Діндегі бидғат (әл-бид’а) және оның түрлері туралы


Бидғат – күпірлікке, ширкке алып баратын жол



бет3/8
Дата10.12.2016
өлшемі1,65 Mb.
#3617
1   2   3   4   5   6   7   8

Бидғат – күпірлікке, ширкке алып баратын жол

Әбу Са’ид әл-Худриден (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Расында, сендер өздеріңе дейін өмір сүргендердің салтына еліктейсіңдер: олардың ізіне түсіп, бір сүйем де, бір қадым да кейін қалмайсыңдар! Тіпті егер олар кесірткенің ініне кірсе, сендер де бірге кіріп кететін боласыңдар!» Сонда сахабалар: «Уа, Аллаһтың елшісі, сіз яһудилер мен христиандар туралы айтып тұрсыз ба?», - деп сұрады. Ол: «Енді басқа кім туралы?», - деп жауап берді. Әл-Бухари 3456, Муслим 2669.

Саубаннан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Менің үмметімдегі адамдар мүшриктерге (көпқұдайшылдарға) қосылмайынша және үмметімнің бір бөлігі пұттарға табынбайынша, Қиямет Күн болмайды». Ахмад 5/278, Әбу Дәуд 4252, Ибн Мәжаһ 3952. Хадистің сенімділігін шейх әл-Әлбани мен шейх ‘Абдул-Қадир әл-Арнаут растады.

Ақиқатында, бидғат мәселесіне атүсті қарағандықтан көптеген Ислам ағымдары ширк пен күпірлікке түсті. Жағдай ушыққаны соншалық – тіпті қазіргі кезде қаншама надан мұсылмандардың әруақтардан мен әулие-әнбиелерден бала, денсаулық, байлық тілеп дұға ететіні, қабірлерді киелі деп санап, оларға арнайы сапар жасап келіп, тәу ететіні, олардан жолын ашуын сұрап, құрбандық шалатыны, кесенелерді қасиетті деп ойлап, медет сұрайтыны ешкімге жасырын емес.

Аллаһ бізді бұдан сақтасын!

Дінге жаңалық енгізген адам өзін заң шығарушының орнына қойған болып есептеледі, ал негізінде заң шығарушы тек Жалғыз Аллаһ қана

Аллаһ Тағала былай дейді: «Немесе дін тұрғысынан Аллаһ бұйырмаған нәрсені оларға шариғат ететін серіктері бар ма?!» («әш-Шура» сүресі, 21-аят).

Аллаһ Тағала тағы былай дейді: «Раббыларыңнан сендерге түсірілгенге бой ұсыныңдар да, Одан өзгені дос тұтып ілеспеңдер. Нендей аз ғана үгіт тыңдайсыңдар!» («әл-А’раф» сүресі, 3-аят).

Діни үкім шығару адамдардың емес, тек әлемдердің Раббысының қақысы ғана. Аллаһ Тағала кез келген діни үкімді Өзінің пайғамбарлары арқылы ғана бекіткен, олардан басқа ешкімге ондай құқық берілмеген! Сондықтан дінге жаңалық енгізіп, оны жақсы деп ойлаған адам өте қатерлі жағдайда тұр, себебі ол: «Маған Аллаһтың шариғатына бір нәрсені енгізуге, қосуға рұқсат етілген», - деп есептейді. Имам әш-Шәфи’и былай деген: “Кім бір нәрсені жақсы деп санаса, ол соны шариғатқа бекітуге тырысады!” Қараңыз: «Жәм’ әл-жәуәми’» 2/395.


Өз шешімімен дінге бір нәрсені енгізу тіпті Пайғамбарға да (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тыйым салынған
Аллаһ Тағала былай деді: «Біз сені шариғат жолына салдық. Енді сонымен жүр. Білмегендердің ойларына ілеспе!» («әл-Жәсия» сүресі, 17-аят).

Аллаһ Тағала тағы да Өз пайғамбары (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) туралы былай дейді: «Ол өз ойынан сөйлемейді. Сөйлегені көкейіне салынған уахи ғана» («ән-Нәжм» сүресі, 3-4 аяттар).

Аллаһ Тағала Мұхаммед пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтуды бұйырды: «Мен тек өзіме уахи етілген нәрсеге ғана ілесемін» («әл-Ахқаф» сүресі, 9-аят).

Субхан-Аллаһ! Тіпті Пайғамбардың өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тек Аллаһ бекіткен нәрсеге ілесіп, дінге Аллаһ бұйырған нәрседен басқа өз тарапынан еш нәрсені қоспаған болса, Аллаһ Тағаланың дініне қосымша бір нәрсе енгізіп жатқан пайғамбар да, елші де емес біреу туралы не айтуға болады?!



Бидғат күпірлік пен ширктен кейін ең үлкен күнә болып табылады

Әһлю-Сунна имамдары күпірлік пен ширктен кейін бидғаттан асқан ауыр күнә жоқ екеніне бірауызды келіскен. Ибн ‘Аббас (Аллаһ оған разы болсын): “Аллаһқа ең жек көрінішті амал – бидғат!”, - деген. Әл-Бәйһақи “Сунанул-кубра” 4/316. Шейх Мәшхур иснадының сенімділігін растады.

Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деген: “Ислам имамдары бидғатты күнәлардың ішінде ең қорқыныштысы және ең ауыр екендігіне бірауыздан келіскен”. Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 28/470.

Аллаһ Тағала бидғатты теріске шығарып, оны қабылдамайды

‘Айшадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім біздің бұл ісімізге (дінге) онда жоқ нәрсе енгізсе, оның ісі кері қайтарылады (қабыл болмайды)». Ал бұл хадистің басқа риуаятында: «Кімде-кім біздің бұйрығымыз болмаған бір іс жасаса, ол ісі кері қайтарылады», - делінген. Әл-Бухари 2697, Муслим 1718.

Имам Ибн Дақық әл-‘Ид былай деген: «Тіл мамандары «қайтарылады» деген сөздің мағынасын «қабыл болмайды» деген!» Қараңыз: “Шарх әл-әрбә’ун” 24.

Ал әл-Хасан әл-Басри былай деген: «Бидғатшының оразасы да, намазы да, қажылығы да, ‘умрасы да, садақасы да, жиһады да қабыл болмайды». Ибн Батта “әл-Ибана” 1/125.

Егер адамның істеп жатқан бидғаты Исламнан шығарып жіберетін болса, оның құлшылығы қабыл болмайды, өйткені кәпірдің бірде-бір амалы қабыл етілмейді. Ал егер бидғатқа белшесінен батқан адамның бидғаты Исламнан шығарып жібермейтін дәрежеде болса, оның тек бидғат араласқан құлшылығы ғана қабыл етілмейді.

Бидғат Сүннеттің жойылуына себепші болады

Ғадыф ибн әл-Харастан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер қандай да бір халық бидғат енгізсе, олар осынысы үшін міндетті түрде сол бидғаттың дәрежесіне тең Сүннеттен айрылады!» Ахмад 4/105.

Бұл хадистің сенімділігіне қатысты имамдар арасында ‘Абдуллаһ ибн Әбу Мәриям деген жеткізушіге байланысты келіспеушіліктер бар. Хафиз әл-Мунзири, шейх әл-Әлбани және басқалар бұл хадисті әлсіз деген. Ал хафиз Ибн Хәжар мен имам әс-Суюты хадистің иснадын жақсы деген. Қараңыз: “Фәтхул-Бәри” 13/253, “Фәйдул-Қадир” 4/518, “Дә’иф әт-тарғиб” 37.

Дегенмен, осыған ұқсас сөздер сахабалардан, үмметіміздің алғашқы буын өкілдерінен жетеді. Мысалы, Ибн Мәс’уд (Аллаһ оған разы болсын) былай деген: «Сендердің бастарыңа оның кесірінен ересектер қаусаған шалға, ал жастар ересектерге айналатын бүлік келіп жеткенде, адамдар адасушылықты Сүннетке айналдырып алған әрі егер біреу одан бір нәрсені қалдырса, оған: «Сен Сүннетті тастадың ба?», - деп айтылатын кезде не істемексіңдер!?» Адамдар одан: «Бұл қашан болады, уа, Ибн Мәс’уд?», – деп сұрады. Ол: «Ғалымдардың саны жоғалып, қарилардың саны көбейгенде, фақиһтердің саны азайып, билеушілердің саны көбейгенде, ізгілердің саны азайып, ақыретке арналуы керек болған істер осы дүние үшін істелінетін әрі адамдар дінді дін үшін емес (өзге нәрселер үшін) оқып-үйренетін кезде!», – деді. Әд-Дәрими 1/64, әл-Хаким 4/514. Шейх әл-Әлбани сенімділігін растап, мұндай хабарлар сахабалардан жеткенімен, мәрфу’ үкімінде болады деген. Яғни Аллаһ Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткізіледі.

Ибн әд-Дәйлами былай деген: “Мен ‘Абдуллаһ ибн ‘Амрдің (Аллаһ оған разы болсын) былай дегенін естідім: «Бидғат енгізілген сайын өсе береді, ал Сүннет қалдырылған сайын кішірейе береді»”. Ибн Уәддах «әл-Бида’» 91, Ибн Батта “әл-Ибана” 227. Шейх Мәшхур иснадын сенімді деген.

Хузайфа (Аллаһ оған разы болсын) былай деген: “Аллаһпен ант етемін, бидғат соншалықты таралып кетеді - тіпті егер адам бидғаттың біреуін тастаса, оған: «Сүннетті тастадың!», - деп айтылатын болады”. Ибн Уәддах «әл-Бида’» 162.

Ибн ‘Аббас (Аллаһ оған разы болсын) былай деген: «Адамдар әрбір жыл өткен сайын бидғат енгізіп, Сүннетті тастайтын болады. Міне, бұл нәрсе адамдар бидғатты тірілтіп, Сүннетті өлтіргенше жалғаса береді!» Әт-Табарани “әл-Кәбир” 10/319, әл-Ләлакаи “Шарх усул әл-и’тиқад” 125, Әбу ‘Амр әд-Дани “әл-Фитан” 277. Хафиз әл-Хайсами бұл хабардың жеткізушілерінің барлығы сенімді деген. Қараңыз: “Мәжма’у-ззауаид” 1/188.

Хассан ибн ‘Атыя былай деген: “Кісі Сүннетті жоғалтпайынша бидғат істемейді”. Әбу Ну’айм “әл-Хилья” 6/73. Сенімді иснад.

Дәл осындай сөздер Әбу Идрис әл-Хәуланиден де жеткен. Қараңыз: Ибн Уәддах «әл-Бида’» 90.

Әрі біз өте жиі жағдайда адамдар белгілі бір мәселеде сенімді Сүннетті тастап, Құранда да, Сүннетте де, бірде-бір сәләфтың сөздерінде де кездеспеген нәрсені ойлап тауып жатқанына куә болып жүрміз ғой!

Аллаһ Тағаладан бізді Сүннетті тірілтіп, бидғатты жаншушылардан етсін деп сұраймыз! Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Шын мәнінде, бұл дін бөтен болып басталды, кейін бөтен болып аяқталады. Менен кейін Сүннетімді бүлдірген адамдарды тәртіпке келтіретін бөтендер (ғураба) үшін Туба (Жәннаттағы ағаш) болсын». Әт-Тирмизи 2630, әт-Табарани 9/76. Имам Әбу ‘Иса әт-Тирмизи хадистің сенімділігін растады. Сондай-ақ мынаны қараңыз: «әс-Силсила әс-сахиха» 1273.

Бидғат – бұл Тозаққа алып баратын адасушылық

Жәбирден (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға құтпа жасап, былай деді: «Ең жақсы сөз – бұл Аллаһ Тағаланың Кітабы, ал ең жақсы жол – бұл Мұхаммедтің жолы. Ең жаман амалдар – бұл дінге енгізілген жаңалықтар, ал әрбір дінге енгізілген жаңалық – бұл бидғат, ал әрбір бидғат – бұл адасушылық, ал әрбір адасушылық Тозақта!» Ән-Нәсаи 3/188. Хадистің сенімділігін шейхул-Ислам Ибн Тәймия мен шейх әл-Әлбани растады.



Бидғат бұл тура жолдан адастыратын себеп

Аллаһ Тағала былай дейді: «Күдіксіз, Менің тура жолым осы. Енді соған еріңдер! Басқа жолдарға түспеңдер, олар сендерді Аллаһтың жолынан айырады» («әл-Ән’ам» сүресі, 153-аят)

Мужаһид аяттағы «...басқа жолдарға түспеңдер...» деген сөздер туралы: “Бидғаттар мен күмәнді нәрселерге түспеңдер”, – деген! Әл-Бәйһақи 3/183, әд-Дәрими 2/182.

Бидғат кішкентайдан басталып, кейін үлкен және қасіретке ұшырататынға айналады

‘Амр ибн Сәлама былай деп баяндайды: “Біз үнемі таң намазына дейін ‘Абдуллаһ ибн Мәс’удпен бірге мешітке бару үшін оны күтіп, есігінің алдында отыратынбыз. Бір күні бізге Әбу Муса әл-Әш‘ари келді де: “Әбу ‘Абдур-Рахман шықты ма?”, – деп сұрады. Біз: “Жоқ”, – дедік. Сонда ол бізбен бірге отырып, Ибн Мәс’уд шыққанға дейін күтті. Ол шыққан кезде, біз барлығымыз оған жақындадық. Әбу Муса (оған): «Уа, Әбу ‘Абдур-Рахман, расында, мен жаңа ғана мешітте өзіме ұнамайтын бір нәрсе көрдім, бірақ, дегенмен, Аллаһқа мадақ, мен жақсылықтан басқа еш нәрсе көрген жоқпын», - деді. Ибн Мәс’уд: «Ол не?», – деп сұрады. Әбу Муса: “Егер тездетсеңіз, оны өзіңіз-ақ көріп үлгересіз. Мен ол жақта намазды күтіп отырып, шағын шеңберлер құрған адамдарды көрдім. Олар қолдарына майда тастар ұстап алған және әрбір шеңбердің ортасындағы бір адам: «Жүз рет «Аллаһу әкбар» деп айтыңдар!» – дейді, ал қалғандары сол сөзді жүз рет қайталап отырды. Әлгі кісі: «Жүз рет «лә иләһә иллә-Ллаһ» деп айтыңдар», – дейді, ал қалғандары сол сөзді жүз рет қайталайды. Тағы әлгі кісі: «Жүз рет «субхана-Ллаһ» деп айтыңдар», – дейді, ал қалғандары сол сөзді жүз рет қайталайды”, - деді. Ибн Мәс’уд: «Сонда сен оларға сөгіс айтпадың ба?!», – деп сұрады. Ол: «Мен оларға еш нәрсе айтқан жоқпын, өйткені осы турасында алдымен сіздің ойыңызды білейін деп едім», – деп жауап қатты. Ибн Мәс’уд былай деді: «Сен неге оларға жаман амалдарын санауды бұйырып, олардың ізгі істерінің ешқайсысы жоғалматытына кепілдік бермедің?!»”



Содан соң біз онымен бірге мешітке қарай бет алдық. Ибн Мәс’уд әлгіндей шеңберлердің біріне жақындап тоқтады да, сол жерде отырғандардан: «Не істеп отырсыңдар өздерің?!», – деп сұрады. Олар: “Уа, Әбу ‘Абдур-Рахман, біз осы майда тастар арқылы қанша рет «Аллаһу әкбар», «Лә иләһә иллә-Ллаһ», «Субханаллаһ», «Әлхамдулилләһ» деп айтқанымызды санаймыз, - деді. Сонда Ибн Мәс’уд былай деді: «Өз күнәларыңды санағандарың дұрыс болар еді, ал мен сендердің ізгі істеріңнің ешқайсысы жоғалып кетпейтініне кепілдік беремін. Әй, Мұхаммедтің үмметі, қасірет болсын сендерге! Сахабалар араларыңда жүрсе де, оның (Пайғамбардың) киімі әлі тозып, ал ыдыстары сынып үлгірмесе де, сендер опат болуға нендей асығудасыңдар?! Жаным қолында болған Аллаһпен ант етемін, сендер не Мұхаммедтің дінінен гөрі жақсырақ дін әкелдіңдер, не адасушылыққа қарай жол аштыңдар!» Әлгі кісілер: «Уа, Әбу ‘Абдур-Рахман, Аллаһпен ант етеміз, біз жақсылықтан басқа еш нәрсе қаламадық қой!», – деп еді, Ибн Мәс’уд: «Қаншама адам жақсылық қалап, бірақ оған жете алмайды! Шын мәнінде, Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізге былай дейтін: «Менің үмметімнен бір адамдар пайда болады. Олар Құран оқиды, бірақ Құран олардың жұтқыншақтарынан әрі өтпейді!» Аллаһпен ант етейін, білмеймін, бірақ сендердің көбің сондайлардан шығарсыңдар!», – деді де, олардан әрі кетіп қалды”.

Кейін ‘Амр ибн Сәлама былай деп сөзін жалғастырды: Олардың көбісін Нәхрауан шайқасында бізге қарсы хауариждер жағында соғысқанын көрдік”. Әд-Дәрими 1/68, әт-Тәбарани 8628. Сенімділігін хафиз әл-Хайсами, шейх Ахмад Шәкир мен шейх әл-Әлбани растады. Қараңыз: “әс-Силсила әс-сахиха” № 2005.

Мына аса пайдалы, ғибрат боларлық оқиғаға назар аударыңыздар! Әлгі адамдар майда тастар арқылы Аллаһты топ болып зікір етуден басталған кішкентай ғана бидғаттан Исламдағы ең жаман секталардың бірі болған хауариждердің қатарынан бір-ақ шыққанына қараңыздаршы! Имам әл-Бәрбахари: «Амалдардағы кіші бидғаттардан сақтаныңдар, өйткені, расында, кіші бидғат үлкейгенше ұлғайып-өседі! Бұл үмметке енгізілген әрбір бидғат өзінің алғашында кішкентай және ақиқатқа ұқсас еді, әрі осы бидғатқа кірген адам алданды да, кейін одан шыға алмай қалды. Сөйтіп, бұл бидғат үлкен болып, адамдар ұстанатын дінге айналды», - деп, ақиқатты айтқан. Қараңыз: “Шарх әс-Сунна” 61.
Исламның бидғатшыларға қатысты ұстанымы

Бидғатшылар – күнәһарлардың ішіндегі ең жамандары

Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деген: «Сүннет пен бірауызды келісім (әл-ижма’) бойынша, бидғатшылар – күнәһарлардың ішіндегі ең жамандары». Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 20/103.

Имам Ахмад былай деп айтқан: «Үлкен күнәлар жасап жүрген Сүннетті ұстанушылардың қабірлері – бау-бақшалар, ал дүниені тәрк еткен бидғатшылардың қабірлері – шыңырау-құз! Әһлю-Суннадан болған пасық адам – Аллаһқа жақын адам, ал зуһд3 бидғатшы – Аллаһтың жауы!» Қараңыз: “Табақат әл-хәнабила” 1/184.

Бидғаттар мен өз әуес-қалауларын жақтаушылардың жағдайы басқа күнәларды жасаушылардың жағдайынан нашар, өйткені күнәһарлар өздерінің істеп жатқан нәрселерінің күнә екенін түсінеді әрі уақыт өтісімен тәубе етуі мүмкін, ал бидғатшылар өз істерін күнәлі деп есептемейді, керісінше, бұны Аллаһ жақсы көретін құлшылық деп санайды. Әрине, ондай адам тәубе ету туралы тіпті ойламайды да, әрі уақыт өткен сайын адасушылыққа тереңдей түседі. Шейх Ибн әл-Қайим былай деген: «Аллаһқа Ол тыйым салған нәрселер арқылы құлшылық етіп жүрген адамдардың көбісі сонысы Аллаһқа мойынсұну және жақындау екендігіне сенімді! Әрі осындай адамның жағдайы өзі істеп жүрген ісін күнә екенін білетін адамның жағдайынан нашар!» Қараңыз: “Иғасату-лләхфан” 2/181.

Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деп айтқан: «Бидғатшылардың жетекшілері жай күнә жасайтын адамдарға қарағанда үмметке көбірек зиян әкеледі! Дәл сол себеппен Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хауариждерді өлтіруді бұйырып, әділетсіз мұсылман басшыларына қарсы соғысуға тыйым салды!» Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 7/284.

Бидғатшылар өз күнәларының ауыртпалығын да, олардың бидғаттарына ергендердің де күнәсін арқалайды

Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Тура жолға шақырған кісі ізінен ергендердің сауабына тең сауап алады, әрі бұл олардың сауаптарын еш азайтпайды. Ал адасушылыққа шақырған кісі ізінен ергендердің күнәсін арқалайды, әрі бұл олардың күнәларын еш жеңілдетпейді!» Муслим 2674.

Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тағы былай деген: «Адамдар менің Сүннетімді өлтіргеннен кейін оны тірілткен кісі сол Сүннетті істеген бүкіл адамдардың сауабына тең сауап алады, әрі бұл олардың сауаптарын түк азайтпайды! Ал бидғат енгізген адам сол бидғаттың күнәсін әрі сол бидғатты істейтін адамдардың күнәларының ауыртпалығын арқалайды!» Ибн Мәжаһ 209, әт-Тирмизи 2677. Бұл хадис бірін-бірі күшейтетін бірнеше риуаятпен жеткен. Хадистің сенімділігін имам Әбу ‘Иса әт-Тирмизи, имам әл-Бәғауи, шейх Ибн Хәжар әл-Хайтами және шейх әл-Әлбани растады. Қараңыз: “Сунан әт-Тирмизи” 3/128, “Шәрх әс-Сунна” 1/198, “әз-Зәуажир” 1/98, “Сахих «Сунан» Ибн Мәжаһ”.


Каталог: data
data -> Шындалиева М. Б
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> Шығыс Қазақстан облысының Семей аймағында 2013 жылы аталып өтілетін және еске алынатын
data -> Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхана
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Қазақ очеркі
data -> «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхана
data -> «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхана


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет