Дәріс №1 Дәріс тақырыбы: Балалар әдебиеті туралы түсінік. Балалар әдебиеті пәнінің мақсаты мен міндеттері



бет12/19
Дата31.08.2022
өлшемі310,49 Kb.
#148396
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   19
Байланысты:
лекция бала ад 15 саг

Дәріс №9
Дәріс тақырыбы: Балалар әдебиетіндегі Ә.Ахметов, Қ.Мұқышев, Б.Ысқақов, Н.Әлімқұлов шығармашылықтары
Дәріс жоспары:
1.Ә.Ахметов поэзиясы жанрларының ішкі ауқымы.
2.Қ.Мұқышевтың балаларға арнаған шығармалары.
3.Б.Ысқақов шығармашылығы
4.Н.Әлімқұловтың балаларға арнаған поэзиялық шығармалары
5.Қорытынды.
Дәріс мазмұны: 1. Ә.Ахметовтің балаларға арнап жазған «Кішілік кісілік», «Ардақ пен қоян», «Жаңа жыл жыры», «Күз көріністері», «Төрт түлік пен төрт жігіт», «Жайлау әліппесі» тағы да басқа көптеген өлеңдері – аттары айтып тұрғандай, тақырып аясы кең, жас оқушыларын әдептілікке, кісілікке, табиғатты сүюге, еңбекке баулитын сәтті дүниелер. Ақын балаларға арнап мысалдар («Түтік пен көбік») мен жұмбақтар, ертегілер де жазған. Бұл оның поэзиясының ішкі жанрларының мол ауқымын көрсетеді.
Ә.Ахметовтің қаламынан бірнеше поэма, дастандар туды. Олардың көпшілігі әсіресе, ертегі, аңыз сюжеттеріне жазылғандары балаларға арналған. Тек сюжет, детальдар арқылы ғана кейіпкер бейнесін жасау мүмкін деп білген ақын эпикалық шығармаларының қай-қайсысын болса да оқиғаға құрады.
«Тырау-тырау, тырналар» дастанында американдықтардың Хиросимаға атом бомбасын тастап, бейбіт халықты өлшеусіз қасіретке бөлеген жауыздығын сонда қаза тапқан Садако атты жас қыздың өмірі арқылы береді. Арманы алыстарға жетелеген жас балғын қыздың соғыс болмасын деп қағаздан жасаған тырналары – бейбітшіліктің символы еді. Енді атом бомбасынан қаза тапқандардың молаларына қойылған ескерткіш-монументте сол тырналардың бейнесі орнатылған. Аталған поэмадағы трагедияның оптимистік рухы күшті.
Ақынның аңыздарға негіздеп жазған поэма-дастандарының («Көкшетау аңызы», «Шәуілдір аңызы», «Екібастұз аңызы») қай-қайсысында болсын , ел аузында сақталған сюжеттік оқиға көп өзгермей, сол қалпын берік сақтап отырады. Дегенмен, ақын оларды тек поэзия тіліне көшіруші ғана емес, аңыздың адамгершілік, гуманистік идеясын тереңірек аша түседі.
Сонымен, Ә.Ахметов – қазақ кеңес балалар әдебиетінде өзіне лайықты орны бар ақын.
2. Еңбек жолы ұстаздық қызметте өткен Қабыкен Мұқышев мектеп оқулықтарының тапшылығын, балаларға арналған әдеби шығармалардың аздығын көре отырып, осы салада өнімді еңбектер берді. Жас балдырғандар мен жеткіншектердің сауатын ашып, білімін көтерумен бірге олардың дүниетанымын молайтып, адалдық, әділдік, достық, ерлік, отансүйгіштік қасиеттерді бойына молынан сіңіріп, азаматтық болмысын қалыптастыруда көркем әдебиеттің атқарар рөлін жақсы білді де, өзінің ақындық өнерін бірыңғай жас оқырмандарға бағыштады.
Бөбектерге арналған өлеңдері суретті кітапшалар болып, ертегі, поэмалары жеке-жеке кітап болып шықты. Олардың басты-бастылары:т «Ораз бен қораз»(1956), «Кірпі мен ит» (1959), «Көршілер» (1960), «Екі мысық» (1963), «Мысық неге етіксіз» (1965) суретті кітапшалары , «Дана мен бала» (1968) өлеңдер жинағы еді. «Мысық неге етіксіз» кітапшасы 1971жылы орыс тіліне аударылды.
Ақынның таңдамалы өлеңдері өзі дүние салған соң 1978 жылы «Дана мен бала» деген атпен басылды. Қ.Мұқышевтің «Аликтің әлегі» шағын пьесасы ұзақ жылдар бойы мектеп сахналарына қойылып келді. Ол ұстаз-педагог болғандықтан да, оның қай өлеңі де нақты сюжетке құрылған, қызық оқиғалы, әрі қысқа, әрі ғибратты болып келеді.
«Сейтек неге тентек?» деген өлеңі:
Болды бір бала,
Аты еді Сейтек.
Ерке еді шора,
Мінезі тентек – деген шумақтан басталады. Әр шумағы шағын сюжетке кұрылған. Ол қалай киініп, қалай жуынғаны, ас ішіп, оқуға барғаны, яғни, жүрген-тұрғанынан қырсық, қыңыр мінезді бала көрінеді. Ал, осы Сейтек мектепке келгенде, керісінше – биязы мінезді бала. Оқуы да жақсы. Ақын осындай аумалы мінезді баланың психологиясын сенімді көрсеткен.
«Көршілер» өлеңінде ылғи да керісіп, бір-біріне қарсы келе беретін екі бала өрт шыққан кезде тіл табысып, күш қосып, өртті асқындырмай, дер кезінде өшіреді. Сөйтіп, олар қайтадан табысып, дос болып кетеді. Екі өлеңнің де айтайын деген ойы анық, бояуы қанық, тілі жатық.
«Ораз бен қораз» өлеңінде күнде қораз шақырғанда ұйқысынан тұрып, мектепке барып жүрген Ораз бір күні тағы да мектепке келсе, ешкім жоқ, күн демалыс екен, оны Ораз да білмепті, демалыс күні ерте шақырудың керегі жоғын қораз да білмепті. Бұл өлеңде езу тарттырар юморымен бағалы.
Ақынның көптеген өлеңдерінде айтайын деген ойын жан-жануардың тірлік, тіршілігі арқылы береді. Оларға адамға тән қасиеттер жат емес. «Екі мысық», «Бақа мен шіркейлер», «Осындай достар бар» деген өлеңдерінің танытқыштық маңызы, адалдықты көрсететін идеясы бар.
Табиғаттың қайталанбас ғажап көріністерін жырлау, балаларды әдемілікті, сұлулықты танып, бағалай білуге үйрететіні сөзсіз. Ақын бұл тақырыпқа да біраз қалам тартқан. Оның дәлелі «Көктем», «Туған жер», «Нөсер» өлеңдері.
«Бесік жыры» өлеңінің идеясымен бірге құрылысы да қызық:
Көкешіңнен келмей хабар,
Неге мұнша кешікті.
Құлыншағым, тоқтай тұршы,
Қақпай ма ешкім есікті? – деп басталады. Хабарсыз кеткен ең қымбат, қимас адамның кешіккенінен үрейленген көңіл өлеңнің келесі шумақтарында бірте-бірте сабасына түсе бастайды. Әр шумақтан кейін қайталанып отырған екі жолды қайырмасы да тапқыр берілген. Ақындарда:
Әлди-әлди, бөпешім,
Келген шығар көкешің, – деп аяқталады өлең. Күткен адамы келді. Енді алаңсыз ұйқтай беруге болады.
Ақынның туған жерге, елге деген махаббатын, ерлікке, еңбекке деген көзқарастарын танытатын сәтті өлеңдері де көп. Соның бірі «Қылыш пен Орақ» деп аталады. Өлеңде диалогпен берілген қысқа шумақтың айтар ойы анық. Жалпы, ишарамен астарлай, тұспалдай айту оқушыны ойлануға, толғануға жетелейтін тәсілдің бірі екені даусыз.
Қ.Мұқышевтің бөбектер мен жеткіншектерге арнап жазған өлеңдерінің қай-қайсысы болса да, айтайын деген ойы анық, нақты сюжетке құрылған, әрі қысқа, әрі нұсқа шығармалар. Тағы бір ерекшелігі – ақын поэзиясы тілінің ойнақылығы, балалардың қабылдауына барынша оңайлығы.
«Мысық неге етіксіз?» деген өлеңінде мысықтың қоразды көргендегі қызғаншақ сезімі соншалықты әсерлі берілгенін көру қиын емес.
Ақын поэзиясының екінші бір өрнекті, жемісті саласы – поэма. Санымен емес, ең алдымен сапасымен бағалы. «Алғашқы айқаста» 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшілерінің бірі Рахымжан Мәдиннің халық мүддесі үшін қол бастаған, намысшыл азаматтың ерлік ісін, «Достоевский туралы аңыз», «Әл-Фараби сағынышы» поэмалары ертеде өмір кешкен ұлы ақын, ғалымдардың аңызға айналған ізгі ойы мен әрекеттерін үлгі етіп ұсынады. Ақын ерлік, ізгілік, парасат, әділдік туралы ойын көбіне-көп ел аузында сақталған аңыз сюжеттері арқылы беруді қалайтын сияқты. «Күй атасы» поэмасы шығыс елдеріне аты кең тараған бірде дана қарт жырау, енді бірде күйші композитор Қорқыт ата жайындағы аңыздардың ең бір қызықты, ғажайып терең пәлсапалы сюжетіне негізделген. Ол –Қорқыттың ажалмен айқасы.
Ақын осы белгілі сюжеттің негізінде онша көп өзгеріс енгізбей, сол ел аузында сақталған үлгісінде алады десек те поэманың композициялық құрылысы өзінше, жаңаша шыққан. Адам қолымен жасалған шынайы өнерге өлім жоқ, оған ажалдың да күші жетпейді деген оптимистік идея анық бой көрсетеді.
Ал «Таңат» поэмасы да халықтың даналықтан туған аңызға негізделген. «Есегіме бір ауыз сөз айтып, басын шайқатқан кісіге айдай сұлу қызымды, алтын тағымды беремін, ал есегім басын шайқамай тұрып алса, ол адамның басын аламын» – деп еріккен хан жұртқа жар салады. Талай жастың басы қағылып, айнала қызыл қанға малшынады. Сол күндерде бір қойшы бала келіп, есектің басын шайқатқаны былай тұрсын, байлап қойған бағанды құлатып, алаңды айнала шаптырып, сыннан сүрінбей өтеді. Есекті қалай бас шайқатқанын сұраған ханға бала:
Уа, хан ием,
Сізді деп ем «ақылды»-
Шайқады бас,
Көрмей оны мақұл-ды, – деп жауап қайырады. Халық наразылығы, баланың әлгі жауабы поэманың таптық сипатын танытады.
Қорыта айтқанда, Қ.Мұқышев шығармалары – елуінші-алпысыншы жылдардағы қазақ балалар поэзиясының қорына қосылған асыл қазына, сүбелі дүние.
3. Балалар үшін түрлі жанрда шығарма жазып келе жатқан қаламгерлердің бірі –Бүркіт Ысқақов. Ол ұзақ жылдар бойы балалар мен жастар баспасөздерінде еңбек етіп, мектеп оқушыларының оқуы, тыныс- тіршілігімен жақсы танысады. Мұның өзі ақын шығармашылығына едәуір әсер етіп, елеулі із қалдырғандығын байқатады. Өз көзімен көріп, көңілімен тоқыған балалар мен жастар өмірін өз шығармашылығына өзек еткен.
Б.Ысқақов әдебиеттің әр саласында қалам сілтегенімен, оқырман қауым оның есімін ең алдымен балалар ақыны ретінде біледі. Өйткені, оның шығармашылығының салмағы негізінен поэзияда жатыр. Оған «Сенің Отаның», «Москваны тыңдаймын», «Өнерпаз болсаң», «Кішкене көмекші», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Сенің өлеңдерің», «Жылдар жырлайды», «Жеткіншек» атты өлең жинақтары дәлел. Аталған кітаптарға енген өлеңдерінде ақын жас жеткіншектердің бойында отаншылдық сезімді оятуға тырысады, оларды тиянақты білім алып, жемісті еңбек етуге үндейді, үлкендерді сыйлауға, кішілерге қамқор болуға үйретеді. Бұл тұрғыдан алғанда, Б.Ысқақовтың «Отан» атты өлеңінің ерекше тәрбиелік мәні бар. Мәселен, ол:
Отан – сенің ата-анаң,
Отан – досың, бауырың.
Отан – өлкең, астанаң.
Отан – аудан, ауылың,–деп, Отанды өзінше, өзгеше жырға қосады.
Ақынның айтуынша Отан деген –– үлкен ұғым, оның керегесі кең, шаңырағы биік. Алайда, оның іргесі өз үйіңнен, ата-ана, дос-жаран, туған ауыл, ауданыңнан басталады, бүкіл елімізді қамтиды.
Сонымен бірге, ақын Отан деген ұғымға белгілі бір географиялық орта, мемлекеттік шекарамен бірге, туған елдің тілі, өлең жыры, тарихы да кіретінін атап өтеді. Ақын жырында Отанды сүю деген сөз – тек оның жері мен халқын ғана сүю емес, сонымен бірге сол халықтың тілін, өлең-жырын, тарихын сүю. Жалпы, Б.Ысқақов поэзиясы сөз болғанда, ең алдымен онда азаматтық әуен, отаншылдық үннің басым жатады.
Мұны ақынның «Кім болсам екен?» атты өлеңінен де көруге болады. Бұл өлең балалардың мамандық таңдау мәселесіне арналған. Бұл тақырыпқа В.Маяковский, С.Михалковтан бастап көптеген кеңес ақындары шығарма арнаған болатын. Олардың өлеңдерінде негізінен «Мамандықтың бәрі жақсы, керегіңді таңдап ал» деген пікір айтылатын. Ал, Б.Ысқақов бұл тақырыпты да өзінше, өзгеше шешеді. Мысалы, ол:
Мейлі, инженер, мейлі ұшқыш,
Мейлің, сен бол мұғалім,
Ұмытпа, тек Отанға,ұл
Екеніңді шырағым!- деген түйін жасайды. Бұл да ақын шығармаларының азаматтық әуенін, отаншылдық үнін танытады.
Сонымен қатар, ақын өз өлеңдерін тартымды сюжетке, қызықты оқиғаға құрып, онда белгілі бір пікір айтып, ой түюге тырысады. Мысалы, сабақтан «бестік» баға алып, мектептен көңілді келе жатқан оқушының ішкі сезімін «тек бестікпен оқып жүрген оқушыға одан артық қуаныш бар ма» деп ерекше суреттейді.
Немесе, «Кім жүйрік?» деген өлеңінде ол поезд, автобус, самолет жылдамдықтарын салыстыра келіп «бірақ адамның қиялы бәрін де басып озатындығын» баса айтады.
Б.Ысқақов – қазақ балалар драматургиясын жасауға және оны дамытуға белсене атсалысқан қаламгерлердің бірі. Ол 1948-1951 жылдары мектеп сахнасына арнап “Екі оқушы”, “Түймедейден түйедей”, “Ағалық ақыл”, “Жаңа жыл кешінде”, “Бейбітшілік жеңеді” атты шағын пьесалар мен инсценировкалар жазып, сол жылдардың өзінде-ақ мерзімді баспасөз беттерінде жариялады. Ал, балалар өмірінен жазған бір топ пьесалары мен инсцениворкалары “Кішкене театр”, “Әлімнің әлегі” деген аттармен жеке кітап болып шықты.
Автордың бұл пьесаларының қайсысы болса да, қызықты сюжет, тартымды оқиғаларға құрылған. Оларда балалардың бойындағы зеректік, тәртіптілік, еңбек сүйгіштік, адалдық, ізеттілік, ұйымшылдық секілді асыл қасиеттер дәріптеледі, ал кейбір балалардың бойында кездесіп қалатын тентектік, өтірікшілік, жалқаулық, сезімшілдік сияқты жағымсыз қылықтар әшкереленеді.
Б.Ысқақовтың елеулі шығармаларының бірі − “Қарлығаштың құйрығы неге айыр?” атты өлеңмен жазылған ертегісі. 1966 жылы “Қазахфильм” киностудиясы осы шығарма негізінде мультфильм шығарды. Бұл қазақ киноөнері тарихындағы тұңғыш мультфильм болатын. Фильм көрермендер тарапынан жоғары баға алды, байқауларда бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды. Ал, 1975 жылы Нью-Иорк қаласында өткен мультфильмдердің халықаралық фестивалінде “Қола праксиноскоп” сыйлығын алды. Фильм негізінен гуманистік идеяға құрылған. Ол зұлымды әшкерелеп, ізгілікті уағыздайды, жасөспірімдерді адамгершілік рухта тәрбиелейді.
Ақынның бірсыпыра туындылары “Үш алыптың айтысы”, “Кім жүйрік”, “Қарлығаштың құйрығы неге айыр?” т.б шығармалары мектеп оқушыларына арналған оқу құралдарында тұрақты орын алған.
4. Ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов қазақ поэзиясының екі саласында бірдей еселі еңбек етті. Оның бірі әндерге мәтін жазу болса, екіншісі балаларға арнап жазған шағын-шағын өлең, тақпақ, ертегі-поэмалар.
Ол балаларға арнап көптеген тақпақ, өлең-жыр, әзіл-оспақ, мысқыл, әлденеше поэма, дастан, ертегі-аңыздар жазып қалдырды. Ақын сүйікті Отан, ардақты ана, аяулы мектеп, балабақша, т.б туралы бірнеше сәтті тақпақ жазды. Сондай-ақ, туған елдің көркем көрінісін, оның сұлу табиғатын өлең жолдарына түсірді. Оның өлеңдерінде табиғат құбылысы өз бояуымен, танымдық ойымен бала санасына жеңіл ұялайтындай етіп берілген. Ақынның “Жаңбыр” атты өлеңіндегі көрініс бөбектердің табиғат құбылыстарын тануына тигізер көмегі мол. Немесе, “Қарғалар” атты өлеңіндегі диалогқа құрылған шумақтардың ішкі дыбыс үндестігі балалардың жаттап алып, айтып жүруіне оңай, тілге үйіріліп тұр. Мұндай ішкі ұйқасқа құрылған өлеңдердің, жаңылтпаш тәрізді кейде балалардың тілін ұстарту үшін де елеулі мәні бар. Ал, ақынның жыл мезгілдері туралы жазылған “Жыл он екі ай” атты өлеңдер циклінің ақын поэзиясында алатын орны ерекше. Әр айдың ерекшелігін бала түсінігімен қабылдауына лайықтап шебер жеткізе білген.
Н.Әлімқұловтың балалар поэзиясындағы айрықша табысы деп оның бала мінезіне, бала тіліне құрылған әзіл-оспақ (юмористік) өлеңдерін айтуға болады. Автордың “Қоңырау”, “Бес алдым”, “Телефон”, “Кәмпит”, “Ораз бен қораз”, “Дойбы”, “Маған әпер баласын”, “Барабан”, “Календарь”, “Бес саусақ”, “Жаңбыр”, “Қар”, “Мұз” секілді өлеңдері ақынның жалпы қазақ кеңес балалар әдебиетінде өзіндік орны бар шығармалар, өйткені ақын бала мінезін жақсы білетіндігін ашық көрсетеді, олардың ойламаған, күтпеген жерден оқыс қойған сұрақтары, іс-әрекеттерінің көбі ақын қаламынан өлең болып шығады. Мысалы, “Кәмпит” деген өлеңінде
Қонақта боп мамасы,
Тұрған кезде жүргелі
Дастарханнан баласы, –
–Кәмпит ала жүр,-деді.
–Балам, ұят мына елден,
Осындайда сөйтесің!...
–Жол-жөнекей егер мен
Жылап қалсам қайтесің? – деп жауап қайырады. Ақынның жоғарыда аттары аталған өлеңдерінің қай-қайсысы болса да, баланың осындай тосыннан қойылған сұрақ-жауаптарына негізделіп жазылған. Бұл өлеңдердің барлығының да езу тарттыратын юморы бар. Ақынның әзіл-оспақ, юморлық өлеңдері көп жағдайда ойнақы, ырғақты, оқуға, айтуға және түсінуге жеңіл болып келеді. Осы ерекшелік есебін шығар алмай, оның шешуін “09-дан” сұрамақ болған Самат, “екі” мен “үшті” қосып, мектептен “бес” алдым деп келетін Кәкен, қоразды сағат орнына пайдаланатын Ораз, Ай туыпты... дегеннен өзінше түйін жасап: “Егер ай бүгін туатын болса, маған әпер баласын”, - дейтін Иса мінезі, іс-әрекеті айқын көрініс тапқан өлеңдерге де тән.
Н.Әлімқұловтың әдеби мұрасындағы аса маңызды басты бір саласы − ертегі, поэма, дастандар. Оның қаламынан туған “Нысапсыздар”, “Қораз бен түлкі”, “Барабаншы қоян”, “Батыр бала”, “Болатбек”, “Мұғалім”, “Бала Тұрар” сияқты туындылары өз кезеңінде жас оқырмандарының сүйікті шығармаларына айналған еді.
Сонымен, ақын Н.Әлімқұлов − бала қылығын қапысыз басқан талант иесі.
5. Ұлы Отан соғысынан кейін әдебиетке келіп, қазақ балалар әдебиетін дамытуға өзінше үлес қосқан жоғарыда аттары аталған ақындардың шығармаларына тоқталғанда, олардың өз туындыларында ең алдымен балалардың өмірін, оқуы мен еңбегін, мінез-құлқын көрсете білгендігін пайымдадық.
Бұлардың өлеңдері көбінесе белгілі бір оқиғаға, тартымды сюжетке, қызықты детальға құрылып жазылған. Қазақ балалар поэзиясындағы бұл әдісті, әсіресе, ақын, Қ.Мұқышевтың шығармаларынан анық көруге болады. Ол өлеңдерін көбінесе нақты бір оқиғаға, белгілі бір сюжетке ғана құрған. Ал, ақын Ә.Ахметов көбінесе эпикалық сарында жазуға әуес.
Б.Ысқақовтың шығармашылық беті бұлардан гөрі өзгешерек. Ол өлеңде отаншылдық, азаматтық тақырыпты қозғауға бейімдеу. Тартымды оқиғамен бірге сол оқиғаның төңірегінде келелі ой айтуға тырысады. Ал, ақын Н.Әлімқұловтың балаларға арналған өлеңдерінде әзіл-оспақ басым болса, поэмаларында кең тыныс бар. Қорыта айтқанда, аталған ақындар шығармаларынаң қай-қайсысында да өз оқырмандарын шексіз сүюге, өз халқына қалтықсыз қызмет етуге, еңбек сүйгіштік пен адамгершілік рухта тәрбиелеуге күш салған. Бұл, әрине, қазақ балалар әдебиетіндегі ортақ үн, тамырлас тақырып.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет