Сакен Жунисов. Жапандагы жалгыз уй


Күргерей қарттың алтыншы жыры



Pdf көрінісі
бет14/17
Дата17.12.2021
өлшемі1,65 Mb.
#102284
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17
Байланысты:
(pdf) Cәкен Жүнісов — Жапандағы жалғыз үй.apk

Күргерей қарттың алтыншы жыры 
Отыз жетінші жылы қар сұрапыл қалың түсті. Әшейінде қыс бойы тынымсыз соғатын 
үскірік жел өтіндегі қыраттардың әр жері жалаңаштанып қырбық қар ғана жататын, енді 
ол арада да қылтиған бір қурайдың төбесі көрінбейді. Ақ мамыққа бөгіп қалған. 
Апрельдің бас кезінде колхоздың бір тал шөбі қалмай таусылды. Төбесін бұзып, шірік 
шөбіне дейін алған мал қора аңғал-саңғал. Үңірейген тесіктерден өткір өкпек жел соғады. 
Қыс  бойы  қорада  тұрған  қара  мал  мен  қой,  ешкі  жәшлені  кеміріп  азынап  тұр.  Даланың 
қары сөгіліп, көк салпақ лайсаң басталғанмен, әлі жер қарайған жоқ. 
Біз  –  бес-алты  адам  үш-төрт  шанаға  өгіз  жегіп  күні-түні  жазғы  шабындық  орнын 
тіміскілеп,  қар  астында  қалып  жатаған  күпәналарды  түртіп  жүріп  тауып  аламыз  да, 
қасықтап жинағандай малға тасимыз. 
Сондай күннің бірі. Таң сәріде шыққан адамдар түс ауа елге зорға оралдық. Қопаның 
бауырын  кезіп  әр  жерде  шашыла  жатқан  шошақты  тауып  алып,  үстінен  жүріп  кеткен 
қарын  аршыдық.  Сол  күні  түн  де  шағырмақ  еді.  Еріген  қармен  соқталанған  ұзын  өлең 
шөпті босату қандай азап. Бір еріп, бір қатқан қар суы шөпті жентектеп тастайды. Мұздақ 
шөпке  айырыңды  кірш  еткізіп  қадап,  тізеге  қайырасың.  Қайың  саптың  белі  қайысып 
барып  шытыр  етеді.  Одан  әрі  күш  жұмсасаң  морт  сынып  кетеді.  Айырды  тастай  беріп, 
шөп  арасына  темір  жұлғышты  сүңгітіп  жібересің.  Мықшия  тартып  жұлып  қалғанда, 
құстың омырау жүнін шымшып алғандай бір-ақ уыс шөп қобырап шыға келеді. Әйтеуір, 
жан  ұшырып  қимылдап,  жұла  бересің,  жұла  бересің.  Сондағы  бір  орыннан  алатының 
үлкен  он  айыр  шөп.  Не  керек,  қанша  өнімсіз  болса  да,  еңбегің  зая  кетпейді.  Қар  астын 


шұқылап  жүріп,  қысқа  күн  етекке  еңкейе  бере  шанаңды  толтырып  елге  ораласың.  Бірақ 
онда да оңай оралу жоқ. Таң сәріден бері  адам азаптанса, енді  жол  табанына шыққанша 
көліктің азабы басталады. 
Астына  қызыл  су  жүрген  қалың  күртік  қар  өгіздердің  омырауынан  келеді.  Төрт 
аяғынан  бірдей  батқан  өгіз  бауырымен  қар  сызып,  шананы  мықшия  тартады.  Су  шөп 
қандай ауыр. Теңките шөп артқан жайдақ шана қорғасыннан құйып, қара көмір тастаған 
зілдей сандық тәрізді. Бір адым жылжыса алқымына қар тығылып, сіресіп тұрып қалады. 
Мал  жарықтықта  жазық  бар  ма.  Желімдей  жабысқан  зіл  батпанды  тізесі  бүгілгенше 
мықшия  тартып,  аузынан  ақ  көбігі  ағады.  Тағы  да  тарта  түс  дегендей  шанадағы  екі 
адамның  бірі  өгіздің  бас  жібінен  сүйресек,  екіншіміз  шөптің  артынан  итеріп  демеген 
боламыз. Өгіз тағы да барын салып етпелей беріп құлайды. Ондайда қалай екенін өзің де 
аңғармай  қаласың.  Қолың  қамшыға  жүгіреді.  Ұзын  бишік  қыр  арқасы  шодырайған 
көтерем  өгіздің  сауырына,  қабырғасына  шатыр-шұтыр  жауып  кетеді.  Арық  тілерсегі 
дірілдеп тұра берген өгіз бір-екі рет жұлқып қалып, тағы құлайды. Бұл жолы бадырайған 
үлкен көзі шарасынан шыға қанталап, өзіңе қарайды. Әттең, тілі жоқ. Сонда да түсінесің. 
«Менде  не  жазық  бар,  ыржыңдаған  арық  арқамды  қамшымен  тілгілей  бергенше,  шөптің 
жарымын  неге  түсіріп  тастамайсыңдар.  Менде  не  әл  бар,  қайтейін»,  –  деп  жалбарынған 
тәрізді. Бірақ бізде де басқа амал жоқ қой. Бір арқа шөпті шанаға шөките салып апарсаң, 
шетінен  топалаң  тигендей  қырылып  жатқан  малдың  қайсының  аузынан  тауып  аласың. 
Тым құрымаса бір қарбытып асауға келмеген соң, оған азаптанып керегі не. Иә, біз де өгіз 
жайын  түсінеміз.  Түсінеміз  де,  «жарайды,  кішкене  дем  ал»,  –  деп  екі  бүйірі  солқылдап 
жатқан өгізді аяп, өкпек желде теріміз қатқанша тұрамыз. 
Не керек, қашан жолға шыққанша қарға адым жер бір күншілік жердей болып, өгіздің 
тілі  құлаштай  салақтап,  қан-сорпасы  шығады.  Сол  күні  менің  қасымда  он  жеті,  он 
сегіздерге келген бала  бар. Қашанда бір шанаға бір әлді, бір әлсіз адам қосылатын  әдеті 
ғой. Басқа шанада Оспан секілді тегеуірінді жігіттер. 
Біз жолға шығып, ауылға қарай тізіле бет түзедік. Бар азап шымыр жолға шығысымен 
ұмыт болып, өнімсіз қыбырлаған өгізбен қатарласа аяндап, күндегі ойға түстім. Жақында 
Райханнан  хат  алғанбыз.  Омбыдағы  ауыл  шаруашылық  институтын  тамамдап,  ауданға 
келіпті. Колхоз жұмысымен жүріп алдынан шығуға да мұрша келмеді. Күнде әне келеді, 
міне  келеді  деп ауданның жолына қарап төрт көз болып жүрміз. Біреулер:  «Енді  Райхан 
мұнда келуші ме еді. Мына шым үйлері жапырайған «Жаңа талаптан» не алсын»,  – десе, 
енді  біреулер:  «Ойбой,  Райхан  үлкен  төре  болыпты.  Алматыға  барады  дейді.  Оқыған 
адамның  қолы  сол  ара  ғой.  Бүкіл  Қазақстанды  басқарады  енді.  Күргерей,  сен  де  қалаға 
көшетін  шығарсың»,  –  деп  қырық  саққа  жүгіртеді.  Не  болса  да,  аман  болсын.  Әйтеуір, 
үйге бір келіп кететініне күмән жоқ. 
Иә,  сол  күні  ақ  түйенің  қарны  жарылды.  Екі  қырдан  аспай  жатып  құлаққа  әлдебір 
тырылдаған үн келді. Бұрын-соңды мұндайды естімеген шөпшілер елең етіп, бір-бірімізді 
тосып алып, шоғырлана қалдық. 
– Бұл ненің үні? 


– Өзі алыстан естіледі. Тегі ауыл маңында болса керек. 
– Дәу де болса, – деді Оспан желге құлағын түре түсіп, – бұл – машын (Қызыл жалау 
ауданының адамдары осы күнге дейін машинаны «машын» дейді). 
– Қой, қайдағы машын? Осындай қалың қарда ол қалай жүреді? 
Біз  қотанға  кіргенше  не  екенін  білмей  дал  болдық.  Алыстан  талып  естілген  үн 
жақындаған  сайын  күшейіп,  елдің  шетіне  жеткенде  тарылдап  кетті.  Бүкіл  аспан  астын 
көшіріп жібере жаздайды. 
Мал  қора  –  ұзын  баз  ауылға  кіре  берісте  болатын.  Алдына  тақай  бергенде-ақ, 
анадайдан бір топ бала айғай-сүрең салып бізге қарай жарысып келеді. Арасында жаулығы 
ағараңдаған бір-екі ширақ кемпір бар. Келе мені бас салды. 
– Сүйінші, Күргерей, сүйінші! 
– Күргерей ағай, сүйінші менікі. 
– Райхан келді! 
– Трактр әкелді! 
– Райхан. 
– Трактр. 
– Трактр... Райхан! 
Есім  шығып,  көзімнен  жас  ытқып  кетті.  Балалардың  алдына  түсіп  алып,  өкпем 
өшкенше  жүгіріппін.  Бағана  шаршап  салдырап  қалған  денеде  қажыған  белгі  жоқ.  Құр 
аттай ойнақтап, бала күнгідей секіре бердім. 
Райхан  да  менің  келетін  уақытымды  тағатсыз  күтіп,  есік  алдында  құжынаған  көптің 
арасында тұр екен. Үстінде шетін ақ шүлен қойдың терісімен  көмкерген қысқа қара тон. 
Аяғында көмірдей пима, басында түбіт шалы, жұрттың арасынан сытылып шығып, құшақ 
жая  ұмтылды.  Маржандай  тісі  ақсиып,  жүгіріп,  бала  күнгісіндей  мойнымнан  қапсыра 
құшақтай алды. «Ертең бүкіл Қазақстанды басқарады» деп жұрт шулап, келмей жатып аты 
көпке  тарап  кеткен қадірлі  ел  ағасы  қазір  бетін  қара  қожалақ  үсік  шалған  жаман  шалды 
қайта-қайта  сүйеді.  Суы  сорғалаған  қауға  сақалдан  да  жиренбейді.  Балам  ғой.  Мен 
қызымды бауырыма басып тұрып, тұңғыш рет жыладым. Әрине қуаныштан жыладым. Бір 
сәт менің көз алдыма Сұлу мұрт елестеп кетті. Мен өзімді осы арада екі адамдай сезіндім. 
Сұлу мұрт – Күргерей, Күргерей – Сұлу мұрт. Шіркін, дүниеде достан артық, қоң етіңді 
кесіп берер жолдастан артық не бар?! Денеме соққы тисе намыстанып, шиыршық атушы 
едім. Көзімнен жас орнына от ұшқындар еді. Ал бұл арада көзден аққан ыстық жас ырық 
бермеді.  Бір  жағынан  Лиза  кемпірім  де  шығып,  Райханды  өзіне  тартып:  «Жетеді  енді, 
жетеді,  маған  да  қалдыр»,  –  деп  қызын  аймалап  жүр.  Ол  байғұс  та  қайтсін.  Тіпті  басқа 


былай  тұрсын,  Райханды  қызғанады.  Жалғыз  өзінің  маңдайына  басқан  баласындай 
иемденеді. 
Мен,  үнемі  бұйраланып,  сәл  қобырап  шығып  тұратын  Райханның  балапан  шашынан, 
ортасынан  екі  жарып  бөлген  қолаң  шашынан  сүйіп  ем,  тұңғыш  рет  қызымның  бойынан 
бұрынғы  кішкентай  сәби  иісі  емес,  есейген  адамның  иісін  сездім.  Осы  өңірге  алғаш  рет 
трактор  жүргізіп  келген  қызымның  шашынан  болар-болмас  жермай  иісі  шығып  тұрды. 
Осынау өңірге, ауаға бірінші рет жаңалық иісін алып келген менің қызым – Райхан. Менің 
Райханым. Мына қауға сақал Күргерейдің, Сұлу мұрттың Райханы. 
Үй алдында тұрған жұрттың бәрі сол арада маған, Райхандай қызы бар бақытты адамға 
қызғана  қарайтын  секілді.  Қалтқысыз,  зілсіз  қызғаныш.  Іш  тарлық  емес,  қуаныштан, 
риясыз көңілден шыққан достық қызғаныш. 
Танауы тарсылдап, тақ-тақ етіп түтін шыққан трактор маңында шүпірлеген балаларға 
дейін көздерінде ұшқын бар. Болашақ трактористер. Менің Райханымның жолын басатын 
желкілдеген қырмызы ғой олар. 
Жұрт  арасында  менің  бойым  ғана  емес,  көңілім  де  биік  тұрды.  Сәбише  мақтанып 
тұрдым. 
Сол кеште қорада тұрған былқылдаған семіз байталды қолма-қол жарқыратып сойып 
тастадық. Райхан: «Қайтесіз, соймаңыз, той жасап керегі не», – деп еді, ауыл ақсақалдары 
қойсын ба, өзім де тойға ертеден-ақ қамданып жүретінмін. 
Мал сойылып жатқанда Райхан мені жекерек алып шығып: 
– Әке, ел тұрмысы жаман көрінбейді. Бірақ колхоз малы жұтқа ұшырап қалыпты ғой. 
Базға барып қайтсақ қайтеді, – деді. Әлгідегі қуаныш, желге тотыққан жүзіндегі күлкі жоқ, 
ел  тағдырына  деген  күйзеліс  бар.  Байыпты,  сабырлы  адамның  жүзіндегі  кейістік.  Мен 
соны  көріп  тұрып:  «қарғам,  бүгін  демалсаңшы.  Алыс  жолдан  қажып  келдің,  ертең 
аралармыз»,  –  деген  көмейіме  тірелген  сөзді  айта  алмадым.  Қасымызға  екі-үш  адамды 
ертіп, базға қарай аяңдадық. Үй алдындағы тракторды да түгел көріп болмадым, жұрт әлі 
жеңсігі басылмай, балалармен қосыла соның маңында әр жерін шұқылап қала берді. 
Жаңа  Райханмен  амандасып  қайтқан  Оспандар  төрт  шана  шөпті  жүзге  тарта  малдың 
алдына  қылдай  бөліп  жүр  екен.  Біз  келгенде  қол  шаммен  жарық  қылып,  бір  арада 
шоғырланып тұр. Қарасақ, орталарында қара ала сиыр. Мойнын соза құлаған күйі серейіп 
жатыр. Бірі басын көтеріп, бірі құйымшағынан демегенмен қыр арқасы шодырайған буаз 
сиыр орнынан тұра алмады. Тұмсығына тақай тастаған бір қолтық шөпке дәрменсіз сиыр 
тілін созып жыбырлатқан болады. Орап алып аузына апаруға әлі жоқ. Шөпті көрдім, енді 
«армансызбын» дегендей көзі алайып, басы сылқ етті. Маңындағылар: 
– Пышақ әкеліңдер, пышақ! 


– Бауыздаңдар, тым құрымаса адал өлсін, – дегенше болған жоқ, қызылы тарқаған боп-
боз тілі бір жақ езуінен қисая шыққан қалпы азу тістерінің арасына қыстырыла қалды. Ала 
сиыр  керіле  беріп,  әлсіз  ғана  тұяқ  серіпті.  Малды  түгел  аралап  шықтық.  Бәрінің  қалы 
мүшкіл.  Төбесінің  шөбі  алынған  қораның  аңғал-саңғал  тесігінен  аққан  су  кей  жерде 
тізеден  келеді.  Жамбас  сүйегі  сорайған,  қабырғасы  арса-арса  көтерем  сиырлар  сыздың 
үстінен  тұра  алмай,  алдына  салған  дәмсіз,  нәрсіз  шөптен  оттап  қаужаң-қаужаң  етеді. 
Басқаларынан қоңы түзулеу бір-екі өгіз өз үлесін лезде тақырлай тауысып, бас жібін үзе-
мүзе  әлсіз  тайыншалардың  арасына  кіріп  кетіпті.  Шаңырақтай  мүйіздерімен  жасқап 
сүзгілеп,  әлімжеттікпен  қысастық  жасап  жүр.  Қысқа  жақын  туып,  өспей  қалған  мегежін 
қызыл торпақ жәшіленің бауырына кептетіле құлапты. Үйелеп тұра алмай жатыр. 
Қойлардың  халі  тіпті  нашар.  Мойны  ырғайдай  саулықтар  күрк-күрк  жөтеледі. 
Көпшілігі қотыр. Анадайдан Карелии иісі мүңкиді. Соңғы күндері бүкіл колхоз қойының 
жартысы қырылып қалған. Енді бір-екі күнде бәрі өлмесіне кім кепіл. Иә, кепілдік берудің 
қажеті жоқ. Оларға тек шөп қана керек. Аман алып қалатын шөп. Қара жерге тұяғы ілінсе-
ақ, бәрі ширап жүре берер еді. 
Біздің етіміз өліп алған ба, әлде қолдан келер айла-амалдың жоқтығы ма, әйтеуір күнде 
бір  талдап  жиып  әкелетін  үш-төрт  шана  шөпке  тоқмейілсіп,  басқа  қаракет  жасамаймыз. 
Шынында да не істейік. Сол үш-төрт шанаға жегетін тың көліктің өзі өрең шығады. 
Райхан  баздан  қамығып  қайтты.  Тотыққан  жүзі  одан  сайын  күреңітіп,  үйге  келгенше 
ләм деп тіл қатқан жоқ. Түнде үш бөлме адамға лық толды. Екі-ақ көшелі, шағын ауылдың 
адамдары әп-сәтте Райханмен тайлы-тұяғына дейін амандасып үлгерді. Жастар жағы ойын 
бастаған.  Домбыраны  гүжілдетіп,  ән  салып  думандатып  жатыр.  Төргі  үйде  колхоздың 
бригадирі, есепші, ферма бастықтары – өңкей активтер жиналған. Колхоздың бетке ұстар 
ығай  мен  сығайы  осылар.  Гу-гу  әңгіме.  Мұндайда,  әдетте,  қысыр  сөзден  басқа  татымды 
ештеме  айтылмайтыны  белгілі.  Бірақ  Райхан  әңгіменің  бетін  шаруашылыққа  бұрды. 
Қашан ет пісіп келгенше, алқа-қотан отырғандардың қасына келіп сөз бастады. 
–  Колхоз  жайының  шет  жағасын  жолда  естіп  ем.  Жаңа  көзіммен  көрдім.  Өте  ауыр 
екен.  Өздеріңіздің  тұрмыстарыңыз  жаман  болса,  ал  малдың  тұрмысы  адам  төзгісіз. 
Шапқан  шөптеріңізді  уақытында  жинап  ала  алмаған  соң,  қыс  ішіндегі  әбігерден  береке 
шамалы ғой, – деп Райхан отырғандарға сынай қарады. 
– Жөн сөз, жөн сөз. 
–  Шынында  да  жаз  бойы  бар  шабындықты  шауып,  жиып  алсақ,  мұндай  халге 
ұшырамас ек, – десіп жатыр активтер. – Біздің қашанда кеш қимылдайтын әдетіміз ғой. 
–  Енді  өкініштен  не  пайда,  –  деді  Райхан.  –  Мен  сіздерге  бір  нәрсенің  жайын 
айтпақпын... Күнде әкелетін үш-төрт шана шөп қыруар малға жұқ та болмайды. 
– Әрине, қарағым. 
– Ол әшейін өлмешінің күні ғой. 


–  Ал  ендеше,  –  деді  тағы  да  Райхан,  –  біз  былай  жасайық.  Екі-үш  күн  ұйқыдан 
ешқайсымыз да өлмейміз. Араларыңызда ағаш шеберлері бар, менің әкем бар, қазір тамақ 
ішіп  болысымен,  жабылып  жіберіп  үлкен  шана  жасаңыздар.  Ана  тракторға  тіркеген 
керосин артып келген шана бар ғой, содан үш есе үлкен болсын. 
– Иә, иә, – деп жұрттың көзі жайнай түсті. 
– Шана бітісімен тракторға тіркеп қар астында қалған бар шөпті жинаймыз. Ол үшін 
Оспан  секілді  он  шақты  жігітті  алдын  ала  шабындық  орнына  жібереміз.  Олар  дайындай 
береді. 
– Мынау табылған ақыл екен. 
– Батыр-ау, трактор қанша тартады? 
– Трактордан қам жемеңіздер. Бір мая шөп болса да тартып әкелеміз. 
– Пой-пой-ой. Мынауың өзі, Райханжан-ау, тажал болды ғой онда, – деп шалдар жағы 
таңдайын қақты. 
– Бірақ, Райхан-ау, әлгі дәу шанаға табан темірді қайдан табамыз? Күргерей оны қанша 
уақытта соғады? 
– Сол да сөз боп па, қай шанаң табан темірмен жүр еді? 
– Сөз емес сөзді айтады екенсің, – деп табан жайлы айтқан адамды сөгіп те жатыр. 
– Ал, бастырық жайы қалай болады. 
–  Одан  қам  жемеңдер,  –  дедім  мен  де  араласып,  –  екі-үш  бастырықты  біріктіріп 
жамаймыз. Оның жарасы жеңіл. 
– Дұрыс, дұрыс! 
–  Қарағым  Райхан,  –  деді  бағанадан  әңгімеге  араласпай  жұрт  сөзінің  артын  бағып 
отырған жасы алпыстардан асқан төртбақ шымыр адам. Бұл екі жыл бойы осы колхозды 
басқарып  келген кісі. Соңғы кезде белінен шойырылмалы болып, үйінде отырып қалған. 
Таяққа сүйеніп қана жүретін мүгедек, – айтқаныңның бәрі көкейге қонып тұр. Трактормен 
шөп тасимын деуің тамаша нәрсе. Бірақ менің бір қаупім бар. Далада қалған шөптің өзі бір 
әкелуге жетер ме екен. Азаптанғандарыңа қарай шаналарың толса жарайды ғой. 
– Оу, ағайын, о не дегеніңіз. Ана «Қамыстыкөлдің» күнбатыс жақ баурайына барсаңыз, 
былтырғы  күпаналар  бықып  жатыр.  Не  керек,  тасып  үлгере  алмай  жүрген  жоқпыз  ба,  – 
деп шопр Оспан мол шөптің шетін аңғартты. 
– Тінекеңнің сөзінің жаны бар. – Бәріміз тағы да Райханның аузына қарадық. – Қанша 
көп  дегенмен  қар  астындағы  қалдық  малға  жұқ  та  болмайды.  Биыл  қыс  ұзақ.  Әлі  де 


боранның  болмасына  кім  кепіл.  Мен  аудан  орталығында  мына  көрші  неміс  колхозы 
«Тельманның»  басқармасымен  кездестім.  Райкомның  кеңсесінде  отырып  сөйлестік. 
Оларда әлі шөп мол екен. 
– Ойбой, оның несін айтасың. Әй, неміс халқы шаруаның қыбын біледі-ау. Жазда адам 
айтқысыз  шөп  шауып,  мая-мая  ғып  үйіп  алған  жоқ  па.  Біздей  дейсің  бе  олар  малынып 
жүретін, – деп біреу әңгімені ащы ішекше шұбатып бара жатыр еді, жұрт аузын қақты: 
– Түһ, сен де малтаңды езе беруге құмар екенсің. 
– Олардың шаруаға ықтияттылығын бүгін білдің бе?! Одан да сөз тыңдасаңшы. 
– Иә, – деді Райхан, – басқармасы Пфеев деген адам екен ғой. Ол бізге қарызға біраз 
шөп беретін болды. Оны да осы бүгін-ертең жатпай-тұрмай тасып аламыз. Енді бірде-бір 
малды шығындатпаудың қарасын көздейік. Жазда шөбін қайтарып берерміз. 
– Ойбай-ау, берсінші әуелі. Екі есе етіп қайтарайық өзін. 
– Сен де бөседі екенсің. Екі есе болмай-ақ, берген шөбін сұратпай уақытында шауып 
берсек те жаман болмас. 
– Ештемесі жоқ, тіпті апарып үйіп берер ек. 
– Әй, осы күшің жазда қайда қалған,  – деп бір-екі  адам біріне-бірі  мұқатып, шартпа-
шұрт дауласа кетіп еді, Райханның үлкен көзі жарқ етіп тесіле қарағанда, қаймығып жым 
болды. Жасы егде тартып, бұрынғыдан гөрі сәл тола бастаған Райханның жүзі шынында 
да  суық.  Жасынан  бос  сөзді  ұнатпайтын  қызымның  қасы  ондайда  қарлығаштың 
қанатынша дір етіп, керіле қалатын. Сол бір кезі тура Сұлу мұртты елестетуші еді. 
–  Түкке  тұрғысыз  сөзге  бола  қызыл  май  боп  таласу  әлі  қалмапты  ғой,  –  деді  де 
орнынан  тұрды.  –  Ал,  енді  тамақ  ішейік  те,  жұмысқа  кірісейік.  Маған  деген 
ілтипаттарыңызға рахмет! Той деген әлі де талай бола жатар. Қазіргі той – мал басын аман 
алып қалуда тұр. 
Сол түні ауылдағы ағаш шабуға ебі бар төрт-бес адам таң атқанша дәу шананы жасап 
шығардық. Осы күнгі тыңдағы вагон орнатқан шаналардай әдемі болмағанмен, асығыста 
добалдай салған шана үлкен ілдебайға жарады. Ертемен ауыл қотанын трактордың үнімен 
дүрілдетіп, он шақты адам жадағай шанаға шоқиып отырып кете бардық. Ұйқыда жатқан 
ел оянып, әр үйден бала-шаға, әйелдер шығып бізге қарайды. Қайсыбір ересек балалар әлі 
де  таңсық  көріп  қатарласа  жүгіріп,  ауыл  иттері  бұрын  көрмеген  ғаламатқа  жақындай 
алмай анадайдан шәуілдеп бір қыр асырып салды. 
Сол жолы кешегі шағырмақ болмады. Алрель айында күннің бір жағы киіз, бір жағы 
мүйіз  боп  жататын  әдеті  емес  пе.  Біз  көлдің  тұсына  жете  бергенде-ақ  күн  бұзылып, 
қыламық қар жауа бастады. Таң сәріде салт кеткен жиырма шақты жігіт саршұнақ аулаған 
балалардай  әр  жерде  екі-екіден  қылтиып,  күпаналарды  аршып  жүр.  Біз  де  трактордан 


түсіп, жан-жаққа бытырадық. Кешке дейін түртінектеп жүріп, даланың қарын қарасанның 
дағындай  шұрқ-шұрқ  тестік.  Шынында  да  шөп  онша  көп  қалмапты.  Теріп  жүріп  дәу 
шананы  әрең  толтырдық.  Әйтсе  де  бұрын-соңды  көрмеген  адам  айтқысыз  шөп  болды. 
Анадайдан қарағанда кішігірім мая көшіп жатқандай. 
Қанша  дегенмен  трактор  да  қазіргі  күнгідей  әлді  трактор  емес.  Жол  табанына 
шыққанша  көліктердей  малтығып  қалады.  Біз  түсе-түсе  қалып  жолын  аршимыз. 
Райханның  да  зықысы  шықты.  Оның  үстіне  кешке  таман  күн  де  суытып,  ызғырып,  дәл 
қарсы беттен қиыршық қар сабалап кетті. Бетті осып жібере жаздайды. Қар емес, күлдей 
ине жауып тұрған секілді. Ер адамша киініп, шалбарланып, белін тарта буып алған Райхан 
желдің  өтіне  тура  қарсы  отыр.  Бұрылуға  дәрмен  жоқ.  Борап  тұрған  қардың  астында  тар 
жолдың бойымен әрең жүргізіп келеді. 
Сол  күні  Райханның  екі  беті  бірдей  қып-қызыл  алмадай  домбығып,  екі  ұшын  аздап 
үсік  шалыпты.  Оған  қараған  Райхан  жоқ.  Ертеңінде-ақ  он  шақты  адаммен  «Тельман» 
колхозына екі рет барып, тағы шөп әкелді. 
Сүйтіп,  өлмешінің  күнімен  жинап  алған  шөбімізді  үнемдеп  беріп,  малды  аман  алып 
қалдық.  Бірақ  аман  алып  қалу  тек  шөпке  ғана  байланысты  болған  жоқ.  Малдың  басқа 
күтіміне де қыруар еңбек жұмсалды. 
Көктем  шыға  ашық-тесік  қорада тұрған  малдар  бірінен  соң  бірі  төлдей  бастады.  Сыз 
жерде  туған  бұзау,  қозылар  суықта  аяқтана  алмай,  бір-екеуі  шаранасымен  бірге  қатып 
қалып, қайсыбірінің тоңғағы түспей алғашқыда өлгендері де болды. Шыны керек, колхоз 
өміріне  аса  көндікпеген  ауыл  адамдары  ортақтың  малын  жаттың  малындай  көріп,  сол 
өлім-жітімге  ешкімнің  белі  аса  қайыспайды.  «Қап,  әттеген-ай,  есіл»  деп  мүсіркегеннен 
басқа, бел шешіп кірісетін адам жоқ. Мұндайда басшы адамның еңбегі керек-ақ екен. Сол 
басшымыз Райхан болды. Тағы да колхозшылардың басын қосып мәжіліс құрдық. 
–  Жолдастар,  колхоз  малы  өздеріңнің  малың  емес  пе?  Мына  мал  төлдеп  жатқанда 
қалайша  ұйқы,  күлкі  көріп  жатасыңдар.  Баздың  түрі  анау,  азынап  тұрған.  Жас  төлдің 
өкпесіне  тиер  суық  қалайша  сендердің  кәперіңе  кіріп  шықпайды,  –  деп  Райхан  ауыл 
адамдарының  тізімін  жасады.  –  Бүгін  түнде  Оспан,  Шәмшиден,  Жарылғап,  біздің  үй  – 
төрт үй күзетте боламыз. Бүгінгі төлдеген мал біздің қарамағымызда. Ертең тағы төрт үй 
күзетеді. 
Жас  төлдеген  малды  күзеттегі  үйлер  үйге  әкеп,  жылы  бөлмеде,  су  жылытып  беріп 
күтуге тиісті болды. 
– Өз алған төлін ертең жаз шыққанша күту – әр үйдің міндеті. Жауапкершілігі сонда. 
Егер кімде-кім колхоз малынан бас тартса, қазір айтсын. Қане, ондай адам бар ма?  – деп 
Райхан отырғандарға жағалай қарап еді, қарсы шығар ешкім болмады. Бәрі де Райханның 
ұсынысын  құптады.  Ерінен  қашып,  төркініне  бір  барып,  бір  келетін әйелдерше  колхозға 
бір кіріп, бір шығып жүретін Боташқа дейін мақұлдады. 


Бірақ келесі күні-ақ Қарабет іріткі салып, көп үй қайта безіп шыға келді. Қозылаған екі 
қой, бұзаулы сиырды соның үйіне апарған бір колхозшыны қуып шығыпты: «Әкет әрмән, 
өз малым да сыймай жатыр. Қимасы қышыса ана Райханыңның өзі бақсын. Алдына алған 
баласы, қойнында байы жоқ... Еріккен екен», – деп, аузына ақ ит кіріп, қара ит шығыпты. 
Алдында көнерін көнсе де, амалы құрып отырған қайсыбір үйлердің отына май құйылып, 
олар да колхоз малынан безді. Бір шара қолданбай тоқтар емес. 
Сол күні колхоз активтері тағы жиналып, Қарабетті шақырып алдық. 
– Қарабет, – дедім мен әуелі сөз бастап, – кеше колхозға келгенде алдында айдаған бір 
ешкің де жоқ еді. Екі-үш жылдың ішінде малды болдың. Сиырың да, жылқың да бар. Ал, 
мына істеп отырғаның не?! Жұрттан әулиемісің? Бір айға шегің шығып кетпейді. 
–  Күргерей  аға,  –  деп  Оспан  киіп  кетті.  –  Мәймөңке  не  керек.  Қарабет,  сен  өзің  осы 
ауылдың  ортасында  отырғың  келе  ме,  жоқ  па?!  Отырсаң  ана  төлдерді  бақ,  отырмайды 
екенсің, бұл колхоздан табаныңды жалтырат. 
Басқа ешкім ештеме дей алмады. Қарабеттен жасқана ма, алдында кіжініп отырғандар 
үндемей, тұқыраңдай береді. 
–  Менімше  айтылар  сөз  айтылды  ғой  деймін,  қане,  Қарабет,  не  дейсің  бұған,  –  деп 
Райхан кіріскенде, безеріп отырған көк бет мысқылмен мырс етті. 
– Егер колхоз өз малын баға алмайды екен, онда колхозға ұйымдасып тыраштанудың 
не  керегі  бар  еді.  Үй  ішіне  шуын  шұбатып  мал  кіргізер  жайым  жоқ.  Айтарым  осы,  деп 
орнынан тұра бергенде Райхан да сөзді бір-ақ кесті. 
–  Жолдастар,  мұндай  адамды  колхозда  ұстап  тұруға  болмайды.  Колхоз  мүшелігінен 
шығару керек. Қане, шықсын дегендерің қолдарыңды көтеріңдер. 
Қайсыбір қолдар лып етіп, енді бірі самарқау көтерілді. 
–  Жарайды,  мен-ақ  кетейін  бұл  арадан.  Өзімнің  де  ауданға  көшкім  келіп  жүрген, 
колхозңның  к...  көрдік,  –  деп  Қарабет  таңқылдап  тұрып  күлді.  –  Менің  орныма  егін 
егіңдер.  Бірақ  сонымен  жетіскендеріңді  көрермін.  Ал,  Райхан,  жасырмаймын,  қас 
дұспаным  сенсің.  Өлсем  екі  қолым  жағаңда.  –  Колхоздан  шықтым-ау  деген  Қарабеттің 
кәперіне де кірер емес. Талтаңдай басып жөнеле берді. Мұқатып барады. 
Осының артынша-ақ жағдай қайта түзелді. 
Аз күнде колхозшылардың ауыз бөлмесі жас төлге толып кетті. Қай үйге барсаң, у-шу 
болып жатқан қозы-лақ, жас бұзау. 
Міне, со жылы малға келген жұттан да, Қарабеттен де осылай құтылдық. Әуелі Райхан, 
екінші,  ауылға  келген  трактордың  себебінен  құтылдық.  Жұт  дегенің  аспаннан  қар  боп 
жауып,  жел  боп  соғады,  боран  болып  азынайды.  Егер  отын-су,  қора-қопсыңды  бүтіндеп 


алсаң,  тынымсыз  еңбек  етсең,  жұт  дегенің  ызғырық  емес,  самалдай  желпіп  қана  өте 
шығады. Жұт жұмсарып жүре береді екен. 
Көп ұзамай колхозшылар Райханды тағы да колхоз басқармалығына сайлады. Бұрынғы 
бастығымыз  Есіркеп  іс  ген  басқа  жерден  келген  адам  еді.  Колхоз  малының  өлім-жітімі 
көбейе  бастағанда-ақ,  бұдан  бір  ай  бұрын  орнынан  алынып,  үй  ішімен  көшіп  кеткен. 
Іздегенге сұраған дегендей, Райхан дер кезінде келді. 
Көктем  шығып  тоң  жібісімен  трактордың  қызығын  көрдік.  Осы  күнгі  «Түйе  кеткен» 
көлінің  қырқасына  салған  соқа  аз  күнде  құйқалы  жерді  қара  құрымдай  аударып, 
жосылтып  тастады.  Маңайдағы  трактор  көрмеген  ауыл  шамдары  күнде  сабылып,  шұбап 
келіп  жатады.  Салмағымен  қара  жерді  солқылдатып,  үнімен  аспан  астын  күңірентіп 
көліксіз  жылтыраған  темір  арбаны  көрген  аттар  құлағын  қайшылап,  көзі  алайып, 
анадайдан-ақ  тау  текедей  едірейіп,  осқырып  тұрады  да,  оқыс  жалт  беріп,  ала  қашады. 
Үстінде аңдаусыз отырған қайсыбір салтты адам бұлтың етіп ұшып түседі. Ерін бауырына 
алып,  шылбырын  шұбатып,  айдаламен  құйындай  ағызып,  безіп  бара  жатқан  атына  да 
қарамай,  шөп  тамырын  бытырлата  кесіп,  қара  қыртысты  таспадай  тілген  соқа  тіліне 
қызықтай  түсіп,  қатарласа  жүгіреді.  Анда-санда  трактор  тоқтаған  кезді  аңдып  жүріп, 
Райханның маңына құмырсқаша үймелеген адамдар. 
– Қарағым, біздің колхозға да келіп бір күн соқа салып бермейсің бе? 
– Жақсыдан шарапат деген. Бізге де қолғабысыңды тигізе көр, – деп жалынады. Райхан 
жымиып қана күліп: 
–  Көп  ұзамай  бәріңіз  де  трактор  аласыздар.  Асықпаңыздар.  Бір  трактор  қайсыңызға 
жетеді? Одан да трактор жүргізетін адамдарыңызды табыңыздар. Келсін, үйренсін,  – деп 
жұбатады. 
Шынында да трактор жүргізетін маман керек-ау. Райханның аузынан шығуы мұң екен, 
көрші  ауылдың  жастары  қаптап  кетті.  Бірінен  соң  бірі  Райханның  қасына  отырып, 
үйренуге құштар. Ондайда біздің елдің жастары жалғыз тракторды қызғышша қориды. 
– Әй, тайып тұрыңдар. Әуелі өзіміз үйреніп алайық, – деп маңайлатқысы келмейді. 
Бұрын  жалғыз  шыбыққа  аттай  мініп  алып  шапқылап  жүретін  ауылдың  қара  табан 
балаларына дейін енді ауыздарымен трактордың үніне салып, күн ұзақ тырылдап «Райхан 
тәтемдей тракторшы боламын» деп жүргендері. Расында да, осы Қызыл жалау ауданында 
ең алғаш біздің механизатор ауылдан механизаторлар шыға бастады. 
Көп  ұзамай  Райханның  орнына  тракторге  осы  күнгі  шопр  Оспан  отырды.  Оның 
артынан тағы бірі, екіншісі шықты. Сүйтіп Райхан колхоздың басқа жұмысымен айналып, 
Оспандар кезек-кезек трактор айдап, бір күн тоқтатқан жоқ. 
Күзге  дейін  «Жаңа  талап»  колхозшылары  алғаш  рет  саман  соғып,  бұрынғы  шымнан 
қалаған,  төрт  бұрышына  мал  сүйкене-сүйкене  ішке  қарай  мыжырайып  құлаған  баздың 


орнына жаңа баз тұрғызды. Сиыр қора, қой қора, құс қорасы бөлек-бөлек. Колхоз кеңсесі, 
шағын  төрт  жылдық  мектеп  үйі  салынды.  Үш-төрт  адамға  жұрт  помыштап  саманнан  үй 
қалап берді. 
Не керек, күзге дейін колхоз көшесінің өзі бір қалыпқа келіп, кәдімгідей жөнделді. 
Жұмыс  соңында  жүріп  сары  ала  күздің  де  қалай  тез  жеткенін  аңғармай  қалыппыз. 
Шабындық жер жүнін қырыққан сарық қойдың терісіндей сарғыш тартқан. Соңғы шуаққа 
көтерілген  сағым  қыраттардың  үстінде  сәскеге  дейін  ғана  бұлдырап  толқып  жатады  да, 
кешкі  самал  шығысымен  жер  жұтқандай  жоғалып  кетеді.  Жауын  жоқ.  Сілтідей  тынған 
аспан  астында  әлі  де  болса  жазғы  ақ  бұлттар  шөгіп,  ақ  омырау  қаздардай  мамырлап 
жатыр. Күз жазға бергісіз. «Түйе кеткеннен» әрі қарай колхоздың ұшан-теңіз егістігі. Ана 
жылғы  өртеніп  кететін  егіндей  биыл  да  мол,  бітік  шыққан.  Тұқымын  таңдап  еккен 
баданадай кубан бидайының масағын сабағы көтере алмай, майысып, самал желге баппен 
ырғалады.  Арасына  көміле  кіріп,  бір  сот  тыңдай  қалсаң  судыр-судыр  етіп  сыр  шерткен 
тәрізденеді.  Молшылық  сыры.  Кешқұрым  самалға  бетіңді  төсеп,  батысқа  қарасаң  батар 
күннің  астында  бетегенің  үстімен  қалықтап  бара  жатқан  жібектей  созылған  ұзын  ақ 
жіптерді көресің. Мизам. Молшылық хабаршысындай қаз-қатар тізіле ұшқан нәзік мизам 
алыстағы  егінжайға  қарай  шұбала  көшіп,  сары  балақ  бидайдың  сабағын  құшақтай 
құлайды.  Қандай  әдемі  еді  күз  даласы.  Қандай  әсем  еді  егінжай.  Сонау  қырдан  құлаған 
мама сиырлар да ыңырана басып, жай қозғалады. Тұяқтары сыртылдап, анда-санда семіз 
сауырына қонған масаны қағып, құйрығымен шып еткізеді. Қыстағы қысылшаң жай ұмыт 
болған.  Тоқмейіл.  Айырылып  кетердей  тырсылдаған  желіні  бұтына  сыймай  шатқаяқтап, 
талтаңдай басып, баздың алдында шудаланған қою түтіннің ығына келіп күйіс қайырады. 
Бауырына  отырған  сауыншылар  уыс  толар  емшекті  күшпен  тартып  ақ  бұлақты  бор-бор 
ағызады. Сүт бұлағы. Ферма маңында әндеткен сүт машинасы. Қас қарайғанша қоңырауы 
шыңылдап,  ернінен  бал  татыған  қаймақ  ағызып  тұрған  жаңа  машиналар.  Күбі-күбі  сүт, 
шелек-шелек  қаймақ.  Ит  басына  іркіт  төгілген,  қой  үстіне  бозторғай  жұмыртқалаған 
заман. 
Шіркін,  өмір  бақи  заман  осы  егінжайдай  тербеліп,  бейбіт  ауылдың  көркіндей  сұлу 
қалпында неге ғана тұра бермейді екен. 
Аз уақытта-ақ аспан асты алай-түлей болды. Сары бауыр жапырақ қалбаң ойнап, безек 
қақты.  Еш  жерден  тиянақ  таба  алмай,  пана  іздеп,  қара  құйынның  ішінде  жанталасты. 
Үзіліп түскен менің көңілімнің жапырақтары еді, құйын ішінде безек қаққан менің қызым, 
ел қызы Райхан еді. 
Иә,  дүние  жалған  десеңші.  Дауыл  басталды.  Егін  орағы  кезінде  ауылға  алыстан 
бүлдіршіндей  бір  жас  жігіт  келді.  Алматыдан  келді.  Қою  шашын  желкесіне  қайырған, 
жиегі қоңыр мүйізді көзілдірік киген, ақ құба жігіт. Ұзын бойлы, сымбатты. Қыз мінезді, 
сабырлы.  Қарты  келіп  сөйлеп  кетсе,  арнасынан  шығып  тасыған  өзендей  сөз  тасқынын 
лақылдата  құя  жөнеледі.  Ақын  екен,  тапқыр  екен.  Айтатыны  өлең,  тілінен  бал,  аузынан 
нәр тамып тұр. Үндемесе момақан, сөйлеп кетсе жалын. Бұл менің болашақ күйеу балам 
екен.  Қызым  Омбыда  оқу  бітіргенде,  ол  Мәскеудің  оқуын  тамамдапты.  Тегі  ертерек 


танысқан  болу  керек.  Райхан  екеуі  қатар  отыра  қалғанда  егіз  қозыдай.  Сөзі  де,  көркі  де 
жарасты, бір-біріне тең құрбылар. 
Адам  баласы  тіршіліктегі  бар  хайуаннан  қызғаншақ  қой.  Мен  Райханды  қатты 
қызғандым.  Шынымен  Райханым  кете  ме  алыс  жерге.  Жоқ,  қызым  мені  жеке  жерде 
мойнымнан  құшақтап,  қалың  түк  басқан  бетімнен  аймалап  сүйеді.  Мен  бетімді  алып 
қашам.  Іштегі  қызғаныш  көзімнен  тамшы  болып  шығады.  Бақсам,  қызғаныш  емес  екен, 
қуаныш екен. 
– Әке, мен сені еш уақытта тастамаймын. Бірге боламыз. Енді ғұмыр бақи біргеміз, – 
дейді Райханым. 
–  Жәрәйді,  жәрәйді,  қызым.  Осы  уақытқа  дейін  айтпай  келіп  ең,  жасырып  жүріпсің 
ғой, – деймін. Одан басқа аузыма сөз түспейді. Жасырмағанда менен сүйінші сұрамақ па. 
– Әке-ау, енді қашанғы отыра берем. Жұрт мені әлден қартайып кеттің деп жүрген жоқ 
па. Әлде монашка болайын ба, – деп қалжыңдап күледі. 
–  Ойнап  айтам,  құлыным.  Рұқсат,  рұқсат,  қызым.  Енді  сенің  сол  қызығыңды  көрсем 
арман жоқ, – деймін. 
Бірақ сол қызықты көруге тағдыр жазбапты. Күйеу балам мерзімді күнін айтып, қысқа 
таман  келем  деп  кетісімен,  төбемнен  жай  түсті.  Құла  түзде  жалғыз  жатқан  қу  томардай 
құлазып қалдым. Жай оғы жүрегімді жұлып әкетті, құр тұлдырым қалды. 
Ел орнына отырған кешкі мезгіл еді. Егін орағының тұсы болатын. Далада жауын. Ай 
қорғалаған өлараның тұсы. Ақ жауын сылбыр жауып тұр. Көңілде титімдей түйткіл жоқ. 
Райхан,  Лиза  кемпірім  үшеуміз  күндегідей  мәз-мейрам  болып,  жылы  үйде  жайбарақат 
шам жағып, кешкі асты жаңа ғана алдымызға ала бергенімізде екі-үш адам сау ете қалды. 
Сыртқы есік сарт-сұрт. Дүңк-дүңк еткен етік дыбысы төбені ойып жіберердей басып, ішкі 
үйге бір-ақ кірді.  Сары ала киімді  Қосиманов. Қасында  екі  милиция адамы. Қолдарында 
мылтық.  Жүрістері  суыт.  Қабақтары  түюлі.  Өңі  өрт  сөндіргендей.  Жүрегім  су  ете  түсті. 
Әдеттегі  «төрлетіңдер»  дегенді  де  айта  алмай  аңырып  отырып  қалыппын.  Олар  да 
сәлемдескен жоқ. Қосиманов Райханға орысшалап ақырып жіберді: 
– Встать, вы арестованы! 
Бұл сөзден кейінгі жағдай белгілі ғой. Лиза кемпірім ойбайын салып жылап, қарақұсқа 
бермей,  балапанын  қаматының  астына  басатын  тауықша  Райханның  үстіне  шұрқырай 
құлады. Шүңірек көкшіл көзі шарасынан шығып барады. Үрейленгені ме, жалбарынғаны 
ма  –  айырып  болмайды.  Милиционердің  бірі  Лизаны  жұлып  алып итеріп  тастады.  Арық 
кемпір қалбаң ұшты. 
Көзді  ашып-жұмғанша  үйдің  іші  ұйпа-тұйпа.  Шабадан,  сандық  ішіндегі  дүниелер 
төгіліп-шашылып  қалды.  Тінтіп  жатыр.  Райханның  бір  топ  кітабын  ортаға  үйіп  тастап, 


Қосиманов  арасынан  біреуін  суырып  алған.  Тесіле  қарап  отырды  да,  Райханның  бетіне 
тақады: 
– Мынаны оқып жүрген сен бе? 
Бір  сойқанның  болатынын  алдын  ала  сезіп  жүрді  ме,  әлде  өзінің  ақтығына  көзі  жете 
ме, Райхан сасқан жоқ, сабырлы тұрып сұрағына қарай сұрақпен жауап берді. 
– Бұл не, допрос па? 
Кітап  –  Майлиннің  орысша  шыққан  «Дочь  казаха»  деген  кітабы  болатын.  Жақында 
ғана Райхан біраз жерін маған дауыстап оқып берген-ді. 
Қосиманов қайтарып сұрамады. Көзі алара бір қарады да, кекесінмен мырс етті: 
–  Шал,  қуанып  жүрген  шығарсың,  оқыған,  ғалым  күйеуім  болады  деп.  Ол  қазір 
түрмеде. Алыста, Алматының түрмесінде. 
Мен  не  дерімді  білмей,  Райханға  қарадым.  Қызымның  жүзі  сол  қалпы,  ол  да 
мысқылдай күлді: 
–  Шалғай  жатсаңыз  да  көп  нәрседен  хабарыңыз  бар  екен.  Үлкенді  табалап  қайтесіз. 
Мен де тәлкегіңізге жараймын ғой. Тақияңызға тар кеп тұрмын ба? 
Қосиманов  тістеніп,  сөз  таба  алмай  қалды.  Кітаптарды  буып  жатқан  милиционерге 
ақырды: 
– Ал ана төрдегі суретті. Бұл үйде қалдыруға болмайды. 
Қабырғада  ілулі  тұрған  Лениннің  портреті  еді.  Кішірек  қой  көздері  күлімдеп,  үнемі 
адамның  ішкі  пікірін  жазбай  танығандай,  жайдары,  жылы  қарап  отыратын  көсемнің 
суреті. 
Райхан алдына келген кешкі  астан да дом тата алмады. Елге-жұртқа сездірмей ұрлап 
әкеткендей Қосимановтар Райханды жеңіл трашпенкеге салып, қара түнді жамылып кете 
барды. Лиза екеуміз өлік шыққан қаралы үйдің адамындай қу тізені  құшақтап екі  жерде 
шоқиып  қала  бердік.  Стол  үстіндегі  тағам  да,  жетілік  шам  да  таң  атқанша  орнынан 
қозғалған  жоқ.  Пеш  түбіне  бүк  түсе  құлаған кемпірім  ұзақ  таңды  көзімен  атырып,  солқ-
солқ жылап жатыр. Бөрі ашуын тырнадан алады дегендей, күн шыға, даусы бір сембеген 
Лизаға тарпа бас салдым: 
– Доғар енді, қайдағы сұмдықты бастамай. Не боп қалды соншама?! Ертең-ақ қайтып 
келеді. Жазықсыз адамға не істер дейсің?! Жетті енді. 
Бұл  сөзді  Лизаға  басу  айту  үшін  айтқам  жоқ,  шын  көңілім  солай  еді.  Ел  іші  де 
ертеңінде  у-шу  болды.  Тұтқиыл  келген  жайға  аң-таң.  Бәрі  де  ертең-ақ  қайтып  келеді, не 
болар дейсің деп өзін-өзі жұбатқан болады. 


Сол,  келеді,  келедімен  екі-үш  күн  күттік.  Бірақ  Райханнан  еш  хабар  болмады. 
Колхозда шоп басын сындырмай ішқұста болып суға кетіп жүрдім де, бір күні ол-пұл азық 
алып Қызыл жалауға келдім. 
Бірден  аудан  орталығындағы  Қарабеттің  үйіне  түсейін  деп  бір  ойланып  тұрдым  да, 
ақыры аттың басын басқа таныстың үйіне тіредім. Қарабеттің үйіне барайын дегенім, ол 
кезде  аудандық  милиция  начальнигі  Қосиманов  оның  күйеу  баласы  болған.  Сол  арқылы 
Райханның  жайын  анықтайын,  мүмкін  қылмысын  тезірек  тексертіп,  ақ  адалына  жетіп, 
босатар, қызымды жазықсыз жүдетіп көп ұстамай елге тез қайтаруына себепкер болар деп 
дәмеленгем.  Бірақ  атам  заманнан  бері  ұстасып  келген,  суханым  сүймейтін  Қарабеттің 
аяғына жығылуды намыс көрдім. 
Арқамда  Райханға  әкелген  тағам  бар,  ертеңінде  селоның  шет  жағындағы  тас  түрмеге 
келсем,  күзетші  өзімнің  ескі  тамырым  Қарғажан  деген  етікшінің  баласы  екен.  Аты 
Атайбек  пе  еді,  Атайхан  ба  еді,  әйтеуір  соған  ұқсас.  О  баланы  көйлегін  арқасына  түйіп 
алып, мұрнының сорасы ағып жалаң бұт шауып жүрген кезінен білем. 
– Ой, айналайын, аман ба? Өзің бастық болып кетіпсің ғой. Жаман әкең аман ба? – деп 
алдымнан  танысым  шыққанға  «жолым  болар»  деп  қуана  кетіп  ем,  әлгі  бала  мені 
танымағандай, сәлемімді салғырт алды. 
–  Сен  мені  танымай  тұрсың  ба?  Мен  Күргерей  емеспін  бе?  Ай,  балалар-ай,  бұларың 
жарамайды.  Үлкен  адамға  қашанда  кішірейе  салу  керек.  Оған  түгің  кетпейді.  Әкеңдей 
адамға орныңнан тұрып сәлем бермейсің бе,  – деп өзімше үлкендігімді  сатып, міндетсіп 
жатырмын. 
–  Сізге  кім  керек,  –  деді  әлгі  боқмұрын.  Сь  түскендей.  Жамбасындағы  тапаншасын 
жөндеп  \  ГТостьща  тұрған  адамға  көп  сөйлесуге  болмайды.  Айтатыныңызды  тезірек 
айтыңыз. 
«Қап, мына жылпысқыны қайтейін». Басыңа күні түскенде бәрін де көтереді  екенсің. 
Әйтсе де алғашқы қарқын ғой, баламен мен де енді қатты кеттім. 
–  Постыда  тұрсаң  қайтейін.  Әкеңнің  малын  бағып  тұрған  жоқсың,  келген  адамға 
жөніңді  айтпайсың  ба.  Жамбасыңа  салақтатып  жілік  байлағанға  мұрныңды  көкке 
көтересің бе?! 
– Байқап сөйлеңіз. Мына сөзіңізбен подсот кетесіз, – деді Атайбек міз бақпай. 
Расында да, баламен бала боп, тым өрескел кеткенімді сонда аңғардым. 
– Қарғам, осында қызым Райхан түсіп еді. Соған тағам әкелдім. Өзіне қалай жолығар 
екем, – деп лезде жұмсардым. 


–  Қосимановтың  рұқсатынсыз  ондай  преступниктерге  ештеме  беруге  болмайды.  – 
«Преступник!»  Өне  бойым  мұздап  қоя  берді.  Одан  да  сұмдық  сөзді  еститінімді  қайдан 
білейін. Баламен тағы да біраз тәжікелесіп, ақырлап келгенде жөн сөзге көштік-ау. 
–  Күргерей  ағай,  бұл  арада  көп  тұруға  болмайды,  –  деп  Атайбек  жан-жағына  ұрлана 
қарады.  –  Осында  облыстан  Бахалов  деген  бастық  келіп  жатыр.  Соған  жүгініңіз,  басқа 
көмегім жоқ. Мен айтты демеңіз. Ал енді барыңыз. 
Қосимановтан  да  зор  адам  келгеніне  ішім  жылып  жүре  берді.  Бәрі  Бахалов,  Бахалов 
деп  аяқтарының  ұшымен  басып  жандары  шығып  жүр.  Бұл  адамды  құдай  айдап  келген 
шығар.  Жұмысым  оңғарылып,  сәті  түсер.  Үлкен  адамның  алдынан  өтіп,  кедейлік  өмірді 
түгел  алдына  жайып  салайын.  Шіркін-ай,  Райханды  ертең  босатып  алып,  үйге  барсам, 
кемпірім ұл тапқандай қуанар еді, – деймін ішімнен. Таң атса милицияның есігін босатпай 
үш-төрт күн әркіммен жағаласып жүріп, өлдім-талдым дегенде амалын тауып Бахаловпен 
жолықтым-ау. 
Айнала  былғарымен  қапталған  кресло  қойылған,  терезелеріне  шашасына  дейін 
төгілген  аттың  құйрығындай  шеті  шашақты  қалың  перде  ұсталған  қара  көлеңке  бөлмеге 
оң  аяғыммен  аттай  бере,  сирағы  бұрандалы  емен  столдың  ығында  отырған  кескен 
томардай мықырайған біреуге көзім түсті. Бөлме ішіне екі аяқты бәйтерек кіріп келгендей, 
бұғып  отырған  жапалақша  әлгі  мықыр  маған  қарады.  Ішінде  қарамығы  көп,  тарының  иі 
қанбаған  сарғыш  қамырынан  долбарлай  салған  іркілдеген  беттің  үстінде  екі  көз 
жылтырайды.  Сары  мысықтың  көзіндей  өткір.  Екі  иық  шүйделі  мойнымен  қосылып 
кеткен.  Құйқасынан  шыпшып  май  шыққан  домаланған  жалтыр  басты  былш  еткізіп 
жұмсақ  мүсінге  қондыра  салған  секілді.  Тырсылдаған  жасыл  кительдің  жағасы  супыны 
ағытылған  аттың  қамытындай  екі  жағына  талтиып,  шықшытқа  тереңдей  енген  түйме 
құлақтың шұрқылтайын басып тұр. Қазақы қойдың құйрығындай бұлтиған рабайсыз бөксе 
кең ағаш кресло шабағын шертіп шыққан. Екі-үш адам табан тірей тартып, жұлып алмаса, 
отырған орнынан қайтып шықпайтындай кептетіле қалыпты. Бахалов осы екен. 
Қолапайсыз адамның түріне қарап түңілдім. Алғашқыда бұл адам маған мақау секілді. 
Сәлеміме жауап бермеді. 
Жоқ, тілі бар екен. 
– Ну, не шаруамен келдің, мужик,  – деді. Апырмай, даусы да бір жосын. Арқасынан 
дем шығатын тесігі бар резеңке ойыншықты қысып-қысып қалғандай пих-пих етті. 
– Осында қызым бар еді. Соған тағам әкеліп, алмайды... 
– Аты кім? 
– Райхан. 
Бахалов ших етіп күлді. Таңырқаған жоқ, тегі алдын ала біліп алған болу керек. Әдейі 
қиястықпен тәлкектеп сұраған екен. 


– Ей, мужик. Сен орыспысың, фамилияң кім? 
– Федоров. 
– Онда қалайша сенің қызың болады? 
– Ол менің Сұлтан деген төс тақасқан, тағдыр қосқан кедей досымның қызы еді. Ол... – 
деп түсіндіре бастап ем: 
– Жетеді. Керек емес. Ондай жалған достықтың маған қажеті  жоқ,  – деп сөзімді үзіп 
тастады. 
«Жалған достық». Не деген ұятсыздық. Беті бүлк етпестен, шімірікпей айтты-ау. 
– Жолдас Бахалов, оның жазығы жоқ, нақақ күйдірмеңіздер. 
–  Оны  тексеретін  сен  емес.  Ал  енді,  бүгіннен  кейін  бұл  маңнан  сенің  көлеңкеңді 
көрмейтін болайын. Табаныңды жалтыратып тайып тұр. Егер жаудың әкесі болғың келсе, 
түрменің іші кең, сыясың. 
«Жау!» Құлағым түбі шыңылдап кетті. Бахалов стол үстіндегі кішкентай қоңыраудың 
төбесінен  басқан  екен.  Ілкі  милиционер  кіріп  келді.  Мен  созалаң  тұрып  тысқа  шықтым. 
Бахалов  қоңырауды  құлағымның  ішіне  салып  жібергендей  аспан  асты  шыңылдап  тұр. 
Бөтен ештемені естімеймін. 
Ең сыртқы табалдырықтан аттай бергенде кезім бұлдырап әрең көрдім. Тап алдымнан 
Қарабет шыға келді. Намыс өз жөніне қалып, екі иығынан қапсыра құшақтаппын. 
Мұңымды  кімге  шағарымды  білмей  құлазып  тұрғанда,  ол  маған  жақын  адамдай 
көрінді. 
– Қарасай-ау, күйеу балаңа айтып түсіндірсеңші, Райханымның күні енді не болғаны, – 
дегенімді білемін. 
– Не болсын, ит жеккенге айдалады да, – деп Қарабет ыржың етіп жүре берді. Табалап 
кетті.  Әттең,  не  керек,  тап  сол  жерде  Райханыма  нақақтан  жала  жауып  көрсеткен  осы 
Қарабеттің  өзі  екенін  білмедім.  Әйтпесе,  сол  арада-ақ  буындырып  өлтіретін  ем.  Әлгі 
сөзінен соң аспан шыр көбелек айналып, жер төңкеріліп, үйлер аунап барады. Буынымды 
ұстай алмай құлап түстім. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет