«шернияз», «Қанапия-шәрбану», «рабиғА» драмаларының тілдік ерекшелігі ж. Аймауытов драмаларындағы тартыс пен мінез


КҮРЕСЕ БІЛГЕН ЖҰРТ ҚАНА ӨМІР СҮРЕДІ



бет2/2
Дата11.12.2021
өлшемі36,78 Kb.
#99234
1   2
Байланысты:
«Шернияз», «Қанапия-Шәрбану», «Рабиға» драмаларының тілдік ерекшелігі
1235, «Алаш» ұйымының құрамындағы ерлік істері туралы мәліметтер, «Алаш» ұйымының құрамындағы ерлік істері туралы мәліметтер, 1-тапсырма
КҮРЕСЕ БІЛГЕН ЖҰРТ ҚАНА ӨМІР СҮРЕДІ

(Ж. АЙМАУЫТОВ ДРАМАТУРГИЯСЫ)
Жүсіпбек Аймауытов мұрасының салмақты саласы - оның драматургиясы. "Ескі тәртіппен бала оқыту" /1917/, "Рабиға" /1917/, "Ел қорғаны" /1925/, "Мансапқорлар"/ 1925/, "Қанапия мен Шәрбану" /1926/, "Шернияз"/ 1926/ атты пьесалары бар. Бұл драмалық шығармаларды ол қазақтың сахна өнерін өркендету мақсатымен жазған. Кәсіби режиссерлер мен актерлер жоқ кезде Жүсіпбек өзі драматург, қоюшы режиссер, басты рөлде ойнайтын актер қызметтерін қатар атқарып, бұл жанрдың беделін көтеруге өлшеусіз үлес қосқан адам. Бұл жанрда ол Көлбай Төгісов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовтермен қоян-қолтық, қанаттас жүріп еңбек еткен. Аймауытов пьесалары заман рухымен үндесіп жатты. Көрермендер одан өз арман-мұңын, қасіреті мен қайғысын, махаббаты мен мұратын, күресі мен жеңісін қайтадан басынан кешті, уақытына бойлауға мүмкіндік тапты. Сондықтан оның пьесалары тасқа басылмай тұрып-ақ, қолжазба күйінде сахнада қызу өмірін бастап жатты. Алғашқы драмалары Семей мұғалімдер семинариясының студенті кезінде дүниеге келіп, өнерлі жастың болашағы зорлығына ешкімді шүбәландырмады. "Ескі тәртіппен бала оқыту" пьесасы білімге, өнерге құлшыну, надандықтан арылуда мектепті түбегейлі өзгерту мәселесін батыл қоя білуімен құнды. "Рәбиға" атты бір перделі туындысында жас қыз Рәбиға бата бұзудан, ата-ана қарғысынан қорқып, мал беріп, айттырып қойған Байділдә қойшыға қосақталады. Есіл-дерті малда, тұрмыс есеңгіретіп жіберген қойшы байқұс, жүрегі ыстық, көкірегі сезімтал Рәбиғаны өзінен шапшаң түңілдіріп, жирендіріп алған. Теңдік жоқ жерде, сүйіспеншілік жоқ жерде шаңырақ шайқалмай тұрмайды. Байділдә ісіне тындырымды, момын шаруа саналғанымен, әйеліне де малға сатып алған күңінше қарап, қолына қонған қамар бұлбұлын үркітіп алуымен тынады. Рәбиға күресе жүріп, меңіреу, қапас тірлікті жеңіп, бас бостандығын алады.

"Ел қорғаны" пьесасы - әлеуметтік тереңдігімен, өмірлік тартыстардың шынайы да шымырлығымен тәнті ететін дүние. Азамат соғысы жылдарындағы қамсыз, қарусыз жұртты ақтар қырып-жойып, талап, бүлдіріп, "арамдап, аяққа басып" кетіп жатыр... Аумалы-төкпелі заманның дегеніне көніп, ашынған аңның аузында, шүйілген жыртқыштың тырнағында кете беру керек пе? Ел қорғаны боларлық қауқар қазақтан табыла ма? Аймауытов пьесасында осы жүректі шабақтайтын уытты мәселені батыл қояды. Оқыған, Командир деп шартты түрде аталатын тәуекелі берік, аптал азаматтар қазақ қайратқа мінсе, оңай олжаға айналмайтын жаужүрек халық екендігін істерімен дәлелдеп шығады. Әрине, кейіпкер сөзінде, түсінігінде жазушының ойы, түсінігі, идеясы, көзқарасы жатады. Оқығаны сілтідей тынған жұртқа заман туралы, өкімет саясаты жөнінде шешіле келе: "...біздің көздегеніміз - байлардың автономиясы емес, елді кедейге билететін автономия алмақпыз. "Алашорданың" басындағы бұрын патшаға қызмет қылған төрелер, ақсүйектер, ескі оқығандар болатын. Олар саясат білмеді, төңкерістің бағытын болжай алмады, олар адасты. Адасқандарын кейбіреулері жаңа білді. Енді бізге қосылып жатқандары бар. Ахмет Байтұрсыновты естулеріңіз бар шығар?" - дейді. Алаштың басында тұрғандар патша өкіметі тұсында оқып, өмір сүрсе, күнін көру үшін неге қызмет істемеске? Ескі оқығандардай әлеуметтік топтан шыққанына қарап бағаланбай, халыққа сіңірген еңбегімен бағаланбақ емес пе? Олар саясатты білмедіге санау - ұшқары пікір. Нағыз саясатты солар білсін.... "Балшабизмнің" болашағын да жіті аңғарады. Бірақ күш қосқан, ақыл қосқандарының табансыз, жігерсіздігі, ұшқалақ ойы, өктем әрекеті ойға алған кең масштабты істің ойранын шығарады. Әліби Жанкелдин, Ахмет Байтұрсынов Лениннің қабылдауында болып, алашордалықтарды ақтап алуына осындай көрегендік бары талассыз ғой. Бұл - бүгінгі анықталған ақиқат биігінен айтылып отырған сөз. Ж.Аймауытовтар заман пиғылына қарай кейіпкер аузына әлгіндей сөз салмасқа лажы да жоқты. Шындығында, Ә.Бөкейханов, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер, Мұстафа Шоқай, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, М.Дулатов, т.б. зиялы азаматтарымыз адасқан жоқ, уақытқа бейімделді, дүниенің бәрін тып-тыйпыл қылып, аузын арандай ашқан айдаћардың жолында көлденең жату - көкбет өлермендік; қарадай құрбан болу - халықтың көксеген арманын жерге қарадай көмумен бір есеп. Оған олардың ары жетпеді.



"Ел қорғаны" пьесасының астарында бүгінгілер де, келешек ұрпақ та ақыл-оймен бойлап, түйіндейтін көк-түйін жұмбақтар жеткілікті. Шекспир трагедияларындағы адам образын жасау, уақыт шындығын кестелеу, оқиғаларды типтендіру, өлмес идеялардың, тартыстардың ширығар көзін табу, оны көркемдікпен бейнелеу тәсілдерін Жүсіпбек "Мансапқорлар" драмасында еркін пайдаланған. Пьесаның басты кейіпкері 55 жастағы болыс Қасқырбай - нағыз көкжалдың өзі. Мансап биігіне дәулеттің күшімен көтерілген алпауыт. Дүние шіркінді шыр айналдырып, жақсысы мен бар қызығын қамтып қалуға араны ашылған ашқарақ байқұсты тағдыр бір шикі өкпеден қысады. Уылжыған жап-жас әйелі бала көтермейді. Қасқырбай болыстың жыланның аяғын көрген жылпос інісі, тілмаш, жас оқыған Мүсілім ағасын орнынан тайдыру үшін жанынан безгендерден топ құрып, партиягерлік ұйымдастырып, үстінен арызды қардай боратып, ояздың аузын алады. Бірақ сезікті шаруаны бастауға сәті келіңкіремей жүргенде, сақасы алшысынан түседі. Қасқырбайдың шайтаны басылмаған тоқалы Күләнда "ғашықтық отына күйген" қайнысының өтінішімен күйеуінің ақысын аңдып, оңашада у беріп қатырады. Ағасын өлтіртіп, жеңгесін ластап, ояздың аузын ақ маймен тығындап, елді тақырға отырғызып барып Мүсілімнің болыстыққа қолы жетеді. Драматург осы пьеса оқиғалары негізінде досың қулар мен сұмдар болмасын, бауырыңа тартқан жақының жаныңды алар ажалың, қосылған қосағың беті жылтырап, іші қалтырап тұрмасын, аз ғұмырыңды ажалыңнан бұрын жалмап, не азаппен өткіземін демесең, аздыратын әзәзілдеріңді бойыңа дарытпауды мәслихат еткен. "Біреуге ор қазба, қазсаң тереңірек қаз, өзің түскенге жақсы". Қасқырбай трагедиясы соған меңзейді. Драмалық тартысы өткір, характер жасаудағы драматург ізденістерін байқататын сүбелі шығармасы - "Қанапия мен Шәрбану" пьесасы. Бір-бірін сүйген екі жас Қанапия мен Шәрбану тағдырларын қосуға ескі салттың үрдісі бөгет боп, көлденең тартылады. Оның үстіне 1916 жылғы шілде айындағы қара жұмысқа қазақтан солдат алу жөніндегі патша жарлығы кезінде туған тосын оқиғалар қос асықтың тәтті арманын ащы запыранға айналдырады. Жарлы Исатай жалғыз баласы Ынтықбайды солдаттан аман алып қалу мақсатымен әлпештеп отырған қызы Шәрбануды қолының қысқалығынан Сазанбай байға қосып, соның шарапаты тиюінен дәме қылады. Аздаған мал-мүлкін баласының жолына шашып-төгіп, қызын байға тоқалдыққа бергенімен, әлеуметтік теңсіздік сорлы кедейді құтқара алмайды. Жалғыз баласы қара жұмысқа алынып, Шәрбану Сансызбай мен көкдолы, қытымыр бәйбіше Қалипаның тозағына тап болады. Сүйген жігіті Қанапия солдаттан оралып, диуана кейпінде байдың үйіне келіп, ретін тауып тордағы тотысын қапастан құтқарып, милицияның көмегімен бастарына бостандық алады. Бұл, әрине, кездейсоқтық емес, жалшы өкіметі кедейлерге еркіндік берген, соларды қорғаған заманның шарапаты. Сазанбай баяғы дәуірі басында тұрса, өзіне "қорлығы" өткен пақыр жігіт пен асау да "күнәһар" тоқалын жазалаудың небір құлақ естімес түрін ойлап табарына сөз бар ма? Уақыттың қас-қабағынан жүрегі шайлыққан шонжар, бостандығын алып, уысынан шығып кеткен жастардан "кешірім" сұрап, ширыққан тартыс шешімін табады. Адам характері сол аумалы-төкпелі заман аясында бар сымбат-ажарымен, боямасыз-қоспасыз өзіне тән табиғатымен көрініс берген. Жүсіпбек бұқарашыл жазушы болғанымен, қазақты тапңа жіктеп, кедей мен байдың арасына ала баған тартпаған. Ұлттың намысты жоғары қойған, оған, әрине, сол кезде қазақтың зиялы қауымын толғандырған саясаттың ықпалы тимеді деу де қисынсыз. Патша отаршылдығы, ақтар мен большевиктердің қиян-кескі атыс-шабысынан, талауы мен қорлауынан азап шеккен жұртын енді бай, кедейге жіктеп, өзара қырқыстырмай, ауызбірлікті сақтап, елдің бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы ортақ күреске жұмылдырудың ниеті болғанын теріске шығармаймыз. Ел болған соң, қосақ арасында кімдер жүрмейді, бір күнгі билікке қолы жеткенге тыюсыз кеткен әперба¬қан болыс, өткенін көксеген тоқалқұмар бай халық тезінен қайда барады, ойымыздағыдай боп заман оңалса, жақсының қолына өкімет тізгіні тигеннен кейін бәрі емделеді деген драматургтің ұлтжанды, халықшыл идеясы жеңген. Жүсіпбекше айтсақ, жақсы заман, әділетті қоғам өз-өзінен қалыпты жолмен орнай қалмайды. Заман, уақыт, кеңістік сонда ғұмыр кешіп, әрекеттеніп жүрген азаматтарға ықпал етері сөзсіз. Дәуірден адамын, адамнан дәуірін бөліп алу мүмкін емес... Онда жазушы жасандылыққа ұрынбақ. Қазақтың ұлттық зиялы қауымының қалыптасу тарихы онша ұзақ та емес. Төңкеріске дейін Батыс Еуропа, Ресейдің ірі қалаларынан еуропалық білім мен тәрбие алған саусақпен санарлық оқығандар және орыс-қазақ мектептері, медресе, оқытушылар семинариясын тауысқандар болғанын білеміз. Жүсіпбек "Шернияз" пьесасында соңғы аталған оқу орнынан ұшқан ұлттық зиялылар өкілін арқау еткен. Өмірі мен әрекеті, жастық қызық-шыжығы, күрес әдісі де нақты өз болмысына тән орайластырылған. Қалада тәрбие алған оқыған азамат Шернияз ақын бар ізгілік, тазалық, әділдік, мырзалық, пәктік, сұлулық сахарада деп көңілі тоғайып жүретін. Жастық аңғырттықпен, бірбет асаулықпен қызметке кіріскенде, тіршілік шырғалаң-шиыры толқын үстіндегі жаңқадай қақпақыл қақтырып жағаға лақтырып тастайды. Ағасы Алшағырдың көңілін жықпаймын деп істеген заңсыз бір ісі ағайын, ру мен ру, жүз бен жүз, ауыл арасындағы дау-дамай, бітіспейтін керісті ушықтырып, піспеген басты тығырыққа тіреп, жас жігітті қызметінен кетуге мәжбүр етеді. Бұлай бұрсаң, арба сынады, бұлай тартсаң өгіз өледі. Ел арасы бүлініп, арты өртке айналуға аз-ақ қалғанда, "бұзылған елден" безіп, қалаға барып жан шақырады. Ауылдан ағайынның жікшілдік, партиягерлік мінезінен зәрезап боп шошынып, ширыққан Шерниязды драматург:

Нәрестедей таза жанды
Ел бар ғой деп ойлаушы ем.
Дос та, жар да, махаббат та
Елде ғой деп барлаушы ем...
Жүрегім елді кездірді
Бұзылған елден бездірді, -

деп толғандырады. Ақынжанды, кінәмшіл, шыншыл, елдің бәрін өз бойымен өлшейтін алғыр жігіт ауылдан безгенде, бәрін тәрк етуден де тайынбайды. Түн қатып жүріп, таңдап, тілінен бал жаласқан Раушаннан да үйлене салысымен газетті тауып бермегеніне шала бүлініп, қараңғы, сауатсыз, "шошқа" деп тіл тигізіп, қағынан жеріген құландай айнып, "досты да, жарды да, махаббатты да" қаладан таппақ ниетке бекінеді. Бірақ онда да оған құшағын ашып, пейіш төрін тосып тұрған ешкім табылмайды. Досы - баяғы ауылда Қарлығаштың әйелі Жаңылтайды күнәға итеріп, араларын өзі септестіретін Базарбай. Сыры, жымы бір болғанымен, Шерниязды "ақынсыған бір тантық, желеңдеген бір бәдік" деп, оған қойнына тасын жасырып, атарға оғы жоқ жаман досы еді. Осы Базарбай қалаға келген соң да Шернияз бен араларында қыл өтіспестей "достығын" жалғастырады. Гимназияны бітірген қала қызы Жәмиланы білімді, өнерлі, мәдениетті, ажарлы санап, "диуанамын делқұлы" деп жүріп, әйтеуір қылмыңдаған Жәмилаға Раушанды "анасының ақ сүтімен тастауға ант етіп", қосылады. "Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме" дегендей, опық жейді. Жарым деп құшқаны қаланың іске де, ғылымға да жоқ қуыс кеуде, сұйық жүрісті көк етікті бойжеткені болып шығады. Басқасын кім білсін, әйелі "досы" Базарбайдың ашынасы екенін көзімен көргенде, әр гүлге бір құмартып жүрген жел қуық Шернияз басына тас тиіп, есеңгіреп қалады. Аңсап келген білім ордасы санаған қаласы жынның ойнағы, азып-тозғандардың суық мекеніндей қалтыратады. Бұл дүниенің қызық-шыжығынан баз кешіп, күтуші есті әйел Разия айтпақшы, "жап-жақсы қатынын тастап, есі шыққан сорлы" Шернияз жаңа туған сәбиі Шоқаннан өлідей, опалы махаббаты Раушаннан тірідей айырылып, қаладан да, даладан да қолдау таппай, барар жер, басар тауы қалмай, үміті үзіліп торығады. Жүсіпбек Шерниязды сынап-мінеп, жолсыз қылықтарын әшкерелуден аулақ, қайта оған іш тартады. Елге қорған болатын, ізгілік, бостандық жолында өліспей беріспейтін күреске бастайтын серке, халық қасіретін бойына сіңіретін ер тұлға аспаннан түспейтіні белгілі. Л.Толстой айтпақшы, құлап, жығылып, батпаққа аунап, тауға, тасқа басын соғып, қайта тұрып, қайта азапқа түсіп жүріп, өмірдің ыстық-суығына шынығып барып шыңдалған адамнан енді көп нәрсені күтуге болады. Аймауытов жағымды кейіпкер жасаудың жаттанды, жасанды тәсілінен саналы түрде безіп, шынайы реализм жолынан айнымаған.

Дәулетті үйелменнен шыққан, көне қоғамның қойнауында тәрбиеленіп, арнаулы оқу орындарынан білім алып, жаңа заман рухын мойындаған оқымысты жігіт өз бетімен қызмет етіп, отбасылы болып, екі ұдай жолға түсіп, екі қиырға тартып, екі түрлі көзқарас арасында күресіп, жеңіліп барып, ащы таяқ етіне тигеннен кейін, санасы салқын тартып, азаматтық парызы сілтеген жолына түсуі ақиқат. Жаны нәзік, санасы сергек, жүрегі таза ақынның ояну эволюциясын Жүсіпбек қапысыз ашқан. Азамат соғысы кезіндегі елдің шонжар, болыс-билерінің лаңы, ақсақалдарының бұйрығы, ұрылардың қылмысынан, бақсының, молданың, парақорлардың халыққа тарттырған азабы, қорлығына шыдамай, теңіздей долданып, буырқанған Шернияз:

Ой, кер заман, кер заман,
Талан-тараж қан жылау,
Қабақ қату қансырау.
Азаматы жабылу,
Малы күнде сабылу,
Ұлып жатыр Ұлы жүз?
Қырғын тауып аштықтан,
Ел еңіреп егілу.
Кіші жүзі тұншығып,
Елін әскер жеміру.
Орта жүзі ойсырап,
Сұм Колчактан езілу.
"Сорлатам" деп қазақты
Қазақтың көзі қарықты
Азаматын қырам деп
Атаман Дутов желігу.
Кеше бір туған жарық күн
Көріне түсіп шегіну, -

дейді. Шернияздың бұл монологынан біз іштей өзін-өзі тұншықтырып, кегін, жойқын әрекетін түпке сақтаған жанартаудай аласұрған сәтін аңдаймыз. Ол күллі қазақ шеккен ғазап уытының "дәмін алып отыр". Ұлы жүз аштан қырылып, Кіші жүзді қазақ-орыстар тұншықтырып, Орта жүзді Колчак сұм табанымен таптап, тыпырлатып жатыр, көзіқарықты қазақты атаман Дутов түгел қырып, ұлы Қазан әкелген жарық күнді ақтар мен интервенттер сөндірмек, бақытты тартып алмақ. Міне, дабыл соғылды, күнім туды, жеке бастың сәтсіздігін, шырғалаңын ойлар жай жоқ, топқа қосылып, халқымызды жұтып қоймақ болған айдаһарлар Колчак пен Дутовтың "басын қағып" алғанша арпалысу қажет. Азаттығын, тәуелсіздігін алмаған ел құл болуға ғана жаралған мешел, мешеу ел. Пьесаның финалында өмір өткелінен өтіп, кемдікте, қорлықта жүрген жылаулы еліне қорған болып, жұбатуға белін бекем буған парасат иесі Шерниязды көреміз.

Жүсіпбек Аймауытов осылайша, көйлекшең тумаған, күнәдан да пәк емес, бірақ халқына шын берілген, заман тынысына қанық, елдің жуан ортасынан суырыла шыққан қазақ зиялысының ояну, күреске келу стихиясын нанымды бейнелеген.

"Шернияз" - үлкен қоғамдық, әлеуметтік, моральдық, этикалық, адамгершілік, гуманистік мәселелерді кең арнада қамтыған ақ өлеңмен, публицистикалық стильмен жазылған философиялық драма. Сондықтан да болар, пьесаға жарияланған жабық байқауда "Шернияз" бірінші, ал М.Әуезовтың "Қарагөзі" екінші орын алған. Жүсіпбектің пьесалары тақырып жағынан бірін-бірі толықтырып, дәуірдің тұтас картинасын жасайды. Тартыстары шымыр, кейіпкерлері бірінің образын бірі ажарлап, әрекетін, мінезін айқындап, оқиғадан оқиғаға іріленіп отырады. Драматург кейіпкерлер санын өсіруге ынтықпайды, шақтаулы кейіпкерлерімен шалқар шындықты алдыңа жайып салуға қаламгерлік қажыры еркін жеткен. Артық оқиға, шашау шыққан әрекет, тілдегі олақтық оған жат.

Жүсіпбек Аймауытов - өз өмірінде сан салалы шығармашылық қызмет атқарған адам. Оның әдебиеттің білікті сыншысы ретінде танытқан мақалалары: "Абайдан соңғы ақындар" /1918 жылы М.Әуезовпен бірігіп жазған/, "Мағжанның аңындығы туралы", "Сұңқар жыры", "Әдебиет мәселесі", "Көркем әдебиетті саралау", әлі де оқушылар қолына тие қоймаған театр, музыка, өнер тарихына қатысты жазғандары бар көрінеді. Бұл еңбектерден байқалатын жай, Жүсіпбек өз бетімен қол-көсір білім алған, заманның ең ғұлама адамдарының бірі болғандығы. Әсіресе, ақын Мағжан Жұмабаевтың поэтикалық әлеміне терең бойлап баруы, оның үлгі-өнеге алған мектебін, әр шығармасының өмірге келу тарихын байыппен, парасатпен талдайтын зерделілігі таңқалатын құбылыс. Бұл мақала күні бүгінге дейін мағжантану ғылымының көш басында тұруы содан.

"Көркем әдебиетті саралау" атты мақаласында төңкеріске дейін көр-жерді өлең қылған қожа-молдалардың тірлігін, оның бөтен сөзбен былғанған "шала сауатты поэзиясын" сынай келіп, Жүсіпбек қайткеңде олең өнер болады деген сауалға толымды жауап іздейді. Жазушы шығармашылығын сөз еткеңде, ол өмір сүрген дәуірінен шығармашылығын бөле-жармай, бірлікте қарастыруды мәслихат еткен. "Сұңқар жыры" мақаласында М.Горький шығармашылығы жөнінде қазақ жазушысы өз пайымдауларын ортаға салады. Қазақ оқырмандарын Горькийді тануға жетелеген ойлы да бағалы еңбек.

Ж. Аймауытов - әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерінен мол хабардар кісі. Ол оларды оқып, тәлім алып қана қоймай, Н.В.Гогольдің "Бақылаушы" /"Ревизор"/, А.С. Пушкиннің "Тас мейман", "Сараң сері", А.Дюманың "Дәмелі", "Тамилла", Дж.Лондонның "Телегей теңіз", К.Берковичтің "Өрбике", С.Чуйковтың "Тау еліндегі оқиға" шығармаларын майын тамыза қазақшалаған. Сондай-ақ, Аймауытов шығармашылығын зерттеп жүрген ғалымдар оның В.Шекспир, Г.Мопассан, Р.Тагор, М.Горькийден өзін қатты толғандырған дүниелерді көптеп аударғаны жөніндегі мәліметтер барлығын еске салады.

Ол - ұлы Л.Толстой, Абай тәрізді ағартушылық идеяны өмірінің мағынасы санаған адам. Қаншама қоғамдық, жазушылық қызметпен мұрнынан шаншыла шұғылданып жүрсе де, жастарды жаңа рухта тәрбиелеуден сырт қала алмай, оларға бар ғылым саласынан мол білім беруді көксеген жан. Қазақ мектептерінің педагогика, психология, бала тәрбиесі жөнінде оқулықтар мен оқу құралдарына зәрулігін ескеріп, өзі соларды жазуға белсене араласқан. "Тәрбие жетекшісі" /1924/, "Психология" /1924/, "Жан жүйесі және өнер таңдауы" /1926/ атты өз кезінде мінсіз қызмет атқарған кітаптарын шығарады. Өзі жазуға мүмкіндігі жетпеген оқулықтарды аударуға да белсене араласқан. Мұның бәрі Ж.Аймауытовтың жаны нәзік ағартушы, сергек, халықтың талап-тілегіне құлақ асқыш үлкен педагог-ғалым екендігін аңғартады.



Ж. Аймауытов қазақ қоғамы дамуының ең бір күрделі кезінде, төңкерістер дәуірінде аз ғана ғұмыр сүріп, азап пен қуғынды көп көрсе де, мойымай, халқына деген адал пейілінен айнымаған, жан-жақты өнер иесі, сегіз қырлы, бір сырлы дарынды перзенті. Тағдыр жазған келте ғүмырында өлмес рухани мұра қалдырды.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет