Қазақстан Республикасындағы тарихи сананың қалыптасу тұжырымдамасы


Ежелгі түркілердің мемлекеттілігі-қазіргі кезеңде мемлекеттіліктің қалыптасуының негізі



бет4/66
Дата23.02.2023
өлшемі0,54 Mb.
#169890
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   66
Байланысты:
Қуатов Дархан ИСТ-11
9 сынып БЖБ ІІ нұсқа
4. Ежелгі түркілердің мемлекеттілігі-қазіргі кезеңде мемлекеттіліктің қалыптасуының негізі.
Қазақстан Республикасы мемлекеттілік тарих тұрғысынан Түркі қағанаты, Алтын Орда және Қазақ хандығының жалғасы болып табылады. Басқаша айтқанда, Қазақстан Еуразия аймағында құрылған түркі мемлекеттерінің мұрагері. Бұл үш мемлекет Түркі мемлекеттілігінің ең маңызды белестері болып саналады.
Түркияда қалыптасқан Жалпы Түркі тарихы дәстүрінде Түркі мемлекеттілігі Ғұндардан басталады. Мысалға Түркия қарулы күштерінің Құрлық әскерлері өздерінің құрылу датасы ретінде Ғұн мемлекеті құрылған біздің дәуірімізден бұрынға 220 жылды көрсетеді. Ал Ғұндарға қоса Сақ-Скифтерді де өз тарихының бастауы ретінде таниды. Бұлай болғанда Қазақстан Еуропалықтар дамытқан Сақ-Скифтер үнді-еуропалық тілдік-мәдениеттік топқа жататын еді деген пікірін жоққа шығарады. Оның айқын көрінісі Алматы маңында табылған Сақ ханзадасы Алтын Адамның тәуелсіз Қазақстанның символына айналуы. Ал бұл Сақ ханзадасының үнді-еуропалық емес түркі мәдениетінің өкілі екендігінің дәлелі сол Алтын Адаммен бірге табылған табақтың бетінде Орхон жазуларының үлгісінің болуы. Десе де бүкіл Еуразия аймағына өз үстемдігін орнатқан және Қытай, Рим мен Иран арасында маңызды геосаяси рөл ойнаған Түркі қағанаты болатын. Көктүріктер өздеріне тән мемлекет басқару жүйесін қалыптастырды. Олар «Мәңгі ел» яғни мәңгі мемлекет ұғымын дамытты. Махмұт Қашқари өз сөздігінде «ел» сөзінің мемлекет мағынасынан басқа «бейбітшілік» мағынасын береді. Зия Гөкалып «ел» сөзінің әуелі «бейбітшілік» мағынасы болғанын, «мемлекет» мағынасы кейіннен дамығанын айтады. Демек, мемлекет болу үшін алдымен бейбітшілік пен тыныштық орнауы керек. Басқаша айтсақ, Түркі қағанаты рулар арасындағы даулар мен соғыстарды бітіріп, тұрақтылық орнату мақсатында құрылған еді. Олай болса, Түркі қағанатына қаратып айтылатын «Түркі Елі» ұғымы «Pax Romana» түсінігінің түрікше баламасы болады.
Қазақстанның түркілік болмысы түркі тілі және далалық дүниетанымынан көрінеді. Сондай-ақ бүгін қазақ халқының құрамына кіріп отырған және өз шежіресін сақ-ғұн-түркі дәуірінен бастайтын жүздеген ру бар. Әсіресе осы ру-тайпалар түркі мемлекеттілігінің негізгі ерекшелігі болып табылады. Зікірия Жандарбектің пікірінше, әу баста Оғыз қаған негізін қалаған түркі мемлекетінің құрылымы киіз үй тұрпатында жасалған. Бұл жерде шаңырақ қағанды я да ханды, уықтар рубасыларын, ал кереге болса халықты білдіреді. Түркі мемлекетінің Парсы, Рим және Қытай мемлекеттерінен айырмашылығы қағандар мен хандарда абсолюттік билік болмайды. Расында да Түркі даласына саяхат жасаған өзге елдердің өкілдері Түркі мемлекетінде шешімдердің кеңес арқылы қабылданатынына назар аударады.
Түркі қағанаты ыдырағаннан кейін құрылған мемлекеттер Түркі қағанаты мемлекеттік дәстүрі негізінде қалыптасты. Бірақ уақыт өте келе өзге мәдениеттердің ықпалында қалған түркілер басқа мемлекет дәстүрлерін қолдана бастады. Мысалға, шығыстағы ұйғырлар Будда дінінің әсерінен Қытай мемлекеттілік дәстүрін қабылдады. Оңтүстікте Селчуктар парсы-араб мемлекеттілік дәстүрлерін, ал батыстағы Хазар қағанаты римдік-мусеви дәстүрлерін қабылдады. Түркі мемлекеттілігін бастапқы халінде қайта қалпына келтірген Шыңғысхан болатын. Шыңғысхан өз империясын Көктүріктер секілді «Мәңгі ел» деп атады. Бүгін маңғол деп этникалық атау ретінде қолданып жүрген сөзіміз бастапқыда саяси термин ретінде пайда болған еді. Шыңғысхан өз мемлекетін төрт ұлына бөліп берді. Шағатай мен Үгедейдің ұрпақтары билеген жерлер араб-парсы мәдениетінің ықпалында қалды және кейіннен Әмір Темірдің империясының құрамына енді. Әмір Темір өзін Шыңғыс ханның мұрагері ретінде көрсе де, Әлішер Науаидің Мұхакеметүл-Лұғатайн еңбегінде көрсеткеніндей Парсы мәдени үстемдігін жеңе алмады. Шыңғысханның Төледен тараған ұрпағы Құбылай астанасын Қытайға көшіргеннен кейін түркі мемлекеттілігінің жалғасы емес, Юан әулеті ретінде Қытай мемлекеттілігінің жалғасы болып кетті.
Түркі мемлекет дәстүрін жалғастырған Жошыдан тараған Шыңғыс ханның ұрпақтары болды. Атап айтсақ, Бату құрған Алтын Орда мемлекеті түркі мемлекеттілігінің тікелей мұрагеріне айналды. Алтын Орда өзінің шырқау шегі болып табылатын Өзбек хан кезеңінде 92 баулы елден құралды. Өзбек ханның жасаған реформасы шын мәнінде Ислам мен Түркі мәдениетін яғни Ислам мен Түркі мемлекеттілік дәстүрін бітістірген Яссауи жолының ресми идеология дәрежесіне көтерілуі еді. Міне осыған байланысты Алтын Орда ыдырай бастағанда, өзін Өзбек ханның дәстүріне бекем деп білген түркі рулары Өзбек атын қабылдап, жеке мемлекет құрды. Ал Өзбек мемлекетінің ханы Әбілхайыр Яссауи жолын Нақшыбенди жолына алмастырғанда, бұған наразы болған Керей мен Жәнібек Өзбек ханның дәстүрін қолдаған рулармен Яссауи жолы негізінде яғни түркі мемлекеттілік негізінде Қазақ хандығын құрды. Расында да қазақ сөзінің мағынасына назар аударсақ, оның өзге мәдени ықпалды қабылдамаған, жат ағымдарға қарсы тұрған, өз болмысын, мәдениетін, тілін және ең бастысы төл мемлекеттілік дәстүрін сақтаған деген мағынасы бар. Бүгін Қазақстан Республикасы өзін Түркі қағанаты, Алтын Орда және Қазақ хандығының мұрагері ретінде таныту арқылы шын мәнінде түркі мемлекеттілігінің жалғасы екендігін жариялайды. Қазақ елінің Түркі интеграциясына көрсетіп келе жатқан күшті қолдауы, Түркі кеңесі, ТҮРІКСОЙ, Түркітілдес елдер Парламенттер ассамблеясы сынды ұйымдардағы белсенділігі осының бір айғағы. Қазақстандағы университеттерде Түркология кафедраларының жаппай ашылуы және Түркі академиясының Астанада ораналасуын қазақ ғалымдары мен интеллектуалды элитасының түркі мұрасына ие болуға талпынысы ретінде түсінуге болады. Ал кезінде Көктүріктер тарапынан жетілдірген «Мәңгі ел» ұғымының Қазақстанның ұлттық идеясы ретінде жариялануы және 2015 жылы Қазақ Хандығының 550 жылдығының тойлануы Қазақстан Республикасының Түркі мемлекеттілігінің жалғасы және Түркі әлемінің маңызды орталығы екендігін тағы да көрсетті.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   66




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет