«Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты



бет11/56
Дата05.02.2022
өлшемі6,67 Mb.
#6245
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   56
Жақсы адам – рухани жетілу жолындағы адам. Ж.а.–ға ақылды А. өзіндік ойы, өзіндік мақсаты, өзіндік бағыты бар, кез келгеннің жетегінде кетпейтін салқынқандылық, тұрақтылық, мінезділік байсалдылық — ізгі қасиет. Ж.а–ның қасиеттері үлгі болып, жұртты жаман мінез, жат қылықтан жирендіреді. ”Сараңның жұрт түгілі өзіне де дәрмені жетпейді”, “Топасқа қылығы да қырсық болып жабысады”, “Ұятсыздан үйдей пәле шығады”. Ж–ға жат қылықтар, атап айтқанда – өтірік айтып, дандайсу, ішкілікке салыну, нәпсіге құмарту, іштарлық, күншілдік пен бас араздық, бұзық жолға түсу, босқа күйіп–пісіп, ашушаң болу, адамның өзін–өзі ұстай алмауы және тағы басқалары еш уақытта опа бермейді. а. бұларды бойына дарытпау үшін, қам жеп, ылғи да сақ жүреді. Ж. а. жеке басымен қоса, от басының да берекесін ойлап жүреді. Бақытты болу, асыл мұратқа жету жақсы қасиеттерсіз жүзеге аспайды. Бақытқа жету үшін ол аянбай еңбек етіп, өз бойына адамгершілік қасиеттерді егіп отыруы тиіс. Ж.а. өзінің ақыл–парасатымен қатар сезім дүниесінің де яғни өз көңіл–күйінің де қожасы болғаны жөн


ЖАҚСЫЛЫҚ – адамның моральдық болмысының мазмұнын анықтайтын этикалық категория, адамның антропогенездік белгісі, оң іс–әрекетін, әдет–дағдысын, мінез–құлқын белгілейтін қасиеттердің жиынтық атауы. Ж. – адамға ғана тән болатын, адамды жан–жануарлардан ерекшелеп тұратын, оны адам болмысы ауқымында ұстаушы бастаманың бірі. Ж. – моральдық–рухани құндылық. Конфуций “Ж.” пен “жамандық” тек адамға ғана тән болмыстық белгі деп білген. Б.Диденко “Міне, осыдан жалпыадамзаттық трагедия – “жақсылық пен жамандықтың” мәңгі күресі пайда болады” –деп есептеген. Ресейлік академик Н.Амосов әлемдегі жамандықтың өмір сүру шындығын және оның тамырын үзудің, қоғамды одан мүлдем тазартудың мүмкін еместігін мойындай отырып, “жақсылық бар, өйткені жамандық бар” дейтін тұжырым жасайды. А.Августин: “Ғаламның таңғажайып әсемдігі жақсылық пен жамандық жиынтығынан тұрады. Адамгершілікке жат қылықтың өз орны бар және ол жақсылықтың дұрыс көрініс табуына көмектеседі. Ж. адамға көп ұнайды және ол егер оны жамандықпен салыстыратын болса парасатты қылық болып есептеледі,” – деп көрсетеді. Исламдық философияда мұсылманның Ж–қа шақыру міндеті, әсіресе, жамандықтың кең тамыр жайған кезінде адамның жеке парыздарының ең алдына шығатындығы айтылады. Әл–Ғазали бастаған Ешари кәламшыларының пікірі бойынша, Ж. Алланың қалауына тәуелді құбылыс. Құдай нені жақсы деп тапса, сол жақсы. Мутазилиттердің көзқарасында Ж. Алланың еркіне тәуелді емес. Оны адам өз ақылымен біле алады. Ж. тек адам үшін ғана қажет. Ислам дініндегі ұстанымдардың негізгілерінің бірі – “Ж–қа бұйырып, жамандықтан тыю” ұстанымы. Мыс., Мұхаммед Пайғамбар құтба оқып тұрған кезде мешітке бір адам кіріп, Одан: “Адамдардың ең Ж. кім?” – деп сұрайды. Сонда Пайғамбар: “Ол Ж–қа шақырып, жамандықтан тыйған, көп оқыған әрі сол оқығанын көңіліне тоқыған, Алладан қорқатын және туыстық қатынастарын үзбеген кісі” – деп жауап берген екен. Сондықтан хадистерде “Жанымның иесі Аллаға ант етемін! Адамдарға Ж–ты жайып, жамандықтан тыясыңдар, олай етпеген жағдайда Алла Тағаланың жіберетін азабы тым жақын. Одан соң қаншама жалынып–жалбарынсаңдар да дұғаларың қабыл болмайды” – дейтін ескертулер бар. Ж–қа шақыру мұсылманның міндеті болып табылады. Мұсылман үшін жақсылыққа шақыру – Алла алдындағы міндеті, имандылық қасиеті, мойнындағы борышы, мұсылмандықтың белгісі болып есептеледі. Діни дүниетанымда жасалған жақсылықтың ешқайсысы да бекерге кетпейді, бәрінің қайтарымы болады. Құранда “Тозаңдай жасаған жақсылықтарыңның сый–сияпатын көресіңдер” деген, сондай–ақ, Құран Кәрім: “Саған нендей бір жақсылық келсе, Алладан. Алланың әр нәрсеге күші басым. Кім жақсылықты қолдаса, оған одан несібе бар” (Ниса сүресі, 78, 85–аят) деп көрсетеді. Мұхаммед Пайғамбар Сүннетінде: “Мұсылмандардың жақсы деп қабылдағандары Алла құзырында да жақы” – делінген. Хадисте: “Алла тағала жақсылық қалаған пендесін түрлі жолмен сынайды”, “ Алла тағала пендеге жақсылық қалаған болса, күнәсінің жазасын осы дүниеде береді”, “Бір адамның шынайы байлығы – оның осы дүниеде жасаған жақсылықтары” – деп көрсетіледі. Имам Бухари риуаят еткен хадисте: “Ата–анасына Ж. етуші қуанышқа бөленсін! Алла тағала оның ғұмырын ұзақ етсін!” –деп айтылған. Парсы ғұламасы (ХІ ғ.) Қайқаус өзінің өсиетнамасында (“Қабуснама”), “Адам айнаға қарағанда көріксіз көрінгенімен, Ж. істеуге міндетті. Негізінде Ж–тың бастапқы шарты – ар–ұятты сақтауда” деп есептейді. Бұдан Ж. феномені адамзат коммуникациясындағы онтологиялық субстанция, болмыстық құбылыс, антропологиялық интенциялық күш деген түсінік қалыптасады. Қожа Ахмет Йассауи (ХІ–ХІІ ғғ.) өзінің “Диуани хикмет” атты еңбегінде жақсылық жасағандарға Алланың сыйын былайша баяндайды: “Ж–ды жарылқап, жаманға берер жаза, қияметте жазаларын тартар, достар”. Түркілік ғұлама Махмұд Қашқари (ХІ–ХІІ ғғ.): “Үш адамды Ж–қа бастағанды ғалым біл, оның ісін жұртқа жайып, қолдан келсе тәлім қыл” – деп Ж. жақсыдан шығады дегенді айқындап, жақсының жақсылығын айт нұры тасысын дегенге саяды. Енді бір бәйітте: “Күліп келген адамның бетіне күл шашпағын, жақсылық ет қашан да, қалыбыңнан аспағын” – деп жақсылықты дәріптейді. Ортағасырлық түркілік ойшыл Ахмед Йүгінеки жақсылық та, жамандық та тілден болатынын ескертіп: “Не келсе де тілден келер бір басқа, содан – жақсы, жаман атақ бір басқа. Тыңдашы: адам ерте тұрып күн сайын, осы тілге табынбайды құр босқа” – деп жазады. Әл–Ғазали өзінің кемел адам концепциясын “жақсылық” категориясының төңірегіне шоғырландыра отырып, “жақсылық не?” деген сұраққа: “адамның қарапайым болуы, басқалардың кемшілігіне қарамау, жомарт болу, өкпелемеу, ғайбат сөз айтпау, өтірік сөйлемеу, басқаны жәбірлемеу, алдамау, қиянат жасамау, өсек айтпау, өзімшіл болмау, балағаттамау, қинамау, дұшпандық жасамау сияқты теріс қылықтардан аулақ болуы және адамға бірінші болып сәлем беру, әр адамға жақсылық жасауға ұмтылу, қонақжай болу, үлкендерге құрмет көрсету, кішілерге ізетті болу, дархан мінез, ренжіскен адамдарды татуластыру, туыстармен қарым–қатынасты нығайту, науқас адамның көңілін сұрау, шақырылған орындардан қалмау сияқты амалдар – жақсы қылықтардың қатарына жатады” – деп жауап береді. “Ж. мінез адамдарды бақытқа жеткізеді” –дейді Ғазали. Спиноза жақсылық та, жамандық та болмайды. Ж. немесе жамандық туралы ойлар адамның бәрін тұтастай қамти алмайтын қабілетсіздігінен және шектілігінің салдарынан деп көрсетеді. Ол адамның Ж. сезімдері қатарына еркіндікті, жауапкершілікті, парызды жатқызады.
ХІХ ғ. неміс философы А. Шопенгауэр өзінің этикасында Ж. әрекеттердің адамның өз пайдасын басқаның мүддесі үшін құрбан ету арқылы болатындығын айта келіп, оның түпқазығын төмендегілерге тоғыстырады: 1) не адамның өз мүддесі осы Ж. әрекетпен бүркемеленеді; 2) не ырымшылдық, яғни оның қайырымы алдағы уақытта болатынына үміттену; 3) не басқаның қайғысын бөлісу сезімі; 4) не басқаға қайрымдылық жасайтын дархан мінез, яғни басқаның мұқтажын өтеуден туындайтын көмектесу ұстанымы. Ф.Ницше Ж–ты “адамгершіліктің үздіксіз іске асырылуы” ретінде қарастырады және Ж. “нұрынан барлық әлем тіршілік етеді, әсіресе онымен отбасы жанданады, өмір түрлене түседі” деп есептейді.
Қазақ халқының рухани–әлеуметтік философиясында Ж. – маңызды моральдық–аксиологиялық категорияларының бірі болып табылады. Бұл ұғымның аксиологиялық құзыры қазақтың шешендік өнерінде айтарлықтай көрсетілген. Мыс., Досбол шешен: «Жан денеге қонақ, тіршілікте еткен жақсылық – бұл өмірден өткенде өзіңмен кетер сол–ақ» –дей келіп, Ж. категориясының өмірмәнділік мәртебесін айқындайды. Қазақ әдебінде жақсылық пен жамандық синкретті: әрі әдептік, әрі тәлімдік, әрі өнегелік категориялар ретінде баяндалады және олар кісілік қасиеттердің санатында жүзеге асу мүмкіндіктерімен жырланады. Бұл өмірлік философияда жақсылықтың өлшемі адамның өз атына сай тіршілік етуі болса, онда жамандық тіршілікті шектеу деп түсіндіріледі. Яғни, жақсылық адам мен әлем арасындағы үйлесімдік. Тек нағыз адамның қолынан ғана жақсылық жасай білу келеді. Жамандық – үйлесімсіздік, шектен шығу, теріс қылық,, “ғаріп” нәрсе:
Жақсылықтың айшықты өлшеміне адамдардың дүниемен қатынасына да, өзара қатынастарына да олардың ешқашан өшпес құндылықтар екенін мойындап, оларды сақтау, қастерлеу және оны бұзатын, оны былғайтын, оны тәрік ететіннің бәрін де жамандық деп қарау. Бұл сипатта жамандықтың жиі кездесетін түрі – жетесіздік, қадірлей білмеу. Бұл жерде маңызды этикалық мәселе көтеріліп тұр. Ол – жақсылықтың шартсыздығы. Біздің ісіміз жақсылық па, әлде жамандық па деп дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Ол дауысқа салынбайды, тылсымдық түрде бірден аңғарылады. Не болса да, сол болуы керек. Өйткені ізгілік адамның болмысымен тікелей қатынасты, жақсылықтың жасалуы есеппен жүрмейді; онда ол оны сатқанмен, міндетсінгенмен бірдей әрекет болып табылады; ол “өз қайтарымын күтпейтін және адамның шынайылығынан туындаған өмірдегі нұрлы қадамдар болып табылады”. Жақсылықтың бағдары – адамды көтермелеу. Керісінше жасалған әрекет жамандыққа әкеледі.
Жақсылық пен жамандықтың арақатынасын зерттеу әдептанудың басты мәселесіне жатады. Жақсылықтың үш түрлі түсінігін атап өтуге болады: 1) ізгілік ретіндегі жақсылық – этикалық ұстаным, онтологиялық бастау, әдептің жалпы принципі; 2) кісілік қасиет (жақсы адам); 3) әрекет (жақсылық жасау). Жамандық, әдетте, кісілікке қарсы бағытталған әрекет ретінде қаралады. Жамандық күнә, кінә және мәдениетсіздіктен (мәкрұх) тұрады.
Мұхаммед пайғамбар: “Жамандық адамның жанын күйзелтеді. Егер сен жамандық істеген кезде жаның ауырса, онда сен имандысың” – деп айтады. Мұхаммед пайғамбар хадисінде: “Сен бір жамандықты көрсең оны қолыңмен түзет, егер оған шамаң жетпесе тіліңмен түзет, оған да шамаң келмейтін болса оған іштей наразылық таныт” (Муслим, Иман) –делінген. Мұсылман Сүннетінде: “Мұсылмандардың жаман деп қабылдағандары, Алла құзырында да жаман болып табылады” –деп айтылған. Құдай нені жаман деп есептесе, сол жаман болып табылады. Мутазилиттердің көзқарасында жамандық Алланың еркіне тәуелді емес. Оны адам өз ақылымен біле алады. Құранда: “Көк пен жерді және екеуінің арасындағыны босқа жаратқан жоқпыз. Отқа тап болғандардың жағдайы нендей өкінішті” (67, 27 аяттар). Мұнда Алланың бос, яғни жаман нәрсені жаратпайтындығы айтылады. Егер біз өзіміз істеген жаман істерімізді Аллаға таңсақ, онда Алла жаманды жаратушы және өтірікші болар еді. Алайда Алла Тағала мұндай сипаттардан пәк дейді. Хадисте: “Алла тағала былай дейді: Мен құлдарымның барлығын жамандықтан пәк етіп жараттым. Бірақ шайтандар кейіннен оларды діндерінен адастырды»”–деп көрсетілген. Құранда: “…Әр адамның қол жеткізгендерінің сауабы да өзіне, жасаған жамандығының да зияны өзіне” (Бахара сүресі, 2/267–аят), “Ал және бір жамандық келсе, өзіңнен. …Кім жамандыққа болысса, оған да одан бір тиесі бар” (Ниса сүресі, 78, 85–аят) – деп айтылған. Хасан Басри өзінен шайтан ұйықтай ма? – деп сұрағандарға: “Егер шайтан ұйықтайтын болса, біз де демалысқа шығар едік” – деген екен. Шаһуат, өшпенділік, ашкөздік, тамақсаулық секілді адам бойындағы қалаулар мен құмарлықтар оның еркін әлсірететін, жаратылысындағы ақылға бағынбастан адамды жамандыққа жетелейтін сезімдер болып табылады. Мұсылман ғалым Бәдиуззаманның пікірінше, жамандықты жарату Ж. емес, жамандықты істеу – жамандық. Мыс., отты жарату Ж. емес, отпен үйді өртеу жамандық. Спиноза табиғатынан жамандық жоқ дейді. Ж. туралы ой адамның бәрін тұтастай қамти алмайтын қабілетсіздігінен, яғни шектілігі салдарынан қалыптасады деп есептейді. Ол Ж. сезімдер қатарына өкініш пен арсыздықты жатқызады. Хадисте: “ Алла тағала пендеге жамандық қалаған болса бұл дүниеде жазаламай жазасын Қиямет күніне қалдырады” делінген. Тағы бір хадисте: “…Жаманшылық істеген болсаң артынша бір жақсылық істе. Істеген жақсылығың жамандығыңды кетіреді” – деп айтылған. Махмұд Қашқари (ХІ–ХІІ ғғ.) жамандықтың жаман адам мінезінің болмысы екенін: “…Адамның жаманы барсығандықтар” –деп, олардың жамандық басында тұрып, опасыз келетіндігін айтып тұр. Тағы бір бәйіттерінде Махмұд Қашқари: “Жақынын жамандап, дүние жияды, әйтеуір, амалдап туысын қуады” –деп жамандыққа итермелейтін мінезді сынай отырып, “жолдасыңды жамандап, артық пайда іздеме” дей келе, “жамандықтан аулақ бол жаның сонша күйгенше” – деп уағыз айтады. Сопылық философия өкілі Ахмет Йассауи оны: “Көңілі катты, діл азардан құдай безер, ондай құлға Алланың азабы даяр. Жаман құлдар күннен–күнге бітер, достар. …Жаманға берер жаза, қияметте жазаларын тартар, достар” – деген жолдар арқылы көрсетеді. Ортағасырлық түркілік ойшыл Ахмед Йүгінеки жақсылық та, жамандық та тілден болатынын ескертіп: “Ақымақтың тілі – бастың дұшпаны, қан төгіліп, талай бастың ұшқаны. Көп сөйлеген өкінеді түбінде, безей бермей ақылға сап ұста оны. Бақ тіліңді, аздап сөйле, мұра – сол, сонда аман–сау, тек жүресің, рас – ол. “Адамды отқа күйдіретін тіл екен, өзіңді оттан сақта” – деген Расул” – деп келтіреді. Әл–Ғазали адам мінезін: көркем және жаман мінезге бөле отырып, “жаман мінез – жұтып жоқ қылатын у, абыройсыздыққа ұшырататын бұзықтық, аяқ асты қылатын анық жамандық” деп анықтайды. Әл–Ғазалидің айтуынша, Ж. құдайдың қалауына тәуелді. Қоғамда Ж. деп танылатын қылықты жасайтын пенде – жаман адам. Ғазали мұндай адамды: “Ашуы келсе немесе қандайда бір нәрсені қалаған кезде өзін тежей алмайтын нәпсінің құлы” – деп сынайды. Осыдан адамға жасалған жамандықтардан ләззат алатын адам жамандықтың шыңына жетіп, ізгілік сипатын жоғалтқан тіршілік иесі дейтін қорытынды шығады.
ХІХ ғ. неміс классикалық философиясының өкілі А. Шопенгауэр жамандық жасамайтын адамдардың әрекеттерінің түпқазығын мыналардан көреді: 1) не жаза алдындағы немесе өштестік алдындағы үрей; 2) не ырымшылдық, яғни алдағы уақытта жазасы болады дейтін үрей; 3) не сүйіспеншіліктен туындайтын жанашырлық; 4) не намыс сезімі, яғни масқара болу алдындағы үрей; 5) не адалдық, яғни берілгендік пен сенімге деген объективті ұмтылыс, адал қызмет етуді ту етіп ұстау қасиеті.
Қазақ би–шешендері жамандықты адам мінезіндегі төмен қасиеттерге жатқызып, оның иесіне баға беріп, сынап–мінеген. Мысалы: “Жаман еркек жер қадірін білмес, жаман әйел ер қадірін білмес” (Майқы би) – дей келіп, жамандық мазмұнына ие болатын мінезді бағалаған болса, Бөлтірік шешеннің: “Төрем, сіздің үйдің қайсы бір дәмін татып қарасам, бәрінен елдің көз жасының соры шығады” – дегенді айта отырып, жамандықпен жасалған істің нәтижесіне қоғамдық пікірді білдірсе, “…Ешкімнің қақын жемеңдер, артында оның сұрақ бар” (Қабан би) – деп жамандықтың ақыры кәдік екенін ескертеді. Құрмысы шешен: “Адамды алдау, арыңның алдында қылмыс. Ағаңды алдау, анаңның алдында қылмыс” – деп пендені алдайтын мінезді жамандық іс деп танып, оны үлкен қылмыс ретінде мойындайды. Балпық би Ж. иесі жаманды төмендегіше бағалайды: “Жаманды ашу кернейді”.
Жақсылық пен жамандықты айыру табиғат құбылыстарына табыну, олардан мейірім күту, әсіресе, бата беру, сыйыну, құрбандық шалу сияқты қазақы рәсімдерде, бәдік өлеңдерде анық байқалады.
Әдеп, тіпті, жалпы рухани мәдениет, жақсылық пен жамандықты айыра білу қабілеттілігінен басталады. Жануардың жануар болып қалатын түпнегізі осы қабілеттіліктің болмауында. Жақсылық – жалпы әдептің баламасы, адамгершілік пен имандылықты білдірудің ең жалпылама ұғым–түсінігі. Адамға жағымды нәрселердің бәрі жақсылық ұғымына кіреді. Жамандық – керісінше, адам күнкөрісіндегі жағымсыз көріністердің жалпылама аталуы. Оған қоғамдық пікірмен айыпталатын теріс қылықтар мен пиғылдар жатады.
Қазақы дүниетанымда жақсылық пен жамандық ұғымдары ақын–жыраулар шығармашылығында жан–жақты әрі көркем суреттелген. Бұл түсініктер таза поэзия аумағынан шығып, халық даналығы үлгілеріне, философиялық пайымдауларға айналған. Жақсылықтың отаны – Жерұйықтың қандай басты белгілері бар? Бұл сұраққа жауапты заман талаптарынан, халықтың арман–аңсауларынан, өкініштері мен мұқтаждарынан іздеу керек. Яғни, Жерұйық ешқандай утопия да емес, болашақ туралы сәуегейлік те емес, бұрынғы туыс түркі халықтарының (алты алаш) бірлігін жырлау болып табылады. Жерұйық идеясын батыстың утопиялық құрылымдарымен теңдестіру біздің зерттеулерімізде жиі кездесетін үлгі болып табылады. Бұл әдістеме батыстық барлық модельдердің біздегі баламаларын іздеумен әуестенеді. Халық “жерұйықты” – қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды немесе елді қиыншылықтан құтқаратын батыр, дана, көсем туралы утопиялы әңгіме, аңыз шығарады және бұл аңыздық тұлғалар тарихта болған кейіпкерлерден шығарылады. Осыдан барып мессияндық роль атқаратын адам, елге ырыс–дәулет беретін қоныс жайында әпсана–хиқаят қалыптасады.


ЖАН – басым жағдайда адамның болмыстық бітімінің құрылымдық элементін, кісілігінің, субъектілігінің ішкі имманентті бастауын, дене тіршілігінің қайнар көзін білдіретін категория. Ж. ілімі барлық адамзат мәдениетінде орын алады, бірақ ол әртүрлі формада болып, әртүрлі мағыналық контексте қолданылуы мүмкін. Көбінесе діни және философиялық ілімдерде Ж. – жеке дара дене–бітімі болмайтын, мәңгілік элемент, адам денесінің тіршілік көзі. Жалпы мағынада Ж. – өмір принципі, тәнді тіршілікке келтіретін бастама ретінде анықталады. Заттарды алғаш рет “жанды” және “жансызға” бөлуге байланысты алғашқы қауымдық наным–сенімдерде Ж. тән мүшелерімен әрі олардың қызметімен ұқсастырылды: қанмен (иудаизм), мұрынмен (Анд үндістері), жүрекпен (ежелгі египеттер), мимен (Гален концепциясы) және т.б. Ежелгі гректер жанды үш түрге бөледі: “ақылды” (баста), “батыр жан” (кеудеде) және “құмартушы жан” (ішек–қарында). Эпикур Ж. салауаттылығын біліммен байланыстырды. Ежелгі Египетте Ж–ның әртүрлі (ка және ба) түрі өмір сүретіндігі мойындалады. Ж–ды (адам) көлеңкесімен, адам бетінің немесе денесінің су бетіндегі, айнадағы бейнесімен ұқсастыруы жиі кездеседі. Мәдениеттің дамуының алғашқы кезеңдеріне зооморфтік Ж. туралы түсініктер сәйкес келеді; әртүрлі халықтардың наным–сенімдерінде құс–бейнелі Ж. кең тараған. Ж–ның жеке болмыстық сипаты туралы сенімдер анимизмге байланысты қалыптасты. Көне түркілер Ж–ды құт деп атаған. Құтты үшке бөлген: ауа құт (адам ұйықтаған кезде денеден бөліне алады және әлемді шарлай алады), көлеңке құт немесе жер құт (адамның жанында жүретін құт, оны киелі, қасиетті адам көре алады), ие–құт (тәнді өздігінен тастап кете алмайды). Қазақтар ет жан, шыбын жан, рухи жан туралы айтқан. Таулы алтайлықтар Ж–ды жетіге түрге жіктейді: тын (тыныс), құт (адамның өмірлік қуаты), жула және сүр (денеден бөлек жүре алатын нұсқа), ауру көрмес және жаман көрмес, ізгі және кекті (өлген адам жаны немесе рухы). Кейінгі діни философияда Ж. адамның рухани мәні, оның тұлғалық қасиеттерін анықтайтын күш ретінде анықталады. ХХ ғасырдың аяғында пайда болған жаңа діни бетбұрыс өкілдерінің бірі – Виссарионның қазіргі діни ілімінде (Соңғы Өсиет) Ж. – адамның жаратылысынан тәніне енгізілетін мәңгі құдайылық табиғаттың рухани бастауы деп анықталады. Ж. арқылы тіршілік иесі өзіне діни құндылықтарды (жақсылық, ізгілік, қайырымдылық, махаббат, әсемдік т.б.) қосып алған адамға айналады. Фома Аквинский бойынша, Ж. – бейматериалдық субстанция, бірақ ол өзінің тіршілігін тек тән арқылы ғана іске асыра алады. Ж. “тәннің қозғаушысы” болып табылады және адамның мәнін анықтайды. Діни философия бойынша Ж. – дененің тіршілік ету қабілеті. Бірақ адам жанының бүкіл басқа тіршілік иелерінің өмір сүруінен айырмашылығы, адам жаны тек рухпен біріккенде ғана тіршілік қабілетіне ие болады. Алла тағала рух арқылы адамның тәніне Ж. салғаннан кейін ғана адам өзінің өмірлік мақсаттарына келе алады немесе адам мақсатты–тіршіліктік жаратылыс қалпына ене алады. Ж. адамға берілген басқа қасиеттерге қарағанда маңыздырақ феномен, өйткені адам тек жанның қуаты арқылы ғана тіршілік етеді, өмір сүре алады. Ж. арқылы ғана адам тәні шынайы тіршілікке қол жеткізеді. Ал жан тән арқылы ғана өзін көрсете алады, дами алады. Тән жанның даму кеңістігі. Ж. адамның жердегі тіршілігі үшін жаратылған. Әл–Фараби “Азаматтық саясат” деген трактатында жанды беске бөледі: қоректенуші, сезінуші, пайымдаушы, ұмтылушы және теориялық. Ж. науқасы – жағымсыз әдеп деп біледі. Фараби мұндай Ж. тәнмен бірге өледі деп есептейді, өйткені ол күнәға батқан, былғанған, кәмілділікке ұмтылмаған Ж. Адам жанның тек теориялық ақыл қуаты арқылы ғана бақытқа жете алады дейді. Теориялық ақылдың көмегімен кәмілдікке жеткен жан мәңгі, өлмейді, ондай жанның өмір сүруі үшін материя (тән) қажет болмайды. Ал өз кезегінде жан тән арқылы ғана өзін көрсете алады, дами алады. Жанның даму құралы – тән. Тән тозғанда Ж. өз тіршілігін тоқтатады. Ж. адамның жердегі тіршілігі үшін жаратылған. Рух о дүниенің, яғни Алланың қалауын орындаса, Ж. дененің бұл дүниедегі мақсаттарын орындайды. Осыдан адам рухы жоғары тартылса, тән жердегі тіршілікке тартылады дейтін таным қалыптасады. Адамның жанмен қатынас коммуникациясын вертикальды және горизонтальды бағытта қарастыруға болады. Мінездің жаманын да, жақсысын да таңдау жанның құзырына берілетін құбылыс. Әл–Ғазали адам жанының өздігінен болатын субстанция екендігі, Ж. тәнге енетіндіктен болмай қалуы мүмкін еместігі және тәндік қайта тірілу мәселесін көтереді. Ж. – рухани субстанция, ол өздігінен пайда болады, кеңістікте орын алмайды, сондай–ақ, ол денеде де болып табылмайды және денеге енбеген, денемен қосылмаған да, денеден бөлінбеген де субстанция. Ол Алла мен оның періштелері сияқты ғаламның ішінде де, сыртында да болмайды. Ғазалидің пікірінше, жанның тіршілік ұясы тән болғандықтан, оның тіршілік етпеуі мүмкін емес. Ж. өзінің тіршілігін үш жағдай арқылы тоқтатады: 1) тән өлген соң; 2) оның өзіне қарама–қайшылық негіз болғанда; 3) Алланың бұйрығымен жойылады. Сондықтан әл–Ғазали: “Ақылмен танылатын жанның қадірі көзбен көрінетін тәннен жоғары тұрады” –деп есептейді. Ибн Баджаның адам туралы іліміндегі басты мәселе – адам жаны. ХХ ғ. француз философы–теологы Пьер Тейяр де Шарден: “…біз “жанды” табиғаттың әртүрлі каналдары арқылы тоғыса отырып, әсемдікке және ақиқатқа біріктіру үшін бүкіл тән күшінің қайта түрлендіру фокусы ретінде түсінуімізге болады” – деп жазады. Қазақ дүниетанымында Ж. ұғымы діни таным ауқымында қарастырылады.


ЖАУАПКЕРШІЛІК – адамның онтогенездік мәнін, болмыстық бітімін, рухани мазмұндық сипатын, психологиялық қалпын, құқықтық қатынасын, әлеуметтік мәртебесін, моральдық сапасын белгілейтін философиялық категория. Ж. адам өмірінің маңызды сапалық жақтарының бір қырын анықтайтын экзистенциялық білім мазмұны. Ж. адамды белсенді субъект тұрғысында анықтайды. Ж. – тұлғаның субментальды тектұғыры. Ж. – адамның өз іс–әрекеттерінің нәтижесін көре білу, сезіне білу қабілеті, оның әлеуметке пайда, зиянын анықтай білу мүмкіндігі. Ж. жеке адамның немесе оның топтарының қоршаған ортаға қатыстылығын анықтайды, адамның қоршаған орта алдындағы парыз міндетін атқару қызметін сипаттайды. Ж. адамның оң моральдық құндылықтар радиусында айналып, адами болмыс шеңберінде болуын бақылаушы күш, қадағалаушы қуат феномені. Ж. ұғымы туралы түсініктер көне дәуірлерден бастап қалыптасқан. Философиялық категория ретіндегі теориялық негіздері ХVІІ–ХVІІІ ғасырлардан бері қалыптасты. Жәбриттік бағытты ұстанушылардың айтуынша, адамдардың басқа Ж–тері мен қатар этикалық Ж–терін де қабылдауымыз қажет. Ислам діні бойынша, адам Ж. – иесі болып табылады. Ж. – адамның жауап беру мүмкіндігі мен қабілеті. Ж. адамның өзіне деген Ж.–тен басталып, отбасы, жақындарына, отаны, наным–сенімі, жаратушы, бүкіл адамзат, әлем алдындағы Ж.–пен аяқталады. Құранда дербес Ж.: “Сен өзіңнен ғана жауаптысың” (Ниса сүресі, 84–аят), қоғамдық Ж.: “Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар” (Сонда, 85–аят), жаратушы алдындағы Ж.: “Көктегі және жердегі нәрселер Алланікі. Іштегілеріңді жарияласаңдар да, жасырсаңдар да Алла сендерден оның есебін алады” (Бақара сүресі, 284–аят) – деп айтқан. Мұхаммед пайғамбар Ж– туралы: “Бәрің жауаптысыңдар Мемлекет басшысы, қол астындағы халық үшін жауапты. Жанұя қожайыны жанұясына жауапты…” – дегенді айтады. Дінде Ж. о дүниеде де іске асатын мүмкіндік. Құранда: “Ол күні олар, Әттең Аллаға мойын ұсыну керек еді!” – деп көрсетіледі. Мұхаммед пайғамбар хадисінде: “Мұсылмандар, бірін–бірі сүюде, бір–біріне жаны ашуда және бірін–бірі қорғау тұрғысында бір мүшесі ауырғанда басқа мүшелері де мазасызданатын бір бүтін дене сияқты” (Бұхари, Әдеп, 26) –дегенді келтіреді. Құран Кәрім бойынша, Алла ақыл берген пенделерінің бәрін жауапкершілікке тартады. Мұхаммед пайғамбар хадисінде мынандай үш адам Ж.–тен босатылған: 1) оянғанға дейін ұйықтап жатқан адам; 2) дұрысталғанға дейін есі ауысқан адам, яғни жынды адам; 3) үлкейгенге дейінгі бала (Бұхари, Худуд, 22). Ұйықтап жатқан адамның жауапты болмауының себебі, дінде ұйқы ақыл мен сананың уақытша тоқтауы болып саналады. Ұйқы өлімнің бір түрі болып есептеледі. Қорқыт тек өмірді сүйген адам ғана халықтың тағдыры мен болашағы алдындағы өзінің жауапкершілігін түсінеді және іс–әрекеттегі ұқыптылық адамдардың үлкен Өмірдің алдындағы Ж–гі деп санайды. Мутазилиттік бағыт бойынша, адам өз іс–әрекетін өзі істейді және өзі оған жауапты болады. Сунниттік бағыт адам істеуге ұмтылғаны үшін және берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, сол істі істегені үшін жауапты деп есептейді. Құранда: “Алла адамға шамасы жететіндей ғана (жауапкершілік) жүктейді” (Бахара сүресі, 267–аят) –делінген. Спиноза адамның Ж.–ін оның Құдай туралы не ойлайтындығыңмен байланысты деп есептеді. Ж. – өнегелі құбылыс деп анықтайды. И.Кант адам өз әрекет максимасына жауапты деп есептейді. ХХ ғ. философы Б.Констан Ж–ті екі тұрғыда қарастырады: 1) Ж. – әлдебір әрекетті жүзеге асырудағы міндет; 2) ол – өз әрекетіне жауаптылықтағы қажеттілік. Мұнда Ж. ар–ұжданнан кең ұғым болып, ол парыз ұғымымен теңестіріледі. Қорыта айтқанда Ж. ұғымы антикалық дәуірде эстетикалық, ортағасырда – діни , қайта өрлеу дәуірінде – саяси, жаңа дәуірде – жекелік, ХХ ғасырда – әмбебаптық тұрғыда қарастырылады. Ж. әртүрлі негіздер бойынша: парыз күші, субъектісіне, адамның қатынасқа түсуіне, шығу тегіне, ауқымына байланысты жіктеледі. Ж. субъектісіне қатысты сыртқы (объективті), ішкі (субъективті) болып бөлінеді. Сыртқы Ж. адамның қоғамдық қатынастар жүйесінде қандай орын алатынына байланысты. Сыртқы жағдайлар индивид арқылы игеріледі, оның ішкі заңы болып қолданылады. Ішкі Ж. жеке тұлғаның позициясы. Абай адамның әлеуметтік және моральдық жауапкершілігін сөз етіп, олардың ішкі және сыртқы қырларын қарастырады. Ж.–тің реттеуші, басқарушы, бақылаушы, дифференциялаушы қызметтері бар. Ж. құрылымы объектілер, субъектілер, санкциялар арқылы анықталады. Ж. субъекті – қандайда бір нәрсе үшін жауапты адам, объекті – субъект Ж–нде болатын нәрсе. Жер бетіндегі жауапты жаратылыс – адам, себебі өз тіршілігін өзі ұйымдастырады. Ж. категориясы адамды басы бостықтан құтқарып, өз сезімдері мен құмарлықтарына иелік еткізетін құндылықтардың бірі. Адам тек Ж. түсінігімен ғана қарапайым табиғаттан бөлектеніп, моральдық болмыс дәрежесіне көтеріледі.



Каталог: upload -> Book
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Өмірді бағалап үйренейік балалар суицидін алдын-алу бойынша ата-аналарғА, педагогтерге арналған қҰрал алматы
Book -> Рухани-адамгершілік білімге байланысты әндер


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   56




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет