Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар?



бет24/28
Дата26.08.2017
өлшемі3,96 Mb.
#28198
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28

— Балалар, үстелді жасадыңдар ма? - деп дауыстады осы кезде ыдыс көтеріп, сырттан кіріп келе жатқан Майраның шешесі.

— Дайын, ана, - деп Майра мен Меңтай қосыла жауап қатты.

Майраның апасы буы бұрқыраған бір тегене ыстық асты үстел қасына әкеп қойды. Өзі соның жанына жайғасты да, қызының қолынан бір-бірлеп тарелка алып, бәрімізге бөліп құя бастады. Абзал ананың қолымен ақ сүтке жасалған кеспе көже Меңтай екеуіміз ақ тілеумен табысқан алғашкы күні аузымызға алған асыл асымыз болды.

— Ішіңдер, қарақтарым. Нанмен қосып ішіңдер, - деп шешеміз бәйек болып жатыр. Содан сон маған карай бұрылды. - Қарағым, сен азаматсың ғой, тауысып іш. Келгенің жақсы болды, айналайын. Сенің төбең көрінгеннен бері мына екі баламның ажары кіріп, адам болып қалды.

— Иә, ажары ғана емес, мына қызыңыздың кеудесіне жаны кіріп, жақсы болып қалды, апа, - деп Майра өзінен жоғарырақта, маған тақау отырған Меңтайды нұсқады. Шешесі басын көтеріп, қызына қарады. Меңтай «тыныш отыр» деген ишара жасап, Майраны ақырын жеңінен тартқылады. Бірақ оған Майра тоқталмады. - Меңтай мен мына отырған балаңыз екеуі бір-біріне Қыз Жібек пен Төлегендей ғашық болатын. Араларына бір Тұмажан деген Бекежан түсіп, мына балаң оқуын тастап, былтыр басқа қалаға кетіп қалған. Дүниеде Бекежандар оңушы ма еді, ол Меңтайдың оқу бітіруін тоспай, басқа біреуге үйленіп қойыпты. Сөйтіп мына аңқау қызынды алдап кетіпті. Иә, кеткені жақсы болды сол сұмпайының! - Бұл тұста Майраның жазық маңдайы шытынап, кеудесін ыза кернегендей, дауысы дірілдеп шықты. - Мына балаң оны білмей, ана жақта жүре берген. Ал қызың ұялып, оны айтпаған. Сонымен андағы Ербол балаң жазғы оқуға келе жатып, жолда бір жерде жаңағы сұмпайымен - Бекежанмен кездеседі. Содан бар жайды біледі. Білген соң Меңтайды іздеп, кеше осында келеді. Иә, апа, мына қызың, - ол қолымен Меңтайды бүйірінен түртті, - бүгін бұрынғы Меңтай емес. Төлегеніне қосылған Қыз Жібек боп отыр кәзір. Ал құттықта, апа, балаларыңды.

— Алда, қарақтарым-ай! Алда, айналайындар-ай! Бақытты болыңдар ендеше! Босағаларың берік, үбірлі- шүбірлі болыңдар, қалқаларым, - деп Майраның шешесі қапелімде аузына түскен тілегін айтып, ақ батасын берді. - Келіңдерші, қарақтарым, екеуіңнің де беттеріңнен сүйейін, - деп орнынан тұрды. Біз де қоса көтерілдік. Екі беті қып-қызыл боп кеткен Меңтай төмен қарап, ілбіп басып, Майраның анасына қарай аяңдады. Ана оны айқара құшақтап, бауырына басып, қайта-қайта шашынан иіскеді. Содан соң маңдайынан сүйді де: - Қосағыңмен қоса ағар, ботам! - деді.

— Айтқаныңыз келсін, апа, - деген үш сөзді даусы дірілдеп әрең айтты да, Меңтай Майраның анасын тез қайта құшақтап, солқылдап жылап қоя берді. Оған қосылып, ана да көзіне жас алды. Меңтай жылағанға мен қоса қиналып, ернімді тістелей бастадым. Ішіміздегіміз бақпаған Майра ғана болды.

— И-иә, несіне жылайсың? Қуанғанына көрінсін! - деді ол құрбысын сыртынан құшақтап, анасының бауырынан ажыратып жатып. Содан соң маған қарап, көзін бір қысып қойды.

— «Қуанған да, қорыққан да бір» деген ғой, қайтсін жыламай, - деді Майраның шешесі басындағы орамалының ұшымен өз көзінің жасын сүртіп жатып. - Бәлкім, анасы есіне түскен болар. Ол байғұс тірі болса, өз қолынан ұзатар еді ғой бүгін. -Осы сөздерді айтып болған соң ана құшағын жайып маған бұрылды. - Кел, балам. Аналық құшағын кең жайып тұрған бұл мейірбан кісі менің де өз шешеме ұқсап кетті. Мені де алдымен төсіне басып, сонсоң екі қолын екі иығыма салып, тебірене сөз сөйледі

— Сен де жалғыз екенсің, балам. - «Жалқылығым жадыңда екен-ау» деп ойладым ішімнен. - Жалғыздың жан жолдасы - ары мен жары болады. Ендеше, қалқам, жарыңды жаныңмен тең ұста, жаныңды арыңмен тең ұста. Сен сенімді серік болсаң, Меңтайым мейірімді жар бола алады саған. Жерден шыққан жетім қыз алдым деме, шырағым. Ақылды қызға - ана көп, аяулы жанға - пана көп. Мен жалғыз Майраның ғана емес, Меңтайдың да анасымын, қарағым...

— Иә, біздің апам боздатты біржола, - деді Майра Ментайдың көз жасын құрғатып жатып.

Әзіз ана өз сөзін одан әрі жалғастыра берді.

— Ендеше сен құрсағымнан шықпаса да, құшағымнан шыққан баламды алғалы тұрсың, міне. Еркектің бақыты да, тақыты да жақсы жар болады, шырағым. Саған айтар ақыл, берер кеңесім, қарағым: өзіңді тапқан анаңды сыйласаң - анау адал жарыңды сыйла. Сенің де анаң бір кезде осындай жас келін боп түсіп, жан ұшырып жүріп, сені дүниеге келтірген. Ана болғаннан кейін дана болған. Адамның екінші қымбаты - арыңды қадірлесең, жарыңды қадірле, қарағым. Мына бүлдіршіндей Меңтайымды жарым деп қана емес, жаным деп қабылда, қалқам. - Осы арада ана бір тоқтап, тыныс алды да, сөзін аяқтады. - Бұны Жетісудың бір бейтаныс кемпірінің сөзі емес, өзіңнің туған шешеңнің есиеті деп ұқ, балам!

Осылай деп ана менің де маңдайымнан сүйді. Ананың сөздері менің де сай-сүйегімді сырқыратты. Меңтай көзінен тағы да үнсіз жас сорғалады. Бұл тұста Майра да босады. Мұнысын білдірмеу үшін ол Меңтайды уата жүріп, оның бетін үнсіз аймалай берді.

Жүрегім елжірей тұрып мен осынау шүйкедей кемпірдің шешендігіне, даналығына таң қалдым. Менің Флобер, Бальзак, Тургенев, Горький кітаптарын айлар бойы ақтарып, алтын тапқандай қуана қойын дәптеріме көшіріп алатын асыл создерімді бұл кісі бір ғана сәтте түйдек-түйдегімен төкті де салды. Осы үйдегі кешеден бері ең елемеген адамым да осы кісі еді. Кеше келгенде «Сәлеметсіз бе, апа» деп сәлем беріп, кетерде «сау болыңыз, апа» деп қоштасқаннан басқа жылы ұшырап, бір ауыз сөйлескемін жоқ. Менің есіл-дертім екі қызда, Меңтайда болды. Солар не айт десе, соны айтып, осы үйдің алдында патефондай сайрадым да отырдым. Олар күлген сайын мен әңгімемді соза бердім. Оларды күлдіре түскім, қуанта түскім келді. Сонда мәсісінің ұшымен басып, есікті сықырлатпай ашып, үйге кіріп-шығып жүрген осы кісі көлеңке іспетті ғана боп көрініп еді маған. Кітап қадірлегіш, өткен данышпандарды сыйлағыш мен екі күн бойы қасымдағы тірі дананы елемеппін-ау. «Ана болғаннан кейін дана болған» деген сөзі қандай жақсы еді апамның! Жо-жоқ, жалғыз бұл емес, жаңағы айтқан бар сөзі маржан ғой тізіліп тұрған. Кеш менің білместігімді, данышпан ана. Мен ішпей маспын ғой бұл күндері. Мас кісі не білуші еді, не анғарушы еді. Соны ескер, абзал ана. Әрине, мен мұны ауызша айтқамын жоқ. Оймен айттым. Өйткені мен үндемей отырып, іштей сөйлесуге ғана шешенмін ғой. Ал ауызша айтқан бар сөзім мынау ғана болды.

— Алдияр ана, айтқаныңызды орындаймын! - деп бас иіп, ант еткендей оң тіземді бүктім.

Бұл менің анаға деген ризалығым еді. Бұл және Меңтайға ризалығымнан айтылған сөз болатын. Осы аз сөздің өзін әрең айттым. Өйткені мен өзімнің тебінгідей үлкен еріндеріме ие бола алмай қалдым. Ол жылаған жас баланың ерніндей боп, кемсеңдеп кетті.

Майра жүгіріп кеп, мені қолтығымнан көтерді.

— Иә, не боп кетті өзі. Жұрт қуанады екен десе, - деп ол өз-өзінен күбірлеп жүр.

— Қуаныш деген осы ғой, күнім, - деді ана енді камзолының қалтасынан орамалын алып, көзін сүртіп жатып. - Қуаныш тек күлкімен ғана келмейді. Ол тек бала басынан кешіретін тәтті қуаныш қана. Азаппен келетін ащы қуаныш та болады. Нағыз қуаныш һәмәнда жанды қинап, жүректі сыздатып, жылата келеді ғой, қарағым. Ең қайырлы қуаныш та сол болады.

— Иә, апам бүгін философ болып кетіпті, - деп Майра бізді орнымызға жайғастыра бастады. - Отырыңызшы, Ереке. Отырсаңшы, Меңтай.

— «Былайсоп-мылайсобыңның» не екенін білмеймін, қалқам, - деді ана қызы орнына отырған соң. - Соғыс кезінде соқаға жеккен сиырды «соп!» дейтінбіз. Менің білетінім осы ғана. Ендігі білетінім - ертең ел- жұртты жинап, той жаса, балам.

— Иә, жасаймыз, - деп Майра күлімдеп кетті.

— Ертең ана ақ бұзауыңа айырбастап колхоздан бір семіз қой ал. Жиырма жылдан бері осы колхоздың ыстығына күйіп, суығына тоңып келеміз ғой. Соғысқа кеткенше әкең де табан аудармай жұмыс істеген. Берер бір малын.

— Береді, апа, береді, - деді Майра алақанын шапалақтап.

— Берсе, солай ет, ботам, - деп ана орнынан көтерілді. Ол тегенені, Майра мен Меңтай ыдыс-аяқты жинап алып, ауыз үйге әкетті.

Төргі бөлмеде оңаша қалған мен өз-өзімнен отырып тағы да тебірендім. Ері соғыста өлген, жалғыз қызын медеу етіп, күнделікті еңбегімен күн көріп отырған жесір әйелдің мынадай мырзалығына және таң қалдым. Алты аласы, бес бересі жоқ біреуге той жасап, жалғыз бұзауын сойып бермек. Неткен дарқандық десеңші бұл! Бүгін біреуге той жасап, ертең өздері аш отыруға бейіл ғой бұл ел. Жоқ, Меңтай екеуміз бұзауды сойдыртпаспыз. Ал алда-жалда айтқанымызға көнбесе, екі есеғып өтерміз бұл жақсылықты. Жалғыз Майраның ғана емес, үшеуміздің бірдей ортақ анамыз етіп алармыз бұл кісіні!

Мен осыны ойлап отырғанда төргі үйге Майра кірді.

— Біз, Меңтай екеуміз де күнде беседкаға жатушы едік, - деді ол орындықтағы шамды алып, биік үстелдің үстіне апарып жатып. - Үй ыстық. Сізге төсекті қайда салайық?

— Үйдің төбесіне жатуға бола ма? - дедім мен. Менің бүгінгі көңіл күйім не үйдің төбесіне, не таудың төбесіне жатуды керек қылғандай еді.

— Болады. Онда мен сізге төбеге салайын, - деп Майра төр жақта жинаулы тұрған жүкті бұза бастады. Орнымнан ұшып тұрып, мен де оған көмектесуге кірістім. Мен текеметті, Майра көрпе-жастықты көтеріп, екеуміз сыртқа қарай беттедік. Меңтай ауыз бөлмедегі биік ағаш төсектің жинауын бұзып жатыр екен.

— Меңтай, - деді Майра шығып бара жатып, - сен андағы, апамның төсегін салып болғаннан кейін өзіміздің төсек-орынды беседкаға апара бер.

— Жарайды, Майра.

Бұл екі сөз маған ғажап музыка, асқақ әндей боп білінді. Сол ән мен музыка жаныма қанат бітіріп, жайраңдап далаға шықсам, аи сүттей жарық, ауа қымыздай тәтті екен. Кеудемді кере дем алып, қабырғаға сүйеулі тұрған саты ағаштың орта беліне дейін көтерілдім де, текеметті жоғары шығардым. Одан соң жерде тұрған Майраның қолындағы көрпе-жастықты алып, тесекті өзім салып аламын деп оны қоя бердім. Маған алаңдамай, олардың тезірек беседкаға жайғасуын тіледім.

XX

Майра маған бір көрпе мен бір жастық және ұзынша келген құрақ көрпеше беріпті. Соғыстан соңғы, дүниеге тапшы кез еді ғой ол. Құрақ көрпешені текемет үстінен төсеуге әрі простыня орнына бергенге ұқсайды. Төсекті тез салуын салып алғаныммен, тыншығып жата алмадым. Текеметке киімшең құлаған бойыммен, өлі тигендей дөңбекшіп, біресе оң жамбасыма, біресе сол жамбасыма аударыла беремін. Кейде төмен домалап, үй үстіне қаулап өскен алабота, көк қурайды сытырлата сындырып, аунай кеп жөнелемін. Төбедегі шөпті ат аунағандай етіп жапырамын да, одан соң қайтадан орныма ораламын. Біраздан кейін киімімді шешіндім де, тек трусишең ғана күйде қалдым. Содан сон, аюмен алысқандай боп, екі иығымнан демалып, екі танауым делдеңдеп біраз шалқамнан жаттым.



Сөйтіп жұрт аяғы басылып, ел ұйқыға кеткенше өз-өзімнен аласұрумен болдым. Әлден уақытта жолбарыстай ырғып орнымнан тұрдым да, біреу көріп қоятындай еңкеңдеп, бір басып, екі басып сатының қасына келдім. Беседка жаққа көз салып едім, қыздардың жайбарақат ұйықтап жатқандары аңғарылды. Сатыдан түсе салып, жүгіріп қастарына барсам, Майра басын бүркеп алған екен. Қою қара шашы ақ жастыққа шашылып, шалқасынан жатқан Меңтайды көргенде үстіне құлап түсе жаздадым. Буын-буыным қалтырап, тынысым тарыла түсіп, Меңтайды еңкейіп ернінен сүйдім. Ол тез көзін ашып алды да, мені қос қолымен бетімнен сипап, мойнымнан құшақтады.

Мен дегбірім кетіп, оны тез орнынан тұрғызбақ болып, екі қолынан тарттым. Меңтай кеудесін көтеріп отырды да, Майра жаққа карап, маған екі саусағын көрсетіп, ерніне басты. Онысы: «Ақырын, Майра оянып кетеді» дегені деп ұқтым. Мен оған саусағыммен беседканы нұсқап, одан соң үйдің үстін көрсеттім. Оным: «Жүр, үйдің төбесіне барып жатайық» дегенім еді. Ол орнынан тұрып, үндеместен соңыма ілесті. Беседкадан шыққаннан кейін екеуміз қол ұстасып, сатыға қарай жөнелдік. Жұқа, шолақ ішкөйлегінен екі тізесі жарқ-жарқ көрініп, ақ мәрмәрдәй мойын, кеудесі айға шағылысып, қалың, қою, ұзын қара шашы ту сыртын қара мақпалдай қымтап, Меңтайдың сахнаға шыққан бишідей

аяғының ұшынан лыпып басып, қасымда келе жатқанын көргенде менін жүрегім жарылардай боп дүрс-дүрс соқты.

Үйдің үстіне шыққаннан кейін Меңтай төсек үстіне келіп, демін ішіне тартып, дымы құрығандай боп шоқиып отыра кетті. Сол тұста көкте қайырған қыранның тегеурінінен тайсалақтап, діріл қағып, жан ұшырып, тегіс жерде шалқасынан құлаған қызыл түлкінің үстіне жарқ етіп, нажағай соққандай болды. Ерінді ерін тауып, бір- бірінен шырын сорып, бал жұтысқан тойымсыз, тынымсыз толассыз бір сәт туды.

Меңтай екеуміз құшақтасып, жалаңаш денеміз сүйіскен екі еріндей жабысып, көрпе астында үн-түнсіз ұзақ жаттық. Бұл - күн ыстықта ұзақ жол жүріп, қаны кеуіп шаршап, қаталап келіп, алдынан кездескен мөлдір бұлаққа бас қойған адамның алғашқы алған рақатынан кейінгі тапқан тынысы тәрізді шақ еді. Қатты шөлдеген адамның сусыны қанушы ма еді? Менің тағы да шөл қандыру әрекетіне кіріскім келді. Осы кезде Меңтай мені сәл бөгеп, бір нәрсе сұрағысы келгендей ыңғай білдірді.

— Сіз... сен менен жиіркенген жоқсың ба? - деді ол.

-Жоқ.

— Жиіркенбейсің бе?



— Жоқ.

— Өмір бойы ма?

— Иә...

Осы кезде менің денемнің Меңтай жақ жартысы дір ете қалғандай болды. Діріл тез қайталап, бірден жиілей түсті. Сөйтсем, Меңтай өксіп, жылап жатыр екен. Оны неден ренжітіп алдым деп мен жаным шыға бәйек болып, асты-үстіне түстім.



— Не болды, жаным?

— Жай, әшейін.

— Әшейін емес қой, айтшы, қуатым, - дедім мен жалынып.

— Әшейін, - деді Меңтай үстіміздегі көрпенің шетіне көзін сүртіп.

— Айтшы, сәулем?! - дедім оның ащы жас шыққан екі көзінен, аузынан тынбастан сүйіп. - Айтшы, қуатым.

— Жай, әшейін дедім ғой... Сен болмасаң, мені кім бағалар еді? Өзегіне құрт түскен алмаға кім қолын созар еді... деп... Әшейін соған..

Меңтайдың неге жылағанын енді білдім. Тезірек оны жұбатуға асықтым.

— Қойшы, қалқам, оны ойламашы, - дедім тағы да толассыз сүйіп жатып. - Ол бір сәт түнде көрген жаман түс сияқты болып, өтті де кетті емес пе. Ойламашы соны. Сен бітеу тұрған, бұзылмаған ең тәтті алмасың, жаным!

— Мен сіздей... сендей кісіге лайық емеспін-ау, тең емеспін-ау деп ойлаймын.

— Жоқ, лайықсың! Сен менен артықсың, сәулем!

Меңтай біраз үнсіз жатты.

— Жарайды, сенің көңіліңе келмесе болды маған, - деп ол мені ыстық ернімен аймалап, жұмсақ алақанымен жанымды сүйсіндіре жауырынымды сипады.

— Келмейді, келмейді, қуатым! Сенші маған. Келмейді ешқашан да! Ешқашан да! Мен сені осылай құшып жатқаныма бақыттымын, қуатым, қызығым, өмірім, өзегім!..

— Айналайын, көкетайым! - деді Меңтай «айналайын» деген сөзді жанды еріте созып айтып.

Айлы түнде айдай жарымның ашық жатқан аппақ кеудесіне тағы да құмарта көз тіктім. Ұлы даналар жасаған жан ләззаті - жалаңаш әйел бейнелері көз алдыма елестеді сол сәт. Гойяның биік төсекте шалқалай сұлап, топ-томпақ қос анары қызықтыра көз тартып, өзіне маужырай қараған бұраң бел, жалаңаш Махасын көргендей тамсандым. Енді бір сәт Тицианның қою қолаң шашын уыздай денесіне шәлі етіп жамылып, жұмыр білегі, қос анары, үлбіреген ақтамағы ғана ашық қалған жанды еріткен жас сұлу Мария Магдалинасы мен ақ санын айқара ашып тастап, сабыры сарқылып жатқан Данаясының; бір сәт Рубенстің оң иығына жалт бұрылып, әлденеге құмарта қарап қалған сымбатты Вирсавиясының қасында тұрғандай сұқтандым.

— Айналайын, - деді осы кезде Меңтай даусын соза сөйлеп, жалынғандай болып, - қарамашы тесіліп, қойшы, көкем! Ұяламын! Біреу көріп қояды.

— Кім көреді? Ешкім де көрмейді, - деймін мен оны кеудесіндегі тырсиған ақ алмасынан аймалап.

— Әне, ай көріп тұр, - деді Меңтай күліп, қытығы келіп.

— Ай көрсе, көре берсін.

— Ол айналасына айтады.

— Айтса, айта берсін.

— Жұлдыздар көріп қойды. Олар жер жүзіне жаяды.

— Жайса, жая берсін.

Дүниеде әйелдің тәнінен тәтті, оның тұлғасынан сұлу ештеңе жоқ шығар деп ойладым мен Меңтайдың ақ денесін көрпемен қайтадан қымтап жатып, - Әйелдің асыл тәніне тәнті болу - еркектік тіршіліктің түйіні шығар деп түйдім мен онда. Бірақ ешбір картина менің Меңтайымның сымбатын бере алмайды. Барлық Венералар да, Данаялар да, Мариялар да, Вирсавиялар да Меңтайдың шеніне келмейді. Өйткені бұл ешкім көрмейтін, менің өз картинам, өз дүнием, өз байлығым, өз бақытым! Міне, мен Меңтайды бауырыма басып, ішімнен осылай деп жаттым. «Меңтай - менің өз картинам, өз дүнием, өз байлығым, өз бақытым!» деп мың мәртебе қайталадым.

Әйел мүсінінің сұлулығын қылқаламмен жырлап өткен ұлы даналар қалдырған Эрмитаж қабырғаларындағы бір көрген адамның ешқашан есінен кетпес мәңгілік ғажап картиналар-дай болып, сол бір түн, жарық ай, жалаңаш Меңтай күні бүгінге дейін менің көз алдымда қалды. Сол жолы мен сұлулықтың шын сырын ұқтым. Әйел сымбаты, әсіресе оның жа-лаңаш мүсіні дүниедегі ең қуатты күш екенін түсіндім. Әйел тәні еркектер үшін магнитпен пара-пар екенін білдім. Жалаңаш әйелді жау да жеңе алмас-ау деп ойладым. Бұл сабақты маған сол түн, сол сәт берді. Ол түн маған дүниеде ең бір ұлы сабақтың алғашқы әліппесі болды.

Мен шалқамнан жатырмын. Меңтай бір қырындап, мені құшақтап алған. Мен оны мойнынан қысып, екінші қолыммен қолын сипап жатырмын. Аспанда асыға ай дөңгелеп барады. Одан әріректе менің Меңтайымның жүзін көруге таласқандай боп, жұлдыздар жапырласады. Олар бір-бірімен жарыса жымыңдасады. Содан соң: «Сен қандай бақыттысың!» деп маған бас изегендей болады. «Иә, мен бақыттымын! - деймін жұлдыздарға күбірлеп. - Менің бақытыма сендердің де сандарың жетпейді!» Өстіп Меңтайды құшақтап, жұлдыздармен сөйлесіп жатып мен соншама бір ғажап, рақат теңізінің түбіне қарай шым батып бара жатқандай сияқтандым.

Таңертең Меңтай ерте тұрып, мені қайта-қайта сүйді. Содан соң беседкадағы Майраның қасына кетті. Мен жалғыз қалдым. Бұл жолғы жалғыздығымды мен басқаша сезіндім. Үй үстінде бір өзім оңаша болғаныммен, Меңтай көзге көрінбей, қасымда жатқан тәрізденді. Ол да оңаша емес, қасына мені алып жатыр деп ойладым.

Көкжиектен дөңгелеп күн шығып келе жатты. Жалғыз жатып, мен күбірлеп күнмен сөйлестім, сыбырлап желмен тілдестім. Оларға да өз бақытымды айттым.

Бір кезде үйден шелегін салдыратып, сиыр саууға Майраның анасы шықты. Мен киініп, үй төбесінен түсіп, абзал анаға сәлем бердім.

— Армысыз, анам!

— Бар бол, балам. Ұйқың келмесе, өзенге бар, - деді ол.

— Бүрген, Бүрген, мен бақыттымын, - дедім өзен жағасына келіп айқайлап.

Одан соң аяңдап гүлді өзекке түстім.

— Гүлдер, гүлдер! Мені құттықтаңдар! Мен сендердей гүл құшақтадым, мәңгі құштым! - дедім оларға. Гүлдер қуана құттықтап, бастарын изесті. Содан соң мен Көктөбеге көтерілдім.

— Мен бақыттымын! - дедім төбе басында тұрып дауыстап. Маған алыстағы таулар үн қосты. Олар: «Мен бақыттымын! Мен бақыттымын!» деп жаңғырыға жауап қатты.

Маған Бүрген өзені шалқып жатқан дария, Көктөбе асқар тау сияқты боп көрінді. Мен дүниенің төріне шығып, төбесінде тұрғандай сезіндім өзімді.

Иә, сол күні кешке Майра болмастан той жасады. Ауыл жиналды. Махаббат гимні - «Жар-жар» айтылды, әндер шырқалды. Ауыл адамдары Меңтай екеумізге ақ жүректерінен шыққан адал тілектерін айтысты. Шарап жоқ, шатақ жоқ шаршы ғана жиын жасадық өзімізше.

Ертеңінде Меңтай, Майра, мен үшеуміз қалаға келдік. Жатақханаға кірсек, маған деген тілдей ашық хат жатыр. Оқып жіберсем, былай деп жазылыпты.

«Ербол!

Сен бізге аса қажетсің. Тез келіп, маған жолық.



Б. Уазитов».

— Мені редакция іздеп жатыр. Барамыз ба, қыздар? - дедім неге екенін білмесем де өз-өзімнен қуанып.

— Барайық, - деді олар бірден.

Базардың қасына келіп, трамвайға отырдық. Одан кейін біраз жаяулап, редакцияға бардық. Жол бойы мен жақ жаппастан сөйлеумен болдым. Қыздар күлумен болды.

Қыздар тосып, сыртта қалды. Мен ішке кірдім.

— Ә, келдің бе, Ербол? - деді жауапты секретарь мені көріп. - Сәлеметсің бе? Хал қалай? Сессияң бітті ме?

— Бітті.

— Окуыңды қашан тауысасың?

— Енді бір он шақты айдан кейін.

— Бізде бір орын босады. Сені қызметке алсақ деп ойлап едік. Қалай көресің?

— Ақылдасып кеп артынан айтайын. Кімнің орны?

— Шалғынбаевтың орны.

Менің көзім бақырайып кетті.

— Ол қайда? Неғып кетті?

— Басқа жұмысқа ауысты. Газетте істеуге қабілеті жетіңкіремеді. Оның үстіне мақтаншақ, даңғой, ішкіш адам болып шықты. Ал өз шешіміңді айт кәне.

«Апырай, Шәкем-ай, - дедім мен ішімнен. - «Аһ!» деп өзіңнен өзің сиыр қайырғандай болып отырушы едің. «Тіркемелі» жүз елу грамм түбіңе жеткен екен ғой, тегі».

— Қазір, семьяммен ақылдасайын, Бәке, - дедім содан соң.

— Семьялы болып па едің? Құтты болсын! - деді жауапты секретарь. - Семьялы болсаң, осы қызметке кіргенің жөн болар.

Жүгіріп есік алдына шықсам, Меңтай мен Майра күтіп тұр екен.

— Иә, неге шақырыпты? - деді Майра.

— Бізге қызметке кел дейді.

— Иә, сіз не дедіңіз?

— Семьяммен ақылдасайын, - дедім.

Майра мәз болып күлді.

— Ал, семьясы, айт, - деді Меңтайға бұрылып.

— Оқу бар ғой, - деді Меңтай.

— Қалған бір курсты жұмыс істеп жүріп-ақ бітірмеймін бе?

— Ана жақтағы жұмысыңды қайтесің?

— Оны тастаймын. Редакция ол жақтан өзі босатып алады.

— Қайдам, өзіңе ауыр болып жүрмесе?

— Жок, түсейін. Менің арманым нағыз журналист болу емес пе? Ол үшін осы газетте жұмыс істеуім керек. Оның үстіне қызметістесем, екеуміздіңде жағдайымыз жақсарады.

— Өзің біл. Бірақ маған осыдан артық еш жағдайдың керегі жоқ, Ербол. Мен қандай қиындық болса да шыдаймын ғой.

Сол күні маған Ербол Есенов республикалық газеттің әдеби қызметкері болып тағайындалсын деген бұйрық берілді. Тағдыр менің сүйген қызымды да, сүйікті қызметімді де осылай, бір-ақ күнде қолыма ұстатты.

Сонымен, не керек, нағыз бақытты жан мен болдым. Меңтай екеуміз Мичурин көшесінен оңаша бөлме жалдап алдық. Мен Меңтай дегенде, ол мен дегенде ішкен асымызды жерге қоятын болдық. Біріміз жоқта біріміз бір ұрттам су ішпейтінбіз, тамағымыздан өтпейтін. Мен жұмыстан, ол сабақтан босасақ-ақ болды, екеуміз бір-бірімізге қарай ұмтылатынбыз. Жылдам жетіп, жолығысқанша асығатынбыз.

Біздің кішкентай бөлмеміз бүкіл курс студенттерінің орталығына айналды. Олар, әсіресе, демалыс күндері біздің үйден шықпайтын. Шай ішетін, шарап тататын. Өте-мөте Жомартбек пен Майра біздің үйге жиі келетін.

— Екеуің қосылсаңшы, - дейтінбіз біз оларға әзілдеп.

— Менің қосылғым-ақ келеді-ау, - дейтін ондайда Жомартбек күліп. - Бірақ мына Майра мен сенен үш жас үлкенмін, апаңмын деп болмайды. - Осылай деп Жомартбек күлкісін тыя қояды да, моп-момақан болып, Меңтай екеумізге кезек қарайды. Содан соң: - Апасын алушы ма еді жұрт? - деп сұрайды.

Бәріміз қыран күлкі боламыз. Майра Жомартбекті төмпештеп, екі құлағынан кезек жұлады.

— Ойбай, апатай, алмаймын, апатай, - деп Жомартбек бақырып, үйді басына көтереді.

Бұған да көзімізден жас аққанша күлісіп, мәз боламыз. Кейде Зайкүл келеді. Келеді де ол біздің ескі-құсқы базарынан сатып алған жаман диванымызға жалп етіп отыра кетеді. Содан соң, бір аяқты бір аяқтың үстіне салып, юбканың етегін кейін серпіп жіберіп, екі санын жарқырата жалаңаштап тастайды да, сөзге кіріседі.

— Өз курсында оқитын қыз бен жігіттің оңаша үйі болып, аяқты көсіліп тастап отырған қандай рақат, - дейді ол мардымсып.

Жомартбек оған дүрсе қоя берді.

— Әй, әй, Зайкүл, - дейді ол қабағын түйіп. - Сен Кербез ағайынның алдында отырған жоқсың, жап етегіңді.

— Ой, осының өзі мәдениетсіз, - дейді Зайкүл міз бақпай, бетін тыжырайтып. - Қызға кісі өстіп дөкір сөйлей ме екен?

Жомартбек қарқылдап күліп жіберді.

— Е, немене, қыз емес дегің келе ме, - дейді Зайкүл басын қақшита ұстап. - Менің мына Меңтай сияқты күйеуім бар ма? Жоқ. Ендеше не керек саған? Артта қалғансың. Мен саған жолда жатсаң, қарамас едім.

Меңтай тез орнынан тұрып, Зайкүлдің қасына барды.

— Қойшы, Зайкүл, Жомартбектің қалжыңына несіне ашуланасың, - дейді оны құшақтай арқасынан қағып. - Қарның ашты ма? Жұмыртқа қуырып берейін бе?

— Сөйтші, Меңтай, - дейді Зайкүл Жомартбекпен ұрысып отырғанын бірден ұмытып. - Ішім ұлып барады. Мен қуырған жұмыртқаны сондай жақсы көремін, Меңтай. - Содан соң Меңтайдың құлағына сыбырлайды. - Шарабың бар ма?

— Сендік бірдеңе табылады, - дейді Меңтай тез Зайкүлді тамақтандыру қамына кірісіп.

Біраздан кейін мен Меңтай пісірген жұмыртқаны табасымен көтеріп, шыжылдатып әкеп үстелдің үстіне қоямын. Меңтай біреулерден қалған шараптың аузын ашады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет