Дәріс №1 Дәріс тақырыбы: Балалар әдебиеті туралы түсінік. Балалар әдебиеті пәнінің мақсаты мен міндеттері



бет8/19
Дата31.08.2022
өлшемі310,49 Kb.
#148396
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19
Байланысты:
лекция бала ад 15 саг

Дәріс №6
Дәріс тақырыбы: 1930-1941 жылдардағы қазақ балалар әдебиетінің дамуы
Дәріс мақсаты: Отан соғысына дейінгі(1930-1941)кезеңдегі балалар әдебиетінің өсу, өркендеу жайы. Отан соғысына дейінгі бесжылдықтар дәуіріндегі балалар әдебиетінің басты тақырыптары социалистік құрылыс пен еңбек адамдарын жырлау мен олардың табыстарын жасөспірімдерге үлгі етіп көрсету. Балаларға арналған басылымдардың жарық көре бастауы. Осы кезеңдегі көрнекті ақын-жазушылардың балалар әдебиетіне қосылатын шығармашылығы.
Дәріс жоспары:

  1. Отан соғысына дейінгі бесжылдықтар дәуіріндегі балалар әдебиетінің басты тақырыптары.

  2. С.Мұқановтың балалар әдебиеті саласындағы зерттеулері мен әдеби шығармалары.

  3. М.Әуезов және балалар әдебиеті

  4. А.Тоқмағамбетовтың өнер-білім тақырыбындағы өлеңдері.

Дәріс мазмұны: 1.1930 жылдары Қазақстан Республикасында жаппай колхоздастыру жұмыстары аяқталған кез еді. Республикада бастауыш мектептер мен орталау және орта мектептер саны арта түсті. Кітапханалар мен қызыл отаулар ашылды. 1930-1932 жылдары БК (б) П Орталық комитететі мектептер мен пионер ұйымдарын жақсарту және балалар әдебиетін көптеп бастырып шығару бірнеше арнаулы қаулылар қабылдады. Бұл қаулыларда балалар әдебиеті коммунистік тәрбие берудің қуатты құралына айналып, жас жеткіншек ұрпақтарды коммунистік партияның ісі жолындағы күреске даярлауға көмектесетін дәрежеде болуын талап етті.
Осыған жалғас 1933 жылы 9 қыркүйекте БК (б) П Орталық Комитетінің қаулысы бойынша балалар әдебиетінің идеялық мазмұнын және оның көркемдік сапасын арттыра түсу мақсатымен Мәскеуде өз алдына жеке балалар әдебиетінің баспасы ұйымдасты. Қаулыда осымен қатар балалар кітабын көптеп бастырып шығарудың алдын ала перспективалық бағдарламалырын жасауды және осыларларды іске асырудың практикалық нақты жұмыстары белгіленсін делінген. Бұл тарихи қаулылардың барлық одақтас республикалардағы балалар әдебиетінің өсуіне де көптеген жәрдемі тиді.
1934 жылы Мәскеуде кеңес жазушыларының бүкілодақтық бірінші сьезі болып өтті. Сьезде М.Горкий кеңес әдебиеті дамуының алдағы перспективасы жайында баяндама жасады. М.Горкий жазушылармен бірге ғалымдар мен инженерлерді де, педагогтар мен еліміздің көрнекті адамдарын да балалар үшін көркем әдебиет жазуға шақырды. Сьезде кеңес балалар әдебиетінің жайы мен оның алдағы міндеттері туралы С.Я.Маршактың арнаулы баяндамасы тыңдалды.
Сьездің қаулы-қарарларында балалар әдебиетін алдағы уақыттарда көптеп басып шығарудың перспективасын, бағдарламаларын жасауды міндеттеп және оны іске асырудың нақтылы шаралары белгіленді.
Сьезде көрнекті жазушыларымыздың балалар әдебиетіне көңіл бөлмейтіні жайлы да қатаң сөздер айтылды. М.Горкий: «Өсіп келе жатқан жаңа адамдардың бейнесін әсіресе, балалардан өте жиі кездестіруге болады, ал біздің әдебиетіміз балаларға да жөнді көңіл бөлмей келеді, біздің жазушыларымыз балаалар үшін жазуды, балалар туралы жазуды өздеріне ар көретін секілді» деді. Расында да, бұл жылдары әсіресе, қазақ жазушылары арасында балалар әдебиетімен тікелей шұғылданған дербес кісілер болған емес. «Балалар әдебиетін жасайық» деген 1934 жылы жазған мақаласында Саттар Ерубаев: «Осы уақытқа дейін біздің қазақ жазушылары балалармен сөйлесуді, өмірмен танысуды, балалардың пікірін білген емес» – деп ашықтан ашық айтқан болатын. Бірақ, балалар әдебиеті тақырыбында соқпай өткен бірде бір жазушы жоқ айтуға болмайды.
Тіпті балаларға арнайы жазылмаған, тек үлкендер ғана оқитын көлемді шығармаларды алсақ та, сондағы басты кейіпкерлердің балалық шақтарын жазушыларымыз сондайлық шебер суреттеген.
Оны жастардың сүйсіне оқыған С.Мұқановтың “Ботакөз” романындағы Ботакөздің мектепте оқып жүрген кездері мен М.Әуезовтің “Абай жолы” романындағы Абайдың балалық шақтары қалай суреттелгені белгілі. Ғ.Мүсіреповтің “Қазақ солдаты” романындағы Қайроштың балалық шағы, ауылдағы және қалада, балалар үйінде тәрбиеленуі үлкен шеберлікпен суреттелген. Мұны балалар қызыға оқиды.
Отан соғысына дейінгі бесжылдықтар дәуіріндегі балалар әдебиетінің басты тақырыптары социалистік құрылыс пен еңбек адамадарын жырлау мен олардың табыстарын жасөспірімдерге үлгі етіп көрсету болды.
С.Сейфуллиннің “Қалаушылар жыры” (1930), І.Жансүгіровтің “Элеватор” (1931), А.Тоқмағамбетовтің “Төлбасы” (1936), Ж.Сыздықовтың “Бас көрікті”, Қ.Әбдіқадыровтың “Амантай”, Ғ.Ормановтың “Тоқушы” (1930), “Өрістің өрнегі” (1931), “Қырманда” (1932) деген шығармалары балаларды ерлік еңбекке баулиды.
Балалар әдебиетін одан әрі дамыта беру мақсатымен 1930 жылы 5 қарашада Қазақстанда бірінші рет “Пионер” деген газет шыға бастады. 1937 жылдың наурыз айынан бастап бұл газеттің аты “Октябрь балалары” болып қайта өзгерді.
1931 жылдан бастап жасөспірімдер «Екпінді жас» атты (айлық балалар журналы) алып оқитын болды. 1939 жылдары Қазақстан ЛКЖЕ Орталық Комитетінің комсомол баспасынан «Вожатый», «Вожатыйға көмекші», соңынан «Пионер» атты журналдар шығып тұратын болды. Осылармен қатар 1924-1925 жылдардан бастап шыға бастаған «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» журналында да балаларға арналған өлеңдер мен әңгімелер үздіксіз басылып тұрды.
Бұл жылдары өлеңдер мен қатар балалар әдебиеті тақырыбына жазылған прозалық шығармалар да көріне бастады. С.Ерубаевтың «Бақыт» (1934), «Егор Бутенко» (1934), «Терек пен қызыл гүл» деген әңгімелері де негізінен жастарды шығармашылық еңбекке баулуға шақыруға арналған.
Еңбек дабылына байланысты балаларға арналған жаңа ырғақты өлең, жаңа сазды ән туды. Қазақстанның барлық жас буын балалары сол кезде Т.Жароковтың «Миллион толқын» деген өлеңімен әндетіп аттанған.
Отан соғысына дейінгі бес жылдықтар дәуіріндегі балалар әдебиетінің көтерген үлкен тақырыбының екінші жағы балаларды еңбек тәрбиесіне баулумен қатар, оларды кеңестік Отан үшін аянбай қызмет етуге, оны көздің қарашығындай қорғай білуге үйрету болды. Айбынды кеңестік Армияның ерлік істерін балаларға үлгі етіп көрсетудің тәрбиелік мәні әдебиетте үлкен орын алады. Осы тұстағы шығармалардың көпшілігі жасөспірімдерге сондайлық әсер берерліктей күшпен, ән мәтіндеріне жазылады. Бірден ұжымдық ортада айтылу үшін көпшіліктің орындауына арналған. А.Тоқмағанбетовтың «Бір, екі, үш» (1934), Баймұқамбетовтың «Әскер жыры» (1937), Е.Өмірзақовтың орындалуындағы «Жастарым, жайна» (1939), Ө.Тұрманжановтың «Біз лениншіл» (1934), Ж.Саинның «Кім болам?» (1936), Қ.Әбдіқадіровтың «Отан» (1941), «Ант» (1941), М.Хакімжановтың Қазақстан пионерлерінің республикалық екінші слетіне арналған «Қуанышы көңілімнің» (1940) деген өлеңдері Отан қорғау тақырыбына арналған
Осы жылдары М.Горкий балалар әдебиеті сыны мен теориясына қосқан «Тақырыптар туралы», «Ертегілер туралы», «Тағы да сауаттылық туралы», «Жауапсыз адамдар туралы», және «Біздің тұсымыздағы балалар кітабы туралы», «Балаларға әдебиет» және тағы басқа көптеген еңбектері өз кезеңінде қазақ кеңес балалар әдебиетінің дами, кеңейе түсуіне зор ықпал жасап, мүмкіндіктер туғызып отырды.
БК (б) П Орталық Комитетінің 1941 жылы май айындағы қаулысында балаларға арналып шығарылатын әдебиеттің ғылыми педагогикалық негізде құрылып, мектептің оқу-тәрбие міндеттеріне бағындырылуы тиіс екендігі атап көрсетілді.
2. Қазақ әдебиетінің ірге тасын қалап, оның дамуына зор үлес қосқан Сәбит Мұқанов қазақ кеңес балалар әдебиетінің өркендеп өсуіне де көп еңбек етті. Оның балаларға арнап, шағындалып жазылған «Менің мектептерім» (1941), «Патшаны қуған батыр» атты ертегісі, «Бақташының баласы» (1953) атты повестері мен Мәншүк Мәмбетоваға арналған «Батыр қыз» (1944) атты әңгімесі және Үнді жазушысы Невтежден аударған «Балалар» (1953) атты әңгімелері қазақ кеңес балалар әдебиеті мұрасына қосылған зор үлес болды.
С.Мұқановтың «Бақташының баласы» деген повесі: «Қазаға ұшыраған құнан», «Қақпандағы қасқыр», «Аянышты лақ», «Жаралы құлын», «Бөлтіріктер», «Көк шолақ», «Аңды адам жеңеді» деген төрт бөлімнен тұрады. Жазушының балаларға арналып жазылған повестерінің бәрі дерлік осылайша тақырып қойылып жазылуының ең басты себебі неде? Оның ең басты себебі бұдан біріншіден, оқиғаның балаларға түсінікті және жеңіл оқылуды көздегендік байқалады. Екіншіден, әрбір бөлімдегі оқиға желісіне байланысты соның ең түйінді мәселесін тауып, оған тақырып қоя білуге үйрету жағы көзделген. Және тақырып оқиғаға, мазмұнға сәйкес қойылатынын үйрету ескерілген. Үшіншіден, мұндағы қойылған тақырыптардың бәрі дерлік баланы күні ілгері алдағы болатын оқиғаға еліктіре баулуға және оның себептерін іздестіруге дағдыландыру жағы ескерілгені байқалады. Мұның тағы бір жақсы жағы оқиға баланың есінде берік сақтауға септігін тигізеді Өйткені тақырыпты еске алғанда, ондағы оқиға желісі неге байланысты туғанын еске түсіруге мүмкіндік береді. Шығармадағы басты кейіпкерлердің есте сақталуы да әр тараудағы оқиға мазмұнына байланысты қойылған тақырыптардың ұтымдылығынан байқалады. Осының бәрі де балалар әдебиеті тақырыбына жазу үшін, ең алдымен қалай жазу керектігін ойластырып алу қажет екендігін білдіреді. Балаларды өзіне еліктіре қызықтыратын шеберлік осындай ерекшеліктерден көрінеді. Себебі, «Бақташының баласы» повесінің «Қазаға ұшыраған құнан» деген бірінші бөлімін оқымас бұрын-ақ, баланың ойына ең алдымен ол қалай қазаға ұшырады екен деген сұрақ туады да, бірден-ақ шығармадан сол сұрақтың жауабын іздестіре оқуға мәжбүр болады. Өзін қызықтырған осындай сұрақтың шешуін шығармадан табуға талаптану – оның барлық жай-жапсарын білуге дейін жұмылдырады. Алдына осындай мақсат қоя оқыған бала повестің бірінші таруынан бастап, оның ең ақырғы таруына жеткенге дейін біріне-бірі селбесіп, оқиғадан оқиға туып отырған мол қызыққа шомып кеткенін өзі де байқамай қалады. Бұл жазушының шеберлігін танытады.
Повестің бас кейіпкері бастауыш мектепте оқып жүрген он жасар Жандос. Жандос бақташының баласы болғандықтан жас та болса, мал жайын жақсы білетіні бірден-ақ көзге түседі. Көршілес колхозға ұзатылған апасына барып қайту үшін артель председателі Шымболаттан сұрап алған құнанды ауылына қайтып келген соң, Жандос үлкендердің айтуы бойынша тұсап жібергісі келгенімен, өзіне әлденелер ой түседі: «Құнанды тұсап жіберейін десе, ауылдың маңайы тақыршақ, ұзатып апарып тұсайын десе, Шымболаттың «ит-құсқа кезігіп жазым болар» деген сөзі есінде. Бос жіберейін десе, ауылдағы жылқы атауы түнгі өріске кеткен. Құнан оларды таба алса жақсы, таба алмаса, бетімен қаңғырып кетуі мүмкін ғой. Оты бар жерге тоқтай қалатын жасамыс жылқы емес, жас жылқы үйір таппай тына ма? ». . . Міне, осының бәрін біліп тұрған Жандос шаруашылық жайын жақсы біледі. Жастайынан шаруашылықпен көз ашқан бала өте ұқыпты. Бірақ, қанша ұқыптылық жасағанымен баланың аты бала. Жазушы ол жағында ескерген. Жандостың тұсап жіберген құнанын сол түні қасқыр жарып өлтіргеніне бір жағынан ол айыпты да емес. Өйткені, Жандос мұны үлкендердің айтуымен, ұзап кетпесін деп әдейі тұсаған.
Бала жас кезінде бәрінде өз шешімімен істемейді, олар тек үлкендердің тапсырмасын орындау арқылы ғана үйренеді. Өз бетімен жұмыс істеу қабілетін үлкендерден үйреніп, білу арқылы ғана жас ерекшелігіне қарай бірте-бірте дамиды. Жазушы балада болатын осындай ерекшеліктерді дұрыс аша отырып өмірге жанасымды қызмет етуі үшін төселдіру үшін оған өмірде болатын әр алуан іс-әрекеттерді көрсету арқылы және өзінде сол арқылы үйретуді көздейді. Осы шарт повестің ең соңғы таруына дейін берік сақталған.
Баланы жастайынан шаруашылыққа баулып, өзімен берге мал өрісіне апарып Бектас қарт енді Жандосқа құнанды өлтірген қасқырды ұстау тәсілдерінде көрсетеді. Атасымен бірге қой жая жүріп қасқыр аулау қызық көрінгенімен он жасар бала үшін бұл жауапты міндет.
Жазушы повесте Жандос образы арқылы теориялық білім мен практикалық жұмыстың байланысқан түрінен дамыған үлкен прогрестік істің жеңісін жасөспірімдерге үлгі етіп көрсетіп отыр.
Жандос жас та болса, ауыл шаруашылығына кішкентайынан араласып, ат үстінде жүргендіктен, оның қай нәрсеге болса да икемі бар шыныққан бала. Сондықтан да оның қасқырдың қанына қорықпай пышақ салуы үлкен ерлік деуге болады. Жандостың осындай жүректілігі, ерлігі жасөспірімдер арасында батылдық рух тудырады. Өйткені, Жандос ылғи да қозғалыс, әрекет үстінде көрінеді. Ал, сондықтан автор өзінің жас оқушыларын Жандостың ерлік істеріне байланысты жан түршігелік қатты үрей үстінде еріксіз қобалжытып Жандос пен Бектас қарттың алдағы тағдырына үңілтіп, алаңдатып қояды.
Бұл повестің оқиғасы да, тақырыбы да балалардың өздеріне таныс құбылыс арқылы суреттеледі. Композициялық құрылысы да қызық. Сондықтан ол балалардың қиялын қызықтырып оларды үлкен арманға, әрекетке, өздері қызығатын іске баулиды. Тілі де жасөспірімдерге лайық мейлінше қарапайым, жатық тіл, сөйлемдері де ықшамды, шағын болғандықтан айтайын деген ойлары да айқын суреттеледі.
Жазушының қазақ кеңес балалар әдебиетінен елеулі орын алатын тағы бір шығармасы – Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметоваға арнайы жазған «Батыр қыз» атты әңгімесі. Әңгіме композициясы басты кейіпкердің өз халқы мен отаны алдында саналы түрде қызмет еткенін көрсетуге құрылған. Оның үздік сипатта қалыптасқан өзіндік ерекшеліктері мен сондай-ақ қайсарлығы, тапжылмас өжетігі көрінеді. Әңгіме құрылысының қызықтығы, тартымдылығы сондай, оның әрір елеулі кезеңдерінде Мәншүктің майданға араласқан сайын рухани өскені, қажырлы қайратына мініп, жауға деген қаталдығының арта түскені айқын көрініп отырады.
Әңгіменің алғашқы бет алысында Мәншүкке әлі де таныс емес майдан оқиғасы сөз болады. Таудай талабы еш нәрседен қайтпаған жауынгер Мәншүк майданның алдыңғы шебіне амалсыздан сумен жүзіп өтпек болған отрядқа: «Менің де қосылғым келеді, жолдас капитан»- деген өтінішін орындамаған Ушаковқа қатты ренжігенде Ушаков оған: «Сен бекінісін бермегенді батыр деп ойла»- деп оған ақыл айтады. Осының өзі Мәншүкке үлкен сабақ болады да, бұл қағида оның жүрегінен үлкен орын алады. Ол үшін ендігі мақсат бір қадам да шегінбеу, жаудың шабуын тойтарып тастап, олардың артына қарайлатпай батысқа үздіксіз жөнкілте қуып отыру болды. Міне, осы сертінде тұрған Мәншүк кескіліскен шайқас, оқты сұрапыл үстінде жалғыз өзі фашистердің шабуылына қарсы тұрып, оларды шетінен жусатып салады. Жазушы өзінің басты кейіпкерін осындай қатал сыннан өткізе отырып, қиын қыстау кезеңдерде одан оның өз шешімін, өзінің тапқырлығымен сұрапыл шайқас үстінде көрсететін қайсарлығын, табандылығын талап етіліп отырады.
Әңгіменің орта шені сұрапыл соғыстың қиян-кескі шабуылын суреттеуге арналған да, жазушы батыр қыздың қатал сыннан өткен әлденеше ерлік істерін көтеріңкі серпінмен мақтаныш етсе, оны басқаларға үлгі етіп көрсетуге тырысқан.
Мәншүк те Зоя Космодемяньская, Олег Кошевой, Уля Громова, Лиза Чайкина, Әлия Молдағұлова сияқты өз отанын басқыншылардан азат етуде үздік көрінген жасөспірімдер арасынан шыққан батырлардың бірі. Сонымен қатар автор бұл әңгімесінде жауынгерлерді ұлы жеңістерге қарай бастаған капитан Ушаков, полковник Әбілқайыр Баймулдин, генерал Галицкийдің басшылық рөлдерін көрсетуге де көп көңіл бөлген.
3.Мұхтар Әуезов Қазақ Кеңес балалар әдебиетінің дамыту саласында елеулі еңбек еткен қаламгер. Ол өзінің «Ертегілер» деген ғылыми еңбегінде халықтық шығармалар ішінде балалар әдебиеті мұрасына қандай топтары жататыны жайында соның жиегін ашып, саралап айтып береді. Балалар әдебиетінің арғы төркіні халықтық шығармалардан туатыны әңгіме естіледі. Ол: «Хайуанат жайында балалар үшін айтылатын қазақ ертегісінің бір алуаны – «Күшік пен мысық», «Қотыр торғай» сияқты кішкене жануарлар жайындағы ертегілер. «Ақылсыз күшік», «Айлакер мысық» балаға жәндікті әр кейіпте танытумен бірге баланың өз мінезіндей ойнақы күйде күлкілі, әңгімеленеді» – дейді. Бұл тек хайуанаттар жайында ертегілер ішінде ғана емес, сонымен қатар, бір топ күлдіргі ертегілер де балалар әдебиеті мұрасына кіретіні жайында атап көрсетіп, оған қызықты фактілер келтірілген: «Салт ертегілер қатарындағы алуан бөлек бір топ – күлдіргі ертегілер». Бұл ертегілер бала мен үлкенге бірдей ортақ, тапқыр күлкіге, қызықты жеңіл түйіндерге құрылған әңгімелер болады. Алдымен мұндай ертегілердің оқиға ортасында жүретін бас геройының өзі ерекше. Оның бар іс-мінезінен бұрын аты – қалыпты, кескін-ұсқыны да күлкілі әрі оқыс келеді. «Шибұт, қағанақ, қылтамақ», «Ұр тоқпақ», «Қаңбақ шал», «Байбай шал», «Айлалы тазша», «Тазшаның қырық өтірігі», «Екі еріншек» деген ертегілердің атымен адамның әңгіменің ойнақы, күлдіргі жаққа қарай тұрғаны мәлім болады», – дей келіп, соның әрқайсысына жеке-жеке талдаулар берген.
М.Әуезов баланың дүниетануындағы ой-өрісінің кеңеюі, дамуы ең алдымен халықтық шығармалардағы асыл мұраларды, онда айтылатын данышпандық ой-пікірлерді білу арқылы өсетіні және олар өз білімін сол арқылы толықтырып, тарихты терең түсінуге жол ашатынын көрсетеді. Халықтың арман-мүддесі нені аңсайтыны ертегілерде ашық көрініп отыратынын ескертеді. Сонымен қатар, әр халықтың тарихи даму жолын, оның бұрынғы шаруашылығын, әдетін, ғұрпын, салты, мәдениетін білуге көмектесетінін еске салады.
Ол ертегілер ғана емес, ұзақ жанрларға жатқанымен жұмбақтардың да балалар әдебиетінен алатын орны, оның тәрбиелік мәні ерекше екені жайында да өзінің жұмбақтар туралы жазған алғы сөзінде: «Жұмбақты мектеп балалары тілге ұста болуы мақсатымен оқиды, жаттайды. Жастар ойын-сауық кештерінде әлі де ермек етеді. Ата-ананың жас балаға беретін тәрбиесінде де баланың ойын тапқырлыққа баулу үшін де жұмбақтың көп пайдасы бар», – деген болатын.
М.Әуезовті балалар әдебиетінің бірінші зерттеушісі деуге болады. Ол балалар әдебиетінің мұрасына қандай шығармалар енетінін айқындап айтып берумен қатар, «Әр жылдар ойлары» деген ғылыми еңбегінде жастар мен жасөспірімдердің оқитын кітаптары тобына жататын шығармаларды да атап көрсеткен болатын. «Абайдың жас буынға арнап айтқан көптен-көп өлеңдерінің бәрі де жоғарыда біз айтқан бір жайға үлкен дәлелді куәлік береді. . . Сол үміт ұдайы өз халқының жас ұрпағы, жаңа буындарымен байланысты. Оларға айтатын сөзге келгенде Абай тіпті де түңілуші болмайды. Әрбір ұстаздық сөздің адамгершілік негіз, қасиеттерін терең түріндегі мораль философиясымен байланыстыра айтады»- дейді.
Балаларға арнала айтылған ұстаздық сөздерді М.Әуезов Абайдың тек өлеңдерінен ғана іздемейді ол сонымен қатар, Абайдың қара сөздерінде көптеген ойлы пікірлер барын және бұл ойлар Абайдың педагогикалық көзқарастарына жататынын белгілеп берген: «Енді бір бөлек тақырып боп, жетінші сөз оқшаулау көрінеді. Ол – жас баланың психологиясын еске алып талдаған сөз. Баладағы білуге ұмтылу жақсы қасиет екенін атаумен бірге, үлкеннің надандығы сол жақсы баланың жанын жаман тәрбиелеп, қорлап бұзғанын білдіреді» – дейді ғалым Абайдың қара сөздеріне жасаған талдауларында.
М.Әуезовтің осы еңбектері балалар әдебиетінің өз алдына жеке тоқталып, дербес зерттелуіне үлкен жол ашты. Соның негізінде Қазан төңкерісіне дейін қазақ балалар әдебиетінің тарихи өсу жолдарын зерттеген ғылыми үлкен еңбек, балалар әдебиетінің очеркі туды.
Қазақ балалар әдебиетінің ғылыми тұрғыда зерттелуіне зор көңіл бөлген М.Әуезов өзі де балаларға деп әңгімелер мен повестер жазды. 1926 жылы жазған «Сұр» деген повесть қазақ балаларының аса қызығып оқитын, ең сүйікті кітаптарының бірі болды. Бұл кітапты қазақ прозасының жануарлар тіршілігін зерттейтін тұңғыш шығарма деуге болады. Жазушы бұдан соң 1928 жылы аса көркем жазылған, қолдан-қолға өтіп оқылатын «Көксерек» атты әңгімесін жазып ұсынды. Бұл шығарманың екеуі де қазақ кеңес балалар әдебиетінің дамуына зор үлес болып қосылды.
Жазушының хайуанаттар жайында жазылған «Аңшылар» әңгімесі, әсіресе жасөспірімдердің аса сүйіп оқитын шығармаларының тобына жатады. Ол өзінің аса шебер жазылған атақты «Көксерек» әңгімесінде, алдымен әр алуан жабайы жыртқыш азулы аңдардың мекен ететін жерлерін зерттеуден бастайды. Оның себебі сол жыртқыш аңдардың неге осындай жерлерде болатынын ашып беруге жәрдем етеді. Екіншіден, сол аңдардың сыр-сипаты мен мінез өзгешеліктері де сол мекен ететін жеріне және олардың немен қоректенуіне байланысты ашылады. Осыған орай жазушының аңдар психологиясын ашып беруге де үлкен күш салғаны айқындалады.
Повестің аңдар мекенін суреттеуден басталуының өзі жыртқыш аңдар өмірімен оның күн көріс тәсілдерін айқындап, ашып беруге үлкен тірек болады. Әңгіменің композициясы мен сюжеті оқиға тудырып, тез өзгереді. Мұның өзі оқиғаның шапшаң дамуына себепкер болатыны байқалады. Оқиғаның шапшаң дамуы оқырманның дегбірсіздендіріп, енді не болар екен дегендей ойға қалдырады. Жаңа ғана екі қасқырдың балаларын қоректендіру үшін қозы әкеп жеп жатқаны суреттеліп: «Қозы екі қомағай ауыздың кергісінде қан жоса болып, дар-дар айырылды. Сырт-сырт етіп жас сүйек сынды. Қап-құпаш, қорқ-қорқ етіп, қомағай қанды ауыздар асайды. Тұмсығы мен бастары, мойын жүндері қып-қызыл болған қасқырдың жасыл көздері от шашады».
Мұның өзі жоғарыда айтқанымыздай оқиғадан-оқиға тууын байқатады. Бұл көрініс жанды суреттер арқылы берілген. Жан түршігерлік осындай көріністер жас оқырманның еркін билеп, олардың төбе шаштарын тік тұрғызады. Жас қозыға жандары ашып, оқиғаға өздері араласып кеткендей әсер алады. Өйткені, мұны азсынғандай соңынан бөлтірігінен айырылған екі қасқыр ашулы ызамен маңайдағы елдерді күндіз-түні у-шу болып азан-қазан етеді. Қойларын жаралап қозыларын алып қашады. Өрістегі бұзауларын өлтіреді. Далада құлындаған биелердің құлындары желінеді. Сонымен «Көксерек» әңгімесі үздіксіз шабуыл жасап, ел тынышын кетірген азулы жартқыш аңдар оқиғасына байланысты туғаны айқындала береді.
Міне, осы жерде балалар жыртқыш аңдар дүниесінің сыр-сипаты ашылып, оларды қандай белгілеріне, қандай түріне, қандай озбырлығына қарай тануға болатыны байқатады. Олармен қалай күресудің жолын үйретеді. Мұнда да күрделі екі мәселенің қатар тұрғаны балаларға ерекше әсер етеді. Оның бірі, жыртқыш аңдар озбырлығы болса, екіншісі, қазақ жерінің сұлу табиғаты мен қаймағы бұзылмаған ен байлығының сөз болуы. Жаратылыстың сондай әсерлі, көркем суреттеуіндегі жазушының мақсаты тек қана сол әсем көрініске зер салып қоюды ұқтыру емес, ол сонымен қатар соны сезіну, бар байлықты құрметтеу, қадірлеу жағына үйретуді көздейді. Жаратылыстағы көркемдік пен ондағы бар байлықты пайдалану үшін оны алдымен білу керектігін үйретеді. Мұның өзі, түптеп келгенде өз өлкеңдегі бар байлықты құрметтеуге, сақтай білуге үйретеді.
Әңгіме кейіпкері кішкене Құрмаштың асырап алған Көксерегі болғандықтан, жазушы оны әлі де айқындай түсуі үшін бөлтірік қасында тұрғандай суреттеледі. «Жетілмей келе жатқан тісі ғана, Көксерек арлан еді. Сондықтан бұның бойы биіктене береді. Әлі тұрқы шығып ұзарған жоқ. Барлық жүні қара-көк, жотасы күдірейіп, ауыз омыртқа мен құйрығына шейін тұп-тұтас болып, күлдіреуіштей сүйірлеген бір бітімі бар. Өзі ешкімге ізденіп соқтықпайды. Ит-баласы затына қастай жібімейді. Әлі күнге дейін бір рет жадырап, ойнап көрген емес.Татулық жоқ суық. Жалғыз-ақ атын біледі. . . Өскен сайын сызданып суықтанып келеді», – деп суреттейді жазушы Көксеректі.
Жазушы бұл жерде жас организмнің өсу, жетілу жайын суреттей келіп, соған байланысты оның мінез-өзгешеліктері, бірден-бірге қалыптасу, өзгеру жолдарында аңғартып отырады.
Оның өзі қолға үйренген жануарлардан гөрі қолға үйренбеген азулы жыртқыш аңдарда болатын психологиялық өзгешеліктерді танытады. Оны жастайынан қанша бағып күтсе де, тіпті Құрмаш өзімен бірге қойнына алып жатса да, сызданып, суықтана беру жас оқушыны таң-тамаша етіп, ойға қалдырады. Көксеректің қолға үйренбеуі тек Құрмаш емес, үлкен кісінің өздеріне де күдік тудырады. Ол жайында: «Түнде қозының құйрығын иіскелеп жүреді. Қойды үркіте береді. Түнде даланы жақсы көреді», деген сияқты ауыл адамдарының әңгіме таратулары да осыған байланысты туған. Оның себептерін білуде балалар үшін өмір танытарлық сабақ. Өйткені, Көксеректің сыртқы портретінің әсерлі суреттелуінен азулы жыртқыш аңдардың жай ғана көрінісі емес, мұнда оның мінезі мен өсу процесінің дамуы көрініп отырады. Сонымен қатар бірден-бірге өріс алып бара жатқан оқиға сюжеті әңгіменің ішкі құбылысын айқындап отырады. Осыған байланысты жас оқырман Көксеректің алдағы тағдырын қызықты бағалап, зер салып отырады. Өйткені, Көксерек олар үшін әңгімеде ең басты тұлға болып көрінеді. Екіншіден, Көксерек оқиғасының жетегінде ере отырып, оқушы жаратылыс қүбылыстарында болатын өзіне белгісіз әр алуан өзгешеліктерді байқайды. Кейіпкерлердің бастан кешірген бірталай қиыншылықтарына бірде сүйсініп, бірде күйініп отырады. Көксерек иесінен безініп, адырға шығып кеткендегі оның тағылық бейнесін былай суреттеген: « . . . Қатты аяаздан тұмсығының ұшы, езуі ашып, шыдатпай тоңа бастады. Табанынан өткен ызғарда аяқтарын қарып, қатырып барады.Қайта жортып адырға шықты. Алғашқы рет амалсыздан көкке қарап,ауызын ашып,ышқынғанда ішінен зор дауыс шықты. Күтпеген дауыс.Көксеректің ең алғаш ұлығаны осы еді. Қарлы, елсіз адырды басына көтеріп дауыс салды. Тынбай ұзақ-ұзақ ұлыды...». Осының өзі балаларды ғажап ойға қалдырады. Өйткені, Көксеректің асырауға көнбеу себебі, күтімді керек етпеуі неге байланысты екені олар үшін жұмбақ. Осының бірі оқиғаны бірден-бірге шиеленістіріп, ол шарықтау шегіне жеткенге дейін үрей тудырып отырады. Азулы жыртқыш аңдар образы ылғи да үздіксіз қозғалыста үлкен әрекеттер және қауіп-қатер үстінде шапшаң дамиды.
Қасқырды қанша бақсаң да, орманға қарап ұлиды деген сияқты, Көксеректе өзінің тағылық жолымен Құрмаштан безініп кеткені, қолға үйренбеуі – оның жаратылысы, өмір сүру жолы о бастан солай бейімделуіне байланысты екені балаларға бірте-бірте айқындала береді. Ендігі жерде оқушысын ойға қалдыратын бір жағдай Құрмаш пен Көксерек арасындағы байланыс мәселесі. Жақсылықтан басқа ештене жасамаған Құрмашқа Көксерек кездесе қалса, ол қанша тағы болса да, үйреткен адамына қауіп-қатер жасамас деген талас ой туады. Әңгіменің шешіміне жеткенге дейін осы ойдан арыла алмай отырған оқырман Көксеректің пиғылын, тағылық әрекеттерін байқауға болады.
Әңгімеде оқиғаның болған жері, оның күнтізбелік жыл мезгілдері, қандай жағдайда болғанына дейін түгел рет-ретімен айтылады. Ізіне түскен ауыл адамдарына әбден өшіккен Көксерек өзінің серігі Ақ қасқырдан оны бөлтіріктерінен айырылған соң, бұрынғысынан бетер ашулана түскенін жазушы мүлде үрей тудыра суреттейді.
Көксеректің ауыл үйде Құрмашпен бірге жүргендегі тағылық белгілері мен қасиеттер бір түрлі суреттелсе, ол енді әбден кемеліне келіп, өсіп жетілгендегі мінез өзгешеліктері, психологиясы мүлде басқа болып өзгергені және адам баласына деген қастандығы мен өшпенділігінің ыза-кегінің ұлғая түсуінің суреттелуі жер мен көктей болып, ерекше көзге түседі. Бұл екі арадағы екі үлкен қайшылық оқырмандарын таңқалдырып отырады. Жазушынның суреткерлігіне сүйсініп, риза болып оқиғаның жетгіне еріп, Көксеректің алдағы тағдыры немен аяқталуына одан бетер қызыға береді. Бірақ, бұл қызығу көпке созылмайды. Үлкен өкініш, зор қайғымен аяқталып, Құрмаштың трагедиялық өлімі үстінен келіп шығуы оқырманын өкіндіретіндей әсер береді. «Жаман адамды бақсаң аузы-мұрныңды қан етеді, жаман сиырды бақсаң ауыз-мұрныңды май етеді» дегеннің кебін келтіріп, Көксеректің Құрмашты ат үстінен жұлып түсіріп, елсіз далада жеп кетуі естен қалмас қасіреттей мәңгілік ойда қалады.
«Қураған-ай, неңді алып ем?!. Не жазып едім? Бауырына салып өсіргеннен басқа не қып еді менің құлыным?!» - деген Құрмаштың әжесінің елді тегіс еңіреткен өксігі, Көксеректі басқа тепкені қарсы алдында болып жатқан жанды көріністей оқырманның көз алдынан кетпейді.
Құрмаштың өмірі трагедиялық өліммен аяқталғанымен жас оқырманның көңілінде жақсылықтан басқаны ойламайтын аяулы адал жанның бейнесі қалады.
«Көксерек» әңгімесі жасөспірімдерге өмір танытарлық осындай оқиғаларды суреттеп берумен қатар, оларға қазақ халқының ана тіліндегі бай мұрамен оның сұлу да, көркем құрылысымен таныстырады. Ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттырады.
4.Талантының алғашқы көрінуінен бастап-ақ жастар жазушысы атанған Асқар Тоқмағамбетов қазақ кеңес балалар әдебиетінің мұрасына да мол үлес қосты.
Ол – бірнеше жылдар бойы Қазақстан жазушылар одағының басқармасында , «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде жауапты қызмет атқарған. Ақынның шығармашылық өмір тарихы «Лениннің портретіне» деген алғашқы өлеңін жариялаған 1924 жылдан басталады. Осыдан кейінгі 4 жыл бойына ақын өзекті саяси тақырыптарға өлеңдер жазды. Оны оқушылар қауымы тез таниды. Жастардың ең көкейкесті ой-арманын білдіретін «Бәтиманың хаты», «Ініме жауап», «Біздің Сәуле» өлеңдері қазақ оқушылар арасына оның есімін кеңінен таратады. Сондай-ақ, «Оқушы», «Шылымшы», «Тапқаны ғылым емес пе?», «Жаңа жылда», «Ағасының жауабы», «Біздің әскер», «Шойын қарының ойын қара», «Алыптар туралы ертегі», «Балалар», «Қарындаш», «Балаларға базарлық» т.б. көптеген шығармалары балалар мен жасөспірімдерге арналған.
1925 жылы А.Тоқмағамбетовтің «Еңбек жыры» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарыққа шығады, жинақтың атының өзі оның мазмұнын баяндайды. А.Тоқмағамбетовтың шығармашылығында өз тұсындағы қоғам талап еткен, әдебиеттегі негізгі бағыттар көрсетілген тақырыптар кеңінен жырланады. Сол кезең әдебиеті талабына сай ақын социалистік еңбекті жырлайды, қазақ ауылындағы кеңес үкіметінің алғашқы қадамдарын көркем әдебиетте көрсетеді.
Бірінші кітабынан кейін 1929 жылы «Екі заң» деген пьесасы және «Тазалық пен тәрбие» деген өлеңдерінің екінші жинағы шығады, бұған көбіне балаларға арналған өлеңдер кіреді. Кейінде А.Тоқмағамбетов «Ұлы майданды», «Құрылыс» деген өлеңдер жинағын және «Қаскелең» поэмасын басып шығарады.
Ақын қаламынан «Алыптар туралы ертегі», «Балаларға базарлық», «Қарындаш», «Қызыл тулы жайлау», «Өлеңдер жинағы» атты бөбектерге, орта және жоғары мектеп оқушыларына арналған өлеңдер жинағына қоса, «Төрт жыл, яки төрт сағат» атты повесі жарық көрді. Ақынның ертедегі поэмаларынан «Берлин көшесінде» поэмасын атап айтуға болады. Мұнда ақынның өзіне тән стилі мейлінше ақын көрінеді. Ол мұнда неміс жұмысшысының ашыққан жанұясының қайғылы тағдырын сипаттап жазады, фашизмнің айуандық сиқын әшкерелейді. Ақын бұл поэмасы арқылы кеңестік құрылыстың артықшылығын атап көрсеткісі келген.
Ұлы Отан соғысы жылдары республика еңбекшілерінің делегациясымен бірге Асқар Тоқмағамбетов майданда болады және кеңес жауынгерлерінің ерлігіне арналған көптеген өлеңдер жазады. Ақын республиканың қалаларын, колхоздарын, совхоздарын көп аралады. Бұл сапарларының нәтижесінде жұмысшылар мен колхозшылардың еңбектегі ерлігі туралы шығармалар жазды. Оның өлеңдерінің бәрі кеңестік Қазақстан өңіріндегі ұлы істер мен тарихи өзгерістердің шежіресі.
Балаларға арналған ақын поэзиясының көркемдік негізі көбіне орыс әндеріне мәтін сияқты үлгісінде жазылады. Өйткені, әнмен қосып айтуға арнала жазылған өлең көбіне жасөспірімдердің санасына тезірек әсер етіп, олардың айтып жүруіне қолайлы туғызады. Осы өлеңдерімен ақын балаларға өмірде бастан кешірген тарихи оқиғаларды бастан түсіндіреді. Сонымен қатар, жағдай ойынның жинақтығы мен айқындығы да, оның идеялық мазмұндылығы да, сезім дүниесінің жарқындығы мен мейірбандығы да – бәріде әнге қосып айтылатыны өлеңдерінен айқын көрініп отырады.
Жалпы, А.Тоқмағамбетов Қазақ кеңес әдебиетіне ән мәтіні үлгісін енгізген ақын. Ол оны орыстың әндеріне мәтін жазуға машықтану арқылы енгізді. Ақынның «Тап қорғаны» деген өлеңі орыс халқының «Хазбулат удалой» әнінің үлгісімен жазылса, «Сәуле» өлеңі «Комсомолка Дуня» әндерінің үлгісіне жазылған. «Білім алғаннан кейін» және «Еңбекші әйел аузынан» деген өлеңдері «Керпичники» деген әннің әуенімен айтылады. Сонымен қатар оның «Майданнан хат» «Жауынгер жастар» деген өлеңдері де орысша «Застольная» әнімен шырқалады. Ал, «Аман бол» деген өлеңі «Проводы» өлеңімен айтылса, «Күт мені» деген өлеңдері де орыс халқының «На рыбалки» әнімен орындалады. Бұл өлеңдерінің бәріде сол кезеңде бүкіл кеңес халқы бірлесіп айтатын интерноциональдық әндерге айналып кеткен еді.
Балаларға арналған өлеңдеріндегі ақынның көтерген тағы бір мәселесі өнер-білім, ағарту жұмыстарына арналады. Өз отанын, өз елін, өз мүддесін қорғау үшін өзінің осындай өлеңдерімен жастар мен жасөспірімдерге патриоттық рух беріп отырған, ақын оларды өнер білімге шақырып, мәдениеттің тетігі білімділігі екендігі түсіндіреді. Ол өзінің «Тапқаны ғылым емес пе?», «Шойын қараның ойын қара» т.б өлеңдерінде өнер-білімнің жетістікті жақтарын айта келіп, соны тез игеруді балаларға үлгі етіп көрсетеді. «Білім» деген өлеңінде білімді жанның елінің сүйікті ұланы бола алатынына, біле беруге, оқуға деген құштарлықтың түбінде бір қызыққан нәрсеге қол жеткізетінін сеніммен айтады. Бұл әрине зор талап «Талапты ерге нұр жауар» деген сияқты мұндай талап адамды өзінің ойлаған мақсатына жеткізеді.
Ақынның балаларға ұсынған өлеңдерінің тағы бір қызықты үлкен таласы халық ертегілеріне сүйене жазған щығармалары деуге болады. Ол халық ертегілерін өлеңмен жазып, оны балаларға өңдеп ұсынғанда тек оның қызықты оқиғасына, не асыра суреттелетін ғажайып кейіпкерлеріне сүйсініп қана қоймайды. Ол сонымен қатар ертегілердің халық мүддесінен шығатын шындық ақиқатты негізге алатынына көбірек көңіл бөлетінін байқаймыз.
1937 жылы жазылған «Алыптар туралы» деген ертегі поэмасы керемет үлкен алыптарды суреттей келіп, жасөспірімдерге алыптардың алыбы қайсысы деп сұрақ қояды. Бұл сұрақ балалардың ойлануына, ойлану арқылы ертегідегі мазмұнға терең түсінуге, алыптардың әрқайсысын саралап байқауға жол ашады. Сонымен қатар саналы түрде түсініп, оқуға ынталандырады. Автор алыптарды суреттегенде хайуанаттарды және адамда болатын өзіндік ерекшеліктерін алақанға салғандай оның алып тұлғаларын да оқушының көз алдына келтіреді.
Қазақ кеңес әдебиетінде сатиралық жанрды дамытуда Асқар Тоқмағамбетовке жетекші рөл беріледі.
Қарапайымдылық пен халықтық үндестілік және образдылық ақын шығармашылығындағы оқушыларды өзіне тартатын ерекшелік. Ақынның көптеген өлеңдерінде халықтың ауыз әдебиетінен алынған эпитет пен теңеулер ұшырайды.
А.Тоқмағамбетов драматургия саласында да еңбек етті.
Қорыта айтқанда, А.Тоқмағамбетов өлеңдерінің көркемдік сипаты, тәрбиелік мәні, балаларды әрқашан қанаттандырып, серпілтіп отыратын айқын идеясы осындай дәрежеде болғандықтан да оның балалар әдебиетінде орны ерекше.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет