Дәріс №1 Дәріс тақырыбы: Балалар әдебиеті туралы түсінік. Балалар әдебиеті пәнінің мақсаты мен міндеттері


Дәріс № 3 Дәріс тақырыбы: XIX ғасырдағы қазақ балалар әдебиетінің қалыптасуы



бет5/19
Дата31.08.2022
өлшемі310,49 Kb.
#148396
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
Байланысты:
лекция бала ад 15 саг

Дәріс № 3
Дәріс тақырыбы: XIX ғасырдағы қазақ балалар әдебиетінің қалыптасуы
Дәріс мақсаты: XIX ғасырдың екінші жартысындағы саяси-әлеуметтік жайлар, балаларды жаңа типті мектептерге оқуға тарту, оларға арналған оқулықтар мен әдеби шығармаларды жазуды қолға алу. Осы бағыттағы дамуды, қазақ елінің тұрмысын жақсарту, жастарға білім беру, өнерге әлемдік өркениетке шақыруға бастаған ағартушылық-демократияшыл көзқарастағы ақын-жазушылар Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтың балалар әдебиетіндегі орны.
Дәріс жоспары:
1. XIX ғасырдың екінші жартысындағы балаларды жаңа типті мектептерге тарту ісі мен оқулықтар дайындау.
2. Ы.Алтынсарин – қазақ балалар әдебиетінің негізін салушы.
3. А.Құнанбаевтың балалар әдебиеті тарихынан алатын орны.
Дәріс мазмұны: 1. XIX ғасырдан бастап-ақ, қазақ балалар жазба әдебиеті өзінің тұрақты педагогикалық көзқарасы анықталған және түрлі жанрларда жазылған әдебиет болып қалыптасты.
XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап балаларға арналған жаңа типті орыс-қазақ мектептерінде оқытылатын «Букварь» (1892), «Әліппе», «Қазақтар үшін орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» (1879), «Қазақ хрестоматиясы» (1879) шыға бастады. Мұның өзі жаңа типті орыс-қазақ мектептерінің ашылуына байланысты туған еді. Сол жылдардың өзінде-ақ балаларға арналған шығармалардың көркем болуы, тілінің тазалығы, шет тілден енген түсініксіз сөздермен шұбарланбауы жайлы ерекше талап қойыла бастады. Балалар бұдан былай діни медреселерге емес, жаңа типті орыс-қазақ мектептеріне тартылсын деген пікірлер туа бастады.
Егер фольклор балалар әдебиетінің алтын бесігі десек, «Әліппе» мен «Букварь» балалар кітабының, балалар жазба әдебиетінің негізі болды деуге болады.
Тұңғыш ағартушы, педегог Ы.Алтынсарин мен ұлы ақын А.Құнанбаев балалар әдебиетінің өркендеуін шығармаларымен көркейтті, тақырыптық жағынан байытты.
Сол жылдардың өзінде-ақ балаларға арналған шығармалардың көркем болуы, тілінің тазалығы, шет тілден енген түсініксіз сөздермен шұбарланбауы жайлы ерекше талаптар қойыла бастады.
«Қазақ халқына білім алу үшін қасиетті негіз бар» -дей жүріп, Ыбырай Алтынсарин 1879 жылы «Қазақтар үшін орыс тілін үйренудің бастауыш құралы» және «Қазақ хрестоматиясы» деген екі кітап шығарды. Бұл еңбектер қайталанып 1906 жылы Орынборда екінші рет басылды. Мұнда оқу құралдарының шығуы қазақ халқының ағарту жұмысының, қазақ мәдениетінің, қазақ балалар әдебиетінің қалыптасуына жаңа бағыт туғызды.
Ы.Алтынсарин қазақ ауыз әдебиетінен балалар фольклорына жататын мұраларды да іріктеп алып көп жинаған. Оны бір жүйеге келтіріп, жанр-жанрға бөліп өз кезінде бастырып та шығарған. Олары аңыз әңгімелер, ертегілер, эпостық шығармалар, мақал-мәтелдер болып төрт жүйеге бөлінеді.
Тек қана бұл емес, орыс-қазақ мектептерінің оқушыларына арналып 1899 жылы А.Пушкиннің «Балықшы мен балық хақында» деген ертегісі басылып шықты. Бұл кітаптың көлемі 44 бет. Жартысы қазақша орыс әрпімен, жартысы орыс тілінде. Бұл өз кезінде қазақ балалар әдебиетінің дамуына қосылған үлкен үлес, мол табыс еді.
Бұдан басқа «Самоучитель русской грамоты для киргизов» (1874ж. III басылуы), «Первоначальный учебник русского языка для киргизов» (1898) кітаптар басылған. Бұлардың бәрі орысша және қазақша аралас жазылған. Осы аталған кітартарға енгізілген шығармалардың бәрі де балалар әдебиетінің мұралары еді.
Балалар үшін сол кездегі келелі тақырыптардың бірі хайуанаттар, жан-жануарлар жайында жазылған өлең-жырлар болып табылады.
Осы тұстағы қазақ балалар әдебиеті орыс балалар әдебиетінің қазақ тіліне аударылуымен де толығып, жетіле түсті. Өз шығармаларымен қатар, Ы.Алтынсарин И.А.Крыловтан, И.ИДмитриевтен, Ушинский хрестоматиясынан балаларға лайықты көптеген өлеңдер, әңгімелер аударып, өз хрестоматиясына енгізді. Ыбырай мен Абайдың орыс әдебиетінен аударған шығармалары қазақ балалар әдебиетінің өсіп, шығармаларының молайып, дамуына игі әсерін тигізді.
Қазақ балалар әдебиеті мен балалар фольклорына жататын бай мұраларды жинап, іріктеп алу, бір жүйеге келтіру, бастыру жағы да осы XIX ғасырдан бастап қолға алынған еді. Осыған орай қазақ балалар әдебиеті педагогикалық принциптерді қолдануға тиіс деген ойлар өріс ала бастады.
2. Қазақ балалар әдебиетінің атасы саналатын ұлы ағартушы, ақын Ы.Алтынсарин балалар әдебиетіне көркем шығармашылықтың жаңа түрін енгізді. Ол өлеңдерінде өзінің жас шәкірттеріне ғылым табыстарын мақтан ете жырлады. Білім мен техниканы өз шығармаларының арқауы етіп, әр түрлі жолдармен балаларға әрқашан ұқтырып отырды. Жасөспірімдерді техникалық, өнеркәсіптік білім алуға шақырады. Ы.Алтынсарин мектепте балаларды әр түрлі мамандыққа үйретуді көздеген. Сауат ашу, оқыту, білім беру белгілі бір мамандыққа үйретуді көздейтін болсын деген ой айтқан. Жастардың мектептен техникалық білім алуы халықтың жалпы мәдениетін көтерумен қатар, негізінен олардың тұрмысының материалдық жағын жақсартады деп ашық көрсеткен.
Ғылым, өнер, техника жайларын сөз еткенде, Ыбырай балалардың ұғымындағы түсініктерден алыс кетпейтін, өздерінің күнделікті естіп, біліп, айтып жүрген сөздері арқылы беруге тырысады. Мұны ақынның тілдік ерекшелігінен айқын көруге болады. Өлеңдерде кездесетін «сарай салғызды», «айшылық алыс жер», «көзіңді ашып жұмғанша», «құстай ұшу», «балықтай жүзу», «ат өнері білінбес, бәйгеге түсіп жарыспай», «желкілдеп шыққан көк шөптей», «өнер жігіт көркі», «сіздерге бердім батамды», т.б. сөз тіркестері халық ауыз әдебиетінде көп кездесетін сөздер. Өлеңнің жалпы құрылысы да шұбыртпалы ұйқаспен беріліп отырады. Өлеңдегі әрбір теңеулерде балама түсінігіндегі ұғымдардан алыс емес. Өлең стилі де халықтық жырларға жақын. Ақын ғылым, өнер, техника, мәдениет жақтарын балаларға оңай түсіндіру үшін халықтық стильден алыс кетпеген.
Бала тәрбиесінде Ы.Алтынсарин ананың рөліне ерекше маңыз беріп, оның аналық махаббатын, бала өсірудегі үздік қызметін суреттеген. Баланың алғашқы тәрбиесі ананың қолында болатынын айтқан.
Ата-анасын сыйламайтын бала, ол жолдасына да, қоғамға да ешқандай дұрыс қызмет ете алмайды. Өзін әлпештеп өсірген адамға немқұрайлы қараудан, анаға опасыздық етуден ауыр қылмыс жоқ. Сондықтан ана қадірін дұрыс түсіне білу керек дейтін жалпы халықтық қағиданы әрқашан баланың зердесіне салып отыру – ол әрбір тәрбиешінің борышты міндеті дегенді ақын көп ескерткен.
«Ананың сүюі» деген өлеңі бала жанын тебірентерліктей күшті, әсерлі жазылған. Ана қадірін аяққа бастырмауға үндейді. Ана жүрегі, ананың аялы алақаны қашан да құдіретті екенін естен қалғысыздай етіп, жадында сақтауды міндеттейді.
Ы.Алтынсаринның «Жаз», «Өзен» деген өлеңдері де өлкетану, айналадағы табиғат құбылысына құрметпен зер салуға бағытталған, тәрбиелік орны бар, баланы әр алуан іске баулитын әсерлі шығарма.
«Өзен» өлеңі көркемдігімен қатар осындай терең мағыналы екенін кезінде Абай да қатты қадірлеген, ұнатқан. Абай өз өлеңдерімен қатар Ыбырайдың да осындай туындыларын бірге сақтап, бірге насихаттайтын болған.
Ы.Алтынсариннің «Жаз» деген өлеңі де Абайдың «Жазғытұрым» өлеңімен көркемдік жағынан да, мазмұны жағынан да үндесіп отырады. Екеуінде де асыға келген алты ай жаз адам тіршілгіне қолайлы да, шаруаға ыңғайлы кезең екенін білдіреді. Бұл кезеңді елтең-селтеңмен бос өткізбей, шаруаның пайдалы жақтарына жұмсалып, дұрыс пайдаланып, оның қадіріне жет дегенді ескертеді.
Жасөспірімдерді өнер-білімге, оқуға шақырумен қатар, қаламгер балаларға отырықшылық тұрмыстың артықшылығын, белгілі мекен болудың жақсы жақтарын түсіндіруді мақсат етті. Жер, қолөнер кәсіптерімен айналысудың пайдалы жақтарын айтты. Ы.Алтынсариннің «Киіз үй мен ағаш үй», «Қыпшақ Сейітқұл» деген ықшам жазылған қысқа әңгімелерінде дәл осы ой айтылады.
«Қыпшақ Сейітқұл» атты әңгіме көлемі жағынан өте қысқа жазылса да, мазмұны терең, күрделі істі, әлеуметтік мәселелерді қамтиды.
Отырықшылық мәселесінің тиімді жақтарын айқындап, тереңдете түсетін Ыбырайдың екінші шығармасы – «Киіз үй мен ағаш үй» әңгімесі.
Ы.Алтынсарын шығармашылығының үшінші көтеретін күрделі мәселесі – еңбек процесі. «Дүние қалай етсең табылады», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», «Сәтемір хан», «Таза бұлақ» деген ойды жан-жақты дәлелдейді.
«Әке мен бала» әңгімесінде еріншек, жалқау баланың ерсі істері мен қылықтарын суреттейді. Әкесі баласын бір ғана артық қимыл көрсете отырып, еңбекке тәрбиелейді.
«Бір уыс мақта» деген әңгімеде әжесінің кішкентай қызға ұқыптылық үлгісін көрсететін мысалы айтылады. Баланың әр нәрсеге ұқыпты болуы, оны өзінің ойлаған мақсатына жеткізеді. Ұқыптылық мәселесі жайында жазылған Ы.Алтынсарин әңгімелерін оқығанда алатын әсер осындай.
Баланың мейірімді, кішіпейілді адамгершілік сапасының да жоғары тұруы осы ұқыпты, тиянақты болудан басталады. Оның «Шеше мен бала», «Мейірімді бала» «Полкан деген ит», «Аурудан аяған күштірек» деген әңгімелері осы тақырыпты қамтиды.
Қаламгер шығармашылығының көтерген бесінші мәселесі – достық, жолдастық қарым-қатынас жайлары. «Ақымақ дос», «Жаман жолдас» деген әңгімелерінің негізгі идеясы жаман әдеттен, нашар жолдастан аулақ жүруге үйретеді. Парасатты, жақсы адам әрқашан барлық жағынан да кіршіксіз таза, ізгі ниетті болуға тиіс дегенді қолдайды. Бұл әңгіменің басты қасиеті өмірде әр қилы адамдардың болатынан балаларды сақтандырып отыру мақсатын көздеген.
Ы.Алтынсарин әңгімелерінің көтерген алтыншы мәселесі – баланың тазалығы, денсаулық мәселесі. Баланы тәрбиелеу, оған білім беру үшін ең алдымен оның саулығын қамтамасыз ету керек деген мәселені алға тартады.
Қорыта айтқанда, Ы.Алтынсарин шығармаларының барлығы да көркем, тілі шебер жазылған.
Ол шығармалары балаларға арналғандықтан ең алдымен тілі жеңіл болуын қарастырған. Қарапайым, баланың ұғымына қиын тиетін бірде-бір түсініксіз ауыр сөздер жоқ. Екіншіден, сөйлем орамдары мейлінше қысқа, көбіне жай сөйлемдер болып келеді. Үшіншіден, жазылған әңгімелерінің көлемі шағын. Төртіншіден, оқиға желісі баланы жалықтырмайтын қысқа, әрі жеңіл, әрі қызықты болып келеді. Нысанаға тиетін ойларды дәл айтады, бос сөзділік, артық суреттемелер жоқ.
3. XIX ғасырдың ұлы ақыны, ойшылы қоғам қайреткері қазақ халқының ағартушыларының бірі – А.Құнанбаев өзі педагог болмаса да Ы.Алтынсарин сияқты баланы оқытуға, тәрбиелеуге көп көңіл бөлген.
Абай халықтың болашақ тарихының жаңа қауымына, ұстаздарға арнап, бірталай өлеңдер жазды, ғақлия сөздер айтты. Балаларды өнер-білімге шақырды. Ақын өз өлеңдерін еріккеннің ермегі көрмей, жастарға үлгі-өнеге көрсету үшін жазатындығын алдын ала айтып отырған. Абайдың жасөспірімдерге үлгі-өнеге көрсетуге ең әуелі олардың көңіл-күйін оятуға күш жұмсаудан бастаған. Балаларға үлгі-өнеге аларлық насихат оның өлеңдерінің әрбір жолынан табылады. Ол тек құрғақ насихат емес, өмір шындығы оқу-білімде екенін ашып айтып отырды.
«Әсемпаз болма әрнеге», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» өлеңдерінің қай-қайсысында да ұлы ақын шәкірттердің өнер үйреніп, білім алып, өмірдің іргелі қабырғасының кірпіші болуға үндейді.
Ақын әрбір жас азамат өз алдына белгілі мақсат қойып, сол мақсатты орындау жолында барлық күш–қуатын, жігер–қайратын соған жұмсап, табандылықпен соның мүддесіне шығу үшін күресу керектігін түсіндіреді. Кімнің де болса азаматтығы оның істеген жұмысының қорытындысынан көрінсін. Көрсеқызарлықпен әр нәрсеге бір соқтығып, одан ешқандай нәтиже шығармай, берекесіздікке ұрына берсе, ол өзінің азаматтығын жоятындығын ескертеді.
Баланы тәрбиелеу, өсіру жеңіл-желпі іс емес екенін айта келіп, ата-ананың да орнын көрсетеді. «Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» деп, бала тәрбиелеу ата-аналар алдындағы ең жауапты міндет екенін ескертеді. Балаға қарағанда, үлкен адамдардың өмірден көргені мен білгені, үйренгені көп, тым болмаса, соның өнегелі жақтарын жасөспірімдерге үйретіп отыру басты міндетке айналсын деп талап қояды.
Білідіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегінде болсын көз, - деп үндейді. Өйткені бала өздігінен білім ала алмайы. Олар ізгі мақсатқа – көру, үйрену, оқу, жақсы тәрбиелену арқылы ғана жететінін ата-анаға ескертеді. «Ғылым, білімді әуел бастан бала ізденіп жатпайды, басында зорлықпенен, яки алдауменен үйір қылу керек. Үйрене келе өзі іздегендей болғанша, ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болғанша үйрету керек», - дейді Абай. Ақын өлеңдерінің үлкендер мен балаларға бірдей қызмет ете алатын екі жақты тамаша қасиеті де осында.
Абай жағымсыз қылықтарға жанымен қас болып, «Бойы бұлғаң», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Сегіз аяқ» өлеңдерінде жаман әдет, ұнамсыз қылық, мәдениетсіздікті сын найзасына түйрейді. Ол өзінің ақындық өнерін халыққа қызмет етуге, оның санасын оятып, көкірек көзін ашуға арнады. Бұл оның «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өлеңінің атынан-ақ айқын көрінеді.
Абай орыстың атақты ақын-жазушыларының көптеген шығармаларын қазақ жұртшылығына таныстырды. Крыловтың «Қарға мен түлкі», «Шегіртке мен құмырсқа», «Өгіз бен бақа», «Есек пен бұлбұл» мысалдарын, Пушкиннің «Евгений Онегин» романының үзінділерін, Лермонтовтың бірсыпыра өлеңдерін аударды.
Ұлы ақынның өлеңдерімен қатар, оқуды, өнер-білім мәселесін толық қамтитын, тәрбиелік мәні зор. Жастарға үлгі-өнеге көрсетерлік публицистикалық қара сөздері де балалар әдебиетінен үлкен орын алады. Абайдың «Екінші», «Жетінші», «Сегізінші», «Оныншы», «Он сегізінші», «Отыз жетінші», «Отыз сегізінші», «Қырық үшінші» сөздері халық ағарту мәселесін көтереді.
Абай жылдың төрт мезгілін еңбек процесіне, қимыл, әрекетке байланыстырыра суреттеген. Ол тек пейзаждық көркем көрініс емес, адам өмір тіршілігімен тығыз байланысты бейнеленген. Ақынның «Қыс», «Жаз», «Күз», «Жазғытұрым», «Желсіз түнде жарық ай» өлеңдері осындай шеберлікпен жазылған.
Жылдың төрт мезгілі жайында жазылған Абай өлеңдерінде төңірекке, табиғатты жан-жануарлардың тіршілігіне зер салуға үйретеді. Қай жәндік қай жерлерде, қалай тіршілік ететініне дейін рет-ретімен сипатталған. Абай өлеңдерінің балалар үшін қызықты жақтары осында.
Ақынның аттың сынын сипаттайтын өлеңі жасөспірімдерді таң-тамаша қалдыратындай. Көре жүріп байқамайтын жақтарын аңғартады, еске түсіреді. Қай нәрсеге болса да байыпты, зейінді қарауға үйретеді.
Балалар әдебиеттін тәрбие құралы деп түсінген Абай балаға дұрыс тәрбие беруде біраз пкірлер қалдырған. «Енді бір бөлек тақырып болып жетінші сөз оқшаулау көрінеді. Ол – жас баланың психологиясын еске алып, талдаған сөз. Баладағы білуге ұмтылу жақсы қасиет екенін айтумен бірге, үлкеннің надандығы сол жақсы баланың жанын жаман тәрбиемен қорлап бұзғанын білдіреді» - деп, М.Әуезов балаларға көп өнеге, үлгі берерлік Абайдың қара сөздеріндегі ерекшеліктерді атап көрсеткен еді.
Абай «Отыз сегізінші» сөзінде: «Артық білім кітапта», «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» - дейді. Яғни, дарашыл болмай, қоғамшыл, көпшіл, халықпен бірге бол деген идеяны насихаттайды.
Абай жас жанның сара көңілі әрқашан әділдікті жақтайтын боп өссін деген талаптар қояды және тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тауып айтады. Қорыта айтқанда, Абай сөздері мен өлеңдері жасөспірімдерге аса қажетті рухани құндылық. Ол сондықтан да қазақ балалар жазба әдебиетінің негізін қалаушы кемеңгер саналады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет