Дәріс №1 Дәріс тақырыбы: Балалар әдебиеті туралы түсінік. Балалар әдебиеті пәнінің мақсаты мен міндеттері



бет11/19
Дата31.08.2022
өлшемі310,49 Kb.
#148396
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   19
Байланысты:
лекция бала ад 15 саг

Дәріс №8
Дәріс тақырыбы: Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейінгі дәуірдегі балалар әдебиеті.
Дәріс мақсаты: Балалар әдебиетінің Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдарды өсіп- өркендеуі. Балаларға жаңа дәуір талабында тәрбие беру бағытындағы шығармашылық ізденістер. Балалар әдебиетін өркендетуге мемлекет тарапынан жасалған іс- шаралар мен арнайы қаулылырдың тигізген әсері.
Дәріс жоспары:
1. Балалар әдебиетінің соғыстан кейінгі жылдардағы жанрлық, тақырыптық жағынан өсу жайы.
2. Б. Соқпақбаев – балалар әдебиетінде
Дәріс мазмұны: 1. Ұлы Отан соғысында неміс фашистерін тізе бүктірген жеңістерден кейін соғыс зардаптарынан болған ауыр күйзелістерді тез арада қалпына келтіру үшін барлық күш бірден құрылыс жұмыстарына жұмылдырылды.
Балалар әдебиетінің бұл жылдардағы қамтыған ең күрделі тақырыптары бала тәрбиелеудегі жанұя мен мектеп рөлін көрсету болды. Сонымен қатар, балалардың моральдық, патриоттық рухын көтеріп, оларды еңбек тәрбиесіне үйрету мақсаты көзделді. Осыған сәйкес мектептің өмірмен байланысын нығайту мәселесін басты міндет етіп қойды. Осындай талаптарға байланысты соғыстан кейінгі жылдарда жазған шығармалардың ішінде мектеп өмірі көп орын алып, оның ішкі мәні, идеялық – тәрбиелік процестің өзгешеліктері, мектептегі пионер, комсомол ұйымдарының жұмысы әдебиетте көп көрсетіле бастады.
Жас оқырмандарды сүйіп оқитын, педагогтар ұнататын таңдаулы прозалық кітаптардың ішінде М. Иманжановтың “ Алғашқы айлар” атты повесін атауға болады. Бұл повесте алдымен мектеп және жанұя, мектеп және колхоз арасындағы байланыс әңгіме етіледі. Балалардың мектептен алған білімін еңбекпен, тәрбиелі іспен, тұрмыспен байланыстыру жағы шебер бейнеленген. Әр баланың мінез өзгешеліктеріне қарай солармен жеке сөйлесу керектігін, солардың бабын тауып, жөнге келтірудің, заманымыздың іскер азаматы етіп шығарудың, нақтылы білім берудің мақсатын көздейтін мұғалімдердің игілікті жұмыстары шебер айтылған. Жастар өмірінің өзегі саналы тәрбие дейтін болсақ, бұл повестің негізгі мақсаты оларды саналы азамат етіп баулуды көздейді. Қорыта айтқанда, М. Иманжановтың бұл повесі – мектептің өмірмен байланысын нығайту жайы ерекше жақсы суреттеледі. “Алғашқы айлар” – мектеп пен мұғалімдер өмірін суреттейтін проза жанрында балалар әдебиеті тақырыбына жазылған тұңғыш повесть.
1945 жылдан бастап 1952 жылға дейін Қазақстан мемлекеттік оқу – педагогика баспасынан “Балалар кітапханасы”, “Мектеп кітапханасы” дген цикл бойынша көптеген жазушыларымыздың балаларға Қ.Әбдіқадіровтың “Амантай” (1945), С.Бегалиннің “Көксегеннің көргендері” (1948),“Сәтжан”(1947), Д.Әбіловтің “Жас азамат”(1948), Ж.Сыздықовтың “Алтын қалам”(1949), Қ.Бекхожиннің “Батырлық жыры”(1949), А.Тоқмағамбетовтің “Қарындаш”(1950), Ә. Тәжібаевтың “Шын жүректен”, Қ. Сатыбалдиннің “Мың есік”(1950), М. Ғабдуллиннің “Алтын жұлдыз”, Қ.Жармағамбетовтің “Адам туралы аңыз” (1951), Т. Жароковтың “Жеткіншек”, Ә. Сәрсенбаевтың “Туған өлке”, Ж. Саинның “Жас достарыма”, Ж. Молдағалиевтің “Қызыл галстук”, Қ. Аманжоловтың “Балбөбек”, Ғ. Ормановтың “Бөбек жыры” шықты.
Бұл кітаптардың бәрі де сол кезең талабына сай жазылған дүниелер еді.
Балалар әдебиетін өркендете беру және кейбір жекелеген кемшіліктерді қайталамау мақсатымен 1950 жылы СССР Кеңес жазушылары Одағы басқармасының ХІІІ пленумында “Балалар әдебиетінің жайы және оны өркендету міндеттері туралы” арнаулы баяндама қойылды
СССР Кеңес жазушылары Одағы басқармасының ХІІІ пленумында балалар әдебиетінің жайы және оны өркендету міндеттерімен қатар, арнайы зерттелу керектігі жөнінде де қаулы алды. Қазақстанда балалар әдебиетінің өсуі, жазылуы осы қаулыға сәйкес дамыды.
Соғыстан кейінгі жылдардағы балалар әдебиеті аса көрнекті қайраткерлер туралы, азамат соғысы және Ұлы Отан соғысының батырлары туралы өмірбаяндық повестерді бере бастады. Бұл жөнінде Қ.Әбдіқадыровтың “Қажымұқан”(1951), Қ.Жармағамбетовтің “Әнші азамат”(1951), С.Бақбергеновтің “Талғат”(1950), “Дина”(1957), “Бозторғай”(1960), С.Талжановтың “Сейфулланың Сәкені”(1959) атты повестері мен М. Хакімжанованың “Мәншүк”(1945) атты поэмасын атауға болады.
Осы аталған библиографиялық повестердің жасөспірімдерге өмір жолын танытарлық өзіндік ерекшеліктері бар. С.Талжановтың “Сейфулланың Сәкені” деген өмірбаяндық очеркі Сәкен Сейфуллиннің өмір жолын жастарға аса сүйсінерлік және өмір танытарлық қалыпта суреттеп берген. Бұл очерк ер жүрек азамат Сәкеннің тар жол, тайғақ кешуде бастан кешірген жарқын бейнесін, сүйкімді образын балаларға үлкен өнеге, үлгі берерлік тұрғыда суреттеген.
Қ.Әбдіқадыровтың “Қажымұқан” атты повесі дүниежүзілік чемпион атағын алған, барлық мемлекеттерді аралап шықса да, өле–өлгенше жауырыны жерге тимеген өз елінің намысы үшін күрескен, спорт шебері, алтын, күміс, қола бар 45 медальға ие болып, жеңіп алған, жер атақ-даңқы шыққан Қажымұқан Мұңайтпасовтың батырлық, ерлік істері мен өмір жолымен таныстырады.
Тағы бір айта кететін ірі тұлға Қ.Жармағанбетовтың қаламынан жарық көрген – “Әнші азамат” повесі. Бұл Парижде ән салып, дүние жүзі өнерпаздарының жарысында екінші орын алған атақты әнші Әміре Қашаубаев жайында жазылған шығарма. Бұл повестің негізгі кейіпкері де қазақ халқының даңқын, әншілік өнерін жер жүзінде танытқан өнегелі азамат.
Бұған қоса С.Бақбергеновтің атақты композитор Дина жайында жазған повесі де осы топқа қосылады.
Жазушы бұл повесте Дина өз өнерімен қатар ұстаз өнері арқылы заманымыздың шат көңілді жастары мен кейінгі ұрпақтарына әсем үнді үкілі домбырасының пернесінен асқақты да сазды күйлерін, адам көңідін тебірентерлік аналық зор махаббатын тастап кеткенін шебер суреттейді.
С.Бақбергеновтің «Ана», «Бозторғай», «Талғат», «Аққан жұлдыз» повестеріндегі басты кейіпкерлердің біреуі асқан күйші, компазитор болса, біреуі суырып салма халық ақыны, енді біреуі ел қорғаған батыр, төртіншісі ғалым. Осы аталған алдыңғы қатар ардагер азаматтардың үлгілі істері балалар үшін таптырмайтын тәрбие құралы. Осы аталған повестерде жасөспірімдерге беретін тәрбие жемісі, оларды патриоттық, отаншылдық рухқа бөлейтін әсері, адамгершілік сапаның туын жоғары ұстаудың үлгілерін көрсететін жақтары ерекше орын алады. Бұл повестер осындай ерекшеліктермен, өнегелі, үлгілі жақтарымен құнды.
«Балалардың өз өмірін баяндайтын шығармаларды ғана балалар кітаптары деп қарау, әрине, дұрыс емес. Біз балаларды советтік өміріміздің қай саласымен болмасын таныстырып, солардың ең тәуір деген үлгілер арқылы тәрбиелеуге тиіспіз. Балаларға табиғат сырлары, ғылым, мәдениет пен искуствоның табыстары, тарих туралы кітаптар керек. Тамаша адамдарымыздың өмірі жайында, туған өлке, қала мен ауылдарымызда болып жатқан өзгерістер туралыда балаларға әдемілеп айтып беруге болады», – деп ғалым С. Қирабаев өте орынды айтқан.
Балалар әдебиетімен тек балалар ғана шұғылдана бермейді. Балалар әдебиеті тақырыбына өзінің өмір тәжірибесін, мамандығы мен кәсібін үлгі ретінде тарту етіп ұсыну үшін барлық мамандықтағы ғалымдар да, педагогтар да, инженерлер де, әскери адамдар да жазады. Қазақ кеңес балалар әдебиетінде ғылыми-фантастикалық тақырыпқа жазу соғыстан кейінгі жылдарда ғана, атап айтқанда 1957 жылдан бері қарай оқушылар қолына тие бастады. Балалар мен жасөспірімдерге пионерлерге арналған ғылыми-фантастикалық көркем әдебиет кітаптардың ішінде алдымен аталатын геология-минералогия ғылымының докторы, Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспендент мүшесі, академик Ақжан Машановтың « Жер астына саяхат» (1957), инженер Медеу Сәрсекеевтің «Ғажайып сәуле» (1959) «Жетінші толқын» (1964) повесін, М.Арыстанов пен Ықсановтың «Балдырған саяхатқа шықты» (1960) деген әңгімелерін атауға болады.
А.Машановтың «Жер астына саяхат» деген әңгімелер жинағы негізінен: «Алғашқы әңгімелер», «Ұлы тартыс», «Туған жер қазынасы», «Қайтуда», «Жаңа саяхаттар» деп аталатын көлемді бес тараудан тұрады. Бұл тараулардың әрқайсысы өз алдына тағы да әлденеше қысқа-қысқа тақырыптарға бөлінген әңгімелерден құралған. Осы әңгімелердің барлығы жердің жаратылысын, табиғаттың ұзақ ғасырлар бойғы өзгеріс-құбылыстарының заңдарын, еске өмірлердің қалай өзгеріп, жаңаның қалай дамитынын ғылыми тұрғыдан қарап қызықты етіп әңгімелейді. Кітап мазмұны негізінен жаратылыстану ғылымдарын сүйіп үйренуге баулиды. Баланы дүние әлемінің мол қазынасымен, әлі де зерттеуді, ізденуді көп қажет ететінін, асыл дүниелердің дарқандығымен таныстырады. Балаларды соған қызықтырумен қатар, оларды осындай мол мұраны ізденгіш, тапқыш және құпия сырын ашатын азамат болып шығуына, соған қызыға да сүйсіне кірісуіне жөн сілтейді, үйретеді.
М.Сәрсекеевтің «Жетінші толқын» атты повесі мен «Ғажайып сәуле» деген әңгімелер жинағы ғылыми және фантастикалық негізге құрылып, техника тетіктерінің таңғажайып әр алуан жүйесінен жасөспірімдерге қызығарлық мағлұматтар береді.
Соғыстан кейінгі жылдарда өріс алып келе жатқан мысалдар мен күлдіргі сықақ өлеңдер жанры да қазақ кеңес балалар әдебиетінен де берік орын алды. Шона Смаханұлының «Тотияйын»(1959), «Шимайбек пен Шыңқетпе» (1960) деген өлеңдер жинағында: «Қалайда мен Алайда», «Солақай тәрбие», «Ерсі», «Қораз экзаменатор», «Кәмелетке жеткен түлкі», «Ортеке», «Көкек», «Су мен балық», «Сұр қоян», «Шимайбек», «Араның балын жеймін деп», «Тентек күшік» деген өлеңдері өзінің қатты қалжың, өткір мысқылымен балаларды көңілді күлкіге бөлеп, өздерін мәз–мейрам етеді. Күлкіден айыққан соң, оның ішінде тілі ащылау болғанмен ойы тәттілеу келген шындықпен айтылған уытты сөздерге мойын ұсынды.
Балалар әдебиетінде ертегілер жанрына көңіл бөлу жағы де елеулі орын алып келді. Бастауыш сынып балалары мен мектеп жасына дейінгі балдырғандарға арналып түрлі- түсті бояулармен ыққан суретті кітапшалар тек соғыстан кейінгі жылдарда ғана қолға алынды. Мұның өзі мектеп жасына дейінгі балалар үшін әдеби шығармалар жасауға үлкен мүмкіншіліктер туығызады. А.Тоқмағанбетовтің «Алып ана»(1955), А.Шаншаровтың «Жыл басы» (1955), С.Бақбергеновтің «Түлкінің тымағы» (1957), Т.Әдірахмановтың «Екі ертегі» (1957) , А. Елшібековтің «Бүркіт» ( 1959) , Ә.Қоңыратбаевтың «Жеті алып» (1960), Б. Тұрсынбаевтың «Түлкі мен қойшы"(1959), Ж.Байжанованың «Қомағай қасқыр» (1959), С.Омаровтың «Толыбай сыншы»(1959), «Жұмбақтар» (1959) тағы басқалар.
Осыған жалғас техника тетіктерін үйрететін және балалардың ауылшаруашылық жұмыстарымен танысып, еңбекке баулитын түрлі-түсті суретті кітапшалар да көптеп шыға бастады. Мысалы, Қ.Жармағамбетовтің «Кремль» деген бөбектерге арналған өлеңдері алып құрылыстармен таныстырса, Қ.Ыдырысовтың «Миллиард деген немене» (1959), Ж.Өмірбековтің «Анна Никифорованың 170 баласы» (1959) деген өлеңдері игерілген тың астықтары мен оның неше алуан қызғылықты жұмыстары, астықтың орылуы мен бастырылуы, жиналуы әңгіме етіледі.
Д.Әбіловтің «Жыл мезгілдері» (1958), Ш.Ахметовтің «Бұл қай кезде болады» (1957), Қ.Мырзалиевтің «Көктем» (1959) деген суретті кітапшалары табиғаттың әр кездегі әсем көріністері мен және өлке тану ісімен таныстырады.
А.Тоқмағамбетовтің «Балаларға базарлық» (1958), Ә.Тәжібаевтың «Бес түлік» деген өлеңдері мал шаруашылығымен, оның әр алуан өзіндік ерекшеліктерімен таныстырып, оның күтіп, бағу тәсілдерін үйретеді.
М.Әлімбаевтың «Отпен ойнама» (1959), Ш. Мұхамеджановтың «Жоғалған көйлек» (1959), Ә. Дүйсенбиевтің «Бәтеңке, шұжық, балқаймақ» (1959) деген суретті кітапшалары тазалыққа, ұқыптылыққа шақырып және әр түрлі апаттардан сақтандыру мәселесіне арналған.
М.Хакімжанованың «Бөбегім менің, өлеңім менің» (1959), Ф.Дінисламовтың «Күшік пен мысық» (1959), Б.Ысқақовтың «Кішкене театр» (1959), Б.Тұрсынбаевтың «Қуыршақ» (1959), Ж.Смақовтың «Сәбилерге сәлемдеме» (1959) деген әңгіме өлеңдері бөбектердің неше алуан қызықты ойын-күлкіге, жануарлар тіршілігіне әуестендіреді. Осылардың бәрі де уылжыған сәбидің жас жанына әсер етіп, ой-сезімін оятады. Әр нәрсені білуге, үйренуге талаптанады. Балаға көрген, білген нәрсенің бәрі де жаңалық, бәрі де қызық болып отыратындықтан, сол жаңалық оларды қуанышқа бөлейді.
Балалардың рухани байлығын дамытатын осындай көптеген суретті кітапшалардың шығуымен бірге Қазақстан компартиясы Орталық Комитеті мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мәселесін бұдан да жақсарта беру мақсатымен 1958 жылдың қыркүйек айынан бастап «Балдырған» журналын шығаруға нұсқау береді. Бұл журналдың шығуы бастауыш мектептің І–ІІ сынып оқушылары мен мектеп жасына дейінгі балаларға арналған шығармалардың көптеп басылуынаигі әсерін тигізді. Сонымен қатар, осы журнал бетінен балалар әдебиеті тақырыбына жазатын жас авторлар көріне бастады.
«Шыға бастағанына 4 жылдан жаңа ғана асқан жас журнал қазақ бүлдіршіндерінің сүйікті досына, серігіне айналды», – дейді сол кездегі «Балдырған» журналының редакторы М. Әлімбаев. Бұл журнал ата-аналар мен бала бақшаларындағы тәрбиешілерге балаларды тәрбиелеу мәселесі жөніндегі білімді насихаттауды күшейтерлік көркем-әдеби шығармаларды көптеп бере бастады.
«Мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерін одан әрі өркендету, мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу және оларға медициналық қызмет көрсетуді жақсарту шаралары туралы» деген КПСС Орталық Комитеті мен СССР министрлер Кеңесінің 1959 жылғы 21 мамырындағы 558 санды Қаулысының балалар әдебиетін өркендете беруде ерекше маңызы болды. КПСС Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесінің бұл жылдар ішінде балалар әдебиетін өркендету жайында алған қаулы-қарарларында, балаларға дұрыс тәрбие берудің, оларға үнемі қамқорлық жасаудың елімізде бүкіл халықтық іс болып саналатыны айтылған.
Мектепте және жасөспірімдер арасында дене шынықтырудың әр алуан жақтары ерекше орын алады. Қазақ балалар әдебиетінде осы мәселенің айналасында шығарма жазуда ұмыт қалған жоқ. Бұл жөнінде Қ.Әбдіқадыровтың Қажымұқан Мұңайтпасов туралы жазған «Қажымұқан» (1955) және Б.Соқпақбаевтың «Он алты жасар чемпион» атты повестерін ерекше атап өтуге болады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында уақытша тоқтап қалған балалар журналы мен газеттері қайтадан қалпына келтіріліп, 1946 жылы мамыр айынан бастап, «Қазақстан пионері» газеті, сол жылы «Пионер» журналы қайта шықты. «Пионер» журналы мен газеттерінің соғыстан кейін қайтадан қалпына келтірілуіне байланысты оның бетінде балалар әдебиетімен тікелей шұғылданған М.Әлімбаев, С.Сарғасқаев, Б.Соқпақбаев, Н.Ғабдуллин, А.Байтанаев, М.Гумеров, С.Баязитов, Ә.Дүйсенбиев сияқты жазушылар көріне бастады.
Сондай-ақ, балалар әдебиетінде мемелекеттік ішкі тәртіпті сақтайтын милиция қызметкерлерінің ісі жайында жазылған шытырманды оқиғағ құрылған шығармалар да көріне бастады. Бұл жөнінде жазушы Қ.Тоқаевтың «Тасқын», «Көшкен үйдің қонысы қайда?» (1959) деген екі повесі мен «Көмескі із» деген әңгімесін атауға болады.
Бұл кітап балаларға арналғанмен оны үлкендер де қызыға оқиды.
Автор қазақ кеңес әдебиетінде, оның ішінде балалар әдебиеті үшін тың тақырыпты қозғаған. Бұған дейін бұндай шытырман оқиғалы тақырыпқа шығарма жазылмағаны мәлім.
Балалар әдебиетінің қамтыған тақырыптары жан-жақты салада дамып, өсе түсті. Балаларға арнап теңізшілер өмірінен екі бірдей күрделі туынды берген Ә.Сәрсенбаевтың шығармаларын ерекше атауға болады. Оның «Толқында туғандар» романы мен 1961 жылы шыққан «Капитан ұлы» атты повесі жасөспірімдердің қызығып та сүйсініп оқитын шығармаларына айналды.
Сонымен қатар, әсіресе, соғыстан кейінгі жылдардағы балалар әдебиетіне енген жаңалық драматургия жанры деуге болады. 1944 жылы Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақстан Орталық партия комитетінің «Қазақстанның республикалық балалар және жасөспірімдер теартын ашу туралы» қаулысына сәйкес соғыстан кейін 1945 жылы Алматыда тұңғыш рет өз алдына дербес түрде жасөспірімдер театры ұйымдасты. Бұл театрдың сахнасы 1946жылы бірінші рет М.Ақынжановтың халық ертегісі бойынша жазған «Алтын сақа» пьесасымен ашылды.
Соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ кеңес балалар әдебиетінің толығып, көбейе түсуіне, өріс алуына ықпал жасаған орыс әдебиетінен аударылған шығармалардың да игі әсері болды.
М.Горкийдің «Балалық шақ», В.В.Маяковскийдің «Жақсы деген немене, жаман деген немене?», «Кім болам?», А.П.Гайдардың «Тимур және оның командасы» т.б. көптеген шығармалардың қазақ тіліне аударылуы осының айғағы деп білуге болады. Мұның үстіне М.Горкийдің «Жауапсыз адамдар туралы және біздің заманымыздағы балалар кітабы туралы», «Балаларға әдебиет», «Тақырып туралы», «Ертегілер жайында» т.б. балалар әдебиетінің теориясын дамытқан ғылыми мақалалары балалар әдебиетін қалай жазу керектігі жайында, әсіресе, қазақ балалар жазушылары үшін басшылыққа алынған зор еңбек.
Қазақ кеңес балалар әдебиеті Қазан төңкерісіне дейінгі балалар әдебиетімен салыстырғанда барлық түр, жанр, тақырып жағынан дами түскені байқалады.
2.1957-1970 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі қызметін атқарған Б.Соқпақбаев 1970 жылдан бастап шығармашылық жұмыста болады. «Бұлақ» атты өлеңдер жинағы (1950), жастардың дүние танымын жан-жақты суреттеген. «Он алты жасар чемпион» (1957), «Алыстағы ауылда» (1953), «Менің атым – Қожа» (1957-1972), «Балалық шаққа саяхат» (1960), қазақтың ғалым-демократы Шохан Уалихановтың өмірі туралы жазылған «Дала жұлдызы» (1960), «Аяжан» (1963), «Қайдасың Гауһар» (1966,1977) повестері мен «Өлгендер қайтып келмейді» (1967-1974) романы «Жексен – жеке меншік» сурет кітапшасы (1982) жарық көрді. Шығармаларында негізінен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы, одан кейінгі ауыл өмірінің тіршілік-тынысы және жастардың махаббаты суреттеледі. Соқпақбаевтың бірқатар шығармалары СССР Халықтары және шетел тілдеріне аударылған.
Жазушы өзінің өмір жолы туралы: «Өмірде адам басында болатын жайттарды қиын қыстау оқиғаларды тағдыр қабырғасы қатпаған қаршадай кезімнен аямай-ақ үстіме үйіп-төкті. Сегіз жасымда, бірінші сыныпта оқып жүргенде, шешем өліп, жетім қалдым. Колхоздастырудың алғашқы қиын жылдары болатын. Содан соңғы басымнан кешкендерді ойлап бастасам, осы күннің өзінде жүрегім қақ айырыла жаздайды. Япыр-ау, қалай тірі қалдым, осы күнге қалай жеттім?! «Өзім туралы хикаят» осы толғаныстан туған дүние. Кейін хикаяттың аты «Менің атым – Қожа» болып өзгертілді. Алыстап арбалап материал тасымайтын архивтің шаңын жұтпайтын, жақыннан өз басымнан кешкенді, өзім байқап түйгендерімді, өз айналамды дорбалап жинаймын. Бір сөзбен айтсам өзім жазатын жазушымын. Мінез-құлық жағынан Қожа өзге емес, менің өзіме ұқсайды» деп ой толғаған.
Б.Соқпақбаевтың белгілі повестердің бірі – «Менің атым – Қожа» деп аталады. Шығарма оқушылар арасында кеңінен мәлім. Бұл туынды негізінде арнаулы кинофильм де түсірілген. Мұнда мектеп оқушысы әрекеті, өзгелермен қарым-қатынасы баяндалды. Осы кейіпкер өзінің табиғи шыншылдығымен ұнамады ма? Шығарманың қызығы да, сонылығы да осы кейіпкердің тосын бітіміне байланысты.
Қожа оқуға да зерек, жолдасқа, досқа қамқор, биік ойларға, армандауға қабілетті, әже мен ананың қолында ерке, еркіндеу өскен бала. Оның ақын жазушы болсам деп алдына анық мақсат қоюы да ерте басталыпты. Өз тұстастарына тән мінез Қожаға да ортақ. Ол жаңалық, жақсылық дегенде елгезек, біреудің астамшылық көрсеткенін немесе мазақтағанын көңіліне ауыр алатын, намысын қолдан бермейтін қайратты болып көрінеді. Өз сыныптасы Жантастың мұны Қожа демей «Қара көже» деп атағанына намыстанады, әр кезде-ақ оған есесін жібермей, керекті жерінде күшпен де, сөзбен де сынаса біледі. Оның бірге оқитын Жанарға деген қызға іштей іңкәрлігі әдемі суреттелген. Ол Жанарға деген көңілін білдіру үшін бірталай әрекет жасайды, қызға арнап жазады. Қожа ойынға, қызыққа құмар, тың нәрсеге еліктегіш болып көрінеді. Мұның бәрі жас адамның табиғи халі деп түсінуіміз керек.
Бірақ Қожаның Сұлтан деген өзінен ересектеу, оқуды тастап кеткен балаға еріп, еріксіз қылмысқа, ұрлыққа куәгер болып қалатын, мұғалімінің сумкасына құрбақа салып жіберетін кездері де кездеседі. Оның бұл қылықтары теріс ықпалының нәтижесі, еліктегіштік, өзінің «ерлігін» дәлелдеу мақсатында туған. Мұны ақтауға да, мақтауға да болмайды, Сұлтанның өтірік айтқанын, қаракөл терісін жымқырып кеткенін, ұрлағанын біле тұра үндемеуі – оның адалдық, әдеп, ұят деген ұғымдарды санаға сіңіріп болмағандығын байқатады. Осы айтылғандар Қожаның бейнесі өзгеше үлгіде жасалғанын аңғартса керек.
Осыған қарамастан, біз Қожаны ұнамсыз кейіпкерлер тобына қоса алмаймыз. Ең алдымен, адам мінезі өзінің диалектикалық шындығымен, қайшылығымен көрінуге тиіс десек, Қожа тұлғасы нақ осы талапқа жауап береді. Әдебиетте көп жылдар бойында қалыптасып қалған машық – кейіпкерді не бірыңғай дәріптеу, не сыпыра қаралау көркем шығарманың толымды жасалуына зор кедергі болатын. Б.Соқпақбаев туындыларында осындай жаттанды жасандылықтан арылу ниеті өте айқын аңғарылады. Жазушы шығарма қаһарманның теріскей, күнгейінен араластыра, табиғи көрсетуді әдейі мақсат еткендей. Кейіпкер бойындағы жақсылық пен жамандықты қалай да тізіп көрсетудің қажеті бар ма деген сұрау өз алдына тұра тұрсын. Ал, «Менің атым –– Қожа» деген повесте орталық қаһарманның тұлғасы өзінше тартымды болып шыққан.
Қожаның табиғатында адамшылық қасиет мол. Оның Сұлтанға еріп, жағымсыз істерге душар болуы кездейсоқ көрініс екені анық. Қожа күресте қарсыласын жығып, мерейлі болып тұрған кезінде қаракөл елтірісі ұрланған шалдан ауыр сөздер естиді, ол ұрлықшы Сұлтанды ұстап бермекші болады. Басқа кездерде де Қожа өзінің ағат қылықтарына соңынан қатты өкініп отырады. Демек, жеке адамдардың мінез-құлқын бағалағанда, оның атқарған істерінің өзіне ғана емес, себебіне, бағдарына үңілуіміз керек. Сонда біз Қожаның кейбір қияңқылықтарын ақтамағанымен, оны соған алып барған жағдай не екеніне түсінеміз.
Қожа жаңалыққа, білуге құмар, әрекетшіл, жанды тұлға. Ол дүниеден «өз орнын» табуға асығады, спортқа да, жазуға да бейімділігін байқатады. Бірақ оның табиғи қабілетін дұрыс өріске бағыттайтын зерек жетекші жоқ. «Жақсы оқыңдар, үлгілі тәртіпті болыңдар» деген сөздердің терең астары оған әлі айқын емес. Сабақты жақсы оқитын Қожа педагогика талабын ойдағыдай орындап жүрмін деп санайды. Әжесі болса, немересіне жақсы тілек тілегеннен басқаны білмейді, анасы колхоз жұмысынан қол босата алмайды. Ауыл көлемінде балалардың жүйелі тәрбие алуын нақтылап іске айналдыратын шаралар жоқтың қасы. Міне осындай жағдайда Қожа секілді пысық балалар неше алуан күйге түсуі мүмкін. Өзімен өзі қалған балалардан бұзық та, өтірікші де, ұрлықшы да шығуы қиын болмайды. Осы тұста атақты педагог В.А.Сухомлинскийдің «Бала жаман істерге жаман болғысы келіп бармайды, жақсы істерге үйренбегендіктен барады», - деген нақыл сөзінің растығы байқалады.
Суреткер Б.Соқпақбаев бұл повесінде бала тәрбиесінің өте күрделі мәселесін қозғайды. Баланың әрбір қылығын биік мағынасындағы жақсылыққа, көпшілік, мемлекет мүддесін қадірлеушілікке бағдарлап отыру, іс үстінде тәрбиелеу, жас адамның табиғатындағы ізгі қасиеттерді жарыққа шығаруға ыждағат жұмсау шарт. Ізгілікке жұмсалмаған қайрат залалды, кеселді күшке айналып кетуі оңай...
Жазушы өмірдің құбылыстарын нақтылы, тартымды таратып айтуға ұсталығын көрсетеді. Ол көп құбылыстар ішінен кейіпкер мінезін ашуға ең қажет дегендерін екшейді. Мәселен, сөз болып отырған повесте Қожаның әрбір іс-әрекеті сендіреді, ол көріністер жағдайға да, мінезге де орайлас келіп отырады.
Жазушы шығармаларының негізгі кейіпкерлері мектеп жасындағы оқушылар, жасөспірімдер болып келеді. Сол жас адамдардың мінез қалыптасу процесін,азаматтық жетілу жолын корсетуге арналған повестің бірі – «Жекпе жек». Мұнда жігерлі талабының, орасан еңбек сүйгіштігінің арқасында он алты жасында бокстан әлем чемпионы болған Мұрат Батырбаевтың ұнамды бейнесі жасалған. Суреткер Мұрат және оның ұстазы Николай Трофимовичтің, мектеп директоры Тоқмолданың тұлғасын коркемдік шындық деңгейіне көтере алған.
Жасында нәзік болып өскенмен, ұдайы шынығу, жаттығу арқасында спорт биігіне шыққан Мұрат Батырбаевтың іс-әрекеті ғибратты. Автор «мінсіз» қаһарман жасауды көздемеген. Мұрат алға қойған мақсатына бірден жетпейді. Спортпен шұғылдану дәстүріне енбеген алыстағы қазақ ауылында секция ашып,жаттығу жүргізу оңай іс болмағаны, бұған Мұраттың ата-анасынан бастап, мектеп директоры Тоқмолдаға дейін қарсы шыққаны. Бірақ жас адамның өршіл қайратты күллі қиындық, кедергіні жеңе білгені сенімді ашылған. Мұраттың мақсаттылығын, алған бағытына дәйектілігін сипаттайтын бірталайсын кезең бар. Демек, повесть кейіпкерлері «дайын куйінде» алынбай, түрлі байланыстар, қайшылықтар, күрестер үстінде толысып сомдалған.
«Жекпе-жек» повесінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, спортшы Николай Трофимовичтің бейнесі есте қаларлық. Оның жырақтағы қазақ ауылында алуан түрлі спорт ойындарын үйретуді бастауы, көпшілік мүддесі үшін жан сала қызметін істейтіндігі оқушыны иландырады.
Повестегі өте қызықты, тың бейненің бірі – «Қызыл шекарашы» мектебінің директоры Тоқмолда. Мұны жазушының сәтті табысы қатарында айтуға болады. Не бірыңғай әсерленбеген, не әрекетінен, сөйлеген сөзінен көрініп тұратын Тоқмолданың табиғи, толыққанды бейнесінде типтік жинақтаушылық сипат жоқ емес.
Қырқыншы, елуінші жылдарда көптеген мектептердің мұғалім кадрлары ойдағыдай емес еді. Ұлы Отан соғысы жылдарында педагогикалық білімі мен тәжірибесі мол мұғалімдердің бәрі дерлік майданға аттанып, олардың орнын жеткілікті әзірлігі жоқ адамдар басқаны бекер емес. Сондай кездерде мектеп басшылығына мүлде кездейсоқ жандар да келіп қалатын. Мектеп дегеннің білім мен тәрбие берудегі сан қырлы міндетінің ұштығына жете алмайтын жалған ағартушылар осындай қиын кездерде оқу ісіне зор кедергі келтірген болатын.
Қайбір істің саласында да шын мамандар мен жадағай «қызмет атқарушылар» қатарласа жүретіні бар «Күріш арқасында күрмек су ішетіні» секілді, ондайлардың ақиқат келбетін танып, ажырату қиын. Барлық кәсіпте де жұмысты өгізше өрге сүйрейтін нағыз қайраткерлер мен сырт көзге ғана іскер көріне білетін, бірақ нәрсіз, мәнсіз жандайшаптар кезек береді. Міне, нағыз күрес осылардың арасында өтеді. Дарынды, білгір мамандар талас-тартысқа құштар емес, олар барлық күшін еңбекке салады, ал білгілі бір дипломды жүрек қалауымен, табиғи біліммен емес, әйтеуір, тіршілік етуге құрал деп алғандардың ісі үлгілі болмаса да, әдісі мықты келеді. Ондайлар нағыз еңбек адамының ретін тауып сүріндірерлік айла таба біледі. «Жекпе-жектегі» Тоқмолда солардың бірі. Не педагогика, не дидактика, не спорт дегеннің мұрнына иісі бармайтын Тоқмолда есебін тауып Николай Трофимович тәрізді адал еңбекшіні, оң қолынан өнері тамған қымбат адамды орнынан тайдыра біледі. Суреткердің алғыр ойы, көреген көзі бұл кейіпкердің мінеу дидактикасын жіті талдағанын көреміз.
Сонымен, «Жекпе-жек» үлкенге де, кішіге де тартымды, қызғылықты шығарма болып табылады. Өмірдің кейбір түбірлі шындықтары, шыншыл, толыққанды адам бейнелері көрсетілуі повестің құндылығын арттырады. Бұдан біздің қоғамымызда алдына үлкен мақсат қойған адамдардың дегеніне жете алатындығын, сонымен қатар, өмір жолының тақтайдай тегіс болмайтындығын, ол қайшылыққа толы екендігін, кедергі, кесапаттар әр кезде өзінің түсін өзгертіп, ағымға икемделіп сан бояуға малынып шыға беретінін көреміз.
Б.Соқпақбаевтың кейбір шығармалары төменгі сынып оқушыларының жасы мен түсінігіне лайықталып жазылған, мұндай туындылардың қажеттігіне күмән болмаса керек. Адам өмірінің әрбір кезеңі де өзінше қайталанбас қызыққа толы. Осы тұрғыдан алып қарағанда, қаладан колхозға атасының үйіне қыдырып келіп, дала өмірінің алуан ерекшелігімен танысқан кішкене қыздың («Аяжан») көрген-білгендерін әңгімелеу де артық емес. Қазіргі қала жастары ырғағынан, салт-санасынан көп жағдайда бейхабар. «Аяжан» повесінде қалалық қаршадай қыз баланың ауылға алғаш келген күннің өзінде мол әсерленгені, түсінігін байытқаны әдейі тізіліп берілгенге ұқсайды. Жас жеткіншектің ана тілінің байлығын ұғып, білуіне де ауылға жиі барып тұру аса қажетті шара екенін өмір тәжірибесі көрсетіп келеді.
Жазушы повестерінің ішіндегі көлемдісі де, мазмұн жағынан ерекше тұрғаны да – «Балалық шаққа саяхат». Бұл шығармасында автордың өзіндік қолтаңбасы неғұрлым кеңірек танылған деуге болады. Б.Соқпақбаев туындыларына тән терең шыншылдық, өмірдің өз өрнегін бұзбай, әсерлі, жатық әрі нақтылы айта білетіндік мұнда толығырақ көрінген.
«Балалық шаққа саяхатта» қаламгер өзінің бала кезде бастан кешкендерін, сезгендерін, ойға түйгендерін еркін әңгімелеп шыққан. Бұдан біз алғашқы бесжылдықтар тұсындағы қазақ аулы – өмірінің алуан қырларын көзге елестетеміз.
Б.Соқпақбаевтың повестері тақырыбы жағынан балалар мен жасөспірімдерді қызықтырарлық, ойын байытарлық, өмірмен таныстырарлық сипаттар мол. Сонымен қатар, жазушының шығармалары ересектерге де ұнамды, әсерлі. Адам өмірі маңызды, маңызсыз деген кезеңдерге бөлінбейді. Балалық шақтың да, егделіктің де өз міндеті, қызығы мен қайшылығы бар. Оларды білу, өмір құбылыстарының көркемдік шындығын тану үлкенге де, кішіге де бірдей кезек. Әрине, балалар әдебиетінің өзіндік өрнектері, тақырыптың өрісі, тіршілік сауалдарын қамту деңгейі болатыны да белгілі.
Шығарма оқиғаларын көбінесе өзіне таныс, көңіліне түйген жайлардан алу, әңгімені екенің бірінде-ақ бірінші жақтан, «өз атынан» баяндап отыру, шындықты табиғи қалпында беруге ұмтылу Б.Соқпақбаев повестеріне рең береді. Қандай эпизод, ситуацияның да «нағыз өмірде» болғандығына оқушы қалтқысыз сенеді. Мұндай көркемдік шындық талабынан шығу үлкен шеберлікті керек етеді. Жазушының қазақ, орыс әдебиетінің жақсы үлгілерінен тағылым ала білгендігі, бейнелеу құралдары мен бояларының байлығы танылады. Б.Соқпақбаев – міне, осы жайларды терең ұғынып, дарыны мен шалымын жарқырата ашқан, балалар әдебиетінің үлкен ұстасы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет