«Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты


Әдебиет: Мырзалы Серік. Философия. Алматы: Бастау, 2008



бет10/56
Дата05.02.2022
өлшемі6,67 Mb.
#6245
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   56
Әдебиет: Мырзалы Серік. Философия. Алматы: Бастау, 2008


Діни сана жаратылыстан тыс күштерге, құдайға деген сенімнен туындайтын көзқарастардың, идеялардың, нанымдардың, теориялардың жиынтығы. Д. с–ның құрылымына діни психология (діни идеялардың белгілі бір жүйесімен байланысты стихиялық түрде қалыптасатын түсініктердің, сезімдердің, көңіл–күйлердің, әдет–дәстүрлердің жиынтығы) және діни идеология (діни идеялар жүйесі, оны қалыптастыру және тарату ісімен діни ұйымдар, дінбасылар, діни қызметшілер айналысады) кіреді. Діни идеологияның маңызды бөлігі болып теология есептеледі, ол құдай, оның қасиеттері, сапалары, белгілері туралы ілімнің жүйелі баяндалуы және негізделуі. Діни сенімге деген екі түрлі көзқарас бар. Атеистік көзқарас дін өмір шындығын бұрмалап, фантастикалық тұрғыдан түсіндіреді десе, дінді қолдаушылар оны нағыз ақиқат, танымның ең жоғарғы сатысы, адам өмірініндегі барлық сұрақтарға жауап бере алатын, қоғамдық сананың басқа формаларының бәрінен асып түсетін формасы деп тұжырымдайды. Қазіргі қоғамда екінші көзқарас басымырақ.


ЕГЕМЕНДІК (француз–souverainete немесе souveranitat–жоғары билік) –Мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси іс–әрекетіндегі тәуелсіздігімен сипатталатын. мемлекет пен биліктің негізгі сипаттамасы Суверенитет терминін алғаш рет мемлекеттік–құқықтық мағынада XVI ғасырда француз ғалымы Ж.Боден енгізді. Оның пікірінше «Е. – бұл мемлекеттің абсолютті және тұрақты билігі». Саяси егеменділік идеясының қалыптасуы Батыс Еуропада ұлттық–тәуелсіз, орталықтандырылған мемлекеттердің пайда болу үдерісімен сай келеді. Мұнда Е. шіркеуден, басқа мемлекеттен және биліктің басқа орталықтарынан тәуелсіздікті белгілейтін қасиет.
Егеменді мемлекет идеологиясы – жоғары феодал–билеуші–сеньордың үстемдігі туралы ортағасырлық түсінікке қарсы қойылды. Н.Макиавелли түсіндірмесінде егеменді билік бүкіл билік ретінде көрінеді. Жаңа заманда феодалдық монархтың жеке билігінің саяси Е. мемлекеттің, кейін халықтың (Дж. Локк, Б. Спиноза, Жан–Жак Руссо) үлесіне өтеді. Е. ең алдымен мемлекеттің өз қызметін жүзеге асыруда іске асады. Егемендік мемлекеттің құқық жүйесінде көрінеді. Мемлекеттің құқықтық өкілеттілігі мемлекеттік егеменділіктің шынайы іске асуын қамтамасыз етеді. Мемлекеттің Е–гі халықаралық қатынастарда тәуелсіз, яғни халықаралық құқықтың дербес субъектісі ретінде әрекет етуін айқындайды.
Мемлекеттердің Е–і теңдігі БҰҰ жарғысында бекітілген. Е–і теңдік қазіргі заманғы халықаралық құқықтың жалпы мойындалған қағидаттарының бірі. Т. Гоббс теориясында Е. мемлекеттің өз азаматтарына деген билігінің абсолюттілігін білдіреді. Бірақ, бір адамның бүкіл билігі мемлекеттік заңның бүкіл билігіне біртіндеп орын береді. Б.Спиноза мен Г. Гроция саяси Е. ұғымын мемлекеттіліктің сапалы сипаттамасына қатысты көрсетеді.
Қазақстан егеменділігі 1991 жылы жарияланды. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы тәуелсіз елдің қатарына жатады.

Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Тәуелсіз Қазақстан философиясы. Т. 20. Астана: Аударма, 2007.




– көне түркі тілінде «халық» сөзінің синонимі ретінде қолданылған атау. Е. – қоғамды басқаратын және оның экономикалық және әлеуметтік құрылымын күзететін таптық қоғамның саяси жүйесінің негізгі институты. Е. – белгілі бір территорияда, бүкіл қоғамның атынан ішкі және сыртқы саясатты жүргізеді, өз аумағында барлығына міндетті заңдар мен ережелер шығаруға және салық жинауға құқылы. Е–дің негізігі белгілері: 1) белгілі бір аумағының болуы, 2) мемлекеттік билік қызметін іске асыратын органдары мен мекемелерінің ерекше жүйесінің болуы, 3) мемлекет тарапынан бекітілген белгілі бір нормалар жүйесін бекітетін құқықтың болуы. Елдіктің рәміздері: елтаңба, байрақ, ән–ұран. Ежелгі түркілердің өзіндік елдік институттары болған. Дәстүрлі қоғамдағы көшпелі шаруашылық қарым–қатынастарының дамыған кезеңдерінде Е. атауы қауымдық–туыстық құрылымының (патриархалды отбасы, ру, тайпа, мемлекеттік бірлестік) жоғары деңгейін білдіретін мағынаға ие болды. Мәслен, Көк түркілердің алғашқы мемлекеттік құрылымдары (Батыс Түрік қағанаты, Шығыс Түрік қағанаты), сондай–ақ, ірі тайпалық бірлестіктер құру негізінде дамыған ежелгі қазақ руларының одағы «Ел» деп аталған. Әрбір Елдің өз территориясы және өзіндік шекарасы, таңбалары болған және олар өз қарамағындағы жер аумағының шегін өзге тайпалық одақтардан қорғап отырған.
Заманауи әлемдік саясаттану ілімінде Е. атауы көбіне «мемлекет» ұғымымен қатар қолданылып жүр. Ол негізінен, географиялық мәдени, әлеуметтік, экономикалық және тарихи жағынан мазмұнын қамтиды.
Әдебиет: Қадырбаев А.Ш. За пределами Великой степи. Алматы, 1997.


ЕЛТАНУ – құрлықтарды, елдерді, ірі аудандарды кешенді түрде зерттеумен айналысатын географиялық ғылымдар жүйесіндегі пән. Е. – нақты бір аумақтарда физикалық және экономикалық географияға сәйкес бекітілетін жалпы заңдылықтар мен технологиялық сипаттар қалай көрінетіндігін көрсетеді. Е. – географияның көне саласы. Е. аудандық түрлі елдерді тану қажеттілігінен сонау антика заманында пайда болған. Мыңдаған жылдар бойында Геродот және Страбоннан бастау алған елтану яғни табиғат, тарих, экономика, мәдениет және саясатты қамтумен өзінің әмбебап сипатын көрсетеді. Ғылымның дамуы, әсіресе Χ ғасырда жүйелі географиялық ғылымдардың қарқынды өсуіне алып келді. Бұл е.–дың ғылыми деңгейінің жоғарылуына алып келді. Заманауи Е. саласының әдебиеттерінде экономикалық–географиялық және физикалық–географиялық сынды екі түрлі бағыт қалыптасқан. Бұл екі бағыт табиғат және қоғамға тән заңдылықтардың айырмашылықтары мен табиғи және экономикалық аудандастырудың түбегейлі сәйкессіздігінен туындады. Е. – белгілі бір ел туралы алуан түрлі білімдерді біріктіретін және жүйелейтін пән. Е. – елдің өндірістік–аумақтық құрылымының даму көкжиегін және хал–ахуалын, табиғи және еңбек ресурстарын, өндірістік базасы мен аумағын пайдаланудың негізгі сипаттарын айқындайды.


ЕЛТАҢБА – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасында көгілдір түс аясында шанырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған, оны аңыздардағы пырақтар қанаты көмкеріп тұр. Е.–ның төменгі жағында «Қазақстан» деген жазу бар.
Жасалу әдісі мен жасалатын материалы, эстетикалық әсері жөнінен Е. мен ту арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Егер туда дүниеге көзқарастың жазық кеңістікке байланысты бөлігі көрініс табатын болса, Е. табиғаты, әдетте, көлемге қатысты түсініктерге, сол сияқты сәулеттік композиция мен пішімге (формаға) қатысты ұғымдарға сәйкес айқындалады. Е – бүкіл әлем мойындаған мемлекеттіліктің ерекше маңызды нышаны. «Герб» (елтаңба) термині неміс сөзінен аударғанда «мұра» немесе «енші» мағынасын береді және мемлекетті айрықшалайтын белгі болып табылады. Қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген ежелгі сақ тайпасының өздерін ерекше айрықшаландыратын «Тамға» (таңба) атанған тотем белгісінің болғандығын тарих та дәлелдейді. Аталған термин Түрік қағанаты кезінде қолданыла бастаған.
Махмұд Қашқаридың атақты «Түрік тілінің сөздігі» еңбегінде бұл термин әміршіні ерекшелендіретін белгі ретінде түсіндіріледі. Ортағасырларда әртүрлі геометриялық пішіндерден тұратын тамғалар Е., мөр, таңба ретінде қолданылған. Олардың кескіндемесінде суреттер, ежелгі жазу мен бейнелеу ескертікштері жиі кездесіп отырады. Тамға тайпаның, рудың, отбасының және тағы басқа да меншіктікті білдіретін белгінің қызметін атқарған. Онымен жануарларды да таңбалаған (ен салған). Бұл дәстүр ауылдық жерлерде тұратын қазақтарда әлі күнге дейін сақталған. Кеңес үкіметі кезінде Е–ларды бір жүйеге түсірушілік болды. Қазақ КСРО–сінің жалпы Е–ның кескіндемесінде қызыл түсті сәуледе орақ пен балға, айнала түскен жолақта қазақ және орыс тілдерінде «Барлық елдердің пролетариаттары бірігіңдер!» делінген жазудан тұрды. Е–ның жоғарғы бөлігінде бесбұрышты жұлдыз, ал төменгі жағында – «КССР» және «ҚССР» жазуы болған.
Егеменді, дербес Қазақстанның Е–сы 1992 жылы қабылданды. Оның авторлары атақты сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот–Аман Уәлиханов болып табылады.
Көркемдік тұрғысы жан–жақты көзқарастың дәлме–дәл бірегей үндестігін тапқан. Шаңырақ – киіз үйдің негізгі бөлігі болып табылады, тіршіліктің бастау алар көзі, адамзат өмірінің маңызды бөлігі. Тотемдік маңызы бар нышан ретінде шаңырақты ежелгі бабаларымыз құрметтеген. Республикамыздың Мемлекеттік Е–сындағы шаңырақ бейнесі – Қазақстанда өмір сүріп жатқан халықтың Отаны бір, Қазақстан біздің ортақ үйіміз деген мағынаны береді. Оның бақыты шаңырақтың мықтылығы уықтардан тұратыны сияқты әр адамнан тұрады. Мемлекеттің болашағы бірлік пен татулықтан құралады.
Мифтік қанатты тұлпарлардың бейнесі – Мемлекеттік Е–дағы тұлпар маңызды геральдикалық бөлшегі болып табылады және белгілі бір идеялардың рөлін атқарады. Тұлпардың бейнесі ежелгі дәуірден бері күштілік пен қайсарлықтың ұғымын берген. Оның қанаты көпұлтты Қазақстан халқының мықты әрі жан–жақты көркейген мемлекетке айналуының бейнесі ретінде берілген. Әлемдік өркениетке жетуді, жарқын болашаққа талпынушылық пен арман–мақсатты, сондай–ақ даму мен үлкен мақсаттарға жетудің мәнін береді. Сол үшін Мемлекеттік Е–дағы қанаттардың символикалық маңызын мемлекеттілікті дамытудың жоғары деңгейлік ойлары мен қарапайым азаматтық талпыныс деп түсіну қажет.
Мемлекеттік Е. бейнесінің тағы да бір бөлігі бар, ол – бес бұрышты жұлдыз. Жұлдыз – өмірге жетекшілік ететін, көтеріңкілікке, талпыну мен мәңгіліктің, биліктің нышаны ретінде бейнеленген. Жұлдыз тек Ресейдің ғана мемлекеттік геральдикасына тән нышан болып табылмайды, оны Ресейдің революциялық нышанына алғаш рет орыс дворяндары енгізді және ол Ресейдің мемлекеттік Е–сында бірден пайда болған жоқ. Бұл бейнені аударылған және ассимметриялы түрде қолдануға болмайды. Бесбұрышты жұлдыз ақиқат әлемдегі – «Таң жұлдызын» бейнелейді. Мемлекеттік Е–дағы жұлдыз бейнесі барлық қазақстандықтардың қазіргі жаңа жоғары өркениеттілік және дамыған мемлекеттермен қоғамдастыққа бірігудің ардақты арманын, сонымен бірге барлық ғаламшардағы құрлықтардың барша халқына ашық екендігін бейнелейді.
Мемлекет атауының өзі де оның лингвистикалық, этномәдени, символикалық белгісі болып табылады. Ол өзінің саяси мағынасы және елдің конституциясы екенін анықтайды. Біздің елдің атауы – Қазақстан – мемлекеттің атауы ретінде тарихи түпнұсқалардан жиі кездесетін ХV–ХVІ ғасырлардан бастау алған қазақ ұлтымен байланыстырылады.
Мемлекеттік Е. бейнесіндегі қолданылған басты түс – алтын түсті болып табылады, ол байлықтың, әділеттіліктің және қайырымдылықтың символы екенін көрсетеді. Мемлекеттік Е.–да, сонымен қатар, байрақтың түсі – аспан түстес көгілдір болып келеді, ол алтын түспен сәтті үйлескен.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Е.–сының авторлары Жандарбек Мәлібекұлы Мәлібеков және Шот–Аман Ыдырысұлы Уәлихан.

Әдебиет: “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998




ЕЛІКТЕУпсихологияда, индивидтердің немесе әлеуметтік топтың басқа бір индивидтердің және топтардың іс–қимылын, қозғалысын ұқсастырып жасауы. Аристотель адамның қалыптасуында еліктеу маңызды рөл атқарады деп атап көрсетті. Е–ді зерттеудің іргетасын И.П. Павловтың шартты және шартсыз рефлекстерді зерттеулері қалады. Е. – бұл қоғамдық тәжірибені игерудің бір жолы. Е.–дің онтогенездің алғашқы кезеңіде маңызы айрықша. Сәби Е.–дің нәтижесінде іс–қимыл, дағдыларды, жүріс–тұрыс ережелерін, сөйлеуді үйренеді. Е. бойынша іс–қимыл мен дағдыларды игеру қарым–қатынас, қабылдау, дамуының жоғары деңгейін болжайды. Кері жағдайда, Е. қозғалысты сырттай қайталауға айналады. Е–дің мұндай түрі психикалық дамуында ауытқушылық бар балаларда кездеседі. Е. дамуындағы бұзылу қоғамдық тәжірибені игерудегі қиындықтардың пайда болуына, психикалық дамудың тежелуіне алып келеді. Е. ерікті және еріксіз іске асады. Ерікті Е. мектеп жасына дейінгі балалар мен сәбилерді оқытып–үйретуде жетекші әдістердің бірі ретінде қолданылады. Бұл балаларды оқыту процесінде жас ерекшелікке сай жетіле береді. Е. адам өмірі мен іс–әрекетінде маңызды рөл атқарады. Е. нәтижесінде адам жүріс–тұрыс нормалары мен еңбек дағдыларын үйренеді.
Е. антикалық және XVI–XVIII ғасырлардағы классикалық эстетиканың негізгі қағидаттарының бірі. Өнерге еліктеу (мимесис) ретінде қарау пифагоршылдықта (музыка аспан үйлесімділігіне Е. ретінде) қарастырылып, кейін бұл көзқарасты Платон және Аристотель өрбітті. Өйткені Платон бойынша, көрінетін әлем жоғары идеялар әлеміне Е., шынайылыққа Е–ші өнер тек соны ғана көрсетеді. Аристотельдің пікірінше Е–ге ұмтылу тірі жандарға, әсіресе адамдарға тән Е. өнердің мәнін құрайды, жиіркеніштілік пен жексұрындылық бейнеленген кезде де бұл қанағат сезімін береді. Е.–дің тәсілі мен объектісі әдеби жанрлардың негізгі қасиеттері болып табылады. Платон өнердегі ұсқынсыздықты, адамгершілік тұрғыдан айыпталатын нәрсені бейнелеуді айыптаса, ал Аристотель мұндай бейнелеуді дұрыс деп санап, комедияны эпос пен трагедиядан төмен қойды. Себебі, комедияда, «нашар адамдарға» еліктеушілік бар.
Жаңа заманда Е. классицизм эстетикасында кеңінен қолданылды. Ш. Батте «Бірыңғай қағидатқа негізделген нақышты өнер» (1746) атты еңбегінде барлық өнер үшін осындай бірыңғай қағидатты Е. деп санады. Е.–ге тек «әсем табиғат» лайықты деп санаған классицистер антикалық өнердегі идеалды үлгіге Е–ге ұмтылу ең жақсы тәсіл деп санады. «Табиғаттағы әсемдік» ұғымын неміс классикалық философиясының өкілдері сынға алды.


ЕРІК іс–әрекет мақсатын және оны іске асыру үшін қажетті ішкі жігерді таңдауға деген қабілеттілік. Е. – санаға және іс–әрекетке телуге болмайтын өзгеше акт. Кез–келген саналы іс–қимыл, тіпті мақсатқа жету жолында кедергілерді жеңумен байланысты қимылда ерік болмайды. Е–те ең бастысы іс–әрекет мақсатының құндылықтық сипаттамасын ұғыну және тұлғаның ұстанымдары мен нормаларына сәйкестігі. Е–тік қимылды іске асырғанда адам өзекті қажеттіліктер мен импульсивті қимыл билігін қарсы тұрады. Е–тік қылық құрылымы бойынша шешім қабылдау және оны жүзеге асырудан тұрады. Е–тік іс–қимыл және өзекті қажеттіліктер мақсатында сәйкессіздік туындағанда шешім қабылдау түрткі күресін тудырады. философия және психология тарихында еріктің түрлі түсіндірілуі ең алдымен детерминизм және индетерминизм қарама–қарсылығымен байланысты. Детерминизм Е–ті сырттан туындаған (физикалық, психологиялық, әлеуметтік себептер, ал супранатуралистік детерминизмде – жазмыш ұғымы) ретінде қарастырса, индетерминизм Е–ті автономды және өзіндік күш ретінде қарастырады. Волюнтаризм ілімінде Е. әлемдік процесстің, адам іс–әрекетінің бастапқы және бірінші негізі ретінде қарастырылады. Ерік–жігер адам мінезімен тығыз байланысты және Е. адам мінезінің қалыптасу және қайта түлеу процесінде елеулі рөл атқарады.


ЕРКІНДІК – адамның сыртқы жағдайлар мен құбылыстарға тікелей тәуелділік ауқымында қалып қоймай өз мақсат–мүдделерінің қисынына сәйкес белсенді іс–әрекеттерге қабілеттілігін танытуы. Адам белсенді іс–әрекетінің нәтижесінде алдына қойған мақсатына жетеді. Тұлғаның ішкі Е.–дігінің нақты іске асуы объективті мүмкіндік арқасында жүзеге асады. Қоғамдық ой тарихында Е. мәселесі адамның ерік бостандығына қатысты қарастырылды. Адам мақсаты мен ниеттерінің шығу көзіне тәуелсіз түрде еркіндікке ие. Адам өз мүдденсіне объективті сәйкес келетін таңдау және қалаудың нақты мүмкіндігін сақтайды. Өйткені, сыртқы жағдай адамға өз мүддесімен қажеттілігіне қарсы әрекет жасауға мәжбүрлемейді. Объективті шарттар және нақты жағдайға тәуелді түрде адам Е–ке ие болуы немесе Е–ке ие болмауы да мүмкін. Адамдар іс–әрекетінің бір саласында еркін, ал басқа салада еркін болмауы мүмкін. Абстрактілі еркіндік болмайды. Е. әрқашан нақты және салыстырмалы. Адам өз мақсатына жету құралын таңдауда белгілі бір шамада еркіндікке ие. Адам іс–қимылдың белгілі жоспарын таңдау жолымен өз мақсатын нақты өмірде іске асырады. Іс–әрекеттің түрлі салаларында таңдау Е–не ие адам қоғамдық дамудың белсенді субъектісі болып табылады. Таңдау еркіндігіне ие болғандықтан адам өз іс–әрекетінде жеке тәжірибесімен қатар, материалды және рухани мәдениет жетістіктерін қолданып, мәдени мұраны ізбасар ұрпаққа бере алады. Әрбір нақты тарихи дәуірде еркіндікке ие адамдар мөлшері өндіргіш күштердің даму деңгейімен, табиғат пен қоғамдағы объективті процесстерді адамдардың танып–білу дәрежесімен, нақты қоғамның әлеуметтік және саяси құрылысымен айқындалады. Тұлғаның еркіндігі нақты қоғамдағы еркіндіктің бір бөлшегі. Адамзат тарихының бүкіл өн бойында адам еркіндігі қоғамдық ілгерілеудің қуатты қозғаушы күші болды. Е. ұғымы өркениетті елдерде нақты құқықтар мен демократиялық бостандық ұғымымен етене байланысты қарастырылады. Е. – жеке адамның, ұлттың, ұлыстың, қоғамның өз мүдделері мен мақсаттарына сай іс–әрекет жасап, өз қалауы мен таңдауын іске асыруы. Саясатта Е. мәселесі ұлттың тәуелсіз, құқықтық мемлекет құру идеясымен байланысты қарастырылады.

Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004; Әлемдік философиялық мұра. Алматы: Жазушы, 2006.




ЕС — өткен өмір туралы түсініктердің белгілерін ойында сақтап, керек кезінде жандандыра алатын жүйке жүйесінің қабілеті. Ес 5 қосындыдан тұрады:1) естеліктерді орнықтыру 2) оларды сақтау 3) еске түсіру 4) тану 5) орынды пайдалану. Естің орнықтыру қабілеті бұзылса, амнезия (еске түсіре алмау) ауруына шалдықтырады. Белгілі нәрсені еске сақтау үшін біз оны түсінуіміз қажет. Тек жақсы ұғынылған нәрселер ғана есімізде оңай жаңғырады. Ес, еске сақтау сана–сезімнің басты құралының бірі.


ЕСКЕРТКІШТЕР –халықтың мәдени мұрасының жалпылама атауы. Тарих және мәдениет Е–нің жиынтығы мұражайлық, көрмелік маңызы бар заттар мен жылжымайтын Е–ді (құрылыстарды, ғимараттарды, т.б.) қамтиды. Ортақ типологиялық белгілері бойынша Е–ді негізгі 4 түрге бөледі: археологиялық Е., тарихи ескерткіштер, сәулет өнері Е–рі, монументтік (мүсін) өнері ескерткіштері. Сондай–ақ, Е–ге тарихи–танымдық немесе тарихи–көркем құндылығы бар жазбаларды да жатқызуға болады. Яғни, адамзаттың көне заманнан күні бүгінге дейінгі даму жолындағы түрлі салада аса маңызды жетістіктерінің ерекше, қайталанбас заттық–рухани үлгі–нұсқаларын; адам өміріндегі оқиғаларды, белгілі бір елдің, халықтың басынан кешкен тарихи кезеңін еске түсіретін құндылықтарды, қастерлі мұраларды ескерткіш деп атау қалыптасқан. Оларды шартты түрде ауыз әдебиеті ескерткіші, жазба Е., өнер ескерткіші, сәулет Е–і, археол. Е., ұлттық дәстүрлі қолөнер Е–ші, діни Е. т.б. деп те түрліше жіктеуге болады. Мәселен, адам қабірінің басындағы оба, қорған, дың, сондай–ақ, сақ дәуірінен, көне түркі, қыпшақтар кезеңінен жеткен тас мүсіндер, сынтас, сартас, құлпытас, қойтас, үштас, бестас, сағана, төртқұлақ, кесене т.б. археологиялық және сәулет Е–і — ең алғашқы Е. түрлері қатарына жатады. Тарих және мәдениет Е–ін қорғау мемлекеттік деңгейіндегі шара болып табылады және өскелең ұрпақ тәрбиесінің маңызды бөлігін құрайды.
Е. – сөздің тар мағынасында алғанда — ұлы тұлғаларды, белгілі қайраткерлерді немесе елеулі тарихи оқиғаларды есте қалдыру үшін жасалатын мүсіндік туынды. Бұл атау монумент деген ұғымның мағынасына жақын. Алайда Е., әдетте, дүние салған адамның құрметіне тұрғызылады. Е–тің кең тараған түрі де осы — көлемі нақты тұрпаттан үлкендеу мүсіндік бейнелер. Олар, әдетте, көрнекті жерге (қала алаңына, саябаққа, тарихи орындарға, тарихи адамдардың туған жерлеріне, ұрыс даласына) орнатылады. Өлген адамға Е. орнату дәстүрі ерте заманда–ақ пайда болған. Мысалы, ежелгі Грекияда аса көрнекті қолбасшылар мен қоғам қайраткерлерінің құрметіне, Римде императорларға Е. қойылған. Қайта өрлеу дәуірінде Италияда Микеланджело, Францияда Т.Бонтан т.б. сияқты мүсін өнері шеберлерінің аты әйгілі болды.
XIX ғасырда Еуропа мен Америкада әр түрлі оқиғаларға, XX ғасырда ұлт–азаттық қозғалысы қайраткерлеріне, жазушы, суретші, музыкашыларға Е–тер жасау үрдісі кең етек алды. Ресейде XVIII ғасырда және XIX ғасырдың бірінші жартысында мүсіншілер К.Б. Растрелли, М.И. Козловский, Б.И. Орловский, И.П. Мартостың жобасы бойынша Санкт–Петербург пен Мәскеуде I Петрге, А.В. Суворовқа, М.И. Кутузовқа, К.Минин мен Д.Пожарскийге Е. орнатылды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарынан бастап Н.А. Андреев, Н.В. Томский, В.И. Мухина, К.М. Мерашвили т.б. мүсіншілер көптеген қалаларда даңқты адамдарға тұлғалы Е–тер орнатылуына үлес қосты. 1941—45 жылдардағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің ерлігін мәңгі есте қалдыруға арналған Е–тер өте көп. Солардың ішіндегі ең күрделісі — Берлиндегі кеңес әскері жауынгерлері құрметіне тұрғызылған (мүсіншілер Е.В. Вучетич, Я.Б. Белопольский) тарихи–мемориалдық Е. Қазақстанда ескерткіш орнату 1940 жылдан кейін кең өріс алды. Алғашқы ескерткіштердің бірі — Алматыдағы «Амангелді Иманов» ескерткіші (Мүсінші Х.Б. Асқар–Сарыджа, сәулетші Т.Бәсенов; 1947). Белгілі мүсінші Х.Наурызбаевтың «Абай» (1960), «Шоқан Уәлиханов» (1969, екеуі де Алматыда), «Жамбыл Жабаев» (1964, Тараз), «Амангелді Иманов» (1959, Қостанай облысы Амангелді ауданы), Т.Досмағамбетовтің «Шоқан Уәлиханов» (1972, Көкшетау), Ю.Г. Былыктың «Нұркен Әбдіров» (1969, Қарағанды) т.б. мүсін–ескерткіштері Қазақстандағы алғашқы Е–дің ең көрнектілері болып табылады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де ұмытылмас есімдер мен тарихи оқиғаларды жаңғыртатын бірқатар Е–ер тұрғызылды. Олар: мүсінші Б.Әбішевтің «Жамбыл» (1996, Алматы), Республика тәуелсіздігіне арналған кешен — «Тәуелсіздік монументі» (авторлық шығармалар топ жетекшісі — Ш.Ы. Уәлиханов, мүсіншілер А.Жұматаев, Н.Далбай, К.Сұранышев, А.Боярлин, М.Мансұров, К.Сатыбалдин; сәулетшілер — Қ.Монтахаев, Н.Жарылғапов; 1997, Алматы), мүсіншілер Боярлин мен Т.Мырзагелдиннің «Саяси қуғын–сүргін зобалаңынан құрбан болғандарға ескерткіш» (монумент; авторлық топ жетекшісі — Т.Сүлейменов, сәулетші А.Ордабаев, А.Кенжетаев, Монтахаев; 1997, Астана), мүсінші Досмағамбетовтің «Қаныш Сәтбаев» (1999, Алматы), мүсінші К.Кәкімовтің «Сұлтан Бейбарыс» (2000, Атырау), қазақ елінің бірлігі мен ынтымақтастығының белгісі ретінде Ордабасы тауында орнатылған «Ордабасы кешені» (сәулетші Ұ.Садырбаев, 1997, Оңтүстік Қазақстан облысы) Е–тері, т.б. Сондай–ақ, әдебиет, өнер, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қабірі басына бейне–мүсін қою немесе олар тұрған үйдің қасбетіне жазулы Е. тақта орнату да дәстүрге айналған.



Каталог: upload -> Book
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Өмірді бағалап үйренейік балалар суицидін алдын-алу бойынша ата-аналарғА, педагогтерге арналған қҰрал алматы
Book -> Рухани-адамгершілік білімге байланысты әндер


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   56




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет