Тоқсан би мен Құнанбай



бет2/3
Дата03.04.2018
өлшемі419,38 Kb.
#40087
1   2   3

Көктем

Май жұлдызының бас кезі. Жердің беті кілемнің түріндей жап-жасыл, таң атып, күн шығып келе жатыр. Таңертеңгі түскен шықтың тамшысы қызарып шығып келе жатқан күннің сәулесіне шағылысып, өсімдіктердің басы күмістей жылт-жылт етеді. Қалың тоғайдың арасынан ирек-ирек болып аққан жіңішке өзеннің үстінен көтерілген аппақ тұман, шықпен буланып, маңдайы терлеп, төмен қарап тұрған талдар, талдың арасымен сылдырап аққан өзеннің суы, анадайдан қарайып көрінген жардың жағасында жағалай қонған елдің қыстауы. Көктің жүзі көкпеңбек теңіз секілді. Шөптің басы қимылдарлық жел жоқ. Тып-тыныш. Табиғаттың барлық нәрсеге ықылас көзбен күліп тұрған күні еді. (90 сөз). 

(С.Дөнентаев)


Ел мұраты – Тәуелсіздік


Тәуелсіздік – мемлекеттік тұрғыдан алғанда еліміздің еркіндігі, елдің тізгінін өз қолына алуы, өз билігінде болуы.

Қазақстан Республикасы – халықаралық деңгейде басқа елдермен терезесі тең түсетін тәуелсіз мемлекет.

Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі», - деп жарияланды.

Мемлекетімізде іс қағаздары қазақша жүргізіліп, тіл мәртебесі жылдан-жылға көтеріле бастады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «әкесі баласымен, атасы немересімен, ері әйелімен, әкімдер халықпен, әлеумет бір-бірімен ана тілінде сөйлессін», - деген ұлағатты сөзін басшылыққа ала отырып, тіл саясаты ойдағыдай орындалып келеді.

Ел тәуелсіздігінің болашағы жарқын болсын! (77 сөз).


Тірлік қамы

Әкеміз үш ағайынды кісі болатын. Өздері сондай ұйымшыл, аз ғана шаруаларын ортақ ұстап, біріне-бірі үнемі жалғасып отыратын еді. Сондықтан өз малдарын өздері бағып, біріне-бірі үлкен, кішілік етпейтін. Мал түлігі болғаннан бастап, жазда аз ғана жылқыны бағу, қыста түйе, сиыр сияқты ірі қараны өріске шығарып, кешке қораға жинау міндетіме айналды. Мың тоғыз жүз он бірінші жылы ауыл қыстауға келісімен әкемнің нағашыларының ауылына бардым. Өйткені ауыл арасы қыста қанаттас болғанымен, жазда бөлек жайлап, қысқа қарсы сағыныса қатынасатынбыз. Мен келсем, ол ауылда ерекше бір жаңалық басталыпты. Әкемнің нағашы ағасы малды, әрі атқамінер, кісілікті ауылдан болатын. Солар Семейден бір ноғай жігітін жалдап әкеліп, балаларын орысша оқыта бастапты. Олардың балалары да мен құралыптас болатын. (111 сөз)


Қырманда

Қырман қызып, қамбаға астық құйыла бастаған шақ еді. Бала-шағаға дейін қырман қызығында жүретін-ді. Ерсілі-қарсылы егіз арбалар қырман мен егістік арасын ақшаңдақ жолға айналдырды. Аумағы алты қанат үш үйдің орнындай қырманда алты түйе шырқ көбелек айналады. Жас сабан сары түйедей әп-сәтте үйіліп қалады. Үстінде бала-шаға асыр салады. Бір топ қатын-қалаш жел жақта тары ұшырып жүр. Ағаш күректермен ақ маржан тарыны көсіп-көсіп алады да, жоғарыдан төмен суылдатады.

Баданадай-баданадай алтын дәндер шаң-тозаңнан арылып, жал-жал боп үйіліп жатады. Сол мол ырыздықты еркін кешіп, ұзын шұбақ жаюлы жатқан алашалардың үстіне әкеп бірнеше адам тарыны шапшаң-шапшаң електен өткізеді. Қиқым-сиқымнан әбден тазартысымен қапшықтап, таразыға салып, ауыздарын шуда жіппен сықита тігіп, дереу арбаға тиеп, қоймаға жөнелтіп тұрған екінші топтағылар да айрықша қам-қарекет үстінде еді. (125 сөз)


Жер үйде

Ахат ата баланың тамырын бір сәт ұстап, үнсіз қалған. Құныстана жүресінен отырып, басын ірге жаққа бұрып, көзін шарт жұмып алған. Қартайғанда қас та ағарады екен, жалбыраған бурыл қас жұмулы көзін көлегейлеп тұр. Шағын жер үйдің іші тым-тырыс, ала көлеңке. Тек жалғыз терезенің құрақ көзін бір көк шыбын түрткілеп, шығарға тесік таппай, ызыңдап мазаны алып барады. Жайшылықта еленбес еді, мына сын сәтте көк шыбынның жанталаса ызыңдауы үйдегілерге жайсыз тиді.

Жер кепенің төбесін көтеріп тұрған жалғыз тірегі – жуан белағаш. Оның да ырсиған жарығы бар. Белағашқа екі бүйірінен бұталмаған шыбықтар салынған. Үйдің ішкі төбесі сыланбаған. Жертөленің ортасына жаққан оттың жалыны мен түтінінен үйдің төбесі әбден жылтырап ысталған. (105 сөз)

(Ш.Мұртаза)

Ән құдіреті

Әміре сахна ортасында әуелі халыққа ізет көрсетіп, бас иді. Басында оюлы тақия, үстінде жеңіл шапан, қолында домбыра. Ол шеті түпсіз көрінген кең залға қарады да, «Қанапия» әнін айтты.

Жастық шағы киіз үй мен кең далада өткен Әміреге бұл зал үлкен болып көрінсе де, ол айтуға келгенде, тар сезілді. Сондықтан оның таудан тау асып, жаңғыртатын сұлу да ашық дауысы Еуропа тыңдаушыларын қатты таңдандырды. «Қанапия» әнінің аяғын созып барып, домбыраны желпіндіре бітіргенде, тілдің керектігі болмады. Ән аса күшті дауыспен шарықтап барып аяқталғанда, сүйсініп отырғандар қайран қалысты. Ән тым тез біткендей. Ұйып тыңдаған халық әнші орнынан тұрып, бас игенде ғана ду қол шапалақтады. Залдан «бис...бис...» деген дауыстар жамырай естіліп жатты. (108 сөз)

(Жарқын Шәкәрімов)

Дала перзенті

Көкем екеуміз көл жағалап кеттік. Үндемей ғана жағалап келеміз. Көкем: «Сөйлеме, жөтелме» – деп ескерткен. Бір рет түшкіргенім болмаса, жөтелгенім жоқ. Дөңмаңдай мен қоңыр құлын соңымызда. Олар да үндемей ғана еріп келеді. Бір дөң көлге тұмсығын сұғып, көлденең тұр еді. Осы дөңге тірелгенімізде, көкем маған сыбырлады:

- Көл мына тұмсықтың сыртын айналып жатыр. Қазір құстар уәлаятының қандай екенін көресің. Осыны айтты да, шоқыта кеп жөнелді. Боз бие де лып ете қалды. Көлденең жатқан дөңді бір лезде көлденеңінен кесіп түстік. Әрігіректе қалың құрақ. Одан бері көк шалғын дауыл соққандай теңселді. Алғашқыда білмедім. Сөйтсем, шалғын түбі шалшық су, судың беті толы қаз, мамыр үйрек екен. Олар бізден шошып, қалың құраққа қарай лап қойыпты. (108 сөз)

(М. Тлесов)

Алып-анадан туады

Ауылдың көлік ағытқан жері, өткен жыл, мекенін переселенге өлшеп, үйлерін көктемде көшірген ауылдың жұрты еді. Сол жұрттағы қалың бұйра талдың арасында құдық барын Баймырза біледі.

Ол қарына шелек іліп, өгізін жетектеп жөнелді. Бұл кезде жаңбыр толастап, бұлт бытырай бастады. Бірақ желдің екпіні әрі күшті, әрі суық. Күннің батып бара жатқан белгісін батыстың жиегіндегі қызыл күрең бұлт білдіріп тұр.

Тал арасындағы құдықтың жиегі опырылған, айналасы дөңес сары балшық екен. Баймырза шелекке таққан жібін қолынан сусыта бергенде, тереңдегі сасықтау сары судың иісін сезіп, шөлдеген өгіз де мұрнын шүйіріп, төмен еңкейді. Су толған шелекті Баймырза жоғары көтеріп еді, иығына біреу қаққан сияқтанды, қараса, саз балшықтан сырғанап, өгізі құдыққа құлап барады. (107 сөз)

(С.Мұқанов)

Тамыр-тынымсыз «насос»

Тамыр ылғалды топырақтың өте терең қабатынан сорып алады. Күн аса ысыған кезде, жапырақтар суды неғұрлым көп буландырса, тамырдың жұмысы да соғұрлым күшейеді. Суға жету үшін тереңге еніп, таралып, жан-жағына жайылады. Кейде топыраққа ылғал жетіспейді, ал су өте суық болса, тамыр оны сора алмайды.

Жапырақтың суды буландыруы мен тамырдың топырақтан суды сорып алу шамасы ылғи да тең түсуі керек, егер бірінің жұмысы бәсеңдеп кетсе, екіншісінің да жұмысы бәсеңдейді, осы кезде жапырақтар мерзімінен бұрын сарғайып түсе бастайды. Мұндай жағдай көбінесе жапырақта кездеседі, себебі жапырақтар суды пайдаланады, ал тамыр насостың қызметін атқарып, суды жеткізіп отырады. Жапырақ пен тамыр жұмысының сәйкес келмей қалуы өнімді төмендетеді. (110 сөз)


Атамекен


Түн. Мен далада сәкі үстінде жатырмын. Аспанда жұлдыздар жымыңдайды. Жұлдыздар арасында Ай. Дала сүттей жарық. Тау жақтан салқын леп соғады. Жым-жырт тыныштық. Мен ояу жатырмын. Ұйқым келер емес. Қандай сүйкімді көрініс. Табиғат бір мезгіл тыныс алғандай. Тілмен айтып жеткізудің өзі қиын. Тіпті суретшілер де дәл осындай көріністі көз алдында келтіре алмас. Тек табиғаттың ғана қолынан келетіндей.

Аулыңнан алыс жаққа шықсаң, қайтып келуге асығасың. Келсең, таныс көшелер, үйлер, адамдар – бәрі көзіңе оттай басылады. Тіпті басқа жердің балаларымен қосыла қалсаң, арасына аздап өтірік қосып аулыңды мақтап жібересің. Осының соншалықты қымбат, сүйкімді болуының сыры неде? Өйткені сенің туған жерің - балалық бал дәуренің өткен жер. Сондықтан бұл саған соншалықты ыстық, соншалықты қымбат, соншалықты сүйкімді. (109 сөз)
Атау сыры


Өзендер сияқты таулардың да аттары бар. Түрлері қандай болса, бұлардың аттары да сондай. Құсмұрынның мұрны қораздың тұмсығына ұқсас. Біздің ауылға жақын таудың аты - Қарабура. Оның өзі ашуланшақ жалбыр шуда қара бура сияқты. Екі өркеші дәу Қарабура мойнын созып, Айнабұлақтан су ішіп тұр. Тайменденің Сарытауы - егіз боталы сары інген. Ол егіз ботасын ертіп, өріске беттеп барады. Қарақойын, Қашырлы шұбырып, Керей өзеніне келе жатыр. Көкдомбақ төңкерілген көк қазанға ұқсас.

Қозылар жаздай қозы болып жүреді. Олар тек қар жауғанда тоқты болады. Тоқтылар - қыстыгүні қойдың ішіндегі ең әлсізі, ең тоңғағы. Сондықтан тоқтыларды ең жақсы тауға қыстатады. Сондықтан сол тау Тоқтытау аталыпты. Барлық жабағы қыстан тай болып шығады екен. Сол үшін әлгі бір сары тау Тайменде атаныпты.

Бір жылғада жалғыз құдық. Бір сайдың бойында жеті құдық. Бір ойпаңның аты – Төртқұдық. Бір кең алқаптың аты - Қырыққұдық. (131 сөз)

Қайран Құлагер


Қайран Құлагер. Ақан серіні бес жыл асқақтатып, әбден толықсып, тоғыз жасында қапыда мерт болды.

Бұл қайғылы астан бұрын Ақан серінің мәртебесін аспандатқан ғаламат ас - Құлагерге қылқұйрық тұқымының ең асылы пар келмеген Аққошқар-Сайдалының асы болмады ма, Алтай елінде. Сол аста Құлагермен бірге Арғын ішінде Мұрат деген бір бұтақтан тарайтын елдің жуандары Батыраш, Қотыраш дегендер және Барақбай деген көк бөрі де атын қосты. Бөрібай осы Барақбайдың даяшы жігіті еді. Шаш ал десе, бас алатын осы қағынған қара жүрек қарақшы, тақалып қалған аттардың алдынан шауып шығып, елден ерек Барақбайдың боз атын көтермелеп тарта жөнеледі. Сағынай асындағы Құлагер қасіретін айналып келгенде ел осылардан көреді. Қасым қарияның дәптеріне осы оқиғалардың біразы енген.

- Әрине, Ақан серінің ет жақыны біз ғана іздеп, біз ғана қастерлейміз. Ол халықтың бір ғасырда бір-ақ туатын асыл перзенті. Қазақ әнінің інжу-маржанын берген өнердің бір еркебұланы. Құлагеріндей дүлдүл ақыны. Тұла бойы даналықтан жаралған табиғат сыйы - ол! - деп Қасым қария бір ойлы толғанысқа түсті.

Сыртта Көкшенің көк нөсері төкті де тұрды. (165 сөз)


Әнші Әмірқан


Жұрт төмен қарап, әркім жүрегімен сырласқандай, әншінің бітіргенін де сезбей қалды. Кенет тым-тырыс бола қалады да, шапалақ қайта соғылды. Қалғып кетіп оянған, қызықты тәтті түс көрген, қайтарам деп талпынған кісідей, жанға жаққан тәтті үннің кеткеніне өкініп, өршелене соғады.

Әмірқан тымағын қыңырайта киіп тағы барды. Тағы соқты. Тағы да ескектете, желпіндіре, желіктіре, ышқындыра, құлшындыра соғып, тындаушының айызын әбден қандырды.

Әмірқандай әнді ешкім сала алмайды. Жай жүргенде Әмірқанды ешкім де елемейді. Әмірқан ән салса, сонда кім екенін білесің. Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның даусы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақышын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол - тәтті үнге, топқа бола жаралған адам. Ән салса рахаттанып, гүл-гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге салады. Әмірқан кісі емес, әнге айналады. Оның ән салғандағы түріне қарап отырсаң, тоясың.

Бірақ Әмірқан үнемі олай айта бермейді. Әмірқан қымызы, тойы, ойын-сауығы, қыз-келіншегі бар жерде өзін-өзі ұмытып айтады. Әнін ұғушы, тыңдаушы болса, шабыттанып айтады. Тыңдамай, жыбырлап сөйлесе бастаса, Әмірқан тұрып кетеді, айтпайды. (168 сөз)


Қызыл отау


Жүріп кетудің сәті де түсе қалды. Қызыл отауға үшінші түнеудің кешіне, Еркіннің түзетуге берген тарантасы кеп қалды. Қостанайға дейін қажымай апаратын пар ат та даяр болды. Сол күні кешке Әсия мені өз қасына қалдырып, ертеңіне таң салқынымен сапар шегетін болдық. Серігім болса-болмаса да Болқаш пен оның әйелі Жаңыл.

Әсия үйіне барардың алдында Еркін: "Сен сыртта жүре тұр, үй маңына кісі келтірме!" - деп әйелін шығарып жіберді де, өзі менімен біраз уақыт әңгіме жасады.


  • Ал, шырағым, сонымен жүретін болдың ғой енді? - деп бастады ол сөзін. 


  • Солай ұйғардық қой.


  • Жақсы тілектер бұрын да болған, қазір де бар. Сондықтан ең алдымен айтар тілек-батам - сапарың оң болсын. 


  • Рахмет, аға.




- Екінші айтарым: біздің еліміздің дәстүрінде аға мен қарындастың бірін-бірі қатты сыйлайтыны бар. Біз екеуміздің арамызда туысқандық ешбір байланыс болмағанымен, әлдене себептердің салдарынан, туыс адам сияқты халге жеттік. Егер сен бұл ұсынысты қабылдасаң, бұдан былайғы уақытта, мені ең жақын, ең адал туысыңның бірі көруіңді өтінемін. (152 сөз)


Қария


Кілем түсті кең даланы қақ жарып, көк табан темір жол жатыр. Жол бойында егіні жайқалып, малы қаптап колхозды көп ел отыр. Елден шыға топ-топ киік орғып барады. Елден жоғары самолеттер самғап барады. Біз поезбен зымырап келеміз. Сарыарқаның жазығы жеткізер емес, поезд жетпей қояр емес. Кешеден бері салғыласа аққан Сарысу жайына кетті. Күн жазықтан шығып, жазықтан батты. Дөңгелек там, қаптаған мал, орғыған киік - бәрі кейін қалды. Көз ұшында бурыл белес, күдіс-күдіс бұйраттар көрінеді. Сол көрінген сап-сары мыс болып елестейді. Мыс даласын көруге ынтықпыз.

Міне, жеттік. Сояу шөпті, белес-белес бурыл дала қаны қашқан қатпар бет секілді. Сырын ішіне, ызғарын сыртына тарта қарсы алды.

Кері даланың төсінде мыж-мыж болған бұйраттар жатыр. Сол бұйраттың бірінде аққу сынды таранып, ақ таяғын қолға алып, ақ көйлекті, ақ бас қарт отыр. Айналасынан жан-жақтың бәрі көрінетін қарауыл төбенің басында "Мыс тарихпын" дегендей қарсы қарап нық отыр. Қарт сөз бе, ән бе, зар ма, не айтып отырғаны белгісіз, әйтеуір бір сарынға түсіп алып ыңылдайды. (156 сөз)


(Ғ.Мұстафиннің "Көз көрген" романы жинағындағы 

"Жезқазған" әңгімесі) 


Қызық әңгіме


Таң алдында бір ғана сағат мызғығаны болмаса, Абай бұл түнді ұйқысыз өткізді. Құрығын тірсегінен шорт кескен күдік торы ауыздығы алына салысымен басты жерге салып, аққұлақ араласқан көк өлеңді борт-борт үзе бастады.

Ауызғы үйде бұл жақтың белгісіндей тықыр білдірмей сергектікпен тосып отырған Ербол, Абай әні шыққанда, Баймағамбетке шам жақтырды. Сирек бір қонағы келгендей, сыпайы пішінмен қарсы алды. Бұл отырыста Абайдың мұншалық ықыласына ырза болғаны білінсе де, қыздың осыдан әрі сөз бетін ашқысы келмегендей. Ысқақтар жасы кіші болғандықтан, Абайға сәлем беріп келіп аттарынан түсті.

Үш күндей Мағаштан Әбіш жайына қанып алған соң, енді Абай сөз байлауын білдіреді.

Жайлы, жылы қоныстың ішіне отты маздатып жаққызып қойып, Абай қонақтарын ыстық шаймен сыйлатты. Бірақ бүгін де кешегідей күні бойы түлкі кездеспей, кешке жақын ғана көрінді.

Бұл көршілер осы көктемнен бері Абай мен Баймағамбет дөң басына шықса, қызық әңгімелер айтысып отыратынын біледі. Баймағамбеттің әңгімесі жаңа басталғанда, бұл екеуінің қастарына отыра берген Кішкене молда, Байторылар ырза болысты. Тың адам келді екен деп, айтып отырған әңгімесінің желісін өзгертпейді. (161 сөз)

(М.Әуезов)

Шоқан Уәлиханов


Шоқанның шын аты - Мұхамедханафия. Анасының еркелетіп қойғаны - Шоқан. Шоқыдай биік, таудай асқақ деген мағынаны білдіреді.

Шоқан бес жасында хат таныған. Әкесі Шыңғысқа ескі жыр-дастандарды жазып алуға көмектескен. Әкелі-балалы екеуі ауыл төңірегін көгалдандырумен шұғылданған.

Шоқанның туып-өскен мекені дегенде, Құсмұрыннан сол ойға оралатыны - Сырымбет. Осы өңірдің даласы, орман-тоғайы, көлі мен тауы - Шоқанның бала кезден аралаған, сұңқар алып, саят құрған жері. Құсмұрын мен Сырымбетке соққан сайын, қазақ халқының тарихы, тұрмысы, өнері туралы мол мұра жинақтаған.

Бірде Шоқан жолдастарымен кадет корпусы ауласында тұрады. Корпустың Ертіс өзеніне шығар қақпасынан ұшы-қиырсыз қазақ даласы әдемі көрінеді екен. Сонда қарап тұрып "Келешекте мына аяқтар қай жердің топырағын басарын бір құдайдың өзі білсін!" - деп қиялға шомылыпты. Кейіннен Шоқанның бұл арманы жүзеге асады. Қашқарияға сапар шегіп, күрделі еңбектер жазады. Петербургте әйгілі ғалымдар алдында баяндама жасады.

Дүниежүзілік ғылымға елеулі үлес қосқан Шоқан 1865 жылы Матай тауының етегінде қайтыс болған. Шоқанның есімімен аталып, тарихи-мұражай ашылған. (152 сөз)


Ұлы тұлға


М.Әуезов - бір туар кесек тұлға, таным-тамырлары терең жайылған күрделі талап иесі. Оның жан сарайын түсінуге тырысу- қазақпын деген әр адамның асыл парызы. Оның өміртанымын, көзқарасын сөз еткенде, Ұлы Абай есімінсіз талдау мүмкін емес. Онсыз Мұқтар тұлғасы толық ашылмайды.

Роман соңында қу өмірде шер-шеменін арқалап, қырық жамау жүрегі соңғы рет соғып жатқанда ұлы адамның былай дейтіні бар:

"Мен өлейін, бірақ сол сан жылдарда сенің желдерің қуып әкеткен гүлдерім, дәндерімнен ұрпақ, нәсіл қалар ма?"

Сол зарға жауап ретінде Дәрмен аузымен сөз айтылады: "Абай аға, қадірлім! Ол дәндерің өлген жоқ, жойылған жоқ. Рас, бұл күнде бір апаға біткен дүм тоғай болмасын. Үлкен бақ боп тұрмасын... Бірақ ен дала, мол сахараның бойында ол дәндерің өсіп келеді... Көп өсіп, көктей өсіп келеді..."

Өсе бермек күн санап та, жыл санап... Сол үшін де өз өмірімде, өле-өлгенше асыл сөзіңді сақтармын, ата тәрбиеңді ақтармын, ағажан!" - деп үн қатып серт етеді. Сол дән - Мұхтар болатын. (148 сөз) 


Терме

Жқып өлді. Одан бір жұма кейін, "жығылғанның үстіне жұдырық" деп, Мұқашым өлді.

Баламның тірі кезінде ағайын ішінде жақын көріп, бауырына тартып, қолына түскен азын-аулағының жартысын жырып беріп жүрген Ысмағұл не қылды?

Балақтағы биттің басқа шыққанын көрмеймісің? Бұлар үшін қарағым не көрмеді? Сол тірі болса, маңына келе алар ма еді?

Бұны жалатқан соң, қуарған қу өмірдің не бағасы бар? Мен сонда баламды бір пұшыққа бермек пе екем?

Менің үйім - осы ауылдың үлкен үйі. Бүгін сол қарашаңырағының құруға айналып отырғаны - мынау. Құрымағанда, кім қалды? Бұл үйдің жайын ойласа, тұмсығы тасқа тиетіндей болған жоқ па?

Менің баламның жылағаны оларға не керек? Жақыптың аруағы ырза болмай, күңіренгені не керек?

Сол сөзді айтқызып отырған сұмдарды қарғадым, ұрыстым. Одан басқа біздің қолымызда не тұр?

Бұрынғы бейнет, бейшаралық былай тұрсын, мынау көрген мазақ не? Осынша қорлау, рәсуалау не? Әуелден бергі қазаны көруіне осы қаршадай жас баланың не жазығы болып еді? (143 сөз)

(М.Әуезов)


Тұсау кесу


Әдетте, сәби аяғын тәй-тәй басып жүре бастағанда тұсауын кеседі. Ата-әжелеріміз бұл ырымға қатты көңіл бөлген. Өйткені, баланың болашақтағы жолы, аяқ алысы жақсы, нық болуы, дәл осы тұсау кесуге байланысты деп сенген.

Сәбидің тұсауын кесу үшін әркім өз мүмкіндігіне қарай жол-жоралғы жасайды. Тума-туыстарын, көрші-көлемдерін шақырып дастархан жаяды, тіпті мұндай қуанышты оқиғаға той да жасайды.

Тұсауы кесілетін сәбидің аяғы қара-ала жіппен байланады. Жіптің ақ немесе қара болуы, баланың келешек өмір жолында қара күштер мен ақ ниеттер кездесуі мүмкін деген жорамал еді. 

Содан соң ата-анасының өтініш жасаған адамы сәбиге өз тілегін айтып, батасын беріп, әлгі жіпті қияды.

Тұсау кесуді баланың ата-анасы кез-келген адамға жүктемей, өздері сыйлайтын, еті тірі, жүрісі түзу жандардан өтінеді. Мұнда да баламыз сүрініп-қабынбайтын, жинақы, ұқыпты болсын деген тілек жатыр.

Тұсауы кесілген сәби өзінен үлкен балалардың тобына қосылып, жүруге үйреніп, ойынға араасады.

Жиналған көпшілік баланың ата-анасына: «Балаңның қадамы құтты болсын!» - десіп құттықтайды.

Ата-ананың сол күнгі сыйлы қонағы – тұсау кескен адам болады. (152 сөз). 


Өшпес мұра


Жазушы М.Әуезов көп жылдар бойы Абайдың өмірі мен шығармаларын зерттеп, "Абай жолы" атты дәуірнама жазды. Ол Абайдың әнші, сазгер екеніне үлкен сипаттаулар берді.

1935 жылы ақынның туған жері Семейде Мұхтар Әуезов сазгер Л.Хамидиді кездестіріп, оған Абайдың әндерін нотаға түсіріп, жазып алу туралы ақыл береді.

Л.Хамиди Архам ЬІсқақовтан ақынның 18 әнін жазып алып, нотаға түсіреді.

А.Жұбанов пен Л.Хамиди өздерінің "Абай" операсында Абайдың әндерін орынды пайдаланды.

Өз заманынан озық туған Абай қазақ жазба әдебиеті мен музыка өнерін биік сатыға көтеріп, небір асыл жауһар өлеңдер мен тамаша әндер тудырған.

Абай аулының оқушылары және Абайдың өз балалары түрлі музыка аспаптарынан музыка үйірмесін ұйымдастырған. Бұл үйірмені Абайдың оз баласы Әбіш және Абайдың досы Көкбай басқарған. Абайдың жазған өлеңдерін жаттап, әнге салып, жұртқа тараушы іні, достары және жас шәкірттері шыға бастаған. Абай сол кездің өзінде домбыраны жақсы тартып, өзі шығарған әндерін домбыраға салып айтып отырған.

Қазақстан сазгерлері Абайдың музыкалық мұрасын зерттеп, тамаша әндерін пайдаланып, опера, симфониялық поэмалар, көп дауысты хорлар және аспаптық шығармалар жазды. (156 сөз)

(Б.Ғизатов)

Тұрмыс-салт жырлары

Әр халықтың өмір тұрмысы, әдет-салтынан туындап жататын "Сүйінші", "Шілдехана", "Тойбастар", "Жар-жар", "Беташар", "Бесік жыры" сияқты халықтың шат-шадыман да қуанышты кездері мен "Қоштасу", "Естірту", "Жұбату", "Көңіл айту" тәрізді қайғылы мұңды хал-ахуалдарын күйттейтін жыр үлгілері болады.

Қаншама заман өзгеріп, аударылып-төңкеріліп жатса да, мұндай өлең-жырлар сол халық, сол ұлтпен бірге жасасып, тұрмыс-салтта айтылып, жырланып, қайта, бұрынғыдан да жаңарып, толығып, молығып, атадан-балаға рухани мұра болып қала береді. Міне, халық поэзиясының ең басты қасиеті осы болса керек.

Жанрлық жағынан алып қарағанда, қазақ халық жырлары былайша жүйеленеді. 1) Арнау, мадақтау, толғау, терме, тарихи өлең, қара өлең, хат өлең, ән-өлеңдер саяси лирика саласына жатса; 2) Сүйінші, шілдехана, бесік жыры, тұсау кесер, тойбастар, беташар, жар-жар, жұбату, көңіл айту тәрізді нұсқалары тұрмыс-салт жырлары болып жіктеледі.

Халық жырлары олардың басқа: 3) еңбек, кәсіпкерлік, жұмысшы жырлары, аңшылық, саясаткерлік өлеңдері; 4) дидактикалық-өнегелік өлеңдер (нақыл өсиет, алғыс, бата-тілек, мысал, тақпақ, жұмбақ); 5) таңғажайып (фантазия, аңыз түрлері) және 6) күлкі-сықақ сияқты ішкі жанр түрлеріне бөлінеді. (160 сөз)


Каталог: sabaq-kz -> attachment
attachment -> Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, филология магистрі Амирханова Сара Бекетқызы Коучинг жоспарының тақырыбы: «Lesson study – сабақты зерттеу әдісі»
attachment -> Сабақ тақырыбы: Химияның негізгі түсініктері мен заңдары Сілтеме
attachment -> Сабақтыңтақырыбы: 3 4
attachment -> Сабақ: Алкандардың қасиеттері. Алкандардың жеке өкілдері және қолданылуы
attachment -> Сабақтың түрі: Аралас сабағы Сабақ уақыты: 90 мин. Сабақтың педагогикалық мақсаты
attachment -> Сабақ Алматы қаласы Алатау ауданы «185 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Бастауыш сынып мұғалімі Курманова Маржан Сеилхановна
attachment -> Сабақтың тақырыбы Сағат саны Мерзімі Оқып-үйренудің негізгі мақсаты
attachment -> Сабақтың мақсаты: оқушыларға алжапқыштың және бас орамалдың сызбасын есептеуді және құрастыруды үйрету


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет