Абыз тұЛҒА, АҢыз тұЛҒа кетбұҚа жауапты редакторы



бет7/15
Дата25.12.2016
өлшемі4,04 Mb.
#5232
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   15

Мұхтархан ОРАЗБАЙ,

тарих ғылымдарының

докторы, профессор.

КЕТБҰҒА КҮЙШІНІҢ ТАРИХИ СУРЕТІ ТАБЫЛДЫ

Қазақ даласында Кетбұғаны білетіндер көп. Оны қазақтың тарихи аңыздарында айтылатын бір атақты күйші ретінде ғана таниды. Қазақ аңыздарында айтылуынша: «тарихтағы Шыңғысхан дәуірінде, Шыңғысханның үлкен  ұлы Жошы, аң аулап жүрген кезінде, оны айдалада құлан теуіп өлтіріпті. Оның өлімін әкесі Шыңғысханға ешкім батылы барып естірте алмапты. Сол кезде, атақты қазақ күйшісі Кетбұға домбыра арқылы «Ақсақ құлан» деген күйді шертіп, Жошының өлімін қаһарлы әке Шыңғысханға естіртіпті, сонда, Шыңғысхан айтқанымнан қайтпаймын, баламның қайғылы хабарын естірткен домбыра болды деп, домбыраның шанағындағы тесігіне қайнап тұрған қорғасынды құйдырыпты», делінеді. Бұл аңыз ғана. Бірақ, осы аталған аңыздың тарихи дерегі де барлығын ойлаған жандар көп болмады. Қазақ даласының аңыздары ретінде қаралды да, тарих қойнауларында қала берді.

Біз қазақ тарихының сан алуан қырларын тәптіштеп зерделеуіміздің нәтижесінде, ғасырлар қойнауына сүңгіп, заманалар өзгерісі мен ағыстары шайып кеткен жағалаулардан, елеусіз қалған ескі көмбелерден көптеген құнды дүниелерді шалықтырған едік. Соның бірі Кетбұғаның суреті болды.

Тарихи аңыздарда, Кетбұға тұлғасы, тек, аңызға айналған атақты күйші ретінде ғана қазақ даласына белгілі болып келген еді. Қазақстан мен қазақ тарихында елеулі орны бар Кетбұға жәйлі дерек аңызбен ғана аяқталады. Оның ескі күндерде ескерусіз қалған керемет кешулері зерттелмейді. Өкінерлігі, Қазақстан мен қазақ ұлты Кетбұғаны әлі күнге дейін толық танымағаны белгілі болып отыр.

Кетбұға деген кім? Ол қай кезде өмір сүрген адам? Тарихи жазбаларында ол жайында деректер бар ма? – деп сұралатын көп сұрақтарға жауап іздейтін, оны жауаптауға болатын бір сәт туған сияқты.

Қазақстан мен қазақ ұлтынан сүйінші сұраймыз, Кетбұғаның тарихи суреті табылды. «Қазақ әдебиеті» осы суретті басып отыр.

Біз өз тарихымызды өзіміз тәптіштеп іздейтін болсақ, осы тарихи алтын қазынадан табарымыз өте мол екені анық. Тек іздеу саларлық ынта, тарихи тұлғаларымызға ру ретінде емес, ұлт ретінде жасалатын заңғар құрмет ортаймаса, ұлттық тұлғаларымыздың тарихи асқардағы тұлғасына ерекше ілтипатпен қарауды үйренеміз. Қатал тарихи шындықтың турашыл шырайына шыншыл көзбен қарай алатын болсақ, әділеттің алтын жолы, қашан да, осы даламызда сара жолдай сайрап жатары даусыз. Өтпелі дәуірлер керуенінде көмескіленіп, заманалар ауысында ұмыт болуға айналып бара жатқан тарихты іздемеу, аталған деректердің құрып–жоғалуына апарып соғатыны аян. Сондықтан, өз ұлтымыздың төл тарихын өз ұлтымыздың белбаласы іздеуге, зерттеуге, зерделеуге хақылы. Қазақ ұлтының тарихы мен Қазақстан жерінің тұтастығын жоққа шығаратын, төл тарихымызға басқаша түсінік бергісі келетін жат жұрттық сумақы ойлы қаныпезерлер қаншама. Олардың ойы мен сойылын соғатындарды қосып көріңіз, қазақ ұлты мен Қазақстанды мүлдем жоққа шығарғысы келетін алапат күштің аранын ашып, бізге дамылсыз төніп, сілекейін шұбыртып, айналадан аңдып, торып тұрғанын көреміз. Сол себепті, ұлтымыздың келешегі мен ұрпағымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, келешегімізді кемелді түрде сақтандыру үшін, тарих ғылымын өз көзімізбен, ұлттық ойымызбен, ұлттық көзқарасымызбен, ұлттық қанымызбен қарастыруды ерте күннен қолға алғанымыз оң.

Ұлтымыздың керемет кешулері, Қазақстанның ғаламат тағдырлары, Орта Азиядағы шоқтықты адамзат мәдениетінің  ұлы белгілері, тарихтың қаттаулы қалған қатпарлы беттеріндегі сырлары, соңғы үш жүз жыл бойы отаршылдар ортаға салған көзқарастардан мүлде басқаша. Осы желіні жінтіктей отырып қарастыратын болсақ, отаршылдар мен оларға қолғанат болған қазақ тарихшыларының ойжота бұрмалаған немесе бір жолата деректен алынып тасталған толып жатқан тарихи дерек көздерін көруге болады. Бұл сөзімізді, осы айтылып отырған Кетбұға сынды қазақтың көрнекті тұлғасына тән тарихи дерек те әйгілейді.

Кетбұға қазақ ұлтының тарихында болған адам. Ол он үшінші ғасырдағы ірі тарихи тұлғалардың бірі ретінде танылған. Ол тарихи атақты тұлға – Шыңғысхан дәуіріндегі ірі күйші әрі домбырашы, музыкант. Атақты әскери қайраткер, ірі мемлекет адамы, ірі қолбасшы әрі қайтпас батыр ретінде танылған.

Кетбұға деген ат оның есейе келе алған мемлекеттік деңгейдегі атағы немесе шені болуы мүмкін. Олай дейтініміз, сол аталған Шыңғысхан дәуірінде, тұтас әлемді өзіне бағындырған Моңғол империясы, өздері құрған империялық елдегі мемлекеттік ірі қайраткерлеріне әр дәрежедегі шен мен шекпен берген. Мысалы: хан қорғаушыларын «тұрғұт», «хоршығұт» деп атаған. Ірі мемлекет және әскери адамын «ноян», «гүрхан», «сеңгүм», «күлік» деген атақтар берілген. Сол сияқты, Кетбұға аталып кеткен адамның атағы «құт-бұғы» болуы мүмкін, кейін келе, қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкес Кетбұға деп аталып кеткен болуы да ғажап емес. Олай дейтініміз, сол дәуірге дейін, моңғол және түрік тектестер, өте ерте замандардан бері, тұтас ұлттық сенім ретінде және тотем ретінде «бұғыны» «маралды» «борыны» ерекше қасиетті аң ретінде пір тұтқан болатын. Сол себепті, көптеген «бұғы» жалғауы қосып айтылатын батырлар мен «бөрі» тулы атақты адамдар есімі тарихи деректерде көп кездеседі. Сондықтан, Кетбұғаның есімі де, сол аталған атақты адамдардың қатарында аталған болар дейміз.

Кетбұға шамамен 1195 жылдары қазіргі Ертіс өзені бойында дүниеге келген. Ол 1260 жылы 9-айдың 3-і күні қайтыс болған.

1202 жылы жазда Шыңғысхан қосыны тұтас найман мемлекеті мен хандығын жаулап алады. Найман ханы Тайханды өлтіріп, оның он мыңдаған сарбаздарын өзіне қаратады. Осы кезде жеті жастағы Кетбұға Шыңғысхан мемлекетіне тәуелденген наймандармен бірге моңғол империясының қол астына өтеді. Тарихи деректердің анықтағанындай, Кетбұға Шыңғысханға қараған найман сарбазының баласы көрінеді. Олай дейтініміз, 1223 жылы тұтас қазақ даласы мен Орта Азия далаларын түгелдей өзіне қаратып алған Шыңғысхан, сол жылдары Самарқанд қаласында тұрады. Үш ұлын жинап, соңғы ақылын айтып, өзі еліне, Моңғол үстіртіне қайтып кетудің қамына кіріседі. Сол кезде, үлкен  ұлы Жошы қайтып келмей қояды. Шыңғысхан ашу шақырып, Жошыны шақырып келуге үш дүркін шабарман жібереді. Шабармандар ханның хаһарынан қорқып, Жошының өлімін қайтып келіп естірте алмай дағдарады. Осы кезде, қазақтың атағы жер жарған күйші  ұлы Кетбұға, сарайбасы кептегүл әміршісіне: «мен Жошының өлгенін  ұлы ханға естіртем» дейді. Сол бойынша, қаһарлы Шыңғысханның алдына барып, қоңыр домбырасынан сарната отырып «Ақсақ құлан» атты күйін Шыңғысханға шертіп береді. Шыңғысхан күйді әбден естіп болып, ауыр күрсінеді, «еһ, Жошы өлген екен-ғой!?» деп басын салбыратып, қамығады, – деп жазады «Алтын топшы» кітабында. Көріп отырғанымыздай, жасы жиырма сегізге енді келген жас күйші Кетбұғаның, ең алғаш рет, ел арасындағы атағы содан бастап тұтас моңғол еліне жайылады. Кетбұға хан ордасында өнер адамы ретінде қалады. Шыңғысханның құрметтеуіне бөленеді.

Моңғол үстіртіне Шыңғысханмен бірге 1225 жылдары барғандығы жазылады. Сол сапарында, қазіргі Еміл өзені бойында Төленің балаларын тәрбиелеу, оларға күй өнерін үйрету, аталы өнерге баулу міндеті Кетбұғаға тапсырылады. Ол жәйлі «Көкжал» атты кітапта: «Қалың қол наймандардың бұрынғы мекеніне таяу Еміл өзенінің жағасына жеткенде, Шыңғысханды арнайы түрде қарсы алу үшін, атамекенінен аттанып, алдыларынан шыққан мың әскер арасында Шыңғысханның кенже  ұлы Төленің баласы, өзінің немересі, он бір жасар Құбылай, тоғыз жасар Құлағу екеуі бар еді» деп жазады. Міне, осы немерелерді алғашқы тәрбиелегендердің бірі Кетбұға болады.

Кетбұғаның аты тарихи деректерде, жазба естеліктерде көп жерде кездеседі. «Дала императорлығы» деген кітапта: «Кетбұға түрік текті найман руынан шыққан аса ірі тұлғалардың бірі. Ол Шыңғысханның сүйікті немерелерінің бірі Құлағу ханның ең жоғары әскери қолбасшыларының бірі болған. Шыңғысхан ұрпақтарының батысқа жасаған  ұлы жорығында көзге түскен дара әскери қолбасшы, құдіретті батыр. 1259 жылы тамыздың 11-күні моңғолдардың ең жоғарғы қағаны Мөңке қайтыс болады. Құлағу үшінші рет моңғол әскерлерін бастап, батыстағы соғыс шебінен шығысқа қайтады. Сол кезде, Сурия мен Палестин жерін қорғап тұруға, қасына 20 мың әскер беріп, Кетбұғаны қолбасшы етіп қалдырады» деп жазады.

Ол жөнінде Рашиддин жазған «Тауарих» атты кітапта: «Кетбұға астындағы тұлпарына қамшы басып, жанталаса, соғысқан жауларымен сайыса түседі. Үзеңгілес сайыскер сардарлары оны шегінуге көндірмек болып тырысады. Бірақ, ол айқайлап тұрып: мен өлсем де, артыма шегінбей өлетін боламын. Егер, Құлағу ханды көре алатындарың болса, менің өсиетімді жеткізіңдер! Кетбұға жан сауғалап шегінбеді. Жауларымен жанталасып өлді деңдер. Осы әскерді жойып алғаныма өкінбесін, әскерде қол бастайтын батыр туарына, биеден жауға мінер тұлпар туарына сенсін дегін  ұлы ханымызға, депті» делінеді.

«Алтын топшы» деп аталатын кітапта: «Кетбұға найман руынан шыққан нояндардың бірі еді. Құлағудың ең ірі әскери қолбасшысы болған. 1225 жылы он екі мың әскерді бастап, батысқа Қарақорым жерінен жорыққа аттанған. 1257 жылы оның әскерлері Парсы елін талқандады. Келесі жылы сәуір айында Арабтардың халифасын тақтан тайдырды. 1260 жылы Сурияға шабуыл жасап, Дамашық қаласын басып алады. Кетбұға Палестин елінің Аин-халут деген жерінде соғыста қаза болады» деп жазады.

«Чаң-шұн-жынрын батысқа сапарым» деп жазған естелік кітапта: «Кетбұға найман руынан шыққан атақты күйші еді. Ол Самарқанд қаласында болған кезімде, Шыңғысханға баласы Жошының өлімін домбыра тартып жеткізді» деп жазады. Алайда, аталған кітапта уақыты жазылмаған еді. Біз осы аталған тәуіп шалдың, 1223 жылы Самарханд қаласына барған уақыты мен тарихи деректерді саралай отырып, осы оқиғаның шамамен 1223 жылдары болғанын дәлелдедік. Қазақтың атақты күйі «Ақсақ құлан» сол жылы орындалған деп қараймыз.

Біз, осы тектес жазба деректерді жан–жақтылы зерттей отырып, ұлтымыздың аса көрнекті ұлы,  қазақтың атақты күйшісі, тарихи тұлғасы, ірі қоғам қайраткері, әскери қолбасшы болған шоқтықты тұлғаның өмірін, оның кейбір тарихи дерегін біршама аша түскендей болдық деп айта аламыз.

Осы мақалаға қосып «Найман мемлекеті» атты тарихи кітапқа енген, тұңғыш рет осы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланып отырған «Кетбұға күйші суретін» Теһрән қаласынан табылғандығын күллі қазақ қауымына сүйіншілейміз!

Бұл сурет, тарихи жазбалар қорын ақтарып жүрген кезімде, ұзақ уақыт Иран мұражайларын ақтара зерттеп жүргенімде, кездейсоқ көзге шалықты. Тарихи жазбаларды көне парсы тілдерімен салыстыра зерттеу барысында, 1990 жылдары ойламаған жерден тарихи қордан табылды. Тарихи мұрағаттар ішінде «ресім Кетбұға найман» деген көне парсы жазулы папкада сақталған жерінен таптым.

Кетбұғаның сол мұражайда сақталған көп суреттері ішінде, қазақ ұлтының тарихи домбырасын қолына ұстаған, қазақтың қаптал қара шапанымен түсірілген мына суретінің орыны айырықша еді. Басындағы сол кезге, тарихи дәуірге тән, тарихи ерекшелігі бар, асыл аң терісінен жасалған дөңгелек тарихи найман бөркі, қолындағы тоғыз пернелі үкілі қазақ домбырасы, кімді болса да өзіне баурап әкетеді. Оң қолының домбыраны кеудесіне киелеп мінгізіп, қастерлеп қамтып ұстауы, сол қолының пернелерді дөп басып, қос шектерді қуалай безілдете мәнерімен басуы, осы суретте өте нанымды түрде бейнеленген деуімізге болады.

Жас мөлшері де тарихи деректерге сәйкес келеді. Осы суреттің салынған кезі парсылардың Кетбұға әскеріне қараған кезі деп есептейтін болсақ, шамамен 1257 жылдарға тура келетіні анық. Кетбұғаның сол кезде алпысты алқымдаған тұсы деуге болады. Салынған сурет те соны айғақтайды. Міне, бұл, Кетбұға сынды тарихи заңғар тұлғаның бізге жете алған нақтылы бейнесі деуімізге болады. Алғаш рет осы суретті көрген көрнекті мәдениет қайраткеріміз Жүрсін Ерман мырза: «Мұхтархан інім, мына суретің Кетбұға тұлғасына өте жақын, тарихи қазақ домбырасы да дұрыс бейнеленіпті...» деп қуанған болатын. Мұндай қуаныш күллі қазаққа ортақ деп білеміз. Осы газеттің бас редакторы Ұлықбек Есдәулет бастаған қаламгерлері де суретті көрген жерден, қазақ ұлтынан «сүйінші» сұрауға асыққанын жасыра алмаймыз.

Кетбұға қазақтың  ұлы күйшісі болып қалумен бірге, тарихи кезең өмірге әкелген, ірі тарихи дәуірлердің бірі болған Шыңғысхан кезеңі тудырған халықаралық әлемдік деңгейдегі ірі батыр, әлемдік деңгейдегі әскери қолбасшы, әлемдік деңгейдегі ержүрек сардар екені де белгілі.

1260 жылдың тамыз айының бас кезінде Мысырдың мәмлүк сұлтаны Құдыс тұтас еліне жарлық шашып, 120 мың әскерді жинап, моңғол әскерлеріне қарсы соғысуға бұйрық береді. Ол Қаһиреден жолға шығады. Соғысты Суриядағы моңғол әскерлеріне қарсы тұрудан бастамақ болады. Оның басты себебі, Құдыс алдын ала моңғолдың ханы Құлағудың шығыстағы моңғол еліне қайтып кеткенінен хабар табады. Қалған әскеріне қарсы ірі әскери күшпен қарсы тұрсам, ислам діні үшін «шеит болу» соғысын жүргіземін, жаудың бетін қайтаратын шешуші соғыс жасаймын деп жар салады.

Құдыстың осы реткі моңғолдарға қарсы бағыттаған соғысы, аса сәтті бір тарихи кезеңге дөп келді. Бұл соғыс, мәмлүктер үшін өте оңтайлы кез болды. Олай болатыны, моңғолдардың ірі ханы Мөңке өледі. Оның тағына талас басталады. Шыңғысхан ұрпақтары арасындағы билік таласы үдей түседі. Сол себепті, батыс шепте соғыс салып жүрген Құлағу, өз ағасы Құбылайдың таққа шығуына көмектесу мақсатымен, қасына жүз мыңдаған әскери күшін алып, басқа туыстарына сес көрсетемін деп моңғол жеріне қайтады. Ал, Араб жеріне өзінің ұзақ жыл сынақтан өткен, сақа қолбасшысы Кетбұғаны қалдырады. Кетбұға 20 мың әскермен Дамашық қаласындағы бекінісінде қалады.

Құдыс болса, осы хабарды ести сала, моңғолдармен соғыс жасаудың ең ұрымтал сәті түскенін аңдайды. Сонымен, моңғол елінен келіссөзге келген елшілерді түгелдей қырып тастап, соғысқа ерекше дайындалады. Осылайша, Құдыс Сурияға барып, Кетбұғамен өліспей беріспейтін қиян-кескі ұрыс салудың қамына кіріседі.

Құлағу ханның әскери күші өте мығым еді. Кетбұға бастаған әскери қолбасшыларының арқасында, Иран үстіртінен тартып, шығыс Анадолыны түгелімен өздеріне қаратып алған болатын. Бағдатты талқандап, ислам әлемінің даңқы жер жарған билеушісі Айбасит Қайпатты тағынан тайдырады. Ислам әлемінің сол кездегі ірі рухани көсеміне айналған әл-Мұстасимді де моңғол әскерлері жер құштырған еді. Сондай-ақ, сол тұстағы арабтардың ең ірі қалаларының бірі болған Дамашық қаласын да моңғол әскерлері тартып алған болатын. Сол себепті, Мысырдағы мәмлүктердің де билігі шайқалудың қауіпіне душар бола бастаған еді. Сондықтан, сол кездегі мәмлүктердің сұлтаны Құдыс, осы реткі жасалатын соғысты ислам әлемі үшін ең соңғы өлім мен өмірдің шешуші шайқасы «қасиетті шеит болу» соғысы ретінде қарайды.

Соғысқа аттанудан бұрын, Құдыс Палестин жеріндегі батыстың крест ұстаушы әскерлерінен көмек сұрайды, бірақ, Кетбұға әскерінен ауыр жеңіліс тапқан крест әскери қолбасылары оған келіспейді. Тек, Құдыс әскерлерінің Палестин жерінен солтүстікке қарай жорық жасап, елді кесіп өтуіне келісімдерін береді.

Қысқаша шегініс бере отырып, Құдыстың кім екенін түсіндіре кететін болсақ, оның тарихын былайша баяндауымызға тура келеді.

Он үшінші ғасырда Мысырдың Айюут хандығы құрылады. Оны 1174 жылы Салахеддин деген адам билейді. Сол кезде, хандыққа қарасты мәмлүктердің әскери қосыны құрылады. 1250 жылы сұлтан Ас-Салих қайтыс болады. Осы кезде, түрік текті рулардан құралған әскердің бірі Мәмлүк Айбек деген адам, Ас-Салихтың тағына отыратын жас баланы өлтіріп, ханнан қалған жесірді өзі алып, хан тағына өзі отырады. Мәмлүктердің мемлекеттік билігін құрады. Алайда, Бағдат халифасы оларды мойындамай қояды. 1258 жылы Бағдатты моңғолдар талқандағаннан кейін, мәмлүктердің билігі жүретін ел, сол кездегі мұсылман әлемінің ең күшті тірегіне айналады. Мысыр мәмлүктерінің жұлдызы жанады.

«Мәмлүк» деген сөздің мәні араб тілінде «құл» дегенді білдіреді. Айбас империясының халифалары, тоғызыншы ғасырдан бастап, Анадолия, Кіші Азия, Кафказ, Орта Азия өңірлерінен өте көп сандағы құлдарды сатып ала бастаған. Осы кезде, Каф-сақтары, немесе қыпшақтардан көптеген құл Араб еліне апарылған. Кейін келе, сол құлдардан әскери қосын жасақталып, мәмлүктер қосыны деп аталған болатын. Солардың ішінен ел билеген адамдар да шыққан. Солардың бірі қыпшақ руынан шыққан атақты Бейбарыс сұлтан болатын.

Мәмлүктердің көбі Орта Азиялықтардан құралады. Сол кезде Орта Азиялық түрік тектестерден жылына 20 мың бала алдап әкетіліп, Араб еліне сатылып отырғандығы тарихи деректерде баяндалады. Осы мәмлүктердің әскери күші, олардың ат үстінде айбаттана шайқасатын ерекшеліктері, найза мен садақ өнеріне ерекше қабілеттілігі, күллі Араб әлемін қаймықтырады. Мәмлүк әскерлерінің қаруы: садақ, қорамсақ толы жебе, ұзын сапты найза, аса өткір Дамашық қылышы, үлкен қалқаны және жүйрік аты болған. Мәмлүк әскерлері ат үстінде шауып келе жатып, жалғыз тал құрманы қылышпен шауып тастайтын өнерге ие болған. Құдыс осындай айбатты әскери күш арқылы моңғол әскеріне қарсы жорыққа аттанады.

Соғыс Палестин жерінің солтүстігіндегі Айын-Жалут деген жерінде 1260 жылы қыркүйек айының үші күні басталады.

Осының алдында Кетбұға әскерлері крест ұстаушылардың әскерлерімен соғысады. Сол соғыста Кетбұғаның ағасының баласы қаза табады. Соған ашуланған Кетбұға, Сидон қаласына шабуыл жасап, крест әскерлерін тас–талқан етеді. Құдыстың жорығына, крест әскерлерінің қорқып қатынаса алмауы да осыдан болатын. Алайда, осы реткі соғыс, мұсылмандар әлемі үшін, қасиетті ислам діні үшін «шеит болу» соғысы ретінде қаралды, соғысқа қатынасуға ынталы адамдар да көп болды. Соның нәтижесінде, Құдыс 120 әскер жинайды. Ал, оған Кетбұға 25 мың әскерімен қарсы тұрады.

Айын-Жалут қаласының маңында, ені алты-жеті шақырымдай келетін үлкен бір сай аңғары, осы реткі соғыс жасалатын жер болып белгіленеді. Мәмлүк әскерлері ол жерді алдын-ала таңдап алады. Мәмлүктердің Кетбұға әскерлеріне қарсы соққы беретін негізгі күшін, сайдың ең түбіне жасырып, сайдың екі қырқасына атқыш мергендерді орналастырады. Сайдың кіре берісіне шегінуге оңтайлы, жасыл тулы жасақтарын қояды. Осылайша, Кетбұға әскерлерін доға тәрізді шеңбер ішіне кіргізіп алып, қамалап жою тактикасын қолдануды көздейді.

Ешбір жаудан беті қайтып көрмеген Кетбұғаның атты жасағы, өз күштеріне өздері сеніп, қанды шабуылға аттанып кетеді. Қарсыласқан мәмлүктер қосыны Кетбұға әскерімен ә дегеннен шегіне соғысады. Кетбұғаның әскерлері қуа соққылайды. Ең соңында, Кетбұға өзінің алып қоршаудың ішіне қалай түскенін сезе алмай қалады.

Осы кезде, Суриядан жасақталған, моңғолға қараған он мың адамдық жаяу әскерлер қосыны шепті тастап қашады. Кетбұға қалған он мың атты әскерді өзі бастап, мәмлүктермен қиян-кескі ұрысқа кіреді. Екі жақтың садағынан бораған оқтан аспандағы күннің көзі тұтылады. Кетбұғаның әскерлері ат үстінде қылыш ойнатып, алға қарай ұмтыла береді. Мәмлүк әскерлерінің ортасын жара отырып, екі қанатын сындыра ілгерілей береді. Осылайша, Кетбұға қосыны алғашында, мәмлүктердің зәре-құтын қашырып жібереді. Мәмлүктер соғыса алмай, қалтырап, дағдара бастайды. Осы кезде, Құдыс өзі атқа қонып, «Ислам діні жолында шеит болайық!» деп ұран салып, Кетбұға әскеріне атойлап тұра шабады. Бір талай әскерді жер құштырып, қарсы келгенін ажал қылышымен жайпап тастайды. Мұны көрген мәмлүктерге жігер бітіп, олар тұтас шеп бойынша лап қояды. Осыдан бастап, саны аз Кетбұға әскерлері әлсірей береді. Осы кезде көмекші сардарларының бірі «Қолбасшым, шегініп кетейік» деп кеңес береді. Алайда, Кетбұға оған көнбейді.

Кетбұға өзінің сардар туын қолына ұстап, өзі соғысқа кіреді. Көп жерінен оқ тиеді. Кетбұға денесіне қадалған оқтарды өзі жұлып тастап соғыса береді. Соңында кеуде айнасын талқандап барып, кеуде шеміршегіне қадалған оқтан атынан құлайды. Палестиннің Бейсен деген жерінде жау қолына түседі.

Рашиддин жазған «Тауарих» атты кітапта: «Кетбұға тұлпарына қамшы басып, жауларына қарсы ұмтылады. Соңында аттан жығылып, жау қолына түседі. Екі қолы байлаулы, Құдыстың алдына келтіріледі. Құдыс оған: «қаншама жанның басын алсаң да, бүгін менің тұтқыным болдың», – деп мысқылдап кекейді. Сонда Кетбұға айқайлап тұрып: «Сенің қолыңнан өлсем, бұл,  ұлы Тәңірдің жазғаны. Ол, сенің қалауың емес. Бір мезеттік жеңісіңе масаттанба. Менің өлген хабарым Құлағу ханның құлағына тисе, Әзірбайжаннан тартып, Мысырға дейінгі топырақ моңғол әскерінің тұяғының астында тапталады. Мен өмір бойы көктің тұқымымын, сендер болсаңдар, билеушісін өлтірген жауызсыңдар», дейді. Осы сөзге бола ашу шақырған Құдыс, Кетбұғаны қылышпен шауып өлтіреді. Кейін, Бейбарыс келіп, Кетбұғаны өлтіріп тастағаны үшін Құдысты өлтіріп, өзі сұлтан болады» деп жазады. Осыдан кейінгі кезде, Бейбарыс сұлтан арнаулы елші жіберіп, өз қандасы Кетбұғаның Құдыстың қолынан жазатайым қаза тапқанына өкініп, оның жазықсыз өлгенін айтып, Құлағу ханнан кешірім сұрайды.

Шыңғысхандай әлемді дүр сілкінткен  ұлы қолбасшы құрған ірі империяда қызмет еткен, сол ортада әлемдік ең жоғары дәрежелі мәртебеге жеткен, өзінің бойына біткен аса дара талантымен өз дәуірін таңғалдырған ұлылардың бірі, тарихтағы қазақтың найман руынан шыққан Кетбұға еді.

Бір дәуірді, жалпақ әлемнің жартысын қайталанбас дара тұлғалы өнерімен, ешкімге ұқсамайтын теңдессіз батырлығымен, өзгеше кемеңгер көсемдігімен,  ұлы жауынгерлік қаһарман қасиетімен, қазақ ұлтына тән керемет мінезімен көзге түскен тарихи тұлға, Кетбұға күйші, өзінің даңқтарға толы өмірі мен тіршіліктегі аласапыран сапарын аяқтаған болатын.

Қорыта келгенде, қазақ ұлтының тарихи тұлғалары, Қазақстанның мемлекеттік елеулі мақтаныш тұғырында ұрпақтан-ұрпаққа жететін алтын әріптермен жазылатын күні туса, нұр үстіне нұр болар еді. Өзімізді өзгелер таныған соң, танудан гөрі, өз ұлымызды өзіміз қадірлеуді үйренетін уақыт жеткен секілді. Аталар рухы өлмесе, ұрпақтың мерейі аспандай береді. Елдік пен мемлекеттік өре ауыл мен ру деңгейінде қалмауына кепілдік еткенде ғана, тарихымыз қайтадан алтын нұрын әлемге шаша алады. Өз ұрпағымызды өз қанымыздағы тасқындаған ерліктермен, теңдессіз тарихи ерекшелігімізбен, кешегі керемет кешулерімізбен, ұлттық тарихи тұлғаларымызбен баулуды ұмытпайық ағайын. Басқаларға, Батысқа табынудан гөрі, өз ұлымызға өзіміз сүйінуді үйрене берейік. Қазақшыл болу – бақыт. Батысшыл болу – сор боларын ертеден ескерейік.




«Қазақ әдебиеті» газеті, №45, 9-15 қараша, 2007 жыл.


Кенжал Балкенов,

Қ.И. Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік

мұражайының директоры, өлкетанушы.

АТАЛЫҚ БИ, ҰЛЫ ЖЫРАУ – КЕТБҰҚА

Көне заманнан бері адамзат тарихының даму сатысында қасиетті Ұлытаудың алатын орны бөлек. Қазақ елінің бірлігі, ұйытқысы болған Ұлытаудың мемлекетіміздің іргесін қалаудағы орны да ерекше. Қазақ елінің халық болып қалыптасуының басы да осы Ұлытаудан бастау алады. Бұл – тарихи шындық.

Осы тарихи шындық жайында академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев: «Орталық беткейге орналасуы мен жоталарының биіктігіне қарағанда, Ұлытау керегесін Сарыарқаның кіндігі деп атауға болады. Сондықтан Ұлытау жоталары қазақ даласының неше ғасырдан бергі тарихының ашық алаңы, кең мандайы болып келген. Талай хандар ордасын осы Ұлытауға тіккен. Талай батырлар жасағын осы Ұлытауға орнатқан.

Ұлытау – халқымыздың ел болып қалыптасуына, бірлік-тірлігіне діңгек болған, иісі қазақтың айналып соғар түп қазығындай қасиетті мекен. Ұлытау қазақтың ерте кездегі саяси орталығы ретінде маңызды болғандығына бір дәлел, қазақ ұлысының негізін құраған басты-басты тайпалардың барлығының жері осы Ұлытаудан тараған», – деп жазса, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Қасиетті Ұлытау – қазақ елінің баяғыдан бергі тарихи және саяси кіндігі», – деп атап өткен еді.

Тарихымызда ұлы адамдар өте көп, бірақта олардың қатарынан XIII ғасырда ел билеген, көрегендігімен көзге түскен кемеңгер бабамыз, Ұлық жырау Кетбұқа Аталық би ерекше еске түседі.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев:

«Ұлы тұлғаларды білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын да сезінеміз. Сондықтан да халқының, елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да, анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда да оны адал орындаудан жалтармаған адамдар, қай дәуірде өмір сүрсе де, дүйім жұртының нағыз азаматы болып қала бермек», – деген болатын.

Тереңнен сөз қозғасақ, бірден ойымызға халық ауыз әдебиеті арқылы күні бүгінге дейін жеткен «Ақсақ құлан – Жошы хан», «Кетбұқа» атты күйлер оралады.

Міне, осы Кетбұқа бабамыз 1184 жылы Ұлытау өңірінде туып, 3 қыркүйек 1260 жылы Израильдің Айн-Джалут жерінде қайтыс болған, яғни бабамыздың туғанына биыл 830 жыл толып отыр.

Ал Сирия мемлекетіне барған арнайы іссапарында Елбасы қазақ еліне қатысты тарихи тұлғалардың осы ел үшін жасаған еңбектерін бағалай отырып: «Кетбұқа бабамыз – түбі бірге түркіге ортақ ұлт тұлға», – деп толғана айтқан болатын.

Осындай ұлт тұлғаларының алтын әріпті тұғырындағы қазақ тарихында бетке ұстар ұлы жырау Кетбұқа Аталық биді мақтанышпен айта аламыз.

Кетбұқа бабамыздың жеке өмірбаянына арнайы жазылған ортағасырлық дерек жоқ, тек қана оның өмірінен үзік-үзік мәліметтер Әбілғазы Ибн Тәңірберді, Әбу Махасин Жамал-ад-Дин Жүсіп, Әл-Юнини Аш-Шейх Құтб-ад-Дин, Ибн Айбек әл-Дауадари, Әбу Бәкір бен Абдулла, Рашид ад-Дин, В.Г. Тизенгаузен, Л.Р. Қызласов, Лев Гумилев, Ш. Уәлиханов, М. Тынышбаев, Ә.Х. Марғұлан, Т. Жұртбай, Қ. Сәки және т.б. авторлардың еңбектерінде кездеседі. Орыс, парсы, араб, армян, грузин, қырғыз деректерінде де Кетбұқа жырау туралы мәліметтер баршылық.

Кезінде Шыңғыс хан Кетбұқа бабамыздың алпауыт күшіне, ерлігіне куә болып, өзінің жанына сенімді сақшы ретінде тағайындап отырып, барлық елге мынандай жарлық берген екен: «Біздің сыртымыздағы түмен сақшысын мығымдап, үлкен қарулы қолға айналдырыңдар! Торғауыттардың төрт бөлек сақшыларына сүйеніп, Бұқа бір бөлек сақшыларды басқарып, жеке топ құрып шықсын, сырттағы мыңдықтың ноянынан менің сақшыларым артық. Сырттағы жүздік, ондық нояндардан менің сақшыларымның біреуі артық. Сақшыларым мен сыртқы мыңдық нояндары тең дәреже көрсетіп, ұрысатын болса, мыңдықтың адамы жазаға тартылсын». Міне, осылай Шыңғысхан Кетбұқа бабамыздың беделін арттырып, ешкімге де бермеген жоғарғы дәрежеге дейін көтерген болатын. Сонымен қатар, сенімді сақшылардың түменбасы Кетбұқа бабамызға мынадай жарлық шығарып, қолына сенімхат тапсырған. Бұл ұрпақтан ұрпаққа мұра ретінде қалдыратын тарихи құжат болып есептелінеді. Онда: «Бораған боранда, бұлаған жауында борша үйімді айналып, бір сәтке көз ілмей, біздерді ойлаған, жүректі жұмсартып, жұмаққа жол ашқан, тоқсан бес мың жасақтан менің жанымды қорғауға таңдап алынған түмен сақшыларымды, менен кейінгі орнымды басатын балаларым мен жұрағаттарым осынау сақшы-жасақтарымды аманаттай көріп, әлсіретпей сақтап ардақтаңдар. Осынау түмен сақшы-жасақтарымды киелі әулие деп санаңдар!» – деп аманат еткен болатын. Кетбұқа бабамыз Шыңғысханның көзі тірісінде киелі әулие санатына осылай көтерілген екен. Кейін батырлығы мен мәмлегер елшілігі үшін Шыңғыс хан өзінің қызын Кетбұқа ноянға ұзатып, бабамыз Кетбұқа Гурхан атанған. Гурхан Шыңғыс ханның күйеу баласы деген мағына білдіреді. Қазақ халқының қалыптасу кезеңінде өмір сүрген, көне қазақ әдебиетінің көрнекті ақыны Доспамбет жырау (1490-1523 жж.) өзінің Отан қорғау, елге, жерге деген сүйіспеншілікті бейнелейтін жырларының бірінде:
Күдеріден бау тағып,

Кіреуке киер күн қайда?!

Күмбір-күмбір кісінетіп,

Күреңді мінер күн қайда?!

Толғамалы ақ балта,

Толғап ұстар күн қайда?!

Алты құлаш ақ найза,

Садақ толған сайгез оқ.

Масағынан өткеріп,

Басын қолға жеткеріп,

Созып тартар күн қайда?!

Кетбұқадай билерден

Кеңес сұрар күн қайда?!

Еділдің бойын ен жайлап,

Шалғынына бие біз байлап,

Орындықтай қара сабадан,

Бозбаламен күліп-ойнап,

Қымыз ішер күн қайда?! – деп көкірегі қарс айрыла жырласа, ХІХ ғасырдың аламан батыр-ақыны Махамбет ұстазы Доспамбет жыраудың сөзін жалғастырып:
Кетбұқадай билерден

Ақыл сұрар күн қайда?!

Бізді тапқан ананың,

Асыраған атаның

Қолын алар күн қайда?! – деп жырлайды.

Жыраулар хан кеңесшісінің қызметін атқара жүріп, ел билеу ісіне араласты, маңызды шаралардың ұйытқысы болды. Хан мен сұлтандардың ел үшін атқарған істерін дәріптеумен бірге, теріс әрекеттерін сынға алып отырған, қара қылды қақ жарған әділдігімен халық сүйіктілеріне айналған. Жыраулар поэзиясының негізін салған, өз замандарының терең ойшылдары Кетбұқа (1184-1260), Асан қайғыдан (1361-1465) басталып, Қазтуған (1423-1487), Шалкиіз (1465-1560), Доспамбет (1490-1523), Үмбетей (1706-1778), Ақтамберді (1675-1768), Тәтіқара, Бұқар жырау (1668-1781) жалғасады. Олар шығарған әдебиет үлгілері, негізінен, заман, қоғам, өмір туралы толғаулар, ақыл-өсиет түріндегі шешендік сөздер, батырлардың ерлік істерін дәріптейтін дастандар. Яғни жыраулар өз заманының нағыз халық жанашырлары болған.

Кетбұқа жырау Жошы ханның қырық батырының бірі ретінде қазақ-қырғыз тарихында айтылады. Қырғыздармен шайқаста ерлік көрсеткен Шыңғыс ханның мың басы Нұқы батыр туралы деректер «Моңғолдың құпия шежіресінде» келтірілген. Міне, осы Нұқы батыр Кетбұқа жырау деген дерекке сабырлықпен қарап, зерттеуіміз қажет.

Мағыналы өмірін Сарыарқадай даласында жауын тізгіндеуімен өткерген Кетбұқа жыраудың есімі Лев Николаевич Гумилевтің зерттеулері арқасында ғылыми айналысқа түсті. Оның «Этнос және Жер биосферасы» атты кітабының бір тарауы Кетбұқа бабамызға арналған. Тарихшы Қуаныш Ахметовтің сөзімен айтсақ: «Ендігі жерде оның тарихи бейнесін өз ғалымдарымыз зерттеуге тиіс. Құдайға шүкір, Гумилев салған даңғыл жол, дана бағыт қолымызда. Ұлтымыздың тарихына теліп айтсақ, тәуелсіздігіміздің тәтті жемістерінің бірі – осы мүмкіндік».

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлылар мекені – Ұлытауға тағзым етіп тұрып:

«Ұлытаудың орны басқа. Біздің Ұлытауымыз бен Ордабасымыз – досымызға да, дұшпанымызға да ұялмай көрсетер айбарымыз, ардағымыз, асылымыз. Ұлытауда өз кезінде қазақ халқының билері ортақ жауға қарсы тұру үшін елдің басын жинап, бас сардарды сайлап, жауға қарсы тұру үшін қантөгіс қырғында еліміздің тәуелсіздігін сақтап қалған.

Ал оның басы осы Ұлытауда басталған болатын...

... Осы жерде қазақ халқының әр руының, әр тайпасының, әр ауылдың көсемдері жиналып, өздерінің басшыларын сайлаған. Сондай сайлаудың ең басы ХІ ғасырдың басында болған дейді. Халық жиналып, өзінің ханын сайлап, ақ киізге салып көтерген жері осы екен. Сондықтан біз де солай деп есептеуіміз керек. Қазақтың басы қосылып, ел болып отырғаны мың жыл десек, ешқандай қиянаттық болмайды. Есім ханнан кейінгі деректер бойынша Едігені би сайлаған – Ұлытау, Тоқтамысты хан сайлаған да – Ұлытау...».

Қазақ шежіресіндегі: “Алты алаш бас қосып, қыл құйрықты, бөрі басты ақ ту көтеріп, жеке хандық құрған жері – қасиетті Ұлытау» деген сөз бекер айтылмаса керек.

Берекесі кетіп, жауынгершіліктен, көшіп-қонудан әбден шаршаған қазақ тайпалары береке-бірлікке, ынтымақ-татулыққа ұмтылып, бес саусақтай берік жұдырықтай жұмылып, жаңадан құрылған хандыққа топтасты.

«Алты арыс ел Ұлытауға жиналып, Кетбұқаны Ұлығ би сайлады», – деп Тұрсын Жұртбай өзінің тарихи әфсанасында жазады.

Кетбұқадай батырды жастайынан әскери ойындар мен сайыстарға машықтандырып тәрбиелеген атақты Көксау Сабырық батыр. «Күндей күркіреген даусы жер жарғандай» (Рашид-ад-дин) шежірелік Өкіреш атанған әйгілі Көксау Сабырық батырдың алдынан өткен Кетбұқа да жауларына беріспей өтті.

Осындай тарихи алтын қазынадан табарымыз көп, егер де біз бірліктің арқасында, өз тарихымызды өзіміз зерделеуді қолға алсақ болғаны.

Тек ізденіске ынта танытып, тарихи тұлғаларымызға ру ретінде емес, ұлт ретінде қарап, оларға жасалатын заңғар құрмет ортаймаса болғаны.


Ой – терең, ойнар – наһан теңізден де,

Тың тұрған тіл – сүзеген өгізден де.

Наһаннан нар жұтатын – нәпсің жаман.

Қанағат қылмайтын аз жегіскенге.

Игеріп осы үшеуін ала алмасаң,

Ерлерім, ауруыңа ем ізденбе!

Халқыңа қалай-дағы туралық қыл,

Нық тұтып ниетіңді, негізден де!
Ол үшін ұлттық тұлғаларымызды тарихтың асқар биігінен ерекше ілтипатпен қарауды үйренсек болғаны.

Қатал тарихи шындықтың турашыл шырайына шыншыл көзбен қарай алатын болсақ, әділеттің алтын жолы қашан да осы даламызда сара жолдай сайрап жатары даусыз. Өтпелі дәуірлер керуенінде көмескіленіп, ғасырлар тоғысы мен заманалар ауысында ұмыт болуға айналып бара жатқан тарихты іздемеу, Кетбұқадай ұлы тұлғаларымызды зерделемеу, бар деректердің өзін де жоғалтуға апарып соғатыны аян.

Сондай құндылықтардың бірі «Таңбалы тас» – Кетбұқадай бабаларымыздан қалған ұлы мұра. Барлық қазақтардың басын бір халыққа біріктірген Майқы, Кетбұқа, Қоғам, Құндыкер, Дай, Қотан билер қазақ шежіренамасының негізін қалаушылар деп барлық шежірелерде көрсетіледі. Кезінде «Ердің ері – егеудің сынығы» деп Кетбұқадай батырды Ұлытауға аттандырады. Елдің игі жақсылары, оның ішіндегі Майқы би: «Қаратаудан әрі қарай асыңдар. Ұлытау, Кішітау деген таулар бар. Қаракеңгір, Жездікеңгір, Құдайберді деген жерге барып, ірге тебіңдер. Ақ найзаның ұшымен, әділ биліктің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар», – деп батасын берген екен. Ұлы бидің батасы қабыл болып, еңселі орда құрылып, тасқа таңбаларын қашатып, ант беріскен жер – Ұлытау.

Сол Ұлытаудағы Таңбалынұра жерінде үш жүздің таңбаларын тасқа қашатқандар – Майқи би мен Кетбұқа бабаларымыз. Үйсіндердің нысаны – Ту, Арғындардың нысаны – Көз, Алшындардың нысаны – Найза болса керек.

Үш жүздің жауынгерлік ұраны:

Ұлы жүздікі – Бақтияр – Бақыт,

Орта жүздікі – Ақжол – Әділет,

Кіші жүздікі – Алшын– От ана.

Осы үш ұран тұтас бір халық ретіндегі барлық қазақтардың ортақ ұраны Алаш ұғымына біріккен:
Таңбалы тас қазақтың мөрі болған,

Рулар ақылдасар төрі болған,

Сан ғасыр данышпандар ел басқарып,

Кең байтақ қазағымның жері болған.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Бұл қазақ қай уақытта «Үш жүз» атанған?» мақаласында: «Мына баланы жыға қылып, бастарыңа шаншыңдар, шен қылып, беттеріңе ұстаңдар, ту қылып, төбелеріңе көтеріңдер! Қаратаудан арман (әрман) қарай асыңдар, Шу мен Сарысуды көктей өтіңдер. Ұлытау, Кішітау деген таулар бар. Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Айдаһарлы, Құдайберді деген жерлер бар. Соған барып, салық салыңдар! Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар! Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарашы боласыңдар! «Хан әділ болса, басынан бағы таймайды, қарашысы табанды болса, қара жерден кеме жүргізеді!» деген», – деп, батасын беріп жөнелтіпті.

Бұл жорықшылар Қаратаудан асып, Шу мен Сарысудан көктей өтіп, Майқы бидің айтқан жерлеріне келіп, ұйқыны бұзып, жылқы алды, күймені бұзып, қыз алды. Көш елді көш-жөнекей шапты. Асулы қазан, тігулі үйге дап-даяр ие болып, орныға бастады. Өз алдына мал малданып, жан жанданып, үйлі-баранды болды. Сауынсыз дүние алған соң, қалыңсыз қатын алған соң, ел болмасқа немене, жұрт болмасқа немене?! Бұлардың мұндай болғанын баяғы Қызыл Арыстан хан естіді. Қотан, Қоғам, Құндыке, Қобан, Майқы билерге елші жіберді:

– Менің баламды жігіт-желең беріп, желіктіріп жібергені не қылғаны?! Баламды өзіме алып келіп тапсырып, менен қалағанын алсын! – деп.

Сонан соң ақсақалдар жүз жігітпен Қотанұлы Болатты жіберді: «Барып, шақырып келіңдер!» – деп. Бұлар келген соң, бұрынғы келгендер:

– «Қайт» деген сөзді айтпа, өздерің де қайтпа! Аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырма бесте қартаятұғын, тауықтан басқа құсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ: еркегі ат болатұғын, әйелі жат болатұғын, тымақты тақияға айырбастап, пышақты қасыққа айырбастап; тәлімі бидайдың (бұйдайдың) нанын жегенге, тары көженің суын ішкенге әлдеқандай көріп, мас болып, біттей бөдененің бір санын жеумен күпті болып қалатұғын сарттың жаз болса тұзын, қыс болса отыны мен көмірін тасып, бейнет тартқаннан басқа көрер қызығы жоқ жерде не ақыларың қалды?! – деген соң:

– Рас-ау, рас! – деп, шақыра келгендердің өздері де қайтуды керек қылмады.

Қызыл Арыстан хан қайта-қайта кісі жібере берген соң, Қоғамұлы Алшынды жүз жігіт қосып тағы жіберді, он үш ақсақал қосты: «Есеп сан үш жүз он үшке жетсе, дүние жүзі жиылып, жау болса, бетіне келе алмайды!» деп айтылған сөз бар еді», - деп. «Үндемесе де, үйден шықпаса да, Бабыр еңбегі» дегендей, ақсақал шал жұмысты жатып, жайлап жатса керек. Бұлар да кеп, орнығып тұрып қалды.

– Енді біз ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт көзіне түсірелік! – деп, баяғы ала баланы алашаға салып, Ұлытаудың басына алашамен көтеріп шығарып, хан көтерді. Оған: «Алашахан», - деп, ат қойды. Бастапқы бірге келген жүз жігіт, оның қолбасы, мырзасы Үйсін-Ұлы жүз-Үйсін атады.

– Түп қазық салықшы: жауға шапқанда, бұлап шаппасын, тастүйін боп тұрсын! – десті.

Ортаншы келген жүз жігіт, оның қолбасы, мырзасы – Болатқожа.

– Бұл жүз жігіт тосқауылшы, орта буында жүрсін, ханның бақташысы есепті болсын! – деп, оны: «Орта жүз – Ақ жол» атады.

Соңғы келген жүз жігіт, оның қолбасы, мырзасы – Алшын.

– Беті қайтпаған жаужүрек, жан қадірін білмейтұғындар. Бұлар кезеуілші болып, қарсы алдында жүріп, жауға шабатұғын осылар болсын! – деп, «Кіші жүз – Алшын» ат қойды.

Кезеуілші қашса, тосқауылшыға, тосқауылшы қашса, салықшыға; салықшыға қашпайды тұрған-тұрған жерінде өліп қалуға көндімбай көнтерілерді қойса керек. Қазақтың «Үш жүз» аталған жері – осы.

Бұрынғы заманда қазақтың «Жүз» деген де аталарының аты болса керек. «Алаш» деген де аталарының аты болса керек. «Жүз» деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда, «Алаш, Алаш!» – демегенді әкең де болса керек. «Жүз» деген атты – руға, «Алаш» деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда, «Алаш, Алаш!» – деп шабыңдар! «Алаш, Алаш!» демегенді әкең болса да, ұрып жық!» – деп, бата қылысыпты.

«Кеше Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз ағаш, ұранымыз – Алаш болғанда, Үш жүздің баласы қазақ емес пе едік?!» – деп айтылған сөз сонан қалды.

Бұл Алаша ханнан бұрын қазақ ел болғанда, жұрт болып өз алдына отау тіккен емес. Әр жұртқа бұратара қоңсы болып жүрген. Біреу: «Болатқожа» дейді, біреу: «Ақжол» дейді: екеуі бір кісіге аталған ата деседі.

«Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс – үш жүздің аталарының аты» – деседі.

Ақсақкелімбет, Қаракелімбет, Сарыкелімбет, Науан, Шуан деген аталар бар» – десіп жүрді. Бірақ олардың ар жағы кім, бер жағы кім екенін біліп сөйлеуші жоқ болды. Түбірлі сөз қылып, туынды қылып айтушы болмаған соң, біз ондай сөзді нұсқа қылып сөйлеуге еріншектік қалдық».

«Міне, осы жерде басы Кетбұқа жырау болып, тоғыз ұлыс елге тоғыз таңба басылған қыл құйрықты тоғыз ақ туды үлестірген», – дейді бір аңызда.

Міне, осындай тоғыз тулы ұлысқа тоғыз таңба үлестірген Кетбұқа бабамыз. Тозған елді тірілтіп, «тоғыз таңбалы ел» дәрежесіне жеткізген. Төлегетайдың төрт ұлы, саржомартпен – бес, балталымен – алты, көкжарлымен – жеті, бурамен – сегіз, бағаналымен – тоғыз. Кетбұқа осы бағаналыдан. Тоғызыншы, белгі жеті қалғандықтан таңбаны теріс салып, содан бағаналы – «терістаңбалы» атанып кетті. «Кетбұқа – терістаңбалы – найманның ноқта ағасы, оның еншісі тоғыз ұлға ортақ».

Сонымен Кетбұқа жыраудың рулық таңбасы бақан. Осындай таңбалы Қарақалпақстандағы Қоңырат тайпасындағы Бақанлы руы бар. Тарихи деректерге қарағанда, кезінде Бағаналылар Ертіс пен Алтайды тастап, Сарысу, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Байқоңыр, Бұланты-Білеуті, Қаратал, Тамды, Терісаққан, Шу, Сырдария өзендерінің бойын жайлап, Ұлытау, Кішітау, Желдіадыр, Арғанаты тауларын мекен еткен. Бұл VII-VIII ғғ. болған.

Ал Кетбұқаның ұстазы Тата-тұнға – Тоныкөктің он алтыншы ұрпағы. Білге Тоныкөк (646 ж. туған 731 ж. дүниеден қайтқан) – түркі қағанаты тарихында ерекше орын алатын тұлға, ол Елтеріс қаған, Бөгі қаған, Қапаған қаған және Білге қағандарға кеңесші болған. Тоныкөк – ел қамын ойлаған ақылгөй, дана қарт. Өзі туралы ол: «Ақыл иесі, сөз иесі мен болдым» деп айтқаны шындық еді:
Түнде ұйықтамадым,

Күндіз отырмадым,

Қызыл қанымды төктім,

Қара терімді ағыздым.

Күш-қуатымды аямадым,

Мен өзім ұзақ жорықтарға да бастадым.
Білге Тоныкөктің тарихи бейнесі араға бес жүз жыл салып барып, Жошы ханның кеңесшісі Кетбұқа жырау бейнесінде дәлме-дәл қайталанады. Елтеріс қағанға әрі ақыл-кеңес беріп, әрі әскерін басқарып жүрген Тоныкөк сияқты Кетбұқа жырау да Жошы ханға ұдайы кеңес айтып отырады. Әрі хан жасақтармен бірге жауға қарсы шығады. Кемеңгер Білге Тоныкөктің философиялық ой-пікірлері Кетбұқа жыраудың дидактикалық шешендік сөз үлгісіндегі толғаулармен астасып жатады.

Білге Тоныкөк түркі қағанатын сақтап қалу үшін ең алдымен елдің ішкі бірлігі қажетті екендігін пернелеп, астарлап ақыл-өсиет айту арқылы жеткізеді:


Жұқаны бүктеу – оңай,

Жіңішкені үзу – оңай.

Жұқа қалыңдаса, алып бүктейді,

Жіңішке жуандаса, алып үзеді.
Кетбұқа жырау да қазақ елінің бірлігі туралы өзінің ой-пікірін Жошы ханға астарлап айту арқылы жеткізіп отырған. Кетбұқа бір өлеңінде:
Ынтымақсыз болған елден

Ырыс кетер, сақ болғын,

Бірлігі жоқ Алашымнан

Қыдыр кетер, сақ болғын.
Тұлпар тауды селдер бұзса,

Тұл боларсың, сақ болғын,

Құдағисыз, құда-андасыз

Құның кетер, сақ болғын.
Күш-қуатың саудаланып,

Пұлға айналар, сақ болғын, – деп ұзақ толғап келеді де, өзінің түйінді ойын жыр соңында ғана айтады:
Құдіреті күшті елге

Құл боларсың, сақ болғын.
Шыңғыс заманының тірі куәсіндей болып жеткен «Ақсақ құлан» қазақтың күй тарихындағы ескі күйлердің бірі болып саналады.

Осы уақытқа дейін Кетбұқа Шыңғыс ханның баласының өлімін домбырамен, кейбір кезде қобызбен күй тартып естірткен деп айтылады. Қазақ даласында сақталған аңызда Кетбұқаның есімі әйгілі «Ақсақ құлан» күйімен тығыз байланысты болып келеді. «Ақсақ құлан» десек, Кетбұқаның, Кетбұқа десек, «Ақсақ құланның» қосарлана айтылатындығы белгілі.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Жошы ханның қайтыс болған уақытын жаза отырып:

«Сол уақыт – «Құлан шуы» делінген уақыт екен. Малдың балалап, аң да, мал да, төлін төгіп жатқан кезі еді. Хан жарлық қылды:

– Төрт түлік малды баласынан айырсын! Жаңа туып жатқан жас төл енесіне жамырамасын! Мен аңырап, зарлап қалдым, хайуан мал да мендей азалы болып азынасын, зарласын! – деп, төрт түлік малдың жас төлін қара жардың бір жағына, енесін бір жағына бақтырады.

Ел күйзелді. Өзі ас-су ішпей, дым сызбай, төсектен басын көтермей, теріс қарап жатып алды.

Хан өзі «қара қылды қақ жарған әділ» екен. Екі даугер келсе, шошып оянады екен, ас ішіп отырса, қолында отырған аяғын былай қоя салады екен. Ханбибі деген ханымы бар екен. Асығып-үсігіп, аптығып, сасқан, босқан кісідей кіріп келді. Теріс қарап жатқан хан:

– Бұ қайсың? – дейді.

– Мен Ханбибі! – дейді.

– Біреу қуып келгендей, ентігіп тұрсың ғой! Жаймысың? – дейді.

– Жайдан-жай кісі солай кіре ме екен? Есік алдында екі даугер кіре алмай тұр екен. Соны айтайын деп келдім! – дегенде,

– Дауы не екен, сұрадың ба? – депті.

– Сұрадым. Біреуін танымаймын, мен көрмеген бөтен жұрттың жолаушысы. Біреуі – өзіміздің күнде көріп жүрген Желдібастың інісі Жонбас. Жолаушы ұзын жолға кетіп бара жатқан мүсәпір: «Қайтарымда алармын» – деп, Жонбасқа ат басындай алтын аманат сақтатып кеткен екен. Сол мүсәпір барған жолынан қайтып: «Енді алып кетейін!» – деп сұраса, Жонбас бермейді дейді: «Баяғыдан сенікі болғаны не керек? Менің көзім үйір болып, бауыр басып қалдым, бермеймін! Жеңген жеріңде ал!» – дейді екен. Дауы осы екен! – депті.

Хан:


– Былшылдамасын, берсін! Аманатты әркім-ақ сақтар болар, иесі сұрай келсе, өзіне қайырар болар, бар, айт! – дегенде, Ханбибі:

­ Төреңізге құлдық, тақсыр! «Хан екі сөйлесе, қара болады. Қара екі сөйлесе, қатын» – деген. Бұл бала Жасаған Иемнің сіз бен бізге сақтатқан аманаты емес пе еді?! Аманатын Иесі өзі алды: «өзінікін өзі алды!» деп, өкпелеу дұрыс па? – дегенде, хан басын көтеріп алыпты:

– Сенікі дұрыс екен де менікі бұрыс екен! – деп сабасына түсіп, отын оттап, суын ішіп, мал баласын жамыратыпты.

Сонда бір боз інген жеріп, өз ботасын өзі алмапты. Хан:

– Осы бота аштан өлсе, обалы менің мойынымда қалады ау! – деп. Осы інгеннің өз ботасын өзіне алғызғанға қалыңсыз қыз берер едім! – деген соң.

Баяғы Кетбұқа бес саусағын сірімен қаптап алып, күй шертіп, хан баласының мән-жайын домбыраның күйімен шерткенде, естіген жұртта ес қалмай, езіліп, су болып ағып, інген де есінен танып, елтіп, балқып кетіп, еміреніп, ботасын емізіпті. Сол күйдің аты «Бозінгеннің күйі» аталып қалыпты.

Бала күнімізде Қызылтауда, Айдабол, Күліктің Күлігі Ақай Қиялша деген шал тартушы еді, Қақсал Отыншы деген шал тартушы еді. Олар тартқанда, естіген жұрт ботадай боздап, інгендей еңіреп, мұрнынан боқ, көзінен жас сорғалап жылап отырушы еді. Домбыра тартып, күй шертетұғын шалдар: «Бозінгеннің күйі», «Бозайғырдың күйі», «Орыс Қазанды алғанда, қатын-қызының шулап, жылаған күйі», «Алшағырдың ащы күйі» Тәттімбеттің «Сылқылдағы» деп тартушы еді. Бұл күнде бәрі құрыды, құлаққа ұрған танадай болды.

Хан:


– Енді мұның өшін құланнан аламын! – деп, жұртқа сауын айттырып, құлан қууға ат жараттырды.

Қыз-бозбалаға ор қаздырады. Бозбала кетпен жер шабады, қыздар бозбалаларға тамақ, сусын даярлап беріп тұрады. Ақ бата жоқ, мына жақта Біреу... бар деген ешкімнің ойында жоқ. Ерік-ықтияр әркімнің өзінде. «Қаздай қалқып, үйректей жүзген күн». Құлан үшін қаздырған ор бұл күнде «Құлан өтпес» делінген өзен атанып қалды. Құланның олайғысын олай, бұлайғысын былай қуғанда, жұрт көзіне көрінген құланнан бес-ақ құлан құтылыпты. Шу бойында сол жер «Бесқұлан» атанып қалды. Екі жүйрік ат бар екен: құланды қойдай іріп соғатұғын, бірі – Еңкейторы ат, бірі – Аққабақ ат. Еңкейторы ат өлген жер «Еңкей» аталған, Аққабақ ат өлген жер, «Қабақ» аталған. «Еңкей», «Қабақ», «Құланжалақ» жер аты болып қалған».

Жошының қазасына байланысты Кетбұқа күйшінің «Ақсақ құлан» күйі Қазақстанның Алтай мен Маңғыстау түбегіне дейінгі байтақ далада дерлік тартылып, күні бүгінге дейін жеткен. Монғолияның Баян-Өлгей қазақтарында, еліміздің Шығыс Қазақстан, Семей, Сыр бойы, Ақтөбе, Орал, Атырау, Маңғыстау өңірлерінде «Ақсақ құлан» күйінің бірнеше нұсқалары бар. Тарбағатайлық домбырашы Бағаналы Салтөлековтің, Сыр бойының күйшісі Нәби Жәлімбетовтің, Маңғыстаулық күйші Мұрат Өскенбаевтың орындауындағы «Ақсақ құлан» күйіндегі ортақ сарын – «Балаң өлді, Жошы хан» деп келетін естірту ретінде домбыраның сөйлейтін тұсы.

Өнер саласының зерттеушілері Кетбұқа жыраудың халық арасындағы кең тараған күйлеріне «Қаралы белдік мойнымда, сауға, Шыңғыс, сауға», «Сынған бұқа», «Жошы хан жортуы», «Ел бірлігі», «Ай-ханым», «Кетбұқа», «Ақсақ құлан», «Жылан қайыс», «Нар идірген», «Нар шөккен», «Нарату», «Терісқақпай», «Күйдім-жандым», «Ақсақал» күйлерін жатқызады.

Академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан: «Ұлы жыраулардың ең ескі дәуірдегі ұлы ұстазы Қорқыт (VII-VIII ғғ.). Одан кейін ХІІ ғасырда жасаған Аталық жырау, «Ақсақ құлан», «Жошы хан» күйін орасан көп халықтың ортасында тартып беріп, музыка үнінің кереметін танытқан Аталық жырау (шын аты Кетбұқа, кейбір жерде Кербұқа) еді. Бұл оқиғаны әдемі суреттеп кеткен араб ғалымы Ибн-ал-Асир (ХІІІ ғ. 30-жылдар), одан кейін Улуғбек, түрік шежіресі)».

Ғалым Мұхамеджан Тынышбаев: «Кетбұқа – аңыз бойынша көне замандағы қазақтың ең ұлы абызы, сиынатын пірі, бақсылар осы күнге дейін оның атын атап, аруағын шақырады».

Осы ғалымдардың деректерінен көп мағлұматтарды түйеміз. Атақты бақсылардың сиынатын пірі, тәңір дінін ұстанған Кетбұқа қобыз, домбырамен ел арасында керемет күйлерді шығарған, Көк Тәңірмен тілдескен Кетбұқа.

Ғалым Тұрсын Жұртбаев: «Нар идірген», «Күйдім-жандым», «Ақсақал» атты үш бөлімнен тұратын күй осылай дүниеге келген екен» деп аңыз етеді еліміз. Оны шығарған сонау Шыңғыс хан, Жошы хан заманында өмір сүрген Ұлығ жырау, Аталық жырау – Кетбұқа.

...Ұлы құрылтай 1253 жылы Онон өзенінің жағасында өтетінін, сонда қаған сайланатынын естіген Батый ата мекенге жол жүруге шұғыл дайындалды. Ол орыс кінәзі Александр (Невскийді) мен ұлы Сартақты анттастырып дос етіп, өкіл баласы ретінде бауырына басты да, екеуіне Неврюй ноянды кеңесші сайлап, сапарға шықты. Жолай қыпшақ даласын кесіп өтіп, Ұлытаудағы әкесі Жошы ханның күмбезіне мінәжат қып, Ұлығ би Кетбұқа ноянды өзімен бірге құрылтайға ертіп әкетті. Батыйдың күшімен оның жақтасы Мөңке ұлы қағандыққа сайланды. Сол құрылтайда Қытай мен Иерусалимдегі соғысты аяқтау туралы шешім қабылданды. Шын-машынға – Құбылай, Палестинаға – Құлағу аттанатын боп бекітілді. Шаман дінін пір тұтатын Құлағудың қасына сол елдің салтын, дәстүрін, ислам шариғатын білетін ғұлама, тәжірибелі әрі сенімді кеңесші іздестірді. Батый бұл лауазымға мұсылмандықтың шартын жатқа айтатын және жасақ құрамындағы керей, найман, қыпшақ, қоңырат, жалайыр, қаңлы әскерлерінің табынатын көсемі Кетбұқа ноянды ұсынды. Алпысты алқымдаған, қызбалығы жоқ, мәмігерлік тәжірибесі мол, Шыңғыс ханды да, Жошыны да көзі көрген бұдан артық адам табыла қоймайтын. Құрылтай бекітті, ал ол шешімге қағанның өзі де қарсы тұра алмайтын. Кетбұқа ноян бұған амалсыз көнді. Бас тартса: «Е, ұлы әкеміз ұстатқан алтын тізгінді үзгің келе ме? Еркінсіген екенсіңдер, ендеше, ұмытқандарыңды есіңе салайық», – деп халықты тағы да жаппай жазаға тартатыны анық. Тағдырдың жазғанына көнгеннен басқа лажы жоқ».

Кетбұқа Құба тегінге, Домбауылдай атасына, Ұлы Қорқыт бабасына табынған. Қорқыт бабаның қобызы Құбатегіннен Кетбұқаға ауысқан деген ел арасында сөз бар.

Өз жерінен үдере көшкен елдің ұлы сезімі атамекеннен артық не бар. Қолына Қорқыт бабасынан қалған қара қобызын күңіренте тартып, Алтай мен Ұлытаудың салқын төсін зар күйіне қосты. Ел оны Кете жырау деп атады. Сол күйлерін шығарған жерлер әлі де сайрап жатқан жоқ па?

Домбауыл бабасынан кейін Кетбұқа күйшінің қобызын күңірентіп күй тартқан жерді халық «Сарын шоқысы» деп атайды. Бұл жер Ұлытаудың солтүстік-батысында. Ұлытаудағы «Сарын шоқысы» сияқты осындай жер атаулары Қазақстанның көп жерлерінде бар. Жер-су атаулары арқылы да Кетбұқадай бабамыздың жүрген жерлерін анықтауға болады. Зерттелмей жатқан осындай мұралар қаншама?

Кезінде Жақсыкөң өзені бойында орналасқан Талдысай елді мекенінің Айдаһарлы үңгіріне барғанда сол жерде тұратын Мұрат ақсақалдан осы үңгір жайындағы әңгімені естіп едім. Қолына ақсақал асықпай домбырасын алып, бір күй тартты. Тартып болғаннан кейін бұл күй «Жылан қайыс» күйі деп айтқан еді. «Айдаһарлы-Құдайберлі» үңгірін кезінде геолог М.П. Русаков зерттеп деректер беріп кеткен. Бұл деректер Мұрат Әбуғазының «Күй атасы – Кетбұқа» атты мақаласымен сарындас: «Шыңғыс ханға Жошының өлімін домбырамен естіртеді. Қаһарлы Шыңғысхан домбыраның шанағына қорғасын құйып, Кетбұқа күйшіні айдаһардың үңгіріне апарып тастауды бұйырады.

Сонда Кетбұқа бабамыз:



Тақсыр, оған да құлдық, тек домбырамды өзіме беріңіз, – дейді. Ханның нөкерлері оның қолына домбырасын беріп, аяғына кісен салып, айдаһардың алдына апарып тастайды. Айдаһар адамды көріп, жұтайын деп қасына келгенде, Кетбұқа оның алдына отыра қалып, күй тартады. Сонда айдаһар күй біткенше тыңдап жатқан екен. Күй аяқталған соң ініне кіріп, ат басындай алтынды домбырашының алдына домалатып әкеліп тастайды, өзі жөніне кеткен.

Міне, күй құдіреті. Адам түгілі жан-жануарды, мақұлықтарды да өзіне баулап алатын ұлы құдірет. Сондай құдіретті күйлерді тудырушы – Кетбұқа бабамыз.

Кетбұқа бабамыздың қобызда тартылатын «Айханым» атты күйін қырғыз ағайындарымыз ұлттық алтын қорына кіргізгеннін естіп, біз қуанып қалдық. Бабамыздың тағы бір мұрасы табылғанына. Бабамыздың аты бізге жауынгершілік жолдарымен емес, құдіреттік күй әуендерімен жетіп отыр. Осындай Кетбұқа бабамыздың күйлері, артында қалған мол мұралары қырғыз, қарақалпақ, өзбек, татар, ноғай әдебиет қорларында бар екеніне енді сенімдеміз. Осындай мұраларды іздестіру іс-шаралары Елбасының бастамасымен қабылданған «Халық тарих толқынында» бағдарламасына енгізілсе дейміз.

Кетбұқа жыраудың ержүректігі мен парасаттылығын, отансүйгіштігі мен өнегелі қасиеттерін жас ұрпақ жадына ұғындырып, қазақ елінің өміршеңдігімен ұлтық тұтастығын насихаттауымыз қажет. Сіздердің назарларыңызға Кетбұқа бабамыздың «Сақ болғын, ұрпағым, сақ болғын» өлеңі туралы айтқым келіп тұр. Қырғыз тілінде екен, қазақ тіліне аудардым.

Кетбұқа жыраудың осы өлең-өсиеті Ош қаласының әкімі Мелисбек Мырзахметовтың шешімімен барлық мекемелер мен кәсіпорындарда ілінген. Мелисбек Мырзахметовтің: «Бабамыздың «Сақ болғын» өлеңін байыппен оқитын болсақ, онда осы өмірде өтіп жатқан көптеген мәселелерді байқауға болады. Біздің ақын Кетбұқа бабамыз осыдан көп ғасырлар бұрын осы өлеңін шығарса да, бүгінгі күн талабына сай келіп тұр», – деген сөзі бізді, яғни Кетбұқа бабаның тікелей ұрпақтарын ойландырады деп ойлаймын.



Каталог: attachments -> article
article -> ҚазақТҰтынуодағЫ
article -> История финансовой науки и ее развитие в России
article -> Ұлы баба есімі дәріптелді  Жаңа кітап баспадан шықты  Кітап тұсаукесеріне әзірлік
article -> Програма за развитие на читалищната дейност в община пещера за 2016 година
article -> ҚазақТҰтынуодағЫ
article -> «мемлекеттік қызмет этикасы» пәні бойынша
article -> «Мемлекеттік қызмет этикасы» пәні бойынша
article -> Элективті пәндердің каталогы Мамандық 5В090500 «Әлеуметтік жұмыс» (оқу мерзімі – 4 жыл, оқу тілі – қазақ) Қарағанды – 2014-2015


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   15




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет