Діндегі бидғат (әл-бид’а) және оның түрлері туралы


Әбу Бәкрдің кезінде сахабалар Құранды (тұтас кітапқа) жинағандығы



бет7/8
Дата10.12.2016
өлшемі1,65 Mb.
#3617
1   2   3   4   5   6   7   8

4. Әбу Бәкрдің кезінде сахабалар Құранды (тұтас кітапқа) жинағандығы

Исламда жақсы бидғат бар дейтіндер Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кейін Әбу Бәкрдің кезінде сахабалар Құранды біртұтас күйінде жинады дегенді дәлел етіп келтіреді.

Аллаһтың қалауымен, бұған жауап өте оңай:

Біріншіден, Құранды сахабалар Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде-ақ жаза бастаған, әрі бұл туралы Құранның өзінде де айтылады: «Тазартылған нұсқаларды оқитын Аллаһ тарапынан жіберілген бір елші» («әл-Бәйина» сүресі, 2-аят).

Яғни Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Құранды жүрегінен оқыған, әрі ол нұсқаларға (шиыршық қағаздарға) да жазылған болатын. Қараңыз: “Тәфсир әл-Бәғауи” 8/495.

Әбу Са’ид әл-Һудриден (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Менің атымнан Құраннан басқа еш нәрсе жазбаңдар. Ал кім менің атымнан Құраннан басқа бір нәрсе жазған болса, өшіріп тастасын!» Муслим 3004.

Бұл хадисте Құранды жазып алу Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде-ақ басталғанына нұсқау бар.

Ал хадистерді жазуға келер болсақ, алғашында Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандар пайғамбарлық миссиясының басында Құран аяттары мен хадистерді шатастырып алмау үшін, хадистерді жазуға тыйым салған болатын, бірақ кейін хадис жазуға да рұқсат берді. ‘Абдуллаһ ибн ‘Амр (Аллаһ оған разы болсын) былай деген: “Мен Аллаһ Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) естіген барлық нәрсемді жаттап алу үшін оларды жазып жүрдім. Бірақ құрайыштықтар маған бұлай істеуге тыйым салып: «Сен шынымен де барлығын жазып жүрсің бе? Аллаһ Елшісі қарапайым адам ғой. Ол кейде ашуланған күйінде сөйлейді, ал кейде риза болып сөз айтады», - деді. Сонда мен жазуды тоқтаттым да, кейін болған жайтты Аллаһ Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтып бердім. Ол саусағымен өз аузын көрсетті де: «Жаза бер! Жаным Қолында болғанмен ант етейін, мынадан ақиқаттан басқа еш нәрсе шықпайды!», - деді”. Ахмад 2/62, Әбу Дәуд 3646, әд-Дәрими 1/125. Сенімді хадис. Қараңыз: “әс-Силсила әс-сахиха” 1532.

Екіншіден, Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көзі тірісінде аяттар оқтын-оқтын түсіп тұратын, әрі олардың кейбіреулері басқаларының күшін жоятын, аяттардың орналасу орындары мен тәртібі де ауысып тұратын. Сол себепті Құранды біртұтас күйінде жинау мүмкін болмады. Алайда Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болған соң мұндай өзгерістер болуы мүмкін емес еді, демек, Құранды біртұтас күйінде жинамауға да еш себеп қалмады.

Үшіншіден, Құранды біртұтас күйінде жинау «Шын мәнінде, оны жинау, оқу Бізге міндет» («әл-Қийяма» сүресі, 17-аят), - деп айтқан Аллаһ Тағаланың о бастағы уәдесі еді.

Төртіншіден, Құранды біртұтас етіп жинау бүкіл сахабалардың бірауызды келісілген пікірі еді, өйткені Әбу Бәкр (Аллаһ оған разы болсын) бұған қатысты басқа сахабалармен ақылдасып, содан соң олар бұл істі Зәйд ибн Сәбитке тапсырды. Ал имам әш-Шәтыби былай деді: «Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары Құранды бір мусхафқа жинау керек екеніне бірауызды келісті». Қараңыз: “әл-И’тисам” 3/12.

Ал Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Расында, Аллаһ Тағала Мұхаммедтің үмметін толығымен адасу үстінде жинамайды!» Ахмад 5/145, Ибн Мәжаһ 3950, әл-Хаким 1/115. Хадистің сенімділігін хафиз әс-Суюты мен шейх әл-Әлбани растады.

Мұның үстіне, сахабалар Құран Кәрімді біртұтас етіп жинауды Исламдағы маңызы зор оқиға болған игі іс деп есептеген! ‘Али ибн Әбу Талиб (Аллаһ оған разы болсын) былай деген: «Құран кітапты таратуда ең көп сауап алатын Әбу Бәкр. Аллаһ Тағала Әбу Бәкрді рахымына бөлесін! Ол Аллаһтың Кітабын ең бірінші болып жинаған кісі». Әбу Дәуд “әл-Мәсахиф”. Хафиз Ибн Хәжар иснадын жақсы деді. Қараңыз: “Фәтхул-Бәри” 9/17.

5. Сахабалардың оған дейін ешқандай нұсқауы болмаған, бірақ кейіннен (шариғатта) заңдастырылған іске айналған белгілі бір құлшылық рәсімін жасауы

Исламда «жақсы» бидғат бар дейтіндер өздерін ақтау үшін кейбір сахабалардың Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде осыған дейін шариғатта нұсқауы болмаған, бірақ кейіннен Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларды құптаған белгілі бір құлшылық түрлерін жасағандығын жиі келтіреді.

Мәселен, олар Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен ол Хубайб әл-Әнсариді (Аллаһ оған разы болсын) мүшриктер тұтқынға түсіріп, оны өлім жазасына кескені туралы баяндаған хадисін келтіреді. Хубайб өз өлімі алдында намаз оқып алуға рұқсат сұрайды. Әбу Һурайра бұл туралы былай дейді: “Сөйтіп Хубайб әрбір мұсылман үшін өлім жазасының алдында екі ракағат намаз оқуды бастап берген ең ағашқы кісі болды”. Әл-Бухари 3045, 4086.

Олар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осыған дейін мұндай амалды жасамағанын әрі ол туралы айтпағанын, алайда бұл істің бастамасын Хубайб жасағанын, бірақ соған қарамастан Әбу Һурайра әрбір мұсылман үшін бұл әрекетті заңды деп атағанын келтіреді.

Немесе олар Біләлдің (Аллаһ оған разы болсын) әрбір дәрет алып болғаннан кейін екі ракағат намаз оқығанын немесе сол сияқты мысалдарды келтіреді.

Аллаһтың мейірімімен, бұған жауап оп-оңай:

Мұндай әрекеттер немесе сахабалардың сөздері Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құптауына, не айыптауына тікелей байланысты екенін білу керек. Сахабалардың мұндай әрекеттері Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде әрі дін тамамдалмағанға дейін істелген. Сондай-ақ Хубайбтің немесе Біләлдің әрекеттері тек Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларды құптағаннан кейін ғана Исламда заңды етіп бекітілгенін білу қажет! Жоғарыда айтып өткеніміздей, Сүннет дегеніміз – Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтқаны, өзі істегені және өзгелерге істе деп бұйырғаны әрі оның жанында істеліп жатқан әрекеттерді және Құран уахи етіліп жатқан уақытта істелген әрекеттерді үнсіз құптап, тыйым салмағаны.

Имам әл-Қасталани «Шарх "Сахих" әл-Бухари» кітабында бұл жөнінде былай деген: «Расында, Хубайбтің іс-әрекеті шариғатты (Аллаһтың бұйрығымен) бекітуге құқықты болған Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде жасалғандықтан әрі ол осы іс-әреткетті құптағандықтан Исламда заңдастырылды!» Қараңыз: “Иршад әс-сари” 5/165.

Тура сол сияқты, Біләлдің әрекетін де Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құптады. Бурайда (Аллаһ оған разы болсын) былай деп баяндаған: “Бір күні таңертең Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Біләлді шақырып келуді бұйырды да, ол келген соң: «Әй, Біләл! Сен Жәннатқа не нәрсеңмен менен озып (кірдің)?! Мен Жәннатқа қашан кірсем де, онда сенің аяғыңның дауысын естимін», - деді. Біләл: “Уа, Аллаһтың елшісі, мен азан айтқан соң әрдайым екі ракағат намаз оқитынмын және дәретім бұзылған кезде үнемі дереу дәрет алатынмын әрі Аллаһ үшін екі ракағат намаз оқуым қажет деп ойлайтынмын”, - деп жауап берді. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Осы екі себепті!», - деді”. Ахмад 21962, әт-Тирмизи 3689. Хадистің сенімділігін имам Әбу ‘Иса әт-Тирмизи мен шейх әл-Әлбани растады.

Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Хубайбтің, Біләлдің немесе басқа бір сахабаның әрекетін құптады, ал, мәселен, ол ‘Усман ибн Мә‘зунның үйленбей, елден оңашаланып тұруды қалаған әрекетін пірадарлық (монахтық) өмір-салты деп атап, құптамады. Сондай-ақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) біреуі: «Түні бойы ұйықтамай, намаз оқимын», - деген, басқасы: «Үнемі ораза ұстаймын», - деген, ал үшіншісі: «Аллаһқа құлшылық етуден көңілім аумауы үшін, ешқашан үйленбеймін», - деген үш сахабаның да сөздерін құптамады. Сол үшеуінің сөзі Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мәлім болған кезде, ол оларға: «Аллаһпен ант етемін, мен сендерден гөрі Аллаһтан көбірек қорқамын, әрі сендерге қарағанда Одан көбірек үрейленемін! Бірақ мен кейбір күндері ораза ұстаймын, ал басқаларында мұны істемеймін, мен түнде намаз да оқимын, ұйықтаймын да, сондай-ақ мен әйелдермен некелесемін. Ал кім менің Сүннетіме ілесуді қаламаса, ол менен емес!», - деді. Әл-Бухари 5063.

Сондықтан біз Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалардың кей сөздері мен істерін құптағанын, ал кейбіреулерін сөгіп, қайтарғанын аңғарамыз. Ол қабылдаған нәрсені біз де қабылдаймыз, ал ол қабылдамаған нәрсені біз де қабылдамаймыз. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болғаннан соң сахабалардың істеген кейбір әрекеттері немесе сөздеріне келер болсақ, онда егер басқа сахабалар осыған келісіп, олардың ешқайсысы мұны айыптамаған болса, мұндайдың да заңды күші бар болады.

Хафиз Ибн Кәсир былай деп айтқан: «Адамдардың сөздері мен істері Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздері және істерімен салыстырылады, әрі оның сөздері мен істеріне сәйкес келетіндері – қабылданады, ал онымен сәйкес келмейтіндері, олар кімге тиісті болса да, жоққа шығарылады». Қараңыз: “Тәфсир Ибн Кәсир” 3/415.

Белгілі бір сахаба құлшылық мәселесінде ижтиһад жасап, бірақ онымен басқа сахабалар келіспегені туралы айтар болсақ, олардың еш күші жоқ. Бұған мысал ретінде Әнастің (Аллаһ оған разы болсын) мына сөздерін келтіруге болады: “Бір күні бұршақ жауа бастады. Әбу Талха (Аллаһ оған разы болсын) ораза ұстағанына қарамастан оны жей бастады. Одан: «Ораза ұстаған болсаң да, мұны жеп жатырсың ба?», - деп сұрағанда, ол: «Шынында, бұл береке!», - деп жауап берді”. Әл-Бәззар № 1022. Иснадының сенімділігін имам Ибн Хазм мен шейх әл-Әлбани растады.

Бұл сахабаның ісі болғанына қарамастан, мұсылман үмметі бірауыздан оны кері қайтарып, қабылдамайды. Имам Ибн Хазм былай деген: “Қателіктердің қатарына Әбу Талханың (Аллаһ оған разы болсын) ораза кезінде бұршақ жеп: «Бұл тағам да емес, сусын да емес!», - дегені жатады”. Қараңыз: «әл-Мухалла» 6/257.

Хафиз Ибн Ражаб «Шарх ‘Иләл әт-Тирмизи» (1/12) кітабында осы асарды ғалымдар бірауыздан кері қайтарған және істерде оны басшылыққа алмаған хабарлардың қатарында атаған.

Шейх әл-Әлбани былай деген: “Осы хабар «Менің сахабаларым жұлдыздар тәрізді, қайсыбірінің ізінен ерсеңдер де, тура жолда боласыңдар» деген хадистің өтірік екеніне дәлел болатындардан! Өйткені егер бұл хадис сенімді болғанда, онда Әбу Талхаға еріп, Рамазан кезіндегі оразада бұршақ жеген кісі оразасын бұзбаған болар еді. Ал мұндайды бүгінгі күні бірде-бір мұсылман айтпайтынына мен сенімдімін!” Қараңыз: «әс-Силсила әд-да’ифа» 1/154.

Егер сахабалардың Пайғабар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тарапынан немесе үмметтің бірауызды келісімен құпталмаған әрекеттері дін мәселесіндегі қандай да бір іске дәлел болмайтын болса, онда осы үмметтің ең жақсы адамдары болған сахабаларға қатысы жоқ біреулердің сөздері не істері қалайша дінде жақсы болмақ?!

6. Кейбір имамдардың Исламда жақсы бидғат бар деген сыңайлы сөздері


Сонымен қатар бидғатшылар имамдардың жақсы бидғат бар деген сыңайлы кейбір сөздерін дәйек ретінде келтіреді. Осындай сөздердің қатарына имам әш-Шәфи’идің былай деп айтқаны жатады: “Бидғат (бид’а) екі түрлі болады: мақтаулы және даттаулы. Сүннетке сай келгені – мақтаулы, ал Сүннетке қайшы келгені – даттаулы!” Әбу Ну’айм “әл-Хилья” 9/113.

Осындай хабарлар әш-Шәфи’иден имам әл-Бәйһақидің «Мәнақиб әш-Шәфи’и» 1/469 кітабында келтірілген.

Біріншіден, осы ұлы имамға ол жақсы бидғат бар деп айтты дегенді таңбас бұрын, аталмыш хабардың сенімділігіне көз жеткізу қажет.

Әбу Ну’айм келтірген осы хабардың иснадында ‘Абдуллаһ ибн Мухаммад әл-‘Аташи есімді жеткізуші, ал әл-Бәйһақи келтірген нұсқасында Мухаммад ибн Муса әл-Фәдл деген есімді жеткізуші бар. Осы екі жеткізуші де белгісіз (мәжһул) болып табылады, имамдар олардың өмірбаяндары туралы еш нәрсе айтпаған. Қараңыз: «әл-‘Илм усул әл-бида’» 121.

Ал кім осы жеткізушілерді сенімді дейтін болса, ол бұл туралы имамдардың сөзін келтірсін!

Екіншіден, ғалымдардың сөздері өздігінен Исламда дәлел болып есептелмейді, бұл жөнінде ғалымдар арасында еш келіспеушілік жоқ! Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деген: “Даулы мәселеде белгілі бір адамның сөзін дәлел ретінде қолдануға ешбір адамға рұқсат етілмейді! Шын мәнінде, тек Құран мен Сүннет мәтіні, бірауызды келісім (әл-ижма’) және осыдан алынатын дәйектер ғана дәлел болып табылады, кейбір ғалымдардың сөзі емес! Ақиқатында, ғалымдардың сөздері шариғи дәлелдермен бекітілуі тиіс, ал шариғи дәлелдер олардың сөздерімен бекітілуге міндетті емес! Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 26/202.

Үшіншіден, имам әш-Шәфи’иден сенімді түрде оның мынадай сөздері жеткізіледі: “Егер кез-келген мәселеде менің айтқан сөздерім мен Аллаһ елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сенімділігі бекітілген түрде жеткен хабардың арасында сәйкессіздік табылса, онда мен өзімнің айтқандарымнан бас тартамын, мейлі ол менің тірі кезімде болсын, мейлі мен қайтыс болғаннан кейін болсын” Әбу Ну’айм 9/107, әл-Харауи 1/47.

Төртіншіден, тіпті егер жақсы бидғат бар дейтіндердің келтірген имам әш-Шәфи’идің сөзін шүбәсіз сенімді деп есептер болсақ та, бұл сөздерде олардың пікіріне ешқандай дәлел жоқ! Өйткені: “Бидғат (бид’а) екі түрлі болады: мақтаулы және даттаулы. Сүннетке сай келгені – мақтаулы, ал Сүннетке қайшы келгені – даттаулы!”, – деп айтылған ғой. Әбу Ну’айм “әл-Хилья” 9/113.

Еш күдіксіз, Сүннетке сай келетін нәрсе даттаулы болуы мүмкін емес, ал ол мұны бидғат деп тілдік мағынада айтып тұр, мұны ‘Умар: «Мынау неткен керемет бидғат», - деп айтқанындай. Егер діндегі кез-келген нәрсе Сүннетке сәйкес келсе әрі өз бастауын Сүннеттен алса, ол мақтаулы болып табылады, тіпті егер біреу оны тілдік тұрғыдан жақсы бидғат деп атаса да. Алайда Сүннетке сай келмейтін нәрсенің барлығын әш-Шәфи’и осы сөздерінде даттаулы бидғат деп атайды. Хафиз Ибн Ражаб имам әш-Шәфи’идің осы сөздерінің мәнін түсіндіріп былай дейді: “Әш-Шәфи’идің (Аллаһ оған разы болсын) сөзінің мағынасы біз ол туралы жоғарыда айтып кеткендей. Өз негізінде бидғаттар даттаулы, әрі шариғатта негізі жоқ нәрсе бидғат болып табылады! Ал Сүннетке сай келетін, яғни Сүннетте негізі бар мақтаулы бидғатқа келер болсақ, онда бұл жерде бидғат сөзі шариғи мағынада емес, тілдік мағынада қолданылып тұр, өйткені оның негізі бар”. Қараңыз: “Жәми’ул-‘улюми уәл-хикам” 267.

Ендеше, әш-Шәфи’идің бұл сөздерінің қай жері олар үшін дәлел болмақ?!

Сонымен қатар Исламда жақсы бидғат бар дейтіндер имам әл-‘Изз ибн ‘Абду-с-Сәләмнің бидғаттар жақсы, міндетті, даттаулы, тыйым салынған деп бөлгені туралы сөздерін келтіреді.

Әл-‘Изздің бүйтіп бөлуіне жауап имам әш-Шәфи’идің жоғарыда келтірілген сөздеріне жауап бергендей болады. Ол да «жақсы бидғат» сөзімен оның тілдік мағынасын, сондай-ақ шариғатта тікелей нұсқауы жоқ болса да, пайдаға қол жеткізу үшін қажетті «әл-мәсалих әл-мурсалә» деп аталатын құралдарды меңзеп тұр. Бұған мысал ретінде хадис жинақтарын, хадис жеткізушілер туралы кітаптарды құрастыру, Құран тәпсірін жазу және т.б. с.с нәрселерді келтіруге болады.

Мұны түсіну үшін әл-‘Изздің міндетті бидғаттардың түрлерін түсіндірген мына сөздерін келтіру жеткілікті болады: «Бірінші, ол арқылы Аллаһ пен Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сөздері түсінілетін грамматиканы оқып-үйренумен айналысу. Бұл міндетті болып табылады, өйткені шариғатты сақтау - міндет. Ал грамматиканы оқып-үйренбейінше мұны сақтау мүмкін емес. Ал онсыз міндетті нәрсеге қол жеткізу мүмкін болмайтын нәрсе де міндетті болады». Қараңыз: “Қауа’ид әл-әхкам” 2/173.

Содан соң әл-‘Изз Сүннетте сирек кездесетін сөздерді, фиқһ негіздерін, хадис жеткізушілеріне қатысты жәрх пен тә’дил мәселелерін зерттеуді т..с.с. нәрселерді мысал ретінде келтіреді.

Осыдан кейін имам әл-‘Изздің жақсы немесе міндетті бидғат деген сөздері түсінікті болған шығар?! Егер имам әл-‘Изз діндегі бидғаттың кез-келген түрін қатал түрде даттайтындардың қатарынан болса, басқаша қалай болуы мүмкін?!

Мысалы, ол: “Егер кімде-кім Аллаһ үшін ізгі амал істеп және бұл істің сауабы тірілердің немесе өлілердің біреуіне ауысқанын қаласа, ол сауап оған жетпейді, өйткені «Адам баласы өз еңбегіне қарай ғана табысқа жетеді» (ән-Нәжм сүресі, 39-аят) – делінген. Егер шариғат құптаған белгілі бір амал өлі адам үшін деп ниет етіліп істелсе, ол өліге сауап болып тимейді, тек шариғат өзі ерекшелеген нәрселерінен басқа, мысалы садақа беру, ораза және қажылық сияқты” – деген. Қараңыз “Фәтауа әл-‘Изз” 2/24.

Имам әл-‘Изз тағы былай деген: “Шындығында, шариғат еш себепсіз арнайы сәжде етуді Аллаһқа жақындататын әрекет деп бекіткен жоқ. Аллаһқа жақындаудың өз себептері, шарттары, кезеңдері, тіректері бар, әрі оларсыз әлгі іс қабыл болмайды! Қажылық уақыты емес кезде ‘Арафа тауында тұрып, Муздалифада болып, бағанаға кішкентай тастарды лақтырып, Сафа және Маруа арасында жүгіріп, Аллаһқа жақындай алмайтының сияқты, арнайы сәжделер арқылы да Аллаһқа жақындай алмайсың!” Қараңыз: “Фәтауа әл-‘Изз” 1/7.

Имам әл-‘Изз тағы да былай деген: “Кім Сүннетті қаласа, оған еш нәрсені қоспасын, өйткені бүкіл жақсылық Елшінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ізінен еруде!” Қараңыз: “Фәтауа әл-‘Изз” 1/80.

Имам әл-‘Изз тағы да: “Бидғат енгізгенше, сәләфтарға ерген жақсы!” – деген. Қараңыз: “Фәтауа әл-‘Изз” 1/173.

Міне, осы себепті имам әш-Шәтыби бидғатты бүйтіп бөлгені үшін әл-‘Иззді ақтап алған, бірақ әл-‘Изздің шәкірті әл-Қарафиді бидғатты тікелей мағынасында бөлгені үшін қатты сынға алып, оған қарсы жауап жазған. Имам әш-Шәтыби былай деген: “Қарафидің бөлгені – шариғи дәлелі жоқ ойдан шығарылған нәрсе!” Содан соң ол бұл бұлайша бөлуді, оның түрлерін айтып, әл-‘Иззді ақтап, соңында былай деп қорытындылайды: “Әл-Қарафиге келер болсақ, ол ақтауға лайық емес, өйткені ол өз шейхының (әл-‘Изз) және жұрттың айтқанынан айырықша сөз айтып, бидғатты осылайша бөлу арқылы барлығына қарсы шықты. Сөйтіп ол бірауызды келісімге (ижма’) қайшы келді!” Қараңыз: “әл-И’тисам” 1/152-153.

Осылайша, өз бидғаттарын ақтау үшін дінде жақсы бидғат бар дейтіндер өтіріктерін жасыру мақсатында имам әл-‘Изз бен басқа да ғалымдардың сөздерін бүркеніш етіп, олардың тұспалдап айтқан сөздерін өздерінше түсінеді.

Ал егер негізі әһлю-Суннадан болған имамдардың бірі шариғи мағынасында бидғатты жақсы және жаман деп бөлген болса, бұл анық қателік және біз Аллаһтан ол ғалымды кешіруін сұраймыз. Себебі, кісі ғалым болу үшін еш нәрседе қате жібермеу керек деген шарт жоқ қой! Имам әз-Зәһаби былай деген: “Ғалым (‘алим) болу үшін қате жібермеу керек деген шарт жоқ!” Қараңыз: “әс-Сияр” 4/173.

Шейхул-Ислам Ибн Тәймия: “Әуелгілер мен кейінгілердің қатарындағы көптеген мужтаһидтер бидғатқа жататын сөздер айтқан не істер істеген. Олардың өйтулерінің себебі: әлсіз хадистерді сенімді хадис деп есептегендіктен, немесе аяттың шынайы мағынасына сай тәпсірлемегендіктен, немесе өзі пайымдаған қате пікіріне байланысты Құран мен Сүннеттің мәтіні жетпегендіктен. Егер кісі Раббысынан өз мүмкіндігінше қорықса, ол Аллаһ Тағала айтқан мына кісілердің қатарына кіреді: «Раббымыз, егер ұмытсақ не жаңылсақ бізді жазалай көрме!» Ал хадисте (Аллаһ Тағала былай деген): «Мен оны кешірдім!», - делінген”. Қараңыз: “Мә’ариж әл-усул” 43.

Шейхул-Ислам Ибн Тәймия тағы былай деген: “Кісі шыншыл болуы үшін оның барлық сөздері, барлық істері Сүннетке сай келуі міндетті емес, әйтпесе ол пайғамбар сияқты болып кетер еді!” Қараңыз: “әл-Иқтида” 2/106.


Каталог: data
data -> Шындалиева М. Б
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> Шығыс Қазақстан облысының Семей аймағында 2013 жылы аталып өтілетін және еске алынатын
data -> Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхана
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Қазақ очеркі
data -> «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхана
data -> «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхана


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет