Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар?



бет25/28
Дата26.08.2017
өлшемі3,96 Mb.
#28198
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28

— Зайкүл, жалғыз ішесің бе? Жомартбек басын шайқап отыр ғой.

— Жоқ, мен сенімен қағыстырып ішемін, - дейді Зайкүл шарапты жұтпай жатып, сықылықтай күліп.

— Мен мұны ішпеймін.

— Неге?

— Менің шарабым басқа.



Зайкүл алдындағы стақанды сырғыта салды.

— Ендеше мен де ішпеймін. Сендер тәуір шараптарыңды өздерің ішіп, маған біреуден қалған жаманын беріп отырсыңдар.

— Мен күлдім.

— Менің шарабым, шербетім мінеки, - деп қасымда бейқам отырған Меңтайдың бетінен сүйіп кеп алдым.

— Күн сайын ішесің, күнде мас боласың, ә? - деді Жомартбек желпініп.

— Иә.


Зайкүл сықылықтап күліп, стақанға қайтадан қолын созды.

— Олай болса, ішемін.

— Ербол, Зайкүлмен соғысып ішсеңші, - деп Меңтай маған да құйды.

— Ендеше маған да тамыз, - деп Жомартбек те стақан тосты.

— Бәрібір Ербол Зайкүл екеумізге басқа шарап-шербетінен татырмайды.

Зайкүл орта стақан шарапты бір-ақ қағып салды да, күлді.

— О не, Зайкүл? - деді Жомартбек бұрылып.

— Менің шарабым басқа дегенде мұның өзі оңаша ішіп жүрген бәлзамы бар екен десем. Мен бір мықтының үйінен ішкемін ондай бәлзамды. Бірақ оның сауыты қыздың беліндей жіп-жіңішке болады екен. - Осы арада Зайкүл көзінің қиығымен Меңтайға қарап қойды. - Ал, мына Ерболдың бәлзамының сауыты... - Зайкүл одан сайын сықылықтады. - Аузын кенеппен тығындап қоятын қойшылардың карелин сауытына ұқсай ма, қалай, Жомартбек?

Меңтай қызарып кетті, бірақ үндемеді. Іші білініп, жүріс-тұрысы ауырлап қалған жарымды сөккені маған да ұнамады. Жомартбек те теріс айналып кетті.

— Әй, әй, өкпелеп қалдыңдар ма?-деді Зайкүл бірден күлкісін тыйып. - Мен қалжыңдап айтамын.

— Мен қалжыңды білмейді дейсің бе, Зайкүл, - деді Меңтай. - Алаңдамай тамағыңды ішіп ал.

— Сенің осы ешкімге ренжімейтін мінезің үшін жақсы көремін, Меңтай, - деді Зайкүл шанышқыны қайтадан қолына алып. - Менің бір ауыз қалжыңымды көтере алмай, мына екеуі торсиды да қалды. Ойпырай, биыл госэкзамен келе жатыр ғой. - Зайкүл қолына алған шанышқысын қайтадан тастай салды. - Анау кітапты көріп, ойыма түсіп кетті.

— Бір тілде, бірыңғай таза сөйлеуге болмай ма осы? - деп Жомартбек Зайкүлге тағы тиісті.

— Өзім орысша араластыра сөйлегенді сүйемін.

— Өйткені сен Чеховтың ««қарындасысың» ғой...

— Онда жұмысың болмасын. Араластырып сөйлесең, ең жоқ дегенде екі тілді білетінің білінеді. Маған жұрт Сағынова орысшаға да, қазақшаға да судай екен деп түсінсе болды, басқаның керегі жоқ.

— Оның атын көзбояу дейді.

— Әй, болса бола берсін!

Меңтай басын шайқады.

— Ол жөн емес кой, Зайкүл.

— Өзіңе не ұнаса - сол жөн, басканікі не керек, - деп Зайкүл шанышқыға қайтадан қол созды.

— «Адасқанның алды - жөн, арты - соқпақ», - деп Жомартбек ақырын әндетіп қойды.

— Осы кітапты көрсем бар ғой, - деді Зайкүл жұмыртқадан тағы бір асап жатып, этажеркадағы кітаптарға көзі түсіп кетіп, - аза бойым өаза болады. Кітапты жек көретіндігімнен бе өайдан білейін. Әнеукүні түсімде бар ғой, Меңтай, бар кітап жиылып, мені сабап жүр. Мынау Жомартбектей шілмиген жұп-жұқа «Логиканың» өзі жұдырығын түйіп, ентелеп келе жатыр. Түсте кітаппен төбелескен не болады екен осы? Білесің бе, Меңтай? - Меңтай басын шайқады. - Ендеше мен емтиханда құлап қалатын шығармын деп жорыдым.

— Сен құласаң, мен мұрнымды кесіп берейін, - дейді Жомартбек қуланып.

— Керегі жоқ мұрныңның. Бірақ қалай құламаймын - төрт жыл оқығаннан түйірдей ештеңе жоқ басымда. Сенесіңдер ме осыған?

Біз үшін жауапты Жомартбек берді.

— Сенеміз. Бірақ сендей сұлу қызға жасаған жар болады, Зайкүл.

Зайкүл мақтанып, қуанып қалды.

— Табиғат әділ ғой, шіркін, - деді ол. - Ой бермей, маған ен бергенін айтсаңшы! - Үстел шетіндегі айнаны алып, басын қисаңдатып бетіне тосты. - Мынандай өңі бар кісіге ойдың керегі не? Әһ?

— «Айнаның қарсы алдына маймыл барып», - дейді тағы да Жомартбек әндетіп, бірақ «маймыл» деген сөзді Зайкүлге естіртпей, міңгірлей айтып. - Жаман болсаңда, жас болғанға не жетсін, Зайкүл.

Біз бәріміз ду күлеміз. Сөйтіп Зайкүл кетеді. Одан соң өзгелер келеді. Күлкі күлкіге жалғасады.

Осылай базар болып тұрған алтын отауымыздың шаңырағы бір-ақ күнде, ойламаған жерде салдыр-күлдір етіп ортасына түсті... Ғапу етіңіздер, мен бұл әңгімені әлі күнге дейін тебіренбей, көзіме жас алмай айта алмаймын... Ол күндерде еңірегенде етегім толатын еді... Одан бері жиырма жылдай уақыт өтті. Бірақ бәрі-бәрі әлі күнге дейін көз алдымда сайрап тұр... Иә, қай жерге келіп едім? Қазір... Бір күні түнде Меңтай ішім ауырды деді. Ол былай болды.

Мен ол күні күндіз редакцияның тығыз тапсырмасымен бір заводка барып келіп, кешке мақала жазып отырдым. Үстелдің екінші басында Меңтай болашақ бөпемізге деп көйлек пішіп, әбігерленіп жатты.

— Ербол деймін, - деді бір кезде Меңтай.

— Ау, - дедім мен тез қағаздан басымды көтеріп.

— Өстіп, тігісін сыртына қаратып тепши берсем, бола ма?

— Болады, болады, Меңтай.

Осыдан кейін екеуміз де өз шаруамызды істеп отыра бердік.

— Ербол деймін, - деді бір кезде тағы да Меңтай.

— Ау, Меңтай.

— Сенің иткөйлегің болды ма?

— Болған шығар.

— Менікі де болған шығар, - деді Меңтай басын изеп. - Бірақ біз ғой шешеміздің оны қалай тіккенін білмейміз.

— Әрине, білмейміз.

— Иткөйлегін екеуміздің осылай ақылдасып отырып тіккенімізді біздің бөпеміз де білмейтін болады ғой әлі, иә Ербол?

— Қайдан білсін ол тентек...

— Ой, ішім, - деп Меңтай ішін баса қалды осы кезде. Мен орнымнан ұшып тұрып, оны арқасынан құшақтадым.

— Ербол-ай, бүріп әкетіп барады, енді қайттым? - деді ол маңдайынан тер бұрқ ете түсіп.

Менің де жаным шығып кете жаздады.

— Қазір, қазір, жедел жәрдем шақырайын, - дедім сасқалақтап.

Меңтай басын изеді. Мен жан ұшырып көшеге шығып, автоматтан жедел жәрдемге телефон соқтым. Көп кешікпей жедел жәрдем машинасы келіп, мен Меңтайды перзентханаға алып бардым. Мен қиналмасын деп перзентханаға жеткенше ол тістеніп дыбыс шығармауға тырысты. Барысымен сестралар «ай-түйге» қаратпастан, ішке қарай ала жөнелді. «Кетпеңіз» деп біреуі маған ескертіп те кетті. Осы қазір келіншегімді босандырып, баламды әкеп қолыма құшақтатады екен деп, оған едәуір дәмеленіп қалдым.

Бір кезде қолына түйіншек ұстап, жаңағы сестралардың бірі шықты.

— Алыңыз, - деп ол түйіншекті маған ұсынды.

— Мұныңыз не?-дедім мен шошып кетіп, шегіншектей кейін сырғып.

— Әйеліңіздің киімі.

— Әйелім кайда?

Сестра күлді.

— Қорықпаңыз, жігітім, әйеліңіз осында қалады. Киімін үйге алып қайтасыз. Босанғаннан кейін бір аптадан соң киімдерін қайта алып келіп, әйеліңізді де, балаңызды да үйіңізге алып кетесіз, - деп тыныштандырды ол.

«Аузыңызға май!» дедім мен ішімнен. Содан соң Меңтайдың киімін құшақтап үйге қайттым. Үйге жеткенше денемнің дірілі басылмады. «Апырай, мына киімін қайтарып беретіндері жаман ырым екен!» дей бердім ішімнен. Сонда неге жаманға жорыдым екен деген ой маған күні бүгінге дейін келеді. Әрине, ол ойлағандықтан да емес қой. Әшейін құр далбаса ғой менікі. Сонымен не керек, мен сондағы Меңтайдың киімін құшақтаған бойда қалдым ғой ақыры...

Меңтай перзентханада төрт күн болды. Үш күн бойы күніне үш рет барып, терезеден көріп кетіп жүрдім. Ол екінші этаждағы палатада болатын. Мен «Меңтай!» деп дауыстаймын келе сала асығып. Ол менің үнімді ести сала төсегінен түсіп, терезенің ал-дына келеді. Сөзіміз бір-бірімізге жөнді естілмейді. Содан кейін екеуміз сақау кісідей ымдаса бастаймыз. Мен төменде тұрып, оған суға батып бара жатқан кісіге ұқсап, қайта-қайта иек қағамын. Оным - «Жайың қалай?» дегенім. Меңтай балаша жымиып, басын изейді. Ол - «Түсіндім» дегені. Содан соң аурухананың олпы-солпы ақ көйлегінің сыртынан кеудесін басады да, алақанын жайқайды. Онысы - «Қорықпа, мен үшін алаң болма» дегені. Сөйтеді де, екі көзін ботаның көзіндей мөлдірете кең ашып, маған қарайды. Сұқ саусағымен қайта-қайта мені нұсқайды. Онысы - «Өзің қалайсың?» дегені. Мен бас изеймін де, екі қолымның басын төмен салбыратып жіберіп, кезек көтеріп, саусақтарымды жыбырлатамын. Оным - «Кешегі мақаланы машинаға бастырдым» дегенім. Меңтай түсініп, қайта-қайта басын изейді. Сонсоң мен сұқ саусағымды шошайтып, аспанды нұсқаймын да, бас бармағымды көрсетемін. Мұным - «Мақаламды редактор оқып, жақсы деп айтты» дегенім. Солай түсініп, Меңтай да қайта-қайта бас изейді. Мен тағы да ишара жасап, қолымды сілтеп, көше жақты нұсқаймын. Оным - «Мақала баспаханаға терілуге кетті» деген сөзім. Меңтай алақанын шапалақтайды.

Тағы бір барғанымда Меңтай «Маған тамақ әкелме, өзің іш» деп ымдады. Бір күні кешке екі қолын жастық етіп, соған қисайтып басын қойды. Онысы - «Маған алаңдамай, жақсылап ұйықта» дегені еді. Бірде қолын төбесінен аса созып, өзі жоғары қарады. Онысы «Ұзынбала» - Жомартбек келіп кетті дегені деп ұқтым. Өйткені Жомартбек: «Енді жеңгем болдың, маған ат қой» деп болмағаннан кейін Меңтай саған қойған атым деп оны Ұзынбала деп атайтын. Бір жолы ол бас бармағы мен сұқ саусағын дөңгелетіп көзіне апарды да, екі саусағын көрсетті. Онысы - «Тостаған көз Майра бүгін екі рет келіп кетті» дегені болатын.

Төртінші күні түсте (таңертеңде келіп, Меңтайды көріп кеткен болатынмын) жүгіріп келіп, таныс терезенің түбінен «Меңтай!» деп дауыстадым. Терезе алдына ешкім келмеді. Тағы да «Меңтай!» деп айқайладым. Бұл жолы өз дауысымнан өзім шошып кеттім. Даусым палатаға да үрейлі естілді-ау деймін, терезе алдына орта жастағы қазақ әйелі жетіп келді. Келді де мені көре салып кейін қашты. Тұлабойым шіміркеніп, не болғанымды білмей кеттім. Тағы да «Меңтай-а-ай!» деп айқайлап жібердім. Бұл жолғы үнім перзентхана маңын ғана емес, бүкіл Алматыны, барша Алатау аясын басыма көтере шыққан жан даусымдай еді. Іштен ақ халат киген қартаң сестра жүгіріп шығып, тез-тез бірдеңе деп, мені қолтықтап ішке қарай алып кетті.

Мен сіздерге бұдан кейінгісін айтпай-ақ қояйын. Оны тар есікті, мұз еденді мәйітхананың тас төсегінен қалай көргенімді, асыл жарды өлі туған перзентімен бірге қалай қиып қара жердің құшағына бергенімізді айтуға дәтім шыдамайды.

Меңтайды қойғаннан кейін үшінші күні үйге жас орыс әйелі бас сұқты.

— Сіз Есенов боласыз ба? - деп сұрады менен.

— Иә, Есеновпін.

Алдымен әйел сіздің қайғыңызға ортақпын деп маған көңіл айтты. Содан соң өзінің перзентхана сестраларының бірі екенін білдіріп, қалтасынан қол басындай дәптер шығарды. Тани кеттім. Бұл менің Меңтай перзентханаға түскен күннің ертеңінде апарып берген дәптерім болатын.

— Осы дәптерді жарыңыз сіздің өз қолыңызға тапсырыңыз деп аманат етіп еді маған.

Әйелдің қолынан дәптерді алып, денем дірілдеп, бірінші бетін аштым. Меңтайдың маржандай жазуы көзіме оттай басылды. Бірінші бетке ол былай орысша жазыпты: «Улица Мичурина, 65. Есенову Ерболу, лично».

Ағыл-тегіл тағы жыладым. Көлденең жұртқа жақсы көрген жарынан айырылған еркектің еңірегенін естуден ауыр жай жоқ екенін сонда білдім. Жанжарынан айырылған еркектің сәбидей қорғансыз, сақау, саңыраудай бейшара боп қалатынын сонда ұқтым. Содан кейін ол дәптер менің бойтұмарым болды. Оның беттеріндегі жазулар, тыныс белгілері, үтір-нүктесіне дейін, тасқа қашалған Орхон-Енисей жазуындай болып менің жүрегімде мәңгі сақталып қалды. Мен сіздерге соны оқып берейін де, әңгімемді аяқтайын енді.

Ал тыңдаңыздар. Азғантай ғана өзі де.

«Ербол, жаным, Ербол!

Өткен түнде, сен мені перзентханаға әкеп салып, қайтып кеткеннен кейін маған осында өліп қалатын шығармын деген ой келді. Мен өлсем де, бала өлмесе екен деп тіледім. Атын өзің қой. Сен не деп қойсаң, мен соған ризамын, менімен келістім деп есепте. Бұл - менің, болашаққа жолдаған сәлем хатым болады ғой сонда, иә. «Мамаң аты кім?» десе, «Меңтай» дейді ғой ол тілі шыққан соң! Ол мені айтқаны ғой. Сонда сен күлесің де, күрсініп мені еске аласың ғой.

Жо-жоқ, бұл жай ой ғой, Ербол. Мүмкін мен өлмейтін шығармын. Бірақ, «Өлетін адам ажалын сезінетін сияқты» деп сен өзің айтушы едің ғой. Мен де бірдеңені сеземін бе, қайдан білейін. Сезбегенім жақсы болар еді. Бәлкім, бұл сені шексіз сүйетіндігімнен шығар. Сенен ажырамасам екен деген тілегім өзінен-өзі үрейге ұласатын болар. Сүйген жүрек - дірілшіл, күйген көңіл - ырымшыл келетін шығар тегі.

* * *

Ерболым менің!



Мен тағы да қорқынышты ойлар ойладым. Адамдар бірін-бірі сүйеді. Содан соң біреуі өліп, саудыраған сүйек болып, жер астында қалады. Ол ештеңені де білмейді, сезбейді. Ештеңеге қиналмайды, ойламайды. Бірақ бар салмақ, бар ауыртпалық тірі қалғанға түседі ғой. Жаман, арсыз жар есепті тіршілігін жасай жатар. Адал жарға ауыр тиеді-ау жалғыздық. Шіркін, шын сүйіспеншілікпен қосылған жандар өлмейтін болсыншы! Жоқ, мұным табиғат заңына қайшы болар. Онда, ондай адамдар ұзақ жасайтын болсашы ең болмаса!

Бірақ мен өлсем де өлмейтін шығармын деп ойлаймын тағы да. Өйткені мен ішімнен шығатын балада және сенің жүрегіңде өмір сүремін ғой. Сонда ол менің ол мендік емеспе? Солай емеспе, Ербол? Солай деші, жаным, көкетайым!..

Мен саған бұл жолдарды тек ішім ауырмасын деп қана жазып отырмын, Ербол. Сені ойлап, сен туралы жаза бастасам-ақ, ішімнің ауырғаны қоя қояды. Тегі ішімдегі тентек әкесін сыйлайтын болуы керек. Көрдің бе міне, әкенің беделі қандай болатынын!

* * *


Айналайын, көкетайым!

Сен менің осы сөздеріңді жақсы көресің ғой. Сен естісін деп мен мұнда осы екі сөзді әлденеше рет айттым. Естідің бе?

Ойпырай, ішім әкетіп барады... Уһ, бұрап бұрап, әрең басылды-ау, әйтеуір. Дәрігерлер мерзімінен бұрын келген толғақ дейді. Ол неге мерзімінен бұрын келеді екен?..

Не айтайын деп едім саған ? Иә, жаңа есіме түсті. Ұнжырғаңды түсірмей, уақытында шашыңды алдырып, әрқашан да умаждалмаған таза киім киініп жүр, қуатым. Жұрт сенің ішіңе үңілмейді, сыртыңа қарайды. Жаның жадау, жағаң жамау болса, соған сүйсінетіндер де шығады, Ешкімге таба болмай, тік жүр, жаным, жарайма? Арақ ішпе, керегі жоқ. Өзің де құмар емессің ғой. Өзіміз ішпей үлгі көрсетсек, кейін балаларымыз да ішпес еді деп ойлаймын, ішпесе деп тілеймін! Менің еркіме салса, бұны болашақ ұрпақ атымен арақ ішпесе екен деймін. Капитализмнің қалдығы дегеннің ең зұлымы - осы арақ. Біздің қоғамымыздың ішкі жауы да осы. Ендеше арақты құрту керек, өмірден аластау керек оны! Арақ бар жерде, меніңше, ешбір мораль заңы, ол қандай асыл сөздерден тізіліп, алтын әріппен жазылса да жүзеге аспайды, Ербол. Дүниеде су, сүт, шай, қымыз, лимонадқа жететін не бар, шіркін! Адамды желіктірмейтін момын сұйық - осылардың өзі жақсы.

«Момын сұйық» дегенім кісі сияқты боп кетті, иә, Ербол. Бұл бейнелеп сөйлеуді сенен үйренгенім болу керек.

Сен менен не үйрендің? Ештеңе үйренген жоқ шығарсың деп ойлаймын. Ал мен сенен көп нәрсе үйрендім ғой, күнім. Кісіні алдамауды, адамды арына қарап құрметтеуді, өз ойыңды күмілжімей, ашық айтуды, қайырымдылықты, басқаларға болысқыштықты, біреудің ішіндегі жан ауруын білдірмей біліп ала қоюды - осының бәрін сенен үйрендім, Ербол. Нағыз өмірдің өзін сен үйреттің маған! Сенсің менің мәңгілік ұстазым!

Біздің палатада бір артистің әйелі жатыр. Сен білесің, Ербол, ол артисті, «Отеллода» Яго боп ойнайды. Әйелі алтыншы балаға босаныпты. Босанғанына бір айдан асса да, тапжылмастан осында жатқан көрінеді. -Апай, мұнда неге жатырсыз үйге қайтпай? - деп сұрадым кеше одан. - Ой, шырағым-ай, төсегі жақсы, тыныш жерде жата беру керек қой, - деді ол. - Осында демалып алған жақсы. Бұлар бір апта өткен соң-ақ шығарамыз деп қодыраңдай береді. Ал, әдісін тапсаң, шығара алмайды. Алғашында «тымау тиді, басым ауырады» дедім. Соңғы бес күн бойына «температурамен» жатырмын.

— Ыстығыңыз жоғары ма ? - деппін оған аңқау басым. Әйел күлді.

— Әңгіме сол ыстығымның жоқтығында ғой, - деді ол. - Ыстығымды өлшеуге термометр бергенде сестраның көзін ала беріп, жіңішке жағын одеялға ысып-ысып жіберемін. Кейде - 37, кейде - 38 боп шыға келеді. Олар сенеді. Кейін сен де сөйт.

Мен жағамды ұстадым.

— Апай, алдағаныңыз дұрыс емес қой, - деп басымды шайқадым.

Жо-жоқ. Мен ешқашан да өйте алмаймын, Ербол. Перзентханага келгелі тұтқынға түскендеймін мен. Осында өзіңсіз өткен үш күн (бүгін үшінші күн) үш жылдай боп көрінді маған. Мен босанғаннан кейін бір күн де қалмаймын мұнда. Мені босана салысымен дәрігерден сұрап алып кет, Ербол. Жарайма, жаным, жарайма?

Жұрт күйеулеріне еркелетіп ат қойып жатады ғой осы: Құрманғалиды - Құрмаш, Уатайды - Уаш деп. Мен сені әлі бір рет еркелетіп атамаппын ғой жаным. Бүгіннен бастап Ертай деп еркелетейінші сені. Ертайым менің!

Сенің халық қамын, мемлекет мүддесін ойлайтын үлкен журналист болғаныңды көрсем деп арман етуші едім іштей. Бағана өзің әкеп берген газетте басылған «Жұмысшы мүддесі» деген мақалаңды оқып, төбем көкке жеткендей боп қалды бүгін. Редакторың мақтаса, мақтағандай екен! Бірақ сен оған мақтанып кетпе, күнім. (Мақтанбайтыныңды білем ғой, әшейін айтамын, оған өкпелеп қалма. Жарайма ?)

Айтпақшы, бүгін майдың 5-і екен гой. Сен әкеп берген газеттен көріп, есіме түсті. Сені баспасөз күнімен құттықтаймын. Жеңіс күнімен құттықтаймын. Жалғыз мен ғана емес, «Папама менен де сәлем айт!» деп бүйірімді тепкілеп жатыр мына тентегім. Оның да сәлемін қабыл ал!

Айтпақшы, Ертай, сен барып деканатқа айт -мені перзентханада жатыр деп мемлекеттік емтиханға кіргізбей қойып жүрмесін. Менің «Әдебиеттегі еңбекші әйелдер бейнесі» деген тақырыпта жазған диплом жұмысшысының да дайын екенін айт. Өзің білесің, осыған дейін бір күн сабақтан қалған жоқпын ғой мен. Мемлекеттік емтихан тапсыруға қалайда күйім келеді. Қалайда менің биыл құрбыларыммен бірге диплом алуым керек. Мектепке жолдама алып, класқа кіріп, «Сәлеметпісіңдер, балалар. Мен сендердің мұғаліміңмін» деп, жас ұландардың алдында жымия күліп тұрсам, арманым болмас еді, дүние-ай!..

Ойпырау, мынау Сәлемхат тағы да тынышсыздана бастады ғой... Мен осыны Сәлемхат, Сәлемхат дей беремін. Түбінде Сәлемхат атанып кетіп жүрмесін осы тентегіміз. Мен бұл тентегіңді қандай болса екен деп ойлайтынымды білесің бе сен ? Ұл болса - саған, қыз болса - маған тартса екен деймін. Бірақ ұл болса да, қыз болса да ақылы, адамгершілігі сендей болса екен. Ал саған тағы да Сәлемхаттан сәлем, папасы.

* * *


Адал дос адамға медеу де, демеу де, мақтаныш та, мереке де ғой, шіркін! Біздің Майра сондай ғой. Жаны қалмай жүр байғұстың біз үшін. Бағана келіп: «Баланы уайымдама, босанған соң апама бақтырамыз. Апам өзіме әкеп беріңдер деп айтты» деп кетті. Апамды әуре қылмаспыз. Солардың сырттай жасап жатқан қамқорлығына жаным ериді. Оның артынан өзіңнің «кешкі көлеңкең» - Жомартбек келді. (Сен екеуің біріңді- бірің жеңе алмай-ақ келесіңдер қажасып. Сен оны кешкі көлеңкем деп атасаң, ол сені өзімнің түскі көлеңкем деп шыға келеді. Әйтеуір қисындырып, бір нәрсені таба қояды.) Бір газетті бала етіп әлпештеп, «іңга-іңга» деп мені мазақтап кетті терезе сыртынан. Мейлі, мазақтаса, мазақтай берсін. Ертең өзі келіншек алып, баласы болғанда көреміз оның әуселесін.

* * *


Бұл күнделікті мен жай, әшейін, ермек үшін жазып жүрмін, папатай, Сәлихатың балс етіп, бақырып жерге түскеннен кейін өзіңе беріп жіберемін мұны. Кейін дос-жарандарға оқып, тұңғышымыздың дүниеге қалай келгенін айтып, осы күндерді еске алып, күліп отыратын болармыз әлі. Соған жазсын, соған жеткізсін! Иә, папатай...»

Эпилог


Көңілі босап, көзіне жас келгендей болып, Ербол біраз уақыт үнсіз отырды. Бойын жиып, буынын бекіткеннен кейін ол сөзін қайта жалғап, әңгімесін аяқтауға кірісті.

- Мінеки, Меңтайдың соңғы күнделігі осы. Жан тәсілімін жасап жатқан адамның акырғы тынысы, соңғы қырыл, соңғы дірілі сияқты, асыл жардың ақырғы сөзі еді бұл. Бірақ осы азғантай сөзде мен үшін қаншама сыр, қаншама жыр жатыр десеңізші! Қаншама өкініш, қаншама мұң бар мұнда. Оқып отырып, сан рет өкіріп, өксіп жылағанмын мен. Одан айырылып қаларымды өзім де сездім бе, қайдам, Меңтайды аялап, аймалап, құшып сүюге, баладай әлпештеп, еркелетуге бір тоймаушы едім. Ақыры оның бір кішкентай қара тырнағына да зар боп, аңырадым да қалдым. Төрт жыл соғыста төрт талына қылау кірмеген көмірдей қара шашым Меңтайдан айырылған тұста аппақ қудай боп шыға келді. Талай рет ұйықтап жатып Меңтай үнін естідім. «Жаным Ербол, Ербол!» деп ол сан рет құлағыма сыбырлады. Еден сықыр ете түссе, Меңтайдың жүрісін танып, сан рет басымды көтеріп алдым. Оның көйлегінің сыбдырын естігендей боп сан рет елеңдедім. Бірақ ол келмеді, көрінбеді. Мәңгілікке жоқ болды, ғайып болды. Таң алдында көрген тәтті түстей ғана елес қалды.

Кейде бір оңашада өткенді ойлап, мұңға батасың. Сонда «Құдай-ау, қайда сол жылдар?» деген Абай жолдары еріксіз еске түседі. Ойлап-ойлап келіп, жастық шағыңның орынсыз өтпегенін іштей медеу, мақтаныш етесің. Өйткені адамзат толқын-толқын болып дүниеге келеді, түйдек-түйдегімен өмірден өтеді. Әр толқын, әр түйдек алғы шепке шеру тартқан әскер легіне ұқсайды. Октябрь революциясы мен Азамат соғысына қатысқан құрыш адамдардың темір тасқынды легіне ілесіп, біз 18 бен 22 жастың арасында азаттықтың ауыр жүгін арқалап, төрт жыл толассыз қан кештік. Пештен жаңа ғана қотарылған қызыл шойындай жүйткіп, батыстан Москваға қарай лықсыған от пен өрт селінің, қорғасын мен темір топанының алдын тостық. Біздің жас тәнімізді неміс фашистерінің оғы шұрқ-шұрқ тескіледі, жау танктері үстімізден таптап, жас сүйегімізді сықыр-сықыр сындырды; жас жүректерімізге немістің селінің қос құлаштай қанжарлары кірш-кірш қадалды. Концлагерьден қашқанымызда немістің қасқыр иттері қоң етімізді жұлмалап, терімізді жалбыратып, қанжоса етіп талады. Бізді зұлым жау камераларға қамап, улы газ жіберіп, тұншықтырды. Бізді олар тірідей өртеді, көзімізді бақырайтып қойып, тікемізден тік тұрғызып, көрге көмді. Бірақ біз:

- Қасиет күші Ұлы Отанның, Қанатын бер қыран құстың, Ашуын бер арыстанның, Жүрегін бер жолбарыстың! Күллі әлемнің ашу-кегі. Орна менің кеудеме кеп! Жау жолына атам сені, Бомба бол да жарыл, жүрек!- деп, жанған самолеттен жау колоннасына жай оғындай шаншылдық; айналаға өлім шашқан ажал ДЗОТ-ына өз денемізді өзіміз қол гранатадай лақтырып, дұшпан пулеметін қанымызбен қақалттық. Жауға жанымызды берсек те, арымызды бермедік. Біз жығылып жатып - тұрып жаттық, өліп жатып - жеңіп жаттық.

Халық намысын қорғасынға қоса құйып, құрышпен кіріктірдік те, бомбаға қанат, снарядқа заряд еттік. Ел тәуелсіздігін төбемізге ту етіп көтердік. Сөйтіп біз дүниені жайпап келе жатқан темір топанды тоқтаттық. Біз Отан жауын осылай жеңдік.

Ақын айтқан біздің «сол жылдарымыз» - махаббат, қызықтан гөрі мұңы мол боп өткен жастық күндеріміз, жарты сағат бұрын дәл төбеңнен күркірей жауған қалың жаңбырдың бұлты басқа жаққа қарай аунап, оның әр жерінен бой көрсеткен алыс нажағайдың қылыш бойындай ғана қысқа жарқылы іспеттеніп, күннен-күнге, айдан-айға аулақтап, шегініп, ұзап барады. Сол жарқылдың ішінде мен де, менің Меңтайым да бар деп күбірлеймін мен осылай, өз-өзімнен тебірене, тербеле отырып, ойымды өзіммен қоса тербеп...

Біз майданда қандай адал болсақ, махаббатта да сондай пәк болдық. Әр жүректе асыл адамгершілік, айнымас махаббат болуын тіледік. Өйткені өмірден қол ұстасып өтер жан серік, жалғыз жарын шын сүйе білмеген адам жолдасын да жақсы көре алмайды, коллективін де құрметтей білмейді. Жан жарына адал болмаған адам қылған қызмет, істеген іс, атқарған жұмыс, арқалаған қоғамдық міндетіне де адал бола алмайды. Себебі саналы өмірдің бар қызығы махаббатқа тіреледі. Сондықтан да махаббатқа соқпай кететін сезім аз. Анаға сүйіспеншілік, жарға құштарлық, Отанға перзенттік, туған топыраққа борыштылық сезімдерінің бәрі махаббатқа байланысты. Адам бойындағы ең асыл қасиет адамгершілік сезімі де махаббатпен сабақтас. Өйткені махаббат қадірін білмейтін адамда адамгершілік сезімі болмайды, ал адамгершілігі жоқ кісінің жүрегін махаббат мекендемейді. Жоғарыда Тургенев пен Пришвиннің махаббат жайындағы тамаша

Қ. Аманжоловтан сөздері келтірілді. Менің оған қосарым «махаббат» деген асыл жібекке түйілген отаншылдық, еңбекшілдік, достық, туыстық, бауырмалдық сезімдері әрбір жас жүректің жалынды туы болса екен деп тілеймін. Біз - Октябрь революциясынан кейін дүниеге келген жаңа ұрпақ Отанға да, махаббатқа да ақ жүрегімізбен адал қызмет еттік. Міне, біз мұны өзіміздің мәңгілік мақтанышымыз деп білеміз. Осы мақтаныштың әкелер жүрегінен балалар жүрегіне көшуін көрсету де бүгінгі күннің тақырыбы. Оны қалай көрсету, әрине, жазушының міндеті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет