Xx ғасырдағы қоғам дамуы және әдебиет


Тақырып: Ұлы Отан соғысы жылдардағы әдебиеттегі жанрлық, тақырыптық ізденістер



бет6/24
Дата18.10.2022
өлшемі135,11 Kb.
#153740
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24
Байланысты:
Алматы 2021 ж. О у- дістемелік кешенін зірлеген . бдиман лы, п

Тақырып: Ұлы Отан соғысы жылдардағы әдебиеттегі жанрлық, тақырыптық ізденістер
Дәріс мақсаты: 1940-50 жылдардағы әдебиеттегі жанрлық, тақырыптық ізденістерді айқындау.

XX ғасырдың 41-56 жылдары қазақ халқының қоғамдық өмірінде өткен ең үлкен тарихи кезеңді қамтиды. Ол – Ұлы Отан соғысы мен соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңдері. Жауынгерлік тақырыбы қазақ әдебиетіне бұрыннан да жат емес еді. Қаһармандық эпос пен әр қилы жаулаушылық кезінде туған халықтық лириканың үлгілері де болған. Отызыншы жылдарда Отан қорғау тақырыбының кең қойылуы да қазақ әдебиетінде жаңа ізденістерге жол ашқан. Еуропада фашизмнің бас көтеруі, оның жаулаушылық әрекеттері кеңес елін сақтыққа үйретті. Шекараны берік күзету, ондағы сақшылардың ерлігі бүкіл кеңес әдебиетінде көтерілген. Қазақ әдебиетінде де шекара тақырыбына біраз шығармалар жазылды. Бірақ таныс емес өмірдің қыры мен сырын жетік білмеу қазақ қаламгерлерін онша биік табысқа көтере алған жоқ-ты. Алайда мынандай төтен соғысты қазақ халқы басынан кешірмеген-ді. Сондықтан жаңа дүниежүзілік соғыс жағдайында әдебиетті дамыту оған жаңа мазмұн, жаңа сапа беру бағытында жүруі керек болды.


Соғыс кезіндегі қазақ әдебиетін қалыптастыруға қаламгерлердің барлық ұрпағы қатысты. Бұл кезде елде С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Орманов, А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, Ж.Хұсайынов, Ә.Әбішев, М.Хакімжанова әдебиет саласында құлшына еңбек етті. Т.Жароков, Ж.Саин, Ә.Сәрсенбаев, Д.Әбілев, А.Жұмағалиев, Қ.Аманжолов, Қ.Әбдіқадыров, Қ.Бекхожин, Б.Бұлқышев, Б.Момышұлы, С.Омаров сынды ақын-жазушылар қолына қару алып, майданға аттанды. Бұлардың қатарына майдан газеттерінің беттерінде жарияланған жауынгер жырларымен танылған жаңа ұрпақ өкілдері С.Мәуленов, Х.Ерғалиев, Ж.Молдағалиев, С.Сейітов сияқты ақындар келіп қосылды. Халық поэзиясының өкілдері Жамбыл, Нұрпейіс Байғанин, Кенен Әзірбаев, Шашубай Қошқарбаев, Нұрлыбек Баймұратов, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев, тағы басқалары өздерінің отаншылдық рухтағы жыр-толғауларын шығарды. Қазақ әдебиетінің осы секілді әр тобынан құрылған қалам иелері бір мақсатқа жұмылып, әдебиеттің алдына соғыс шындығы қойған міндетті атқаруға кірісті.
Соғыс мерзімі бес жылға жуық уақытты қамтиды. Оның сұрапыл, алапат күйде өткені болмаса, тарих үшін бұл ұзақ мерзім емес. Оның сыры мен шындығын зерттеп, жаңа көркем туындылар жасау тұрғысында да ол мерзім жеткіліксіз. Сондықтан да соғыстың бес жылы ішінде қазақ әдебиеті іргелі үлкен шығармалар туғыза алған жоқ. Онда соғыстың алғашқы әсерінен туған ұшқыр өлең, публицистика, очерк сияқты шағын жанрлар өрістеді. Соғыс пен оның адам басына түсірген қасіреті жайлы ойлану, оны ерлікпен көтерген адамның жігер-қайратын бейнелеуге ұмтылыс кейін, соғыс шындығын ой елегінен өткізгеннен соң ғана жүзеге асты. 1950-1960 жылдары бұл тақырыпқа үлкен романдар мен поэмалар, жаңа лирикалық туындылар жазылды.
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап ұшқырлық танытқан әдебиеттің шағын жанрларының да өз алдына қойған міндеттері бар еді. Олар тұтқиылдан шабуыл жасаған фашизмнің екіжүзділігін, соғыста көрсеткен зұлымдығын әшкерелеп, елді оларға қарсы бүкіл халықтық күреске шақыруға үн қосты. Отанға берілгендікті, халықтар бірлігі мен ынтымағын, майдандағы күрес пен тылдағы жанқиярлық еңбекті жырлады. Мазмұны жағынан үгіттік сипатта жазылған ондай туындылардың халықты дұшпанға өшпенділікке тәрбиелеуге маңызы зор болды. Сөйте жүріп қазақ өлеңі азаматтық лириканың жаңа үлгілеріне бет бұрды. Ол кеңес адамдарының бойындағы азаматтық сезімнің шыңдалуын, майдандағы ерлікті нақты материалдар негізінде жырлау саласында жаңа ізденістер жасады. Бұл тектес шығармалардың бәрінде, әрине, әдебиеттің көркемдік міндеті мен талабы сақтала берген жоқ. Қаламгердің көбі бұрын әбден зерттеп, жазып жүрген етене тақырыптарын тоқтатып, төтенше тақырыпқа ден қоюға мәжбүр болды. Алайда мұның өзі де үлкен сабақ, тарих сабағы еді. Әдебиет қоғам мен дәуір алға тартқан осы міндеттер мүддесінен шығуға ұмтылып, жаңа бағытта ізденістер жасады.
Қазақ жауынгерлерінің майдандағы ерлігі, әсіресе, Мәскеуді қорғау кезінде 1941 жылдың күзінде Волоколамск тас жолы бойындағы ұрыста қазақстандық Панфиловшылар дивизиясының ерекше көзге түсуі қазақ әдебиетінің майдан тақырыбын жырлауына тың, мол мәліметтер берді. Қазақ ақындары Бауыржан Момышұлының, Мәлік Ғабдуллиннің, Төлеген Тоқтаровтың, Мартбек Мамраевтың, Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметованың, тағы басқа панфиловшы 28 батырдың ерліктерін нақты деректерге сүйене жырлауға тырысты. Мұның өзі соғыс тақырыбын жалпылама жазбай, жеке адамның іс-әрекеті, ой парасаты, жеке басының сезім күйі арқылы көрсетуге бетбұрыс болды. Майдан өмірінің шындығын терең бейнелеуі, солдаттың ішкі сезім күйіне еркін де батыл үңіле алуы жағынан соғыстың ауыртпалығын бастан кешкен майдангер ақындардың шығармалары ерекше бағалы.
Әдебиеттің шағын жанрларының қатарында дәстүрлі өлеңге қоса, публицистика ерекше көзге түсті. М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ә.Әбішевтің мақала түріндегі толғаныстары, әңгімелері мен очерктері халықты ерлік күреске үндеуде, майдан жауынгерлерінің батырлық істері мен тыл еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігін жедел суреттеуде көрнекті қызмет атқарды. Майдангер жас жазушы Баубек Бұлқышевтің әскери публицистикасы («Заман, жастар, біздікі», «Жауыздық пен махаббат», «Өмір мен өлім туралы», «Мен өмір сүргім келеді», т.б.) жас жауынгердің жүрек тебіренісін бейнеледі. Туған елі мен жерін мейлінше беріле сүйген жас азаматтың отаншылдық сезімі де, дұшпанға деген кегі де, замандасына арнаған өмір туралы сыр толғаныстары да осы мақалаларда кең қойылды.
Әскери тақырыптың әр алуан жағдайын драманың шағын үлгілері арқылы бейнелеуге Ш.Хұсайынов, Ә.Әбішев, Ғ.Мұстафин сияқты жазушылар қатысты. Олардың бір-екі актілі пьесалары колхоз, совхоз театрларында, көркемөнер үйірмелерінің сахналарында қойылып, елді қырағылыққа шақырды, дұшпанға өшпенділікке баулыды.
Соғыстың соңғы жылдары қазақ әдебиеті біртіндеп көлемді жанрларға қарай бет бұрды. Майдан батырларына арналған поэмалар туды. Олардың көбінде соғыс шындығы жеке адамның ерлігі туралы әңгімелерге негізделіп көрсетілді, үлкен жинақтаушылық сипатқа ие бола алмады. Солардың ішінен Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы ғана өзінің идеялық-көркемдік қуатымен үздік орынға ие болды. Қасым онда заман батырының бейнесін, оның өлмес рухын, отты тұлғасын тың суреттермен бейнеледі. Осы кезеңнің аяғын ала М.Әуезовтің «Абай» (төрт томдық эпопеяның бірінші кітабы), Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ батыры», Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ», Ә.Әбішевтің «Жас түлектер», Ғ.Слановтың «Жанартау» атты романдары жарық көрді. М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің, С. Мұқановтың, Ә.Әбішевтің, Ә.Тәжібаевтың, Ш.Хұсайыновтың жаңа, көп актілі пьесалары театр сахналарына шықты. Оларда әскери өмірмен бірге, қазақ халқының өткен өміріне, жаңа қоғам құру жолындағы күресіне арналған шығармалар да болды. Соғыс кезінің ұранына сәйкес халықтық ерлікті фольклорлық сюжеттер арқылы танытуға ұмтылыс та байқалды.
Халық шаруашылығы экономикасының соғыс жағдайына лайық қайта құрылуы рухани, мәдени өмірдің кең көлемде дамуына мүмкіндік бермеді. Қазақстанда кітап басу ісі шағындалды, баспалар жабылып, бұл саладағы жұмыс бір баспаның (Қазақтың біріккен мемлекеттік баспасы) қолына жинақталды. «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», т.б. жастар газеттері, «Әдебиет және искусство» журналы жабылды. «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері шағын форматпен сиректеу ғана шығып тұрды. Бұл жағдайлар әдебиеттің дамуына белгілі дәрежеде ықпал етті.
Соған қарамастан, қазақ әдебиеті дәуір талабына үн қосып, жаңа тәжірибе жинақтады. Қаламгерлер тобы азаматтық жағынан шыңдалып, дүниежүзілік екінші империалистік соғысқа қатысқан елдер әдебиеттерімен бірге соғыс философиясын зерттеп, оған өз қатынасын білдіруге мүмкіндік алды. Бұл – басқыншылық соғысқа қарсылық, соғыс атаулыға қарғыс айту философиясы еді.
Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі
Негізгі:
1. Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті. – Алматы, 2012.
2. Бисенғалиев З. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті.- Алматы, 2010.
3. Қазақ әдебиетінің тарихы. 10 томдық. 6 том. – Алматы, 2005.
4. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. – Алматы, 2002.

Қосымша:
1. Әбдиманұлы Ө. Қазақ әдебиетіндегі ұлттық рух. - Алматы, 2010.


2. Әбдіғазиұлы Б. Шәкәрім шығармашылығының дәстүрлік және көркемдік негіздері. - Алматы, 2002.
3. Исмакова А. Возвращение плеяды. — Алматы, 200
4. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. – Алматы, 2014.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет