Қазақ тайпалары орхон жазбаларында, олардың МӘдениеті жайлы мәлімет



Дата08.09.2017
өлшемі178,3 Kb.
#31914
ҚАЗАҚ ТАЙПАЛАРЫ ОРХОН ЖАЗБАЛАРЫНДА,

ОЛАРДЫҢ МӘДЕНИЕТІ ЖАЙЛЫ МӘЛІМЕТ
Еңсегенұлы Тоқболат

Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, ф.ғ.д.


Тоқболат Сейілхан Тоқболатұлы

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының доценті, т.ғ.к.


Моңғол жеріндегі биік қабырға тастарға түсірілген көлемді көне түркі руна жазбаларды арнайы дайындалған орындарға, бойын көкке созғызып, тіп-тігінен дәу тасбақа тас мүсін үстіне орнатыпты. Ал, кейбірін сондай рәсіммен қашап төселген, сәл жұпынылау үлкен жалпақ тас үстіне ортасын ойып қиюластырып қондырып қойған. Мысалға, Тоныкөк жазба ескерткіші жай жалпақ тас үстіне қондырылған. Қысқасы, тасбақа тас мүсін үстіне ортасын ойып қондырған түркі руна жазба ескерткіштер байырғы түріктердің хан әулетінен тараған атақты тұлғаларға арналған. Бұл біздің бабаларымыздың түркілік рухты бәрінен жоғары ұстағанын танытады. Қазақ халқын құраған көне тайпалар түркілік намысты басты рухани қару етіп ұстаған.



Ендеше мәңгілік тозбайтын рухани мұра етіп жасалған түркі руна жазба ескерткіштердің қазақ халқына қатысы қандай? “Көне түркі мұралары бізге де ортақ” десек, әрине қателеспейміз. Бірақ, олай айтып, масаттану  жалпы айтылған сөз болып қалады. Әлемдік мәдениеттің төрінен орын алған, өркениетті елдердің айтулы ғалымдарын таңдандырып, өзіндік жазылу құпиясын оңайлықпен білдірмеген Орхон бойындағы көне түркі руна жазба ескерткіштерінің орнатылуына, ондағы даналық жазбалардың туындап, ерлік істердің жасалуына біздің бабаларымыздың қосқан үлесі болғанын немесе болмағанын ғылыми негізде дәлелдеп көрсетуіміз керек.

Бұл бағытта шындық деректерге сүйеніп, ақиқатты ғана айтып, толымды ғылыми тұжырым жасауда салыстырып саралаудан туған ой түйіндері мен пікір, болжамдарды кейінге қалдыра тұрып, түркі мемлекетін құрып, қалыптастыруда қазақ халқының негізін қалаған және құрамына енген тайпалардың қандай ықпалы, үлесі болғанын орнықты мәліметтермен айқындап, ұғынықты етіп талдап көрсетейік.

Турасын білдірсек, қазақ халқы  көне түркілердің арғы тегі саналған б.з.б. бір мың жылдықтың басында өзара бірігіп күшті мемлекет болған Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы және одан кейінгі дүниенің төрттен біріндей жерді иемденіп, “Қыпшақ даласы” “Дешті қыпшық” елі атанған, Шығыс пен Еуропаға түгел танылып, әлемдік маңызды мәселелерге араласқан, соның нәтижесінде орыс жұрты “половецтер”, “печенгелер”, Еуропа халықтары “кумандар” деп атаған әйгілі қыпшақ ұлысының және басқа көне тайпалардың негізінде қалыптасты.

Бұл тұжырымды академик Ә.Марғұланның: “Сақ, ғұн, үйсін кезінде Қазақстан өлкесінде мал өсіру ерекше өрбіген. Қазақтар ескі дәуірден кең сахараны қоныстанған осы тайпалардың қалдығы. Грек пен латын жазушыларының бақылауынша тарихта белгілі ат қалдырған мал бағушы елдер сақ, ғұн, үйсін, кейін оғыз бен қыпшақтар. Олар этнос жағынан бір туысқан елдер, ескі сақтардың кейінгі ұрпақтары. Көне дәуірдегі түркі тілдес тайпалар осылардан тарайды”,–деп жазғаны нақтылай түседі(1, 173-б.). Түркілердің бағзы замандағы атақты тайпаларының қазақ халқына қатысы жөнінде бұрын кеңірек мағлұмат берілді(2, 56-б).

Ал, қыпшақ ұлысының туып қалыптасуына әуелде қазақ жерін мекендеген тайпалар негіз болған. Осы айтқанымызды қыпшақтар жайлы тереңірек зерттеген С.М.Ахинжановтың: “Западная ветвь динлинов смешалась с кошевым населением Казахстана и стала известна под именем кыпчаков. Половцы же – народ,образовавшийся главным образом из кипчаков и канглов”,–деген тұжырымы дәлел болады(3, 85-б.). Бұдан әрі қыпшақтар қазақ халқын құраған тайпалармен өмір сүріп, қазақ халқына қарайтын жердің бәріне дерлік тарап, өніп-өсіп, тұрақты мекеніне айналдырды.

Бұл мәселе жайлы тағы С.М.Ахинжанов: “Осылайша, ХІ ғасырдың екінші жартысында Ертістің шығысынан Еділдің батысы аралығындағы үлкен территорияны қыпшақ тайпалары мекендеді. Қыпшақтар Маңғышлақ жарты аралына да енді. Олар жазда Ертіске көшіп, қыста, Сырдария, Шу, Талас бойын қоныстанды. Сығанақ  қыпшақтардың саяси орталығының біріне айналып, бұлардың көші-қоны Женд және Жанкентке дейін созылды.

Қыпшақтар Сырдарияның орта ағысы және Қаратаудың Солтүстік етегіндегі қалаларға, атап айтқанда, Отырар, Сауран, Құмкент, Қараспан, Баба-ата, Созақ шаһарларына қоныстана бастады”,–деп баяндағаны шындық деректерге сәйкес келеді(3, 182,239,258-б.).Бүгінгі таңда да қазақ жерінің барлық аймағында, әсіресе, Қостанай, Торғай өлкелерінде, Сырдария, Жетісу өңіріне ежелгі қыпшақ тайпаларының ұрпақтары тұтастай қоныс теуіп, құтты мекен еткен.

Көне заманнан қазақ халқының құрамына енген қыпшақ тайпаларының бірте-бірте тұрмыс жағдайлары нығайып, жазуы, өнері, мәдениеті жүйеге түсіп, көне түркі халықтарының дүниетанымын, өркениетін көтеруге, түркі қағанатын орнатуға белсене араласып, әсіресе, қыпшақ тайпалары Орхон өзені бойындағы көне түркі ескерткіш, кешендерінің, ондағы тасқа түсірілген руна жазбаларының туып, қалыптасуына өз үлестерін қосты.

Оған А.Н.Бернштамның: “Всего вероятнее видеть здесь имя “Кипчак”. Племена кыпчаки на этой территории упоминаются еще в рунических текстах VIII в.н.э., в Селенгинском памятнике, что подтверждает возможность локолизации кипчаков ІІІ в до н. э. в районах хангая или в южном Алтае”,–деген сөзі біршама дәлел болады (4,106-б.). Бірақ, А.Н.Бернштам бұл айтқан пікірінің мәнін, келтірген дерегін қайдан алғанын, кімнің еңбегіне сүйеніп ой қорытқанын білдірмейді, осылай қозғау салған, төркіні белгісіз, жұмбақ мәлімет болып қалыпты. А.Н.Бернштамнан алынған бұл үзіктің түсініксіз сырын С.Г.Кляшторныйдың: “Шине Усу жазуы  Ел етміш Білге қаған (747-759) қабыры кешеніндегі жазбаның бөлігі болып шықты. Жазу жолдары жартылай бүлінген тастың солтүстік қырынан Рамстет: “түріктер  қыпшақтар (бізді) елу жыл билегенде…” деген сөзді оқиды”,–деп жазғаны ептеп айқындай түседі (5,118-б.).

Бұл ғалым да сөз етіп отырған дерекке кеңірек талдау жасап, оқырманға түсінікті етіп жеткізуге онша назар аудармаған. Бір қызығы, Г.Рамстет тапқан деректі қыпшақтар жайлы әңгіме қозғаған зерттеушілердің көбісі қисынын тауып сөз арасында пайдаланыпты. Мысалға, қыпшақтар жайлы көлемді еңбек жазған С.М.Ахинжанов: “Бұл этноним “Селенга тасындағы” жазуды еске түсіреді”,–деп С.Г.Кляшторный келтірген деректі еске салумен шектеледі(3,46-б.).

Соңғы аталған ғалым да өзі келтірген “Селенга тасы” атауы жөнінде оқырманға ұғымды болатындай ешқандай мәлімет бермейді. Оның мақсаты қыпшақ сөзі таста кездесті деген ұйғарымды тілге тиек, ойға жалғау етіп масаттану сияқты. Г.Рамстет тауып оқыған “түрікқыпшақтар (бізді) елу жыл билегенде…” деген жазу түркі тайпалары арасындағы қақтығыстан өршіген кейбір тарихи оқиғалардан хабар білдіруге мәжбүр етеді. Қысқаша айтқанда, Мойын-чұр жазба ескерткішінде түркі тайпаларын біріктіріп, күшті мемлекет орнатудағы жүргізілген істердің елеулі оқиғалары баяндалған. Соның ішінде ұйғырлар мен тоғыз оғыздарға қарсы түріктердің соғысы мәлімденеді. Бұдан да кеңірек көрсетсек, тастағы жазудан 742-744 жылдардағы ұйғыр әскерінің түркі қағанатымен соғысы айқын танылады. Ұйғырлар сол шайқастарда жеңіліс табады. Бұл шайқас Моңғолиядағы дария атанған Селенга өзені бойында өтеді.

Бір қызығы зерттеушілер “Түрік-қыпшақтар (бізді) елу жыл билегенде”… деген сөздің қалай туғанын нақты айтпайды. Шындығын білдірсек, Мойын-чұр жазба ескерткіші түріктердің соңғы қағаны Озмыш-тегінді жеңіп, түркі қағанатын құлатып, 745 жылы ұйғыр хандығын орнатқан Мойын-чұрға арналған жазба тас. Осы ұйғыр ханына арналған жазба ескерткіш ұйғыр әрпімен емес, көне түркі руна алфавитімен жазылғаны таңдандырады. “Түрік-қыпшақтар (бізді) елу жыл билегенде…” деген сөз ұйғыр қағаны Мойын-чұр аузымен айтылған. Мойын-чұр жазба ескерткішін “Селенгі тасы”, “Ел Етміш Білге қаған (Мойын-чұр)” деп те атайды. Бірсыпыра ғалымдар солай пайдаланғандықтан түсінікті болу үшін еске салып отырмыз.

Қыпшақтардың көне түркі руна жазуын ерте заманнан игеріп, ауқатты, күшті дамыған тайпалар қатарына қосылып, айналасындағы елдерге танылып, бірсыпырасына билігін жүргізгені және түркі қағандығын құрып, басқаруға елеулі үлес қосқанын Ә.Марғұланның: “Орхон жазуын көп қолданған елдің бірі қыпшақтар. VIII ғасырда қиып түсірілген Мойын-Шор тасындағы орхон жазуы бойынша, қыпшақтар оғыздармен қатар түрік қағанатын елу жылдай басқарып отырған”,–деп жазғаны нақтылай түседі (6,141-б.). Десек те, әйгілі ғұлама мына келтірілген сөзінде “оғыздар” атауын қоса атапты. Түрік қағанатын құрып, басқаруда оғыздар бел шеше араласты деу қиын, қайта қарсылық жасағанын дәлелдедік.

Негізінде, Ә.Марғұлан еңбегінен келтірілген бұл үзікте қыпшақтар көне түркі руна жазуын бағзы заманнан игеріп, кең тұрғыда пайдаланғаны танылып тұр. Енисей бойындағы көне түркі руна жазба ескерткіштерінің арасында қыпшақ тайпалары жасап, таңбасы салынған жазба ескерткіштер бар екенін бұрын айтып, қажетті деректермен салыстыра зерттеп, ғылыми тұжырым жасаған едік. Түйіп білдіргенде, қыпшақ тайпаларының руна жазуын игеруі, тиімді кәсіппен айналысып, қалалар салып өркениетке жетуі бағзы заманда-ақ қалыптасып, жалғастық тапты.

Бұл айтылған тұжырымды Ә.Марғұланның: “Қыпшақ қалаларынан тарихта аты жақсы сақталғаны, әрі ең ескі түрі Жұбаныш қаласы. Қыпшақ, қаңлы қалаларынан Орталық Қазақстанда болған атақты қаласының бірі Қарақорум”,–деп келтірген деректері айғақтай түседі(6,140-б.). Ә.Марғұлан еңбегінен келтірілген мына дерек қыпшақтардың қазақ халқының құрамына ежелгі дәуірден кіріп, осы өңірге бекем қоныс тепкенін мәлімдеп тұр.

Біздің осы түйінді тұжырымымыз Орхон бойындағы көне түркі мұраларының әрбір сынып қалған мүсінтасына дейін зерттеген Қ.Сартқожаның: “Ел-етміш Білге Тұрайын қағанның 751 жылы тұрғызған Тэс ескерткішінде “оның елі үш жүз жыл ел тұтты” деп тасқа қашап тұрып жазған. Бұл арада “оның елі” деп түркі-қыпшақтарын мегзеп отырған сияқты. Бумын таққа отырған 544 жылдан ары 300 жылдың тарихы жатыр. Уақыт желісі 244 жылға апарып тірейді. Бұл Хунну империясының күйреп біткен заманы. Жаңа тайпалар бірлестігі түркі-қыпшақтың тарихи аренаға ат басын бұрған шағына дәл келеді”,–деген сөзімен сәйкес келеді(7,73-б.).

Әйтсе де түркілердің арғы негізін қалаған Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы тайпалары екенін ұмытпау керек. Қыпшақ тайпалары ғайыптан пайда болған жоқ. Ғұн империясы сияқты даңқы шыққан көне түркілердің заңды жалғасы. Екіншіден, Хунну империясы 244 жылы күйреп біткен жоқ еді, әрі қарай бірталай уақыт сақталып, өз билігін жүргізді. Бұл арнайы зерттейтін сала. Қысқасы, қазақ халқы құрамындағы тайпалардың бірі қыпшақтар көне түркі мәдениетін өрістетуге, Орхон жазбаларын жасауға, түркі қағандығын орнатып басқаруға елеулі үлес қосты. Кейін бұл тайпа бұрынғыдан да күшейіп, Ғұндар сияқты даңқы дүниеге тарады.

Орхон жазба ескерткіштерін зерттегенде қазақ халқының құрамына ертеден енген кеңгерес  қаңлы тайпалары жөнінде де қоса сөз қозғалады. Бұған профессор Л.Н.Гумилевтің: “Келтірілген бұл мәліметтерге қосымша орхондық жазу 710-711 ж.ж. түркештер соғысқан кеңгерес халқы туралы хабарлайды”,–деп жазғаны дәлел(8,263-б.). Осы үзіктегі “кеңгерес” атауы қаңлы тайпасы екеніне айқын көз жеткізу үшін бірнеше дәлел келтіріп, тұжырым жасау көзделді. Біріншіден, қазақ әдебиеттану ғылымында Орхондағы көне түркі руна жазба ескерткіштері туралы зерттеу жасаған М.Жолдасбеков сол Орхон жазбалары жайылы еңбегінде: “Түркі руларының бірінен саналатындар  кеңгерестер. Кеңгерестердің тарихтағы басқаша бір аты  Қаңғарлар (қаңлы). Олар Сырдарияның төменгі және орта сағасын мекендеген”,–деп жазғаны негізінен жөнге келеді(9,23-б.). Ол кеңгерестер  қаңғарлар (қаңлы) екенін талдап түсіндірмепті, атап айтумен шектелген.

Бұл тайпа жөнінде қысқаша мәлімет білдіріп, түсіндірсек, Қазақ совет энциклопедиясында: “Қытай жылнамалары мен Авеста тарихынан белгілі б.з.б. 3-1 ғасырларда Сыр бойы мен Қаратау алқабын мекендеген, өзінің дербес мемлекеті болған кангюй, кангха тайпалар бірлестігі. Кангюй мен Қаңлының шығу тегі (этногенезі) жағынан бір”,–деп жазылған (10,455-б.). Ал, қытайдағы қазақ ғалымы Н.Мыңжан: “Қаңлылар Сыр бойы мен Қаратау алқабын мекендеген. Чи Иүнші: “Қазақ дегеніміз  ежелгі қаңлы елі” дейді”,–деп тұжырым жасайды(11,90-б.).

Осы келтірілген пікірлерді қорытып тұжырымдасақ, қаңлылардың біздің дәуірімізден көп бұрын-ақ іргелі тайпалар қатарына қосылып, өз алдына мемлекет болғаны және қаңлылардың ежелден қазақ жерін мекендегені, келе-келе қаңлы тайпалары қазақ халқы атанып кеткені толық аңғарылып тұр. Қазірде де қазақ халқы ішінде қаңлы тайпалары бар. Бұл келтірілген деректер мен содан туындаған ой түйіндері біздің қаңлы тайпалары жайлы жасаған ғылыми қорытындымыздың айқындылығын білдіреді.

Қазақ халқының құрамына енген қыпшақтар түрік қағандығын құрып, басқарғанын тарихи және ғылыми тұрғыда шынайылықпен дәлелдесек, қаңлы тайпалары да түркі қағандығын орнатуда шешуші күшке айналып, сол тайпалардан шыққан даналар мен

батырлар ыдыраған тұста түркі жұртшылығын ұйымдастырып, олардың түркілік рухын оятып, қағандық құруға тікелей бастаған. Мысалға,VII ғасырдың аяғында текті тұқымнан шыққан, қытайша білім алған, жеңіске жеткізетін әскерді жасақтай білген, партизандық соғысты да пайдалануды көздеген Гудулу (Құтлұғ) ұзақ жылдар аяусыз езгі көрген, құлдық пен күңдіктің азабын тартқан түркілерді қытай империясына қарсы көтеріліске бастады. Сөйтіп, түркі жерін табғаштардан азат етеді. Осындай зор жетістігі үшін түркі халқы Гудулу (Құтлұғты) “Елтеріс (елді теруші, жинаушы мағынасында) қаған” деп атайды. Елтеріс қаған 693 жылы қайтыс болады. Ол түркі мемлекетін орнатқан Білге қаған мен әскер қолбасшысы Күлтегін батырдың әкесі.

Сол Құтлұғ - Елтеріс қаған қаңлы тайпасынан шыққан тұлға. Бұл байламды Л.Н.Гумилевтің : “Таншу” былай деп хабарлайды: “…682 ж. Гудулу (Құтлұғ) бүлік шығарды. Гудулу Қаңлы Юаныл ұрпағының түпкі атасы  Хелилердің (Кат Ильханның) алыс ағайыны еді. Ол мұрагерлікпен тутун атақ дәрежесін иемденді (тутун  офицерлік шен)”,–деп жазғаны айқындай түседі(8,271-б.).

Қысқасы, қазақ халқының құрамына кірген қыпшақтар мен кенгерес  қаңлылар б.з. V-VI ғасырларда басы қосылмай бытырап, езгі көрген түркі жұртын ұйымдастырып, ел етуге ат салысқан тайпалардың бірі. Олар әуелі өздері бірігіп, қуатты ұлысқа айналып, өзге тайпалармен де татуластық сақтап, бірте-бірте бауырға тартуды ұлғайтып, нәтижесінде “Көк түрік” деген бір халық болып құрылуға зор үлес қосты. Сөйтіп, түркі мәдениетін, жазуын, кәсібін бұрынғыдан биікке көтеріп, ел қорғаудағы жауынгерлік шеберлігін жетілдірді. Бұл тайпалар түркі қағандығын құрып, билік жүргізуде негізгі тіректің біріне айналды, түркі мемлекетін орнатудағы үндеу және ерлік істерді дәу тастарға жазып, мәңгі ескерткіш етіп қалдыруға елеулі үлес қосты. Кейін осы екі тайпаның бірлігі бұрынғыдан да нығайып, күш біріктіруінің арқасында олардың әл-қуаты арта түсті.

Бұл сұрыпталған ой қорытындысын Л.Н.Гумилевтің: “Қара Ертістегі қарлұқтар мен Сырдариядағы пешенег  қаңғарлардың аралығында дәл сол кездері қыпшақтар қоныстанып алған кең дала жатты. Осы күнгі Қазақстанның далалық өңірінің Дешті қыпшақ  Қыпшақ даласы деп аталуы, міне осыдан. Мұнда қыпшақтар қаңғарлармен(қаңлы) араласып кетті”,–деген байлам сөзі бекемдей түседі(8,263-б.). Сондықтан, Орхон жазба ескерткіштерін тасқа жазып, жасап, орнатуға біздің ерте заманғы бабаларымыз айтарлықтай еңбек сіңірді.

Түркі империясы географиялық жағынан алып қарағанда да, негізінен, қазіргі қазақ халқына қараған жерлерді қамту арқылы орнаған. Бұл айтқанымызды айқындайтын дәлелдерді тарихи деректерден және Орхон бойындағы жазба ескерткіштерден молынан келтіруге мүмкіндік бар. Мысалға, М.Жолдасбековтің: “Түркі халықтарының бірлесуін тарихшылар Бумын қаған үстемдік еткен 545 жылдан бастайды. Бумын ханның інісі Естемі Батыс жорықтарын басқарған. 555 жылы Шаш (Ташкент) қаласын, Жейхун (Амудария), Інжу (Сырдария) өзендерін қаратып, Арал теңізіне дейін жеткен. Жетісу өңіріндегі, Шу бойындағы, Еділдің төменгі, Ертіс, Есіл өзендерінің жоғары сағасындағы өзара жауласып әбден титықтаған түркі рулары Батыс қағанаттың құрамына енеді”,– деп жазып келтірген деректері біздің ой-тұжырымымыздың орнықтылығын айқындайды(9,19-б.).

Түркілердің күшті мемлекетін орнатуды мақсат еткен, соған орай алдына күрделі міндеттер қойған, сөйтіп түркі даңқын дүниеге таратқан ірі тұлғалардың бірегейі Білге қаған мен Күлтегін сол көздеген нысанасына айқын жету үшін Жетісу өңіріндегі көне түркі тайпаларын өз қарамағына қосуды басты жоспардың бірі санады. Бұл тұжырымды Л.Н.Гумилевтің: “ Мемлекеті мен қаған билігін кеңейту үшін Жетісу іргесін басып алуға тырысып, хан жиендері Магилянь тардуш-шад пен оның он алты жастағы інісі Күлтегін Шу тайпаларына қарай жорыққа шықты және 701 ж. оларды бағындырып алды”,–деп келтірген мәліметі нақтылай түседі(8,288-б.).

Жаугершілігімен әлемді тітіркенткен А.Македонскийдің шабуылынан халқын аман алып қалған Шу тайпаларын Магилянь мен Күлтегін алдағы мақсатқа жетуде оларды өздеріне тірек еткісі келген болар. Л.Н.Гумилев еңбегінен келтірген үзіктегі “хан жиендері Магилянь” деген сөздің мағынасы нақты емес. ҚапағанЕлтеріс ханның інісі, Сондықтан Магилянь Мочур-Қапағанның немере інісі болып есептелінеді. Орхон жазбаларын зерттеген бірнеше қазақ ғалымдары Л.Гумилев айтқан сөзді сол күйінде пайдаланып жүр. Оқырманға шындықты айту керек.

Жоғарыда келтірілген тарихи деректердегі қазақ жерінің атаулары Орхон бойындағы көне түркі руна жазба ескерткіштерінде көптеп кездеседі.Бұл сөздің растығына нақты мәліметтермен көз жеткізуге болады. Сондай-ақ, Орхон жазбаларында қазақ халқының құрамына енген тайпалардың да атауы біршама ұшырасады. Мысалға, (Мойын-чұр) жазба ескерткішінің 22 циклында: “Сіз ташыкың чікіг ташықырың-тіміс” деп жазылған сөзді қазақша аударғанда: “Сіздер шектіні көтеріліс жасауға мәжбүр етіңдер”,–деген сөз шығады(12,41-б.).Осы жазбадағы “Чекті” сөзі қазақ халқының құрамында ежелден бар “Әлім-Шекті” тайпасының атауы.

Әлім-Шекті тайпасы, олардан шыққан атақты тұлғалар жайлы деректер, эпостық жырлар, тарихи еңбектерде, қазақ фольклорында молынан кездеседі. Мысалға, “Қыз Жібек” жырында Әлім-Шекті тайпасының ислам діні енгенге дейінгі Тәңірлік дәуірдегі тіршілігі, ерлік жорықтары, тұрмысы, дәстүрі жайлы баяндалады, кейінгі заман әсерінен және ауызша айтылуынан аздап өзгеріске түскенін де есте ұстау керек. Қазір Әлім-Шекті тайпасы, оған қараған рулар Қызылорда қаласынан бастап Ресей шекарасына дейінгі аймақты түпкілікті қоныс еткен. Бұл айтылған мәліметтерді Қазақ совет энциклопедиясындағы: “Шекті  Кіші жүздің Әлімұлы бірлестігіндегі ру. “Диуани лұғат-аттүрік” шығармасында Чу өзенінің бойында Чекл тайпасы аталады. Ал, Әлімұлы бірлестігіндегі Шөмекей, Қаракесек, Кетелер де Батыс Түрік қағанатының құрамында болғаны белгілі.

“Қазақ ССР тарихы жөніндегі материалдар” атты кітапта Шектінің он екі таңбасы бар. Таңбаның молдығына қарағанда Шектіні  рулар бірлестігі десе де болады. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Шекті руы Орал, Торғай облыстарын, Сырдария облысының Қазалы, Перовск уездерін, Арал теңізінің батысындағы Хиуа хандығына дейінгі аралықты мекендеген”,–деп жазылған тұжырым нақтылап, жаңа деректер ұсынады(13,236-б.).

М.Қашқаридің “Диуани лұғат-ит-түрк” атты кітабында: “Шігіл түріктердің үш аймағының атауы. Біріншісі, Барсғанның (Алып Ер Тоңғаның ұлы Барған салдырған қала Т.Е.) төменгі тұсындағы “Құйыс” қалашығында тұратын көшпенділер. Екіншісі, Тараз қаласының жанындағы бір қалашықта тұратындар да “Шігіл” деп аталады. Оғыздар сол төңіректегі жерлерде тіршілік еткен және шігілдермен үнемі қақтығысып, соғысып отырған. Үшіншісі, Қашқардағы бірқатар қыстақтарда тұратын түрік тайпалары да “шігіл” деп аталған”,–деп жазылған(14,452-б.).

М.Қашқари кітабынан келтірген деректердегі үш аймақтағы “шігіл” атанған көшпенділерді Шекті тайпасының құрамына қосуға негіз бар. Біріншіден, Әлім-Шекті тайпасы ертеден көптеген руларды біріктіріп, билігін жүргізген және жауынгер халық болды. Екіншіден, шектілер бағзы заманда алға шыққан басты кәсіп мал өсірумен бекем айналысты және негізгі мақсаттың бірі ел, жер қорғауға күш салып, көшіп-қонуға мәжбүр болды.

Үшіншіден, Оғыздар кейінгі дәуірлерде Сыр бойын 400 жылдай мекендеді. Ежелден қоныстанған жеріне оғыздар келгеніне Әлім-шектілердің қарсылық білдіріп отырғаны шындыққа сәйкес келеді. Шектілердің Орхон жазба ескерткіштерін жасауға қатысқан, түркі қағандығын орнатуға үлес қосқан ежелгі іргелі тайпалардың бірі екендігіне тағы да бірнеше орнықты мәліметтер келтіруге болады. Атап көрсетсек, шектілер пайдаланған он екі ру таңбалары көне түркі руна жазба алфавитіне түгелдей етене ұқсас, айнымайды. Біздің талдау жасап қорытқан тұжырымымыздың нақтылығын М.Жолдасбекотың: “Академик Ә.Марғұланның айтуынша, егер біз VI ғасырдағы чеклі (шекті) руының тілінде жасалған ескерткіштер мен бертіндегі найман, дулат, үйсін ескерткіштерін тереңірек зерттей алсақ, бәлки, қазақ әдебиетінің тарихын мұнан да әріректен бастауға болар”,–деп жазған сөзді бекемдей түседі(9,13-б.).

Негізінде, қазақ халқының құрамына енген іргелі тайпалар көне түркі руна жазуын жасауға, Орхон жазба ескерткіштерін мәңгілік етіп орнатуға, түркі империясын құруға елеулі үлес қосқаны айқын танылады. Солардың ішінде Шекті-Әлім тайпасының жазуы қалыптасқанын айрықша атау керек. Бұл жайлы әйгілі ғұлама Ә.Марғұлан біліп айтып, шектінің жазуын, көне мәдени ескерткіштерін бірінші атап, маңыз беруі орынды. Бұған бір ғана айқын дерек келтірейік. Бұрын атап өткендей, Қазақ совет энциклопедиясында: “Шектінің 12 таңбасы бар”,–деп сол таңбаларды түгел тізіп жазып көрсетеді(13,236-б.). Көне түркі руна алфавиті құрамында, негізінен 35 әріп бар. Шектінің қазіргі табылған 12 таңбасы руна таңба әрпіне сәйкес келетінін көрсеттік. Шектілер мекендеген өте үлкен аймақтан археологтар тапқан таңба-әріптерді қосып, зерттесе шекті жазуын қалыптастыруға мүмкіндік болар.

Көне түркі руна жазуы  түркі халықтарының таңбалары негізінде туындағанына бұрын талдау жасап, қорытында тұжырым жасаған едік (2,42-49-б). Сол сияқты, “Шектінің 12 таңбасы” деп көрсетілген деректі сол таңбалар негізінде жасалынған “Шекті жазуы” деп атау қажет сияқты. Бұған дәлел, біріншіден, сол көрсетілген шекті таңбаларының көбісі көне түркі руна алфавитінде бар. Екіншіден, бұл белгілерді бір тайпаға қарасты рулардың таңбасы дегенге онша келмейді. Себебі, бір тайпа руларының таңбасы бір-біріне өте ұқсас, сәл-ақ белгімен ажыратылады. Бұған қазақ халқының құрамындағы басқа да тайпалар қарамағындағы ру таңбаларына назар салғанда айқын байқалады. Ал “Шектінің 12 таңбасы” бір-біріне мүлде ұқсамайды. Әрқайсысы жеке-жеке жасалған бір дыбысты білдіретін әріпке толық сәйкес келеді.

Үшіншіден, шекті жазуы ежелден қалыптасқандығын академик ӘМарғұланнан бастап басқа да белгілі ғалымдар мойындаған. Төртіншіден, шектілердің көне түркі руна алфавитіне өте ұқсас бірақ көшірме емес өз жазуы болғаны байқалады. Шектілердің ежелгі заманнан қалыптасып өмір сүрген рулар бірлестігі, тайпалардың ұйымдасқан одағы деуге келеді. Бұған шектілердің үлкен-үлкен аймақтарды қамтып, кеңбайтақ жерде орналасқаны, шектілер мекендеген жерлер тарихи орын, қала болып қалғаны нақты айғақ. Сондай-ақ, “шекті” сөзінің өзі “дербестік” деген ұғымды білдіреді. Осы Әлімұлының бірлестігі жөнінде тарихи, мәдени деректер онша көп сақталынбапты. Мұның өзі шекті дербестігі ежелгі заманда-ақ қалыптасып, мәдениеті дамып дәуірлегенін танытады.

Осы келтірілген тарихи деректер мен мәліметтер, зерттеуден туындаған ой, тұжырымдар және шекті тайпасы жайлы Орхондағы жазба ескерткіш тасқа ойып жазылуы – шектілердің мәдениеті ертеден қалыптасып, Орхон жазба мұраларын жасауға, түркі империясын орнатуға олардың да үлес қосқаны нақты айғақталып тұр. Шекті жазуы жайлы арнайы зерттеу жасау арқылы қазақ халқының мәдениеті мен жазуы ежелгі заманда қалыптасқанан толық айқындауға болады. Бұл пікірімізге зерттеу барысында сөз арасында тоқталып өткен Орхон бойындағы сол Елетіміш Білге қаған бірінші (Мойын-Чұр) жазба ескерткіші тағы дәлел бола алады.

Сол Елетіміш Білге қаған (Мойын-чұр) жазба тасында жоғарыда келтірілген “Сіздер шектіні көтеріліс жасауға мәжбүр етіңдер” деп жазылған сөзден басқа “шекті” атауы көлемді жазба дастанда бірнеше рет кездеседі. Мысалға, осы тастағы 18 реттегі жазба бөлігінде “Чығылдар” деген сөз бар. Сондай-ақ, бұл тастағы 23 реттегі жыр бөлігінде “Чек таман жорыттым”, 26 реттегі жазба бөлігінде “чек бүтін (халық)ты және “чек бүтін халық)қа: Тұтық бердім” деп жазылған. Қыпшақтардың түркі қағандығына қатысы болғаны айғақ етіп алынған “Түрік-Қыпшақ” сөзі де осы Мойын-Чұр мәдени ескерткішіндегі 4 реттегі жыр бөлігінде жазылған. Осы келтірілген сөз туралы Н.Базылхан: “Г.Рамстедт, С.Е.Малов, Ғ.Айдаров, С.Қаржаубай “Turuk aibcag түрік қыпшақ” деп қалпына келтіріп оқыған”,–деп жазады (15,131-б.).

Ақиқатында, бұл тастағы 4 -реттегі жазба бөлігі мәтінінде “түрүк” сөзі сақталған, сонымен жалғас сөздің алдында әріптері өшіріліп “чақ” деген жазу өшірілмей қалыпты. Әлгі аталған зерттеушілер “қыпшақ” деп толықтырып оқуға ұйғарым жасаған. Осы жазба таста қазақ жеріндегі өзен атаулары да кездеседі. Атап айтсақ, бұл тастағы 25 -реттегі жыр бөлігінде “Ертіс өзенді” деген жазу бар.Міне, бір ғана Мойын-чұр жазба ескерткішінде қазақ халқына қатысты қаншама мәліметтер бар. Осы келтірілген деректерге сүйеніп Мойын-чұр тасындағы жазба дастанды қазақ халқына қатысты жазба ескерткіш деуге келеді.

Көне түркілердің әлемге әйгілі болған Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк жазба ескерткіштерінде де қазақ халқының құрамына енген белгілі тайпалардың аты жазылған, солар жайлы айтылған. Бұған қосарымыз, қазақ халқының жеріндегі бірнеше шаһар мен өзендердің атаулары сол тастарға ойып жазылған. Бұған нақты дерек ретінде бірнеше мәліметтер келтірейік. Мысалға, Тоныкөк жазба ескерткішіндегі 19-ретпен орналастырылған жазба бөлігі мәтінінде қазақ халқының негізін қалаған үйсін тайпасы жайлы түрік жазба тілінде:usun bundanu latu galur ezti”,–деп жазылған(16,107-б.). Мұны қазақшаға сөзбе-сөз аударғанда: “Үйсін бунтати жұртында тұруға қалар еді” деп оқылады. Сол үйсіндер қазіргі күнде де қазақ халқының іргелі, үлкен тайпаларының бірі.

Сондай-ақ, Тоныкөк жазба ескерткішінің 35-реттегі жыр бөлігінің мәтінінде руна әрпімен түркі тілінде: “Ertis ugurig kecigsizin kecaliviz” деп тасқа түсірілген(16,113-б.). Осы жолды қазақшалағанда: “Ертіс өзенін өткелсіз жерінен кештік” деген сөз шығады. Тоныкөк мәдени ескерткішінің 44-реттегі жазба бөлігінде руна әрпімен түркі тілінде тасқа “Jencu uguzig kece”,–деп жазылған(17, 350-б.). Осы жолды қазақшаға аударғанда: “Иенчу (Інжу) өзенінен өтіп” деп оқылады. Бұл келтірілген нақты деректер арқылы Дана Тоныкөк түркі халқының басын біріктіріп, түркі қағандығын орнатуда сол аталған тайпалар мен жер, су атаулары түркі қағандығының қамтуына кіргендігін танытып отыр.

Күлтегін жазба ескерткішінде де қазақ халқының құрамына енген тайпалар мен қазақ халқының жер, су атаулары сол әйгілі тас бетіне жазылыпты. Дәлел келтірсек, Күлтегін жазба ескерткішінің кіші жазуының 3-реттегі бөлігінде түрік жазба әрпімен:”Quuryvazu jensu ugur kece” деп жазылған(17, 218-б.), қазақшалағанда “Батыста Інжу өзенінен (кеше) өтіп” деген сөз шығады. Күлтегін мәдени ескерткішінің 37-реттегі жыр бөлігінде түркі жазба алфавитімен:”Ertis ugurig kece”деп жазылған, сөзбе-сөз қазақшалағанда “Ертіс өзенін кеше” деп оқылады.

Осы Күлтегін жазба ескерткішінде 39-реттегі жырда тағы да: “Jencu uguzig kece” деп тасқа ойып жазылған(17, 230-б.), сөзбе-сөз қазақшаласақ “Інжу өзенді кеше” деп оқу керек. Сондай-ақ,Күлтегін жазба ескерткішіндегі 35-ретпен тасқа түсірілген жазба бөлігінің соңында түркі руна алфавитімен “Күлтігін Байкун ак ауғырығ бініп оплайу тәгді” деген жазу бар(17, 229-б.), мұны қазақшаға аударғанда “Күлтегін Байырқудың ақ айғырына мініп, шабуылға шықты” деген сөз шығады. Түркістан халықаралық энциклопедиясында Байырқу атауына байланысты “Байұлы  қазақ халқы құрамындағы тайпа. Түркі қағандығы кезінен бергі жазба деректерде жиі кездеседі. Орхон-Енисей жазбаларында Байырқу, ал Таң империясының жылнамасында Байегу делінеді”,–деп мәлімдейді. Тізе берсе осындай нақты деректер жетерлік.

Осы келтірілген тарихи деректер мен мәліметтерге және соларды зерттеуден туған ой, тұжырымдарға сүйене отырып, әйгілі тұлғалар Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөктердің түркі империясын орнатудағы ұлы істеріне, елді біріктірудегі жорықтарына қазақ халқының құрамына енген тайпалардың бірсыпырасы қатысқаны және бұл зор міндеттерді орындаудағы ірі оқиғалар қазақ жерінде өткені, біздің атамекеніміз түгелдей дерлік түркі қағандығы аймағында болғаны солар дәу тастарға ойып жазып қалдырған тарихи дастандардан айқын танылып отыр. Сондықтан Орхон жазба мұралары қазақ халқына тікелей қатысты, бабалардан қалған ең қымбат мұра деп тұжырым жасауға негіз бар.

Пайдаланылған әдебиеттер
1.Марғұлан Ә. Ойсылқара. // Жұлдыз, № 4, 1984, 178-б.

2.Еңсегенұлы Т. Көне түркі руна жазба поэзиясы. Бірінші кітап.Монография. Алматы: Білім, 2007.

3.Ахинжанов С.М. Кипчаки. Алматы: Ғылым, 1995.

4.Бернштам А.Н. Очерк истории гуннов. Л: Лен.гос. ун-т, 1951.

5.Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан летопись трехтысячилетии. Алматы: Рауан, 1992.

6.Марғұлан Ә. «Тамғалы тас» жазуы. // Жұлдыз. № 1, 1984.

7.Сартқожа Қ. Орхон мұралары. Бірінші кітап. Астана: «Күлтегін», 2003.

8.Гумилев Л.Н. Көне түріктер. Алматы: Білім, 1994.

9.Жолдасбеков М. Асыл арналар. Алматы: Жазушы, 1986.

10.Қазақ Совет энциклопедиясы. 6- том. Алматы: 1977.

11.Мыңжан Н. Қазақтың қысқаша тарихы. Алматы: Жалын, 1994.

12.Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности Монголии и Киргизи. М-Л: АНСССР, 1959.

13. Қазақ Совет энциклопедиясы. ХІІ том. Алматы: 1979.

14.Қашқари М. Түрік сөздігі. Үш томдық. Бірінші том. Алматы: Хант, 1997.

15.Қазақстан тарихы туралы түркі деректері. ІІ том. Алматы: «Дайк-пресс», 2005.

16. Ucurli K. ORHUN ANITIARI Ankaza: 1998.

17.Еңсегенұлы Т. Көне түркі руна жазба поэзиясы. Екінші кітап. Алматы: Білім, 2008.

18. Түркістан халықаралық энциклопедия. Алматы: 2000.






Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет