгіленді. Онда мынадай мәселелер көрсетілген:

Нұсқаулар мен мемлекеттік жарлықтар.

Мемлекеттік Думаның және Мемлекеттік Кеңестің жұмысы.

Сыртқы және ішкі хабарлар.

Қазақтардың тарихы мен тұрмысы.

Әдеп, тарих, этнография мен мәдениет.

Экономика: сауда, қолөнер кәсібі, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы.

Халық ағарту: мектеп, тіл мен әдебиет.

Гигиена, медицина және ветеринария.

Фельетондар.

Корреспонденциялар мен жеделхаттар.

Жергілікті хроника.

Иллюстрация.

Почта жәшігі.

Хабарландырулар [165].

“Қазақ” газетінің бетінде қазақ публицистикасын дамыту-ға үлес қосқан авторлар көп. Олардың әрқайсысының мұрасы жеке зерттеу нысаны болуға лайық. Мәселен, Жанша Сейдалин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Мұхаметжан Тынышбаев, Мұстафа Шоқаев, Жұмағали Тілеулин, Жүсіпбек Басығарин, Есенғали Қасаболатов, Хайретдин Болғанбаев, Нәзипа Құлжанова, Мырзағазы Есболов, Мұстафа Оразаев, Имам Әлімбеков, Жанұзақ Жәнібеков, Мағжан Жұмабаев, Қошмұхамед Кемеңгеров, Сәбит Дөнентаев шығармаларында ғасыр басындағы оқығандарды толғандырған зор саяси, экономикалық, рухани мәселелер қозғалды.

“Қазақ” газетінің бетінде ең көп жазған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов қоғамдағы барлық мәселелерді қозғап, болып жатқан оқиғаларды жіті бақылап, шолу жасап, кейбір кезек күттірмейтін жайттарға дер кезінде үн қатып, елді қауіп-қатерден сақтандырып, қазақты ұлттық бостандық жары-ғына бастап отырды. Олар Ресейдің отаршылдық саясатын әшкереледі, Қытайдағы қазақтар жайына да назар аударды, Қазақ даласының ішкі жағдайын үнемі назарда ұстады, сыртқы саясат мәселесімен, халықаралық байланыстармен елді таныстырып отырды, бірінші дүниежүзілік соғыс тақырыбын жан-жақты қамтыды, қазақтан әскерге адам алу мәселесінде оңтайлы шешім қабылдады, Ақпан төңкерісіне көзқарастарын білдірді, жеке Қазақ Автономиясын құруға шақырды. Сөйтіп, ХХ ғасыр басындағы қоғамдық-саяси істерге газет арқылы белсене араласты, елде публицистиканың басқарушылық, ба-ғыт берушілік, ағартушылық, ұйымдастырушылық, насихат-таушылық, үгітшілік функцияларын жүзеге асырды. Бұл тұрғыдан келгенде “Қазақ” газетінің публицистері қоғамдық-әлеуметтік ойға мұрындық болды, экономика, ауыл шаруашы-лығы, егіншілік мәселелерін сөз етті, жер мәселесін шешуге ұйытқы болды, оқу-ағарту, оқулықтар жасау, кітаптар шығару, әліппе, емле, жер игеру, кәсіп істеу, мәдениет, дін, әдебиет, баспасөз, тіл проблемаларын шешуге көпшілікті ұйыстырды. Қазақтың оқыған зиялы қауымын бір ойдың, бір мақсаттың төңірегіне – ұлт азаттығын алу үшін күресуге жұмылдырды. Осыдан-ақ “Қазақ” газетіндегі публицистиканың – революция алдындағы қоғамдық ойдың нағыз орталығы болғандығын көруге болады.



Әлихан Бөкейхановтың «Қазақ» газетіндегі публицистикасы
“Қазақ” газетінде қазақ публицистикасын жаңа белеске көтерген қалам қайраткерлерінің бірі – Әлихан Бөкейханов болды. Өзінің алғашқы публицистикалық шығармаларын “Дала уалаятының газетінде”, “Айқап” журналында жариялаған Ә:Бөкейхановтың “Қазақ” газетінде екі жүзге жуық мақалалар мен аудармалары басылған. Оларда қазақ елінің ең түйінді деген мәселелеріне тоқталған. Қазақ елінің жері, отырықшы болуы, патша үкіметінің қазақ еліне жүргізіп отырған саясаты, сот, әкімшілік туралы бай мағлұматтар берілген” [166, 452 б.].

Әлихан Нұрмұхаметұлы Бөкейханов 1866 жылы бұрынғы Семей облысының Қарқаралы уезіндегі Тоқырауын болысы-ның Желтау баурайындағы Мырзатай қыстауында дүниеге келген. Ол Омбы техникалық училищесін, кейіннен Санкт-Петербургтегі орман-техникалық институтында оқып, білім алды.

Ә.Бөкейхановтың белсенді саяси қызметі, әсіресе, “Қазақ” газетінің бетінде жарық көрген рухқа толы, ұлт сөзін сөйлеген публицистикасынан көрініс тапты. “Ә.Бөкейханов 1913 жылдың ақпанынан бастап Орынбордан шыға бастаған “Қазақтың” негізін қалап, бағыт-бағдарын анықтаушылардың бірі болып қана қойған жоқ, сондай-ақ газеттің ыстығына күйіп, суығына тоңған ең белсенді және өндірімді авторларының қатарында болды” [2, 3 б.].

“Қазақ” газетінің бетінде жарияланған материалдар қазақ публицистикасы жанрларының қалыптасу, даму эволюциясын-да өзгеше орын алатындығымен ерекшеленеді. Мәселен, Ә.Бөкейхановтың жазған публицистік шығармаларында әр түрлі жанрлардың айқын көрініс табуын аңғаруға болады.

Әлихан Бөкейхановтың газетте жарық көрген шығармала-рының ішінде публицистиканың ақпараттық жанрлары шоғырына жататын есеп жанрында жазылған шығармалар баршылық. “Үшінші Дума һәм қазақ”, “Дума һәм қазақ”, “Төртінші Дума һәм қазақ”, “Мұсылман сиезі”, “Торғай облысының мұжық-қазағының съезі”, “Жалпы Сібір сиезі”, т.б. жазғандарын есеп жанрының қазақ публицистикасындағы алғашқы үлгілері ретінде атауға болады.

Есеп – бұл сөздің өзінен көрініп тұрғандай, қандай да болмасын бір оқиға туралы хабарлауды білдіреді. Есеп – газет – журналдың ертеден келе жатқан жанрларының бірі. XVІІ ғасырдың өзінде Англияның, Францияның, Германияның газеттерінде корольдер мен князьдар сарайындағы әртүрлі ресми қабылдаулардан хабарлар жарияланып отырғаны, кейінірек парламент мәжілістері мен айтыстарынан есептер жариялана бастағаны бізге баспасөз тарихынан белгілі. Алғашқы орыс газеті “Ведомостидің” бетінде де оқырмандар орыс армиясы мен флотының жеңістері жөнінде, патшаның сапарлары жөнінде есептер жарияланған [167, 213 б.].

“Ел өміріндегі елеулі оқиға саналатын съездер, жиналыс-тар, мәліметтер мен кеңестер және осы сияқты оқиғалар әр кезде публицистиканың шағын жанры – газет есебінің өзегі болып табылады”[31, 166 б.], – дейді профессор Т.Амандосов. Басқа хабар жанрлары сияқты есепке де – оперативтілік, сенімділік, материалды берудің анықтығы тән. Дәлдік пен реттілік те есепке қойылатын талаптар болып табылады. Есептің көлемі-оқиғаның ауқымдылығына, маңыздылығына байланысты. Профессор Т.Қожакеев есеп жанры туралы былай дейді: “Хабарлама жанрлардың ендігі бір түрі – есеп (отчет) қоғамдық, әлеуметтік мәселелер сөз болған жиналыс, мәжіліс, кеңестерден, съезд, пленум, конференциялардан, әртүрлі спорттық жарыстардан, бұқаралық мерекелерден, ресми қабылдаулардан жазылады” [32,44].

Есеп жанрының өзіне тән бірнеше ерекшеліктері бар:

1. Бұл жанрда жазылған материалдар таяу арада болған маңызды оқиғамен оқырманды хабардар етеді.

2. Есеп басталған алғашқы жолдан соңына дейін “қайда?” “не болды?” деген сұрақтарға жауап береді.

3. Онда (есепте) оқиғаны бақылау барысы міндетті түрде әңгімеленеді.

Кеңейтілген есептерде автордың өз ойы, өз түйіні, қорытындысы, болған оқиғаны таразыға тартып бағалауы кездеседі.

В.Дальдің түсіндірме сөздігінде: “есеп” сөзі – адамның іс-әрекеті, жауабы, ақталуы мен түсінігінің нақты көрсеткіші [168, 759 б.], – деген түсінік берілген.

Біздің қазақ баспасөзінде де публицистиканың есеп жанры әр кезде, әр түрлі пішінде көрініс тауып отырады. Соның айқын дәлелдерінің бірі – публицист Ә.Бөкейхановтың Дума мәжіліс-терінен, съездерден жазған кеңейтілген есептері.

“Үшінші Дума һәм қазақ” есебінде публицист бірінші, екінші Думада қазақ халқынан депутаттар болып, бірі 72 күн, бірі 103 күн жұмыс істеп қатысқаны туралы нақты деректер келтіреді. 1907 жылғы 3 июньде “3 июнь Законы” бойынша қазақтан депутат сайлауға қарсы шешім қабылданып, соның әсерінен Думада қазақ ісі бөтен халық сайлаған депутаттар қолында қалғандығына қынжылыс білдіреді. “Осы бөтен халық депутаттары қазақ жері туралы 3-ші Думада не сөйледі, не жұмыс қылды, осыны қысқартып жазалық” /Қ. 1913, №9/, – деп автор мәжілісте қаралған мәселелерге тоқталады. Ә.Бөкейханов Жетісу, Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстарына қараған қазақтарға арналған “25-ші март 1891-інші жылғы Степное положение” мен Түркістандағы Самарқанд, Ферғана, Сырдария облысының қазақтарына шығарған “12-інші июнь 1886-ншы жылғы Туркестанский крайды билеу хақындағы шыққан положение” туралы айта келіп, сол ережелерге бірінде: “Бұл жер сроксыз көшпелі қазақ пайдасында болып тұрады… қазақтың пайдасынан артық жерді қазына өз керегіне алады”, екіншісінде: “Түркістанда қазақ жерінен артық жер табылса, қазына өз пайдасына алатын болсын” /Қ. 1913, №9/ деген өзгертулер енгізілгендігін тілге тиек етеді.

Осы заң Думада сөз болғанда қазақ пайдасына Қазан депутаты Мақсұдов, Забайкал депутаты Волков, Уфа депутаты Тевкелев, Тобыл депутаты Дзюбинский, барон Мейендорф сөйлегенімен, көпшілік дауыспен жоғарыдағы өзгертулер бекіп кеткендігіне өкініш білдіреді. “Осылайша, Түркістан қазағына да Жетісу, Семей, Ақмола, Торғай һәм Орал қазағының кебі келді. Енді Түркістанда қазақ жерін алғанда закон деп алады. “Әлі жеткен алып та жығады, шалып та жығады” деген осы-дағы” /Қ. 1913, №9/, – деп қазақ жерінің талан-таражға түсуі заңдастырылып қойғандығынан көпшілікті хабардар етеді. Бірақ қазақ зиялыларының көп күш жұмсауы арқасында, депутаттар Дзюбинский мен Виноградов патша үкіметі қазақ жеріне шығарған Щербина экспедициясының жер өлшеу кітабына сүйене отырып, сұрау салғаннан кейін қазақтың жер мәселесі біршама шешілгендігін баян етеді.

“Дума һәм қазақ” атты есепте Қазақтың думаға кіру тарихы терең тәптіштеп баяндалады. Ішкі министр Булыгин, генерал-губернатор Сухотин дегендердің кесірінен қазақтан Думаға депутат сайланбайтын болғанын айтады. “Қазақ ақылсыз, мылқау болса мұның депутаты жау жаққа шыққанмен зарары аз. Қазақ ақылды шешен болса, бұл қазақты думадан тысқары қылу керек” /Қ. 1913, №23/, – деген Сухотин жандаралдың сөзін келтіреді. Енді үшінші думада қазақ сөзін сөйлейтін, қазақ жайын білетін депутат болмағандықтан халықтың көп несібеден қағылғандығына өкініш білдіреді. Есептің соңында автор өзінің тоқетер ой-ұсынысын айтады, өз көзқарасын көрсетеді: “Міне биыл үшінші дума тарқап, төртінші дума сайланады, қазақ ақсақалы жұрт басшысы патшадан сұраңдар “бізге думаға депутат бер” деп… думаға қазақ жұрты тағы депутат сайлайтын болса, бұл жұрт сайлаған депутаттар жүйрік, жұртқа рас қызмет қылатын болса, қазақ баласы бірігіп жұмыс қылған жол ашылар еді” /Қ. 1913, №23/.

Бірақ қазақ оқығандары қанша жанталасқанмен, жұртшы-лықты депутат сайлауға үндегенмен патша үкіметінің озбыр саясаты тосқауыл болды. Төртінші думада да қазақтан депутат сайланбады. Қазақ даласындағы жер дағдарысы одан әрі дендеп тереңдей берді. Жан-жақтан келген мұжықтар, хахол-дар, одан қалғанын орыстың бос қалған байлары қазақ жерін білгенінше бөліске салып, ең шұрайлы жерлерді мекендеп, ұзақ мерзімге жалға алып, заңды пайдаланып білгенін істеп жатты. Өз жерінде өз билігі жүрмеген қазақ халқы барлық қиындықты өз басына үйіп-төгіп, бай-кедей түгел азапқа түскен заман басталды. Осы қазақ даласындағы ауыр ахуалдың шын көрінісін Ә.Бөкейханов “Төртінші дума һәм қазақ” кеңейтілген есебінде айқын көрсетіп берді. Ең алдымен 11 июньде болған мәжілісте сөйлеген депутаттардың сөзінен үзінді келтіреді. Забайкал депутаты Волков: “Біз Сібір депутаттары үшінші думадан бергі, міне жеті жыл переселен мұжыққа жер алғанда қазақтың һәм бурядтың ең жақсы жерін алып, бұларға жер қалдырмай отырсың деп зарлап келеміз, жылда біздің айтқан сөзімізді тыңдаған кісі жоқ, қазақтың қазулы арығын, салулы бақшасын, еккен жоңышқасын кесіп алып отыр. Қазақтың жерден қысылған белгісі міне: қазақ өзі бөтен жаққа переселен болып көше бастады. …Үкіметтің бұлай қылғаны тұрғын жұрт қазаққа шылғи залал, енді мұнан былай бұрынғы тұрғын жұртқа қылатын зиян қалсын, жер кесілгенде қазаққа өз шаруасын аздырмайтын жер қалдырып кессін” /Қ. 1913, №19/, – деп қазақ мұңын мұңдайды, қазақ сөзін сөйлейді.

Баку депутаты Жағфаров думадағы мұсылман депутаттары атынан сөйлеп: “Бізге қазақтар әр жерден көрген кемшілігін айтып хат жазды. Мұжыққа жер алғанда қазақтың бар жақсы жерін алып, қазаққа үлкен зорлық қылып отыр.

1908-нші жылдағы граф Пален: “Түркістандағы істерді тексергенде жазған еді: “қазаққа артық жер деп қалдырғаны тастақ, татыр ащы, сортаң жер, осы зорлыққа көніп, мінез шығармай тыныш отырған қазақтың момындығы дүнияда жоқ” деп… әуелі тұрғын жұртты орнықтырып, қалған жерге переселен мұжықты еншілес қылу керек емес пе?!” /Қ. 1913, №19/ – деп мұсылман ағайындар да жанашырлық танытқанын көрсетеді.

Публицист думадағы сөйленген сөздерді келтіре отырып, қазақ даласындағы жер мәселесіне қатысты дағдарыстың ішкі себебін түгел ашып береді. Енді Дума жаңа заң қабылдап, онда жерді христиан дініндегі орыс баласына беру керек деп шешкендігінен, қазақ өз жеріне өзі бөтен болып қалғандығын айтып, күйінеді. “Биыл Мәскеу депутаты Шешкин осы жоға-рыда жазылған закон қаралғанда, сөйледі: “Бұл қалай Түркістанның, қазақ жерінің сөзіне Забайқал, Харков депутаты тұрып сөйледі, бұлардың өз депутаты қайда? “Үшінші июнь” ақсақ законын түзету керек деді” /Қ. 1913, №19/ – осылайша аяқталған есепте, Ә.Бөкейханов Думада қазақтың өз депутаты болмайынша, істің шешілмейтіндігін тағы да дәлелдейді.

“Мұсылман сиезі” – 1914 жылы 15-25 маусымда Петер-бургте болған тұңғыш мұсылман съезі туралы жазылған кеңейтілген есеп. Мұнда мұсылман депутаттарының ағасы башқұрт Мұхамед Тевкелевтің ішкі істер министрімен жолығып, съез шақыруға рұқсат алғандығы айтылады. “Осымен 35 кісі 15-25 июньде болатын мұсылман сиезіне Петербургке шақырылған. Петербургтағы 5-6 мұсылман депутаты мен сиез кісісі 41 болмақ еді. Қазаннан бірінші гос.дума члені Алкин, Бақша сарайдан “Тәржімән” басшысы Ысмағұл мырза Гаспринский, Екатеринордадан Трахов сиезде болмады. Тарихи мұсылман басшысы Ысмағұл мырза науқас болып келе алмағаны көп өкініш болды. Бұл кем қалған үш кісі орнына біздің қазақтан Сәдуақас мырза Шорманов Павлодар уезінен, молла Досан Аманшы баласы Орал уезінен, сиезге кірді. Біздің қазақ Россия қол астындағы мұсылманның төрттен бірі. Сиезде қазақ 10-нан аса болуы керек еді, жетеу-ақ болды” /Қ. 1914, № №69, 70, 72, 85, 86, 87, 88, 89, 90/, – деп алдымен съездің ұйымдастыру мәселесі тұрғысынан біраз жайтты шолып өтеді. Автор: “Біздің қазақтан барған кісілерден сиезден сөйлеген Бахытжан (Қаратаев – Б.Ж.), Сералы (Лапин – Б.Ж.), Жиһаншаһ (Сейдалин) һәм мен (Бөкейханов – Б.Ж.). Сиезге жиылған мұсылмандар біздің қазақ жайын білмейді, біз өзімізбен сиезді таныстырайық деп, біз қазақ рухани һәм оқу ісі не болып жатқанын сөйледік” – деп съезд жұмысын өз көзімен көргенін, қатысып қана қоймай қазақ ұлты үшін сөз алғанын да айтып өтеді.

Бұл туралы тарихи анықталған деректер де бар. “1914 жылы маусымда Мемлекеттік думадағы мұсылман фракция-сының ұйымдастыруымен шақырылған Бүкілресейлік мұсыл-ман съезіне қатысты, мұсылман фракциясы бюросының тұрақты мүшесі болды” [169, 402 б.]. Есептің өне-бойындағы Ә.Бөкейхановтың қазақ жағдайын аса қанық білетіндігі, асқан білімдарлығы, жан-жақты сауаттылығы, қазақ өмірін жақсартуға ұмтылуы байқалып тұрады.

Есепте мұсылманға мүфтилік бергенде үкімет амалсыз бергендігі, өзге мұсылман жұртының тұрмыс-тіршілігінен үлгі аларлық түстар, қазақ мұсылмандығының өзіндік ерекше-ліктері, қазақ ішіндегі қалың малмен әйел алу, Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстарының Орынбор духовное собраниесіне кіруі, Түркістанда өз алдына духовное собрание болатындығы, қазақ ауылындағы мұсылмандық шарттары, рухани мекеме-лерде қағаз татар түрік тілінде жазылатындығы жайында кең сөз болады. Әсіресе қалың мал бізде жоқ деп Бақытжан Қаратаев пен Сәдуақас Шормановтың жалған сөйлегендігі, Қаратаевтың қазақта тіл жоқ деп жалтарғандығы сынға алынады. Ә.Бөкейханов рухани мекемелерде қағазды қазақ тілінде жүргізуді ұсынады. Қазақ тілінің құнарлы екендігін дәлелдеп Абай, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан өлеңде-рінен үзінділер келтіріп өтеді. Съезде Әлихан шешен жер мәселесін де қозғайды. Мұсылман рухани дүкенін христиан рухани дүкенімен тең қылу арқылы, қазаққа жер бөлгенде 100 десятина жер кесілсін деген ұсынысын өткізеді. Съезде қабыл-данған шариғат жолында билік жүргізудің қазақ табиғатына келмейтіндігін дәлелдейді. Мектеп ісі, мұғалімдер, бала оқыту мәселесі съез назарынан тыс қалғандығына өкініш білдіреді.

“Торғай облысының мұжық-қазағының сиезі” /Қ. 1917, №229/ деген есепте Орынборда болған мәжілісте қаралған мәселелер сөз етіледі. 300-дей өкіл жинаған съезде жер мәселесі негізгі әңгіме болып, көшіп келген мұжықтар мен тұрғын қазақтар, жерді бірігіп пайдалану туралы бейбіт шешімге келгендігі баяндалады.

“Қазақ” газетінде жарық көрген “Жалпы Сібір съезі” /Қ. 1917, №251/ есебіне “Қыр баласы” деген атпен қол қояды. “Бөкейханов 1917 жылдың күзі мен қысында мемлекеттік бостандыққа жетудің түрлі жолдарын қарастырды. Г.Н.Потанин бастаған Сібір автономияшыларымен қатынас жасап, Сібір автономиясы құрыла қалған күнде Қазақстанның оның құрамына енуін жақтады. Бірақ, бүкіл империя көлемінде жағдайдың күн өткен сайын шиеленіске түсуіне байланысты, бұл пікірдің іске асуы екіталай еді” [169, 402-403 бб.], – деп көрсетті тарихшы, профессор М.Қойгелдиев. “Съезде 207 өкіл болды. Мұның 9-ы қазақ ұлтының өкілі” /Қ. 1917, №251/, – деп басталатын есепте қазақ пікірі екіге жарылғандығы сөз болады. Мәселен, Торғай, Ақмола һәм Семей орыс, қазағы, Жетісу қазағы, Бөкейлік те Сібірге қосыламыз десе, Орал қазағы қазақ ұлты өз алдына автономия болсын дегенді қуаттайды, ал миллион қазағы бар Сырдария, 400 мың қазағы бар Ферғана, 70 мың қазағы бар Самарқан, 100 мың қазағы бар Закаспий өкіл сайлаған жоқ. Осыдан кейін: “Сібір автономиясына қазақтың қосылуы-қосылмауы екі айырылған соң біз – 9 өкіл кеңесіп, Сібір съезінде мынаны айттық: Сібір автономия болсын, біздің қазақ ұлты уақытша Сібірге қосылады” /Қ. 1917, №251/, – деген шешімге келгендіктерін баяндайды. Осы есепте қазақ көшбасшыларын толғандырған ірі саяси ойлар айтылады. Ол мәселелерді түйіндеп айтар болсақ, олар мыналар:

Сібір автономиясына уақытша қосылу;

Сібір автономиясының негізгі заңына: Қазақ ұлты Сібір автономиясына уақытша қосылып, өз алдына автономия бола-мыз деген күні, босанып, автономия болады, – деп жазғызу;

Әуелі Сібірге сүйеніп, жіп жалғап зор мемлекет күрмеуінен құтылып ап, отау болып соңынан бөліну;

Орал, Торғай, Ақмола, Семейде көп мұжық қазақпен қоныстас, сондықтан түбінде қазақ ұлты бір автономия бола қалса, іштегі орысты ала кету, сөйтіп жерге байлаулы автономия жағын ойлау;

Біздің қазақтың Түркістанға қосылғаны оң деген пікір де бар. Қазақ Түркістанмен бір автономия болса, автономия арбасына түйе мен есекті пар жеккен болады. Бұл арбаға мініп, біз қайда барамыз? – деген батыл байламдар айтылды.

Жалпы Сібір съезінде жер мәселесі туралы батыл ұсыныстар айтылады. 1) Алдымен жергілікті халық өз еншісін алып орныққанша, біздің жерге мұжық келмесін; 2) Қазаққа жер кесілгенде ауылға, ұлысқа, руға, өздерінің тіліне қарай, табақ бір тартылсын. Орысша: Жер общинаға кесілсін.

Сондай-ақ сиез шешімімен Томскіде Сібір автономия-сының негізгі заңын жазатын комитет сайланып, оған қазақ атынан Әлімхан Ермекбаласы сайлап қойылады. Сібір советіне облыстардан Халел, Ережеп, Сағындық, қазақ жұрты атынан Ғалихан, Мұхамеджан сайланғандығынан хабардар етеді.

“Жалпы Сібір съезі” публицистикалық шығармасын біз күштеп есеп жанрына жатқызып отырған жоқпыз. Оған материалдардың бүкіл ерекшелігі келіп тұр. Екіншіден Әлихан – публицистің өзі: “Құдайдан соңғы күшті тұрмыс іс. Мен жалпы Сібір съезінің бұл есебін (астын сызған біз – Б.Ж.) жазғанша саясат ісі неше белден асып кетті” /Қ. 1917, №251/, – деп көрсетіпті.

Кеңейтілген есептің соңында Ресейдегі саяси ахуал көрсетіледі:

Біздің орыс Европа соғысынан шығып қалды;

Уақытша үкімет абақтыда;

Финляндия, Украина, Кавказ бөлініп кетті;

Соғыстан шығып, уағда бұзғаны үшін Англия, Франция, Америка, Жапон, Италия бізге соғыс ашуы ғажап емес;

Біз қарап отырсақ, қосақ арасында бос кетеміз; - дей келіп, публицист нағыз ел басына күн туғанда айтылар сөзді халыққа жаңғырықтыра жеткізеді. Ол сөз мынау:

“Есік алдында дауыл, үй артынан жау келді! Алаштың баласы, Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан соң, 200 жылда, басыңа бір қиын іс келді! Ақсақал аға, азамат іні, от басы араздық дауды қой; бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!” /Қ. 1917, №251/.

Алаш рухын оятатын, қазақ бойына қан жүгіртетін бұл сөздерді халыққа дер кезінде батыл жеткізудің өзі – ерлікке барабар іс. Публицистика үлкен саяси күрестерге, жарқын болашақтарға бастайтындығына – айқын дәлел бұл!



Ә.Бөкейханов – публицист есеп жанрында өндірте жазды, ретін тауып көп мәселемен, алыс-жақында болған жиылыстар көтерген жайттармен үнемі таныстырып отырды. Оған Петерборда болған мұғалімдер съезі мен Киевте болған шарулар съезінен жазған “Екі съез” /Қ. 1914, №52/, Торғай облысының қазақ съезінен жазған “Комитет сайлауы” /Қ. 1917, №230/, ІV Мемлекеттік Думада қазақ елінің жер мәселесіне көзқарасы туралы жазған “Г.Дума” /Қ. 1916, №182/ атты есептерін де жатқызуға болады. Өзінің “Мұсылман фракция-сының” жанындағы “Бюродағы” жұмысы туралы жазған шығармасын “Есеп” деген тақырыппен “Қазақ” газетінде 1916 жылы 15 ноябрьде жариялауының өзі көп жайды аңғартса керек /Қ. 1916, №201/.

Бөкейханов – публицистің тағы бір көп қалам тербеген шығармалары эпистолярлық публицистика жанрлары. Эпистолярлық деген гректің “epіstola” сөзінен шыққан, қазақшаға аударғандағы мағынасы жазбаша үндеу хат (послание). Эпистолярлық публицистика көбіне хат түрінде, жеделхат түрінде көрініс табады. Хат – публицистиканың талдамалы жанрларының бір түрі болып табылады. Онда мәліметтер жиынтығы, өтініш, нұсқау, жарлық, жеке бір адамның екінші біреуге жеке жолдауы да мазмұндалады. Журналистік тәжірибеде, публицистика тарихында “хат” термині кең қолданылған. П.Я.Чаадаевтың “Философияслық хаттары”, В.Г.Белинскийдің “Гогольге хаты”, А.И.Герценнің “Табиғат тану туралы хаттары” кеңінен танымал. Қазақ публицистикасының тарихында Шоқан Уәлихановтың эпистолярлық мұрасының алатын орны ерекше. Бұл туралы зерттеуші М.И.Фетисов: “Эпистолярное наследие Чокана Валиханова не сохранилось полностью: до нас дошло только два десятка его писем. Но все они за очень редким исключением представляют документы большой историко-литературной ценности, в которых отчетливо выражен публи-цистический характер, и отличаются глубокой идейностью и широким социальным диапазоном. …Новаторство Чокана Валиханова в эпистолярном жанре состояло в том, что он сумел придать ему публицистическую силу и остроту” [4, с.119-120], – деп жазыпты. Шоқанның Ф.М.Достоевскийге, Н.С.Курочкинге, Г.А.Колпаковскийге, А.Н.Майковқа, К.К.Гутковскийге, т.б. жазған хаттарында сол кездегі қазақ қоғамының күрделі проблемалары көтерілді, өмірдің ащы шындығы ашылды. Қазақ эпистолярлық публицистикасын қалыптастырған тұлғалардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Оның В.В.Катаринскийге, Н.И.Ильминскийге, т.б. жазған хаттарында публицистің жеке басының тебіреністері ғана емес, өзекті қоғамдық-саяси мәселелер қозғалды. Сондай-ақ публи-цистика өнеріне тән жалпыхалықтық маңызы зор мәселелер шешімін тапты. Ыбырай публицистикасының құндылығын көрсеткен ғалым М.И.Фетисов та бұл мәселеге баса назар аударады: “Такие характерные черты особенности публицисти-ческого искусства, как наступательный, отличительный характер, войнственность, действенное вмешательство в жизнь отличают эпистолярное наследие Алтынсарина… Наконец, Алтынсарин обладел непременным свойством настоящего публициста – постоянно и точно чувствовать пульс народной жизни, обобщать и оценивать с демократической позиции просветителя конкретные события и факты” [4, с. 153] Шын мәнінде Ыбырай хаттары – өз замандастарының, бүкіл қазақ халқының үніне айналды. Сол кездегі қазақтар өздерінің айта алмай жүрген ойлары мен тұжырымдарын Алтынсариннің хаттарынан тапты. Ы.Алтынсарин дүниеден өткеннен кейін екі жылдан соң жарияланған бұл хаттар - ғасырлар бойы өз маңызын, құндылығын жоғалтпақ емес. Мұнан басқа “Дала уалаятының газеті” бетінде бірнеше хаттар жарияланды. Солардың ішінде “Зайсаннан хат”, “Баспаханаға хат”, “Қарқаралыдан хат”, “Баянауылдан хат”, “Көкшетаудан хат”, “Қызылжардан хат”, “Керекуден келген хат”, “Піспек оязынан хат”, “Семей оязынан хат”, “Өскеменнен келген хат”, “Лепсі оязынан хат”, “Омбы оязынан хат”, “Жаркенттен хат”, т.б. публицистикалық шығармалар жарық көрді. Бірақ бұл жарияланымдардың бәрі де ел-елдегі, жер-жердегі хабарларды жеткізді, болған оқиғалардан хабардар етті. Жанрлық жағынан заметкаға, корреспонденцияға ұқсас. “Сәлем достыма далада тұрушы” /ДУГ. 1888, №12/, “Газет шығаратындардан” /ДУГ. 1889, №17/, “Газетшілерден” /ДУГ. 1889, №39/ – деген жария-ланымдар жанрлық жағынан эпистолярлық публицистикаға келеді. Ал хат жанрында жазылған шығарма деп айтуға тұрарлық шығарма Ә:Бөкейхановтың “Ашық хат Жапан баласына” деген жарияланымы /ДУГ. 1900, №1/.

“Айқап” журналының бетінде эпистолярлық үлгілердегі бірнеше шығармалар жарияланды. Олардың қатарында Ж.Сей-далиннің "Балмұхамет Ташеновке жауап хат" /А-п. 1913, №21/, С.Байсариннің “Жиһанша Сейдалинге ашық хат” /А-п. 1914, №10/, Ә.Бөкейхановтың “Ашық хат” /А-п. 1914, №16, №3/, Д.Тастеміровтің “Ашық хат (Жиһаншеге)” /А-п. 1913, №2/, М.Кәшимовтың “Райымжан мырза Мәрсековпенен сөйлес-кенім” /А-п. 1913, №9/, М.Дулатовтың “Қазақ халқының бас азаматтарына” /А-п. 1911, №7/, т.б. атауға болады. Бұл шығар-малар эпистолярлық публицистика жанрында жазылғандығына шүбә келтіруге болмайды. Олардың мазмұндық, пішіндік, композициялық сапалары да публицистиканың хат жанрында жазылғандығын көрсетеді.

“Қазақ” газетінің бетінде эпистолярлық публицистика ерекше дамыды. Бұл жанр елге үндеу айтудың, маңызды мәселелерді жеткізудің, белгілі бір қоғамдық мәні зор жағдайлардың шешімін табудың таптырмас құралына айналды. Алаш көсемдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтың көптеген публицистикалық шығармалары эпистолярлық үлгіде жазылды.

Баспасөздің арғы бергі тәжірибесін шола отырып, публицистиканың хат жанрын екі топқа бөліп қарастыруға болады.

1. Хаттың шағын түрлері: хаттың үн қату түрі (хат-пікір), сауал хат, құттықтау хат, ұсыныс хат, дабыл хат, тілек хат, алғыс хат, ескертпе хат, айыптау хат.

2. Ал хаттың көлемді түрлері: ашық хат, нақтылы адрессіз хат.



“Қазақ” газетінде жарияланған ашық хаттар ХХ ғасыр басындағы аса маңызды саяси мәселелерге арналып жазылды. Ел басына күн туғанда, тығырықтан шығудың бірден-бір жолы - қазақ оқығандарының қалың көпшілікті дұрыс жолға салуға бағытталған, бүкілқазақтық үндеу үлгісінде жазылған ашық хат арнау болатын. “Қазақта” жарияланған тарихи мәні зор Ашық хаттың бірі – “Алаштың азаматына” деген атпен жазылды. Оған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов үшеуі қол қойды. Ашық хат жалпы қазақ халқына арналды.

1916 жылы 25 июнь күні патшаның “июнь жарлығы” шығып, онда 16 мен 31 жас аралығындағы қазақ жастарының әскерге қара жұмысқа алынатындығы туралы бұйырылды. Дәл осы кезде ел пікірі екіге жарылып, біреулер әскерге бала бермеу керек десе, енді біреулер әскерге барса жастар соғысқа қатысады, жастарымыздан айырыламыз деп мәселені одан әрі ушықтырды. Алаштың атқамінер азаматтары ел амандығын сақтау үшін көп насихат жүргізді, дұрыс жолды нұсқады. Олар патша жарлығына көну керектігін айтты, ал көнбесе үкімет әскер шығарып, ел іргесі бұзылатындығына назар аударды. “Біздің жұртқа айтатынымыз: бұған көнбеске болмайды, мұны бұрын да сан рет айттық… Көнгенде – шаруаға кемшілік те келер, барған жігіт қазаға да, бейнетке де ұшырар, бірақ елдің іргесі бұзылмас. (Қазаға ұшырар деп ауру-сырқаудан болған қазаны айтамыз, әйтпесе солдат қылып алмайды, соғыстан өлмейді). Көнбегенде көретін ауырлық – бағынып тұрған хүкіметтің жарлығынан бас тартсақ, жау жағадан алғанда, бас қорғап үйде қаламыз деп, мемлекетке қамшымыздың ұшын бермесек, хүкімет бізге құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар, ол күшті законге сүйеніп істер… Қазақ шын қарсылық қылатын болса, ел-елде отряд шығады. Отряд шықса, елдің берекесі кетеді, бас пен малға әлгі бірдей тиеді, елдің іргесі бұзылады” /Қ. 1916, 11 август, №192/, – деп істің ақ-қарасын ашып көрсетті. Торғай, Орал облыстарында қарсы болған бірлі-жарым қазақтар абақтыға жабылғанын, Ақмола, Жетісу облысында арыз айтқан адамдар таяқ жеп, тұтқын болғанын, Қостанай уезінде қарсылық қылғандарды қорқытып әскерге ала бастағанын, Түркістан уалаятында әскери жағдай орныққанын мысалға келтіреді. Осы сабақтарды ескермей, бүкіл қазақ елі қарсы шығатын болса, елде зор бүліншілік орын алатынын, халық қырылатынын түсіндіреді. Қарсы шыққан жерлерде қырғын болатынын, Алаш зиялылары дәл болжаған. Жарлық шыққаннан кейін бес ай өткен соң, Торғай һәм Ырғыз уезінің халқына ашық хатта: “… Түркістан сарттары, әуелгі кезде, бізді жұмысқа алмайды, солдатқа алады деп көнбей қарсылық қылды. Бұл қарсылық қылғандарды аз күннің ішінде әскер шығарып, қырғынға ұшыратты. Жизақ деген шаһардың 20 мың халқы жоқ болды, тірі қалғандары босып кетті, мал-мүлік, шаруадан айырылды. Жетім-жесір шулап қалды, жер-суы қазынаға кетті. … Ақырында көнді, жігіттерін берді. Жетісуға қараған қырғыз халқы да көнбейміз деп, тау-тасқа, сай-салаға паналап қашты, ақырында бұлар да бүліншілікке ұшырап, қырғын тауып, бұл күнде көніп жатыр” /Қ. 1916, №207/, – деп көрсетілді. “Көнбесеңдер Жетісу, Жизақтың күні сендердің бастарыңа туады. Қырғын болады, босқа қан төгіледі, шаруа күйзеледі, жұрттың жұрттығы, берекесі кетеді” /Қ. 1916, №207/, – деп жазды А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Кәдірбаев, М.Тұңғашин. Алаш азаматтарының дұрыс жолды таңдағанын өмір көрсетті. Жоғарыдағы Ашық хаттың ел іргесін бүтін сақтауда маңызы зор болды. “Төңкеріс жолында қазақ жұрты құрбан болып-ақ кетсін деуге дәтіміз шыдамады. Сондықтан біз екінші жолды қаладық – көну керек дедік”[170, 225 б.], – деп жазды, 10 жыл өткеннен кейін М.Дулатов өзінің “Он алтының ойраны” атты мақаласында.

“Қазақ газетінің белсенді қоғамдық-саяси қызметі 1917 жылы ерекше көрінді. Оған осы кездегі ел өміріндегі қат-қабат саяси өзгерістер де зор ықпал етті. Қалам қайраткерлерінің өткір публицистикалық мақалалары мен ашық хаттары, есептері, корреспонденциялары көптеп жарияланды. Бұл жыл – қазақ публицистикасының даму тарихында да ерекше орын алады.

Наурыз айының алғашқы бес күні ІІ Николай патшаның тақтан тайғаны туралы хабар қазақ даласының барлық аймақтарына тарады [171, 57 б.]. Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Оразаев, Міржақып Дулатовтың дәл осы кезде жазылған, жоғары публицистикалық пафосқа толы “Алаш ұлына” атты ашық хатының маңызы зор болды.

“Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бұ күн теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз үкімет, өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті. Жүз жылдан бері халықты теңдікке жеткізу жолында ескі үкіметпен алысып, дарға асылып, оққа ұшып, басы айдауға, малы талдауға түсіп жүрген сабаздар жасымай, бірі кемісе, оны артылып, ақырында Россия қол астындағы халықтардың бәріне: дін, ұлт, тіл айырмасына қарамай, азаттық әперді. Енді бүгін теңеліп, түсімізде көрмеген жақсылықты өңімізде көріп, төбеміз көкке жетіп отыр. Бұл күнге жеткізген құдайға мың шүкірлік! Бұл бостаншылық кілтін ашқан ерлерге сансыз рахмет!” /Қ. 1917, 12 апрель, №225/, – деп сілкінді арыстар. “Бұл күнде жұрттың бәрін туысқандай тең қарайтын, ешкімді алаламайтын жаңа үкімет сайланды. Бұл үкімет күшейсе, біздің де күшейгеніміз, бұл үкіметтің күші кемісе, біздің де тілегіміз босқа кеткені”, – деп халықты жаңа құрылған Уақытша Үкіметке сенім артуға, қолдап, қуаттауға шақырды. Наурыз айында ұлт көсемі, ескі патшалықтың орнына келген Уақытша үкімет жағдайында облыс басшысы дәрежесіне көтерілген Ә.Бөкейханов Минскіде майдан тылында жүріп, Петерборда болған қалаларға жеделхат жолдайды [172, 213 б.]. Оның кейбірі “Қазақ” газетінде басылып отырды /Қ. 1917, №226/.

Қазақ даласындағы тағы бетбұрысты кезең – екінші жалпы қазақ съезін шақыруға байланысты болды. Осыған орай “Қазақ” газетінде съезге дайындық мақсатында “Екінші жалпы қазақ съезі” деген атпен ашық хат жарияланды. “Заман жаманға айналды. Келешек қараңғы, қорқыныш зор. Осындай бүліншілік заманда аяқ асты болып, зорлықта қалмауымыздың қамын кеңесу үшін екінші жалпы қазақ съезін шақыруға қаулы қылып, Орынборға оқыған қазақтар төмендегі телеграмды қазақ облыстарына һәм уездеріне беріп отыр” /Қ. 1917, №250/, – деп басталатын публицистикалық шығарма мазмұнынан көрініп тұрғандай, уақыттың тығыздығынан ашық хат жеделхат түрінде жолдаған.

Ресей мемлекетіндегі жағдайдың қиындығы, халықтың бетімен жайылып кеткендігі, соған орай “Әр халық өз қамын ойлап, өзін-өзі қорғайтын күн туғандығы” /Қ. 1917, №250/ баяндалады. Халықты қорғау мақсатында жалпы қазақ милициясын құру мәселесі де сөз болады. “Алаш баласының басына бір сын, бір күн туды. Өтінеміз, қалайда болса, 5-інші декабрьге қарсы Орынборға һәр уезден жұртқа қадірлі екі ақсақалдан һәм бір облостной комитеттен екі оқыған кісіден жіберсеңіздер екен” /Қ. 1917, №250/, – деген шақыру сөзі жария етіледі. Осы телеграмм сөзінде сол кездегі зиялылардың баспасөзге зор мән бергендігін, әрі баспасөз төңірегіне нағыз білікті азаматтар топтасқандығын дәлелдейтін сөздер де бар. “Ұран”, “Сары-Арқа”, “Бірлік туы”, “Тіршілік” газеттерінен һәм жаңа ашылған қауымдардан бір-бір өкілден” /Қ. 1917, №250/, – деген шақыру-соның айғағы. Сондай-ақ қазақтың көзіқарақты, білімді азаматтары аты аталып тұрып шақырылады. Олардың ішінде Ғұмар Қарашұлы, Ахмет Ишан Оразайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұстафа Шоқайұлы, Халел Досмұхамедұлы, Шәңгерей Бөкейұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, т.б. барлығы 27 көшбасшы азаматтың аты аталады. Ашық жедел хат соңына шақыру комиссиясы атынан Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, С.Достанұлы, Е.Ғұмарұлы қол қояды. Осыдан кейін “Алаш автономиясының үкіметі 1917 ж. Желтоқсан айының 5-13 күндері Орынборда өткен 2 – жалпықазақ съезінде сайланды” [71, 250 б.].

Съездің 1917 жылғы 12-желтоқсанда қабылдаған шешімі-нің 6-бабында былай делінеді: “Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша ұлттық кеңес құрылсын. Мұның аты “Алашорда” болсын. Алашорданың ағзасы 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырылады. Алашорданың уақытша тұратын орны – Семей қаласы. Алашорда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады” [71, 250 б.]. Бұл – Алаш зиялыларының бүкіл саяси жұмысының, “Қазақ” газеті бетінде жылдар бойы жазып жариялаған публицистикалық қызметінің түпкі нәтижесі болатын.

Қазақ публицистикасының қалыптасу , даму жолында зор еңбек сіңірген тұлғалардың бірі Ә.Бөкейханов екендігі оның “Қазақ” газеті арқылы ұрпаққа жеткен мұраларынан айқын көрінеді. Публицист Ә.Бөкейханов негізінен саяси мәселелерге баса назар аударды. Оның асқан білімпаздығы мен ішкі, сыртқы саясатты жетік меңгергендігі, саяси күрес әдістерін еркін игергендігі бұл тақырыпта жазылған шығармаларында терең көрініс тапты. Автордың Мемлекеттік Дума, Сайлау, қазақтан әскерге адам алу, Ресей, Монғолия, Түркия мемлекет-терінің саясаты, ішкі мемлекеттік құрылымы, І дүниежүзілік соғыс жайы, Ақпан революциясы, әртүрлі съездер мен мәжіліс-тер, жер, отаршылдық, Алаш автономиясы туралы жазған мақала, корреспонденция, заметка, есеп, репортаж, ашық хат, шолу, памфлет түріндегі публицистикалық шығармаларының қай-қайсысы болса да саяси бояуы қанық, ойы айқын, тұжырымы дәлелді, айтар идеясы анық болып келеді. “Кәкітай”, “Г.Н.Потанин”, “П.П.Семенов”, “Н.Л.Сколозубов”, “И.И.Мечников”, “Вандер Бильдт”, “Бебель”, “Әбубәкір Құрбанұлы”, т.б. тарихи-ғұмырбаяндық очерктері өз алдына бір шоғыр. Ал Шәкәрімнің “Қалқаман – Мамыр”, “Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі” шығармаларына, “Қара қыпшақ Қобыланды” жырына жазған сын, рецензияларында да толымды ой-пікірлер топтасқан. Жалпы алғанда, Ә:Бөкейханов – публицист өз шығармашылығы арқылы қазақ публицисти-касына үлкен үлес қосты. Оның публицистикасындағы ерекше-ліктерді былайша көрсетуге болады:

Ә.Бөкейханов – алғашқы саясаткер – публицистің бірі. Сондықтан да болар оның саясат тақырыбына жазған мақала-лары көп, әрі бұл жазғандарынан қазақ тарихындағы елеулі қоғамдық-саяси оқиғалар туралы деректер алуға болады.

Бөкейханов – қазақ публицистикасын пішіндік тұрғыдан дамытты. Ол өз шығармаларында әлемдік үлгідегі жанрлардың бай палитрасын пайдалана білді.

Бөкейханов публицистикасына өткірлік, батылдық, шын-шылдық қасиеттер тән.

Ол әр жазған шығармасында қазақ халқының мүддесін жоғары қойды және қарапайым қазақ елінің бостандығы үшін қызмет етті.

Бөкейханов публицистиканы саяси күрес құралына айнал-дырды.

Әлихан “Қазақ” газетін жалпыұлттық басылымға айнал-дыру мақсатында, қалам қайратын жұмсады.

Кейбір француз ғалымдарының айтуына қарағанда, “Қазақ” газетінің таралымы алғаш шыққан жылы 3000 данаға жеткен, ал 1914 жылдан бастап, аптасына екі рет шығып, 8000 данаға дейін көтерілген. Газет сол кездегі Түркістан уалаяты мен Дала уалаятына қараған қазақ даласының түкпір-түкпіріне түгел тараған [178]. Бұл газеттің жалпыұлттық басылым болғандығын дәлелдейтін дерек.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2018
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Сабақтың мақсаты: а/ Оқушылардың сөздік қорын молайту. Білім, білік дағдыларын қалыптастыру
2018 -> Сабақтың тақырыбы: Физика-табиғат туралы ғылым
2018 -> Сабақ мақсаты Тұздар гидролизін түсіну және тұздардың суда ерігенде қандай процестер жүретінін анықтау
2018 -> Сабақтың мақсаты: Білімділік: Көміртек және оның қосылыстары туралымәлімет алады
2018 -> 5В011700- Қазақ тілі мен әдебиет мамандығы бойынша 3-курс студенттердің элективті пәндер каталогы 2017-2018 оқу жылы
2018 -> Сабақтың тақырыбы Салынған циклдер. Мақсаты Қайталау операторлары туралы білімнің кеңеюі
2018 -> Сабақ тақырыбы: Теңдеулер жүйесін қолданып есептер шығару Мерзімі
2018 -> Даулетиярова Зауре Ермаханқызы А. Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тараз қаласы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   25




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет