3. Латын негізді қазақ әліпбиі. "Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіру керек" деген тапсырмасын орындау мақсатында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты осы күнге дейін сұрыпталған, талқыдан өткен және тілші ғалымдар ресми түрде мақұлдаған және жария түрінде ұсынған пікірлерін жинақтап, бір шешімге келіп отыр", - дейді Ерден Қажыбек.
Оның айтуынша, ұсынылған нұсқа осыдан 20-30 жыл бұрын жасалған. Тіл мамандары латын әліпбиін дайындау кезінде бірден сол нұсқа ұсынылған.
"Қазақ тіл білімі және түркі тілдерін зерттеуші ғалымдардың ұжымдасқан және рәсімделген пікірі соңғы 20-30 жылдың ішінде еш өзгерместен бір ғана нұсқаны ұсынумен ерекшеленеді. Отандық филология саласында басты лингвистикалық ғылыми орталық болып есептелетін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жекелеген адамдардың және мамандандырылмаған ұйымдардың пікірлеріне ден қоюды тоқтатып, бұрыннан қалыптасқан, баспа бетінде жарияланған және көптеген халықаралық конференция қарарларында, ұжымдық ғылыми монографияларда құжатталған қазақ тілінің латыннегізді әліпбиінің нұсқасын қабылдаған жөн деп санайды", - дейді Ерден Қажыбек.
Тіл мамандары ұсынған жаңа латын әліпбиі - осы.
Мұнда "й" дыбысы "y" əрпімен беріледі: bay, say, ayaq. Ал "і" дыбысының сыңары саналатын "ы" "ı" таңбасымен белгіленеді: qır, jır. Ал "w" ғалымдар дауыссыз "у" дыбысын таңбалауды ұсынған: taw, sawap.
Сондай-ақ тіл мамандары халықаралық практикаға сəйкес, кейбір кірме дыбыстарды төл дыбыстарды таңбалайтын əріптерімен белгілеуді жөн санаған. Мысалы, "і" әрпі төл сөзбен келгенде әдеттегідей "і" (ini, kim, til, din) ретінде оқылады, ал кірме сөздерде "и" дыбысына (ministr, internet) айналады. Төл сөздегі "ұ" дыбысын "u" деп белгілеу ұсынылған, дәл осы таңбамен кірме сөздерде кездесетін дауысты "у" дыбысын да (universitet, prokuratura) жазу ұсынылған.
Бұл нұсқа Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты 2006-2015 жылдар аралығында жүргізген кешенді зерттеу нәтижесінде жарық көрген "Жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын реформалау" атты және Халықаралық Түркі академиясы 2017 жылы арнайы шығарған "Түркі ортақ латын әліпбиі" атты монографияларына, "Рухани жаңғыру" қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрамындағы "Қазақ тілін латын графикасына көшіру" жөніндегі жұмыс тобының және түркі тілдес мемлекеттердің халықаралық ынтымақтастық ұйымы "Түрік кеңес" шешімдеріне және бірнеше халықаралық ғылыми конференция қарарларына толығымен сәйкес келеді.
"Осы күні Мемлекет басшысы тапсырмасын орындау барысында Мәдениет және спорт министрлігі ең соңғы және жауапты кезеңге жетіп отырған тұста, ұзақ мерзім ішінде жан-жақты қарастырған, көптеген құжаттармен рәсімделген тіл мамандарының ортақ пікірі негізге алынатынына үмітіміз зор", - деп түйіндеді Тіл білімі институтының директоры.