Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ш. Ш. У



бет3/5
Дата10.04.2017
өлшемі1,56 Mb.
#13641
1   2   3   4   5

III. АҚЫН ПОЭМАЛАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІЕТЕРІ
Ақын мұраларының ішінде ерекше тоқталып өтетініміз, оның көлемді туындыларының бірі – поэмалары.

Ақынның бізге жеткен төрт поэмасы бар. Олар: “Жердің жүзі жаз еді”, “Қайда екен?!”, “Жорық”, “Гүл” (“Жындымын ғой, кейде қаным таситын”). Соңғы туынды аяқталмай қалған. Бұл шығармалардың сюжетсіз, лирикалық планда болып келетіндігін жоғарыда айтып өттік. Зерттеушілер бұл шығармалардың жанры жөнініде әртүрлі пікір айтады. Зерттеуші К.Шәменовтың еңбегінде (Қазақ әдебиетінің тарихы. 2-том. 20-ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті. 2-кітап. “Ғылым”, А. 1970ж.) бұл туындылар баллада деп көрсетіліпті, ал Ы.Дүйсенбаев еңбегінде (“Эпос және ақындар мұрасы”, А., 1987ж.) автор шығармаларды поэмалар деп атапты. Ақынның өзі де бұл кесек лирикалық туындыларының жанрын дөп басып анықтай алмаған секілді. “Баллада ма не болмаса қиялы поэмалар ма, өзім де білмедім” – деп жазады.

Бұл поэмалар шын мәнінде, арнасынан ағытылған ақынның ішкі сезім-күйін паш ететін, сол сезімдерді лирикалық сипатта кеңінен толғаған шынайы лирикалық толғаулар десе де болғандай.

Поэмалар сюжетсіз, лирикалық планда болып келуінің өзін біз ақын стиліндегі қуатты лиризмнен, оның шығармашылық болмысындағы осы сипсттың ала бөтен ерекше күштілігімен түсіндіруге болатын секілді. Сондықтан да Бернияз лирикалары біз поэмалар деп отырған кесек лирикалық туындылары іштей астасып, бір ақындық стильдің болмысын айғақтайды.

Лирикалар мен поэмалардың ішкі көркемдік қабатында, поэтикалық құрылысында бәлендей өзгешелік жоқ. Ақын стиліндегі қуатты лиризм аталмыш кесек туындылардың болмысына да мол дарыған. Осы себептен де бұл туындылар өзінше бір көркем, лирикалық дүниелер блып шыққан. Мұны Бернияз шығармашылығының ішкі даралық стиліне тән ақындық ерекшелігі мен даралығын, өзіндік ақындық қолтаңбасын айғақтайтын жайттар деп түсінуіміз керек.

Енді осы шығармаларға нақты тоқталып өтейік. Бернияздың “Жердің жүзі жаз еді” поэмасы 318 жолдан құрылған. Поэма бастан-аяқ “Алты аяқ” үлгісімен жазылған. Ұйқас түрі –а –а –б түрінде келеді. Үш тармағы да 7 буынға бітіп отырады. Мысалдар арқылы көрсетейік:

Жердің жүзі жаз еді. –а, -б

Айт келіп, жұрт мәз еді - - а – 6

Қыз-келіншек күліскен – б - 7

Еді еркін аралап, - а – 7

Жақын жерді жаралап – а – 7

Салтанатпен жүріскен – б – 7

Ызыңдаған бір жел жоқ – а – 7

Бұлт қаптаған бір жер жоқ. – а – 7

Аспан беті тұнық ед. – б – 7

Бар жерде де құралыс, - а – 7

Барша жұртта қуаныш, - а – 7

Тіл жеткісіз қызық ед. – б – 7

Есін көріп ырғалып, - а – 7

Иісті гүлге бұлғанып, - а – 7

Күліп жатты дала да. – б – 7

Жауқазындай жайқалып, - а – 7

Жан біткендей шайқалып – а – 7

Сыбырласты сала да. – б –7

Мұнда алғашқы шумақтың алғашқы екі тармағы 6 буынға аяқталып, қалғандарының барлығы 7 буынға аяқталып отырады. Шумақтардың алғашқы екі тармағы өзара ұйқасып, ал үшінші тармақ ұйқаспай бос қалып, келесі бөліктің екі тармағы өзара ұйқасып, ал үшінші тармағы алғашқы бөліктің үшінші тармағымен өзара ұйқасады. Осы үзіндідегі үшінші тармақтардың ұйқасуы былайша келеді: “күліскен”, “жүріскен”, “тұнық ед”, “қызық ед”, “дала да”, “ сала да”, осылай жалғастыра беруге болады.

Шығарма үлкен лирикалық толғанысқа құрылған. Бұл сюжетсіз поэмада ақынның ағыл-тегіл сезім күйі жарқырай көрінеді. Ақын басынан өткен үлкен сүйіспеншілік сезімінің сырлары жария етіледі. Шығармада осы сезім жүйелері табиғаттың сұлу көрінісімен, әсем жарастықта өріліп отырады. Табиғаттың сұлу бітімі мен әсем құбылысын фон етіп алып, ақын өзінің жалындаған жастық сыры мен махаббат шерін тебіреністі күйде баяндаған. Шығарма жазғы шақтағы табиғаттың әсем көрінісін суреттеуден басталған. Жазғы шақтың жанға жайлы тып-тыныш, мамыражай шағында жұрт біткен айт мерекесін тойлауда. Жазғы табиғаттың жомарт, кеңпейіл мінезі төңіректі құлпыртып, әсем түрге бөлеп тұр. Дала масаты кілемге оралған. Қаз-үйрек қаңқылдап, аққулар сыңқылдап, өзен-көлдің үстін мейрам етуде. Орман-ағаш, тоғайлық мың жасаған емендер ақырын ғана жайымен теңселіп, тербеліп тұр.

Сайда сулар сырлап ағып, айналасын бу ғылып, мұнарланып ол жатыр. Күлімсіреп жердің жузін нұрға бөлеп күн жүзіп барады. Аспан шайдай ашық, тұп-тұнық. Торлаған бірде-бір бұлт жоқ. Үп еткен жел де жоқ. Балалар мәз болып ойнап, адамдар шап-шадыман болуда. Қысқасы, табиғаттың базарлы шағы көрік отындай қызып, табығат болмысы түлеуде. Міне, осы кезеңде лирикалық кейіпкер өзінің жүрек қалаулысымен кездеседі. Көргеннен ғашық болып, құлап түседі. Оған арнаған жүрек жарды сезімін хат арқылы жолдайды. Ол кезде сен періште едің, таза едің, көркің де тамаша еді. Ол кезден бері талай заман, уақыт өтті. Енді сен өзгердің, мүлде басқа жанға айналдың. Көңілім, ыстық, ынтызар көңілім өзіңе әлі де баяғыдай болса да көкіректі күдік оты жегідей жейді деп торығады лирикалық каһарман. Сірә да көкіректе себездеп үміт оты жанса, екіншіде оны күдік бұлты торлайды.

Бір үміт, бір күдік…

Лирикалық каһарман осы сезім-күйде ширығады, толғанады. Бірақ қалай болған күнде де, ақырғы байлауды, үкімді сүйгенінің еркіне қалдырады. Соның дегеніне мойын ұсынбақшы болады. Менің саған деген көңілім баяғыдай, ендігісін өзің шеш деген ойды айтпақшы болады. Мұны ақын шығармасында былайша толғайды:

Не қылсаң да өзің біл,

Өзің сөк те өзің күл,

Сенің толық еркің бар,

Қашаннан-ақ ойымда

Сенің ізгі жолында

Құрбан болмақ сертім бар…

Осы сырды түйіндей келе ақын сөз соңында қара басымды не істесең өз еркіңе бердім. Не үкім қылсаң да қолыңнан қақпаймын дей келе ашынып, ауыр сөздерге дейін барады.

Жүрегімнің жанғанын

Қасық қаным қалғанын,

Бергенше тағдыр залымда

Жарқыратып жанымды,

Сарқыратып қанымды,

Өз қолыңмен бауызда!!!

Шығармада автор қандай қиын бұралаң соқпақтар өмірімізге із салса да, тағдыр теперіші, өмір жолы жолдарымызды екі айырса да, сүйген жүрек өз дегенінен қайтпайды. Оның жалын-оттай қызулы лебі әлсіремейді. Қаншама күдік қаумаласа да ақыр соңында сен деп сүйген жүрегімнің қызуы өзіңе ғана арналады. Басқа амал жоқ. Тағдыр теперіші осы болса сүйген жүрек үшін өзіңнің дегеніңе көндім деген ойлар айтады.

Поэманың өзекті идеясы да осыған мегзейді. Яғни сүйіспеншілік, махаббат тақырыбын ала отырып, осы сезімдерге деген адалдықты, беріктікті, опалылықты уағыздайды. Оқырмандарын да іштей осыған үндейді.

Ақынның келесі поэмасы “Қайда екен?!” деп аталады. “Қайда екен?!” 438 жолдан құрылған. Бұл поэманың құрылымы да “Алты аяқ” үлгісінде жасалған. Ұйқас түрі – а – а – б түрінде, алғашқы екі тармағы 4 буынға, ал үшінші тармағы 7 буынға бітіп отырады.

Мысалы:


Ерте-ерте, - а – 4

Ертегінде – а - 4

Ертедегі заманда – 6 – 7

Бұрынғы ел, - а – 4

Қазіргі жер – а – 4

Тегісімен аманда – б – 7

Бұл поэмасының ақынның өзі қиялы поэма деп айдар таққан. Алты бөлімнен тұратын лирикалық дастан не болмаса толғаныс. Бұл поэма – ғашықтық, сүйіспеншілік сезімдерін ағыл-тегіл жыр ғып толғаған өте көркем жазылған лирикалық туынды.

Лирикалық толғаудың өзегіндегі негізгі мазмұн – сүйіктісінен алмағайып ауыр кезеңдерде көз жазып қалған ғашық жанның зар наласы, ащы өксігі, өн –бойды тербеген тәтті мұңы мен сағынышқа толы қамырықты көңіл-күй сезімдерінен туындаған мұңлы сыр. Осы сырды паш ете отырып, лирикалық каһарман сүйіктісімен кездескен бейқам, алаңсыз шақты еске алып, өткенге шолу жасайды. Мұны ақын лирикалық шегініс арқылы жеткізген. Бейқам шақтың естен кетпес суреттері ақын жүрегінде ұмытылмас сыр боп былайша төгіледі:

Айдын самал,

Жағасы мал,

Көлдерде қу, қырда құс.

Бай табиғат,

Сән-салтанат,

Тұрмыс бейне көрген түс.

Үй айнала

Қыз, бозбала,

Ұмытқам жоқ әлі ойда!

Лирикалық қаһарман ғашық жарын керемет әспеттейді. Оттай, оқтай сөзі бар. Кейде дана, кейде бала мінезі бар деп сүйіктісінің келбетін елден ерек дара сипаттайды. Мен үшін оның өзі бағыт алар құбылам, сөзі – құран, ал анты – иман деп есептейді. Поэмада бұдан кейін алмағайып қым-қуыт, қиын кезеңнің сырлары суреттеледі. Ақын тегінде қазақ даласындағы азамат соғысының елге лаң қанды шарпуын, одан кейінгі кезеңдегі, ел ішіндегі жайлаған аштық алапатын көрсеткісі келсе керек. Бұл сырды баяндау үшін ақын алапат кезеңнің қанды келбеті мен сұрқия болмысын ерекше ақындық поэтикалық суреттеулермен реалистік тұрғыда шынайы ашып көрсетеді.

Өтті күндер

Есті желдер,

Өтті күндер, … есті жел

Қамыс қашып,

Зәрін ішіп

Жел дүниеге у шашты.

Буланды су,

Уланды ну,

Ай да, күн де уланды.

Дария оқпын

Таудай толқын

Тасыды да жанжанды.

Қарсыласқан,

Қара басқан

Өткір қылыш көшірді.

Тәнге, жанға,

Қызыл қанға

Бөкті дағы қанды жер,

Сұрапылдың

Үрген сорын

Көтере алмай қалды ел.

О да өтті,

Тағы жетті,

Одан бетер аштық қарт.

Міне, осындай елге үлкен сын салмақ болған ауыр да қанды кезеңдер өткен соң, араға көп уақыт салып лирикалық қаһарман баяғы сүйіктісімен алғашқы кездескен, өздерінің тұнық сырларын бөліскен, сол пәк сырларына куә болған қанды кезеңдерден ойда жоқта аман қалған, шоқтанып өсіп тұрған жалғыз дара ақ қайыңға келіп, өзінің көкірегін алып бара жатқан қайғылы да сағынышты мұң наласын сыр ғып төгеді. Лирикалық қаһарман ақ қайыңмен адамша тілдесіп, сырын бөліседі. Жел алса да, пері алса да, суға түссе де, көкке асса да, жерге кірсе де, теңізге тығылса да, айға ұшса да мен сенімен бірге болайын деген тілек айтады. Шығарманың өн бойындағы қызулы лиризм оқырманды ғашығын қатты сағынған ақын сезіміне ортақтастырып, онымен бірге осы аянышты тағдырға қоса егілткендей болады. Жан-жүйе елжіреп, жанар шылаулағандай болады. Осы бір әсерлі, сағынышты сезім күйі, ақ қайыңға жалбарынған ақын мұңы шығарма соңында былайша өріледі:

Көк пе, жер ме,

Су ма, жел ме,

Әлде алған ай ма екен?

Айтшы, қайың,

Менің жаным,

Айтшы, айтшы қайда екен?!

Түйіндей келгенде, бұл көлемді лирикалық туындының негізгі идеялық өзегінде өткен махаббатқа, ғашық жарға деген ыстық сағыныш осы аяулы ұғымдарға адалдық, беріктік қасиеттері жатыр. Сол сезімдерді аялап ұстауға үндеу болып келеді.

Б.Күлеевтің үшінші поэмасы “Жорық” деп аталады. Бұл поэма ақынның қалған поэмаларынан тақырыбы жағынан өзгеше. Негізгі тақырыбы ерлікті жырлау. Поэма ауыз әдебиетінің батырлар жырының әсерімен жазылған. Поэманың ұйқас түрі а–а–б түрінде келеді. Шумақ сегіз тармақтан құрылған. Шумақтың алғашқы бөлігіндегі үш тармақ өзара ұйқасып, төртінші тармақ ұйқаспай бос қалады да, ал келесі бөліктің үш тармағы өзара ұйқасып, ал төртінші тармағы олармен ұйқаспай, алғашқы бөліктің төртінші тармағымен ұйқасады. Поэма 7-8 буынмен жазылған. Мысал арқылы көрсетейік:

Албастыдай еліріп а – 7

Жалмауыздай емініп, а – 7

Жыным қаптап желігіп, а – 7

Қайта салдым ойынды - б – 7

Жаным күйіп намыстан – в – 7

Мыңмен жалғыз алысқан –в – 7

Қып-қызыл қан алғызған –в – 7

Көрер ме едің тойымды? – б - 7

Поэмада сюжеттік желі жоқ. Шығарма табиғатына ауыз әдебиетіндегі батырлар жырының поэтикалық үлгісі мен Махамбет поэзиясының күшті әсері болғанға ұқсайды. Оны біз жоғарыдағы мысалдардан айқын көреміз. Бүкіл жер бетін адам баласы жауыздықтан ештеңеден тайсалмай жас арыстандай қайраттанып ұмтылған жас батырдың (лирикалық кейіпкердің) іс-әрекеті қатал да өжет. Осы жауыз күшпен күрескенде лирикалық кейіпкер (каһарман) эпостық жырдағы батырлардай қалың жауға дара шауып, барлығын өзі жалғыз жайпайды. Жалғыз жайратады. Қорыта келгенде, бұл шығарма батырлар жырымен өте үндес, рухтас дүние болып шыққан. Шығарманың негізгі тақырыбы ерлік, жорық мақсаты. Идеялық өзегі жауға қарсы бітіспес күресті көрсету. Батырлықты жеке мақсатқа жұмсамай, халқына, еліне жақсылық жасау. Осы ізгі мұратты насихаттау, соған үндеу.

Осы тақырыпта бұрыңғы зерттеу еңбектеріндегі осы поэманың сипаты, идеясы жөніндегі бір-екі пікірді келтіре кетейік.

Ысқақ Дүйсенбаев өз еңбегін де кезеңнің саяси талап-тілегінің тұрғысынан қарастырды ма, әлде басқадай себептері болды ма осы поэманың сипаты, негізгі идеялық бітімі жөнінде жаңсақ, теріс пікірлерге орын алдырыпты.

Автор былай жазады: “Бернияз Күлеевтің “Жорық” атты тағы бір көлемді шығармасын белгілі бір түрге жатқызу өте қиын. Сонымен қатар идеялық ұстанымдылығы немесе көркемдік ерекшелігі жағынан алып қарағанда оның айта қаларлықтай мәні шамалы. Ақын ауыз әдебиеті дәстүрін көрінеу көзге қолданып, онысын әрдайым өзі ескертіп отырған. Сонда шығармадағы негізгі кейіпкер кім, автордың көздеген нысанасы қандай?! Ақын көбінесе өз атынан сөйлеседі. Жалынды, ержүрек жастың төрт құбыласы тең, нағыз дер шағы. Оның бар қызығы ат жүгіртіп құс салу, сұлуды құшып, ойын-сауыққа берілу, қысқасы, шат-шадыман өтіп жатқан алаңсыз әсем күндер, уайым мен қайғыға мүлде орын жоқ…”

Шамасы бұл шығарманың Бернияз Күлеев сол 1920 жылдар орын тепкен кертартпа ағымдардың өкілдері саналған қайсыбір ақындардың тікелей әсерімен жазған болу керек. Сол себепті де “Жорықтың” идеясы көмескі бұлдыр шыққан .

Бұл сияқты теріс, ұшқары бір жақты баға шығарманың идеялық-көркемдік көкжиегін, ондағы түйінді мәселелерді ашып көрсетуде дұрыс бағамдауға әкелмейтіні белгілі.

Ал, К.Шәменов өз зерттеуінде шығарманың сипаты жөнінде дұрыс қорытынды шығарып, былай дейді:”Жорық” балладасы – жаңа өлең кестесімен өршіл романтизм аясында жазылған көркем де мазмұнды шығармалардың бірі” . Қорыта келгенде, ақынның бұл шығармасы ауыз әдебиетінің поэтикалық дәстүрін ұстана отырып, сюжетке құрылмай ерлік, батырлық тақырыбын өзекті нысана ете отырып асқақ пафостық рухта берілген өршіл романтикалық туынды.

Ақынның төртінші поэмасы – “Гүл”. Бұл поэма Бернияз Күлеевтің 1969 жылы шыққан бір томдық таңдамалы шығармалар жинағына “Жындымын ғой кейде қаным таситын” деген тақырыппен кіріпті. Шығармаға ақынның өз қиялы поэма ма, баллада ма, өзім де білмеймін” деген баға беріпті. Шығарма аяқталмай қалған. Бірақ, негізінен композициялық құрылымының жинақтылығы, аяқталғандығы, біртұтастылығы сипаттарына және негізгі айқын көрінетін идеялық ой-түйіндеріне қарап отырып, шығарманы аяқталған біртұтас ой-жүйесі бар көркем шығарма деп қарастыра беруге болады. Поэма 132 шумақ, 528 жолдан құралады. Поэма бастан аяқ 11 буынды қара өлең ұйқасымен (а-аб-а) жазылған. Ара-тұра 12 буынды тармақты кездесіп отырады. Бұл поэма да сюжетсіз лирикалық толғанысқа құрылған. Ішкі поэтикалық ерекшелігі тұрғысынан келетін болсақ, ақын негізгі идеялық түйінді ойларын астарлы тұспал, символдық нышандар арқылы ашып көрсеткісі келген.

Поэмадағы астарлы ойлардың түп-қазығы сол ақын өмір сүріп отырған дәуірдің күрделі де қиын түйткілі мол болмысымен астасып жатса керек. Алғашқыда бостандық, теңдік деп жаңа өмірге құлаш ұрған ақын өмірінің соңғы жылдарында, әсіресе, Қазан қаласындағы жылдарында жаңа өмірге басқаша көзбен қарай бастайды. Жаңа өмір құрамыз деп талпынған большевиктер бастаған жаңа топтың жойқын да әбжіл қимылы, қатаң тегеурінге негізделген жаңа жүйе ескі дүние атаулыға қырын қарап, өздерінің әпербақандық қимылын танытты. Жаңа заманның осындай жойқын мінез-құлқы романтикалық аңсардағы қиялшыл, нәзік жанды ақынның сезімтал болмысына, ақындық санасына дөп келіп, үйлесе кеткен жоқ.

Оның ішкі жан-дүниесі жаңа өмірдің осындай сипат-болмысын құшақ жая татаусыз, алдаусыз көңілмен қабылдай алмады. Кей жайттар ақын үшін жұмбақ, жат күйінде қалды. Міне, сондықтан да 20-жылдары жазылған туындыларында торығушылық өмірден жерінушілік сарындары бой көрсете бастады. Бұл үшін біз ақынды мансұқтай алмаймыз. Себебі ақынның нәзік те сезімтал табиғаты заманның аласұрған дауылды мінезін бар болмысымен қабылдай алмады. Міне, ақынның «Гүл» атты осы шығармасында да жоғарыдағы сарындар бой көрсетті. Жалғанның қызығына белшесінен тойған, енді одан еш рақат, қызық көрмей барша тіршіліктен түңілген лирикалық каһарман адамдардан аулақ оңаша жер іздеп, аласұрады. Көкке ұшқысы келеді

Жердің жүзі тебінгідей көрініп,

Қысылып жан көкке тартар желігіп,

Ойлай-ойлай, жырлай-жырлай жыласаң,

Жеңілем мен жүрек шері төгіліп.

Әрі жастық, әрі жынды сотқарға,

Қайда жүрсе, қайда барса сот бар ма?

Жұрттың бәрі ісін ерсі көрсе де,

Өз дегенін етпей ізгі тоқтар ма?! – дейді.

Лирикалық каһарман енді жанға жауып гүлді іздеп, жаратылыстын барша құбылысымен тілдеседі. Су, жел, аймен сырласады. Үлкен романтикалық пафоста, негізгі ойды символдық тұспал емеурінге негізделген шығарманың өн-бойында қуатты, әсерлі лиризм өріліп келіп отырады. Жүрегін тәтті мұң кернеген ақын табиғаттың, жаратылыстың құлақ күйіне көңіл қойып, өзінің сырын бөліскісі келеді. Бірақ, ешқайсысына көңілі тұрақтамай, аспандағы сұлу айды ғана өзіне серік деп біледі.

Құрсын желі, көгіме қайта қайтайын,

Көк еркесі сырымды айға айтайын.

Мен де сондай жерде жалғыз мұңды ғой,

Шерт таратар жерде жалғыз нұрлы айым, - деп толғанады лирикалық қаһарман.

Лирикалық қаһарманның мұңлы күйі барша түнгі табиғатты өзен, су, көлдер, дала мен тау-тас біткенді. Әсем бір сырға бөледі, жұмбақ әлемге мегзегендей, өзінің мұңымен табиғатты тылсым бір күшпен баурап алғандай. Ақынның мүңлы дауысы түнгі табиғаттың әсем фонында ерекше әсерлі, нәзік лиризмге бай, жалғыздық сезімі жас жүрегі мен ыстық қанын тебірентеді. Жүйрік қиялына у толтырады. Осылайша ызадан көз жасын төгіп жүргенде лирикалық қаһарманға «Хордың қызы» кездесіп, маған қосыл деп талап қояды. Жігіт көнгенмен, «Хор қызы» оған мынадай шарттар қояды:

Мен не десем, тіл қайырмай көнесің,

Тек мені біл, басқалардан безесін.

Қамқор жаннан маған жанды жуытпай,

Жанасқанды тұншықтырып езесің.

Төсек деп біл сондайлардың денесін,

Керегінде қанын сорып емесің,

Әділдім деп, қуаныш деп қарамай,

Адал, арам – талғамай жей бересің.

Лирикалық қаһарман басында келіссе де «Хор қызының» бұл талаптарынан шошиды. Қалайша ол өзі сияқты жандардың «қанын сорып емеді». Қалай болғанда да ол «Хор қызының» мұндай сұрқия шарттарына мойын ұсынып, көне алмайды. Өзінің мұндай ойын ақын ашық айтады:

Жауынгер боп жердің жүзін қан қылып,

Бай- патша боп өзім деді зар қылып,

Сырыңды айт деп табиғатты бүлдірсем,

Не қылайын атақ алып ғалым боп…

Ол өмірден қызық көріп не етейін.

Ол «қызықпен», қай арманға жетейін.

Тіліңді алып, дегеніңе көнгенше,

Өмірімде жар сүймей-ақ өтейін.

Ақын ойы бұл жолдарда езумен, күшпен, қантөгіспен, табиғатты бүлдіріп, дүние біткенді ырқына еріксіз көндіріп, қиянат көрсете отырып бақытты болғысы келмейді. Ондай күшке негізделген жалған бақытты жаны қаламайды. Ақынның бұл тектес ойларының ғасырдың зардапты қоғамдық-әлеуметтік дертіне айналған түйінді мәселелермен ұштасып жатқаны таңқалдырады. Шығармада ақын көп жағдайларда қоғамның әлеуметтік сырлары мен философиясынан үлкен түйіндер жасаған секілді. Бұдан әрі лирикалық қаһарман «Хор қызына» қатты ашуланып, ренжіп, оны барынша масқаралап, бұрымынан ұстап алып жұлқылайды. «Хордың қызы» жаны ышқынып жігітке былай дейді:

Шыдатпады от бұрымын күйдірді.

- Жетер, жігіт! Тіл, қолыңды тарт! – деді.

- Жез тырнағын құрбан қылған талайды,

Менің атым баяны жоқ бақ, - деді.

Ақынның бағанадан «Хордың қызы» деп астарлап отырғаны «бақ», «бақыт» болып шығады. Енді «бақ» жігітті дегеніне көндіру үшін айналдыра бастайды. Бірақ «лирикалық қаһарман» оған да көнбейді. «Хордың қызы» (бақ) өзінің жәрдемшілері «жын-перілерін» қаптатып, жігітті күшпен зорлап дегеніне көндірмекші болады. Осы жайды ақын былайша көрсетеді:

Кейбіреуі бақыты келіп сүйіп жүр,

Жан жолатпай, жиылғанды түйіп жүр.

Ың-жың, у-шу, бәрі айналып,

Кейбіреуі қорып ит боп үріп жүр.

Қарқ-қарқ күлді, жынның бәрі қостады,

Жан-жағымнан есепсіз қол ұстады.

Құлағымнан, шаштан тартып кейбірі,

Шуылдасып «Сүй!» деп мені қыстады.

Лирикалық қаһарман қатты шошып ояна келсе түсі екен. Шығарма осылайша аяқталады. Шығарманың идеялық арқауында үлкен әлеуметтік ойлар жатыр.

Ақын символдық нышан, тұспал, астарлау өзі өмір сүріп отырған жаңа заманның бақытты тұрмысқа жету үшін, жұрттың бәрін бақытқа жеткізу үшін, осы жолдарды қолданылып отырған күштеу саясатының сипаттарын түйсіне отырып суреттеген сыңайлы. Ақын күштеу, зорлау, қиянат арқылы бақытты тұрмыс, бақыт орнатудың қате екенін түсінді. Түпкі мақсат қандай ізгі мұраттарға бағышталса да мұндай тәсілді ақтауға болмайды. Ақын мұны әділетсіздік қиянат, қылмыс деп түсінеді. Бұл орыстың кемеңгер жазушысы Достоевскийдің «қандай ізгі революция болса да осының барлығы сәбидің бір көз жасының қасында түкке тұрмайды» деген ойлармен орайласып, үндесіп жатыр. Әрине ақынның мұндай ойларының ұштығы сол дәуірдің саяси түсінігі мен талабына қаншалықты қайшы келгендігін іштей (ойша) бағамдауға болады. Шығарманың негізгі идеялық түйіндері ақын өмір сүрген кезеңнің қоғамдық сыры мен болмысының, оның әлеуметтік табиғатынан туындаған.

Б.Күлеев бұл поэмасында тұспал, астарлы ойлар арқылы әлеуметтік жүгі ауыр, идеялық салмағы зор мәселелерді көтеріп отыр. Бұл мәселелердің аясының рухани, мәдени, саяси, философиялық, этникалық, экологиялық, әлеуметтік ойлардың ұшығын көптеп таба беруге болады.

Қорыта келгенде, Б.Күлеев поэмалары сюжетсіз лирикалық толғаныс сипатындағы, ақынның ағыл-тегіл сезім күйлерін үлкен романтикалық серпінде шындықты философиялық қабылдау мен түйсіну арқылы символдық астарлаумен ұштастырған қуатты лиризммен өрнектеген кесек сипаттағы әсем де көркем лирикалық туындылар болып табылады.

IV.АҚЫН ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ШЕБЕРЛІК ӨРНЕКТЕРІ.
Б.Күлеевтің негізгі шығармашылық өрісі – лирика жанры. Ол махаббат, көңіл-күй лирикаларын көп жырлаған ақын. Тіпті ақынның екі-үш поэмасының өзі оқиғалы сюжетке құрылмай, бірыңғай лирикалық толғаныстарға құрылған. Сондықтан да Бернияздың ақындық қуаты мен шығармашылығының қайнар көздері лирика жанрының төңірегінен табылмақ.

Лирика жанрының шындық болмысты бейнелеудегі көркемдік бітімін, сұлу өрнегі мен кестесін, өзгеше әуезді де сырлы табиғатын, әсем нақышын талай білгірлер мен ғұламалар толғағаны белгілі жайт.

Блок поэзиясы турасында: «Поэзия – не тронутая красавица» - деп, оның сұлулық болмысын әдемі аруға теңеп, көрікті ой айтса, ұлы сыншы Белинский поэзияның лирика жанры туралы: «Лирика – поэзияның жаны мен жүрегі» - деп бекер айтпаған.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ поэзиясының көгінде жылт еткен, кезеңінде көңіл-күй әуенінің үлкен шебері болған Б.Күлеевтің шығармашылық тұлғасы ерекше зерттеуді қажет ететін терең сипатта. Ақынның сыршыл да нәзік лирикасының сұлу болмысын терең зерделеген қазақтың аяулы ақыны М.Жұмабаев: «Ә деп ол қалай ұстап шыққанда аянған үмітіміз біржола бекіп еді. Бернияздың әдебиетіміздің берік бір бағанасы болуына сеніп едік. Бағытты бір қылып, таспық болып тізіліп келе жатқан аз ғана жазушыларымыздың қатарына жас Бернияз да келіп тізіліп еді. Бірақ не лаж, таспықтан сол тас үзіліп түсті»' – деп жазды.

Б.Күлеев творчествосы ұзақ жылдар бойы дәуірдің тынысына, заманның қытымыр қабағына байланысты күрделі, қайшылықты тұрғыда бағаланып келеді. Зерттеушілеріміздің көпшілігі ақынның көңіл-күй сезімдеріне көп берілуіне, бірыңғай махаббат пен сезім күйлерін суреттеуін мансұқтап, тұжырымдар жасады. Ақын өлеңдерінің сипатына қарап отырып, оның көңіл-күйді көп жырлауы ақынның өзінің басын ғана күйттеген, өзімшіл, дарашыл пиғылдан тумағанына көз жеткіземіз. Ақын творчествосына байланысты осындай жаңсақ тұжырымдар туралы белгілі әдебиет зерттеушісі, ғалым Б.Кенжебаев төмендегідей ойлар айтады:

«Бернияз Күлеев жөнінде ертелі-кеш айтылып жүрген пікірлерді негізінен екі топқа бөлуге болады.

Біріншісі – ақын өлеңдері тым уайымшыл, өлім туралы, өмірдің өткіншілігі туралы көп толғайды, оқушысын оптимистік рухтан айырып, пессимизмге - тіршіліктен түңілуге әкеліп тірейді дейді.

Мұндай келеңсіз ойдың айтылуына біздіңше ең басты себеп аталмыш шайырдың көңіл-күй лирикасына көбірек ден қойғандығы.

Өлеңдерінің мұңшыл-күйшіл сарында жазылуынан.

Егер ақын әдебиет теориясында айтылған лирика түрлерінің осы сипатына бейім болса, талант бейіміне орай осы табиғатты жыр жазса сол үшін айыпты болмауы керек»'.

Ғалымның жоғарыдағы ойларына қосыла отырып, бізде осы тараптағы пікірлерімізді өрбітпекпіз.

Көңіл-күй жырлау – бұл лириканың ең нәзік тұстарын дөп басу деген сөз. Көңіл-күй лирикасы – лириканың ең сыршыл түрі. Көңіл-күйді бірыңғай жырлау арқылы ақын өзінің ішкі әлемін, сыртқы дүниеге көзқарасын, қарым-қатынасын, сыртқы әлемді барша дүниені өзінің сезім-күйі арқылы безбенге салып, таразыламақ, өзінің сезім түйсігі арқылы дәуірдің, кезеңнің, ғаламның болмыс-бітімін ой-сезім, сурет арқылы бедерлі образ жасамақ. Ақынның ішкі субъективті көңіл-күйі, сезім-түйсігі объективті дүниенің әсерінен туындап, ақынның лирикалық кейіпкері «мен» бұл ақиқаттың болмыстың жинақталған кішкентай бейнесі есебінде. Абайдың өзінің ішкі сезімдері арқылы өзі өмір сүрген дәуірдің, кезеңнің өмірінің қатпар-қатпар сырын білдіретін мына жолдарын алайық:

Ем таба алмай,

От жалындай

толды қайғы кеудеге.

Сырласа алмай,

Сөз аша алмай

Бендеге.


немесе

Кейде есер көңіл құрғырың,

Махаббат іздеп талпынар.

Ішем деп бейнет сусынын

Асау жүрек алқынар.

Ал, ақынның осындай сыр, қайғы-мұңын, қапасын, ішкі сезімін тек Абайға тән деп айта аламыз ба? Өз басындағы мұң мен сырды айтып отырғандай. Ақынның өзге жандардан айырмашылығы сол, осы өзекті жанның баршасына тән сезім күйін, оның нәзік қылын сұлу шерте білудіңде, өрелі жыр жолдарына айналдыруында.

Лирика жанрының осындай жеке көңіл-күй, сезімдер арқылы жалпыға ортақ сыр мен болмыс бедерін айқындайтын сипаттары жөнінде белгілі әдебиет теоретигі, академик З.Қабдолов былайша тұжырымдайды: «Лирикалық шығармаға ақынның ішкі дүниесінің сыртқы себептерімен, жалпы ақиқат шындықтың әсерімен аса қатты толқынуы, автордың өз басының алуан-алуан нәзік түйсіктері, күйініш-сүйініші тән болып келеді. Ақын басынан кешкен сезім, ақын басында болған түрлі-түрлі толғаныс субъективті нәрсе, бірақ сонымен қабат кәдімгі объективті дүниенің әсері. Ақынның көңіл-күйі әрқашан өзі өмір сүрген қоғамдық ортаның хал-жайына байланысты, өзін қоршаған шындықтың саяси-әлеуметтік сырымен сабақтас. Ол қуана шалқыса да, жабырқай толғанса да, - лирикада сол өз кезінің шындығы мен сыры жатады. Оқушы әрбір лирикалық шығармадан оны жазған автор өмір сүрген кездің жай-жапсарын аңғарып отырады».

Осы тарапта өз ой-пікірін Абай лирикасын талдауға байланысты академик З.Ахметов та былайша таратады: «Нағыз лирикалық туындылар жеке адамның жан-дүниесін, толғанысын, тағдырын бейнелеп, сол арқылы бүкіл ортаны, қоғамды, заманды сипаттап береді. Лирикалық қаһарманның ой-сезімі, тағдыры өз заманының арман-мүддесі, тілек-талаптарымен неғұрлым терең байланысты суреттелсе, соғұрлым ел типтік қасиеттері мол, сомдап жасалған ірі тұлғаға айналып, дәуірдің көрнекті өкілі болып шығады. Лирикалық поэзияның осы ерекшеліктері Абайдың өлеңдерінен мейлінше толық көрінеді. Абай лирикасынан ақынның көңіл-күйін, жан-дүниесін, толғанысын сезініп қана қоймаймыз. Сол арқылы қазақ қоғамына, жалпы адам баласына тән сипаттарды, дәуір, заман келбетін танытатын қасиет-белгілерді молымен табамыз». Осы сипаттағы ой-тұжырымдар жоғарыдағы ой-пікірлерімізді қуаттай түседі. Бұл тарапта обыдан өрбитін тағы да мынадай ой-пікірлер түюге болады. Көңіл-күй лирикасы ақынның жеке басының мұңы, ішкі сезім күйлері, қуаныш, қайғы, шаттану, ренжу арқылы өмір құбылысының барлық қырларымен байланысып жатады. Көңіл-күй сезімдері махаббатпен, пәлсапамен, қоғаммен, жаратылыспен, адамның барлық болмысымен көрінбейтін әліп арқылы нәзік байланысқан, тұтасқан. Сондықтан көңіл-күйді жырлауды дарашыл сезімнен туған өзімшілдік деп ұқпай ақын жан-дүниесіндегі объективті дүниенің субъективті көрінісі, оның жаңғырығы деп ұққанымыз жөн. Сайып келгенде, осы алуандас ойларды Белинскийдің: «Ұлы ақын сөзі жайлы, өзінің жеке басы жайлы айтса да көптің тағдырын, адамзатты сөз етеді» - деген пікірімен тұйықтаса да болады. Б.Күлеев шығармашылығындағы осындай көңіл-күй сезімдерін емін-еркін молынан жырлау, махаббат тақырыбына жиі баруы сияқты сипаттарды бүгінгі үрдісте интимдік лирика деп жүргеніміз белгілі. Осы интимдік лирика Б.Күлеев шығармашылығындағы өрістей келіп, бейнелі де көркем, сыршыл да нәзік, мұңлы да күйлі сипатта зерделі поэзияны тудырған. Бұл тұрғыдан Б.Кенжебаев: «Тақырыптық жағынан сөз етсек, оның творчествосының басым көпшілігі махаббат лирикасы. Дүниені, тіршіліктің бағасын бәрі-бәрін ол махаббат көзімен қарайтын сәттері де бар. Ол үшін махаббат бар тіршіліктің мәні. Бұл тақырыпта ол интимдік лирикаға да, интимдік-объективтік сарынға ұластырып интеллектуалдық лирикаға да барды» - деп жазып осы ойларымызды негіздей түседі.

Ауыз әдебиетінде, жыраулар поэзиясында адам өмірінің ішкі қалтарыстарынан гөрі оның ішкі сезім дүниесінің ашып көрсетудің орнына оның сыртқы дүниеге қатысы, сезімнен гөрі қимыл, суреттен гөрі баяндау, ішкі психологиядан гөрі сыртқы портреттің келіп отыратыны заңдылық. Өмір құбылыстарын жалпылай, жинақтай сөйлеу басым келіп отырады. «Біз» есімдігімен сөйлеу тән. Мысалы, Доспамбетте «Жазыда көп-ақ жортқан екенбіз», Ақтамберді «Күмбір-күмбір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз» жазба поэзиянының үрдісінде, әсіресе лирикада лирикалық кейіпкер көбіне «біздің» орнына «мен» деп келушілік бар. Қазақ поэзиясында бұл үрдіс Абайдан басталады. Бірақ кей кезде Абайдың өзі де «менен» гөрі «бізге» көбірек ойысады. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» не «Келдік талай жерге енді Кіруге-ақ қалдық көрге енді» не болмаса «Тайға шаптық, тойға бардық, жақсы киім киініп» - деушілік бар. Қазақ поэзиясында жазба поэзияға тән мұндай үрдісті қазақ лирикасында көңіл-күй лирикасын көп жырлау арқылы интимдік лирика қалыптастырған эстет ақындар Ш.Бекеев, М.Жұмабаев, Б.Күлеев осы «менді» біржола қалыптастырады.

Ғасырдың басында Батыс одан кейін орыс әдебиеттерінде дәстүрлі реализм ағымдарымен қатар, мүлде жаңа көзқарастағы әдебиет бағыттары туып, дами бастайды. Бұлардың негізгі ұстанған принципі көркемөнер мен әдебиетте «көркемөнер көркемөнер үшін» деген тезис болды. Аталмыш ақындар өз шығармаларында осы үрдістің әуенңнде шығармалар туғызды. Бұл тұрғыда әдебиетші ғалым Х.Сүйіншәлиев былай деп жазады:

«Аталмышағымдардың пайда болуының тарихи әлеуметтік себептері болды. Әдебиет көркемөнердің негізгі бір түрі деп есептеген ақмейзм ағымының өкілдері, эстеттер» - әдебиет - әдебиет үшін», «көркемөнер көркемөнер үшін» - деген қағида ұсынып, әдебиеттің тек жалаң сұлулықты, табиғатты, махаббатты жырлауын мақсат еткен.

Сөйтіп, көркемөнер саясатын, қоғамдық күрестен алшақтады. Батыс пен орыс әдебиетінің бір топ өкілдері әдебиеттегі бұл жаңалықты қолдап, поэзияға көркемдігі өте жоғары, сұлу суретті тамаша шығармалар әкеліп жатты. Бірақ, бұл ұғым жаңа орнап жатқан кеңістік әкімшілік идеологиясына сай келе қойған жоқ. Әсіресе, солшыл пролет-культшілер қарсы шығып, әдебиетті идеясыздыққа алып келетін, ең зиянды ағымнан санап, оған жол бермеді. Бұл ағымға жанасымы болғандар қатар жазаланды. Бұрынырақ жасағандарын дворяндар поэзиясының өкілдері деп атап, кейінгілеріне буржуазияшылдар деген айдар тақты. Дворяндардан шыққандар деп аталатындар ішінен Ф.И.Фет, А.А.Тютчев деген күшті ақындар шықты, бұларға қазақтың Шәңгерей, Бернияз, Мағжан сияқты ақындары еліктеді. Асылы, аталмыш қазақ ақындарының рухани талғамдарына жоғарыда сөз болған орыс ақындарының туындылары сай келіп, олар поэзияның көркемдігін, сұлулықты жырлау міндетін бірінші орынға қойды». Бернияз алғаш өлең жаза бастағаннан әр қиырларға көз тігіп, өзінің ақындық бағдарын айқындағысы кеп, жүрер жолын таразыламақшы болады. Ерте солған жас таланттың ақындық тұлғасы жайында К.Шәменов мынадай пікір білдірген: «Б.Күлеев өзінің творчестволық тәжірибесінде Абайдың сыршыл лиризмін, Сұлтанмахмұттың философиялық толғауын, ондағы азаматтық пафосты игеруге ұмтылып, Пушкин, Лермонтов поэзиясын қазақ рухында меңгеруге талаптанды. Ол қазақ поэзиясында бұрын кенже дамып келген баллада жанрын өрістете түсті, махаббат лирикасын дамытты. Өз тұстастарының ішінен серпілістерін Б.Күлеевше мүсінді әрі мол жырлаған ақын аз деуге болар еді.

Б.Күлеев шығармашылығына үлкен көркемдік нәр берген, оның сұлулық болмысы мен бітіміне өң беріп, шырайын кіргізе түсіп, өрлей түскен өрелі ерекше мектеп – халық әдебиеті болды.

Бұл ақын шығармашылығындағы халықтық рух пен болмыста осылармен байланыста болса керек. Сайып келгенде, Белинскийше айтпақ әдебиеттің өзі «халық санасы», «халықтың рухы» ғой. Б.Күлеевтің жарқын жырларында кәусардай таза бұлақтай мөлдір осы «рух» пен «сана» моншақтай тізіліп, мөлдірей тіл қатады.

Ақын өзінің алғашқы ізденіс жолдарында осы халықтық мектептің үлкен тәлімі мен асыл ұрығын бойына сіңіріп, оны шығармашылықпен игеруге ұмтылды. Ақынның іздену, үйрену жолдары туралы белгілі әдебиетші-ғалым Ә.Дербісалин: «Ақынның азаматтық өмірі қаншама қысқа болса, ақындық өмірі де одан әлденеше аз болды. Сол қысқа өмірінде ол іздену, үйрену, адасу жолдарының бәрінен өтті» - деп жазады.

Ауыз әдебиетінің көркемдік жүйесі ғасырлар тереңінен жол салып, ұзақ ғасырлар бойында қалыптасып, бекіп тұрақты, канондық жүйеге айналғаны белгілі. Сондықтан да халық поэзиясының тұрақты тіркестері мен өрнектері, афоризмдері мен көркем образдары талай ұрпақтың қиялын тербеп, эстетикалық талғамын ұштап, әдемілік, сұлулық, әсемдік әлемінен сусындатып, ләзаттандырып келді. Халықтың талай ұрпағын көркемдік дүниесіне құлшындырды. ХХ ғасырдың басындағы қазақтың жас өскіндей қаулап өсіп келе жатқан жазба әдебиеттің үрдісінде аталмыш көркемдік жүйені ұтымды пайдалануға тырысты. Осындай ұмтылыс әсіресе, Б.Күлеев шығармашылығындағы кең ауқымда байқалады. Бернияздың шығармаларында ауыз әдебиетінің көркемдік тәсілдерін құлпырта, түрлендіре, жаңғырта, жаңарта пайдаланудың жарқын мысалдары мол ұшырасады. Ақын өлеңдерінде осы көркемдік жүйені игере отырып, осы арнада, сырлы да сұлу бейне, образ жасай отырып кей тұстарда осы өрістен де ұзап тың ізденістерге барады. Ақынның Абай өлеңдерінің үлгісімен жазылған мына бір өлеңінде сұлу ару, әсем қыз жайлы халықтық тәжірибені пайдалана отырып, сырлы образ жасағанда дағдылы жүйеден де тыс тың ізденістерге ұмтылып жазба поэзияға тәнүрдіс қалпын байқатады. Ақынға сөз берелік:


Қыр мұрынды

Қызыл ерінді,

Қыпша белді, тал бойлы,

Ер жүректі,

От мінезді

Көрген жанға жат ойлы.

Өлең жолдарының бірінші бөлігі сөз қолданысы, тұрақты эпитеттерді пайдалануы тұрғысынан да кәдімгі ауыз әдебиетінің үлгі, тәсілдері. Ғасырлар бойы ауыз әдебиетінде қолданылып келген таныс көркем эпитеттер. Ала бөтен өзгешелік сипаты жоқ. Ал, өлеңнің екінші бөлігіндегі эпитеттерге келгенде мұндай ой айта алмаймыз. Қалыптасқан сөз қолданысы мен эпитеттерден өзгешелік байқалады. Әрине, бұл жерде аруларымызда бұрын мұндай сипат болған жоқ деген сөз емес. Керісінше, халықтық дастандар мен эпостарда ер жүректі, от мінезді аруларды үлкен сүйіспеншілікпен жырлап келгені мәлім. Бірақ осы мінез, бірімдегі аруларды көркем суреттеу, дәл осылайша бейнелеу жазба поэзия әкелген үрдіс болса керек. Бұл жерде ең бастысы Абай поэзиясының үлкен ықпал-әсерін баса айтқан ләзім. Өлеңдегі «ер жүректі, от мінезді, көрген жанға жат ойлы» - деген жолдар ауыз әдебиетінің суреттеу құралдарында кездеспейтін құбылыс. Осындағы «ер жүректі» деген сөздің алдында тұрған «ер» айнымайтын, берік эпитетін ұқтырса, ал «от мінезді» деген эпитет отты мінез деген ұғымды тудыра алмайды, оның тұрақты эпитеті бола алмайды. Сондықтан да мұны жазба поэзияға тән сипат-белгілерімен түсіндіру керек. «Көрген жанға жат ойлы» деген жолдардағы ойдың алдындағы «жат» эпитеті де тың, соны бейнелеулер. Абайда да «мағынасы алыс, сөзі қат» деген қолданыстар кездеседі. Бұл жерде көркемдік ойдағы үндестік, рухтастық сезіледі. Сайып келгенде, осы тәріздес эпитеттер, ақын қаламынан туындаған, соның болмысымен іштей байланысып жатқан көркемдік ойдың жаңаша бір тың ізденісі болса керек. Ақын ауыз әдебиетінің ғасырлар бойы қалыптасқан көркем де сұлу эпитеттерін молынан еркін пайдалана отырып, өзі де тың өрнектер тауып, қолданады.

Қара көзді,

Жібек сөзді,

Қолаң шашты, ай бетті

Құбылған түс

Тізілген тіс,

Аршын төсті, ақ етті.

Бұл шумақта бірді-екілі эпитеттен басқасы ауыз әдебиетінің қалыптасқан, көкейге қонымды етене эпитеттер. Алайда, осы ежелгі эпитеттер ақынның жаңаша өлең жолдарын жасауға кедергі келтірмей онымен іштей астасып, кіріге түскен. Өлең шумағына ерекше өң беріп, жарқыратып жаңғырта түрлендірген.

Осы бір қалыптасқан, «байырғы эпитеттермен бірге жарасым тапқан осы шумақтағы «құбылған», «тізілген» эпитеттері ақынның өзіндік төл ізденісі. Ақын ауыз әдебиетінің мол тәжірибесін, көркемдік үлгілерін шығармашылықпен пайдалана отырып, көркемдік құбылыс пен ойдан, өзіндік ақындық бейнелеуүлгілерінен сырт қалмаса керек. Б.Күлеев халықтық поэзиядағы байырғы теңеулер мен эпитеттерді көзінен моншақтай тізіп туғызуға шебер ақын. «Сүттей ақ, таза айнадай із салма, ізгі жүрекке» деген мына бір жолдарды алып қарайық. Осындағы «сүттей ақ», «таза айнадай» деген теңеулер ауыз әдебиетіне жат емес, байырғы теңеулер. Мәселе осылардың бірігіп келіп «жүрек» ақынның өзіндік бейнелі ойынан туындаған жеміс. Осы «ізгі жүрек», «із салманы» қосу да мүлде тың дүние. Мұндай мысалдар Б.Күлеевтің ақындық ойының ұшқырлығы мен сонылығын, көркемдік қорының қуаттылығы мен серпінділігін танытса керек. Б.Күлеев өз өлеңдерінде өзіндік ақындық шеберлік үлгілерін ауыз әдебиетінің көркемдік құралдарымен жарасымды ұштастыра отырып, ескі сүрлеу, көне соқпақпен жорта бермей, байырғы үлгілерді түрлендіре, жаңғырта қолданып жазба поэзияның үрдісіне тән нұрлы да сәулелі, сұлу да бедерлі жарқын образдар туғызады.

Қазақтың ауызша туған халықтың өлеңдерінде жыраулар поэзиясында ежелден келе жатқан өнімді де өнікті көркемдік кесте-үлгі, тәсілдердің бірі – дыбыстардың үндесуі, ассонанстық, аллитерациялық құбылыс. Шығыстанушы ғалым В.В.Радлов қазақ өлеңдеріндегі ассонанстық, аллитерациялық құбылыстардың төркіні көне дәуірлерде, түркі ру-тайпаларының ұлыстық дәуірінде шыққандығын айтады.

Бірақ өзге түркі тілдес халықтар поэзиясына қарағанда қазақ поэзиясында дыбыс ұйқасының аз кездесетіндігін Н.Ф.Катанов вйтқан болатын. Мұндай ойды әдебиетші-ғалым З.Ахметов та қуаттайды. Басқа дыбыстардың үндесіп келуі қырғыз поэзиясында «Манас» жырында өте мол екендігін М.Әуезов атап көрсеткен. Біраз зерттеушілер ұйқас туралы айтқанда тек аяққы ұйқасты ғана /клаузула/ ұйқас мағынасына сыйғызып, ал басқа ұйқасты /цезура/ ассонанстық, аллитерациялық құбылыс деп ұйқас қатарына жатқызбайтындығын атап өткен жөн. Олар белгілі бір өлең жүйесінде аллитерациялық, ассонанстық құбылыс оның онша дамымай тұрған кезінде көрініс тауып, дамыды дейді. Мұндай пікірге В.Жирмунский қарсы болады. Бұл жерде В.Жирмунский аяққы ұйқасты дәл ұйқас /рифма/ деп алып, оның толық мәніндегі ұйқас /рифма/ мағынасын бере алмайтындығын былайша айтып өтеді: «Положения рифмы в конце соответствующей ритмический группы, как мы увидим дальше в сущности также является лишь наиболее обычным частным случаем: наряду с конечными рифмами возможны начальные, кольцевые и т.п. поэтому более широкое определение, с теоретической и историко-сравнительной точки зрения – единственные правильное, должно отнести и понятию рифмы великий звуковой повтор, несущий организующую функцую в метрической композиции стихотворения».

Сонымен академик В.Жирмунский ұйқасты бірыңғай клаузуладан іздеуге қарсы болады. Орыс ақыны В.Маяковский де ұйқастың өлең жолдарының соңғы сөздерінің үйлесуі деп қарау бекер, ұйқас денег өлең тармақтарын бір-біріне көгендеу тәсілінің тек бір түрі, оның ішінде қарапайым да жайдақ түрі деген ой айтады. Бірақ осыған қарап ассонанс пен аллитерацияны ұйқасқа жатқызуға болмайды дейді. З.Ахметов , - ассонанс, аллитерация секілді және дыбыстардың жай қайталануы емес, кейде бір, көбіне бірнеше буындардың үндес үйлесімін ұйқас дегеніміз жөн. Осы ойды академик З.Қабдолов та қуаттайды. Поэзиядағы осындай дыбыс үндестігін пайдалана отырып өлең жасау тәжірибесі ертедегі Рим, Грек поэмасында бар тәжірибе шығыс поэзиясын алып қарайтын болсақ, оның ішінде парсы поэзиясында Рудаки қолданған көркемдік тәсілдің өнікті құралы ретінде белгілі. Міне, өзінің ақындық іздену жолында Б.Күлеев ауыз әдебиетінің ежелден келе жатқан көркем үлгісі – дыбыс үндестігін өз туындыларында ерекше тартымдылықпен, шығармашылық тұрғыда пайдалана білді. Ақынның мына жолдарын мысалға алып көрейік:

Қиғаш қасты,

Қолаң шашты

Қия алмайтын мен ақын.

Жүрек ізгі,

Жібек сөзді

Жанымнан да жар жақын.

Абай ырғағымен құрылған алты тармақты шумақта ақын қолданған құнарлы эпитеттер көзге ұшырасады. Бұл жердегі қас, шаш сөзге байлагысты алынған эпитеттер ауыз әдебиетінің ежелден келе жатқан тұрақты, көркем байырғы эпитеттері. Осындай эпитеттерді қолдана отырып, ақын бірыңғай дауыссыз дыбыстарды қайдалау арқылы аллитерация жасайды. Аллитерация шумақты әрлендіріп, оның көркемдік кестесін құлпырта, әсерлі бояу беріп, жүрекке жылылық ұялатады. Ақын бұл жерде осындай халықтық үлгіні шығармашылықпен игере білудің арқасында сәтті жарасымдылық тапқан.

Қазақ ауыз әдебиетіндегі осы дәстүрді жыраулар поэзиясының өкілдері де өнікті тәсіл ретінде пайдалана білген. Асылы, ежелгі жыраулар басқа рифмаға /аллитерация, ассонанс/ ерекше қарап, оны көркемдіктің бірден-бір өлшемі ден қарағанға ұқсайды. Зерттеуші-ғалым М.Мағауин өз еңбегінде осыған байланысты былай дейді: «Өлеңнің дыбыстық жағына, яғни аллитерация ассонансқа және басқа рифма, ішкі ұйқасқа ерекше мән берілуі көне түрік әдебиетіне тән құбылыс. Аталмыш көркемдік әдістердің қайсысының болмасын жыраулар творчествосындағы алатын орны ерекше».

Жыраулар поэзиясы өкілдерінің толғауларымен бірнеше мысалдар келтіріп көрейік. Ассонанстар:

«Арқаның құба жонында

Арыстан ойнар шарқ ұрып,

Атайы ердің тұсында

Тұлпары тұрар тары ұрып».

(Шалкиіз).

Аллитерациялар:

«Тал шарбаққа мал сақтап,

Тас қалаға жол сақтап,

Тасқан екен мына хан».

(Жиембет).

Осы мысалдарға қарап отырып, аллитерациялық, ассонанстық құбылыстар, басқа рифма жыраулар қолданған ең ұтымды тәсілдер екеніне көз жеткіземіз. Бұл тәсіл тек қана жыраулар поэзиясы өкілдері қолданған тәсіл болып қалмай, кейінгі ақындар поэзиясында да өнімді тәсілдердің бірі ретінде көрініс тапқан. Махамбет пен Абай поэзияларында да бұл тәсілдің орнықты үйлесім тапқанын көреміз. Әсіресе, бұл құбылыс жыраулық дәстүрдің сипаты ерекше байқалатын Махамбет поэзиясында мол ұшырасады. Мысалдар келтірейік:

«Беркініп садақ асынбай,

Білтеліге доп салмай...».

(Махамбет).

Қазақ әдебиетінде жазба поэзияның үрдісін қалыптастырған Абай шығармаларында да дыбыс үндестігін пайдалану жарасымды үйлесім тапқан. Мына бір жолдарға назар аударалық:

«Жайнаған тауың жығылмай,

Жасқанып таудан тығылмай.

Жасаулы жаудан бұрылмай,

Жау жүрек жомарт құбылмай.

Жақсы өмірің бұзылмай

Жас қуатың тозылмай.

Жалын жүрек суынбай,

Жан біткеннен түңілмей...».

(Абай).

Дыбыс үндестігін пайдаланып өлең шығару ХХ ғасырдың басындағы қазақ ақындарының шығармаларына да жат болмағандығын байқаймыз. Бұл құбылыс Б.Күлеев пен С.Дөнентаев өлеңдерінде ерекше байқалады. Жалпы бұл тәсіл өнімді, көркем тәсіл болғанымен оны шектеп асыра қолдану поэзиялық шығарманың мағыналық тұлғасы мен көркемдік бітімін солғындататынын естен шығармауымыз керек. Бұл тарапта әдебиетші-ғалым Қ.Жұмалиевтің мына бір пікіріне құлақ сала кетейік: «Дыбыс қуалаушылықтың және бір түрі – мөлшерден тыс, керексіз бір дыбысты өте көп қайталамақшылдық.



Бұлардың екеуі де ақын, жазушылардың үйір болмайтын нәрселері. Әйткенмен де кейбір ақындардың өлеңдерінде кездеседі. Бұл дыбыс қуалаушылық, бір жағынан, өлеңді әлсіз және мағынасыз етсе, екінші жағынан, дыбыс қуалаушылық формализмнің бір элементі болып саналады. Сондықтан бұдан аулақ болу керек».

Осы мысалдарға қарап отырып, аллитерациялық, ассонанстық құбылыстар, басқы рифма жыраулар қолданған ең ұтымды тәсілдер екеніне көз жеткіземіз. Бұл тәсіл тек қана жыраулар поэзиясы өкілдері қолданған тәсіл болып қалмай, кейінгі ақындар поэзиясында да өнімді тәсілдердің бірі ретінде көрініс тапқан. Махамбет пен Абай поэзияларында бұл тәсілдің орнықты үйлесім тапқанын көреміз. Әсіресе, бұл құбылыс жыраулық дәстүрдің сипаты ерекше байқалатын Махамбет поэзиясында мол ұшырасады. Мысалдар келтірейік:


«Беркініп садақ асынбай,

Біртіндеп жауды қашырмай,

Білтеліге доп салмай...».

(Махамбет).

Айғайласа белдігі байданған,

Астана жұртын айналған.

Атына тұрман болсам деп,

Жұртына құрбан болсам деп,

Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,

Атқан оғы Еділ, Жайық тең өткен,

Атқанын қардай боратқан,

Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан

Арыстан еді-ау Исатай!

Бұл фәнидің жүзінде

Арыстан одан кім еткен?!

(Махамбет).


Қазақ әдебиетінде жазба поэзияның үрдісін қалыптастырған. Абай шығармаларында да дыбыс үндестігін пайдалану жарасымды үйлесім тапқан. Мына бір жолдарға назар аударалық:

Жайнаған тауың жығылмай,

Жасқанып таудан тығылмай.

Жасаулы жаудан бұрылмай,

Жау жүрек жомарт құбылмай.

Жақсы өмірің бұзылмай

Жас қуатың тозылмай.

Жалын жүрек суынбай,

Жан біткеннен түңілмей...

(Абай).


Дыбыс үндестігін пайдаланып өлең шығару ХХ ғасырдың басындағы қазақ ақындарының шығармаларына да жат болмағандығын байқаймыз. Бұл құбылыс Б.Күлеев пен С.Дөнентаев өлеңдерінде ерекше байқалады. Жалпы бұл тәсіл өнімді, көркем тәсіл болғанымен оны оны шектен тыс асыра қолдану поэзиялық шығарманың мағыналық тұлғасы мен көркемдік бітімін солғындататынын естен шығармауымыз керек. Бұл тарапта әдебиетші-ғалым Қ.Жұмалиевтің мына бір пікіріне құлақ сала кетейік: «Дыбыс қудалаушылықтың және бір түрі – мөлшерден тыс, керексіз бір дыбысты өте көп қайталаушылық.

Бұлардың екеуі де ақын – ақын, жазушылардың үйір болмайтын нәрселері. Әйткенмен де кейбір ақындардың өлеңдерінде кездеседі. Бұл дыбыс қуалаушылық, бір жағынан, өлеңді әлсіз және мағынасыз етсе, екінші жағынан, дыбыс қуалаушылық формализмнің бір элементі болып саналады. Сондықтан бұдан аулақ болу керек».

ХХ ғасырдың басындағы жасаған орыстың модерншіл-денадент ақындары осы дыбыс қайталаушылықты әуезе көріп, өз алдына бір мектеп, көркемдік жүйе жасамақшы болған. Осыған байланысты В.Жирмунский былай деп жазады: «Интерес к вопросам инструментовки, т.в. к закономерностям и в распределении качественных элементов звучания, возник в новейшее время, в связи с поэтическими опытами «музыкальной» школы символистов, стремившейся к повышению звукового воздействия стиха». Символистік поэзияның тек әуезді қаузап шырдай жоғары көтеріп, салтанатты түрде әспеттегенін зерттеуші Ю.Лотман да айтып өтеді. Осы пікірлерді көкейге түйе отырып, С.Дөнентаев пен Б.Күлеевтің бір-екі өлеңін салыстыра отырып мысал келтіріп көрейік. Бірыңғай аллитерациялық тәсілмен жасалған С.Дөнентаевтың 1914 жылы жазылған, «Қазақтарға қарап» деген өлеңін алып қарайық.

«Қамалған қараңғыда қалың қазақ,

Қайратсыз қамсыз құрып қалдық қазақ.

Қарулап, қуатсыздықты қуаттандыр,

Құрдан-құр қампайтқанша қарын, қазақ.

Қулардың құлқынына құм құйылсын,

Қайдағы құлдың қайғырт қамын қазақ.

Қайтеді, қайырылсаң қарындасқа,

Қасармай, қақырайып, қырын қарап.

Құннан да, қыдырдан да қалдың құр қол,

Құнт қылмай қуып құлқын, құлды қанап,

Қайғыртып қатып қабақ, қамықпай құр,

Қимылдап, құныңды қадағалап,

Қақпанға қапылыста қақтығарсың,

Қадақдап, қиқаңдамай қадақ-қадақ.

Қауым ең, қорқақ қоян, қара қазақ,

Қиының қисынар ма, құдірет қалап».

Он бір буынды жазылған 16 жолдық бұл өлеңнің 68 сөзінің барлық бірөңкей «қ» дыбысын қайталау арқылы тұр. Өлең кілең аллитерациялық тәсілмен жасалған. Өлеңнің жалпы мағынасы анықта ұғымды. Тілі де көкейге қонымды жатық естіледі. Сөкет ештеңе жоқ секілді. Ұзақ өлеңді бір ғана дыбыспен жазып шығу келгенде ауырлау іс. Сәбит Дөнентаев осы қиындықты жеңіп өлеңді ақырына дейін жеткізген. Көркемдік мақсат орындалмаған секілді. Бірақ өлеңді барлай қарасақ біртүрлі ырғақтық жағынан ширақтық , поэзияға тән өткірлік жетіспей тұрғаны сезіледі. Ақын өлеңде дыбыс үндестігін әуезелеп кетіп, шектен асырып алғандығымен түсіндіруге болады. Өлең сөздің бұлайша жалаң дыбысты қуалап кетуі, оның поэзиялық шығарма ретіндегі көркемдік бітіміне ақау келтіріп, оны солғындата, көркемдік бояуын әлсіретіп, нәрсіз дүниеге айналдыратыны белгілі. Осы тұрғыда Бернияздың «Өзім» деген кілең «Ө» дыбысынан басталатын өлеңі осы оқылықтарды бойына дараытпаған. Өлеңнің 9 шумағы түгелген жуық «Ө» дыбысын қайталау арқылы ассонанстық тәсіл арқылы жасалған. Бұл жерде тек «ө» дыбысы ғана қайталанып тұрған жоқ, әрбір тармақ сайын, шумақ сайын «Өзім» деген сөздің өзі де қайталанып тұр. Ол тармақтың басында да, ортасында да келе береді. Осы ассонанстық құбылыспен бірге мұнда өлең жолдарының анафоралық тәсілімен де жасалып тұрғанын байқаймыз. Өлең жолдарына көз салайық :

Өзім деймін, өзгелерді көрмеймін,

Өзімсіздік «ай бауырымға» көнбеймін.

Өзім патша, өзім төре, өзім хан,

Өз ойымды сан сабазға бермеймін.


Бұл жолдардағы дыбыс қайталану өлеңнің жалпы мазмұнынан нұқсан түсірмеген. Шашау тұрған ешнәрсе байқалмайды. Ақын жалаң дыбыс ұуалаймын деп өлеңнің негізгі сипатына хат, нәрсіз, көріксіз, басы артық сөздерді тақпаламаған. Мұнда алынған дыбыс үндестігі өз орнымен, өз өлшемімен келіп, өлеңге ойнақылық сипат беріп, оны жандандыра, өқұлпырта түскен. Ақынның негізгі мақсаты да осында жатыр. Осы арқылы ойда көркем тұрғыда еркін жеткізбек болған. Жалаң түр өуалап кетіп, мазмұнды оның шылауына түсірмеген. Ойға қатысы жоқ бос, селкеу сөздерді жібермеген. Сондықтан Б.Күлеевтің «Өзім» деген өлеңі бастан-аяқ бірыңғай дыбыс қайталауға құрылса да мазмұн мен тұр іштей кірігіп, сәтті жаратымен тауып тұр. Біз жоғарыда осы тәсілді ақын өнікті түр ретінде өз шығармашылығында үйлесімді тұрғыда пайдаланғанын айтып өттік. Енді осыған ақынның әр түрлі өлеңдерінен үзінді ала отырып, мысалдар келтірейік.

Жан-жарың, жақын досың, жан сүйгенің,

Жас жанын қиды таппақ болып емін.

Құп білем, жақын үшін жанған отта

Жазықсыз оның-дағы құр күйгенін.

(«Жұбату», 1918 ж.).


Көру еді осыншама құмарың,

Көре алмадың жазуы сол құданың,

Кім біледі келешекті-көңіл көр,

Көз көрммейді құдіреттің не қыларын.

(«Көру еді осыншама құмарың.»)
Айдаһардай арқырап,

Алдаспандай жарқырап.

Ұмтылғанда жау тұрар

Айбарымнан қалтырап.

Алдаспаным- сырласым,

Арғымағым- мұндасым.

Ар айбарлы азамат-

Жаны бірге жолдасым...

(«Жастар үшін», 1920 ж.)

Халық даналығының, оның ақыл-ойының қайнар бұлағы, оның көркем түйіндерінің ауыз әдебиетіндегі жарқын үлгілері мақал-мәтелдер болып табылады. Мақал-мәтелдер-ауыз әдебиетінің ежелгі жанрларының бірі. «Ел аузында көбіне сөйлеу тілінде қолданылатын дүр сөздердің байда мазмұнды саласы- « Сөз асылы- мақал» дейді халық. Оның айтушылары да, тұтынушылары да көпшілік. Мақал-логикалық, образдық ойдың қосқанаттасқан ғажап табысы, тәжірибеден туған филисифиялық сөздер. Оның ұйтқысын ең алдымен, мақалдан іздеу керек. Онда этикалық, философиялық, коллективтік мазмұн бар, мақалдың қорытындыларын халық еш уақытта теріске шығармайды»,-деп, жазады белгілі әдебиеттанушы- ғалым, профессор Ә.Қоңыратбаев. Зерттеуші Б.Адамбаев та « Мақал- мәтелдер адам аңсарын абзалдыққа баурай тартады, жақсы қасиеттерге үйретеді, жамандықтан жирентеді. Жастарға тәлім-тәрбие беріп, оларды өнер-білімге баулиды. Солардың ішінде туған жерді, елді қадірлеу білуге тәрбиелейтін мақал-мәтелдердің маңызы ерекше»,-деген тұжырым айтады.

Қазақ мақалдарының зерттеліп, таралуына байланысты оның XIX ғасырда-ақ Европа халықтарына мәлім бола бастағанын дебиетші С.Садырбаевта айтады.

Қазақ халқының мақалдарын мен мәтелдерін жинап, зерттеуде Радлов,, Мелиоранский, Дибаев, Тұрманжанов, Аманжолов еңбектерін ерекше атаған жөн. Соның ішінде белгілі бір жүйемен берілген, өте көлемді еңбек деп 1899 жылы Орынборда басылып шыққан. В.Катаринскийдің «Сборник Киргизских пословиц» деген кітабын санауға болады. Катаринскийдің бұл жинағына мың жарымнен артық мақал-мәтелдер топтастырылған. Қазақ мақал- мәтелдерінің көпшілігі өлең түрінде келетіндігін М.Әуезов атап өтеді. Және олардың көпшілігінде ассонас, аллитерацциялардың мол ұшырасатындығын да айтады. Бұған бірер мысал келтірейік:

Туған елдің қадірің,

Шетте жүрсең білерсің.

Тепкі көріп тентіретіп,

Текке жүрсең білерсің.

XX- ғасырдың басында жасалған қазақ ақындарының ішінен С.Торайғыров пен Б.Күлеев өздерінің шығармашылық жолдарына ауыз әдебиетінің осы сір үлгісін пайдалана отырып, оның мазмұнын, негізгі ой қазығын ғана алып, ал түр жағынан ақындық түрлендіруге барып, мақал-мәтелдерді жазба поэзияда шығармашылықпен түрлендірудің жарқын үлгілерін көрсетті. Халықтың үлгілерге деген мұндай еркін ақындық қатынас, ақындардың бойындағы зор талант күші мен ақындық нәзік талғам мен білікте, оның көркемдік қырларында жатса керек. Осы дәстүрдің қайнар көзі ұлы Абай шығармашылығынан бастау алса керек. « Еңбек етсең емерсің » деген халық мақалы ақынды « Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» -деп шығармашылықпен түрленгені баршамызға аян жағдай Ұлы ақыннан бастау алған осы көркем принципті С.Торайғыров пен Б.Күлеев өз шығармашылықтарында сәтті жалғастырғанын байқаймыз. Мысалдар келтірейік:

Білесіз бе, жолдастар

Ертең қандай боларын.

Ектік талай егінді,

Білесің бе орарын.

(С.Торайғыров).


Істеген ісін істеме,

Ғалымның, қария- қарттардың.

Ісінен сөзін жікте де,

Ал ақыл қып айтқанын.

( Б.Күлеев).

Алғашқы шумақтағы жолдарда « нек ексең, соны орарсың» ал, екінші шумақта «молданың істегенін істеме, айтқанын істе» деген халық мақалдарының ісі жатыр.

Осы негізгі ой қызықты ала отырып, екі ақын да ақындық түрлендірулер жасаған. Оларға поэзиялық рух пен ырғақ беріп, көркемдік жағынан құлпырта, жаңғырта түскен. Түр жағынан өзгеше өң, реңк берген. Аталмыш мақалдардың мазмұны сол қалпы сақалғанда түр жағынан шағын поэзиялық шығарма болып шыққан. Түрі өзгерсе де мақалдар өзінің әрі мен құнын жоғалтпаған. Олар ақындардың көркем ойының нақты да шынайы ашылуына үлкен септігін тигізіп тұр. Негізгі мазмұн ақындық жолдармен сәтті ұштасып, ой мен сезім жақсы үйлесім тапқан. Өлеңдегі көркемдік бірлік өзін-өзі ақтап тұр. Мына бір өлең жолдарына көз салалық:

Күндесін жұрт, қылсын өсек,

Мен ылайық өсекке.

Кірмей жігіт өсекке,

Кірмес деген өсепке.

(Б.Күлеев).

Ақынның бұл шумақтарынан « Жігіт зсекке кірмей, өсепке кірмейді», « Жақсының артынан сөз ерер» деген мақалдардың өлең жолдарына айналып тұрғанын көріп отырмыз. Әрине, ақын бұл жерде «өсек» сөзінің жағымсыз мағынасын отырған жоқ. Халықтық мақалдың контексінде бұл сөздің жағымсыз мағынасы алынып отырған жоқ. Ақын да осыны ескеріп, біліп отыр. Бұл мақалда да өлең жолдарында жақсы адамды қашанда көп жұрт көре алмайды, күндейді, оған неше алуан пәле-жаланы, күйені жағып бағады. Ондағы ойлары ары таза, биік адамның жұрт алдында абыройын, беделін түсіру, оны да өздері секілді тоғышар жандардың қатарында түсіру. Жуса да кетпес лақап сөздің отына қалдыру. Сол арқылы өздерінің ішмі мақсатттарына жету. Сондықтан да олар тырнақ астынан кір іздеп, жақсыны әрқашан да күстаналауға даяр тұрады. Жақсының артынан сөз ерудің мағынасында осыған сайса керек. Яғни « сөз еру» бұл жерде «өсекке қалу» деген сөз. Сырт құлаққа онша жұғымды естілмесен де мақалдағы және ақын өлеңіндегі «өсек» іштей осы бір ойларды діттесе керек. Осы негізгі мазмұны сақтала отыра мақал сәтті жарасымын тапқан өлең жолдарына айналып тұр. « Арыстан айға шауып,мерт болыпты» деген халық мақалын ақындар С.Торайғыров пен Б.Күлеев былайша түрлендіріпті. С.Торайғыров белгілі мақалды мысал түріне айналдырып тура мағынасында былайша өрнектейді:

« Арыстан айға шауып мерт болыпты,

Секірмес қолың жетпес көктегі аймен...»

Ақын мақалды онша көп өзгертей мысал түрінді тура мағынасында алған. Ал, Б.Күлеев осы мақалды адамның жастық шақтағы күш-қайратын, оның тауды да таста да бұзар адуын, алапат күшін, бұла да албырт күйін беру үшін негізгі ой түйінің қалдыра отырып, үлкен ой-арманды, асыл мақсатты мегзей, көркем зеткізу үшін мына секілді түрлендіру жасаған:

«Қайрат қозса, құмды судай сапырдың,

Таудай істі түк көрместен жапырдың.

Аламын деп алтын айды аспаннан,

Арыстандай айбат шегіп атылдың...»

Ақын қаламынан белгілі мақал әсем жыр жолдары боп төгілген. Міне, осындай белгілі мақалдарды өз өлеңдерінде шығармашылықпен құлпырта, түрлендіре пайдалану талантты ақын Бернияз Күлеевтің көркемдік қырларының бірінен саналады. Ауыз әдебиетінің бай дәстурлерін бай шығармашылықпен пайдаланып отырған Бернияз шығармаларында тоқталмай өтпейтін тағы бір жайт, оның кейбір шығармаларында батырлар жырына жақын жуықтық үндестік сипаттары байқалады. Кейбір тұрақты эпитет, образ, бедерлеу, тіл ерекшеліктері жағынан ұқсас келіп отырады. Ақынның « Ісім бар» деген өлеңіндегі мына бір жолдарға көз жүгіртейік:
Арыстанбыз алыссақ алмай қоймайтын,

Аш бөріміз ағызса қанға тоймайтын.

Қолда қуат,бойда сымбат жүректе от,

Жас батырмыз мыңға жалғызболмайтын.


Сырылдатып алысқа жақ тартқанда,

Қозы жаурын оқ жоғалар атқанда,

Өткір қылыш, түзу құрыш болаттан,

От жарқылдар жауға жалғыз шапқанда.


Мың сан қолдың ақырын бетін серперміз,

Жортып жүріп жалаң қылыш сілтерміз.

Жау қанына балдағынан батырып,

Айдарына өткір жүзін сүртерміз.


Ақын мұнда жау жүрек батырдың қаһарлы кейпін, «арыстанбыз» «аш бөріміз» деген секілді батырлар жырында көп кездесетін дағдылы метафоралар арқылы көрсетсе, ал іс-қимыл әрекеті, «сырылдатып алысқа жақ тарту», «қозы жаурын оқ жағалау», «мыңсан қолдың бетін серпу», «айдарына өткір жүзін сүрту» секілді қалыптасқан сөз тіркестерін қолданады. Осы жолдардағы«қозы жаурын оқ»,«өткір қылыш», «құрыш болат», «жалаң қылыш». Секілді тұрақты эпитеттер де батырлар жырындағы бар дүниелер. Ақынның тағы бір-екі өлеңінен мысалдар келтіре кетейік:

Айдаһардай арқырап,

Алдаспандай жарқырап.

Ұмтылғанда жау тұрар.

Айбарымнан қалтырап.

Жауға қарсы жүректі жолбарыспыз,

Қанын ұрттап майданда борт-борт жортар.

(« Жастар үшін») .


Албастыдай еліріп,

Жалмауыздай емініп.

Жыным қаптап желігіп

Өайта салдым ойынды.


Жаным күйіп намыстан,

Мыңмен жалғыз алысқан.

Қып-қызыл қан ағызған,

Көрер ме едің жайымды?

Күннің көзін басты шаң,

Жердің жүзін басты қан,

Қарбық болды сан дұшпан,

Сел ағызған қаныма.

(«Жорық» поэма).
Осындағы «айдаһардай», «алдаспандай», «жалмауыздай» деп келетін теңеулер батырлар жырында жиі кездесетін, қалыптасқан теңеулер екені белгілі. Мұнан басқа «қанын ұрттап майданда борт


Каталог: Книги
Книги -> 3. ҚАбдолов әдебиет теория – сының негіздері жоғары оқу орындарына арналған оқУ ҚҰралы мазмұНЫ
Книги -> “Қош,махаббат” Алматы 1988 жыл Ақынның жыр жинақтары
Книги -> Қазақcтан Республикасы білім және ғылым министрлігі
Книги -> Көкшетау 2011 Құрастырғандар
Книги -> АҚША, несие, банктер
Книги -> А. А. Букаева 5В090200 Туризм мамандығына арналаған КӘсіби қазақ тілі
Книги -> М а 3 м ұ н ы қазақ тілі леқсикологиясына кіріспе қазақ лексикологиясының мақсаты мен зерттеу объекгісі лексика
Книги -> Қ а з а қ тіліні ң грамматикас ы 1 т о м Алматы, 1967
Книги -> Сүлейменова Зәуре Екпінқызы Қошанова Мараш Төлегенқызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет