Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық


НҰРЛАН ОРАЗАЛИН ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ СИПАТЫ



бет32/47
Дата22.05.2018
өлшемі9,62 Mb.
#40597
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   47

НҰРЛАН ОРАЗАЛИН ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ СИПАТЫ

Ж.Әкімбаева

ҚазМемҚызПУ 1-курс магистранты.

Алматы, Қазақстан
Поэзиядағы психологизмнің өзге жанрлық түрлерден ерекшелігі кейіпкердің ішкі әлемін, сезім күйін, ой-толғанысын, қуаныш, қайғысын барлық қайшылығымен терең ашып, үңіле зерттеп, шынайылықпен нақты бейнелеуінен көрінеді.

Поэзияның өзі психологиялық бейнелеу амал-тәсілдерінен туындап, өрбігендіктен психологизм - өлеңнің жанды өзегі.

Ақын пэзиясының психологизм табиғатын ашу – кейіпкер дүниесін ашу деген сөз. Психологизмнің динамикалық принципіне, яғни жанама тәсілге – төгілген тіл, терең ой, құнарлы, сөз байлығы болмаса, кейіпкердің жан дүниесін жарқыратып көрсету мүмкін емес [1,7].

Зерттеуші З.Ахметов айтқандай, «әдебиет теориясы көркем шығарманың жалғыз сыртқы белгілерін тану ғана болмай, оның ішкі сырына бойлаудың, әдеби процестің заңдылықтарын, түкпірлі сипат-ерекшеліктерін байыпты түрде түсінудің құралы болуға тиіс» [1,6].

Н. Оразалин өзінің шығармашылық табиғатына сай, психологиялық бейнелеу тәсілінің тура түрін, яғни кейіпкердің жан дүниесін, ішкі рухани әлемін көркемдік таным-ішкі монолог, еске алу, елестету, сана ағымы, ой қақтығысы, т.б. секілді психологизммен қатар, психиканы, кейіпкердің күрделі құбылыстарын сыртқы психологиялық белгілер – ым, ымдау, ишара, емеурін, т.б. бір сөзбен айтқанда бейвербалды ишараттар арқылы айшықтап, ажарлауда басым.

Мысалы: «Бозамық таң... Жүрегімді жыр қарып» өлеңіндегі адам жанының сағынышын, күйініші мен сүйінішін жырға төмендегідей сипатта тиек етеді. ...

Бозамық таң... Жүрегімді жыр қарып...

Тал-қайыңдар, алма-ағаштар ырғалып,

қыдырып жүр көктем менің көшемде,

көктем менің тереземді тұр қағып.

Қызыл-жасыл жарнамалар секілді,

ой келеді, ой қашады не түрлі.

Бұлдыр-бұлдыр... Бұлаңытып көк аспан,

бесін ауды, ауды сұлу-екінді.

Намаздыгер... Нарттай қызыл кешқұрым,

көкжиекпен жалқынданып, көшті күн.

Көз байланды... Қиылып кеп Ай туды,

Алатаудың сүтпен бояп төстігін.

Жұлдыз жауды... Бір ғажап ән естідім,

жұлқынғаны шабысындай бестінің.

«Ләйлім, шырақ, Ләйлім, шырақ»...

Безектеп,

гитаралы жігіттердің өшті үні...

Бозбала әні...

Боздап-боздап тарады,

боз тірліктің боз аспанда - жанары.

Тал-қайыңның жапырағын шулатып,

тереземнен көктем өтіп барады...

Айтыңдаршы,

Қайда кетіп барады?! [4].

Ақынның көңіл-күй лирикасында сан алуан философиялық, психологиялық мезеттер алмасып отырады. Оған ақынның әр кезде әр жағдайға байланысты жазылған, әр сипаттағы, түрлі мазмұндағы өлеңдері куә.

Н.Оразалиннің өлеңдерінің қай-қайсысының да басты нысанасы – адамның ішкі сезімдік әлемі, жан дүниесі. Адам жанының түрлі-түрлі психологиялық күйлерінің бейнеленуі оның өлең жолдарында анық байқалады.

Жалпы психологизмнің негізгі қызметі - өмір шындығы мен көркем шындықтың жанды тамырластығын сақтау екені белгілі. Жалпы, түрлі сана, сезім импульстарына назар аударып, толымды баға беру, байлам жасау рухани, адамгершілік өрісі мол қаһармандарға лайық. Алайда, әр дәуір шығармаларының бәрінде дерлік негізгі қаһармандар өмір шындығына сәйкес биік ой, сана үдесінен шыға бермейтіні аян. Қаламгер стилінің сипатына қарай адам психологиясын өрнектеу ұстанымдары да әр түрлі.

Ендеше, Н.Оразалин психологизмі, баяндау ауқымы кең, өткір, сұлу сырлы, әділ мінезді психологизм. Әдеби орта, ұлттық дәстүр, суреттеу обьектісі, қаламгер мақсаты, адамдар тағдыры мен арақатынасы әр алуан.

Оның өлеңдері жарқын тірлікті, өмірсүйгіштікті, өмірге құштарлықты уағыздады. Ақынның өлеңдерінде түңілу, қажу, өмірден үміт үзу сезімі байқалмайды. Қайта жігерлену, арманға ұмтылу, ынтығу байқалады, романтикалық сипат өріледі. Оны ақынның «Іздеумен жанға шипа, сөз-емімді» өлеңінен аңғаруға болады.

Іздеумен жанға шипа, сөз-емімді,

өткізіп алдым талай кезегімді.

Өмірді сөйтіп жүріп қиындаттым,

өкініш өртейді енді өзегімді...

Серік қып сергелдең кез, сазды, мұңды,

үркіттім талай көктем, жаз күнімді;

ақ қанат армандардан сан адастым,

алданып болмашыға азды күнгі.

Өзімді, өз ойымды жеңе алмастан,

ақындық майданында келем бастан.

Жүрегім - жұлым-жұлым... Талықсиды...

Жүйріктей жеткізбейді өлең қашқан.

Кеудемде Ай дірілдеп, күледі Күн.

(Мен, сірә, талайлардың тілегімін.)

Жүйрік Сөз...

Құрықсыз Ой...

Қайда апармақ?

Жетем бе? Жетпеймін бе? Біледі кім?

Тірліктің сұрамастан сая бағын,

Жырымды жарым сынды аяладым.

Адассам осы жолда, ей, Тағдырым!

Мүсіркеме, сен мені аямағын... [3].

Ақын лирикасының ендігі бір сипаты кейіпкерлерін сезініп, тануы. Лирикалық қаһарманының болмысын жіті танып, көңіл-күй өзгерісін тап басады.

Н.Оразалин поэзиясынан үміт сенімі, жүрек дірілі, жан тынысы, құмарлық, шексіз сезімге толы махаббат, қамығу, өмірбақи айнымас, еш мезгілде тояттамас құмарлық шегі жоқ құдіретті белгілерді көреміз.

Ағады күндер...

Көзімнен менің ағады,

алғашқы жауған ақ қардай.

Жанады күндер...

көзімде менің жанады,

сыңсығын күзгі бақтардай.

Көгілдір жастық шақтарым,

сәнді кештерім - түсімдей,

ағады көкпен ақжал аттарым,

дүбірлеп күнде ішімде ой...

Сағыныштарымды арқалап,

түн ауа туған Айдайын,

шеті жоқ, шексіз шартарап,

ұстатар емес шалғайын.

Ағады күндер...

сезім боп еріп ағады,

сынаптай лағыл шақтар-ай!

Жанады күндер...

Өртеніп өмір жанады,

қалады қоңыр бақтар-ай!

Жүрек лүпіліндей жаңғырып,

орман, көлдерім шулайды,

қан менен тәнді жандырып,

арғымақ - дәуір зулайды... [4].

Ақынның шындық құбылыстарды жинақтаудағы ерекшелігі - образдың жалпы бітімін, тұлғасын қалыптастырумен қатар оның ішкі ерекшелігін ашып, мінезін даралайды. Ақын поэзиясында адам бейнесін жасаудың амалы, алуан түрлілігі сол шығармасындағы көркем бейне сөздегі суретпен ғана бітпейді, оған қажет өмірлік материалды жинақтаудан әдеби тұлғаны даралауға дейін барады.

Өзіммен өзім оңаша

күн кешкен кезде,

өзіммен-өзім оңаша

тілдескен кезде,

қуанған кезде,

күлгенде,

мұң кешкен кезде -

ақпан-ойларым

арбасып көктем-ойларым,

көзімде менің

бұлаңдар көк тоғайларым;

өткен айларым,

кеткен айларым,

көк тоғайларым -

көңілдің керім тұсындай,

сәуірде келген

көктемнің жасыл құсындай.

Кеудемді жарып,

шырқырап көкке бойлар үн:

Өшкен ойларым,

көшкен ойларым,

кешкен ойларым -

тауларым түнгі бұлқынар,

қанатын жайып,

бауларым мұңды жұлқынар.

Даланың үстін ән басып,

жаңғырықтарым жалғасып,

Дүние күллі құлпырар,

Аспанның төсі жыртылар,

Арғымақ-ойлар андыздап,

көзінде көктің Жыр тұнар...

Жыр тұнар...

Өзіммен-өзім оңаша

күн кешкен кезде,

өзіммен-өзім оңаша

тілдескен кезде... [4].

Қорыта келгенде, ақын психологиясы оның жырларында түрлене көрінеді. Мұндағы адамның мінез қылығын, сезімін, ішкі жан дүниелік сырларын ұғу үшін ақын өлеңдерінің тақырыбынан бастап, идеясы мен композициясына, мазмұнына, әр шумақ пен тармақтың мағынасына көңіл аудару керек.

Н.Оразалиннің қай өлеңін алып қарасаңыз да эмоциялық түрленуге толы. Оның әр жыр жолдарынан аңсау мен сағыныш немесе қуанышқа, үмітке жетелеген ақын арманын байқаймыз.



Әдебиет:

1.Піралиева Г. Қазақтың көркем прозасындағы психологизм және оның бейнелеу құралдары. Алматы 2007

2.З. Ахметов. Өлең сөздің теориясы. «Мектеп» баспасы. Алматы-1973. 211 бет.

3.Оразалин Н. «Ғашық болдым... болдым сосын досқа адал» өлеңдер // Жас алаш. - Алматы, 2002.- 30 шілде. - Б. 5

4.Оразалин Н. Жанның дауысы: Өлеңдер / Н. Оразалин; Т. Сарыбайұлы // Қазақ әдебиеті. - Алматы, 2002.-2 тамыз. - N31. - Б. 12

Резюме

В статье рассматривается поэзия казахского поэта Н.Оразалина.




«ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ» БАҒДАРЛАМАСЫ – ӘЛЕМДІК РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА НЕГІЗДЕЛГЕН

Ж.Ж. Бейсенова,

психология ғылымдарының кандидаты.



«Бөбек» ҰҒПББСО Адамның үйлесімді дамуы институты

Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы
XXI ғасырда көтеріліп отырған «Өзін-өзі тану» рухани адамгершілік білімінің түп-тамыры тереңде жатыр. Ол халқымыздың ұлттық құндылықтарынан, рухани мұраларынан, ділінен, тағылымдық ой - толғауларынан бастау алады. «Өзін-өзі таныған, өмірдің мәнін түсінген адам, өзін-өзі қадағалап, сынап, өзін-өзі тәрбиелеуге, өмірден өз орнын, өз бақытын табуға ұмтылады.

Өзін-өзі тану – адамның шындықты өзінше түсіну жағынан қарастыратын ғылым, ол өз бойындағы бірегейлікке сәйкес келетін өзінің жеке құндылықтар жүйесін жалпы адамзаттық құндылықтар жүйесімен біртұтас қарауға негізделеді. «Өзін-өзі тану» пәні білім берудің басымдылықтары – рухани-адамгершілік білімді іске асыруға, ұлттық және жалпы адамзаттық мәдениетті үйренуге ықпал етеді. Бала әр түрлі мәселелерді адамгершілік нормаға сәйкес конструктивті шешуге үйренеді. Өзіне, адамдарға және қоршаған әлемге ізгілікті қарым-қатынас жасау, көмек беру, қамқорлық жасауға баулиды. Жасампаздық белсенділік, азаматтық және отансүйгіштікке тәрбиелейді. Қоғам дамуында біздің қарапайым күнделікті тіршілігімізде сүйіспеншілік пен ізгілік, мейірімділік пен қайырымдылық, шыдамдылық пен имандылық, адалдық пен ибалық сынды асыл қасиеттер қажет-ақ.

Осы адами қасиеттерді жүзеге асыру идеясын елімізде тұңғыш рет «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаева ұсынды.

Сара Алпысқызының өркениетке өріс алған еліміздің дамуына деген зор сенімі, ертеңгі өскелең өрендерімізге деген шынайы сүйіспеншілігі мен қамқорлығы өмірге «Өзін-өзі тануды» алып келді. «Өзін-өзі тану» пәнін оқытудың бүгінгі заман талабынан туындап отырғанына көзіміз барған сайын жетуде. Себебі қазіргі кезеңнің ең басты қажеттілігі – адамдар арасындағы сыйластық, бірін-бірі қадірлеу, бірін-бірі құрметтей білу мен бағалай алуы, яғни адамдардың өзін-өзі, қоршаған ортаны, әлемді тани білуі. Сондықтан да оқу-тәрбие үрдісіне еніп отырған «Өзін-өзі тану» пәнінің әлеуметтік-рухани өмірде алатын орны ерекше. Сонымен қатар «Өзін-өзі тану» пәнін оқыту арқылы басқа пәндердің әлеуетін күшейтеміз. Әрбір баланың өзін-өзі тануы жалпы адамзаттық рухани құндылықтарды қалыптастыруда ықпалы зор. Бұл пәннің тағы бір ең басты ерекшелігі – адамзат баласының ғасырлар бойы жинақтаған адами асыл қасиеттерін, әлемдік рухани құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру, ата салт пен ұлттық ұлы дәстүрлеріміздің жиынтық тәрбиесін тамырына тағлым етіп дарыту.

«Өзін-өзі тану» пәні жас ұрпақтың бойында махаббат, адамгершілік, мейірімділік, ақиқат сияқты жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастырып, рухани адамгершіліктің нәрімен сусындатады. Өзін-өзі тану арқылы жас ұрпақ өзіне терең мән беруді үйренеді. Ежелгі грек ойшылы Сократ: «Өзгені тану үшін өзіңді-өзің таны» деген болатын, қазіргі біздің «Өзін-өзі»тану пәні Сократ ілімінің үйлесімді жалғасы.

Осы орайда, «Бөбек» ҰҒПББСО, «Адамның үйлесімді дамуы институтында» орасан еңбектер орындалуда. Еліміздің мектептерінде 2001 жылдан бері «Өзін-өзі тану» бағдарламасы саралаудан өткізіліп, оқу жүйесіне енгізіліп, жан-жақты сараптамадан өткізілді. Бұл жоба жалпы адамзаттық және ұлттық рухани құндылықтарды жаңғыртуға негізделген мемлекеттік эксперименттік білім беру бағдарламасы ретінде еліміздің көптеген педагогтары, ғалымдары, әдіскер мұғалімдері мен тәрбиешілері, жалпы зиялы қауым тарапынан жан-жақты қолдау тапты. Ал 2010-2011 оқу жылынан бастап бұл пән жалпы білім беру жүйесіне міндетті пән ретінде жаппай енгізілді.

ХХІ ғасырда көтеріліп отырған «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білімі – ұлттық құндылықтарды іске асыру мен таратудың маңызды механизмі болып табылады.

Жоғары рухани құндылықтар: жақсылық, қайырымдылық, махаббат, сұлулық, еркіндік, өмір мәні, ақиқат, адамның өзіндік құндылығы, лайықты өмір сүру, жалпы адамгершілік және т.б. Жеке тұлғалық тұрғысында құндылықтық бағдарлар (олардың сипаты, мазмұны, әр түрлілігі, жоғары рухани құндылықтарға ие болуы) тұлғаның рухани даму деңгейін білдіреді.

Жеке тұлғаның құндылықтық әлеуетіжеке тұлғаның бағыттылығы, оның сенімдері, дүниеге көзқарасы, идеалдары, ұмтылыстары; өмір сүру түрін еркін таңдай алуын өз бетінше іске асыратын дербес ерекшелік.

Адамдар арасындағы қарым-қатынас көп жағдайда құндылықтармен анықталады.

«Құндылық» ұғымын көптеген авторлар маңыздылығы, мөлшерлілігі, пайдалығы, қажеттілігі, мақсатқа лайықтылық сияқты нақты белгілері бойынша сипаттама береді.

Көптеген анықтамаларға сүйене отырып құндылықтың бірнеше түрін қарастыруға болады: құндылықтар - өлшем, құндылықтар - армандар, құнды-лықтар - мақсаттар және құндылықтар – құрал[1].

Құндылықтарды қалыптастыруда әлеуметтік жағынан танудың микросубъективті бағыттағы көзқарасымен қарастыратын М. Вебердің әлеуметтік концепциясын қарауға болады.

Осы концепцияға сәйкес адамдардың мінез-құлық нормалары және мақсаттары анықтайтын кез келген әрекеті құндылыққа байланысты мағыналы болады[2].

Ғылымда құндылықтардың белгілі жүйелері мен тұжырымдамаларының көптеген түрлерін көрсетуге болады. Мысалы, М. Рокич өмір мақсаттарының 18 терминді құндылықтарын және 18 құралды құндылықтарын белгілейді, яғни тіршілік мақсаттарының негізгі құралдарының бағдарлы нәтижесі[3].

Психологтар құндылықтарды жеке тұлғаның құрылымды бөлшектері ретінде түсіндіреді, атап айтқанда, адамның қызығушылығы, армандары және сенімі. Дәл осылай, психологияда құндылық ұғымына «маңыздылық» (С.Л. Рубинштейн), «тіршілік позициясы»(Л.И. Божович), «жекелік мән және мағына» (А.Н. Леонтьев), «құрау» (Д.Н. Узнадзе) ұғымдары сай. Олар құндылықтарды тарихи тәжірибе мен мәдениеттердің мәнін іске асырушы адамдардың өз мінез-құлық нормалары мен мақсаттары туралы талдап қорытылған ұсыныстар деп есептейді[4] .

Осыған ұқсас құндылықтарды анықтай келе А.Г. Здравомыслов, В.Н. Гончаров және В.Н. Филиппов құндылық жүйесін, рухани маңызды қажеттіліктердің, жеке адамдардың көңіл аударған және әлеуметтік жалпы құндылықтарды, мәдениетін ұстап тұрушы деп есептеді. Барлық зерттеушілер құндылықты әлеуметтік әрекеттер себебін анықтаушы ретінде қарастырады.

Өткен ғасырдың 60 - шы жылдарында өз еңбегінде психолог Л.И. Божович баланың адамгершілік дамуында белсенділіктері мен мотивациясының маңыздылығын ерекше атап көрсетті. Жеке тұлғаның тұтас құрылымы, ең алдымен оның бағыттылық негізін анықтайды.

Осыған байланысты, С.Г. Якобсон адамгершілік сана, өзіңді ұғыну, өзінің жеке тұлғалық қасиеттерін түсінуге ұмтылу - психикалық процес. Жеке тұлғаны қалыптастырушы адамгершілік сана-сезім. Адамгершілік туралы білімдерді тек қана тәжірибеде қолдану арқылы емес, сонымен қатар тұлғалық құндылықтың қайта жаңғырту тәжірибесі негізінде жететіні айтылған.

К.Д. Ушинский «дәл біздің сезіміміздей, ешбір зат та, сөз де, ой да, тіпті жасаған әрекетіміз де, өмірге деген қатынасымыздай, анық әрі шынайы көрінбейді, онда жеке ойдың сипаты ғана емес, біздің бүкіл жан дүниеміздің мазмұны мен құрылысы көрінеді» [5].

Жалпыадамзаттық рухани құндылықтар «Өзін-өзі тану» бағдарламаларында терең, жан-жақты қарастырылған. Рухани құндылықтар тұлғаның әлеуметтік дамуы нәтижесінде қалыптасады. Осы мәселені зерттей келе А.В. Запорожец, «жоғары адамгершілік, эстетикалық және интеллектуалдық сезімдердің, тұлғаның дамуын сипаттайтын, орындалған ісіне шаттығы мен қабілетін көрсететінін, балаға туғаннан берілмейтінін көрсетті. Олар бала бойында кішкентай кезінен бастап көрінетін, өмірдегі әлеуметтік жағдайға, тәрбие ықпалына қарай дамиды»- деді.

Рухани-адамгершілік құндылықтардың дамуы баланың өзін-өзі тану мен ұғынуының өзіндік ерекшеліктеріне, өмірде өз орын табуға, армандарының орындалуына ықпалы күшті. Тұлға рухани-адамгершілік құндылықтар арқылы өзін-өзі тануға ұмтылады, өзі туралы ұғымдарды анықтайды, түсінігі кеңейеді және адамгершілік сана ұстанымында өзіне деген адекватты қатынасын қалыптастырады.

«Өзін-өзі тану» білім беру және тәрбиелеу бағдарламасы адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруда этикалық нормалар туралы білім беру, әрі моралдық ережелердің орындалуын талап етіп, орындалуын қадағалау жеткілікті емес, міндетті түрде эмоциялық сфералар дамуымен біріктіру керек.

Н.А. Корниенконың тек жағымды эмоция мен сезімдер арқылы ғана емес, сонымен бірге жағымсыз ашу, үрей, қанағаттанбау сияқты сезімдер арқылы жеке тұлғаның рухани-адамгершілігін дамытуға болады деген позициясымен де келісуге болады. Тәжірибе көрсеткендей, бала адамгершілік әрекетінен тек қана мақтаныш сезімі мен қанағаттанып қана қоймай, сонымен қатар жағымсыз қылығынан ұят сезімімен ар-намысты сезіне алуы қажет. Сонда ғана тұлғаның рухани-адамгершілік құндылықтары толық қалыптасады.

Рухани- адамгершілік құндылықтар өзара байланысқан мына екі үдерісте қалыптасады, адамгершіліктің мәнінің ақиқаттығын ұғыну және оған эмоционалды-шығармашылық қарым-қанынас жасау керек. Осының негізінде олардың өзара әрекеттестігі жүзеге асады.

Күнделікті өмірде рухани-адамгершілік құндылықтардың өлшемі тұлғаның адамгершілік мәдениеті арқылы көрінеді. Тұлғалық аспектіде адамгершілік мәдениет қоғамға адамгершілік талаптардың субъектілі білімі, эмоциялық сфераның молдығы, адамгершілік әрекеттер мен адамгершілік таңдау арқылы оны іске асыру қабілеттілігі жатады.

«Өзін-өзі тану» пәнінің итегративтілігі, соның ішінде психологиялық қамтамасыз етілуі тікелей жеке тұлғаның адамгершілік мәдениеті оған мінез-құлық пен рухани-адамгершіліктің әлеуметтік құндылығын мақұлдап, адамгершілік таңдау жағдайында дұрыс бағыт береді деп есептейміз.

Өзін-өзін тану арқылы жеке тұлға: жалпы адамзаттың құндылықтар мен ұлттық құндылықтар негізінде рухани-адамгершілік қасиеттер мен мінез-құлық нормаларын меңгеріп, өзінің өмір жолында басшылыққа қолдана білуге; өз отбасы мүшелерімен, адамдармен, табиғи ортамен жағымды қарым-қатынас жасап, үйлесімді әрекет етуге, адал еңбек етуге, өз мәртебесін білуге; кез-келген нақты және күрделі жағдаяттарға байланыста жақсы мен жаманды оң бағалап, өз ұстанымдарын сақтай отырып, пікір жасап, айта білуге; өзін-өзі жетілдіруге, ақпараттық және коммуникативтік технологияларды ұтымды пайдаланып, шығармашылықпен өнімді еңбек етуге; өзінің мінез-құлқын, денсаулығын және психикалық күйін басқарып, салауатты өмір сүруге, қоршаған әлеммен үйлесімді қатынас орнатуға тиіс;

«Баланың ынтасын арттыру үшін оқытылатын нәрседе бір жаңалық болуы керек»,- деген Ж.Аймауытов. Сабақта оқушыларға білім берумен қатар, олардың рухани-адамгершілік құндылықтарымен бірге, ақыл-ой қабілеттерін дамыту мақсаттары көзделеді[6].

Қазіргі уақытта жалпыұлттық деңгейдегі білім берудің басты мақсаты жалпыадамзаттық рухани-адамгершілік құндылықтарды меңгерген, тұлғалық қасиеттерін іс-әрекетінде дәлелдей алатын, Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық және саяси өміріне белсенді қатысуға дайын, бәсекеге қабілетті тұлғаны дайындау көзделеді.

Ал, «Өзін-өзі тану» бағдарламасы болашақ ұрпақтың бойында әлемдік рухани құндылықтар қайнарын бойына сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеуге, жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптерді, мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға негізделген.

Әдебиет:

1. Қазақстан ұлттық энциклопедиясынан: 1 том 1998ж. 95 бет.

2. М. Вебер. Понятие социологии и «смысла» социального действия. // Общая социология. Хрестоматия/ Сост. А.Г. Здравомыслов, Н.И.Лапин; Пер. В.Г. Кузьминов; Под.общ.ред. Н.И. Лапина – М.: Высш. Гиг., 2006.-783 с.

3. Методика «Ценностные ориентации» М.Рокочика.

4. Вопросы нравственного воспитания школьников. /Сборник статей: Изд-во Ленинградского Университета, 1960г.

5.Ушинский К.Д. Пед шығармалар жинағы.,1974

6.Ж.Аймауытов. Психология. 1926 ж.

Резюме

В данной статье рассказывается о программе «Самопознание», о ее значимости в мировых духовных ценностьях человечества.


Т. НҰРМАҒАНБЕТОВТІҢ «ТҰЛЫП» ӘҢГІМЕСІНДЕГІ КЕЙІПКЕРЛЕР ЖҮЙЕСІ

А.Б.Болатбекова,

ҚазМемҚызПУ магистранты.

Алматы, Қазақстан
Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен әдебиетінің қалыптасып даму кезеңінде өшпес үздік өнеге қалдырып, рухани болмысымызды жетілдіру жолында таусылмас терең тағылым көрсетіп, әдебиет әлеміне ұлттық нәр, сан қырлы нақыш сыйлаған жазушыларымыздың бірегейі – Тынымбай Нұрмағанбетов. Жазушы қаламынан туған сан-салалы шығармалары қазақ халқының басынан өткерген тарихи кезеңінің, өз заманының көкейкесті мәселелерінің талай тылсым тұстарынан хабардар етеді. Әлбетте, әдебиет – тарихтың айна қатесіз, дәлме-дәл көшірмесі емес, әдебиет – халық өмірінің көркемдік шежіресі, рухты шаттандырар әсемдік әлемі, эстетикалық-көркемдік таным биігіне жетелейтін сұлулық дүниесінің ғажайып сазы, әуені.

Жазушы қаламынан шыққан әр туынды оқырман сана-сезіміне әсер етіп, ойға түрткі болса қаламгердің арманына жеткені. Т.Нұрмағанбетовтің көптеген шығармаларындағы ерекше көркемдік қуат пен эстетикалық сезімді әдебиет сүйер қауым бірден байқады, жоғары бағалады. Және жай ғана бағалап қойған жоқ. Т.Нұрмағанбетовті қазақ прозасындағы Б.Майлин дәстүрін жалғастырушы қаламгер ретінде таныды [1,4-б]. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы атап көрсеткеніндей, «Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама-қадырынша сөз өнері атқара алады, қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп, суреттеп көрсетуге, таныстыруға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді» [2, 341-б]. «Өнердің басты пәні – адам, адам өмірінің шындығы» [3, 3-б] десек, қаламгер өмір сүрген заманның әдебиетте шынайы көрініс табуы да өнер құдыретін айқындайтын суреткер шеберлігіне тән ерекше қасиет. Сондықтан жазушы еңбегі суреткердің дүниетанымы, шығармашылық иірімі және ең бастысы азаматтық ұстанымынан туындайтын эстетикалық және этикалық мәселелермен сабақтас күрделі көркемдік әлемді құрайды.

Ғалым Б. Шалабаевтың пайымдауынша “Қай жазушының болмасын шығармаларының тілін талдауда жүзеге асырылуға тиіс маңызды шарттардың бірі – салыстырмалы талдау жүргізу... [4, 35 - б]. Сондай – ақ Сөз өнерінде адамнан тыс, адам тағдырынан тыс бірде – бір өрнек – өмір Суреті жоқ және болуыда мүмкін емес (З.Қабдолов) десек, онда сол адамның алуан сезімін, мінез – қылығын, типі, қимыл – қозғалысын, жүріс – тұрысына дейін бейнелеуде жазушылық шеберлік тұратыны ескерлуі керек. Сонымен бірге жазушының тілдік қолданыстары шығарманың идеясы мен мазмұнына, композициялық құрлымына қарай әсері барын да ажырата білу қажет.

Шынайы Қарапайым адамдардың күнделікті тірлігінде жиі кездесетін тұрмыстық оқиғалар мен болар болмасқа негізделген шағын қақтығыстарды шеберлікпен бейнелеу Т.Нұрмағанбетов шығармаларына өзіндік өрнек дарытқан. Онда кейіпкерлердің іс-әрекеттері, түрлі мінездері, бар болмысы көрінеді. Әсіресе, Т.Нұрмағанбетовтың жасанды тартыс пен жарқыл әрекетке әуес болмауы, оқиғаны өмірдегідей суреттеуге ұмтылуы, ретіне қарай юмор, сатира, иронияны қоса бейнелеуі бірден байқалады [1,4-б].

Ауыл өмірі, өзі бастан кешкен, жақсы білетін оқиғаларды бейнелеу Т.Нұрмағанбетов шығармаларында үлкен орын алады. Әсіресе 50-60 жылдар ішіндегі замандастарының жан-күйі, ой, әрекеттері, сезім-сырлары шынайы суреттеледі. Олар өмір сүрген әлеуметтік орта мен тіршіліктің алуан түрлі көріністері қазақ ауылындағы түрлі типтер мен басқа да белең ала бастаған мәселелер қаламгер назарын аударып келеді. Бір қызығы Т.Нұрмағанбетов оқырманды таң қалдыратын тосын тақырып, қызық оқиға іздемейді. Жазушының бір ерекшелігі, басты кейіпкерлерін, қай шығармасында болса да, оңашалап алып оқшаулай жазады. Көркем мазмұнда қызметі жоқ қосалқы кейіпкерлер оның туындыларында кездеспейді деуге де болады.

Кейіпкер мен әңгімеші атынан баяндалатын, кейде автордың өзі араласып қаз қалпында суреттелетін оқиғалар астарын қопарып, оқырманның жан дүниесін селт еткізер жайтты жеткізем деп қаламгердің көп сөзділікке ұрынбауының өзін үлкен табыс ретінде атауға болады [1,4-б].

Жазушының қазақ ауылына деген ерекше махаббаты оның ауылдан шыққандығына байланысты болмаса керек. Оның шығармашылығы туралы пікір айтқан сыншылардың кейбірі мұны қаламгердің міні ретінде де атайды. Бұл туралы автордың өз ойы бар: «Мені әдебиетшілер де, оқушылар да ауыл өмірінен жазатын жазушылардың қатарына қосады. Әрине, бұл қала өміірн білмейді, қала өмірін жаза алмайды деген ұғымнан туып жатпаған болар...Жазушы мен дихан асылы ұқсас. Дихан жерді, дәнді қалай сүйсе, жазушы да жазып отырған тақырыбын, адамдарын солай сүюі тиіс. Мұндай сүйіспеншілік жоқ жерде шынайы шығарма тумақ емес».

Қаламгердің қаһармандары қарапайым адамдар, жазушы оларды идеал ретінде көрсетіп те жатқан жоқ. Кейіпкерлернің ішінде адал, аңқаулары да, қытымыр, айлакерлері де бар. Қиын, қайшылықты кезеңдерде жол таба алатын ақылдылары да, күйбең тірліктің ұсақ-түйек салмағына шыдай алмайтындары да жеткілікті. Келін мен тоқалдың әрекетіне төтеп бере алмай, сүйікті перзентін қайда орналастыруды білмей жүрген шал да, баласының қасы мен қабағына қарап, бірі қалада, бірі далада жүріп жалғыздіқ көрген кемпір мен шал да осында. Алайда Т.Нұрмағанбетов қаламына тән басты қасиет – алуан түрлі кейіпкер арасынан өтетін негізгі желіден байқалады.

Жазушыны іздеп жүріп оқитын оқырман қаламгердің Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақ ауылының өмір шындығы туралы да жазғанын байқар еді. Қаламгердің талант қуатының күші мен шеберлігі суреттелетін тағдырлар талайы мен оқиғалар шындығына күмәнсіз сендіреді. «Он төрт жасар жігіт», «Тұлып», «Бір қоржын бидай» т.б. шығармаларында қарапайым жандардың қиын-қыстау күндердегі ерлікпен пар-пар тірліктері суреттеледі. Бар қайрат-жігерін жиып, небір қиындыққа төтеп берген адамдардың ертеңгі күнге үмітпен қараған жанарларында қалың мұң ұясынан шыққан жас тамшылары тұратын-ды.

«Тұлып» деп аталатын әңгімеде автор шеберлігі айрықша көзге түседі. Күйеуінен репрессия жылдарында айырылған, майданға аттандырған төрт баласының үшеуінен қара қағаз алған Бүйрек кемпірдің мына жалғандағы ендігі жалғыз арманы кенже баласының аман қалуы. «Дүниені күңірентіп, батыста соғыс өтіп жатқанына төрт жыл болды. Бүйректің төрт баласы бірдей сол соғысқа аттанған. Үшеуінен де қара қағаз келді. Ендігі қалғаны кенжесінің амандығы ғана. Кемпірді сақтап жүрген де сол үміт. Болмаса Бүйрек кемпір әлдеқашан-ақ өліп қалар еді. Соғыстан бұрын күйеуі де аман-тын. Оны жалмаған бір мың тоғыз жүз отыз жеті. ...Жо-жоқ, отыз сегіз... Одан сол жылы айырылды. Болмаса Бүйрек қақшаңдаған әйел еді. Келі түйсе келсапты жарып жібере жаздайтын. Сиыр сауса емшегін жұлып алардай болатын. Енді гой міне... Қажып, қартайып тұрғаны» [5,415-б]. Қаламгер Бүйрек кемпірдің психологиясын асқан дәлдікпен суреттейді. Қалт-құлт күн кешіп жатқан кемпірдің серігі иті мен қорек қылып отырған жалғыз сиыры – Жезмүйіз ғана. Соларға мұңын шағады, кеудесіне толған ащы құса, өкпесін айтады. Үй жануарларына қарап сөйлеу әлем халықтарының бәрінде кездесетін құбылыс. «Таяғына сүйеніп, еңкеңдеп келе жатқан кемпір сөйлеуін доғарған жоқ. Ол сиырына ұрсып келе жатты.

- Жезмүйіз-ай, осы мінезіңді қайтейін. Мені сандалтудан ұшпаққа жетер болсаң – жетіп-ақ қалатын кезің. Торсаңдап маған өкпелеп кеттің бе? Сені ман сақтау үшін бұзауларыңды шығасы етіп жүргенімді қалай түсіндірермін. Оны жаратушы иемнің өзі күнәдан ақтап алар мені.

Тағы да «Күйік аралға» тартыпсың. Ал бар... Бір өзің бір аралда жатып ал. Бұл қырсығың да мен үшін-ау. Мені аясаң осылай етпес едің, Жезмүйіз. Өлмелі кемпір не болса о болсын дегенің де... болмаса менің қасиетімді бір адам түсінсе сен түсінер едің. Жол бастап келе жатқан Құтжол түсінер еді. Менің маңыма бір сиыр мен иттен өзге кім қалды? Не қалды?» [5,415-б]. Қатыгез өмірдің тырнағы жанына батқан сәтте, мұңын тыңдайтын, қайғы-қасіретін бөлісетін тірі жан табылмай, жалғыздық желкеден алғанда жанында жыбырлаған тіршілік иесіне, тіпті жансыз тасқа да мұң шағу адам баласының маңдайына ғана жазылған қасиет болса керек. Әңгімеде Бүйрек кемпір де жанына батқан жараның ауыр мұңын осыларға айтып, содан жеңілдік тапқандай күн кешуде.

Бүйрек кемпірдің монологтарында диалогтық сипат та жоқ емес. Жалғыздық торлаған бақытсыз жанның жалған дүниеге, адамдарға өкпесін баяндауында авторлық сезім де көп араласады. Көптеген шығармаларда кездесетін осы тәсілді қаламгер шеберлікпен қолданған. Жалғыздық торлаған бақытсыз бақытсыз жанның жалған дүниеге, адамдарға өкпесін баяндауында авторлық сезім де көп араласады. «Бұлар үйге дейін жеткенде күн түске дейін тырмысып қалған. Қап түбінде қалған азғантай ұннан иті мен өзі үшін быламық жасауды ойлап, кемпір таяғын жол-жөнекей тастай беріп, енді есігіне ұмтыла берген бойда сілейіп тұрып қалды. Біреу әлдебір қағазды қыстырып кетіпті. Қағаз болғанда-а... Кемпір дәл осындай қағаздың бұрын үшеуін алған, осындай қағазды ұстап отырып, ауылдың үлкендері бұған ұлдарының майданда қайтыс болғанын естірткен. Есікке қыстырылған қағазды ұстай бергенде кемпірдің қолы дірілдеді. Сол... Бұрынғы алған қағаздарынан аумай қалған... кемпірдің тұла бойы дірілдеп кетті. «Сонда-а... кенжем де», - деді иегі кемсеңдеп... «Одан да айырылғаным ба?» Бүйрек әріп танымайтын. Сонда да тасқа басылған қағазға үңіліп бақты. Жүрегі бір жаманшылықты сезгендей қара қағазды ұстаған қолы өз-өзінен дірілдеп кетті» [5,417-б]. Көптеген шығармаларда кездесетін осы тәсілді қаламгер шеберлікпен қолданған. Оқырман санасында қордалана бастаған ойларға ішкі тіршілігінен қайнап шығып, ақтарылып жатқан мұң. Мәселен, шығарма соңындағы екі-үш сөйлемгеназар аударалық. «Қарақошқылданып қан тамғаннан, аппақ болып сүт тамғаннан, аппақ болып сүт тамғаннан бұл дүние өзгермейді екен. Бәрін де көріп, бәріне көніп болғандай қара жер де міз бақпайды екен»; «Жезмүйіз жер-жаһанды тітірткендей қатты мөңіреді. Бұл оның мына дүниеге айтқан соңғы мұң-зары еді. Бірақ оны тыңдаған ешкім болмады. Жо-жоқ, бәрі де тыңдады-ау. Мүлгіген арал да, шибөрілер мен қасқырлар да, үш аттылы да, қарауытқан жер де, зеңбір көк аспан да.... Бірақ керек еткені бар ма? Жо-жоқ, ол дауыс Жезмүйіздің мына дүниеге жасаған соңғы айбаты еді! Бірақ селт еткен кім бар? Жер-жаһан саңырау екен дерсің. Адам да, жаратылыс та тіл-жақтан айырылғандай. Мына дүниеде тек қана тұлыптар ғана қалған ба-ау... Желден де қайыр жоқ. Әрі-бері ұшқан құстар да мән бермегендей. Төбедегі күн де міз бақпайды. Дүние орнында, бірақ бәрі де өз-өзімен әуре секілді.

...Жезмүйіз төрт жыл бойы мына дүниеде аласапыран соғыс болып жатқанын, әрине, білген жоқ. Бірақ соғыстан да қатерлі бір майданның мәңгілік жүріп жатқанын айуан да болса анық сезгендей...» [5,435-б].

Бұл қандай майдан? Рухани азғындыққа ұшыраған қаныпезерлердің қиын кезеңді пйдаланып билікке тұрып, мылтық асынып маңындағы әлсіз жетім, жесірлерді, кәрі адамдарды азаптауға бағытталған әрекеттері ме?

Міне, осындай азғындыққа ұшыратқан майдан жылдары тақырыбын Т.Нұрмағанбетов бізге ерекше жеткізе білді. Жазықсыз жаза тартқандардың жан-дүниесін, психологиясын дәл тауып, оқырманның жүрегіне жеткізді.



Каталог: wp-content -> uploads -> 2018
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Сабақтың мақсаты: а/ Оқушылардың сөздік қорын молайту. Білім, білік дағдыларын қалыптастыру
2018 -> Сабақтың тақырыбы: Физика-табиғат туралы ғылым
2018 -> Сабақ мақсаты Тұздар гидролизін түсіну және тұздардың суда ерігенде қандай процестер жүретінін анықтау
2018 -> Сабақтың мақсаты: Білімділік: Көміртек және оның қосылыстары туралымәлімет алады
2018 -> 5В011700- Қазақ тілі мен әдебиет мамандығы бойынша 3-курс студенттердің элективті пәндер каталогы 2017-2018 оқу жылы
2018 -> Сабақтың тақырыбы Салынған циклдер. Мақсаты Қайталау операторлары туралы білімнің кеңеюі
2018 -> Сабақ тақырыбы: Теңдеулер жүйесін қолданып есептер шығару Мерзімі
2018 -> Даулетиярова Зауре Ермаханқызы А. Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тараз қаласы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   47




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет