Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар?



бет26/28
Дата26.08.2017
өлшемі3,96 Mb.
#28198
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28

Иә, иә, ұқтым. Не сұрайын деп отырғаныңызды түсіндім. Меңтайдан басқалар қайда қазір демексіз ғой? Оны да айтайын сізге. Университет бітіргеннен кейін, ұядан ұшқан балапандай болып, әркім әр жаққа кетті. Біреу қияға қонып, біреу қиырды мекендеп жүріп жатыр қазір. Балапан басқан тауықтың ұясына байқаусызда түсіп кеткен үйрек жұмыртқасынан шыққан сушыл балапандай болып, филфакты бітіре сала мұғалім болмай, журналистиканың айдын көліне тартып мен кеттім. Ол отыздың біразы ғылыми қызметкер болды. Көпшілігі мұғалім. Қыздар әлдеқашан күйеуге шыққан, жігіттер әйел алған. Бір кездегі бүлдіршіндей қыздар мен қыршын жігіттер бүгінде сары қарын әйел, сақалды шалға айналды. Алдының балалары институтқа ілініп, баяғы біз басымыздан кешкен жастықтың жәрмеңкесіне енді олар кірді; біздің жастықтың жығылған жалауының орнына олар өз туларын көтерді...

Солардың ішінен Меңтай екеуміздің мәңгілік, адал досымыз Жомартбек Жолдин ғылым докторы атағын алды. Зайкүл есебін тауып, бір бастықтың етегінен ұстаған. Соның беделімен, тамыр-таныстық деген кәрі кеселдің көмегімен ол да кандидат деген атқа ие боп алған. Қазір ол бір институтта «басын жарып, көзін шығарып», әдебиеттен сабақ береді. Зәкең бұрынғының бәрін ұмытқан. Әншейінде шекірейіп жүретін әйел кандидат болса, мүлде кекірейіп кетеді емес пе. Ол да солай: кездесе қалсаң, танығысы келгенін таниды, танығысы келмегенге танауын көтеріп жүре береді. Жеңілтек адамды жағдай өзгертпей қоя ма? Мінеки, өмір дегеніңіз кейде ойсыз, ұшқалақ адамды ұшпаққа осылай шығарады екен. Қанипада - кандидат. Майра Абаева Ленин орденімен наградталған. Жақында оған еңбегі сіңген мұғалім атағы берілді.

Тұмажанның да қайда екенін білгіңіз келетін болар? Жер үстінде ол да жүр. Бірақ біздің қоғамымызда ондайлардың орны түрме емес пе? Түрмеге түскен. Жинақ кассасына меңгеруші боп тұрғанда бірнеше облигацияға подлог жасап, мемлекеттің көп ақшасын жегені және өз сөзімен айтқанда, басқа да «үзіп, жұлып, жұлмалағаны» үшін көп жылға сотталған. Оның екі сөзінің бірі «Ошақбаев опық жемейді» болып келуші еді. Жоқ. Ошақбаевтар да омақа асады екен. Олардың әділетсіздігінің, арсыздығының, нысапсыздығының зауалы - заң екен.

Ал енді, қалған кім дейсіз ғой? Қос ғашық Тана мен Заман болар. Ертедегі еш ғашықтың қолы жетпеген мұратқа осы екеуі жетті. Екеуі қосылып, көп бейнеттерді бастарынан кешіріп, сол жақта жүріп, институт бітіріп, елу төртінші жылы елге келді. Қазір екеуі де мұғалім. Тана Серкебаева екі рет Жоғарғы Советке депутат болып сайланды. Білімбай, Ербол, Махаббат, Меңтай есімді төрт баласы бар. Бір ұл, бір қызына Меңтай екеуміздің атымызды қойыпты. Мен олармен анда-санда кездесіп тұрамын. Кездескен сайын алдымен кішкентай қыздарын құшағыма алып: «Меңтайым менің!» деп шөпілдете сүйемін. Содан соң Тана мен Заманға карап:

- Ал осы заманның Қозы Көрпеші мен Баян сұлуы, амансыңдар ма? - деп құшағымды жаямын.

Көздері жасаурап, еріндері дірілдеп, ол екеуі қатарласа маған қарай ұмтылады.

Асыл жар, адал досқа не жетсін, шіркін!

1963-1970 Алматы.

«МАХАББАТ, ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР» КІТАБЫ ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛДЫ?

( Оқырмандарға жауап)

Менің «Махаббат, қызық мол жылдар» атты кітабым 1970 жылы жарық көрді. Содан бері биыл үшінші жылға аяқ басты. Бірақ бұған дейін де менің оннан аса кітабым жарияланды. Жұрт кезінде мені жақсы очеркист деп таныды. Солай бола тұрса да мен ол кітаптарымның бірде-біріне хат алған емеспін. Ал «Махаббат, қызық мол жылдардың» жалғыз өзіне ғана мыңға жуық хат алдым. Бұрын кейбір кітаптарыма бірді-екілі реиензия шығып, кей кітаптарым атаусыз қала беретін. Ал мына романға республикалық, облыстық, аудандық газеттер беттерінде отызға жуық пікір жарияланды. Сол сияқты, бұған дейін мен кітап оқушылар конференциясы, жазушының өз оқырмандарымен кездесуі дегенді естігенім, көргеніммен, менің бірде-бір кітабым бойынша конференция өтпеген, өзім жазушы ретінде оқырман қауыммен кездеспеген едім. Ал осы роман жайында Қызылорда, Шымкент, Қарағанды, Семей пединституттарында, Қызылорда мен Жамбыл педучилищелерінде, астанамыз Алматыда С.М. Киров атындағы мемлекеттік университет пен қазақтың Абай атындағы педагогтық институтында, республиканың көптеген қазақ орта мектептерінде оқушылар конференциялары өтті. Мен автор ретінде Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы қыздар педучилищесінің бес жүз шәкіртімен, Алматыдағы қазақтың Абай атындағы пединститутының тіл-әдебиет факультетінің студенттерімен жүздестім.

«Махаббат, қызық мол жылдар» романына байланысты маған хат жолдағандардың көпшілігі студенттер, орта мектептердің жоғары класс оқушылары, ауыл-селодағы жұмысшы жастар, Совет Армиясы мен Әскери- Теңіз Флотының жауынгерлері. Солардың ішінде пенсионерлердің де, үй шаруасындағы әйелдердің де, ауыл интеллигенциясының да лебіздері бар. Өз республикамыздың барлық облыстарынан тегіс хат алғандығымның үстіне, туысқан Өзбек республикасыныңТашкент, Самарқанд, Бұхара, Ферғана сияқты қалаларынан да хаттар келгенін, соның ішінде әсіресе, Қарақалпақ АССР-інен көптеген хаттар алғанымды ерекше атап айтуым қажет. Осы хаттардың бәрінде де оқырмандар алдымен өздерінің бұл кітапты қызыға оқығандарын білдіріп, мұндай шығарманы ұсынғаны үшін «Жазушы» баспасына, авторға рақмет айтады. Сөзіміз жалаң болмас үшін бірнеше хаттан қысқаша үзінділер келтірейік.

Орал облысының Фурманов ауданынан механизатор Е. Әбдаров өз ойын қысқаша ғана былай деп түйіндепті: «Махаббат, қызық мол жылдар» романын нағыз махаббаттың сырын, мәнін ұқтыратын құнды шығарма деп білемін. Тағы да айтар едім, бірақ та әттең, әттең тілім жетпейді.» Ал Талдықорған облысының Панфилов ауданынан «Жазушы» баспасының атына келген хатта мынадай сөздер жазылған: «Әзілхан Нұршайықовтың жакын-да шыққан «Махаббат, қызық мол жылдар» романын оқыдық. Бұл кітап бізге өте ұнады, әрқайсымызға да ой салды. Сол кітаптағы кейіпкерлер осы күні бар ма екен? Солардың шын аты- жөні кім? «Ербол кім? Жомартбек пен Майраның өмірі қандай болады? Бұл сұрауларды қойған себебіміз бұл кітапта Мұхтар Әуезовтің аты мен фамилиясы өзгерген. Мүмкін Ербол да сол сияқты осы күнгі ақын, жазушыларымыздың бірі шығар. Әлде бұл романның екінші кітабы бар ма? Біздің осы сұрауымызды ескерусіз қалдырмай, жауап беруді өтінеміз.

Механизатор қыздар: Ахметова Тұрсынбүбі, Қамырбаева Пәтігүл».

Сол сияқты Шымкент облысы Қапланбек шаруашылық оқу орнының агрономы Махамбет Алтаев өз пікірін былай хабарлайды: Әзілхан Нұршайықов «Махаббат, қызық мол жылдар» романында осы заман тақырыбының күрделі мәселесі - жеке адамға деген махаббатты көпке деген сүйіспеншілікпен ұштастыра біліп, дәл бүгінгі күннің көкейтесті жәйттерінің пернесін тап басқан. Адамгершілік, ізгілік шарттарын бұзбауға, адал махаббатты ардақтап, соның ыстық-суығына күйе білуге, еңбекшілдікке үйретеді... Бұл кітаптың жүректерінде махаббат оты бар бүкіл жастар қауымының керекті құралына айналып, жақсы іске тұлға боларына сенімім зор. Осындай жан азығы мол, жақсы кітаптар шыға берсе екен».

Челябі облысының әскери бөлімінде қызмет етуші жауынгер Кәкібай Әйімбетов «Жазушы» баспасына кітапты оқығаннан кейін былай деп сәлем жолдайды: «Соғыс кезінде Ербол ағаларға серік болған «Ақын» романы сияқты, «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабы біздің серігіміз болды. Жорықтардан шаршап келгенде оны қолыма алып, оқи бастасам, біржола шаршағанымды ұмытып кетемін. Қасымдағы орыс жігіттеріне де бірнеше рет әңгімелеп айтып бердім. Оларғада өте қатты ұнады. Біздің взводтың жігіттері сіздерге және осындай қызық, тартымды роман жазып шығарған Әзілхан Нүршайықов ағайға көп-көп рахмет айтады». Житомир облысында әскери борышын өтеп жатқан жауынгер Қуантай Бұзаубаев бұл романның өзінің әскери борышын ойдағыдай атқаруға көмектескенін жазады.

Сөйтіп оқырмандар өз хаттарында осылай, алдымен кітап жайындағы пікірлерін білдіре келіп, өздерінің «әттеген-айларын» айтады: анау неге олай болмады, мынау неге бүйтпеді деген сияқты өз өкініштерін ортаға салады. Осындай бірнеше сұрақтарына жауап беруді өтінеді. Ондай сұрақтарға оқырмандармен бетпе-бет жүздескенде толық жауап беруге мүмкіншілік мол. Ал конференцияда кездеспей, республиканың, тіпті, Отанымыздың алыс түкпірлерінде жатқан оқырмандарға жеке-жеке жауап беру қажет. Алғашқы 4-5 хат келгенде мен оларға қолма-қол жауап та бердім. Өйткені мен ол кезде мұндай көп хаттың астында қалармын деп ойламап едім. Бірте-бірте хат көбейе бастаған соң олардың әрқайсысына бөлек-белек жауап жазып үлгіре алмайтынымды аңғардым. Жүзінші хат келгенде «Жүз хатка жауап» деген тақырыппен газетке мақала жазуға, сөйтіп оқырмандарға баспасөз арқылы жауап беруге ұйғардым. Бірақ осы кезде науқастанып, ұзақ уақыт ауруханада жатып қалдым. Шынымды айтсам, сол науқастанып жатқан кезімде оқырмандардан үзбей келіп тұрған хаттар маған дәрігерлердің емі мен дәрісінен кем болған жоқ. Әр хат маған әл берді, жаныма жігер құйды.

Міне, ауруханадан шығып, қолыма қуат кіргеннен кейін, романым жөнінде жылы лебіздер білдіріп, хаттарымен қиын күнде демеу болған қадірлі оқырмандарыма рақмет айту үшін қолыма қалам алып, осы жауапты жазуға кірістім. Жоғарыда аталған мыңға жуық хатты түгел оқып шыққаннан кейін солардың ішіндегі барлық оқырман үшін ортақ мәні бар деген он шақты сұраққа жауап беруді жөн көрдім. Олар мыналар:

Сұрақ: Сіз ақынсыз ба? Әлде жас кезіңізде өлең жаздыңыз ба?

Жауап: Мен бала күнімде өлеңге құмар болдым. Мектепке барғанша елден ескі дастандарды көп тыңдадым. Хат танығаннан кейін «Батырлар жырының» бірін қалдырмай жаттап алдым. Соларға қарап өзімнің де өлең шығарғым келді. Сөйтіп жүргенде соғыс басталды. Алматыға әскерге келдім. Бір күні кешке (1941 жылы декабрьде) бәрімізді тездетіп сапқа тұрғызды. Командир алға келіп:

— Майдандағы 8-гвардиялық дивизияны толықтыруға кім барады - екі адым алға шығыңдар, - деді.

Денесі төртбақтау келген, жұмыскер пішіндес жас жігіт шығып, бізге қасқая қарсы қарап тұрды. Қапелімде одан басқа ешкім шықпады. Мен шықтым, шыға сала жігіттерге қарсы қарап тұрып, өлеңдетіп қоя бердім:

- Біз жеңеміз, өйткені ісіміз ақ.

Барлық адам баласы бізбенен жақ.

Дүниеге зұлымдық үстем болып,

Тұрмақ емес, әділдік жеңуі хақ!

Әділ ісіміз үшін шығыңдар, азаматтар, алға! -

дедім.


— Жарайсың! - деп тертбақ жігіт қолымды қысты. - Өлеңді өзің шығардың ба?

— Өзім шығардым.

Сол-ақ екен біздің оң жақ, сол жағымызды жігіттер кернеп кетті. Сапқа бірге тізілген екі артдивизионнан керегі 80 адам екен, 100 адам шығыппыз. Жиырма адам артық деп командир бірсыпыра адамды кейінге қалдырды. Мені де сол жиырманың ішіне қосты.

— Сен ақын екенсің. Ақын бригадаға да керек. Соғысқа бұлардан сәл кейінірек бірге барамыз, - деді.

— Кұп!

Майданға барамын деп саптың алдына алдымен шығып, жігіттерге қасқая қарап тұрған жігіт Төлеген Тоқтаров еді. Кейіннен Тоқтаровқа Совет Одағының Батыры атағы берілгені туралы хабарды естігенде: «Апырай, сонда Төлегенмен бірге кетіп қалсам, мен де батыр болатын ба едім?!» - деген ой келді. Ол менің албырттығым еді. Әйтпесе екінің бірі ер бола бермейді ғой.



Сонымен мен майданға бару үшін жаңадан жасақталып жатқан бригаданың құрамында қалдым. Өзім бала күнімнен елгезек, ширақ едім. Екі күнде ефрейтор атандым. Көп ұзамай кіші сержант боп шыға келдім. Бәрінен де жақсысы бұрын «Лениншіл жасқа» бір конвертке салып он өлең жіберсем, соның бірде-біреуі басылмайтын еді. Енді бригада газетінде бұрқырап менің өлеңдерім шығатын болды. Бұрын бір ауыз өлең шығарғанға өзімді ақынмын деп санап жүрген басым бригада газетінің бетінде «Кіші сержант Ә. Нұршайықов» деген атпен өлеңдерім жиі жариялана бастаған соң өзімді едәуір үлкен ақынмын-ау деп ойладым. Соғысқа барғаннан кейін ұзақ өлеңмен бригада атынан «Ата-мыз Жамбыл ақынға» деген хат жаздым. Менің осы өлеңім мен оған берген Жамбылдың «Жүз жасаған жүректен» деген жауабы екеуі қатар «Социалистік Қазақстанда» шықты.

Соғыс бітті. Бірден Алматыға келіп, университетке түстім. «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жасқа» өлеңдерімді апардым. Ешқайсысы баспады. «Мынауың бықып тұрған фольклор көрінеді. Фольклордың заманы өткен, шырағым. Бұл түріңменен ешқашан да ақын шықпайды» десті. Бұрынғымның бәрі бос әурешілік екеніне сонда ғана көзім жетті. Сөйтіп, албырт, жас кездегі ақылсыздығымнан ақын бола жаздап, аз-ақ қалдым. Осыдан кейін өлеңмен үзілді-кесілді қош айтысып, журналистік жолға біржола бет түзедім. Прозаның ауылы жаққа да алыстан көз салып жүрдім. Ал поэзия, алғашында уәдесін беріп, үміттендіріп, артынан өзге біреуге күйеуге шығып кеткен қыздай болып, көңілімнен де, көкейімнен де біржола алыстап кетті.

Сұрақ: Осы роман қалай туды? Қанша уақытта жазылды?

Жауап: Мен ұзақ уақыт журналист болдым. Тек қана журналистика жанрларымен: бас мақала, сын мақала, очерк, рецензия жазумен шұғылдандым. Ал әңгімеңі ауызша ғана айтатынмын. Ауызша айтатын әңгімелерімнің тақырыбы лирикалық, сатиралық, әзіл-қалжың түрінде боп келе беретін. Ұзақ жол жүріп келе жатып машина ішінде, дастарқан басында, демалыс үйінде тынығушылар арасында айтатын ондай әңгімелерім бірнешеу еді. Олар «Ботакөз», «Жемпір», «Әтір», «Алтын сағат», «Үлкен жазушының жанында», «Аупартком секретары туралы баллада», «Қызыл көрпе» т.б. болатын. Осылардың бірсыпырасын кейін жолдастардың кеңесімен қағазға түсіріп, газет-журналдарда жа-рияладым. Кейбіреулері кітапқа да кіріп кетті. Тек сонау 1945-49 жылдардағы студенттік өмірдің бір сәтіне ғана құрылып, кейін әлденеше рет өңделіп, жөнделіп, толықтырылған «Қызыл көрпе» әңгімесі ұзақ уақыт қағазға түсірілмей, ауызша айтылумен келді. Оның қысқаша мазмұны мынадай еді: соғыстан келген солдат - студент өзімен бірге оқитын қызды сүйеді. Қыз да жігітті жақсы көреді. Жігіт сөз айтқанда қыз басқаға беріп қойған уәдем бар еді, оны қайтемін деп қиналады. Жігіт қыздың уәдесін бұздырмайды. Содан кейін ол сырттан оқуға ауысып кетеді. Бұл әңгімені мен ауызша ең соңғы рет 1968 жылы 7 ноябрьде белгілі тіл маманы Әйтім Әбдірахмановтың үйіне жиналған көп адамның алдында айттым. Сонда ақын Ғафу Қайырбеков орнынан тұрып, құттықтап қолымды алды да:

— Осы айтқаныңыз қағазға түскен бе? - деп сұрады.

— Жоқ.


— Қағазға түсіресіз бе?

— Түсіремін.

— Ендеше, тез қағазға түсіріңіз, әйтпесе мұны мен поэма етіп жазып қоямын...

Студент күндегі блокноттардың беттерін ақтардым. Ақтара отырып, бұл жайды өзім жазбасыма болмайтынын және түсіндім. Күндіз-түні соны қағазға қалай түсіруді ойладым. Қандай қосалқы оқиғалар жанастыру жағын іздестірдім. Ақыры сол жылдың декабрінде демалыс алып, осы әңгімені қағазға түсіруге отырдым.

Мен - журналист-жазушымын. Өмір бойы кеңседе қызмет істеп келемін. Профессионал жазушылардың журналист-жазушылардан артықшылығы олар кеңседе қызмет істемейді, үйлерінде жатады, тек қана творчествомен шұғылданады. Ондай мүмкіншілігім болмағандықтан, мен кесек деген көркем шығармаларымды тек қана жыл сайынғы кезекті демалысымды алғанда жазатынмын. Осылай етіп мен бір жылғы демалысымда «Ма-хаббат жыры» деген алғашқы повесімді аяқтадым. Одан кейінгі екі демалысым «Ботакөз», «Әсем» дейтін шағын повестерге жұмсалды, т. т. Ал алпыс сегізінші жылдың кезекті демалысын «Жастық жыры» деген жаңа атпен ауызша «Қызыл көрпе» аталып келген осы әңгімеге жұмсамақ болдым.

Алғашқы жоспарым бұрын жарияланған «Махаббат жыры», «Ботакөз», «Әсем», «Ескі дәптерге» енді «Жастық жырын» қосып, замандастар жайлы шағын, бес повестен құралған роман жасау болды. Осы арада бұл шығарманың қай жақтан баяндалатыны да белгілі боп қалды. Өйткені оған дейінгі шағын повестердің бәрі де бірінші жақтан баяндалатын. Солардың бір бөлігі болғандықтан, мұны да солай етудің қажеттігі айқындалды.

Бұған дейін де мен бұл әңгімені қағазға түсіремін деп бір-екі рет талаптанған болатынмын. Бір рет бастағанымда журналист Ербол Алматыдан келген жазушымен екеуі тың жерлерді аралап жүріп, ауатком председателінің кабинетінде қонады. Сонда Ербол астана жазушысына өз өмірін баяндап беретін. Екіншісінде ол кабинетте емес, далада, машина ішінде баяндайтын. Ал үшінші жолы оны кабинетте де емес, машина ішінде де емес, өзен жағасындағы шонан үйінде жатып баяндайтын еттім. Бірақ кітап біткеннен кейін оның басталуын тағы да өзгертуге тура келді. Бір кездескенімізде жазушы Мырзабек Дүйсенов екеуміз романның жалпы атын не деп қоюды ақылдастық. Ол «Махаббат, қызық мол жылдар» деп қоюға кеңес берді. Осыған тоқтадық. Осы атпен «Жазушы» баспасының 1970 жылғы жоспарына 15 баспа табақ роман беремін деп мен заявка жасадым.

Ал ауызша айтқанда 20-30 минутта аяқталатын «Қызыл көрпе» әңгімесі «Жастық жыры» деген атпен қағазға түсе бастағанда шағын повесть көлеміне сыймай, шырқап кетті. Бір ай демалысымда оны бітіре алмадым. 1969 жылдың басында тағы да бір ай демалыс алып, тапжылмастан отырдым. Онда да бітпеді. Жазған сайын жаңа линиялар қосылып, шығарманың арқауы қалыңдай берді. Бұрын әңгіме бір ғана Меңтай мен Ербол арасында ғана болса, енді оған Ербол - Сәлима, Бүркітбай - Сәлима, Меңтай - Тұмажан, Заман - Тана линиялары қосылды. Белгілі бір дәуір - Отан соғысы кезінің қиындығы, одан кейінгі ауыртпалық туралы шығарма жаза отырып, сол кезге тән бұл оқиғалардан аттап кете алмайтын болдым. Оның үстіне Меңтай мен Ерболды, олардың қасындағы және басқа жанама кейіпкерлерді сол 40-жылдардың дәрежесінде қалдыру керек пе деген сұраққа да көп ойлануға тура келді. Қалдырсам, 70-жылдардың жастарына олар ұнай ма? Бұл кітаптың оқырмандары сол Меңтай мен Ерболдың, солардың тұстарының балалары болады. Олардың әке-шешелерінің махаббатын әрі таза күйінде, әрі өздеріне үлгі ете көрсету міндет. Қазіргі жастардың білім дәрежесі де, сыншылдық өресі де өте жоғары. Бұлар жоқшылық дегеннің не екенін білмей, молшылық дүниесінде балықтай жүзіп келе жатқан жандар. Олардың махаббат жайындағы түсінігі де өзгешерек. Осылардың бәрін елеп, ескеру, екшеу қажет болды. 1969 жылдың басында алған демалысымда шығарманы аяқтай алмаған соң, сол жылдың декабріне дейін жұмыс істей жүріп, кештетіп үнемі соған үңілумен болдым. Ақыры 1969 жылдың аяғында бір айлық кезекті демалысымды алып, 1970 жылдың 19 январында кітаптың соңғы нүктесін қойдым.

Кітаптың әр тарауын жеке новелла етіп аяқтап отырдым. Шамасы келсе, әр тарау келесі тарауға жетекші болсын. Шамасы келмесе, біткен бір тарау өз алдына жеке әңгіме сияқтанып қалсын дедім. Өйткені осы күнгі оқушының кез келген романды басынан аяғына дейін оқып отырарлық мұршасы жоқ. Қолына тиген романның бір тарауын оқып, тартпаса тастай салуы да мүмкін. Мен кітабымның ең жоқ дегенде оқушы шыдамы жетіп оқыған тарауы ойында қалуына тырыстым. Ол үшін оның оқиғасы қызықты, тілі тартымды - екеуі де өмірдің өзінен алынған шындық болуына көп назар аудардым. Бірсыпыра тарауларды кейін қайталай көшіріп, ондағы оқиға, сезім, сөз шындығын үнемі тексеріп отырдым. Кей күндері жаңа материалдан 3-4 бет жазсам, кейде жарты бетті толтыра алмай, қиналған шақтарым да болды. Әсіресе оқушының көз алдында картина тәрізді боп қалса-ау деген тұстар тұтқыр тарта берді. Мысалы, Ерболдың ең алғаш жаңа жыл түнінде жауған көбік қарды шинелінің етегімен боратып келе жатқан сәті, Ерболдың Меңтайға сөз айтатын түні, Ерболдың қайта майданға кеткелі жатқанда Қарашекені шын-жырлап жатқан жері т. б.

Әсіресе бұрын ауызша айтып жаттыққан жерлерім (Ерболдың ең алғаш аудиторияға кіруі, бірінші лекцияны тыңдауы т. б.) өте тез жазылды.

Кітапты жазуын жазып бітірсем де қолжазбамды жолдастарға көрсетуге қорқып жүрдім. «Ұнай ма, ұнамай ма? Ұрсып тастамай ма?» деп қымсындым. Оны алғаш оқып, пікір айтқан, көңілімді демеп, буынымды бекіткен ақын Мұзафар Әлімбаев болды. (Баспа қызметкерлері кітаптың кіріспесін ықшамдау керек дегенде тағы да Әлімбаев сенің кітабыңның бар мазмұны Пришвиннің мына сөзінде тұр, соған зер салшы деген кеңес айт-ты. Осыдан кейін алғашында эпиграф ретінде алынған Тургенов сөзі мен Пришвин пікірін ұштастырып, кітаптың кіріспесін қайта ықшамдадым).

«Жастық жыры» біткеннен кейін оған бұрынғы повестерді қосуға болмай қалды. Өйткені жалғыз осының өзі баспа жоспарындағы көлемнен көбіректеу боп шықты. Енді мұны жеке кітап етіп шығаруға тура келді. Тек «Жастық жыры» деген аты өзгертіліп, баспаның жоспарында көрсетілген «Махаббат, қызық мол жылдар» деген атпен шығып, «роман» деп аталатын болды. Сонымен, осы кітаптың түбіне бірінші рет фамилиям жазылды.

Сұрақ: Роман неге тек қана махаббатқа құрылған?

Жауап: Бұл романды жастар өмірінен алып, жастарға арнап жазған мақсатым, бұрынғы ата- бабаларымыздың мекеніне ұя салып, бүгінгі біздің орнымызды басатын, ісімізді жалғастырып, алға апаратын болашақ ұрпаққа, солардың жүректерінде асыл адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына титтей де болса өзімнің себімді тигізуге ұмтылу еді. Біз - ата-ана, жан-жүрегімізді жарып шыққан жас қауымның жақсы болуын тілейміз. Солар әділ, адал болып өссе екен дейміз. Баяғы Төлеген ағаларындай уәдеге берік, Жібек апаларындай ақылды, жаугершілік жағдайға душар болса, сонау Қарақыпшақ Қобыландыдай қаһарман батыр, кешегі Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сияқты отаншыл, ержүрек болса екен деп арман етеміз. Өз жүрегімдегі сол арманды мен жастарға қалай жеткізсем деп толғандым. Сонда осы ойдың бәрін оларға бір ғана махаббат деген асыл жібекке түйіп беруді мақұл көрдім. Өйткені саналы өмірдің бар қызығы махаббатқа тіреледі. Махаббатқа соқпай кететін сезім аз. Анаға сүйіспеншілік, жарға құштарлық, Отанға перзенттік, туған топыраққа борыштық сезімдерінің бәрі махаббатқа байланысты. Адам бойындағы ең асыл сезімдердің бірі адамгершілік сезімі де махаббатпен сабақтас. Өйткені махаббат қадірін білмейтін адамда адамгершілік сезімі болмайды, ал адамгершілігі жоқ кісінің жүрегіне асыл махаббат ешқашан да ұя салмайды. Мінеки, осы себептен де мен жастардың жүрегіне махаббат арқылы жақындауды мақсат еттім. Кітабымның негізгі арқауын махаббат ете отырып, жастарымыздың жанына,-жүрегіне, ойына қарапайым халқымыздың кейбір асыл қасиеттерін: ананы ардақтаушылық, қызды қадірлеушілік, алған жарын жанындай сүюшілік, ағаны құр-меттеушілік, сертке беріктік, ұйымшылдық, бірлік-бірауыздылык, бауырмалдық сияқты советтік моралімізге сай келетін дәстүрлерін сіңіргім келді. Халқымыздың бұл қасиеттері туралы басқа кітаптарда да жазылған, айтылған, әлі де айтыла берер. Ал мен соған өз үлесімді қосуды парыз тұттым. Ол мақсатым орындалды ма, орындалмады ма - оны оқырман қауым біледі.

Сұрақ: Романда Меңтай неге трагедиялық күйге ұшыратылды? Оны тым болмаса тірі қалдыруға болмайтын ба еді?

Жауап: Меңтайдың басынан кешкен трагедиялық жағдай бірнешеу. Алдымен кішкентай күнінде әкесі өлді. Одан соң соғыста жалғыз ағасы қаза тапты. Оның күйігіне шыдай алмай, шешесі қайтыс болды. Бұл соғыс кезіндегі соғыстың тақсіретін тартқан әр семьяға тән қасіреттер болатын. Халықтың қалың ортасынан шыққан қыз болғандықтан, әрине, Меңтай да сол азаптардан өтуге тиіс еді. Байқауымша, бұл жағына оқырмандар қарсы емес, дәнеңе демейді. Бұдан баска Меңтай ұшыраған тағы екі трагедиялық хал бар: бірі оның Тұмажанның торына түсіп қалуы, екіншісі - өлімі. Көп жұрт, әсіресе, Меңтайдың өліміне өкінеді. Меңтайды өлімге кәрі де, жас та қимайды. Көп жастар Меңтай өлімін жылап отырып оқығандарын жазады. Ал Павлодар облысының Майқайың поселкесінде тұратын пенсионер қарт Кәрібай Уайысов бұл туралы өз хатында былай дейді: «Жолдас Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» деген романын түгел оқып шықтым. Жақсы жазылған. Менің сіздерге хат жазып отырған себебім, романға сын айту емес, Меңтай өлімінің қайғылы екенін айту. Сондай абзал жаратылған адамның өлді деген жерін оқығанда не болып кеткенімді өзім де білмеймін. Жүрегім әлсіреп, сасқанымнан дәрі ішіппін». Немесе Қызылорда облысының Жаңақорған станциясының тұрғыны Қылышбек Бейсекеев былай деп жазады: «Өмірімде қолыма қалам ұстап, шығарма талдап немесе пікір айтып көрген жоқ едім. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» деген романын оқып, қатты толғаныс үстінде қалдым. Мейлі, Меңтай өлді дейік (жоқ, «өлді» деуге ауыз бармайды; оны өлді дегенше әлгі батырдың жолдасы болмай кеткір Тұмажанды өлтіру керек еді). Бірақ «өлгеннің артынан өлмек жоқ» деген бар емес пе? Ендеше Ерболдың содан бергі 20 жылдық өмірінен оқушыға екі-үш бет қана хабар беруге болар еді ғой. Сосынғы бір айтарым: біздің ауылда осы кітаптың ішіндегі «Апамның айтқандары» деген нақылдарды қойын дәптеріне көшіріп алған адамдарды көрдім. Бұл да Меңтайды сыйлағандықтың белгісі деп білдім. Мінеки, оқырмандардың пікірі - Меңтайдың тағдыры туралы екі ұдай: біреулер өлгенін дұрыс көреді, біреулер тірі қалдыру керек еді деседі. Бірақ қанша қиналып, қынжылғандарымен көпшілік оқырмандар оның өлгенін дұрыс санайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет