Сабақ №1: Балалар әдебиеті мәнерлеп оқу практикумымен Сұрақтар мен тапсырмалар



бет1/11
Дата14.10.2023
өлшемі55,96 Kb.
#185397
түріСабақ
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
Тәжірибелік жұмыс №1




Тәжірибелік сабақ №1: Балалар әдебиеті мәнерлеп оқу практикумымен
Сұрақтар мен тапсырмалар:

  1. Қазақтың ағартушы-демократтарының халық санасын оятуға қосқан тарихи үлесі. Ш.Уалиханов, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердіұлы, С.Көбеев, Б.Өтетілеуов, С.Торайғыров, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев т.б.

Шоқан Уәлиханұлы – қазақтан шыққан ең бірінші ғалым, саяхатшы, зерттеуші. Шоқан 1835 жылы Көкшетау облысының Сырымбет деген жерінде туған. Шоқан – әке-шешесінің еркелетіп қойған аты. Ақылды, парасатты Шоқан әжесінің бауырында өсті. Ол ерте хат таныды. Кітап оқуды жақсы көрді.


Шоқан Уәлиханұлы 12 жасында Омбыдағы кадет корпусына оқуға түсті. 2-3 жылдың ішінде озат оқушылардың қатарына қосылды. Мұғалімдер Шоқанды 14-15 жасында-ақ болашақ ғалым деп білген. Шоқан Семей, Аягөз, Қапал, Алакөл, Тарбағатай, Қарқаралы, Баянауыл, Көкшетау жерлерінде болып, қазақ халқы ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясына байланысты материалдар жинаған.
Ш. Уәлиханұлының ғылыми қызметі Орыс географиялық қоғамының назарын аудартып, 1857 жылдың ақпанында 22 жасында ол қоғамның толық мүшелігіне қабылданады. Шоқан туған халқының жақсы тұрмысқа жетуін армандады. Потанин Шоқанды «Шығыстың құйрықты жұлдызы» деген.
1856 жылы Ш. Уәлиханов екі экспедицияға қатысады. Біреуі Орталық Тянь-Шань арқылы Алакөлден Ыстықкөлге дейінгі, екіншісі дипломатиялық тапсырма бойынша Құлжаға сапар болды. 1857 жылы Шоқан Уәлиханұлы Алатау қырғыздарына тағы да сапар шегіп, қырғыз халқының энциклопедиялық дастаны «Манасты» көшіріп алды. Ыстықкөлге экспедиция кезінде Ш. Уәлиханов тарихи деректермен қатар көненің көзі болып саналатын ерте заман бұйымдарының құнды үлгілерін жинады. Оның «Ыстықкөлге барған сапардың күнделігі», «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы», «Қырғыздар туралы жазбалар» деген тарихи-этнографиялық туындылары жоғарыда аталған сапарларының нәтижесі болды.
Шығыс Түркістандағы Қашғария еуропалықтарды өз еліне кіргізбеді. Шоқан бұл сапарға Ресей империясы тарапынан жіберіліп, аса қиын жағдайда өз өмірін қатерге тіге жүріп Қашғарияны жан-жақты зерттеп қайтты.
Шоқан бұл сапарға ғалым ретінде асқан зор қызығушылық танытты, ол Қашғария өлкесінің тарихы, этнографиясы, мәдениеті, географиялық жағдайы жайлы бұған дейін мүлде белгісіз аса құнды деректер жинап қайтты. Соның негізінде «Алтышардың немесе Қытайдың Нан-Лу провинциясының (Кіші Бұхара) шығыстағы алты қаласының жағдайы туралы» деген атақты еңбегін жазды.
Шоқанның бұл еңбегі көп кешікпей Германияда және Англияда неміс және ағылшын тілдерінде жарық көрді.
Шоқан Орта Азия мен оған іргелес жатқан аймақтар халқының географиясын, этнографиясы мен фольклорын зерттеуге де үлкен үлес қосты.
Ыбырай Алтынсарин (шын аты – Ибраһим, 1841-1889 жж.) – қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы. Туып-өскен жері – Қостанай  облысының Қостанай ауданы, Арқарағай ауылы.
1850 жылы Орынбор шегара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан мектебіне оқуға түседі. Мектепті бітірген соң Орынбор шегара комиссиясында әскери старшын болып қызмет атқаратын үлкен әкесі Балғожа Жаңбыршыұлының хатшысы болады (1857-1859 жж.). Орынбор облыстық басқармасында тілмаштық қызмет атқарады. 1860 жылы оған Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балалары үшін мектеп ашу тапсырылады, әрі сол мектепке орыс тілінің мұғалімі болып белгіленеді.
Ол тікелей өзінің араласуымен халықтан жинаған қаржыға мектеп үйін және интернат салып, 1864 жылы 8 қаңтарда мектептің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашады. Ұстаздық-ағартушылық қызметке қоса Ыбырайға басқа да жұмыстарды атқару жүктеледі. Орынбор генерал-губернаторының тікелей тапсыруы бойынша Торғайда төрт рет уездік судья (1868-1874 жж.), Торғай уездік бастығының аға жәрдемшісі (1876-1879 жж.) қызметін атқарады.
Ыбырай инспекторлық қызметке кіріскен соң оқу-ағарту жұмыстарын одан әрі жандандырып, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде бір-бірден екікластық орыс-қазақ мектептерін ашады, қажетті кітаптар алады. Елдің көшпелі өмір салтын ескеріп, Ресейдің халық ағарту жүйесіне жаңа үлгідегі білім беру тәсілін ұсынады. Нәтижесінде 1888 жылы 10 сәуірде Орскіде бастауыш мектептер үшін қазақ жастарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі ашылады.
Ыбырай мұнан әрі қазақ жастары арасынан экономика, ауылшаруашылығы, қолөнер салаларына қажетті мамандар даярлайтын училищелер ашуға көп күш жұмсайды. Қостанайдан ашылатын ауылшаруашылық училищесіне өзінің иелігіндегі жерін беретіні туралы өсиет қалдырады. Ыбырайдың қазақ қыздары үшін Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде мектеп-интернат аштыруының тарихи маңызы зор болды.
Ыбырай орыс-қазақ мектептері үшін арнаулы оқу құралдарын шығару қажет деп санады. Оқыту әдістерін жаңа бағытта құрды, оқуға деген баланың ынтасы мен қызығушылығын арттыруды көздеді, оқуды ана тілінде жүргізді.
Ыбырайдың пікірінше, мектептерге арналып жазылатын оқу кітаптары өзінің идеялық мазмұны және нақты материалдары жағынан ана тілінің және халық даналығының бай қазынасына негізделуге тиіс болды. 1879 ж. оның «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулығы және «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» еңбегі жарық көрді. Бұл екі кітап та қазақ балаларын кириллица негізінде оқытуға арналған тұңғыш оқу құралдары болды.
Ыбырай – жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің қалыптасуына қомақты үлес қоса білді. Ол қазақ жастарын ең алдымен оқу, өнер-білім, техниканы игеруге шақырады.
Тек қана оқу-ағарту жұмыстары емес, Ыбырай сонымен бірге сол кездегі қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, ғылым-білімге, еңбек пен өнерге, дінге, этнографияға қатысты мақалалар жазды. Оның, әсіресе, көркем еңбектері қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша ықпал етті.
Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы 23 тамызда Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы), Абай ауданының Шыңғыстау баурайында дүниеге келеді.
Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы өз заманындағы атақты адамдардың бірі болған. Патша өкіметі XIX ғасырдың ортасындағы бір сайлауда оны Қарқаралы ауданының аға сұлтаны етіп бекітеді. Шешесі Ұлжанның шешендігімен, тапқырлығымен аты шыққан. «Абай» деп жас Ибраһимді анасы Ұлжан еркелетіп атаған.
Осындай текті ортадан шыққан Құнанбай мен Ұлжаннан туған төрт ұлдың бірі Абай жастайынан-ақ ерекше қабілетімен, ақылымен көзге түседі. Әкесі Құнанбай осы баласынан қатты үміт етеді. Әкесі оның зеректігін байқағаннан кейін, 10 жасқа толған соң Семейдегі Ахмет Риза медресесіне береді. Медреседе төрт жыл оқығаннан кейін оқудан шығарып алып, қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Абай ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады.
Абай жетпісінші жылдардың бас кезінде Қоңыр Көкше дейтін елге болыс болады. Билікке араласып, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін ол халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсіруге күш салып бағады. Бірақ онысынан пәлендей көңіл тоятындай нәтиже шығара алмайды. Сондықтан халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен насихаттамақ болады.
Абай бір жағынан шығыс классиктері – Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Науаи, Физули, Жәми тағы басқаларды оқыса, екінші жағынан орыс классиктері – А.С. Пушкин, А.И. Герцен, М.Е. Салтыков-Щедрин, Н.А. Некрасов, М.Ю. Лермонтов, Л.Н. Толстой, И.А. Крылов, Ф.М. Достоевский, И.С. Тургенев, Н.Г. Чернышевский мұраларын оқып, орыс әдебиетімен де терең таныс болған. Батыс әдебиетінен – Гете, Джордж Байрон сияқты ақындарды оқып, Дрепер, Спиноза, Спенсер, Льюис, Дарвин сынды ғалымдардың еңбектерін зерттейді.
Абайдың «Ескендір» мен «Масғұт» дастан-поэмалары дәуір шындығын дәл бейнелеуге талпынған шығармалар болды. Абайдың қара сөздерінде адамгершілік мәселелері көтеріледі.
Абай 1904 жылы туған жерінде қайтыс болып, сүйегі Жидебай деген жерге қойылды.

Ыбырай Алтынсарин үлгісіндегі педагог-жазушы Спандияр Көбеев 1878 жылы Қостанай өңіріндегі Меңдіқара ауданында дүниеге келген. Өзінің балалық шағы туралы естелігінде: «Менен бұрын бес ұлы, бір қызы бар ата-анам мен дүниеге келгенде, қуана қоймады. Анам: «Сен әрі суық, әрі қатты мұқтаждық көрген кезімізде туып едің», – деуші еді», – деп еске алады. Спандиярдың әкесі Көбей мұсылманша хат танитын, етікші, балташы сияқты қолөнермен айналысса, анасы Айтбоз ақылды, қайратты, ауылдың ортақ анасы болған.


Ыбырай Алтынсарин ашқан ауылдық мектепте оқып білім алған Спандияр Көбеев 1901 жылы Кішіқұм деген жерде алғашқы ұстаздық қызметін бастағаннан өмірінің соңына дейін осы қызметін тастамаған. С. Көбеев ұстаздық қызметпен қоса мәдениет жаршысы да болған. Бос уақытында ауыл адамдарына әдеби шығармалардың мазмұнын әңгімелеп, олардың ой-санасына ықпал етуге тырысқан. Ол туралы өзінің «Орындалған арман» деген мемуарлық шығармасында: «Мен Пушкин, Лермонтов сияқты ақын-жазушылардың шығармаларының мазмұнын айтып түсіндірдім, әсіресе Крыловтың мысалдарын көбірек оқып, аударып беріп жүрдім», – деп жазған. Спандияр Көбеев өзінің ауызша айтып жүрген мысалдарын жинап, толықтырып, 1910 жылы Қазанда «Үлгілі тәржіма» деген атпен кітап етіп шығарған. Кітапқа Спандияр Көбеевтің Крыловтан аударған «Емен мен тал шыбық», «Шал мен өлім», «Қасқыр мен тырна», «Маймыл мен айна», «Қасқыр мен мысық», «Көлбақа мен өгіз», «Қарға мен түлкі», «Аю мен мүсәпір шал», «Арыстан мен тышқан», «Екі төбет», «Түлкі мен жүзім жемісі», «Есек пен сандуғаш», «Көлбақа мен Юпитер», «Ағаштың жапырақтары мен тамырлары», «Аққу, шортан һәм шаян», «Хакім сұраған көлбақалар», «Бүркіт пен көртышқан», «Жұрт кеңесі», «Арыстан мен тышқан», «Қасқыр мен қозы», т.б. мысал өлеңдері топтастырылған. Спандияр Көбеев мысал өлеңдері арқылы қоғамдағы келеңсіздіктерді сынаған әрі өзінің демократтық-ағартушылық көзқарасын білдіре отырып, азатшылдық ой-сананың жаршысы болған.
Спандияр Көбеевтің бастауыш мектептегі қазақ балаларына арналған оқу кітабы ретінде құрастырған «Үлгілі бала» атты жинағы 1912 жылы Қазан қаласында басылып шыққан. Жинаққа енген шағын әңгімелердің көбін Спандияр Көбеев Л. Толстойдың, К. Ушинскийдің оқу кітаптарынан алған. «Үлгілі бала» кітабындағы «Құмырсқа мен көгершін», «Ат пен есек», «Атасы мен немересі», «Қоян мен көлбақалар», «Екі жолдас», «Түлкі мен теке», «Сауысқан мен қарға», «Екі соқа» шығармаларында педагог-жазушы балалар үшін тәрбиелік мәні зор мәселелерді көтерген. Мысалы, «Екі соқа» шығармасында еңбекшілдікті мадақтап, еңбектің адамға тигізер пайдасы мен ықпалы туралы терең ой түйген.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет