Дәріс №1 Дәріс тақырыбы: Балалар әдебиеті туралы түсінік. Балалар әдебиеті пәнінің мақсаты мен міндеттері



бет14/19
Дата31.08.2022
өлшемі310,49 Kb.
#148396
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19
Байланысты:
лекция бала ад 15 саг

Пайдаланған әдебиеттер

  1. М.Әлімбаев. Көңіл күнделігі Алматы. Жалын, 1996

  2. М.Әлімбаев. Таңдамалы екі томдық. Алматы. Жазушы. 1983

  3. Жәкім Ә. “Балалар әлемін барлаған” Қазақ тілі мен әдебиеті. 2005 N4

  4. Жәкім Ә. М.Әлімбаевтың балалар әлемі. Алматы. Арыс. 2008

  5. М.Әлімбаев “Өмірім-өлеңім” / / Сөзстан (Әдеби портрет, мақала) Алматы. Жалын. 1983. (Жас қаламгерлер кітапханасы). 4-кітап (Құраст.Қ.Ергөбеков).


Дәріс №11
Дәріс тақырыбы: Балалар әдебиетіндегі Ө.Тұрманжанов, Ә.Дүйсенбиев, Ж.Смақов шығармашылықтары.
Дәріс мақсаты: Ә.Дүйсенбиев шығармаларының көркемдігі, тіл жеңілдігі, жатқа айтуға ыңғайлылығы. Ж.Смақов шығармаларының жанрлық түрлері, тақырыптық, көркемдік ерекшеліктері, стильдік сипаты.
Дәріс жоспары:
1.Ө.Тұрманжановтың балаларға арналған шығармалары
2.Ә.Дүйсенбиевтің балаларға арналған шығармалары
3.Ж.Смақов балалар әдебиетінде
Пайдаланған әдебиеттер

  1. Н.Севостьянова. Добрый друг детства / / Дружные ребята. 1983.X.02

  2. Сапарбаева Қ. Әнуарбек Дүйсенбиевтің шығармашылығы. Қазақ тілі мен әдебиеті. 2005. N7

Дәріс мазмұны:
2. Өтебай Тұрманжановтың тұңғыш шығармалары 1922 жылдан бастап Ташкентте шығатын «Жас қайрат» атты журналда басыла бастады. 1925 жылы «Таң сырлары» атты өлеңдер жинағы Ташкентте басылып шықты. Бұлардан басқа «Ақ алтын», «Шыршық сыры» және «Тез қадам» деген өлеңдер жинағы мен «Күміс қылыш» атты әңгімелер жинағы да Ташкент баспасында басылды.
1933 жылы ең жақсы жазылған поэмаларға арналған бүкіл одақтық конкурста Ө.Тұрманжановтың «Пулемет» атты поэмасына бірінші сыйлық беріліп, үздік жүлде алды.
Оның «Ақ алтын» атты поэмасы қазақ әдебиеті тарихында ең алғаш мақта шаруашылығына арналған шығарма болды. «Шыршық сыры» атты поэмасы да қазақ әдебиеті тарихында ең бірінші рет иригация-су құрылысы тақырыбына арналған тұңғыш шығарма. Сонымен қатар, ақын бірнеше оқулықтардың да авторы болды.
Ө.Тұрманжановтың балалар тақырыбына жазған шығармалары да өз алдына осындай бір алуан. Ол 1952 жылы «Қарлығаш», 1959 жылы «Сұңқар түлектер» деген балаларға арналған өлеңдер жинағын шығарды. Мұнда «Қарлығаш, дәуіт, жылан», «Жолбарыс», «Төрт өгіз туралы ертегі», «Жолаушы мен жеті қасқыр», «Аю мен аралар», «Қарлығаш-көкқұтан», «Құмырсқалар аралар – қиыспас дос, құдалар», «Көктем көріністері» сияқты бірнеше ертегілері мен поэмалары , өлеңдері мен мысалдары бар.
Ақынның балалар әдебиеті саласында көтерген үлкен тақырыбы жасөспірімдерді еңбекке баулу. Бұл үшін еңбек зейнетін суреттттейтін, сонымен қатар берік ынтымық пен мызғымас бірлік идеясын паш ететін шығармалар жазды. Әркімнің еңбекке деген түрлі көзқарасын және соған тікелей қатысын ақын әр алуан тәсілдермен шебер суреттейді.
Балалар әдебиетінің ерекшеліктерінің бірі – әрқашан белгілі оқиғаның айналасындағы нақтылықты, дәлдікті, ақиқатты қажет етіп отырады. Кішкентай да болса, белгілі бір кейіпкердің болуын қажет етеді. Ал, Ө.Тұрманжановтың «Қарлығаш, дәуіт, жылан», «Жолбарыс», «Құмырсқалар аралар – қиыспас дос, құдалар», «Жолаушы мен жеті қасқыр», «Төрт өгіз туралы ертегі» сияқты басқа да поэмалар мен өлеңдердің бәрінде де оқиға айқын айқын, нақты. Мұның өзі оқушылардың өзіне оңай.
Ақынның балаларға арнап, аңыздар ізімен жазған «Құмырсқалар аралар – қиыспас дос құдалар» деген өлеңі жәндіктер әлемі арқылы неше алуан қызықты да сәулетті көріністер мен еңбек жеңісінің қуанышын жыр етеді. Соның бәрі де жәндіктер тіршілігі арқылы суреттеледі. Бұл шығармасында ол романтиканы кеңінен қолданған. Автор еңбекқор аралардың тамаша өмірін мадақтап көрсетеді, серпілте жырға қосады. Олардың тұрған жерлері мен өмір сүрген айналасын суреттегенде жаратылыстың әсем бейнелерін жандандырып жібереді. Баланың көз алдына жұпар иісі аңқыған, майда қоңыр желі бар сәулетті орман іші, бал арасының омартасы елестейді. Әдемі сурет, әсем теңеу, поэтикалық эпитеттер мен метафоралар балаларды қызықтыра өзіне тартып әкетеді. Оның үстіне жаратылыстың әр түрлі құбылыстарын суреттеу балаларға өмір тануға үлкен көмек екені айқын. Балалар күнде көріп жүрсе де, өздері байқамайтын заттарын, жәндіктер құпиясын білуге зейін қояды. Мұның өзі балалардың байқағыштық қабілетін, сезімталдығын арттыра түспек. Поэмада неше түрлі шыбын-шіркейдің аттары аталып, олардың түс-тұрпаты, өмір тіршілігі суреттеледі. Мысалы, өзіне бар ерекшеліктермен өнерді бал арасы басқа жәндіктерге мақтаныш ете сөйлеп, өзінің өмір сүру тәсілдерін мақтайды. Автор бұл арқылы еңбек тақырыбын жыр етеді. Еңбексіз қуаныш, ойын-сауық, той-думан – бәрі де бос нәрсе екендігін аңғартады. Мұны автор еңбек сүйетін аралардың алдында ала жаздай ән шырқап, үздіксіз сауық-сайран құрып жүрген инеліктердің тұрмыс-тіршілігін көрсету арқылы баяндайды. Осындай өмір сүретін басқа да жәндіктер аз емес. Сона, шыбын-шіркей, бөлгелек-көбелек – бәрі де осы алуандас. Автор «Құр сауық қарын ашырар, өнерлі ұл елін асырар» деп қорытынды жасайды.
Балаларға еңбек зейнетін, еңбек көркін, еңбек қуанышын айқын аңғарту үшін ақын бұл поэмасындағы құмырсқаны да ұмыт қалдырмайды. Оның еңбек сүйгіштігін бәрінен де жоғары бағалайды.Оны құмырсқаның өздерінің тұрмыс тіршілігімен таныстырудағы өз сөздері арқылы береді. Ақын әр шығарманың соңында балаларға мән мағынасы түсінікті қорытынды жасалады.Балалардың естерінде қалаиындай ой түйіні болады. Онда балаларды мезі ететін бос сөздер мен жалаң уағыздар кездеспейді. Оқиғаға қатысқан кішкене кейіпкердің өзіндік ерекшеліктері өлеңде дараланып көрінеді де, олардың сапалық айырмашылығы баланың өзінде қаларлықтай әсер береді.
Төменгі сынып оқушыларының мектептен үйренген теориялық білімін өндірістік еңбекпен байланыстырғанда ғана баланың абстракты түсінігі жойылып, қай заттың болса да ғылымдық негізін жеңіл түсінуге мүмкіндік туады және мұндай байланыс оқушылардың ғылымды саналы түрде түсінуіне де негіз болады.
Сонымен, балаларға арналған поэзияға өлеңмен жазылған ертегілер жанрын ақын осындай шеберлікпен енгізген.
Балалар әдебиеті тақырыбына жазылған ақын өлеңдерінің көтерген тағы бір үлкен тақырыбы ынтымақ, бірлік, достық мәселесі. Ынтымақ, бірлік адам түгілі хайуанаттар арасында болатынын да ақын балаларға ғибрат, үлгі ретінде айтып, солардан белгілі бір қорытынды шығарып отырады. «Төрт өгіз туралы ертегі», «Қарлығаш, дәуіт, жылан», «Аю мен аралар», «Жолбарыс» деген өлеңдері ынтымақ, бірлік, достық мәселесіне арналған. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау араз болса, ауыздағы кетеді» деген халықтық мақалдың өмірден алып айтылғанын – «Төрт өгіз туралы ертегі» деген өлеңінде Ө.Тұрманжанов балаларға тайға таңба басқандай дәлелдер келтіру арқылы түсіндіреді.
Төрт түлік малдың ішінде өздерін де, төлдерін де қасқырға алдырмайтыны сиыр екені шаруаларға қашаннан белгілі. Тағаланған төрт өгіз тобын жазбай бір орманда ала жаздай жайылып, семіреді. Бірге өріп, бірге тұрып, тату-тәтті өмір сүре береді.
Осылай жүргенде бұларға қанша қызықса да қасқыр да, басқа да азулы аңдар да бата алмайды. Бірақ сұм түлкінің: «әрқайсың әр түбекті басқарыңдар», – деген азғырынды сөзіне еріп, олардан бөлініп кеткен жас өгізді аңдып жүрген арлан қасқыр парша-паршасын шығарады. Өлеңнің ең соңында ақын осыдан белгілі қорытынды шығарып, ынтымақ, бірліктің күші, пайдасы туралы сөз қозғап, олардың жас жанына үлгі боларлық ой салады.
Төрт өгіздің басынан кешірген оқиғасын айта келіп, «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген халықтың даналық сөзін қуаттайтын өмірлік ойды балалардың алдарына тартады. Осының бәрі белгілі бір оқиғаның, өмірлік фактінің айналасына құрылғандықтан ол тартымды да, қызықты көрінеді.
«Қарлығаш, дәуіт, жылан» оқиғасы да дәл осындай. Бала тағдыры үшін күрескен қарлығаш өз досы дәуітті іздеп тауып, балапандарын ажал аузынан арашалап алады.
Ынтымақ, бірлік, бірауыздылықпен қатар алғыр ой әдісшілдік, айлакерліктің де керектігін ақын жасөспірімдердің есіне салады. Әдіс пен айлакерлік жоқ жерде қара күш пен батылдық ылғи да табысқа жеткізе бермейтінін айтады. Мұнда да ақын жалаң өсиет емес, оқиғаға құрып, белгілі кейіпкердің бастан кешірген ісін көтереді. «Жолаушы мен жеті қасқыр» деген өлеңінде жалғыз шыққан жолаушы өзін қамаған қарқырлардан әдіс-айла арқылы қалай құтылғанын сөз етеді. Барлық оқиға желісін үрей туғыза әңгімелеп береді де, қысылған жерде аспай-саспай әдіс айла тауып кеткен адамның ақылдылығына балаларды таң-тамаша етеді. Көргені мен білгеніне тиісті қорытынды жасай алмайтын жас буындар үшін өлең аяғында тұжырымды пікірлер оларға үлкен ой салып, ақыл есінің дами, қалыптаса беруіне бірден-бір игі әсерін тигізеді. Өзіне түсініксіз нәрселерді ажыратуына көмектеседі. Осы арқылы сәбидің ой өрісі молайып, оның ақыл-ойы, зейіні, зеректігі мен тапқырлығы дами береді.
Ө.Тұрманжановтың қазақ балалар әдебиеті мұрасына қосқан үлкен үлесінің бірі –орыстың жазушы классиктеріне жасалған аудармалары.
Сол аударма арқылы қазақ кеңес балалар әдебиетінің қамтыған тақырыптары мен көтерген мәселесін бұрынғыдан да байытып, оның өрісін одан әрі кеңейте түсті.
Ақын Л.Н.Толстойдан «Жіңішке жіп», «Маймыл мен бұршақ», «Маймыл», «Сауын сиыр», «Үйрек пен ай», «Шаң басқан қасқыр», «Су иесі мен меруерт», «Көкқұтан, балық, шаян», «Қасқыр мен садақ» деген тоғыз мысал және Изовтан «Көк кептер мен құмырсқа», «Арыстан мен тышқан», «Күзен», «Бүркіт пен тасбақа» т.б отыз екі мысал өлең аударды. Осының бәрі де жеке жеке суретті кітапшалар етіп шығаруға лайықталған. Мысал өлеңдер балаларға эстетикалық тәрбие беруге әсер етеді. Көркем образдың нақтылығы мен айқындылығы да осыдан табылады. Мысал өлеңдердің диалогтары да тұжырымды, қысқа,дәл келеді. Оқиға желісінде шұбалаңқылық болмайды. Сонымен қатар ондағы сөз қолдану шеберлігі де әзіл-оспаққа құрылған өткір ойлар да жанды көріністер арқылы берілгендіктен көңілге қонымды келеді. Ондағы кейіпкерлер де өзінің түс таңбасымен ерекше көзге түседі. Олар арасындағы оқиғалар да көпке сөзылмай тез бітеді, тез аяқталады. Мысал өлеңдердегі мұндай қасиет оларды кітап оқуға ынталандыра түседі.
«Арыстан терісін киген есек» деген Изовтан аударған мысал өлең де ең жаман қасиет көзбояушылық, жұртты алдау және сол арқылы көп алдында өз беделін арттырып, жалған атаққа ие болу екенін баяндайды. Арыстан терісін киіп алған есектің құрметке бөленіп, сыйланып жүргенінде, терісін жел ұшырып әкетіп, ел жұрт алдында масқарасы шыққан есектің қардай бораған кесектің астында қалғандығы айтылады. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дегендейін мұндайлардың арты баянды болмайтынын мысал өлең арқылы жасөспірімдердің естеріне салып отыру – өте әсерлі де ықпалды болмақ. Осындай көркем ойды оқушысына сол қалпында жеткізе білу аудармашының шеберлігін танытады.
Балалар әдебиеті үшін мысал өлеңдердегі шеберлік ерекшеліктердің бірі диалогтардың ықшам да өте қысқа берілуі. «Балықшы мен балық» атты аудармада қармаққа түсіп қалған балық пен балықшы арасында артық айтылған сөздер жоқ. Тек ақылға қонымды жұмсалатын тұжырымды ойлар ғана бар. Соның өзі балаға көп ой тудырарлық, алды артын болжарлық және не істесе де үйрететін жайларды баяндайды.
Ө.Тұрманжановтың Л.Н.Толстойдан аударған «Маймыл мен бұршак» деген мысал өлеңі өмірде кездесетін мәселені қамтиды. Онда еш нәрсеге икемі жоқ, өз пайдасын ойламайтын және оған ешқандай мән бермейтін, салдыр-салақ, есуастық жәйттерді әжуа, мазақ етіп көрсетуге арналған. Қолындағы бұршағын икемсіздігімен төгіп алған маймылдың оны епті қимылдап жинап алудың орнына, ақылын ашуға жеңдіріп, барлық бұршағын шаңға қосып шашып жіберуі бір жағынан балалардың күлкісін, бір жағынан жиіркеніш пен аяныш сезімін тудыратын анық. Егер әр нәрсеге ебі бар еңбек иесі болса, қолындағысын шашу былай тұрсын, бар затын көптей қылып ұстар еді. Негізінен алғанда, ақынның аударған мысал өлеңдерінің бәрі де балаларға үлгі өнеге боларлық, өмір танытарлық жанды көріністер арқылы беріледі.
Өзінің балаларға арналған барлық әдеби еңбектерімен Ө.Тұрманжанов жасөспірімдерді тәрбиелеу мақсаттарын іс жүзінде жүзеге асырған аға жазушылардың бірі.
2. Қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Әнуарбек Дүйсенбиев әдебиетке елуінші жылдардың аяғында келді. Ол кездері қазақ совет балалар поэзиясында жалаң үгіт – насихат молырақ болатын. Міне, осы сәт балалар поэзиясына жаңа тыныс ала келген ақынның бірі, бірегейі – Ә. Дүйсенбиев болды. Ол қазақ балалар поэзиясын жаттанды ақылдан арылтуға көп жаңашыл жырларымен қызмет етті.
Алғашқы өлеңі республикалық «Қазақ пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде жарияланған.
1956 жылы Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан ақынның тырнақ алды туындыларынан құралған тұңғыш жыр жинағы – «Парадта» оқырмандарымен қауышады. Көлемі шағын бұл кітап төменгі сынып оқушылары мен жас бөбектерге арналған.
1957 жылы осы баспадан жарық көрген «Не деу керек?» суретті кітапшасы да кішкентай оқырмандардың сүйікті кітабына айналды. Кітапша атауына алынған «Не деу керек?» атты туындысында ақын басқа шығармаларындағыдай балалардың өзін өлеңге араластыра отырып, адамдар арасындағы сыйластық, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын оқиғамен, әрекетпен үйренеді. Ата-анасынан, ұстазынан еститін, тәлім алатын қасиеттерін ақын балалардың өз қимыл ісімен көрсетіп, сол арылы әдептілікке, мейірімділікке, адамдарға құрмет көрсетуге дағдыландыруға шақырады.
Ақынның үшінші жинағы «Қызғалдақ» деген атпен 1958жылы бес мың данамен жарық көреді. «Мұра», «Қызғалдақтар бүр жарғанда», «Бөбектерге атты үш бөлімнен тұратын бұл жинаққа ақынның лирикалық өлеңдері мен аудармалары, балаларға арналған туындылары енеді. Бұл ақынның баспасөз бетінде жарық көрген шығармаларының алғаш топтастырылуы еді.
Балаларға арналған «Ақ тайлақ»(1956), «Бәтіңке, шұжық, балқаймақ»(1959), «Доп»(1962), «Кішкене болса да нық шеге»(1962), «Мен қызғаншақ емеспін»(1962), «Мықты болсам мен егер»(1966), «Не жақсы»(1966), «Көңілді көшеде»(1970) атты кітаптары ақынның балалар поэзиясындағы толық қалыптасқан қаламгерлігін танытады.
1972 жылы алғашқы прозалық шығармаларының жинағы «Ақ қозы» деген атпен «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Барлығы он әңгімеден тұратын бұл жинақ та қаламгердің баларға тартқан үлкен сыйы болды.
«Қызыл топшығалы қаршыға», «Теңізшінің телпегі», «Ақсақ Ахмет», «Өкініш» әңгімелерінің негізгі арқауы – майдан кезіндегі ерлердің ерлігі, баланың әкеге деген сағынышы, отансүйгіштік сезімі, балаға тән аңғалдық.
1977 жылы табысты ақынның балаларға арналған «Гүлзар» кітабы шығады. Жинақ «Гүлге тұнған жерімде», «Ертегілер елінде» деген екі бөлімнен тұрады. Біріншіден бөлімде ақын туған жер табиғатын, Отан тақырыбы мен балғын бүлдіршіндердің қызық істерін суреттесе, келесі бөлімде әр ұлт ертегілерінің негізінде жазылған ақынның аударма ертегілері топтастырылған.
«Жолаушы қонжық», «Көмек пен бөбек», «Сазайын тартқан сараң» ертегілерінен басқасы халық ертегілерінің негізінде жазылып, көркемдік електен өткен.
Ә. Дүйсенбиев шығармалары өзге ұлт өкілдерінің де сүйіспеншілігіне ие болды. Төрт кітабы орыс тілінде, қырғыз, украин тілдерінде де жеке кітап болып шықты.
Бала бақшаларында, мектепте Әнуарбек Дүйсенбиевтің балалар психологиясын жете танып, үздіксіз бақылай отырып жазған өлеңдері тақпақ болып айтылады, әнге қосылып шырқалады.
Балалар ақыны ретінде Әнуарбек Дүйсенбиевтің шығармашылық мұрасының көптеген қызықты сипаты бар.
Ақын балаларға арнап өлең, ертегі, жұмбақ, мазақтама, мысал жазды. Солардың баршасында ақын бала мінезін ұстағандығы көрініп тұр. Бала характерін бейнелеуге құрылатын өлеңдер, сондықтан сәби көңілге жеңіл ұялап, тез жатталып жатады. Ең бастысы – осы ерекшеліктен тарайтын ақын жырларында алуан-алуан мінез, атап айтарлық әдемі шығармашылық жемістер бар.
Ол әлеуметтік үлкен, күрделі сезімдерді балалар көңіліне қона кетерліктей етіп, қарапайым жырлап бере білген. Бүлдіршіндердің жүргеіне Отан, Ана, Тіршілік, Тыныштық жайлы терең сезімді, бала мінезді өлеңдер еркін ұялап жатады. Әрине, ол өлеңдермен бірге әлгі ұлы сезімдер, тегеурінді ұғымдар да сіңісіп, орныға бастады. Бұл ақындық шеберлік еді.
Жақсылыққа, бақытқа
Талпынған әр уақытта.
Бала біткен дос-бауыр,
Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз.
Ортақ болсын асқар - тау,
Жеміс толы бақша – бау.
Болсын жер мен су да ортақ.
Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз, - деп жырлады ақын халықтар достығын. Балар үшін қандай күрделі, қиын ұғымдарды ақын қарапайым бала тілімен жеткізіп отыр. Бұл – мынау қат-қабат ғаламат дүниеге бала көзімен қарау, сәбилер көңілінің үміт-тілегін өлеңде өрнектеудің әдемі үлгісі. Өлең - балалардың уыз көңіліне адамгершілік гуманизм өнегелерін ұялатады. Қоғам тіршілігі, ізгілік, достық жайлы қос-қабат ойлар бар өлеңде. Әрі жаттауға жеңіл.
Қазақ поэзиясында аналар жайлы бірінен-бірі өткен рухы биік қаншама өлеңдер бар! Аналар рухын, аналардың ақ сүтін, құдіретін балаларға жеткізу үшін бала көңіл жыр керек. Өлеңнен сәби жүректің дүрсілдеген үні естіліп тұруға тиіс. Сонда ғана балалар ол өлеңді қабылдайды. Ақынның әдебиетке келген алғашқы қадамындағы «Ақ мамам» осындай оңтайымен туған өлең:
Мен деп кірпік қақпаған,
Менсіз тағам татпаған,
Бақыты үшін балаңның,
Аман-сау жүр, ақ мамам.
Ананы ардақтау ауыз әдебиеті асыл үлгілерінен соң сәбилер, балалар санасына осынау бала-көңіл қарапайым, бала көзімен қарағанда назды, сазды өлең құдіреті арқылы сіңеді. «Ақ мамам» өлеңіне ән шырқалып, бала бақшалар мен мектептерде шырқалатыны да сондықтан. Жаттауға жеңіл, жүрекке жылы бұл өлеңнің баланы Ананы ардақтап, қастерлеп сыйлауға бастайтыны хақ.
Ақын адамгершілікке үндейтін үлкен ойлардың өзін ұғымдық, лексикалық сөздік тұрғыдан қарапайым етіп жеткізген. Өлеңнің ырғақ, ұйқасын да ақын саналы түрде қарапайым құрады.
Әнуарбек Дүйсенбиев әлеуметтік үлкен ой-сезімдерді қарабайырлыққа, жаттандылыққа ұрынбай, балардың қабылдау ерекшеліктеріне сай жырлап бере білді.
Ақын өлеңді бала мінезіне, іс-әрекетіне құрады. Бұл тәсіл ақынды жалаң ақыл айтудан сақтайды. Әрі өлеңге мінез дарытады. Тәрбиелік сипатына келсек, бала үйренерін, жиренерін өзі оқып көріп ойланады. Жеңіл юмор өлеңге бөлекше еркелік, назды жарасым береді. Бір мысал:
Жеп тұр Әсет алманы,
Інісін еске алмады,
-Маған да аздап бер, -дейді,
Әсет оқып бермейді.
-Кәкей, жеуге болмайды,
Айта көрме ондайды.
Шірік алма,-деп қойды,
Сөйтті де өзі жеп қойды..
Мұндай әзілі жарасымды ойнақы өлеңдер, тіл үйірер тәтті секілді оқушысын баурап алады. Тәрбиелік сипаты да жетелі, қонымды. Ойдың юморлық образ арқылы көркем жеткізуі осындай болып келеді.
Немесе, күн кешкіріп, көлеңкесі ғайып болған баланың көлеңкесін іздеп жылайтын мінезіне құрылған өлеңіне өрнек болған көрініс соншалық қарапайым бола тұра, балалар ақынының көзіне ғана шалынатын құбылыс. Елеусіз, қарапайым көріністен бала мінезін бейнелейтін езу тартқызар жылы юморы бар елеулі өлең. Әнуарбек Дүйсенбиев мұрасынан мұндай тапқыр, ойнақы қылықты өлеңдерді көптеп кездестіреміз.
Ақын өлеңдерінің бірсыпырасы балалар ойынына құрылады. «Қуыршақ» өлеңінен сәби кейіпкердің қуыршағына үлкен болып сөйлеп, сырласып отырғанын байқаймыз.
Өлеңді оқыған сәби көңіліне «өзім қандаймын?»-деген сауал оралады. Ал ата-ананың «Қуыршақтан айырмаң қайсы?» деп айтуына да әбден дәлел бар. Ақын өлеңі осындай тәрбиелік, ата-ана мен бала арасына дәнекерлік рөл де атқарады.
Балалар әдебиетіне тән ерекшеліктердің бірі – қаламгердің жеткіншектің жан-дүниесіне бойлай отырып, олармен тең адамша сөйлесе білуі дейтін болсақ, ақын шеберлігінен таймай, адамгершілік негіздерін тапқыр әдістер арқылы бала бойына сіңіре беруден еш жалықпайды.
Ақынның «Ақылды балақай» атты өлеңінде өзгелерге үлгі болар әдепті, тәрбиелі баланың монологы түрінде берілген.
Ә.Дүйсенбиев «Не деу керек?» атты туындысында әдеттегідей балалардың өзін өлеңге араластыра отырып, оларға адамдар қарым-қатынасында туындайтын құрмет көрсету, сыйлау, ізет білдіру сияқты адами қасиеттерді оқиға, әрекет арқылы үйретеді. Үлкендерден, ата-анасынан, ұстаздарынан естіп, тәлім алатын қасиеттерді ақын балалардың өз қимыл-ісімен көрсетіп, сол арқылы адамгершілікке, инабаттылыққа, әдептілікке, мейірімділікке, адамдарға құрмет көрсетуді әдетке айналдыруға үндейді.
Жалпы танымда сұрақтың орны ерекше, өйткені дүниені тану сұрақ қоюдан, белгілі бір мәселені алға тартудан басталатыны белгілі.
Апаң сенің базардан,
Алма сатып әкелді.
Ең дәмдісін, тәттісін,
Саған таңдап әперді
Не деп барып жеу керек?
деп басталатын бес шумақ өлеңнің әр шумағы бір-бір әдептілік әліппесіндей. Жоғарыда айтылған шумақтан соң :
Рахмет айтып жеу керек! –
деп, ал
Балалар жүр көшеде,
Естіледі шу-айқай.
Сен де шықтың, көршіңді
Қағып кеттің байқамай.
Мұндайда не деу керек?
деген шумақтан соң «Кешіріңіз»;
Осы келген бетіңде
Допты қудың, жарыстың.
Көшенің сол шетінде
Кезікті бір танысың
Ұмыттың сен не деуді?
дегенде бала – «Сәлеметсіз бе?», ал:
Үй артында қоқысты
Жатқан көптен үйіліп,
Тазалайды қарт кісі
Белі зорға иіліп,
Не дегенің жөн еді?
десе, бала ойланбастан «көмектесейін» деп,
Әжең сенің түскі асқа
Қанттарды салды мол.
Жұрттан бұрын ыдысқа
Әй-шәйі жоқ салдың қол
Жөн еді не айтқаның?
деген сәтте «Рұқсат па?», соңғы:
Добын апар Назардың!
Деді ағаң, бармадың.
Тапжылмадың, сазардың
Аға тілін алмадың.
Сен қай сөзді айтпадың?
деген шумақтан кейінгі «жарайды» деген сөздерді ақын оқырманның өзіне қалдырып, балаларға әдептілік әліппесін үйретіп отырғандай. Әрбір шумақтың соңынан кейін айтылатын «рахмет», «кешіріңіз», «сәлеметсіз бе?», «көмектесейін», «рұқсат па?», «жарайды» деген эстрадалық ұтымды жауаптың берілуі де заңды. Өлең бес жолдан тұрғанымен, табиғи түрде алты жол деп әбден қабылдауға болады. Себебі алтыншысын автор оқырманның аузына еріксіз өзі салып беріп отыр. Оқушы өзін-өзі селсоқ ұстап жырдан сырт қала алмайды, қызу араласып кетеді. Өзінің сүйікті ойыны секілді жан-тәнімен беріледі, тосын қарап жатырқамайды. Өлеңде болып жатқан қимыл-әрекеттердің шынайы шыққаны сонша – бала өзінің де шығармашылық іске қалай қатысып кеткенін байқамай да қалады. Өлеңнің драмалық қуатының күштілігі сонша бала өлеңге араласып қана қоймай, өз ісіне де баға беріп үлгереді және ар-иман, әдептілік, адамгершілік секілді тәрбие тағлымдарынан сабақ алады.
Оның шығармашылығында бөбектердің қилы-қилы қызықты өмірлерінен алынып жазылған ойнақы өлеңдер аз емес. Балалардың аңқаулығын, аңғалдығын, не олақтығы мен салақтығын, қысқасы түрлі-түрлі мінез – құлықтарын бейнелеуге келгенде, үнемі шығармашылық биіктен табылып отырады.
«Тауықтар» дейтін өлеңде алғаш қар жауған күнгі тауықтар халі суреттеледі. Тоңған аяғын кезек-кезек бауырына тығып жылынып тұрған тауықты көргенде, кішкентай балдырған «Болсашы деп кебісі» деп аяныш білдіреді. Осы бір жалғыз ауыз сөз жас жүректің үлкен сезімін аңдатады.
Жас балаларға тән қорқу сезімі бейнеленген «Шайтанға шабуыл» өлеңінде үрейшіл баланың ерсі қылығы паш етіледі. Қараңғыда велосипедтің қызарған әйнегін «шайтан екен деп қорқып» тас лақтырып, сындырып, күлкіге ұшырайды. Оны табиғи түрде жеткізе білуі – ақын шеберлігі.
Ақынның балалар психологиясын танудағы осы бір ерекшелігі – өлеңді бала мінезіне, іс-әрекетіне құратындығында. «Өгіз ішіп кетіпті» деген он алты жолдан тұратын өлеңінде пәк те аңқау бала аңғалдығын ақын:
Арқаладық етікті,
Босқа уақыт өтіпті.
Сумен бірге балықты
Өгіз ішіп кетіпті –
деп бала атынан шынайы бере білген. Балаларға арналған өлеңнің оқиғалы, белгілі бір адамның не хайуанаттың әрекетін - адалдығын, не арамдығын, батырлығын не бостығын, достығын не қастығын суреттейтіндей болуы керек деген қағиданы басшылыққа ала отырып жазылған бұл өлең оқиғасы күлкілі. Сонымен бірге мұнда адалдық, аңғалдық, сенгіштік қасиеттер қосыла суреттеледі.
Оқушылардың қабілеті, оқуға деген ынтасы әдетте барлық балаларда бірдей болмайтындығын ескерген ақын жалқау бала өмірін төменде берілген өлеңінде тамаша суреттеген.
Үйірмеміз көп біздің,
Бәрін қолдан өткіздің.
Үйірменің сен барған
Санын онға жеткіздің.
Жүрсің әлі секеңдеп,
-Арманыма жетем деп.
Жалқауларға үйірме,
Ашылмайды екен деп.
Осындағы еріндік дауысты дыбыстар («ү», «ө») мен езулік дауысты дыбыстардың («і», «е», «ы») қайталануы, яғни дыбыс ыңғайластығы өлең көркемдігін қана емес, оның мазмұнын да ашып тұр. Тіпті тармақтағы ұйқасқа түсетін сөздердің «секеңдеп, жетем деп, екен деп» келуінің өзі жалқау бала бейнесін беруде негізгі міндет атқарып тұрғандай. Осы секілді ақынның балалардың жеке мінез-құлқы мен іс-әрекетін әшкерелейтін, я мақтап, мадақтайтын «Бөсербай», «Мен кіммін?», «Білгіш», «Мен азамат», «Жалақор», «Боламын ба космонавт?», «Ұялшақ», «Түбір сөз» тағы басқа бірнеше өлеңдері бар.
«Неге теріс атайды?» өлеңі бүлдіршін балдырғандардың қиял қанаты мен өмір туралы ұғым түсініктерінен туған шығарма. Бұл өлеңде өмір сырына сан тарау сұрауы мол жұмбақ жайттарға байланысты туындаған сұраққа жауап іздеген бала ойы мен қиялы, аңғалдығы пен адалдығы сөз етіледі және тәрбие ісі де шет қалмайды.
Ақынның балаларға оқуға ұсынылатын шығармалары әлі күнге дейін мектеп оқулықтарына енгізіліп келуі оның өміршеңдігінің айғағы. Ақын өлеңдері өмір шындығын көрсетумен бірге, оған зер сала байыптап қарап, пайым жасауға ұмтылдырады. Ақын ойы мен балалар қабылдауы көркемдік тұрғыда бірігіп, оларды тереңірек ойлауға, өзіндік шешім қабылдауға жетелеп, тәрбиелеп отырады. Балалар психологиясының дұрыс дамып, қалыптасуына көркем әдебиеттің де үлесі үлкен екендігі белгілі. Балалар оқуына ұсынылатын кітаптардың дұрыс таңдалуы олардың жан-жақты өсіп жетуіне қаншалықты ықпал ететін болса, керісінше дұрыс таңдалмаған, дұрыс ұсынылмаған кітап бала тәрбиесіне, өсуіне кері әсер ететіні де соншалықты деңгейде болмақ. Бала жан-дүниесінің мезгілсіз, тым ерте жетілуі де аса зиянды, әрі қауіпті. Жасы кіші баланың бала болып қалуы, балаша ойлауы – оның даналығына бастар жол болып табылмақ.
Ә.Дүйсенбиев өлеңдерінің тағы бір ерекшелігі – балаларға арналған өлеңдеріндегі сөздердің басым бөлігі – жуан дауысты сөздер болып келуі. Бұл ерекшелік балалар фольклорынан бері қалыптасқан дәстүр. Мұны ақын да тиімді қолдана білген. Ақын өлеңдерінде осы ерекшелік басым кездеседі. Мәселен:
Дала аппақ,
Жапалақтап,
Қар жауып тұр тынбастан.
Қалың орман
Қар жамылған
Маужырайды түнгі аспан.
Шумақтағы «түнгі» сөзінен басқа сөздік қолданыстардың барлығы бірыңғай жуан дауыстыдан келіп тұр.
Ақын тілінің тағы бір ерекшелігі – өлеңдерін көбіне І жақ тәуелдік жалғауы арқылы баяндауы. І жақ – баланың өзін сөйлету ниетінен алынса, тәуелдік жалғауы барлық нәрсеге өзі ие болғасы келетін ерке сәби психологиясын жете түсінген шеберлігінен туындайды. Аман сау жүр ақ мамам, Милиционер ағамыз, Шахтер ағам – жақсы ағам, Кір-қожалақ сатпағым сияқты қолданыстар өлеңнің мәнін бала танымына ыңғайлай түскен. Мұндай ерекшелік негізінен 3-6 жастағы оқырмандарға арналған жырлардан көрінеді.
Ақын өлеңдеріндегі жиі кездесетін сөздердің бірі – етістік тұлғалы сөздер. Қимыл-қозғалыс балалар мен жаспөспірімдерге өсудің, талпыну мен дамудың көзі ғана емес, сонымен бірге қимыл-әрекетке қалыптастыру, дағдыландыру құралы. Етістіктің тағы бір функциясы – экспрессивтік-эмоционалдық мағынада қимылдың әдемілігін, көркемдігін ашумен бірге, жиілігі, дүркіндігі оқырманға эстетикалық әсер берумен ерекшеленеді. Мәселен:
Уһ, шаршадым, шаршадым!
Талай жұмыс істедім.
Бәрін жедім алшаның
Сүтті бірақ ішпедім
деген жолдардағы етістік тұлғалары арқылы берілген қимыл-қозғалыстың әрекеттің үздіксіздігі, әрі бір қозғалыстан екіншісіне ауысу – динамиканың алғашқысынан да соңғысын күшейтіп, сезім, әсерді арттыруымен, өлеңдегі сюжеттің ауыспалылығын көрсетуімен оқырманды еліктіре түседі.
Ә.Дүйсенбиевтің өлеңдерін талдай отырып, оның поэтикалық синтаксис тәсілдеріне де шебер екенін байқауға болады. Ақын өлеңдерінде көп кездесетін айшықтау тәсілдерінің бірі – инверсия, яғни сөздердің орнын алмастырып қолдану.
Ақын өлеңдерінде жай қайталау да, сұраулы қайталау да кездеседі. («Ақтайлақ-ау, ақтайлақ»; « Не деу керек?»; «Қайдасың сен қара бала, қара бала, дара бала»; «Ух, шаршадым, шаршадым», т.б.). Бала санасына белгілі бір затты, құбылысты тиянақты ұялату үшін бұл қайталаулар әдеби тәсіл ретінде сәтті шыққан. Қазақ тілінде сөздердің қайталануы лексика грамматикалық және экспрессивтік стилистикалық мақсатта жұмсалады. Қайталаулардың дыбыстық, буындық, тармақтық, шумақтық, тіркестік, сөйлемдік қайталаулар көркем әдеби шығармалардың көркін аша түседі. Ақын өлеңдерінде де қайталаулардың қызметі ерекше.
Әнуарбек Дүйсенбиев өз өлеңдеріне тек жеке сөздер мен сөйлемдерді ғана емес дыбыс қайталаулары арқылы да едәуір ажар беруге тырысқан, яғни аллитерация мен ассонанс та елеулі орын алған.
Ақын өлеңдерінде кездесетін диалог пен монологтың да атқарып тұрған көркемдік қызметі де ерекше. «Тіл көркемдігінің бір байқалар тұсы диалог пен монолог құруда. Мұнда шеберлік керек-ақ. Өйткені диалог адам мінездерін, қимыл әрекеттерін ашуға бірден-бір қолайлы форма. Монологқа келсек, бұл талап онан да арта түседі» Мысалы, «Ұялшақ», «Тентек төбет», «Бал бала» өлеңдері диалогқа құрылса, ал «Менің ойым», «Мен кіммін?», «Уһ, шаршадым», «Мен азамат», «Боламын ба косманавт?» атты өлеңдері баланың ішкі сыры, монологы түрінде берілген.
Ақын өлеңдерінің құрылысы туралы сөз қозғар болсақ, алдымен тілге тиек болары – жеті буынды өлеңнің көптеп кездесуі. Ауыз әдебиетімен сусындап өскен, балаларға арналған шығармаларға қойылар талап-тілекті молынан сезінетін Ә.Дүйсенбиев шығармашылығындағы жеті буынды өлеңнің көптеп жазылуы қалыпты құбылыс.
Ақынның ендігі бірсыпыра өлеңдерін топтап айтсақ, оларға тән ортақ қасиет мынадай болып шығар еді: ол өз өлеңдерінде халқымыздың ұлттық-этнографиялық қасиеттеріне байланысты туған кәсіптік, ойын-сауық түрлерін бүгінгі күн тәрбиесімен сабақтастыра, бала мінезінің алуан сәтіне байланыстары («Бас бармақ, балаң үйрек», т.б.) өлең, жұмбақ, мазақтамалар жазды. Мұндай өлеңдердің ұтымдылығы – алдымен бала бойына ұлттық этнографиялық сипаттар тез жатталып енеді. Содан кейін балалар тәрбиесі жайлы ой-пікір жалаң айтылмай, оларға жете таныс әдеп-дәстүрлік әңгімені қосалқы сюжет етіп пайдалану арқылы астарлы жеткізеді.
Әнуарбек Дүйсенбиев өзінің шығармалық мүмкіндігін жұмсаған бір сала – осы. Ол ауыз әдебиетіне бөбектер махаббатын ояту үшін ізденген. Ақын қаламынан шыққан ертегі, аңыздар ауыз әдебиеті үлгілерінің формасын пайдаланып жазылған жұмбақ, мысалдар кеше мен бүгіннің, фольклор мен қазіргі әдеби процесс арасына дәнекер болудың әдемі үлгісі. Бұл ауыз әдебиетінің асыл үлгілерімен сусындай қалыптасқан ақынның енді келіп соңғы мәңгі арымас алтын қайнар мен бүкіл кейінгі келешек арасына үзіліс, саңылау түспесе екен деген үлкен ойдың жемісі. Ауыз әдебиеті ізімен кейде тақырыбы, кейде формасы пайдаланып жазылатын өлеңдер тіпті де ауыз әдебиеті үлгілерінің аясында қалып қоймаған еді. Олар шығармашылықпен игерілген, дербестік сақтаған өлеңдер. Сол ертегі, аңыздарды ақын бірде былай бастап кетеді:
Атасының тентегі,
Әжесінің көркемі.
Жетер елтең-селтеңің,
Тыңда отырып ертегі.
Ақын ата-ананың, ертекшілердің эпос айтушылардың мәнерін өз атынан бөбектерді еркелете назды қайталайды. Ертегіші мен балалар арасындағы әңгімешілдік қатынас араға уақыт салып, ақын мен аудитирия арасында жазбаша қайталанып отыр. Міне балалар әдебиетінің талап-тілегі. Бала – оқырманды еріксіз күлкіге шақыратын жылы юмор. Әнуарбек Дүйсенбиев шығармасының әдемі әдісі, көркемдік бір компоненті дерлік. Атақты «Қырық өтірік» ертегісінің ізімен «Суайттың өлеңдерін» жазды. Мұның баршасы бала тәрбиесі үшін тынбай ізденіп, өлең жазған талант тәлімі. Өнердегі өнегесі болып қалмақ. Мұндай жырлар бір пара, ақын соңғы жылдары туысқан халықтар аңыз-ертегілерінің сюжетіне жиі барып, өлеңге айналдырды. Шетел, бауырлас халықтар ертегілері ізімен жырлады. Олардың табиғат әлеміне балаларды сапар шектірді. Ә.Дүйсенбиев жырлары арқылы бөбектер туысқан республикаларға саяхаттағандай өздері үшін бейтаныс өлкенің табиғатын қызықтап, аңызын сүйсініп тыңдап, сұлулыққа құштар көңілін оятты. Ақын өлеңдері проблемалы. Әдетте әдебиетте ол проблеманы, бұл мәселені көтеру керек деп жатады ғой. Балалар психологиясын тереңдей енген Әнуарбек ақын сол күнбе-күндік проблемалардың қай-қайсысын да балғын бөбектер өмірі арқылы, олардың мінез-қылығын өлеңде өрнектеу арқылы шешкен. Балалар әдебиетіне ақын аударшы болып та қызмет етті. Шетел және туысқан республикалар әдебиетінен бөбектерге арналған сандаған тамаша жырларға аударма жасаған еді. Мәселен, Джоний Родарий, Самуил Маршак, Агния Барто, Сергей Михалков өлеңдері қазақ тілінде осы ақын тәржімасында кең танымал. Балалар әдебиетінің айтуылы майталмандары өлеңдерін аудару – ақынның өз творчетвосына да елеулі ықпалын тигізгені анық. Балалар драмматургиясына қалам тартты. Әнуарбек Дүйсенбиевтің балғын бөбектерге арнаған жыры барынша нәрлі, құнарлы, қызықты үлкен әдеби мұра.
3. Жақан Смақов елуінші жылдардың аяқ кезінде қазақ балалары үшін ғана жазатын ақындардың алғы сапында еңбек етті. 1976 жылы үлкен топтама ретінде ақын мұрасын қамтыған «Жаңғырық» атты кітабы басылып шықты. Ол алғашқы қадамынан бастап өзінің балғын достарын лепті, ойнақы жырларымен баурап алды. Ой шымырлығы – балаларға тән өлеңдердің қасиеті. Ақын жырларының бітімі тұтас, ойы шымыр келеді. Оқырман лекіген лепті жырларды оқи отырып, оның ырғағына қосыла тербеледі де, ой түйініне жеткенде бір-ақ тыныс алады. Жырдағы бұл қасиет бала ой өрісінің шарықтай түсуіне олардың, өлең жолдарына үңіліп, сырына түсіне білуіне негіз қалайды.
Көзі, Өзі, Қасы, Аяғы,Қолы, Кіші. Басынан, Қасынан, Көзінен, Өзінен, Үлкен. Іші. Өзіме. Ұқсайды. Түсі. Бірақ жоқ, Аузында Тісі. Бұл кім? Бөтен? Бұл – менің Бөпем!
Нақты сөз айқындықтарын айтпағаннын өзінде, жыр қалыптан шыққандай жұп-жұмыр. Сөзі анық, ойы айқын. Бала бөбегімен сөйлессін не қуыршағымен ойнасын, әндете жөнелетіні сөзсіз! Қысқа, ұғымды, жеңіл сөз тізбектері арқылы ойнақы да шымыр жыр өрілген. Мұндай жолдар бала көкейіне тез қонады. Бала, бала, балақан, Қане, қайсы балақан? Саусақтарың әйбат Былай –былай, ойнат Күндей жайнап алаулар, Қолымызда жалау бар. Жалауымыз жайнап, Би билейміз ойнап. Топ-топ, Топ-топ басайық, Жалаудан күн жасайық. Жаса, жаса, жарқын күн. Жаса, жаса, алтын күн! Олардың шаттығы, албырт қылықтары, жалынды сезімі, алабұртқан ойыны, күллі ықыласы өлең жолдарымен бірге есіліп тұрғандай болды. Балғын жүректерді тербетіп, айрықша бір қызық дүниені меңзееп, өзі жетелей жөнелген сияқты, баланың сақылдаған ащы күлкісі естіліп тұр. Ақын жырлары бала ұғымын дөп басады. Сондықтан оқырманымен қоян-қолтық араласып келеді. Балалар өлеңді өз көкейлерінен төгіліп тұрғандай сезініп, ерекше әсерге бөленеді. Көп тараған «Торғай», «Жалау», «Бес саусақ» секілді жырларына белгілі композитор И.Нүсіпбаев ән жазды. Бұл әндер де балалар арасына кең тарады. Ақын балға жайында жазылған өлеңінде балаларды еңбек құралымен таныстыру арқылы еңбектенуге шақырады. Балға қимылы «Тоқ- тоқ» деген еліктеу сөздер көмегімен әсерлі, бейнелі сипатталады. Бала балға қимылын ғана емес, сонымен қатар оның тоқылдаған дыбысын да елестетеді. Жақан Смақовтың жаңа өлеңдерін балаларға оқып беріп қана қоймай, жазатын өлеңдерінде солардың арасынан іздейттін, сырларына ой сезімдеріне ден қойып, бала мінездерін дөп басып бейнелеуге барын салатын қасиетінің жемісін белгілі ақын М.Әлімбаев былайша атап көрсетеді: «Смақов Жақанның творчествосында екі асылдың қосындысы бар. Бірі – халық ауыз әдебиеті, соның ішінде халық балалар поэзиясының жақсы дәстүрі мен балалардың бүгінгі заман профессионал поэзияның мәдениетінің ұштасуы». Ақын шығармаларын оқыған кісіге осы асыл қасиет бадырайып танылып тұрады. Айтары анық өлеңінің ойы бала жүрегіне жол тауып, сәулесін себелейді. Қандай тақырыпты жазса да ақын өзіне тән еркелігінен, тәтті қылықты мол қамтыған әдісінен танбайды. Қашан да ойды бала ұғымына сиятын, солардың өзіне ғана тән мөлшер деңгейінде түйіндейді. Жайдақ жалаң жолдарға ұрынбай, қалай да елең еткізер сәт іздейді. Сол әдіс арқылы оқушы ойын жырға тарта біледі. Бұл талпыныс бір сыпыра жемістерін де берген. «Әйәй, ата», «Самолет» «Зия», «Отан» секілді бір топ өлеңдерінен өзіндік, осы өлеңдерге ғана хас бір леп еседі. Өмірдің өзін жырлау-ежелгі дәстүр. Төрт түлік мал, оның төлдері туралы мал баққан халқымыз талай әсем өлең тудырған. Осы дәстүрді ақындарымыз әрі қарай дамытып келеді. Ал оның үстіне бүгінде күнделікті мініс көліктеріне, уақыт тұлпарына айналған, автомашина,самолет, вертолет, ғарышқа самғаған космос корабльдері ақындардың ұшқыр ойына қанат бітірді. Мұндай тәлімді, шалқымалы туындылар М.Әлімбаевтың, Е.Дүйсенбиевтің, Қ.Мырзалиевтің, Қ.Ыдырысовтың, Е.Елубеавтың, Қ.Баянбаевтың, Е.Өтетілеуовтің тағы басқаларың үздік шығармалары сияқты Жақан Смақовта да баршылық. Соның бір үлгісі – «Самолет».
Ақын жұмбақ па, жаңылтпаш па, мазақтама ма, өтірік өлең бе, не жазса да халық өнегесінен үйреніп, өзі берік ұстанған тәсілдерін қолданды, шеберлігін шындады. Бәре де қарапайым, ұғынықты, ойнақы, жүректі тербетер әсерімен есте қалады. Әсіресе, жаңылтпаш жазу тіпті қиын, тапқырлықты, шеберлікті талап етеді. Ойы дәл, тілге жеңіл, ұғымды шығару үлкен ізденісті тілейді. Халық жаңылтпаштары дәстүрінен үйреніп, мән–мағынасына ден қоя білу арқылы ол бұл бағытта жемісті еңбек етті. Жаңылтпаштарынан халықтық леп сезіледі. Өлең жолдарында жай ғана сөздер ойнап тұрған жоқ. Ақын жаңылтпаш жолдары арқылы тәлім де ұсынады. Бұл халық жаңылтпаштарының мағынасынан үйренісінің жемісі, содан бойына сіңген нәр. Бала жүрегіне жақсылық ұрығын себудің негізі. Сөзді ойната отырып, мақсатты да ұғындыра кету жалаңдықтан мазмұндылыққа жетелейді, тереңге бастайды, бос сөзден аулақтатады. Халықтың жаңылтпашында сөз мәніне, айқын сөйлей білуге баулумен қатар, баланың ойына еңбекке жетелеу әдісі жымдаса қатар жатыр. Орнымен айтылған сөздің мазмұны да терең. Бала туған күннен бастап ата-анаға шексіз қуаныш әкеледі, ішін нұрға бөлейді. Оны әлдилеу де жыр, ұйқысы да жыр, алғаш басқан қадамы да жыр. Ал қуаныш болған жердің бәрінде ән мен жыр бұлағы тасқындап төгіледі. Қуаныштың осындай сәттері Жақан шығармаларынан да тыс қалмайды. «Әлди, әлди, әлди-ай», «Менің бөпем», «Қаз-қаз бас» - әр ананың айтар жыры. Бөпесін еркелетіп, ойнағысы келген бала да, немересіне өміренген әже де бұл өлеңді шынайы ықыласпен сүйсіне айтары сөзсіз. Осындай зілсіз, ашық күлкілігі басым мазақтамалар «Жылауық», «Қорқақ», «Аяншақ», «Маубас». Аттарының өзі айтып тұрғандай, балада ұшырасатын мінездер. Күн батып, қараңғы түскенде сыртқа шыға алмайтын балаға үлкендер де күледі. Бірақ ренжімейді, жөнін айтып, батылдандыруға тырысады. Демек, бұл тәлім жолы. Уай, Қисыбай, Қисыбай, Қисыбайдың қисығы-ай Бір жумайды күс-күс қолын сабалақ Әжесінен конфет сұрар жағалап Пешке жазар көмірменен қаралап Ақ қағазға жаза алмайды қалам ап Онға дейін ол білмейді санамақ Мұндай бала көрер көзге жаман-ақ Оғаш қылықтардан жеріндіреді, ненің жақсы, ненің жаман екенін түсіндіреді. Бұл да тәрбие. Атақты ғалым Н:И:Пирогов: «Пайдалы азамат болуға дайындалған адам ең алдымен адамшылыққа үйренуі тиіс» дейді. Ал ақындарәр түрлі әдіспен балаларды ізгілікке үйретуге күш-қайратын жұмсайды. Бұл мақсатқа санамақ, жұмбақ, өтірік өлеңдер де қызмет істейді. Ойлануға, білуге жетелейді. «Не болады?», «Болмаған ба, болған ба?», «Күлдіргеннің әні» сияқты өлеңдерінде ақын ұрымталдыққа, әр нәрсенің сырына үңілтуге назар аударады. Не болады, арыстанды тепсең сен, Ақ аюды аттап-таптап өтсең сен? Арғы жағын баланың өзі-ақ түсінеді. Түлкіні әтеш шақыса, қасқырды қой қонаққа алып келсе, тышқан мысықты аулаймын десе, ақыры немен тынатынын баланың өзі ойлап біледі. Осылайша өз өлеңдерінде балаға ой салу, ойға шомдыру әдісі жымдасып тұрады. Бала біткен аңды, құсты, жан-жануарларды ерекше іждаһатпен қызықтайды. Кейбіреулеріне ерекше таңданып, оның артықшылықтарын білуге құмартады. Сондықтан балалар поэзиясында бұл тақырыптың да алар орны бөлекше. Ж.Смақов та осы салада жемісті еңбек еткен. Балапан да, тауық та, пілде, жираф та, жолбарыс пен арыстан да, қозы мен лақ та, бұзау мен құлын да, тіпті құс атаулының көбі-ақ ақын жырларына ілігіпті, өлең өзегіне арқау болыпты. Бұл табиғатты жырлаған, аң мен құстың қасиетін бейнелеген танымдық өлеңдер болғанымен, тақырыптың игерілуі ақын шеберлігін танытады. Қолданған сөздері дәл, айқын, анық. Табиғатты сүйе білуге баулу да тәрбие көзі. Уағыз жоқ, ой басым. Баланың өзі табиғат бөбегімен тіл қатысып, сөйлесіп тұр. Осыны оқыған бала тоғайға бара қалса, бірде бір құсқа тас лақтырмайды. Тәлім осылай өрбиді.
Ақын шығармаларында желісі, оқиғасы еліктіріп әкететін ертегілер де бар. «Тамшы», «Буршақ туралы ертегі», «Кім күшті, кім мықты», «Ұзын аяқ», «Аю қалай адасты» жеңілдігімен де, танымдылығымен де оқушыны баурап алатын туындылар.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет