Публицистикалық шығармашылық негіздері



бет14/25
Дата31.12.2019
өлшемі2,01 Mb.
#53907
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   25
Алғашқы жазуларым сырлы әдебиет бетінде болмай, жалпы газет, журнал мақалаларынан басталды. Ең алғашқы баспаға шыққан статьям “Сарыарқа” газетінде: “Адамдық негізі – әйел” деген нәрсе еді… – деп көрсетіпті. Мұның өзі Әуезовтің шығармашылық жолының публицисти-кадан басталғандығын айғақтайтын бұлтартпас дәлел. Жас таланттың алғашқы мақалаларында айтылған ой ұшқындары кейінгі жазған кесек шығармаларында кең ауқымда, лаулап көрінгендігі жалған емес. Академик З.Қабдоловтың: “Әйел, әйелге байланысты әсемдік әлемі – әдебиеттің мәңгілік тақырыбы. Өткен ғасырдағы орыс әдебиетінде әлемге әйгілі “Тургенев әйелдері” бар десек, қазіргі қазақ әдебиетінде “Әуезов әйелдері” деп аңыздауға болатын жан тебірентер сырбаз, сұлу образдар галереясы жасалды. Дәл осының беташары да Әуезовтің әлгі толғанысы – “Адамдық негізі – әйел. Бәрі содан басталған”, – деген тұжырымы, жоғарыдағы пікірімізді орнықтырып, бекіте түседі.

“Оқудағы құрбыларыма” атты мақаласында оқыған қазақ жастары халық үшін қандай қызмет істеуі керектігі жайында ой бөліседі. Небері 20 жастағы шәкірттер қандай жолмен жүруі керек? Қазақ зиялылары ұмтылар көкжиек, барар жағалау қайсы?

Жас Мұхтар пікірлері кешегі Абай айтқан ақыл кеңеспен үндесіп, үйлесіп жатады. Ол оқығандардың қалың көпшілікті ғылымға, мәдениетке бастаған ағартушылық ролі туралы ғана сөз айтумен шектелмейді. Бүгінгі зиялы азаматтарды жік-жікке бөлінбей, ауыз бірлікте болуға шақырады, ұлт алдындағы адалдық пен табандылыққа үндейді. Мәселен, сол шағын мақаладағы ұлт тізгінін ұстаған, оқыған азаматтардың өсіп-өркендеуінің, көркеюінің екі түрлі шартын атап көрсетеді. Семинарист Әуезовтің айтуынша: “… бірінші – сол оқығандардың бірлік берекеде болып шоғырланбағы шарт. Екінші – істері маңызды, орнықты, табанды болуы үшін әрбір оқығанның ақтығы, екпіні, білімі шарт…”

Автор алдыңғы толқын ағалардың оң қырларын, жақсы нышандарын үйрене отырып, қазақ бойына ежелден сіңіп қалған “басы құралмайтын берекесіздік”, “газет бетін қарамайтын қазақ ісінен хабарсыздық”, тағы басқа жайларды қозғайды. Жалпы қазақ жастарына отты ой тастайды. “Жүректің сіңіргіш таза уақыты” жастық шақта халық кәдесіне жарарлық іс атқаруға шақырады.

“Біздің мақсатымыз – мал табу, шен тағу емес, надандық неше батпан болып, үстіне артылып зілдей қылып жатқан ауыр халқымызды өрге сүйреудің әдісін, тәсілін табуға тырысу екенін ұмытуға жөн бе? Қашан да болса адал махаббат ақтыққа жастай шөлдесе, жастай сағынып талпынса ұлтын сүюге, адамшылыққа жетпекші емес пе?” деген жолдардағы автор ойлары бүгінгі күнге дейін өз мәнін жойған жоқ. Оқыған жанның бойына әлі де болса ұлтжандылық нұрын сеуіп, адамшылық рухында тәрбиелеуге ықпал ететіндей.

Оқулық жасау мәселесін сөз еткен “Қайсысын қолда-намыз?” мақаласы да өз заманында шешімін таппай отырған жайтты әңгімеге өзек еткен. Мұнда халықты ағартудың, қазақ арасында білімді таратудың нақты мәселелеріне тоқталады.

“Қай мектептің болсын жаны – оқу құралдары. Ғылым жолында талай басшылыққа мініп кеткен өзге жұрттарды алсақ, бәрі де жылдан-жылға оқу кітаптарын жаңғыртып, бір жақсыдан бір жақсысын таңдап отырады. Сүйтіп оқу кітаптары ылғи жазылып жаңарудан бір босамайды. Қазаққа келсек, мектепке арналған ретті бір кітап жоқ”, – деп күйзелген автор, сол тығырықтан шығудың жолын іздестіріп, шарқ ұрады. Бұл кемшіліктің ең басты кілтипаны – ғылым тілінің жалпыға ортақ бір қалыпқа түспеуінен деп біледі. “Сондықтан да бізге осы күннен оқу тілі мәселесін ашып, бір жолға бетті түзеу керек. Осы туралы орысша оқыған өз машығына, мұсылманша оқыған өз машығына тартпай, дәлелімен қай тілдің мағынасы орамдырақ, қай тіл қазақтың өмір жөніне қолайлы, осыны салыстырып, біреуін ұстау керек. Сонан соң не орысша оқығандар болып, не мұсылманша оқығандар болып бір жағына елігіп, белгілі бір жолға түселік”, – деген ой ұсынады. Оқыған азаматтарды, көпшілік оқырмандарды ақыл-кеңеске, пікірлесуге шақырады.

Семей қаласында 1918-1919 жылдары Уақ қарыз серіктігінің қаржысымен шыққан “Абай” қоғамдық - әдеби журналында да Мұхтар Әуезовтің бірталай публицистік мақалалары басылды. Бұл журналды шығарушы тұңғыш бастамашылар – Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов болды. Профессор Б.Кенжебаев басылым туралы: “Абай” – журналы 1918 жылы февраль айынан сол жылдың октябрь айына дейін Алаш (Семей) қаласында шығып тұрды. Барлығы 11 саны шықты. Алашордашылардың орталық журналы болды”– деген пікір айтты. Кейіннен бұл басылымның 12-ші нөмірі де табылды. “Абай” журналының ұстанған бағыты – басылымның алғашқы нөмірінде жарияланған “Журнал туралы” бас мақаладан айқын білінеді. Оны жазған журнал редакторы Жүсіпбек Аймауытұлы былай дейді:

“….Журналдың атын ” Абай” қойғандық – қазақтың баласына ат қойғаны сықылды. “Журналымыз Абайдай болсыншы” деп еліктеген емес. Абайды құрметтеп, атын тарих жүзінде көркейтіп, нығайтпақ.

Журналдың атын “Абай” қойған соң, әдеби жолын ғана тұтыну керек еді дер біреу. Оған айтатынымыз: Абай жалғыз ғана ақын (литератор) болды деуге болмайды. Әдебиетімізге де негіз салған Абай, адамшылық, тәрбие, ғылым, өнеркәсіп деген сөздерді терең ойлап, тексерген де Абай, қазақтың тұрмысын, өмірін, мінезін айқын суреттеп, кемшілігін көрсеткен де Абай. Солай болған соң журналды Абайға арнағандық, Абайды қай жөннен болсын ұстаз қылып, бетке ұстап, жастар шәкірт болып, соңынан жүруге талаптанғандығын көрсетеді.

… міне, осылар сияқты тіршілікке керекті терең мәселе-лерге орын бергелі журнал ғылыми, әдеби ћәм шаруашылық жолын тұтынды”.

Осыдан-ақ “Абай” журналының қазақ тарихында ілгерілеушілік роль атқарғандығын аңғару қиын емес.

М.Әуезовтің 1930 жылдарға дейінгі мақалаларының ешбірінің қолжазбасы жазушы архивінде сақталмаған, әлі күнге дерексіз. Ал сол кездегі мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған шығармаларын кейбір сыншылар қателік ретінде дабырайтып көрсетті. Солардың бір тобы “Абай” журналында жарияланған мақалалар еді. Оларға бүгінгі күн талабы тұрғысынан баға беріп, қайта қарау біздің борышымыз. А.Нұрқатов: “Соңғы кезге дейін Әуезовтың алғашқы кездегі шығармалары түгелдей жоққа шығарылып, оның реалистік бірсыпыра нәрселер жазғаны ескерілмей келді. Сөйтіп 30-жылдардан бастап кесек те көркем шығармалар берген жазу-шының оған дейінгі күрделі де қайшылықты творчестволық эколюциясы ашылмады”, – десе, әдебиет зерттеушісі, ғалым Т.Нұртазин: “М.Әуезов – зор талант. Сондықтан ол 20-жыл-дардағы әдеби еңбектерімен сол тұстағы өмір шындығының маңызды сипаттарын бейнелейді, соның нәтижесінде шығармалары жас әдебиетіміздің қазынасына қор болып енді”, – деген тұжырымға тоқтайды. Бұдан шығатын қорытынды – М.Әуезовтің жүріп өткен жолының алғашқы кезеңіндегі публицистикалық мақалаларында көтерілген проблемалар мен қозғалған ойлар қаламгердің тұтас шығармашылық эволюция-сын ашуға үлес болып қосылатындығы сөзсіз.

Журналдың бірінші санында басылған “Ғылым” атты мақаласында Әуезов адамзат тарихынан мысалдар келтіріп, ғылымның қалай пайда болғанын баяндайды. Сөйтіп ғылымның зор тәжірибеден, өмірлік қажеттіліктен туғанын нанымды дәлелдейді. “Шын ғылым жолына түсінсе, шын көздеген мақсаты адамдық, ақтық болар еді” – деген жолдар арқылы қаламгер ғылымның тіршілікте атқарар қызметінің айрықша екендігін көрсетеді. Бұл мақалада да адамгершілік, ағартушылықты негізгі лейтмотив етіп ала отырып, публицист өзінің саяси-әлеуметтік көзқарасын танытады.

Қазақ ішіндегі оқырмандарды былай қойғанда, оқыған азаматтардың өзі ғылым жолын терең түсінбей жүргендігіне налиды. Олардың “нәфсілік” керегінен ұзай алмай, ешкімнің ірілігін көтермесем, өзім ірі болсам”, – деген секілді өзімшілдік психология шеңберінен аса алмайтындығына қынжылады. “Ақылдың терең көзімен қараған адам, осынша ақылға қожа болған адам, бұл хайуани мақсаттан алыстап кетсе керек” – деп үміттенеді. Тайыз ойлар мен жат қылықтардан арылудың жолын іздейді. “Өмірдің тізесі өткен сайын адам күннен-күнге түр тауып, дүниенің (жаратылыстың) әр түрлі сырын ашқан, сол сырлардың қорытындысынан шыққан осы ғылымдар”, – деп адамзатты даму, ілгерілеу жолына түсірген ғылым екендігін ескеріп, қазақ халқын ғылым жолына түсуге үндейді.

Дүниежүзілік білім жетістіктерін санамалап, саралай келе, адамзатты ғылым жарқын болашаққа бастайтындығына сенім білдіреді. Бұл ойларын: “…мұншаны тапқан көркем ақыл, көсем ғылым осы араға келіп тоқтап қалмай, адамшылықтың иманжүзді жарық күнінің астына апарып, бар адам баласын бұрынғы қаскүнемдік, қанішерлік, жауыздығын тастатып, бір сүйіспеншілік, бір туысқандық жүрекпен табыстырса керек деп білемін”, – деген түйінмен сабақтайды.

“Абай” журналының екінші санында жарық көрген “Мәдениетке қай кәсіп жуық” мақаласында да халқымыздың болашағы, оның кәсіби тыныс-тіршілігі туралы толғамды ой айтуға, бағыт-бағдар беруге, философиялық ой түюге талпынады. Мұндағы Әуезовтің кейбір пікір, тұжырымдары әйгілі Ф.Энгельстің “Табиғат диалектикасы” еңбегінде айтылған ойларымен үндесіп жататындығын атап өту керек.

Ф.Энгельс адам баласының қабілеттерінің өсіп-жетілуіне өмір қажеттілігінің, еңбектің тигізген зор әсерін:

“Благодаря совместной деятельности руки, органов речи и мозга не только у каждого в отдельности, но также и в общест-ве, люди приобрели способность выполнять все более сложные операции, ставить себе все более высокие цели и достигать их. Самый труд становился от поколения к поколению разно-образным, более совершенным, более многосторонним. К охоте и скотоводству прибавилось земледелие, затем прядение и ткачество, обработка металлов, гончарное ремесло, судо-ходство. Наряду с торговлей и ремеслами появились, наконец искусство и наука, из племен развились нации и государства”, – деп көрсетеді.

Ал М.Әуезов өз публицистік мақаласында: “Бұл күнде адам баласы тұтынып жүрген кәсіп көп. Бұл кәсіптердің ішінде адам баласы алғашқы дүние майданына шығып аштан өлмеуге құрал қылған кәсіп айлалары да бар. Бұл айтқанға қарағанда, ол кәсіптер адам баласының ұзынырақтағы тарихымен қол ұстасып келе жатқандар…

Осы күнгі адам баласы тұтынып жүрген кәсіптер мынау: отырықшы болып егін еккен, мал баққан, аңшылық, балық-шылық, кен қазу, фабрикалар, сауда әм басқалар…” – деген ойлар айтады. Бірақ М.Әуезов бұл мақаласын жазған кезде Ф.Энгельстің “Табиғат диалектикасымен” таныс болмаған-дығын кесіп айтуға болады. Өйткені Энгельстің көзі тірісінде “Табиғат диалектикасы” деген еңбегі жарық көрмеген. Бұл еңбек неміс социал-демократтарының архивінде отыз жылдай сақталып барып, 1925 жылы неміс және орыс тілдерінде, Маркс-Энгельс институтының шығаруымен баспа бетін көреді. Яғни Әуезовтің аталған мақаласы “Абай” журналында басыл-ған соң жеті жылдан кейін шыққан. Мұның өзі Мұхаңның Энгельс сияқты қоғамдық ғылымдар алыбы ойларымен астасып жатқан өзіндік пікір-тұжырымдарға еркін қалам тербегендігін, саяси ой-өрісінің жоғары деңгейде болғандығын дәлелдейді.

Мақалада адамзат тірлігіндегі кәсіптердің ерекшелігі, ол кәсіппен айналысатын адамдардың мінез-құлқы, болмыс-бітімі, нақты мысалдар негізінде әңгімеленіп қана қоймайды, қазақ жұртшылығының тағдыр-талайы, болашағы туралы ойлар да ортаға салынады. Автор өз ұлтының келешегіне үлкен үмітпен қарайды.

“Ақыры бұл кәсіптердің бәрін қарап келгенде мінезге, мәдениеттің күшеюіне біздің кәсібімізден қолайсыз кәсіп жоқ. Мұның біздің сүйегімізге сіңірген бірталай мінез таңбасы көп жерге барады.

Енді таңбаны кетірсе не өзгерген отырықшылық секілді кәсіп түрі жоғалтады. Не шайқас жоғалтады. Олай болса, әлде уақыт толқынымен денедегі арам еттің арасына тарап, жоғалып кеткен жауынгерлік, қайраттылық қаны қайта жүрекке жайылып, қазақ жұртын бір ойға жетелер”, – деп аяқтайды. Мал бағу кәсібінің бойға сіңірген жат мінездері ретінде табансыздықты, еріншектікті, ұсақтықты атайды. Осы кері-тартпа қылықтардан қазақ жастарының арылу керектігін баса атайды.

Журналдың осы нөмірінде 3-5 беттерде жарияланған “Қазақ ішіндегі партия неден?” атты мақаланың негізгі идеясы – халықты жат мінез-құлықтан арылтудың жолын іздеу, жікшілдіктен құтылуға шақыру. Бұл шығармадағы – пікірлер алдыңғы мақаладағы тұжырымдармен сабақтасып, тіпті бүгінгі күнге дейін желі тартып жатқандай әсерде қаласыз. М.Әуезов: “Әрбір халықтың өзгеден өзгеше халықтығында екі түрлі шарт бар. Бірі – осы халықтың кәсібі, екінші – жұрт билеу тәртібі. Осы екі шарт қазақ өмірінде қандай түрлерде? Тексеріп көрейік”, – деп бастайды да, сол сұрауларға жауап іздейді. Қазақ халқының көшпелі тұрмысы, мал бағу кәсібінің күнде-лікті тіршілікке, ел билеу тәртібіне, тіпті тұтас қоғамдық құрылысына келтіріп отырған зиянды, залалды әсерлерінің түптамырын ашып көрсетеді. Билікке таласу, мансапқұмарлық, өзімшілдік сияқты қазақ қанына біткен жат пиғылдардың жікшілдікке бөлінуге бастайтындығын дәлелдейді. Жұрт басқарудың, қоғамдық қатынастардың ең алдымен материал-дық, экономикалық қатынастарға тәуелді екенін публицист сол кезде-ақ жете түсінген.

Осы кезеңдегі М.Әуезовтің ғылыми-мәдени ізденісінен туған “Философия жайынан” атты мақаласы “Абай” журналы-ның үшінші санында жарық көрді. Бұл мақала қазақ тілінде философия саласында тұңғыш рет жазылған еңбек ретінде өз бағасын алған.

Мұнда: “Философияның құралы – толғауы терең ой. Іздейтіні – бүкіл дүниенің ең әуелгі сыры, негізгі хақиқаты.

“Философияның басы таңдау”, – дейді Аристотель. Таңданудан барып адам бір нәрсені тексере ойлайды. Тексерген соң шыннан бұлдырды айырады. Бұлай болғанда философия әр нәрсені тереңдеп ойлау болады”, – деп автор өзіндік тұжырым жасайды. Одан әрі ежелгі заманнан-ақ адамзат тарихында ойшылдардың болғандығын, олардың “халыққа шешен тілмен кемшіліктерін суреттеп үгіттегенін”, “сол ойшылдардың бәрінің сондағы тұтынып жүрген жолдары, айтып жүрген сөздері философия ғылымы болғандығын” баяндайды. Сондай-ақ философияның басқа да ғылым түрлеріне қатысын, оның қоғам өмірінде алатын орнын, зерттеу объектісін дұрыс түсіндіруге тырысады. “XVІІІ ғасырдың орта шенінде шыққан Германияның философы Кант” болды деп, оның ойшылдығына таңданудың табы да байқалады. Философия ғылымдарының докторы Қ.Бейсембиев “Прогрессивно-демократическая и марксистская мысль в Казахстане начала ХХ века” атты монографиясында Әуезовтің бұл мақаласының кейбір тұстары идеалистік бағытта жазылған деген пікір айтады. Қ.Бейсембиев сынға алған: “Философияны адамның “кең ақылы, терең хиялы” шығарған, оның құралы толғауы терең ой”, – деген публицист ойларынан асып бара жатқан идеалистік көзқарас нышаны көрінбейді. Қайта қазақ қауымы арасында алғашқылардың бірі болып философия ғылымы мен оның зерттеу объектісі жайлы, ғылымның басқа түрлерімен өміршең байланысы туралы қоғамдық ой қалыптастыруға ықпал еткені үшін Әуезов – публицистің қадам алысын тек құптауға, оң бағалауға болар еді.

Әсіресе: “…философия адам баласының жан тәрбиесінің, адамшылығының бірінші – өрлейтін басқышы, екінші – көркі. Бұл терең ойдың адам баласына жолбасшылық істей бастағанына үш мың жылдай болды”, – дей отырып, автор адамзат тарихындағы философия ғылымының алатын орнын дәйекті дәлелдермен, нақтылы деректермен айқындап береді. Осы мақалада жазылған көптеген жайлар жас Мұхтардың көп оқып-ізденгендігін көрсетеді. Сондай-ақ философия туралы келтірілген кейбір деректер сол кездегі қазақ қауымының түсінік көкжиегін кеңейткендігін анық аңғаруға болады.

“Философия ғылымының тарау-тарауларының бәрінің мақсатын қорытып, қысқартып әкелгендегі жетпегі екі түрлі ғана мақсаты. Бірінші мақсаты – адамның ішкі қалпын анықтап біліп, ақыл ауданын кеңейту (познание), екінші мақсаты дүниедегі барлықты білу (бытье) (болмысты зерттеу – Б.Ж.). Бірінші бөлікке кіретін философияның тараулары: 1. Адамның жанының сипаттарын, мінезін оқитын ғылым (психология); 2. Көңілдегі ойлаған ойдың қалпын, мүсінін сынап отыратын ғылым (логика); 3. Философияның тарихы; 4. Әлгі айтқан ғылымдардан шығады (гносеология). Адамның білімі қайдан туды. Білімнің қандай екенін айырады. Екінші бөлекке кіретін дүниедегі барлықты әр жағынан қарастырып отыратын ең ауыр ғылым (метафизика). Бұл өзі бірнеше түрге бөлінеді: онтология; рациональная теология; рациональная космология; рациональная психология”, – автор осылайша философия хақында жан-жақты мағына береді, оның тарауларының мән-маңызын жете түсіндіреді. Фалес, Декарт, Бэкон, Кант сияқты философтардың ойшылдығынан мысалдар келтіреді. Мақалада айтылған тың мағлұматтардың оқу жолында ізденген жастар үшін өте қажетті болғандығы өз-өзінен түсінікті жайт.

“Абай” журналының 4 (10-11 бет), 5 (14-16 бет) нөмірлерінде Мұхтар Әуезовтің “Япония” атты мақаласы басылды. Публицистік шығармашылығының алғашқы кезеңінде жазушы қаламына арқау болған бірнеше тақырыптардың ішінде – шет жұрттар өмірімен таныстыруды да атаған болатынбыз. Мына мақала дәл сол тақырыпқа арналған.

Мұхтар Әуезов өз мақаласында қазақ оқырмандарын Жапония тарихында орын алған елеулі саяси оқиғалар желісімен кеңірек таныстырып, соны мәліметтер береді. Әсіресе, Жапонияның ортағасырлық мешеуліктен арылу жолында шешуші орын алған 1867-1868 жылғы “Мейдзи исин” деп аталатын аяқталмай қалған буржуазиялық революция мен оқу-ағарту, ғылым-өнер, әдет-ғұрыптағы өзгерістеріне ерекше көңіл аударған. Мақаланы жазу машығы мен тартымды баяндауынан жиырма жастан енді асқан Мұхтардың әлем тарихына назар аударған алғырлығын, қоғамдық көзқарасы мен білімділігін аңғарамыз.

Монархиялық үстемдікте болған Жапония елінің надандықтан, мешеуліктен қалай құтылатындығын баяндай келе, Әуезов өз ұлтының болашағын ойлайды. Жапонияның алдыңғы қатарлы ел санатына қосылу жолындағы жақсы қасиеттерін, прогрессивті жақтарын қазақ халқына үлгі етіп ұсыну емеуріні байқалады.

“Япония Европа нені істесе, соған көз жұмып ере берген жоқ. Әрқайсысының жиып апарған білімін ретке салып, өздерінше қолайлы жақсы дегендерін ғана алатын болды. Бұл турасында бір профессордың айтқан сөзі бар: “Біз күнбатыстың жақсысын сіңіруге дайын тұруымыз керек, бірақ ол уақытта өзіміздің жақсымыз да ұмытылмасын”, – деген. Бұл үзіндіден аңғаратын басты мәселе – Әуезов – публицист қазақ жұртына да батыстың, орыс елінің де жақсы қасиеттерін ала білейік, өзіміздің ұлттық болмыс-бітімімізді, атадан қалған асыл мұраларымызды да сақтай білейік”, – деген салиқалы ой жеткізуі.

“Бұл уақытта Японияда жаттан келген профессорлар да, өнерлілер де жоқ деуге болады. 1900 жылдағы есепте Жапонияда тұрған жат профессорлардың саны он шақты-ақ болған. Бұлардың азаюының себебі Жапония өзінен білгіштер шыға бастаған соң, жат адамдарды бір-бірден шығарып, орындарына өз кісілерін қоя бастады”, – деген жолдарда автор қазақ ішінде де оқыған, зиялы азаматтар көп шықса, елдігіміздің нығаятынын астарлап айтады.

Мақаланың тағы бір жерінде: “Жапония халқы – талапты, жігерлі, зейінді жұрт. Бұл турасында Европаның Жапонияға таңданып айтатын мына бір сөзі бар: “Күнбатыс халқындағы бір мінез – жас күндерінде адамдары зейінді, талапты болып келіп, үлкейген соң талабы азайып, зейіні солғындап істен қала беруші еді. Япония адамдары жас күндеріндегі күнбатысқа тиісті зейінді, талаптылыққа үлкейгенде күн шығыс халқының тарамыс ісшілдігін қосып алатын болады”, – дей отырып, қазақтың жастарын күнбатыстан да, күншығыстан да үйреніп талапты, зейінді, іскер болуға шақырады.

Жапонияны мешеуліктен алып шыққан ғылым жолы екендігін айта отырып, алты жастан бастап жалпы оқуға міндеттілік жүктеленетінін қызыға айтады. Жапондардың сыртқы жұрттармен тату, сыпайы қарым-қатынаста болатындығын, өз университтерін ашқандығын, фабрика, заводтарын салғандығын, әйелдің білім алуына ерекше көңіл бөлетіндігін үлгі ете баяндайды. Ал жапондардың өз тілі мен басқа жұрттар тілін үйрететіндігіне қызығады. Дінін сақтап қалғандығын да өнеге тұтады. Әуезов – публицистің мақаласында үлгі етіп жазған жайттардан үйрену қазақ қауымы үшін бүгінгі таңда да өз мәнін жойған жоқ. Мәселен, ана тілімізден басқа орыс, басқа да шет ел тілдерін меңгерген азаматтар тәуелсіздік алып тәй-тәй басқан мемлекетіміз үшін ауадай қажет болып отыр емес пе?

Сол жылдары санаулы ғана газет-журналдары бар қазақ еліне Жапония баспасөзінің даму жолдарын да үлгі етіп көрсетеді:

“Енді Японияның баспасөзінің жайына келейік. Японияда ретті газеттер шыға бастаған уақыт 1870 жылдардың шамасында. Газет шығарумен таныстығы ертеден басталады. XVІІІ ғасырдың басында Японияның ең алғашқы газеті шыққан. Ол уақытта Японияның Қытайдан басқа жұрттармен қатынас жері болмайтын. Оның үстіне тақтайға басылып, алып жүруі де ыңғайсыз болатын. Жаңалыққа шейін баспасөз сол газеттер маңынан ұзай алған жоқ. Жаңалықтан кейін 1899 болған. Бұлардың ішінде саяси, ғылыми, әдеби, діни жолдарын тұтынғандары да бар”.

Мақаланы оқып отырып, Әуезов-публицистің парасат-пайымы ой-өріс деңгейінің жоғарылығын айқын көреміз. Шет жұрт тарихын, дамуын жаза отырып, өз ұлтының тағдыры толғантқан балғын талант көз алдымызға келеді.

Жас Әуезовті қазақ әдебиетінің болашағы да толғантпай қоймаған. Публицист шығармаларында әдебиет мәселесі де кең қамтылады.

“Екеу” бүркеншік есімімен жарияланған мақалалардың бірі – “Абайдан соңғы ақындар” деп аталады. Шығарманың жазылу стилінен, айтар ойынан Мұхаңның қолтаңбасы айқын сезіледі. Мұнда айтылған кейбір ойлар – Әуезовтің “Шолпан” журналында жарық көрген “Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі” тарихи-талдау очеркіндегі тұжырымдармен іштей қабысып жатқандығын аңғару қиын емес.

Мақаладағы: “Қазір бізде өлең жазушылар көбеюіне себеп болып отырған нәрсе бір “оянудың” барлығы, бұл оянуға бірінші – Абай, екінші – “Қазақ” газеті, үшінші – жалпы жұрттың ғылымға бет алуы”, – деген жолдар соның айғағы. Одан әрі де Абай поэзиясының, “Қазақ” газетінің ұлтымыз дамуына қосқан үлесіне тереңірек тоқталады. Абайдан кейінгі ақындар ішінде ең алдымен Мағжан есімі аталады. Осы үрдіс “Шолпан” журналындағы мақалада толығымен сақталған.

Сол кездегі қазақ поэзиясын жүйелі түрде талдап, салиқалы ойлар айтуы – жас Мұхтардың сарабдал сана иесі екенін дәлелдейді. Мәселен, ақындарды жазу мәнеріне, қамтитын тақырыптарына қарай үш топқа жіктеп, бөлуі көп жайтты аңғартады. Авторлардың айтуынша: “Сезімге әсер берерлік суретті өлеңдер көбінесе Мағжан, Міржақып, кейде Сұлтанмахмұт ћәм Ахмет Мәметовтікі… Бұлар сыршыл (лирик) ақындар.

Екінші жіктің өлеңдері: Ахмет Байтұрсынов, Сәбит Дөнентаев, Шәкәрім, Бекет Өтетілеуов, Бұлардың өлеңдері сырты төгілген, сұлу, тілі кестелі, анық халықтың ұғымына, оқуына жеңіл, тәнті. Бұлардың өлеңінің сезім мен қиялға тәрбие әсері аз, ақылға азығы бар, бұлар халықтық (народник) ақындар…

Осы күнде сәні кетіп бара жатқан үшінші бір жік бар. Бұл жіктің ақыны, ескі өлең, жыр, тақпақтарға еліктеп, жеке жортақтап, құба жонданып келетін Ғұмар Қарашев”.

Мақалада әрбір аталған ақынның тіл, стиль ерекшелігіне, тақырып ауқымына, айтар идеясына талдау жасалады. Ал шығарманың соңында айтылатын: “Әдебиетімізге жақсы өлең, шын ақынның сөзі көрік беріп, күшейте алады. Әдебиет бақалшының қоржыны емес, қотанда жатқан қиқым-сиқымды балалар алдап сатып шыға беретін. Әдебиетке қызмет қылуды әркім-ақ тілейтін шығар. Бірақ қолдан келмейтін нәрсемен қызмет қыл деп әдебиет қыстамайды”,– деген түйінді тұжырым бүгінгі күнде де өз мәнін жойған жоқ. “Айтарың болмаса, әдебиетке келме” қағидасы жоғарыдағы Әуезов тұжырымымен үндесіп-ақ тұр.

“Абай” журналының 6-санында М.Әуезов қол қойған “Бірінші жалпы жастар съезі” (3-4 беттер), “Жастар ұйымдарына ашық хат” (4-5 беттер) деген екі материалы жарияланған. Бұл екеуі де автордың тікелей қатысуымен 1918 жылы 5-ші мамырда Омбы қаласында өткен Жалпы қазақ жастарының съезі туралы есеп жанрында жазылған.

“…Жиналыстың мазмұны мен оның маңызына қарай есеп әртүрлі беріледі. Бірде жиналыс қайда, қашан өткен, не мәселе қаралғаны, жиналыста қандай шешім қабылданғаны қысқаша хабарланса, енді бірде баяндама және қаралған мәселе бойын-ша сөйлеушілердің сөздері бір арнаға салынып, қорытылып беріледі”, - деген теориялық қағиданы еске алсақ, Әуезовтің аталған екі материалы бір-бірінен бөліп алып қарауға болмайтын біртұтас газет есебінің жүгін көтеріп тұр. Алғашқы хабарламада съездің қайда, қашан болғандығы, қандай мәселелер қарағандығы баяндалса, екіншісінде қысқаша мазмұны оқырманға жеткізіледі.

Омбыда болған съезде Алаш үкіметінің ұстанған саясатын қолдайтын “Жас азамат” ұйымы құрылады. Бұл туралы Сәкен Сейфуллин “Тар жол, тайғақ кешу” романында мынадай деректер келтіреді:

“…съездің көпшілігінің қаулысы бойынша, енді барлық жастар ұйымдарының бұрынғы аттарын қалдырып, жалпы бір атпен “Жас азамат” деуге қаулы қылған. “Жас азаматтың” басқармасын, (ЦК-сын) сайлаған. Басқармасының төрағалы-ғына Мұрзаұлын, мүшелігіне Смағұл Садуақасұлын, Мұратбек Сейітұлын, Гуля Досымбекованы, Әбдірахман Байділдаұлын сайлаған. “Жас азамат” ұйымының тілі қылып “Жас азамат” атты газет шығармақ болған. Газеттерін Қызылжарда жабылып қалған Көлбайдың газетінің “Үш жүздің” орнына шығармақ болған. Шығарушылыққа Кемеңгерұлын сайлаған…”

Ол кезде қазақ зиялыларының алдында Алашорда саясатын жалғастырып жүргізетін, демеу беретін жастарды тәрбиелеу міндеті тұрған болатын. Көкірегінде намыс оты бар, жігерлі жастардың басын қосып, ортақ ұйым құру туралы ой аға толқын қазақ оқығандарынан шыққан еді. Мәселен, 1917 жылы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов Орынбордан Омбыға, Семейге арнайы барып, жастармен саяси ахуал, ұлт болашағы жайында ой бөліседі.

Съезд туралы “Жас азаматтың” көш басшыларының бірі Смағұл Сәдуақасұлы былай деп жазыпты: “18-жылы Омбыда жалпы қазақ-қырғыз жастарының жиылысы шақырылды. Бұл жиылыста қазақ-қырғыз жастарының ұйымдарының бәрі бірігіп, “Жас азамат” деп ат қойып, кіндік комитет “сайлады”.

С.Сейфуллиннің “барлық жастар ұйымдарының” деп отырғаны да, С.Сәдуақасұлының “қазақ-қырғыз жастарының ұйымдарының бәрі” дегені де – сол кезде қазақ даласының ірі елді мекендерінде құрылып, жұмыс істеп жатқан ұзын саны жиырма бір (С.Сәдуақасұлы дерегі) ұлттық жастар ұйымдары еді. Қазақ әдебиеті тарихын зерттеу тәжірибесінде олардың белгілері мыналар: “Бірлік”, “Демократияшыл оқушылар одағы” (Омбы), “Еркін дала”, “Игілік” (Орынбор), “Жанар”, “Оқытушылар ұйымы” (Семей), “Талап”, “ Ұйым”, “Ғылым”, “Қызмет”, “Ерік” (Семей облысының Шыңғыс болысы, Екібастұз бен Баянауылда), “Жас қазақ” (Ақмола мен Оралда), “Қамқор” (Торғай), “Үміт” (Троицк), “Талап” (Қызылжар), “Ынтымақ” (Атбасар), “Жас жүрек” (Спаскі), “Қазақ жәрдемі” (Зайсан), “Жастар ұйымшысы” (Орда), “Қазақ жастарының төңкерісшіл одағы” (Мерке). Съезге осы ұйымдардың әрқайсысынан екі өкіл шақырылады.

Мұхтар Әуезов Омбыдағы жастар съезіне Семейдегі “Жанар” ұйымының атынан қатысып, жиылысқа төрағалық етеді. Оған Әуезовтің әдеби-мемориалдық мұражайындағы бір өмірбаяны дәлел бола алады: “В 1918 г. будучи представи-телем культурно-просветителского молодежного кружка “Жанар”, я участвовал на совещании казахской молодежи, представителей 10-12 кружков, в г. Омске.

Я председательствовал на этом совещании, но не вошел в состав избранного комитета, уехал к себе в Семипалатинск. Программа молодежной организации “Жас азамат”, объеди-нивший представленные кружки, была в основе сходной с программой националистической партии Алаш-Орды”.

Жоғарыда біз тоқталған Әуезовтің есебі сол сапардан кейін жазылып, жария болған. Съездің қаулысының қысқаша жобасын баяндай келіп, автор:

“Бұл болып өткен съездегі қаулы бар ұйымдарға уақытша салынған жол деп саналады; бірақ бұл қаулының жөн-терісін салғастырып, қисығын түзеу жастардың жалпы съезінің ыхтиярында”, – деген тұжырым жасайды.

Келтірілген деректер, журналда басылған материалдың мазмұны – Әуезовтің шашыраңқы жастар үйірмелерінің басын қосқан, орталық “Жас азамат” ұйымын құрушылардың бірі болғандығын айғақтайды. Жазушыны Алашорда ісіне қатысты етіп айыптаған жылдардағы тағылған кінәнің бірі – Мұхаңның Омбыдағы жастар съезіне қатысуы еді.

Съезден кейін “Жас азамат” ұйымының “Жас азамат” атты газеті 1918 жылғы шілденің 30-нан бастап Қызылжар қаласын-да шыға бастайды. “Қазақ” пен “Сарыарқаға” іні іспеттес бұл басылым тікелей жас алашшылардың күшімен жарық көрді. О бастан-ақ газет қандай саяси бағыт ұстанатынын, нені ныса-наға алатынын ашық айтты. Оған дәлел – бірінші нөмірінде жарық көрген “Жас тілек” атты редакциялық бас мақала.

“…Келешектің қараңғылығы, саяси ћауаның күн сайын құбылуы, қалың өрттей, кеселді дерттей, апаты күшті күндердің тууы, дүниеде болу – болмауы, әлдінің майданға қойылуы, ұлттың өмірлік хұқықтары аяқ астына тапталып, зорлықтың қан соруы “Жас азаматтың” үстіне ауыр жүк салып отыр. Қоғамдасып, қолтықтасып, күш беріп, ауыр жүкті тиісті орнына жеткізу – жастардың бас міндеті, үлкен борышы. “Жас азаматтың” алтын идеалы, әулие мақсұты, негізгі жолы – ұлт бостандығы, ұлт теңдігі…

…Жастар!.. Алда жүрген алаш жолына аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі, өрнек алыңыздар.

Елдіктен, ерліктен айырылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар. Күнді-түн, жақынды – жат, пайданы – зиян деп жүрген, толық саяси хұхықтарын іздеп алуға ер жетіп, есі кірген елді, ойлаңдар. Жасасын Алаштың жаужүрек ұлтшыл жастары!” Жастық намысқа жол ашқан қазақтың арыстай ардақты азаматтарының жанайқайын естіп қана қоймаймыз, сол кездегі саяси ахуалдың ауанын да аңғарамыз.

“Жас азаматтың бізге қазір он сегіз саны мәлім болып отыр. Нақтырақ айтсақ, 1-нөмірінен 22-нөміріне дейінгі сандары. Бұлардың арасынан 2, 9, 10, 19 нөмірлерін ұшырастыра алмадық. Газеттің барлық санының да бастаушысы – Алаш серіктігі. 1-ден 11-ге дейін “уақытша шығарушы – Қошмұхамед Кемеңгерұлы”, 12-нөмірінде “уақытша шығарушы – үшін Біләл Малдыбайұлы”, 17-ден 22-ге дейін “уақытша шығарушы Қошмұхамед Кемеңгерұлы”.

Осы “Жас азаматтың” қазан айындағы 8-ші нөмірінде “Ескеру керек” деген атпен Мұхтар Әуезовтің мақаласы жарияланыпты. Мұнда Мұхаң өзі қатысқан әлгі съезден түйген ойларын, жиылыстың қаулы-қарараларына байланысты түсінігі мен көзқарасын ашып айтады.

Мақала басындағы Мұхтардың ақжарқын ойлары орыс отарына айналған қазақ ұлтының ауыр тағдыр-талайын бірден көз алдыңызға келтіреді. Жас публицист қоғамның негізгі қайшылықтарын, заман үнін, ұлт оқығандарының, көзі ашық жастардың даусын тайсалмай анық жеткізеді.

“Кешегі ешкімге бағынбай, елді хан билеп, көсем би билеген заман – киіз туырлықты қазақтың тарихында әркімге белгілі бір дәуір. Ол заман өтті. Одан бергі біздің хал бұлқынбай, жатқа бағынудың жолында болды. Кең қазақ даласын әлденеше указ сайқалдап шықты. Көп өзгеріс жаңалықтар болды. Әуелгі қазақтың халықтық қалпы неше толқып, неше кішірейіп, шым-шытырық түрлерге түсті. Әртүрлі указдардан шыққан өзгеріс халық бақытын мысқалдап жылжытып, құлдық құшағына тастағалы әкелді. Неше рет қазақ халқы зынданның ернеуіне келіп қайтты. Бұл уақытта заман ол тұманды сейілтті. Енді қандай өзгерістер болса да халықтық жоғалмайды; бақыт қайта оралып қарайды деген үміт халық жүрегін қуантып тұр”. “Ескеру керек” мақаласының бастауындағы осы бір сөйлемдерден де, еңсені басқан ауыр салмағы да, болашақ ұлт тәуелсіздігіне бағыт алған үміт сәулесі де аңғарылады. Тіпті “указ” деген бір сөздің өзінің астарында қанша мағына жатқандығын бүгінгі ұрпақ ой безбеніне салып байыппен таразылар.

Мақалада автор қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің, қоғамдық құрылысының қайшылықты тұстарын, кемшіліктерін сынап, солардың түпкі себептерін аша біледі. “Біздің жіңішке атаның балалары жуаннан бөтен іс істемек түгіл, содан бөтен ой ойлауына да болмайды. Жуанның ісінің, ойының беті нашарға діндей. Бұның түбі ойланып қараған кісіге құлдық”, – деген жолдардың астарына мән беріп көрейік. Мұнда Әуезов – публицисті сол кездегі саяси теңсіздік толғандырады. “…Әлі де жуан ата билеп, төстеп қадірлі болатын болса, автономия деген, бөлектік дегеннің бәрі де сырты бүтін, іші түтіннің ісі болады. Бірақ мұндай күйді бұрынғы уақыт көтерсе де, қазіргі уақыт көтермейді. Іші түтін болса, сыртында бүтіндік жоқ. Ертең күл болып көкке ұшады. Егер бұл күнге шейін келген осы жол бұдан кейін де созылатын болса, елдің елдікке махаббат рухы оянбайды. Енді нашарды өрге тартып, теңдік алып, әділет көзбен қарап, есесін өзіне тапсыру керек…”

Тығырықтан шығудың бірден-бір жолы – ел ішінде теңдікке қол жеткізу. Автор өз тұрғыластарын сол бағытта ойлануға шықарады. Бүкіл қазақ қауымы бай, кедей болып бөлінбей бірлесе қимылдағанда ғана, ғылым-білімге жіктелмей ұмтылғанда ғана - ұлт бостандығына жол ашатындығына сенім артады.

Дана Абайдың: “Мен егер қуаты қолымда кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім”, - деген нақыл сөзін – мақаланың түпқазығы етіп ала отырып, көпшілікке Омбыда өткен жастар съезі қаулысының мән-мағынасын түсіндіреді.

Бодандық зардаптарын түзету қажеттігіне ерекше назар аударып: “Биылғы жастар съезінің қаулысындағы Николай заманында – іс басына мінгендер енді ел ішіндегі кісілікке сайланбасын деген қаулы осы негізге тірелетін. Бұл халді ћәркім де ескеру керек”, – деп аяқтайды.

М.Әуезов “Сарыарқа” газетінде ертеректе шыққан “Қайсысын қолданамыз?” мақаласында орысша оқығандар мен мұсылманша оқығандар екі жаққа тартпай, бір мәмілеге келу керектігін, сөйтіп басқа жұрттар сияқты оқу құралдарын бір нұсқамен шығару қажеттігін мәселе етіп көтерген болатын. “Абай” журналының 7-ші нөмірінде “Ғылым тілі (научный термин)” деген проблемалық мақала жариялап, алдыңғы ойын дамытып, тереңдете түсті.

Мұхтар – публицист: “Қазір қазақ тіліндегі оқу екі ағысқа бөлініп барады. Бірі – мұсылманша оқығандар жолы. Ғылым тілін арабшаға, мұсылман негізіне тартады. Екіншісі – орысша оқығандар, ғылым тілін орысшаға, Европа негізіне тартады. Бұл жік тәртіпті бастауыш мектептердің ћәм курстардың оқуында айқын білініп отыр… Бірақ салыстырып, осы екі жолдың бірін алып, бәріміздің бетіміз бір жөнге сайып келуі мұқтажды ұғу – бәрімізге парыз”,– деп дабыл қағады. Сөйте отырып, өзінің проблемалық мақаласында ғылым тілін Европалық жолға түсіру керектігін қолдағандығы байқалады. Оған түрлі дәйек, дәлелдер ұсынады.

“Мәдениет бәйгесінде алда келе жатқан жұрттың қатесі кейінге сабақ. Алдыңғы келе жатқан жұрттың жығылған жары, сүрінген томары кейінгінің бетін еріксіз бұрғызады, өзге жолдағы істерінің оң, терісін қойып, осы тіл жолындағы орыс пен жапондардың істеген қателері бізге айқын үлгі боларлық”, – дей отырып, Ресейдегі ескі шіркеулік-славяндық тілдің, Жапониядағы қытай тілінің сол елдер мәдениетінің дамуына зиян келтіргенін тілге тиек етеді. Сөйтіп ғылым тілі, термин мәселесінде өз пікірлерін ортаға салып, қазақтың рухани алға дамуына тиімді жол іздейді.

“…Қазақ жұрты қазіргі уақытта күндегі саясаттың ыңғайымен жүріп отырып түзу жолмен мәдениеттің буынын бекітуді ғана мақсат қылуына керек. “Пан-тюркизм” қазақ мәдениетінің жолын өрлетіп, жұрттықтың бойын өсірмейді”, – деген ой айтады. Бұл көтерілген мәселе сол кездегі қазақ еліне түсініксіз болғанымен, халықтың қоғамдық-әлеуметтік дамуына шешуші ықпал ететін жайт еді. Соны түсіне білген автор араб, түрік мәдениет, ғылымының өзі “европа дастарханының шетінен орын алып отырғандығын” айтады. Сондықтан да ғылым тілі ретінде европалық негіздерден сусындауды, оқу құралдарын тез арада бір нұсқаға салуды ұсынады. Әуезовтің бұл концепциясы – Шоқан Уәлихановтың қазақ мәдениетінің европалық ізде дамуын болжаған пікірлерімен үндесіп жатыр.

Ағартушылық сипатта жазылған тағы бір еңбек – “Оқу ісі” мақаласы. Ел ішіндегі жаппай сауаттылықты жолға қоюдың бірден-бер кедергісі мұғалімдер даярлаудың сапасында жатқандығын көрсетеді. Бір нұсқауға түсірілген ортақ бағдарламаның, ортақ оқулықтардың жоқтығы сынға алынады. Орыс тілінен оқу құралдарын аудару, шәкірттерді семинарияларға жіберу, мұғалімдерді қызметке тұрақтандыру мәселелерін шешудің жолдары қарастырылады. Авторды осындай қазақ мектебіндегі олқылықтар қынжылтады. Халықты жаппай сауаттандыруды басты міндет етіп алып, елді мекендерде кітапханалар ашу, театрлар ұйымдастыру керектігіне тоқталады. Ел ішіндегі көкейкесті мәселелерді қозғаған “Оқу ісі” – жанрлық жағынан проблемалық мақала екендігіне көз жеткіземіз.

“Қазіргі оқу жолындағы бірінші мақсатымыз ұлт мектептерін ашу (национализация школ), бұл тәртіптің керектігіне ешкімнің дауы жоқ. Бірақ осы ұлт мектебін ашуға қазірде біздің алдымызда қиын асудай үш түрлі кедергі тұр. Бірі, бастауыш мектептің бәріне мұғалім жоқтығы, екіншісі, оқу құралдарының жоқтығы. Үшіншісі, ілгері оқитын мектептің жоқтығы ћәм тез уақта бола алмайтындығы” – міне сол кездегі ағарту саласындағы шешімін таппай отырған мәселелер. Мұхтар – публицист өз мақаласында сол проблемаларды алға қояды да, сонан кейін барып әлгі мәселелерді шешудің жолдарын жіліктеп алға тартады. Сөйтіп автор оқу-ағарту саласындағы проблемаларды жіпке тізіп қана қоймай, оларды шешудің жол-жобасын былайша ұсынады: “бірінші, жалпы қазақ, қырғыз съезі сайлап шығарған оқу бөліміндегі 5 кісілік оқу комиссиясы тез уақытында іске кірісіп, барлық бастауыш мектептерге ћәм курстарға белгілі бір-ақ түрлі программа жасап, оқу құралдарын толықтыру керек. Оқу құралдарын толықтыру үшін, арнаулы бір комиссия тез уақытында іске кірісін, барлық бастауыш мектептерге ћәм курстарға белгілі бір-ақ түрлі программа жасап, оқу құралдарын толықтыру керек. Оқу құралдарын толықтыру үшін, арнаулы бір комиссия жасап кітап перевод қылуға отырғызу керек. Бұдан соң саясат ісінде жүрген семинария бітірген учительдердің бәрін жиып, өзінің түбегейлі пайдалы жұмысы оқытушылыққа белгілеу керек. Учительский институттарға шәкірттер жіберу керек. Мұсылманша оқыған мұғалімдерге жоғары курс ашу керек. Курста оқылатын сабақ тәрбие ғылымдары, земство, кооператив ћәм басқа халыққа пайдалы шаруа ұйымдарын жүргізу…”

«Мәдениет һәм ұлт» мақаласында да семинарист Әуезовті қазақ мәдениетінің барар жері, жетер көкжиегі толғандырады. Адамзат тарихындағы мәдениеттің алатын орны туралы сөз қозғай келіп, мәдениеттің тұрмыспен байланыстылығы жөнінде өзіндік ой өрбітеді. Оған дәлел:

“Мәдениетке негіз салушы – адамның ақылы ћәм жүрегінің көрген нәрседен әсер алғыш сезімділігі. Бірақ адамның ақылы мен ізденгіш сезімділігі де дүниеге алғаш келген уақыты мен қазіргі уақытта бірдей емес. Ақыл мен сезімнің өсуі екінші бір себепке тіреледі. Ол себеп: тұрмыс ыңғайы, өмір жасаудың ауырлық, жеңілдігі ћәм ауыр өмірдің тізесінен қысылып тапқан өмір тәжірибелері”, - деген салиқалы, салмақты тұжырымдары.

Мұхтар Омарханұлының сол кездегі қоғамдық-саяси көзқарасын айқын аңғартатын мақалаларының бірі – “Өліп таусылу қаупі” деп аталады. “Абай” журналында жарияланған бұл публицистикалық шығармасында адамзаттың жүріп өткен жолының үйреткен ащы сабағы да, қазақ жұртының сол заманғы хал-ахуалының мүшкіл көріністері де, болашаққа бағыт берерлік ой-пікірлер де баршылық. Автор шағын жұрттардың құрып кетуіне басты-басты екі мәселе түрткі болатынына назар аударады. Оның бірі – мәдениеттің төмендігі де, екіншісі – өлімнің көбейіп, өсімінің азаюы екендігіне тоқталады. Белгілі бір ұлттың тарих сахнасынан жоғалуына негізгі әсер ететін - үстемшілдік, отаршылдық деген тұжырымға келеді.

“Соғысып жеңіп алған жұртына жеңген жуан ел не істейді? Бұған ескіден келе жатқан даңғыл жол, жеңілген елді өз бетіндегі жұрттық қалпынан айырып, өн бойына сіңіріп бөтен ниет ойлатпай, бөтен тілеу тілетпейді. Алдымен торыған елдің дінін қақпайға алады, бұдан соң ғұрып-әдетін араластырады, артынан аламыштап жүріп тілін жоғалтып, елдік белгісін күңгірттендіріп ақырында бір ұлтты жұтып кете барады. Әрине, бұл айтылғандардан жұтылып кететін қандай ел: мәдениеті төмен болған ел”. Публицист өз заманында төл жұртын күтіп тұрған қауіп-қатерден алдын-ала сақтандырады. Орыс патшалығындағы құрып бітуге айналған Самоед, Остяк, Чукча, Камшадал сияқты ұлттардың, Солтүстік Америкадағы үндістердің мүшкіл халінен мысалдар келтіреді. Олардың жойылуының негізгі себептерін-отаршылдықтан, төмен мәдениеттен көреді. Сөйте отырып, автор өз елінің тағдыр-талайы туралы сөз қозғайды. Ресей отарына айналып отырған қазақ елінің ауыр халіне жаны ауырады. “Міне, осы аянышты халдің барлық белгісі қазіргі уақытта қазақ ішінде де білініп келеді. Жетісу, Сырдария облыстарындағы жаудан, аштықтан көріп жатқан бөгде шығынды есептемегенде, тоқ, тыныш отырған облыстардың бәрінде де қазақ өлімі сансыз көп”, – дей отырып, сол тығырықтан шығудың жолдарын іздестіреді. Қарпайым елдің күшінің аздығын, саясаттың тұсауын айта келіп, отырықшылыққа көшудің өзіне күмәнмен қарайды. Бірақ мәдениетті ел болуы үшін отырықшы болу керектігін де ескертеді. Ауру-сырқау тараған жұрт арасына дәрігерлер жіберу керектігін – сол кездің басты міндеттерінің бірі етіп қояды. Отаршыл орыс патшалығының 1916 жылғы 25 июньдегі жарлығына қарсылық емеуріні мақаланың өне-бойында өріліп тұр. Отаршылдықты күштеп енгізуге, шұрайлы қазақ жерін тартып алып, жергілікті ұлтты ығыстыру саясатына да қарсы шығады. Оған:

“Көшпелі халықтың әуелгі түрін өзгертпеске болмады. Ен жайылып, еркін қона беруге кең қоныстардың өрісі тарылды. Қаскүнем хүкімет жырғалған қазақты жақсы жердің көбінен айырған, сыйымсыз көршілерді көбейткен. …Осымен қазіргі қазақ қалпы не отырықшы егіншілік, не көшпелі мал баққандық қалпының ешбіріне толық ұқсамайды”, – деген сөйлемдер дәлел.

“Өліп таусылу қаупі” мақаласы – сол кездегі қазақ халқы проблемаларын кең қозғаған, сол арқылы көпшілікке, зиялы азаматтарға ой салған шығарма екендігіне шүбә келтірмейсіз.

Сөйтіп, “Абай” журналындағы жарық көрген біраз мақалаларында М.Әуезов халықты ғылым, білімге шақырған, мәдениетке үндеген, олардың мән-маңызын тереңдете түсіндірген ағартушылық-демократтық бағыт ұстанады. Автор теориялық болжамдармен шектеліп қалмай, сол кездегі қазақ ахуалының нақты көріністеріне қатысты ұсыныстар айтады, проблемалар көтереді.

Сөз жоқ Әуезов публицистикасының ең бір құнарлы қоғамдық мәселелерді көтерген кезі – оның төңкерістен бұрынғы шығармашылығында жатыр. Мұндағы автор позиция-сынан, публицистің психологиялық ұстанымдарынан, тұлға-ның жеке мәдениетінен, бағалы танымдық, тағылымдық ақ-параттар беруінен, жеделдік пен жинақтау, талдау, салыстыру, бақылау тәсілдерінен, ел болашағын болжау қабілетінен, проблемалар қойып оны шешудің жолдарын көрсетуінен – Әуезов-публицистің жеке дара шығармашылық қолтаңбасы айқындалады.

Қазақ публицистикасын дамытуға жеке тұлғалардың қосқан үлесінің молдығына Мұхтар Әуезов шығармашылығы дәлел бола алады.




Каталог: wp-content -> uploads -> 2018
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Сабақтың мақсаты: а/ Оқушылардың сөздік қорын молайту. Білім, білік дағдыларын қалыптастыру
2018 -> Сабақтың тақырыбы: Физика-табиғат туралы ғылым
2018 -> Сабақ мақсаты Тұздар гидролизін түсіну және тұздардың суда ерігенде қандай процестер жүретінін анықтау
2018 -> Сабақтың мақсаты: Білімділік: Көміртек және оның қосылыстары туралымәлімет алады
2018 -> 5В011700- Қазақ тілі мен әдебиет мамандығы бойынша 3-курс студенттердің элективті пәндер каталогы 2017-2018 оқу жылы
2018 -> Сабақтың тақырыбы Салынған циклдер. Мақсаты Қайталау операторлары туралы білімнің кеңеюі
2018 -> Сабақ тақырыбы: Теңдеулер жүйесін қолданып есептер шығару Мерзімі
2018 -> Даулетиярова Зауре Ермаханқызы А. Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тараз қаласы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   25




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет