1. ҚАзақстан республикасында шағын жинақты мектептердің даму жолдары


Тақырып бойынша бақылау сұрақтары



бет6/42
Дата06.02.2022
өлшемі246,85 Kb.
#80315
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42
Байланысты:
ДӘРІС.

Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:
1. Шағын жинақты мектептердің оқу-тәрбие үрдісінің ерекшеліктері.
2. Шағын жинақты мектептердің негізгі мектептен айырмашылығы.
3. Шағын жинақты мектептердің тиімді жақтары.
4. Шағын жинақты мектептердің өзіне тән кемшіліктерін атаңыз.
5. Шағын жинақты мектеп мұғалімдеріне қойылатын талаптарды айтыңыз.
4. ШАҒЫН ЖИНАҚТЫ МЕКТЕПТЕРДЕГІ
ҰЙЫМДАСТЫРУ ШАРАЛАРЫ

Кез-келген қоғамның өсіп-өркендеуі, әлемдік өркениеттен өзіндік орнын алуы, оның білім деңгейіне байланысты. Сондықтан Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап білім беру ісін реформалауға кірісті. «Білім» туралы Заң қабылданып, жалпы білім беру жүйесіне бағытталған тұжырымдамалар, мемлекеттік білім стандарты, бағдарламалар және төл оқулықтардың жазылуы - орта мектеп өміріне қатысты реформалардың жүргізіліп жатқандығының айқын куәсі. Қазіргі кезде, яғни өтпелі кезеңде өмір сүріп отырған республикамыз әлеуметтік-экономикалық дағдарысты басынан кешіруде. Бұл дағдарыс білім жүйесіне, әсіресе, ауыл мектептеріндегі білім сапасына кері әсерін тигізбей отырған жоқ. Бұрынғы ірі шаруашылықтар ұсақ кооператив, фермерлік шаруа қожалықтарына ұласуына байланысты ауыл тұрғындары жұмыссыздыққа ұшырап, қалалы жерлерге қоныс аударуда. Соның салдарынан орта мектептердің көпшілігі шағын жинақталған мектептерге айналды. Сабақта пайдаланатын қажетті көрнекілік, құрал-жабдықтардың, талапқа сай болуын ескеру шағын жинақты мектептердегі сабақ процессін дұрыс ұйымдастырудың басты талабы болып табылады. Бұл ретте біріктірілген сыныптардағы әр оқушының алған білім деңгейі мемлекеттік білім стандартына негізделген және бағдарламаға сәйкес болуын көздеу, оқушылардың шығармашылық деңгейін арттырып, өз беттерінше жұмыс істей білуге дағдыландыру, ата-аналармен тығыз карым-қатынас құру арқылы оқушылардың саналы да тәртіпті шәкірт болуын қалыптастыру, тапсырмаларын орындау барысында жоғары деңгейдегі тапсырмаларды орындауға жетекшілік ету қажеттілігі туындайды.


Бұл мәселе, біріктірілген сыныптар үшін оңай емес, бір 45 минут ішінде екі сыныпқа бірдей білім мазмұнынын толық жақты болуы талап етеді. Мұғалім, яғни ұстаз өз білімділігімен шығармашылық әрекетін толық көрсетіп, балаға берген білімі мол болса, оқушыда оны қабылдап алуға мүмкіндігі болады. Дәлірек айтсақ, мұғалім сабаққа дайындалғанда өзінің әрекетін ойлаумен шектелмей, денгейіне қарай оқушының әрекетіне де мән беруі тиіс. Уақытты тиімді пайдаланып, оқушының өз бетімен тапсырманы орындауына ұдайы жағдай жасалуы қажет. Шағын жинақты мектептің педагогикалық ерекшеліктерін ескерген мұғалім ғана өзінің шығармашылық жұмысын ұйымдастыра алады. Сабақ барысындағы кез-келген әрекет талдаудан басталады. Шағын жинақты мектепте оқушыларды талдауға үйретуде тәсілдер жүйесін мақсатты түрде пайдалана білген жөн. Сабақ – оқытуды ұйымдастырудың негізі. Демек әрбір сабақ – оқу үрдісіндегі шешуші буын, сондықтан ол – оқытуды жетілдіру, қажетті түрлендірулер мен мақсатты нәтижеге жетуді ойластыру. Сонымен бірге жоғары шеберлікті үнемі қажет ететін, дамуды керек ететін, даму үстінде сапалы оқуды іздестіретін үрдіс. Сол үшін бүгін жақсы оқытуымыз керек, ал ертең бүгіннен де жақсы оқуға тиіспіз. Ал, ең бастысы оқушының психологиясына айрықша көңіл бөліп, терең зерттеу жүргізіп, оның барлық тәрбиесін назардан тыс қалдырмаған жөн. Шағын жинақты сынып оқушыларының зейіні тұрақсыз болғандықтан, оқушылардың сабақ үстінде бір-біріне аландайтындары белгілі. Шағын жинақты мектептің көпшілігіне тән жағдай бір ғана мұғалім басқаратын қосарланған сыныптың сабақ процесі. Мұндай сабақты өткізу мұғалімнен үлкен шеберлікті талап етеді. Белгілі педогог К.Д.Ушинскийдің «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады», – деген сөзі шағын жинақты мектептің әр мұғалімінің басты қағидасы болғаны жөн.
Шағын жинақты мектеп жұмысын қиындататын, оқушылардың білім дәрежесін төмендететін бірқатар объективтік ерекшеліктер бар:

  • сыныптағы оқушылар санының аздығынан мұғалімнің оқытудың түрлі технологиялары мен әдіс-тәсілдерін өз деңгейінде қолдана алмауы;

  • ағымдық бақылаудың дұрыс ұйымдастырылмауы: мұғалімнің жұмысының тығыздығынан оқушылар мұғалім тарапынан көмек ала алмайды, яғни мұғалімнің оқушы білімін тексеруге және қорытындылауға уақыты жоқ;

  • шағын жинақты мектепке арналған кіріктірілген пәндерді оқыту әдістемесінің жасалмауы;

  • оқушының өздігінше жұмыс істеу әдісінің кең тарамағандығы;

  • шағын жинақты мектеп мұғаліміне арнап жазылып, баспадан шыққан әдістемелік және көрнекілік құралдарының аздығы;

  • шағын жинақты мектептердің кітапханалық қорының нашарлығы;

  • шағын жинақты мектептердің коммуникация құралдарымен (компьютер, интерактивті тақта, аудио-видеоқұралдар, ғаламтор) толық қамтамасыз етілмеуі;

  • шағын жинақты мектептер мен тірек мектептер (ресурстық орталықтар) жағдайында дайындық пен қайта даярлаудан өткен білікті педагог кадрлардың жетіспеушілігі;

  • өңірлік орталықтар, шағын жинақты мектептер мен тірек мектептері (ресурстық орталықтар) басшылары мен мұғалімдеріне арнаулы курстар, семинарлар, online-конференциялар, дөңгелек үстелдердің ұйымдастырылмауы.

Шағын жинақты мектепте бір мұғалім бір мезгілде екі сыныппен қатар жұмыс істейді. Шағын жинақты мектептегісабақтың өзіндік ерекшелігі – оқу үрдісінің бір мезгілде екі сыныпта бірдей ұйымдастырылуы. Мұның өзі мұғалімнің әр сыныпқа сабақ уақытының жартысын ғана жұмсауына мүмкіндік береді. Яғни, мұғалім бір сыныпқа жаңа материалдарды түсіндіріп жатқан кезде басқа сыныптың оқушылары өз бетінше жұмыс жүргізеді. Бұл, көбінесе 5-8 және 7-9 сыныптарға қиынға соғады. Өйткені берілген тақырыптар ауқымды, сондықтан уақыт жетіңкіремейді. Шағын жинақталған мектептердегі жұмысты жақсарту мүмкіндіктері олардың жаңа моделін қалыптастыру, жаңа формасын іздестірумен тікелей байланысты, яғни басқа мекемелермен біріктіре ірілендіру дегенді білдіреді. Мысалы: «Мектеп – балабақша», «Мектеп – мектеп алды даярлық», «Мектеп – клуб», «Мектеп – мәдени орталық», «Мектеп – кітапхана», «Мектеп – зертхана», «Мектеп – ауылшаруашылық комплексі», «Мектеп – спорт орталығы», «Мектеп– парк» және т.б. Мұндай жағдайда шағын жинақталған мектептің өзінің даму моделін нақты жергілікті, әлеуметтік экономикалық жағдайларға тарихи-мәдени дәстүрлерге сәйкес қалаптастыру жөн. Күрделі кешенді шағын жинақталған мектептердің міндеттерін шешудің жолы – бұл мектептің ауыл шаруашылық өндірісімен, ауылдық өмірдің әлеуметтік-мәдениетімен, елді мекеннің табиғи ортасымен кірігуі. Шағын жинақталған мектептердің функциясын көтерудің бірден-бір тиімді жағдайы – оның құқықтық мәртебесін көтеру, орталық және жергілікті басқару органдары, басқа да әлеуметтік орталықтармен қатынасын нығайту. Мемлекетаралық байланыстарды нығайту елдің экономикалық қарқынына ғана емес, ол руханиятқа, соның ішінде, тілге де тәуелді.
Шағын жинақты мектептегі оқушылардың өз бетімен жасайтын іс-әрекетінің міндетті талаптарының бірі – олардың оқу әрекетінің тәсілдерін меңгеруі болып табылады. Мұнда түсіндіру және көрсету жетекші орын алады, мұғалім ненің қалай жасалу ретін тыңғылықты түрде түсіндіреді және көрсетеді, оқушылар, өз кезегінде, ең мықтыларынан бастап барлығын рет ретімен қайталайды. Мұндай іс-әрекеттерді орындау үшін жұмыс жоспары ұсынылған түрлі жадынамалар мен нұсқаулар қолданылады. Шағын-жинақты мектептердегі оқыту процесін ұйымдастырудың басты ерекшеліктері:

  • Екі сыныптың оқубағдарламаларын сәйкестендіру.

  • Екі сыныптың оқусағаттары, жүктемелерін сәйкестендіру.

  • Пән бойынша оқу мазмұнының, бөлімдер мен тақырыптардың сәйкес келуі.

  • Жылдық күнтізбелік оқу жоспарының сәйкестігі.

  • Күнделікті оқу жоспарының сәйкес келуі сияқты жұмыстарды пән мұғалімі алдын-ала нақты жоспарлап жасау керек.

Шағын жинақталған мектептің білім сапасы көбінесе сыныптардың дұрыс жинақталуымен анықталады. Сыныптарды бiрiктiруде мектептегi сыныптардың, оқушылар мен мұғалiмдердiң саны ескерiледi. Сыныптарды бiрiктiру тәжiрибесiнде екi жолы бар:1) көршiлес – шектес сыныптарды бiрiктiру; 2) әртүрлi жасты сыныптарды бiрiктiру.
Бастауыш сыныпта екі сыныпты бір сынып-комплектіге жинақтағанда оқушылар саны 15 адамнан аспау керек. Педагогикалық тұрғыдан әртүрлi жасты сыныптарды ұйымдастыру неғұрлым қолайлы, өйткенi, ол балаларды ауыспалы жұптарда жұмыс iстетуге, үлкен сынып оқушыларының өзiндiк жұмыстарын ұйымдастыруға, сөйтiп көбiрек көңiл бөлудi керек ететiн кiшi сынып оқушыларына сабақ түсiндiру үшiн уақыт бөлiп алуға мүмкiндiк бередi. Мектептiң бастауыш сатысында оқушыларды сынып-кешенге бiрiктiрудiң мынадай варианттары болуы мүмкiн: 2+3, 2+4, 3+4; мұнда 2 және 4 сынып оқушыларын бiрiктiру (2+4) оңтайлы болып табылады. Бiрiншi сынып оқушыларын, сондай-ақ мектепалды даярлық сыныптарын сынып-кешендер құрамына енгiзбеген дұрыс. Егер бірінші сынып оқушыларының саны 3 адам болса, сабақ жеке режимде жүргізіледі. Бұл кезеңде баланың мектепке күнделiктi оқуын қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн дене және психикалық-физиологиялық дамуы жүрiп жатады. Бұл жастағы балалар болмашы нәрсеге алаңдағыш, зейiнiн ұзақ шоғырландыруға қабiлетi дамымаған, қозғыш, елiктегiш болады. Жаңа әлеуметтiк жағдаяттар баланы қатаң қалыптағы әлемге ендiредi, бала өмiрiн тәртiпке түсiредi, сөйтiп оқу жұмысы шаршау мен беймазалықтың көзiне айналады. Бұл тек оның денсаулығында ғана емес, мiнез-құлқында да көрiнiс табатын болады. Сонымен бiрiншi сынып оқушыларының оқу әрекетiне, табысқа ұмтылуына, өзiн-өзi бақылауға дайын болуына, бейiмделу үрдiсiнiң жеңiл өтуiне оң мотивтерi қалыптасуы үшiн оларды сынып-кешенге қоспай, өз қатарластарымен жеке оқыту қажет.
Шағын жинақты мектептің біріктірілген сыныптарындағы сабақты тиімді ұйымдастыру бірпәндік оқыту принциптері негізінде құрылып, пәнішілік кіріктіре оқыту жүзеге асырылады. Бірпәндік оқыту принциптері белгілі бір пән мазмұнындағы тақырыптарды (мазмұны ұқсас немесе мазмұны әртектес) кіріктіре оқытуға негізделген. Мұндай сабақтарда мұғалім, алдымен, оқушылардың өздігінен орындайтын жұмыстарын, оның түрін, оған кететін уақытты және басқа сыныпта мұғалім басшылығымен жүргізілетін жұмыстарды анықтап алуы керек. Сондай-ақ мұндай сабақтар жоғары сынып оқушыларының өздігінен жұмыс істеуіне, мұғалімнің төменгі сынып оқушыларына көп көңіл бөлуіне, оқу процесін тиімді ұйымдастыруға жағдай жасайды. Бірпәндік оқыту принциптері бірпәндік сабақтарды ұйымдастыруда қолданылады. Ал бірпәндік сабақ дегеніміз – біріктірілген сыныптарда бір ғана пән бойынша өткізілетін сабақ. Бір саладағы сабақты өткізетіндіктен, мұғалім назарын бір сыныптан екінші сыныпқа оңай аударады. Бірпәндік сабақтарды тиімді ұйымдастыру үшін сабақ кестесін дұрыс құру керек. Ол үшін мұғалім пәндерді біріктіргенде, оқушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастыруға барынша мүмкіндік беретін принципті ескеруі керек. Сабақ кестесін тиімді құрастырудағы негізгі мәселе – ұқсас пәндерді дұрыс біріктіру. Бірақ пәндерді біріктіргенде, өзіндік жұмысты ұйымдастыру мүмкіндіктері бойынша пәндер екі топ құрайтынын ескерген дұрыс. Бірінші топқа шартты түрде математика, қазақ тілі, орыс тілі, бейнелеу өнері, технология сияқты, яғни өзіндік жұмыс ұйымдастыруға үлкен мүмкіндіктері бар пәндерді, ал екінші топқа дүниетану, әдебиеттік оқу, ән сабағы, дене шынықтыру пәндерін жатқызуға болады. Сабақ кестесін құрастырғанда, бірінші және екінші топ пәндерін біріктіруге болатынын есте ұстаған жөн. Сондықтан сабақ кестесін құрастырғанда пәндік біріктіру жүйесін енгізген дұрыс. Себебі бірнеше сыныпта сабақтың кейбір кезеңдерінде біріктіріп оқыту арқылы мұғалімнің басшылығымен жүргізілетін жұмыс уақытының мөлшерін арттыруға мүмкіндік туады. Мысал ретінде 2 сынып пен 4 сынып алатын болсақ, оларды төмендегі оқу құжаттары: бағдарламалар; сағат саны; күнтізбелік жоспарлар; тақырыптар; күнделікті сабақ жоспарлары сәйкестендіреді.
Шағын жинақталған мектептердегi оқу үрдiсiн ұйымдастырудың тиiмдiлiгi төмендегi жағдайларға байланысты. Олар:

  • сыныптарды бiрiктiрудiң педагогикалық ұтымдылығы мен дұрыстығы;

  • сабақ кестелерiнiң оңтайлы жасалуы;

  • тәрбие мен оқытудың тиiмдi әдiстерi мен түрлерiн таңдау, оларды технологиялық үрдiсте дұрыс үйлестiру және ұтымды пайдалану;

  • сабақтың белгiленген мақсатқа сай неғұрлым тиiмдi құрылуын анықтау;

  • оқу-тәрбие жұмысының сабақтық және сабақтан тыс түрлерiн дұрыс үйлестiру;

  • оқушылардың өзiндiк жұмысы мен оқытушы басшылығымен атқаратын жұмысының ұтымды алмастырылуы;

  • балалардың бойында бiлiм алу және өздiгiнен бiлiм жинай бiлу дағдыларын қалыптастыру;

  • оқушылардың бiлiм және тәрбие деңгейлерiнiң дамуының ғылыми диагностикасы;

  • оқушылардың бiлiм, бiлiктерiн iзгiлiктi педагогикалық ұстанымдарға негiзделген жүйелi бақылау;

  • әртүрлi жастағы балалардан құралған бiрлестiктердi ұтымды басқару;

  • оқытудың техникалық құралдарын қолдану;

  • оқу-тәрбие үрдiсiн тұлғалық-бағдарлық ұстаным негiзiнде құру;

  • бала өмiрiнiң тұрмыстық жағдайлары және олардың ата-аналары туралы жалпы мәлiметтер жинау;

  • ата-аналарды шағын жинақталған мектеп жұмысына тарту.

Шағын жинақты мектепте біріктірілген сынып оқушыларының білімін бақылау және тексеру мұғалім үшін күрделі жұмыстардың бірі болып табылады. Мұғалім біріктірілген сыныптармен бір уақытта жұмыс істегенде оқушылардың өздігінен орындау жұмыстарын үнемі бақылап отыруға мүмкіндігі болмайтын жағдайлар кездеседі. Сол себепті оқушыларды өзін-өзі бақылауға үйрету керек. Өзін-өзі бақылау дағдыларын дамыту үшін оқушылардың өзара бір-бірін тексеру тәсілін пайдаланған дұрыс. Оқушылар бір-бірімен өзара дәптерлерімен алмасып, өздігінен орындаған жұмыстарын тексереді. Өзіндік жұмыстар арқылы оқушылардың өзін-өзі тексеруі және бағалауы жүзеге асырылады.
Мектеп құрылымы өзгеше аталғанымен, мұндағы білім мен тәрбие сапасына қойылатын талап барлық білім беру мекемелеріне қойылатын талаппен бірдей болып қала береді. Сондықтан да шағын жинақты мектеп жұмысын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлу керек. «Шағын жинақты мектеп қызметінің тәртібіне» сәйкес 1-сынып оқушылары жеке оқытылады. Себебі мектепке енді қадам басқан оқушылардың оқу әрекетiне бейiмделуі, талаптануы, зейіні тұрақтануы мен ынтасының артуы үшiн оларды сынып-кешеніне қоспай, жеке оқыту керек. 9, 11-сыныптар бiтiрушi сыныптар болғандықтан, олардағы бала саны аз болған жағдайда да өзге сыныптармен қосып оқытылмайды. Сыныптарды бiрiктiру тәжiрибесi екi нұсқада қарастырылады: аралас және әр жастағыларды бiрiктiру. Әртүрлі жастағы оқушылары бар сыныптарды ұйымдастыру педагогикалық тұрғыдан неғұрлым тиімді, өйткенi ол балалардың ауыспалы жұптарда жұмыс iстеуіне, жоғарғы сынып оқушыларының өзiндiк жұмыстарын ұйымдастыруға, сөйтiп көбiрек көңiл бөлудi керек ететiн төменгі сынып оқушыларына сабақ түсiндiру үшiн уақыт бөлiп алуға мүмкiндiк бередi. Шағын жинақты мектептегі оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың ерекшеліктері:

  • сабаққа дайындалуда оқытушы шектен тыс жүктеме орындайды, басқаша айтқанда, бір сыныппен жұмыс істегенде сабақтың мақсаты, логикалық құрылымы оқушы мен оқытушыға бірдей, ал бірнеше сыныппен жұмыс істеуде бір сабақ әрқайсысы бір сабақ ретінде бірнеше кішкентай сабақтардан тұрады да, мұғалім бір күнде 8-16 сабаққа, оның әр бөлігін санағанда, 32-40 сабақшаларға, олардың логикалық байланысы әр кезеңнің мақсаты мен міндетіне қарай уақытында тиянақты дайындалуы қажет;

  • мұғалімнің зейіні екі немесе одан да артық сынып оқушыларына бөлініп отырады, себебі бір сабақтың үстінде мұғалім әр түрлі жастағы, ой-өрісі мен білім дәрежесі әр түрлі оқушылармен жұмыс жүргізеді, сондықтан ол балалардың психологиясын жақсы білуі тиіс;

  • мұғалімдер ұжымының аздығына қарай, әрбір мұғалімнің шығармашылық белсенділігінің артуына мүұмкіндік болмайды, яғни, шағын жинақты мектептер орта мектептерден алшақ орналасады, сондықтан мұғалімнің басқа оқытушылардың сабақтарына қатысып, араласу, тәжірибе алмасу, үлгі алу мүмкіндіктері аз болады, шыңдалудан гөрі жауапкершіліктері төмендеп, сабақ тиімділігін төмендету қаупі туады;

  • мұғалім әрбір сыныппен сабақтың белгілі бір бөлігінде ғана жұмыс жасауға мүмкіндігі бар, ал қалған уақытта тек оқушылардың өздік жұмысын ұйымдастыруға, оны басқаруға ғана жұмсалады, сол үшін мұғалім сабақ барысында ұйымдастырылатын өздік жұмыстардың мазмұнын, көлемін, оларды орындау әдіс-тәсілдерін түрлендіріп, оқушылардың білім деңгейіне, жас ерекшеліктеріне, орындау жылдамдықтарына қарай лайықтап, орындау уақытын белгілеп, оны тиянақты пайдалануды ойластыруы қажет. Өз бетімен жұмысты орындау әрбір оқушыға түсінікті болуы керек және де көрнекі құралдар, карточка, перфокарта, дидактикалық материалдар, т.б. саны барлық балаларға жететіндей болуын қадағалау керек;

  • біріктірілген сыныптарда мұғалім бір сыныпқа сабақтың жарты уақытын ғана жұмсайтындықтан, көбінесе, әдебиет пәнінде (6-8 және 7-9 сыныптар) қиынға соғады. Өйткені берілген тақырыптар қомақты, сондықтан уақыт жетіңкіремейді;

  • өзіндік жұмысты орындау барысында оқушылар мұғалім тарапынан жеткілікті мөлшерде көмек ала алмайды;

  • белгілі бір жастағы балалар болмағандықтан, ұжымдық жұмыс ұйымдастыруға мүмкіндік жоқ;

  • оқушылардың өздік жұмысы басқа сынып оқушыларының шуылы, кедергі жасауы барысында жүргізіледі, мұның өзі оқушының тапсырманы түсіне отырып орындауына кері әсер етеді;

  • оқушылар, әсіресе, бастауыш сынып оқушылары көпке дейін өз ойын ашық айтуға, қандай да бір мәселені ауызша талдауға, өзгенің талдауын, талқылауын, ойын тыңдаудан кенде, кейін қалады;

  • бір мезгілде бірнеше сынып жұмыс істейтін шағын жинақты мектепке арналған оқыту әдістемесінің жасалмауы;

  • шағын жинақты мектепте сабақ өздік жұмыс арқылы ұйымдастырылады, ал өздігінше жұмыс істеу әдісі бүгінгі күнге дейін кең қолданыс таппаған;

  • шағын жинақты мектеп мұғаліміне арнап жазылып, баспадан шыққан әдістемелік және көрнекілік құралдары өте аз, сонымен бірге шағын жинақты мектептердің кітапханалық қоры нашар. Шағын жинақты мектептің бірнеше өзіне тән тиімді жақтары да бар:

  • балалардың саны аз, сондықтан мұғалім әрбір оқушыны, оның қызығушылығын арттыруына, отбасын тез, жақсы тануына көп мүмкіндік бар;

  • дәптер тексеруге, жеке-дара өздік жұмысқа арналған жаттығулар іріктеуге аз уақыт жұмсалады;

  • оқушылардың тәртіп бұзушылығы аз болады;

  • оқушылар бірінші сыныптан бастап, өз бетімен жұмысқа бейімделеді;

  • бір оқу бөлмесінде күнделікті бірге болғандықтан, жоғары сынып (3-4) оқушылары кіші сынып оқушыларына көмек береді;

  • әрбір баланың білім деңгейлерін анықтап, олардың білім, білік, дағдыларының деңгейлерін көтеруге мүмкіндік мол;

  • аталмыш мектеп мұғалімі пәнаралық байланысты жүзеге асыруға, кеңінен қолдануға тырысады;

  • оқушылар әртүрлі сыныпта оқығанымен, олардың назарын бір пәннің мазмұнындағы ұқсас тақырыптарға аударуға мүмкіндік жасалады;

  • оқушылардың бірін-бірі тексеруін, өзін-өзі тексеруін және бағалауын жүзеге асырылады;

  • үлкен сынып оқушысы төменгі сыныптың жұмысын тексеріп бағалау арқылы өз білімін іс жүзінде қолдануына мүмкіндік туады.

Шағынжинақты мектептердегі мұғалімнің жұмысы орта мектепте бір сыныппен жұмыс істейтін мұғалімге қарағанда әрі ауыр, әрі қиын.Сол себепті мұндай мектептерде оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру аса шеберлікті қажет етеді. Соңғы кездегі ғалым-әдіскерлердің жүргізген зерттеулеріне жүгінсек, шағын жинақты мектептердегі бір мезгілде қатарынан оқылған әр деңгейдегі сынып оқушыларының білім деңгейі жалаң оқыған сыныптың оқушыларына қарағанда тиянақты да терең екендігі байқалады. Өйткені қатар оқылған сыныптардағы оқушылар тапсырманы өз бетінше істейді және теорияны тәжірибемен байланыстырады. Олар мұғалімнің басшылығымен әртүрлі өздігінен істейтін жұмыстың түрлеріне төселіп алады.
Шағын жинақты мектептердегі оқу-тәрбие жұмысын ертеректен бері жүргізіліп келе жатқан шетелдіктердің, атап айтсақ, Батыс Еуропа, Австралия, АҚШ, Канада, Қытай, Жапон, Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінің іс-тәжірибелерімен таныса отырып, шағын жинақты мектептерде «жаңа педагогикалық» технологияның аса қажеттігі туындайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет