Б. Б. Ахметов Редакциялық алқа


ӘОЖ 82.09  КЕЙІПКЕР БЕЙНЕСІНДЕГІ КҮЛКІ СЫРЫ



Pdf көрінісі
бет15/69
Дата13.12.2021
өлшемі2,87 Mb.
#125769
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   69
Байланысты:
zhinak-kongress

ӘОЖ 82.09 
КЕЙІПКЕР БЕЙНЕСІНДЕГІ КҮЛКІ СЫРЫ 
 
Қабылов Ә. 
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг 
университетінің профессоры, ф.ғ.к. 
Абай Түзелбай
 
МНКЯЛ-18-1 тобының магистранты 
 
Аңдатпа.
  Мақалада  Ә.Кекілбаевтың  көркем  прозасындағы  кейбір  кейіпкер  бейнесін 
сомдаудағы  күлкі  элементтерінің  қолданысы  қарастырылады.  Жазушының  роман-
хикаяттарындағы  күлкі  элементтерінің  кейіпкер  портретін  сомдаудағы,  мінездемесін 
берудегі, авторлық баяндау мен кейіпкер сөздеріндегі қолданыстары әдеби-теориялық талдау 
тұрғысында  пайымдалады.  Сатира,  юмор,  ирония  элементтерінің  поэтикалық  баяу-
реңктерінің айшықтары нақты мысалдармен дәлелденеді.         
Түйінді сөздер
: образ, сатира, юмор, ирония, потика, роман, хикаят, проза. 
 
Көркем  шығарма  өмірлік  құбылыстарға  эстетикалық  қатынастардың  мәтіндік 
жинақталуы  болатындықтан,  оның  көркемдік-эстетикалық  сипаттамасы  да  жан-жақты  әрі 
сан  қырлы  көрініс  табады.  Қаһармандық,  трагизм,  комизм,  идиллиялық,  т.б.  секілді 
«эстетикалық  сана  модальдылығы»  [1,241]  көркем  мазмұнның  пафосынан,  идеялық-
эмоциональдық бағалаудан, авторлық көзқарастан айқындалмақ. Көркемдік модуста сатира, 
юмор,  ирония,  сарказм,  пародияның  да  өз  орны  болады.  Қаламгер  суреткерлік  мақсатына 
орай  кейіпкердің  белгілі  бір  мінез  сапасын  айқынырақ  таныту  үшін  сатира  мен  юмор 
элементтерін  тиімді  пайдалана  алады.  Сатира  элементтерінің  образдың  мінез-құлық 
сипаттарын  типтендірудегі  маңызы  да  айрықша.  Б.М.Храпченко:  «Реалистическая 
литература  включает  в  себя  и  гиперболу,  и  гротеск,  и  аллегорию,  которые  используются  
здесь  в  целях  глубокого  обобщения,  реальной  жизни»,  –  дейді  [2,215].  Ә.Кекілбаевтың 
«Үркер»,  «Елең-алаң»  романдарындағы  жазушының  сатиралық-юморлық  бояумен 
қанықтырып,  күлкілі  жақтарымен  танытатын  кейіпкерлердің  бірі  –  Әбілқайыр  ханның 
немере  ағасы  Нияз  сұлтан.  Нияз  сұлтанның  өзінің  ақсүйектік  шыққан  тегіне  сәйкес 
келмейтін  болмысын  автор  роман-дилогияның  әр  тұсындағы  оқиғаға  қатысты  бірте-бірте 
ашып отырады. Ең әуелі оқырманға сұлтанның болмыс-бітімін қысқаша таныстырып өтеді: 
«Хандай  емес,  ойқы-шойқылау  қара  кісі.  Атқа  отырғанда  екі  тізесі  аттың  алдыңғы  екі 
тірсегін қағып келе жатады. Ерге отырысы да қолқ-қолқ. Сөйлегенде де қоңқылдап сөйлейді. 
Сонысынан  ба,  жұрт  оны  төре  тұқымынан  екендігіне  қарамастан  басынып,  қомсынып 
бағады.  «Әй,  сол  Ниязды  қойшы...  Соның қолында  не  тұр  дейсің.  Оның  айтқаны  не,  менің 
айтқаным  не?»  –  дейді.  Ел  ішінде  елеусіз  осы  сұлтан  аяғы  салақтап  ауыл  аралайды  да 
жүреді»  [3,369].  Үзіндідегі  «хандай  емес,  ойқы-шойқылау  кісі»  деп  оның  Әбілқайырдан 
өзгеше  және  хан  сипатына  кереғар  екендігінен  хабар  берсе  («ойқы-шойқылау»  деген 
эпитеттің  өзі  көп  нәрсені  аңғартады),  әрі  қарай  бірер  сөйлеммен  жүріс-тұрысы  мен 
«қоңқылдап» сөйлейтінін айтып, жұрттың ол туралы бағасын білдіреді. Комикалық реңктегі 
осы  портреттік-мінездемелік  штрихтарды  келесі  беттердегі  сұлтанның  нақты  характерін 


50 
 
айқындайтын авторлық баяндау толықтыра түседі: «Ақыр заманды орнатып Нияз да жөніне 
тайып тұрды. Пәтшағар, осынша сұмдықты айтып отырғанда бет-ауызы бір бүлк еткен жоқ. 
Ертегі айтып отырған кісідей екі көзі жылт-жылт етеді» [3,374].  
Тегінде, кейіпкердің бүкіл болмысының немесе мінез-құлқының бірер қырының ғана 
ашылуы  оның  шығармадағы  алар  орнына  байланысты  болмақ.  Автордың  суреткерлік 
мақсаты  кейіпкерге  қандай  міндет  жүктейді,  қоғамдық-әлеуметтік  немесе  жеке  тұлғалық 
болмыстың  қайсы  жағына  сәуле  түсіріп,  көркемдік  талдаудың  нысанасы  қылмақ  –  мәселе 
осыған  байланысты.  Роман-дилогиядағы  Нияз  сұлтан  –  қосалқы  кейіпкер  ғана,  ол 
шығарманың  кейбір  тұстарында  ғана  көрінеді.  Нияз  сұлтан  –  қазақтың  сөзуарлығының, 
даңғой  бөспелігінің,  оспадар  мақтангөйлігінің  үлгісі.  Автор  бұл  бейне  арқылы  осындай 
мінездерді  көрсетуді  мақсұт  тұтқан.  Сондықтан  ол  ханның  інісі  бола  тұра,  билік-бітімге 
араласуымен емес, өз  жаратылысына сай  ел  аралап, әрнені  айтып мақтанатын бөспелігімен 
әйгіленеді.  Оған  көз  жеткізу  үшін  автор  Ниязға  бірер  сөзбен  қысқаша  мінездеме  берумен 
қатар,  оның  мақтаншақтық  қасиетін  қайталаулар  арқылы  үстемеліп,  оған  мысал  ретінде 
өткен  уақыттың  бірер  оқиғасын  ретроспективті  тұрғыдан  еске  салады:  «Нияз  ағасы 
қауқылдаған ақкөңіл адам болғанмен оспадарсыз. Қайдағыны қайдан шығарып, тұнық суды 
лайлауға  келгенде  одан  шебер  кісі  жоқ.  Ауызы  қарап  отырмайды.  Ит  жылғы  сүйегі  қурап 
қалған  бабаларды  айтып  мақтанады.  Қазіргі  гүрлеп  тұрған  інісі  бұны  айтып  мақтанады. 
Нұралыжанның салиқалы сұлтан боп өсіп қалғанын айтып мақтанады. Орыстың қолындағы 
Ералыжанның  аптасына  неше  рет  іш  киім  ауыстыратынын  айтып  мақтанады.  Тіпті 
мақтанатын ештеңе таба алмаса, Тұрсын хан баласының ауылы қонған жердің жан-жағының 
жылмағай  тегістігін  айтып  тиіседі:  «Пақырлар-ау,  көсенің  иегіндей  қып  мына  жазықты 
қайдан  тапқансыңдар?  Ойламайсыңдар  ма,  түге...  Әйел  пақырлар  шапан  бүркенсе  де  бір 
айласын табар. Ал бөкселеріңді шөккен түйенің ту сыртындай бұлтитып өздерің қалай түзге 
отырасыңдар?! Бұл жағынан біздің орданың қонған жері рахат. Ауылдың желкесі терең сай. 
Түзге отырмақ түгілі кісі өлтірсең де ешкім көрмейді». Былтыр керей мен уақтың біреуінің 
аулына  барғанда:  «Жарықтық,  осы  шалғынды  жердің  малы-ай.  Қаңқайған  сүйегі  болмаса, 
етінің  нәрі  жоқ.  Жесең,  аузың  су  татиды.  Қоғаның  басындай  үлпілдеген  неменің  кенеуі 
қайдан  болсын!  Жарықтық  ет  деп  әне  бұйрығын  мен  изенге  жайылған  біздің  елдің  малын 
айт. Аузыңа салсаң болды, жүрегіңнің басына шық етіп жетіп барады», – деп айтам деп таяқ 
жеп қала жаздапты» [4,290].  
Нияздың  мінездемесіндегі  комикалық  эффект  автордың  «мақтанады»  сөзін 
қайталауымен (бабаларымен мақтану, хан інісін айтып мақтану, Нұралы мен Ералыны айтып 
мақтану)  берілетін  Ниязға  тән  мінездеменің  бірте-бірте  өткірлене  түсуі  мен  одан  әрі 
кейіпкердің  «тіпті  мақтанатын  ештеңе  таба  алмағанда»  өз  жері  мен  басқа  жерді,  өз  елінің 
малы мен басқа жердің малын салыстырып, пайданы (артықшылықты) өз пайдасына шешіп 
бөсу «тәжірибесінде» жатыр. Және мұның нақты оқиғаға негізделіп көрсетілуі оқырманның 
күлкісін  туғызып,  қазаққа  тән  мінездің  бір  қырын  алдына  жайып  салады.  Тегінде,  бұл 
романдарда,  жазушының  жалпы  шығармашылығындағы  сияқты,  уақыт  пен  кеңістіктің 
көркемдік  ұйымдасуы  осындай  кейіпкер  мінездемесіне  немесе  оқиғаның  тарихи-әлеуметтік 
маңызына  орайласып  отырады.  Жоғарыда  келтірілген  мәтін  ішіндегі  мәтіндердің  (интекст) 
көркемдік  қызметі  кейіпкер  бейнесін  ашуға  жұмыстанып  тұр.  Атап  айтқанда,  Нияз 
сұлтанның мінездемесіндегі басты сипат – сөзуар-мақтаншақтығын дәлелдеу үшін автор екі 
бірдей оқиғаны фрагменттік түрде мәтінге енгізеді: мұнда Нияздың мақтаншақтығы әуелгіде 
дерексіз  түрде  –  үнемі  болып  тұратын,  тұрақты  сипат  түрінде  алынып,  оны  «Тұрсын  хан 
баласының ауылындағы» оқиға фрагментімен жалғастырады (бірақ бұл фрагменттің уақыты 
нақтыланбайды, тек өткен шақтық сипаты ғана белгілі). Ал одан әрі баяндалатын «керей мен 
уақтың  біреуінің  аулындағы»  уақиғаның  уақыты  «былтыр»  үстеуі  арқылы  нақтыланады. 
Кеңістіктік тұрғыдан да оқиғаның орны ілкіде нақты дерексіз (жалпылай), яғни ұдайы орын 
алып  тұратын  тұрақты  сипат  ретінде  көрсетіліп,  бұл  мінездемелік  сипаттар  белгілі  бір 
рулардың аталуымен («Тұрсын хан баласының ауылындағы»,   «керей мен уақтың біреуінің 
аулындағы»)  біршама  нақты  дәлелдене  түседі.  Мәтіннің  хронотоптық  ұйымдасуындағы 


51 
 
мұндай  уақыт  пен  кеңістіктің  шұғыл  ауысып  отыруы  кейіпкер  стихиясын  ашудың  бір 
көркемдік амалы қызметіне жұмыстанып тұр. 
Жазушы романның өн бойында Нияз сұлтанның мінездемесіндегі сөзуарлық-бөспелік, 
мақтаншақтық қасиеттерді нақты іс үстінде, өтіп жатқан нақты оқиғаларға орай толықтырып 
отырады  және  бұл  жағдай  кейіпкердің  романда  көрсетілетін  осы  бір  негізгі  мінез  қырын 
өткірлей  түсу  үшін  жасалады.  Автор  кейде  кейіпкер  сөзін  пайдалану  арқылы  оған 
пародиялық  мінездеме  беріп  те  отырады.  Мына  үзіндіден  кейіпкердің  «тұмсығын  шүйіре 
қарайтын»  «паңдық»  қалпын  айшықтау  «Біз  баяғыда  патшаға  барғанда»  тіркесін  бірнеше 
қайталаумен және әр қайталауға «мұндайдың көкесін (көргенбіз)», «мұндайдың әкесіндейін 
(жегенбіз)», «мұндайдың бабасындайды (естігенбіз)» күшейткіш мәндегі тіркестерді бірінен-
бірін  асыра  түйдектете  қолданумен  градациялық  эффект  үстеу  арқылы  жүзеге  асатынын 
көреміз:  «Мынау  Нияз  сұлтан  ана  жылғы  Петерборға  барып  келгелі  дүниедегінің  бәріне 
тұмсығын  шүйіре  қараушы  еді...  «Біз  баяғыда  патшаға  барғанда  мұндайдың  көкесін 
көргенбіз».., «Біз баяғыда патшаға барғанда мұндайдың әкесіндейін жегенбіз».., «Біз баяғыда 
патшаға барғанда мұндайдың бабасындайды естігенбіз»...  «тәйірі бәрі біздің баяғы патшаға 
барғандағымыздың қасында не дейсің!»... Аузын ашты-ақ айтатыны әлгі. Жұмақтың есігінен 
басын бір сұғып алып, қайта шығып кеткен адамша өз әңгімесіне өзі таңдай қата болатын да 
жүретін...» [4,391]. 
Жазушы Нияз сұлтан бейнесін авторлық баяндау, портреттік мінездеме, кейіпкер сөзі 
арқылы көрсетуімен қатар, бас кейіпкер Әбілқайыр ханның ішкі ойымен де шегелей түседі, 
бұл  орайда  кейіпкер  болмысы  аусар  даңғойлық,  құр  сөзді  желдей  есетін  желбуаздық 
мінездердің  фонында  алынып,  оны  сол  көптің  бірі,  типтік  мінездің  өкілі  ретінде  көрсетеді. 
Суреткер  Нияздың  осы  қасиетін  Әбілқайырдың  өз  орнына  пайдалану  ниетімен  уәждейді. 
Жәнібек  пен  Бараққа  жұмсайтын  шабарман  іздестіргенде  хан  таңдауының  Нияз  ағасы  мен 
Мырзатай балдызына түсетіні осыны аңғартады. Сондағы  Әбілқайырдың ой-есебі былайша 
өріледі:  «Құдайға  шүкір,  дақпырта  сөйлемесе  басы  ауыратын  даңғойларға,  түймедейді 
түйедей қып көкитін желбуаздарға қазақ арасы қашан да кенде болып көрген емес. Ондайлар 
мұның төңірегінде де жыртылып айырылады. Ал Нияз ағасының қай төренің үйінде де: «Бір 
көрген  біліс,  екі  көрген  таныс  деген  осы  ғой.  Ақ  патшаның  өзі  Әбілқайыржанға  жұмсаған 
адамдарына:  «Нияз  сұлтан,  Ералы  ханзадаларға  да  арнайы  сәлем  айтыңдар»  деп  арнайы 
тапсырып  жатады.  Құдайға  шүкір,  нұр  сипатын  көзімізбен  көріп,  қолынан  дәм  таттық  қой. 
Бізді  қайдан  ұмытсын.  Осы  жолға  да  алдияр  падишаның  сол  көңілін  қимай  шығып  кеттім. 
Әйтпесе, басымның сақинасы бар. Шәйі қою емес ауылдарға барсам, өліп қала жаздаймын. 
Сусынның көкесі шәй ғой. Құдай, әлгі қымыз дегенің мал соңындағы жалақ еріндердің ғана 
таңдайына татиды ғой!», – деп бөсіп берері кәміл» [4,291]. Мына жолдар да Әбілқайырдың 
ішкі  есебінің  туралығын  дәлелдей  түседі:  «Торғай  бойындағы  Барақ  Әбілқайыр 
шаңырағының  астынан  өретін  екі  адамды  көргенде  әйелінің  теріс  қылығының  үстенен 
шыққан  еркектей шарта түйіліп шамырқанып бағыпты. Бірақ оған бола айылын жиған Нияз 
бен Мырзатай бола қоймаса керек. «Осы сенің баяғы әулиеден әулие қоймай түнетіп жүретін 
үлкен  балаң  қайда?  Жазылып  кетті  ме?  Жақсы  болса,  болсын  пақыр.  Сойыл  ұстайтын 
еркектің есінің дұрыс-терісін кім байқап жатыр! Дегенмен ертең қатын-баласының обалына 
қалмағаны  дұрыс  қой!  –  деп  қайдағыны  қайдан  айтып,  көкжал  барақты  қашан  апарған 
қағаздарына  қолын  қойып,  атқа  қондырғанша  асығуға  мәжбүр  қылыпты»  [4,291].  Бұл 
сөздерде аңқаусыраған аңғалдықпен қабаттаса өрілетін сайқымазақ кекесін жатқан жоқ па?! 
Әбілқайыр ойының дұрыстығында шүбә жоқ, демек Нияз сұлтанға жүктелген бұл миссияда 
кейіпкердің мақтанғойшылығы мен сөзуар-бөспелігі жарнамалық әрі  «жалғамалық» қызмет 
атқарып, ханның пайдасына шешілмек. 
Сатиралық  мінездемеде  психологиялық  деталь  да  маңызды  роль  атқарады.  Көркем 
бейнелеу  құралдары  комикалық  тәсілдерге  негізделіп  отырады.  Жазушының  «Аңыздың 
ақыры»  романындағы  эпизодтық  кейіпкер,  Жаппар  шебердің  жатқан  үйінің  қожасы  Ахмет 
байдың  қызын  ұзату  тойы  алдындағы  сәнденіп  жасануын  автор  былайша  суреттейді: 
«Тамаша  десе  ішкен  асын  жерге  қоятын  саудагер  тойға  бір  апта  қалғанда-ақ    сандықтың 


52 
 
түбінде  жатқан  тойға  киетін  киімнің  бәрін  алдырды.  Сосын  айнаның  алдына  барып  ұлы 
сәскеге дейін отырады да қояды.  Әуелі басына сәлде орайды. Былай орайды, айнаға қарайды 
– келмей тұрған тәрізді, олай орайды, айнаға қарайды – келмей тұрған тәрізді...» [5,71]. Адам 
мінезінің  сырттай  қарағанда  күлкілі  көрінетін  бір  қыры  осылайша  той  қарсаңындағы 
қарбаластағы  байдың  сәнденуін,  тойшылдығын  суреттесе,  одан  кейін  бойын  кернеген 
қуанышын  сыртқа  шығарып,  жұртқа  естірте  мақтануымен  әйгілейді:  «...тіпті  күллі  дүниеге 
түгел  естілсін,  Ахмет  байдың  бүгін  базарданне  бітіріп  қайтқанын  бәрі  де  түгел  білсін 
дегендей  даусы  саңқылдап,  қай  саудагердің  дүкеніне  кіріп,  киімін  көрсеткенін,  кіммен 
балағаттасып,  кіммен  тәжікелескенін,  кімге  тіл  тигізгенін,  шайханада  неше  құман  шай 
ішкенін,  әскияда  кімнің  шамына  тигенін,  кімнің  бөденесіне  бәс  тіккенін  –  бәрін-бәрін  түк 
қалдырмай тәптіштеп түгел айтып береді...» [5,73].  
Көзі  қарақты  қазақ  оқырманына  бұрыннан  таныс  мінез.  Бұл  жолдарды  оқығанда 
оқырманның  есіне  С.Көбеевтің  «Қалың  мал»  романындағы  Итбайдың  қылығы түсері  анық. 
Немесе Ғ.Мүсіреповтің «Ақан Сері – Ақтақты» драмасындағы Қоңқай көңіл-күйі де осыған 
жақын келеді. Әйтсе де мұндай ортақ мінезді бір қалыптан шыққан дей алмаймыз. Осы үш 
кейіпкердің адами болмысының өзіндік айырмашылықтары да бар. Итбайдың сөзі мен есер 
қылығынан Тұрлығұлмен құда болғанына жаны семіріп, құдайын ұмытқан әумесерлігі түрлі 
ситуацияларда  айқындалса,  Қоңқай  монологынан  кешегісі  мен  бүгінгі  жайын  салыстыра 
пайымдап,  қазіретті  пір  тұтып,  осы  күніне  жеткізген  тағдырына  шүкірлік  еткен 
тәубашылдығы  басым  көрінеді.  Ал  Ахмет  байдың  басындағы  жағдай  үйреншікті  мінезінің 
осындай  қуаныш  үстіндегі  сыртқа  тепкен  бір  көрінісі  дерлік.  Әр  жазушының  кейіпкер 
бейнесін  сомдау  қалыбының  әр  қилы  болуы  да  –  кейіпкер  типін  саралау  шеберлігіне  тән 
қасиет.  Мінез  тұрғысынан  тектес  кейіпкерлердің  ұқсастықтары  мен  айырмашылықтарын 
осындай реминисценциялық сипаттардан анық аңғарамыз. 
Көркем  бейнелеудің  фонында  алынатын  бірер  детальдың  юморлық,  ирониялық 
баяндау  діңгегіне  айналуының  мысалына  «Елең-алаң»  романындағы  Кириловтың  көзімен 
берілетін императрицаның портретін атауға болады:  «...Салтанат залында бар асылды үсті-
басына  үйіп-төгіп  жарқ-жұрқ  кіріп  келгенде  жұрттың  көзі  ең  алдымен  императрицаның 
қолапайсыз  үлкен  мұрнына  түсетін.  Шексіз  билік  иесі  монархтарға  тән  астам  мінезбен 
айналасына  көзі  түспей  шекелей  қарайтын.  Сонда  қолақпандай  үлкен  мұрын  көкке 
шапшыған  шу  асаудың  алдыңғы  тұяғындай  шодырайып  аспанға  ілініп  тұра  қалушы  еді. 
Соның  өзі-ақ  мәрмәр  залдың,  хрусталь  шамдардың,  асыл  таж,  алтын  тақтың,  жақұт  пен 
меруертке малынып келіп отырған зиялы қауымның барлық сән-салтанатын бірден тәрк етіп 
мәнсіздендіріп жібергендей көрінетін. Ал енді, міне қасына отырып қарағанда тап ондай ерсі 
ештеңе байқалмайды екен. Рас, қорасан талап тастаған күлгін қызыл құж-құж бетті әдемі деп 
айта  алмайсыз.  Мынадай  қылдырық  аяқ  қыл  белдікті  қымбат  диванның  мынадай  батпан 
денені  сынып  кетпей  қалай  көтеріп  отырғанына  қайран  қалмауың  мүмкін  емес.  Алайда, 
осыншалық сұрықсыздықтың бәрін бір басына соншама үйіп-төгіп берсе де, тап мына әйел 
тап анау айтқандай адам шошырлық құбыжыққа айнала қоймапты. Ол әлде, қанша дегенмен, 
таж иесі патшалығынан ба екен?.. [4,33]. 
Бұл үзіндіде императрицаның қолапайсыз үлкен мұрыны күлкі нысанына алынып тұр. 
Автор «көкке шапшыған шу асаудың алдыңғы тұяғына» теңейтін қолақпандай үлкен мұрын 
мен «қорасан талап тастаған күлгін қызыл құж-құж бет» – қыр халқының тұрмысына етене 
таныс  суреттер.  Мұндай  ұсқынсыздықты  салыстыру,  шендестіру  арқылы  суреттеулермен 
көркем тәпсірлеп шығу портреттік мінездемеге коллизиялық сипат берген. Императрицаның 
сұрықсыз  бейнесін  сән-салтанатты,  қымбат  жасауға  толған  әсем  зал  мен  асыл  қиімдерге 
малынып  келген  зиялы  қауым  ортасының  фонында  алып,  кереғарлықты  бір  шалып  өтсе, 
қасына  отырып  қарағанда  оның  әлгіндей  ерсі  болып  көрінбеуін  «таж  иесі  патшалығына» 
меңзеп,  ирониямен  түйіндеп  жібереді.  Үлкен  билік  иесі  патша  әйелдің  сиықсыздығының 
«жанынан  қарағанда»  ерсі  көрінбеуінің  ішкі  астары  да  жоқ  емес  секілді.  Биліктегі  кейбір 
«сұрықсыздықты» сырттай сынап, одан тазалық пен әділдік, әсемдік пен үйлесім талап ететін 
сыншы пенденің сол биліктегіге өзі «жақындап», көзі үйреніскесін, бәрі де орынды көрініп, 


53 
 
мидай  араласып  кететінін  меңзей  ме  екен?!  Ә.Кекілбаевтың  қарымды  қаламы  даланың 
жөргегінде тербеліп өскен қазақтың олпы-солпы тірлігін де, небір мінез қырлары мен дарқан 
табиғатын да сол қазақтың өз көңіліне жақын суреттермен, айшықты теңеулермен сипаттап, 
езу  тартқызар  ақжарқын  күлкімен  әдіптеп  отырады.  Жарқын  құбылыс,  жағымды 
кейіпкерлерге  қатысты  мұндай  юморлық  нышандар  өмірдің  өзінен  туындап,  баяндаушы 
субъектілік  интенцияны  да,  авторлық  симпатияны  да  көріктеп  отырады.  Мысалы, 
«Шыңырау» повесіндегі  Еңсептің ағасы Дәржанның портретін былайша береді:  «Қаба қара 
сақалды қалай болса солай қағусыз бетімен жіберген. Үлкен басына тым құрдым көрінетін 
шұнақ  құлағы  уда-дуда  самай  жүнінен  атымен  көрінбей  қалады.  Таңқақ  танаудан  шыққан 
дем  шиыршық  атқан  бұйра  мұртқа  малтығып  жатқандай.  Әр  талы  сояудай  қатты  сақал 
жұдырықтай-жұдырықтай  екі  емшектің  ортасын  тырнай  құлаған.  Осынша  қалың  қара 
жыныстың    үстінде  қақ  төбесіне  дейін  ай  қасқа  дөң  маңдай  жылтырайды.  Қос  иығы 
қанталаған  алақан  көз  айналасына  алақ-жұлақ  қарағанмен,  ештеңеге  тоқтамайды;  ылғи 
айдалаға  лағып  жүреді.»  [28,366-367].  Кейіпкердің  түр-тұлғасы  оның  мінез-құлқын 
сипаттаудың  бірер  штрихымен  толығып  отырады:  «...Сөз  дегенді  атымен  білмейді.  Үйінің 
ішінің  де,  сырт  жұртқа  да  не  тәтті,  не  қатты  тілі  жоқ.  Қатарларынан  біреу-міреу  көңілінен 
шықпаса: «Көріңді ұрайын!» деп бір дүңк еткізеді де, сосын қайтып жақ ашпайды.» [5,367]. 
«Бір  шоқ  жиде»  повесіндегі  Тілеудің  үйіне  түсетін  адай  қонақты  суреттегенде 
кейіпкер  портретін  гиперболамен  әсірелей  сомдайды:  «...Жаратылыс  мына  мейманды 
жаратқанда я мынау Тілеуге ұқсап іштей масаттанып, я мынау Күдеріге ұқсап қырыстанып 
отырған  түрі  бар.  Не  де  болса,  ол  онша  қырнап,  жонып,  егеп,  безеп  әлек  болмаған,  олақ 
қатын  иірген  домалақтай  домбалдай,  доғалдай  салған.    Кеспектей-кеспектей  екі  аяғы  жер-
көкке  сияр  емес.  Бүкіл  оң  жақты  бір  өзі  толтырыпты.  Денесі  де  сол  қос  кеспектің  үстіне 
қонжита салған  зілбатпан қанар сияқты. Ал енді домбал денеге қондырылған домбал баста 
да  дұрыстап  мүсінделген  ештеңе  жоқ.  Атшаптырым  ай  жазық  маңдайды    қиған  жомарт 
табиғат    мұрынға  келгенде  сараңдығы  ұстапты.    Келте  мұрынға  тап  анадай  кең  танаудың 
керегі қанша еді?! Таңырайып қапты. Алақандай екі көзі өңменіңнен өтіп барады» [6,141]. 
Жазушы  шығармаларында  кейіпкердің  өзін-өзі  сипаттауы  да  кездеседі.  «Бәсеке» 
повесіндегі Балпан байдың портреті кейіпкердің өзі туралы ойымен өріліп, өзін-өзі сипаттау 
деңгейінде  танылады,  мұнда  өзіндік  сипат  әуелі  өзгелер  туралы  ой-пайымдаудан  өрбіп,  өз 
бейнесіне  ауысады  және  бірте-бірте  оның  адамгершілік  қасиетін  қамтып,  нақты  бір 
детальмен  отбасына  орнықтылығын,  махаббатқа  адалдығын  дәлелдеп  шығады:  «Жұрты 
құрғыр сайтанмен табақтас болып қалғандай, осындай ылдым-жылдым ұры қулықты қайдан 
үйреніп ала қояды. Анада бір мұртын қағып отырып, айнаға көзі түсіп кетіп еді, тұсында бұ 
да  тап  жұрт  үркетіндей  жігіт  болмапты.  (Портреті)  Анау  екі  самайдан  ай  қасқаланып, 
торсиып  бөліне  шыққан  жалпақ  кең  маңдайы,  періштенің  аузынан  түскендей    мүп-мүсінді 
болмаса да еркек кісіге лайық етті қыр мұрыны, сәл бұйығылау болғанмен, ылғи күлімсіреп 
тұратын  қой  көзі,  етті-етті  қайқайған  еріндері,  соның  бәрін  молынан  сыйғызған  үлкен 
дөңгелек  беті,  қанды  қоңыр  жүзі,  қатарларынан  ертерек  шыққанмен,  ерсі  қайқайып  кете 
қоймаған еркек адамға біртүрлі орнықтылық бітіріп, егделік сән беріп тұратын қозы қарыны, 
ортадан  жоғары  бойы,  етті-женді  денесі  –  осының  бәрін  құдайекең  кез  келген  еркекке 
құшақтатып  жатыр  ма?  Әйелдер  еркектің  бұдан  артық  келбеті  мен  сымбатын  шайына  езіп 
іше ме... Сөйтсе де мұның Маржаннан басқа әйелдің көйлегіне қолы тиіп көрген жоқ. Асылы, 
бұған  әйел  қарамайды  емес,  мәңгі  кісідей  маңқиып  жүріп,  мұның  өзінің  көп  нәрсеге  көзі 
түспейтін  тәрізді.  Баяғы  жас  жігіт  кезінде  құрдастары  Балпан  қызы  бар  үйге  қонғанда  қу 
кемпірлер қонақ түнде қозғалар ма екен деп, ұйықтап қалған соң көрпесінің үстіне бір уыс 
құмалақ қойса, таңертең сол құмалақ бір сынық құмалақ шығыны жоқ, әлгі орнында тұрады 
екен деп күлісіп жүретін. Сол қалпымен әлі келеді» [6,273]. 
Ал  жағымсыз  бейнені  суреттегенде  сатиралық  бояуды  қоюлата  түсіп,  кейіпкер 
бойындағы  оспадарлық  пен  оғаштықты  түйреп  өтеді:  «Жалғыз  келіп,  жалғыз  ішіп,  жалғыз 
сөйлеп «жел таратып» кететін Өтемағанбет кейінгі бір жолы жігіт боп қалған баласын ертіп 
келді.  «Жұрттың  ішіне  киімшең  кіріп-шыға  береміз»,  –  деп  мақтанатын  су  жұқпас 


54 
 
Өтемағанбеттің  баласы  Оразмағанбет  әңгідіктеу  көрінді.  Жүріс-тұрысы  түгіл  сөйлеген 
сөзінің өзі келі түйгендей дүңк-дүңк етеді. 
Әкесінен  төмен  жайғасқан  дүрдік  ерін  қара  жігіт  дастарқан  жайылар-жайылмаста 
келсаптай-келсаптай екі  борбайды шай құйып отырған бойжеткеннің ту  сыртынан босағаға 
қарай  созып  тастап,  қолтығындағы  құс  жастықты  өші  бардай  умаждап,  дастарқан  жиылар-
жиылмаста  елден  бұрын  атып  тұрды...»  [6,9].  Кейіпкердің  дара  тұлғалық  ерекшеліктерін 
мейлінше терең ашып көрсететін және бұл ретте субъективтік-психикалық болмыс қырлары 
барынша айқын да шыншылдықпен танылатын көркемдік құралдардың бірі  – кейіпкер тілі. 
Персонаждар  тілі  сөйлеуші  субъектінің  адамдық  өресі  мен  рухани  байлығын, 
интеллектуальдық деңгейін айқын аңғарта алады. Кейіпкер тілінің сипаты монолог, диалог, 
полилог,  ішкі  ой  ағыны  (ой  толғаныс)  түрінде  беріліп  отырады.  Монологтарда  кейіпкердің 
ішкі  жан  сырының  мейлінше  айқындалуы,  ой  ағыны  арқылы  терең  психикалық  арналар 
аңғарылса, диалогтарда мінез-құлық құбылыстары кейіпкер сөзінен сыр тартады. Мұндайда 
Ф.Шиллердің: «Когда человек говорит, мы видим, как вместе говорит его взгляды, черты его 
лица,  его  руки,  часто  все  тело,  и  нередко  мимическая  сторона  разговора  оказывается 
наиболее красноречивой» [7,131], – деп тұжырымдайтыны бар. 
Мысалы,  «Үркер»  романындағы  Сырлыбайдың  Тевкелевтің  сый-сияпатына  риза 
болмай  айтатыны  мен  оның  өкпесіне  орай  сый  үстемелей  түскендегі  айтқан  сөздерінен 
кейіпкердің  психикалық  құбылыстарын  көреміз.  Бір  ғана  үзіндіден  әуелі  айбаттана-ашына 
айтқан  сөзі  мен  бірте-бірте  сабасына  түсетін  үш  түрлі  күйін  танимыз.  Жазушы  Сырлыбай 
туралы  жеке-дара  мінездеме  бермесе  де,  дүниеқоңыз  бидің  шүберек  үшін  жанын  сала 
өңмеңдей  сөйлеген  осы  сөздері  кейіпкердің  қоясын  ақтарып-ақ  салады.  Оқырман  мұндай 
гәптің астарындағы елшіден алған екі кез матаны жұртқа көрсетіп мақтану, өзінің қоғамдағы 
орнын аңғартып, абыройын асыру үшін пайдаланатын бишігендердің саясатын да аңғарады. 
Үзінді  ұзақтау  болса  да,  Сырлыбайдың  осы  үш  рет  сөйлеуін  толықтай  келтіре  кетелік: 
«...Айт,  мына  ноғайыңа...  Бұл  неме  біз  келгенде  неғып  тауыққа  жем  шашқандай  шөпектеп 
қалған. Ана сандығына қолын батыра түссе, түбінде шаян жатқан жоқ шығар, шағып алмас. 
Қасындағы  мына  жуынды  ішіп  семіріп,  есірген  башқұрттардың  бұдан  үш  жұма  бұрын 
немере інімді өлтіргенін ұмытып қала қойды дейсің бе? Қазақтың санда жоқ жаны, санатта 
жоқ азаматы болмайды. Қанға қан, жанға жан деп бір башқұртын ұстап алып, ертең қырқын 
беретін  күні  қаралы  ошақтың  басына  апарып,  маңдайын  құбылаға  қаратып,  кеңірдегінен 
шалып,  қара  қанын  шашайын  деп  едім,  бәрің  кеп  «әке-көкелеп»  қолыма  жабыстыңдар. 
«Шырық  бұзса,  солар-ақ  бұзсын,  біз  ертең  елдің  бетіне  шіркеу  салмайық»,  –  дедіңдер. 
Ағайын  ғой,  жаман  болсын  деп  тұрған  жоқ  шығар  деп  айтқандарыңды  қылдым.  Сондағы 
жасаған  жақсылығымның  қиуазы  мынау  бес  елі  көк  шүберек  болғаны  ма!  Қазақтың  бетіне 
шіркеу  түсірмеймін  деп,  қағынды  алып  қарайған  жүрегімнің  жарты  қанын  жерге  төгіп, 
қолыма  түсіп  тұрған  қандықол  қарақшыға  кешірім  жасап,  кеңпейіл  болғанымда,  ертең,  ең 
болмаса  иығым  жарқырап  бармайтын  болса,  елге  не  бетімді  айтам.  Ойбай-ау,  ағайын  екен 
десем, өңшең жау ма едіңдер, түге!..» 
Тевкелев оның алдына тағы да елу сомның матасын тастағанда жүзі жыли түсіп: 
«  – Пәлі, бұларыңды мен ана жақта қанды қол қарақшыны тік бастырып апарып, он 
екі  жілігін,  отыз  омыртқасын,  қырық  қабырғасын  саудыратып  түгел  санап  бергенде 
қолтығына  не  қыстырып  қайтар  екен  деп  жалаңдап  жолыма  қарап  отырғандарға  таратып 
берем ғой! Сонда менің өзім ше... От төсеп, оқ көсеп жүргенде иінім қурап құр қол барам ба? 
Маған берсең, ана үстіңдегідей асыл жағаңнан бер. Көк ала шүберекті жұрт сенен туғанынан 
айрылып бауыры күймей-ақ «ассалаумағалейкүм» – деп алдыңа кіріп шыққаны үшін де киіп 
жатқан көрінеді ғой...» – дейді. 
Ал  елші  орнынан  тұрып,  беліндегі  деңмент  белбеуін,  алқызыл  мауыты  шекпенін 
шешіп бидің алдына тастап, сосын күрең барқыт бешпетін шешіп ұсынғанда Сырлыбай: 
–  Пәлі,  баяғыдан  бері  осылай  істемедің  бе?  –  деп,  үйіліп  жатқан  дүниенің  бәрін 
алдына  тартады.  «Сақал-мұрты  селтиген  дәукес  бидің  қызара  бөрткен  жалпақ  беті  біреу 
майлап кеткендей аяқ астынан жылтырап қоя береді». [4,404].  


55 
 
Жазушы полилогтерінде де белгілі бір жәйтқа көзқарасты білдірудегі көпшіліктің ой-
танымына  сәйкес  қазақ  менталитетін  танытатын  репликалармен  ойнақы  әзіл  араластыра 
өрнектеп жібереді: 
–  Мынау  бірінен-бірін  өткізіп  жұтындырып  киіндіріп  қойған  әдемі  жігіттер 
патшайымның балалары ма екен? 
–  Патшайым  қанша  төлшіл  болса  да,  тап  осынша  көп  баланы  топырлатып  бір  өзі 
қайдан тапсын! 
–  Енді  қалай  деп  ең?  Жер  түбінен  келген  ханзаданы  патшазадалар  шығып  қарсы 
алмай, қайдағы бір қаратаяқтар шығып қарсы алып тұр ғой дейсің бе? 
– Қара таяқтарға мынадай киім қайда! («Елең-алаң»), [4,5]. 
Ғалым  А.Мұсаев:  «Образ  –  болмыс,  тіршілік  келбетінің,  қоршаған  орта  мен  жағдай, 
уақыт және адамдар арасында туындайтын құбылыс, құпиялардың жинақтаушылық мәнге ие 
бейнелі  көрінісі.  Егер  антикалық  дәуірден  бүгінге  дейінгі  образдар  жүйесін  кезегімен  көз 
алдымызға  елестететін  болсақ,  адамзат  дамуының  бай  картинасын  –  рухани  дамуын, 
көркемдік сана мен психикалық пішіндер диалектикасын да, қоғамдық-әлеуметтік прогрестің 
қозғаушы күштері мен кертартпа қалдықтарын да көрер едік»,  – деп жазады [8,105]. Өткен 
ғасырымыздың  60-90  жылдарындағы  көркем  прозадағы  сатиралық,  юморлық  образдарды 
байыптағанда  ауыз  әдебиетіндегі  көркемдік  дәстүр  мен  әлемдік  жазба  әдебиеттің  соны 
табыстарын  сабақтастырған  көркем  сөздің  көл-көсір  байлығын  таба  аламыз.  Олардың  ең 
басты  ерекшелігі  –  адам  бейнесін  жасауда  күлкі  элементтерінің  жан-жақты  қызметін 
мейлінше  пайдаланып,  суреттелетін  кезеңнің  әлеуметтік-қоғамдық  сипаты  мен  моральдық-
этикалық  нормалары  аясында  идеялық-көркемдік  бірегей  суреттеудің  тың  тәсілдеріне  қол 
жеткізуі.  Жоғарыда  талданған  Ә.Кекілбаев  шығармаларындағы  бейнелер  сыры  осы 
сөзіміздің дәлелі бола алады ғой деп ойлаймыз. 
 
ӘДЕБИЕТТЕР 
 
1.
 
Гегель. Эстетика. В 4 томах. Т.1. М., 1935. 
2.
 
 Б.М.Храпченко. Проблемы типологии русского реализма. М., Наука, 1969. 
3.
 
Кекілбаев Ә. Үркер. Роман. Алматы. Жазушы, 1981. 
4.
 
Кекілбаев Ә. Елең-алаң. Роман. Алматы. Жазушы, 1984. 
5.
 
Кекілбаев Ә. Таңдамалы. І том. Роман. Повестер. Алматы. Жазушы, 1989. 
6.
 
Кекілбаев Ә. Таңдамалы. ІІ том. Повестер. Әңгімелер. Алматы. Жазушы, 1989. 
7.
 
Шиллер Ф. Собр, соч. В 7-ми т. М., 1957. 
8.
 
 Мұсаев А. Қазіргі қазақ сатирасы. Алматы. Ана тілі, 1993.  
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   69




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет