Соөж тақырыбы



Дата08.10.2022
өлшемі52,76 Kb.
#152193
Байланысты:
Намазова А
Жанайдар Алихан Жм723, 1-2021-4-000465245-1-1 (1), 1-2021-4-000465245-1-1, ЛД қысқы емтихан 190 сұрақ, 1-топ 5сабақ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ФИЛОЛОГИЯ ЖӘНЕ КӨПТІЛДІ БІЛІМ БЕРУ ИНСТИТУТЫ
АКАДЕМИК С.ҚИРАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТ КАФЕДРАСЫ

СОӨЖ
ТАҚЫРЫБЫ:
Сөз тіркестерінің қызметі. Тапсырма: Номинативтік, синтаксистік қызметтегі сөз тіркестерінің ерекшеліктері мен ұқсастығын ажырату.

Орындаған: Намазова А.
Тексерген: Қоқанова Ж.
Мамандығы:6В02301-Филология
Тобы: 3 курс 302 топ
Сөз тіркесі мәселесі 1950 жылдарға дейін жай сөйлемдерң мен құрмалас сөйлемдер аясында қаралып, арнайы зерттеу обьектісі болмаған. Тіл ғылымының саласы синтаксистің дамуы барысында сөз тіркесі синтаксисі түркологияда арнайы зерттеліп, оның өзіндік зерттеу обьектісі анықталды. Нәтижесінде сөз тіркесінің мазмұны айқындалып, кейбір мәселелердің одан әрі зерттелуіне жол ашылды. Сөз тіркесін зерттеген ғалымдардың бірқатары сөз тіркесіне номинативтілік қасиет, ал сөйлемге коммуникативтік қасиет тән деп көрсетеді. Мәселен, В.В.Виноградов, А.С.Смирницкий, В.В.Бабайцева, К.Аханов, А.Н. Баскаков сөз тіркесіне номинативтік қасиет тән десе, Ю.В.Фоменко, Л.И.Моисеев, М.Б.Балақаев сөз тіркесінің номинативтілігін жоққа шығарады. Қазақ тіл білімінің маманы К.Аханов осы жайлы: «Сөз тіркестері номинативті сипатқа бұрыннан жасалып қойған, даяр тұрған единицалар ретінде емес, сөздердің тілдің грамматикалық заңдары бойынша тіркесуі арқылы ие болады»,  дейді. Ал ғалым Ә.Аблақов мұндай пікірді құптамайды және осы ойын былай жеткізеді: «Номинативтілік – сөздерге тән қасиет. Сөздердің номинативтілігін барлық ғалымдар бір ауыздан қуаттайды. Демек осылай дейтін болсақ, номинативті мәнге ие сөздердің тіркесінен, яғни толық мағыналы екі сөзден үшінші бір номинативтілік мән пайда болады деу ақылға сыйымсыз тәрізді. Ал бір сөздің бойындағы номинативтілік екінші сөз тіркесінде ешбір өзгеріссіз сол қалпында қалып қоймайды, егер ол сөзге екінші сөздің тіркесуінен ешбір мән қосылмаса, өзгермесе, онда екінші сөздің тіркесуінің ешбір қажеті де болмас еді: мұны мынадан байқауға болар еді. Тау, көл, тас дегендер заттардың жеке, дара атаулары болса, қызыл, көк, алғыр, епті деген сөздер сапа атаулары, сондай-ақ, қазу, ою, орнату деген сөздер іс-әрекеттің аттары. Осындай номинативті білдіретін сөздер өзара тіркескенде тағы бір номинативтілік мәнді білдірмейді, тіркескен екі сөздің арасынан жаңа мағыналық қатынас пайда болады, яғни жекеленген номинативті мағынаның үстіне анықтауыштық, толықтауыштық пысықтауыштық тәрізді жаңа граммматикалық мағыналар пайда болып, ой құрауға септігін тигізеді. Мысалы, епті жігіт дейтін болсақ, сапа атауы «епті» мен зат атауы «жігіт», басқаша айтқанда номинативті атаулардың тіркесінен тағы бір номинативті мән пайда болған жоқ, жаңа грамматикалық мағына жасалып тұр, ол – анықтауыштық қатынас. Сондай-ақ жер қазу деген тіркес зат атауы мен іс-әрекет атауы тіркесіп келіп, толықтауыштық қатынасты білдіріп тұр». Бұл тұжырым арқылы номинативтілік қасиетінің жеке сөзге тән құбылыс екенін, ал сөз тіркестерінің осы номинативті мағынаның үстіне жаңа грамматикалық мағыналардың қосылуы арқылы жасалатынын көреміз.
Сөз тіркесінің табиғатын ашу барысында ғалым бірнеше мәселелерге көңіл бөледі. Сөйлем, оның ішінде жай сөйлем мен сөз тіркестерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын көрсетеді. Сөйлем сөз тіркесінен, ең алдымен, коммуникативтік қызметі, яғни бірдеңе жайында хабар беру қызметі жағынан ажыратылады, ал сөз тіркесінде мұндай қасиет жоқ. Ғалым өз ойын мына мысалдар арқылы жеткізеді: 1) Мұғалім келді. 2) үйден келді. Біріншісі – сөйлем, екіншісі  сөз тіркесі. Сөйлемнің өзіне тән белгілі бір құрылымдық үлгісі болады, ол – сол үлгі бойынша жасалады. Дербес қолданылуға мүмкіндік беретін құрылымдық үлгі – бастауыш-баяндауыштық құрылымдық үлгі. Бұл тек сөйлемге тән құрылымдық белгі. Сонымен сөйлем сөз тіркесінен предикативтілік қасиетімен, коммуникативтілік қызметімен, бастауыш-баяндауыштық құрылымдық үлгісімен, сондай-ақ интонациялық, модальдылық белгілерімен ажырытылады. Бұл қасиеттер сөйлемнің негізгі белгілері. Осы қасиеттері арқылы біз сөз тіркесімен айырмашылығын білеміз. Ендігі мәселе сөз тіркесінің өзіне тән негізгі белгілері, сөз тіркесі деп танудың жолдары. 


Ғалым Ә.Аблақов сөз тіркесін өзге құбылыстардан ажыратудың бірнеше белгілері бар екенін, бірақ солардың ішінде тіркес құрамындағы сөздердің бірінің екіншісіне бағына байланысы немесе бірімен-бірінің екіншісіне бағына байланысы немесе бірімен-бірінің бағыныңқы граммматикалық байланыс арқылы тіркесуі ажырытушы белгілердің ішіндегі ең маңыздысы екенін көрсетеді. Осы тұрғыдан қарағанда предикативтік қатынас негізінде жасалған тіркестерді сөз тіркестерінің қатарына жатқызамыз ба, әлде сөйлемнің қатарына жатқызамыз ба деген сұраққа тіл білімі мамандары әр түрлі жауап береді. Бұл жайында О.С.Ахманова былай дейді: «Байланыстың негізгі үш түрі –атрибутивті, комплективті және предикативті түрлерінің ішінен біріншісі әрқашан да сөз тіркесін тудырады; байланыстың екінші түрі өздерінің тығыз байланысты формаларында ғана сөз тіркесін тудырады; үшіншісі оны ешқашан да тудыра алмайды». Мұндай пікірді жақтаушылар предикативті қатынас негізінде жасалған тіркестерді сөз тіркестерінің қатарында қарамай, предикативті конструкция немесе предикативті тізбек деп есептеп, бұларды сөз тіркестерінің синтаксисі емес, сөйлемнің синтаксисі деп тану керек дейді. Мұндай көзқарасқа профессор М.Б.Балақаев қарсы пікір айтады: «Сөйлемді сөйлемдік қасиеттеріне қарап сөз тікестерін де өзіндік қасиеттеріне қарап танып, мысалы, жазық дала дегенді сөз тіркесі деп танысақ, атқа мінді дегенді әрі сөйлем, әрі сөз тіркесі деп қарау керек»,  дейді». Осы секілді ғалымдардың пікірін талдай отырып, ғалым өзінің ой-тұжырымдарын былай жеткізеді: «Біздің пікірімізшеатқа мінді деген – сөйлем емес, сөз тіркесі. Өйткені мұнда сөйлемге тән бастауыш-баяндауыштық құрылымдық үлгі жоқ, меңгерудің бағыныңқы байланысына тән тәуелді, бағынышты септік бар, ол барыс жалғаулы сөз, яғни ат деген сөз мін етістігінің лексика – грамматикалық мағынасына орай барыс септігінің -қа жалғауын қабылдап тұр». Осылай мұндай тіркестердің сөз тіркесі екенін дәлелдей келе, ғалым оның сөйлемнің обьектісі ретінде қарастырылуына мынадай тұжырым келтіреді: «Атқа мінді дегеннің сөйлем сияқты көрініп тұрған белгісі мінді етістігінің тұлғасына байланысты. Сөз тіркесі болу үшін мінді етістігінің қай тұлғада тұруы емес, мінсе, мініп, мін, мінбей бола беру мүмкін. Ал етіcтіктің жедел өткен шақ және 3-жақ жіктік жалғауының нөлдік тұлғасы сөз тіркесінің байланысына қатысы жоқ, бірақ осы жерде 3-жақ субьектінің бар екенін нұсқап тұр. Атқа мінді деген сөйлемді белгілеп тұр, сөйтіп, сөйлемге тән модальдылық, интонация және коммуникативтік сипат жедел өткен шақ пен жіктік жалғау тұлғалары арқылы беріліп, ол деген сөзбен бастауыштық-баяндауыштық қатынасқа түсу негізінде ой білдіріп, сөйлем болып тұр». Ғалым бұл тұжырымы арқылы сөз тіркесі мен сөйлемнің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын көрсетеді. 3-жақ субьектінің болуы оның сөйлемге тән белгілерінің бірі болып табылады. Осы мәселелермен қатар сөз тіркесінің атаулық мәнді білдіретін тіркестерден өзгешелігі, атаулық тіркестер мен сөз тіркестерінің және фразеологиялық тіркестер мен сөз тіркестерінің бір-бірінен айырмашылығын көрсетеді. Атаулық тіркестердің еркін синтаксистік тіркестерден айырмашылығы тұрақты фразеологиялық тіркестердегідей атаулық тіркестердің грамматикалық байланысы орын тәртібі арқылы тұрақты болады. Мұндай лексикалық орамдардың құрылысы да, құрамы да біршама тұрақты. Құрамындағы сөздер қалай болса солай ауыса бермейді. Мысалы: еңбек ақы, жер шары, т.б. Бұл тіркестер синтаксистік сөз тіркестеріндегідей сөйлеу процесінде құрылмайды, осы тұлғасында даяр бір бүтін лексема ретінде қолданылады. Сондықтан олар жеке-жеке бөлініп, сөйлем мүшелері бойынша бөлшектеп талдауға көнбейді, бұлардың арасына сөз салып қолдануға да болмайды. Осындай белгілерін ескере келе атаулық тіркестер мен фразеологиялық тіркестердің ұқсастығын айтады. Бірақ бұлардың өзіндік айырмашылықтары бар. Атаулық тіркестер, негізінен, заттың, құбылыстың атауы болса, фразеологиялық тіркестер атаулық мағынада қолданылмайды. Олар көбінесе көркемдік, бейнелік мағынада қолданылады, ал атаулы тіркестер ондай қызмет атқара алмайды. Фразеологиялық тіркестердің екінші бір ерекшілігі – оның метафоралық ауыспалы мағынада қолданылуы. Бұл  фразеологиялық тіркестің басты белгісі. Келесі бір тіркестің түрі бұл – салаласа байланысқан тіркестер. Бұл тіркес түріне ғалым мынадай анықтама береді. «Тілімізде толық лексикалық мағынасы бар сөздер тізбегінен тұратын бірқатар тіркестер кездеседі. Бұлардың қатарына қыз бен жігіт, әке мен шеше, сабырлы да ажарлы тәрізді тіркестер жатады. Осы типтес тіркестер тіл білімінде салаласа байланысқан тіркестер немесе сөздердің салалас қатарлары деп аталып жүр». Салаласа байланысқан сөз тіркестерінің негізгі ерекшелігі  ретінде тіркестердегі бағыныңқы және басыңқы сыңарлардың болмауы, олардың бірыңғай мәнде, тең дәрежеде байланысуы. Екінші бір ерекшелігі мұндай тіркестер құрамындағы сөздердің бірін түсіріп айтуға және орын алмастырып айтуға болады, бірақ бұдан салаластық қатар ыдырамайды. Мысалы: ұл мен қыз-ұл, қыз немесе қыз бен ұл-қыз, ұл және т.б. Сөйтіп, бұлар сөйлемнің бірыңғай мүшелерін құрайды, сөз тіркесі бола алмайды. Ал сабақтаса байланысқан сөз тіркестері сыңарларының бірін түсіріп айтуға немесе орны жағынан өзара алмастыруға болмайды, өйткені мұндай жағдайда сөз тіркесінің мазмұны мен грамматикалық табиғаты өзгеріп кетеді. Ендігі бір тіркес түрі бұл  түйдекті тіркес. Бұл тіркес сөз тіркесі болу үшін, басқа бір лексикалық мағынасы бар сөздермен тіркесуі керек: үйге дейін барды, ауылдың маңы терең сай. 
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Аблақов Ә., Исаев С., Ағманов Е. Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің дамуы мен лексикалану процесі.  Алматы: Сана», 1997.  319 бет.
2. А.Аблақов. Қазіргі қазақ тіліндегі барыс жалғаулы сөз тіркестері.  Алматы, 1973.  73 бет
3. А.Аблақов. Қазіргі қазақ тіліндегі шығыс жалғаулы сөз тіркестері.  Алматы, 1977.  79 бет.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет