А. А. Балабекова



Дата10.06.2017
өлшемі113,68 Kb.
#18446
ӘОЖ 372. 878
А.А.БАЛАБЕКОВА

ОҚМПИ-ның оқытушысы


С.Н.КЕНЕНБАЕВ

ОҚМПИ-ның оқытушысы


СЫНЫП ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОҚУШЫЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУДЕ КЕЗДЕСЕТІН ҚИЫНДЫҚТАРЫ
Сынып жетекшісі – ұрпақ тәрбиелеп өсіретін жалпы қоғам сенген адам. Оны баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы деп айтуға болады. Заман ағымына қарай сынып жетекшісінің де тәрбие жұмысының мазмұны мен мәні өзгеріп, жаңарып, жаңа сипат алып отыратындығын естен шығармағанымыз абзал. Мұның өзі қоғамның үздіксіз дамуынан, ғылым мен техниканың өркендеуінен туындап отырған нәрсе.

Сынып жетекшісінің сөйлеу мәдениеті жоғары, білімі терең болуы тиіс. Толассыз ізденгіш, сезімтал, байқағыш сынып жетекшісі ғана бала жүрегіне жол таба біледі. Ол өз мамандығын, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүюі тиіс.

Кез-келген қиын жағдайда сынып жетекшісі ата-анамен тіл табысып, жақсы қарым-қатынас орнатуға міндетті. Ата-ананы сыйлап, өзара түсінушілік болғанда ғана алға қойған мақсат орындалады.
Кілт сөздері: сынып жетекшісі, мектеп құрылымы, сынып жетекшісінің ережесі, қиын бала, педагогикалық технология.
Мектеп өмірінде мұғалім – басты тұлға. Мектеп мұғалімі балаларды оқытып қана қоймайды, сонымен бірге оларды тәрбиелейді. Ол белгілі бір сыныпта оқушылардың оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырушысы әрі ұстазы, ақылшы-кеңесшісі болып саналады. Сондықтан да ол қиын да жауапты іс. Соған қарамастан мұғалімдердің кейбіреуі бұл міндетті өздерінің білім беру қызметіне қосымша іс ретінде қараса, ал басқалары оны негізгі педагогикалық әрекеті ретінде қарастырады. Дегенмен, сынып жетекшісінің тәрбиелік қызметі қаншалықты қиын болғанмен де, әрине ол басқаларға өте қажет. Себебі, мектеп құрылымындағы ең негізгі буын ол – сынып.

Сыныпты тұңғыш рет қабылдай отырып, оның жетекшісі оқушыларға жақсы тәрбие беру міндеттерін қоғамдық мақсатқа сай жүргізуде жүйелі түрде зерттеу жұмыстарын ұйымдастырады, соның барысында ол деректер жинайды. Онда оқушылардың жас және дара ерекшеліктеріне, жалпы дайындық дәрежесіне маңыз бере отыра, сыныптағы оқушылар құрамын


мұқият танып біледі. Сонымен бірге сыныпта оқушыларды орналастырып отырғызу, олардың бойы мен көзінің көру дәрежесін, құлағының есту қабілетін, тәртіптілігі мен достық байланыстарын, мінез-құлықтарын, темпераментінің негізгі ерекшеліктерін, ұйымшылдығы мен белсенділігін, мәдениеттілігін, сыныптағы саяси-моральдық жағдайдың сипатын, т.б. мәселелерді анықтайды. Оның нәтижесі оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыруда берері мол.

Қазіргі мектепте сынып жетекшісі 1-11 сыныптарға тағайындалады. Ол сынып оқушыларының тәрбие жұмысын ұйымдастырушы болып табылады. Оған негізінен мынадай екі түрлі басты міндет жүктеледі.

1. Сыныпта оқушылармен бүкіл тәрбие жұмысын ұйымдастырып, жүргізіп, оған бағыт беріп отыру.

2. Мектеп пен отбасының байланысын жасау.

Сынып жетекшісінің жұмысы қиын, жауапты, өте күрделі. Сондықтан балаларға сүйіспеншілікпен қарап, барлық күш-жігерін салмаса, оны талапқа сай орындау қиын [1].

Сынып жетекшісі өз сабақтарында және басқа сабақтарға қатысып, сынып жиналыстарында, сыныптан тыс жұмыстарда оқушыларға зер сала бақылау арқылы, оқушылардың өзімен және оның жолдастарымен, ата-аналарымен әңгімелесу арқылы жеке оқушылар жайлы неғұрлым толық, мағлұмат алады.

Сынып журналы арқылы жеке оқушының үлгерімі, сабаққа қатынасы, тіпті отбасы туралы да білуге болады.

Сынып жетекшілерінің мектеп дәрігерлерімен байланыс жасап отыруының зор маңызы бар, өйткені тәртіпсіздік, оқу үлгермеушіліктің себебі денсаулығына байланысты болуы да мүмкін.

Сынып жетекшісі өзінің сыныппен жүргізетін жұмысын алдын-ала ойластырады. Сол ойластырған жұмыстарын «сынып жетекшісінің ережесі» атты құжатты басшылыққа ала отырып жоспар жасайды.

Сынып жетекшісінің жұмыс жоспарын жасау үшін талап етілетін қатаң нұсқаулар қойылмайды. Жоспар бүгінгі таңда жүргізілген жұмысқа алдын-ала бағдар, сыныпта атқарылатын істің бағдары ретінде де қарастырылады. Жоспарда істелетін жұмыстардың айқын мақсаты, нақты шаралар белгіленуі қажет. Жоспар бір тоқсанға немесе жарты жылға арнап жасалады. Оның кіріспесі сынып сипаттама берілуден басталады. Оқушылардың жалпы саны, үздік оқушылар, 4 пен 5-ке оқитындардың аты-жөні аталуы мүмкін. Сабаққа үлгермейтіндердің аты-жөні келтіріліп, саны және қай пәннен үлгермейтіні жазылады, тәртібі нашарлардың аты-жөні аталады. Одан кейін белсенділердің мінездемесі берілуі мүмкін. Одан соң оқушылардың алдында тұрған жұмыстар арнайы бөлініп көрсетіледі. Онда жетістік-кемшілік, көңіл бөлінетін ерекше жұмыстарға айрықша назар аударылады. Сабаққа қатынасу, жауапты қарау, оның ішінде кімге ерекше көңіл аудару көрсетіледі. Одан әрі оқушылардың өзара көмегін ұйымдастыру және оған бақылау жасаудың түрлері: пәндік мұғалімдерді қосымша сабақ беруге тарту (қазір бұл бұрынғыдай емес, ерекше күрделі мәселе болып табылады, бұл нарықтық экономика заңдылығына бағындырылады). сабақтарға қатысу (әсіресе оқушылар нашар үлгеретін пәндерге), оқушылардың үйге берген тапсырмаларын тексерудің жолдары, оқушыларды пәндік үйірмеге тарту, оқушылармен үлгерім туралы әңгімені де көрсетеді, оқушылармен жеке-жеке жүргізілетін жұмыстарда көрсетіледі [2].

Сынып жетекшісінің жұмысындағы ең бір мәселе «қиын» бала мәселесі. Педагогика тарихында «қиын» бала ұғымы XX ғасырда кеңінен тарала бастады.

«Қиын» бала мәселесі Б.А.Чманов, Ә.Ж.Жұмабаев, В.В.Трифонов, Л.К.Керімов сынды бірқатар қазақстандық ғалымдардың да ғылыми зерттеулерінің тақырыбына айналды. Аталған ғалымдар осы топтағы балалардың мінез-құлық ерекшеліктерін, жүріс-тұрысындағы жат қылықтарды зерттеп, оларды қайта тәрбиелеу жолдарын көрсетті. Мәселен, Ә.Жұмабаев мектептің «қиын» оқушылармен жұмыс жүгізу жүйесін жасады, В.Трифонов болашақ мұғалімдерді «қиын» оқушылармен жұмыс жасай білуге дайындау мәселесін көтерді, ал Л.К.Керімов «қиын» балаларды жеке және топтап қайта тәрбиелеу бағдарламасын ұсынды. Бұл ғалымдардың пайда болуының бірнеше себептерін ашып көрсеткен.

Біріншіден, отбасында тәрбие ісіне жеткілікті көңіл бөлінбеуден, яғни тұрмыстағы дау-жанжал, ата-аналарының маскүнемдікке салынуы немесе олардың біреуінің болмауы кері ықпал жасайды. Осы орайда ғалым-педагог В.В.Трифонов тәрбиесі нашар балалардың пайда болуына қоршаған шағын ортасы, отбасындағы тәрбиесі ықпал ететіндігін атап көрсете отырып, өзі жүргізген зерттеу жұмыстарының барысында қиын балалардың 44%-да толық отбасы болмағанын, 30%-да жақын туыстарының біреуі (әкесі, шешесі немесе ағасы) заң алдында жауапқа тартылғандар, ал 15%-да әке-шешесінің біреуі ішімдікке салынғанын анықтаған. Бұдан шығатын қорытынды, қиын балалардың пайда болуының негізгі себебі – отбасы тәрбиесінің дұрыс жолға қойылмауы. Сонымен бірге, В.Трифонов қиын оқушының пайда болуының физиологиялық, психосоматикалық негіздері бар екендігін де ескертеді.

Екіншіден, мектептегі оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыруда мұғалімдердің, сынып жетекшілерінің, мектеп әкімшілігінің тарапынан жекелеген оқушылардың мінез-құлық ерекшеліктерін, талап-тілектерін, қызығушылықтарын ескермеуден туындайды. Сондай-ақ, мектеп пен отбасының арасындағы байланыстың дұрыс жолға қойылмауы да әсер етеді.

Үшіншіден, бұқара халықтың, қоғамдық ұйымдардың тәрбие ісіне немқұрайлы қарауы, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға көңіл бөлінбеуден туындайды.

Қиын оқушылармен әңгіме жүргізу барысында сынып жетекшісі міндетті түрде олардың жас және дербес ерекшеліктерін ескеруі тиіс.

Жалпы халық педагогикасының тәрбие тәсілдерін оқу-тәрбие үрдісінде қолдану арқылы қиын балаларды адамгершілікке баулудың мүмкіндіктері мол.

Сыныптағы бас тәрбиеші ретінде сыныпта сабақ беретін мұғалімдер ұжымының оқушылардың сабақтарының сапалы өзгеруіне және дұрыс тәрбие алуына, ата-аналарының бала өмірін дұрыс ұйымдастырылуына, сабақ оқуларына дұрыс жағдай жасап, бақылау, басшылық жасауды жетекші ұйымдастырып басшылық жасайды.

Балаға үйінде қандай ықпал жасалатынын, қате болса, дер кезінде көмек көрсету, тіпті балаға қорған бола білуі де қажет.

Ол ата-аналарды күн тәртібі, сабақ дайындау, үй шаруасына араласу, балаға мектеп тарапынан қойылатын талаптармен таныстырады. Ол мектеп пен ата-ана тарапынан талаптың балаға бірдейлігін қамтамасыз етуді қояды.

Нарықтық экономикаға көшу барысында, өтпелі кезең деп аталатын уақыттың ауыртпалығынан қалай шығу жолдарын, жаңа қатынасқа байланысты білімді өмірмен нақты ұштастыру жолдарын, үнемі баланың да ата-ананың да есіне салып отырады. Қоғамның бүгінгі күн талабына сай, ендігі жерде, адам тұрмысы әркімнің қабілеті мен өмірге деген икемділігіне, еңбегіне, оны ұйымдастыра білу қабілетіне байланысты, отбасы ынтымақтығы мен еңбек сүйгіштігіне, ата-ананың үлгі-өнегесіне байланысты екенін естен шығармау керек [3].

Қиын бала мәселесіне байланысты теориялық кеңестің іс-жүзіндегі нәтижесіне назар аударайық:

Психологиялық дамуының бұзылуы себептері мен салдарлары және белгілері. Мысалы: 9-сыныпты бітіретін бір оқушыны алып зерттеп көрсек.

Әлеуметтік фактор. Қоғамдық, экономикалық, әлеуметтік дағдарыстардың әсерінен ауылдан қалаға жұмыс іздеп және әйелінің денсаулығына байланысты жанұясын асырау мақсатында келген отбасы. Отбасында үш бала бар. Мамандығы жоқ, әртүрлі жалдамалы жұмыстар істеу арқылы күнделікті күнкөрісін жасап отырған әкенің бала тәрбиесіне қарауға мүмкіншілігі жоқ, материалдық жағдайы төмен.

Географиялық фактор Бірінші қауіпті экологиялық аймақта ұзақ уақыт өмір сүрген. Жергілікті экологияның әсерінен аналарының денсаулығы өте нашар, бірнеше дәрігерлік тіркеуде тұрады. Қалаға көшіп келудегі бірден-бір себеп – жергілікті экологияның әсерінен ана денсаулығының нашарлауы.

Биологиялық фактор Анасының баласына жүкті кезінде денсаулығы дұрыс болмағандықтан, бала туғаннан жұқпалы аурумен жиі ауырады. Соның салдарынан жүйкесі бұзылған. Ықылас қою, есте сақтау, қабылдау қарқыны кешеуілдеп дамыған. Сылбыр, баяу қозғалады. Өз қатараластарымен салыстырғанда бойы ұзын, кеудесі қысқа және мөлшерден тыс қолы ұзын, еңкеңдеп жүреді. Невропатологта тіркеуде тұрады.

Үйішілік фактор Жанұяда бала тәрбиесіне араласпаушылықтың әсерінен үйден безіп, көше кезіп сыртқы ортаның жағымсыз ықпалына түсіп, жазықсыз қылмысқа іліккен. Баланың мұндай жағдайынан ата-анасы бейхабар. Жүргізілген диагностикалық зерттеу жұмысы. Дәрігермен жүргізілген жұмыстар:

1. Медициналық анықтамамен танысу.

2. Психо-терапия әдістерімен танысу.

3. Дәрі-дәрмекпен емделуін, уақытында дәрігерлік тексеруден өтіп отыруын ата-анасына қадағалату.

Психологпен жүргізілген жұмыстар:

1. Оқушымен жеке әңгіме өткізу.

2. Даму ерекшеліктерін анықтау.

3. Ата-анасына бағыт беру, кеңес беру.

Заң орындарымен жүргізілген жұмыстар:

1. Инспекторлық тіркеу, бақылауға алу.

2. Конференцияларға, дәрістерге қатыстыру.

3. Ата-анасымен кездесіп, әңгіме өткізу.

Ата-анасымен жүргізілген жұмыстар:

1. Отбасының материалдық жағдайымен танысу.

2. Әртүрлі тақырыптарда сауалнамалар алу.

3. Ата-анамен үнемі тығыз байланыста болып, ақыл-кеңестер беру:

- ұстамды, сабырлы сөйлесу;

- қол жеткен табыстары үшін мадақтау;

- үйде қатаң күн тәртібін орнату;

- балаға шектен тыс тыйым салмау, т.б.

Оқушымен жүргізілген жұмыстар:

1. Балаға ілтипатпен қарап, оның жағымды қасиеттерін ашуға тырысу.

2. Сынып ұжымынан бөлектемей, іс-шараларға қатыстыру, қоғамдық тапсырма беру.

3. Сабаққа қатысуын жүйелі бақылау.

4. Бос уақытын үнемді пайдалануға дағдыландыру.

5. Оқушының даму ерекшеліктерін үнемі бақылап, диагностикалық зерттеу жүргізу.

6. Сауалнамалар, тест әдістерін пайдалану.

Нәтижесінде



  • өзара түсінік пайда болды;

  • сабақтан қалмайды;

  • мінез-құлқында оңалу байқалды;

  • бақылауға көне бастады;

  • ақыл-кеңестерді тыңдайтын дәрежеге жетті;

  • ұжымнан бөлінбейтін болды;

  • жеке басының жақы сапалары ашылды;

  • жүйкесі сауыға бастады;

  • өзіне деген сенімділік пайда болып, оң қадам бастады.

9-сыныпты бітірген соң арнайы кәсіптік колледжге оқуға түсті.

Сынып жетекшісінің іс-әрекетіне нұсқау:

1. Сынып жетекшісі сыныптың оқу-тәрбие үрдісін басқарады.

2. Өз сыныбы оқушыларының тұлғалық, психологиялық ерекшелігін зерттеп, психо-педагогикалық жас ерекшелігін білу керек.

3. Әр оқушының потенциалдық қабілетін ашып, интеллектісінің дұрыс дамып-жетілуіне жағдай жасау.

4. Сыныптың белсенді мүшелері өз бетімен жұмыс жасауға қалыптастырады.

5. Сыныптың оқушыларының тәртібін, мінез-құлқын, оқу-үлгерімін, сабаққа қатысуын қатаң бақылайды.

6. Сырқаттанған, көп сабақты бос жіберген оқушыларға қосымша сабақтар ұйымдастырады.

7. Мектептің құжаттарын уақытында дұрыс дайындап, керекті мәліметтерді оқу-ісінің меңгерушісіне өткізеді.

8. Ата-аналарымен ынтымақтастықта байланыс жасап, баласының білім деңгейін, емтиханын, т.б. мәліметтерді уақытында хабарлайды.

9. Демалыс кезінде оқушылардың шығармашылық жұмыстарын ұйымдастырады.

10. Сыныптың кезекшілігін, мектептің ауласының, сынып бөлмесінің тазалық жұмыстарының атқарылуын басқарады.

11. Пән мұғалімдерімен тығыз байланыс жасап, сыныптың психологиялық жағдайына талдау жасайды.

12. Өз сыныбына психо-педагогикалық конселиум өткізеді.

13. Сыныптың оқушыларымен мектептің іс-әрекетіне қатысады.

14. Заңды түрде сыныптың жетекшісі баланың өмірі мен денсаулығына, біліміне жауап береді [4].

Қорыта айтқанда, қазіргі кезде мектепте сынып жетекшілерінің оқушыларды тәрбиелеуде біршама қиындықтары кездеседі. Қоршаған ортаның өзгеруіне байланысты, оқушыладың бір-біріне деген достық қарым-қатынастары өзгеріп, мектеп қабырғасында орын алып жүрген қылмыстық істердің көбейіп бара жатқандығы. Мұның бірден-бір себебі, нарықтық заманға байланысты, ата-аналардың таңертеңнен кешке дейін жұмыста болып, балаларына көп көңіл бөлмеуінде. Қылмыстық істерді болдырмау үшін, өз сыныбының оқушылары жақсы адам болуы үшін, сынып жетекшісі ата-аналармен тығыз байланыста болып, заң орындарының қызметкерлерімен кездесулерді көбірек ұйымдастыруы тиіс.

Сынып жетекшісінің жұмысында кездесетін тағы бір қиындық, оқушылардың жас ерекшеліктерінің өтпелі кезеңінде. Міне, осы сәттерде, сынып жетекшісі оқушыларға көп көңіл бөліп, оларды психологиялық, физиологиялық жағынан тереңірек зерттеп, бос уақыттарында әр түрлі үйірмелерге баруларын қадағалап, әр оқушымен жеке-жеке әңгімелесуі керек. Жоғарыда көрсетілген алдын алу іс-шараларын қолданса, сынып жетекшісінің оқушыларды тәрбиелеудегі қиындықтары азаяр еді.

Оқытудың жолдары мен әдістерін түбегейлі жаңартуды талап ететін жаңа әлеуметтік жағдайларды түсініп, жаңа педагогикалық технологияны терең меңгерген, яғни жұмысқа жаңашыл бетбұрыс жасаған педагогқа сынып жетекшісі болу қиын емес.
әдебиеттер


  1. Әбенбаев С.Ш. Сынып жетекшісі. – Алматы: Атамұра, 2004. – 4-18 б.

  2. Қоянбаев А. Педагогика. – Алматы: Мектеп. 1998. - 325 б.

  3. Сейталиев Қ. Педагогиканың жалпы негіздері. – Алматы: Атамұра, 2009. – 203 б.

  4. Абилова З. Сыныптан тыс жұмыстардағы эстетикалық тәрбие. – Алматы: Мектеп, 1977. – 198 б.


РЕЗЮМЕ

В статье авторы рассматривают проблемы классных руководителей в воспитании школьников, а также методы работы с трудными детьми.



(Балабекова А.А., Кененбаев С.Н. Проблемы классных руководителей в воспитании школьников)
SUMMARY

In article authors provide research problems about class headers and behavior school pupils, as so methodical works with a difficult children’s.



(Balabekovа A.A., Kenenbaev S.N. The problems of class teachers in the education of students)
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет