Шерхан Мұртаза Қызыл жебе екінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет8/64
Дата13.12.2021
өлшемі1,48 Mb.
#125910
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   64
Байланысты:
Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер
4кл Презентациядағы анимация, 4кл Презентациядағы анимация, 00178533-2638c567, 2-sabak-57867617be58f (1), 2-sabak-57867617be58f (1), Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер, Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер
* * *
Интернаттың  тіршілігі:  барға  –  қанағат,  жоққа  –  салауат. 
Қарын  тойдырмас,  өзек  үзілмес,  шала  құрсақ  тамағы  бар. 
Иван  Владимирович  Әліпбекке  айтып,  Тұрарға  киіздей  қалың, 
қолбыраңқыраған  қара  сукно  костюм  кигізген.  Әліпбек  әрі 
мұғалім,  әрі  интернат  меңгерушісі.
Әулие-Ата  оязының  Мерке  участогінде  жеті  болыс  ел  бар. 
Ояздың жарлығымен жеті болыс елге түтін сайын бес тиыннан 
салық салынған. Жаңа ашылған мектеп-интернатты асырау үшін, 
өгіздің  терісіндей  қара  сукно  костюмді  өкімет  кигізіп  отырған 
жоқ Тұрарға. Қалың елдің қаржысы.
Демалыс күндері ауылы жақын балалар үйді-үйіне тарайды. 
Тұрар  әуелі  Қырғызбай  атасының  үйіне  барып  жүрді.  Бірақ 
бала  да  болса  байқайды:  атасы  айлы  түні  өз  көлеңкесінен  өзі 
қорыққан қояндай қашқақтай береді. Соны сезген Тұрар кейін ол 
үйге сирек қатынайтын болды. Қайрат – қыран, қайғы – жылан. 
Жанашырым жоқ екен деп жасымай, енді өзін-өзі қайрайтынды 
шығарды.
Үзіліс  кезі  еді,  Тұрар  дәлізде  қаннен-қаперсіз  келе  жатқан. 
Екі  иығынан  екі  бала  қапталдаса  берді.  Оң  жағына  қарап  еді: 
жұқалтаң  шінжау  сары,  қалқан  құлақ  Серік  екен.  Тұрар  қарай 
бергенде әлгі иығымен итеріп жіберді. Теңселіп кеткен Тұрарды 
енді сол жағынан біреу қағып қатты итеріп жіберді. Тұрар оның 
Атамырза  екенін  аңғарып  үлгірді.  Еңгезердей  Атамырзаның 
тегеуіріні қатты екен: Тұрар қаңғалақтап құлап бара жатыр еді, 
Серік  иығын  тоса  қалып,  қайта  итерді.
Қақпақыл  осылайша  созыла  берген.  Не  істеу  керек? 
Ойлануға  мына  екеуі  мұрша  берер  емес.  Адам  баласын  кейде 
бір  жыртқыштық  құмар  билеп  кете  ме  екен,  әйтеуір  екеуі 
осы  тәлкектен  бір  рахат  тапқандай  әуейленіп  алыпты.  Енді 
осыдан  Тұрар  тұяқ  серіппей  қала  берсе,  бүкіл  шәкірттер 
алдында  дәрменсіз,  панасыз  мүсәпірге  айналатынын  ойланып 
жатпай, әлдебір белгісіз түкпірдегі түйсікпен сезген. Мына тоқ 
балалардың әділетсіз ойыны әкесінің өмірін еске салғандай. Оны 


да өмір атты ойын осылай қақпақыл еткен, титығына тиген, ес 
жидырмаған.  Бірақ  әкесі  қарсыласып  бағып  еді...
Ауыл  итінің  құйрығы  қайқы.  Жалғыз-жарым  бөтен  итті 
орталарына  алып  талағанда  бөтен  ит  тісін  сақылдата  ақситып 
айбат шегіп, қамалаған төбеттердің анаусына бір мынаусына бір 
тап  беріп,  жанталасып  бағар  еді.  Құйрығын  бұтының  арасына 
қысып алып, қаңсылап қаша жөнелетіндері де болады. Бірақ ол 
бәрібір  құтылмайды.  Ұяластар  оны  кергілеп  тастайды.
Шінжау Серік Тұрарды тағы бір итергенде Тұрар қатты ұшып 
кеткен  болып,  Атамырзаға  бар  екпінімен  құлап  еді,  мұнша 
салмақты күтпеген Атамырза шалқалап барып, басы қабырғаға 
сақ ете қалды. Осы сәтті пайдаланып, Тұрар оның алқымын езіп-
езіп  жіберіп,  бетін  ала  бір  періп  өткенде,  тоқ  баланын  қоңқақ 
мұрнынан қою қара қан сау ете қалды.
Дәл  осы  кезде  дәлізге  арифметика  мұғалімі  Александра 
Сергеевна шыға келіп еді. Қан жоса болған Атамырзаны көріп 
шошып  кетті.
– Ойбай ұрды! Өлтірді! – деп Серік шіңкілдек байбалам салды. 
– Александра Сергеевна, көрдіңіз бе Қырғызбаевтың не істегенін! 
Мен куә, өзі тиісті. Түк жазығы жоқ Айбаровты сілейтіп салды.
– Көрдім, көрдім, Серік. Мынау сұмдық екен, – Александра 
Сергеевна тікбақайлау, қатал кісі еді. Иван Владимирович екеуі 
ерлі-зайыпты бола тұра, екеуі – екі мінездің адамы. Әйел мұғалім 
істің  байыбына  барып  жатпай,  Серікке  қосыла  байбаламдап, 
Иван  Владимирович  пен  Әліпбекті  ертіп  келіп,  «оқиғаның» 
үстінен  түсірді.
–  Так,  –  деді  Иван  Владимирович  көзілдірігін  мұрнының 
үстіне нығарлай түсіп. – Түсінбеймін, Тұрардан күшті бола тұра, 
үлкен бола тұра Атамырза қалай таяқ жейді? Тұрардың оған өз 
бетімен барып соқтығатын не жөні бар?
–  Ваня,  сен  балалардың  көзінше  көпе-көрнеу  бұзақылықты 
қуаттап  тұрсың,  бұдан  ары  не  болатынын  білесің  бе?  –  деп 
Александра  Сергеевна  өңі  құп-қу  болып,  қалшылдай  бастады. 
–  Дереу  мектептен  аластау  керек!  Дереу.  Індет  жайламай 
тұрған кезде, дереу! Верный түрмесінде, Приходько мырзаның 
жалшылығында  жүргенде  бір  күні  Тұрар  мырза  баласы 


Аркашадан  таяқ  жеп,  аузы  қанап  келіп  еді,  әкесі  Рысқұл  оны 
аяудың  орнына  дүрсе  қоя  берді:
– Жылама! Аузымды біреу ұрып қанатты дегенің не?! Әншейін, 
шие жеп едім де! Білдің бе?!
Мына  Атамырза  ақымақ:  «Жәй,  әншейін  шие  жеп  едім»,  – 
деуге  жарамады  қазір.
Жалақор  адамның  жамандығы  –  бықсыған  көмір  секілді: 
күйдірмесе  де,  күйе  жұқтырады.  Қараптан  қарап  тұрған  Тұрар 
демде «бұзық» атанды. Әкенің тұрмандай тағдыры балаға мирас 
болғаны қандай сор. Ойға салса, Рысқұл өткен қиямет көпірлер 
Тұрардың да алдынан шығып келе жатыр. Әділетсіздікке шыдай 
алмай ол да осылай қан шығарып алған. Бұл шайқастан Тұрар бір 
нәрсені сабақ тұтты: төбелестің екен – қан шығармай төбелес. 
Атамырзаның қоңқақ мұрнына қол тигізіп керегі жоқ еді, әрине. 
Атамырзаны  бәлеге  бастап  тұрған  қара  жүректің  қақ  басынан 
ұру  лазым  еді.  Асылы,  мүлде  қол  жұмсамай,  ақылмен  жеңген 
де абзал. Ашу үстіндегі әрекет әрқашан әбес. Ол әрекет – дауыл 
кезінде кемеге мінгенмен барабар болса керек. Кемеге мінемін 
десең, дауылдың басылғанын күте тұр.
Мұның  бәрі  болашаққа  сабақ.  Ал  қазір  Александра 
Сергеевнаның қаһары жаман. Жұбайының сырын білетін Иван 
Владимирович:
–  Сашенька,  Қырғызбаев  кінәлі  болса,  оны  мектептен 
шығарып жіберу – оңайдың оңайы. Әуелі ақ-қарасын анықтайық. 
Ал, балақайлар, тараңдар. Сыныпқа кіріңдер. Қонырау соғылды 
ғой. Бұл не тұрыс! Атамырза, бар, жуынып кел. Дардай жігіт те 
жылай ма екен? О несі! Ал, Қызыл Жебе, сенімен әңгіме басқаша. 
Сабақтан кейін қал.
– Ну, Ваня, мен өз көзіммен көрдім ғой, – деп сазарып қалды 
Александра  Сергеевна.
– Сашенька, сен педагогсың, соны ұмытпа.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   64




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет